1.Тілдің шығуы туралы мәселені сөз еткенде, ең алдымен, екі түрлі проблеманы бір-бірімен ажыратып алу қажет: оның бірі – жалпы адам баласы тілінің шығуы, яғни алғашында адамның сөйлеуді, ойын айтып жеткізуді қалай үйренгендігі туралы мәселе де, екіншісі – жеке, нақтылы тілдердің, мысалы, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, араб тілі, испан тілі немесе француз тілінің шығып жасалуы туралы мәселе. Бұл екі мәселені бір –бірімен шатастырмау керек. Бұлай дейтініміз: адамзат тілінің пайда болуы сонау көне заманға – адамдардың жануарлар дүниесінен бөлініп шығу заманына, алғашқы адамдардың пайда болу заманына барып тірелсе, жеке нақтылы тілдердің немесе туыс тілдердің тобының жасалып құрылуы жалпы адамзат тілінің шығып пайда болу заманынан анағұрлым бертінгі дәуірлерде болған. Нақтылы, жеке тілдердің, мысалы, қазақ тілінің, орыс тілінің немесе ағылшын тілінің пайда болып жасалуын және олардың пайда болу дәуірін тарих пен лингвистика ғылымдары тұрғысынан зерттеп айқындауға болады. Ал жалпы адамзат тілінің шығуы , яғни адамдардың о баста сөйлеп үйренуі туралы проблеманы қарастырып айқындау үшін , тек қана тарихи-лингвистикалық зерттеулердің өзі тіптен жеткіліксіз болады. Адамзат тілінің шығуы адамның пайда болуы және адам баласы қоғамының пайда болуы тәрізді күрделі мәселелермен тығыз байланысты.Осылай болғандықтан бұл мәселелерді бірін екіншісіне байланыстырмай, жеке дара күйінде алып қарастыру да , тыңғылықты түрде шешу де мүмкін емес .
Тіл білімі ғылым ретінде пайда болудан көп замандар бұрын тілдің және ойлаудың шығуы туралы мәселе әр түрлі ойшылдардың назарын аударған болатын. Ғасырлар бойында бұл мәселе туралы философтар мен социологтар , психологтар мен лингвистер түрлі-түрлі пікірлер мен жорамалдар айтып , сан түрлі байымдаулар жасап келді.
Тіл қоғамдық құбылыс . Сондықтан оның тарихы мен дамуы қоғамның тарихы мен дамуына тікелей байланысты болады. Осыдан тілді және оның даму заңдарын сол тілді иеленушілердің тарихы мен тығыз байланысында қарастыру міндеті келіп туады.
2.Қоғам тілдің дамуына әсер етеді, бірақ тілдің дамуы қоғамның даму заңдары бойынша емес, өз дамуының ішкі заңдары бойынша іске асады. Тілдің даму заңдары қоғамның даму заңдарына сәйкеспейді. Тілдің дамуы туралы қате көзқарастар болды. Мысалы , Н.Я. Марр тілдің дамуы туралы мәселеде “сатылық даму теориясын” ұсынды. Тілді қондырмалық құбылыстың қатарына жатқызған Н.Я. Марр тіл дамуының әр түрлі сатысы бар және ол сатылардың әрқайсысы белгілі бір қоғамдық формацияға сай келеді деп есептеді . Ол тілдің ескі сападан жаңа сапаға көшуі кенет қопарылыстар арқылы болады дейтін мүлдем қате көзқараста болды. Н.Я.Марр лингвистикалық заңдарды социологиялық заңдармен ауыстырған болатын. Өз сөзімен айтқанда , ол “ семантикада ғана емес , морфологияда да салмақты тілдік құбылыстардың әлеуметтік –экономикалық факторларға байланысты екендігіне аудара отырып, тіл дамуының ішкі заңдарының маңызын төмендетуді” көздеді. Тілдің даму қарқыны туралы мәселе де маңызды мәселелердің бірі болып саналады. Бұл мәселе жайында Н.Я.Марр тілдің сатылық даму теориясын ұсынып , тілдің ескі сападан жаңа сапаға көшуі кенет жарылу жолымен болады деп есептеді. Бұл теорияның қате екендігі тіл білімі жайындағы 1950 жылғы дискуссияда көрсетіліп , тілдің дамуы бар тілді жойып , жаңа тіл жасау жолымен емес, бар тілдің негізгі элементтерін өрістету , жетілдіру жолымен болатындығы, ал тілдің бір сападан екінші сапаға көшуі жарылу жолымен де , бірденг ескіні жойып, жаңаны орнату жолымен де емес, тілдің жаңа сапасы мен құрылымының элементтерін бірте-бірте қорландыру жолымен болатындығы айтылып , бүтіндей тілдің эволюция жолымен дамитындығы дәлелденді. Алайда , тілдің даму қарқыны оның барлық дәуірлерінде бірдей болмауы мүмкін. Жүздеген жылдар бойында елеулі өзгерістерге ұшырамаған тіл белгілі бір дәуірде айтарлықтай өзгерістерге ұшырауы мүмкін.
3.Әр түрлі халықтар бір-бірімен қарым-қатынаста өмір сүреді. Халықтардың арасындағы қарым-қатынас түрлі-түрлі салада – экономикада, сауда, мәдениет т.б салаларда- болуы мүмкін . Халықтардың өз ара бір-бірімен қарым-қатынас жасауының барысында олардың тілдеріде бір-бірімен қарым-қатынасқа түсіп, бір тілден екінші тілге , екінші тілден үшінші тілге тілдік элементтер де ауысады. Тілдердің бір-біріне қарым-қатынасы тоғысу түрінде де , тілдердің бір-біріне әсер етіп, тілдік элементтердің бірінен екіншісіне жай ғана ауысу түрінде де болуы мүмкін.
Тілдердің тоғысу процесінде субстрат деп аталатын құбылыс пайдаболады. Жеңген тіл жеңілген тілден сөздер мен жеке дыбыстарды, кейбір морфемаларды қабылдайды. Жеңген тілдегі жеңілген тілдің элементтері субстрат деп аталады.
Зерттеушілер белгілі бір тілдегі тарихи өзгерістердің себебін айқындап дәлелдеу үшін , әдетте, ең алдымен, сол тілдің және онымен туыстас тілдердің материалдарына үңіледі. Егер ол тілде немесе туыстас тілдерде ондай өзгерістердің мән-жайын айқындайтындай деректер болмаса, онда зерттеуші сырттан болатын әсерге , басқа тілдердің материалдарына назар аударады.
Екі тілділік, тілдердің бір-біріне әсері, өз ара бірін бірі байытуы , тілдердің араласуы немесе тоғысуы – осылардың бәріде тілдердің қарым-қатынастарының түрлері болып табылады.
4.Әдеби тілдің тарихына қатысты негізгі мәселелердің басын ашып , ғылыми тұжырым жасау үшін әдеби тілдің өзін дұрыс анықтап алу қажет . Яғни әдеби тіл деп нені айтамыз? Оның өмір сүру формасы қандай? Әдеби тілге не енеді? Қазақ әдеби тілінің тарихы қай кезден , неден басталады. Әр кезеңдегі әдеби тілдің дамуының , нормалануының тенденциясы , оның тілдік көрсеткішіне қандай әдебиет нұсқалары жатқызылуы тиіс және олардың мазмұны мен сипаты қандай болмақ деген сұрақтардың нақты жауабы әдеби тілдің анықтамасымен тікелей байланысты болып отыр.Соған орай әдеби тіл деген ұғымды әр түрлі түсінудің салдарынан кейбір зерттеулерде оған қатысты проблемалық мәселелер әр түрлі баяндалып жүр.
Бұл ретте орыс тіл білімі көрнекті өкілдерінің тұжырымдары мен пікірлеріне сүйенсек , әдеби тіл , біріншіден, жазба тіл, яғни тек жазба әдебиет тілі, екіншіден ,сол жазу , жазба әдебиет арқылы жалпы халықтық тілдің өңделген , екшелген , стильдік тармақтары қалыптасқан түрі. Басқаша айтқанда әдеби тіл –жалпы халықтық тілдің жазу арқылы белгілі дәрежеде өңделген , сұрыпталған түрі, жазусыз әдеби тіл болмақ емес , әдеби тілдің тарихы –жазба әдебиет тілінің де тарихы , сөйтіп , жазу , жазба әдебиет әдеби тілдің ең негізгі , маңызды сипаты , өзіндік басты белгісі. Сондықтан әдеби тіл – жазба көркем әдебиет тілі ғана емес , жазба әдебиеттің басқа да алуан түрлерінің , ғылыми –зертеу , саяси , ресми, публицистикалық , т.б. әдебиеттердің тілі болып саналады деген пікір басым болып келді. Бірақ бұл көрсетілгеннің өзі орыс тіл білімінде даусыз , талассыз қабылданылған бірден-бір пікір екен деуге де болмайды. В.В.Винаградов әдеби тіл ұғымын нақтылы анықтауда , мәнін ашып , оның өзіндік негізгі белгілерін көрсетуде әлі де болса тұжырымды айқын , үзілді-кесілді бір пікірдің болмай жүргенін көрсетеді.
5.Әдеби деген термин латынның litteratura деген сөзінен қалыптасқан.Ол гректің грамматика (grammatica) сөзінің баламасы ретінде жаза білу , оқи алу деген мағынада қолданылған. Көне римдіктер litteratus деп әріпті тани алатын , яғни кітап оқи алатын сауатты адамды атаса да , кейін келе бұл сөз жаңа мағынада қолданыла бастайды, ол-тек оқи алатын , жаза білетін ғана емес сонымен бірге жоғарғы білімді деген де мағына . Осындай мағыналық дамудың нәтижесінде бұл термин қазіргі Еуропа халықтарының тілінде сұрыпталған , сымбатталған , жүйеге түскен деген мағынада қолданылып жүр.
Әдеби тілдің тұрақты нормаланып қалыптасуында , сұрыпталып , икемделіп , сымбатталуында , жетілуінде , жанрлық –стильдік тармақтарының орнығып , дамуында жазба әдебиеттің алатын орны ерекше .
Жазба әдебиет арқылы әдеби тілдің икемділігі , ортақтық қасиеті артып , құрылысы жүелі қалыпқа түседі , “тілге орамды , жүрекке жылы тиетін” элементтері ұштала түседі. Бірақ әдеби тіл деген ұғымды , бір жағынан , тек жазба әдебиетпен байланыстырып , сол шеңберде ғана қарап , әдеби тілді жазба тілмен балама деп тану , екінші жағынан, әдеби тіл тарихын сол халықтың қоғамдық, әлеуметтік , экономикалық , мәдени тарихынан бөліп алып қарау , соның негізінде жазуы жоқ не жазуы дамымаған не кеш дамыған халықтың әдеби тілі жоқ деген үзілді –кесілді пікір айту шындыққа жанасымды бола бермейді.Мұндай пікірдің айтылу себебі , біріншіден жазба тілдің , жазба әдебиеттің жоғарыда көрсетілгендей , әдеби тілді қалыптастырып , дамытудағы ерекше ролімен байланысты.Кейбір зерттеушілер жазба әдебиеттің осы ролін әдеби тілді қалыптастырып , дамытудың бірден-бір жолы ғана деп түсініп , басқа факторларға мән бермейді, әдеби тілді қалыптастыруда белгілі бір орын алатын , оның дамуына себін тигізетін басқа да құбылыстарды ескермейді. Екіншіден, әдеби тіл мен жазба тілді тең көрушілік бұл терминнің алғашқы , жазу-сызумен байланысты мағынасын басшылыққа алудан туады. Үшіншіден, мұндай пікір әр халықтың әдеби тілін сөз еткенде, олардың өзіндік ерекшеліктерін сол халықөтың тарихымен , басынан кешірген саяси -экономи–алық жағдайларымен, мәдени дәрежесінің өркендеуімен , қоғамдық дамуындағы мәдениет өндірістерінің амалдарымен байланысты ерекшеліктерін ескермей , барлығын ортақ өлшеммен кесіп-пішуден де туады. Р.А.Будагов дүние жүзіндегі барлық хлықтардың әдеби тіліне ортақ болып келетін әмбебап схема үлгі жасаудың ғылыми жағынан кемшіліктері былай тұрсын ,үлкен зияны бар екенін көрсетіп , одан зерттеушілерді қатты сақтандырады.