1-кезең сайын мұратбеков «АҚ СҮт иесі»



Pdf көрінісі
бет1/2
Дата27.03.2023
өлшемі453,09 Kb.
#76623
  1   2
Байланысты:
1-кезең кітабы.



1-КЕЗЕҢ 
САЙЫН МҰРАТБЕКОВ 
«АҚ СҮТ ИЕСІ» 
 
 
 
 
 
«Көп ұлтты әдебиетіміздің гүлдеп тұрған мәуелі бағында 
Сайын Мұратбековтің жас талдай желкілдеп бой көтерген 
тамаша прозасы бітік шығып, алыстан көзге түсіп, көз тартары 
сөзсіз». 
Ғ. Мүсірепов 
*** 
Мен әжемді дүниедегі ең бақытты ананың бірі санайтынмын. 
Өз құрсағынан шыққан үш ұл, бір қыздан өніп-өскен өркеннің өзі 
бұл күнде кішігірім бір ауыл дерліктей боп қалды. Ең үлкені – менің 
әкем Көсембай колхоздың бас бухгалтері, ортаншысы Әсембай – 
колхоздың маңдайалды шопандарының бірі. Москва, Алматыдағы 
мәжіліс, көрмелерге жылына үш-төрт рет барып қайтады, кіші ұлы 


Еселбай жоғары оқу орнын, одан кейін аспирантураны бітірген, ал 
кенжесі Мәржәпия – үш ағасының арқасында маңдайынан ешкім 
қақпай, бұла боп өскен, адуын, ерке қыз – жуырда ғана ауылдағы ең 
көрікті жігітке ұзатылды. Міне, әжемнің барар өрістері осындай. 
Ендігі бір аңсайтыны – шөбере сүю, тек, әттең, немерелері 
кәмелетке жетпей жатыр. Немерелерінің ең үлкені – мен он жетіге 
биыл ғана толдым. Әрине, он сегізге тола қалған күнде де үйлене 
қояйын деп жүрген мен жоқ. Бірақ әжемнің жатса-тұрса 
армандайтыны – менің тезірек өсуім.
- Жеңісбегімді аяқтандырып, осының бір шүйкебасын көрсем, 
- деп тілейді. Мен оның сөзін естімеген адамша қызараңдай күліп 
қана, үнсіз құтыламын. Былай шыға бере ойға қаламын да, іштей: 
«Әже-ау, көресің ғой әлі бәрін. Тіпті мені қойып, биыл ғана 
мектепке барған Есеттің де шүйкебасын көрерсің әлі», - деймін. 
Шынында да менің әжем әлі жас – алпыстың үшеуінде ғана, 
кәрілікке жеңдірмеген, жүріс-тұрысы жинақы, пысық. Алайда 
өлімге даярланғанына біраз жыл болды.
- Асқазанымның түбінде бір пәле бар, қанша жүргізер дейсің, 
алып тынады ғой, - деп қояды. Өзінің еншісіндегі үлкен қара 
сандықта әдемілеп бүктеп, қалампырлап салып қойған, сүйегіме 
салынады деген төрт су жаңа барқыт қамзолы бар, ал атлас, шәйі, 
жібек көйлек дегендер бүкіл бір ауылдың кемпірлеріне үлестіруге 
жетерліктей. 
Амал не, әжем соның бірін кимейді. Ылғи, бір арзан бұлдан 
тігілген көйлектер мен әкемнің етек-жеңі қырқылған ескі пиджагін 
киіп алып, ертеден қара кешке дейін салп-сұлп етіп, үй шаруасынан 
қолы босамай жүргені. Бейнетқор-ақ адам. Қай баласының үйіне 
барса да, басынан асқан үй шаруасына араласады да кетеді. Әкем 
колхоздың бас бухгалтері болса да, біздің үй қысы-жазы отынға бір 
жарыған емес. Ағаш отын арбалап келіп те жатады, бірақ жылан 
жұтқандай еш шақ келмейді. Сондайда, әжем маған бір арбаны 
айдатады да, мал жайылған өріске барып, күні бойы тезек тереміз, 
қурай орамыз, тобылғы шабамыз.
Әсембайдың үйіне барса, көзі жасаурап, күндіз-түні ескі қара 
машинаның құлағынан түспейді. Оның қара сирақ балаларына киім 
тігіп, ескі-құсқысын жамап-жасқап, кір-қоңдарын жуып есі 
шығады. 


Ал Еселбайдікіне барды дегенше, әжемді аяғынан таусылып, 
күніне бір рет аудан орталығындағы дүкен атаулыларды аралап 
шықты дей бер.
Қысқасы, бір баласының үйінде жаны жәй тауып, рахаттанып 
отырған емес. Енді соңғы кезде Мәржапия да қыңқылдап, мазасын 
алып жүр. Аяғы ауыр, аман-есен босанса, әжемнің қолына барып 
тұруын жиі айтады. 
Мүмкін, осының бәрі де ана үшін бақыт шығар. Өле-өлгенше, 
қолынан келгенінше балаларына қол ұшын беруді әрбір ананың өзі-
ақ тілейді-ау деймін. 
Өйткені әжемнің көрші-көлем кемпірлерге: - Е, Алла, 
осылардың құлы боп жүріп өлсем, арманым бар ма! – деп айтқанын 
талай естігем. Сондықтан мен әжемді дүниедегі бақытты ананың 
бірі санайтынмын.
Әжем менімен кішкене күнімнен сырлас. Екеуміз оңаша 
қалғанымызда өткен-кеткенін айтып, ерінен жастай жесір қалып, 
үш ұлын қалай адам қып өсіргенін әңгімелейтін. Мен әжемнің 
көрген бейнетіне, кереметтей төзімділігіне жаным да ашитын, 
сүйсінетінмін де. Сондайда, қолымнан келсе әжемді үлде мен 
бүлдеге орап, тырп еткізбестен төрге, төрт қабат көрпенің үстіне 
отырғызып қойсам деп арман ететінмін. Менің осы ойымды жақсы 
ұғатын әжем: 
- Қозым, қозым... сенің осы айтқаныңның өзі-ақ маған үлде 
мен бүлде емес пе. Айналдым сенен! Басқа күшіктер тегіс жиылып 
бір төбе болғанда, сен өзің бір төбе емессің бе, маған, - деп 
еміренетін. 
Сол әжем менімен биыл бұрынғыдан да гөрі етене 
сырласатын болды. Жазға салым бір айдай Әсембайдың үйінде 
жатып қайтқаннан кейін, көзі кіртиіп, жүдеу тарта бастады. 
Ешкімге байқатпай жиі-жиі күрсініп, үһілейтінді шығарды. Ал 
кейде тіпті жүн түткен боп отырып, өзінен-өзі ешкімге көрсетпей 
көзінің жасын іркіп алатын.
Бір күні екі кештің арасында біздің үйге Мәржәпия келді. 
Үйіндегі шаруасын істеп жүріп шығып кеткен беті болса керек, 
жеңін түріп алған, білегі қамыр-қамыр, ал шалғышы ұн. Құмарта 
сағыз шайнап жүр. Әдетінше шолжаңдап кеп: 


- Тәтемнің (менің шешемді «тәте» дейтін) не тәттісі бар екен, 
жеп кетейінші, - деп ас тұратын жерлерді тінтіне бастады. Онан 
төргі бөлмеге кірді де, шифоньерді ақтарды. Әлден уақытта 
сықылықтай күліп, қолтығына әлденені қыстыра шықты да: 
- Тәтем іздемесін, міне біреусін мен алдым, - деді де, жүгіре 
басып кетіп қалды.
- Екі кештің арасында неғып жүрсің, тағы несін әкеттің? – деп 
бажылдаған әжемнің сөзін құлағына ілген жоқ.
Біраздан соң жұмыстан шешем келді, кешкі тамақты ішіп 
болғаннан кейін әжеммен ақылдасқандай: 
- Бүгін өзіме бір көйлектік зат алып едім, қалай тіксем екен? – 
деді де, төргі бөлмеге барып, шифоньерді ашты, астан-кестен 
ақтарыстырып, ас бөлмеге қайта шықты.
- Сіз алып, бір жерге қойған жоқсыз ба, әже? 
- Жоқ, көрмедім. – Бір пәленің боларын сезгендей, әжемнің 
ұрты суалып, әжімді жүзі онан сайын қуарып кетті. 
- Не дейді? 
Алма жеп отырған кішкене қарындасым мұрнын бір тартып 
қойып: 
- Жаңа Мәжен тәтем бидеңе алды ғой, - дегені. Көзі шатынап, 
долданып Мәржәпияны көктен алып, жерге салды. Айтпаған сөзі 
қалмады. Әкем жайлап қана: 
- Жә, болды ғой, енді. Со бір төрт метр зат кісі құны емес 
шығар, - деп еді, шешем одан әрмен тулап кетті. 
Әжем ләм деген жоқ. Бір-ақ уыс боп бүрісті де отырды. Түні 
бойы әлсін-әлсін естілер-естілмес күрсінумен, үһілеумен болды.
Ертеңіне, күндегі әдетінше, қора маңындағы кепкен 
тезектерді жинап, түске дейін нан пісірді. Онан соң маған: 
- Бүгін түстен кейін тобылғы шауып әкелейік, арба жекші, - 
деді.
Әжем екеуміздің ең бір жақсы көретін сәтіміз – арбаға 
отырып, отынға бара жатқан кез. Атты жәй ғана аяңға салып қойып, 
әжем екеуміз нағыз тең-тұс сырластардай-ақ, қызу әңгімеге 


кірісеміз. Әжем мені еш уақытта жассынып кемсітпейді, қайта 
медеу тұтқандай, көңіліндегі назын айтып, шерін тарқатады. 
Жаздың ми қайнатқан ыстық күні. Түс аптабы сәл қайта 
бастаған. Бірақ төңіректің бәрі аңызаққа салынып, зеңіп тұр. 
Шыбындап, мазасы кеткен ат жай жүрсе де, қара тер боп келеді. 
Әжем екеуміз арба үстінде қолшатырды көлеңкелеп отырмыз. 
Алған бетіміз – Тереңсайдағы тобылғылы қия. Әжем сол 
Тереңсайдан жасырақ кезінде қалай тобылғы шапқанын 
әңгімелейді: 
- Ол кезде балалардың бәрі жас, үйге қалдырып кететін кісі 
жоқ, үшеуін де күнде өзіммен бірге тобылғы шабатын жерге алып 
барам. Күніне бір арба тобылғы шабатынмын. Жігіттің жігіті ғана 
ілесуші еді маған. Кешкісін тобылғымды таудай етіп арбаға 
тиегенде (ондағы арба қандай), әлгі жігіттер: «Апыр-ай, Бәзила-ай, 
тобылғы шабу үшін жаралғансың ғой сірә», - деп қайран қалатын... 
Тереңсайға да жеттік. Атты таудың етегіне доғарып, 
тобылғылы қияға да шықтық. Мен екі кетпенді иығыма салып 
алдына түстім де, әжем екі қолын артына қайыра ұстап, жайымен 
дем алып көтерілді. Ентіге сөйлеп келеді:
- Шіркін-ай, өсіп кетіпті ау... Сол жылдары тып-типыл ғып-ақ 
тастап ек. 
Қияның тобылғысы шынында да бітік екен. Шетінен қамшыға 
сап болардай жуан, қызыл күрең, адамның бойымен бірдей. Әр түбі 
бір арқа отын. Арасынан өтіп жүру қиын.
- Жеңісжан, міне, мына бір жерден бастайық. Баяғыда осы 
арадан мен, әне бір тұстан Зарқом марқұм, онан әріректен қазіргі 
мына сиыршы Исабай шал түсіп, жарысушы ек... Бісміллә... Өйбүй, 
Жеңісжан, мынау түскірің жеп-жеңіл екен ғой, алдыңдағы ауыр 
кетпенді бер маған. Өстімесе, іс өне ме, балам ау?.. 
Әжемнің өңі жасарғандай, өзгеше бір жайнап шыға келеді. 
Ала-құла, бірі бар, бірі жоқ тістерін көрсетіп күледі. Алақанына 
түкіріп қойып, кетпенді құлаштай көтеріп, сілтей жөнелді. Кетпенді 
әр сілтеген сайын екі иінінен ыңқылдай шыққан «үһілеу» естіледі. 
Бірақ сол «үһілеудің» өзі әжемнің әр қимылына екпін қосып 
тұратын сияқты көрінеді. Әп-сәтте бір өзі үлкен арқа тобылғыны 


қопарып та тастады. Шаңытқан әжімді жүзінен айғыз-айғыз боп тер 
ағып, алқына кеп демалуға отырады. 
- Деміңді ал, балам. Аса зорланба. 
Екеуміз енді қатарласа отырып, солығымызды басып, айран 
толы торсықтың аузын шешеміз. Әжем қышқылтым, салқын 
айранды тамсана отырып, асықпай жұтады. Қой көзін мейірлене 
қадап: 
- Қуатым менің, қозым, - деп кекілімнен сипайды. 
Тобылғыны тағы да біраз шауып, демалуға екінші рет 
отырғанымызда әжем маған сыр қылғандай іште жатқан бір 
әңгімесін бастады: 
- Әлгі Әсембай сенің әкеңнің бетін көрмеймін деп ренжіп жүр, 
- деді торыққан үнмен, - Көсембай да оңбайды, сол иттің алашағына 
тиіп қайтеді екен десеңші. Осы жазда жүнді көп қырыққаны үшін 
колхоз сыйлық жазған екен, сонысын мынау сыртынан қол қойып, 
алып қойыпты ғой. Анада мен үйінде жатқанда бұлан-талан боп, 
«мұнда қысы-жазы мал соңында бейнетті біз көреміз де, сыйлықты 
жаны тыныш жүрген ол алады. Басқармаға арыз етем» деп қиғылық 
салды ғой. Мен де ұрыстым өзіне: «Ауысқанаң сол ма еді, ит? 
Біріңді-бірің сүйеудің орнына, қит етсе, арыз айтам, ойбай сөйтем, 
ойбай бүйтемге әзірсіңдер, түге» - деп. Ол иттің мінезі де дойыр ғой. 
Үлкен деп сыйламай, тік айтып тастаса, көңілін қалдырады ғой... 
Беу-у, құдай-ай, осылардың арасына дәнекер болам деп-ақ... Ертең 
менің көзім жұмылғанда қайтер екен? Бәрінің емгені бір ананың 
ғана – бір менің ғана ақ сүтім еді... – Әжем ауыр күрсініп, 
маңдайының терін сүртті. Қабағы кіртиіп, ұрты бұрынғысынан да 
ортайып, әбден шаршаған кейіпте отырып қалды.
- Мәржәпия да, әне, сенің шешеңді қан қақсатып кетті. Қанша 
айтамын сол қызға: «Енді үйің бөлек, күйің бөлек, жеңгелеріне 
абайлап еркеле, екі ортада бауырларыңды ренжітіп аласың», - деп. 
Тіпті кейін заржақ кемпір атанамын ба деп қорқам.
Бұрын отыннан қайтқанда бір самаурын шайды бір өзі 
төңкеретін әжем бұл жолы екі-үш кеседен әрі іше алмады. 
- Жүрегім лоблып, батпай отырғаны, - деді. 


Біртіндеп әжемнің тірлігінен күдер үзе бастадық. Әбден 
әлсіреп, күні жеткенін сезді-ау деймін, бір күні: «Әсембай мен 
Еселбайға хабар беріңдер, арыздасып қалайын», - деді. Дереу 
ауданға да, таудағы Әсембайға да адам шаптырдық. Түске жақын 
үйіліп-төгіліп бәрі де келді. Әжемнің қолынан сүйіп, маңдайынан 
иіскеп, бала-шағаларымен қоршалай отырды. Ақтық демі қалған 
аяулы аналарына әрқайсысы жаудырай қарайды. Бәрінен де, 
Әсембай бос екен, еңіреп жылай береді. 
- Арманым, өсиетім – сендердің татулықтарың. Әжем 
татулықты өсиет етіп, ақырғы демі біткенше балаларына дәнекер 
болып өтті.
- Жарықтық, төрт түгілі сай, үрім-бұтағының алдында жақсы 
аттанды, арманы жоқ, - десті жұрт. Әжем ұйықтаған адамша жатты. 
Ұрты суалған, қабағында жалғыз ғана кейістік бар сияқты: 
«Бәріңнің емгенің бір ғана – бір менің ғана сүтім еді, неге тату 
болмайсыңдар, не жетпейді?», - дейтін тәрізді. 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет