Жеті ата – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б. жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. Бұлардан тараған ұрпақтар бір атаның балалары саналады. Ал екінші жағынан баладан тарайтын ұрпақ әкеден төмен қарай жалғаса береді. Далалық дәстүр бойынша ағайындықтары жеті атаға толмай жақын-жуықтар бір-бірінен қыз алыспайды. Ататек атаулары: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене. Бұдан әрі туыстық атаулар: жүрежат, туажат, жұрағат, жат жұрағат, жегжат, жамағайын болып кете береді.
Немере – ер адамның баласынан тараған ұл мен қыз. Ағайынды кісінің балалары туыстық жақындығы жағынан немере аға, немере іні, немере қарындас, сол сияқты ағайынды кісінің қыздары да немере апа, немере сіңлі болып аталады. Шөбере – атадан санағанда немереден өрбіген ұрпақ. Қазақ қоғамында Шөбере немереден таралған ұл-қыздардан құралады. Шөпшек – атадан тараған төртінші ұрпақ. Немере мен шөбереден туғандар туыстық жағынан қашықтай бастайды. Шөпшекті кейбір жерлерде туажат деп те атайды. Немене – қазақ қоғамындағы жеті ата жүйесі бойынша таратылатын жетінші ұрпақ. Жүрежат – алыс туысқандықты білдіретін атау, яғни туажаттан туған бала. Жүрежат – адамның өзінен санағанда жетінші буыннан қосылатын туысы. Қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрпы бойынша Жүрежаттың балалары бір-бірімен қыз алысып, құдандалы бола алады. Туажат – дәстүрлі қазақ қоғамындағы туыстық атау, немененің баласы. Туажат адамның өзінен бастап санағанда алтыншы буын. Ол туыстық қатынас жағынан бір атаның баласы саналғанымен, одан кейінгі ұрпақтардың іргесі бөлініп, туыстық қарым-қатынасы алшақтай бастайды. Жұрағат – алыс туыстықты білдіретін ұғым. Жеті атасынан туысқандар үлкені кішісін Жұрағат дейді. Әдетте, бір рудан тараған адамдар да бірін бірі Жұрағат дей береді. Жекжат, жамағайын, жамағат – бір-біріне құдандалық, т.б. жақындығы бар адамдар. Жегжат атауы қандас туыстарға қатысты қолданылмайды. Жекжат – туыстығы жоқ, бірақ құданың құдасы, нағашының бөлесі, жиеннің балдызы сияқты туыстық қатысы бар адамдар арасындағы жақындықты білдіретін атау. Олар құда, нағашы, жиен сияқты туыстық, жақындық құқықтарды талап ете алмайды.