XIII тарау. ЖАРАҚАТТЫҚ ЗАҚЫМДАЛУЛАРДЫҢ ДИАГНОСТИКАСЫ МЕН ЕМІ
ЖҰМСАҚ ТІНДЕРДІҢ ЖАРАҚАТТЫҚ ЗАҚЫМДАЛУЛАРЫНЫҢ ДИАГНОСТИКАСЫ МЕН ЕМІ
Жұмсақ тіндердің жабық зақымдары: соғылу, шайқалу, қысылу, созылу, жыртылу.
Жабық жарақат – тері мен шырышты қабықтардың бүтіндігінің бұзылуынсыз болатын, ағза мен тіндердің зақымдалуы. Оған соғылу, созылу, жыртылу, шайқалу және қысылу жатады.
Соғылу (contusio)
Механикалық әсерден пайда болатын, анатомиясы өзгермеген, тіндер мен ағзалардың жабық зақымын соғылу деп атайды. Ол соққының немесе құлаудың әсерінен болады. Соғылудың патоморфологиясы алуан түрлі: реактивті қабынуды, экссудация мен лейкоциттердің шоғырлануын тудыратын қан құйылу байқалады. Уақыт өткен сайын, қанның сұйық бөлімі, кейін фибрин ұйымалары сорылады. Эритроциттердің жартысы лимфа түйінінде сіңірілсе, жартысы сол жерде ыдырайды. Гемоглобин жұмсақ тіндерге еніп, оларды әртүрлі түске бояйды. Гематома сіңірілгеннен кейін, дәнекер тін дамиды, сөйтіп тыртық пайда болады. Гематома қуысына инфекция түсуі мүмкін. Бұлшықеттегі қан құйылудың орнында пайда болған тыртық әктенсе, оссифицирленген миозит дамиды.
Соғылудың клиникалық белгілері: ауыру сезімі, домбығу, қан құйылу, қызметінің бұзылуы. Қан құйылу жарақаттан кейін, 2-3 күні күшейеді және орнынды көк дақ (көгеру) пайда болады. Уақыт өте қан бөлшектеніп сорылады, гемоглобин айналасындағы тіндермен әсерлесіп, қан құйылу орнының түсі өзгереді. Ол көкшіл-қызғылт, жасыл, сары түсті болуы мүмкін. Көбінесе аяқ-қолдың қызметі бұзылады: буын қозғалысы шектеледі; контрактура мен анкилоз дамиды. Инфекция түскен жағдайда немесе гематоманың сорылу кезеңінде дене қызуы 38°С дейін көтерілуі мүмкін.
Шайқалу (commotio)
Морфологиялық өзгерістері айқын емес, қызметінің бұзылуымен сипатталатын тіндер мен ағзалардың жабық механикалық зақымын шайқалу деп атайды. Ол жыртылу толқынының әсерінен, биіктіктен құлағанда пайда болуы мүмкін. Патоморфологиясы: шайқалу кезінде ұсақ тамырлардың тарылуы, содан кейін салдануы байқалады; тамырларда қанның тоқырауы, ұсақ ошақты қан құйылулар және өліеттенген тіндердің ошақтары анықталады. Шайқалуда болатын бұзылыстар ұзаққа созылмайды және өзінен кейін айқын, тұрақты өзгерістер қалдырмайды.
Шайқалудың жалпы клиникалық көрінісі шокқа ұқсайды. Бұл кезде науқаста АҚ төмендеуі, басының ауыруы, басының айналуы, жалпы әлсіздік, адинамия, салдану, неврит белгілері, сүйек және буындардың ауыруы, көру мен есту сезімдерінің төмендеуі, ұйқысының бұзылуы, ас-қорыту жолдарының дисфункциясы, ЭКГ өзгерістері байқалады. Егер тыныс алу мен тамыр орталықтарының рефлекторлы салдануы болса, адам өлуі мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |