Аяқ сүйектері
Аяқ сүйектері (ossa membri inferioris) жамбас белдеуі және аяқтың еркін бөлігінен құралған. Жамбас белдеуінің (cingulum membri inferioris) иық белдеуінен айырмашылығы – ол бір-бірімен және сегізкөзбен қосылып, айналасы тұйық сақина тәрізді құрылым түзеді. Барлық сүтқоректілердің жамбас белдеуі екі жамбас сүйегінен тұрады (os coxae), ал адамдарда олар өзінің салмақтылығымен және тек өзіне тән пішінімен ерекшеленеді.
Адамдарда 14-16 жасқа дейін жамбас сүйек бір-бірімен талшықты шеміршек арқылы байланысқан жеке үш сүйектен (мықын, қасаға және шонданай) құралған, ал 20-22 жаста олар бір-бірімен толықтай бітіседі. Жамбастың сыртқы бетінде осы сүйектердің қосылысқан орнында ортан жіліктің басымен байланысатын, тостақ тәрізді терең ұршық ойысы (acetabulum) орналасқан. Ұршық ойысының ішінен, сырты буындық шеміршекпен қапталған жарты ай тәрізді буындық бет, түбінде ұршықтық шұңқыр (ортан жілік басы байламы бекиді) және ортан жілік басын қоректіендіретін қан тамырлары өтетін, төменгі жиегінде ұршықтық тілік бар. Әр жамбас сүйектің алдында жоғары мен ішінен қасаға, ал төмені мен бүйірінен шонданай сүйектерімен шектелген жапқыш тесік (foramen obturatorium) орналасқан.
Достарыңызбен бөлісу: |