К І Р І С П Е Әр халықтың ұлттық бітім-болмысын, рухани байлығын, дүниетанымын, тарихы мен тыныс-тіршілігін суреттеп, көрсететін, таныттын – оның көркем әдебиеті. Ал әдебиет дегеннің өзін асыл сөз деп түсінетін болсақ, көркем шығарманың тілдік ерекшеліктерін филология ғылымының өзара байланысты түрлі салалары зерттейтіні белгілі. Дәстүрлі стилистика, лингвостилистика, көркем әдебиет стилистикасы сияқты салаларды ұштастыратын мәтін лингвистикасының маңызы айрықша екенін атақты ғалым былай деп түсіндіреді: «Для лингвистики текста характерно объяснение лингвистических фактов не только с помощью лингвистических же фактов – сочетаемости языковых знаков, их распределения в речевой цепи, но и широкое привлечение экстралингвистических факторов: ситуация порождения и восприятия текста, коммуникативной и прагматической установки автора, соотнесение писателем созданной в тексте модели мира с самим этим миром» [1,7].
Көркем әдебиет тілінің ерекшеліктері отандық және шетелдік тіл білімінде көптен бері зерттеу нысаны болып келе жатыр. Мысалы, ресейлік В.В.Виноградов, М.Н.Кожина, А.Н.Гвоздев, Р.А.Будагов, А.И.Ефимов, В.П.Мурат т.б. ғалымдар еңбектерінде көркем әдебиет стилі жан-жақты қарастырылып, олардың ғылыми тұжырымдары ұзақ уақыттар бойы көптеген ғалымдар үшін басты бағыт ретінде ұсталып келеді.
Қазақ тіл білімінде белгілі ғалымдарымыз Қ.Жұбанов, М.Балақаев, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Р.Сыздықова, Х.Нұрмұқанов, Е.Жанпейісов М.Серғалиев, Х.Кәрімов, Б.Шалабай, Н.Уәлиев еңбектерінде, көптеген жас зерттеушілердің диссертацияларында, мақалаларында көркем әдебиеттің тілдік фактілері сараланып, қазақ көркем мәтініндегі сөздің эстетикалық қызметі көрсетілгені белгілі.
Қазақ әдебиетінің түрлі жанрында жазылған шығармалардың семантикасын түзуге қызмет ететін тілдік факторларды көрсеткен біраз жас зерттеушілер де бар.
Зерттеудің негізгі нысаны. «Филология – по сути, дело праздное» деген Булат Окуджаваның пікірі жалпы көркем шығармаға қатысты шындық деуге болады.Өйткені кез келген көркем шығарманы оқып, түсіну, талдау оқырманға эстетикалық ләззат әкеледі, оны ойландырады, шындық өмірді көркем тексте сипатталатын, суреттелетін оқиғамен салыстыру арқылы тіршіліктің идеалды эстетикалық сипатын елестетуге мүмкіндік береді.
Қоршаған болмысты түсініп-түйсінудің бір жолы - оны комикалық тұрғыдан көрсету.
Қазақ жазба әдебиетінің тарихы өзге алыс-жақын шетелдік әдебиеттерге қарағанда кешеуілдеп басталғанымен, онда әлемдік әдеби үрдістегі барлық ағым, бағыт, жанр түрлерінде жазылған көркем туындылар бар екеніне ешкім де күмәндана алмайды. Ұлттық әдебиетімізде үнемі болмаса да, сатиралық шығармалардың жазылып, басылып жатуы – осының айғағы. Өз бастауын ауыз әдебиеті нұсқаларынан, ақын-жыраулар шығармашылығынан, Абай туындыларынан алатын қазақ сатирасы ХХ ғасырда көптеген қаламгерлердің шығармаларымен толықты. Проза және поэзия жанрында жазылған көлемі үлкен-кіші шығармалардың авторлары қоғам, ел, халық өміріндегі келеңсіз жағдайларды, сүреңсіз көріністерді, жиренішті былық-шылықты, адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді сынап, күлкі-әжуа арқылы мысқылдап, оларды түзету, жоюды, олардан жирендіруді мақсат етті. Сатиралық шығармаларда мазмұн мен форманың, ой мен іс-әрекеттің, шынайы болмыс пен идеалдың арасындағы сәйкессіздік, қайшылық көркем-эстетикалық тұрғыдан бағаланып, автордың позициясын, көзқарасын танытады.