1. Жесір қалған әйел кімге тиемін десе де өз еркінде болсын



Дата10.03.2023
өлшемі23,13 Kb.
#72873


Мәжіліс тағы екі күнге созылып барып әрең аяқталды. Билер Есенейдің көңілін сұраған болып, Ұлпан ойларын жұқартқылары келіп еді, Есеней мойны бұрылмады.
— Мен Ұлпанға шылбыр-тізгінімді біржола беріп қойған адаммын. Мен түгіл бүкіл Сибанның сөзін ұстайтын сол кісі. Осыған көздерің үйрене берсін,— деді де басқа сөз айтпады. Мәжілісті аяқтап келгенде Тұрлыбек пен Леознердің сүйемелдеуі арқылы Ұлпанның екі ұсынысы амалсыз қабылданды.
1. Жесір қалған әйел кімге тиемін десе де өз еркінде болсын.
2. Жесір әйел ерінен қалған мал-мүліктің үштен екісіне өзі ие, үштен бірі ерінің ағайын-туғандарына берілсін.
Бұдан көп жыл кейін өткен болыс-билердің облыстық төтенше съезінде де бұл екі ұсыныс өзгертілмей алынды.
Ұлпан байғұстың бұдан кейінгі он жыл өмірі еркек шыдай алмас, әйел ғана шыдар азапта өтіп келе жатыр. Барлық міндеті кісіде, күні-түні күзетте тоғыз жыл жатып, Есеней былтыр қайтыс болды. Қол-аяғынан жан кетіп, Есеней де Артықбай батырға ұсап сал болып қалып еді. Есеней қайтыс болған күні Артықбай батыр да қайтыс болыпты. Екі жақтың жіберген хабаршылары қарама-қарсы жолда кездесіп екеуі де кейін қайтты. Әкесінің өліміне Ұлпан да бара алған жоқ, Есенейдің өліміне шешесі Несібелі де келе алмады. Ұлпанның осы күнгі көңіл аулары өзінен туған жалғыз қызы — қазір онға толған Біжікен — Бибіжиһан.
Бұдан үш жыл бұрын Ұлпан елу балалық медресе салдырып еді. Біжікен сол медреседе оқиды. Зерек болып шықты. Әліпби, әптиек шырғалаңдарынан оңай өтіп, былтыр құранға түсті. Кешке қарай Ұлпанның қасына күнде келіп отыратын ауыл әйелдеріне «Мұңлық — Зарлық», «Бәдіғұл Жамал», «Шәһінама» хиссаларын, «Еңлік — Кебек», «Қыз Жібек», «Қалқаман—Мамыр», «Сұлушаш» жырларын оқып береді. Әндетіп оқи берген соң даусы да ашылып, ырғақталып келеді. Қазақ әйелі қайғысыз-мұңсыз болған ба, әйелдер солқылдап жылап отырып тыңдайды. Мұндай жылаулар әжелердің әжелерінен бері әйел жүрегіне қатқан шершеменді ерітіп, жуып жібергендей қуанысып қайтады. Ертеңіне тағы сол еді. Есеней қайтыс болғалы бұл да тоқталып қалды.
Ұлпан бұл кезде қара жамылған қаралы әйел. Үйінен шыға алмайды. Есеней ауырып жатқан жылдарда бұрын басталған істері аяқталып қалды. Алты ауыл Сибанды Есенейдің қазаны мен қолына қарап телміріп отырудан біржола құтқарды. Қашаннан бері Есенейдікі болып келген кең жерді әр ауылға бөліп берді. Мұнысы жалғыз бұл ел емес, жалпы Сібір қазақтары үшін жаңа бір үлгі еді. Оның аты не екенін Ұлпан өзі білген емес. Кедейлік жаншып, ділгірлік сорына белден батып отырған жоқ-жітікке жаны ашыды да, қолдан келерін істеді де берді. Қазір Есенейдің малы екі есе азайды, оның есесіне ел Сибанның малы он есе көбейді. Ел аздап егін салады, шөп шабады. Бала-шаға дірдектеп қыс бойы киіз үйде отырмайды, жылы қысқы үйде отырады. Әсіресе, осы қысқы үй үшін ел-жұрты Ұлпанға қатты риза.
Есенейді жұрт құрметтейтін де еді, қорқатын да еді. Ұлпанды жұрт әрі құрметтейді, әрі жақсы көреді. Бұдан он жыл бұрын Ұлпанға сұрана келуші еді, осы күні ақылдаса келеді. Есенейге кімнің батылы барып ақылдасам деп ойлаған!
Бұрын Есенейден ығысып-ықтап қалған бес болыс Керей елі де үлкен дау-жанжал болса, Сибан елінің ыңғайын байқау үшін Ұлпанға бір соқпай қоя алмайды…
Ұлпан медресені де осы елдің балаларын оқыту үшін салдырып еді. Әттең, өзі оқымаған адам, медресе салып, молда жалдап беруден басқасына араласа алмайды. Туысты күні және жайлау кезінде қырық шақты бала оқиды. Көктем кезінде балалар азайып қалады.
Есеней қайтыс болғанда Сибан деген елде едәуір қобалжу бар еді. Бұған дейін Есенейдің атақ-даңқынан ығысып келген өшті-қасты елдер әлдеқашан ұмытылған кектерін еске алмасына кім кепіл? Есеней әулие адам емес-ті. Тісі батқан, тізесі батқан елдер де бар, белді адамдар да бар. Ол жайды Ұлпан жақсы біледі. Ел де жақсы біледі.

Ұлпанның қонақ үйіне түскен болыс-билер ауыл сыртына шығып отырып, Сибанның, ауыл адамдарын шақырып алды. Сөзді Тоқай би бастады:
Керей атанатын елдің, үлкен бір ордасы жесір қатың жетім баланың қолында қалып барады. Жат елдік болып жаралған қыз баланың жөні бір басқа, жесір қалып бара жатқан жас әйел туралы, Сибан, сен не ойлайсың? Есенейден қалған ен дәулетті шашпай төкпей ие болып отыра алар ма сол жесір әйел? Күндердің күнінде бауырлас Керей елінің болыс-билері асқа тойды да, арттарына да қараған жоқ деген наразылық болып жүрмесін деп осы ойымызды айта кетуге қайта оралдық. Бұл бір...— деп Тоқай Байдалыға қарады. Байдалы би іркілмей киіп кетіп:— екінші,— деді.
— Екінші, Сибан ағайын, өрттің өзінен бұрын түтіні көзге түседі. Біз сол түтінді көріп, қиналыспен келіп отырмыз. Ертең Керей Уақты түгел дүрліктіретін өрт келе жатыр. Есенейдің жалғыз інісі Еменалы мұрагерлік сұрап отыр. Соның ішінде әменгерлігі де бар. Сибан, саған жаным ашымаса, қиналар ма едім, қиналғаннан баптап айтар сөзімді тіке айтып, шолақ қайырып отырмын. Сибан, бұған не айтасың?
Керей Уақтың билерінде аз ғана Сибанға алыстан қазылып келе жатқан мұндай терең ор болар-ау деп Мүсіреп ойламайтын еді. Мүсіреп осыны ойлап билер сарабына салмайтын жауап қайырды:
— Сибанның, басына бұлт төніп келе жатқанын ескерте кеткелі қайта оралып келгендеріңізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, қадірлі билер. Бірақ, осы айтқандарыңыздың бәрі де қанша зілдей болғанымен Сибанның, өзі-ақ шешіп тастайтын үй ішілік жайлар емес пе? Мұрагер кім, қай баласына қандай енші тигені дұрыс, оны Сибан өзі шеше алса керек. Сибанға ең ауыр тиетін сөздеріңіз Ұлпан бәйбішені Сибан емес, бір күні төркініне көшіп кетеді дегендеріңіз... Бұл елде екі адам Сибан болса, Ұлпан сол екеудің, бірі, біреу болса сол біреудің, өзі Ұлпан! Ұлпан тек Сибан ғана емес, он бес жылдан бері осы елдің, Есенейі! Есенейдің, өзі атап кеткен Есенейі! Сіздер Ұлпанды жесір қалған қатын деп отырсыздар, Сибан оны «әулие Ұлпан!» дейді. Сибан қандай талқыға түссе де, осы ойынан айнымайды…
Қасында бір-екі әйелден басқа ешкім жоқ, Ұлпан жалғыз қалды. Жаңа келген болыс билер амандық-саулықты көп созбай, кешегі әңгімелеріне көшті… Осылай жалпы ықтатып алар қауіп-қатерді тізе келіп, билер сөз аяғында кешегі айтқан мұрагерлік, әменгерлік жайларын қадағалады. Ұлпан кім сөйлесе де, көзінен көзін айырмай отырып тыңдады. Ұлпанның көзінде күнәсіз жанның, ығыспай қарай алатын күші бар еді. Әдейілік емес, жаратылысы сол. Билер түз тағысын тосқауылдап қуатын ұялы қасқырша бірінің сөзі әлсірей бергенде, екінші біреуі іліп әкетіп, Ұлпанды ұзақ қудаласа да, бір тұйыққа әкеліп қамай алмай қойды. Ұлпан ешкімнің, сөзін бөлген жоқ, ешкімнің, сөзін елеусіз қалдырмай ұғына тыңдап, алдында тұрған үлкен сары ала шара қымызды сапыра берді, сапыра берді. Қымызды не бермей, не жинап әкетпей сапыра беру деген адамның, жүйкесіне қатты тиеді екен. Ант ұрған қатынның, бұл қай өнері? Әдейі істеп отыр ма, болмаса сөзге айналып, ұмытып кетіп отыр ма? Есеней де қашан айтарында айтып титықтап болғаныңша сазарып отыра беруші еді. Әлде содан үйренгені бар ма екен? Сапыра берген қымыз иісінен қонақтарының аузынан сілекейі шұбырып, сілесі қатқанша Ұлпан үн шығармай отырды да, қымызды енді ғана бере бастады. Содан соң, өзі де сөйлеп кетті:
— Қадірлі болыс билер, Сибанның, сіздерге айтар алғысы көп. Есенейдің асын дау-жанжалсыз өткізісіп бердіңіздер... Осы келістеріңізде де үлкен мән бар екен. Бұларыңызға да алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Есенейі жоқ, жаңа Сибан, жас Сибан өз атының басына өзі ие бола алмай әлденеге ұрынып қала ма деген оймен оралған екенсіздер. Сибан мұны да үлкен қамқорлық деп бағаласа керек. Жас баланы алғаш атқа мінгізгенде үлкендер алыстан бақылай жүруші еді ғой! Сіздердің, ойларыңызда содан басқа не болсын!.. Сибан айтар көп алғыстың ең үлкені осында деп біліп қадірлеп ұстармыз, аяқсытпаспыз...
Бұдан кейін болыс билер Ұлпанды қайта қамалай алған жоқ. Сыртынан қанша балағаттасаң да, кездесіп қалғанда мысы жеңе беретін адамдар болады. Ұлпан сондай жан еді. Қазір Ұлпан ақыл-ойы толыққан, ел атынан сөйлейтін ел анасы атанып келе жатқан кезі еді. Денесі де толығып, бұғағы білініп келе жатқан маң, бәйбіше. Болыс билер Ұлпанды ықтатуға өрелері жетпей қойғанын сезініп, әшейін қымыз ішуге келгендей, қымызды құлата берді, құлата берді.



Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет