Академик Р.Сыздық еңбектеріндегі қазақ әдеби тіл мәселелері
Р.Сыздықтың ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ әдеби тілінің тарихы, Абайдың поэтиккалық тілі, қазақ тілінің поэтикасы, XV – XIX ғасырлардағы ақын-жыраулар тілі, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілінің тарихы мен лексика-грамматикалық құрылымы, текстологиясы, тарихи лексика, лингвостилистика, тіл мәдениеті салаларына арналған.
Әдеби тілдің даму тарихи кезеңдерге бөлуде қазіргі кезде бірізділік жоқ екені белгілі. Ғалым қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеуде өзіндік бағыт-бағдарды ұстанды. Р.Сыздықтың әдеби тілдің басты белгілерін айқындауы: «Әдеби тілдің ең басты белгісі – оның өңделген, сұрыпталған, нормаланған тіл болуы – бұл бір. Қызметі жағынан сол халықтың өмірінде ұйымдастырушы, қоғам мүшелерінің басын қосушы сипаты, яғни жалпыға ортақтық қасиеті болуға тиіс. Бұл – екінші меже. Әр нәрсенің, әр құбылыстың заты (мән-мәнісі, табиғаты) салыстыру арқылы, өзге нәрселердің, өзге құбылыстардың қарама-қарсысына қою арқылы таныла түседі. Әдеби тілді тану үшін оған қарама-қарсы қойылатын құбылыс – ауызекі сөйлеу тілі. Бұл тілді әдеби деп тануға қажет үшінші шарт. Әдеби тіл – қоғамның қолдану практикасында сыннан өткен, нормаларын қоғам санасы дұрыс деп қабылдаған және ол нормалар барша үлгілерге ортақ болуы шарт. Бұл – төртінші сипаты. Осы белгілерді нысанаға алып қарасақ, қазақтың тіліне «әдеби» деген атрибут – сапаны ұлттық дәуірге дейін де беруге болатын мотивтер бар» [1, 12].
Р.Сыздық өзінің «ХІІІ – ХІХ ғасыр қазақ әдеби тілінің тарихы» деп аталатын құнды еңбегінде әдеби тілдің барлық дәуірлерін сөз етпей, тек екі ғасырға, әдеби тіл тарихы үшін мәні де, маңызы да зор ХІІІ – ХІХ ғасырлардағы арнайы тоқталып, нақтылы материалдар негізінде әр дәуірдің әдеби тіліне тән сипатын, лексикалық, грамматикалық, стильдік ерекшеліктерін анықтауға көңіл бөледі. Автор ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталатын қазақтың төл жазба әдеби тіліне дейін оның ауызша тараған әдеби тіл болды деген пікірді ортаға салады. Ғалым «Ашып алар жайыттар көп» атты мақаласында мынадай қортындыға келеді: «Сөйтіп, қазақтың тілі: ауыз әдеби тілі, жазба алдындағы әдеби тілі, жазба әдеби тілі деген түрлерге бөлінеді». Соңғысын ішінара тағы екіге бөліп қарастырады:
А. Орта азиялық түркі әдеби тіліне сүйенген «кітаби тіл».
Б. Қазақтың қолтума әдеби тілі, яғни қазіргі жазба әдеби тіл.
Ол ХІХ ғасырдың екінші жартысын жалпы қазақ әдеби тілінің емес, қазіргі әдеби тілдің басы деп есептейді. Ғалым ауыз әдебиетімен қатар қазақша профессионал әдебиет те өмір сүріп келді, оның тілі де әдеби тіл болды, оны жазба алдындағы ауызша әдеби тіл деп атайды. Ауызша әдеби тіл де диалектілерден жоғары тұрған, күнделікті сөйлеу тілінен де өзінің көркемдігі, нормалылығы арқылы ажырайтын әдеби тіл деп таниды. Ал жазба әдеби тілдің тууын кейінгі дәуірге жатқызады да, әдеби тілді былай дәуірлейді:
І кезең –ХV-ХVІІ ғ.ғ.;
ІІ кезең – ХVІІІ
ғасырдан ХІХ ғ. екінші жартысына дейін;
ІІІ кезең – ХІХ ғ.
екінші жартысынан Қазан революциясына дейін;
ІV кезең – кеңестік дәуір [2, 17].
Ғалым қазақтың ауызша төл әдеби тілінің тарихын XV-XVI ғасырлардан басталатынына мынадай мотивтерді келтіреді. «Бұл кезең – қазақ хандығын құраған ру-тайпалардың өз алдына дербес халық болып топтана бастаған, яғни қазақ деген этнонимнің тарих саласынан орын ала бастаған тұсы. Сондықтан қазақтың төл әдеби тілі дегенді осы кезеңмен шендестіре атадық» - деді. Сонымен бірге, түркі халықтарының ең көне ескерткіштері – орхон-енесей жазбалардан болсын, орта ғасырлардағы жазба туындылар болсын, тіпті XV-XIХ ғасырлардағы өзге түркі тілдерінің мұрасы деп танлып жүрген үлгілер болсын барлығы да қазақ әдебиетіне қатысы бар, оның тарихын баяндауға қажет материал бірақ қазақтың төл әдебиеті мен әдеби тілінің дәл өзін танытатын нұсқалар емес деп қараған жөн. Сондықтан қазақ деген нақты атрибутпен келген тұста әдебиет болсын, тіл болсын қазақ халқының этникалық-территориялық единицалық ретінде тарих жүзіне келген кезеңінен бастап әңгіме болғаны орынды – деп түйеді.
“XVІІІ-XІX ғғ. қазақ әдеби тілінің тарихы” атты еңбегінде ескі қазақ жазба әдеби тілі идеясын да ортаға салып, оны бұлтартпастай етіп дәлелдейді. Ғалым бұл ойын “Язык Жами’ат-тауарих Жалаири” атты еңбегінде де қайталайды. Шежірені сол ескі қазақ жазба әдеби тілінің бір үлгісі ретінде қарастырады. Ғалымның «Язык Жами’ат-тауарих Жалаири» және «Ясауи «Хикметтерінің» тілі» атты монографияларын ерекше атауға болады. Қадырғали Жалаиридің “Жами’ ат-тауарих” атты шежіресінің рухани мәдениет жағынан да, тілдік тұрғыдан да қазақ халқының байырғы дәуірінен қалған мұра екенін дәлелдейді. Осы арқылы қазақ халқының рухани мұрасын байытуға айтарлықтай қомақты үлес қосты. Зерттеуді Жалаиридің дұрыс аты-жөні мен ныспысын анықтаудан бастаған ғалым, екі нұсқаны
лингвотекстологиялық тұрғыдан салыстыра отырып, шежіре тілінің стилистикалық, лексика-фразеологиялық, графикалық және орфографиялық ерекшеліктерін зерделейді. Ғалым өзінің «Ясауи «Хикметтерінің» тілі» атты монографиясында хикметтердің Самарқант нұсқасы негізінде оның тіліне лексика-грамматикалық, текстологиялық тұрғылардан талдау жасаған. Ғалым осы нұсқаның бастапқы түпнұсқаға ең жақын көшірме болып табылатындығын жазады. Зерттеу барысында лексикалық тұрғыдан да, грамматикалық тұрғыдан да Ясауи тілінің негізі қыпшақ-оғыз әдеби тілі деген қорытындыға келеді. Бұл зерттеулердің қазақ әдеби тілін дәуірлеудегі маңызы зор.
Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың туындыларын салааралық сипатта, яғни әдеби туындыны тілдік тұрғыдан талдауға бетбұрыс жасаған академик зерттеулері сан қырлы, яғни сөз қолдану, сөз таңдау, сөз құбылту, сөз үйлестіру, сөз үндестіру секілді аспектілерде жүргізілген. «Абайтану» ғылымының бір саласы ретінде дамыған Абай тілін зерттеу – профессор Р.Сыздық айрықша күш жұмсаған зерттеу нысанасы. Абай тілін танудың қырлары, «жүрекке жылы тиетін» тұстары мен ерекшеліктері, көркемдік әлемі Рәбиға Сыздықтың көкірек көзінен өтіп, сүбелі ғылыми еңбектер мен ғылыми зерттеу мақалаларына айналды. Қазақ сөзінің даму тарихы мен мағынасын саралау – ғалым зерттеулерінде басымдыққа ие бағыттардың бірі. Ғалым зерттеулерінің «Сөз құдіреті», «Сөздер сөйлейді», «Сөз сазы», «Абайдың сөз өрнегі» деп аталуы ғалымның сөз өнеріне, сөз байлығын қадірлей білуге деген құрметі болып саналады. Ол өзінің 1997 жылы жарық көрген “Сөз құдіреті” атты еңбегінде М.Әуезовтің 20-жылдардағы әңгімелері тілінен бастап, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкеев, Асқар Сүлейменов, Тахауи Ахтанов, Қабдеш Жұмаділов, Кәдірбек Сегізбайұлы тәрізді қазақ көркем сөзінің қас шеберлері қаламынан шыққан туындыларға лингвостилистикалық тұрғыдан талдау жасады. Сөз шеберлерінің шығармаларын сөз таңдау, сөз қолданыс, сөз әрлеу тұрғысынан зерттейді. “Сөздер сөйлейді” еңбегі ғалымның аса бір зеректікпен орындаған жұмысы болды. Тілшінің өзі айтқанындай: «Белгілі бір сөздің, не сөз тіркесінің бұрынғы және қазіргі қолданысына, яғни сөз мағынасының өзгерісіне, даму эволюциясына назар аудару. Бұл ана тіліміздің барша байлығын айқындай түсуге жол ашады» [3, 159]. Онда ақын-жыраулар тілінде кездесетін сан алуан тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер құрамындағы көне сөздердің байырғы мағыналары ашылып, олардың семантикалық өрім-өзгерістері сараланады. Кітапта
қазіргі тіліміздегі бастапқы мағынасы күңгірттенген немесе мүлде ұмытылған, тарихи тұрғыдан түркі-моңғол, түркі-иран тілдеріне ортақ сөздердің әуелгі мәні анықталып, олардың түп төркінін анықтаудың жолдары мен тәсілдері, шарттары айқындалады.
Р.Сыздық көркем проза тілінде диалектизмдерге стильдік статус беріп, оны орнымен жұмсау тәсілі бірден бой көрсетпегендігі, 10-20-жылдардағы қазақ прозасы тілінде жергілікті элементтер өте сирек кездесетіндігі, олардың өзі стильдік мақсатпен қолданылғандығы жөнінде тоқталып, «Диалектизмдерді көркем проза тілінде алғаш рет әдейі жұмсаған – Мұхтар Әуезов» деген тұжырымға келеді. Ш.Мұртазаның шығармасын арнайы зерттеген Р.Сыздық оның көне, сирек, жергілікті сөздерді “әдеби айналымға” түсірудегі ерекше еңбегін атап өтеді. Ғалым “таулы өлке тұрғындары ғана білетін еңлік (эдельвейс) гүлінің қаргүл деген де синонимі бар екенін, ұлар деген құстың қақылықтайтынын, барыстың сипаттама бір атауы сұлтан–шері болатыны, атқұлақ пен гүлқайыр, шырқұйрық пен шәйқұрай деп өсімдік аттарын бейнелеп беретінімізді... Ш.Мұртаза еңбектерін оқи отырып зерделедік” дегендей бақылауларын ортаға салады.
Сонымен қатар, Р.Сыздық әдеби тіл нормасын да қарастырған бірден-бір ғалым. "Тілдік норма және оның қалыптануы (кодификациясы)" еңбегінде тілдік норма, тіл мәдениеті сияқты өзекті мәселелерге кеңінен тоқталады. Р.Сыздық "Қазақ әдеби тілінің сөздігі" деген 15 томдық еңбектің жазылуына өз үлесін қосты. "Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі және оның қолданылу өрісі" атты мақаласында шаршы топқа ауызша ұсынылатын сөздің нәрі (мағынасы) мен сазы (жағымды, табиғи үні) болу маңыздылығын көрсетеді [4, 532].
Қорыта келе, ата-баба дәстүрімен келе жатқан халық ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің ара-жігін ажыратпақшы ғалымдарға қарсы ғылыми бағытын ұстанған Р.Сыздықтың қазақ әдеби тілі жөніндегі пікірі әлі күнге дейін өз маңызын жоймақ емес. Сөздердің этимологиясына, мағыналық қырларына, қолданыстан шығып қалған тұстарына мән беріп, сөзді ұғымдық тұтастандыруға ұмтылды. Ғалымның еңбегі тек сөзді тұтастандыруға ғана емес, қазақ лексикасын зерттеу арқылы ұлттық танымды, сананы, ойлауды дамытуға, яғни ұлттұтастырушылық қызметті де бірге атқарады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1 Сыздықова Р. XVIІІ-ХІХ ғ.ғ. қазақ әдеби тілінің тарихы. –Алматы, 1984.
2 Сыздықова Р.Ғ. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 1993.
3 Сыздық Р. Сөздер сөйлейді (Сөздердің қолданылу тарихынан). Толықтырылған 3-басылымы. – Алматы: Арыс, 2004. – 232.
4 Рәбиға Сыздық. Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы). Астана: Елорда, 2000.
Достарыңызбен бөлісу: |