2.Әмір Темір мемлекеті. Темірдің Ақ Орда мен Моғолстан террриториясына шапқыншылық жорықтары, оның зардаптары. Дәріс мақсаты: Әмір Темірдіңжорықтарына талдау жасау.
Тақырыпқа арналған сұрақтар: 1. Темір мемлекетінің құрылуы.
2. Темірдің шапқыншылық жорықтары.
Тақырыптың қысқаша мазмұны (тезистер): Мауренахрдың батыс бөлігінде Әмір Темірдің мемлекеті қалыптасты (1336-1405 жж). Ол 1370 жылы бұл аймақта өз билігін нығайтып, 35 жыл бойы билік етеді. Әмір Темір өз империясын нығайту мақсатында Ақ Орда мен моғолстанға шабуыл жасап, алтын ордаға да қауіп төндіреді. 70-80 жылдары осы мемлекеттерге қарсы онға жуық шабуылдар ұйымдастырады. Тоқтамыспен бірігіп әрекет етудің нәтижесінде Ақ Орданы, кейін Алтын Орданы иеленеді. Бірақ Тоқтамыс Темірдің билігінен құтылу үшін бағынбаушылық білдіреді. Нәтижесінде, Темірдің 1395 жылғы жорығынан кейін тақтан алынады.
Әмір Темірдің жалпы Орта Азияны біріктіруі 18 жылға созылды. 1360-1370 жылдардағы тақ таластары шайқалтқанымен, әлі де құдіретті болып тұрған Алтын Ордамен Әмір Темір билікке ұмтылысы кезінде бетпе-бет келді. Бірақ онымен соғыспас бұрын Әмір Темір өзінің солтүстігі мен шығыстандағы ең жақын көршілері – Ақ Орда мен Моғолстанды нысанаға алады. Ол бұл істе өзіне Ақ Ордадан қашып келген Тоқтамысты пайдалануға ұмтылып, оны әскермен жасақтап, 1374-1376 жылдарда үш рет Ақ Ордаға аттандырады. Темір Мәліктің 10 мыңдық әскерін 1376 жылы Сығанақ түбінде талқандағаннан кейін Сауранда Тоқтамысты таққа отырғызып, оны Дешті Қыпшақтың билеушісі деп жариялады.
Бірақ 1377 жылы Темір Мәлік көп әскермен келіп, Сауранның түбінде Тоқтамыс әскерін талқандады. Әмір Темір Тоқтамысты өзінің әскербасыларымен бірге Ақ Ордаға тағы да аттандырды. Ол Ақ Орданың басты қаласы – Сығанақты басып алды.
1371 жылы Әмір Темір Моғолстанға әскер аттандырады, ол бұл жолы Алмалыққа дейін жетеді. Мұның артынша Әмір Темірдің өзі бастап жорыққа шығып, Ыстықкөл өңіріне дейін келіп, көптеген тұтқын мен олжа түсіріп қайтады.
1375 жылы Әмір Темір әскері Моғолстанға тағы да жорыққа аттанып, Шарын өзені шатқалында Қамар әд-Динмен шайқасты. Қамар әд-Дин жеңілгеннен кейін Әмір Темір әскері моғолдарды Іле өзеніне дейін қуып, Самарқанға олжамен оралды.
Әмір Темір Моғолстанға 1372 жылдан 1390 жылға дейін он шақты рет жорық жасады. Ақ Орда мен Моғолстан билеушілері Әмір Темірге жеке-дара қарсы тұра алмайтындарын біліп, 1380 жылы одақ құруға әрекет жасайды. Алайда бұл одақтан еш нәтиже шықпады. 1390 жылдардағы жорықтардан кейін Моғолстан Темірге толық тәуелді болды.
Бұдан кейін Қамар әд-Дин Алтын Ордадағы билікті қолына алған Тоқтамыспен және Ақ Орда билеушілерімен Темірге қарсы одақ құрды.
Әмір Темір 1389 жылы Моғолстанға және 1390-1391 жылдары Ақ Орда мен Алтын Ордаға жорықтар жасады.
Әмір Темір Алтын Орданы басып алудан бұрын Ақ Орданы әлсіретуді көздеді. Тоқтамысты пайдаланып, оған әскер беріп, Ақ Ордадағы билікті алуға аттандырады. Ақ Орда хандары жеңіліс тапқан соң Әмір Темір Тоқтамысты Сауранда таққа отырғызды. 1380 жылдан бастап Тоқтамыс Алтын Орданың көптеген жерлерін – Сарайды, Қажы Тарханды, Қырымды, Мамай Ордасын басып алады. Тоқтамыс енді Алтын Орда мен Ақ Орданың бұрынғы қуатын қайта қалпына келтіруді ойлап, Әмір Темірге тәуелділіктен бас тартады. Алтын Орда Темір мен Тоқтамыс арасындағы ұрыс алаңына айналады.
Моғолстанды талап-тонап, оның билеушілерін қуып шыққан Әмір Темір Дешті Қыпшақтағы Тоқтамысқа бет бұрды. 1391 жылы Әмір Темір 200 мың әскермен Тоқтамысқа қарсы жорыққа аттанды. Жайық өзенінен өтіп, 18 маусымда Тоқтамыс әскерімен Құндызша деген жерде шайқасқа түсіп, оны тас-талқан етіп жеңді. Самарқанға қайтар жолда Ақ Орда ұлыстарын талап-тонады.
Әмір Темір Тоқтамысқа қарсы жорығын 1395 жылы жалғастырып, Cолтүстік Кавказда, Терек өзені аңғарында оның әскерімен шайқасқа түсті. Жеңілген Тоқтамысты Әмір Темір әскері Елекке дейін қуып, ары қарай Алтын Орда қалаларын ойрандады. Алтын Орданың Еділдегі астанасы Сарай Беркені, Еділ бойы мен Қырымдағы ірі қалалар – Астрахан, Каффа, Азақ тағы басқаларын қиратады. Бұл соққы Алтын Орданың саяси құлдырауы мен ыдырауын тездетті.
Әмір Темірдің шабуылдары Алтын Орда экономикасына ұзақ жылдар бойы оңалмастай нұсқан келтірді. Әмір Темір жорықтарының Қазақстан үшін, ондағы өмір сүрген ру-тайпалар үшін адам айтқысыз ауыр зардаптары болды. Қолға түскендер құлдыққа айдалып, Орта Азия қалаларындағы базарларда сатылды. Өртелген қалалардың күлі ғана қалды.
Халық қырғынға ұшырады, шаруашылық күйреді. Ауа көшу, қоныс аудару күшейді, халық болып қалыптасу жүйесі бұзылды. Бұл қазақ жерінің экономикасының, мәдениетінің дамуына зардабын тигізді.
Әмір Темір қайтыс болар алдында Қытайды жаулау үшін Самарқаннан көп әскермен шығады. Шараф ад-дин Әли Йаздидің «Зафарнама» жазбасында былай делінеді: «Сейхун жағасынан аттанған Әмір Темір сәрсенбі, яғни 12 раджап күні Отырардағы Бәйдібек сарайына тоқтайды. Әмірдің ыстығы қатты көтеріледі. Қалтырап отырып өз күналары үшін Құдайдан кешірім сұрап, орнын сауапты істермен толтыруға уәде етеді. Бірақ науқасы күшейе түседі. Аурудың дәріден күшті екенін сезген соң өлімге дайындалып, өсиет сөзін айтты».
Ал Мұхаммад Фадлаллах Мусеви жылнамасында былай делінеді: «Әмір Темірде шарапқа құмарлық пайда болды, үш күн сонымен уақыт өткізді, тағы үш күн арақ ішті, тамақтан нәр татпады. Ақыры ішкі ыстық оның ішкі денсаулығына әсер етті, айналасындағылар бұл арақ ішкеннен болған ауру деп түсіндірді. Ол тағы бір жұтым арақ алдыртты». Әмір Темір 1405 жылы Отырар қаласында қайтыс болды.
Жалпы Әмір Темір XIV ғасырдың 90 жылдары 27 мемлекетті жаулаған қолбасшы болды. Иран, Ирак, Ауғанстан, Үндістан, Кіші Азия, Еділ бойы, Орта Азияны қамтитын империя құрды. Кейбір тарихшылардың айтуы бойынша Әмір Темір сауатсыз болғанымен өнерді, көркем әдебиетті жан-тәнімен сүйген. Жымиюды білмейтін суық жүзді, сұсты адам болған, сөйте тұра әзіл-қалжыңды, шешендікті жоғары бағалаған. Өз кезеңінде ислам дінін барынша қолдап, мешіт, медреселер салдырған.
Темірдің империясының құрамына Мауренахр, Түркістан, Хорезм, Иран, Ирак, Ауғаныстан, Закавказье, Үндістанның бір бөлігі енген. 1404-1405 жж. қысында Қазақстан территориясы арқылы Қытайға жорық жасамақшы болады, бірақ 1405 жылдың ақпанында Отырарда қайтыс болады.