1-ДӘріс: Қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымның бір саласы



Дата14.10.2023
өлшемі18,22 Kb.
#114854
түріҚұрамы

1-ДӘРІС: ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ - ҒЫЛЫМНЫҢ БІР САЛАСЫ
Ғылым адам баласы ой-санасының, дүние танымының өсуіне байланысты бірте-бірте дамып, қалыптасады. Ғылымның алуан түрі бар. Соның бірі - қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымы. Қазақ тілі әдістемесі ғылымның бір саласы ретінде педагогика ғылымының құрамына енеді. Қазақ тілі әдістемесі - тарихи жағынан дамыған, жетілген, теориялық негізі қалыптасқан, белгілі бір ғылыми жүйеге келген ғылым. Методиканың зерттейтін обьектісі, мақсаты, зерттеу әдістері қалыптасқан жүйесі бар. Қазақ тілін оқыту әдістемесі, ең алдымен, оқушыға қандай тілдік категорияларды үйрету керек, қандай әдіс-тәсілдер арқылы үйретуге болады деген мәселелерді қарастырады.
Сондай-ақ қазақ тілін оқыту әдістемесі - қазақ әдеби тілінің маңызын, әдіс-тәсілдерін, амалдарын, оқушыға ана тілінен білім берудің, оны меңгертудің жолдарын үйрететін ғылым. Мұғалім ана тілінен теориялық білім беру арқылы оқушының өзін қоршаған ортаға көзқарасын қалыптастырады. Отанына шын берілген нағыз патриот, азамат етіп тәрбиелейді. Ондай дағды мен білім, тәрбие беру қазақ тілін дұрыс оқыту арқылы іске аспақ. Сонымен бірге әдістеме мұғалімді педагогиканың қырсырымен жете таныстырып қана қоймайды, қазақ тілін тиімді оқыта отырып, өзінің мамандығын құрметтеуге тәрбиелейді. Яғни, ғылыми дәлелденген, мектеп тәжірибесінен сыналған ең тиімді оқытудың әдістері мен тәсілдерін қазақ тілін оқыту барысында пайдалануға мүмкіншілік жасайды. Сайып келгенде, әдістеме мұғалімнің творчестволық тұрғыдан жұмыс істеуіне бағыт берумен бірге, сабақ берудің тиімді әдіс-тәсілдерін меңгеруге көмектеседі.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі лингвистика, логика, педагогика және психология ғылымдарымен тығыз байланысты.
Әдістеменің лингвистикаға байланыстылығы оқытылатын пәннен жеке дара қаралмайды. Атап айтқанда, тіл білімі жөніндегі материалдың мазмұнына орай әдіс –тәсілдерді таңдау, қолдану, олардың жолдарын көрсету, жаттығу мен дидактикалық материалдарды таңдап, іріктеуге тікелей байланысты. Мысалы, фонетиканы оқытуға байланысты түрлі фонетикалық талдау, әріптерді, дыбыстарды дұрыс айта білу, ал сөз таптарына оқыту барысында морфологиялық талдау, түрлі салыстырулар, жалғау мен жұрнақтың ара-жігін ажырату сияқты әдіс –тәсілдер қолданылады.
Тіл ғылымының үздіксіз даму нәтижесінде әдістеме де жетіліп, байып отырады. Мектепте оқылатын қазақ тілі курсы лингвистика ғылымына жаңадан енген теориялар мен тілдік фактілер арқылы дамуда. Мысалы, соңғы кезде қазақ тілі бағдарламасына да, соған лайық оқулықтарға да елеулі жаңалықтар енді. Атап айтқанда, синтаксис біліміне сөз тіркесі туралы мәліметті енгізу қарастырылды. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің алдына үлкен міндеттер қойылды. Осы тақырыптарды ғылыми тұрғыдан оқушыларға түсіндірудің тиімді әдіс– тәсілдерін іздестіру қажеттігі қойылып отыр.
Қазіргі педагогика, логика, психология ғылымдарының соңғы жаңалықтарына шолу жасай келіп, қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылым ретінде дамуының басты ерекшеліктерін мына мәселелердің төңірегінде қарастыруға болады:
1. Әдістемелік зерттеу жұмыстары жетілдіріліп, эксперименттік бақылау жұмыстары жүргізілуде;
2. Мектеп тәжірбиесі жан–жақты зерттеліп, жаңа факті дәлелдермен байтылады;
3. Оқушылар үлгеріміндегі басты кемшіліктер, оны жоюдың нақты жолдары қарастырылуда.
4. Мектептегі оқыту жүйесінің деңгейін мұқият бақылай, зерттей отырып, әдістеме ғылымының жаңалықтарынан, әсіресе, қазіргі сабаққа қойылатын талаптардан мұғалімнің үнемі хабардар болып, өсіп отыруына назар аудалылуда. Яғни, қазақ тіл білімі мен оның әдістемесін тығыз байланыста қарау мұғалімдердің жан –жақты шығармашылық ізденістерін дамыту, ой туғызу, көмектесіп, бағыт беру қазіргі мектеп реформасы талаптарына сай негізгі мәселелердің бірі болып есептеледі.
Қазақ тілін оқыту процесін жетілдіру процесі әлі аяқталған жоқ. Ол озат мұғалімдердің тәжірибиелерімен толығып, мазмұны мен жүйесі құрылысы кеңейіп, байып отырады. Әдістемеде қолданылып келген кейбір ереже, анықтама, түсініктер, терминдер нақтыланып, жетілдіріліп, дамытылып отырады.
Қорыта келгенде, қазақ тілін оқыту әдістемесі мектепте оқылатын қазақ тілі материалдарын практикалық тұрғыдан оқушыларға саналы түсіндіретін ғылым саласы.
Қазақ тілі әдістемесі мыналарды жүзеге асыруды өзінің міндеті деп санайды:

  1. Мектепте пән ретінде оқытылатын қазақ тілінің әлеуметтік маңызына студенттердің , болашақ мұғалімдердің азаматтық сенімін қалыптастыру;

  2. Болашақ мұғалімдерді қазақ тілі әдістемесінен біліммен қаруландырып, олардың бойына қазақ тілінен программалық материалды оқушыларға берік меңгеретіндей білім дәрежесін өздігінен жетілдіретіндей іскерлік қалыптастыру;

  3. Орта мектептерде өтілетін тілдік материалдың көлемін белгілеп, соған арналған программаларды, оқулықтарды дұрыс пайдаланудың жолдарын үйрету.

Мысалы, а) бағдарламада көрсетілген сағат саны тілдік тақырыптың теориялық мазмұнына сәйкес келмейтін болса, сағат сандарын ауыстыруға болады.
ә)немесе тілдік тақырыптардың өзара туыстығымен айырмашылығын айқындау үшін орындарын алмастыруға болады.

  1. Пән мұғалімінің білім беру жолында қолданатын әдіс – тәсілдерін зерттеп, жүйеге келтіру;

  2. Оқулық пен бағдарламаға қоса, басқа да оқу құралдарын ұтымды пайдаланудың жолдарын көрсету;

  3. Болашақ мұғалімдерге қазақ тілінен ұйымдастыратын сабақ түрі мен сабақтың құрылымдық ерекшеліктерін үйрету;

  4. Болашақ мұғалімдерді оқу методикалық еңбектермен өз бетінше жұмыс істеуге үйрету. Яғни творчестволық қызмет жасауға үйрету, себебі оқытудың нәтижелі болу ұстаздың жан –жақты ізденісіне байланысты.

Профессор Ф.Оразбаева: «Лингвистиканың қай салаларындағы қағидалар мен заңдар болсын тілдік қатынастың қағидаларымен тығыз бірлікте дамиды және оған әсер етеді», - деп жазады. Демек, бүгінгі күнде кеңінен тараған және жаңадан бастау алып келе жатқан лингвистиканың салалары – құрылымдық лингвистика, функционалды лингвистика, прагмалингвистика, мәтін лингвистикасы, контрастивті (салғастырмалы) лингвистика, психолингвистика, нейролингвистика, паралингвистика, антрополингвистика, әлеуметтік лингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, аксиолингвистика, акмелингвистика т.б. ғылымдардың заңдылықтары мен қағидалары да тілді оқытудың түрлі мәселелерін шешуде өзіндік рөл атқарады.
Қазақ тілін оқытуда құрылымдық лингвистиканың теориялық мәліметтері ең бірінші қажеттілік болып саналады. Тілдің құрылымдық жүйесін толық меңгерту арқылы тілдік модельдер бойынша оқыту жүзеге асырылады. Ғалымдардың айтуынша: «С развитием структурной лингвистики выделение речевых образцов или типовых предложений встало на прочную лингвистическую почву, а сам речевой образец стал исходной единицей при обучении устной речи» [190; 26]. Үйренетін тілдің құрылымдық жүйесін жетік меңгерген адам трансформациялау, аналогия тәсілдері арқылы тілдік бірліктерді өзі қалаған мақсатында ауыстырып қолдана алады.
Тілдің құрылымдық бірліктерінің қызмет ету заңдылықтарын қарастыратын функционалды грамматикалық зерттеулердің басты бір бағыты функционалды (жұмсалымды) грамматика болып табылады. Функционалды грамматика ғылымының басты нысаны – тілдік бірліктердің сөйлесім әрекетінде қолданылуы, тіл бірліктерінің қолданыс үстіндегі қызметін мазмұн жағынан топтастырып, өріс түрінде көрсету болып табылады. Ғалымдар З.Қ.Ахметжанова мен З.Ш.Ерназарова осы мәселеге қатысты: «Қазақ тілінің өзгетілді аудиторияда оқытыла бастауы тіл теориясының ашылмай жатқан, академиялық грамматика мен оқулықтарда қамтылмаған жаңа мәселелерін ашты. Ол, ең бірінші, тілдік форманың қолданыстағы қызметі, оны қалыптастыратын заңдылықтар жүйесінің анықталуымен, яғни функционалды тіл білімімен байланысты мәселелер болып отыр. Қазақ тілі оқулықтары құрылымдық грамматиканың дәстүрлі ұғымдарын берумен ғана шектеліп, ал сөйлеу тілі синтаксисінің ұлттық сипаттағы құрылымдары, аспектуалділіктің берілуі және функционалды категориялардың көрінуі жүйелі әрі толық қамтылмай отыр», - деп атап көрсетеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет