Теңге ілу – бозбалалар мен жігіттердің атпен ойнайтын ойыны. Көбіне қыз ұзатылатын және сүндет тойларының думанында ойналады. Жігіттің атқа мықтылығы, ат үстіндегі самдағай әрекеті, денесін игеріп, билеп алған ептілігі сынға салынады.
Халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов: «Біздің халқымыздың өмір кешкен ұзақ жылдарында өздері қызықтаған алуан өнері бар ғой. Ойын деген менің түсінуімше көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағыналары болған», – деп айтқан. Салт-дәстүрдің аясында қалыптасқан көптеген ұлттық ойындардың астары дінімізден бастау алғанын толық аңғартады. Біз олардың мазмұнын меңгеріп, дін мен дәстүр аясында заманға сай дамытқанымыз жөн.
Аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ежелгі заманнан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш шабатын жауынгерге қажетті қасиеттерді қалыптастырған.
Күрес – қазақ халқының ерте кезден қалыптасқан спорт ойындарының бірі. Басқа халықтардың ұлттық күрес түрлерімен салыстырғанда қазақша күрестің өзіндік ерекшеліктері көп.
Кеңес дәуіріне дейін қазақша күрес негізінен әдет-ғұрыпқа байланысты және еңбек процестерінде жеткен жетістіктерін дәріптейтін жиын-тойларда өткізілді. Бұрын қазақша күрес «Күш атасын танымайды» деген түсінікпен салмағына, дәрежесіне, жасына қарамай өткізіле берген. Тіпті, ағасы мен інісі күресіп қалатын кезі де болған. Сондай-ақ, күрестің белгілі бір жүйеге түскен белдесу ережесі де болмаған. Күреске түскендер үлкен-кішілігіне қарамай, қайсысы күшті болса, сол жеңіске жеткен. Жиын-тойларда ғана күш сынасып қоймай, кім жеңеді деп егеске түскен екі балуан кездескен жерде ат үстінен түсе қалып, белдесе кететін болған. Ел ішінде атағы жайылған Қажымұқан, Балуан Шолақ, Битабар т.б. осындай алып балуандар болды.
Қазан төңкерісіне дейін ас беру, қыз ұзату, күзем алу, наурыз сияқты жиын-тойларда белдесу күресі өтетін жерлерге текемет төселіп, балуандар күресуге шыққанда, аяқтарына мәсі киіп немесе жалаң аяқ шыққан. Үстеріне тізеден төмен түсетін шапан киіп, беліне екі-үш қабат белбеу байлаған.
Төреші күресуге шыққан балуандарды қолдарын айқастыра ұстап белдестіреді. Бұл белдесуді қазақтар «қоян-қолтық ұстасу» деп атайды. Белдесу барысында, ереже бойынша, қолды белбеуден босатуға болмайды.
Белдесу барысында жеңіске жеткен балуан орнында қалады. Егер ол өзімен белдесуге шыққан жаңа балуанмен күресуден бас тартып, басқамен күресемін десе, онда оған рұқсат етіледі. Бірақ соңында жеңімпаз аталатын балуан біреу ғана. Оның барлық кездесуде де жауырыны жерге тимеуі керек.
Белдесу барысында қарсыластардың біреуі жығылып, жауырыны жерге тисе, қарсыласы оның басынан аттап кетсе, ол жеңілген болып есептеледі. Егер де, қарсыластың біреуі әдіс қолданғанда, екіншісі оған қарсы әрекет жасап, екеуі бірдей құлап түссе, онда бұл белдесу «итжығыс» (ешқайсысы жықпаған) деп атала- ды. Мұндайда, төреші оларды қайта күрестіреді.
Күрес адамның бұлшық еттерін қатайтып, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, тез ойланып, тез әдіс таба білуге машықтандырады. Қазақша күрес – күш жетілдіретін спорт, қорғанудың ұлттық өнері.
Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады, мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқ басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін қолдануға болады. Палуандар кілем үстінде; арнаулы жазық жерде, тегістегі қар үстінде белдесіп күресе береді. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды. Күрес күресуші бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады.
Міне, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде айтылатын күш-қуат, біліктілікті, ептілікті шыңдайтын спорт түрлерін ата-бабаларымыз ұлттық негізге сай дамытып, ғасырлар көшінде сүннетті берік ұстанған.
Ұлттық ойындар қатарындағы аламан бәйге, жамбы ату, аударыспақ, теңге алу, асық, білектесу (қол күрес) тағы да басқа ойындарымыз адам денсаулығын жақсартумен қатар, арадағы бауырмашылықты артты- ратын қасиеттерге ие.
Сахаба Әбу Һурайра жеткізген хадисте хазрет пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы мәселеге байланысты:
(арабшасы керек)
«Екеуінде де өз қайыры болса да, қуатты мүмін Аллаға, әлсіз мүміннен жақынырақ және сүйіктірек», – деген (Имам Мүслім).
Аталмыш күрес түрлеріне қатысты, әйгілі ғалымдарымыздың бірі ибн Абидин былай дейді: «Күрес бидғатқа жатпайды, өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әл-Асуад әл-Жумаһи және Руканамен күреске түскен. Ол кезде, Рукана Алла елшісіне егер пайғамбар жеңсе, Исламды қабылдайтынын айтып шарт қойған. Сонда Алланың пайғамбары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны үш рет қатарынан жерге жыққан». Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Руканамен күрескенін айғақтайтын әңгіменің толық нұсқасы мынадай. Меккелік бір адам ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Арабиядағы атақты жауырынын жерге тигізбеген палуан Руканаға барып, оны Исламға шақыруға ұсыныс жасайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұсынысты қабыл алып, Рукананы көруге барады.
Рукана есіктің алдына жақындағанда, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан куәлік сөздерін айтуын, яғни Алладан басқа Тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Оның елшісі екеніне куәлік етуін сұрайды. Рукана бойы өзінен аласа әрі дене бітімі де екі есе кіші Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарап, мысқылдай күледі де, лезде келісе кетеді. Алайда бір шартты орындаса ғана, яғни Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзімен күресіп, білек сынасуға келіссе ғана, ұсынысын қабыл алатынын айтады. Егер Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеңіске жетсе (Рукана мүлдем мүмкін емес нәрсе деп білді), онда ол Ислам дінін қабылдайды, ал егер өзі жеңсе, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) райынан бас тарту керек болды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның бұл ұсынысына келісті, күрес 3 күннен кейінге белгіленеді.
Меккеліктер Рукананы қолпаштап, қолдаумен болды. Соған қарамастан Әбу Бәкір (р.а.) көздері жасқа толы жыларман күйде жүріп Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жағында болды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Бәкірден көз жасын төгуінің себебін сұрайды. Сонда Әбу Бәкір пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жауырыны жерге тиіп, жеңілгенін көруге шыдай алмайтындығын айтады. Себебі, сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соңғы үш күннің ішінде нәр де тартпаған болатын, ал Рукана болса, қарны тоқ, аузы астан босамайтын алып еді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Руканаға күш берген Жалғыз Иеміз, жеңісті де Беруші – Алла қазір менімен бірге», – деп жауап қайтарады.
Рукана мен Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) белгіленген жерде кездескен кезде, Рукана Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұрын-соңды күресіп көрген-көрмегендігін сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған ешкіммен күресіп көрмегенін айтады. Рукана жекпе-жектің ережелерімен таныстырады: жеңімпазды анықтау үшін біріншісі қарсыласына шабуыл жасаса, екіншісі сәйкесінше қорғануы керектігін және кейін керісінше болатындығын айтады.
Рукана Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарсы шабуылды бірінші болып бастағысы келмес пе екен деп сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұсыныстан бас тартып, өзінің адамзатқа рақым ретінде жіберілгенін және өз үмбетінің ішіндегі адамдарға қол көтеріп, қарсы шабуыл жасаған адам ретінде есте қалғысы келмейтіндігін айтады.
Сөйтіп Рукана Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бас салып, шабуыл жасайды, ал ол болса Рукананы өте епті түрде әрі өте ақырын көтеріп алып, кеудесіне дейін жақын ұстап, кейін оны жерге түсіреді, дәл бір баласына қамқорлық, жанашырлық танытқан анасындай. Рукана орнынан лезде атып тұрып, келесі шайқастың басталуын сұрайды. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіседі. Екіншісінде, тіпті үшінші ретте де пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәл соны қайталайды.
Бұған дейін бірде-бір рет жеңіліп көрмеген, болған жайттардың бәріне сене алмай таңқалған Рукана орнынан атып тұрып, былай дейді: «Мен Алладан баска Тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Оның елшісі екендігіне куәлік етемін», – дейді.
Кей риуаятта Рукана Исламды Мекке алынғаннан кейін қабылдады деп айтылады (әл-Хәким, Әбу Дәуіт, Әт-Термези). Барлық халық бұл көрініске қатты таң қалып, көңілдері қалып, қамыққан күйі тарасады. Оның ең жақын достары келіп: «Ей, Рукана! Сен қалай Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алланың елшісі екеніне куәлік еттің? Ол сені дуалап алды ма?» – деп сұрайды. Сонда Рукана шөлдің қақ ортасында, күннің мынадай аптап ыстығында Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны көтеріп алып, кеудесіне тақаған сайын жүрегінің салқындығын сезгенін айтады. Сондай-ақ, әдетте палуан қарсыласын көтеріп алған соң оны жерге алып ұруы керек еді дейді.
Рукана өзін көтеріп алған Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол күшіне, байыппен жерге түсіргендегі махаббаты мен рақымына куә болған еді. Әрине, Алланың шынайы елшісі ғана (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осылай істеуге қабілетті.
Міне, Пайғамбарымыздың (оған Алланың сала- уаты мен сәлемі болсын) осындай күресін түсінген халқымыз күресті сүннет деп бағалаған. Және соған орай өз ережелерін қалыптастырған. Тіпті «Күш – атасын танымас» деген нақыл айтқан.