1 – дәріс
Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық. Сөз тіркесі туралы түсінік. Сөз тіркестерінен туындайтын мағыналық және синтаксистік қатынастар. Есімді сөз тіркестері: байланысу амал-тәсілдері мен формалары, синтаксистік қатынастары. Изафеттік тіркестер.
Тіл білімінде әлі де толық зерттелмеген, көптеген мәселелері жөнінен талас пікірлері мол сала – синтаксис. Орыс тіл білімінің өзінде солай. Ал, тюркологияда, соның бір саласы қазақ тіл білімінде әлі зерттеуді қажет ететін, кеш қалған сала.
Синтаксис мәселесінің жалпы тіл білімінде қойылу тарихына келетін болсақ, оның зерттеу объектісі, міндеттері әртүрлі көзқарастар тұрғысынан шешіліп келді.
«Синтаксис» термині грек тілінен алынған –«syntaxus» – қоспа, біріктіру деген мағына берген. Бұл сөз алғаш сөздердің бірігуі, қосақталуы деген мағынада жүрсе, кейіннен тілдің синтаксистік құрылысы және оны зерттейтін ғылым деген ұғымдарға жіктелді.
Соңғы мәтінді алып қарағанда, синтаксис – грамматиканың морфология сияқты үлкен саласы. Оның зерттеу объектісі не?
Тілде сөздік құрам бар және грамматикалық құрылыс бар. Тілдің лексикалық материалы болып табылатын сөздер тілдік қолданысқа біріккен кезде грамматиканың заңдары мен қағидалары бойынша ұйымдасып жұмсалады.
Егер морфология сөздің мағынасы мен формасын сөздің ішіндегі қарама-қарсылықтың элементтері ретінде зерттесе, синтаксис бір сөздік форманың екінші бір сөздік формамен тіркескенде пайда болатын мағыналарын зерттейді. Басқаша айтқанда, морфология жеке сөздердің құрылысын, өзгерісін зерттейтін болса, синтаксистің предметі - өзара байланысты сөздер тобының (сөйлеудің) құрылысы.
Бірақ, бұл пікірге қазіргі тіл білімі бірден келген жоқ. Тарихы бар.
Грамматикалық ой-пікірдің даму тарихына көз жүгіртетін болсақ, синтаксис ілімін құруда, оның қызметі мен міндетін анықтауда үш түрлі бағыт болғанын білуге болады.
І. Синтаксисті логикаға негізделген сөйлем туралы және сөйлем мүшелері туралы ілім ретінде құру.
ІІ. Синтаксисті сөз тіркестері сөздердің өте кең мағынада түсінілетін бірлестіктері (тіркестері) туралы ілім ретінде құру.
ІІІ. Синтаксисті сөйлем туралы ілім мен сөз тіркесі туралы ілімнің (қоспасы) синтезі ретінде құру.
Антикалық дәуірдің грамматиктері синтаксисті сөйлеудегі жеке сөздердің тіркесі туралы ілім деп қарады.
Ал, кейіннен, тіл білімінде логикалық мектептің үстемдік етуіне байланысты (өкілі Буслаев Ф.Н.) синтаксистің міндеті сөйлеудегі логикалық категорияларды табу деп білді (байымдау, субъекті, предикат, объекті) – (синтаксистің предметі формальды логикалық негізде құралған сөйлем туралы ілім дейді).
Кейінірек формальды-грамматикалық бағыттың өкілдері синтагма теориясын дамытып, синтаксистің объектісі – сөз тіркесі және сөз тіркесінің бір түрі болып табылатын сөйлем деді (Ф.де Соссюр, Ш.Балли, Л.Теннер, Фортунатов, Реформатский т.б.). Бұл көзқарастың жақтаушылары қазір де бар.
Синтаксистің объектісін соңғы, үшінші тұрғыдан қарау, қазір кең етек жайған, ХХ ғасырдың басында қалыптасқан көзқарас. Орыс тіл ғылымында бұл теория (синтаксистің предметі – сөз тіркестері және сөйлем туралы ілімдердің синтезі деп қарау) А.А. Шахматовтың, А.М.Пешковскийдің, кейінірек В.В. Виноградовтың еңбектерінде дамытылды. Кейінірек синтаксис ғалымдардың көпшілігі (М.Балақаев, М.Закиев, Н.Ю.Шведова, А.Н.Гвоздев) осы соңғы көзқарасты қолдады.
Синтаксис – қазір күрделі ғылым саласы. Оның объектілері сөз, сөз тіркесі әртүрлі салада зерттеліп, қаралып келеді. Сонымен, жоғарыдағы айтылғандарға сәйкес, синтаксистің зерттелетін объектілері үшеу, соған сәйкес, синтаксистің үш бөлімі бар.
І. Сөз тұлғасының синтаксисі
ІІ. Сөз тіркестерінің синтаксисі
ІІІ. Сөйлем синтаксисі
ІV. Мәтін синтаксисі
Сөз тіркесінің синтаксисі жеке сөздердің синтаксистік қасиетін зерттейді, сөздердің бір-бірімен тіркесу кесінділігінің ережелерін анықтайды.
Сөз тіркесінің синтаксисі – жалпы тілдік жүйеде лексика-морфологиялық деңгейден синтаксистік деңгейде әртүрлі аралық өткермелі саты.
Сөйлем синтаксисі – жалпы тілдік жүйеде сапалық жағынан жаңа саты. Ол тілдің мәнін, коммуникативтік – функционалдық маңыздылығын анықтап береді.
Мәтін синтаксисі.
Хабарлардың бірлік тұлғасы болғанымен, сөйлем тілде кіші, жеке буын ретінде ғана мәнді. Ол құрылымдық жағынан да, мағыналық жағынан да пікір олардың (коммуникация) жалпы міндеттеріне бағынады. Яғни өзінің ерекшелігіне тек басқа буындармен (сөйлемдермен) байланысу арқылы ғана ие болады.
Сонымен, мәтін синтаксисі жеке сөйлемдерден ірі, өзіндік құрылымдық ереже-заңдары бар тұлға бірліктерді зерттейді.
Жоғарыда айтылған синтаксистің тұлға-бірліктері (сөз тұлғасы, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін) өзара байланысты, шарттас тұлғалар.
Жалпы алғанда, синтаксистің зерттеу объектісі – сөздердің байланысы, сөз тіркесі, сөздердің тіркесу амал-тәсілдері, түрлері, сөйлем, сөйлемді құру тәсілдері, түрлері, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі, сөйлемдердің ірі бірліктерге бірігу тәсілдері мен жолдары, ондағы жеке сөйлемдердің бір-бірімен қарым-қатынасы т.б. мәселелер.
Достарыңызбен бөлісу: |