Қазақ әдебиеті мен жапон әдебиетіндегі үндестік. Е. А. Букетов атындағы Қарму ф.ғ. к., доцент С. У. Такиров



Дата07.01.2022
өлшемі29 Kb.
#20763

Қазақ әдебиеті мен жапон әдебиетіндегі үндестік.
Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ

Ф.ғ.к., доцент С.У.Такиров

Студент А.Қайырбекова
Құм – жұмбағы көп әлем. Қай халық болсын құмға жақын болса, әдебиетінде де ол көрініс табатыны даусыз. Қазақ халқы Сарыарқаның сары даласында еркін көшіп-қонып, Қызылқұмда, Қарақұмда мал жайып, мекен еткені рас. Осыған байланысты болар, халық аузында құмға байланысты атаулар сақталып қалған. Мысалға: жылжымалы құм, сырғымалы құм, сусымалы құм. Ал жапон халқы да «құм құрсауындағы» елді-мекендерде мекен ететіні де белгілі. Яғни бұл халықта «құмның мінезімен» таныс екеніне шүбәміз жоқ.

Құмдардың пайда болуына қарай көлдік, теңіздік, желдік, сулық-мұздық, элювийлік, делювийлік деп бөлінетінін біреу білсе, екіншісі білмей жатады [1].Оның үнемі қозғалыс үстінде болатыны, белгілі динамикаға ие екені де белгілі. Құмға қатысты қазіргі кезде «құм философиясы», «құм терапиясы» сияқты ұғымдар кездеседі. Ары қарай «Құм философиясы» тақырыбын тілге тиек етпекпіз.

Қазақ халқының Оралхан Бөкей сынды біртуар жазушысы «құмның мінезін» сипаттап, тамаша туындыны оқырманға тарту етті. Оралхан Бөкей сомдаған сырлы әлем – кемелсана иесіне ғана сыры танылатын терең философиялық ойлар мен ғажайып сұлу сөздердің әлемі. Жазушының шығармалары жарық көрген сәтінен-ақ оқырмандар қауымы мен әдебиеттанушылардың қызығушылығын тудырып келеді. Ол өткен ғасырдың 60-жылдары әдебиетке келген қазақ жазушыларының ішінде табиғаты өзгеше, шығармашылығы ешкімге ұқсамайтын айрықша талантты суреткер. Ә.Кекілбаевтің сөзімен айтсақ, ол «...жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүйікті,ең сүлей суреткерлерінің бірі ретінде әлемдік танымалдыққа ие болды.Алыс-жақын елдерде аты «қазақ» деген сөзбен қабаттаса айтылатын азғантай тұлғалардың біріне айналды. Оралхан азғантай ғұмырында сондай асқарлы биікке өзін де, елін де, туған әдебиетін де шығарып үлгерді» [2,1].

Оралхан Бөкей шығармаларының тақырыбы әр алуан, баяндалатын оқиғалардың алатын ауқымы кең. Бұл мақалада қаламгердің белгілі шығармаларының бірі «Құм мінезі» повесіндегі және Кобо Абэның «Құм құрсауындағы әйел» романындағы «құм философиясына» тоқаталып өтпекпіз.

Жазушылық тілі алуан қатпарлы Оралхан Бөкей туралы сыншы Ә.Меңдеке: «Оралхан Бөкей – қатпарлы, ұлтжанды, ұтқыр жазушы. Мұндай жазушыны толық ашу үшін органикалық сын қажет»-дейді[3,617].

Ал жазушы шығармаларындағы өзекті тақырып жайында академик С.Қирабаев: «Адамды ардақтау,оның ұлылығын жырлау,жалпы алғанда,Оралхан повестерінің негізгі тақырыбы десе де болады»[4,1] -деп қорытынды жасайды.

Жапондық жазушы Кобо Абэ де осал қаламгер емес. «Ол прозаик, драматург, режисер. Оның шығармаларының сұранысқа ие болуының себебі, ол әртүрлі рөлдерді тамаша ойнай алады. Кобо Абэ өзінің шығармаларына ғаламдық проблемаларды өзек етіп алады. Оның романдарының басты идеясы - адамның өзіне қас дүниемен кездестіріп, одан қашу амалын іздеуі»[5, 1].

Кобо Абэ 1961 жылы жарық көрген «Құм құрсауындағы әйел» романы үшін «Иомури» газетінің сыйлығын иемденеді. Бұл романда адам мен қоғам қақтығысын сипаттай отырып, адамның қоғамнан қашып құтыла алмасын, тығырыққа тіреліп жанталасатынын, яғни өз тағдырына өзі қожа бола алмайтындығын көрсетеді. Жазушының бұл романын аударған - Тілеухан Жұмақанов.

Қазақ әдебиеті мен Жапон әдебиеті екі түрлі әлем. Оралхан Бөкей повестіне қазақ халқының отырықшылыққа көніп, еркіндіктен айырылғанын өзек етсе, Кобо Абэ «құмның құрсауындағы» адамның күресін романына тірек етеді. Бұл шығармалардың үндес екені тақырыбынан да көрініп-ақ тұр.

Ең біріншіден, бұл шығармалардағы әйел бейнесі үндес. «Құм мінезінде» ол былай беріледі: «Барханның әйелі қой аузынан шөп алмас момын, өз шаруасына берік тұйықтау адам. Апама жездем сай осынау жұбайлардың белдеу-белдеу құмның арасына түтін түтеткеніне он бес жылдан асып бара жатса да, шәй десіп бір-бірінің бетінен бірі алған кез болған емес»[6, 334].

«Құм құрсауындағы әйелдегі» әйел образы үнсіз, кішкене ғана жануар тәріздес. Ешбір сөз қайтармайды, тек үнсіз келіспеушілігін білдіріп отырады[7]

Екі шығармада да бір сөз тіркесінің қайталанып отыруы, назарды аудартпай қоймайды. Оралхан Бөкей «самолет ұшып өтті» десе, Кобо Абэ «шпан мушкасы» деген тіркесті жиі қолданады. «Құм мінезінде» ол Барханның орындалмай кеткен арманын беретін тәріздес, себебі Бархан бұл «самолетпен ұшып, құм құрсауынан» құтылуды армандайды және оны түсінде де көреді. Шығармада былай делінеді:

« «Шаршадым, әке. «Ендеше кетейік, енді сені ешкім құм зынданға қамап ұстай алмайды» - дейді де вертолетін аспандатып, қалықтап ұша жөнелді»[6, 374].

Ал Кобо Абэде Шпан мушкасы бас кейіпкерді торға түсірген, «арман болды». Әдетте аяқтары тым жіңішке қап - қара болып келетін Шпан Мушкалары қулықпен ұсақ кеміргіштерді інінен алдап шығарып жемтіктерін шөл далада аштықтан шалдықтырып мерт қылады. Шпан мушкасының ұшу қулығын қазаншұңқырдағы әйел қимылдарымен салыстырып, өзін бейне бір шпан мушкасының жемтігі ретінде сезінеді. Ал, Құм құрсауындағы әйел құдды алдауыш шпан мушкасы тәрізді.

Бұл екі шығарманың бойынан құм туралы философиялық ойларды байқаймыз. Құм құрсауындағы әйелдің сөзімен: «Да, это безусловно так. Песок никогда не отдыхает, никогда не дает отдохнуть».Ал Барханның тілімен: « - Иә, құм жылайтын... - Иә, құм сөйлейтін...Иә, құм жырлайтын...

- Иә, құм толғайтын... - Иә, құм ән айтатын... - Иә, құдая құм күлетін, кәдімгідей сақ-сақ күлетін... - Иә, құмның даусы қандай әдемі еді десеңізші»[6, 350].

Кобо Абэде «мәңгі тоқтамайтын» құм мен Оралхан Бөкейдегі «сортаң басқан», «тек мап-майда ұнтақ», «топыраққа айнала бастаған» құм екеуі екі түрлі қоғамдық жағдайды көрсетіп тұрғаны айдан анық.

Оралхан Бөкейді «Құм мінезі» шығармасындағы Барханның сезімі «Құм құрсауындағы әйелдегі» Дзюмпий Никидің сезімдерімен үндеседі. Мәселен: «Бархан сонан соң да, көпке дейін әлгі бір алғаш рет сең боп қалған сезімін қытықтаған әдемі әсерден арыла алмай жүрді. Баяғыда, ерте-ерте, ертеде... Құм басып қалған асылын енді қайтып алғандай алабұртты»[6, 337].

Бұл екі шығарманың тақырыбы «құмға» байланысты болғанменен, «су» мәселесі туралы да сөз қозғалады. «Құм мінезіндегі» сары далада судың көзін іздеп, құдық қазу туралы сипатталады: «Құдық қазушы үш азамат Барханның үйіне қонып, еретелі-кеш ыстық шайын айырып жүр... Шайға өзің де жүр, сонсоң төртеулеп ойып тастармыз, бүгін жұмысты қойдық, жарты ғасыр қазсақ та бәрі-бір шықпайды су құрғыры»[6, 338].

Кобо Абэ болса, кейіпкерлерін сол арманға жеткізіп, судың көзін тауып алады. Мәселен: «Ол аузына жиналған сілекейін түкіріп тастағысы келген, бірақ сол сәтте ақ өзін өзі ұстап қалды. Тіпті бір тамшы болса да ылғалы бар нәрсенің бәрін өз ағзасында сақтауға тырысу қажет... Ол топырақты қазып тастады, қақпақты ашып, меңзең күйде қалып қойды. Темір қаңылтыр ыдысқа 10 сантиметрдей болған су толып қалыпты, алайда бұл оларға күнделікті әкелетін сарғыш судан анағұрлым таза су. Соңғы уақытта жаңбыр жауды ма? Жоқ, жауған жоқ. Бұл топырақтың капиллярлығынан болуға тиіс...» [7]. Бұл кездейсоқтық болса да, кейіпкер суды көбірек жинаудың технологиясын ары қарай дамытып, өзіне «таза ақпарақ» өмірді қамтамасыз етеді.

Екі шығармада кейіпкерлер үнемі қозғалыс үстінде. «Құм мінезінде» Бархан өмір бақи малдың соңынан жүріп, күйбең тіршіліктен жалығып кеткенін айтады: «Бархан міне қырықтың бесеуіне келді-ертеңнен қара кешке тыным таппай қанша еңбектенсе де, буыны босап шаршаған да, көңіліне қаяу түсіп жалыққан да емес. Ол жалғыздықтан – айналасында даңғыр-дұңғыр айғайласып, оқта-текте сыр шертісер адам табылмай талықсыр еді. Қойын қоралап, жұбайы қайнатып берген шайды терлеп-тепшіп ішіп алған соңғы бос уақыты жүйкесін тоздырады-ай»[6, 332]. Құм құрсауында қалған әйел сол туғалы құмды қапшықтарға жинау, сол қазаншұңқырдағы қамауға әбден еті көндігіп қалған: «Әйел жұмысты беріліп істеп жүр. Күректі жеңіл ұстап, топыраққа қадайды. Терең, қатты демалады. Ешбір тоқтамайды. Бұл бір жануар сияқты. Оның ертеңі, не кешегісі жоқ. Әйел тек бүгінімен өмір сүреді »[7]. Екеуінде де еш пайдасы жоқ еңбек істеп жүргенін авторлар айқын байқалтады. Бархан Мемлекеттің малын бағып, нәтижесіз жарысқа түседі, ал әйел тек «шеті және қиыры жоқ теңізге» су тамызып қана жүрген тәрізді.

Оралхан Бөкейхан да, Кобо Абэ де адамзатқа маңызды дүниелерді шығармаларына өзек еткендіктен, оның бойындағы жаман қасиеттерді де сипаттап өткені де рас. Қазіргі заманның адамының бір жауы – ішімдік. Кобо Абэдегі Дзюмпий Никиді ішімдікке жеңгізеді. Басында ол арақты «ашып кеткен күріш наны татыған сасық арақ» деп менсінбей қарап еді, ал содан соң арақты ішіп, оның буынан өзіне ие бола алмайды. Ол былай: « Жалпы бұның еш әбестігі жоқ. Ол терең тыныс алды. Кенеттен ұрты кеуіп, аузы аши бастады. Ол есіне түсіргісі келмеген арақ, түнектегі майшам сияқты оны өзіне тарта бастады. Не болса да, тамақты шаю керек екені рас. Әйтпесе, бойындағы бүкіл су буланып кететін сияқты. Ол болашақ қтналыс тарға жол ашатынын білсе де, одан әрі шыдай алмады. Шөлмектің тығынын алып, арақты аузынан іше бастады» [7].

Ал Оралхан Бөкейдің «Барханы» нәпсіге бой алдырмай, оған жиіркене қарайды:

«–Фу... понимаешь, мынау не деген мылжың еді. Мен ұрыссам, қоса ұрыспайсың ба? Давай, анау алдындағы арақты ішіп қой, сосын сөйлесерміз.

–Мен қашан ішуші едім, ағасы. – Бархан алдындағы мөлдіреп тұрған арақты ары таман қолының сыртымен ысыңқырап қойды» [6,347].

Өмір өзі күреске толы, жамандығы мен жақсылығы қатар жүретін құбылыс. Бұл шығармаларда кейіпкерлерге әділетсіздік жасап, жолына тор салатындар бар. Олар жоғарғы жақтан бақылап, кейіпкерлерді бишара күйге ұшыратады. Мәселен, «Құм мінезінде» Әліқұл Барханды үнемі кемсітіп, тек барлық жақсыны Сейітқұлдың алдына салып отырады. «Әй,қара құрт шаққандай қипақтамай отыр. Сенің де сырың белгілі. Иә,бұған түктің, еш нәрсенің абсолютна нарқы жоқ, подумаешь қызықтырмайды. Рас,итке темір медальдің керегі [3, 335]. Ал «Құм құрсауындағы» бас кейіпкер жұмыс істемесе, су бермей қинап, әйелдің жанына мәңгі байлап, «құм құрсауына» қамап қойғысы келетіндер де бар: « Құмның әр жақ үстіңгі бетіннен біреулер, бұларды тамашалайды. Жұмыс істесе ғана, су береді. Бұлармен тілге де келмей, тек құм тиелген қапшықтарды жоғары көтеріп, тартып алып жатады» [7].

Біреуі әлем әдебиетінен сыр шертсе, екіншісі қазақ өмірінің айнасы. Осы шығармалардағы кейіпкерлер арман арқылы өмір сүруге ұмтылады. «Құм мінезінде» Бархан ақыр аяғында Қызылқұм маңынан көшіп тынады. Кобо Абэнің Дзюмпий Никиі: «Спешить с побегом особой необходимости нет. Теперь в его руках билет в оба конца — чистый бланк, и он может сам, по своему усмотрению заполнить в нем и время отправления, и место назначения. К тому же непреодолимо тянет рассказать о своем сооружении для сбора воды. И жители деревни, ему не найти. Не сегодня, так завтра он кому-нибудь все расскажет. А побег — об этом еще будет время подумать»,[7]- деп кейіпкерді сол жерде қалдырады. Меніңше, жазушы бас кейіпкер құммен емес, өз-өзімен күресіп, өмірдің мәнін жаңа түсінгенін ашып көрсететін тәрізді.

«Құм мінезі» мен «Құм құрсауындағы» әйел шығармалары оқырманның назарын өзіне баурап алатын туындылар. Бұл жердегі күрес, кейіпкерлердің ішінде болып жатқан арпалыс «құммен» байланыстырылап, оқиға желісі өрби береді. Бұндағы идеялық үйлесімділік таңқалдырмай қоймайды. «Құм философиясы» күрделі дүние екеніне көзіміз жетті.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі.


  1. https://kk.wikipedia.org/wiki/%D2%9A%D2%B1%D0%BC

  2. Кекілбаев Ә. «Өмірстанға тағы бір саяхат». –А.: Өнер, 2000

  3. Тоқбергенов Т. «Қос қағыс». –А.: Жазушы, 1981

  4. Сманов Б. «Кейіпкер бейнесін талдау». –А.: Рауан, 1990

  5. Н.Т. Федоренко. Кобо Абэ. Впечатления. Книга: Кобо Абэ. «Избранное» Издательство «Правда», Москва, 1988

  6. Оралхан Бөкей. Шығармалары. Роман, повесттер. –Алматы: «Ел шежіре», –2013. –384 б.

  7. http://royallib.com/book/abe_kobo/genshchina_v_peskah.html


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет