З. Ж. Тасмағамбетова ХІХ ғасырдағЫ Қазақ Әдебиетінің тарихы



Pdf көрінісі
бет20/43
Дата15.02.2023
өлшемі0,86 Mb.
#68100
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   43
 
8 Шоқан Уәлиханов
(1835-1865) 
Қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы-демократ Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов 
отандық ғылым мен әдебиет тарихында үлкен орын алады. Оның қысқа да 
жарқын өмірі мен ғылыми қызметі қазақ халқының көпғасырғы дамуының, 


45 
рухани ізденістерінің тамаша қорытындысы, биік жалғасы болды, қоғамдық ой-
сана, пікір-тұжырым биіктей өркендеуіне ықпал етті. 
1856 жылы Шоқан полковник М.М.Хоментовский басқарған әскери-
ғылыми экспедициға қатысады. Қырғыз елін жете зерттеуге, Ыстықкөл 
аймағының картасын түсіруге тиіс болған бұл экспедицияға қатысу Шоқанның 
ғылыми жұмысын ойдағыдай жүргізуіне мүмкіндік берді. Ыстықкөлге, одан 
ары Қытай империясының Құлжа қаласына саяхатты және 1856-1857 жылдары 
Жетісу, Тянь-Шань сапарларында П.П.Семенов-Тянь-Шанскиймен бірге болуы, 
Қырғыз Алатауына екінші рет баруы нәтижелері оның «Қытай империясының 
батыс өлкесі және Құлжа қаласы» деген зерттеу еңбегі; «Ыстықкөл сапарының 
күнделігі», «Қырғыздар туралы жазбалар», қырғыз эпосы «Манасты» жазып 
алып, біраз тарауын тұңғыш рет орысшаға аударуы, оған тарихи және әдеби 
талдаулар жасауы, Жетісу, Ыстықкөл аймағының фаунасы мен флорасы туралы 
зерттеу жазбалары, ориентологиялық, энтомологиялық коллекциялары, 
гербарийле еді. Сонымен қатар сапарларында қызмет бабына сәйкес Қытай 
мен Рессей қарым-қатынасын да реттескен. 
Шоқан 
Шыңғысұлы Уәлихановтың тарих, география, әдебиет 
саласындағы еңбектері Петербург ғалымдарының да назарына, ылтифатына, 
бағасына ие болып, 20-дан жаңа асқан Шоқан 1857 жылы 27 ақпанда Орыс 
география қоғамының толық мүшесі етіп сайланады. Бұл орыс қоғамы 
зиялыларының, орыс ғылымының жас ғалым еңбектерін зор бағалағандығы, 
ғылым мен мәдениетке қосқан үлесін мойындағандығы еді. 
1861 жылдың көктемінде денсаулығы тым нашарлап кетуіне байланысты 
Шоқан Уәлиханов Петербургтен туған жеріне оралды. Мұнда ол 
творчествалық, ғылыми ой толқындарын өрістете берді, ғылыми еңбектерімен 
шұғылданады, талай ақын-жыршылардан өлең-әңгімелер, аңыз-ертегілер 
жинады, талдаулар жасады, қоғам құрылысына көп көңіл бөлді, үстем тап 
өкіметінің жүгенсіздіктерін, озбырлық-зорлықтарына қарсы күресуді, сөйтіп 
қазақ халқының тіршілік-тынысын жақсартуға көмектесуді, әділеттілікті 
ойлады. Шоқан Уәлиханов Атбасар округының аға сұлтандық қызметіне 
сайлауға қатысып, көпшілік дауыс алғанымен, Сібір әкімшілігі оны аға 
сұлтандыққа бекітпеді, өйткені демократтық бағыттағы озық ойлы ғалым 
билеуші топ үшін, зорлықшылар мен жемқорлар үшін қауіпті де кедергі 
болатын адам деп есептеледі. «Менің сұлтан да болғым келген еді, ондағы 
ойым халқыма қызмет етіп, оларды чиновниктер мен бай қазақтардың қатал 
қысымынан қорғау еді»-деп жазды Шоқан Ф.М.Достоевскийге. 
Ол Омбыға барып, сол кезде Қазақстанда сот реформасын жүргізудің 
жобасы жасалып жатқанда, облыстық басқарманың заң комиссиясының 
жұмысына қатысады, сот реформасы елге тиімді, пайдалы болуды талап етеді. 
Бұл тұста оның «Сот реформасы туралы жазбалар» еңбегінің маңызы да аса 
зор. Онда қазақ қоғамының экономикалық, саяси, рухани жағдайлары және 
қазақ халқының болашақ даму негіздері мен жолдары терең талданды. Шоқан 
Шыңғысұлы Уәлиханов «...Азаматтық жағынан өсіп-өркендеуінде үлкен үміт 
туғызып отырған, орыстарды отандас туысқанымыз деп санап отырған және 
орыс мемлекетінің қарамағына еркімен қосылып отырған миллиондаған 


46 
адамдардың тағыдыры, Шекспирше айтқанда «болу не болмау» деген сияқты 
үзілді-кесілді мәселелерді шешерде көбірек көңіл бөліп, көбірек қамқорлық 
жасауға тұратын іс сияқты», одан әрі Шоқан қазақ елінің дамуы үшін қандай 
шаралар қажет екенін егжей-тегжейлі сөз етеді. 
1864 жылдың көктемінде Шоқан Уәлиханов Оңтүстік Қазақстанды 
Рессейге қосу жөніндегі полковник М.Г. Черняевтің әскери экспедициясына 
шақырылады, Әулие ата қамалын алуға қатысады. Бірақ жергілікті халықтарға 
Черняевтің, оның әскери қызметкерлерінің көрсеткен озбырлығы мен 
қаталдығына наразы болған бір топ офицермен бірге Шоқан 1864 жылы 
армиядан бөлініп, Верныйға (Алматы) келеді.Ол албан руының аға сұлтаны 
Тезек төренің ауылына барып, жергілікті тұрғындарының аңыз-ертегілерін 
жинап, зерттеумен шұғылданады, сол кезде Батыс Қытайдағы қоғамды-саяси 
жағдайдың шиеленісуіне байланысты болған дүнгендер көтерілісіне көңіл 
бөледі. Жұмыс бабымен Қапалға оқта-текте келіп жүрген бір сапарында Шоқан 
Шыңғысұлы Уәлиханов «Русский инвалид» әскери газетіне Құлжадағы жағдай, 
дүнген қозғалыстарына байланысты мақала жіберді, ол мақала осы газеттің 
1865 жылғы 51 санында жарияланды, бұл оның ең соңғы еңбегі еді. 
Шоқан Уәлиханов өзінің қысқа өмірінде қоғамдық ғылымдардың алуан 
саласында- тарихта, шығыстануда, географияда, этнографияда, экононмикада, 
филологияда, 
өнертануда-көптеген 
құнды 
еңбектер 
қалдырды. 
Ол 
Қазақстанның, Орта және Орталық Азияның түрік тілдес халықтарының-
қазақтың, қырғыздың, өзбектің, ұйғырдың, түрікменнің тарихы мен сол кездегі 
жағдайы, тілі мен әдебиетін терең зерттеумен шығыстану ғылымына зор үлес 
қосты. Шоқанның «Қазақтың шежіресі», «Жоңғария очерктері», «Қазақтар 
туралы жазбалар», «Абылай», «Көне замандағы қазақтың қару-жарақ, сауыт 
саймандары», «Даладағы мұсылмандық», «Қазақтағы шаман дінінің 
қалдықтары», «Қазақтың көші-қоны», «Оңтүстік Сібір тайпаларының тарихы 
туралы пікірлер», «Ыстықкөл күнделіктері» тағы басқа еңбектерінде Қазақстан 
мен Орта Азиядағы түрік халықтарының келелі мәселелері кеңінен зерттелді 
және де зерттеулер де, мәселелер қою мен шешуде қазақ ғалымы дұрыс ғылыми 
бағыт ұстағаны кейінгі оқымыстылар зерттеулері арқылы расталды, бүгінгі күні 
де ғылыми мәні сақталды. 
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов-қазақ және қырғыз халықтарының бай 
әдебиет қорын тұңғыш зерттеуші екендігі де ерекше. Қазақ көркем сөз өнерінің 
кейбір үлгілерін ол жас кезінде-ақ білген, оған деген ықылас-қызығуы кадет 
корпусында оқыған жылдары мен қызметтері кезінде арта түскен де, 1850 
жылдардың орта шенінен өмірінің соңғы сәттеріне дейін зерттеумен 
шұғылданған. Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың халықтардың әдеби 
мұраларының үлгілері туралы ой-тұжырымдары бүкіл ғылыми зерттеулерінде, 
еңбектерінде қазақ және қырғыз әдебиеттері туралы арнайы шолғандары: 
«Қазақтың халық поэзиясының үлгілері туралы», «Орта жүз қазақтарының 
аңыз-ертегілері», «ХVІІІ ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар», «Едіге 
мен Тоқтамыс туралы аңыз», «Едіге», «Шона батыр», «Манас» жырын 
тұңғыш зерттеуі және оның «Көкетай ханның асы» деген үлкен бір бөлімін 
орысшаға аударуы т.б. 


47 
Заманында 
дүниежүзілік ғылымға елеулі үлес қосқан Шоқан 
Уәлихановтың әр салалы, терең мазмұнды еңбектері, өзінің асыл тұлғасы мен 
жарқын бейнесі тарихтың әр кезеңінде жоғары бағаланды. Ол туралы 
замандастары жан тебірентерлік жылы лебіздер қалдырды. Шығысты зерттеуші 
әйгілі ғалым Е.И.Ковалевский Шоқанды «Асқан данышпан жас жігіт», 
«Тамаша ғалым», «қазақ халқының ең жақын досы әрі орыстың мемлекеттік 
мүддесін қадір тұтушы» деп атады. «Шоқан қазақ ішінен оқырман қауымын 
тапқан болса, ол өз халқының шын мәнісіндегі асқан данышпаны болар еді»-
дейді Г.Н.Потанин. «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов Шығыс тану әлемінің 
аспанынан құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шықты. Орыс ориенталистері 
бірауыздан оны таңғажайып құбылыс деп қарады, одан түркі халықтарының 
тағдыры туралы аса маңызды ұлы жаңалықтар ашады деп үміт күтіп еді»-деп 
жазды аты әйгілі шығыстанушы ғалым Н.И.Веселовский. Оның редакциясымен
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов шығармаларының жинағы Петербургте 1904 
жылы жарық көрген еді.
Шоқан еңбегін, өмірін зерттеген ғалымдар көп-ақ. Олар Уәлихановтың 
шығармашылығын жай ғана зерттеп қоймай, өз еңбектерін кітап ретінде басып 
шығарған. Бұған дәлел ретінде С.Мұқановтың «Жарқын жұлдыздар», Марғұлан 
Ә.Х. «Шоқан және Манас», М.О.Әуезов «Ф.М.Достоевский және 
Ш.Уәлиханов», Ахметов З. «Шоқан Уәлиханов - әдебиетші-ғалым» т.б. сынды 
еңбектерді келтіре аламыз. 
Шоқан жайлы өзінің көзі тірісінде және кейінірек батыс, орыс 
ғалымдарының айтқан сөздеріне құлақ ассақ: 
«Современник» журналы ғалымның көзі тірісінде-ақ ол туралы 1864ж. 
былай деп атап көрсетті: 
«Ш.Уәлихановтың қабілеттілігі және жігерлілігі сонша, Сібірде тұратын 
бұратана халықтар арасында бұрын-сонды ондай адам болған емес». 
Батыстың зиялы қауымы Шоқанның ардақты есімін 60 жылдарда «Ресей 
туралы ғылыми танымдар архиві» журналының (ағылшын және неміс) 
басылымдары арқылы танып білді. Американ зерттеушісі Томан Виннер өзінің 
« Орыс Орта Азиясы қазақтарының әдебиеті мен ауызша шығармалары
кітабында»: «Шоқанды Ч.Диккенстің, ағылшын жазушы-саяхатшыларының 
еңбектері баурап алды»,- деп жазды. 
Француздың жаһанды шарлаған жиһангез географы Франциядағы 1848 
жылғы революцияға қатысқан Элизе Реклю «Жер және адам» деген он тоғыз 
томдық күрделі еңбегінде Шоқан атын П.П.Семеновпен қатар қойды. 
Ғалымның замандасы Н.М.Ядринцев: «Әрқашан оның жұқа еріндерінде 
кекесінді күлкі тұратын еді. Бұл оған Лермонтов қасиеттерін беретін. Әңгімесі 
тапқырлығымен көңіл аудартатын. Ол өте аңғарғыш және сықақшыл еді. Мен 
ұстарадай өткір тілді мұндай адамды сирек кездестірдім». 
Қазақ ойшылының өмірі мен шығармашылығын көптен бері тиянақты 
зерттеп жүрген И.И.Стрелкова: «Подобно многим юношам своего времени, 
Чокан избрал своим кумиром Лермонтова. Он и внешне копировал Лермонтова, 
завел ту же прическу, что на известном портрете». 


48 
Академик Н.И.Веселовский: «Шығыстану ілімінің тұнық аспанында 
жарқырап аққан құйрықты жұлдыздай боп көрінген». 
Г.Потанин: «Егер де сол кезде оның отандастары арасында оқырман 
қауым табылғанда, ол өз халқының ұлы жазушысы да болар еді». 
Ұлтымыздың мақтанышы жайындағы алғашқы материалдар ана тілімізде 
1870 жылдардан бастап жарық көрді. «Айқап» журналының 1870ж. 3 санында 
және 1872 ж. 1 санында ол туралы құнды мақалалар жарияланды. Ұлы 
ғалымның дүниеге келгеніне 60 жыл толуы қарсаңында газеттің 1894 жылғы 18 
нөмірінде берілген мақалада былай делінген: «Шоқан Уәлиханов ғылым, өнер 
иесі, халықтың ғадет-заңын біліп, даңғыл, биік жолға шықса да өзінің туған 
жайын жатырқамай һәм ұмытпады». 
1940 жылы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылық қызметіне 
зерттеу жүргізіле бастады. Академик Ә.Х.Марғұланның құнды зерттеулері 
баспа сөзде жарияланды. А.Х.Айдарова 1945ж. «Шоқан Уәлиханов» атты 
көлемді кітап бастырып шығарды. Айдарованың құрастыруымен ғалымның 
«Мақалалары мен хаттары» 1947 жылы орыс тілінде, ал 1949ж. қазақ тілінде 
жарық көрді. 
Ғалым шығармашылығын ғылыми тұрғыдан байсалды сөз еткен: 
Ә.Марғұлан, З.Ахметов, С.Зиманов, М.Фетисов, Е.Бекмаханов, Е.Букетов, 
Ш.Сәтбаева, М.Елеусізов, О.Сегізбаев, Н.Смирнова, Қ.Бейсембаев және оның 
әдеби бейнесін жасауға ден қойған С.Мұқанов, С.Марков, С.Бегалин, 
И.Стрелкова, П.Косенко, С.Бақбергенов басқа да қаламгерлер елеулі 
шығармалар жазды. 
М.Әуезовтың 
еңбектерінде, 
Р.Бердібаевтың, 
М.Қаратаевтың, 
Б.Кенжебаевтың, Х.Сүйіншәлиевтің, Е.Мағауиннің бірқатар мақалаларында, 
көптеген ғылыми басылымдарда Шоқанның әдебиетші, публицист ретіндегі 
шығармашылық жолы әр қырынан қарастырылды. 
?! 
1) Шоқан Уәлиханов «Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде» еңбегінде 
поэзияны қандай түрлерге бөледі? 
2) Ш.Уәлихановтің ел мәдениеті туралы көлемді еңбектерін атаңыз? 
3) Ш.Уәлихановтың фольклорлық келбетін танытатын еңбектерін атаңыз?
4) Ш.Уәлихановтың қандай ғылыми очерктері мен күнделіктері бар? 
5) Шоқан еңбектері қандай шетел тілдерінде жарық көрді? 
6) Шоқанның көркем әдебиеттегі бейнесін жасаған жазушылар кімдер? 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   43




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет