Ббк 81. 2 С 94 Қазақстан Республикасы


Мұхтар Әуезов және көркем проза тілінің бастауы



Pdf көрінісі
бет2/21
Дата21.01.2017
өлшемі1,64 Mb.
#2324
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

Мұхтар Әуезов және көркем проза тілінің бастауы
Қазақ  көркем  прозасының  қашан,  қайда  кімдерден  бас- 
талғаны  жөнінде  әдебиеттанушылар  тарапынан  сөз  болаты-
ны заңды. Соңғы кездердегі ізденістерге қарағанда, қазақтың 
профессионалдық  прозасының  қажетті  компоненттері  XX 
ғасырдың басында қалыптасып, орныға бастағанын, бұл кезеңде 
баспа ісі мен баспасөздің дамуы көркем прозаның да дүниеге 
еркін  келе  бастауына  әсер  етіп,  қазақ  оқырманының  көркем 
қара сөзге көзі үйрене түскенін танып білеміз. Бұл істе әсіресе 
«Айқап»  журналының  өзі  көрсеткендей,  «қазақтарды  қара 
сөзбен  ойларын  әдемілеп  жеткізуге  үйретуді  мақсат  қылып», 
тарихи рөл атқарғанын айта келіп, әдебиет тарихын зерттеуші 
ға лым  3.Бейсенғалиев  журнал  беттерінде  жарияланған 
ондаған  автордың  шағын  проза  жанрындағы  әңгімелерін 
атап көрсетеді. Олардың ішінде «Айқап» журналының әдеби 
хатшысы  –  Ә.Ғалымовтың  «Бейшара  қыз»  деген  әңгімесі 
(«Айқап», 1912, №11), Ж.Тілеулиннің «Мейірімді төре» (1913, 
№8), С.Торыайғыровтың «Ауырмай есімнен жаңылдым» (1913, 
№17),  М.Сералиннің  «Мұқат»  (1913,  №24),  Б.Майлиннің 
«Болған  іс»  (1915,  №10)  тәрізді  туындылары  про фессионал 
көркем  прозаның  бірі  аз,  бірі  көп  бойына  жинаған  үлгілер 
екенін айтады
3
.
Әдебиет зерттеушісі, әрине, мұнда бұл әңгімелердің көркем 
шығарма ретіндегі сипатын, алған тақырыптары мен ұсынған 
идеяларын, шығармашылық шешімдерін талдайды, тиісті ба- 
ғаларын береді. Ал алғашқы прозалық үлгілердің көркем туын-
ды ретіндегі статусын анықтау үшін олардың тілдік-стильдік 
бітімін де талдап-танытуымыз керек. Бұл – негізінен, тіл ма- 
мандарының  үлесіне  тиетін  шаруа  екені  мәлім.  Сондықтан 
қазақ  көркем  прозасы  тілінің  диахрондық  тарихын  зерттеу  – 
алдағы маңызы зор ғылыми жұмыстардың бірі болмаққа керек. 
Бұл ретте бұрын екі-үш шығарманы атаудан аса алмай келсек, 
енді  әдебиетшілердің  жаңа  зерделі  ізденістерінің  арқасында 
қолымызға мол материал тиіп отыр.
3
 Бейсенғалиев 3. XX ғасырдың басындағы қазақ прозасы. - Алматы, 1989.

18
Сөйтіп,  қазақтың  ұлттық  жазба  тіліндегі  көркем  проза 
өткен ғасырдың соңғы ширегінен бастау алып, XX ғасырдың 
басында шағын әңгіме түрлерінде жандана түскенін, ал роман 
жанрының  үстіміздегі  ғасырдың  10-20-жылдарында  дүниеге 
келгенін  білеміз.  Тайыр  Жомартбаевтың  1912  жылы  жарық 
көрген  «Қыз  көрелік»,  Спандияр  Көбеевтің  1913  жылғы 
«Қалың  мал»,  Сұлтанмахмұт  Торыайғыровтың  осы  мезгілде 
шыққан  «Қамар  сұлу»  шығармаларын  қазақ  романдарының 
жаңа көктей бастаған өркендері деп танып келеміз. Бұлардың 
да тілін әр қырынан, әсіресе тілдік-стильдік тұрғыдан зерделеу 
қажеттігі де даусыз.
Ал шағын әңгіме жанрының дүниеге келуін, сірә, Ыбырай 
«Хрестоматиясынан»  бастауға  болар.  Тіліне  келгенде,  оқу 
құралы ретінде мектеп балаларына арналып жазылған, дәлірек 
айтсақ, түзілген «Киргизская хрестоматиядағы» Ыбырай әңгі- 
мелерінің тілдік-стильдік бітімі мен Б.Майлиннің 10-жылдар-
дан бастап көріне бастаған әңгімелерінің немесе 1921 жылдар-
дан  бастап  оқырман  назарына  ұсынылған  М.Әуезовтің  әңгі- 
ме-повестерінің,  Ж.Аймауытов  әңгімелерінің  тілін,  олардағы 
«сөз құдіретін» бір қатарда қарауға болмайтындығы да даусыз. 
Бұл  «арақашықтық»,  әрине,  олардың  тілдерінің  бір-бірінен 
«артық-кемдігінде» емес, сипатында.
Бұл кітапта біздің таңдаған тақырыбымыздың бірі – қазақ 
көркем прозасы тілінің басталған тұсы, алғашқы кезеңі, оның 
өзінде  де  М.Әуезовтің  20-жылдардағы  әңгіме,  повестерінің 
тілдік-стильдік кейбір сипаттары ғана. Сондықтан қазақ про-
засы тілін тарихи хронологиялық тәртіппен жүйелеп, сатылап, 
жан-жақты  талдап,  баяндау  міндетін  алдымызға  қоймадық 
(ол – жеке-дара монографиялық ғылыми ізденістің тақырыбы 
екендігін дәлелдеп жатпалық).
Қазақтың  көркем  прозасының  әдебиет  жанры  ретінде 
белгілі бір мерзімде, нақты бір авторлардың шығармаларынан 
басталатындығын айта отырып, оның «сүйегі» әріде жатқанын, 
яғни  тұтқиылдан,  «тақыр  жерден»  пайда  болмағандығын  да 
баса айту қажет. 
Қазақ прозасының көктей бастаған «қылтанақтарының» өзі  
көркем  жазба  үлгілерге  тән  қасиеттердің  басты-бастыларын 

19
бойына  дарытқан  деп  тануға  болады.  Атап  айтқанда,  сөзді  
таңдап жұмсау, айтылмақ ойды баршаға түсінікті, әсерлі етіп 
жеткізу, бір нәрсені жай хабарлау емес, суреттеу, ол үшін көрік- 
теу тәсілдерін қолдану, синтаксистік нормаларды біршама дұ- 
рыс  сақтау  сияқты  сипаттарды  Ыбырай  әңгімелерінен  де, 
С.Көбеев повесінен де т.б. табуға болады. Мысалы, ЬІ.Алтын- 
сарин прозасының тілі шағын көркем әңгімелердің нағыз жаз-
ба  үлгілерін  танытады.  Бұл  жерде  бір  нәрсені  қатты  ескерту 
қажет:  Ыбырайдың  шағын  әңгімелерінің  көбі  Паульсонның 
хрестоматиясынан  алынғанымен,  олар  –  орыс  тілінің  таза 
(тікелей) аудармасы емес, яғни әңгіме көркем аударманың тілі 
ту ралы болмасқа керек. Педагог-жазушы бұл еңбегін – хресто-
матиясын  –  әрі  мектеп  балаларының  оқу  кітабы,  әрі  «жалпы 
халықтың  оқуына  жарайтын  кітап»  болуын  көздеп  ұсынған. 
Демек, барлық әңгіменің авторы – Ыбырайдың өзі.
Жазба  дүниенің  бұл  жанры  талап  ететін  амал-тәсілдердің 
денін автор тұңғыш рет өзі ұсынған. Айталық, төл сөз бен ав-
тор сөзін қиюластыру, диалогтерді беру тәртібі сияқты амал-
дар дәл қазіргідей сындарлы болмағанмен, қабылдауға жеңіл, 
түсінікті, жатық түрде келеді. Мұнда, ең алдымен, синтаксис- 
тік құрылымдардың тілдің струк туралық тәртібіне де, көркем 
сөз нормасына да негізінен сай түсетіні байқалады: балаларға 
арналған  әңгіме  жанры  болғанымен,  текст  тым  келте  жай 
сөйлемдерден гөрі, көбінесе басыңқы, бағыныңқылы құрмалас 
сөйлемдермен келеді: 
Сәтемір жеті жасар күнінде атасынан жетім қалыпты. 
Күндерде бір күн Сәтемір далада ойнап жүріп, бір ескі там- 
ның түбінде шаршаған соң сүйеніп, жан-жағына қарап жат-
са, бір аяғы ақсақ құмырсқа тамның төбесіне қарай өрмелеп 
барады да у орта шеніне барғанда, құлап түседі...
Тұңғыш  дүние  болғандықтан  және  негізі  ауызша  айтыла- 
тын  әңгіме,  аңыз,  ертегі  сияқты  бұрыннан  келе  жатқан  үлгі- 
лер болғандықтан, сөз жоқ, мұнда сол негізге тартқан тілдік-
стильдік  белгілер  де  орын  алған.  Мысалы,  төл  сөзді  автор 
сөзімен қиюластыруда деді, айтты сияқты дәнекер элемент- 
терді  қабаттап  (яғни  төл  сөздің  алдында  біреуін,  соңынан 
екіншісін келтіріп) жұмсау едәуір орын алған. «Бір уыс мақта» 
әңгімесінде:

20
Әжесі айтты:
–  Көрдің  бе,  балам,  күн  айналмай  манағы  айтқан  сөздің 
келгенін. Ол кішкентай мақтаны торғай ұясына төсеп, жас ба-
лапандарына мамық етеді, – деді.
Бұл  тәртіп  Ыбырай  әңгімелері  текстерінде  жүйелі  түрде 
едәуір мол кездеседі.
Төл сөз бен автор сөзін қиюластыратын элементтердің диа-
логте  әрбір  адамның  сөзі  сайын,  реплика  сайын  келіп  оты-
руы  немесе  төл  сөздің  екі  жанынан  алдында  бір,  соңында 
бір  рет  қайталануы,  бізден  бұрынғы  зерттеушілердің  айтуы-
на  қарағанда,  Ыбырай  Алтынсарин  әңгімелеріндегі  төл  сөзді 
түзілісте  айтарлықтай  орын  алған.  Ал  оның  өзі  қазақтың 
фольклорлық прозасынан келе жатқан тәсіл екені де айтыла-
ды
4
.
Қазақтың  тұңғыш  жазба  көркем  прозасында  төл  сөзді 
құрылымның  жетілген  (қырланған,  үнемделген)  қазіргі 
түзілген үлгісі де аз кездеспейді. Мысалы, Ыбырай көптеген 
тұста  репликаның  бір  жағында  (көбінесе  алдында)  авторлық 
айтты сөзін келтірмейді:
Қасындағы бай:
 – Тақсыр, осыншама жұрттың үстінен қараған екенсіз, осы 
бір мұжыққа неге соншама бас ұрасыз? – деп айтты дейді.
Сонда әкім:
–  Ешбір  ілім-білім  үйренбеген  мұжық  сонша  иіліп,  әдеп- 
тілігін  көрсеткенде,  мен  онан  әдепсіз  болып  қалайын  ба?  – 
дейді.
Бұл  –  қазақтың  әңгіме  жанрымен  көрінген  көркем  про-
засы  тілінің  кейіпкер  сөзі  мен  авторлық  ремарканың  кию-
ласуы  әуел  бастан  дұрыс  жүйемен  келгенін  танытады.  Ал 
сөйлем  мүшелерінің  орын  тәртібінде  ауызша  әңгімелеудің 
нормасын  пайдаланған  тұстары  бар.  Мыса лы,  толықтауыш, 
пысықтауыштардың  кейде  тіпті  бастауыштың  баяндауыштан 
соң келуі кездеседі.
Су әдемі, айнадай таза су екен ішіндегі ойнаған балықтары 
көрініп жүретұғын (мұнда ішіндегі ойнаған балықтары көрініп 
жүретұғын деген үйірлі мүше өзі анықтайтын су сөзінің ал-
дында тұруы керек еді).
4
 Кәрімов X. Қанатты тіл. - Алматы, 1995. - 18-21-беттер.

21
Хрестоматияның автордың көзі тірісінде жарияланған нұс- 
қасында  келді  әуелі  шабақ  деп  берілген  сөйлем  Алтын сарин 
мұрасының  біздің  дәуірімізде  жарияланған  тексінде  әуелі 
шабақтар  келді  деп  «түзетілген».  Өткендегі  шығармаларға 
(мейлі көркем әдебиет үлгісі болсын, мейлі публицистика, та-
рихи, көпшілікқолды, ғылыми жазбалар бол сын) бұлайша ре-
дакция жүргізудің мүлде зиянды, дұрыс емес екенін айтамыз. 
Әрине,  ниет  түзу:  текст  бүгінгі  оқырманға  түсінікті,  жеңіл, 
жатық болғаны көзделген, бірақ түзету – тарихқа қиянат болып 
шығады. Әсіресе шығарма тілін зерттеуге келгенде, сөйлемдегі 
сөздердің  тәртібі  түгіл,  жеке  бір  сөздің,  тіпті  бірер  әріптің 
(әріптердің) өзгеруі – мүлде басқаша мағлұмат береді. Айталық, 
Ахмет  Байтұрсынов  осы  күні  дәреже  деп  айтатын  (жаза-
тын) сөзімізді даража деп, әріп сөзін қарып деп, сурет сөзін 
сүгірет  деп  қолданған.  Оның  мұрасын  қазіргі  оқырмандарға 
ұсынғанда, осылайша өзгертпей жазу қажет. Бұл – белгілі бір 
кезеңдегі  лексикалық  норманы  көрсетеді,  тіліміздің  сөздік 
қазынасының нормалану процесін тануға жәрдемдеседі.
Әрине,  Ыбырай  әңгімелерін  бастан-аяқ  редакцияланған 
деуге болмайды. Негізінен автордың стилі сақталған. Әсіресе 
құрмалас  сөйлемдердің,  төл  сөзді  құрылымдардың  деп-ке 
аяқталуы жиі кездеседі.
Естуі бар еді от жағып отырса, қасқыр келмейді деп... Үсен 
Асанды оята бастады: «Жүрер уақыт болды» деп...
Бұл  тәртіп  Абайдың  «Қара  сөзіне»  де,  өткен  ғасырдағы 
қазақ газеттері тіліне де, тіпті 1930 жылдарға дейінгі қазақ жаз-
ба  дүниелерінің  бәріне  тән  деуге  болады.  Деп-ке  аяқталатын 
сөйлем  тәртібі  –  әріден,  ауызша  айтылатын  ертегі,  аңыздар 
тілінен  келе  жатқан  әдіс.  Мұны  біз  бұрынырақ  жазылған 
зерттеулерімізде  қазақ  тілінің,  оның  жазба  түрінің  белгілі 
кезеңдегі синтаксистік нормасы деп таныған болатынбыз.
Ы.Алтынсарин  ұсынған  алғашқы  көркем  проза  үлгісінің 
тілі  лексикалық  норма  жағынан  да  сын  көтерерлік.  Рәуішті 
(«секілді,  сияқты,  тәрізді»  деген  мағынадағы),  тересі  (төңі- 
регі)  тәрізді  бірді-екілі  жергілікті  (не  көне)  сөз  болмаса, 
әңгіме,  ертегілер  текстері  қазақ  жерінің  қай  түкпіріне  де  та-
ныс, жалпыхалықтық тілде ұсынылған. Бұл да – қазақ әдеби 

22
тілінің  лексикалық  нормасы  алғашқы  прозаның  өзінде-ақ 
диалектіліктен  жоғары  (орысша  ғылыми  әдебиетте  «наддиа-
лектная форма» дегендей) тұрған сипатта келгенін аңғартады.
Хрестоматия материалдары алдымен дидактикалық мақсат- 
ты көздеп, баяндау стилімен ұсынылғандықтан, бұларда көр- 
кем  сөз  стиліне  тән  көріктеу  элементтері  шоғырланып  көзге 
ұрып тұрмайды.
Қазақтың  жазба  көркем  прозасы,  жазба  поэзиясы  сияқты, 
о  бастан  халықтық  тілді  негіз  еткен,  яғни  орта  ғасырлардан 
келе  жатқан  ортаазиялық  (шағатайлық)  жазба  дәстүрді  емес, 
ақындар  мен  жыраулар,  шешендер  мен  билер,  жыршылар 
мен ертегішілер белгілі бір қалыпқа түсіріп, қолданып келген 
жалпыхалықтық тіл нормаларына иек артқан деп ашық айтуға 
болады.  Әйтпесе  түркі  халықтарының  мәдени  дүниесінде 
күні  кешеге  дейін  прозаның  қай  жанрының  да  (көркем 
әдебиет, публицистика, ресми қағаздар, хат-хабарлар т.т.) тілі 
–  ортаазиялық  түркілік  жазба  дәстүрді  пайдаланып  келген 
болатын
5
.  Осы  дәстүрдің  толық  таза  түрі  болмағанмен,  жеке 
элементтерін араластыру қазақтың алғашқы публицистикалық 
және  эпистолярлық  стильдерінде  орын  алғаны  айтылып, 
көрсетіліп жүр
6
. Ал қазақ қоғамындағы ресми құжаттар ресми 
қатынастарға қызмет ететін кеңсе-іс қағаздары көбінесе шаға- 
тай тілі деп аталған ортаазиялық түркі жазба әдеби дәстүрін 
толық қолданып келгені де тиісті зерттеулерде көрсетіледі
7
.
Осы  кеңінен  жайылған  санғасырлық  күшті  дәстүрден 
қазақтың көркем прозасының жазба түрі бірден бас тартқаны 
байқалады.  Бұған,  біздіңше,  бірнеше  фактор  себеп  болған 
сияқты. Алдымен, қазақ халқының рухани-мәдени дүниесінде 
халықтық  тілдің  өлең  емес,  қара  сөз  түрінде  жұмсалатын 
салаларының  (үлгілерінің)  жақсы  дамып,  қоғам  өмірінде 
кеңінен  жұмсалып  келгендігі  арқау-тірек  болған.  Бұлардың 
ішінде  ел  басыларының,  билердің,  ауыл  ақсақалдарының 
«шешендік сөздер» деп аталған сөз айту үрдісі, тыңдаушыны 
ұйыта  айтылатын  аңыз-әңгімелер,  қызықтырып  әкететін 
ертегілер,  атадан  балаға  жеткізіп  отыратын  әулет  шежіресі 
5
 Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. - Алматы, 1993.
6
 Әбілқасымов Б. XIX ғасырдың II жартысындағы қазақ әдеби тілі. - Алматы, 1982.
7
 Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы. - Алматы, 1996.

23
сияқты  қара  сөзбен  келетін  дүниелерді  көркем  прозаның 
негізі ғана емес, түпкі үлгілері деп танимыз. Бұлардың қазақ 
жұртының күнделікті және әлеуметтік өмірінде әсері (қызметі) 
күшті болған. Бұл үлгі көркем прозаның, оның авторлы жаз-
ба түрлерінің дүниеге келуінде үлкен рөл атқарған, әлеуметтік 
үн  алған  тартыс-айтыс  туғызбай-ақ  әрі  қарай  жалғасқан. 
Екіншіден,  қазақтың  көркем  прозасының  жоғары  сападағы 
жазба  түрін  тудырушылар  Ыбырай  Алтынсариннен  бастап, 
алғашқы  роман  авторларының  Бейімбет,  Мұхтар,  Жүсіпбек 
сияқты  үстіміздегі  ғасырдың  10-20-жылдарында  еңбектенген 
жазушылардың  барлығы  да  –  білім-ғылыммен  орыс  тілінде 
сусындағандар.
Демек,  олардың  жазушы  ретінде  қалыптасуына,  ізденіс- 
теріне орыс көркем әдебиетінің, әсіресе прозалық дүниелердің 
ықпалы күшті болған. Бұл ықпал тек әңгіме, повесть, роман- 
дардың  структуралық  (құрылымдық)  бітімдерін  дұрыс 
құрастыру,  фабуласы,  яғни  шығарманың  кейіпкерлері  мен 
окиғасын таңдайтын сюжеттік негізі, баяндау мәнері, үні де-
ген  сияқты  таза  әдеби  (шығармалық)  талаптарда  ғана  емес, 
тілінің  шығарма  түріне  (жанрына)  сай,  оқырманға  түсінікті 
және  әсерлі  болуы,  жергілікті  немесе  ауызекі  сөйлеу  тілі 
элементтерінен  жоғары  тұруы  тәрізді  талаптарға  келгенде  де 
мықтап ізін салған.
Алғашқы көркем проза тілі жайындағы бұл шолуды әрі қыс- 
қа  қайырып,  әрі  тек  бірер  қаламгердің  шығармашылығынан  
ғана мысалдар келтіріп отырғанымыз – негізгі зерттеу объекті- 
мізге  баратын  «жалғыз  аяқ  көпір»  салғанымыз.  Бұл  –  қазақ 
проза  тілінің  қалыптасу  жене  даму  тарихын  хронологиялық 
тәртіпті сақтап функционалдық стильдерге ажыратып алып, өз 
алдына жеке зерттейтін үлкен тақырып.
Ал негізгі сөзіміздің арқауы – Мұхтар Әуезовтің 20-30-жыл- 
дардағы  әңгіме,  повестерінің  тілі,  яғни  бұлардағы  жазушы- 
ның сөз таңдауы, сөз қолданысы, сөз әрлеуі сияқты шебер- 
лік  сәттері  болса,  екінші  арқауы  –  көркем  прозадағы  автор 
тілі  мен  кейіпкер  тілі,  төл  сөз  бен  авторлық  ремарканың 
ұштасуы  (қиюласуы),  сөз  тіркестіру,  сөйлем  құрастыру,  
абзац,  периодтәрізді  синтаксистік  құрылым  ерекшеліктерін 
сөз ету болмақ.

24
Сөз таңдауы дегенде өз баяндауына (автор тіліне), сондай-
ақ кейіпкер тіліне қажет лексика топтарын д ұ р ы с , орынды, 
шебер қолдануына назар аударылады. Бұл ретте жазушының 
этнографизмдерді,  тұрмыстық  сездерді,  жергілікті  немесе 
кәсіби сездерді, көне және сирек жұмсалатын сөздерді алғашқы 
проза жанрында қалайша таңдағаны, жұмсағаны айтылмақ.
Сөз  қолданысы  деген  мәселе  –  көркем  шығарма  тілін 
танытудың ең бір өзекті тұсы, мұнда стильдік-шеберлік жайт-
тары  сөз  болмақ  (мысалы,  сөздердің  бір  тақырыптылығы, 
модальдық  бояуларының  біркелкілігі,  бір  сөздің  қайта- 
лануы, белгілі бір тұлғалардың жиі (актив), не сирек (пассив) 
қолданылуы,  синонимдердің  қолданысы  дегендерге  барып 
тіреледі).
Ал  сөз  әрлеу  дегенде  жазушының  көріктеу  құралдарын 
жұмсауы,яғни поэтикалық-көркем тілі сөз болмақ.
Бұлардың  барлығы  тіркеу  (регистрация),  түгендеу  (фик-
сация)  мақсатымен  емес,  көркем  әдебиет  стилінің  алғашқы 
прозалық  үлгілеріндегі  сипатты  белгілерінің  көрінісі  тұрғы- 
сынан зерделенбек.
Жазушының  сөз  таңдауын  немесе  жазушы  әңгімелерінің 
лексика-фразеологиялық  бітімін  талдағанда,  алдымен,  су- 
реткер шеберлігіне, даралық (өзіндік) мәнеріне тән сипаттар- 
ға назар аударылады. Жазушы табиғат суретін беруде (М.Әуе- 
зовтің 20-жылдардағы әңгімелерінің дені жаз, қыс, көктем, күз, 
ертеңгілік,  кешкілік  кездеріндегі  табиғатты  әсем  суреттеуден 
басталады),  кейіпкерлер  портретін  көрсетуде,  оқиға  барысын 
баяндауда,  қысқасы,  осылардың  баршасы  үшін  қазақ  тілінің 
сөздік қоймасын кеңінен ақтарады. Кез келген қазақтың аузы-
на  түсе  бермейтін  сөздерді  түсінікті  етіп  (контекст  арқылы), 
орнымен  жұмсайды.  Мысалы,  қадаулы  қоналқылық...  бие 
байлау  науқаны...  тау  ішінің  ықтыртыны  жоқ,  ысқаяқ...  қа- 
лың  қарағайды  құндыздап  жүру...  Көксеректің  сайды  жал-
былап  қашуы...  тәрізді  сөздерді  жазушы  қолдан  жасамаған, 
олар  тіліміздің  мол  сөздік  қазынасының  «бұйымдары»  екені 
даусыз,  соларды  20-дан  жаңа  асқан  жас  жазушы  жалықпай 
ізденіп, таңдап, талғап жұмсаған. «Қолдан жасаған» демекші, 
көркем  сөз  шебері  суреттеп  отырған  құбылысты,  оқиғаны, 

25
адамдарды  дәл  атау  үшін  кей-кейде  өзі  де  «сөз  жасампаз»  
болып кетуі мүмкін. Мысалы, қазақ бұрын қолдан отырғызыл- 
ған  қалалық  бақ  (парк)  дегендерді  білмеген,  сондықтан  сол 
бақта  жүретіндердің  орныққан  атаулары  да  жоқ.  Мұхаң 
бұларды  «Кінәмшіл,  бойжеткен»  әңгімесінде  сейілшілер  деп 
атайды.
Сол сияқты жазылғанның үстіне өз пікірін білдіре салатын 
қысқаша  жазудың  (орысша  приписка)  да  қазақша  бұрын  ар-
найы аталуы болмаған, осыны Мұхаң түртінді (түрте салған, 
жаза салған) деп береді: 
[Мейірхан] Жұмағұлдың кішкене хатының (бұл да за писка 
дегеннің  баламасы  ретінде  әр  тұста  әртүрлі  аталып  келген 
варианттардың бірі) үстіне «Бармаймын, тойың құрысын!» деп 
қысқа  түртіндісін  қондыра  салып,  отырып  қалды  («Оқыған 
азамат»).
Өзі  жасамағанмен,  қыдырмашы  («ауыл-ауылдардан  кел-
ген бөтен қыдырмашылар жоқ» – «Оқыған азамат»), соғымшы 
сияқты сөздер де жаңадай сезіледі.
Осы жерде бір нәрсені ескертуге болады. Ол – қай жазушы- 
ның  болмасын,  көркем  шығармаларында  жасанды  сөздерді 
кемде-кем  ұсынатындығы.  Мұның,  сірә,  бірнеше  себебі  болу 
керек.  Алдымен,  зәрулік  (ғылыми  терминдер  жасаудағы 
сияқты)  онша  зор  болмайды,  екіншіден,  жаңа  ұғымды,  соны 
танымдарды  көркем  шығармада  бір  сөзбен  атамай-ақ,  сурет-
теп  (аналитикалық  тәсілмен)  беруге  бо лады,  суреттеме  атау 
әрі  түсінікті,  әрі  әсерлі,  бояулы  бо лып  шығады.  Үшіншіден, 
жаңа тұлға өзінің бейтаныстығымен, жасандылығымен көркем 
тігіске жатық түспей, шырық бұзып тұруы мүмкін. Сондықтан 
жазушының  қай-қайсысында  да  өзі  жасаған  жаңа  сөздер 
жүздеп емес, бес-ондап қана саналады. Ал Мұхтар Әуезовтей 
сөз  қазынасын  түгел  игерген,  әрбір  сөзге  ерекше  мән  бере 
білген, әр нәрсені атауға, суреттеуге, баяндауға келгенде, тілді 
икемдей алған қас шебер жасандылыққа көп бармаған.
Тілді икемдей білу дегенде (бұл да – «сөз таңдау»-дың бір 
амалы)  М.Әуезов  әңгімелерінде  көзге  түсетін  даралық  (ин- 
дивидуалдық)  мәнердің  бірі  –  мағыналас  (синоним),  кейде 
тіпті тақырыптас сөздерді қосарлап келтіру. Мыса лы: 20-жыл- 

26
дардағы  әңгіме-повестер  тілінен  әбігер-машақат,  ауыл-ау- 
дан,  саяқ-сандырақ,  жұт-жалаң,  тыным-тыныштық,  күлі- 
сіп-сыңқылдасып  сияқты  сөз  жұптарын  кездестіреміз.  Бұл  
тәсіл сөз экспрессиясын күшейте түсу үшін де, жинақтап атау 
үшін  де,  қысқасы,  көркемдік  үшін  ұтымды  келеді.  Жазушы  
осыны  жақсы  сезген.  Бұл  амалды  Мұхаң  кейінгі  көркем  ту-
ындыларында  да,  «Абай  жолы»  эпопеясында  да,  тіпті  пу-
блицистикасында  да  молынан  қолданған.  Мәндес  сөздерді, 
синонимдерді  қосарлап  жұмсауға  Ғабит  Мүсірепов  те  еркін 
барғанын, қазақ әдеби тілінде мұның көріктеу амалының біріне 
айналғанын айтуға бо лады. Ал бастауын, сірә, 20-жылдардағы 
көркем прозадан алғандығы байқалады.
«Сөз  таңдаудың»  үлкен  саласына  өмір  шындығын,  атап 
айтқанда,  қазақ  халқының  ұлттық  болмысын  шынайы  көр- 
сетуде  этнографизмдер  деп  аталатын  ұлттық  әдет-ғұрып,  
салт-  дәстүрге  қатысты  сөздер  мен  тіркестерді  дұрыс  танып, 
дәл тауып қолдану жатады. Білім-таным үшін де, тіл ғылымы 
үшін  де  мұның  маңызы  зор  екендігін  осы  тақырыптың  ар-
найы кеңінен зерттелгендігі дәлелдейді. Бұл жерде біз Ербол 
Жанпейісовтің монографиялық еңбектерін атаймыз
8
.
Бұл  еңбектерде  зерттеуші  негізінен  М.Әуезовтің  «Абай 
жолы»  эпопеясы  тілінде  орын  алған  этнографиялық  іздерді, 
көне  сөздер  мен  бұл  күнде  сирек  қолданылатын  сөздерді 
(алғашқы  кітапта  сондай-ақ  шығыс  тілдері  мен  орыс  тілі 
сөздерін)  талдап,  олардың  беретін  мағынасын,  шыққан  түп-
төркінін көрсетеді. Бұл лексикалық, этимологиялық ізденістер 
көп  мәлімет  береді.  Жазушының  сөз  қазынасын  игеруге 
көмектеседі,  сөзқолданыстағы  шеберлігін  тануға  септігін 
тигізеді, сөз таңдау принциптерін айқындауға жол ашады.
Ал  этнографизмдерді  іздеп,  таңдап,  талғап  жұмсауды 
М.Әуезов «Абай жолынан» да бұрын бастаған. Жазушы «Абай 
жайын  зерттеушілерге»  деген  1940  жылы  (яғни  әлі  «Абай 
жолы» эпопеясы толық дүниеге келмеген кездің өзінде) жазған 
мақаласында:  «Белгілі  бір  заманды  дұрыс  әңгімелеу  үшін 
зерттеушілерге  (біздіңше,  жазушыларға  да)  өзгеше  бағалы, 
8
  Жанпейісов  Е.  М.Әуезовтің  «Абай  жолы»  эпопеясының  тілі  (тарихи-
этимологиялық  байқаулар).  -  Алматы:  Ғылым,  1976;  Этнокультурная  лексика  ка-
захского языка (по материалам произведений М. Ауэзова). - Алматы: Наука, 1989.

27
өзі соны және үлкен ғылымдық, тарихтық қасиеті зор бір алу-
ан істер бар», – дегенінде, сол істердің бірі етіп этнографияға 
қатысты  салт-дәстүр,  ырым-рәсім  атауларынан  бастап,  «ер-
тұрман,  қару-сайман,  жылқының  таңбасы,  қойдың  ені,  үй 
ішінің ою-кестесі» атауларын білу қажеттігін ескертеді, осы-
ларды дұрыс құрастырсақ, заман ды, айталық, Абай заманын, 
«көп сынық айнаны жамап барып танығандай, дұрысырақ та-
ныр ек», – дейді. Осы айтқанын жазушылық «бісмілләсінен»  
бастап  ұстанған.  20-жылдардағы  әңгімелерінде  құдалық  сөй- 
лесу (құда түсу), бас сүйіскен тәтті құда болу (әлде түйіскен 
бе?), қарғыбау беру, қара шаңырақтың құруы, өлген адамның 
орнын сақтау, өлгеннің аруағы ырза болу, мойнына бұршағын 
салу,  ақсарбас  айту,  ішінен  шүкірана  қылу,  сүйек  жаңғырту 
деген тәрізді этнографизмерді (сөздер мен тіркестерді) таңдап-
тауып  орнымен  әдемі  жұмсаған.  Өйткені  бұл  әңгімелердің 
көбінде  қазақ  қауымының  бұрынырақ  өткен  кезеңдері 
суреттеледі.
Этнографиялық  жеке  зат,  құбылыс,  іс-әрекет,  сын-сипат 
атауларын беруде жас жазушы Мұхтар Әуезов өте ұқыптылық- 
пен  ізденімпаздық  танытқан  және  мұны  көркем  шығарма 
шарттарының  бірі  деп  ұққан.  М.Әуезов  қолданған  этногра- 
физмдердің  термин  деп  тапқандарының  едәуір  мол  тізімі 
Е.Жанпейісовтің  «Этнокультурная  лексика  ка захского  языка» 
(1989) деген кітабында «Қосымша (при ложение)» деп берілген. 
Әрине,  бұлардың  барлығын  зерттеушінің  түгел  түсіндіріп, 
мағынасын ашып, түптөркінін көрсетуі мүмкін емес болғаны 
аян.  Оның  үстіне  бұл  еңбектерде  Е.Жанпейісов  этнография- 
лық  атаулардың  көркемдік-стильдік  қызметін  көрсетуді 
міндетіне  алмаған.  Сондықтан  талдауға  ілікпегендерін  теріп 
алып,  лексикалық-этимологиялық  ізденістерді  жалғастыру  –  
ғылым  үшін  де,  таным  үшін  де  қажет  қарекет  болмақ. 
Әсіресе «Рухани мәдениет терминдері», «Халық медицинасы 
терминдері»,  «Халықтың  метрология  терминдері»,  «Туыстық 
терминдері»  деп  көрсетілген  көбінесе  жеке  сөз  емес,  сөз 
тіркесі болып келетін атаулардың (мүмкін, барлығын «термин» 
деуге  де  болмас)  мән-мағынасын,  түп-төркінін,  жұмсалатын 
орындарын,  сол  шығармадағы  стильдік  қызметін  көрсету  – 

28
ізденістің үлкен бір тармағы болмақ. Соңғы міндеттің де мәні 
зор, өйткені этнографизмдер көркем шығармада об раз үшін де 
жиі жұмсалатыны белгілі.
Сөзқолданыс  –  жазушы  шеберлігінің  айнасы.  Бұл  орай-
да  әңгіме  желісі  болатын  шеберлік  тұстары  әр  алуан  болып 
келеді. Солардың бірі – шығармада айтылмақ оқиғаның сырын 
тұспалдап ашатын сөздерді қолдану. Мысалы, «Қорғансыздың 
күні»  әңгімесінде  трагедиялық  оқиғаға  себепкер  болатын 
Ж-ның  болысы  –  Ақан  мырза  мен  оның  атшабары  –  Қалтай 
жолаушылап  келе  жатқан  жыл  мезгілін,  күн  райын  суреттеу 
үстінде жазушы қызыл (қып-қызыл, қызғылт) деген сын есімді 
бір абзацта сөйлем сайын келтіреді.
Январь  айының  аяқ  кезі.  Күн  батуға  тақап  қалған  мезгіл. 
Күнбатыс  батуға  айналған  күннің  қызғылт  сәулесімен  нұр- 
ланып,  қызыл  торғынның  түсіндей  болып  тұр.  Күнге  жақын 
тұрған  ұзынша  жұқалаң  бұлттардың  түсі  қалың  өртке  қыз- 
ған  темірдей  қып-қызыл.  Төбеге  жақын  тұрған  алысырақ 
бұлттардың бір-бір жағы ғана жұқалаң қызылға боялған асыл 
нұрдың  буын  ғана  жалатқандай.  Қызғылт  сәулесін  дүниеге 
жайып тұрған күн шарасымен тұтас көрініп тұр. Аспан ашық. 
Берірек тұрған аз ғана ала шұбар бұлттар кең жаһанның жүзіне 
перде  болған  жоқ.  Күні  бойы  тыныш  болған  жел  Күшікбай- 
дың бауырында ғана ызғырықтап, жаңадан жауған көбік қарды 
жаяу борасындатып тұр. Күннің қызыл сәулесі даланы да, тау-
ды да өз өңіне кіргізген. Күнбатыс жақтан бораған ұсақ қар да 
күн астынан қызғылттанып көрінеді (1-том, 1967, 31-32-бет-
тер).
Міне,  күннің  сәулесі  де  қызғылт,  күнбатыс  жақ  ұқсаған 
торғын  да  қызыл,  бұлттар  да  қып-қызыл,  нұр  да  қызылға 
боялған, ұсақ қар да қызғылттанып көрінеді. Әдетте қызыл сөзі 
не шат-шадыман, салтанатты күйдің символы, не қан құшқан 
трагедияның  жаршысы  болып  қолданылады.  Бұл  қарама-
қарсы мәнділік көркем шығармада стильдік қызмет атқарады. 
М.Әуезов  қызыл  деген  сөзді  аталған  әңгімеде  баяндалатын 
трагедияның увертюрасы (құлақкүйі) етіп ұсынған. Ғазизадай 
13  жасар  қыз  бала  қызыл  гүл  болса,  ол  –  уыз  жастықтың, 
пәктіктің символы, ал үзіндідегі қызыл-дар қатыгездікті көздеп 

29
тұр. Бұл қызыл-ға ала шұбар бұлттар перде бола алмайды, яғни 
Ақан мырза «тыста болған әңгіменің немен тынарын білмей, 
біресе күдіктеніп қорқып, біресе азын-аулақ өкінгендей болып, 
тынышсызданып, қорғалақтап» жатады. Демек, қызыл-ға пер-
де бола алмай қалған ала шұбар деген түс те – символ, ол – 
«азын-аулақ өкініштің» символы.
Жазушы  бұл  тәсілді  «Қаралы  сұлу»  повесінде  де  пай- 
даланған.  Шығарманың  атының  өзі  қара  түбірлі  сөзбен  кел-
ген,  тіпті  бас  кейіпкердің  есімі  Қарагөзде  де  қара  сөзі  бар. 
Осы  түс  атауы  және  онымен  түбірлес  қараңғы,  қараңғылық 
сөздері шығарманың өн бойында әр алуан затты, сәтті суреттеп 
қайталап келіп отырады...
Қаралы  күй  Қарагөз  өмірінің  қалпы  болған...  Қарагөздің 
қаралы  жаулығы  салынып,  қызулы  базар  есігін  жапқанына 
алты  жыл  болды...  Қарагөзді  қаралы  қылып,  каңғыртып  кет-
кен... Күздің айсыз қараңғы түнінде түн қатып жүрген жолау-
шы ұзақ қараңғылыққа қалай мойындап бағынса...
Мұнда қара сөзі қара бұлт деген тіркесте келіп, «траге дия» 
деген  ауыспалы  мағынада  жұмсалады.  Мұнда  күн  де,  түн  де 
қаралы: қаралы күндер, қаралы түн.
Сондай-ақ қаралы тор, қара жылан, дегенде де қара сөзі 
образ үшін келіп, бірі кейіпкердің күйі, екіншісі бойын биле-
ген нәпсі сезімін атайды: қаралы тор тұтқыны... қара жылан 
(Қарагөз бұл сезіміне осындай ат қойған) дүние қарауытып, 
айналып  бара  жатқандай  болды.  Жар  құшағын  аңсаған  жас 
әйелдің сезімін де автор қараңғылық деп бейнелеп атайды:
Төсекке  жатысымен,  қараңғылық  қайта  айналды.  Құмар- 
лықтың өзі жай сезілмейді, қарауытып шығып, жүз толқытады.
Бұл повесте қара сөзін «ойната» түсу үшін жазушы оның 
фонына  көк  (көк  шалғын,  ашық  көк  аспан),  ақ  (ақ  денесі) 
сияқты түс атауларын да келтіреді.
Бір шығарма тексінде немесе оның период (абзац) сияқты 
бөліктерінде тақырыптас, мағыналас, модальдық реңктес сөз- 
дерді қолдану – көркем әдебиет тілінің бір белгісі. Сондықтан 
«Қаралы сұлудың» өн бойында қаралы күйге үндес сөздердің 
келуі орынды әрі әсерлі.

30
Қара  жел  үзілмей  соққан  күздің  суық  күніндей  қуарған, 
жүдеу  жылдар...  Маңайын  тұлдыр,  құлазыған  жалғыздық... 
қайғылы сұлу... қайғылы түйін, қаралы күңгірт көңіл...
Мұндағы  суық,  қуарған,  жүдеу,  тұлдыр,  құлазыған, 
қайғылы,  күңгірт  сияқты  сын  есімдер  де  повесть  оқиғасын 
суреттеп  тұрған  қара,  қаралы,  қараңғылық  сөздерінің  жалпы 
модальдық бояуына үндеседі.
Жазушы «Қорғансыздың күнінде» де қара сөзін (және одан 
туындаған  сөздерді)  бір  абзацта  шоғырлап  келтіріп,  оларға 
стильдік жүк артады.
Үйдің  іші  қараңғы.  Бұрыш-бұрышында  аяздаған  қар, 
қабырғасы  қара  балшықпен  сыланған  кір.  Төбесіне  жапқан 
сырғауыл қарайған, түгел ыстан қап-қара...
Мұнда да қара сын есімі – азаматы өлген, кедей үй ішінің 
мекенжайының  сыртқы  картинасын  ғана  емес,  аса  жүдеу 
тұрмыс ахуалын, тіпті қорғансыздық күйін танытатын қосымша 
нышан.
Әрине, бұл амал өте сирек ұшырасады, ол кез келген сәт- 
те жұмсала бермейді. Бұған оқиғаның немесе шығармада су- 
реттелетін  жеке  бір  ситуацияның  оқырман  сезіміне  қатты 
әсер ететін, сол оқиғаның бір бояуына (тонына) жа зушы ерек-
ше  екпін  түсіре  көрсеткісі  келген  мақсаты  себепкер  болады. 
Мұндайда көбінесе ақ, қара, сары, көк, сұр сияқты түс атаула-
рына немесе кейбір сын есімдерге, кейде үстеулерге стильдік 
жүк артылады.
Сөзқолданыста,  сондай-ақ  сөз  таңдауда  (бұл  екі  талап 
көбінесе қосылып та кетеді, өйткені жазушы таңдап алғаннан 
кейін, оны қолданады немесе, керісінше, белгілі бір мақсатта 
қолдану  үшін  сөзді  таңдайды)  айрықша  әңгіме  ететін  тұс  – 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет