ЭЛЕКТРОЖАРАҚАТ
Электрожарақат – электр тоғының әсерінен пайда болатын патологиялық үрдіс. Бүкіл жарақаттардың 2,5% құрайды. Өлімнің деңгейі – 20%. Электрожарақаттың ерекше бір түрі – атмосфералық тоқтан, яғни найзағайдан болатын жарақат. Көбінесе, адамдар найзағай кезінде электрлі жабдықтардың, жұмыс істеп тұрған телевизордың, радио қабылдағыштың қасында тұрғанда немесе телефонмен сөйлескенде жарақат алады. Жарақаттанғандардың терісінде найзағай белгілері анықталады, ол ағаштың бұтақтарындай жайылған, ашық-қызғылт және қызыл түсті жолақтар болып табылады. Бұл белгілер дене бөлігіне найзағай әсер еткен жердегі капиллярлардың кеңеюімен сипатталады. Электр тоғы адам денесіне кіріп, басқа аймақтан шығады, оны тоқ шеңбері деп атайды. Төменгі шеңбер – бір аяқтан екінші аяққа өтетін, онша қауіпті емес, ал жоғарғы шеңбер – бір қолдан екінші қолға, оған қарағанда қауіптірек болады. Ең қауіптісі, ол толық шеңбер болып табылады – екі аяқ пен екі қолды қамтиды.
Электрожарақаттың патогенезі:
1. Нерв жүйесі арқылы рефлекторлы әсер етуі, ол тыныс алу және қан айналым бұзылыстарына әкеліп соғады.
2. Адам денесіне термиялық, электрохимиялық және электродинамикалық факторлардың тікелей әсер етуі.
Жарақаттанған адам жүрек қарыншаларының фибрилляциясынан, тыныс алу орталығының салдануынан, шоктан және дауыс байламдарының тарылуынан өліп кетуі мүмкін.
Электрожарақаттың ауырлығының 4 дәрежесін ажыратады:
І дәрежеде – науқас есін жоғалтпайды, бұлшықеттері құрысып жиырылады.
ІІ дәрежеде – науқас есін жоғалтады, бұлшықеттері құрысып жиырылады.
ІІІ дәрежеде – науқас есін жоғалтады, бұлшықеттері құрысып жиырылады және жүрек пен өкпенің қызметтері бұзылады.
IV дәрежеде – клиникалық өлімнің белгілері байқалады.
Жеңіл дәрежесінде (І-ІІ) пайда болған өзгерістер 1-2 аптада жойылады. Ауыр дәрежесінде жүрек-қан тамыр жүйесінде тұрақты өзгерістер дамиды, кейде миокардтың инфаркты болуы мүмкін.
Тідердегі жергілікті өзгерістер электрокүйік белгілерімен сипатталады. Олар электр энергиясының жылу энергиясына ауысуының нәтижесінде болатын, тоқ кірген және шыққан жерлерде байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |