А.ҚҰНанбаев пен а. Байтұрсынов сабақтастығы серік Айтолқын



Дата16.02.2022
өлшемі28,59 Kb.
#25638
түріСабақ

А.ҚҰНАНБАЕВ ПЕН А.БАЙТҰРСЫНОВ САБАҚТАСТЫҒЫ

Серік Айтолқын

Филология бөлімінің ІV курс студенті

Жоламанова Тойындық Молдағалиқызы

Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі,

қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі пәндерінің оқытушысы, педагогика және филология ғылымдарының магистрі

Көкшетау қаласы

Қазақ тілі мен әдебиетіне, мәдениеті мен өнеріне, ұлттық ойлау мен парасат әлеміне Абай Құнанбаев пен Ахмет Байтұрсыновтың қосқан үлесі зор.

А.Құнанбаев пен А.Байтұрсыновтың бірінші сабақтастығы – орыс халқының ұлы классиктерінің мысалдарын тәржімалауы.

Абай Құнанбаев орыс әдебиетін 1882 жылдан бастап аударған. Ең бірінші аудармасы – орыстың атақты ақыны Лермонтовтың «Бородино» атты патриоттық өлеңінен үзінді. Ең соңғысы – Лермонтовтың «Вадим» атты ұзақ әңгімесінің желісін, оқиғасын алып, өзінше қысқартып жазған поэма. Сонымен қатар, Абай Құнанбаев А.С.Пушкин, И.А.Крылов, Л.Толстойдан көптеген мысал-өлеңдер аударған. Абай Құнанбаевтың сара жолын, Ахмет Байтұрсынов жалғастырып, А.С.Пушкин, И.А.Крылов, Л.Толстойлардың шығармаларын тәржімалаған. Ол орыстың классикалық жазушысы И.А.Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен Санкт-Петербург 1909 жылы императорлық ғылыми академиясының баспаханасында жеке кітап етіп шығарды.

Мәселен, Крыловтың «Қарға мен түлкі» мысалы




А.Құнанбаев «Қарға мен түлкі»

А.Байтұрсынов «Қарға мен түлкі»

Неткен мойын, неткен көз,

Осыдан артық дейсің бе?

Ертегі қылып айтқан сөз.

Қалайша біткен япырай,

Мұрныңыз бен жүніңіз

Періштенің үніндей

Деп ойлаймын үніңіз...[1, 268].


Тамаша қарағанға түрің қандай,

Мынау көз, мынау мойын, мұрын қандай?

Гаухардай қанаттарың жарқырайды,

Келісті қалай біткен және маңдай [2, 53].


Еі ақынның аудармасын «Гомотетиялық» әдіс арқылы салыстырсақ:



Ұқсастықтары:

А.Құнанбаевтың тілі – жеңіл, ал

А.Байтұрсыновтың тілі – күрделі.




А. Құнанбаевта:

9 шумақты, 47 тармақты, 7-8 буынды, 2 бунақты, кезектес ұйқасына құрылған. Абай Құнанбаев мысалы кіріспеден (Жұрт біледі, күледі,

Сұрқия тілдің жаманын,

Қошеметшілердің амалын.

Сонда да солар қайда жоқ?

Ептеп айтса, ересің,

Артынан өкінсең де пайда жоқ.) басталады.


А.Байтұрсыновта:

12 шумақты, 48 тармақты, 11 буынды, 3 бунақты, қара өлең ұйқасына құрылған. А.Байтұрсынов эпифора әдісін жиі қолданады. Мәселен, Қарасақ, көп адамдар Түлкі боп жүр,

Залымдық өтірік пен мүлкі боп жүр.

Солардың сұмдығына түсінбеген

Қарғадай жұртқа мазақ, күлкі боп жүр.

Сонымен қатар, мысалдың соңында өзіндік түйін жасайды.


Дәстүр жалғастығы жалғасып, И.А.Крыловтың «Емен мен шілік», «Жарлы бай», «Есек пен бұлбұл», «Ала қойлар», «Өгіз бен бақа», т.б. мысалдарын А.Құнанбаев та, А.Байтұрсынов та аударған.

Ахмет Байтұрсынов пен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың аудармалары қандай үндестік табады? Олардың не байланыстырады? Ең алдымен, Абай аудармасына зер салып көрелік.

Жастайынан халық ауыз әдебиетінен сусындап өскен А.Құнанбаев, орыс әдебиетімен Семейге оқуға барған кезде алғаш танысады. Бірден қызығып оқып, бас қойып сусындаған шақта өлең үшін шабыт алады. Негізінен өлеңдері есіткеннің жүрегін жігерлендіретіндігі, шығармасының оқыған жанды баурап алатындығы М.Ю.Лермонтовқа үндес келеді. Тек өлеңдерін ғана емес поэмаларынан үзінділер аударып, А.С.Пушкиннен қуат алып, қазаққа танымал «Татьяна әнін» жарыққа шығарады.

Біздің ойымызша, Ахмет Байтұрсынов пен Абай Құнанбаев өлеңдерінің, соның ішінде, аудармаларының ұқсастығы мынада тәрізді: екі ақында қазақи тәлім-тәрбие берумен қатар, болашақ ұрпаққа деген жақсылық, асыл қасиеттерді өнеге үлгі етіп қалдырған. Сонымен қатар, мақал-мәтелдерді ұтымды пайдаланып, ойды таза жеткізгендігі үндестік табатындай.

Екінші сабақтастық – екі ақынның да бір тақырыпта өлең жазуы.

Абай Құнанбаев пен Ахмет Байтұрсынов заман бейнесін, елдің тіршілік болмысын, халықтың мінез-құлқын аз сөзбен бір жерге шоғырландырып жазған шығармалары – Абай Құнанбаевта «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Қартайдым, қайғы ойладым, ұйқы сергек», «Сегіз аяқ», ал Ахмет Байтұрсыновта «Қазақ қалпы», «Қазақ салты», «Жиған-терген» өлеңдерінде мағынасы жағынан болсын, тақырып қою жағынан болсын жақындық, үйлесімділік, үндестік байқалады.

Ахмет Байтұрсыновтың «Жиған-терген» өлеңі, Абай Құнанбаевтің «Сегіз аяқ» өлеңінің үлгісімен, әсерімен жазылған шығарма. Осы өлеңде екі ақын қазақ қоғамының бірсыпыра көкейкесті мәселелері көтерілген. Елді, ел намысын ойлайтындардың аздығы, бірліктің жоқтығы, ел басшыларының зорлықшылығы, т.б жайлар туралы А.Құнанбаев пен А.Байтұрсыновтың қоғам қалпы жайындағы ой тұжырымдарының ұқсастығын көруге болады. Ахмет Байтұрсынов өз өлеңдерінде көбіне Абай Құнанбаев қалыптастырып дамытқан өрісті ойды, қалап алған дәстүрлерді, гуманистік әуендерді, демократтық бағыттарды жалғастырушы ретінде көрінеді.




Абай Құнанбаев «Сегіз аяқ» өлеңі:

Ахмет Байтұрсынов «Жиған-терген» өлеңі:

Қайнайды қаның,

Ашиды жаның,

Мінездерін көргенде:

Жігерлен, сілкін,

Қайраттан, беркін

Деп насихат бергенде

Ұятсыз, арсыз салтынан,

Қалғып кетер артынан.

Аулаққа шықпай,

Сыбырлап бұқпай

Мейірленбес еш сөзге.

Пайдасыз ақыл,

Байлаусыз тақыл,

Атадан бала ойы өзге

Санасыз, ойсыз, жарыс ес,

Өз ойыңда ар емес [1, 69].




Әр жолды ойлап,

Ойыма бойлап,

Ұқтым тайыз, тереңді

Сайраған тілмен,

Зорлаған үнмен,

Құлағы жоқ кереңді-

Ұқтыра алмай сөз әуре.

Салынып жауға,

Сатылып малға

Болыстықты алысты.

Қызық боп жұртқа,

Қорған боп сыртқа,

Кім ойлады намысты?! – десе [2, 10].


Екі ақынның өлеңдерін бастан-аяқ салыстырып қарасақ, жоғарыда аталып кеткен екі тамырлас тақырып, яғни ғылым іздеу, оқу және сол ғылымды жұмсап қарекет ету, еңбек ету, өмірден тұрақты орнын табу туралы ой-пікірлерінің үзілмейтін жіптей жалғасын тауып тұрғандай. Екі ақынның ағартушылық ой-пікірлеріндегі үндестік деп, олардың ұлттық мінез-құлықты зерттеудегі жастар тәрбиесін жандандыруда ұлтжандылық, азаматтық сезімдерді жоғары бағалап, ұлтын топқа, тапқа бөлмей бірдей сүюі.

Осы екі өлеңдерінде екі ақын сөз ұғар, көңілі сергек қауым алдына келеңсіз көріністер сырын ашады. А.Байтұрсынов А.Құнанбаев сияқты халықты оқу-білімге ғана шақырып қойған жоқ, «бұратана» халықты надандықта ұстап, айтқанына көндіріп, айдауына жүргізгісі келген патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы тұрып, саяси күреске бастап, бостандық жолын да нұсқады.

Абай Құнанбаевтың поэзиясында жастарға білім беру, ғылым үйрету мәселесі, оқуға шақыру тұрғысында жасалған екі өлеңі бар. Олар «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба».

Ал Ахмет Байтұрсынов болса, оқу-ағарту ісін өзінің азаматтық міндеті мен өмірінің мақсаты деп санаған ол – білім-ғылымнан кенже қалған, мал бағып марғау жатқан қазақ халқын, сол қараңғылықтан маса болып ызыңдап оятып алып шығуды күрес жолының мақсаты етіп қояды.

Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды. Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі. Мақалада А.Байтұрсыновтың Абай Құнанбаевқа берген бағасы, ұлы ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы алатын орынын анықтауы, өнерпаздық өзгешелігін, асқан шеберлігін тануы шынайы ғұлама ғалымға тән айрықша көрегендіктің, білгірліктің, өлең-сөздің қадірін терең бағалай алатын ақындық сезімталдықтың, талғампаздықтың үлгісі деуге лайық.

Абай Құнанбаев шығармалары қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында өзінше бөлек, өрісі аса биік, мүлде жаңа ой-пікір, көркем сезім әлемін ашқан. Абай Құнанбаев поэзиясы тілі, сөз кестесі мен өлең өрнегі кіршіктей таза қоспасы жоқ, таза халықтығымен, келісті қарапайымдылығымен, құндылығымен ерекшеленеді.

Абай Құнанбаев поэзиясы – өз заманындағы қоғамдық өмірдің ең көкейкесті, ең күрделі және маңызды мәселелерін қозғап, толғаған. А.Байтұрсынов та Абай Құнанбаев үлгісімен өлеңінің аясын, әлеуметтік тынысын кеңейтті. Ел басын жеке басының қамынан жоғары қоятын лирикалық кейіпкерді оятты.

А.Құнанбаев та А.Байтұрсынов та надандыққа, қандай да болсын теріс кертартпа ықпалға қарсы тұра алатын оқыған, біліммен қаруланған адамды құрметтеу керек деп санайды. Ол үшін адам еңбексүйгіштік, мақсатқа жету, кішіпейілділік, мейірімділік сынды өнегелі қасиеттерге ие болуға, өтірік айту, жалқаулық, мақтаншақтық сияқты жаман қасиеттерден аулақ болуға тиіс. Ақылды, парасатты адамның идеал бейнесін ұсына отырып, Абай Құнанбаев оған жақсылықты жамандықтан ажырата білмейтін, ағыммен ілесіп жүре беруге бейімделген надан, қараңғы адамды қарсы қояды.

А.Құнанбаев пен А.Байтұрсынов өз замандарындағы қазақ аулындағы әлеуметтік теңсіздіктің, таптық шиеленіс – қақтығыстардың себеп-салдарына терең бойлай алмаса да, еңбекші халыққа, олардың ауыр халіне көңіл бөліп. Аяушылық сезім білдіреді, ауыр халге төзіп, көніп, үндемей жүре бермей, адамдық қасиетті қорғауды қалайды.

Сонымен, «Абай үлгісінің жалғасы, Ахмет дерсің» деген түйінді сөздің тобықтай түйіні: екі ақынның ұқсастығы, ұлттық сананың оянуына ықпал етіп, халықтың арын арлап, зарын зарлап, жоқтап, пайдасын қорғаушылары. Шынайы өркениетке, әлемдік даму даңғылына апарар жол – өнер мен білім деп түсініп, өнер білімге үндеулері.

Мақаламызды қорытындылай келе, екі ақынға тән ұқсастық пен үндестікті айтқымыз келеді.

Біріншіден, А.Құнанбаев пен А.Байтұрсынов өз заманының жыршылары. Олардың шығармаларына арқау болған – сол заманның шежіресі. Ақындық өнердің реалистік бағытын берік ұстанған олар, өз шығармаларындағы туған халқының, өз ортасының сол кездегі тұрмысын, кәдімгі қазақ ауылының тірлігін, оның тек өзіне ғана тән белгі-бедерімен, өзіндік ерекшеліктерімен айқын бейнелеп кетті. Ел басындағы саяси әлеуметтік мәселелерді өзек еткен, шығармаларында Абай да, Ахмет те қазақ қауымының басындағы мүшкіл халді әр қырынан көрсете білді. Бұл – олардың бірінші ұлылығы, ащы әжуаны қару еткен сыншыл да, шыншыл суреткерлер.

Екіншіден, А.Құнанбаев та А.Байтұрсынов та өз халқының өміріндегі келеңсіз көріністерді әшкерелеуші ғана емес, сонымен бірге оның тарихи тығырықтан шығар жолын меңзеуші рухани көсемі болды. Екі ақынның бұл бағыттағы шығармаларының басты өзегі – ел-жұртын жаман әдеттерден арылтып, жақсы адамгершілікке, парасатты мінез-құлыққа шақыру. Ақындардың ұғымында халықтың адамгершілік тұрғысын өзін-өзі жетілдірудің ең жемісті жолы – қоғамдық пайдалы еңбекке жұмылу, жаппай оқуға, ғылыми-білімге, өрісті өнерге ұмтылу, елдің өз тілін білу. Бұл мақсатқа өздерінің ақындық өнерін де ағартушылық қызметін де сарқа пайдаланды.

Үшіншіден, А.Құнанбаев пен А.Байтұрсынов – ұлттық әдебиетімізді жаңа аренаға түсіріп, оның идеялық – көркемдік дамуына жол ашқан реформаторлар. Олар қазақ поэзиясына шын мәніндегі лирика жанрын енгізіп, адамның сезім дүниесінің тереңде жатқан небір нәзік пернелерін өлең тілінде сөйлетті.

Сөйтіп, олар қазақ топырағында әдебиеттің, оның ішінде ақындық шығармашылықтың көркемдік принциптерін белгілеп, тұтас бір эстетикалық мектептің негізін қалады [3, 288].

Ақырында, А.Құнанбаев және А.Байтұрсынов – дарынды суреткерлікті терең ойшылдықпен ұштастырған кемелді кемеңгерлер, ғұлама даналар. Олар туған табиғаттың тылсым сырларына үңілсек те, адам жанының небір қалың қатпарларын қопарып ақтарса да, өзі өмір сүрген ортаның, туған халқының, әріден айтқанда, бүкіл адамзаттың өткені мен болашағына көз жіберіп, адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынастың тереңіне бойласа да олардың әрдайым ой тереңдігімен кемеңгерлік кемелдігін танып отырамыз.

Ақындардың мұрасы – халқымыздың сарқылмас асыл қазынасы. Олар адам тіршілігінің сан саласын қамтып, әмбебап әрқилылығымен қымбат. Халық тарихи дамудың қаншама асуларынан асып, қандайлық биігіне көтерілсе де, Абай Құнанбаев пен Ахмет Байтұрыновтың аты, олардың сөзі әрдайым оның аузындағы жыры, көкірегіндегі иманы санасындағы ұжданы болып қала береді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Құнанбаев А. Қалық елім қазағым. – Алматы: Жалын, 1995. – 268-б.

2. Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы: Өлке, 2013. – 53-б.



3. Қирабаев С. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. – Алматы: Білім, 1995. – 288-б.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет