«Мынауақыр заманда Алуан, алуан жан шықты, Арам, араз хан шықты, Қайыры жоқ бай шықты, Сауып ішер сүті жоқ, Мініп көрер күші жоқ, Ақша деген мал шықты»... Баяғыдан құбылып, бұзылып келе жатқан заман, өзге заман екен. Сондықтан «ақша деген мал шығып, қайыры жоқ бай шыққаны» ақыр заманның белгісі. Заманның осы сияқты жаман белгісі «зар заманның» ішінде көп айтылады. Ел өмірінде бұрынғыдан өзгерген жаңалық, жаттық болса, барлығы да оңар заман нысанасы еді. Зар заман ақындарының ішінде қауым тіршілігіне, әлеуметтің қайғысын дін бояуымен бояп айтқан – Шортанбай. “Зар-заман” ақындарының азаматтық ой-пікірін, әдеби мұрасын тұтастай қамтып, жеке тұлға ретінде өмірбаянын, шығармашылығын зерттеу ісі тәуелсіздік жылдарында өріс алып отыр. Отарлық езгідегі халқының мұңын толғап, жоғын жоқтап өздері өмір сүрген дәуірді “зар-заман” деп бейнелеген осы ағымның ақындары Дулат Бабатайұлының, Шортанбай Қанайұлының, Мұрат Мөңкеұлының шерлі шығармашылық мұраларымен жастарды таныстырып, объективті бағалау, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жастарын елдік рухта тәрбиелеу үшін қажет. Ресей империясының 1822-1824 жылдары шығарған Қазақ даласын басқару жөніндегі ережелерінің талаптарына сай өлкеде дәстүрлі хандық басқару жүйесі жойылды. XIX ғасырдың II жартысында пәрменді отарлау саясатының нәтижесінде, қазақ жері бөлшектеніп, рулық жүйесі ыдырап, айламен, күшпен дінге шоқындыру арқылы халықтың діні, тілі, ұлттық әдет-ғұрпының негіздері бұзылып, кіріптарлық халге түсірілді. Хандық жойылып, аға сұлтандық ел билеу жүйесі енген соң, қазақ жерін “бөлшекте де билей бер”, дейтін отаршылдық принцип негізінде көптеген әкімшілік территорияларға бөлінді. Орыс тілін білгендерді болыс қою, аралас типтегі мектеп түрлерін ашу, араб жазуын, орыс жазуына алмастыру әрекеті де осы тұста қолға алынды. Қазақ елі отаршылдық қақпанға түскен соң, енді екі жақты экономикалық әрі рухани қанауға ұшырады. Екі жақты салық төлеуге мәжбүр болды. Бұрын-соңды болмаған отаршыл саяси әлеуметтік билік, сол тұстағы поэзиялық туындыларда ұлт мүддесі тұрғысынан шыншылдықпен жырланған жалпы қанауға қарсы бағытталған сарынды күшейте түсті. Өйткені, шын мәнінде реалистік бағыттағы көркем әдебиет отаршылдық дәуір табиғаты тудырған, ел билеу жүйесіндегі сырттан күшпен ендірілген өзгерістерге бұқара халықтық көзқарасы мен ой-пікірін, қарым-қатынасын білдірмей тұра алмады. “XIX ғасырдың басында ғұмыр кешкен ақын-жыраулар поэзиясындағы басты да өзекті сарын – халықтың отаршылдық құрығынан шығуға талпынған бұлқынысы үш аймаққа бөлініп ыдыраған қазақ елінің үш аймағында, үш түрлі жағдайда қалыптасты” – деп тұжырымдайды ғалым әдебиетші Мекемтас Мырзахметов. Бұл дәуірде өмірге келіп шығармашылық жолға түскен қазақ ақын жыраулары негізінен ауызша поэзия саласында еңбек етіп, өз заманының көкейтесті саяси әлеуметтік мәселелерін жырлады. Зар-заман ағымы қазақ қоғамдық-ойы, әдебиеті тарихындағы күрделі бір кезең. Ұлт мүддесінің жоқтаушысы болған “Зар заман” ағымының ақындары өлең-толғауларында біріншіден кең байтақ қазақ даласын экономикалық және идеологиялық жағынан толық меңгеру үшін неше түрлі шара амалдарды жүргізген отарлау саясатын әшкерелеп, соны халықтың санасына жеткізіп, қоғамдық-ой дәрежесіне көтеруге ұмтылды. М. Әуезов: “Зар-заман деген – 19 ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі іргелі, соңғы ірі ақындардың барлық күй, сарынын бір арнаға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір бәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына “зар заман” ақындары деген ат қойдық. ...Зар-заман ақындарының алғашқы буыны Абылай заманынан басталса, арты, Абайға келіп тіреледі. Сондықтан қазақтың тарихымен салыстырсақ, зар-заман дәуірі толық жүз жылға созылады. Бұрын өз еркімен жүрген елдің тіршілігі осы дәуірде қайғыны да, қазаны да толып жатқан-өзгерісті де көрген. Сол ауыр күндерді ел ортасынан екі алуан адамды шығарды дегенбіз. Біреуі тарихи өлеңдерде саналған ел қаһармандары,екіншісі ел тілегін айтып, зар мұңын сөзбен шығарған ойшыл қария, өлеңші ақын, жырау болатын” – деп анықтама береді М. Әуезов. “Зар-заман” ағымының халық арасында есімдері жыр, толғаулары кең танымал болған ақындары Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы болып саналады. Енді әрбір ақынның шығармашылық мұраларына жеке тоқталайық. Дулат Бабатайұлы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Сандықтас қонысында дүниеге келген. Орта жүз құрамындағы найман тайпасынан шыққан. Өмірі туралы деректер толық зерттелмеген. Өлеңдері ел ішінде ауызша және қолжазба түрінде тараған. Ескіше сауатты, көкірек көзі ашық ойлы, зерделі ақын. Дулатты өз көзімен көріп, оның өлеңдерін жазып, сақтан келген Шыңғыстау ақындары Ғаббас Байділдәұлы мен Шәкір Әбденұлының еңбегі ерекше. Бұл азаматтар Дулат Бабатайұлының өзін көрмесе де оны көрген Байділдә ақсақалдың қолжазбасын сақтап, жұртшылыққа табыс еткен. Байділдә (1839-1919 жж) Дулат Бабатайұлы жақсы білетін замандас, өкшелес адам болған. Дулат өлеңдерін жазып алып, қолжазба түрінде сақтап келген. Қазақстан ғылым академиясының әдебиет пен өнер институтының қолжазба қорындағы Дулат өлеңдерінің біразы (1500 жолдай) соның сақтауы арқылы жеткен. 1880 жылы Қазанда шыққан “Өсиетнама” кітабында ақынның біраз өсиеттері мен толғаулары енген. Жалпы көлемі сегіз жүз жолдай . “Өсиетнама” жинағына оның сол кезеңдегі қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірін шыншылдықпен жырлап бейнелеген қоғамдық ой тудырған толғаулары енген. Дулат ақынның нақыл сөздері, жыр толғаулары, әзіл-оспақ өлеңдері, ел арасында кең тараған. Әдебиетші, профессор М. Мырзахметов Дулат ақынның толғауларына арқау болған мәселелердің басын былай ашып көрсетеді: “Дулат ақындығы XIX ғасырдың алғашқы жартысында дамып, қалыптасып сол кезеңнің тарихиәлеуметтік шындығы ақын өлеңдеріне арқау болып өріліп жатты. Дулат творчествасының басты ой сарыны мен өзекті тақырыптары сол кезеңнің саяси-әлеуметтік өмір шындығына тікелей байланысты туындап жатқан құбылыстар болатын-ды”. Дулат ақындық құрған заманда хандық құрылыс жойылып, 1822 жыл мен 1867-1868 жылдар аралығында ел билеудің отаршылдық негіздегі аға сұлтандық жүйесі орнағын, ел билеудегі жаңа терминдік атаулар дүниеге келді, осыған орай қазақ атқамінерлерінің жаңа тобы қалыптасты. Дулат өлеңдеріндегі өткір сын нысанасына алынатын, қазақ атқамінерлерінің жаңадан пайда болған типтері де дәл аға сұлтандық жүйе тудырған, билікке орай туындаған құбылыстар екенін айна-қатесіз танимыз. Дулат Бабатайұлы халқының патша әкімшілігі тарапынан көрген зорлық-зомбылығымен қоса, жергілікті атқамінер ел билеушілерінің қысым көрсетіп қорлауы, яғни екі елдің екі жақты қаналуы, кіріптарлық күйі мен оның бойында осы саясатқа деген өшпенділік сезімін тудырды. «Зар заман» дәуірінің айбынды ерекше ақынының бірі – Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығы қазақ жері талауға түсіп, кең байтақ жері тұтас отарланып, халқы бодандыққа түскен уақытқа тура келеді. Мұрат Мөңкеұлы 1843 жылы Атырау облысының Қарабау ауылында туған. Х. Досмұхамедұлы ақын өмірінен берген мәліметі мынадай: «Мөңке баласы Мұрат 1843 жылы туып, 1906 жылы 63 жасында опат болады. Туған жері Орал облысы, Гурьев уезі, Қарабау деген жер. Жүрген жері – Бөкейлік. Ммұраттың ата-тегі мал баққан шаруа қазақ. Мұрат жасында аз-кем молдаға оқығаны болған. Мұрат бала күннен-ақ өлең айта бастаған. Ол бестен асқан соң той-тобырда өлең айтуды місе тұтпай, заманындағы айтқыштардың бәрін айтысып жеңген». Мұрат ақынның шығармалары тұңғыш рет 1908 жылы Қазан қаласында Кәрімовтердің баспаханасында «Мұрат ақынның Ғұмар Қазыұлына айтқаны», деген атаумен шыққан жинақ басылды. Сондай-ақ 1924 жылы Халел Досмұхамедұлы Ташкентте «Мұрат ақын сөздері» атты шығармаларының жинағын шығарды . Мұрат ақынның басқа «Зар-заман» ақындарынан ерекшелігі, өзінің жыр-толғауларының көпшілігі ата-қоныс құтмекен, тіршілік көзі, өзге жат орыс жұртының иелігіне өткен жер мәселесіне арналған. Мұрат Мөңкеұлы «Үш қиян» «Сарыарқа» «Қаз туған» толғау-дастандарында ежелден ата-қоныс мекен болған жерден айырылып, тіршілікке қолайсыз шөлейтті жерге ығыстырылған, туған халқының өмірінің шырқы бұзылып, кері кеткенін, ашына жырлады. Мұрат Мөңкеұлы 1906 жылы 63 жасында, Жайық бойындағы Өрлік поселкісінде қайтыс болды. Шортанбай Қанайұлы (1818-1881) зар заман ағымының айтулы ақыны, Шортанбай ақынның өмірбаяны туралы мәліметтер аз. Дегенмен, кейбір мәліметтерге сүйенсек, Шортанбай Қанайұлының 1818 жылы Түркістанның маңындағы Қаратауда шаруа Қанайдың отбасында дүниеге келген. Жас шағынан мұсылманша оқып замандастары қатарлы білім алған. Қазақтың әулиелік орны, киелі мекені Түркістанның болашақ ақынға берген тәлімі, әсері ерекше еді. Зерттеуші ғалым Х.Сүйіншәлиевтің көрсетуі бойынша, Шортанбай ақынның шығармалары 1882 жылдардан бастап, өлең, толғаулары бөлек кітап көлемінде жарық көреді. «Тар заман», «Опасыз жалған», «Байды Құдай атқаны», «Айттым сәлем», «Асан қожаға» т.б. енген. Оның шығармаларын, әсіресе патша отаршылығына қарсы қауым, ұлттық еркіндікті жоқтаушылар, мұсылманшылықты дәріптеушілер құшағын жая қарсы алды. Шортанбай Қанайұлы – XIX ғасырдағы қазақ қоғамдық ойын қалыптастыруға ерекше ықпал жасаған айтулы тұлға. Оның шығармашылығы Ресей империясының отарлау саясатының шырқау шегіне жеткен тұсына сай келеді. Сол тарихи кезеңнің болмысы, халықтың көкейіндегі ойдың басты түйіндері ақынның шығармашылығында жатыр. Шортанбай ақын «Зар-заман» толғауында қазақ халқының өміріне орыс отаршылдығымен бірге енген саяси-әлеуметтік өзгерістерді, ұлттық дәстүр салтымыздың «қаймағын» бұзған кесепатты іс-әрекеттерін батыл түрде ашық жырлайды. Қорыта келгенде, зар - заман кезеңінде ғұмыр кешкен орталық езгіге түскен қазақ халқының тағдырын мұң – зармен жырлаған ақындар шоғыры. Оның белгілі өкілдері : Дулат Бабатайұлы , Шортанбай Қоңайұлы, Мұрат Мүмкейұлы, Әбу бәкір Кердері, Аубан Асан , т.б. Мұхтар Әуезов Аблай хан тұсынан Абайға дейінгі жүз жылға ұластырып Нарманбетпен аяқталды. Зар – заман тұсынан қазақ әдебиеті жазбаша сипат алғанын отан көрсетеді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы бұрынғы қалыптасқан құндылықтардың өзгеруі , елді басқару жүйесінің басқа санатқа ауысуы, отаршылдықтың белең алуы, халықтың қатты күйзелуі Зар- заман ақындарын тарих сахнасына шығарған. Олар халықтың жай күйін ойлаған үлт- қайраткерлері ретінде танылды. Олардың шоғырлары халықтың салт- дәстүрлерді қабығы бұзылмаған қалпында сақтауға , ұлттың – бітімімен ажырамауға үндейді.