Серия «Филология». № 2(82)/2016
23
ƏОЖ 821. 512. 122: 82–1
Р.С.Каренов
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
(Е-mail: rkarenov@inbox.ru)
Ақтамберді жырау — қазақтың ежелгі жыраулық
мектебінің белді өкілі
Мақалада ХVІІІ ғасырдың көрнекті қоғам қайраткері, жырауы, батыры Ақтамберді Сарыұлының өмірі
мен қызметі суреттелген. Оның 1738–1752 жж. шетел басқыншыларымен болған шайқастарға
қатысып, айрықша батылдық пен ерлік көрсетуімен ерекшеленгендігі айтылған. Оның шығармалары
қазақ халқының жоңғар басқыншыларымен күресін бейнелеуде елжандылық рухына толы екендігі
туралы қорытынды жасалған. Ақтамберді жыраудың шығармаларында өмір, батырлық, адами
құндылықтар, моральдық нормалар туралы философиялық толғаулар, маңызды əлеуметтік мəселелер
көтерілгендігі пайымдалған.
Кілт сөздер: жауынгер-жырау, жыр-толғау, тақырыбы, майдан, шабыт, азаттық күрес, нақылдар,
толғаныстар, рухтандыру.
Кіріспе
Ақтамберді Сарыұлы 93 жыл өмір сүрген, яғни 1675–1768 жж. дəуір кешкен. Ол күреске ерте
араласқан жауынгер-жырау санатына жатады. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер
мəселелерін жырларында жақсы бейнелеген. 1738–1752 жж. қазақ-қалмақтың қанды
қақтығыстарының барлығына дерлік қатысқан. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының зұлмат қан
кешуін бастан өткерген. Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей, елі мен жерін қорғаған
қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау. Қазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық
жөніндегі түсініктері, болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, əділетсіздік хақындағы
таным-түсініктері Ақтамберді талғамынан өтіп жыр-толғауға айналған. Əлі де қолға түспеген
толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Қазіргі қолда бары 300 жолдан аспайды [1; 29].
Даңқты жыраудың азғантай қазынасының өзі афоризмдерге толы. «Күмбір-күмбір кісінетіп»,
«Уа, қарт Бөгенбай», «Менімен, ханым, ойнаспа», «Жауға шаптым ту байлап», «Заманым менің тар
болды» жəне т.б. өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, отансүйгіштік күй-сезімдерге толы.
Бүгінде Ақтамберді жыраудың 26 туындысы белгілі. Олар тақырыбы жағынан үш топтан тұрады
жəне тиісінше жауынгер-ақын өмірінің үш кезеңін: жастық шағын, толысып, даңқы шыққан
жылдарын жəне егде тартқан кезін бейнелейді [2; 554].
Ақтамберді жыраудың бірінші топтағы туындылары
Бұл туындылар жас Ақтамберді жоқшылыққа ұшырап, адамгершілік-жан күйзелісін бастан
кешірген кезеңде туған болса керек. Оларда тағдырына налу, өзінің жалғыздығына, кедейлігі мен
дəрменсіздігіне мұңаю басым. Лирикалық кейіпкер жападан-жалғыз жəне қорғансыз, көп қорлық
көреді, өзін бəрінен айырылып, жұртта қалғандай сезінеді. Ол мұңайып, өзін бар күшімен көрсетіп,
өзін-өзі қорғай алатындай жасқа тезірек жеткісі келеді. Ол жақсылыққа деген үмітке бөленіп, өзімен
жұрт санасатын күнді армандайды.
Ақтамберді өзінің алғашқы туындыларын 10–11 жасында шығара бастаған. Оның бұл кездегі
өлеңдері мұң, зар, жалғыздыққа налу түрінде келеді [3; 57]:
Жағалбай деген ел болар,
Жағалтай деген көл болар,
Жағалтайдың жағасы
Жасыл да байтақ ну болар.
Атадан алтау туғанның
Жүрегінің бастары
Алтын менен бу болар,
Атадан жалғыз туғанның
Жүрегінің бастары
Сары да жалқын су болар,
Жалғыздық, сені қайтейін!
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Р.С.Каренов
24
Вестник Карагандинского университета
Бала сонымен қатар ертең-ақ «жасы он беске жетіп, кеңеске кірер» күн туатынын, болашақтан
үміті зор екендігін жырға қосады [3; 58]:
Жағама қолдың тигенін,
Жалғыздық, сенен көремін.
Жамаулы киім кигенім,
Жарлылық, сенен көремін.
Атадан тудым жалқы боп,
Жақыннан көрдім талқы көп,
Жасым жетпей он беске,
Қорғайтын жан, адам жоқ.
Кəрі ақсайды ақылдан,
Ер ақсайды жақыннан,
Қазір əлсіз болсам да,
Үмітім бар ақырдан.
Жасым жетіп он беске
Кірер ме екем кеңеске,
Бұғана қатып, бел бекіп
Ерегескен дұшпанмен
Шығар күн туса күреске!
Осы өлеңдерді құлағы шалып қалған қара жүрек ағайындарының бірі Жангөбек Ботағара деген
Ақтамбердіні қамшының астына алады. Тіпті, найзаның ұшына ілмек те болады. Алайда жазықсыз
жас балаға аталас туысы Бердіке батыр ара түседі. Сол күннен бастап бұғанасы қатқанға дейін
болашақ жырау осы Бердікені паналайды [4; 77].
Ақырында, жыраулар поэзиясының айбалтасы — Ақтамберді 17 жасқа толып, қолына семсер
алады да, жауларынан кек алуға аттанады [3; 58, 59]:
Дұшпаннан көрген қорлығым
Сары су болды жүрекке.
Он жетіде құрсанып,
Қылыш ілдім білекке.
Жауға қарай аттандым
Жеткіз деп Құдай тілекке!
Жастайынан қанды қырғынды көріп, соғыстың бел ортасында жүргені дала шайырының жігерін
жани түседі. Майданда біраз қалмақтың басын қаққан Ақтамберді «Балпаң, балпаң кім баспас»
толғауында [3; 61, 62] батырлыққа үндеп, дұшпаннан именбеуға ұран салады:
Балпаң, балпаң кім баспас,
Басарға балтыр шыдамас,
Батырмын деп кім айтпас,
Барарға жүрек шыдамас.
Жалтара шапсаң жау қашпас,
Жауды аяған бет таппас,
Уа, жігіттер, жандарың
Жаудан аяй көрмеңіз,
Ғазырейіл тура келмей жан алмас!
Ақтамберді жыраудың XVIII ғ. айтқан бұл сөзі бүгінгі ұрпаққа арналғандай көрінетіні несі
екен?! Сөз өнерінің өміршеңдігі деген осындай бір өлшемдермен өлшенсе керек. Əр сөзді əркім өзіне
қабылдайтындай немесе соны терең ұғынып, қабылдай алатындай дəрежеде болғанымыз жөн сияқты.
Əдебиет — шаң басқан, мұражайда қат-қат жатқан сары қағаз емес, тірімізде тіршілікке аса қажет
ауа, су жəне наннан кейінгі қажеттілік. Сəуегей жыраудың соны алдын ала көргеніне,
болжампаздығына таңырқайсың...
Ақтамберді жыраудың екінші топтағы туындылары
Бұл туындылардың арқауы — табандылық пен ерлік рухы. Ұлы жыраудың пайымдауынша, ел
басына қиындық түскенде сыналар жəне елі үшін жанын отқа салуға даяр жігіт қана ер атанбақ. Ақын
заманы мұқтаж етіп отырған ер-азаматты үлгі етіп, əр тұста елі үшін ерлік көрсете білуге үндейді [3; 61]:
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Ақтамберді жырау — қазақтың …
Серия «Филология». № 2(82)/2016
25
Балпаң, балпаң басарсың,
Басуға табан шыдаса,
Қызыл алмас жан қияр,
Қызыл талға қынаса,
Жол болмасқа немене,
Тарығып шын жыласа,
Мал бітпеске немене,
Жігіт жанды бұласа!
Ел шетіне жау келсе,
Алдына, сірə, дау келсе,
Батырсынған жігіттің
Күшін сонда сынаса!
Ақтамберді өзін бейнелеуде эпитеттер мен ауыстырудың асқақ та асыл түрлерін орынды
қолданып, ержүрек батыр тұлғасын көз алдыңа айқын елестетеді. Төрт құбыласы түгел
болғандықтан, өзі батыр, өзі жырау Ақтамберді [3; 59, 60]
Салпаң да салпаң жортармын,
Сары азбанға қосымды артармын,
Торлаусыз өскен құланмын,
Мезгілсіз жусап өрермін,
Байраққа біткен құрақпын,
Саусағым жерге түсірмен,
Жапанға біткен терекпін,
Еңсемнен жел соқса да теңселмен,
Қарағайға қарсы біткен бұтақпын
Балталасаң да айрылман,
Сыртым құрыш, жүзім болат,
Тасқа да салсаң майрылман! —
деп неге шалқып таспасын.
Келтірілген жолдар — батыр ақын шабытын танытарлық кесек туынды. Жалпы, Ақтамберді
толғауларының өн бойынан Отанға деген сүйіспеншілік, ерлікті əспеттеп, ел тəуелсіздігін ардақтаған
отты жырларды байқаймыз. Əсіресе жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп» деген ұзақ
толғауының [3; 63–67] екпіні ерекше:
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екеміз?!
Күдеріден бау тағып,
Қамқапты киер ме екеміз?!
Өзенге бие байлатып,
Төскейге орда орнатып,
Төрткілдеп ошақ қаздырып,
Төбел бие сойғызып,
Төменде бидің кеңесін
Біз де бір құрар ма екеміз?!
Құлаты тауға қол салып,
Садақтың оғын мол салып,
Бетпақтың ен бір шөлінен
Төтелеп жүріп жол салып,
Қолды бір бастар ма екеміз?!
Майданда дабыл қақтырып,
Ерлердің жолын аштырып,
Атасы басқа қалмақты,
Жұртынан шауып бостырып,
Түйедегі наршасын,
Əлпештеген ханшасын
Ат артына мінгізіп,
Тегін бір олжа қылар ма екеміз?!
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Р.С.Каренов
26
Вестник Карагандинского университета
Кеуде бір жерді жол қылсам,
Шөлең бір жерді көл қылсам,
Құрап жанды көп жиып,
Өз алдына ел қылсам!
Асқар бір тауды жайласам,
Желілеп бие байласам,
Күнде жиын, күнде той,
Қыз-бозбала ойнатсам,
Тентегін түзеп байқа деп,
Ішінен биді сайлатсам,
Құлым бір ұлдай киінсе,
Көркемін көрген сүйінсе,
Атымтай жомарт секілді
Атағым жұртқа білінсе!
Өзім бір бөлек жайласам,
Жігіттен нөкер сайласам.
Ойпаң жерге он отау,
Қыраң жерге қырық шатыр тігіп,
Қонағымды жайғасам!
Пышақтан малым кетпесе,
Қазаным оттан түспесе,
Ауылдан топыр үзілмей,
Ошақтың оты өшпесе.
Май жемесе барағым,
Он кісіге жараса
Бір кісіге арнап тартқан табағым!
Халыққа атым білініп,
Шүлеңгір мырза атанар ма екеміз?!
Төскейде кеңес топтанып,
Жақсылар үйде баптанып,
Нөкерлер жүрсе сап түзеп,
Қос-қосымен шаттанып.
Қиуадан ақыл алатын,
Қияннан айла табатын,
Ерлерден салсам нөкерді
Дұшпаннан кекті алатын!
Жоны бір жалпақ жотадай,
Мойны бір жалпақ бұқадай,
Балуаннан нөкер барлатып
Күреске салар ма екеміз?!
Артықша көзге көрініп
Балуаным жықса таңлатып.
Алмасын арнап суарып
Ақ сауыт соқса зергерім,
Таудағы сала бұғыны
Аңдып бір атса мергенім!
Көкорай көктем болғанда
Дауысы бар азандай,
Желіні бар қазандай,
Жаралы қудай ыңырантып,
Жарылған мұздай күңірентіп,
Қайрауықтың ащы күйіндей
Қайырып боздап күйлентіп,
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Ақтамберді жырау — қазақтың …
Серия «Филология». № 2(82)/2016
27
Боталаған бозінген
Азан-қазан, у да шу
О да бір алса мазамды-ай!
Алғайдың құба жонына
Жайылған қойым сыймаса,
Жүз бүркеншек, жүз қоспен
Қатар жүріп жинаса!
Көк алалы көп жылқы
Көлге бір түссе көз жетпей,
Санап санын алуға
Есебіне жан жетпей...
Беглерім мінсе шұбарын
Жұлындай қылып жаратып.
Елден елді аралап,
Тектіден текті саралап,
Беглердің қызын айттырсам,
Нұсқасын байқап шамалап.
Сынға толса сияғы,
Əлбеті шамның шырағы,
Мұхиттан сүзіп шығарған
Қымбатты гауһар бағасы.
Жүз нарға кілем жаптырып,
Қазақтан сəнін арттырып,
Ұзатып алсам сəнменен
Көңлімді хош таптырып.
Бала берсе тезінен,
Пірлердің бітсе демінен,
Шілтеннің тиіп шылауы
Артылып туса өзімнен!
Ақтамберді жырларында азаттық күрестің басты мақсаты өз алдына ел болу, төгілген қанның
өтеуі бейбіт тіршілік, азат ел, мамыражай тіршілік дегенге саяды. Оны «қой үстінде бозторғай
жұмыртқалаған» жұмақ заманда тəуелсіз елдің тыныштығын ел арасындағы дау-жанжал бұзбаса,
береке-бірліктің құтын қашырмаса деген тілек қатты толғандырады.
Осындай берген дəулетті,
Көтеріп тұра алар ма екенбіз! —
дейді.
2012 ж. шыққан «Сөйле, тілім, жосылып» жинағында «Күлдір де күлдір кісінетіп» деп
басталатын толғаудың екі нұсқасы басылған. Асылы, олар — əрқайсысы əр тұста айтылған өзінше
бөлек жырлар. Себебі қайталау көп кездеспейді (63–68-б.).
Жырау өзінің «Күлдір де күлдір кісінетіп» атты екінші жырында жүйрік ат мінуді, сұлуды сүюді,
кіреуке тон, сауыт киіп, «қоңыр салқын төске алып» қол қашыруды, жауын бытыратып атуды,
жеңіспен оралғаннан кейін «Тобылғы сапты қамшы алып, Тұмар мойын ат мініп», қоныс қарауды,
жайлауда жазылып отырып кеңес құруды армандайды.
Ақтамберді толғауларындағы басты идея — елді ата-жауға қарсы күреске шақыру, ерлікке
жігерлендіру. Азатшыл сарын — жырау поэзиясының негізгі өзегі.
Ақтамберді жыраудың үшінші топтағы шығармалары
Үшінші топтағы толғауларын дана жырау егде тартқан кезеңінде шығарған болса керек. Оның
осы уақытта жарық көрген туындылары негізінен көне қазақ поэзиясы үлгісіндегі [3; 60, 61]:
Түйе мойнын тұз кесер,
Жігіт мойнын қыз кесер,
Сартылдаған сары аяз,
Жылқының мойнын мұз кесер.
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Р.С.Каренов
28
Вестник Карагандинского университета
Бұлан да бұлан, бұлан сан,
Бұланның санын оқ тесер,
Бұлаңдап жүрген жігіттің
Жомарт қолын жоқ кесер! —
деген сияқты нақыл, афористік толғаныстар түрінде келеді.
Өмірде көпті көрген Ақтамберді ненің жақсы, ненің жаман екенін, нағыз жігіт қандай, оның
əйелі мен жақын досы қандай болуға тиіс екенін, ізгі адамдар мен түкке тұрғысыз адамдардың
өздерін қалай ұстайтынын жəне т.б. айтады. Қысқасы, мұнда Ақтамберді жырау естірте ой толғап,
өсиет айтады, кеңес береді. Ал мұның өзі жыраулар поэзиясының басты белгілерінің бірі:
1. Атақты жыраудың «Балаларыма өсиет» деп басталатын өлеңі [3; 73, 74] түгел келешек
жастарға арналған ақыл-нақылға толы дана сөздер:
Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айрылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке,
Араз болсаң алты ауыз
Еліңе кірген əреке.
Талпынып салдым егінді,
Ішсін деп əркім тегінді,
Ақылың барың ұғарсың,
Ойың болса сезімді.
Тоқсанға жас келген соң,
Өлім жақын көрінді.
Бар арманым айтайын,
Батырларша жорықта
Өлмедім оқтан, қайтейін!
Ел аман болсын ылайым,
Тілегім берді бəрін де,
Ризамын, Құдайым!
2. «Сары аязда қата ма» деген толғауында [3; 72] қарт жырау əділетсіз болса биден, рақымсыз
болса байдан, қатты болса жақыннан ел түңілетінін айтып, əділет жолын нұсқайды:
Сары аязда қата ма
Қайнардың аққан тұнығы,
Қап түбінде жата ма
Болаттың асыл сынығы,
Халқы тозып кем болмас,
Əділ болса ұлығы.
Рақымсыз жақыннан
Халқы қатты түңілер,
Сырқат болсаң жат жерде
Жаныңда кім бөгелер.
Əділ туған жақсыға
Екі даугер жүгінсе,
Тізесін қисық бұрмаса,
Асылдығы білінер.
3. Ұлы дала жыршысы көшпенділер əлемінің сұлулық сезімін ел қорғаны болған ер қанаты —
пырақтың қадір-қасиетімен бірлікте суреттейді [3; 60]:
Арудан асқан жар бар ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма,
Биенің сүті сары бал –
Қымыздан асқан дəм бар ма!
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Ақтамберді жырау — қазақтың …
Серия «Филология». № 2(82)/2016
29
Желіде құлын жусаса,
Кермеде тұлпар бусанса,
Сəні келер ұйқының,
Жылқы қолдан тайған соң,
Қызығы кетер күлкінің.
Қыздың көркі құлпыда,
Жігіттің көркі жылқыда.
4. Ұлт ұраншысы болған жырау өзінің «Мінезді болса алғаның» атты жырында [3; 71]:
Мінезді болса алғаның,
Одан да артық жар бар ма,
Екі жаман қосылса,
Күнде жанжал, күнде шу,
Ұяларлық ар бар ма.
Білімді туған жақсыға
Залал қылмас мың қарға,
Жаман туған жігітке
Рақатты күн бар ма.
Өз мінін білген жігіттің
Тəлімінде мін бар ма, —
деп адам бойындағы ар-ождан тазалығы қасиеттерін биік қояды.
5. Ақтамберді жырау «адамның артықшылығы жомарт, жайдары мінезінде, ақылы мен білімінде»,
деп атап көрсетеді. Асыл ару, ақылды жас, жайдары да білімді, пейілді, өзіне-өзі сын көзімен қарай
білетін, дандайсымай кішіпейіл жүретін ұяты мен ары таза əділ азаматты ардақтайды [3; 70]:
Ағайының көп болса,
Ұлы шерік қолмен тең,
Білімді туған жақсылар
Аз да болса көппен тең,
Жақсысы кеткен ауылдың
Артынан жақсы шықпаса
Өртеніп кеткен жермен тең, —
деп, ақын əрбір ел өз ішінен шыққан жақсысымен, білімді азаматымен берекелі, атақты болатынын
ескертіп өтеді. Оларды ерекше қадірлеуді қажет ететін шешен афоризмдер термелейді [5; 340]:
Қайырлы болса баяжан
Дария шалқар көлмен тең,
Қайырсыз болса жаман бай
Ел қонбаған шөлмен тең,
Мінезді болса жолдасың
Күнде сонар қызбен тең,
Жаман болса жолдасың
Астыңнан өткен сызбен тең.
6. Ғұлама жырау құнарлы жерін, орманды-нулы, өзенді-сулы өлкесін мекендеп, адал кəсіппен
айналысқан берекелі елді аңсап, халқына ақыл айтудан талмайды. Орамды шешендік сөздер, түйінді
түйдек ойлар тастайды [3; 72, 73]:
Еділ, Жайық екі өзен,
Талсыз болар деймісің,
Көкшетаудың көп көлі
Елсіз болар деймісің.
Бота көзді бойжеткен
Жарсыз болар деймісің,
Абылай қонған кең қоныс
Елсіз болар деймісің.
Еркін жайлап қонған соң,
Малсыз болар деймісің,
Тұлпар туған құлыншақ
Ерсіз болар деймісің,
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Р.С.Каренов
30
Вестник Карагандинского университета
Алқынған арын баспайтын
Өрсіз болар деймісің,
Орын тапқан ер жігіт
Жерсіз болар деймісің,
Орда тігіп орнаса
Төрсіз болар деймісің!
Сонымен, кең өрісті толтырып мал өсіріп, құйқалы жерін өңдеп, бейбіт тіршілік қамын ойлауды,
еңбекпен ел дəрежесін арттыруды жырлайды ақын.
Сайып келгенде, Ақтамберді Сарыұлы өз заманының талабына сай жыр толғап өткен əрі батыр,
əрі жырау. Оның шығармалары елі, халқы үшін еңіреп өткен ер тұлғасын, жақсылыққа бастап,
адамгершіл ой түйген терең ойлы ақыл иесі абзал азаматты танытады. Өзінің өрелі ойларын жыр
кестесіне тізе білген жүйрік тілді шешен ақынды көрсетеді.
Түйін
Соңғы жылдары атақты жыраудың есімі дауға айналғандығы белгілі. Оның себебі кейбір
басылымдарда Ақтамберді Сарыұлы Ұлы жүзден деп көрсетіліп жүр. Бұл, əрине, тарихи шындыққа
жатпайды. Өйткені Ақтамберді Сарыұлы Орта жүзге жататын Найман тайпасының Қаракерей
руының ішіндегі Сыбан тармағынан [5; 124].
Даңқты жырау шығармалары гуманистік, адамгершілік идеяларды көтеріп, елдегі күйкентай
пендешілікті, өзімшілдікті сынайды. «Мал-басы өскен адамның» атты толғауында [3; 71]:
Мал-басы өскен адамның
Алды-арты бұрқар бу болар.
Көтере алмай дəулетін
Көрінгенге бу қылар.
Не боларды білмейді,
Өзінен-өзі зор болар,
Жетім менен жесірге
Қазары ылғи ор болар,
Онымен жолы болмайды,
Біреуден қайтып қор болар, —
деп Ақтамберді Сарыұлы малы бардың кеудесі ісініп жүретінін тілге тиек етеді.
Ел арасының дау-далабасын қоздырып, күшіне сеніп өктемдік көрсеткен Бөгембай батырды да
Ақтамберді бір түйреп өтеді.
Мысалы, жыраудың «Уа, қарт Бөгембай!» деп басталатын толғауы Наймандарға көрсеткен
Арғындар өктемдігіне қарсы дау ретінде айтылады. Даугерден сөзді əуелі Ақтамберді
бастап [3; 68, 69]:
Уа, қарт Бөгембай!
Құяр жауын аспаннан
Қара бұлт торласа,
Пəлекет елде көбейер
Жігітті жігіт қорласа,
Ақбөкен келіп жығылар
Алдын қазып орласа,
Пенденің бағы ашылмас,
Маңдайы қалың сорласа,
Дұшпан қорлап не қылмақ
Бақыт басқа орнаса.
Қынаптан қылыш суырмай,
Қарысқан жау бүлк етпес,
Жуылмай қастың қанымен,
Намысқа тиген кір кетпес.
Шабыссаң, қане, шығып көр,
Жау емессің күш жетпес,
Дарабоздай қолбасы
Абыройын кірлетпес!
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Ақтамберді жырау — қазақтың …
Серия «Филология». № 2(82)/2016
31
Ұрын келген күйеу қайда,
Жесір қайда тіл өтпес?
Жендетті көрсет көзіме,
Желіккен басты кім кеспес!
Еліңді жүндей түткізіп,
Қанды көбік жұтқызып,
Жайратамыз осы кеш!.. —
деп тапжылмай тұрып алады.
Бөгембайға айтқан бұл сөздері тек арына шапқан қайсар батырдың тегеуірінді сөзін ғана
танытып қоймайды. Соған қоса ел бастаған төре мен қол бастаған батырдың мақсаты өзара дауды
қоздыру емес, ел тыныштығын сақтай білу, қорлық-зомбылық көргендерге қамқор болу, əділет
жолымен адал қызмет ету деп біледі [6; 339].
Арғын тайпасына жататын Қанжығалы руының атынан (Бөгембай батыр Қанжығалы руынан
шыққан) атақты Үмбетей жырау буырқанып, тебірене тоқтау айтады. Екі жақ пəтуаласады.
Жоғарыда айтылғандарды жинақтай келе, шығаратын қорытындымыз [3; 62]:
Жауға шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айғайлап,
Дұшпаннан көрген қорлықтан
Жалынды жүрек қан қайнап,
Ел-жұртты қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап, —
деген жалынды жырымен халықты рухтандырған Ақтамберді Сарыұлы қазақ халқының тыныштығы
үшін жанын таразыға салған айтулы тұлға. Ақтамберді жыраудың бейіті Шығыс Қазақстан облысы
Абай ауданына қарасты Құндызды ауылы жанындағы Жүрек Жота атты төбенің басында орналасқан.
Қорыта айтқанда, Ақтамберді — қаһармандық поэзиясы арқылы өзінің елін, жерін сүюдің
үлгісін көрсеткен, оны ұрпағына мəңгілікке мұра еткен ұлы жырау.
Əдебиеттер тізімі
1 Қазақстан тарихы: энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: Аруна, 2006. — 768 б.
2 Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін): бес томдық. — ІІ-т. — Алматы: Атамұра, 1998. — 640 б.
3 Сөйле, тілім, жосылып (жыраулар мұрасы) / Құраст. əрі ред. Т.Қыдыр. — Алматы: Олжас кітапханасы, 2012. — 156 б.
4 Мағауин М. Қазақ хандығы дəуіріндегі əдебиет: оқулық. — Алматы: Ана тілі, 1992. — 176 б.
5 Қазақ ру-тайпаларының тарихы. — Х-т. Найман. — 2-кіт. — Алматы: «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы, 2008. — 436 б.
6 Сүйіншəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы: оқулық. — Алматы: Санат, 1997. — 928 б.
Р.С.Каренов
Актамберды жырау — яркий представитель древней
школы казахских поэтов-жыраушы
В статье описаны жизнь и деятельность Актамберды Сарыулы — выдающегося общественного
деятеля XVIII столетия, жыраушы, батыра. Отмечено, что в 1738–1752 гг. он активно участвовал в
сражениях с иностранными завоевателями, отличившись особой отвагой и храбростью. Автором
сделан вывод о том, что его произведения пронизаны духом патриотизма в борьбе казахского народа с
жонгарскими захватчиками. Кроме того, в произведениях Актамберды жырау высказаны
философские рассуждения о жизни, героизме, человеческих ценностях, этических нормах; затронуты
важные социальные вопросы.
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Р.С.Каренов
32
Вестник Карагандинского университета
R.S.Karenov
Aktamberdy zhyrau — a bright representative of the ancient
schools of kazakhs poets-zhyraushy
Life and Aktamberda Saryula's activity — the outstanding public figure of the XVIII century, a zhyrausha,
the batyr are described. It is noted that in 1738–1752 he actively participated in battles with foreign
conquerors, having caused a stir in special courage and bravery. The conclusion is drawn that its works are
penetrated by patriotic spirit in fight of the Kazakh people against zhongarsky aggressors. It is emphasized
that in Aktamberdy zhyrau's works philosophical reasonings on life, heroism, human values, ethical standards
express; important social problems are raised.
References
1 History of Kazakhstan: encyclopedic reference book, Almaty: Arouna, 2006, 768 p.
2 History of Kazakhstan (since the most ancient times up to now): in five volumes, ІІ, Almaty: Atamura, 1998, 640 p.
3 Exorcise in all power language my eloquent (Heritage of poets-zhyraushy) / Orig. and edit. T.Kydyr, Almaty: Olzhas's
Library, 2012, 156 p.
4 Magauin M. Literatura times of the Kazakh khanate: textbook, Almaty: Ana tili, 1992, 176 p.
5 History of childbirth and tribes of Kazakhs, X. Nayman, 2, Almaty: Historical and research center «Alash», 2008, 436 p.
6 Syuinshaliyev Kh. Historiya of the Kazakh literature: textbook, Almaty: Sanat, 1997, 928 p.
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Достарыңызбен бөлісу: |