2-кезең досхан жылқыбай «манту»



Pdf көрінісі
Дата25.04.2023
өлшемі340,79 Kb.
#86615
Байланысты:
2-кезең кітабы



2-КЕЗЕҢ 
ДОСХАН ЖЫЛҚЫБАЙ 
«МАНТУ» 
*** 
Дүниеде қолына инесін ұстап тұрған ақ халатты дәрігерден 
асқан қорқынышты адам болар ма? Әрине, бар шығар. Бұл тек 
Ернардың ойы ғой. Шприц пен ине көрсе жан-дәрмені қалмай, 
тіпті, өзге біреуге салып жатса да жүзін бұрып әкететін. Бұл 
қорқыныштың қай қорқыныш екені өзіне де түсініксіз. Ине 
дегенді көп те салдырған емес. Есінде қалғаны екеу ғана. Бірінші 
және екінші сыныптарда мектепке келіп арнайы салған.
Биыл сол көктемгі уақыт жақындап қалды. Іштей қатты 
үрейленіп жүр. Сабаққа келмей-ақ қояйын десе, дәрігерлердің 
дәл қай күні сап ете қалатыны белгісіз. Екі жылда да мектептегі 
мантудан қашып кетіп, бүкіл мұғалімдер қуалап ұстап, құлын 
даусын шырқыратып салдырған еді. Сыныптағы Әселдің 
алдында әрқашан өзін өр, биік, асқақ ұстайтын Ернар ақ халатты 


келіншекті көргенде ұстамынан айырылып қалатын. Әншейінде, 
көшеде жүріп, мал бағып жүріп сыртынан Әселдің қарап 
тұрғанын елестетіп, өзін биік ұстауға тырысатын және сондай 
болып жүргенін Әселдің шынымен көргенін қалаушы еді. Ең жек 
көретін жұмысы қора тазалап жатып та ересектерше қимылдап, 
қораның қоршауынан Әселдің сығалап қарап тұрғанын, мұның 
үлкендерше маңдайының терін сүртетінін, күректі екі қолға қатар 
түкіріп барып қолына алатынын көргенін қалайды. Қорадан 
шыққан қорданы көше жаққа төгетін. Сол әрбір рет көшеге 
шыққан сайын демалған болып дарбазаның алдында тәшкісін 
төңкеріп қойып ұзақ-ұзақ отырушы еді. Үміт қой. Әселдің өзіне 
қарап тұрғанын ине салған кезде ғана ойынан күштеп шығарады. 
Жоқ. Күштеп шығармайды, өзімен-өзі зым-зия жоғалып кетеді.
Сол ине ұстаған дәрігердің кесірінен Әсел біраз уақыт 
мұның үстінен күліп жүретін. Тіпті, сыныпта жігіттермен 
ерегесіп қалғанда да біраз уақыт төменшіктеп қала береді. 
Үшінші сыныпта да дәл сол жағдай қайталанды. Бұл жолы тіпті 
сорақы болған еді. Мектептегі мұғалімдер есік алдын күзетіп 
жүр. Барлығы Ернарға қарап күле береді. Екі жылғы көрсеткен 
қызығы таусылып бітер емес. Есік алдындағы кезек аяқтала 
бергенде Ернар шегіншектеп барып, қаша жөнелді.
– Кетті, кетті! – Ұстаңдар! – Есіктен шығармаңдар.
Далаға ұмтылудан қайран жоқ. Ашық тұрған сыныптардың біріне 
ентігіп кірді де, есіктің екі жақтауына аяғын тіреп, тұтқасынан 
шірене тартып тұрды. Үлкен мұғалімдердің салмағы қойсын ба, 
бір-ақ рет жұлқығанда тұтқадан қолы тайып кетіп, сылқ етіп 
еденге құлаған. Жалма-жан атып тұрып, парталарды айналып 
қашып жүр. Сынып жетекшісі Гүлмира апай, дене 
шынықтырудан беретін Жақсылық ағай екі жақтан тықсырып, 
бұрышқа тақап келеді. Ернар партаның үстіне шығып алып, 
есікке ұмтыла бергенде Гүлмира апай ұстаймын деп оңбай 
құлады. Көзілдірігінің күлпаршасы шыққан. Тағы да сол екі 
мұғалім екі жағынан тартып тұрып, әзер дегенде салдырды.
Сонымен, бұл жылғы қызық нәтижесінде бір орындық, 
Гүлмира апайдың көзілдірігі мен ең сорақысы, қолы сынды. 
Құдайдың қалауымен, кең пішілген кісі еді, сынықшылар білек 
сүйегін әзер тауып салыпты деген хабар жүрді ауылда. Дегенмен, 


қайғылы, тіпті ұятты басталған бұл оқиға он шақты күннен кейін 
өзгеше өріс алды. Тіпті, Ернардың қуанышына да айналды десек 
болады.
Баяғы құбыжық дәрігерлер салынған мантуды тексеру үшін 
тағы келді. Қолдарында ине емес, сызғыш қана. Ине кірген жер 
мен айналасының ісуін өлшеп, екі жарым сантиметрден аса 
ісігендерді журналдарына жазып алып жатты. Ернардыкі екі 
сантиметр 8 милиметр шығып, тізімге енді. Әселдің білегіндегі 
ине егілген жер де қалың тонның түймесіндей ісініп кеткен екен, 
үш сантиметр бір-ақ шықты. «Ертең автобуспен үйлеріңнен алып 
кетеді», – деп мантуы ісігендер тізімінің ішінде Әселмен бірге 
аталғанына қуанышы қойнына сыймай Ернар үйге қайтқан еді. 
Бірақ, сол жерде-ақ онда ине салмайтынын анықтап сұрап алған. 
Тек саусақ ұшынан қан алады екен.
Үйге келіп, апасымен түскі шәй ішіп отырып үлкендерше:
- Ертең аудан орталығына барып қайтуым керек боп тұр», – деп 
қолындағы кесені шиіріп жіберді. 
– Ойбай, денің сау ма? Не үшін?
– Мантуың іскен дейді.
– Ой сорлығар-ай. Түспе дедім суға, түспе дедім. Құдай-ай! Жол 
қаржыны қайдан тауып берем енді саған?
Ернардың жоспарларында мұндай жағдай қарастырылмаған еді. 
Не істерін білмей қипақтап қалды. Телефон тұтқасына жармасып, 
апасы әркімнен ақша сұрады. Табылды. Көшенің басында 
тұратын Қымқаш апаның пенсиясынан тыққан 200 теңгесі бар 
екен. Соны алып беретін болды. Жол ақысы 50 теңге. Бару-қайту 
100 теңге болады. Ернардың әлі қолына тиіп үлгермеген 100 
теңге қазірден-ақ ішін қыз-қыз қайнатты. Дүниені сатып алардай 
ісіп-кеуіп, не алатынын ойлап жатып ұйықтап кеткен.
Таңертең апасы оятып шәйін берді де, Қымқаш апаның 
үйіне барып ақшаны алып, жолда автобусты күтіп тұратынын 
айтып, шығып кетті. Бірінші рет жалғыз жолға шығып бара 
жатқан Ернар дарбаза алдына келіп тоқтаған автобусқа қопаңдап 
кіріп, шаршаңқы жүзбен Әселдің қасына сылқ етіп отыра кетті. 
Ішкі ұялысын жасырып, ернінің ұшымен ғана күбір етіп 
амандасты.


Өзін не деген кербез ұстайды? Бұл қыз деген бәле өз бетінің 
жылтыры барын жасынан-ақ сезеді екен ғой. Автобусты басына 
көшіріп жігіттермен төбелесіп жүрген өзге қыздарға қасын 
көтере бір қарап отыра берген. Бір қызығы сол жігіттермен ашық-
жарқын ойнап, арыққа бірге шомылып жүрген қыздарға ешбір 
жігіттің көзі түспейтін. Оларға ешкім хат жазбады. Қипақтап, 
ананы-мынаны сылтауратып, үйі басқа жақта болса да сабақтан 
кейін онымен бірге үйіне барған жоқ. Өзін асқақ ұстайтын Әселге 
қызығатын барлығы. Ал, Ерекеңнен сыныпта асып тұрған ешкім 
жоқ. Тіпті үйлері көрші жігіттердің өздері Әселмен үйіне дейін 
бірге баруға бата алмаушы еді. Өйткені, Ернардың аларған көзі 
бар және жұдырығы да өзгеге қарағанда бір елі жуандау. Бірақ 
бүгінгі күн басқа. Дәрігерлер келгендегі қызығы естен, Ерекеңнің 
ұяты бетінен кете қоймаған.
Көшенің ортасынан отырған Нұрғанат Әселдің жанында 
Ернардың отырғанын көрді де байқамағансып қолымен Ернарды 
түртіп кетті. Ерекең іштей масаттанып, иығын қомдай бергенде 
қолындағы әл-Фарабидің суреті бар қызыл қағазды жалпылдатып 
апасы автобусты тоқтатып тұр екен. Бұл есінен шығып кетіпті. 
Құдай ұрды деген осы да. Жүргізуші есікті аша салысымен апасы 
ентігіп: 
– Әй, шопыр бала! Айдармысың? Ә, айналайын! Мынаны ал. 100 
теңгесін қайтарып бер, – деді де, Ернарға бұрылып: Ағаңнан 100 
теңге аласың. Жүз теңгеге 10 пирожки келеді. Не 5 балмұздақ 
келеді. Түсіндің ба? Ана жаққа барған соң елп-елп етіп әр жаққа 
жүгіре берме. Тыныш жүр. Автобустан алыс кетпе. Айдаржан, 
ініңе қарап жүр, – деп бүкіл сыныптастары алдында ұзақ-сонар 
ережелер айтып, соңында автобустың жүргізушісіне тапсырып 
барып кері шегінді.
Есік жабылып, автобус қозғалған сәтте арқасынан 24 
найзаның қадалып тұрғанын сезген. Ішіндегі екеуі тіпті қатты 
батып барады. Ал тағы екеуі мазақ етіп, қадалған найзалардың 
сабын түртіп қимылдатып, одан самайын жанын шырқыратып 
жүр. Қатты қадалған екеуі Әселдің екі көзі. Мазақ еткені дәу де 
болса Нұрғанаттікі болса керек. Амалы таусылып, кері 
бұрылғанда Нұрғанаттың Әселдің қасына ауысып алғанын көрді. 
Осы бір иттің баласын дәл осылай қашан жек көрді екен. Иттің 
емес, саудагердің баласы. Үйіне қонақ келіп, апасы қантқа 


жұмсағанда: «Сенің апаңның қарызы көп», – деп кеудеге 
итергенде де мұнша қорлығы өтпеп еді-ау.
Артқы орындықтардың біріне барып отырды да, алдағы 
екеудің желкелерінің шұқырына тесіле қараумен болды. Әсел де 
мұның әдейі жынына тигісі келгендей Нұрғанаттың әңгімесін 
құптап, басын изеп, арасында езу тартып жымиып та қояды. 
«Әттең! Нашар оқитын оқушы болғанымда ғой», – деп өкінді 
Ернар. Өйткені, жақсы оқитын оқушының жанына нашар оқитын 
оқушыны отырғызатын еді сыныпта. Екеуінің әңгімесінің жараса 
кеткені де сол – бірге отырады. Бірақ, кеуденің іскені – іскен, 
жүректің жанғаны – жанған.
Жаздық ашық аяқкиім киіп шыққан еді, бір заматта 
башбайына су тамғанын сезді. Жұдырығы жүз теңгелік тиынды 
қысқан күйі қалып, алақаны терлеп кеткен екен. Содан су емес, 
тер тамшылап тұр. Алақанын шалбарының балағына үйкеп, 
тиынын қалтасына салды. Алдағы екеуіне қарап еді, ит 
саудагердің баласы қалтасынан 2000 теңгелік шығарып мақтанып 
отыр екен. 100 балмұздақ...
Тағы ине салмайтындары рас болып шықты. Қолдарына 
ұстап келген пакеттерін дәрігерлер біртіндеп аты жөндерін 
жазып жүріп жинап алды. Саусақ басынан қан алдыруға кезек 
күтіп тұрып, Әселге:
– Балмұздақ жейсің бе? – дегенін байқамай да қалған еді, анау да 
сап етіп:
– Жоқ. Өзіңе төрт-ақ балмұздақ қалады ғой онда, – деп 
жанындағы жұртты ду еткізді.
Күлкінің ду ете қалатыны болады. Беттің де ду ете қалатын 
кездері бар. Жұрттікі біріншісі, Ернардыкі екінші күй. Күлкі 
басыла бере тілі ащы Майра:
– Бізге Нұрғанат әпереді. 100 балмұздақ жалғыз өзіне көп болар, 
– деп мұның апасының тиынды балмұздақпен өлшегенін тағы да 
бетіне басып бір өтті.
Ернар аһ ұра ішінен: – Апа-ау! Базардың нарқын өзім де білетін 
едім ғой, – деп теріс бұрылған. Қалтасындағы қарғыс атқыр тиын 
қара санын қанша қарып бара жатса да осы бір тиынды 
жаратпауға бел байлады. Жұрт құсап дүкенге жүгірмей, шарасыз 


қалыпқа түскенде өзін үлкендерше, биік ұстай қалатын әдетіне 
басып, миығынан мырс етті.
Бағытын ауылға бұрып, аудандық аурухана алдынан 
қозғалғаларда автобусқа барлығының ұрты томпаңдап кірген. 
Ернар ғана ұртынан бөлінген сөлді кері жұтып міз бақпай 
отырды. Барлық қыз Нұрғанатты қолқалап келеді. Әсел де 
дауысын көтермелеп: 
– Нұрғанат жігіт қой. Қалтасында 100 балмұздақ келетін ақшасы 
бар, – деп қостап қояды.
– Қазір. Мамамның зат алатын дүкеніне тоқтайық, – деп Нұрғанат 
көсіліп отыр.
Орталықтағы үлкен дүкеннің алдына автобус келіп тоқтады 
да, маңғаз басып Нұрғанат түсіп кетті. Өзгелердің барлығы 
балмұздақ көтеріп келе жатқан оны көру үшін терезеге 
телміргенде, Ернар ғана үлкендерше орындыққа мығымдала 
түсіп ұйықтап жатқан кейіп танытқан. «Қазір маған да алып 
келетін болса, жемеймін», – дейді ойында. Бірақ, Нұрғанат 
дүкеннен басы салбырап бос шықты. Үнсіз орнына келіп жайғаса 
бергенде, дүкенші де артынан автобус табалдырығына келіп 
тұрып:
– Мамаңа айтып бар. Алдыңғы алып кеткен заттың қарызын 
әкелмей ештеме бермеймін. Жаңағы сенің ақшаңды сол қарызына 
жатыстырдым. 
– Ауылдағы қарызды пенсия келген соң жинап берем деді ғой...
– Онда пенсия түскенде келсін. Қала ауылдың пенсиясымен 
санаспайды. Өзім де затқа барайын деп отырмын. Сөйтіп сәлем 
айт мамаңа.
Ұйықтағансып жатқан Ернар тілі ащы Майраның отырған тұсына 
қарай құлағын қаттырақ түрді. Бірақ Майраның өзі сияқты сап-
сары шыңылтыр дауысы шыққан жоқ. Ешкім де Нұрғанатты 
келеке қылып, мазаққа айналдырмады. 100 балмұздақ келетін 
ақшасын да айтпады. Барлығы үнсіз ғана Нұрғанаттың шешесінің 
қолындағы қарыз дәптерді ойлаған еді. Ал, ауылда дүкен біреу-
ақ... 


Кітап оқу жарысына қатысушы оқырман назарыңа! 
Досхан Жылқыбай бүгінгі қазақ прозасында есімі аталып 
жүрген жас жазушылардың бірі. Ол өзінің «Квант», «Матрица», 
«Ақтаңдақты қара қыз», «Манту» әңгімелерімен кітап сүйер 
қауымға кеңінен танылып келеді.
Жазушының «Манту» әңгімесі kitap_zharyss ұйымдастырған 
кітап оқу жарысының екінші кезеңінде оқытылды. 
 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет