73. XXI ғасырда ұлттық сана-сезімді қалыптастыру мәселесі.
Қазақ елінің келешекте мемлекет болып мәңгі жасауы, тек ғылыми негізде әлемдік өркениеттің тиімді тәжірибесін сараптай отырып пайдалану арқылы жаңадан қоғамдық сана қалыптастырғанда ғана мүмкін екенін ұғуымыз керек. Біздің жаңа құрып отырған мемлекетіміздегі қоғамдық сана қалыптасу үшін, тек мемлекетқұрушы қазақ халқының ұлттық өзіндік сана сезімін ғылыми негізде дамытуға тікелдей байланысты екенін естен шығармау қажет.
Халықтың ұлттық сана-сезімінің өсуі ұлттық, әлеуметтік прогрестің басты үрдісі болып табылады. Соңғы кезде Қазақстанның этникалық, этносаяси қауымдастығын зерттеуде ұлттық сана-сезім мен оның өсу проблемасы үлкен маңызға ие болып отырғаны белгілі. Ұлттық сана -ұлттар мен ұлыстардың рухани дамуының мәнін, деңгейі мен ерекшеліктерін айқындайтын әлеуметтік, саяси, экономикалық, эстетикалық, философиялық, діни және өзге де көзқарастар жиынтығы. Мейлі, қазақ немесе басқа ұлт болсын ұлттық сананы олардың жекелеген өкілдері туғызбайды, ол ұлттық қауымдастықтағы ұжымдық санада пайда болады.
Демек, Қазақстан халқының ұлттық сана-сезімі — олардың ұлттық санасының өзегі мен негізгі құрамдас бөлігі. Ол — республиканың нақты халқын, оның өткенін, бүгінгісі мен болашағын, басқа халықтар арасындагы орны мен ролін өзіне арқау етіп алады. Қазақстан халықтарының ұлттық сана-сезімі жедел дамумен қатар уақыт ағымына қарай өзгеріп те отырады. Қазақстандықтардың ұлттық сана-сезімінің белгілі бір құрылымдық белгілеріне ұлттық тегін тануын, озық дәстүрлеріне ұлттық мактанышын, республика мен адамзат прогресінің дамуына қосқан үлесін, этникалық санасьн, аумақ, мәдениет, тіл, тарихи өткен кезеңі, ұлттық мүдделері туралы түсінігін, өзге халықтарға көзқарасын жатқызар едік.
Осылайша, ұлттық сана-сезім бұл адамдар қауымдастығы ретіндегі халықтың өзінің өткені мен қазіргісін, даму деңгейін, қоғам прогресіндегі орны мен ролін, бостандық дәрежесін, адамгершілік келбетін, мұраттарын сезініп, экономикалық өмір, аумақтық байланыстар, мәдениет, тіл, психикалық болмыс арқылы ұштасып жататын әлсуметтік іс-қимыл субъектісі ретіндегі өз мәнін танып-бағалауы болып табылады.
74. Жаһандық әлемдегі Қазақстанның өркениеттік идентификациясы.
Қазақ халқының тарихы мен мәдениеті әлемдік өркениет пен мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде өзіндік табиғи-ландшафттық жағдайларда – ерте кезден Батыс пен Шығыс мәдениеттерін байланыстырып келген Еуразияның орталық территориясындағы Ұлы Дала аумағында қалыптасты. Алтай, Алатау және Орал тауларының арасындағы кең даланы мекен еткен Орталық Азия халықтары мен ертедегі тайпаларының палеолит, қола дәуірлерінен басталған мәдени дәстүрлері жаһандық жалпыадамзаттық заңдылықтар ағымындағы әлеуметтік-мәдени үдерістерді бастан кешіріп, номадизмге тән көшпелі мал шаруашылығының ықпалымен орнықты. Үш мың жылға жуық тарихы бар көшпелі өркениет барысында қазақ халқы сыннан өткен теңдессіз бай рухани және мәдени мұраны артындағы ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Сондықтан қазақ халқы мәдениетінің терең еуразиялық тамырларын есте сақтаған жөн.
«Еуразия», «еуразиялық кеңістік» терминдерінің тек құрлықтың ұғымын ғана білдірмейтіні белгілі. Бұл түсінік Алтай тауынан бастап Карпат тауына дейін созылып жатқан Ұлы даланы білдіреді. Еуразиялық кеңістікті баяғыдан осы жердің табиғи ландшафтына бейімделіп, шаруашылықтарын жүргізген халықтар – түркілер, моңғолдар және славяндар мекендеді.
Соған сәйкес бұл жерде өзге өркениеттік бітімдерден өзгеше еуразиялық өркениет пен еуразиялық мәдениет, еуразиялық бірегейлік пен еуразиялық философия қалыптасты. Бұл мәдени-тарихи сабақтастық тарих ырғағының бойында қалыптасқан құдіретті империялардың құрылуынан аңғарылады.
Көшпенділік қазақ халқының этномәдениетінің де негізін құрайды және күні кешеге дейін, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы жаппай ұжымдастыруға дейін қазақтар осы өмір сүру тәртібі мен мал шаруашылығы дәстүрін берік ұстанып келді. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақтар – ұлы көшпелі өркениеттің заңды мұрагерлері екені сөзсіз және еуразияшылдық идеяның қазақстандық қоғамда кеңінен сөз болуы да осы тамырға байланысты. Бүгінгі күнгі жаһандану заманында тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан Шығыс пен Батыстың жақындасуы Еуразия құрлығы мемлекеттерінің дүниеге деген қатынасы мен интеграциясы іспетті аса тарихи қажеттілікке айналуда. Жаһандану заманында адам мен табиғат, техника мен адамгершілік, ислам мен христиандық, ұлттық пен жалпыадамзаттық құндылықтар арасындағы теңсіздік аса зор әлемдік күйреуге, барлық адамзаттың жойылуына апарып соқтыруы ықтимал.
Аймақтық еуразиялық интеграция, Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттердің өзара интеграциялық қауымдастығы олардың әрқайсысының ұлттық егеменділігі мен тәуелсіздігін, тұрақтылығы мен қауіпсіздігін одан әрі қамтамасыз ету үшін өте қажет. Президент Н.Ә.Назарбаев ұсынған еуразиялық идея мен әлемдік дағдарыстан шығудың көрсеткен қазақстандық жолы арасында тығыз байланыс бар. Сондықтан еуразияшылдықтың, еуразиялық экономикалық интеграцияның болашағы өте зор. ХХІ ғасыр – оны Еуразия кеңістігіндегі халықтардың көпшілігі мойындап, болашақта еуразиялық идея үлкен материалдық күшке айналып, Еуразияда, бүкіл дүние жүзінде өзара түсіністік пен рухани келісім салтанат құрған ғасыры болмақ.
75. ҚР «Мәңгілік ел» идеясы.
«Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын айқындап берді. Шын мәнінде, бұл ұлттық идея біздің халқымыздың сан ғасырлық арманына ғана емес, сондай-ақ Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның дамуының нақты нәтижелеріне негізделетін мемлекетіміздің мемлекеттік идеологиясы.
«Мәңгілік Ел» - Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру стратегиялық мақсатын жүзеге асыруға бағытталған қуатты жұмылдырушы бастама. Қазақстан Президентінің «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын қалыптастыру туралы айтылған ойы отандық саясаткерлер, философтар, тарихшылар пікірлерінде кең көрініс тапты. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ... «Мәңгілік ел» идеясы біздің көне түркілік дүниетанымымызды – болмысымызды, көшпенділер өркениетінің негіздерін заманға лайық қайта жаңғыртудың, еліміздің алдыңғы қатарлы қуатты мемлекет ретінде өркендеуінің кепілі болып табылады. Тәуелсіздіктің келуімен еліміз тарихи тұрғыда осы идеяны жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды. «Мәңгілік Ел» идеясы Қазақстанды ел ретінде ғана емес, біртұтас ұлт ретінде танытады. Біз экономикалық тұрғыда ғана емес, рухани да дамуымыз керек. Қазақстан өзінің көпұлттығына қарамастан, біртұтас, ортақ идеяны дүниеге әкелді. Бұл – біздің өмір бойы аңсаған, іздеген арманымыз. «Мәңгілік Ел» - Қазақстанның қазіргі даму жағдайындағы мемлекеттік идеологиясының түпкі мәні.
Сөзіміздің соңың айтар болсақ, «Мәңгілік Ел» – жалпы қазақстандық ортақ шаңырақтың ұлттық идеясы, әрі бабаларымыздың асыл арманын, аманатын жүзеге асыру болып қарастырылғаны абзал. Яғни, «Мәңгілік Ел» болу – шектеусіз ғұмыры бар, тәуелсіз, тұғыры биік, ғылым-білімі дамыған, бірлігі жарасқан алдыңғы қатарлы, әлем таныған алпауыт елге айналу. Сондықтан да, мәңгілік, әрі бәсекеге қабілетті ел болуы үшін, болашақ ұрпағымыз осы негіздегі мықты идеологияны бойына сіңірген болуы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |