Эмоцияларды тану – эмоцияларды дұрыс қабылдап, анықтауға, сипаттауға мүмкіндік беретіндіктен, анағұрлым тиімді коммуникация, яғни қарым-қатынас орнатуға зор ықпалын тигізеді.
Эмоцияны меңгеру – өзін-өзі бақылаумен байланысты. Дұрыс эмоциялық экспрессия физикалық және психикалық денсаулықты сақтаудың маңызды факторы болып саналады. Эмоцияларды тежеу әртүрлі аурулардың пайда болуына әкеліп соғады. Онымен қоса эмоциялық экспрессияны бақылай алмау тұлға аралық қарым-қатынасты қиындатады. Сондықтан, эмоциялық экспрессияны бақылай алмау мәселесі субъектінің өзі үшін ғана емес, оның айналасындағы адамдар үшін де қолайсыз болып келеді. Сонымен қатар, эмоционалды экспрессия тұлғааралық қатынастар сапасына да ықпал етеді. Мәселен, белгілі бір жағдайларда аса ұстамдылық, шыдамдылық көрсеткен адам немқұрайлы, селқос, тәкаппар болып танылады, бұл өз кезегінде өзге адамдарда таңдану немесе жақтырмау сияқты жағымсыз қатынасты қалыптастырады.
Я. Рейковский эмоцияларды көрсету (білдіру) қиындықтарының келесі себептерін келтіреді:
адамдар қоғамда қалыптасқан эмоция көріністері түрлерін меңгермеген;
өзін-өзі бақылай алмаудан қорқумен байланысты өз сезімдерін білдіріп қоюдан немесе айналадағы адамдардың жазғыруынан күлкіге қаламын-ау деген ойдан қорқу (абыройын түсіруден немесе мазақ болудан қорқу);
туа біткен факторлар;
отбасында және өзіне жақын ортада үстемдік ететін мінез-құлық нормаларын игеру.
Эмоцияларды түсіну. И.А. Романованың анықтауынша, өзін-өзі түсінудің эмоциялық, сезімдік, эмпатиялық сипаты бар, әрі өзін-өзі тану тереңдігі эмоциялық қабілеттердің даму деңгейімен байланысты, ол өз кезегінде эмоцияларды ұғынуды қамтамасыз етеді. Эмоцияларды ұғыну – оларды санаға бекітуді меңзейді. Дегенмен, санаға кез келген эмоционалды үрдіс бекітіле бермейді немесе керісінше болуы мүмкін. Осыған байланысты, эмоцияларды ұғынуға байланысты екі құбылысты бөлуге болады:
іс-әрекет ағымына және субъективті әсерлерге ықпал ететін дербес және біріккен үрдістің көрінуі (бұл жағдайда адам әлдебір нәрсені сезініп жатқанын біледі, бұл сезім бұрынғыдан ерекшеленеді);
шын ұғыну – сөздік (белгілік) категорияларда көрінетін жеке жай-күйлері туралы білімдермен нәтижеленеді. Ұғынудың бұл екінші түрі эмоциялары басқару үрдісі, эмоцияларды алдын ала көру қабілеті негізінде жатыр.
Эмоцияларды түсіну – оларды көрсете, білдіре алу мүмкіндіктерімен байланысты. Эмоция тілін меңгеру – сол мәдениетте қалыптасқан эмоция көріністерін меңгеруді, сондай-ақ адамның өмір сүретін және жұмыс істейтін ортасындағы адамдар эмоцияларының жеке көріністерін түсінуді талап етеді. Эмоцияларды түсіну оларды білдіруден әлдеқайда күрделі.
Эмоцияларды түсіну – эмпатияның даму деңгейімен де байланысты. К. Роджерс бойынша басқа тұлғамен қарым-қатынастың эмпатиялық тәсілінің бірнеше қыры бар. Эмпатия өзгенің жеке әлеміне ену және ол әлемде өзін «өз үйіндегідей» сезіну. Эмпатия қарым-қатынастағы серіктесінің өзгермелі жан тебіреністеріне деген сезімталдықтан тұрады. Бұл дегеніміз өзгенің өмірімен уақытша өмір сүруді бейнелейді. Эмпатияға қабілеттілік, жанашырлық – жауапкершілікті, белсенділікті, жігерлікті, нәзіктікті, қайырымдылықты, кішіпейілділікті білдіреді.
Өзге адамдардың эмоцияларының жеке-дара ерекшеліктерін түсіну қиындықтарының келесідей себептерін бөлуге болады:
өзінің жеке басына ғана көңіл бөлу – өзге адамдардың эмоциялық күйін байқай алмауға және дұрыс бағаламауға әкеледі;
өзге адамдардың эмоциясымен байланысты үрейлену сезімі;
өзге адамдардың эмоцияларын түсінбеуден қандай да бір пайда табу.
Эмоциялық интеллект (EQ) – стрессті түсіру, айналадағылармен тиімді қарым-қатынас орнату, қиындықтарды жеңу және жанжалдарды бәсеңдету үшін эмоцияларды позитивті және конструктивті бағытта түсіну, анықтау, қолдану және басқару. Эмоциялық интеллект – күнделікті өмірімізге, мысалы күнделікті жүріс-тұрысымызға, өзге адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатуға қажет. Егер адамда эмоционалды интеллект деңгейі жоғары болса, онда ол өзінің және өзге адамдардың эмоциялық күйін тани біледі, адамдарды өзіне жақын тартып, баурап алады. Эмоцияларды түсіну – өзге адамдармен дұрыс қатынаста болуға, қызметте үлкен табыстарға қол жеткізуге және толыққанды өмір сүруге мол мүмкіндік береді.
Ғалым-зерттеушілердің анықтауынша, эмоциялық интеллектінің төрт атрибуты бар:
Өзіндік сана. Тұлға өз эмоциясын және өз ойлары мен мінез-құлқын, өзінің күшті және әлсіз тұстарын ұғына біледі, өзіне-өзі сенеді.
Өзін-өзі басқару. Тұлға өзінің импульсивті сезімдері мен мінез-құлқын бақылай алады, эмоцияны позитивті бағытта басқарып, бастамашылдық көрсете біледі, өз міндеттерін орындайды және өзгермелі жағдайларға оңай бейімделеді.
Қоғамдық сана. Адам өзгелердің эмоциясын, қажеттіліктері мен қызығуларын түсінеді, эмоциялық сигналдарды аңғара біледі, әлеуметтік қатынастарда өзін қолайлы сезінеді.
Қатынастарды басқару. Басқалармен жақсы, үйлесімді қатынастарды дамыту әрі сақтау, оларды шабыттандырып, қолдау көрсету, жанжалды басқара білу.
Сонымен эмоциялық интеллект ықпал етеді:
Жұмыстың нәтижелі болуына. Эмоциялық интеллект жұмыс орнында әлеуметтік қиындықтарға бағдарлануға, басқаларды басқаруға және оларды түрткілендіруге, жетістіктерге жетуге көмектеседі. Сондықтан эмоциялық интеллектіні кәсіби мүмкіндік ретінде қарастыруға болады.
Физикалық денсаулыққа. Егер стресс жағдайын басқара алмаса, ол қиын мәселелердің туындауына әкеледі. Стрессті қадағалап, басқара алмаудан қан қысымы көтеріліп, иммундық жүйе әлсірейді, жүрек ұстамасының тәуекелдігі артады, қартаю үрдісі тездейді.
Психикалық денсаулыққа. Басқарылмайтын стресс психикалық денсаулыққа да әсер етпей қоймайды, адам мазасыздық, депрессияға ұрымтал болып келеді. Егер адам өз эмоцияларын басқара алмаса, ұнжырғасы түсіп, көңіл-күйі де болмайды. Оның үстіне басқалармен берік қатынастар орната алмаудан адам жалғыздық күйін кешеді.
Қарым-қатынасқа. Егер адам өз эмоцияларын түсініп, оларды бақылай білсе, өзгелерге де түсіністікпен қарап, жеке өмірінде де, қызметте де үйлесімді қарым-қатынас орната алады.
Сонымен, мақаламызды қорытындылай келе, эмоциялық интеллект – бұл өзінің және өзгелердің эмоцияларын түсіну, өзінің және өзге адамдардың эмоцияларын басқара білу қабілеті, осы білімдерді белгілі бір мәселелердің туындау себебін анықтауда тиімді қолдану және оларды шешу. Адамның өмірдің қай саласында болмасын жетістіктерге кенелуі тек оның өмір тәжірибесіне, біліміне, дағды, қабілеттеріне ғана емес, сонымен қатар эмоциялық интеллект сапасына да байланысты деп тұжырымдаймыз