14-тақырып. Адамның пайда болу теориялары Адамның пайда болуы жөнідегі екі негізгі көзқарас бар: ғылыми және діни.
Адамның пайда болуы жөнінде діни көзқарас. Діни көзқарас дәлелдеуді қажет етпейді, сенім мен аңыздарға жүгінеді. Адамның пайда болуы жөнінде діни түсініктердің негізінде креационизм тұжырымдамасы жатыр.
Креационизм – адам мен бүкіл тіршіліктің тәңірі (немесе құдайдың) тылсым күшінің көмегімен жаратуына сәйкес келетін діни тұжырымдама.
Әлемдік авраамдық діндер (иудаизм, христиандық және ислам авраамдық діндерге жатады. Өйткені бұл бірқұдайлық семит тайпасының әйгілі патриархы Авраамнан, исламда – Ибраһим пайғамбар келе жатқан көне дәстүрден шығады) – иудаизм, христиандық және ислам – креационизм тұжырымдамасын мақұлдайды. Иудей-христиандық «Болмыс кітабында» сәйкес (Бес кітаптың (Торо) алғашқы кітабында және Библияда), 6 000 жыл бұрын әлемді қалыптастыру барысында, құдай адамды жаратқан. Бұл әлем жаралған алтыншы күннің соңында, «жер бетіндегі жан-жануарлар мен жорғалаушылар» жаратылғаннан кейін болған. Жер бетіндегі алғашқы адам – Адаматаны – құдай топырақтан (балшықтан), ал алғашқы әйел Хауананы – Адамның қабырғасынан жаратқан. Адам мен Хауа күнә жасап, Жұмақтан жерге қуылғанша жұмақ бақтарында өмір сүрген. Адамзат баласы Адамата мен Хауанадан тараған. Құранда әлемнің қалай жаратылғаны туралы, Алланың Адамды топырақтан жаратқаны, оның қабырғасынан – Хауананы жаратқаны туралы бірнеше аятта айтылған. Авраамдық діндер қатарына жататын әлемнің соңғы діні саналатын ислам иудаизм мен христиандықтың осы ақиқатын қолдайды.
Кейбір халықтардың мифологиясы бойынша адамдарды құдайлар немесе жаратушы бір құдай: сазбалшықтан, демнен, ағаштан, өз денесінен және т.б. дүниелерден жасаса, өзге халықтардың түсінігінде «біртұтас ойдан» (рухтың күшімен) жаратты. Ал бірқатары аңыздарда адамдар еш нәрседен пайда болған жоқ, өздері жаратылғаны айтылады. Тотемдік діни көзқарас адамдардың пайда болуын тотемдік жануарлармен байланыстырады.
Адамның пайда болуы жөнінде ғылыми көзқарас. Креационизмді ғылыми биогенез теориясы жоққа шығарады – биогенез ғылымы бойынша адамның пайда болуы биогенетикалық өзгерістер нәтижесінде болады. Ғылымда мойылдалған теория бақылау мен тәжірибе барысында белгіленген фактілерге сүйенеді. Эволюцияны зерделеумен физикалық антропология мен палеоантропология, сонымен қатар генетика шұғылданады.
Антропогенез – адамның пайда болуы және оның түр ретінде эволюциясы. Антропогенез – саналы адамның (Homo sapiens), яғни қазіргі адамның пайда болуына алып келген биологиялық эволюцияның бөлімі.
Антропогенезді зерделеудің ғылыми кезеңі ХҮІІІ ғасырдан басталады. Алуан түрлі жануарлар анатомиясы мен морфологиясын зерделеу олардың көптеген ұқсастықтары мен өзгешеліктері бір ағзаның екіншісіне – маймылдың адамға – «өзгерісі» туралы ойлануға алып келді. 1735 жылы шведтік натуралист Карл Линней адамды хайуандар әлеміне жатқызып, өзінің «Табиғат жүйесінде» оны адамтектес маймылдар қатарына қосты. Неандертальдықтың қаңқасы табылғаннан кейін (1856 ж.), қазба организмдер ғылымы – палеонтология дами бастады. Бұл ғылым адамның биологиялық эволюциясы теориясының дамуына фактілер ұсынды.
Эволюция теориясы тұңғыш рет 1859 жылы Чарльз Дарвиннің «Түрлердің пайда болуының табиғи сұрыпталу жолы» кітабында жарияланды. Бұл теорияға сәйкес, біздің бабаларымыз қоршалған табиғаттың бір бөлшегі ретінде сыртқы жағдайдың өзгеруіне орай, олар да біртіндеп өзгеріске түсті, бұл эволюциялық өзгерістер қазіргі адамдардың пайда болуына әкелді. Ол сұрыпталудың негізгі формаларын сипаттады және өзінің теориясы туралы көптеген дәлелдер келтірді.
ХХ ғасырда, генетика заңдары ашылған соң, Дарвиннің теориясы эволюцияның синтетикалық теориясы деп атала бастады.
Синтетикалық теорияға сәйкес, тұқым қуалау ақпараты генде сақталады. Гендер алуан түрлі факторлардың ықпалымен өзгереді, мұндай өзгерістер мутация деп аталады. Мутациялар көбіне зиянды немесе бейтарап болады, дегенмен ортаның өзгеріс жағдайларында байланысты индивидке алғашқы нұсқалармен салыстырғанда әлдебір артықшылықтар беруі мүмкін. Алайда орта жағдайларының өзгеруіне байланысты, яғни оған дейін бейтарап немесе зиянды белгілер пайдалы болып табылуы мүмкін. Мұндай белгілерге ие ағзалар тірі қалады және ол белгілер ұрпағында жалғасын табады. Тұқым қуалаудың мұндай өзгерісі, әдетте, өте ұзақ уақытты, көптеген ұрпақ өмірін алады.
Адамның пайда болуы туралы ғарыштық (уфологиялық) теория ғылыми емес теориялар қатарына жатады. Ол ХХ ғасырдағы ғылыми-техникалық төңкеріс пен ғарышты меңгеруден соң пайда болды. Бұл теория адамның пайда болуын жерден тыс ақыл иелерінің қатысуымен болды, яғни өзге ғарыштағылар Жердегі тіршіліктің пайда болуына басынан қатысты немесе кейіннен ұшып келіп, эволюциялық процестерге араласты деп түсіндіреді. Жердегі тіршілікке өзге ғарыштық өркениеттің араласуын кейбір жұмбақ құбылыстар арқылы түсіндіреді, мысалы, пирамидалар арқылы.
Адамның шығу тегінің негізгі кезеңдері. Адам эволюциясы Африкадан басталды. Шамамен 30 миллион жыл бұрын приматтардың ежелгі түрі парапитектер пайда болды, олар ашық далалы жерлерде де, ағаш басында да тіршілік етті. Осы парапитектерден гиббондар мен орангутандар, сонымен қоса дриопитектер (12-9 млн жыл бұрын) шықты. Дриопитектер эволюция нәтижесінде үш түрге бөлінді: оның бірінен қазіргі горилла пайда болса, екіншісінен – шимпанзе мен бонобо, ал үшіншісінен – екі аяқпен жүруге қабілетті және миының көлемі шамамен 450-550 см³ құраған австралопитек пайда болды.
Ежелгі австралопитектер 7-4 млн жыл бұрын өмір сүрсе, грацильді австралопитектер – 4 – 2,5 млн жыл бұрын, ал жалпы австралопитектер (парантроптар) – 2,5 млн жыл бұрын тіршілік етті. Адам тегі Homo грацильді австралопитектерден шамамен 2,8 млн жыл бұрын пайда болды. Адамның алғашқы тегі Homo habilis (епті адам) болды, ол тастан қарапайым қарулар жасап, аң аулады, шөп түрлерімен және етпен қоректенді. Бұдан кейін эволюция нәтижесінде Homo erectus (тік жүретін адам) түрі пайда болды. Бұл түрінің өкілдері 1,8 млн – 400 мың жыл бұрын өмір сүрді, олардың қимыл-қозғалыстары үйлесімді болды, ақыл-естері дамып, сөйлеуді меңгерді, от жағу мен жазық далада тіршілік етуді және ірі аңдарға шабуыл жасауды үйренді. Африкадан Homo erectus түрі Еуразияға таралды. Бұл түрге явалық питекантроптар (1 млн – 700 мың жыл бұрын), қытайлық синантроп (600-400 мың жыл бұрын) және Homo erectus тектес өзге де түрлер жатты.
Адам эволюциясы барысында бас сүйегі кішірейіп, оның есесіне миының – көлемі артты, әрі күрделі бола түсті. Шамамен 800-700 мың жыл бұрын Homo erectus мен Homo sapiens (ақылды адам) арасында аралық буын пайда болды. Мұндай жаңа буындардың бірі б.з.б. 130 мың жыл - 28 мың жыл бұрын Еуразияда өмір сүрген неандертальдықтар болды. Неандертальдықтар мұз дәуірі кезінде тіршілік етті, сондықтан олар шымыр денелі болып, ерекше күш пен асқан төзімділікке ие болды. Олар сапиенстар болып есептеліп, ақылы дамыған Адамның тобынан саналса да, олардың саналары төмен болды. Неандертальдықтар Еуразияда өмір сүрді, ал бұл кезеңде Африкада қазіргі адамның арғы тегі Homo sapiens (170 мың жыл бұрын пайда болды) дамып жатқан болатын. Африкада пайда болған осы сапиенстер бүкіл әлемге таралды. Шамамен 50 мың жыл бұрын олар Еуропаға келеді, мұнда олар кейінгі неандертальдықтармен бірге тіршілік етеді. 35 мың жыл бұрын сапинестар Беринг бұғазы арқылы Америка құрлығына аяқ басады.
Жергілікті тіршіліктің пайда болуы туралы теория:
Ғарыштық теория Жерге тіршілік ғарыштан, басқа ғарыштық нысандардан (мысалы, астероидтардан) келді деп болжайды.
Органикалық емес түзілімдердің органикалыққа айналатыны туралы теория. Алғаш рет бұл теорияны ХХ ғасырдың 20-жылдарында кеңестік биолог А.И.Опарин ұсынып, оған шартты түрде «алғашқы сорпа» («теория первичного бульона») атауын берді.
Химиялық эволюция теориясы бұрынғы тіршіліктің, сыртқы факторлар мен өзінен-өзі ұйымдасқан механизмдер әсерімен қарапайым органикалық заттардың күрделі химиялық жүйеге айналуымен түсіндіереді.
Терминдер: адамның пайда болуы, дін, креационизм, философия, антропогенез, эволюция, епті адам (Homo habilis), ақылды адам (Homo sapiens).
Үй тапсырмасы:
№1 тапсырма. Кестені толтыру.
1. Креационизмнің мәні неде?
2. Адамның шығу тегі туралы көзқараста қазіргі ғылым қандай ұстанымда?
3. Антропогенез дегеніміз не?
4. Homo тегі қашан пайда болды?
5. Қазіргі адамның негізі қашан және қайда пайда болды?