Психология мен педагогиканың байланысына ерекше тоқталу керек. Бұл байланыс барлық кезде болатыны анық. К.Д.Ушинский былай деп айтқан: “Адамды жан-жақты тәрбиелеу үшін, оны жан-жақты зерттеу керек”. Психологияның тәжірибелік мағынасы осыдан анық көрінеді.
Егер педагогика психологиялық құбылыстардың табиғаты жайлы білімге сүйенбесе, онда ол педагогикалық кеңестердің қарапайым жиынтығына айналып, мұғалімге көмек беретін шынайы ғылым болуын тоқтатады. Педагогика салаларының барлығының (жалпы теорияның, дидактиканың, жеке әдістемелердің, тәрбиелеу теориясының) дамуы кезінде, психологиялық зерттеуді қажет ететін мәселелер пайда болады.
Педагогика тәрбиелеу мәселесiне бағытталған кезде, психологияның қажеттілігі байқалады. Дамушы қоғамның талаптарына сәйкес тұлғаны қалыптастыру, тәрбиелеудің мақсаты болып табылады. Ал бұл мақсатқа жету тұлғаны қалыптастырудың заңдылықтарын зерттеуді қажет етеді: оның бағытын, қабілеттерін, қажеттіліктерін, дүниетанымын және т.б. Айтылғанның бәрі қазіргі заманғы психология ғылымдар түйісінде екенін білдіреді. Ол біріншіден, философиялық, екіншіден табиғи, үшіншіден әлеуметтік ғылымдар арасындағы аралық орынды алады.