Yessenov forum «ЖАҢа мағыналар»



Pdf көрінісі
бет2/255
Дата11.04.2022
өлшемі7,85 Mb.
#30604
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   255
 

 


10 

 

ҰҒА АКАДЕМИГІ САЛЫҚ ЗИМАНҰЛЫ ЗИМАНОВТЫҢ 100 



ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ 

ҰЛТТЫҚ ЗАҢ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ЗАҢҒАРЫ 

 

Жаулин К.М. 

Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті

Ақтау қ., Қазақстан 

 

Ұлт  тарихында  әр  кезеңнің  айтулы 



тұлғалары,  ел  үшін  еңбек  сіңіріп,  бар  саналы 

ғұмырын  мемлекет  пен  ұлттың  ісіне  арнаған 

қайраткерлері  болады.  ХХ  ғасырдағы  ұлттық 

заң  ғылымын  дамыту  мен  тәуелсіз  қазақ 

мемлекетін  қалыптастыру  ісінің  алдыңғы 

сапында  болған  сондай  санаулы  қайраткер 

тұлғалардың бірі – Салық Зиманұлы Зиманов.  

Салық Зиманұлы Зиманов – аса көрнекті 

қоғам және мемлекет қайраткері, заңгер ғалым. 

Заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан 

Республикасы  Ұлттық  Ғылым  Академиясының  академигі.  Қазақстанға  еңбегі  сіңген 

ғылым  қайраткері,  Қазақстан  Республикасы  мемлекеттік  сыйлығының  (2002),  ҚР 

Тұңғыш  Президентінің  мемлекеттік  бейбітшіліқ  және  рухани  келісім  сыйлығының 

(1993) иегері, «Парасат» орденімен (2002), екі мәрте «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» 

ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.  

Салық Зиманұлы 1921  жылы қазіргі Атырау қаласында дүниеге келген. Екінші 

дүниежүзілік  соғысқа  бастан-аяқ  қатысып,  қатардағы  жауынгерден  полк  командиріне 

дейінгі  әскери  лауазымда  қызмет  етіп,  қан  майданнан  жеңіспен  оралды.  1944-1945 

жылдары дивизия командирі, артиллериялық полк командирі болып, әскери қызметтен 

полковник  шенімен  босаған.  Бүкілодақтық  құқық  институтын  бітіріп  (1948),  заң 

ғылымдарының  кандидаты  ғылыми  дәрежесі  үшін  кандидаттық  диссертация  қорғады. 

1946-1947 жылдары Гурьев облыстық прокуратурасында тергеуші,  аға тергеуші, 1947-

1948 жылдары Қазақ КСР Прокуротурасы жанындағы ереешк маңызды істер жөніндегі 

тергеуші қызметін атқарады. 1948-1952 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясы құқық 

секторының аспиранты, аға ғылыми қызметкері, сектор меңгерушісі болды. 1952-1958 

жылдары  Алматы  мемлекеттік  заң  институтының  директоры,  Қазақ  мемлекеттік 

университетінің  заң  факультетінің  деканы,  1958-1969  жылдары  Қазақстан  Ғылым 

Академиясы Философия және құқық институтының директоры, 1969-1976 жылдары осы 

институттың  бөлім  меңгерушісі,  құрметті  директоры,  1976-1977  жылдары  Қазақстан 

Ғылым  Академиясы  Төралқасының  бас  ғалым-хатшысы  қызметтерін  атқарған.  1995 

жылдан  Қазақ  академиялық  университетінің  ректоры,  1999  жылдан  Қазақстан 

Республикасы  Ұлттық  Ғылым  академиясы  Төралқасының  мүшесі  болды.  1990-1995 

жылдары Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланып, Жоғары 

Кеңес  ТөралқасыныңСыртқы  қарым-қатынастар  мен  парламентаралық  байланыстар 

комитетінің мүшесі, Ардагерлер мен мүгедектер жөніндегі комитет төрағасы болды. 

С.З.Зимановтың «Бөкей Ордасының қоғамдық-саяси құрылысы» тақырыбындағы 

кандидаттық (1950), «ХVІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы 

Қазақстанның қоғамдық-саяси құрылысы» тақырыбындағы докторлық диссертациялары 

ұлттық заң ғылымына қосылған қомақты үлес болды. Ол заң ғылымдарының докторы 



11 

 

дәрежесін иеленген алғашқы қазақ болса,  қазақтың заң саласы ғалымдарының ішінде 



алғаш академик атанды.  

Салық  Зиманұлы  шын  мәнінде  отандық  заң  ғылымының  патриархы  болатын, 

оның қаламынан 300-дің үстінде ғылыми мақала, мемлекет пен заң тарихы саласынан 17 

монография  жазылса,  оның  12-сін  жеке  өзі  жазып,  қалғандары  телавторлықта 

жарияланды.  Ғалымның  биік  беделі  отандық  қана  емес,  шетелдік  әріптестерінің 

арасында  да  жоғары  болды.  Оның  заң  ғылымы  саласындағы  беделіне  30-дың  үстінде 

ғылым кандидаты мен 15 ғылым докторын дайындағаны да дәлел бола алады.  

«Салық Зиманов надандық пен жемқорлықпен күресте мәңгі лаулайтын от секілді 

ерекше жаратылыс иесі еді. Оның адами даналығы жоғары болатын, ол бірқалыпты өмір 

салтын  ұстанып,  терең  парасатымен,  тазалығымен,  адалдығымен,  шынайылығымен, 

адамсүйгіштігімен  ерекшеленетін.  Терең  білім  иесі  бола  тұра,  ол  керемет 

қарапайымдылығын  ешқашан  да  өзгерткен  емес»,  –  деп  жазды  ол  туралы  әріптесі, 

профессор Х.Әлжанов. 

С.Зиманов  –  ұлтқа  қызмет  етудің  ерен  үлгісін  көрсеткен  тұлға.  Ол  нағыз 

зиялылықтың өкілі еді. ХХ ғасырдағы қазақ зиялылары – алаш арыстарының азаматтық, 

мемлекетшілдік,  патриоттық  идеяларын империя  құрамындағы  кеңестік  кезеңде  жібін 

селдіретпей  ұстап,  Тәуелсіздік  жылдарында  лайықты  жалғастырған  отаншыл, 

мемлекетшіл буынның өкілі болды.  

C.Зимановтың  «Қазақтардың  19  ғ-дың  1-жартысындағы  қоғамдық  құрылысы» 

(1958),  «Қазақстанның  18  ғасырдың  соңы  мен  19-дың  алғашқы  жартысындағы  саяси 

құрылысы»  (1960),  «Шоқан  Уәлихановтың  саяси  көзқарастары»  (1965),  «Бұқара  мен 

Хиуадағы азаттық идеясынан кеңестік мемлекеттілікке» (1976), «Ұлттық мемлекеттілік 

пен  ұлттардың  жақындасуы»  (1983),  «Кеңестік  ұлттық-мемлекеттік  құрылыстың 

теориялық  мәселелері»  (1987),  «Қазақстан  Республикасының  Конституциясы  мен 

Парламенті»  (1996)  еңбектерінің  құқық  тарихи  мен  мемлекеттік  құрылыс  бойынша 

теориялық маңызы зор.  

С.Зимановтың ғылыми зерттеулері, негізінен, мемлекет және құқық тарихы мен 

теориясына,  Қазақстан  мен  Орта  Азия  аймақтарындағы  ұлттық  мемлекеттердің 

қалыптасуы  мен  дамуына,  Қазақстан  Республикасы  Тәуелсіздігінің  құқықтық 

мәселелеріне қатысты көкейтесті мәселелерге арналған. Сол сияқты, Шоқан Уәлиханов

Абай  Құнанбаев  секілді  ұлы  тұлғалардың  саяси,  құқықтық  көзқарастары,  құқық 

теориясы, қазақтың дәстүрлі құқықтық мәдениеті мен шариғат заңдарына байланысты 

да бірнеше еңбектері жарық көрді.  

Ғалым «Абай – ұлы билердің соңғысы және оның бітім-биліктері туралы» деген 

мақаласында  Абайдың  қазақ  тарихындағы  алатын  орнына  жоғары  баға  беріп, 

қазақтардың  әдет-ғұрып  заңдарын  жетілдіруге  қосқан  үлесі  мен  құқықтық  саладағы 

көзқарастарын саралайды. «Абайдың ақындығын билік, шешендік өнерімен ұштастыра 

қарау  міндет.  Сонда  ғана  ұлы  адамның  ұлылығы  биігінен  көрінбек.  Абайдың 

өмірбаянын,  тарихтағы  орнын  оның  би  болып  атқарған  қызметінен  бөліп  қарау 

біржақтылық екені айқын. Солай бола тұрса да, өкінішке орай, бүгінге шейін Абайдың 

биліктері ол туралы зерттеулерден сырт қалып келді. Оның себебі де бар. Қоғамды топқа 

емес, қарсылас тапқа бөліп, тап күресін уағыздаған кеңестік идеологияның үстем болған 

кезеңінде  «би»  дегенді  әшкерелеумен  болдық.  Оның  көшпелі  елдің  өзіндік  мекемесі 

екендігі, ғасырлар бойы ел тарихының арқауы болғанын біле тұра, оны ғылыми тұрғыдан 

зерттеуден  бас  тарттық»,  –  деп  әділ  баға  береді.  Осы  мақаласында  ол  ұлы  Абайдың 

жораға түсуі, биліктері ежелден қалған әдет-ғұрып ережелеріне сүйеніп, заманына сай 

кейбір жаңалық енгізгені туралы кезінде ел арасына кең тараған Абайдың биліктері мен 



12 

 

шешендік  сөздерін  мысалға  келтіріп,  талдау  жасайды.  Олардың  маңызына  кеңінен 



тоқталып өтеді. 

С.Зимановтың  ғылыми  ортада  жоғары  бағаланып,  үлкен  серпіліс  туғызған 

«КСРО-дағы  автономиялау  теориясы  мен  практикасы»  (1998)  атты  зерттеуінде 

коммунистік  алып  держава  КСРО-ның  ыдырауының  себептері  мен  оның  бұрынғы 

автономиялы  аумақтары  негізінде  жаңа  тәуелсіз  мемлекеттердің  құрылуы  нақты 

деректер  мен  тұжырымдарға  сүйене  отырып  дәлелденеді.  Қазақ  халқының  және  Орта 

Азияның  басқа  да  халықтарының  федерациялық  кеңестік  мемлекет  шеңберіндегі 

автономиялықжәне  одақтас  республикалар  мемлекеттігінің  мәселелерін  зерттеді. 

Ғалымның бұл зерттеулеріне одақтас республикалардың азын-аулақ әрі шектеулі, бірақ 

қалай  дегенмен  ұлттық  өзін-өзі  басқарудың  нышандары  сақталған  «ұлттық 

мемлекеттілігін» жетілдірудің мәселелері арқау болған.   

С.Зиманов – қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, әдет құқығын терең зерттеген және 

кейінгі  осы  саладағы  зерттеулерге  соқпақ  салған  ғалым.  Ол  «Қазақтың  әдет-ғұрып 

заңдарына  шариаттың  әсері»  деген  еңбегінде:  «Ежелден  бекіген,  кешегі  күнге  шейін 

жүйесін,  ереже  негіздерін  бұзбай  бізге  жеткен  қазақ  халқының  әдет-ғұрып,  жора-

жолдарын зерттеу, оған тигізген басқа елдердің мәдениет мұраларының әсерін талдау, 

соның ішінде шариат әсерін тұжырымды ашу сол қазақ халқының "ескі ережелерінің" 

құндылығы мен маңыздылығын асыра түседі", – деп тұжырымдайды. 

Ғалым қазақтың әдет құқығының дамуын зерттей келе, әсіресе, билер сотының 

маңызына ерекше  мән  береді. Билер  сотының қазақ қоғамындағы теңдесі  жоқ бірегей 

институт  екенін  айта  келе:  «Бір  жағынан  қоғамдық  құрмет  пен  мәртебенің  шыңында 

тұрған  кезде  «билер  соты»  ұғымы  кез  келген  күрмеулі  істің  ақиқатын  табу  және  сот 

кесімінің  негізі  –  әділдікке  қол  жеткізу  түсінігімен  тең  тұратын.  Ал,  би-қазы  атағы 

аталмыш идеяларды қойылған шарт ретінде емес, өз мінез-құлқының табиғи қағидасы 

ретінде қабылдаған адамға бұйыратын. Мұндай ұғым халық санасында ғана емес, билер 

санасында  да  мығым  орнаған.  Сондай-ақ  билерден  сот  әділдігін  жүзеге  асыру  үшін 

даналық,  шешендік,  өзі  теңдес  бәсекелестермен  тең  дәрежеде  сұхбаттасу,  тарихтағы 

түрлі  әдет-ғұрыптық,  соттық-оқиғалық  нормалардан  хабардар  болу,  хандар  енгізген 

заңдарды білу талап етілген», – деген қорытынды жасайды. 

С.Зиманов  іргелі  ғылыми  зерттеулерінде  қазақтың  құқық  заңдарының, 

жарғыларының, билер соты секілді бірегей институттың маңызын жан-жақты талдайды: 

«Қазақ  құқығы  («жарғы»)  кең  байтақ  қыпшақ  даласында  еркіндік  пен  бостандық 

саясында, көшпенділердің дүниетанымы, өзіндік теңдік, өзін-өзі басқару ұғымдарының 

негізінде қалыптасып, дамыды. Ру ішінде руаралық байланыстарда, сондай-ақ басқару 

қатынастарында шыншылдық, әділдік және адалдық сияқты моральдық құндылықтарды 

тәрбиелеп, бекітуге ерекше көңіл бөлінді», – дей келе, оны әлемдік тарихи маңызы бар 

құқықтық  жүйелер  арасында  өзінің  лайықты  орнын  иемденуге  лайық  деген  түйін 

жасайды. 

Шынында да, кеңестік кезеңде көңіл бөлінбей, ғылыми зерденің назарынан тыс 

қалған көшпелі өркениеттің қазақ халқына ғана тән бірден-бір рухани құндылығы – қара 

қылды  қақ  жарған  билер  билігінің  тарихи  тәжірибесін  зерделеп,  ғылыми  айналымға 

заманәуи  дәрежеде  ұсынуы  ірі  оқиға  болды. Тәуелсіз  жас  мемлекетіміздің  дербестігін 

бекемдеп, құқық жүйесіне негіз боларлық халық мұрасын ұтымды пайдалану жолдарын 

негіздеп,  мәселені  халықаралық  дәрежеге  көтеруі  шет  ел  ғалымдарының  да  назарын 

аударып,  қызығушылығын  танытқаны  –  үлкен  жаңалық  еді.  Бұл  тақырыпқа  арнаған 

еңбектерді  бірнеше  тілге  аударып,  он  томдық  монографиялар  сериясын  шығаруы  – 

ғалымның ұйымдастыруымен жүзеге асқан бірегей ғылыми жоба болатын.  



13 

 

С.3имановтың «Қазақтардың 19 ғасыдың 1-жартысындағы қоғамдық құрылысы», 



«Қазақстанның 18 ғасырдың соңы мен 19-дың алғашқы жартысындағы саяси құрылысы» 

атты  көлемді  монографиялары  қоғамдық  ғылымдар  әлеміне  елеулі  сілкініс  әкелді. 

Оларда өткен екі ғасырда өткен көптеген тұлғалардың есімдері аталып, елге құқықтық 

тұрғыдан қызмет  еткен тұстары баяндалады. Бұрын көп адам біле бермейтін тұлғалар 

мен  оқиғалар,  қазақтың  қоғамдық  өмірі,  қазақ  қоғамының  саяси  құрылысы  мен 

әлеуемттік  өмірі  туралы  көптеген  деректер  қамтылып,  саяси-құқықтық  тұрғыдан 

талданады. Қазақстанның өткен замандардағы қоғамдық, саяси жүйе-бағыттары туралы 

тың  мәліметтер,  ұтымды  да  тұжырымды  ойлар  мен  пікірлер,  тиянақты  деректер  жұрт 

назарына ұсынылады.  

С.Зиманов  –  Тәуелсіз  Қазақстанның  заң  шығару,  құқықтық  қатынастар, 

құқықтық-демографиялық реформалар жүргізу ісінің басында тұрған дара тұлғалардың 

бірі. Ол 1990-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесіне депутат болып 

сайланып,  Жоғары  Кеңес  Төралқасының,  Сыртқы  қарым-қатынастар  мен 

парламентаралық  байланыстар  комитетінің  мүшесі,  Ардагерлер  мен  мүгедектер 

жөніндегі  комитет  төрағасы  болды.  Қазақстанның  халықаралық  қарым-қатынас 

мәселелерін заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, президенттік басқару 

институтын  енгізу,  құқықтық-демократиялық  реформаларды  жүргізу  ісіне  белсене 

араласты.  1992-1993  жылдары  Қазақстан  Республикасы  Президенті  жанындағы 

Консультативтік Кеңестің, мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің мүшесі болды.  

С.Зиманов  қай  кезде  де  ел  мүддесі,  ұлт  тағдыры  жолында  аянбай  еңбек  еткен, 

шешуші сәттерде ақиқаттан аттамай, пікірін тура айтып, дәйекті тұжырымын ұсынатын 

нағыз абыз тұлға болатын. Оның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде, тоқсаныншы 

жылдары империялық лауазым иелерінің қазақ халқының атына айтқан астам пікірлеріне 

тайсалмай қарсы шығып, ұлт абыройын, ел намысын қорғап қалғаны, орынсыз жалаға 

дәйекті  ойларымен,  ойлы  да  кесімді  дәлелдермен  тосқауыл  қойған  ерлік  әрекеттері 

замандастарының есінде.  

Еліміз Тәуелсіздік алған кезеңде жасы жетпіске келген егде жасына қарамастан, 

ширақ  бітімімен  еліміздің  қоғамдық-саяси,  ғылыми  істеріне  белсенділікпен  араласып, 

тәуелсіздікті  заңдық-құқықтық  тұрғыдан  бекемдеу  ісіне  айрақша  үлес  қосты.  Сол 

жылдарғы Тәуелсіз Қазақстанның көптеген жаңа заңдарының қабылдануының басында 

жүрген  азаматтардың  бірі  С.Зиманов  болғанын  тарих  ешқашан  ұмытпайды. 

Қайраткерлік, білімділік, зиялылық қырларымен танылған азамат  еліміздің тарихында 

шешуші  роль  атқарған  «Қазақ  КСР-нің  мемлекеттік  егемендігі  туралы 

Декларациясының»  (25.10.1990)  жобасын  дайындау  жөніндегі  комиссияны  басқарды, 

«Қазақстан  Республикасының  мемлекеттік  тәуелсіздігі  туралы»  Конституциялық 

Заңының» (16.12.1991) жобасын дайындау жөніндегі комиссияның жетекші мүшелерінің 

бірі  болды.  Жоғары  Кеңестегі  Қазақстан  Республикасының  жаңа  Конституциясының 

жобасын әзірлеу жөніндегі Конституциялық комиссияның мүшесі болып, сарапшылар 

тобын басқарды. Ол төрт тілде (қазақ, орыс, түрік, ағылшын) жарық көрген 10 томдық 

«Қазақтың ата заңдары» энциклопедиясына да жетекшілік жасады.  

Салық  Зиманұлының  парламенттегі  жұмысын  тоқтатқаннан  кейін  де 

белсенділікпен еңбек етіп, ғылым жолында қыруар шаруа тындырғаны туралы көрнекті 

әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының докторы, академик Серік Қирабаев былай 

деп  жазады:  «Сәкеңнің  кітаптары  қазақтардың  ұлттық  санасын  оятуға,  олардың 

тәуелсіздік  жолындағы  күреске  белсене  қатысуына  қызмет  етті.  Оның  соңғы 

жылдардағы  мақалалары  тәуелсіздікті  орнықтырудың  жолдары  туралы  ақыл-кеңеске 

толы.  Олардың  ішінде  мемлекеттік  тәртіпті  нығайту,  қарапайым  халықтың  тұрмыс-

тіршілігіне жете көңіл бөлу, коррупцияға қарсы күресті ашық және тұрақты жүргізу, оны 




14 

 

тудырып отырған жағдайларды ашу, ғылымның қазіргі күйі мен оны жақсарту шаралары 



туралы ақыл-кеңестер аз емес. Пікірі ашық, батыл ғалым есебінде оның ойындағысын 

Президенттің атына талай хат жазып жеткізгені де бар. Ол қашан да жаңаны қолдаушы, 

жаңа  идеяны  жақтаушы.  Қоғамдық  дамудың  жетістіктері  мен  олқылықтарын  көріп, 

салыстырып отырады. Бұл жағынан оны Ұлттың жанашыры, оның мұңын мұңдап, жоғын 

түгелдеп отыратын батыры деуге әбден сияды». 

Қазақстанның  халық  жазушысы  К.Салықов  академик  С.Зимановтың  азаматтық 

бітімін былайша тебірене жырлайды: 

Сөз құрауы болса ағынды, желісті, 

Аз уақытта айқындапты көп істі. 

«Шындық қымбат байлықтан да билерге» – 

Деп мығымдап жайды айтар өрісті. 

 

Табу қайда сөзінен бір терісті



Кей жерінде жұртпен ақыл бөлісті. 

Қазақтардың билік сотын әлемге 

Үлгі еткені сөз болды үлкен келісті. 

 

Абыз аға әр шешімі жүйелі, 



Жан толқытты әмбеге арнау тілегі. 

Билер сырын асқақтатса дәріптеп

Қазағым деп соғып тұрды жүрегі... 

Ал  көрнекті  академик  Кенжеғали  Сағадиев  С.Зимановтың  қазақ  тарихындағы 

орны  туралы  былайша  әділ  баға  береді:  «Бүгін  Салық  Зиманов  –  осы  заңгерлер 

қауымының барлығы бас иетін ақсақалы. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би», – 

деген  сияқты,  бүгін  заң,  құқық  реформалары  туралы  аталы  сөзді  Сәкең  айтады,  осы 

саланы басқарып жүрген лауазымы биік азаматтар осы Сәкеңе келіп жүгінеді. Сәкеңнің 

өресі өте биік, іргелі ғылымның озық қайраткері екенін кеше Қазақстан егемендік алып, 

ол  туралы  декларация  қабылдағанда  және  де  дербес  еліміздің  тұңғыш  Ата  заңы 

қабылданғанда  көрдік.  Жалғыз  өзі  осы  егемендігіміздің  іргесін  қалайтын  негізгі 

заңдарымызды құрастырып, шетел тәжірибесін молынан пайдаланып, осы қағидалардың 

дұрыстығын үкіметке де, парламентке де, қала берді бүкіл халыққа да дәлелдеп бергені 

ерлік  емес  пе!  Тек  осы  еңбегі  үшін  Салық  Зиманұлының  есімі  тәуелсіз  Қазақстан 

тарихында мәңгілік қалады және алтын әріппен жазылады». 

Осындай ұлы тұлғаның есімін ұлықтап, мәңгі есте қалдыру шараларының туған 

өлкесі  Атырау  өлкесінен  басталып  жатқаны  қуантады.  Атырау  облыстық  сотының 

төрағасы,  білікті  заңгер  Бауыржан  Тұрсынұлы  Жұмағұловтың  бастамасымен 

С.Зимановтың 100 жылдығы қарсаңында облыс басшылығына Атырау қаласындағы оқу 

орындары  мен  көшелердің  біріне  ғалымның  есімін  беру  туралы  бастама  көтеріліп, 

облыстық мәслихат депутаттарының тарапынан қолдау тапты. Жақында қаладағы №37 

орта мектепке С.Зимановтың есімін беру туралы Қазақстан Үкіметінің қаулысы шықты, 

Атырау  көшелердің  бірінің  де  ғалымның  есімімен  аталатын  күн  де  алыс  емес  деп 

ойлаймыз. Сондай-ақ Атырау қаласының Нұрсая шағын ауданында көрнекті ғалымның 

ескерткіші бой көтермекші (мүсіншісі Б.А.Мұқамбетжанов). «Ұлым дейтін елі болмаса, 

елім  дейтін  ұлы  қайдан  болсын»  демекші,  қайраткер  ағаға  деген  мұндай  ұлықтау 

шаралары алда да жалғаса береді деп ойлаймыз. Шәкіртінің ұстазға деген құрметі болса, 

осындай болсын. 

Біздер С.Зиманов есімін жас кезімізден естіп өстік. Кейін студент кезімізде ағаны 

кейбір  жиналыстарда  көріп,  сөйлеген  сөздерін  естіп,  атағына  тәнті  болып  жүрсек, 




15 

 

аспирант  кезімізде  онымен  жақынырақ  танысудың  сәті  түсті.  Кандидаттық 



диссертациямның  жетекшісі  академик  М.Қозыбаев  арқылы  ағамен  танысып,  кейін 

ағалы-інілі адамдардай араласып кеттік. Салық Зиманұлы қашан да жайдары қарсы алып, 

ақыл-кеңестерін  беріп,  ағалық  қамқорлығын  аяған  жоқ.  Мен  Атырау  облыстық  білім 

басқармасының  басшысы  болып  жүрген  кезімде,  2011  жылы  облыс  әкімінің 

ұсынысымен ағаның Алматыда өткен 90 жылдық мерейтойына қатысып, облыс әкімі мен 

Атырау халқының атынан құттықтап, сый-сияпатын ұсынғанмын. Ағамызбен талай рет 

дәмдес  болып,  ғибратты  әңгімелерін  тыңдадық,  сый-құрметін  көрдік.  Адамгершілік 

кішіпейілдікті,  ғалымдық  адалдықты,  ұстаздық  ұлағатты  ағамыздан  үйрендік.  Заңғар 

тұлғаның өз төрімде отырып, шын көңілімен ақ батасын бергенін қалайша ұмытайын?! 

Жаңа  ғана  баспадан  шыққан  көптомдық  кітабына  қолтаңбасын  жазып,  ақ  тілегімен 

ұсынғаны да күні кеше секілді еді. Енді, міне, жайсаң жан, кемел қайраткер, ұлағатты 

ұстаз туралы естелік айтуға тура келіп отыр.  

ХХ  ғасырдың  басында  азаттық  туын  көтерген  алаштың  ардақтысы,  ұлт  көсемі 

Әлихан  Бөкейханов: 

«Тірі  болсам,  хан  баласында  қазақтың  хақысы  бар  еді,  қазаққа 

қызмет қылмай қоймаймын», 

– деп өзіне уәде беріп, сол жолда мерт болды. Арманына 

жете  алмаса  да,  артында  қыруар  еңбегі,  өшпес  үлгісі  қалды.  Алаш  арысының:  «Елдің 

тұрмысын,  тілін,  мінезін  білмеген  кісі  көш  басын  да  алып  жүре  алмайды»,  «Жұрт 

пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса – қазақ халқы соңынан ерер еді», «Би 

түзу, билік әділ болсын», «Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой», 

«Жұрт әділ болмай, жұрт ісі оңға баспайды», «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен 

емес, мінезден» деген қанатты сөздері бұл күнде дүйім қазақтың жүрегіне жол тауып, 

нағыз елім деген ердің өмірлік бағдарламасындай естіледі. Сол арыстардың өсиетін үлгі 

тұтып,  халыққа  еткен  қызмет  жолын  жалғастырып,  ісімен  де,  сөзімен  де  жас  ұрпаққа 

нағыз елжандылықтың, ұлтты сүюдің өнегісін қалдырып кеткен бірегей тұлғалардың бірі 

Салық Зиманов болды. Туғанына биыл 100 жыл болып отырған Ұлы Тұлғаның еңбектері 

халыққа қызмет етіп, өскелең ұрпаққа өнеге бола бермек! 





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   255




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет