Репозиция – бұл сынған сүйектің ығысқан ұштарын сәйкестендіріп түзету (түйістіру, қалпына келтіру) болып табылады. Репозиция ашық (қанды) және жабық болуы мүмкін. Ол бір мезетті түзету және көп мезгілді (ұзаққа созылған, біртіндеп түзету) болып бөлінеді. Аяқ-қолдың жаңадан пайда болған сынықтарын, ортан жіліктің сынығын есептемегенде, бір мезетте репозиция жасауға болады. Біртіндеп түзету ескірген сынықтарда және ортан жіліктің сынықтарында қолданылады.
Бір мезетті түзетуді қолмен немесе әртүрлі аспаптарды пайдаланып орындауға болады. Біртіндеп түзету қаңқалық тарту арқылы немесе компрессионды-дистракционды аспаптардың көмегімен жүзеге асырылады. Бұл әдістердің негізгі мақсаты – тарту арқылы проксимальді сынықтың білігінің бойымен бұлшықеттерді созып босаңсыту және қарсы тарту болып табылады. Сынған сүйек ұштарының арасы тартылып ашылады да, олардың ығысуы жойылып, сынықтың шеткі (перифериялық) ұшы орталық ұшына сәйкестендіріліп орнықтырылады. Сынық ұштарының дәлме-дәл (тура) орнығуы сынықтың тез бітісіп, қызметінің толық қалпына келуіне ықпал етеді.
Фиксация – емдеудің екінші қадамы. Оның міндеті – тұтасып біткенге дейін, сүйектің сынған ұштарын дұрыс қалыпта ұстап бекітіп тұру болып табылады. Ол негізгі үш әдіспен жүзеге асырылады: гипс таңғышын салу, қаңқалық тарту (созу) және остеосинтез жасау.
Сынықтарды гипс таңғышымен емдеу жеке-дара тәсіл ретінде кең қолданылады, сонымен қатар металлоостеосинтез және қаңқалық тарту кезінде қосымша әдіс ретінде жүргізіледі.
Гипс – бұл кальций сульфаты – өте ұсақ ұнтақ, сумен араластырғанда ботқа тәрізді масса пайда болады және бірнеше минутта қатып қалады. Гипс таңғышын салу үшін, алдымен гипсті дәке орағыштарын дайындап алады. Оны дәке орағыштарына гипс ұнтағын сеуіп жағу арқылы жүзеге асырады. Гипсті қолданар алдында, оның жарамдылығын тексеріп алады. Сақтау кезінде ол дымқылданып, жарамсыз болып қалуы мүмкін, сондықтан оны алдын-ала қыздырып, електен өткізіп алу керек.
Гипс таңғышын салғанда мынадай ережелерді сақтау керек:
1. Аяқ-қолды функциональді қолайлы жағдайда бекіту керек, яғни антагонистік бұлшықеттердің топтары тұрақтанған жағдайда ғана салынуы тиіс.
2. Әрқашан, аз дегенде сынықтың айналасындағы екі буынды бекіту қажет.
3. Ая-қолдың саусақтарының ұштары ашық қалуы тиіс.
4. Сүйектің шығыңқы жерлеріне төсегіш (мақта) қою керек;
5. Таңғыш тіндерді қыспай салынуы тиіс.
6. Таңғышты салған уақытты және шешіп алынатын күнді белгілеп қою керек.
Гипс таңғыштарының түрлері: лонгетті, циркулярлы, лонгетті-циркулярлы, терезелік және көпір тәрізді. Санға, жамбас-сан буынына салынатын гипс таңғыштары арнайы ортопедиялық үстелде орындалады.
Гипстеу тәсілі: Гипсті дәке орағышын температурасы 200С суы бар ыдысқа салып, 1,5-2 минут барлық ауа көпіршіктері шыққанша дейін батырып тұрады. Сосын дәке орағышын судан алып, ақырын сығады. Дәкені ұзына бойы ашып, жақсылап түзулейді. Қолға иммобилизация жасау үшін 3-4 қабатты лонгета, аяққа – 6-8 қабатты лонгета қолданылады. Гипс қатқанша, оны мүшенің пішініне сай етіп орналастырады. Гипстелген аяқ-қолды клеенка жастығына қояды.
Науқасты таңғыш салынғаннан кейін, 25-30 минуттан соң, гипс қатқан кезде тасымалдауға болады. Иммобилизацияланған науқасқа үнемі бақылау жүргізу қажет. Ауыру сезімі, аяқ-қолдың керіліп қысылу сезімі, саусақтарының түсінің өзгеруі және ісінуі, иммобилизацияланған аяқ-қолдың көгеруі, сезімталдықтың бұзылуы дәрігерге таңғыштың дұрыс емес салынғандығын білдіреді. Осындай жағдайда таңғышты бөлшектеп немесе толық кесіп, шеттерін ашу керек. Ісіну жылдам дамыса, таңғышты тез арада шешіп алу қажет. Таңғыштың астында жергілікті ауыру сезімінің пайда болуы ойылудың (ойықтың) дамуының белгісі болып табылады.
Сынық тұтасып біткеннен кейін, гипс таңғышын алып тастайды. Ол үшін арнайы қайшыларды қолданады.
Жарқыншақты, ұнтақталып бөлшектенген жабық және ашық сынықтарда, сонымен қатар жұмсақ тіндердің аумақты зақымдалуымен, күйікпен немесе ерте іріңдеумен қабаттасқан және ескірген сынықтарда аспаптармен ошақтан тыс бекіту немесе қаңқалық тарту әдістері қолданылады. Әртүрлі металлды құрылымдарды пайдаланып, хирургиялық әдіспен көлденең және оған жақын, қиғаш және бұралмалы ортан жіліктің, асықты жіліктің және білек сүйектерінің ығысқан сынықтарын бекітеді.
Достарыңызбен бөлісу: |