Қысылу (compressio)
Егер зақымдаушы фактор ұзақ және баяу әсер етсе, қысылуға алып келеді. Терінің сыртқы анатомиялық бүтіндігі көзге көрінерліктей бұзылмағанымен, жұмсақ тіндер, нервтер мен қан тамырлары қатты зақымдалады, әсіресе бұлшықеттер. Қысылған бұлшықеттер әртүрлі дистрофиялық үрдістерге, тіпті өліеттенуге ұшырайды. Тамырлар қысылып, онда тромбтар түзілуі мүмкін. Қысылудың салдарынан терең ишемия, үдемелі интоксикация, тіндердің ісінуі дамиды.
Дененің үлкен аумақты қысылулары спецификалық белгілердің кешенімен ерекшеленеді – «ұзақ қысылу синдромы».
Соғылу мен қысылудың емі: анальгетиктерді тағайындау; тіндерге қан құйылуды шектеу; науқасты тыныштандыру; зақымдалған аяқ-қолдарды иммобилизациялау; жергілікті мұз қою немесе хлорэтилмен салқындату. Жарақаттан кейін 2-3 күннен соң, ауыру сезімі мен ісіну тоқтаса, сіңдіретін дәрілер тағайындалады, жергілікті – ыстық басу, ультражоғары жиілік (УВЧ), массаж қолданылады. Егер гематома үлкен болса, оған пункция жасалады немесе тіліп ашып, дренаж қойылады.
Шайқалудың негізгі емі науқасқа тыныштық беру және функциональді бұзылыстардың алдын-алу болып табылады. Жалпы шайқалуда шокқа қарсы ем жүргізіледі.
Созылу (distorsio)
Созылу – тарту күшінің әсерінен болатын, тіндердің анатомиялық бүтіндігінің бұзылыстарын шақырмайтын механикалық зақымдалу. Созылулар сирақ-асық, тізе және иық буын байламдарында жиі кездеседі. Ол буындарда тез және бірден қозғалудың салдарынан дамиды. Буын байламдарының созылуында кездесетін ауыру сезімі тез қайтады. Зақымдалған жерде домбығу, қан құйылу, ісіну, ауыру сезімі пайда болады. Буынның қызметі онша бұзылмайды. Диагнозды клинико-рентгенологиялық зерттеу кезінде буынның басқа патологиясы байқалмаған жағдайда қояды.
Жыртылу (ruptura)
Тері асты шелмайының жыртылуы қан құйылумен бірге жүреді. Шандырдың жыртылуын пальпация арқылы бұлшықеттер босаңсығанда анықтауға болады. Ол қиғаш немесе көлденең жарық болып білінеді. Бұлшықетті тырыстырса, ол шандыр жарығы арқылы домбығып шығып тұрады, жұмсақ және серпімді ісік ретінде анықталады, басқаша оны «бұлшықет жарығы» деп атайды. Бұлшықеттердің жыртылуы толық және толық емес болуы мүмкін. Көбінесе қатаю және күшті жиырылу жағдайындағы бұлшықеттер жыртылады: санның төртбасты бұлшықеті, іштің тік бұлшықеті (артқа қарай құлағанда), балтыр бұлшықеті (жүгіріп келіп секіргенде), екібасты иық бұлшықетінің ұзын басы (ауыр затты көтергенде). Бұлшықет жыртылғанда қатты локальді ауыру сезімі пайда болады, пальпация кезінде жарықты анықтауға болады, ол бұлшықет жиырылғанда үлкейеді.
Сіңірдің жыртылуы сіңірдің бұлшықетке ауысқан жерінде немесе оның сүйекке жабысқан аймағында байқалады. Олар тырысқан бұлшықеттердің қатты созылып кетуінің салдарынан болады. Көбінесе Ахилл сіңірінің өкшеден, санның төрт басты бұлшықеті сіңірінің тізе тобығынан, тізе тобығы байламының асықты жіліктің бұдырынан жұлынуы байқалады. Сіңірдің жыртылуы зақымдалған аймақтағы бұлшықет қызметінің бірден бұзылуына әкеледі.
Менискілердің жыртылуының ішінде тізе буынының ішкі менискісінің үзілуі жиі кездеседі. Ол ішкі байламның жыртылуымен бірге жүреді. Мұндай жарақат бірден анықталмайды. Біраз уақыт өткеннен кейін, буын бөгетінің белгілері пайда болады. Буын қуысында сұйықтық жиналады. Иілу контрактурасы байқалады. Науқастар баспалдақтан түскенде, қозғалудың қиындауына шағымданады. Буынды ұстап көргенде, ауыру сезімі пайда болады. Балтырды бұрағанда ауыру сезімі күшейеді. Сан бұлшықеттері семіп кетеді. Диагнозды нақтылау үшін артропневмография, контрастты рентгенография, артроскопия жасалады.
Тізе буынының сыртқы байламдарының жыртылуы буын кеңістігінің тұсында болады. Оны анықтау үшін, тізені тік ұстап, сирақты сыртқа қарай ығыстырып, қолмен басып көреді. Кейде крест тәрізді байламдардың жыртылуы кездеседі, көбінесе алдыңғы крест тәрізді байлам жыртылады. Бұл кезде балтыр алға қарай тайып кетеді. Артқы крест тәрізді байлам сирек жағдайда жыртылады, онда балтыр артқа қарай тайып шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |