Аяулы да қымбатты аналар мен аруларымыздың мерекесі 8 наурызда мектеп оқушыларының аналарына мен ұстаздарына арналған «Анам -күн шуағым менің!»атты кештің сценариін ұсынамыз:
Мерекелік кештің басты мақсаты: Нәзік жанды аруларымыздың қоғамдағы рөлінің айтарлықтай екендігін дәлелдеп, оларға қуаныш сыйлау. Оқушылардың оларға деген ізгі ниеттерін көрсету.
Кештің көрнекілігі: Елбасы жолдауы, Жолдаудан үзінді жазылған қағаздар, ұлағатты сөздер, суреттер, шар, шақыру билеті, үнтаспа, гүл т.б.
Кештің барысы: Қонақтарды кешке шақыру, оларды қарсы алу, тілек білдіру, өнер көрсету, құттықтау сөздер, қорытынды сөз, жалпы қорытынды жасау.
Асылбек Еңсеповтың «Детство» күйі қосылып тұрады. Сахнада Мұқағали Мақатаевтың «Ана» атты өлеңін 8 сынып оқушысы Шаменова Фариза оқиды.
Ана
Сен бақыттысың,
Жыламағын!
Жай түсіп жатқанда да құламадың
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның
Сондықтан жыламағын, жыламағын!
Бармын ғой
Тірімін ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңді қашырмағын.
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап
«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.
Тәңірім кеше көрсін кесірімді
Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!
Ана,
Сен бақыттысың, тербете бер
Құба талдан иілген бесігімді…
(Өлең аяқталып болған соң, бірден көңілді әуен қосылып оқушылар сахнаға шығып, ай секілді дөңгеленіп тұрады да орталарына жүргізуші келіп тұрады).
Жүргізуші: Армысыздар, аяулы аналар, құрметті ұстаздар, гүлдей құлпырған қыздар! Барлығымыз асыға күткен көктемнің алғашқы күндерімен бірге 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Бұл - бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар мен нәзік жанды қыздар қауымының төл мерекесі.
Оқушылар бірге айтады:
Сізден өскен балалар,
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті, жан аналар!
( Жүргізуші сөзін аяқтай салысымен сахна төрінде тұрған оқушылар, бастарын иіп, сахнадан шығып кетеді).
Жүргізуші: Қош келдіңіздер, құрметті аналар мен мектебіміздің ұстаз, қыздары! Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге сарқылмайтын денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Осы күні өздеріңізге бағытталған тілектер періштенің құлағына шалынсын. Әрдайым біздердің жанымызда жүре беріңіздер.
Ана десем шешек ашып жанары,
Өмірімнің бастау алар ажары.
Ана деген тіршілікке пана боп,
Әрбір үйде жұлдыз болып жанады, - дей отырып, алғашқы мерекелік құттықтау сөзді мектеп директорының міндетін атқарушы Майра Жасұланқызына береміз.
Жүргізуші:
Шалқып, тасып әніміз
Жадырасын жанымыз,
Ана, сені құттықтап,
Әндетеміз бәріміз.
Алдарыңызға 2 сыныптың әнші шәкірттеріңіздің орындауындағы «Әжетайым» атты әнін қол соғып қошеметтеп қарсы алыңыздар.
Жүргізуші:
Теңіздей тербетіліп көл бетінде,
Бишілер билеп кетті тербетіле.
Аққудай қалықтаған теңіздегі,
Бишілер өнерлерін көрсетуде, - дей отырып келесі кезекті даярлық тобының мың бұралған бишілерге береміз.
Жүргізуші:
Барша ана құтты болсын мерекеңіз,
Әрқашан ана сізбен берекеміз.
Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,
Сонда біз кісілікке теңесеміз,-дей отырып 3 сыныптың ұл-қыздарыңыз «Апатайым анашым» әнін ұсынады.
Достарыңызбен бөлісу: |