Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Сөздің мағынасына назар аударалық: ақ киімді, денелі, ақ сақалды, өзі соқыр, өзі мылқау, тірі жанды танымайды, түсі суық, басқан жері сықырлайды. Мынадай суретті шын беріліп, түсініп оқыған бала-шаға шошып кетер еді. Өлең жолдарындағы әрбір сөз бен сөзтұлға негізгі ортақ ақпаратты беруге қызмет етеді. Бір сөз түгілі бір жалғауды ауыстырсаңыз, өлеңдегі гармония шырқы бұзылады. Өзі соқыр, өзі мылқау қыс тірі жанды танымады. Шындық па? Шындық. «Келіп қалды» күрделі етістігі арқылы беріліп тұрған ақпарат ше? Әрекет жаңа ғана болды, жалғасады, өйткені тұлға жедел өткен шақта тұр. Осы предикаттық тұлғаны өзге сипатта жазып байқалық: келіп қалыпты, келіп қалған, келіп қалады, келіп қалар т.б. «Басқан жері сықырлап, келіп қалды» жолында берілген эмоция тек тұлға арқылы ғана мүмкін болатынына көз жеткізуге болар еді. Өлеңдегі жедел өткен шақтың үшінші жағында беріліп тұрған етістік тұлғаларын басқаша беру, ондағы ақпараттың ақиқаттығын бұзар еді де, әрекет сипатын өзгертер еді.
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда, Алты қанат ақ орда үй шайқалды. Әуес көріп жүгірген жас балалар, Беті-қолы домбығып, үсік шалды. Мұны сурет деуден гөрі, күнделікті шындықтың өзі деп ұғу дұрыс.
Сөз тұлғасы – мағына - мән арасындағы үндестік осылайша ішкі гармонияны құрап, классикалық қабілетке ие болады.
Қыс туралы логикалық ойлау жүйесі жалпы адам баласына ортақ болса да, Абай салған қыстың суреті ақын қолтаңбасын бірден танытады. Өлең мәтінінде қазақ өлеңінің жүйесі сақталады, қазақ өлеңінің мәнері айқындалады, қазақ тіршілігінің ерекшелігі суреттеледі. Пікірді белгілеу үшін қажетті – субъект, предикат, байланыс үшеуі де өлеңде ішкі үндестікпен жымдаса кірігіп тұтастық құрайды.
Поэтикалық лебіздің белгісі шағын ғана мәтінде әралуан сапалық белгіні, заттар мен құбылыстардың айрықша сипатын, табиғи мәндік ерекшелігін айқындау болып саналса, осы қасиеттердің барлығы да Абай өлеңдерінде мен мұндалайды. Сөйлемдегі, пікірдегі субъект пен предикат, тема мен рема сияқты категориялар лебіздегі ойды анықтайтын әмбебап мәндік категориялар санатында болғанымен, өлеңде бұл заңдылық сақтала бермейді. Қазақ тіліндегі сөйлем құрылысының бұлтартпас заңдылығы да, ерекшелігі де саналатын предикаттың орны мен субъектінің сөйлемдегі қалпы өлеңде сөйлемнің заңына емес, поэзияның еркіне бағынып, мәтінде жаңаша түрленіп, поэзия шарпуымен нұрлана Мәнге қызмет етеді. Өлең мәтініндегі предикативтік синтаксис заңына емес, поэзия патшалығында қалыптасқан Мән гармониясына, ой тұтастығына, Поэтикаға бағына қызмет етеді.
Абай өлеңдеріндегі қабырғалы, тұтаса келетін ерекшелік – мәннің бүтіндігі, ақпараттың молдығы, ойдың тұтастығы, мағына даралығы. Ритмикалық жағынан ұйымдаса матасқан сөздер сен сөз тіркестерін біріктіріп, пікірді ерекшелейтін – өлеңнің өзекмәні. Мәтіндегі сөздер мен сөз тіркестері семантикалық жағынан дамып, контекстік мағынаға жабыла қызмет етіп, мәнді анықтауға жұмылдырылады. Сонымен бірге өлең ұйқасы да сөз мағыналарымен біріге тұтасып, ойдың қалай дамитынына байланысты өзгеріп, тұтастыққа қызмет етеді. Өлеңдегі осындай бір-бірін толықтыра, дамыта түсіп, негізгі Мәнді айқындауға жұмылатын сөздер мен сөзтұлғалар поэтикалық семантиканы құрайды да, Сөз гармониясына ұласады.
Өлең ритмінде синтаксистік иерархия бұзылуы мүмкін, алайда, семантикалық мән өзгермейді, пікірдің, ойдың тұтастығы мен бүтіндігі бұзылмайды. Әсіресе, сөйлемнің бірыңғай мүшелері қатар келгенде, ритмнің семантикалық мәнді сақтаудағы маңызы арта түседі. Барлық сөйлемнің бірыңғай мүшелері бір ритмге сыйғызылады да, бір семантикалық жеке бірлік ретінде бірігіп кетеді. Тыңдап көрелік:
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды. Өлең жолдарында ақ киімді, денелі, ақ сақалды, соқыр, мылқау, танымас тірі жанды – бәрі де қыстың сипатын таныту үшін жасалған атрибуттық қатынаста тұрған сөздер. Бәрі жабылып «қандай» деген сұраққа жауап беріп, «қыс» атауына эпитет болады. Өлең жолдарында осы сөздердің барлығы бір семантикалық даралық құрайды да, қосымша семантикалық жүк иеленеді.
Ол қандай жүк?
Өлеңнің мәтініне назар аударалық. Өлеңнің бірінші шумағында «қыс» деген сөз жоқ. Тек екінші шумағының екінші жолында кәрі құда қыс келгені айтылады. Сын есімдер негізінде жасалған сөйлемнің біріңғай мүшелер мен «танымас» етістігі арқылы берілген ақпарат субъективтік-предикативтік қатынасты мәтін деңгейінде беріп тұр.
Абай өлеңдеріндегі поэтикалық лебіз ақпараттық, жалпылық мәнге ие, ол уақыт пен кеңістікке тәуелсіз, адами тәжірибе негізделген әмбебап, жоғары абстракциялық деңгейге жеткен. Бір шығармасында Абай сырттай бақылаушы ретінде қатысып отырса, енді бірінде ол субъект – әңгімелеуші, жағдайды не әрекетті менталдық тұрғыдан бағалап, қазақ ділді танытушы, келесі бір өлеңдерінде ақын – аналитик-сарапшы, әралуан тәжірибені саралап, жалпылап, ортақ түйін түйіп, тұжырымын айтады.
«Жазғытұрым», «Қыс» т.б. өлеңдерін ғалымдар табиғат құбылыстарын суреттеуге арналған лирикалық өлеңдерге жатқызады. Ақынның осындай лирикалық өлеңдерінде сөз жүйесінің берілуінің өзіндік «мәнері» (техникасы) бар. Табиғат көріністерін суреттеуде ақын лебіздің ішкі жүйесіне терең мән беріп, болмыстың ерекше сипатын тосын сөз қолданыстарымен беру арқылы күнделікті көз көріп жүрген құбылысты әрі жүйелеп, әрі ерекшелеп жеткізеді. «Қысты» оқып отырып, «ақ киімді, денелі, ақ сақалды, соқыр, мылқау» қысты жаңа танып, білгендей боламын, әрі өзім білетін арқаның қысы нақ осы қалпында көз алдыма орала береді. Бұл – әрі жүйеліліктің, әрі даралықтың белгісі деп ойладым. Табиғи мәңгілік ақиқаттың болмысын таныту үшін де жүйелі сөз, даралықпен табынту үшін дара қолданыс қажет болар. Бейнелі ойды пернелеп түсіруде лексикалық және грамматикалық деректерді таңдау – автордың өз еркінде екені рас.
Ақын талданып отырған екі өлеңде мезгілдің жалпы қасиетін жазудан аулақ, байқасақ, мұнда нақты эпизод, нақты деректік қалып бар. Осы нақтылықтың өзінен ақын жалпылық МӘН табады. Өлеңді оқып отырып, оқырман сол табиғатты өз болмысымен сезінгендей, ішінде жүргендей болады, іштей бақылаушыға, қатысушыға айналады.