1-практикалық сабақ. Когнитивтік лингвистиканың зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері



бет1/5
Дата08.04.2022
өлшемі46,34 Kb.
#30371
түріСабақ
  1   2   3   4   5
Байланысты:
Практика ког.линг


1-практикалық сабақ. Когнитивтік лингвистиканың зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері.


  1. Когнитивтік лингвистиканың зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері.

  2. Когнитивтік лингвистика - жеке ғылым саласы.

  3. Когнитивтік лингвистиканың пайда болуының алғышарттары.

Когнитивтік  ғылымның  негізгі  пәні  –  адам  санасы  мен  оның технологиялық ойлауы. Бұл пәнаралы ғылым адам санасының белгілі бір жақтарын, ең алдымен оның жүйелі түрде ойлауымен және дүниені тану үдерістерімен байланысын зерттеуге арналған.  

Когнитивтік  лингвистика  –  тілдің  танымдық  теориясы  мен  танымдық қызметін зерттеп, адамзат білімінің түзілуі мен  оның  қызмет  болмысын 

қарастырады. 

Когнитивті  лингвистиканың  зерттеу  нысанына сондай-ақ концептілер жатады. Олар концептілік жүйе құрап, өзіндік белгілермен ерекшеленетін концептуальды кеңістікті құрайды.

Когнитивтік  лингвистика  когнитивтік  құрылымдарды  қарастырумен қатар, адам санасында тілдік және тілдік емес білімдер жүйесінің құрылымын, сондай – ақ тілдік және тілдік емес ақпараттарды игеру, өңдеу, қолдану тәрізді әрекеттердің жүзеге асуын қарастырады. Тілдік таңба арқылы  кодқа салынған ақпаратты ашып немесе ақпараттарды кодка салу тәрізді әрекеттер когнитивтік лингвистиканың құзырына жатады.

Тіл біліміндегі жаңа  ғылыми  бағыттардың қайнар көзі, шығу арнасы Еуропада В.Гумьболдтың линго-философиялық тұжырымдамаларынан, ал Америкада Ф.Боас, Э.Сепир, Б.Л.Уорфтардың көзқарастарынан бастау алады.

Ресейлік филологиялық және тілтанымдық дәстүрді жалғастырушы Н.И.Толстой, Н.Топоров, В.В.Иванов, В.А.Аврорин, В.Н.Телия, В.В.Воробьев, А.Вежбицкая, Е.М.Верещагин, В.Г.Костоморов, Ю.С.Степанов, А.Д.Арутюнова, В.Маслова т.б. ғалымдардың зерттеулерінде ақиқат шындық болмыс, халық тарихы, ел тарихы, дүниетаным, рухани және материалдық мәдениеттің құрамдас бөліктерін құраушы ұлттық құндылықтар жүйесі тіл құрылымының танымдық астарымен, таңбалық сипатымен, тілдік бірліктердің ұлттық-мәдени семантикасымен тығыз байланыста сарапталады. 

Когнитивтік  лингвистика когнитивтік  құрылымдарды  және  адамға қатысты үдерістерді, яғни жүйелі сипаттау және адамның тілді қабылдауын түсіндіру механизмін және осы механизмдердің құрылу ұстанымдарын қарастырады.

Когнитивті лингвистиканы танымдық тіл білімі немесе немесе тілдің танымдық сипатын зерттеуші антропоцентрлік бағыттағы тіл білімінің үлкен бір саласы деуге болады. Танымдық тіл білімінің негізгі зерттеу нысандары – таным мен ақыл, ой мен сана, тіл мен таным, тіл мен ой.

Когнитивтік ғылым ақпараттарды өңдеу мен мағлұматтар жайлы түсініктер жүйесін және ойлау процесін басқарудың жалпы принциптерін айқындайды. Адамның физиологиялық, психологиялық, психофизиологиялық ерекшеліктерін ғана есепке алмай, оны қоршаған дүние жайлы мағұлматтарды жүйелеу, сарапқа салу қажеттілігі туады. Когнитивтік лингвистикалық зерттеулерде түрлі ұлттарда дүниенің тілдік бейнесі түрліше қалыптасқаны айқындалып отыр.

Когнитивті лингвистика саласындағы негізгі бағыт тіл мен адам санасын, тіл мен танымды біртұтас жүйеде қарастыру. Айнала қоршаған ортаның адам санасында бейнеленіп, тілде көрініс табуы, тілдің танымдық сипаты когнитивті лингвистикада тереңнен қарастырылады.

Қазіргі лингвистикалық теорияның маңызды ерекшелігі-когнитивтік лингвистикада ойлау, тіл және танымның біртұтас бүтін, біртұтас когнитивтік тілдік кешен болып айқын көрінуінде. Біртұтас когнитивтік тілдік кешен XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басындағы лингвистикада тілді түсіну аумағын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бастапқыда танымдық процестерді қазіргі заманның есептеуіш техника негізінде белгілі бір құрылымдар ретінде түсіндіру орын алады. Алайда бұндай пікірге қарсы пікірлер де аз емес: «Когнитивтік ғылым адам танымының құрылымын қазіргі заманғы есептеуіш техника көмегімен үлгілеу жолдары арқылы зерттеу әрине өзекті, ең бастысы-іс жүзінде қолданбалы. Дей тұрғанмен, адамның танымдық құрылымдарын механикалық құрылымдарға пара-пар етуге болмайды. Бұл адамның ойлау қабілетін немесе когнициясын зерттеу ақпаратты символдық өңдеудің бағдарламасын зерттеумен бірдей дегенге әкелер еді. Онда адамның ми қыртысын нерв жүйелерінің өзара қарым-қатынасы ретінде де, оның ментальды жағдайын танымдық ғылым аясында зерттеудің ешқандай да қажеті болмас еді» (36,43). Осы пікірді қуаттай келе В.З.Демьянков бұл «адамдар мағыналық нәрселермен ойлағандықтан адамның іс-әрекетінің интенционалдығын зерттемей, тек қана символдармен ғана түсіндіруге әкеліп соғады» дейді.

Когнитивті лингвистика ғылымына қатысты Р.Шепард бұндай сипаттама жеткіліксіз дей келе, өз тарапынан адам ми қыртысындағы ментальды процестерді белгілі бір жүйеге келтіріп, басқарып отыратын жалпы қағидалар туралы ғылым деген анықтама береді. Ал бұл принциптердің пайда болуы мен олардың қызмет атқаруын ғалым жалпы дүниенің белгілі бір заңдылықтарға сүйенетіндігімен ұштастырып, ойлау" заңдылықтары мен механика заңдылықтары арасында ұқсастықтар табады.

Танымдық ғылымның аясының кеңдігі мен күрделілігі, оның зерттеу нысаны болып табылатын білім мен танымның табиғатын, білімнің шығу көздерін, оларды жүйелеу, білімнің дамуын, бұның бәрі психология, антропология, философия, нейрология, тіл және де жасанды интелектіні үлгілеу т.б. ғылымдардың өзара карым-қатынасы негізінде жан-жақты зерттеуді талап ететіндігі сөзсіз.

Когнитивті  лингвистика  бірнеше  факторлардың  әсер  етуінен  пайда болды. Когнитивті лингвистиканың пайда болуына когнитивті психологияның да әсері болды. (Тіл біліміндегі психология жайында ХІХ ғ. А.А Потебня,  Г.Штейнталь, В.Вундттың еңбегі бар). Когнитивті психология бұл  кезеңде психолингвистика объектісі тұрғысында қарастырылды.

Когнитивті лингвистиканың пайда болуына лингвистикалық семантиканың да әсері болды. Кейбір зерттеуші ғалымдар когнитивті лингвистиканы «семантиканың негізінен туындаған» деп топшылайды.  

   Когнитивті лингвистиканың даму кезендерін АҚШ-ғы «когнитивті грамматиканың» пайда болуынан да, сондай-ақ Ресей жеріндегі «когнитивті семантика» терминімен байланысты деген көзқарастар т.б. Когнитивтік лингвистика алғашқыда нейролингвистика (жасанды интеллект және компьютерлік ғалымдар) аясында зерттелген. Зерттеу барысында ғалымдар оның адамзат баласының дүниетанымын, парасат -  пайымын, ойлау деңгейін, тілдік бейнесін де қарастыратындығына көз жеткізген болатын.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет