З. Ж. Тасмағамбетова ХІХ ғасырдағЫ Қазақ Әдебиетінің тарихы



Pdf көрінісі
бет21/43
Дата15.02.2023
өлшемі0,86 Mb.
#68100
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   43
 
10 Ыбырай Алтынсарин 
(1841-1889) 
Ыбырайдың 
оқу-ағарту 
жұмысына, 
әдеби-этнографиялық, 
публицистикалық және басқа шығармаларына кезінде салиқалы баға беріп
ықыласпен насихаттаған, 1876-7906 жылдары шығып тұрған «Оренбургский 
листок» деп аталатын бұқаралық әдеби газет болды. Оның редакторы Иван 


49 
Ильич Евфимовский-Мировицкиймен (1839-1905) Ыбырай Алтынсарин жақсы 
таныс еді. Ыбырай өзінің белгілі «Қазақ хрестоматиясын» Орынбор 
қаласындағы баспада дайындағанда одан баспаханалық түзетулер жөнінде 
кеңес алып отырған И.И.Евфимовский-Мировицкий қазақ даласы, «оның 
ішінде Торғай облысын зерттеп, көптеген бағалы мақалалар жазған, сөйтіп, 
қазақ қоғамын орыс жұртшылығына таныту барысында едәуір еңбек еткен адам 
көрінеді». Ол редактор-шығарушы ретінде қазақ халқының тамаша ұлының 
ағартушылық және әлеуметтік еңбектерін кезінде лайықты бағалай да, бар 
болмысымен түгел түсіне де білген. Мысалы, 1879 жылы И.И.Евфимовский 
Ыбырай Алтынсарин туралы былай жазды: «Ибраһим Алтынсарин мырза дала 
тұрғындарының халық ағарту сияқты аса ұлы ісіне, бұлардың қай-қайсысынан 
да бар жанымен, бүкіл күш-жігерімен еңбек етіп, көп жетістікке жетті. Ол қазақ 
тілінде кітап жазып шығарды, бұл кітап орыс алфавиті негізінде басылып 
шықты. Дала өмірінің нағыз ортасында, Торғайда болған кезінде қызмет 
бабымен ел аралап жүріп, Алтынсарин өз халқын тереңірек танудың бірде-бір 
мүмкіндігін бос жіберген жоқ» - деп жазды Ә.Дербісалин. 
Оның әдеби шығармалар жинағы, қазақ-жазба әдебиетінің төл басы 
«Қазақ хрестоматиясы» алғаш рет 1879 жылы Орынбордан жарыққа шыққан. 
Бұл кітап патша әкімшілігінің тергеп-тексеруге қойған сан-салалы сатыларынан 
сүрінбей өтті. Ақыры патшаның халық ағарту министрі Д.А.Толстой: «Баспаға 
ұсынамын», - деп қол қойды. Бұл тұңғыш кітап «сол кездегі дала тұрмысы үшін 
ең үлкен тиражбен – 2000 дана болып, орыс алфавиті негізінде басылып 
шықты. Оның бар шығынын оқу министрлігі өз мойнына алып, сатылатын 
орындары туралы «Оренбургский листок» газетіңде арнайы хабарлама жасады. 
«Ыбырай Алтынсарин жазып шығарған оқулық тек Бөкей ордасы, Орал және 
Торғай облыстары мектептері үшін ғана емес, Түркістан өлкесі мен Батыс Сібір 
қазақтарына арналған. Олар да оқу-білімге талпынып отыр ғой» - деп жазды 
Әсет Ламашев. 
«Қазақ хрестоматиясы» кейін 1896, 1899 жылдары «Махтубат» деген 
(«Хаттар» - деген мағынада) атпен біраз қысқартылған күйінде араб алфавиті 
негізінде жарияланды. Ыбырай Алтынсариннің ізбасары болған А.В.Васильев 
орыс алфавиті негізінде біраз өзгерістер енгізіп, 1906 жылы қайта жариялады. 
Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясына» енген шығармалары 
Ұлы Октябрь революциясына дейінгі ресми баспасөз беттерінде көп 
болмағанмен, оқтасанда жарияланып отырғанын атап өтуіміз керек. «Кел, 
балар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңдері «Оренбургский листок» 
газетінің 1879 жылғы желтоқсан айының 2-жұлдызында, И.А.Крыловтың 
«Қарға мен түлкі» мысалының Ыбырай аударған нұсқасы «Дала уәлаяты» 
газетінің 1892 жылғы қазан айының 24-жұлдызында жарияланды. Ысқақ 
Шүленбаев дегеннің түсініктемесімен Ыбырайдың «Қазақ хрестоматиясына» 
енген «Лұқпан хакім» аңызының бір нұсқасы «Дала уәлаяты» газетінің 1894 
жылғы 3-санында басылып шықты. 
Айта кету керек, оның шығармалары үстем тап өкілдеріне үнемі ұнай 
бермеді, ислам діні өкілдері Ыбырай Алтынсаринді «шоқынған, құран жазуына 
қарсы шыққан «кәпір», - деп сөкті, алайда, ағартушының тәрбиесін көрген жас 


50 
қауым, қазақ оқығандары, оңы мен солын түсінетін «көзі ашықтар» ұлы 
педагогті барлық уақытта да қоштады, оның көзқарастарына өз сүйіспеншілігін 
білдіріп отырды. Мысалы, Торғай облысы қазақтары 1884 жылы сәуір айнының 
26-жұлдызында «Оренбургский листок» газетінде «Әдеби тұрғыдан қарағанда 
Алтынсаринның қазақтар үшін маңызы» деген арнайы мақала жариялап, онда 
былай деген: «Автордың «Өсиет», «Жаз», тағы басқа да өлеңдері, сондай-ақ 
халық арасынан жинаған шығармалары барлық жерде авторға деген 
сүйіспеншілік пен тілектестікті арттыра түсуде. Мұндай ағартушылық сипаты 
еңбек ұмытылмауға тиіс. Біз, қазақтар, Алтынсаринның осындай еңбектері мен 
қазақ халқына сүйіспеншілігі үшін оған алғыс айтуды өз міндетімізге алып 
отырмыз... Біздер Алтынсаринның ісінен бүкіл халықтың сипатын, оның рухы 
мен ақылын, адамгершілігі мен мінез-құлқын, тұтас алғанда, оның барлық 
өмірін көреміз. Осыдан бастап, біздің көшпелі Азия фанатизм мен діни 
сенімдерді ысырып тастап, прогресс жолына түсті, өмір сүрудің нағыз дұрыс 
жолын таңдады деп ойлауға болады». 
«Қазақ хрестоматиясының» пайда болуы Ыбырайдың ағартушылық 
қызметімен тығыз байланысты. Хрестоматияның жаңа ашылған метептер үшін 
арналып жазылуының өзі осыны дәлелдейді. Ыбырай бұл еңбегінде көркем 
шығармалары арқылы өзінің ағартушылық және педагогикалық идеяларын 
толық көрсете және насихаттай алды. 
«Қазақ хрестоматиясы» 1876 жылдан бастап жазылып, 1879 жылы аяқталды. 
Бұд кезең Ыбырай Алтынсариннің көркем шығармаларының жазылған кезеңі 
болып саналады.
«Қазақ хрестоматиясын» Ыбырай Алтынсарин: «татар тілінде жазылған 
кітаптардан құтылу үшін» жаздым дейді. Ағартушының хрестоматияға 
бұлайша маңыз беруі біраз нәрсені аңғартады. Қазақ даласында діни оқудың 
кең тарауына татар молдалары мен татардың діни кітаптарының едәуір әсерін 
тигізгені мәлім. Ыбырай «татар тіліндегі кітаптардан құтылуды» мақсат еттім 
деп көрсеткенде, сол діни кітаптарды қоғамдық өмірден шеттеуді, сол арқылы 
жалпы діни сенімдерді әлсіретуді, қазақтың ұлттық тілінің беделін көтеруді 
көздегенін білдіреді. Әйтпесе ағартушы татардың халқын жек көрген емес. 
Мұның өзі Ыбырайдың әдеби еңбегінің діни идеаларға қарсы айқын 
демократиялық мақсатта туғанын танытады. 
Хрестоматияны алғашқыда екі кітап етіп шығаруға жобалаған еді. Екінші 
кітабында «қазақтың төл әңгіме, аңыздарынан басқа табиғат сыры мен жалпы 
тарихы жөнінен, география, өндіріс техникасы жөнінен және кеңес ісін жүргізу 
үлгілерінен мақалалар» беруді көздеген болатын. Бірақ бұл екінші кітабын ол 
толық аяқтай алмады. Оның жазылып біткен жеке тараулары ағартушының өзі 
қайтыс болғаннан кейін, қолжазба күйінде жоғалып кеткен. Бұл кітабына 
ағартушы айрықша үміт артқан еді. «Қазақ халқының қазіргі жағдайында 
маңызы күшті болатын бұл еңбекті, - деп жазды ол 1880 жылы, ойдағыдай 
орындап шығуыма құдай тек өмір мен күш беретін болсын, мұны жақсылап 
қолдана білсек, бұл қазақ даласына көп өзгеріс енгізеді» - деп жазды 
М.Жармұхамбетов. 
Ыбырай Алтынсаринның әдеби көзқарастарының белгілі жүйеге келіп, 


51 
айқындала түсуі кезең жағынан алып қарағанда, оның ағартушылық 
еңбектерінің басталу мерзімімен шамалас. 1862 жылы Ыбырай Алтынсарин 
жаңа типті мектеп ашу мақсатына әлі де жете алмай жүрген кездің өзінде 
қазақтар үшін «... өздеріне түсінікті тілде жазылған, оқығанда ақыл беріп, ой 
түсіретін кітаптар керек» деп жазған болатын. Ыбырай бұл пікірінде, сөз жоқ, 
діни оқуға, қазақ молдаларының діншілік әрекеттеріне тек ағартушылық 
тұрғыда ғана қарсы шығып қоймай, халыққа ұсынылатын жалпы кітаптың да, 
не көркем шығарманың да озық тәрбиелік мәнде болуын талап еткен еді. Осы 
арқылы ол өзінің әдебиет туралы көзқарасын байқатқан еді. Ыбырай да, басқа 
ағартушылар сияқты әдебиеттің қоғамдық өмірдегі тәрбиелік маңызына 
айрықша мән берді. Оның пікірінше, әдебиет халықты сауаттандыра отырып, 
оны білім мен мәдениетке қарай жақындатуы керек, өмірге көзқарасын 
тәрбиелеп, қоғамдық санасын жетілдіре түсуге міндетті. Ыбырайдың 
оқушының «ақыл, ойын кеңейте түсетін кітаптарды» - шығармаларды талап 
етуі оның осы негізгі мақсатынан туған. 
Ыбырай шығармаларының әлеуметтік мазмұны мен идеялық бағытына көңіл 
бөлсек, даусыз бір мәселені байқаймыз. Ол – жазушының әдебиеттегі қоғамдық 
құбылыс ретінде бағалай білуі. Ыбырайдың әңгімелері мен өлеңдері аз да 
болса, тікелей өмір мәселелерін суреттеуге арналды. Сол кездегі ескішіл 
ақындардың шығармаларына тән діни уағыздаулар, қоғамнан, халық тілегінен 
тыс мәселелер бос қиял мен үмітсіздікке, дәрменсіздікке бой ұру, 
дараланушылыққа салыну, өмірден торығу, т.б. Ыбырай шығармалары үшін 
мүлде жат құбылыстар. Жазушы шығарманың тақырыбын күнделікті өмірдің өз 
ішінен алып, оған өзінің озық ойлары тұрғысынан баға беруге талаптанады. 
Бұдан оның жаңа идеяларды қоғам ішінде кеңінен жая түсу үшін көркем 
әдебиетті бірден-бір күшті құрал ретінде танығанын және шебер 
пайдаланғанын көреміз. 
Ыбырайдың әдеби еңбектерінің жинағы – «Қазақ хрестоматиясы» 
ағартушылық мақсатта жазған екі өлеңімен ашылады. Автор бұл 
шығармаларын кітаптың өз кезіндегі басылуында «Сөз басы» деген атпен 
жариялады. Қазіргі кезде олар «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар 
жұрттар» деген атаулармен айтылып, жұртшылық ұғымына сіңісіп кетті. 
Ыбырайдың бұл екі өлеңді кітаптың алғашқы бетінде беріп, «Сөз басы» деп 
атауында белгілі бір айқын мақсат бар сияқты. Бүкіл өмірін халық ағарту ісіне 
арнаған Ыбырай әдеби еңбектерінде де сол негізгі идеяларын жүзеге асыруды 
көздеді, халық ағарту мәселесін шебер көтере алатын шығармаларды көптеп 
жасауға баса назар аударады. Ол өнер-білім жағынан мешеу сатыда тұрған 
қазақ халқы үшін ғылым мен техниканың жетістіктерін насихаттай алатын 
қысқа көлемдегі поэтикалық шығарманың қажеттігін сезінді, ондай еңбектердің 
ел арасында кеңінен жайылып, жатталып кететініне, сол арқылы бүкіл халыққа 
әсерін тигізетініне сенді.
ХІХ ғасырдың 2-ші жартысында жарияланған «Сула миф», «Тәкаппар 
әскер туралы», «Ғашықтығы һәм данышпандығы Соломонның», «Испанияның 
бұрынғыдан қалған сөзі», «Қытай патшасының уәзірінің қызы» тағы сондай 
аңыз-әңгімелер шет елдіктер өмірінің әр саласынан қазақ тыңдармандарына 


52 
хабар береді. 
Ыбырай «Қазақ хрестоматиясындағы» көп әңгімелеріне шетел 
тақырыбын мол енгізген. Ыбырай Алтынсаринның Коменскийдің «Ұлы 
дидактикасы», Реклюдің «Жер, құрылық және мұхит», Ушинскийдің «Балалар 
әлемі» кітаптарын өте ұқыпты пайдаланғаны жасырынбаған. Бірақ Ыбырай 
Алтынсарин тек үйренуші ғана емес, өз алдына нәзік педагогикалық шешімдер 
қабылдаған, өте шебер дидактик болып қалыптасқаны күмәнданбауымыз керек-
ақ. 
Ыбырай шетел тақырыбын іріктеуде аса талғампаздық көрсеткен. Орыс 
материалдарын ой елегінен өткізіп, халқымыздың мінез - психологиясына, 
көшпенді тіршілік ырқына көнетін материалдарды екшеген.
Егер Ыбырай орыс тілінен алынған кейбір материалдардың мазмұнын, 
кейіпкерлер аты-жөнің қазақ жастары ыңғайына икемдесе («Асыл шөп», 
«Аурудан аяған күштірек»), ал шетел тақырыбындағы әңгімелерде мұны 
істемеген. Неге? Неге сол – Ыбырай Алтынсарин сірә, дидактиканың ең күшті 
жағы, ең нәзік тұсы – пәнаралық байланысты мықты ескерген бе деп ойлаймыз. 
Өйткені «Зиректіктегі» Броун, «Дүние қалай етсең табылады дағы» Антон, 
«Тәкаппаршылықтағы» Вениямин Франклин есімдері естілуі және айтылуы өте 
қиын болса да, батыл қолданған. 
Шетел тақырыбын көтерген әңгімелердің берілуі де педагогикалық 
жағынан ұтымды. Бұл әңгімелер жас өспірімді ата-анаға мейірімді болуға, 
зеректікке, бақылағыштыққа, көз сатпай, тер сатуға үйретеді. Ғалым ұстаз 
әсіресе, көне шығыс әңгімелеріндегі иман-уағыз, өміршең-зәру мәселелеріне 
көп көңіл бөледі. Тәржімә шығармалардың тақырыптары да тәнті: «Үнді» 
әңгімесі балалар детективіне, ал «Данышпан қазы» әңгімесі философиялық – 
халық даналығына құрылған. Әңгімелер шәкірттерді терең ойлануға, жіті 
қадағалауға үйретеді. Жіті үңілген жанға әйгілі «Қазақ хрестоматиясы» 
шетелдер өмірінің хроникасы іспеттес. Географиялық анықтамалық міндетін де 
атқаруда. Жас ұландар көне Қытай, ежелгі Үнді, кәдімгі қызылбас (Фарсы елі) 
елдеріне ойша саяхат жасайды, Европаның Версаль, Брюссель, Лондон, Мадера 
қалаларын аралайды. Түрлі өмірлік жағдайларға тап болады, қиындықты 
жеңуді, түрлі өмірлік тағлым алып, өнеге жинақтайды. 
Шетелдік хикаяларды шағын әңгіме, мысал, нақыл, өсиет-үгіт, миф-ертегі 
түрінде беруде Ыбырай зор зергерлік көрсеткен. Шағын шығармалар арқылы 
шалқар шындықты танытып, шалғайды қазақ жас өспірімдеріне тіптен 
жақындатқан. Әңгімелердің тілі таза, тәлімі тәтті. Шығармалар шәкірт жадына 
тез сіңеді, жадыға тез тұтынады, жылдам түсініледі. Міне, сондықтан да болса 
керек, заманы бөлек характерлер әлі күнге дейін эстетикалық дәмін бұзбай, жас 
өспірімдерді жан-жақты тәрбиелеуде әлі қадір-қасиетін жоймай келеді. 
Ыбырай Алтынсаринның «Мұсылманшылықтың тұтқасы» («Шараит-ул-
ислам») атты еңбегі 1884 жылы Қазан қаласында араб әрпімен жарық көрген 
соң, қайтып басылған емес. Ұлы ағартушымыздың төл еңбегі аттай ғасыр бойы 
бес – алты толқын ұрпақтың танымынан тыс қалып, архивтің қараңғы 
қоймасында сақталып келді.
Жетпіс жыл бойы кеңестік дәуірдің ықпалында болған қазақ мектептері 


53 
діни біліммен өзінің іргесін аулақ салып келген болса, Ыбырай сол кездің 
өзінде-ақ оқыту ісін дінтанудан, мұсылмандық тәрбиеден бөлген жоқ. Мектепте 
дін сабағының дұрыс та сауатты жүргізілуіне қамқорлықпен қарады. Құдай 
парызын оқытуға арнап, «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты кітабын дін 
оқытушыларына әдістемелік көмек ретінде ұсынды.
Күні кешеге дейін атеистерді тәрбиелеп, тіпті Ыбырайдың өзін атеист 
етіп сипаттаған, мектептен діни білімді алшақтатып келген біздің қоғамымыз 
үшін «Мұсылманшылықтың тұтқасы» нағыз инновациялық туынды – деп 
жазды Тана Әуелбекқызы. 
Бұл кітапты жарыққа шығаруда Ыбырай орыс миссионерлері тарапынан 
талай тосқауылға тап болды. Ильминский Ресей империясы мектептерінде 
оқытылатын дін сабақтарына оқулық есебінде жазылған бұл еңбекті де «Қазақ 
хрестоматиясы» сияқты орыс әрпімен бастырып шығару керек дейді. Ыбырай 
Алтынсарин бұған батыл уәж айтады: «Бұл арада тағы бір ескерте кетуге қажет 
нәрсе – мұндай оқу құралы, менің басында ойлағанымдай орыс әрпімен жазу 
мүмкін емес, өйткені мұндай дін кітабы, шариғат тұрғыларына толық сай 
құрастырылғанымен де, сыртқы жағынан қарағанда мұсылманша болмаған соң, 
қазақ арасында сенімді болмас еді, әр түрлі қолайсыз әңгімелер туғызар еді». 
Ыбырай Алтынсаринның «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабы араға 
бір ғасырға жуық уақыт салып барып, 1991 жылы «Қазақстан» баспасынан 
басылып шықты. Кітаптың алғы сөзінде жазушы Ақселеу Сейдімбек бұл 
еңбектің жазылуының екі түрлі себебі болды деп, бірін сол кезеңдегі мектептегі 
дін сабағына арналған оқу құралы есебіндегі міндетімен, екіншісін, сол кездегі 
қазақ әдеби тілінің таза орнығуы жолындағы мүддеден туған міндетпен орынды 
байланыстырды. 
Ыбырай Алтынсаринның кезінде өзінің жазған түсініктемесінде кітаптың 
мақсаты анық көрсетіліп тұр: «Біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегі 
түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, ал екіншіден, қазақтың жазба 
тілінде татар тілі орынсыз етек алуына жол бермеу үшін мен соңғы кезде 
Мұхамбет шариғатын үйрене бастап... осы оқу құралын құрастыруға кірістім». 
Бұл жерде «теріс бағыт» деп Ыбырай Алтынсарин дінді шала, дүмшелікпен 
ұғындыруды айтып отыр. 
Еңбектің біссімлләсі Абай айтқандай «Махаббатпен жаратқан адамзатты» 
бір құдайдың алланың құдіретін мадақтаудан басталады, Мұнан соң мақтау 
Мұхаммед Мұстафа салла аллаһу аллаһи уассаламға арналады. «Ләкин ислам 
мәнісін білмек әрбір мұсылманның өз басына парыз түспейді. Парыз түсу түгіл 
бұл мұқтаж шарттарды білмеген кісі мұсылман да болмайды. Құдайтағала өзі 
сақтасын, соның үшін бізбен қатар татар, түркі уа ғайри халықтар аят хадистің 
мұқтаж керекті бұйрықтарын өз тілінше көшіріп, түсінетін кітаптар шығарып, 
діннің ғылымын жұрттарына жайды. Бірақ біздің қазақ тілінде әркім түсініп 
оқып немесе біреу оқыса тыңдаған қара халық түсініп отыратын бір де кітап 
жоқ. Сол себептен жалғыз кітап таныған молдалар болмаса көп қара халық 
өзінің діні не екенін де кәміл түсінбейді. Хатта көп адам осы қалыпша көпір 
болып та жүрген шығар. Мұны көріп біз, Фақыр Қыпшақ руының Ибраһим 
Балғожа биұғлы, қарындас халқымыз қазақ жұртына пайда келтірмек ниетпен 


54 
һәм қараңғы туғандарымызды түсінікті тіліменен өзінің дініні түсіндіру үшін 
бұл кітапты жазуға кірістік» - деп жазды Қанипаш Мәдібай. 
Еңбектің мазмұны, тілі, жазылу жөні, мақсаты туралы сөзді Абай 
шығармаларындағы, әсіресе, қара сөздеріндегі дін жайымен Шәкәрімнің 
«Мұсылманшылықтың шарты» (1911) еңбектерімен сабақтастыққа қозғау, 
біздіңше, оның құндылығын, тарихи мәнін ашуға тартар тура жолдың бірі 
көрінеді. Ыбырайдағы, Абайдағы адамды, алланы сүю парызымен имандылық 
мұсылманшылық жөнімен желілес сабақтас ой иірімдері салыстыра зерттеу 
нәтижесінде көріне, ашық түсері сөзсіз. Ыбырай мен Абайдың арасындағы 
екеуін аса туыстырып жіберетін шығармашылық бөлекше бітім тек олардың 
бұрынғы әдебиетте болмаған көркемдік үрдіс, үлгілерінде ғана емес, осы 
дүниетанымын, дінтаным, дінге қатыстылық иірімдерінде де өзгеше бүтіндікке 
тартып жатқан таным табиғаты. 
Ыбырайдың «Мұсылманшылықтың тұтқасы» еңбегі мен Абайдың қара 
сөздеріндегі діннің мәнін ұғындырудағы, ой құрап, сөйлем құраудағы, тіл 
қолданыстағы қайсыбір ұқсастықтар мынадай үлгілерде көрінер еді. Ыбырай 
Алтынсаринның кітабындағы әуелгі бап – «Иман турасында». Осы иманның 
жайына Абай бірнеше қара сөзінде (12, 13, 28, 36, 38) қайрылып отыратыны 
белгілі. Осындағы иманды ұғындырудағы тіл стиль ұқсастығы сөйлемдердің 
етістік – баяндауышының растамақ, сенбек, иланбақ, т.б. түрінде көрінеді. Екі 
ойшылдың да сөйлем соңында керек көмекші етістігін жиі қолданып отырғаны 
байқалады. Сонымен, бірге сөйлемнің соңындағы сөздің «деп» болып келуі, 
«болады екен» деп аяқталуы, «емес» сөзінің жиі кездесетіні, Қазіргі баяндау 
тілінде басымырақ қолданылатын етістіктің –ды, -ді, -ты, -ті жұрнақтарымен 
аяқталған сөйлем сирек кездеседі [26, 30]. 
Мәселен, Абайдың 15-қара сөзіндегі әрбір ой түйдегі «болады екен», 
«қалады екен», т.б. тіркестерімен тұйықталып отырады. Мұндай орамның 
Ыбырайда болмауы қара сөзбен «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабының 
жанрлық айырмашылығында болса керек. Ыбырай шығармашылығының 
ғылыми стилі басым. Абай қара сөздері бірде сұрақ-жауап, бірде еркін баяндау, 
ғылым тілінен гөрі қарапайым тілмен ұғындыру үлгілерінде келіп отырғаны 
белгілі. Ыбырай бастан-аяқ бір формада жазып шықса, Абай әңгімелесе 
отырып, айтпағын қоздырып, жандандырып, ой шалып сөйлейді. Ал діни 
негіздерге анықтама беріп тоқталуында Ыбырай да, Абай да бір үлгіде сөз 
сатпайды. Бұл гәптің де бірнеше себебі тарата талдауға зәру. 
Ыбырай шығармаларындағы дін мазмұнын, діни ағартушылық сарын 
жөнінде Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева мынадай ойлар айтқан: «Осы діни 
құралында 
Ыбырай 
Алтынсаринның 
өлеңдері 
мен 
әңгімелеріндегі
бірсыпыра ой – пікірлер, сарын - әуендермен сәйкестік, үндестіктер баршылық. 
Мысалы, оның «Өсиет өлеңдерінде» айтылатын «бәріміз бір адамның 
баласымыз, 
жігіттер, 
бір-біріне 
қарасаңыз» 
деген 
жолдар 
«Мұсылманшылықтың тұтқасында» мынадай түрде кездеседі: «Дүниеде қанша 
адам болса бәріміз бір атадан өрбіген ағайынбыз...». «Қазақ хрестоматиясы» 
қазақ баласы «А» деп, Әліп, биді үйрене бастаған сәттен таныс, ыстық; 
білімінің бұлақ бастауындай, жақсылықтың, игілікті істің жарасымды 


55 
жоралғысындай құлаққа сіңісті «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі «Бір құдайға 
сыйынып» деп басталады. Ыбырай өз шығармаларында әрдайым алланы аузына 
алып отырған. Нұрлы дүние, сұлу жаратылысты жаратқан құдай дегенді 
айтудан тынбайды. 
Құдайға, шүкір айтар жас пен кәрі 
Бердің деп жанға рақат мұндай дәрі. 
«Жақындар құдайымның көктен күні, 
Тең болар жарлықпенен күн мен түні». 
«Сәуірдің әрбір күні дертке дәрмен, 
Құдайым дәрмен бол деп етер пәрмен...» 
«Адамзат сайран етер көңілі жай, 
Секіріп ойын салар құлын мен тай 
Қой маңырап, сиыр мөңіреп жат болады 
Тасиды күркіресіп, өзен мен сай 
Аяғын алшақ басып түйе шығар 
Жаратқан мұнша таңсық жаббар құдай». 
«Оқу білген таниды, бір жаратқан құдайды». «Жаратты неше алуан жұрт 
бір құдайым». «иманды ер құдайынан ұялады, ұялып иесінен сый алады...» 
«Ұшпақтың бір сәулесі жерге түсіп, Жақындар құдайының көктен күні». «Жөн 
білмеген адамға, қыдыр ата дарымас». 
Ыбырай Алтынсарин ХІХ ғасырдың соңына таман қазақ қоғамында 
мақсаткерлікпен жандана түсіп, дамыған діни ағартушылық ағымның негізгі 
ұстанымдарын да қалыптастыруға зор ықпалын тигізген бір парасын қазақ 
арасына исламның негіздерін орнықтыру жөніне арнаған жаратылысы сирек 
заманалық тұлға. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   43




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет