Бұл еңбегімді қазақ елінің тəуелсіздігі жолында құрбан болған



Pdf көрінісі
бет1/2
Дата04.12.2022
өлшемі1,36 Mb.
#54677
  1   2
Байланысты:
2 5213356493591548334




Ө М І Р З А Я
Бұл еңбегімді қазақ елінің тəуелсіздігі жолында құрбан болған 
ерлердің аруағына арнадым.
Автор


Өмірбаян 
Баққожа Мұқай
(1948–2008)
31 қаңтарда Алматы облысы, Райымбек ауданына қарасты Нарынқол ауылында туған. 1971
жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1965 жылы Кеген
аудандық «Коммунизм нұры» газетінде еңбек жолын бастаған. 1970–1988 жж. «Білім жəне
еңбек», «Жұлдыз» журналдарында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген. 1990–1995
жж. Мəдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық алқасында Бас редактор, бас
басқарма бастығы болған. 1990 жылы облыстық «Қазақ тілі» қоғамын ұйымдастырып, басшылық
жасады. Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының
мүшесі. Бірнеше медальдармен марапатталған. «Парасат» журналының Бас редакторы болды.
Ол «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» атты романдары мен «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы»,
«Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні», «Жеті желі», «Алғашқы
махаббат», «Ертегідей ертеңім» атты кітаптардың авторы. Шығармалары тəжік, қырғыз,
белорус, якут, татар, башқұрт, чех, орыс, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, корей тілдеріне
аударылған. Орыс тілінде 1984 жылы «Водоворот», 1988 жылы «Белая птица» атты кітаптары
шыққан. Оннан астам драмалық шығармалары Қазақстандағы жəне шет елдердегі театрларда
қойылған. Бірқатар жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударған.
«Қош бол, менің ертегім» пьесасы мен «Аққу сазы» хикаялар кітабы үшін Қазақстан Ленин
комсомолы сыйлығының лауреаты атағы (1982), Қырғызстан Республикасының Т.Əбдімомынов
атындағы əдеби сыйлығы (1995), «Өмірзая» романы үшін Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік сыйлығы берілген (2000). «Парасат» орденінің иегері (2006). 


1
Бұл үйдің есігінің əмісе ашық тұратынын білсе де əдептінің əдетіне бағып, қоңырау түймесін
басты. Əдеттегідей ешкімнің рұқсатын күтпестен имене басып, ішке енді. Бүйірдегі бөлмеден
шашы ұйпа-тұйпа болып, қабағы қабарып Сыздық шықты. Ұйқыдан жаңа ғана оянған сыңайлы,
екі көзінің алды іріңді былшық. Екі беті көнектей болып ісінген, өлеусіреген көзінде жылт
еткен сəуле жоқ, ептеп езу тартқанмен жүзі жылымады. Құнарсыз топыраққа өскен сояудай
сирек сақал-мұртына ұстара тимелегі де біраз болған тəрізді. Екі иығы қушиып, дірілдеген
Сыздықтың өзіне ашқарақ көзбен, қасқыр пейілмен қарап қалғанын байқаған Аяғанның жүрегі
əлсіз ғана шым етті. Бас изеп, қарияның бөлмесіне қарай өтіп кетпек болған, Сыздық жолын
кесті.
Басым сынып барады,– деді ол тілі икемге əрең келіп. Жылайтын адамдай иегі кемсеңдеді,
Аяғанға жəдігөйлене қарағанмен жүзі жылымады, екі көз суық, ызғарлы. – Өлтірмесең ақша бер.
Аяғанның қолқасын күлімсі иіс қапты. “Шіркіннің денесіне су тимелегі қанша заман болды
екен” деп ойлады жігіт қалтасына қол салып жатып. Үш сомдықты Сыздықтың қолына ұстатты.
Оның миығындағы өлеусіреген əлсіз күлкі су тиген шырақтай лып өшті, жəдігөй жүзіне сұс
кірді, қарсы алдында өзін жақтырмай тұрған жігітке сұстана қарады. “Бейшара” деді Аяған
іштей күбірлеп. Əнтек езу тартты. Сыздық апыл-ғұпыл киініп, асығыс шығып кетті.
Аяған алып келген тағамын ас үйге апарып қойып, Алдияр қария жатқан бөлмеге кірді. Алдияр
Ақпанұлы бөлмеге əлдекімнің келгенін білсе де көзін ашқан жоқ. Қаны қашып, оңған бөздей
болып кеткен жүзінен тіршіліктің нышаны білінбейді, шалқасынан түсіп, қимыл-қыбырсыз
жатқан шалдың қабағындағы көзге көрінер-көрінбес əлсіз діріл оның тірлігінен хабар
бергендей.
– Алдияр аға, сəлеметсіз бе?
Профессор көзін ашып алып, жылы жымиды. Көптен күткен адамы келген соң қабағы ашылып,
жүзіне шыр жүгірді. Жанына отырған шəкіртінің қолын əлсіз саусақтарымен қыса түсті.
Ұстазының өзін асыға күткенін Аяған сезді.
– Қолым тимей кетті, аға,– деді жігіт қысыла күлімсіреп. – Ерте кетеміз, кеш қайтамыз. Күн
қысқа.
– Түсінемін ғой, қарағым,– деді қарт қарлығыңқы дауыспен. – Балалар аман-есен бе? Келіннің
денсаулығы қалай?
– Жақсы, аға. Сізге сəлем айтып жатыр.
– Сəлемет болсын...
– Таң атса кеш батады. Сізге келе алмай, келініңіз қысылып жүр.
– Оқасы жоқ. Маған бола шаршамай-ақ қойсын,– деп күрсінді шал. – Мен аман-есенмін.
Дəретханаға бара алмай қысылатыным болмаса... – Алдияр қинала күлімдеді. Аяғанға ол күліп


емес, іштей егіліп жылап жатқандай болып көрінді. – Мен асарымды асап, жасарымды жасаған
адаммын, қарағым. Мен деген...
Тағы да бір нəрсе айтқысы келіп оқталды да, тілін тістей қойды. Аяған ұстазының көмейіндегі
көмескіні болжады.
“Мен деген күні біткен адаммын ғой. Маған бола əуреге түспей-ақ қойыңдар” дегісі келген
шығар”,– деп түйді жігіт. Шалға ұрлана қарады, жүзіне көлеңке жүгіріп, қабағы шытылыпты.
Ернін жымқырып алып, тым-тырыс тынған. Əмісе осылай, көңілінің қошы кетсе, тырсиып
үндемей қалатын əдеті. Ішін ит тырнап жатса да қиналғанын пенде баласына білдірмейтін
қарттың қажыр-қайратына қайран қалады Аяған. Тағдырдың соққысы мұншалық қатты
тигенмен сынбай, иілмей келе жатқан қайсар шалға əрқашан таң. “Шүкімайдай болып сонша
қажыр, қайратты қайдан алады екен”,– деп таңдай қағады. Алдиярдың көрген қиындығы мен
тартқан азабы талай пендеге ауыр жүк боларын, ол салмақты кез келген қаймаан қазақтың
көтеріп кете алмасын Аяған жақсы біледі. Басқа салмақты былай қойғанда, өмірімнің жалғасы,
болашағым, үмітім деп жүрген жалғыз ұлдың сықпыты анау. Қолына ақша түссе араққа
жұмсайды, күніне бір уақ таңдайын жібітпесе ындыны кеуіп, ыңырсыйды-ай келіп. Əкенің
жағдайын ойлап, қабағына қарайтын ұл қайда?! “Əкем ауру-ау, дəретке бара алмайды-ау, аш
қалды-ау” демейді. Сүмеңдеп сарқытын беретіндердің соңында жүреді. Сыздықты білмейтін
жан бұл қалада жоқ та шығар, ауладан аулаға ауысып, жемтік іздеп, жуынды аңдып тіміскіленіп
жүретін бұралқы иттен айырмашылығы қайсы?! Бұл тірлігіне арланбайды, намыс көрмейді
бейшара. Ойы сөнген, бойы көнген. Қу жаны қуырдақ болып қуырылып, мұрнының ұшына
келгенде бір жұтым тентек су үшін арды аяққа басып жүре береді. Мұндай сəтте құлқынына
құяр тентек су табылмаса аласұрып, жанын қоярға жер таба алмай кетеді. “Жарым жан-ау”
демейді. “Онсыз да қиналып жатыр-ау” демейді. Жаны қысылып, сары уайымның иіріміне
батып, тұншығып жатқан шалды одан сайын қинайды, жүйкесін жүн етіп жібереді. Осы қылығы
үшін Аяған онымен төбелесіп қала жаздаған. Миына тентек судың уыты жайылып, үнемі көні
кеуіп, екі есті күйде есеңгіреп жүретін Сыздықты ақылмен тоқтата, күшпен ықтыра алмасын
кейін білді. Одан беріп қана құтылуға болады екен. Аяғанның əлсіз жерін ол да біліп алған,
көрсе болды алақанын жаяды. Бермесе əдісі белгілі – ауру шалдың миын қажауға кіріседі.
Аяғанның таң қалатыны – мұндай сəтте шал лəм деп жақ ашпастан, екі көзін шарт жұмып алып,
сұп-сұр болып жатады да қояды. Əділетсіздік атаулыға шыбын жаны шырқырап, қаймықпай
қарсы шығатын Алдияр Ақпанұлы соңғы жылдары мүлде өзгерді, көндіккен сыңайлы.
Арыстандай азаматтың құрметіне атын Сыздық қойып ем. Ел-жұртының жыртысын жыртып,
жоқшысы болсын деп ем. Қателесіппін, қарағым. Сорым болды ғой бұл менің. Сыздық төреден
садақа кетсін бұл,– дейді шал оңаша қалғанда күйініштен өртеніп кете жаздап. Мұндай кезде
Аяған оны қалай жұбатарын білмей абыржиды. Əңгімені басқа арнаға бұрып алдарқатады. Бірақ
Алдиярдың жүзін жапқан көлеңке тарқамайды, қабағы ашылмайды, көзін шарт жұмып алып,
қимыл-қыбырсыз іштен тынып жатады да қояды. “Өзін осындай халге жеткізген тағдырына
лағнет жаудырып жатқан шығар” деп ойлайды Аяған.
Міне, қазір де ежелгі əдетіне бағып, екі көзін жұмып алып, үнсіз жатыр. Аяған орнынан тұрып,
ас бөлмеге шығып кетті. Шай қойды, талай күннен бері жуылмай, баттасып кеткен ыдыс-аяқты
тазалады. Ас үйді ретке келтіріп, шайын қайнатып қайтып келсе, шал əлі көзін ашпапты. Дауыс
шығаруға Аяғанның батылы бармады. Соны сезгендей шал көзін ашып, жігітке қадала қарады.
Жүзінен реніш, қабағынан кірбің іздеген тəрізді. Сезімтал жігіт ақырын ғана езу тартты.


– Шай дайын, аға.
– Шай ішетіндей жағдай жоқ менде, қарағым,– деп мұңайды Алдияр. Қинала күлімсіреп,
қабағын шытынды. – Су болып жатырмын.
Аяған сөзге келместен қарт профессорды көтеріп апарып туалетке отырғызды да, қайтып
оралып, иістеніп, сарғайып кеткен ақ сейсепті жуынатын бөлмеге əкеліп тастады. Терезені
ашып, бөлменің ауасын тазартты. Профессорды жуындырып, таза киімдерін кигізіп, көтеріп ас
бөлмеге алып келді. Ұстаз бен шəкірт асықпай отырып шай ішті. Шалдың маңдайы жіпсіп,
жүзіне қан жүгірді.
– Иə, қарағым, өз жағдайың қалай?– деп сұрады шайға қанып алғаннан кейін Алдияр.
– Өзгеріс болмай тұр, аға,– деп мұңайды жігіт. – Үлкен үйге кірдім. Жағдайымды айттым.
Отырғызып қойып өзімді кінəлады. Мойны бір тұтам, мыжырайған жалпақ сары сызданып əрең
сөйлесті. Жаздым, жаңылдым деп жалынып-жалбарынып, аяғына жығылудан басқа амалым
қалмады.
– Жалынба, қарағым,– деді шал қабағын шытып. Шəкіртінің жаңағы сөзін ұнатай қалған
сыңайлы, қабағы қатуланып, жүзіне сұс кірді. – Шындыққа əділеттің ақ жолымен бару керек.
Жалынып, жаттың аяғына жығылып, жарамсақтанып жүріп нағыз шындыққа жете алмайсың,
қарағым. Ол – адасу жолы, теріс жол.
Аяған іштей құптамаса да ұстазының көңілі үшін үндемеді.
“Аға-ау, сіз айтқан əділеттің ақ жолы қайда? Егер бар болса өзіңіз неге сол жолмен жүрмедіңіз?
Сол жолы сіз өмір бойы іздеген жоқ па едіңіз. Бар болса табар едіңіз ғой” деген сөз талай рет
көмейіне келіп кептелген, əрқашан қарттың қабағына қарап, тілін тістейді. Түлкі заманда тазы
болып шалу керектігін ерте түсінгендердің мақсатына оңай жететінін Аяған білгелі қашан.
Қазіргідей сырты жылтыр, іші бұлдыр заманда Алдияр Ақпанұлы айтқан тəсілмен күресіп,
мұратқа жету мүмкін еместігін жердің астындағыны білетін ғұлама Алдияр қарсыластарынан
ақылының аздығынан емес, айласын асыра алмағандықтан жеңілді. Заманның құбылып тұратын
мінезіне бейімделіп, керек кезінде жалынып, жалбарынып, аяққа жығылып үйренген уақыттың
құлақ кесті құлдары оны алып та, шалып та жықты. Қарсыласуға шамасын келтірмеді мүлде.
Өмірдің талай өткелегінен өтіп, отқа салса күймейтін, суға салса батпайтындай болып піскен
кəрі тарлан өзінен тəлім алған бір үйір күшіктің талауына түсіп, құр сүлдерін əрең алып шықты.
“Құдай – хақ, уақыт – ақиқат” деп осы өмірінде өзгенің ала жібін аттамай, қиялындағы
абсолютті шындыққа сеніп жүріп жеткен жері осы болды. Қазіргідей ғаріп қаліне өлердей
күйіне тұрып, сол бір абсолютті ақиқаттың болатындығына профессордың имандай сенетінін
Аяған біледі. Кейде ұстазының бала сияқты аңқаулығына күледі. Кейде ойланып қалады.
“Бəлкім, Алдияр аға дұрыс айтатын шығар. Əділетсіздікті біржола жеңу үшін ұлы Шындыққа
ақиқаттың ақ жолымен бару керек шығар, сірə” дейді.
– Идеологиялық жұмыстар жөніндегі хатшының қабылдауына жазылдым, аға. Ендігі үміт сол
кісіде,– деді Аяған хатшының көмек қолын созатындығына сенім білдіріп.
– Ə-ə, анау ма,– деді Алдияр даусын созып... Оның дауыс ырғағынан ол хатшыдан да қайыр


болмасын түсінді Аяған. – Оны білемін. Институттан не үшін қуылғаныңды естісе көмектеспе
ктүгіл, итжеккенге айдатып жіберер ол сені. Ол Ермактың бірінші қорғаушысы.
Аяған тұйыққа тірелді. Мақсатыма алып барады-ау деген жолдың бəрі жабылып қалғандай, екі
ұдай болып, басын қайғы қаңғыртты. Сүлесапа бір күйге түсіп, үн-түнсіз ұзақ отырды.
– Бір-ақ жол қалды. Мəскеуге, Орталық комитетке, Брежневтің өзіне жазу керек,– деді Аяған
біраздан кейін, үлкен бір іске бел буып кірісердей құлшынып. Алдияр мырс күлді. Жігіт оның
жүзіне жалт қарады. Шал біраз уақыт үнсіз жатты.
– Сенің өміріңнің басқа арнаға түсіп кетуіне мен кінəлімін,– деді əлден уақыттан соң дауысы
жарықшақтанып. Бұл оның талай рет айтқан сөзі. Əсіресе соңғы уақытта, Аяғанның басына бұлт
үйірілгелі бері жиі айтатын болып жүр. – Кешіре алсаң кешір, қарағым.
Кенесары атамыз əділет үшін, қазақ халқының бақытты ғұмыры, азаттығы үшін басын бəске
тігіп, ақыры жат қолынан ажал тапқан жоқ па?!– деп күлді Аяған. Шал көзін кең ашып,
жаутаңдап жігітке қарады. – Оның жеңілісінің өзі ұлы жеңіс деуші едіңіз ғой. Ол бақыт
дегеннің не екенін білген жоқ, қысқа ғұмыры жанталасқан күреспен, азаппен өтті. Кенесарыдай
ардагер ұлдарының арқасында қазақ халқы бақыттың шын бағасын білді, аға. Ал Кенекемнің
ұлы Сыздықтың өмірі ше? Ол да əке жолын таңдады. Оның өмірі де кілең жеңілістерден тұрмай
ма, аға!?
Алдияр қысылды, миығында күлкі ұялады. Болар болмасқа елп ете қоймайтын профессорды
сарыуайымның иірімінен қалай алып шығуды білетін Аяған бұл жолы да ескі əдісіне салды.
Бүкіл өмірін қазақ халқының ұлт азаттық көтерілістерін зерттеуге арнаған Алдияр Ақпанұлы
үшін барлық қызығын бостандықтың бодауына берген, елінің болашағы жолында құрбан болған
ерлерден қасиетті ұғым жоқ еді. Аяғанның білетіні – қарт профессор сол ерлер үшін ойланбай
отқа түсе алады. Ол күйіп тұрған заманда Кенесарыны қорғаймын деп күйген. Тізгінін басқаның
қолына ұстатып қойып, соның айтуымен жүріп-тұруға үйренген, орғанына мəз болып жүрген
халқына Кенесары ісінің əділдігін дəлелдемек түгіл өз басы саудаға түсіп, құйрығына шала
байланған. Арашалап алар пенде табылмай оттың ортасынан құр сүлдерін сүйретіп əрең
шыққан. Заманның таяғы маңдайына бұдан кейін де сан рет тиген, омақаса құлаған сəттері де
болған, сөйте тұра қыңыр шал алған бетінен қайтқан жоқ, қайта Кенесарғы деген ықыласы
күшейе түсті. Кенекең үшін көрген қиянаттары есіне түскен сəтте көңілі марқайып, үлкен іс
тындырғандай желпінетіні бар.
– Мен шындықты өмір бойы іздедім. Бірақ таппадым,– деп күрсінді шал. – Анда-санда сайқал
үміт жылт етіп жанып, емексітіп алады да алдап кете береді. Солай, қарағым. Күнің басқаға
қарап тұрса солай бола береді.
– Заман жақсарар, аға. Атар таңнан үміт күтеміз. Көп ұзамай Брежнев көкем кетер,– деді Аяған
бəсең дауыспен. Айтарын айтып алып, өзінен өзі қуыстанып, жан-жағына қарады. Алдияр мырс
күлді.
– Ол кеткенмен басқасы келер. Одан не өзгереді? Е-е, қарағым, Кенекем осыны баяғыда білген.
Білмесе өзі барып жанып тұрған отқа түсер ме еді,– деп Алдияр көкірегі қарс айрылардай
күрсінді. Оның нені меңзегенін жігіт түсінді. “Шындықты табаныңнан таусылып, қанша
іздегенмен таппайсың. Басқаның шындығы – алмас қылыш. Ол саған бақыт əпермейді, басыңды


қағады да тастайды” деген сияқты шал. Аяған шеше алмай жүрген бір жұмбақтың ұшығын
ұстағандай елеңдеп, ұстазының жүзіне жалт қарады. Көзін жұмып алған шал сұп-сұр болып,
үнсіз жатыр.
“Басқаның шындығы – алмас қылыш. Басыңды қағады да тастайды. Қағады да тастайды...”
Құлағы шыңылдап, екі беті дуылдады.
“Сонда қалай болғаны, мына заманда шындыққа жету мүмкін емес пе? Неге?”
Осы бір сұрақ тамағына тұрып қалған сүйектей берекесін алды. Əлдекім “шындық жоқ, шындық
жоқ” деп құлағына сыбырлайтын сияқты.
Аяған ұстазының үйінен еңсесі басылып шықты.


2
Аяған кітапханадан ең соңғыларының бірі болып шықты. Сіркіреп жаңбыр жауып тұр екен.
Ызғырық жел суық, ызғарлы. Сол ызғар қыр астында тұрған қыстың хабаршысы сынды. Ауа
деміне ызғар кіргелі де біраз болған. Сонысына қарағанда биыл қыс ерте түсетін сыңайлы.
Əдетте Алматының қысы кештетіп келеді. Қазан айы Алатау баурайына орналасқан қаланың ең
бір тамаша шағы, ағаш біткен шомылу үшін көйлегін шешкен бойжеткендер сияқты болып
көрінеді, жер аткөпір жапырақ, төңірек сап-сары; ыстық қайтып, ауа жеміс иістенеді. Қайда
барсаң да танауыңды қауын иісі, алма, алмұрт иісі қытықтайды. Табиғат-ана мейірленіп,
шашуын мол шашқан жылдары ел бау-бақшасындағы, саяжайындағы жемісін жинай алмай,
алма, алмұрт атаулы шашылып, шіріп жатады. Шіріген жемістің иісі осында туып, өскен адамға
ерекше қымбат. Ол бау-бақшалы қаланың төл иісі
Биылғы ауа райының мінезі бөлек. Жүріп-жүріп бір-ақ күнде бойжете салатын қыз баладай
жарқ ете қалатын Жетісудың көктемі кешікті, қашан шілде туғанша жаңбыр сіркіреп, жердің
қыртысына жылу жетпей, құйқасы қызбады. Маусым орталана бере аспанның қабағы ашылып,
Жер-Ана шуаққа шомылды да, бой көтере алмай булығып жатқан көк дүр ете қалды. Шілде
əдеттегідей ыстық болған, тамыз туа ауа райы күрт өзгерді, жаңбыр жиілеп, күн суытты.
Көнекөз қарттар мұны жаман ырымға жорып, 1941 жылдың жазының осындай болғанын тілге
тиек етті. Жаман сөз жатсын ба, тыныш отырған жұрт бір дүрлігіп барып басылды. Тамыздың
аяғында күн қайтадан ысып, артынша Арктиканың суық ауасы лап қойып, жұрттың берекесін
алды. Қыркүйектің алғашқы аптасында жапалақтап қар жауып, жапырағы түсіп болмаған ағаш
атаулы ауыр салмақты көтере алмай морт-морт сынып жатты. Ертесіне аспан нілге шайғандай
тазарып, жарқырап күн шықты, көше-көшемен сел жүрді. Ауа қызып, ыстық күшіне мінді, күні
кеше пальто киіп, бүрсеңдеген жұрттың маңдайы тершіді. Сол ыстық кешеге дейін келді де,
қазан орталана бере Алматының ауа райы өзінің ежелгі мінезіне көшті.
Жаңбыр жауғалы екінші күнге айналып барады, мұның соңы қарға айналарын Аяған біледі.
Қыстың жақындап келіп қалғанын ойлағандықтан ба, денесі қалтырап, иегін омырауына
жасырды.
Кітапхананың алдында тұрып қай жерде почта жəшігі барын есіне түсірді. Қалтасындағы хатты
бүгіннен кешіктірмей жөнелту керек, біраз уақытын бекер жүріспен, есік тоздырумен өткізіп
алды. Жүрісінен ештеңе шықпасын алдын-ала білсе бекер шаршамай арыз-арманын хатқа
түсіріп, қорғаныш болатын, қамқор қолын созатын, ұялы қасқырдың талауынан арашалап
алатын əділеттің ақ ордасына əлдеқашан салып жібермес пе еді. Шындықты осы арадан да
табамын, ақиқат арашаға түссе ажал да ала алмайды деп адасты. Іздеп тапқан шындығы басына
пəле болып жабысты ғой ақыры. Үлкен қызметтегі адамдарға жала жауып, нақақ қаралап, өсек
таратып жүрген арызқой деп танылып, үстінен іс қозғалды. Мүйіз сұрап барып, көзін шығарып
қайтқан тоқал сиырдың кебін киді. Бір кезде дуылдап, өртке айналып кете жаздап басылған
мəселе – мұның Сыздық сұлтан туралы жазған еңбегі алдынан тағы шықты.
“Аяған Қуатов мемлекетке қарсы, өмір бойы орыс халқын ұнатпаған, оларды аяусыз қырған
Сыздық Кенесарин туралы мадақ мақала жазған. Ол орыс пен қазақ халқының арасына от жағу
үшін Сыздық сұлтан туралы мақаласын орысшаға аудартып, көбейтіп, жасырын таратқан.
Пиғылы жат, ойы бөтен адам. “Кеңес үкіметінің Ауғанстанға əскер апаруы үлкен қателік. Бұл


ерікті елді күшпен басып алу” деген. Ауғанстандағы соғысқа қарсы ұнқағаз таратқан. Мағжан
Жұмабаев сияқты халық жауының өлеңдерін студенттер арасында насихаттаған. Кеңес үкіметі
басшыларының беделіне нұқсан келтіретін анекдоттар құрастырған. Сібір аймағын бағындырған
атақты батыр Ермакты студенттерге қанқұйлы қарақшы деп дəлелдеуге тырысқан. Ұлтшыл,
сенімсіз адам. Жоғарғы оқу орнында қызмет істеуіне болмайды” деген желеумен тып-тыныш
істеп жүрген қызметінен қуылып кетті. Алдияр Ақпанұлынан іргесін аулақ салып, ректордың
ыңғайына көніп, сол кісінің дегенімен қимылдаса ұрттап ішіп, шайқап төгіп жүрмес пе еді.
Бастаған ісінің арты жақсы аяқталмасын біле тұра сүйекке бітті қыңырлығына басып, ағысқа
қарсы жүзді. Жоғарыдан келген тапсырманы əдейі қисайта салды. Шындықты іздеп, ең ақыры
сол адамның алдына баратынын білсе емтихан тапсырған қызына жақсы баға қойып, жақсы атқа
ие болар ма еді?! Шындық үшін жаным пида дейтін Аяған ол қызға əкесінің беделіне бола
жақсы баға қоймасына сенімді. Сол кезде қыздың əкесінің кім екені Аяғанға алдын ала
айтылды. Бұл соны біліп қырсықты. Ақыры міне, өзі шалқасынан түсті. Іздеп барған үлкен
шындығы шын мықтының бір сілкігенінен қалмай жалп етіп құлады да, қайтып бас көтере
алмады, шыбын жаны шырқырап өтіріктің өртіне түсіп өртенген жігітке көмекке келмеді.
Шындықтың оп-оңай жеңіліп қалатынын тұңғыш рет көрген ол өзіне өзі келе алмай үлкен үйдің
алдында мең-зең болып, желмен желбіреген көкшіл түсті белдеу жолағы бар қызыл Туға қарап,
ұзақ тұрған. Қызметтен, абыройдан жұрдай болып, өткен істің байыбына бара алмай есеңгіреген
Аяған түс ауа Татарка деп аталатын жердегі пəтеріне келген. Сұлап түсіп, сұлқ жатқан жан-
жақтан анталап келіп азу тісін аяусыз батырған ашқарақ ой-уайымның талауына түсіп
қалжыраған жігіт дəл сол күні біржола жеңілгенін, адаммен емес, заманмен жағаласып
құлағанын білген жоқ еді. Ұлы Шындықты табатындығына имандай сенген Аяған біраз есікті
тоздырғанмен ісінен нəтиже шықпады. Жала жабылып, ісі тергеуге берілмесе Ұлы Шындықты
іздеуден жалықпас еді.
Қияқтай мұрты бар, көзі күліп тұратын, күліп сөйлейтін жігіт Аяғанның соңына шам алып түсті,
қайта-қайта тəртіп сақтау бөліміне шақырып, əбден ығыр қылды. Əлдекімдердің арызын
көлденеңдетіп, Аяғанның бір басына дүние пəленің барлығын үйіп-төгіп, зықысын шығарды.
– Бəлен уақытта бəленнен пара алыпсыз. Сол рас па?– дейді күйле сөйлеп. Аяған шындығын
дəлелдей алмай шыр-пыр болып, ызадан жарылып кете жаздайды. Кейде өзін-өзі ұстай алмай
айқайға басады.
– Азамат, айқайламаңыз, саңырау емеспіз,– дейді тергеуші күле сөйлеп. Ашуға булыққан Аяған
қалшылдап, біраз уақытқа дейін өзіне-өзі келе алмайды. Тергеуші күліп отырып жүйке
жұқартар сұрақтарын көбейте береді.
– Ондай адамды білмеймін. Жала, жала!– деп айқайлайды Аяған. Тергеуші күліп отырып
тыңдайды, сонан соң сол тақылеттес сұрағын қайта қояды.
Екеуінің арасындағы əңгіме біразға созылғанмен тіл табысып, мəмлеге келе алмады. Ештеңе
шығара алмайтындығына көзі жеткендіктен бе істі басқа адамға тапсырып, күлегеш жігіт
жайына кетті.
Екінші тергеуші жаттап алғандай тақылдап сөйлейтін, ақи көз қара жігіт екен. Қымс етсе
айқайға басады. Ол да бұрынғы тергеушінің сұрақтарын қайталады. Аяған бастапқыдағыдай
күйіп-пісіп, шыжбалақтаған жоқ, өзін сабырлы ұстады. Тергеушінің бірде-бір сұрағына жауап
бермей, əнтек езу тартып, отырады да қояды. Келе-келе тергеушінің өзін мазақтайтын əдет


тапқан.
– Көзіңді құртамын!– деп тепсінеді тергеуші.
– Қолыңнан келмейді,– деп күледі Аяған. Тергеуші бөлмеге сыймай, орнынан тұрып, əрі-бері
жүріп кетеді. Апыл-ғұпыл қағаздарын жинап алып, шыға жөнеледі. Сондай сабырсыз адамның
қалай тергеуші болып жүргеніне Аяған қайран қалады. “Қылмысын” мойнына қоя
алмағандықтан екі күннен кейін Аяғанды босатып жіберді. Өзіне жасалар шабуылдың мұнымен
бітпесін іші сезді. Дəл осындай талай спектакльдің боларына шүбəсі жоқ еді.
Қарын сипап, қарап жататындай бай емес, артында тіреп тұрған ешкімі жоқ саяқ жігіт. Жалғыз
інісі Ауған соғысында мерт болды. Əке-шеше жалғыз ұлдың тілеуін тілеп отырған кəрі-құртаң
адамдар. Азын-аулақ пенсиясын жалғыз ұлға деп үнемдейді. Қалада пəтерде тұрып, үш бірдей
баланы асыраудың оңайға түспесін Аяған əлдеқашан білген. Келіншегі сырқат. Екі күннің
бірінде басын көтере алмай, көкпеңбек болып, ерні кезеріп жатып қалады бейшара. Жылына
екі-үш рет ауруханада жатып, “жыртығын” жамап, емделі шықпаса, жұмысқа мүлде жарамайды.
Ауруханаға жатты деген аты ғана, үш ботасын ойлап, берекесі қашады, қашан болсын
уақытынан ерте шығып кетеді. Ауруханадан кейін санаторийге бару керек қой. Оған жағдайы
жоқ. Үйелмелі үш баланы күйеуіне бақтырып, қара басының қамын күйттеп, кетіп қалу
Əсемдей қазақ əйеліне жат қылық. Барамын десе жолдама да, қаржы да табылар еді. Көп жыл
Аяғанның кандидаттық диссертацияына алаңдады. Денсаулығының нашарлығына қарамай бір
үйдің бар ауыртпалығын өзі көтерді, Аяғаным еңбегін жазып, сəтті қорғап шықса деп тіледі.
Көңілінде кіршік жоқ келіншектің тілегі жаратқанның құлағына жетпеді ме, Аяғанның еңбегі
жанбады. Ғылыми жетекшісі Алдияр Ақпанұлы пиғылы жат, қауіпті адам ретінде қудаланды да,
Аяған қосақ арасында кетті. Бұл жағдай Əсемге қатты батты.
Содан бері де талай заман өтті. Аяған басқа тақырып алып, екі-үш жыл əурелеп, əйтеуір қорғап
шықты. Қорғағаны бар болсын, ақыры міне, жұмыссыз қалды.
Жұмыссыз жүргені жарына қаттырақ бататын сияқты, түні бойы қиналып, кірпік ілмей шығады
бейшара. Кейде дауыс шығармай егіліп жылайды. Онысын Аяғанға сездірмеуге тырысады. Бұл
оның жылағанын шынымен сезбеген, білмеген болып, өтірік ұйықтап жатады. Осындай сəтте
кімге тиісерін, өшін кімнен аларын білмей ішін ит тырнағандай қиналып, əбден аласұрады.
Тұла бойын тер жауып, күйініштен бармағын шайнап, қимыл-қыбырсыз жатады.
Дəрменсіздігіне күйініп, ызаға булығады, көзіне жас іркіледі.
Шындық іздеп, біраз сенделген Аяған ең соңында барар жер, басар тауы қалмай мынау жарық
дүниенің жақсылығынан біржола күдерін үзген. Қызыл қарын жас балаларының қамын ойлап,
құрылысқп жұмысқа тұрғанына да көп бла қойған жоқ. “Құрылысқа жұмысқа тұрсаң тезірек үй
аласың” деп ақыл қосты біреулер.
“Менің кім екенімді бұлар қайдан білсін” деп жүрген. Анау күні түскі тамақтан келіп, дем алып
отырған.
– Əй, профессор, сен мұнда кімнің тапсырмасымен келдің?– деп ежірейді, сақал-мұрты сапсиып
өсіп кеткен көк көз сары. Аяған түсінбей қалып, көк көз сарыға бұрылған, ол жек көріп, жауыға
қарап отыр екен, қолында кірпіш. Оған ұзақ қарауға Аяғанның дəті шыдамады, сасқанынан
жымиып күлді. Көк көз сары қолындағы кірпішін жіберіп ұратындай бойын сұрапыл үрей


биледі.
– Профессор, қатының басыңды іздеп, зар жылап жүрмесін,– деп мырс-мырс күлді əлгі, сосын
қолындағы темекінің тұқылын Аяғанға туралап шертіп жіберді. – Сенің басың – доп.
– Адамның басы – алланың добы,– деп қостады оны қияқтай мұрты бар қара жігіт. Үнемі
жалаңаш жүретіндіктен денесі күнге күйген, какао түстеніп кеткен. Екі иығына, кеудесіне
қыздардың суретін салған. Оң жақ бетінше ұзынша тыртығы бар. Аяған оны жаңа көргендей таң
қала қарады. Бір аптаның ішінде бірге жүрген еңбектес жолдастарына сəп салып қарап та
үлгермепті. Байқап отырса, бригада да əртүрлі адамдар көп екен. Кейбірінің сөздері кесек, əрі
қисық. Аты-жөніңді сұрамай жатып “басыңды қағып тастаймын” деп қоқан-лоқы көрсетеді.
– Келесі айда премия ала алмасақ бұл дүниемен қоштаса бер, профессор,– деді көккөз сары.
– Денеңді Боралдай жақтағы свалкадан тауып алады, ал басыңды мөшекке салып, үйіңнің
алдына апарып тастаймыз,– деп қарқ-қарқ күлді бетінің тыртығы бар жігіт.
Осымен əңгіме біткен. Тамақтанып келіп, демалып отырғандардың бірде-біреуі ауыз ашпады,
Аяған əркімнің бетіне жаутаңдай қарап, үн-түнсіз отырып қалды.
Сол күні тұла бойын əлсіз діріл билеп, кеудесіне үрей ұялап, азапқа түскен. Көккөз сары ту
сыртынан келіп, кірпішпен басынан ұрып, өлтіріп кететіндей əр сəт сайын селк ете түсіп,
жүрегі торға түскен торғайдай тыпырлағаны есінде. Аяғанға сол күні əртүрлі ой келген. Өзіне
жөнсіз тиіскен көккөз сары мен бетінде тыртығы бар жігіт Жақияның адамы тəрізденген. “Біреу
азғырып, айдап салмаса бұлардың менде несі бар?” деп күдіктенген.
Ұзын бойлы, түбіт мұртты жігіт екеуі бірге қайтқан. “Əлгі екеуінің қосып жіберген адамы
шығар”,– деп, Аяған одан да қауіптенген. Оны адастырып кету үшін жолай автобустан түсіп
қалған. Бейтаныс жігіттен құтылғанына іштей қуанып, келесі автобусты күтіп тұрған,
əлденуақыттан кейін əлдекім иығынан түрткендей болды, қараса – сол, жымиып күліп тұр.
Аяғанның жүрегін шым еткізіп үрей шағып алды. “Мынаны менің ізіме салып қойғандар осы
маңайда жүрген жоқ па” деген күдікпен мойнын созып, жан-жағын тінтіп шықты.
– Менің атым Асылхан болады, аға,– деп жігіт қолын ұсынды. – Мені ұмытып қалған шығарсыз.
Алдыңызға барған абитуриенттердің қайсыбірі есіңізде тұрсын.
Аяған оған сескене қарады. Мына жігіттің əдейі жолын тосып жүргеніне күмəні қалмады.
“Оқуға түсе алмаған бала болды бұл”,– деп ойлады. Көңіліне күдік шауып, балаң жігіттің екі
қолына көз тастады.
– Сен мені басқамен шатастырып тұрсың, жігітім,– деді Аяған қабақ шытып.
– Шатастырған жоқпын, Аяған аға. Мен сізді сыртыңыздан өте жақсы білемін,– деп жылы
жымиған. – Тарих факультетінде менің досым оқиды. Сіздің жағдайыңызды сол жігіттен
естідім.
– Ол кім?
– Алмас Байсалов.


– А-а-а...
– Сіз маған ренжімеңіз, аға. Геркулес пен Арабқа сіздің кім екеніңізді айтқан мен едім. Ал олар
басқаша ойлап қалыпты,– деп, қысыла күлімсіреді Асылхан. Манадан бері кеудесін күдік
құрсаулап, жігіттен қалац құтыларын білмей тұрған Аяған оның жүзіне сəп салып, барлай
қарады. Жігіт шын айтып тұрған сияқты, əбес қылығына қысылғандының белгісіндей бетінің
ұшына қызғылт бояу жұғыпты.
– Олар мені тексеруші дей ме?
– Иə, аға,– деп күлді Асылхан. – Істелінбеген жұмыс үшін ақша алады олар. Жəне өздері күні
бойы шөп басын сындырмайды. Олар қауіпті. Былтыр бір прораб солармен ұстасамын деп
жоғалып кетіпті. Бір жылдан кейін марқұмның денесін көшет отырғызып жүрген оқушылар
Қапшағай жақтан тауып алыпты.
Аяған үндемеді. Тіксініп қалғанмен, сыр бермеді. Асылханға қарап, əнтек езу тартты да, қолын
ұсынды.
– Сіз жасымаңыз, аға, – деді Асылхан оның қолын қысып тұрып. – Мұның барлығы уақытша
қиындық.
Аяған жаңа көргендей жас жігіттің еш есебі, қулығы жоқ тұнық көзіне сəп салып қарап, жеңіл
күрсінді. Соның арасынша автобус келіп қалған.
Одан бері біраз күн өткен. Аяған алғашқы күндері бөтен адамдай ешкімге жанаса алмай, шеттеп
жүретін, Асылханның арқасында көпшілігімен танысып үлгерді. Геркулес пен Араб қоқан-лоқы
көрсетіп, ауызға келген сөзді лақ еткізіп құса салмайтын болған. Соңғы уақтта екеуі де
көрінбейді, қайда жүргенін, қайда кеткенін ешкім білмейді. Тіпті оларды іздеп жатқан да тірі
пенде жоқ.
“Адам үш күннен соң көрге де үйренеді” деген сөз рас екен. Аяған жаңа ортаға үйрене бастады,
ауылдан келген жастармен көптен бері бірге жүргендей сезінеді өзін. Олар да мұның қабағына
қарап, алдынан қия өтпей “ағалап” сыйлап тұрады. Аяғанның тарихын барлығы білетіндей, оған
ерекше қошемет көрсетіп, құрақ ұшып жүреді.
Жексенбі күні Аяған таңертеңнен кешке дейін кітапханада отырды. “Мені ешкім тарих
ғылымынан қуа алмайды. Халықтың болашағы үшін құрбан болғандар туралы бəрібір кітап
жазамын”,– деген ой, өршіл намыс алты күн бойы қара жұмыс істеп, қалжырап шаршап жүрген
Аяғанды орталық кітапханаға сүйрейді. Ескіріп, сарғайып кеткен көне кітаптар мен
қолжазбалардың иісі танауын қытықтаған сəтте ол шаршағанын мүлде ұмытады, тарих атты
шыңыраудың түпсіз тереңіне шым батып кетеді.
Өзі сүйген кəсібінен адам баласы басына қандай қиын жағдай туса да безе алмайды екен. Аяған
осыны ұқты.
– Ассалаумағалейкөм!
Ой түкпірін ақтарып, бейқам тұрған Аяған оқыс шыққан үннен селк етіп, жалт қараған. Қолын


ұсынып, өзіне қарай ұмтылып келе жатқан Асылханды қаракөлеңкеде танымай қалды.
– Ой, сен қайдан жүрсің?
– Кітапханада отырдым.
– Дұрыс екен,– деді Аяған көңілін тұсап тастаған көп ойдан əрең арылып. – Жаңбыр күшеймей
тұрып үйге жетіп алайық. Айтпақшы, жақын маңайда почта жəшігі бар ма?
– Əне, о-о-н-оу жерде... Маған беріңіз. Мен-ақ тастай салайын.
– Жо-жоқ!– деді Аяған абыржып. – Əуре болма, өзім-ақ... Ал жақсы...
Асылханнан тезірек құтылуға асықты. Күні бойы отырып қайта-қайта жазған хатын Асылхан
біліп қоярдай қуыстанып, мазасы қашты. Жігіттің қолын қысып қоштасты да, жебей басып,
ілгері кетті. Жолай почта жəшігіне Орталық партия комитетіне, Брежневтің өз атына жазған
хатын саларда көңілі қатты қобалжыды, ойына əрқилы күдік шапты. “Мейлі, не де болса
бағымнан көрейін. Солар қол ұшын бермесе мұнда көмектесер пенде қалмады” деп өзін-өзі
қайрады. Сан рет өңдеп, сан мəрте қайта көшірген арызын жəшікке тастаған соң бойы жеңілдеп,
кеудесіне үміт сəулесі себездеп, көз ұшында бейнесі бұлдырап көрінген Абай атасына қарсы
жүрді.
Ленин даңғылына дейін жаяу келіп, көкбазарға баратын автобусқа отырды. Көкбазардың
түбіндегі аялдамада ұзақ тұрды, Татар слободкасына баратын екі автобус жуық арада келе
қоймады. “Жер аяғы алыс емес, жаяу тартып кетсем бе екен” деп ойлады, бірақ тəуекелге
батылы бармады. Түнде бұралқы иттердей көше кезіп, жемтік іздеп, жалғыз жарым адамға
шабуыл жасап, ұрып немесе өлтіріп кететін тасжүректер қалада көп. Ондайлар əсіресе қаланың
шет жақтарында, көзден таса көшелерде көп жүреді деп естиді. Жұрт Татарка деп атайтын
аудан төбелеспен, əртүрлі жанжалмен аты шыққан. Күндіздің өзінде бөтенге алакөзбен ата
қарап, ілінісерге ілік ізеп тұратын жасөспірімдер түнде бейсеует пендені ол маңайға
жолатпайтынын Аяған жақсы біледі. Əртүрлі алыпқашты əңгімелерді көп айтатын Əсемнің дəл
қазір қандай күйде отырғанын Аяғанның іші сезеді. Күйеуі кешіксе шыбын жанын шүперекке
түйіп, байыз тауып отыра алмайды бейшара. Кейде өңі боп-боз болып, күйеуін аялдамада күтіп
тұрады. Осындайда Аяғанның жүрегі езіліп, Əсемді соншалық аяп кетеді.
– Жаным-ау, балалардың жанында отыра бермедің бе,– дейді Аяған оны құшақтап.
– Сен кешіксең үйге сыймай кетемін,– дейді келіншегі мұның қолынан айрылып қалардай
мықтап ұстап.
Əсемнің мінезі жібек, жаны жұмсақ. Аяған дегенде шығарда ғана жаны басқа. Аяғаны үшін
ештеңеден қайтпайды, шырылдап барып отқа түсіп кетуден де тайынбайды. Сүйретіліп жүріп-
ақ үйдің шаруасын тап-тұйнақтай етіп тындырып қояды.
– Өзің ауырып жүрсің, тыныш жатсаңшы, мен-ақ істеймін ғой,– дейді Аяған реніш білдіріп.
– Сен шаршап жүрсің ғой,– дейді күлімсіреп.
Аяған оны құшағына алып, маңдайынан сүйеді. Осы кезде үйелмелі-сүйелмелі үш бала у-шу


болып келіп, құшақтасып тұрған əке мен шешенің аяқтарына жармасады. Бұл ерлі-зайыпты
екеуінің ең бір бақытты сəті.
Əбден кешігіп келген он төртінші автобуспен “Татарка” деп аталатын аялдамаға жетіп, Қазан
көшесімен пəтеріне қарай асығыс адымдады. Киіз-байпақ фабрикасының жанынан өте бергенде
көшенің екі қапталынан төрт адам шығып, жігіттің жолын кесті. Бір қауіптің төнгенін қу жүрек
сезіп, дүрсілдеп ала жөнелді. Аяған кілт тоқтап, кейін қашпақ болып жалт бұрылған. Шегінер
жолы да жабық екен, еңкиген екі дəу жігіт тұр. Бұлардың кездейсоқ адамдар емес, əдейі жолын
торып жүргендер екенін ол бірден түсінді. Айқайлап, адамдарды көмекке шақыруға намыс
құрғыр жібермеді. Қысылшаңда не істерін білмей сасқалақтаған Аяған жандалбасалап
фабриканың есігіне қарай ұмтылды. Алдынан шыққан біреуін қағып құлатты, екіншісі шалып
жіберді, Аяған ұзынынан түсті. Қайтып тұруға мұршасын келтірмей жүгіріп жеткен бейтаныс
біреулер тепкінің астына алды. Ол басын қорғаштап, бүк түсіп жатты. Əлдекім шашынан уыстап
ұстап, басын көтерді, қоршап тұрғандар былшылдатып бетінен тебе бастады. Аяған жанталасып
бақты, біреуінің аяғынан шап беріп ұстап, бұрап жіберді, əлгі жалпасынан құлады. Осы кезде
біреуі оң жақ бүйірінен оңдырмай тепті, манадан бері намысқа тырысып, тістеніп жатқан
Аяғанның дауысы шығып кетті. Қанына қарайып, қызынып алған əумесер топ “əй, осы өліп
қалады-ау” дейтін емес, былш-былш тебеді, біреуі кіжініп жүр.
– Аямаңдар иттің күшігін! Қарны тойса құдайын ұмытып кетеді мұндайлар.
Енді артын қысып жүреді.
– А-а-а!..
Аяған бар күшін жинап алып, айқай салды. Жақын маңайдан əлдекімдердің дауысы естілген
тəрізді. Арашаға бірде біреуінің батылы бармады бірақ.
– Люди-и, по-о-м-огите-е,– деді Аяған қырылдап. Кенет Аяғанның құлағына ту-у алыстан
əйелдің шыңғырған ащы дауысы шалынды. Ол Əсемнің дауысын таныды.
– Ə-ə-с-е-е-м!..
Əлсіз айқайды ешкім естіген жоқ. Өзін аяусыз тепкілеген топ жақындап келіп тоқтаған
“волгага” қарай жүгірді. Осылай жата берсе “волганың” астында қалатынын білді. Ақтық күшін
жинап, бір аунады, екі аунады, үшінші рет аунағанда жол жиегіндегі арыққа түсті. Сол екі арада
“волга” дəл жанынан өте шықты. Əл дəрмені құрыған Аяған əрең деп орнынан тұрған сəтте
жүгіріп Əсем келді.
– Аяған! Не болды саған?
Келіншек жығылып қалардай теңселіп тұрған күйеуін құшақтай алып, еңіреп жылап жіберді.
Оған қосылып, Аяған егілді. Жолын торыған топтың кім екенін білмесе де, кімнің жібергенін
ойланбай тапты. Жақияның аямасқа бекінгенін түсініп, көңілін қорқыныш құрсаулады. Əлгі
топтың əлі талай мəрте жолын торыйтындығына, ешқашан аямайтындығына Аяғанның еш
күмəні жоқ еді. Өзінің жалғыздығы есіне түсіп, онан сайын егілді.
Ерлі-зайыпты екеуі біріне-бірі сүйеніп, пəтерлеріне келді. Жарыққа келгеннен кейін күйеуінің


түрін көріп, Əсем шошып кетті. Беті күп болып ісіпті, кішкентай мұрнының тесігі ғана
қалыпты, екі көзінің асты көкпеңбек. Мұрнынан аққан қан омырауын былғапты.
Əсем шыдай алмай егіліп қоя берді. Абырой болғанда балалар ұйықтап қалыпты.
– Жылама, балалар оянып кетеді.
Əсем көз жасын тия алмады. Қатты шошып қалған ба, жылы үйге кіргеніне біраз уақыт болса да,
тісі тісіне тимей қалшылдап, екі қолы еркіне бағынбай дірілдеді.
– Əдейі жолыңды тосып жүрген ғой. Қарақшылар!– деп Əсем көз жасын сығып-сығып алды.
Сөйлеп жүріп мұздатқыштан мұз сындырып Аяғанның қолына ұстатты. – Олар ешкімді
аямайды. Ұстаспа дедім солармен. Сен жалғызсың ғой, Аяған-ау. Олар көп, тіпті көп...
– Олардың көп екенін білемін. Бірақ шындық менің жағымда,– деп жұбатты жігіт өзін өзі.
– Шындық жоқ, Аяған. Ол бар болса сені ақиқатты айттың деп қудалай ма? Министрлікке
бірнеше рет бардың, саған кім ара түсті? Ақиқат та адам таңдайды. Ол күштінің жағында
əрқашан,– деді Əсем шай демдеп жүріп. Аяған ойланып қалды. Əсемнің сөзінің жаны бар.
Шындықты айтамын деп басы шатаққа ілінді. Араша сұрап, министрге дейін барды, “сенікі
дұрыс” деген пенде табылмады. Аяғанның көзі жеткен шындық – жоғары жақта қызмет
істейтіндер бір-бірімен жең ұшынан жалғасып жатады екен. Сыбайластар бір-бірін ешқашан
жығып бермейді. Бірін-бірі қолдайды, қорғайды.
– Үлкен бастықтың қызын құлатып нең бар еді, Аяған-ау,– деді əлденуақыттан соң Əсем күйіне
дауыстап.
– Кім екені маңдайында жазулы тұрған жоқ оның, деп дүңк ете түсті жігіт. Қапелімде қате
айтқанын түсініп, сөзін түзеді. – Мүлде ештеңе білмейтін балаға бес қоя алмаймын. Мемлекет
басшысының баласы болса да...
– Əкесі колхозшы болса білер еді ол қар,– деп келіншек көз жасын сығып-сығып алды. – Оған
бағаны басқалар қойды. Соның соңына түсіп нең бар еді?!
– Арым – жанымның садақасы. Қылмысты көзіммен көріп тұрып қалай үндемей қалайын.
Шыдамадым, айттым.
– Оларды ешкім де жеңе алмайды. Құрып кетсінші бəрі!.. Басымыз аманда ауылға көшейік.
– Қара аспанды төндірме. Олар Кеңес үкіметінен күшті емес,– деді Аяған ширығып. Орнынан
тұрып барып, бір кесе суық суды демалмай ішті.
– Қорқамын, Аяған. Қорқамын олардан. Сені қорғайтын ешкім жоқ. Тыныш жүрші, жаным,–
деді келіншек жалынышты үнмен. Тізерлеп отыра қалып, күйеуінің аяғын құшақтай алды. Сен
кешіксең шыбын жаным шырқырап, үйге сыймай кетемін. Атағның да, шатағының да керегі
жоқ. Көшейікші ауылға...
– Тұра ғой,– деді жігіт жұмсақ сөйлеп. Келіншегін шашынан сипап, қолтығынан көтеріп
тұрғызды да, көзінен сүйді. – Мені заң қорғайды. Кеңес үкіметінің заңы кінəсіз адамды


жəбірлемейді.
– Соқырдың тілегені екі көзі дейді. Маған сенің амандығың керек, Аяған. – Бүрісіп күйеуінің
қолтығына тығыла түсті. – Біздің сенен басқа кіміміз бар? Бізді аясаң тілімді алшы, жарығым.
Атам мен апамның жанына барайықшы.
– Ту-у көз жасың дайын тұрады екен. – Алақанымен келіншегінің көз жасын сүртті. Сонан соң
қапсыра құшақтап, маңдайынан, екі көзінен жұмсақ сүйді. – Шаршадым, демалайықшы.
– Тамақ дайын тұр.
– Тəбетім жоқ.
Үлкен баласын құшақтап жатқан Аяғанның көзі іліне қоймады. Кеңсірігі бұзылған ба, ауырып
жанын көзіне көрсетті. Екі бүйірі ашып ауырады, “бүйрегіме зақым келді-ау” деп уайымдады.
Қабырғаларына қол тигізбейді. Бас сүйегі шытынаған болар, сəл қозғалса, жарылып кете жаздап
ауырады. Жаны қатты қиналғанмен астыңғы ернін тістеп алып, қимыл-қыбырсыз жатыр.
Əсемнің ұйықтай қоймағанын сезеді, мұның қиналып жатқанын білсе жетіп келеді.
“Əлгілер кімдер екен?” Осы сұрақ Аяғанның көңілін күпті етті, кеңірдегіне көлденең тұрып
қалған сүйектей берекесін қашырды. Ойы сан-саққа жүгірді. “Геркулес пен Араб емес пе екен”
деген бір күдік кесекөлденеңдеп, ойқастап жолын бөгеді. Оларға жасаған жаманшылығы жоқ,
ендеше қарап жүрген адамда не əкелерінің құны бар?! Анық білгені – жолын тосып, жабылып
тепкінің астына алғанның бəрі қазақ. Құдай біледі, əлгілердің түрін көрсе талайын таныр еді.
Олардың Жақияның азғыруымен келгендігіне Аяғанның бір мысқал күмəні қалмады. Оның
мұндайдың əлі талайын ұйымдастыратындығына жəне шəгі жоқ. Оның өте кекшіл екенін біледі.
Жақиямен ұстасқан адамның оңғанын көрген емес, “құдайдан басқадан қорықпаймын” деп
кеуде қаққан талай мықтының омақаса құлағанын өз көзімен көрген. “Айласыздың батыры айға
шауыпты” деген осы. Сондай жойқын күшке қарсы шыққанға кім сенеді? Құдіреті күшті кімі
бар? Байпағынан басқа сүйенері жоқ бейшара алапат тасқынды тоқтатамын деп досқа күлкі,
дұшпанға таба болды ақыры. Қарсыласқан талайдың тағдыры бүлінген. Жең ұшынан жалғасу,
тамыр-таныстық, пара беру арқылы мақсатқа жету ат төбеліндей ғана аздың ісі емес екенін
Аяған білмей жаза басқан жоқ. Бұл дерт. Дерт болғанда да заманның дерті екенін баяғыда-ақ
зерделеген. Қауқарға қат, сүйенері жоқ саяқ жүрген Аяған түгіл аузын айға білеген талай
мықты заманның тегеурініне шыдамай мұрттай ұшқан. Солардың бірде біреуі қайтып оңала
алмады, көзден тасаланған соң-ақ көңілден ұмыт болды, қайда жүргенін ешкім білмейді, ешкім
іздемейді де. Олардың жанында Аяған кім, тəйірі!? Бір факультеттің деканының бір
сілкігенінен қалмай мұрттай ұшты. Жақияның айтқаны өтіп, атқаны жетіп тұр. Аяған сияқты
байпағынан басқа сүйенері жоқ саяқтарды ол əрі итеріп, бері жыға салады. Оның сиынғанынан
сүйенгені мықты. Аяған қайда барып, кімге шағынса да Жақияның жағасын жыртуға шамасы
келмейді. Бəрі соны қорғап, соны қолдайды. Шындықтың ордасы деп барған Үлкен үйден де
əділет таппады. Ондағылар да Жақияға шаң жуытпайды мүлде. Əділдік іздеп барған мұның өзін
сөгіп, біраз ұялтты.
– Бізді ерігіп, ермек іздеп отырады деп ойлайсыздар ма? Нанымды деректеріңіз жоқ, сіздікі бос
бопса,– деп қызына сөйледі аласа бойлы божбиған сары жігіт. – Сонан соң Ғалиева Сəулеге екі
қойғызған сіз бе?


Аяған əңгіменің қайда келіп тірелгенін, бұл үйден қандай “олжамен” шығарын бірден ұқты.
Мынаның алдында ақталып абырой таппасын жəне білді.
– Иə, мен.
– Ол Орталық комитеттің бөлім бастығының қызы болғандықтан оқуға түспеуге тиіс пе?
– Ол бала мүлде сауатсыз,– деді Аяған түсін суытып. Кім болсаң да сенімен белдесуден
қашпаймын дегендей сыңай танытты. Сөйте тұра үлкен шаңырақтың мысы басқан болу керек,
жоса-жоса болып терледі.
– Кстати,– деді бөлім қызметкері мысқылдай күліп. Аяғанға көзінің құйрығымен менсінбей
қарады. – Сіздің институтта сауатсыз оқытушылар көп. Аттестация жүргізіп, тазалау керек. Сіз
бұған қарсы емессіз бе?
– Маған бəрібір.
– Міне, міне! – деп қуана дауыстады бөлім қызметкері. – Сіз шын сөзіңізді енді айттыңыз. Сізге
бəрібір. Екі сөздің басын қосып сөйлей алмайтын сауатсыз адам университетте сабақ берсе де
Сізге бəрібір. Институтты зордың күшімен əрең бітірген əлдекім ректор немесе министр болып
отырса да көз жұмып жүре бересіз. Өйткені Сізге бəрібір. Себебі – Сіздің социалистік қоғамға
жаныңыз ашымайды. Ал қара басыңыздың шаруасына келгенде шыбын жаныңыз шырқырап,
жұрттың бəрін қаралап, шауып келесіз.
– Мен қара басымның шаруасымен келгемін жоқ Сізге,– деп Аяған дауысын көтере сөйледі.
Бөлім қызметкері орындыққа шалқалай жатып, шала жұмылған көзінің құйрығымен Аяғанға
менсінбей қарап, əнтек езу тартты.
– Себебі – сіздер жеке бастың мүддесін қоғамдық мүддеден жоғары қоясыздар. Сіздер қара
бастың қамынан басқа ештеңе ойламайсыздар. Сол себепті де кіп-кішкентай, түкке тұрмайтын
шаруаны үлкен мəселеге айналдырып, даңғаза көтеріп, жұртты дүрліктерсіздер.
– Мен мұнда шындық іздеп келдім,– деді Аяған қабақ шытып, дауысын қатайтып. Бөлім
қызметкерінің зекіріп, кінəлай сөйлегеніне намыстанып, кеудесіне ашу тығылды. – Қабылдау
емтиханында көп заңсыздықтар жасалды. Сіз айтқан Ғалиева Сəуленің екісі беске түзетіліп,
оқуға түсті.
– Ғалиев жолдастың үкімет пен партияға бір кісідей еңбегі сіңген Сол үшін де оның қызын
оқытуға біз міндеттіміз. Сол-а-й, жолдас,– деді бөлім қызметкері. Соңғы сөзін нықтап, салмақ
салып, ызбармен айтты. – Сіз арыз айтып келеді екен деп халықтың сыйлы адамының жағасына
жармаса алмаймыз. Ол халықтың мақтанышы.
– Мен Ғалиевтің үстінен арыз айтып келгемін жоқ. Мен сізге шындықты айтқаным үшін жапа
шеккенімді айтып отырмын. – Қайта-қайта көзіне құйылып, бетін жапқан тер əбден ығыр
қылды. Қол орамалы сығып алардай су болды. – Мен мұнда біреуді ғайбаттау үшін емес, араша
сұрап келіп отырмын. Сонда сізге қандай көмек керек? Бəлкім, ректор болғыңыз келетін
шығар,– деп Аяғанның жүзіне тесіле қарады. Езуіне жымысқы күлкі ілінді. Ол үйреншікті
əдетімен мойныны ішіне алып, креслоға шалқалап жатты да, көзін шала жұмды.


– Мен қызметсіз қалдым. Бұрынғы қызметіме қайта орналасуыма көмектесіңіздер,– деді Аяған
дауысы дірілдеп. Бөлім қызметкері қалғып бара жатып шошып оянған адамдай шала жұмылған
көзін ашып алып, Аяғанға бажайлай қарады. – Егер мəселемді дұрыс шешіп бермесеңіз
ізденемін.
– Ерік өзіңізде. Жолыңыз ашық. Ал қызмет жағына келетін болсақ, бұл тікелей ректордың
жұмысы. Ол кісінің билігіне қол сұға алмаймыз,– деп орнынан тұрып, қолын созған. Бірақ
қолын Аяған ұстар ұстамастан қайтып тартып алды. Маңдай терін сүрте-сүрте алақанының
былжырап, суланып тұрғанына Аяған қатты қысылды. Сол жолы айтатын сөзі, ақтаратын сыры
көп-ақ еді, бөлім қызметкерінің ниетін таныған соң үндемей шығып жүре берген.
Бармаған жері қалмаған да шығар. Барлық жоқ үлкен үйге келіп тіреледі екен. Мойнына су
кетіп, өзі қызына екі қойдырған Ғалиевтің алдына барды. Қабылдау бөлмесінде отырып-отырып,
кіруге батылы бармай үйіне қайтты. Екінші рет тағы да ат ізін салған. Бұл жолы Орталық
комитеттің идеологиялық жұмыс жөніндегі хатшысының қабылдауына жазылды. Хатшыға кіру
үшін бір ай тосу керек екен. Аяған осы өмірінде мұндай таң қалмас. “Бір ай ішінде хатшының
қабылдауына жазылған адамның жіпке ілініп тұрған тағдыры үзіліп түсіп, тас-талқаны шығуы
да мүмкін-ау” деп ойлады ол сыртқа шығып бара жатып. Шыдамасқа амалы қане. Мойнына су
кетіп, сүметіліп үйіне жеткен. Сең соққан балықтай басы мəңгіріп, мең-зең күйге түсіп, екі-үш
күн сенделіп жүрді, сонан соң бала-шағасын ашықтырмас үшін жұмысқа кірген. Тапқан олжасы
міне, беті-басы күп болып ісіп, еркін демалуға шамасы келмей, кескен томардай болып орнынан
қозғала алмай жатысы мынау. Хатшыны əлі жиырма күн күтуі керек. Оған дейін Жақия қарап
жата ма? Аяғанның хатшыға кірмек болып, тізіміне жазылғанын ол əрине естіген. Естімесе
жолын торып, соққыға жыға ма? Пиғылы жаман оның. Құлындағы дауысы шығып, шырылдап
Əсем жүгірмегенде ол төбелестің немен бітері бір құдайға аян. Оңдырмай тепкіледі оңбағандар.
Қылдан тайсаң көретінің осы деп доқ көрсетіп кетті. Ол нəлеттер ертеңгі күні балаларына
қиянат жасап жүрсе қайтпек? Шығады олардан ондай жауыздық, шығады...
Аяғанның жүрегін үрей қысып, тұла бойын діріл биледі. Демалысы жиілеп, алқына бастады,
қабырғалары сөгіліп кетердей жаны қиналды. Көкірегі қол тигізбей ауырады.
Қозғалмай шалқасынан ұзақ жатқандықтан ба, арқасы ауыра бастаған соң оң қырына аунаған,
қабырғалары қақырап кетердей жаны мұрнының ұшына келді. Аяғанның дауысы шығып кетті.
Екі кішкентайының жанында бүрісіп жатқан Əсем ұйықтамапты, күйеуінің қинала шыққан
дауысын естіп, басын жастықтан жұлып алды. Аяған астыңғы ерінін тістеп, тым-тырыс тына
қалды. Əсем орнынан тұрып, шам жақты.
– Дəрігер шақырайын,– деді келіншек киініп жатып.
– Шақырма, керегі жоқ.
– Шыдай алмай жатырсың ғой тегі.
– Жеті түнде далаға қалай шығасың?
– Жүгіріп барып келемін.
– Жоқ, барма,– деді жігіт қинала дауыстап. – Маған бір кесе су берші.


Су ішіп, басын биіктетіп, қайта қисайды. Əсем тоңазытқыштан мұз сындырып, ақ дəкеге орап,
күйеуіне ұстатты.
– Сен ұйықта. Күні бойы балалар шаршатқан шығар,– деді Аяған күлімсіреп.
– Ұйқым келмейді.
Əсем күйеуінің жанына келіп, екі тізесін құшақтап отырды. Аяған оның жүзіне назар тоқтатты,
екі көзі шүңірейіп жүдеп кетіпті. Бейшара бұрын да етжеңді емес еді, үшінші баладан кейін
мүлде жүдеп, содан қайтып оңала алмай қойды. Аяқ-қолы шидей шілмиіп, жүргенде үзіліп кете
жаздайды. Денсаулығының нашарлығына қарамай бекер отырмайды, бозала таңнан қызыл іңірге
дейін тыпырлап жүре беретін жансебіл.
Аяған келіншегінің дəл қазір де ауырып отырғанын сезді, өңі бозарып, қабағы шытылып кеткен,
астыңғы ернін тістеп алыпты.
– Əсем саған не болды?
Келіншек қинала езу тартып, бас шайқады. Оның жағдайын білетін жігіт денесінің қан қақсап
ауырып жатқанына қарамай орнынан тұрып барып, құтыдан валидол əкеліп, келіншегінің
аузына салды. Қолтығынан демеп, төсегіне жатқызды.
– Қозғалмай жат, ұйықта,– деді шашынан сипап, Əсем жылы жымиды. Көзінен мөлт етіп жас
шықты. Аяғанның жүрегі тіксінді. Өзіне қиыла қарап, ерні дірілдеп, сөйлей алмай жатқан
келіншегінің білегінен ұстады.
– Мен қор-р-қа-мын,– деді Əсем біраздан кейін тілі икемге əрең келіп. – Қо-о-р-қамын...
– Кімнен? Неге? – деп өзеуреді жігіт. Əсемнің көзінен мөлт етіп шыққан мөлдір жасты сұқ
саусағымен іліп тастады. – Қайдағыны айтады екенсің. Кеңес үкіметі аман болсын. Мен бүгін
Мəскеуге, Орталық партия комитетіне, Брежнев ақсақалдың өзіне арыз жазып жібердім.
– Не дейсің?! – Əсем шошына дауыстады. Лез демнің арасында иегі кемсеңдеп, безгек ұрғандай
денесі қалшылдап қоя берді. – Құдай-ау, тыныш жүрмей... Нең бар еді?! Үш ботаңның тағдырын
неге ойламадың, Аяған-ау? Əй, Аяған-ай!.. Не дейін саған, не дейін-ай!
Əсем егіліп жылап қоя берді.


3
Сыртқа шықпай жатқанына бір жетіден асып барады. Бетінің ісігі қайтқанмен екі көзінің алды
көкпеңбек, шекесінде, маңдайында сары дақ қалды. Құдай сақтапты, қабырғалары аман екен,
бүйрегіне де зақым келмеген сияқты. Алғашқы күндері көңіліне күдік шауып, сарыуайымның
тұңғиығына түсіп, шыдай алмай тұншығып еді.
Соңғы уақытта Мəскеуге жөнелткен хатының тағдырын ойлап, үйге сыймайтын, бір орнында
баыз тауып отыра алмайтын болып жүр. Əне-міне дегенше тексеру келіп қалатын сияқты
дегбірсізденіп, сəл нəрсеге бола таусыла сөйлеп Əсемнің апшысын қуырып жібереді. Ол
бейшара көмпіс. Қабақ шытпайды, қарсы сөз айтпайды, күйеуінің дегенін бас шұлғып
орындайды. Артық кеткенін Аяған соңынан түсініп, күнəсін жуып-шаюға кіріседі.
– Жақында біздің үйде той болады. Қызметіме қайтып тұрамын. Үш бөлмелі пəтер аламыз.
Айдай сұлу Əсемімді үшінші қабаттағы пəтерімізге өзім көтеріп шығамын,– дейді Аяған,
шабыттана сөйлеп, орнынан тұрып кетеді. Мұндай əңгіме еш кедергісіз Əсемнің жүрегіне
бірден жетеді, ол əп-сəтте ғажайып сезімнің тұңғиығына шым батып кетеді. – Үш баламды күн
сайын шомылдырамын. Су жетеді. Газ бар. Ақша пішен. Жан жарыма қаракүл терісінен тігілген
тон, бриллиант көзі бар сақина алып беремін..
Аяғанның əңгімесі жалғаса береді, рахат сезімнің құшағында отырған Əсем қуаныштан күледі,
соңыра қуаныштан көзіне жас алады.
– Жылама, жаным,– дейді жігіт оны құшақтап. – Аз қалды. Кішкене ғана шыдашы. Жақында
жақсы хабар аламыз.
Үйде жатқан бір жетінің ішінде Аяған келіншегінің бір жақсылықтың болатындығына
сендірген. Күйеуінің басына түскен қиын іске қиналып, аз уақыттың аралығында бұрынғысынан
əрі жүдеп кеткен Əсемнің қабағындағы көлеңке тарай бастаған еді. Ерлі-зайыпты екеу атар
таңнан жақсы хабар күтіп елегізіді. Күн сайын кезек-кезек почтаға жүгіріп, тыныш таппайтын
əдет жабысты. Хат-хабар келе қоймады. Осындай сəтте үміті үзілген келіншектің қабағына
көлеңке ұялап, тұнжырап отырып қалады. Қазір де міне, почтаға барып келіп, үміті кесіліп,
тұнжырап отыр.
– Əсем, білесің бе, менің хатым тұп-тура Брежнев ақсақалдың қолына тиеді,– деді келіншегін
көңілдендірмек болып. Əсем елең ете қалды. – Ол кісі менің хатымды оқып шығады да,
көмекшісін шақырып алып:
– Слушай, мынау жас жігіт екен,– дейді. – Жастар – біздің болашағымыз. Оларды қорғау, қолдау
керек. Ал біз жастарды қудалаймыз, бекер күйдіріп, обалына қаламыз. Бұл деген қылмыс. Аяған
Қуатов жолдасқа жағдай жасау керек. Үйі бар ма екен, біліңіз. Жоқ болса көмектесу керек.
Түсіндің бе? Біз мұнда қара басымыздың қамын күйттеу үшін отырған жоқпыз. Бізді бұл орынға
халықтың қамын жеп, жағдайын жақсарту үшін отырғызды. Социалистік қоғамның əрбір
мүшесінің əлсіз үні біздің құлағымызға жетуге тиіс. Аяған Қуатовты жəбірлетіп қойып қарап
отыра алмаймын. Қазір мен Димаш Ахметовичке телефон соғамын,– дейді. Сонан соң
Алматыны теріп алады. То есть бір кнопка басса жетіп жатыр, Қонаев трубканы көтереді.


– Слушай, Димаш Ахметович,– деді Аяған Брежневтің дауысын салуға тырысып. Əсемнің аузы
ашылып кеткен, таңғажайып кино көріп отырғандай қимыл-қыбырсыз ұйып қалған. –
Сəлеметсіз бе! Зухраның денсаулығы қалай? Өте жақсы. Кемпіріңе біздің семьядан сəлем айт.
Алматыны сағынып жүрмін. Қартайып қалдым. Алыс жолға жарамаймын. Слушай, Димаш, мен
Қуатов Аяған деген жігіттен хат алдым. Оған қиянат жасапты. Бұл дұрыс емес. Жастар – біздің
болашағымыз. Вот так, вот!.. Октябрь революциясының қай жылы болғанын білмейтін қыздың
əкесі қалай ғана Орталық комитетте бөлім басқарып отыр, а? Димаш, Аяған Қуатовқа менің
ыстық сəлемімді жеткіз. Осындай азаматтар үлкен орындарда отыруға тиіс. Біздің қоғамда
білімді, іскер адамдар көп, ал нағыз азаматтар, шындық үшін шырылдап отқа түсіп кететіндер
аз. Бізге солар керек. Димаш Ахметович. Қуатов жолдасқа жағдай жаса. Үйі жоқ шығар,
көмектес. Аяғанға, келіншегіне менен көп-көп сəлем!..
Аяғанның əңгімесіне елтігені соншалық, Əсем сықылықтап күле бастады. Аяғанның арызы
Брежневтің қолына тие ме, жоқ па, ол кісінің осы мəселемен Қонаевқа телефон соғуы
шындыққа жанаса ма бұл жағын келіншек ақиқаттың безбеніне салған жоқ. Аяғанның
əңгімесіне имандай сенді. Бір сəттің ішінде бүкіл мəселесін шешіп алатындай жүзі бал-бұл
жанып, екі көзіне нұр ойнап шықты. Асып-сасып не істерін білмей берекесі кетті.
Өтірік əңгімесінің келіншегіне қаншалықты əсер еткенін Аяған түсіне қойды, сырыққа құрық
жалғап, жоқтан бар жасап, сөзін ары қарай жалғастырды.
– Осыдан кейін Димаш ағамыз идеологиялық жұмыстар жөніндегі хатшыны шақырып алып,
Брежневтің ақсақалдың сəлемін жеткізді. Оған менің шаруамды тапсырады. Содан не керек,
хатшы идеология бөлімінің қызметкерлерін жинап жіберіп, төтенше жағдайды талқылайды.
Ректорды, министрді, мойны бір тұтам божбан сарыны жəне Жақияны тұрғызып қойып, əй бір
сілікпесін шығарып сілкілейді-ау. Ректор мен Жақияны сол жерде орнынан босатып, қатаң сөгіс
береді. Жақияның орнына мені бекітеді. Содан не керек, мені іздетеді. Орталық комитеттің
қызметкерлері, министр бастаған инспекторлар Аяған Қуатов деген мықтыны ал келіп іздесін.
Анда барады, таппайды, мұнда келеді, жоқ. Жаны қысылған министр тарих факультетінің
студенттерін шақырып алып, менің адресімді сұрайды. Студенттер тым-тырыс. Бірде-біреуі
білмейді.
– Алмас біледі,– деді Аяғанның əңгімесін соншалық ынта қойып, беріліп тыңдап отырған Əсем.
– Ə, иə, айтпақшы Алмас біледі екен ғой. – Аяған ойланып отырып қалды. Дəл осы арада
əңгімесінің əсерін күшейтетін бір нəрсе ойлап табу керектігін білді. – Алмас біздің адресті
əдейі айтай қояды.
– Ту-у, ол неге қырсығады екен,– деді келіншек дегбірсізденіп. – Айта салса несі кетеді екен.
– “Сақтықта қорлық жоқ”. Мені олардың не себепті іздеп жүргенін Алмас қайдан білсін. Бəлкім,
олар мені түрмеге қамау үшін іздеп жүрген шығар,– деп Аяған қабағы шытылып, томсарып
үндемей қалған келіншегін құшақтады. – Содан Алмас бастаған тоқ ақ, қара волгалармен біздің
үйге келеді. Көршілер аң-таң. Үйдің иесінің есі шығып кеткен. Келген адамдарды ол
тексерушілер екен деп қалады. Қорқақ байғұс қалтырап, дірілдеп, сүрініп-қабынып бізге жетеді,
өлердегі сөзін айтып жалына бастайды.
– Пəтерге алпыс сом төлейтініңді айта көрме,– дейді аяғыма жығылып. – Енді сенен отыз-ақ сом


аламын дейді.
– Бейшара алпыс сомды азсынып, бұрқылдап сөйлеп жүреді. Кеше келіп, бөлмені босатыңдар
деп кетті,– деді келіншек ақырын ғана күрсініп.
– Содан не керек, бір топ адам сау етіп үйге кіреді. Біз дəл осылай құшақтасып отырамыз.
Мүлде көңіл аудармаймыз. Мүлде...
– Қойшы тегі, ұят емес пе!? Үлкен адамдар келгенде екеуміздің бұлай отырғанымыз тым ерсі
ғой, Аяған,– деп келіншек аузын бұртитты.
– Жарайды, сенің айтқаның болсын,– деп Аяған келісе кетті. – Содан оларды орнымыздан тұрып
қарсы аламыз. Сен дастарқан жасауға кірісесің.
– Ұят-ай, үйде ештеңе жоқ еді,– деп Əсем шоқ басып алғандай оқыстан орнынан тұрып кетті.
– Е-е, олар бəрібір отырмайды. Орталық комитеттің хатшысын күттіріп қойып, жайбарақат шай
ішіп отырушы ма еді. Келген шаруаларын айтады. Ал мен қасақана қырсығамын. Олар
жалынады. Əсіресе əлгі...
– Кімді айтасың?
– Мойны жоқ, божбан сарыны айтамын,– деді Аяған орнынан тұрып жатып. Босағаға жақындап,
божбан сарының мəнеріне салып сөйлей бастады. – Құрметті Қуатов мырза, то есть, жолдас! Сіз
келіп кеткеннен кейін мен осы мəселемен əдейі айналыстым. Сіздікі əділетті іс екен.
Басшыларға мен осылай деп доложить еттім. Сіз мені дұрыс түсініңіз,– дейді.
– Ой, оңбаған-ай! Сені бала құсатып алдағысы келеді,– деп қалды əңгімеге ұйып отырған
келіншек.
– Мен бала емеспін ғой, Əсем. Алданбаймын.
Əңгіменің ең қызық жеріне жеткенде сырттан əлдекімнің шырылдап жылаған дауысы естілді.
Баласының дауысын танып, Əсем орнынан атып тұрып, сыртқа жүгірді. Келіншегінің соңынан
Аяған да есік алдына шыққан. Үй иесі татар шал жеті жасар үлкен ұлының құлағынан ұстап,
дедектетіп сүйреп келеді екен. Болар-болмасқа көтеріле қоймайтын Аяған мынаны көргенде
шыдай алмай кетті.
– Əй, ақсақал, құлағын жұлып аласыз ба баланың? Қолынан неге ұстамайсың? – деп ашулана
айқай салды. Сəл нəрсеге бола көз жасын төгіп жіберетін Əсем шырылдап барып, ұлын
құшақтай алды.
– Уһ, күшік! Алма ағашының түбіне кіш етіп тұр ұялмай,– деп сəл тосылып қалған шал қайтадан
ашуына мінді. – Бау-бақшамды құртты мыналарың. Бұлардан шошқа жақсы.
– Ақсақал, тіліңізді тартып сөйлеңіз. Бала – періште,– деді ызаға булыққан жігіт. Талағы тарс
айырылардай болып тұрса да жасы үлкен адамның алдында əдеп сақтауға тырысты. – Үш күндік
пəниде шəй деспей сыйласу шарт ақсақал. Сіз де жақсылыққа бірден гүмп етіп түсіп кеткен жоқ
шығарсыз. Біз де сіздің босағаңызды күзетіп қалмаспыз.


– Сені мен шақырған жоқпын. Айда, кет! Босат үйді! Маған қаңғырған қазақтардың керегі жоқ.
Бар, айда, еліңе қайт,– деді шал қолын сермеп. – Бала-шағаң ауланы былғап болды. Көрінген
жерге отыра салады. Жабайы бəрі, культура дегенді білмейді.
Ызаға булыққан жігіттің басына ыстық қан шапшыды, қатты ашуланғандікі ме, көмейіне ып-
ыстық зат кептеліп, сөйлей алмай қыстықты. Қанша күйініп тұрса да үлкенді сыйлап үйренген
əдетімен – қазақы əдептен аса алмай мысы құрыды. Жігіттің осал жерін біліп алған шал
қотырын онан сайын ауыртып қасый түсті.
– Бар төлейтінің алпыс-ақ сом. Бес адам тұрасың. Жоқ, енді шыдай алмаймын. Бүгін көш. Бес
студент жіберемін.
– Біз сізге бұл айдың ақшасын алдын-ала төлеп қойып ек қой,– деді Əсем көз жасын сүртіп
тұрып. Жаутаңдап түнеріп тұрған Аяғанға қарады. Шал енді бірнəрсе десе жарылатын секілді.
Күйеуінің мінезін білетін келіншек Аяғанның қолтығына жармасты.
– Үйге жүр, үйге!..
– Əй, əділетсіз өмір-ай!– деп күйіне сөйледі жігіт пəтеріне қарай кетіп бара жатып. – Ата-
бабамның қаны сіңген ұлан-ғайыр мекеннен алақандай жер тимеді-ау бізге. Əлі күнге
көрінгеннің есігінде жүрміз.
– Қаңғырған қазақларды қуу, гонять етіш кирəк, деп ызақорлана айқайлады шал.
– Қуасыңдар сендер! Өзімен өзі жауласып, жаға жыртысып жүрген аз қазақты қуалап, тау
асырып тастау сендерге сөз болып па,– деді Аяған күңіреніп. Көңілі бос Əсемнің көзі боталады,
жылап жібермес үшін астыңғы ернін қатты тістеп алды.
* * *
Үйге кіргеннен кейін Əсем есікті мықтап жауып қойды. Шалдың жүйкені жұқартар қотыр сөзін
естісе Аяғанның шыдап отыра алмасын біледі. Далаға шыққысы келіп қыңқылдаған баласына
зекіріп ұрсып, құйрығынан салып жіберді. Əкесінің қабағынан қорықты ма, Елжас көзі
жаутаңдап, бүрісіп үнсіз отырып қалды.
Ашуланғанда, ызаланғанда кітап оқу Аяғанның ежелгі əдеті. Күйеуінің сол қасиетін білетін
Əсем оның қолына Ғафуровтың “Тəжіктер” деген қалың кітабын ұстата салды. Алғашқы əлетте
жігіт келіншегінің бұл қылығына түсіне алмай қалды, қалың нəн кітаптың ауырлығын білгісі
келгендей салмақтап біраз отырды. Сонан соң мырс күлді.
– Егер біреу “Қазақтар” деген кітап жазса ғой, қазақпыз деп кеуде қағып жүргендер шу ете түсер
еді. Бөрінің артындай шуылдап, аттандап, кітап жазған бейшараны “қаны сорғалаған ұлтшыл,
халқымыздың атына сөз, беделіне нұқсан келтірді” деп кінəлап, түрмеге жапқызып қояр еді. –
Аяған шарасыз күйге түсіп, тұйықтан шығар жол таппай қиналған адамдай қабақ шытып,
ақырын ғана күрсініп қойды. Басы салбырап, бір сəт үнсіз отырып қалды. Əсем қозғалақтап қрең
отырған Елжасқа қарап, қабақ шытты. – Қазақтың тарихын он бесінші ғасырдан ары жылжытуға
тырысып көрші, басыңа əңгір таяқ ойнатсын. Қазақ деген ұлт он бесінші ғасырда аспаннан түсе
қалған сияқты. Ал тəжік, өзбек, қырғыздардың тарихы ерте дүниеден басталады. “Ағайындар-ау,


қазақ халқының негізін құрап отырған рулар біздің эрамызға дейінгі ғасырларда өмір сүрген
жоқ па? Олардың ғажайып мəдениеті болған” десең саған қара күйе жағып, құйрығыңа шала
байлап жібереді де, қарқ-қарқ күліп, мəз болып қарап тұрады. Сөйтіп жүріп аспандағы Айды
жерге сүйреп түсіргендей гүпінетінімізді қайтерсің. Сөйтіп жүріп халықтың мұңын мұңдаған,
жоғын жоқтаған адам болып көріну үшін мінбелерден айқайлайтынымызды қайтерсің. Қолында
билігі бар əлдекім зекіріп ұрысса “апыр-ау, қай жерден қате жібердім” деп зəреміз зəр түбіне
кетеді. Мансабы бар əлдекім шақырып алып сілкілесе кешегі айтқан ақылды сөзімізден айнып
шыға келеміз. Басымыз жерге тигенше иіліп, сан мəрте кешірім сұраймыз. Солай ғой, Əсем.
Біздің осындай екенімізді бəрі, ақыр аяғы жаңағы татар шал да біліп алған. “Ə” десе “мə” деп
тұршы, аузын аша алмай бүгежектер еді.
Қойшы сол шалды. Қайдағы бір татар шалмен жағаласып қайтесің. Үндеме. Ол сөйлеп-сөйлеп
қояды,– деп Əсем басу айтты. Ашу деген асауға мініп алған Аяған оның сөзін тыңдайтындай
қалде емес еді. Кеудесі толып қалыпты. Толысын шайқап төгіп, берекесін алған тексіз шалға
өлердей ашулы. Мұның бір адамға ғана бағыштаған ашу-ыза еместігін Əсем біледі. Соңғы бірер
айда Аяғанның басынан нелер өтпеді?! Барлығы жабылып жүріп Алдияр Ақпанұлын құлатты,
сонан соң сол шалдың жыртысын жыртады деген оймен Аяғанға жабылды. “Қой, олармен
алыспа: Алдияр ағаның шамасы келмеген топқа сен не істей аласың” деді. Ол туабітті
қайсарлығына басып тыңдамай қойды. Жақия сияқты жұмыртқадан жүн қырыққан айлакер
адаммен алысып жеңе алмасын білмеді. Мықтап сүрінді. Əділдік іздеп бармаған жері қалды ма?
Бұл аз болғандай əлдекімдер сойылға жығып кетті. Енді міне, татар шал қоқаңдап, қоқан-лоқы
көрсетіп қоқиланып жүр. Басының бағасын білетін азамат қалай шыдасын бұған!?
– Неге біз ғана түсінуге, біз ғана кешіріммен қарауға тиіспіз? Ал олар ойына келгенді істейді.
Соны көре тұра үндемеуіміз керек екен. Ол оқымаған, надан. Сол себепті не бүлдірсе де
кешірім. Солай ма сеніңше?
Аяған келіншегіне ежірейе қарады. Əсем жеңілгенін мойындағандай езу тартып, төмен қарады.
– Олар шетінен нахал, Əсем. “Қолыңнан келсе қонышыңнан бас” дейді шырт-шырт түкіріп.
Олардың мақсаты біреу-ақ,– деп Аяған жұдырығымен столды салып қалды. Əкесінің сөзіне
түсіне алмай манаурап отырған Елжас селк ете түсті.
– Баланы шошыттың ғой, Аяған-ау,– деп Əскм қабақ шытып.
– Оларда ақша жасаудан басқа мақсат жоқ. Мемлекеттің байлығы солардың қалтасында жүр,
Əсем. Біздің күніміз соларға, шеттен келген келімсектерге қарап тұр, Əсем. Сен білмейсің,– деп
күрсінді жігіт. Ашуланғандікі ме, шеке тамырлары ісініп, білеуленіп кетіпті. – Мемлекет
байлығын саудаға салса барлығын солар сатып алар еді. Сол себепті де олар бізге бір халықтың
азаматы, мақтанышы деп емес, қалтасы тесік мүсəпір деп қарайды. Сен мейлі, дүлдүл ақын,
ғұлама ғалым бол, ол бəрібір менсінбейді. Өйткені сенің ешкімге, мемлекетке де, партияға да
керегің жоқ. Осыны білген келімсек көңіліне жақпасаң пəтерінен қуып жібереді. Ал сен бала-
шағаңды жетектеп, чемоданыңды көтеріп, Алматының көшелерін кезіп, баспана іздеп,
қаңғырып жүресің. “Əй, осыған обал болды-ау” демейді ешкім. Ата-бабаң жанын беріп, қанын
төгіп жүріп қорғап қалған атажұртыңнан бала-шағаңа баспана, пана болар қуыс таппай
қаңғырығың түтеп сен жүресің, өз елінен опа көрмей күні кеше көшіп келген əлдекім кең
сарайдай сəулетті үйде тұрып, екіден, үштен ит ұстайды. Олардың итке бөлінген бөлмесі бар,
Əсем. Біз кіндікжұртымызда баспана таба алмай Қазаннан, Ереваннан, Сібірден, Кавказдан


келгендердің өзіміз сияқты жалаңаяқтарға арнап салған күркелерінде пəтерде тұрамыз.
– Қой деймін, Аяған,– деп Əсем шыр-пыр болды. Күйеуінің мойнынан құшақтап, алақанымен
аузын жапты. – Əлгі шал естіп қояды.
– Естісін! – деді жігіт ашулы дауыспен. – Əдейі сол естісін деп айтып отырмын.
Есікті жұлқа тартып, бөлмеге татар шал кіріп келді. Көзі бағжаңдап, Əсемнің иманы ұшты.
Шалдың қабағы қату, үлкен дау іздеп келген адамға ұқсайды. Аяғанға мүлде назар салмады,
келіншекке қарай сөйледі.
– Ертеңнен бастап үйді босатыңдар. Қазаннан туыстарым көшіп келеді,– деді сыңарезулей
күліп. Сонан соң қалтасынан он бес сом алып, столдың үстіне тастады. – Бұл айдың жеті күні
жəне сынған үш ағаштың құнын и алма, өріктің пұлын ұстап қалдым. Болды, квит...
– Ата-ау, ағаштарыңызды біз сындырған жоқпыз ғой.
– Енді кім? Қазаннан менің туыстарым келіп сындырды ма? – Шал қарқылдай күлгенмен жүзі
жылымады. – Сенің балаларың.
– Алма-өрігіңіз не?
– Бір ағаштан биыл алманы өте аз алдым, сенің балаларыңның кесірінен,– деді шал беті
шімірікпестен. Шыдай алмаған Əсем күліп жіберді.
– Аз алсаңыз біздің балалардың қандай кінəсі бар? Құдайдың бергені сол болса қайтесіз.
– Сен бұл жерге құдайды қыстырма, қатын,– деді абыржып қалған шал. – Так, ертең соңғы срок.
– Біз ешқайда көшпейміз,– деді манадан бері үнсіз отырған Аяған зорлана күліп. Есіктен шығып
бара жатқан шал кілт тоқтады да, бүкіл денесімен бұрылып, жігітке зəрлене қарады.
– Қарай гөр, мына күшікті,– деді шал шамдана дауыстап.
– Мен Қазаннан көшіп келгемін жоқ. Өз жерімде отырмын,– деді Аяған шалдың жанды жерінен
ұстағанын енді түсініп. Оны одан сайын ашуландыра түскісі келгендей төсекке шалқасынан
түсіп жатып алды. Шал мұндай сөз естимін деп күтпегендіктен не айтарын білмей, бір қызарып,
бір бозарып, тыпырлады да қалды. Шығып кетпек болып, есікті ашты, намысы қозып, қайта
жапты.
– Бұл менің жерім!.. Мына менің,– деді кеудесін дүңк-дүңк қағып. – Мына үйді он мың сомға
сатып алғанмын. Понятно? Сен мені қорқытпа, күшік. Заң менің жағымда.
– Заңға бере беріңіз. До свидания, ақсақал! Сотта кездескенше сау болыңыз,– деп Аяған көзін
жұмды. Шал ызаға булығып, ашудан жарылып кете жаздап тұр.
– Мен Рашидке звонит қылам. Ол сенің мойныңды жұлып алады. Пока ол келмей тұрып кит,
қозоқ,– деп сес көрсетті шал. Ұйықтаған болып жатқан Аяған көзін сəл ғана ашып:


– Мазамды алмаңыз, үйімді босатыңыз,– деді соншалық жұмсақ, сыпайы сөйлеп. Шал бұдан
арыға шыдай алмады.
– Ой, атаңның көрі, қозоқ! – деп айқайды салды да, қорбаңдап келіп, Аяғанның жағасына
жармасты. Жігіт те қарап қалмай, орнынан атып тұрды. Əсем шырылдап арашаға жүгірді.
Қорқып қалған Елжас шыр-шыр етіп жылап жүр.
Аяған шалдың қолын бұрап, кеудесінен ақырын ғана итеріп жіберді. Құлап қалмасын деп
сақтық жасады. Ыза буған шал ұрмақ болып қолын көтерген, Аяған шап беріп ұстай алды.
– Ұр! – деп айқай салды шал. – Фронтовикті ұрғаның үшін сені... Соттатамын, иттің күшігі!..
Рауза! А-а-й, Рауза! Милиса шақыр!
Аядай ғана бөлме азан-қазан шуға толды. Дүниені көшіріп, Рауза келді. Ұстасып тұрған екеуді
көріп, айқайға аттан қосып, бөлмені басына көтерді. Ащы айғайды естіп, көршілер дүрлікті.
Фарид абзиді біреу сабап жатыр деп ойлаған болу керек, екі көршісі шауып келіпті. Оларды
көріп, абзи арқаланып құтырып кетті, байқатпай келіп Аяғанды шапалақпен бір тартып өтті.
Шалға шабуыл жасайды деді ме, арашаға келген екі татар Аяғанды бас салып, қолын артына
қайырды. Жаны шырқыраған Əсем шыңғырып келіп күйеуінің қолын қайырып ұстаған біреуінің
шашына жармасты. Ол Аяғанды жібере салып, келіншекпен алыса кеткен кезде бөлмеге
Асылхан мен Алмас кіріп келген. Олар келмегенде жанжалдың арты өртке айналып кетері анық
еді.
Қолайсыз жағдайдың үстінен түскендеріне екі жігіт те қатты қысылып, біраз уақытқа дейін
əңгімені неден бастарын білмей дағдарды. Елжасты бауырына тартып, егіліп отырған Əсем ғана
анда-санда сөйлеп қояды.
– Ауылға кетеміз, ата-енемнің жанына барамыз. Тойып болдық қалаға,– деді келіншек. Ерні
дірілдеп, тілі икемге зорға көнді. Аяған ауыз ашпай, екі жігітке тура қарай алмай басын төмен
салып, тұнжырап отыр. Асылхан мен Алмастың сап ете түсіп, арашалап алғанына қуанды,
көңілсіз істің куəсі болғанына қынжылды. Екі көзінің алдындағы көкпеңбек дақты жігіттердің
көріп қойғаны жанына батты. Жап-жас жігіттердің алдында қазіргідей күйде отырғанына
намысқой Аяған іштей қатты қорланды.
– Шай қойсаңшы, Əсем-ау,– деді Аяған күлген болып. – Қонақтарды қаңтарып отырғызып
қойдық қой.
– Шай қойып əуре болмаңыз, жеңеше. Біз Аяған ағаның қал-жағдайын білейік деп келдік.
Ауырып қалған шығар деп ойладық,– деді Асылхан. Əсем самаурынын көтеріп, сыртқа шығып
кетті.
– Рахмет, жігіттер!
– Курстың жігіттері сізге көп-көп сəлем жолдады, аға,– деп үнсіз отырған Алмас сөзге араласты.
Аяғанның қабағы ашылып, ақырын ғана езу тартты. Екі жігітке бетін көрсеткісі келмей
қорғаншақтап, басын төмен салып отыр еді. Алмастың сөзінен кейін басын көтеріп алды.


– Қал-жағдайлары қалай жігіттердің?
– Жақсы, аға. Сізге келеміз деп жиналғалы көп болды,– деді Алмас кінəлі адамдай жасқана
қарап. – Тіпті реті келмей қойды. Бүгін əдейі жігіттердің тапсыруымен келдім. Мынау біздің
курстың сізге деген сəлемдемесі.
Алмас үлкен екі буманы ашты. Қазақ энциклопедиясының он екі томы екен. Студенттерден
мұндай үлкен сый күтпеген Аяған не дерін білмей күле берді.
– Ой, жігіттер!.. Бұларың өзі қызық болды ғой,– дейді бас шайқап. Жаны жабырқап, көңілі
жүдеп жүргенде мынандай қошемет көрсе кім болса да босар еді. Аяғанның да көңілі босап, екі
жігітті кезек-кезек құшақтады.
– Біз Орталық партия комитетіне хат жаздық. Сізге жала жабылып, қиянат жасалғанын айттық,–
деді əудемнен соң Алмас. – Төрт-бес студенттен басқамыз түгел қол қойдық. Үлкен үйге өз
қолыммен апарып бердім.
Аяған сенерін де, сенбесін де білмей, мұндай сəтте не деу керектігін жəне зерделей алмай
отырып қалды. Басыма қиын іс түссе студенттер арашашы болады-ау деп мүлде ойламаған.
Тіпті сондай бір қиын жағдайға тап боламын-ау деген қауіп қаперіне кірді ме екен!? Өмірі
ғажайып шаттыққа, бақытқа толы болатындай көрінетін. “Кандидаттық еңбегімді қорғап алсам,
жасыл көше ашылады, қалғанын қалпақпен ұрып аламын” деген нық сенімі бар еді. Кедергі,
қарсылық ғылым кандидаты болған соң басталды. Көре алмайтындар, көз алартып сыртынан
ғайбат сөз айтатындар көбейді. Оларға ұстазы Алдияр Ақпанұлының дұшпандары қосылды.
Бұрын бала деп менсінбей қарайтындар енді тобықтан қағып, қайтып тұрмастай омақаса
құлатуға тырысты. Қарап жатып жан бермек жоқ. Күшінің тең емес екенін біле тұра намысқа
тырысып, күштілермен алысты. Ақыры олар күшті екенін, алысқанды алып та, шалып та
жығатындығын танытты.
Студенттерге қатал болғаны рас. Оларды еркіне жіберсе еркінсіп, сабаққа салғырт қарап,
бетімен кететінін білетін. “Қазақстанның тарихын осы республикада тұратын əрбір адам
міндетті түрде білуге тиіс. Онсыз əділет орнамайды. Ал сендер Қазақстан тарихының
насихатшысысыңдар. Сендерге қойылар талап ерекше” дейтін студенттерге. Тарихқа жүрдім-
бардым қарайтын студенттерді аяған жоқ. Сол себепті Аяғанның мінезін білетін студенттер
оның “тілін тауып”, əртүрлі сылтау айтып, баға алуға тырыспайтын. Мəмлеге көнбейтін
бірбеткей мінезіне бола студенттер сырттай келемеждеп, ұнатпайтынын сезетін. Кейде олардың
кейбіреуіне жөнсіз қаталдық жасап жіберетін де, соңынан осы қылығына өкініп жүретін.
Кейбіреуімен кейін түсіністі. Олармен Алмас арқылы тіл табысып еді. Адаммен адамды
таныстырып, табыстырып жүретін жақсы қасиеті бар оның. Енді міне, бəрінен жұрдай болып,
ешкім керек қылмай жападан-жалғыз далада қалғанда тағы да қол ұшын бермекке арнайы іздеп
келіпті.
“Бұлар энциклопедияны қайдан тапты екен?” деп таңырқады Аяған. Кезінде жазыла алмай
қалған. Қазақ энциклопедиясына жазылу басталғанда студент еді, жөн білмеді, оның нарқын да
түсінген жоқ. Ұмытпаса, қазақ энциклопедиясына жазыла алмағанын бір ретте осы Алмасқа
айтқан. Басқа кітап немесе зат емес, қазақ энциклопедиясын алып келгендеріне қарағанда, ұзақ
іздеген сияқты.


– Олар мəселені əділ шешпесе Москваға жазамыз. Қайтсек те сізді арашалап аламыз, аға,– деді
біраз үнсіздіктен кейін Алмас сенімді үнмен.
– Дұрыс шешіліп қалар,– деп жақауратты Аяған. Сыртқа шығып кеткен Əсем қайтып оралып,
дастарқан жасады.
– Шал бұрқан-талқан болып ашуланып жүр əлі. Кемпірі үйіне əрең алып кірді,– деді Əсем шай
құйып отырып.
– Басқа пəтер іздемесек тыныштық бермес ол,– деп мұңайды Аяған. – Бір күні балаларға зиян
жасап жүрсе...
– Құдайым-ай!– деді келіншек үрейленіп. – Осы үйге қайдан ғана тап болдық екен? Балаларда
не жыны барын қайдам, кішкентайлар сыртқа шықса айқайлап, ұрысып үрейін ұшырады. Сол
шалдан қорқып, балалар сыртқа шығудан қалды.
– Үш баламен бізді кім қабылдай қойсын,– деп күрсінді Аяған.
Қарсы алдынан өткел бермес асау өзен шыға келгендей Аяған шарасыз күйге түсіп, қабағы
тұнжырады. Оның қабағын аңдып отырған екі жігіт қолайсызданып, біріне бірі қарасты.
– Қиналмаңыз аға, пəтер табылады,– деді Асылхан жымиып күліп. – Мен Көктөбенің
баурайында, кіші Алматы өзенінің жағасындағы екі бөлмелі үйде тұрып жатырмын. Ауласы кең.
Балалар қысылмай-қымтырылмай еркін ойнайды. Ол үйге қазір көшіп барамын десеңіздер кілті,
міне.
Аяған мен Əсем аң-таң болып бір-біріне қарасты. “Осы шын айтып отыр ма” дегендей таңқалу
белгісі бар жүздерінде.
– Өзің... Өзің қайда тұрасың?– деп сұрады сенер-сенбесін білмей абдырап отырған Аяған.
– Ой, аға, маған орын табылады ғой. Арызжазып барсам ертең-ақ жатақхана береді,– деп күле
жауап берді Асылхан.
– Ауғанстанға барып, бір миллион душпанды жер жастандырып келген батырыңыз осы,– деп
күлді Алмас. – Арыз жазып, ізденсе пəтер де алар еді.
Бейқам отырған Аяған селк етіп, Асылханның жүзіне шошына жалт қарады. Момақан жүзді,
түсі жылы жігіттің қолы қанға былғанды дегенге сенгісі келмеді. “Ауғанстанға барғандардың
барлығының қолы қан емес қой” деп өзін-өзі жұбатты. Есіне Ауғанстанға барып қайтыс болған
жалғыз інісі түсіп, көңілін сағыныш баурап, мұңға батты. Арқа сүйер асқар тауы, сүрінсе сүйеп
тұрғызар жалғыз жанашыры еді. Құдай оны да көпсінді. Екі көзінің алдына мөлт-мөлт етіп қос
тамшы тұнды. Екі жігіт көріп қалмасын деп басын бұрып, қос тамшыны сұқ саусағымен қағып
түсірді.
Қарсы алдында отырған түбіт мұрты, қолмен сызғандай қиғаш біткен қасы бар, көзі үнемі күліп
тұратын, момақан кейіпті жігітке қайта қарауға Аяғанның батылы бармады.
Қабылдау емтиханында осы жігіттің алдына келгені есінде қалыпты. Бірінші сұрағын шала


біледі екен. Тігісін жатқызын айтып берген болды. Екінші сұрағынан мүлде ауытқып кетті.
Соны өзі де біле ме, бір кезде тоқтады.
– Інішек, тарих – менің наным,– деп күлген. Жас жігіттің екі беті əпсəтте нарттай қызарып
шыға келген. – Үшінші сұрағыңа көш.
Осыдан кейін ол ойын жинақтай алмай, сөзінің басы бірікпей шаршаған. Сол жолы
жанашырлық жасап, үш қойып жіберуіне болар еді.
– Басың жас, інішек! Келесі жылы кел. Тарихты жобалап қана білуге болмайды. Тарих деген сан
мың, сан миллион, сан миллиард адамның тағдыры. Ол – өмірбаян,– деген Аяған. Екі бетінің
қызылы тарқамаған түбіт мұрт жігіт орнынан тұрған соң:
– Рахмет сізге! – деген. Аяған оның мұнысын кекесін деп түсінген...
Сол жігіт міне, басына қиын іс түскен кезде азаматтық жасап, қол ұшын беріп отыр. Кісілігі
кем, кінəмшіл біреу болса мұндай кезде шоқ-шоқ деп, табалап күлер еді. Қойтан жылғыны
қозғап, көзіне шұқып, қылдан қиқым іздеп, жүйкесін тоздырар еді.
Аяған оған ұрлана қарап қойды. Асылхан Ауғанстанда қаза тапқан жалғыз інісі Серік секілді
болып көрінді. Бір сəт Серігі тіріліп келгендей қу жүрек лүпілдеп келіп, алқымына тығылды.
Көзінің алды бұлдырады. “Серік” деді күбірлеп. Көзін жұмып, қайта ашты. Жоқ, басқа екен.
Басқа...
– Ал, аға, не отырыс? Егер қарсы болмасаңыз, мен машина тауып əкелейін,– деді Асылхан
орнынан тұрып. – Сіздер жүкті буып-түйіп, дайындала беріңіздер.
– Асылханның пəтері кең сарай. Дəлізі, ас бөлмесі бар. Қыста жылы, жазда салқын. Алмасы,
алмұрты төгіліп жатыр,– деді Алмас ерлі-зайыптылар айнып қалардай Асылханның пəтерін
асыра мақтап. Аяған мен Əсем аң-таң, біріне-бірі қарап, аңтарылып тұр.
– Көшейік, Аяған, көшейік,– деді Əсем асығып-аптығып. Жігіт жымиып күліп, бас изеді.
Асылхан машинаға кетті де, қалған екі жігіт жүкті буып-түюге кірісті. Əсем балалар
бақшасындағы екі кішкентайын алып келуге жөнелді.
– Алмас, Алдияр ағаның жағдайы қалай екен?– деп сұрады Аяған.
– Білмедім.
– Бір жетіден бері бара алмадым,– деп күрсінді Аяған. Көп кешікпей жүк машинасын алып,
Асылхан жетті. Сөйтіп Аяғанның отбасы ойламаған жерден бас-аяғы бір сағаттың ішінде ың-
шыңсыз көшті де кетті.
Асылханның пəтері Əсемге ұнады. Татар шалдың аядай бөлмесімен салыстырғанда əлдеқайда
кең əрі жарық, еңсесі биік. Үйдің тұрған жері таза, көркем. Іргесінен сарқырап кіші Алматы
өзені ағады, ауласы кең. Алмастың айтқаны рас екен, алма, алмұрт, өрік аткөпір болып
шашылып жатпағанмен əжептəуір бар секілді.


Үйдің ішін реттеп болып, төсекке жатқаннан кейін Əсем қуаныштан көзіне жас алды.
– Жылама, жаным! Жаны жақсы адамдар аманда ақиқат өлмейді. Ақиқат аманда бала-шағаң
жаманшылық көрмейді. Сол жақсы адамдардың тілеуін тілейік, Əсем,– деп жігіт жарын
құшақтап.
– Өмірімде тірі адамға жаманшылық ойламап едім, Аяған. Жаттың да тілеуін тіледім, – деді
Əсем дауысы дірілдеп. Əңгімесі үзілді де, қайтып жалғасқан жоқ. Біраз үнсіздіктен кейіне: –
Адам атаулы аман болсын,– деді.
Ерлі-зайыптылардың əңгімесі осымен аяқталды. Əрқайсысы ой түкпірін ақтарып, өзімен-өзі
болып кетті.
Тауға нөсер жауған тəрізді, кіші Алматы өзені тасып жатыр. Оның гүрілі тосын да үрейлі. Бұлар
күндіз көрген момақан мінезді өзенге мүлде ұқсамайтын сияқты.
Қуаныштан ба, жоқ əлде, уайымның əсері ме, Əсем таң атқанша кірпік ілмеді.


4
– Əй, профессор, бізді жұмысқа салып қойып, қайда жоғалып кеттің?– деді қарсы кездескен
Геркулес. Төбелестен кейін жүрегі шайлығып қалған Аяған қандай жауап қайтарарын білмей
абыржыды. Көзі жапақтап, жымиып күлді. Геркулестің бірнеше рет сотталғанын, бір жерде
тұрақтап жұмыс істемейтіндігін естіген. “Онымен жағаласуға болмайды, қалтасына пышақ
салып жүреді, ашуына тисең жарып кетеді. Абайлап жүр” деп ақыл айтқан білетіндер. Сол
сөздер есіне түсіп, денесі түршікті.
– Профессор, кімді мазақтап тұрсың? – деді Гуркулес қабақ шытып, тістене сөйлеп. Оның
ақиған көзін, сұстанып кеткен түрін көріп, Аяғанның бойын қорқыныш биледі.
– Ешкімді мазақтаған жоқпын.
– Мазақтамасаң неге күлесің?– деп тақымдап қоймады Геркулес. Аяғанға бір аттап, екі аттап
жақындай түсті, жұдырығын түйіп алыпты. Мынаның соншалық өктемсіп, басып кетердей
басынып тұрғанына намыстанған жігіт:
– Күлкіге тыйым салынған заң əлі қабылданған жоқ,– деді батылданып. Бұға берсе мынаның
ерік бермей есіріп кетерін түсініп, келсең кел дегендей оң иығын алға салып, бір қырындай
тұрды.
– Сен байқа, – деді Геркулес ожаудай жұдырығын жігіттің бетіне тақап. – Бала-шағаң бар
шығар. Қарсыласпа. Қарсылассаң қазық қылып қағып жіберемін. Бала-шағаң жетім қалады,
қатыныңды мен аламын.
Аяғанның құлағы шыңылдап, басына қан шапшыды, екі беті дуылдап кеудесіне алапат ашу
тығылды. Геркулестің сөзі еттен өтіп, сүйекке жеткенмен ашуын ақылға жеңдіріп, сабыр
сақтады.
Қағып жіберу үшін нағыз жігіт болу керек, өңкиген дəу сарының шатынаған көзіне қаймықпай
тік қарады. Іштей ширығып алған, шамырқанып тұр. Төбелесе кетсе мынаған əлінің жетпесін
сезеді, оны қорқыныштың темір шеңгелінен намыс босатып алған. Дəл қазір екі жағында
пышағын жалаңдатып, екі Геркулес тұрса да қорқақтап, шегінбес еді.
– Сендер куəсіңдер. Мынау ит, доңыз, шошқа, шылаушын менімен жағаласа бастады,– деді
Геркулес тістене сөйлеп. Жан-жағына қарап, кеңкілдей күлді. Жақын маңайда жүрген
жұмысшылар бір сұмдықтың боларын сезгендей жұмысты қойып, екеуін аңдып тұр. Ішке кіріп
бара жатқан екі қазақ қызы да тоқтай қалып, бері бұрылды.
– Қойсақ қайтеді,– деді Аяған қыздардан қысылып. – Ренжісетіндей арамызда ештеңе болған
жоқ.
– Бұлар осындай. Бүлдіріп, тас-талқанын шығарып қиратады да, түк болмағандай бетіңе қарап
күледі иттің балалары,– деп кіжіне айқай салды да, Аяғанның жағасынан алып, мытып-мытып
жіберді. Қарап жатып өлмек жоқ. Геркулестің темір шеңгелі кеңірдегіне кемпірауыздай
жабысып, қысып, қылғындырып өлтіріп барады. Əне-міне дегенше жаны кеудесінен пыр етіп


ұшып шығардай Аяғанның көзі аларып, тынысы тарылды. Ақтық күшін жинап алып, Геркулесті
іштен ұрды, бірақ оның темір шеңгелі Аяғанның кеңірдегінен ажырамады. Қан толып кеткен екі
көзі кішірейіп, қатты тістеніп алған.
– Жібер оны!
Екі қыздың біреуі жүгіріп келіп, Геркулестің қолына жармасты. Аяғанды босатып алуға шамасы
жетпеді. Айқайлап еді, ешкім көмекке келмеді. Аяғанның екі көзі аларып, қарсыласудан қалды,
əл-дəрмені құрып, тамағы қырылдай бастады. Не істерін білмей сасқалақтаған қыз құлаштап
тұрып Геркулесті көзден ұрды.
– Ах, қаншық!– деді түсі бұзылып кеткен Геркулес ызалана ақырып. – Бауыздап өлтіремін сені.
Қыз бірақ ықпады, шыңғырып тағы ұмтылды. Қыздың қолындағы таяқты көріп, Аяғанды босата
салып, қайта шегінді. Сонан соң қызды ішінен теуіп жіберді. Қыз сұлап түсіп, сұлқ жатып
қалды. Манадан бері “қызық” көріп тұрған құрылысшылар шу ете түсті. Екінші қабатта жүрген
Асылхан мына оқиғаны көре салып, жерге секірді. Өзіне ұмтылып келе жатқан жас жігітті
көріп, мазақтағандай мырс-мырс күліп, екі бүйірін таянып, талтиып тұр. Асылханның өзіне қол
көтеруге батылы баратындығына сенген жоқ.
– Күшік!– деді ол шырт түкіріп. – Жарық дүниеден жеріп болған екенсің сен...
Асылхан сол қолымен жасқай беріп, оң қолымен Геркулесті екі көзінің арасынан ұрды, өкшесі
кірпішке ілініп, шалқасынан құлаған ол орнынан атып тұрғанмен теңселіп барып қайта
жығылды. Өзі ит жанды екен, тəлтіректеп қайта тұрды да, қолына ілінген кірпішті Асылханға
лақтырды. Тағы да кірпіш алмақ болып еңкейген, Асылхан атылып келіп қолтықтың астынан
тепті. Геркулестің айқайлауға ғана шамасы келді, екі бүктеліп, сұлап түсті.
Осы екі арада досының намысын жыртып, айқайды салып Араб жетті. Қолында ұзындығы бір
қарыс екі жүзді кездік. Аузына ақ ит кіріп, қара ит шығып, Асылханның жеті атасын түгендеп,
өзінің түгін қалдырмады. Дауысы шарылдақ, ащы екен. Айбынды көрінгенмен айқайлап емес,
жылап жүрген тəрізді.
– Бəріңді бір-бірлеп жарып өлтіремін! Ал, келіңдер! Иттер, шошқалар, доңыздар!..
– Əй!– деді үйден шыға келген Сергей есімді жігіт ауланы басына көтере дауыстап. Қолында бір
құлаш темір таяғы бар. – Кəне, шық жекпе-жекке! Басыңды қақ айырайын, иттің баласы! Сендер
келгелі бригаданың берекесі кетті.
Сергейдің гүрілдеген дауысынан, тұлғасынан қаймықты ма, араб бір сəт не дерін білмей
тосылып қалды. Сонан соң үйреншікті айғайына басып, “қызық” көріп тұрған құрылысшыларға
ұмтылды, олар тым-тырақай болып, жан-жаққа шашырап қашты. Сергей бар дауысымен
ақырып, бейқұт елге бүйідей тиген Арабқа тұра ұмтылды. Жан керек екен, ол Сергейге беттей
алмай тайқып шыға келді. Оны біраз жерге қуып тастап, айбыны асып қайтып оралған Сергей
екі бүктеліп, қимылсыз жатқан Геркулесті көтеріп тұрғызды.
– О-о-һ! – деп қинала ыңырсыды. – Өлтіремін оны. Кешпеймін ешқашан.


– Душмандардың оғы өтпеген Асылханға сенің пышағың батпайды, бейшара,– деп Сергей мырс-
мырс күлді. – Тағы да түрмеге түскің келмесе артыңды қысып, тыныш жүр.
– А-а-а! – Ызақорлана айқай салған дəу сары анадай жерде тұрған Асылханға ұмтылып, үш-төрт
қадам жетпей тоқтады. Беті қайтып қалған сияқты. Екі көзін одан алмай, атып жіберердей ақия
қарап біраз тұрды. Асылханның жұдырығы екі көздің арасынан тиген екен, мұрны күмпиіп ісіп
кетіпті.
– Геркулес мырза, біздің ортамызда сізге орын жоқ,– деді Асылхан түк болмағандай жайбарақат
үнмен. – Біраз еркелеттік. Жолыңыз əне, тайып тұрыңыз.
– Бұлардың бізге істемегені қалды ма,– деді Сергей қызына сөйлеп. – Келе сала екеуі маған
жабылған. Бұлардан барлығы қорқады. – Аяғанды құшақтап, бетінен сүйді. Асылханның қолын
қысты. – Рахмет саған, бауырым. Сен болмасаң бұл екеуі басымызға тышар еді. Бұларды не
құдай алмай, не милиса алмай əбден қор болып едік.
– Ерте қуанасың сорлы,– деді Геркулес сыңарезулей күліп. – бүгін əйеліңе айт, табыт алдырып
қойсын. Біреу емес, екеу... Ұқтың ба, екеу!..
Жеңістің буына мас болып, басы айналып тұрған Сергейдің түсі қашып, жылайтын адамдай
кемсеңдеді. Араша тілегендей Асылханға жаутаңдады. Ол Сергейдің жағдайын түсінді. Оның
қозғалып кеткен көңілін орнына түсіру үшін:
– Əй, Геркулес! Араб екеуің табытқа жатамын деп дəмеленбей-ақ қойыңдар. Сүйектерің
шашылып, далада қалады,– деді жігіт күле сөйлеп.
– Көреміз,– деді Геркулес сыңарының соңынан кетіп бара жатып.
Аяған жұмыс істеп, береке таппады. Жылдар бойы қара жұмыс істемей ақсаусақ болып алған ол
бұған дейін де шаруаның шекесін қыздырып жүрген жоқ еді. Анау күнгі жағдайдан кейін екі
бүйірі, қабырғалары ауыратын болған. Геркулестің қылған қиянатынан кейін зембіл көтеру
қайда, мойны былқылдап, көзі қарауытып, қайта-қайта отырып қала береді. Жағдайын түсініп,
оны ешкім мазалай қоймады.
Шырылдап келіп араға түскен кішкентай ғана ақсары қызды жігіттер көтеріп алып кеткен. Өзі
үшін соққыға жығылған бейтаныс қызды көтеріспекке ниет қылған Аяған орнынан тұра алмай,
омалып отырып қалған. Неке екенін өзі де білмейді, қайта-қайта демі тарылып, орнынан тұрса
екі тізесі дірілдейді. Құлайтын болдым-ау деген қорқыныш кеудесін құлдап, отыра қалады да,
ой түкпірін ақтарады.
Күні бойы аты-жөнін білмейтін қызды ойлап, ішін ит тырнағандай қиналды. Оның өзі үшін
əлгіндей жағдайға ұшырағанын еске алып, беті дуылдады. Жігіт басымен Геркулеске
қарсыласуға шамасы келмей қалғанға намыстанды əрі өлердей ұялды. Ақсаусақ деп ұната
бермейтін құрылысшылар сырттай табалап, сырттай бопсалап жүргендей күні бойы
ешқайсысының бетіне тура қарай алмай жанарымен жер шұқыды. Жанына шықпай жүрген
Асылханмен де əңгімесі жараса қоймады. Дауысы көтінің астынан шыққандай міңгірлеп,
жүйесіз бірдемелерді айтқан болады. Онысын өзі де түсінбейді. “Өлмегенге қара жер” деп бір
бозарып, бір қызарған Аяғанның көз алдында күні кеше қабылдау емтиханнында екі алып


кеткен момақан жүзді түбіт мұрт жігіт биіктеп бара жатты. Бір сəр Асылхан пəле-жала
атаулының барлығынан қорғап, арашалап алатын піріндей болып көрінді. Аяғанның көңілі
босады, соңғы екі-үш айдың аралығында көрген қорлықтарын айтып, мұңын шаққысы келді.
Жөнсіз жерде жылт етіп шыға келетін намыс шіркін бұл жолы да еркін билеп алды.
– Сіз олардан қорықпаңыз, аға,– деп жұбатты Асылхан. – Мен бар жерде олар сізге жақындай
алмайды. Ондайларға қатты жұдырық керек.
– Керегі жоқ. Олармен ұстаспа,– деді Аяған жігіттің білегінен ұстап. – Пышақпен өлтіріп кетеді.
– Адам өлтіру оңай мес емес, аға,– деп күлді жігіт.
– “Дос – егіз, дұшпан – сегіз” дейді халық. Олар көп. Абай бол айналайын. Сендей азамат
қазаққа керек.
Мен сияқты зембіл көтеріп жүрген қара қазақ көп қой, аға. – Асылханның қабағы тұнжырап, екі
көзіне мұң тұнды. Біраз уақыт үнсіз отырды, сосын көңілдене сөйледі. – Сіздер аман
болыңыздар, аға. Сіздер – халықтың ары, ұяты, намысысыздар. Кім екеніңді, қандай адам
екеніңді, халқың үшін не істей алатыныңды күшпен емес, іспен дəлелдеу керек. Үй менсіз де
салынар, зембіл көтерер адам табылмай қалар деймісіз. Құдайға шүкір, ақылға кенде, сіңірі
жуан, қара күші мол адамдар көп қой қазақта. Сіздердің орындарыңызды толтыру қиын болады,
аға. Сіздер халықтың ақыл-ойысыздар.
Асылханның қызуланып айтқан сөздерін Аяған үнсіз отырып тыңдады. Ол сөйлеп болғаннан
кейін де біразға дейін ой түкпірін ақтарып үндей қоймады.
– Мен де бұрын солай ойлайтынмын, Асылхан,– деп күрсінді Аяған. – Осы халықтан бір тəуір
адам шықса алақайлап қуанып, соның тілеуін тілеп, сол кісінің құлы болып, құлдыраңдап
шауып кетуге дайын тұратынмын. Ол туралы біреу ғайбат сөз айтса қызылкеңірдек болып
айтысып, төбелесуге дейін баратынмын. Олардың кім, қандай адам екенін кейін түсіндім,
кейбіреуінен түңілдім біржола. Олардың ойлап жүргені халықтың қамы емес, қара бастарының
қамы. Басынан небір қиямет өткен, тағдыры талқыға түскен халықты, оның болашағын
ойлағандар бірін-бірі аяқтан шалып, тобықтан қағып сүріндіре ме? Бірінің үстінен бірі
Орталыққа, Мəскеуге арыз айдай ма? Халқының қамын жеген азамат үшке бөлініп, бірінде
бірінің өші, кегі жоқ түбі бір туысқандарды бірінен бірі бездіріп, берекесін ала ма?! Алдияр
Ақпанұлындай біртуар азаматын мүжілген сүйектей лақтырып тастай ма? Бұл биікке ұмтылып,
қонған тұғырын місе тұтпайтын, тек маған ғана бола берсін дейтін адамдардың, сен айтпақшы,
халықтың ары, ұяты, намысы болыпалған ағаларымыздың ісі. Бəрі шетінен шамшыл. Солардың
дегенімен жүріп, дегеніне көнбесең соңыңа шырақ алып түседі. Құдайлыққа таласып жүрген сол
ағаларымызға топ керек, Асылхан. Біз сияқты құл керек. – Аяғанның екі беті алабұртып, өңі
сұстанып кетті. Екі көзінен алапат ашудың ұшқыны шашырады. Екі танауы қусырылып, жүзі
қуқыл тартты. – Бірін-бірі мұқатып, бірінен бірі “озып” кету үшін жанталасады, ұялмай-
қызармай небір қиянаттарға барады. Олардың төңірегіне кілең дарынсыз, ортақол
орындаушылар жиналады, Асылхан. Оларда ар, ұят деген болмайды. Өл десе өледі, өлтір десе
“қалай болар екен” деп ойланып тұрмайды. Сондай “ерекше” еңбегімен көзге түсіп, “кісі”
болғандар аз деймісің. Топқа бөліну арқылы небір топастарға жол ашып бердік қой, Асылхан-
ау.


– Біз қайдан білейік, аға,– деп Асылхан орнынан тұрып кетті. Сынық кірпішті аяғының ұшымен
іліп алып, лақтырып жіберді. – Біз сол ағаларымыз туралы неше түрлі аңыз əңгімелер естіп
өстік. Соларға табындық, еліктедік. Солардай болсақ деп армандадық. Астанаға бізді сол арман
алып келді.
– Бəрімізді сол арман алып келген, Асылхан,– деп күрсінді Аяған. Қолындағы шыбығымен жер
шұқып, басын оңды-солды қозғап қойып, біразға дейін үнсіз отырды. Шалқайып алабұлттанған
аспанға қарады. – Тіліңнің бағасы түсті. Қазақ тілі кімге керек? Ата-бабамыз ғасырлар бойы
жасаған дəстүр, салтты ескіліктің қалдығы дейтін болдық. Тіпті жасы жетіп өлген адамды ата-
баба дəстүрі бойынша жерлеуге де болмайды. Бейіт басында бетін сипағаны үшін бір
коммунисті шырылдатып партиядан шығарып жібергенін білемін. Бейіт басында анасымен
қоштасып, жоқтау айтып, жылағаны үшін аудандық партия комитетінің қызметкерінің соңына
түскен десем сенесің бе? Осындай əңгімелерді естігенде қайда кетіп бара жатқанымызды,
қоғамның қазіргі жағдайын ойлап, қаптаған көп сұраққа жауап таба алмай дал боламын. – Аяған
шарасыз күйіне күйінгендей, ақырын ғана күрсініп, басын шайқады. Оң қолымен желкесін
уқалап, бір сəт үнсіз қалды. – Былық пен шылықтың заманы болды бұл. “Апыр-ау, бұл қалай?
Қайда кетіп барамыз осы біз?” деймін де қалың ормандай қалың сұрақтың ішіне кіріп, адасып
тынамын. Енді ойлап қарасам, осының барлығы басыңда еркіндіктің, тəуелсіздіктің
жоқтығынан екен. Азаттық алмай алысқа бару жоқ бізге. Қара басының қамынан басқа ештеңе
ойламайтын, халыққа орындаушы – тобыр деп қарайтын, биік мансап-тұғырда отырғандардың
көпшілігі тышқан аулап жүр, Асылхан.
– Олар мысыққа айналып кетті десеңізші.
– Жер тозды, ел азды, бауырым. Геркулес пен Араб сияқтыларды тайраңдатып қойдық,– деді
Аяған қинала бас шайқап. Қатты назаланып отыр, қос жұдырығын түйіп алған. Аяған ашуын
тарқатпақ болғандай екі тізесін ұрып-ұрып қояды. – Құдайдан қорықпайтын адамдар көбейіп
кетті ғой. Құдайсыз өмір сүру əй-й қиын-ау. Жоқ, бауырым, біз құдайсыз өмір сүруге үйрене
алмаймыз.
Екеуінің оңашаланғанын неге жорығанын кім білсін, маңайлай алмай ойқастап жүрген Сергей
жақындап келіп тоқтады. Əңгіменің қызығына түскен екеуі оған назар аудара қоймады.
Жарқылдап күліп, əркіммен қалжыңдасып жүретін жігіт аса көңілсіз. Анау екеуінің өзін
шақыра қоймасына көзі жеткен соң үн-түнсіз келіп, екеуінің жанына жайғасты.
– Несін айта берейін, Асылхан,– деп езу тартты Аяған. – Төңірек толған контраст, қайшылық.
Біреулер қаңғырып, бір үзім нанға зар болып, қоқыстың арасын аршып тентіреп, телім-телімі
шығып жүреді. Басында баспана, алдында ас жоқ. Біреулер қайыр сұрап отырады. Ал енді
біреулер мыңдап ақша шашып, ойына келгенді істеп, сайран салады. Оларды да, қаңғыбастар
мен қайыршыларды да ешкім көрмейді.
– Əй, соларды қойшы! Көкбазардың төңірегі толған қайыршы,– деді Сергей ашулана сөйлеп.
– Неге бұлай? Социалистік қоғамда адам мен адамның арасында осындай теңсіздік болғаны
қалай?– деп Аяған жанындағы екеуге қарады.
– Олар жалқау, еңбек етпейді,– деп Сергей жерге шырт түкірді.


– Солар көп қатарлы жұмыс істесе қайыр да сұрамай, қаңғырығы түтемей тəп-тəуір өмір сүрер
еді,– деді Асылхан əріптесін қостап. Аяған басын шайқады.
– Əділетсіздік қоғамның мазмұнына айнала бастады, жігіттер. Адам арзандап кетті. Біз тым
арзанбыз,– деп мүлде басқа мəселені ойлап, мазасызданып отырған Сергейге бұрылды. – Қолына
билік тиген əлдекім ойына келгенді істейді. Оған сондай құқық берілген. Сен, мен ол үшін
орындаушымыз Құлмыз, жігіттер!..
– Əй, қойшы соларды. Олар бəрібір біздің айтқанымызбен жүрмейді. “Бүкірді көр ғана
түзетеді”. Бізге тимесе болды,– деді Сергей Аяғанның сөзін бөліп. – Біз құрылысшымыз. Неге
біз Брежнев пен Қонаев үшін бас ауыртуымыз керек, а? Ойлансын солар. Сол үшін айлық алып
отыр.
– Дұрыс айтасың,– деп күлді Аяған. – Басқа үшін ауыратын бас бізде жоқ.
– Менің өз проблемам жетеді,– деп Сергей ойын ашық айтты. Геркулестің сөзін шын көріп,
қорқып қалған сияқты. Сəл нəрсені үлкен уайымға айналдырып, шаршап жүретін қамкөңіл
жігітке əлгінің айтқаны ауыр тигені көрініп тұр. – Мен ол екеуін білемін. Дос-жарандары көп.
Бəрі отырып келген.
– Қорықпаңыздар,– деді Асылхан, оны жігерлендірмек болып, желпіне сөйледі. – Олардың күні
біткен. Енді қылмыс жасаса ұзақ мерзімге сотталады. Мұны олар біледі. Ол екеуінікі қоқан-
лоқы.
– Сен оларды білмейсің,– деп қасарысты Сергей.
– Олардың басқан ізі аңдулы. Оның үстіне екеуі де босбелбеу, қопал екен. Менің бір сілкігеніме
жарамай жалпасынан түсті бейшара,– деп күлді Асылхан. Оған қосылып Сергей күлді.
Зорланып, қиналып күлді. – Егер ойда-жоқта жолыға қалсаңыз бірден дүрсе қоя беріңіз. Сіздің
жұдырық тисе Геркулестің басы допша домалайды.
Асылханның сөзіне толық илана қоймағанмен Сергейдің қорқынышы сейіліп, көңілі жайланды.
Жұдырығын салмақтап отырып ақырын ғана күрсінді де орнынан тұрды.
– Ол иттер Людаға қастандық жасай ма деп қорқамын,– деді қабағы тұнжырап. Басын шайқап-
шайқап қойып, қынжыла сөйледі. – Мана желікпей тыныш отыруым керек еді. Былтырғысы
есіме түсіп, шыдай алмадым. Ой, ол екеуі былтыр мені ұрып өлтіріп қоя жаздаған.
Ер мінезді жігіт деп іштей ұнатып, іштартып, ілтипат көрсетіп жүретін, мына сөзінен кейін
Асылхан оны жақтырмай қалды. Екі иығына екі кісі мінгендей ірі жігітке тыжырына қарады.
Көлеңкесінен қорқып, қалтырап, дірілдеп болар-болмасқа сақтық жасап жүретін адамдарға ол
ешқашан сенбейді. Басына қиын іс түссе бірінші болып жалт беретін, беті шімірікпестен сатып
кететін қорқақ адамдардың талайын көрген. Мұндай тайғанақ адамдар өмір мен өлім бетпе-бет
келіп, шартта-шұртта ұстаса кетіп, жеңісе алмай жанталасқан сəтте елгеніне қарамайды екен,
беттің арын белге түйіп тайқып шыға беретінін талай байқады. Шыбын жанын барлығынан
жоғары қоятын сондай міскіндер əйтеуір тірі қалу үшін не істемеді?! Тірі қалу үшін
дұшмандардың тұтқына өзі барып түскендердің аман жүргені көп те емес шығар, сірə. Жер
басып тірі жүргендерінікі қай бір шекесі қызған тірлік дейсің, тəйірі. Өмір сүру деген жалғанды


жалпағынан басып, тойған жеріңде əйтеуір тірі жүру ме екен?! Отансыз, ата-ана, туған-туыс,
кішкентайдан бірге өскен дос-жарандарсыз адам сияқты өмір сүру мүмкін бе? Бөтен, мүлде
бөтен жұрттың саған ешқашан жаны ашымайтын, қуанышыңды бөліспейтін, қайғыңа
ортақтаспайтын жат жұрттың ортасында мейманаң тасып, бағың асып жүргенмен сен бақытсыз
сорлысың. Қорқақ міскінде ар да ұят да болмайды.
– Е-е, олардың таяғына үйренсең екінші рет сабап кетеді-ау деп уайымдамауыңа болады екен,–
деді Аяған езу тартып. Сергей оның кекесінін түсінбеді.
– Бізге бірігу керек. Бірге жүрсек олар беттей алмайды.
– Люда жеңгеміз де бірге жүре ме? Бəлкім, бірге тұрармыз, – деді оны ұнатпай қалған Асылхан
əдейі қисық сөйлеп. Мұндайды күтпеген Сергей асып-сасып, бірнəрсесін жоғалтып алғандай
қалтасын ақтаруға кірісті. Мұрнының үсті шып-шып тер. Басынан сөз асырмайтын Сергей бұл
жолы тілінің ұшына келіп қалған ауыр сөзді əрең ірікті. Орнынан тұра салып, лəм деместен
кетіп қалды.
– Осындайларды суқаным сүймейді, аға,– деді Асылхан шырт түкіріп. – Қолмен істегенді
мойынмен көтеру керек қой.
Аяған оның сөзін естімеген адамдай екі қолын таяныш етіп, шалқайыңқырап отырып аспанға
қарады, Алатаудың биігіне бұлт ілініпті. Ол көзін жұмып, бір сəт үнсіз отырды. Сол отырған
күйі:
– Асылхан, манағы қарындастың аты кім? – деп сұрады.
– Хадиша.
– Қайда тұрады?
– Жатақханада... Жолы болмай жүрген қыздың бірі. Жыл сайын медицина институтына барып,
құлап қалады екен.
– Қайсар қыз екен. Мен үшін соққыға жығылды-ау бейшара-ай,– деп қинала қабақ шытты жігіт.
– Айналайын-ай, аман болса екен. Қыз баланы іштен тепкені-ай əлгі нəлеттің.
– Жұмыстан кейін барып, қал-жағдайын білемін ғой,– деді Асылхан орнынан тұрып жатып.
Аяған да тұрды.
– Хадишаға бірге барайық, Асылхан.
– Келістік, аға.


5
Аяған мен Асылхан ойламаған жерден келе қалады деп күтпеген Хадиша қатты қысылды. Бүк
түсіп, ұйықтап жатыр екен.
– Қозғалма, жата бер, айналайын,– деген Аяғанның сөзін тыңдамады, орнынан тұрып кетті. – Біз
көңіл сұрайық деп қана келіп едік.
– “Қуыс үйден құр шықпа” деген мақал бар, аға,– деп күлді Хадиша.
Хадишаның шайын ішпей кетпеймін,– деп Асылхан аяғын шешіп, төрге озды. Босағада тұра
бергенді оғаш көріп, Аяған да төрге шықты. Асылхан ұсынған орындыққа жайғасып, үйдің ішіне
көз жүгіртті – шағын ғана бөлме, мұнтаздай етіп жиналған үш төсек тұр, столға крахмалданған
ақ жайма жабылған, терезеге капрон тюль ілініп, гүлді-гүлді қалың шыттан перде тұтылған,
еденге төсек жапқыш түстес палас төселген, көзге түсер қиқым жоқ, соншалық таза. Үш
төсектің тұсында əртүрлі əшекей. Біреуінің тұсында оюы көздің жауын алардай тұскиіз,
екіншісіне бұлақтан су алып жатқан таулық қыздың бейнесі кескінделген кілемше ілінген.
Үшінші төсектің тұсында Айвазовскийдің “Тоғызыншы балл” деп аталатын полотносының
көшірмесі ілінген. Кіреберісте екі есікті шағын шифонер тұр, оның артқы жағынан киініп,
шешінуге арнап қуыс жасаған екен, ақ материалдан перде тұтып қойыпты. Хадиша сол қуысқа
кіріп кеткен, бірақ уақыттан кейін мүлде басқа адам болып қайта шықты. Аяған оған таңырқай
қарады. Жұмыс киімімен жүргенде көптің біір сияқты еді, мына мүлде басқа Хадиша. Аз
күннің ішінде барлық қызды түстеп танып та үлгерген жоқ, не жыны барын, оларға көз
тоқтатып қарауға ұялады. Мына қызды да бүгін, төбелестің кезінде көрді. Күндізгі көрген қызы
мүлде өзгеріп кеткен. Көйлегін ауыстырып, желкесіне қалай болса солай жинай салған шашын
өріп, бұлттан шыққан күндей жарқ еткен қыздың көркі Аяғанның көзін жасқады.
Біздің Хадишаны Эрмитажға апарып қою керек,– деп күлді Асылхан қыздың көңілін аулап. –
Қазақтың ұлттық киімін кигізіп, биік тұғырға шығарып, астыңғы жағына орыс, ағылшын, араб,
испан, қытай тілінде “қазақ қызы Хадиша” деп жазып қойса Эрмитажға келген адам біткен
айналып шықпас еді. Жан-жағынан шық-шық еткізіп суретке түсіреді. Содан біздің Хадишаның
суреті бүкіл дүниежүзіне тарайды. Біз бір-бір суретін сатып алып, төсегіміздің тұсына іліп
қоямыз.
Хадишаның аққұба жүзі алабұртып, Аяғанға ұяла қарап, əсем жымиды. “Мақтағанды
қабылдамайтын əйел жоқ-ау” деп ойлады жігіт.
Ой, мен тұғырға шықпаймын, құлап кетемін,– деп күлді қыз. Күлкісі таза, сүйкімді. – Маған
жеке күзетші керек.
Өзім күзетемін,– деп кеудесін қақты Асылхан. – Басымда дулыға, үстімде сауыт, аяғымда
саптама, сол қолымда қалқан, оң қолымда қайқы қылыш... Сен шыққан тұғырдың түбінде
шіреніп тұрамын.
“Қазақ батыры Асылхан” деген табличканы қалқаныңа жапсырып қояды,– деп Хадиша
сықылықтай күлді.


Содан кеш болады, ел тарап, музей жабылады. Хадиша екеуміз ғана қаламыз. “Хадиша,
шаршаған шығарсың, жерге түс деймін мен. “Жоқ, түспеймін. Маған осы жер ұнайды” деп
шырылдайды Хадиша,– деп Асылхан күлкісін үдетті. Оған Аған мен Хадиша қосылып,
кішкентай бөлменің іші жарасымды күлкіге, шаттыққа толды.
Мен қазір келемін,– деді Хадиша шəугімді алып, сыртқа шығып кетті. “Айналайын, əуре болма”
деген Аяғанның сөзін тыңдамады.
Асылхан тумбочканың үстінде жатқан альбомды алып, сурет қарауға кірісті. Аяған төңірегіне
көз жүгіртті, өз орнын таппаған бір зат жоқ. Орындықтарды қалың гүлді шұғамен қаптап
қойыпты. Үш қыздың үшеуі де аса ұқыпты екен, Аяғанның көзі осы шындыққа анық жетті. Егер
үшеуінің бірі салақ болса бөлме мұншалық мұнтаздай таза тұрмас еді. Аяғанның көзі пердесі
жартылай жабылған шифонердің артындағы қуысқа түсті, қабырғаға əртүрлі журналдардан
қиып алған суреттер жапсырылыпты. Көп суреттің ішінен Ермек, Олжас, Асанəлі үшеуін
таныды. Соған қарағанда қыздардың біреуі өнерге жақын сияқты.
Аяған студенттік өмірін есіне түсірді. Əңгередей үлкен бөлмеде сегіз адам тұрушы еді. Бөлме
апталап, тіпті айлап жуылмайтын. Шеттерінен сері, данышпан ұл балалар тым салақ болатын,
біріне бірі сілтеп жүре беретін-ді. Іштеріндегі ересек Əбілжан күңкілдеп сөйлеп, бөлменің
қоқысын шығарып, еденін жуып тұрушы еді. Əбілжаннан басқасының төсегі дұрыс
жиналмайтын, Қуантай есімді жігіт кірлеген іш киімдерін илектеп-илектеп матрастың астына
тастай салатын, бір-екі апта өткен соң əлгілерін жумай киіп алатын. “Ауыл баласының аузы
сасық” деген рас. Соғыс уақытында жəне одан кейін туып, там үйде, құрым киіздің үстінде аш-
жалаңаш жүріп өскен ұрпақ үшін тазалық пен тəртіп ең негізгі мəселе емес-ті. Қазақстанның əр
түкпірінде туып, Алматыға келіп табыса бозбалалардың арасында мүлде айырмашылық жоқ еді.
Айырмашылық – əкелі жəне əкесіз өскен, жаратушыларының кім екенін білмейтін балалардың
арасында болатынын Аяған сол кезде сезген. Əкелерінің кім екенін білмейтін балалар жатқан
жұмбақ еді, жұрттан жасырғаны ойда-жоқта ашылып қалатындай ешкімге қосылмай саяқ
жүретін сол балалар басқаларға күдікпен қарайтын. Олардың осы бір ерекшелігі туралы Аяған
сан рет ойланды, себебін таба алмады.
Шəугімін көтеріп, Хадиша қайтып оралды да, шəйнекке шай демдеді, көзді ашып-жұмғанша
дастархан жасады. Қимылы соншалық ширақ, үй шаруасына əбден ысылғаны байқалып тұр.
Аяғанның келгеніне қуанып жүрген тəрізді, ұрлана қарап, жымиып күліп қояды.
– Қыздарың қайда кеткен, Хадиша? Бізді көріп, тығылып қалған шығар,– деп күлді Асылхан.
– Сенің келетініңді білсе Сəуле барлық жұмысын тастап, сыланып-сипанып тапжылмай отырар
еді. Əттең, білмей қара басты ғой. Сенің осында отырғаныңды естісе Пугачеваның концертін
тастап, шауып келер еді.
– Сен неге бармадың, Хадиша? – деп сұрады Аяған.
– Бұл қыз біздің келетінімізді сезген ғой, сірə.
– Жағдайым болмады, аға,– деп күрсінді қыз. Қабағы тұнжырап, көзіне мұң ұялады. – Күні бойы
орнымнан тұра алмай жаттым. Дəрігер шақырдым.


– Бекер араластың-ау, айналайын-ай. – Аяған қынжыла сөйлеп, кінəлі адамдай жанарымен жер
шұқыды. – Бірер күн үйде жатып емделгенің, тексерілгенің дұрыс.
– Ертең дəрігерге барамын. Бюллетень беретін шығар. Шай алыңыздар.
– Біздің Хадишаның жұдырығынан кейін ол есеңгіреп, ес жинай алмай қалды,– деп күлді
Асылхан əзілге шаптырып. – Əйтпегенде омадай болған Геркулес маған əл бермес еді.
– Беті бет емес, тас екен. Қолым ауырып қалыпты,– деді Хадиша сықылықтай күліп, Аяғанның
бетіне жалт қарады. Екеуінің көзі тоқайласты. Қыздың жаудыраған жанары өзіне асқан
мейіріммен тесілген жігіт назарына шыдамай жалтарып қашты. Аяқ астынан пайда болған
батылдығына қайран қалған Аяған екі беті ду ете түсті. Көз қиығын Асылханға тастаған, ол
ештеңе аңғармаған сияқты.
– Мені Геркулестің шеңгелінен құтқарып қалған Хадиша қарындасыма өмір бойы
қарыздармын,– деді Аяған қызға тік қарап. Əдепкідей емес, бойы үйреніп қалыпты, бұл жолы
қысылып, қызарған жоқ. Хадиша жымиып күлді, қазақтың қызына тəн ибалылыққа бағып,
жігітке назар салмады, бетінің ұшына сұйқылтау ғана қызыл жүгірді.
– Борбиған денесі болмаса өзі өлі сүйек неме екен,– деді Асылхан сүт қатқан қызыкүрең шайды
рахаттана сораптап отырып. – Шындап кетсе біздің Хадишаның өзі-ақ ұрып жығады екен.
– Түрі жаман кəпірдің. Ой, қорқамын одан. Ой, ой!– деді қыз екі қолын кеудесіне жинап, бас
шайқап, бүрісе түсті. Аяған оған тағы да қарады. Мына қылығына өзі де түсіне алмай, дал болып
отыр. Неге қарай береді? Қыз сиқырлы күлкісімен көңілін арбап алған сияқты ма қалай?!
– Есбек деген жолдасым болушы еді,– деді Аяған студент кезіндегі бір жағдай есіне түсіп. –
Үшінші курсты бітірген жылы бізді Еңбекшіқазақ ауданына жұмысқа алып барды. Заң
факультетінің студенттері жүзім жинап жүр екен. Оларға біз қосылдық. Біздің Есбек қарап
жүрмей заң факультетінің бір қызын ұнатып қалыпты. Шаршы бойлы, жүдеулеу келген
қараторы қыз еді. Өзі соншалық ұяң, бір ауыз сөзді қиналып əрең айтатын. Тесіліп қарасаң
қызарып кететін. Есбекпен сөйлесу қайда, оның қарасын көрсе қоянның көжегіндей бір уыс
болып бүрісіп, есі шығып кетуші еді бейшараның. Содан не керек, біраз əуреге түсіп жүріп, көп
болып көмектесіп, екеуін таныстырдық, табыстырдық. Екеуі оңашалана беретін əдет тапқан. Біз
оларға кедергі жасамауға тырысатынбыз. Бір күні тас қараңғыда қыдырып жүрген екеуін бес-
алты жігіт қоршап алыпты. Əлгілер сол маңайда тұратын түріктің жігіттері екен. Есбектің есі
шығып кеткен.
– Қызыңды таста да кете бер,– дейді əлгілер.
– Ағатайлар-ау, үйленейін деп жүр едік,– дейді Есбек жалынып.
– Үйленуге үлгересің. Ал қазір қайқай, батыр! – деп біреуі Есекеңді майлы құйрықтан тебеді.
Сол сəтте əлгі жалпасынан түсіпті. Көзді ашып-жұмғанша екіншісі шалқасынан құлапты. Тұра
ұмтылған екі түрік жігітін адамның бетіне тура қарамайтын ұялшақ қыз бір-бір ұрып
сұлатыпты. Қалғандары алды-артына қарамай тым-тырақай қашыпты.
– Жар-райсың аз-замат! – деп дауыстап жіберді Асылхан. – Ондайларға сол керек!


– Содан кейін-ақ Есбек пен қыздың арасы алшақтай бастады. Ақыры қыз басқа жігітке тұрмысқа
шығып кетті.
– Қыздан қорқып қалған ғой бейшара,– деп кекете мырс күлді Асылхан. – Біздің Хадиша ондай
жігітсымақты жанына жолатпайды.
Шай ішіліп болды, “мені айт” деп сұранып тұрған əңгіме де қалмаған сияқты. Қайту керектігін
түсінгенмен негізгі сөзі айтылмай қалғандай Аяған жіпсіз байланып отыр. Ескіре бастаған
таныс сезімнің арбауына түсіп, бөтен бір күй еркін билеп алған. Хадишаға көз тоқтатып
қарағысы, жүрекке жайлы жылы-жылы сөздер айтқысы келетін тəрізді ме қалай?! Неге бұлай?
Бұл ненің желігі? Түсіне алмай дал. Бұл, бəлкім, өзін Геркулестің шеңгелінен арашалап алған
қызға деген алғысты көңілінің ілтипаты шығар. Əлде қазақтың қарғадай қызының ер адамның
тəуекелі жете бермейтін ерлігіне, азаматтық болмысына деген ризалық көңілдің сүйіспеншілігі
ме екен? Ойы онға, санасы санға бөлініп отырған Аяған дəл қазір тойымсыз көңілді арбап алған
желіктің себебін түсінетіндей қалде емес еді. Көзі анық жеткен ақиқат – күнде көріп жүрсе де
көз тоқтатып, көңіл бөлмеген кішкентай ғана қызға ақыл көзімен қарап, дұрыстап танығандай
болды.
– Ал, айналайын, біз қайтайық,– деді Аяған қыздың күлімдеген көзіне сəп салып қарап. Қулығы,
өтірігі жоқ момақан көз оған соншалық таныс сияқты болып көрінді. “Апыр-ау, бұрын ғайда
көріп едім?” Ойланды, бірақ есіне түсіре алмады. Хадишаның қолын алып, еңкейіп ерін
тигізген. Мұндайды күтпеген қыз шоқ қарығандай селк етіп, қолын тартып алды да, онысына өзі
қысылғандай басын оңға бұрып сықылықтап күліп жіберді.
Аяған сияқты Асылхан да қыздың қолын сүйді, бұл жолы Хадиша қолын тартып алған жоқ.
Екінші қолымен еңкейіп тұрған жігіттің төбесінен сұқ саусағымен нұқып жіберді.
– Ойбай, төбемді оясың!..
Хадиша есіктен шығып бара жатқан Аяғанға жаутаңдай қарап, сықылықтай күлді. Екеуінің
сыбырласып айтатын əңгімесін барын сезіп, Асылханды күтпестен шығар есікке беттеді.
Соңында əлденесі ұмыт қалғандай əсерде елегізіп барады.
“Бетінен иманы тамған ибалы бала екен. Бағы жанып, оқуға түссе талай жігіт соңынан сүмеңдер
еді-ау” деген ой келді Аяғанға.
Не жөнді білімі, не көз арбар көркі жоқ кейбір қыз жолы оңғарылып, оқуға түсіп кетеді, сонан
кейінгі өмірі жəрмеңкедегідей думан, сайранға ұласады. Хадиша сияқты қыздардың жолын
қырсық кесіп, түкке тұрмайтын мінəйі себептердің кесірінен бағы ашылмай сорлап жүретінін
ойлап, Аяғанның көңілі құлазыды. Бет қаратпайтын адуын, қайсар болғанмен адамның да тауы
шағылып, тауаны қайтады. Енді бір, екі талпыныстан кейін оқуға іліне алмаса Хадишаның
шаршап, келер күдерінің қызығынан күдер үзері белгілі. Осы тіршілігіне үйренеді, құлазыған
ашқарақ көңілге басқа жұбаныш іздейді, сөйтіп жүріп бір жаманның қақпанына түсіп тынады.
Осылай ойлаған Аяғанның жүрегін балы тамған жас қамыстай солқылдаған жас қызға деген
аяушылық сезімі шағып алды. “Əй, бақыттың көзі соқыр-ау. Кімнің маңдайына қонуды
білмейді” деп күбірледі төменгі қабатқа түсіп бара жатып. Қыздың қадыр-қасиетін білер есті
адамға кездессе бағы жанып, дегеніне жетер, шілдесінде шырақ көрмеген тасмаңдайға тап болса


мұз арқалап, күл төгер. Əй, бірақ адамның қадыры қашып, құны түскен мына заманда қыздың
бағасын біліп, ардақтар азамат аз-ау.


6
Көңілі күдікке күпті болып келген Алмасты тарих факультетінің деканы Жақия Тайлақұлы
жайраңдай күліп, ағалық ілтипатпен орнынан тұрып қарсы алды. Сыртта кездескенде сұс
көрсетіп, сəлемін немқұрайды алатын кісінің тосын қылығына Алмас түсінбей, оған таңырқай
қарады.
– Жоғары шық, Алмасжан,– деді Жақия, оны қолтықтап төрге шығарып, жанына өзі жайғасты,–
Қал-жағдайларың қалай?
– Жаман емес,– деді Алмас деканның бұл ілтипатын түлкі қулыққа балап. “Мұныкі айла, мені
алдап түсірмек” деп ойлап қойды.
– Дұр-р-р-ес екен,– деді декан екі көзін Алмастан алмай, дауысын барынша созды. Үні құран
оқып отырған молданың мақамына ұқсайтын сияқты боып көрінді. Лекция оқып тұрғанда да
осы мақам. Алмас көмейіне келіп қалған əзəзіл күлкіні əрең тежеді, Жақия сезіп қалмасын деп
бетін терезеге бұрды.
– Өзіңмен ақылдасатын шаруа бар еді. – Жақия көзін сығырайтып, ойланып отырған кісінің
кейпіне еніп, Алмасқа сынай қарады. Деканның түпкі ойын жігіт болжады, берілмеске
бекінгендей өжеттеніп, кірпік қақпақ бақшиды. Көмейдегі көмескіні аңғарғыш көпті көрген
Жақия жігіттің іштей ширығып, ұстаса кетуге дайын отырғанын сезіп, суық жымиды. Бит ішіне
қан құярдай ебі бар ол Алмасты қақпанға қалай түсірудің жолын көп ойланып жатпастан тапты.
– Алмасжан, сені шақырған себебім – маған көмекші керек болып жүр,– деп жігіттің иығына
қол салды. Алмас оған сенімсіздікпен таң қала қарағанмен жүзінен ештеңе аңғара алмады, шын
айтып тұрған сияқты. Жігіттің мұрнының ұшы тершіп, көз шарасы үлкейе түсті. Жақия атқан
оғының көздеген нүктеге дəл тигенін түсініп, суық жымиып, орнынан тұрды. Аяңдап өз орнына
барып жайғасты. Жігіттің сабырын сарқу үшін үнсіздікті əдейі соза түсті. – Жатақханада тəртіп
жоқ, арақ ішіп, қолға түсетін студенттер көбейіп барады. Төбелес көп. Оны өзің де білесің.
Студенттер кеңесінің жұмысы нашарлап кетті. Кеңестің төрағасы босбелбеу біреу болып
шықты. Өзі ішетін көрінеді, безобраз...
Алмас тершіген маңдайын сүртіп, мұрнын бір сүйкей салды. Өзі ойлағандай емес, деканның
мүлде басқа мəселеге байланысты шақырғанына көзі жеткен соң арқасы кеңіп, еңсесін басқан
зілмауыр жүк түскендей бойы жеңілдеп қалды. “Студенттерді ұйымдастырып, арыз жазыпсың.
Жазғаның өтірік. Əкеңді танытып, оқудан шығарып жіберемін” деп əкіреңдеп ұрсатын шығар
деп қорқақтап келген. Оған айтар сөзін іштей жұптап, тұйықтан шығар жолын қарастырған.
Енді міне, ешқашан ойламаған, солай болуы мүмкін-ау деп дəмеленбеген ұсыныс естіп, сенер
сенбесін білмей аңтарылып отыр.
– Ойлап-ойлап сенен лайықты адам таба алмадық,– деді декан, май басып жұмырланып кеткен
жып-жылмағай иесін қасып. – Сен біздің жақсы тізімде жүрген жігітсің. Оқуыңды бітіргеннен
кейін де бізге керек боласың.
– Рахмет!


Сен сияқты болашағы бар жігіттерді осы бастан додаға салып, баулып, қанатын қатайту парыз.
Біз мəңгілік емеспіз. Солай емес пе, Алмасжан,– деп сөзін жігітке құптатып алды. – Осы бастан
дұрыс бағыт бермесек кім көрінгеннің ықпалында кетіп қаласыңдар ғой.
Алмастың көңіліне күдік шапты, есіне Аяғанға араша сұрап, Орталық партия ұйымына жазған
арызы түсті. “Мына кісі соны меңзеп отыр ма” деген оймен Жақияның көн болып кеткен бетіне
қанша үңілгенмен ештеңе аңғара алмады. Арыз туралы ештеңе білмейтін сияқты. “Білсе
мəймеңкелеп отырмай турасын айтар еді ғой” деген ой келді жігітке. Күні ертең бəрін
білетіндігіне сонан соң өзіне деген пейілінің тарылып, сары ізіне шөп салып,
қудалайтындығына Алмас күмəнданған жоқ. Даудың алдын алып, болған жағдайды жəне соған
өзінің қалай қарайтындығын жасырып-жаппай дəл осы арада айтып тастауға бекінгенмен
тəуекелге батылы бармай күмілжіді.
– Ой, аға, сол жұмыс менің қолымнан келмейді,– деп жалтарып қашты. – Қоғамдық жұмысқа
сұранып жүретін жігіттер көп қой.
“Аяқ астынан мынаған не көрінді” дегендей Жақия жігітке таң қала қарады. Көзі əдеттегідей
сығырайып, суық ызғар шашады. Мына баланы құр қолмен алуға болмасын енді түсінгендей
оның қайсарлығына сүйсінгені ме, жоқ əлде, ызаланғаны ма, əйтеуір жымиып күлді.
– Өзің біл, Алмасжан,– деді қабақ шытып. – Біз ешкімді жұмысқа зорлап жекпейміз. –
Жақияның түсі əпсəтте өзгерді, алдында жатқан қарындашты алып столды тықылдатты. –
Менікі саған деген жанашырлық. Менің сөзім қолайыңа жақпаса қинамаймын. Ал, жақсы,
шырағым.
Алмас ағаттық жіберіп, басына қонғалы тұрған бақ құсын шошытып алғандай өзіне өзі ренжіді.
Айтылған сөз – атылған оқ. Ағат айтылған сөзін қайтып алуға бірнеше рет оқталып, батылы
бармай-ақ қойды. Аяғын ауыр алып, есікке беттеді.
– Алмасжан, осы сен құйрығында шаласы бар адамдардан алыс жүрші,– деп Жақия орнынан
тұрып, аяңдап Алмастың жанына келіп, қарсы қарап, талтайып тұрды. – Əлдекімнің шашбауын
көтеремін деп жүріп күйіп кетпе. Байқа, шырағым.
– Оны нақақ күйдірдіңіздер ғой,– деді Алмас түсіңкіреп кеткен еңсесін көтеріп, өжет мінез
танытты. – Ол өте білімді оқытушы.
– Таласым жоқ. Аяғанды мендей-ақ бағаласын жұрт. Оны балапан кезінде танып, қанатымның
астына алғанмын.
– Қолыңыздан келіп тұрса неге қорғап қалмадыңыз?
– Біздің елімізде ешкіммен ақылдаспай-ақ кез келген адамның тағдырын шеше беретін
мекемелер бар,– деді декан терең күрсініп. – Оның қандай мекеме екенін сен сұрама, мен
айтпай-ақ қояйын. Ол мекемеден мемлекет басшылары да қорқады.
– Қуатовтың ешқандай кінəсі жоғын біле тұра сіз үндемей отырсыз,– деп Алмас деканның өзін
кінəлауға кірісті.


– Үндей алмаймын. Себебі – мен онымен тəуліктің жиырма төрт сағатында бірге жүрмеймін.
Аяғанның немен айналысатынын, кімдермен араласатынын, не айтатынын білмеймін.
– Білмесеңіз мен айтайын. Ол нағыз азамат!
– Мен КГБ-ға сенемін, шырағым,– деп езу тартты Жақия. – Ол сол мекеменің есебінде тұрады.
Аяғанның соңына түсіп жүрген мен емес, түсіндің бе? Ал жақсы, Алмасжан, бұл екеуміз бас
ауыртатын мəселе емес. Менің ұсынысым туралы ойланып көр. Саған есігім ашық.
Алмас деканның бөлмесінен есеңгіреп шықты. Оның Аяған туралы айтқан сөздеріне сенер-
сенбесін білмей ойы онға, санасы санға бөлініп, жатақханаға қарай аяңдады.


7
Көктөбенің етегі мен Татар слабодкасын салыстыруға мүлде болмайды екен, екеуінің арасы аса
қашық болмағанмен ауа райында біраз айырмашылық бар сияқты. Тау етегі болғандықтан ба бұл
өңірдің таңы салқын. Əсемнің соңғы уақытта аңғарғаны – Абай көшесінің төменгі бөлігі мен
жоғарғы жағында да өзгешелік бар екен. Көшенің үстіңгі бөлігінде қар жатса, төменгі жағында
сіркіреп жаңбыр жауып тұрады. Ал Татар слабодкасы дейтін ауданда бұл уақытта тамшы
тамбайды. Алатаудың баурайына нөсерлеп құйған жаңбыр тау бөктерлеп кетеді.
Кішкентай кезінен жүрегі ауыратын Əсемге таза, тыныш болғанмен жаңа тұрақтары жақпады.
Судың жағасы болған соң ба, жоқ əлде, үй дымқыл ма, екі күннің бірінде ауа жетпей алқынып,
демі қысылатын дерт жабысты. Оның үстіне биылғы күз жаңбырлы болып тұр. Құдайдың қуығы
жарылып кеткен бе, екі күннің бірінде нөсер. Аспан тазарып, жылт етіп күн шықса ауа қызып
буланып, қас қарайысымен салқын түседі. Ауа райының теріс əсеріне отбасына түскен
ауыртпалық қосымша болып, бейшараның басын қайғы қаңғыртты. Ұйқысы бұзылып, күйгелек,
ашуланшақ болып алды, сəл бір қолайсыз шаруаға шыбын жаны шырқырап, егіліп жылап қоя
беретін əдет тапты. Осының барлығы жиналып келіп дімкəс жүрекке салмақ салды, білем, соңғы
күндері қарға адым жер жүрсе демігіп, ауа жетпей тұншығатын ауруға ұшырады.
Екі баласын таң атпай Татар слабодкасындағы бақшаға алып бару ауру адамға оңай болып па?!
Құлқын сəріде көзін тырнап ашып, бір баласын көтеріп, екіншісін жетелеп, ит арқасы қияндағы
бақшаға қарай дедектейді. Бақшаға жеткенше шаруасы тынады, əр жерге бір тоқтап, күш жинап
алып, ібілжіп ілгері жылжиды. Балаларын бақшаға жеткізіп салғаннан кейін аяңдап почтаға
келеді. Аяғанның Мəскеуге, Брежневтің атына жөнелткен арызынан жауап күткелі қашан. Аяған
күн сайын босағадан аттай бере “хат-хабар бар ма?” деп сұрайды. Күйеуінің көңілі үшін күніне
екі уақ – таңертең жəне кешкілік почтаға соғады.
Ол бүгін де қатты қиналды, екі баласын жетектеп аялдамаға жеткенше сан рет тоқтады, өте
ауыр жүк көтеріп келе жатқандай демігіп, денесін суық тер басты, көзі қарауытып, басы
айналды. Аялдама алыстап кеткен тəрізді, жеткізбей діңкесін құртты. Орта жолда кідіріп,
қазандай тастың үстінде терін сүртіп, ұзақ отырды.
“Мына түріммен Татаркаға жете алмаспын-ау. Үйге қайтайын” деп түйген. Есіне сап етіп
Мəскеуден келетін хат түсті де, жеңіл қозғалып, орнынан тұрды. Осы сəт басы айналсын. Бір
аттаса құлап түсетін тəрізді. Оның қиналып тұрғанын жанынан өтіп бара жатқан орыс жігіті
байқап:
– Сізге не болды? – деп қолтығынан сүйеді.
– Рахмет! Ештеңе болған жоқ,– деп қинала езу тартты келіншек. Қайтадан тасқа отырды. Жігіт
Əсемнің қарысып қалған саусақтарын уқалап жатып əрең жазды. Сонан соң Бибіні көтеріп,
аялдамаға жеткізіп салды.
Əсем екі баласын бақшаға тапсырғаннан кейін ілби басып почтаға келген. Ішке кіріп баруға
батылы жетпей есік алдындағы орындыққа жайғасты. Күніне екі рет келеді, почташы қыздар да
ығыр болған сыңайлы. Əсемнің қарасын көрген сəтте қабақтары түйіліп, қауырт жұмыстары
көбейіп, қолдары босамай қалады. Əсем мұндайда маңдайын есік жақтауына ұрып алғандай кілт


тоқтайды.
– Сізге ештеңе жоқ,– дейді қыздардың бірі.
Жүрегі сыздап ауырып, есіктің жақтауына сүйеніп, сыртқа шығады.
Бүгін бірден кіріп бармай есік алдында бөгеліп қалған себебі – қыздардың “жоқ” деген сөзін
естігенде құлап қаламын ба деп қауіптенді. Есік алдында өткен-кеткенге көз түрткі болып
отыра берген де оңай емес екен. Ішке кіргендер де, сыртқа шыққандар да қарамай өтпейді.
Ішке кірерде алдында “Аяғанымның жолын оңғара гөр” деп құдайына жалбарынды. Жасқана
тұрып имене басып, ішке кірген. Бұл жолы тақ ете қалатын қыз оны байқамады ма, үндемеді.
Келіншек кішкене ғана көзі бар терезенің алдына келіп үн-түнсіз тұрды. Жүрегі дүрс-дүрс етеді.
Қолы қалтырап, Аяғанның паспортын қызға ұсынды. Почташы қыз паспортқа мүлде қараған
жоқ, келіншектің қолына жоғары жағына қызыл əріптермен “КПСС” деп жазылған аппақ
конвертті ұстата салды.
– Мына жерге қол қойыңыз,– деді, сонан соң Əсемнің алдына дəптерін ашып қойып.
Өмірінде дəл бұлай толқымас, қолы дірілдеп, қалам ұстай алсашы. Əрең дегенде дəптердің
бетіне шимайлап белгі салған болды. Конвертті кеудесіне басып, асығыс сыртқа шықты.
Қуаныштың əсерінен дімкəс жүректің дүрсілі күшейе түскен. Жаңа ғана қарға адым жер жүру
мұң болып, демігіп, көзі қарауытып, құлап қала жаздап еді мол қуат біткендей жүгіре басып
аялдамаға жетті. Мəскеуден, Орталық партия комитетінен келгені шын ба дегендей аппақ
конвертке қайта-қайта қарайды. “Шын, шын” дейді жүрегі алып ұшып. “Шын!” деді. Бір ауыз
сөзге тілінің икемі əрең келді. Кенет тіліне кермек дəм білінді. Енді түсінді, егіліп жылап тұр
екен. Көзінен аққан ағыл-тегіл жас бетін айғыздап, омыруына құйылып жатыр.
Қуанғаны соншалық, Əсем бір орнында байыз тауып тұра алмай тыпырлады, автобус жуық
арада келе қоймаған соң келесі аялдамаға қарай жаяу жүре бермек болған. Екі-үш адым аттады
ма, жоқ па, көзі қарауытып, екі аяғынан жан кетіп қалған тəрізденді, құлағы шыңылдап тұрды да
тарс бітіп қалды. “Құлаймын-ау” деп ойлады, сұрапыл үрей дімкəс жүректі аямай қыршып алды.
Екі тізесінің бүгіліп бара жатқанын сезді, айқайламақ болған, бірақ əл-дəрмені жетпеді,
теңселіп тұрып құлап түсті.


8
Үлкен ұлын жолшыбай мектебіне қалдырып, қаланың шетіндегі жұмыс орнына кешігіп жеткен
Аяғанның көңілінде еш күдік жоқ еді. Киімін ауыстырып, жұмысқа кіріскен. Істейтін жұмысы –
есік-терезе сырлайды, үйдің төбесін, қабырғаларын əктейді. Жаңа кəсібіне төселе
қоймағандықтан оны құрылысшы қыздар күлкіге айналдырып, ортаға алып мазақтайды.
– Сіз жұмысты қойып, бізге шай қайнатып, тамақ жасап беріңіз, аға.
– Қандай тамақ жасай аласыз?
– Шай қайната аламын, ет асамын,– деп Аяған шынын айтты.
– Өлə, ет асамын дейді!.. Нан илей аласыз ба?
– Дүкеннен дайын кеспе сатып аламын,– деді жігіт сөзінен жаңылмай.
– Өй, мына ағай бəрін біледі ей, өлə!..
– Шіркін-ай, тамақ жасап, кір жуып, үй тазалайтын жігітке тисем ғой,– деп қыздардың бірі
сылқ-сылқ күлді.
– Еркектер қолы жеткенше алдында құрдай жорғалайды. – Қыздардың ішіндегі кекселеу келген,
əрдайым күңкілдеп сөйлеп, əлдекімдерді жазғырып жүретін қатқан қара келіншек күліп тұрған
Аяғанға жақтырмай қарады. – Қолы жеткеннен кейін оңбағандар тəубасын ұмытады. Өтірік
күледі, өтірік сөйлейді. Мүлəйімсіп тұрып уəдені береді, береді... Артынан танып кетеді.
– Мен ешқашан уəдемнен танған емеспін, – деді Аяған бояуға былғанған қолымен мұрнын
ұстап. Қыздар ду күлді. – Үйленбей тұрғанда берген уəдемді орындап жүрмін.
– Қандай уəде беріп едіңіз, ағай?
– Кеудемнен шыбын жаным шыққанша сүйіп өтемін дегенмін. Бұл бір. Аузыңнан шыққанды
қалт еткізбей орындаймын дегенмін. Бұл екі. Сонан соң... – Берген уəдесін ұмытып қалғандай
қасақана аспанға қарап, ойланған болды. Ұзақ үнсіздікке шыдамаған қыздар жан-жақтан
жамырай бастады. Аяған жымиып күліп, дұрыс айтасыңдар дегендей бас шұлғып тұр.
– Балаларды бақшаға апарып, алып келемін деген шығарсыз.
– Дегенмін...
– Үй тазалаймын, кір жуамын, базарға барамын дегенсіз.
– Дегенмін...
– Сонда сенің қатының немен айналысады?– деп қара келіншек төбеден түскендей дүңк ете
қалды.


– Дем алады,– деп Аяған келіншекке күле қарады. – Кітап оқиды, театрға барады, қыдырады.
Дүниені аралап, саяхат жасайды. Курортқа барады.
– Білеміз ондай қатындарды,– деді қара келіншек түсі бұзылып. Қолындағы щеткасын қызыл
қоңыр бояу құйылған шелекке былш еткізіп тастай салды да, отыра қалып, темекі тұтатты. –
Бұлғаң-бұлғаң етіп күні бойы көшеде жүреді. Ақша көп, қол бос... Сөйтіп жүріп ол немелер
ойнас жасайды. Бала-шағаның екі көзі төрт болып, əлгі жəлəптің жолын тосады. Ал ол жəлəптар
бұл кезде шарапқа сылқия тойып алып, үстінде лыпасы жоқ, ес-түсін білмей жатады.
– Ой, сіз не деп кеттіңіз?! Өлə!.. Білмейтін адамыңызды неге қаралайсыз?– деп қыздардың бірі
шырылдап араға түсті. Оны қостап басқалары да шуылдай бастады. Қара келіншек бұғалығын
ала қашқан асаудай аласұрып, ешкімге ерік бермей кетті.
– Біреудің қаңсығын екінші біреу таңсық көреді, əдірем қалғыр,– деп шаптықты қара келіншек.
– Көзі қарайған еркектер сондай салдықылардың соңында жүреді сүмеңдеп. “Көзі қарайған там
сүзеді” деуші еді анам.
Аяған мына келіншекке не дерін білмей абдырады. Күлкі болсын деп айтқан сөздерін үп-үлкен
адамның түсінбегеніне қайран. Өмірде жолы болмаған, тұрмыс құра алмаған көріксіз
əйелдердің мінезін бір кісідей білемін дейтін Аяған олар отырған ортада абайлап сөйлеп,
қалжыңды ретімен, жөнімен айтушы еді. Соның өзінде ол шіркіндер жоқ жерден ілік іздеп,
ілінісіп отыратын. Оларға мақтасаң да, үндемей отырсаң да жақпайсың. Адресіне жылы сөз
айтсаң “сен мені кекетіп отырсың” деп шатақ шығаратын əйелдің талайын көрген.
Аяған темекісін үсті-үстіне сорып, көк түтінді құныға жұтып, қабағы тыржиып отырған
келіншекке ұрлана көз тастады. Енді таныды, мынау сондай əйелдердің бірі тəрізді. Қолы
қалтырап отыр, көзі қызарып кеткен. “Мынаның дені сау емес шығар” деп ойлады жігіт.
Əшейінде əділдікті жақтап, ешкімге сөз бермей шуылдап шыға келетін қыздар үнсіз, қара
келіншек ештеңе айтпағандай араларында əзіл-қалжың болмағандай əрқайсысы жұмысқа қызу
кіріскен. Бұл жерде қалса əңгіменің осымен тəмəмдалмасын біліп, Аяған есік алдына шықты.
– Не қызық көрдіңіздер?– деп сұрады есік алдында жүрген Асылхан жанына келген Аяғанға
күле қарап. – Қыздарды күлкіге қарық қылдыңыз-ау, аға.
– Оларға əзіл, күлкі керек,– деп жымиды Аяған.
– Күлмесе қыз бола ма. Қазақтың қызының бетіне қарасаң күледі. – Балтасын құмға шаншып,
Аяғанның жанына жайғасты. – Үйлеріңіз салқын емес пе?
– Көмір түсіре алмадым,– деді Аяған шаруаға қырсыздығына қысылғандай жүзі қызарып. – Əсем
ауырыңқырап жүр. Жүрегі бұрыннан ауырушы еді.
Жүзін көлеңке шалып, мұңайып қалды. Екеуі біразға дейін лəм деспей үнсіз отырды. Əншейінде
жоқтан өзгеге күліп, мəз-мейрам болып жүретін қыздар да тым-тырыс тынған. Аракідік жоғарғы
қабаттан құрылысшы жігіттердің əлдекімді іздеген айқайы естіледі.
– Мəскеуден хабар жоқ. Мұндағылар да үнсіз. Аяған Қуатов деген азаматтың болғанын біржола


ұмытып кеткен сияқты,– деп қинала сөйледі жігіт. – Не істерімді білмей басым қатты.
– “Иттің иесі болса, бөрінің тəңірісі бар”, аға. Сізді нақақ күйдіріп қойып, үкімет қарап
отырмас,– деп жұбатты Асылхан.
– Мен сияқтылардың тағдыры жеке адамдардың қолында, Асылхан,– деп күрсінді Аяған.
“Басына түскен істің дұрыс шешілетіндігіне сенімі қалмағанына қарағанда соңында жүрген
жауы аса күшті-ау, сірə” деп ойлады жігіт.
– Адамның барлығы қарау, қатыгез емес шығар, аға. Арызыңыз иманы бар кісінің қолына түссе,
дұрыс шешілер.
– Бұл заманда біреу үшін біреу бас ауыртып жата ма?! Бастық орынбасарына, ол қызметкеріне,
қызметкер тағы біреуге тапсырады. Сонымен жазған арызың бірден бірге көшіп жүріп ең ақыр
аяғында өзің кінəлаған кісінің қолына түседі,– деп Аяған күйініштен мырс-мырс күлді. – Бізде
мəселенің бəрі қағаз жүзінде дұрыс шешіледі. Қағаз дұрыс жазылса адам қырылып жатса да
ешкімнің басы ауырмайды.
Аяғанның айтар сөзі көп еді, көңілдегі көп ойдың көмейі енді ашылғанда əне-міне бітеді деп
жүрген бес қабатты үйдің іргесіне көк волга келіп тоқтады. Аяған мен Асылхан машинадан
түскен екі жігітке бəлендей мəн берген жоқ. Біткелі тұрған үйден пəтер алатындар түсте, кешке
қаптап кетеді. Қыздардың жұмысына көңілдері толмай бұрқылдап сөйлеп, ренжіп кететіндері де
аз емес.
Жұмбақ жүрісті екі жігіт жақындап келіп сəлем берді. Өздері соншалық сыпайы, екеуі де жас,
жақсы киінген, сымбатты.
– Төрге шығыңыздар,– деді Асылхан орнын босатып.
– Шықтық, рахмет!
– Пəтер көруге келдіңіздер ғой шамасы.
– Біз жолдасымызды іздеп жүр едік.
– Мен емеспін бе? – деп күлді Асылхан. – Бəлкім мына кісі шығар.
Аяғанға екеуі де назар тоқтатып, бажайлай қарады. Екеуінің көзінде де адам түсіне бермейтін
жұмбақ сыр бар секілденді Аяғанға. “Осылар Геркулес пен Арабты іздеп келген жоқ па екен?”
деген қорқынышты ой оның көңіліне үрей қамады. Ол сақтық жасап, орнынан тұрып кетті.
Жүрегі жақындап қалған қауіптен хабар бергендей лүпілдеп келіп алқымына тығылды. Аяған əр
қимылын қағыс жібермей бағып тұрған бейтаныс екеуге үрейлене жалт қарады.
– Біз Аяған Қуатов деген жолдасымызды іздеп келдік,– деді келбеті келісті, ұзын бойлы орыс
жігіті. Аяғанның танауы қусырылып, түсі қашып кетті. Миын ашытып, жүрегін аяусыз талап
жүрген қорқау қорқыныш ақиқатқа айналды. Мына екеуін Геркулес пен Арабтың жіберген
адамдары деп ойламаған əдепкіде. Жоқ, бұлар олардың сыбайластарына мүлде ұқсамайды.
Аяғанның санасына сəуле түскендей болды, Жақия мен оның сыбайластары, бұл білместікпен
намысына тиіп, балалық шалалықпен жағасына жармасқан үстем топ қарап жатпайды екен,


олар кешіре алмайтындығын, қарсыласқанды жерге қазық етіп қаққанша тыным
таппайтындығын дəлелдейді.
– Мен Аяған Қуатов,– деді жігіт қорқып тұрғанын жасырғысы келгендей езу тартып. Орыс жігіті
қалтасынан қып-қызыл куəлігін алып көрсетті де, қайтып салып қойды.
– Сіз бізбен бірге жүресіз.
Аяған түсінді, себебін сұрап, бас ауыртқысы келмеді. Суық жымиып, аң-таң қалып тұрған
Асылханға бұрылды. Өңі бозарып, танауы қусырылып кетіпті.
– Киімімді ауыстырып келейін,– деп, Аяған таяқ тастам жердегі вагонға қарай жүрді, оған
бүркіт тұмсық жігіт ілесе жүрді.
– Жұмыс ауыр ма? Табыс та көп шығар,– деп сұрады Аяғанды көзімен ұзатып салған орыс
жігіті.
– Қыздарды киноға алып баруға жетеді. – Асылхан қолын қалтасына салып, өзіен əлдеқайда
ұзын жігітке қарап, екі бүйірін таянып, талтайып тұрды. – Аяғанды қайда алып барасыздар?
Жігіт жауап берудің орнына оны мазақтағандай сыңарезулей күлді. Асылхан өзін менсінбей
тұрған жігіттің қитығына тию үшін əдейі қисық сөйледі.
– Сержант, жұмысыңның қандай екенін көрдім. Ақшаны көп төлейтін шығар.
– Қыздарға балбұздақ алып беруге жетеді.
– О-һ-һ-о!– деп Асылхан ысқырып жіберді. – Білдік. Қарап жүрмей мемлекетті теспей сорып
жатқан сендер екенсіңдер ғой.
– Балақай, біреуден үйренген сөзіңді шаша берме,– деді жігіт қабақ шытып. “Əдепсіз” жігітпен
сөйлескісі келмегендей теріс айналды.
– Білемін, сендердің денсаулықтарыңа шындық жақпайды.
– Шындық деген немене? – деп ол Асылханға жалт қарады. Жаңа ғана күлімдеп тұрған көзі
шатынап, суық ызғар шашады. – Жаның аман болсын, үлкейгенде білерсің шындықтың не
екенін. Қазірше ақылың жетпейтін мəселеге бола басыңды ауыртпа, балақай.
Ол мазақтағандай миығынан күлді. Асылхан жауап қайтарамын дегенше, Аяған мен бүркіт
тұмсық жігіт қайтып оралды.
– Асылхан, мынау үйдің кілті еді,– деді Аяған. Жаңа ғана мығым тұрған сияқты еді, демнің
арасында жасып, жүні жығылып қалыпты. – Əсемнің денсаулығы болмай жүр дедім ғой. Қолың
тигенде көмектесіп, қолқабыс жасап тұршы.
– Ой, аға, сіз айдалып бара жатқан адамның сөзін айтасыз-ау,– деп Асылхан қарқылдап күлді.
– Əсем мазасызданбасын,– деді Аяған мұңайып. Көңілі босап, иегі кемсеңдеді. – Балаларға көз


қырыңды сала жүр, бауырым. Елжас он екінші мектепте оқиды. Үйді тауып бара алмаушы еді.
Күні батуға таянғандай таусылып сөйлеп тұрған Аяғанды қалай жұбатарын білмей Асылхан
əжептəуір абыржыды. Əзілге шаптырып, күлкіге бұрайын десе Аяғанның ренжіп қаларын іші
сезеді. Дардай жігіт болар-болмасқа босап, жыларман қалге түсер деп ойласашы тегі. Басына
қиын іс түсіп, қуғын көріп, мықтылармен жағаласып жүрген жігітті өмірдің ыстық-суығына
шыныққан деп ойлайтын, мүлде олай емес екен. Аяғанның көзі бал-бұлдап жылайын деп тұрған
секілді. Өзінен қабылдау емтиханын алған жігітке мүлде ұқсамайды, ол ешкімнің алдында бас
имейтін, басына қандай қиындық туса да жабырқап, жасымайтын бірбеткей, рухы күшті жігіт
болып көрінген. Енді міне, қолынан ештеңе келмейтін, күні басқаға қарап қалған мүсəпір.
Асылхан оны аяп кетті.
– Сіздер Аяған ағаны қанша сағат ұстайсыздар?
– Қанша сағат ұстайтынымыз Қуатов жолдастың өзіне байланысты,– деді құс тұмсық жігіт.
– Əсем мазасызданбасын,– деді Аяған кетіп бара жатып. Асылхан түкке түсінбей аң-таң болып,
мелшиіп тұрып қалды.
* * *
Сыртынан ғана көріп жүретін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің үйіне бірінші рет кірген
Аяғанның санасын қорқыныш жаулап алды. Жұмбағы көп үйдің табалдырығынан аттаған сəтте
тізесі дірілдеп, құлағы шыңылдады, үрейдің соққысы қаттырақ тиді ме, шеке тамырлары
білеуленіп шыға келді. Бұл үйден енді ешқашан шыға алмайтындай көңілін өксік құлдады.
Ішке кірген соң ұзын бойлы орыс жігіті оңға бұрылып кетті де, оны бүркіт тұмсық жігіт екінші
қабатқа бастап алып шықты. Тым-тырыс, қарсы кездескен пенде жоқ. Адым аттаған сайын
Аяғанның жүрегі лүпілдеп, əне-міне дегенше гүмп етіп қайтып шыға алмас тұңғиыққа түсіп
кететіндей үрейленеді. Алда не күтіп тұрғаны бір құдайға аян. Бұл үйден жақсылықпен
құтылмасын біледі. Қолдарынан өлген адамды тірілтуден басқаның бəрі келетіндер аямасқа
бекінген екен, енді міне, мұны тірі пенде шыға алмас зынданға алып келе жатыр. Мемлекеттік
қауіпсіздік комитеті айналысатындай не бүлдірді? “Пара алдың” деген желеумен милиция біраз
əуреледі. “Аққа құдай жақ” демекші, адалдығының арқасында құтылып шықты. Сары ізіне шөп
салып, қыр соңына шырақ алып түскен жаулары қолының ұзын екенін көрсетіп, Мемлекеттік
қауіпсіздік комитетінен бір-ақ шығарды. Алдияр Ақпанұлын шаршатқан да осы мекеме
болатын. Бірімен бірі жең ұшынан жалғасып жатқан қарға тамырлы қазақ атса оқ, шапса қылыш
болатын құдайдың құлын бұл мекемеден де тапқан. Басқа жағынан ілік таба алмаған соң саяси
айып тағып, қайтып тұрмастай етіп ұрып құлатпақ болған тəрізді. Бұлардың талай сый əзірлеп
отырғанына Аяғанның күмəні қалмады.
Ұзын коридормен жүріп келе жатып ол сан түрлі ойға кетті. Санасын үрей билеп, көңілі
қобалжығанмен үкіметке, партияға қарсы ештеңе жасамаған, өзінің ақтығына имандай сенген
жігіт ақыр түбі Ұлы Шындықтың жеңетіндігіне сенуге тырысты.
Оны түкпірдегі бөлменің алдына алып келді де, бүркіт тұмсық жігіт ішке кіріп кетті. Көп
ұзамай қайтып шығып, есікті кең ашып:


– Кіріңіз,– деп өзі кетіп қалды.
Имене басып ішке кірген Аяған төрде отырған кісіге жасқана қарады. Жасы қырықтан енді
асқан, дембелше келген, шашын қысқалап қырықтырып, тік қайырған сары жігіт жылы қарсы
алды.
Жоғары шығыңыз! Мазаңызды алғанымызға кешірім өтінеміз,– деп жылы жымиды. Өңі жылы
екен, Аяған көңіліне осыны медет тұтты. Санасын жаулап алған қорқыныштың іргесі сетінеген
секілді. Бөлме иесі нұсқаған орындыққа отырғаннан кейін төңірегіне көз жүгіртті. Шағын
бөлмеде төрт орындық, терезенің түбінде бір тумбалы стол, бұрышта сейф тұр. Аяғанның көзі
оң жақ қабырғада ілулі тұрған Дзержинскийдің портретіне түсті. Қанша көріп жүрсе де
аңғармапты, мына кісінің жүзі соншалық суық, тіпті аса зəрлі екен. Томпайып шығып тұрған екі
көзі оның қатыгездігін танытқандай.
– Феликс Эдмундовичті əр суретші өзінше көреді. Суретші болсаңыз сіз басқаша салар едіңіз.
Солай емес пе?
Қапелімде не дерін білмей сасып қалды. Жігіттен көз алмай қадалып отырған бөлме иесі мұны
бірден аңғарды.
– Феликс Эдмундовичті екінің бірі ұната бермейді. Əсіресе мұнда істі болып келгендер,– деп
күлді ол. Аяған онан сайын абыржыды. “Мынау адамның ішіндегісін білетін пəле ғой” деп
ойлап, сары жігітке тіксіне қарады.
– Жақсы,– деді сары жігіт алдында жатқан папкасын ашып. – Сіз Аяған Қуатовсыз. Жасыңыз
отыз үште. Дұрыс айттым ба?
– Иə.
– Қазақ ССР тарихынан лекция оқисыз. Дұрыс па?
– Иə.
– Оқу бітіргеніңізге он жыл болыпты. 1972 жылдан бері институтта істейсіз. Дұрыс па?
– Иə.
– Он жылдан бері алдыңыздан қанша студент өтті?
– Санаған жоқпын.
– Лекцияңызда тақырыптан шығып кететін кездеріңіз жиі болып тұра ма?
Мынаның қайда апарып арандатқалы отырғанын іштей сезген Аяған оның сұрағына бірден
жауап бермей жымиып күлді. Сары жігіт кірпік қақпай қадалып отыр.
“Қашқанмен құтылмайсың. Қақпайлап қақпаныма түсіремін” дегендей сенім бар түрінде.
– Мұнда солай деп жазылыпты.


– Қалай деп?
– Тақырыптан шығып кетеді, патриоттық əңгімелер айтады деп.
– Мысалы...
– Мысалы, Ермак туралы...
– Иə, Ермак туралы айтқанмын,– деп күмілжіді Аяған. Өрттің қайдан шығарын енді білді.
“Əңгіме студенттерден шыққан болды” деп ойлады.
– Қалай ойлайсыз, Ермактың жорығы прогрестік роль атқарды ма, жоқ əлде... – Комитет
қызметкері сөзінің аяғын үзіп, Аяғанның қалт еткен қимылын, жүзіндегі нышанды аңдыды. –
Тарихшының көзімен қарағанда, Ермактың Сібірді бағындыруының прогрестік ролі бар ма?
Ермактың атын естіме делебесі қозып, Өзін-өзі ұстай алмай кететін Аяған бар шынын ақтарып
айта салғысы келіп оқталды, бірақ біржола сейіліп болмаған қорқыныш жолын кесті. Айтылған
сөз – атылған оқ. Ермак туралы пікірін жасырған емес. Бұл жолғы қылығына өзі де түсіне алмай
отыр.
“Осы мен неден қорқамын? Осыған дейін сан рет айтқан пікірімнен қайта алмаймын ғой” деп
өзін-өзі қамшылады. Аяқ астынан оянған өжет сезім “өзекті жанға бір өлім, қорықпа, айт” деп
намысын түртпектеді.
– Менің білетін Ермагым – басқыншы,– деді Аяған батылданып. Дауысында діріл жоқ, жігерлі,
батыл. “А-а-а, солай ма еді?” дегендей комитет қызметкері қасын керіп, таң қала қарады. – Ол
қазақтарды аяусыз қырған. Бұл тарихи шындық. Сонан соң Ермак қаласының аты дұрыс
қойылмаған. Қалаға кіреберісте Ермактың қылыш ұстаған үлкен ескерткіші тұр. Ленинге де дəл
сондай үлкен ескерткіш орнатылған жоқ қой. Біздің социалистік қоғамға Ермак мырзаның
қандай еңбегі сіңді? Құдайшылығын өзіңіз айтыңызшы. Ескерткіштің тұғырында “Ермаку
Тимофеевичу – покорителю Сибири от благородных потомков первоцелинников” деген жазу
бар. Сонда тың игерушілер де Қазақстанға Ермак сияқты мақсатпен келген бе?
Комитет қызметкері жылы шырай танытып, бас шұлғып қояды. Қолдап, қуаттап отырған
сияқты. Қызуланып сөйлеген Аяған өзінің тым артық кетіп қалғанын сезіп, тілін тістей қойды.
– Айта беріңіз, тоқтамаңыз. Əңгімеңіз енді қызып келеді.
– Басқа айтарым жоқ,– деп күңкілдеді жігіт. – Мұның сізге не қажеті бар?
– Ермак туралы пікіріңізді білгім келеді,– деді сары жігіт шалқайыңқырап отырып. – Біреулер
Ермакты батыр деп мақтайды.
Аяған оның түпкі ойын танып, жетегіне жүргісі келмей, естімеген кісідей қырын қарап, үнсіз
тынды.
– Орыс жазушылары ол туралы кітап та жазды ғой деймін. Оқыған жоқсыз ба?
– Мені мұнда Ермак туралы лекция оқуға шақырдыңыздар ма?


– Ондай ниетіңіз болса біз дайынбыз.
– Сіз мысық, мен тышқан емеспін ғой, жолдас,– деді Аяған шамданып. Аяқ астынан
батылданып, сары жігітке тік қарап, тік сөйлегеніне өзі де қайран қалды.
– Рас айтасыз. Əңгіменің турасы жақсы,– деді комитет қызметкері. Папкасынан бір парақ қағаз
алып, Аяғанға көрсетті. – Үстіңізден арыз бар. Бір топ адам қол қойған.
– Шет елге қашқалы жүр дей ме?
– Шет елге қашқысы келетіндердің жолы ашық,– деді комитет қызметкері жымиып күліп. –
Ондай ойыңыз болса бетіңізден жарылқасын.
Мынаның əден төселген, тісқаққан адам екенін Аяған түсінді. Анау жолғы тергеуші тəрізді
болар болмасқа дауыс көтеріп, шыжбалақтамады. Əр сөзге жауабы дайын. Қарсы алдындағы
адамның не айтарын алдын-ала біліп отыратын сияқты. Абайлап, аңысын аңдып сөйлемесе
мынаның шоққа отырғызып кетерін ол білді.
– Сізге тағылған үлкен айып – Ауғанстан мəселесі,– деді ол тор көз дəптерге жазылған жазуға
үңіліп. Əр сөйлемнің астын көк жəне қызыл қарындашпен сызып қойыпты. Соған қарағанда екі
түрлі айып тағылған сыңайлы. “Қызылы ауырлауы, көгі жеңілдеуі шығар” деп түйді Аяған.
– Ауғанстанға менің қандай қатысым бар?
– Соны айтамын-ау. Бəсе, Ауғанстанда неңіз бар сіздің? Онда соғыс жүріп жатыр. Ауған
соғысына қатысқан жоқсыз, ондағы жағдайды мүлде білмейсіз. Соған қарамастан əртүрлі пікір
айтады деп жазылыпты мұнда.
– Ауған соғысында жалғыз інім қайтыс болған,– деді Аяған мұңайып.
– А-а-а, солай екен ғой. Түсіндім,– деп жігіт қағазына əлдене деп жазып жатып.
Аяған басын төмен салып, ойланып қалды. Сенімді дейтін бір топ студенттің ортасында тұрып
Ауғанстанда азамат соғысының жүріп жатқанын, біздің мемлекеттің жөнсіз киліккенін, үкімет
басшыларының білместігінен толып жатқан жас жігіттердің қырылып қалғанын айтқаны есінде.
“Жоқ, айтқан емеспін” деп бетпақтыққа салуға ар-ұяты жібермеді. Өз шындығын дəлелдеп,
айтыса кеткенмен ештеңе өнбесін, керісінше, басына бəле тілеп аларын түсініп, тілін тістеп
отыр.
Сары жігіт тартпасынан үш-төрт бет қағаз алып, Аяғанның алдына тастады. Əр бетке жеке-жеке
басылған текстің бас жағындағы “азаматтар” деген сөзді оқып, селк ете түсті. Дəл осындай бір
жапырақ қағазды осыдан екі-үш ай бұрын көргені бар. Ұмытпаса, біреуін қалтасына салып,
үйіне апарып оқыған. Аяғанның ұғымынша, Кеңес мемлекетінің кемшілігін, үкімет басшылары
жіберген қателіктер мен олар туралы анекдоттарды ауызша айтуға болғанмен қағазға түсіру
жəне халыққа тарату мүлде ақылға сыймайтын іс еді. Алдында жатқан қағазды оқуға жүрегі
дауаламады. Көзі бір бет қағаздың орта тұсындағы асты қызыл қарындашпен сызылған сөйлемге
түсті.
“Ауғанстанға əскер апару – Кеңес үкіметін басқарып отырған қателігі. Бұл – қылмыс. Ауғанстан


халқының кінəсі жоқ. Оларға бостандық беру керек. Ауғанстандағы əскерді қайтаруды талап
етеміз”.
Аяған өзін батыл адаммын деп есептейтін. Бірақ мынандай мазмұндағы үнпарақ жазатындай
батыл қимылға бара алмасын дəл қазір іштей мойындады. “Мемлекет басшысын ашық сынау
үшін не жынды болу керек немесе дүниеден баз кешіп, тəуекелдің қанжығасына байлап беру
қажет-ау” деген ой келді оған.
– Сіз қалай ойлайсыз, Ауғанстанда болып жатқан жағдай Кеңес үкіметінің үлкен саясаты емес
пе?! – деді сары жігіт, тағы да Аяғанға тесіле қарап, жымсия күлді. – Біздің жігіттер ол елде
интетнационалистік міндетін атқарып жүр ғой. Солай емес пе!
Аяған не дерін білмей дағдарды. Өтірікке үйренбеген басы бұл жолы да жауырды жаба тоқуға
жарамай ұсталып қалды.
– Сіз немене қарсысыз ба? – Аяған жауап берудің орнына күрсінді. – Қызық екен. Сонда
мыналардың сіз туралы жазып отырғаны шын ба? “Кеңес үкіметіне жан-тəнімен қарсы” деп
жазады.
– Жала! – деді Аяған ашуға мініп.
– Үнпарақты жазған кім дейді.
– Қатысым жоқ. Ондай шаруамен айналыспаймын.
– Енді қандай шаруамен айналысасыз?– деп күлді жігіт. – Екінші бір хатта сіздің мемлекетке
қарсы үгіт жүргізгендігіңіз туралы айтады.
– Мысалы,– деді Аяған ызаға булығып. Санасын жаулап алған қорқыныш ізім-қайым жоғалып,
оның орнын қорғану инстинкті басты. Мынандай жағдайда сыпайымсып, сызылып отыруға
болмасын түсінді.
– Бір хатта Қуатов Аяған деген азаматтың БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1948 жылы қабылдаған
адам правосы жөніндегі жалпылық декларациясын көбейтіп таратқаны туралы жазылды. Дəл
сол хатта Қуатовтың студенттерге Мағжан өлеңін жатқа оқығаны айтылады. Ал мына хатта
Брежнев жолдасты мазаққа айналдырып, анекдоттар айтқаныңыз əңгіме болады,– деді жігіт
Аяғанның долырып, нарттай болып қызарып кеткен жүзіне тесіле қарап. – Бізде мысал жетеді.
Біз сол үшін айлық алып отырмыз.
Аяғанның тұла бойын тер жапты, аяқ астынан бас көтерген батылдық зым-зия. Екі иығына
албастыдай мініп алған қорқыныш екі өкпеге тепкілеп, тынысын тарылтып барады. Соңына
мықтап түсіпті, аузынан шыққан сөздің бəрін тізіп жазып жүріпті. Бұл ештеңе сезген ед, білген
де жоқ. Дүниеде жауым бар, олар осыншалық аяусыздық жасайды, қатыгездікке барады-ау деген
күдік санасына кірмеген. Жақиямен тікелей іске қатысты тіл табыса алмады. Алдияр
Ақпанұлының жағына ұстазы болғандықтан, ол кісінің ісінің дұрыстығына көзі жеткен соң
шықты. “Бізді қолдамаған адам жау. Сондықтан оны құрту керек” деген принциппен өмір сүрсе
дүниеде əділет бола ма?! Ақиқатсыз өмір сүру мүмкін бе?! Аяған ақиқат атты арғымаққа
міндім, енді Ұлы Мақсатыма кедергісіз жетемін деп ойлаған, сенген. Адамдардың барлығын дос


санады, барлығына ақ жүрегінен шыққан адал сөзін айтты. “Шын – мият, өтірік – ұят” дейтін
əкесі екі сөзінің бірінде. Осы ұғым Аяған өмірінің бағдары болған. Шын жүректен айтылған
сөздері күндердің күнінде алдынан шығып, зиян жасайтынын зерделесе жұмған аузын аша ма?
Адамдарға сеніп үйренген аңқу басы қыздырманың қызыл тіліне ілесіп, арандапты ақыры.
Аңғалдық! Осынша аңғал болмаса абайлар еді ғой.
“Декларацияны көбейтіп тараттың” дегені шындыққа жақын жуымайтын жала. Əлдекім Аяған
Қуатовтан диссидент жасағысы келіпті. Мұның атамекенінде жер басып тірі жүргенін
қаламайтын пенделер бар екен. Аяған Қуатовтан құтылса өрісі кеңір олардың. Құтылар түбінде.
Жала жауып жеңе алмаса əділетсіз қара күшке тапсырар азаматтың тағдырын.
Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқыды ма екен осылар? Айналайын орыс халқы өмір бойы
Кеңес үкіметіне қарсы болған Бунинін далаға тастады ма? Бунинді басына жастанып жатып
оқитын орыс халқы қолына қару алып, кеңес үкіметіне қарсы шығып па еді? Мағжанның
өлеңдерін жатқа білетін қай қазақтың үкіметке, жаңа қоғамға деген көзқарасы өзгеріп кетіп
еді?! Мағжанды еске алған, өлеңдерін жатқа білетін, оны кие тұтатын адамдарды жазалау керек
болса, онда “жорықты” халықтың мақтанышы, ары, ұяты деп есептелінетін ақсақалдарды
кінəлаудан бастасын. Солардың арасында Мағжан ақынды еске алмайтыны, еске алғанда
аяныштан күрсінбейтіні жоқ. Халық арманда кеткен асыл азаматын жоқтаса несі айып!?
Осының барлығын қарсы алдында өзіне күле қарап отырған түрі қазақ, түсі орыс жігітке
таусылып айтқысы келіп құлшынды. “Бұл бəрібір түсінбейді. Түсінгісі келмейді” деп ойлап,
тілін тістеп алды.
– Сіз біздің мекемені жазалаушы орын деп ойламаңыз,– деді жігіт күлімсіреп. Енді байқады,
көзі жасыл екен. Алғаш көргенде көзінің түсі басқашалау сияқтанған. “Əлде өзгеріп тұра ма
екен. Қараңғыда жанатын шығар” деп ойлады Аяған. – Біздің міндетіміз – кінəсі бар, қателескен
адамдарды ұстап алып, жазалай беру емес, оларды тəрбиелеу. Социалистік қоғамдағы əрбір
мекеме мейлі ол тəртіп сақтау ұйымы, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті болсын, бірінші
кезекте тəрбие мектебі. Ал тəрбиеге көнбеген адамдармен сөз басқа. Сіз мені дұрыс түсінді деп
ойлаймын.
Ой түкпірін ақтарып, жанын жеп мазасызданып отырған Аяған оның сөзіне мүлде құлақ
қоймады. Бөлмеге бүркіт тұмсық жігіт кіргенде ой желісі үзілді.
– Сіз жарты сағатқа басқа бөлмеге бара тұрыңыз,– деді сары жігіт жымсия күліп.
Бүркіт тұмсық жігіт Аяғанды дəліздің орта тұсындағы сырты қаңылтырмен қапталған есіктің
алдына алып келіп, қалтасын тінтіді.
– Тəртіп осындай...
Бөлмеге кіргізіп, сыртынан жауып кетті. Аяған төңірегіне көз жүгіртті. Жалғыз орындықтан
басқа көзге түсер ештеңе жоқ. Терезеге темір тор салынған. “Бұл жауапқа шақырылғандарды
уақытша қамайтын бөлме болды” деп ойлады Аяған.
Ол аядай бөлменің ішінде əрі-бері теңселіп жүріп, жасыл көзді жігіт екеуінің арасындағы
əңгімені есіне түсіріп, ой безбеніне салды.


Ермак туралы пікірі əрқашан ашық. Оның басқыншы екені, қылышынан қан тамған аса қатыгез
адам болғаны тарихи шындық. Оның қатыгездігі туралы орыс жазушылары мен тарихшылары
жеріне жеткізе жазған, Аяған жанынан шығарып, жаңалық ашқан жоқ, Ермак Тимофеевичке
жала жапқан, күйе жаққан емес, тарихи деректерге сүйенді. Ермак туралы пікірің қате деп
жазалай алмайды. Барлық кілтипан Ауғанстанға байланысты екенін іші сезеді. Жалғыз інісінің
қазасы өте ауыр тиді, басына түскен қасіретті əрең көтерді. Алғашқыда Ауғанстандағы
соғыстың қылмыс екенін іні қазасы кезінде ашумен айтты. Ал кейін Ауғанстандағы жағдайды
ой елегінен өткізіп барып, соғыстың əділетсіз екенін, басқыншылық ниеттің үстем болып
тұрғанын білген соң айтқаны есінде. Шындығы да солай емес пе!? “Иттің ішіне май жақпайды”.
Шындық жақпайды мынау заманға. Сонда қайтпек керек? Айтқан жоқпын деп бұлталаққа
салып, басын алып қашар. Одан не шығады? Сөзін керек қылайын деп тұрған адамды көрмеді.
Ауғанстанға байланысты үнпарақтарды да бұдан көретін тəрізді. Бəлкім, куəлар тауып,
дайындап қойған шығар. Бұл ойынды бастамас бұрын дайындық жасалғанына кімнің күмəні
бар?! Өзін мұнда алып келмес бұрын бір ай ма, əлде алты ай ма, əйтеуір біраз уақыт
дайындалғаны анық. Манағы жасыл көз сары жігіт те тегін адам емес. Өз ісіне əбден
шеберленген, көмейдегі көмескіні болжағыш қу мүйіз екені көрініп тұр. Жарты сағаттан кейін
қандай өмір шығарарын кім білсін. Көнбеске амалы кəне. Басына түскенді көріп алды. Сары
ізіне шөп салып, қылдан қиқым іздеп, өзін нақақ күйдірген Жақия сияқты қараниет
қараулардың мысық көмбе қылығына кеудесінен шыбын жаны шырылдап шығып кеткенше
қарсы күреседі. Мұны түсінер, қараулыққа қаны қас абзал адамдар таусылып бітпеген шығар.
Оның шырылдаған жан айқайын естіп, көмек қолын созатын біреу табылмас деймісің. Адам
тағдырын шешер үлкен орындарда отырғандардың барлығы Жақияның суатынан шөл қандырып
жүрмеген болар. Əділ қоғам азаматының қадырына неге жетпесін.
Жалғыз қалған Аяған көңілге медеу болар əртүрлі ойларға беріліп, өзін-өзі жұбатып, теңселіп
жүрді де қойды. Мұндай сəтте уақыт та шабан жылжиды. Ол қайта-қайта сағатына қарағыштап,
күнді бақанмен итергендей мазасызданды.
Бүгін үйіне бармаса Əсемнің аса қатты мазасызданатынын ойлап, берекесі қашты. Ол сондай
күйгелек, сəл нəрсеге бола күйзеліп, күйреп түседі. Жас кезінен қиындықты көп көріп өскен
жан қайғы-қасіретке көнпіс болушы еді, Əсем ондай емес, болар-болмасқа бордай тозып,
шаршап жүреді. Үшінші баласын босанғаннан кейін жүдеп жүнжіп, аурудың түр-түрін тауып
алды. Осы күні өте əлсіз, кейде ауа жетпей тұншығып, ерні кезеріп, серейіп жатып қалады.
“Тоғыз қатынның толғағы қатар келді” дегендей соңғы екі айда жаманшылық атаулы бұларды
шыр айналып шықпай қойды.
Аяған сағатына қарады, белгіленген уақыт əлдеқашан өтіп кетті. Олар неге келмей жатыр?
Жұмыс аяқталатын уақыт та таяп қалған екен.
Бала-шағасын ойлап, жаны дызықты. Олардың жаңа қонысқа əлі үйрене алмай жүргенін,
көршілерінің жұмбақ мінезді түсініксіз адамдар екенін есіне түсіріп, одан сайын дегбірсізденді.
Жаңа тұрағы жұрт көзінен таса, қалқалау жерде, жолдан алыс. Қараңғылық ерте түсетін
мынандай уақытта Əсемнің екі баласын жетектеп, аялдамадан тым қашықтағы пəтеріне дейін
ұзақ жол жүретінін ойлап, көңілі одан сайын құлазыды. Өзінің жолын торып жүрген топ енді
қысастығын балаларына жасардай сұрапыл үрей шеңгелін аямай батырды. Қорқынышты ойдың
құшағынан тезірек сытылып шыққысы келгендей адымдап бөлменің көлемін өлшеуге кірісті.
– Бір, екі, үш... Бір, екі, үш, төрт... Яғни, он екі шаршы метр,– деп дауыстап сөйлеп, өзін-өзі


алдарқатты. Осы екі арада манағы жігіт қайтып келіп, Аяғанды бұрынғы бөлмеге бастап апарды.
Жасыл көз сары жігіт көңілді. Жымиып күліп, орнынан тұрып, ізет көрсетті.
– Кешірім өтінемін. Жұмыс бітпей кешігуге тура келді,– деді ол, Аяғанды қолтықтап, төрге
алып шықты. Оның мұнысын жалған сыпайыгершілік, алдау деп бағалады.
– Мені бүгін босатасыздар ма? Жоқ əлде осында тіркеуге алу үшін шақырдыңыздар ма?
– Ол өзіңізге байланысты,– деп жымиды жігіт. – Сіз бен біздің жұмысымыз ұқсас. Мысалы,
Қазақстанның тарихын білмейтін студентке баға қоймайсыз. Ол қарыз болып жүреді. Біз де
солай, айтқанымыздан шықпаған адамға зəбіріміз жоқ.
– Сонда менің не істеуім керек?
Жасыл көз сары Аяғанның алдына машинкаға басылған бір парақ қағазды тастады.
– Танысып шығыңыз.
Аяған бір бет қағазды асықпай екі қайтара оқыды. Жасыл көз сары екеуінің арасындағы болған
əңгімені жинақтап, Аяғанның өз кінəсін мойындаған хаты ретінде жазылыпты.
– Қалай, дұрыс жазылған ба?
Ойланып отырған Аяған селк ете түсті. Басын шалт көтеріп алып, қарсысында түк болмағандай
жылмия күліп отырған жасыл көзге қарады. Кеудесін ашу кернеп, көмейіне келіп қалған ауыр
сөзді əрең тежеді.
– Менің атымнан өтініш жазып беріңіз деп ешкімге жалынбаймын. – Аяған үстелде жатқан
қызыл қарындашты алып, өз атынан жазылған хаттың əр-əр жерін түзеп, жасыл көздің алдына
қарай сырғытты. – Мен мұндай сауатсыз жазылған қағазға қол қоя алмаймын. Мен ғылым
кандидатымын.
Жіберген қателерін көріп, жасыл көз суық жымиды, бетінің ұшы қызарды. Сол қызыл жайылып
құлағына жетті. “Қысылғанда адамның құлағы да қызарады екен-ау” деп таңырқады Аяған.
– Машинкадан кейін оқымап едім,– деді ол ақтала сөйлеп. – Қателерді түзеткеніңіз үшін сізге
рахмет! Біздің мекеме үшін грамматика ешқандай роль атқармайды. Бізге қағаздың мазмұны
керек.
– Сізге адамның қолы керек.
– Сіз бен біз түсінісе бастадық. Бала-шағаңыз күтіп қалған шығар.
– Мен шындықтың бетіне тура қарап үйренген адаммын. Өтірікке қаным қас. Мына қағазда бір
шын сөз жоқ.
– Барлығы тексерілген. Ойланыңыз, жолдас Қуатов.
– Мен өз сөзімді айттым. Қол қоя алмаймын. Кінəм жоқ.


– Ойланыңыз. Ойлануға уақыт мол,– деді ол жымсия күліп. Əлдекімге телефон соқты. – Алып
кет. Біз біттік. Ал, кездескенше сау болып тұрыңыз.
Бүркіт тұмсық жігіт келіп, Аяғанды манағы бөлмеге апарып қамады да, кетіп қалды.
Ол жазғыз қалды.


9
Жұмыстың аяқталуын күтуге Асылханның шыдамы жетпеді, бригадиріне жағдайды түсіндірді.
Аяғанның жағдайын айта бастағанда бригадир оған бірінші рет көріп тұрғандай таңырқай
қарады.
– Байқа, бала, бекер босқа күйіп кетіп жүрме,– деп жанашырлық танытты, ақыл айтқан болды. –
Мен антилерді бір шақырымнан танимын. Оларға жолама. Бəле адамға оп-оңай жұға салады.
Олар өте қауіп-т-е-е, шырағым. Əлгі ғылым кандидаты бола тұра біздің арамызға неге келді
дейсің? Во-о, мəселе қайда!.. Ол бізді үгіттеу үшін келген. Түсіндің бе, бала?! Ақымақ қыздарға
талай айттым, ал олар өзімді мазақтап, жырқылдап күледі. Оларда ақыл жоқ, кебенамайт!.. Ал,
сен түсінесің, Ауғанстанда болып келгенсің. Байқа. Абай бол. Мен саған ескерттім.
Бригадир жасы алпысқа келіп қалған, тапал бойлы, бір сəт əрекетсіз қарап отыра алмайтын,
тыпыңдап жүгіріп жүретін мазасыз адам. Үнемі шырылдап, жау келіп қалғандай жанталасып,
елді дүрліктіріп жүретін бригадирді қыздар мазаққа айналдырып, маза бермейді. Бригадир деген
аты ғана, əйтпесе одан ығып, бұғып жүрген ешкім жоқ. Жұмысшылар өзі үшін қарап
отырмайды. Уақытында келеді, уақытында кетеді. Шұғыл шаруасы барлары оның алдынан өтеді,
рұқсат бермегеніне қарамай кетіп қалады. Тыңдамай кетіп қалған адамның жер-жебіріне жетіп,
қырып-жоймақ болып, аузынан түкірігі шашырап, бейшара жер тепкілеп қала береді. Бұрын
Геркулес пен Арабқа арқа сүйейтін, солардың дегенімен жүріп, тұратын. Екеуінен
қаймыққандықтан үндемейтін құрылысшылар олардың көзі жоғалғалы арқа-басы кеңіп,
бригадирді жүре тыңдайтын, жабылып мазақтайтын əдет тапқан. Күйіп-пісіп ашуланғаннан
басқа оның қолынан не келсін.
– Мен суға салса батпаймын, отқа салса күймеймін, аға,– деді Асылхан оның сөзін мұқият
тыңдап. – Менің денеме оқ өтпейді, пышақ батпайды.
– Ей, сен не қылған адамсың өзі? Бəле жұғады деймін мен саған. Оны жуып та, қырып та кетіре
алмайсың,– деп бригадир күйіп-пісті.
– Оған жала жаппаңыз.
– Шындықты айтқаннан мен ұялмаймын.
– Ұялмайтыныңызды білеміз ғой, аға,– деп күлді Асылхан. – Мен кеттім. Еңбек күнімнен екі
сағатты шегеріп тастаңыз.
Бұрын бала деп менсінбей қарайтын, жұрттың көзінше Геркулесті ұрып жығып, қуып жібергелі
бері Асылханға деген көзқарасы өзгерген. Жылы сөйлеп, ақыл айтып, қамқорсып жүреді. Сөзіне
құлақ қойып, зейін салып тыңдап отырса бұл дүниеде Асылханның одан, яғни Сыпатайдан басқа
жанашыры жоқ сияқты. Сөйлесе кетсе тіл ұшымен бар жақсылықты үйіп-төге салады.
– Ой, айналайын Асылхан, саған қосып жазбасам еңбек күніңді шегермеймін ғой. Сенен немді
аяйын,– деді бригадир жарамсақтанып. – Байқашы, арандап қалмашы. Қазақтың қатындары сен
сияқты азаматты күнде туа бермейді ғой, айналайын.


Асылхан оның “тəтті” сөзін тыңдап тұра бергісі келмей, киініп алды да жолға шықты. Жолай он
екінші қазақ мектебіне соқты, Елжасты алып, Аяғанның пəтеріне келді. Иесіз үйге баса-көктеп
кіріп баруға батылы жетпей, бақты аралап, Елжас екеуі алмұрт үзіп жеді. Бақтың іші таза,
көлденең жатқан ағаш жоқ, Аяған қолы боста қарап отырмайтын сияқты. Ауланың іші де тап-
тұйнақтай.
– Елжас, мамаң қайда кетті екен, а?
– Олжас пен Бибіге кеткен шығар,– деді алмұрт жеп отырған бала оған жасқана қарап.
– Қарның ашқан жоқ па?
– Бізге мектепте тамақ береді.
– Е-е, дұрыс екен. Інілеріңнің аты кім?
– Інім біреу-ау,– деп күрсінді бала. – Оның аты Олжас.
– О-о-һ-о! Ақын болады екен ғой.
– Ақын емес, азамат болады,– деді бала бас шайқап тұрып. Асылхан рахаттана күлді.
– Оны кім айтты саған?
– Көкем айтты.
– Е-е, көкең біледі,– деді жігіт баланың басынан сипап. Елжас момын сияқты. Мұның
жасындағы балалар бір сəт құйрық басып, тыныш отыра алмаушы еді. Баланың үсті-басы
мұнтаздай, ақ жейдесінің жаға-жеңі де кірлемеген.
– Қарындасыңның аты кім?
– Бибі.
– Е-е, иə, Бибі екенін білемін ғой,– деп күлді жігіт. Елжасты өзіне тартып, құшақтап отырды. –
Елжас үлкейгенге кім боласың?
– Азамат боламын,– деді ол мұрнын тартып.
– Ой, азамат! Інің екеуің үлкен азамат боласың.
– Бибі де азамат болады, аға.
– Иə, үшеуің де азамат боласыңдар,– деді жігіт кішкене баланың жауабына шын риза болып.
Есіне балалық шағы түсті. Үйіне келген, кеткен адамдар “кім боласың” деп сұрайтын,
кішкентай Асылхан “бастық боламын” деп тақ ете қалатын.
– Ой, азамат! Кəне қолыңды жай, бата берейін,– дейтін үлкендер. Солар бата берсе дегені
болатындай малдас құрып, алақан жаятын. Ауыл баласы үшін колхоз басшысынан үлкен адам


жоқтай болып көрінуші еді.
– Менің балам бастық болады,– дейтін баласын мақтаныш көрген ана. Колхоздың бастығын
қонаққа шақырып, оның батасын алуға тырысатындар көп болушы еді. Асылхандардың
колхозына ондайлардың талайы келіп, талайы кетті. Аузына ақ ит кіріп, қара ит шығатын
бəдіктерді де, жатып ішетін маскүнемдері де болды. “Мыналарға қор болған қайран орын-ай”
дейтін Мұсахан қария əлгілерден түңілгенде.
Колхоз бастық болуды армандап өскен қараша ауылдың қарасирақ балаларының арасынан бүкіл
ел мақтаныш тұтар азаматтар аз шыққан жоқ. Бірақ Асылхан олардың жолын қумады, Мұсахан
қарияның айтуымен “рəйкөмнің” оқуына келді. Рəйкөмнің бірінші хатшысы бітірген тарих
факультетіне бірінші жылы түсе алмай, ауылға қайтып оралған соң əртүрлі жұмыс істеді,
желтоқсан айында əскерге шақырылды.
Мектеп қабырғасынан кеше ғана шыққан бозөкпе балалардың біразын бірер ай Ашхабаттың
маңында оқытып, жаз шыға Ауғанстанға алып жөнелді. Бір жарым жылда не көрмеді дейсің,
талай рет ажал аузынан қалды, душмандардың қолына да түсе жаздады. Құс қанаты күйгендей
аптап ыстықта жер жастанып, ашық далада, шақырайған күннің астында бас көтеруге шамасы
келмей жатқанда үш күндік пəниден сұмдық жеритін. Бас көтерсе-ақ душманның оғы іздеп таба
қоятын. Азапқа шыдамаған жас жігіттердің талайы қай жерде бұғып жатқаны белгісіз душман
мергенінің нысанасына айналды. Қаршадайынан бейнет көріп өскен Асылхан шыдады, аспан
айналы жерге түсердей ыстықта зілмауыр жүк көтеріп, қанша шақырым жол жүрсе де, кенеттен
душмандардың тосқауылына тап болып, жауып тұрған оқтың астында қалса да сыр берген жоқ.
Бірнеше күн күші басым жаудың қоршауында қалып, бір тамшы суға зар болып жатқанда да
үрей шақырып, үмітін үзген емес. Шыбын жаны шырылдап, бір күндік жарық сəуле үшін
жанталасты. Қиындыққа шыдамаған жас жігіттердің талайы сол төбенің етегінде мəңгілікке
қалып қойды. Əскерге бірге алынып, Ауғанстанда бір жарым жыл бойы қол ұстасып қатар
жүрген, талай-талай қысылшаң қияда бір-біріне ес болған бесеудің екеуі елге қайтуға
дайындалып жүргенде ойламаған жерден қаза тапты. Қаланың қақ ортасында тапайдың тал
түсінде екі боздақты бауыздап кетті.
Ауған соғысы қаншама боздақтың басын жұтты екен? Қанша боздақтың ізін ажал аңдып жүр
екен? Бұл соғыс əлі қаншаға созылар екен? Бір жарым жылда Асылхан кіммен кімнің соғысып
жатқанын біле алмады. “Өзімен өзі келісе алмай қырық пышақ болып жатқан елдің арасына
түсіп, бекер қан төккеніміз қалай? Жап-жас жігіттер кім үшін қыршынынан қиылып жатыр?”
Осы тақылеттес сұрақтарға жауап іздеп, үнемі тұйыққа тірелетін. Біледі дейтін адамдар иығын
қиқаңдатып, бұрылып кетеді. “Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеп жатқан біздің
балалар” деп мақтанып отыратын қазақтардың қамсыздығына, тайыздығына күйінетін. Шыдай
алмай ойын ақтарып салатын, сол үшін үлкендерден талай рет ауыр сөз естіді.
– Ағатайлар-ау, өзімен өзі келісе алмай жатқан ағайындардың арасына түсу отқа май құйғанмен
бірдей емес пе?! Күні ертең “интернационалдық борышымызды өтейміз” деп американдықтар
Қазақстанды басып алса не дер едіңіздер,– деп шырылдаған Асылханды алдымен аудандық
комсомол ұйымына шақырып, əбден сілкілеп, сілікпесін шығарды, сонан соң мұның өзін
босатып, Мұсахан қарияның миын ашытқан. Партия басшысының ақылы – азық, сөзі – сусын
деген түсінікпен ғұмыр кешіп келе жатқан Мұсахан қария аудандық ұйымның бірінші
хатшысының алдынан жер болып шыққан. Сүйретіліп үйіне келген соң егіліп жүріп, Асылханды
қамшының астына алған. Шырылдап араға түскен кемпірін де аяған жоқ.


– Сүйекке таңба салғанша өлгенің жақсы еді ғой иттен жаралған-ау. Кеңес үкіметіне қарсы сөз
айтып, тірідей көрге тықтың мені,– деп күні кеше аман келгеніне қуанғаннан жылап, құшақтап
аймалаған баласын көкала қойдай қылып сабады. Асылхан əкенің қолын қаққан жоқ, жаны
қиналса да шыдады.
Ауданға барып, рəйкөмнен кешірім сұра,– деп қорқыныштан көз жасын көлдеткен анасының
тілегін орындамады. “Ауғанстанда қыршынынан қиылған достарымның назасын айттым” деп
ойлаған Асылхан ол кезде біреудің алдына кішіріп барып, бас иетіндей емес еді.
Аудандық партия ұйымына шақырып, басына қара аспанды төндіріп қорқытқанмен ыға
қоймады. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімшесіне қайта-қайта шақыртып,
оқ пен оттың ортасынан күні кеше келген Асылханның басын əуреге салды. Үн-түнсіз бас
шұлғып жүре алмасына көзі жеткен жігіт ешкіммен ақылдаспай Алматыға тартты да кетті.
Соңына түсіп, ешкім іздеген жоқ...
– Елжас, атаңның аты кім?– деп сұрады, қалың ойдың тұманынан əрең шыққан жігіт орындыққа
байлап қойғандай тапжылмай отырған баладан.
– Атамның аты Қуат.
– Атаңды сағындың ба?
Бала бас изеп, ақырын ғана күрсінді.
– Біріншіні бітіріп, ауылға барамын. Онда менің торы тайым бар.
– Келесі жазға дейін тайың құнан шығады.
– Атам екеуміз жайлауға барамыз.
– Атаң не істейді, Елжас?
Бала мүдіріп қалды. Атасының не істейтіндігін білмегеніне қысылып, көзін жыпылықтатып,
Асылханға жасқана қарады.
– Атамның аяғы ауырады, аға. Бір аяғын фашистер атып жіберген,– деді бала “жұмыс
істемейтін” атасына ара түсіп. – Оның ордені көп. Міне, мұнша.
Он саусағын көрсетіп, басылып қалған еңсесін көтерді. Асылхан арқасынан қағып еді,
Елжастың екі танауы шелектей болып, қуанып қалды.
Атаң батыр екен. Сен де батыр боласың,– деді Асылхан сағатына қарап. Сағат алтыдан асып
барады екен.
– Мен батыр бола алмаймын, аға.
– Неге?


– Батыр болу үшін соғысқа бару керек.
– Несі бар, қолыңа автомат аласың да, поезға отырып барып келесің.
– Мен үлкейгенде соғыс болмайды, аға. Фашистердің барлығын менің атам мен ауылдағы
Қошқарбай деген шал қырып салған,– деді Елжас, екі танауы делдиіп, көңілін мақтаныш
кернеді. – Мен үлкейгенде коммунизм болады, аға. Біз – Олжас, Бибі үшеуміз самолетпен
коммунизмге барамыз.
Елжастың сөзіне разы боған Асылхан рахаттана күліп, оны құшақтап, бетінен сүйді. Осы кезде
ауланың есігі ашылып, ұзын бойлы, бет бір уыс, тыриған арық қыз кірді. Ол жақындап келіп,
сəлемдескеннің ырымын жасап, басын бір шұлғып қойды.
– Қуатова Əсемді жедел жəрдем ауруханаға алып келген,– деді қыз бір жапырақ қағазды
Асылханға ұсынып. Аурухананың адресі екен. – Маған өтініш білдіріп еді. Сау болыңыз!
– Рахмет! – деді Асылхан шұғыл бұрылып, ұзап бара жатқан қыздың соңынан дауыстап. – Олжас
пен Бибінің бақшасын білесің бе, Елжасжан?
– Бұрынғы үйдің жанында,– деді де, бақшаға барар жолды сызып көрсетті. – Ескі үйден шығып,
тура жүру керек. Дүкеннің жанынан бұрылып, былай жүрсек көрініп тұр.
– Олай болса тезірек киіміңді ауыстыр. Олжас пен Бибіге барамыз.
Такси жалдап, Татар слабодкасына келді, балалар бақшасын көп қиналмай тауып, екі баланы
алып, қайтып оралды.
Асылханды бұрын бір-ақ рет көрген балалар оған үрке қарап, бір бұрышта бүрісіп-бүрісіп, тым-
тырыс отыр. Əншейінде жүгіріп тыным таппайтын үш жасар Бибі моп-момақан бола қалыпты,
əкесі мен шешесі кіріп келердей əлсін əлі есікке жаутаң-жаутаң қарайды. Екі қолын тізесінің
үстіне қойған, Асылханның қалт еткен қимылын аңдып отыр. Бес жасар Олжас та тым-тырыс,
екі көзі жыпылықтап, бейтаныс жігітке жасқана қарап қояды.
– Елжас, мен дүкенге барып келейін,– деді Асылхан күртесін киіп жатып. – Бибі мен Олжасқа
қандай кəмпит əкелсем екен ə?
– Тəтті кəмпит əкеліңіз,– деді оған үйренісіп қалған Елжас. Кішкентай екеуі ауыз ашқан жоқ,
еріндері салпиып, қимылдамай отыр.
– Мен тез келемін,– деп Асылхан шығып кетісімен Олжас пен Бибі орындарынан тұра салып,
тамақ қоятын шкафқа жүгірді. Бұрын жеткен Олжас жалғыз тал кəмпитті ала салып, төргі
бөлмеге қашып кірді. Бибі үйді басына көтеріп бақырып, ағасының соңынан жүгірді. Төсектің
астына кірген Олжас кəмпитті аузына салып жіберді. Оның қайда тығылатынын білетін үш
жасар қыз бақырып келіп, еңбектеп төсектің астына кірген.
– Əллау, жоқ! – деп Олжас қолын жайды. – Əллау, мысық жеп қойды.
Бибі қайдан көнсін. Жер тепкілеп, дауысын күшейте түсті. Не істерін білмей сасқалақтаған
Олжас төсектің астынан еңбектеп шығып, ас үйге қашты. Бибі қалсын ба, шырылдап жылап,


ағасының соңынан жүгірді.
– Олжас, бер кəмпитті! – деп жетіп келген Елжастан қорықты ма, аузын ашты.
– Əллау, жоқ... Ішіме түсіп кетті.
Ағасының кəмпитті жеп қойғанынан көзі жеткен Бибінің айқайы одан сайын күшейді. Асты-
үстіне түсіп, бəйек болған Елжасты кеудесінен итеріп-итеріп жіберіп, жер тепкілеп жылады.
– О-о! – деп дауыстап жіберді Елжас. – Мамам кеше көп-көп кəмпит сатып əкелген. Бақтың
ішіне тығып қойған шығар. Жүріңдер іздейміз.
Қыздың дауысы сап тиылды. Орнынан тұра салып, томпаңдап сыртқа беттеген Елжастың
соңынан жүгірді. Олжас та сеніп қалыпты, əрбір ағаштың түбіне келіп, шалқайып жоғары
қарайды.
– Кəмпит алмұртқа айналып кеткен шығар,– деді Елжас ұятқа қалмас үшін. Оны үлкен адамдай
көретін інісі мен қарындасы сенді.
– Көршінің иті жеп қойған шығар,– дейді Олжас.
– Аймұт жеймін,– деп қыңқылдады қыз. Олжас ежелгі əдеті бойынша тағы да ерте қимылдады,
жерден тас жинап алып, алмұрт ағашын атқылауға кірісті.
– Біреудің басын жарасың,– деп зекіді Елжас.
– Білеудің басы қанайды,– деп Бибі ернін бұртитты. Сол екі арада Олжастың лақтырған тасы
тиіп, жалғыз тал алмұрт жерге түсті. Дайын тұрған Олжекең жерге түскен алмұртты іліп алып,
тұра қашты.
– Маған бей! Аймұт бей! – деп ағасының соңынан жүгірді қыз.
– Бибі, бері кел! Міне, алмұрт,– деп дауыстаған Елжастың сөзін құлағына қыстырмады. Ол үшін
дүниеде Олжастың қолындағы қақ бөлінген алмұрттан тəтті ештеңе жоқ. Жерге топылдап түсіп
жатқан алмұртқа қарамады, ағасының соңынан үйге кіріп кетті.
Елжас қағып түсірген төрт тал алмұртты алып, үйге кірген, əлгі екеуі көрінбейді. Жайлап басып,
түпкі бөлмеге кірді де еңкейіп, төсектің астына көз жүгіртті, екеуі құшақтасып, жартыкеш
алмұртты кезек тістеп, мəз болып отыр екен. Осы кезде сыртқы есік ашылып, Бибі мен Олжас
төсектің астынан асығыс еңбектеп шығып, алақайлап ауызғы бөлмеге жүгірді. Асылханды көріп,
кері қашып, төсектің астына тығылды.
– Балалар мен кəмпит əкелдім,– деп дауыстады жігіт. Бірақ екеуі төсектің астынан шыға
қоймады. – Тəтті тоқаш жейтін балалар мұнда келсін. Ой, Елжас, сен бəрін жалғыз өзің жеп
қоясың ба?
– Иə, жеп қоямын.
– Бибі мен Олжасқа қалдырсаңшы. – Асылхан əдіске көшті. Екі бала көпке шыдамады, жарыса


жүгіріп келді. – Мамаларың дүкенде кезекте тұр. Мынаны сендерге беріп жіберді.
Асылхан екеуіне екі-үш талдан кəмпит ұстатып, қалғанын қолдан жасалған шкафтың жоғарғы
сөресіне қоя салды да, тамақ жасауға кірісті. Түпкі бөлмеге кіріп кеткен Олжас пен Бибі көп
ұзамай қайтып келді, жаутаңдап Асылханға бір, сөредегі кəмпитке бір қарайды.
– Кəмпиттеріңді жеп қойдыңдар ма? – деп сұрады жігіт. Екі бала жарыса бас шұлғыды. – Тақпақ
білесіңдер ме?
Екеуі де үнсіз. Олжас білетін тақпағын есіне түсіре алмай тұр ма, əлде, айта жөнелуге батылы
жетпеді ме, Елжасқа жаутаңдады.
– Ал, кəне кім айтады.
Олжас төмен қарап, басын бұлғаңдатып, қисалаңдап күле бастады.
– Сендер тақпақ айтпасаңдар көршінің баласын шақырамын да, барлық кəмпитті беріп
жіберемін.
– Көршінің баласы жоқ, аға,– деп тақ ете қалды манадан бері інісі мен қарындасына іштей
жақтасып, үнсіз отырған Елжас.
– Жоқ болса өлеңді өзім айтамын да, барлық кəмпитті жеп қоямын,– деді Асылхан екі
кішкентайға тесіле қарап. Бибінің көзі жыпылықтап, Олжастың күлкісі сап тиылып, ағасына
бұрылды.
– Аға, мен айтайыншы,– деді Елжас орнынан тұрып.
Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Желкілдеп сазға біткен тал Қадиша.
Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,
Рұқсат бізден сізге бар Қадиша,–
деп əндетті Асылхан. Сонан соң орнынан тұрып, бір тал кəмпитті алды да, асықпай отырып
қағазын аршып, аузына салып жіберді. Екі кінкештайда үн жоқ, жігіттің аузына қарап,
тамсанып-тамсанып қояды.
– Кəне, қайсысың тақпай айтасыңдар?
Олжас жымыңдап күліп, қисалаңдап ортаға шықты. Тақпақты бастарда қолын төмен жіберіп,
күлкісін тиып, Асылханға тік қарады.
Бала, бала, балапан,


Кəне, қайсы алақан?
Саусақтарың əйбат,
Былай-былай ойнат.
Топ-топ-топ басайық,
Жалаудан күн жасайық.
Жаса-жаса жарқын күн,
Жаса-жаса алтын күн...
– Ой, жарайсың азамат!
Асылхан оны құшақтап, бетінен сүйді де, екі тал кəмпит ұстатты. Олжас оның біреуін
қарындасына берді. Жігіттің іші елжіреп, жүрегі езіліп кетті. Есіне тете інісі түсіп, көңілін
сағыныш баурап алды.
– Бибі, тақпақ айтасың ба?
Ортаға шыққан қыздың екі көзі үстелде жатқан кімпитте. Айтпақ болған тақпағын ұмытып
қалған ба, көзін жыпылықтатып ұзақ ойланды. Қарындасына жаны ашып кетті, білем, Елжас
шыдап отыра алмай орнынан тұрды.
– Бибі үшін мен айтайыншы, аға,– деді дауысы дірілдеп.
– Бибі, өзің айтасың ба?– деп сұрады жігіт. Қыз бас изеді. Асылхан Елжасқа ұрлана қарады,
кішкентай қарындасымен бірге қиналып, жылап жіберердей иегі кемсеңдеп тұрған баланың
бауырмалдығына сүйсінді. Бір сəт өзінің балалық шағы есіне түсті...
Мұсаханның кіндігінен жетеу еді. Жаз айларында əке мен шеше үй бетін көрмей, таң атар-
атпастан кетіп, қараңғы түскенше тепеңдеп колхоздың ешқашан бітпейтін жұмысында жүретін,
түннің бір уағында оралатын. Шиеттей балалар бірін-бірі көтеріп, бірін бірі жетектеп жүріп
ержетті. Əке мен шешенің тепеңдеп жүріп табатыны жүз-ақ сом. Тапқандары бала-шағаның
тамағына жетпейді, сонда да болса Мұсаханның отбасы “барға қанағат, жоққа салауат” деп өмір
сүрді. Артық ақша табамын, дүние жинаймын деп момын əке жанын қинап, жаныққан жоқ, жеті
перзентінің амандығын олжа көрді. Жеті бала тату болып өсті, бірінсіз бірі дастарханға
отырмайтын аса бауырмал еді...
– Аға, Бибі үшін мен айтайыншы,– деп қиылды Олжас. – Ол əлі кішкентай.
– Е-һ-е, үлкенмін,– деп Бибі аузын бұртитты. Жанына келген Олжаспен теңескісі келіп, өкшесін
көтерді. Лекіп көмейіне келіп қалған күлкіні жігіт əрең тежеді.
– Бибі үлкен, ол тақпақ біледі,– деп Асылхан оның қолына бір тал кəмпит ұстатып еді, ол
тақпақтай жөнелді.


Бақа, бақа, балпақ,
Басың неше жалпақ,–
деді де қол шапалақтады.
Кəне, бəріміз қол соғайық, балалар,– деп Асылхан қол соғып, рахаттанып күлді. Екі бала да мəз,
иықтарынан ауыр жүк түскендей, қабақтары ашылып, жадырай күліп тұр.
Айналайын баладан,
Тауып алған даладан,–
деп əндетті Бибі. Үшеуі дуылдатып қол соқты. Екі бала ерекше мəз, қарындастарының өнеріне
риза болғаны соншалық, біріне-бірі қарап, жымиып күліп қояды. Қызынып алған кішкентай қыз
тоқтайтын емес, білетін тақпағын бірінен кейін бірін айтып, өзі бастап қол соғады.
Ну, погоди, зайс,
Біздің үйден шай іш.
Шай ішпесең қой,
Бій тоқтыны сой,–
деді де қол шапалақтап, Асылханның бетіне қарады.
– Ой, азамат! – деді жігіт Бибіні құшақтап. Екі бетінен кезек сүйді. – Мына кəмпиттің бəрі
сенікі.
Алып келген кəмпитті дорбасымен қыздың қолына ұстатты. Бибі мəз. Екі ағасының қалтасына
уыстап кəмпит салып, жымыңдап күліп жүр. Бірімен бірі аса тату, бауырмал екені көрініп тұр.
Əке мен шеше алауыз болса балалардың бір-бірін сыйламайтындығын, бір-біріне мейірі түсіп,
емешегі езіліп тұрмайтындығын Асылхан біледі. Əке-шешенің алауыз, араздығы балаларына оп-
оңай жұғады. “Кішкентай қыздың екі ағасына бауырының езіліп, барын солардың қалтасына
тықпыштауы тəрбиесінің жақсылығының, ата-ананың бір-біріне деген сыйластығының көрінісі”
деп ойлады жігіт.
Осы жасына дейін жаманатқа қалмай, атаңа нəлет дегізбей, жанына кір жұқтырмай жүрсе
бірінші кезекте ата-ананың берген тəрбиесінің арқасы. Үлкен оқу тауысып, үлкен астаудан жем
жемесе де, зор лауазымға ие болмаса да ата мен ана жеті балаға дұрыс тəрбие беруге тырысты.
Күндіз-түні колхоздың жұмысынан қолдары тимей, мұрындарынан шаншылып жүрсе де бала
тəрбиесін бір сəт ұмытқан емес, əке мен шеше жеке басының үлгісі арқылы жетуіне үлкен
ықпал жасады. Ұлдардың барлығы кісі баласына жаманшылық ойламайтын, қолынан келгенше
кімге болса да жақсылық жасауға дайын тұратын, өліп бара жатса өтірік сөйлемейтін, бөтен
туралы ғайбат айтпайтын əкелеріне еліктеп өсті. Ауылдың кемпір-шалы “шіркін, Мұсаханның
ұлдары мен қыздары-ай” деп риза болып отыратынын Асылхан талай рет өз құлағымен естіген.
Əке мен шешеге бұдан артық не керек? Ұл-қыздары туралы мақтау естісе екі кəрінің төбесі
көкке екі-ақ елі жетпей қопаңдап отырады. Бір ауыз жылы лебізге мəз екі кəрі басқалар секілді


дүние жиған жоқ, бала-шағасы көп бола тұра үлкен үй де салдырмады, малымды көбейтемін деп
жанталаспады. Мұсахан қария кейбіреу сияқты қай жерден пайда түсер екен деп қасапшының
итіндей жалмаңдаған жоқ, колхоздың байлығын ұрлап-жырлап үйіне тасымады. Сыпыраның
ішінде отырып, жамбасының астынан жеп, кекірігі азған үзеңгі бауы сегіз қабат кейбіреудің
ағыл-тегіл тіршілігіне қызығып, қызғаныш білдірмеді. Азына мəз болды, соған тəуба деді.
Қоңырқай ғана тіршілігі бар Мұсахан мен Айғанымның бала-шағасының амандығынан басқа
тілегі жоқ еді. Ерлі-зайыпты екеуі үшін жетеуінің амандығынан асқан байлық та, бақыт та
болмайтын.
Біздің бақытымыз – балалар,– дейтін Мұсахан қария кемпіріне. – Байлық – қолға жұққан май,
жусаң кетеді. Молшылық заманда аздап та болса жоқшылық көрмей өскен бала қайырымсыздау,
парықсыздау болып өседі. Олар өмірдің бір сəткі ауырлығын, қиындығын көтере алмай тозып,
жүнжіп кетеді. Жоқшылық көріп өскен бала бардың қадірін біледі, мейірімді болады.
Мейманасы тасып, тəубасын ұмыта бастаса есіне əкесі түседі. “Балам, адамның күні адаммен.
Ақырын жүр, анық бас” деп сыбырлайды əкесі əр сəт сайын. Осы өмірінде тірі пендеге жасаған
қиянаты жоқ, шамасы келгенше көмектесті, ақылы жеткен жерге дейін əділ болуға тырысты.
Жақсы болып жүрсе өскен ұясында алған тəрбиесінің арқасы шығар.
Бір ісімен əкенің көңілін қалдырды. Үндемей-ақ қоюына болар еді. Он екіде бір гүлі ашылмай
тұрып қыршынынан қиылған боздақтар есіне түсіп, шыдай алмай шындықты айтқан. Əкем
түсінер деп үміттенген. Бірақ Мұсахан қария түсінбеді.
– Партия айтса орындау міндет. Партияның айтуымен біз де соғысқа барғанбыз, қан төккенбіз,–
деп айқайлаған əкеге пəтуа айтқан.
– Сіздер Отанды қорғадыңыздар. Ал біз ше? Біз кімді кімнен қорғадық?
Асылханның сөзін Мұсахан қария құлағына қыстырмаған. Қаршадайынан партияға табынып
өскен шал үшін Ауғанстандағы соғыстың қателік екенін айтудан үлкен қылмыс жоқ еді. Сол
үшін ұлын кешіре алмады.
Осы күні ол кісі қатты қиналып жүрген шығар. Мұсахан қария сырттай қараған адамға өте қатал
сияқты көрінгенмен көңілі бос, болар-болмасқа егіліп жүре беретін күйрек кісі. Анасы байғұс
күн сайын баласын ойлап, көз жасын сығып-сығып алатын шығар. Бауырлары хат жазған сайын
“ауылға келіп қайт, анам екі сөзінің бірінде сені еске алып жылайды. Күннен күнге қартайып
барады. Көкем де əрең жүр” дейді. Əкесінің беті оңайлықпен бері қарамайтынын біледі. Ол
кісінің діні қатты.
– Аға, шай қайнап кетті,– деді Елжас ақырын ғана иығынан түртіп. Асылхан қалың ойдың
иірімінен тез шықты. Газды өшіріп, дастархан дайындауға кірісті.
– Ал, балалар, қол жуыңдар,– деді дастархан дайын болған кезде. Алғаш көргендегідей емес,
балалардың бойы үйреніп қалған сияқты, Асылханды жатырқамай, жалтақтамай келіп,
дастарханға отырды. Елжас қарындасын тамақтандыруға кірісті. Үлкен адам сияқты салмақты,
аракідік Бибіге ақыл айтып қояды. Қыз оның айтқанын орындауға үйренген екен.
Анасының қойнына жатып үйренген Бибі ұйықтарға келгенде қыңқылдап жылап, үйге берген


тапсырмасын жазуға отырған Елжастың берекесін алды. Ұйқы тығылған көзін уқалап-уқалап
жіберіп есінейді де:
– Мамама байамын,– дейді жыламсырап.
– Сен жата тұр. Мама қазір келеді,– дейді Елжас алдаусыратып. Бірақ Бибінің көнетін сыңайы
жоқ, ағасының қолынан ұстап алған. Олжас жатты да ұйықтап қалды. Елжас сабағына
дайындала алмады, біраздан кейін өзінің ұйқысы келді. Мазасы кеткен қыз жаңа өнер шығарды.
– Мені көтей! – деп қыңқылдаған Бибі. Көзіне ұйқы тығылып, əрең тұрған жеті жасар бала оны
қалай көтерсін.
– Басым ауырды,– деп жалтарып еді, Бибі көне қоймады. Елжас ашуға мінді, қабағын түйіп,
қарындасына зеки сөйледі. – Жат та ұйықта, ертең ерте тұру керек.
Сылтау таба алмай тұрған қыз жылап қоя берді. Жұбатпақ болып құшақтап, бетінен сүйген
ағасын кеудесінен итеріп, үйді басына көтерді. Не істерін білмей Асылхан абыржыды.
– Келе ғой мен көтерейін,– деп құшағын жайып еді, көзіне ұйқы тығылып əрең тұрған қыз
қарсыласпады. Асылхан оны көтеріп жүріп, ыңылдап əн айта бастады. Кішкентай қыз танауы
пысылдап ұйықтап қалды.
Балалар түгел ұйықтағаннан кейін Асылхан сыртқа шығып, есік алдында қыдырыстап біраз
жүрді. Іргедегі кіші Алматы өзенінің сарыны бəсең. Соған қарағанда су сүйектеніп қалған
сияқты. Жұлдыздар жыпырлап жиі шығыпты. Қаракөк аспанның төсінде із қалдырып, біл
жұлдыз ақты. Түн əжептəуір салқын екен. Терістіктен өңменнен өтердей өткір жел соғып тұр.
Сыртта көп жүре алмай Асылхан ішке кірді. Үшеуі қаннен қаперсіз ұйықтап жатыр. Жігіттің
жүрегі елжіреді, көңілін үш балаға деген аяушылық сезімі əуектеді.
Қағаз, қалам тауып, ата-анасына хат жазуға отырды, сөзді неден бастарын білмей басы қатты.
Оқуға түсе алмай құрылыста жұмыс істеп жүргенін айтса анасының көңілі сөгіліп, мықтап
қапаланатынын біледі. Өтірік айтып, анасын алдауға дəті бармады. Хабар бермей жатып алуға
жəне болмайды, байғұс анасының түн ұйқысының төрт бөлініп, бір жапырақ қағазға зар күйде,
ішін ит тырнағандай қиналып жүргеніне күмəні жоқ. Ұлының амандығын білсе көңілі орнына
түсіп, бір жасап қалар еді.
Ұзақ отырып анасына амандығын білдіріп, əкесінен кешірім сұрап, жарты бет хат жазды.
Осыдан кейін иығынан басқан ауыр жүк түскендей бойы жеңілдеп, жаны жай тапты. Ұйқы
шақыра алмаған жігіт бір бұрышқа əдемілеп жинап қойған газеттерді ақтаруға кіріскен,
біраздан кейін одан да жалықты. Аяғанның жинаған кітаптарын қарап шықты, анау кезде Алмас
екеуі алып келген қазақ энциклопедиясына шкафтан орын тимей, төбесіне шығып кетіпті. Ол
біраз кітап жинапты жəне көпшілігі қолға түсе бермейтін асыл мүлік сияқты. Аяғанды
көшіріскенде Алмас екеуін осы кітаптар шаршатқан.
“Апыр-ау, ол кісіні КГБ неге əурелеп жүр?”.
Есіне Аяғанның əңгімелері түсті. “Сонда КГБ жеке адамдардың ықпалында жүре ме?” деген


сұрақ Асылханның ойын тұсады. Қанша ойланса да бұл сұрақтың жауабын табуға ақылы
жетпеді.
Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті айналысатындай Аяғанның үлкен кінəсінің барына сене
алмай ойы онға, санасы санға бөлініп, көңілін күдік арбады. Кісі баласына жаманшылық
тілемейтін ақжүрек жігіт Аяғанның адалдығына сенді. Оның басын əуреге салып, жолына
қақпан құрып, дандайсып жүргендердің ақиқаттан күшті еместігін ойлап, көңілін жұбатты.
Есіне тарих факультетінің үшінші курс студенттерінің Орталық партия комитетіне Аяғанды
қорғап, хат жазғаны түсті. Хат үлкен үйге жетісімен-ақ Шындықтың атқа мінетіндігіне,
əділдіктен басқа сүйенері жоқ Аяған Қуатов сияқты адамдарға қысылмай, қиналмай жамандық
жасай беретін “айтқаны өтіп, атқаны жетіп” тұрған құдайдың қиянатшыл құлдарынан басына
қара бұлт үйірілетіндігіне Асылханның шүбəсі жоқ еді.


10
Аяған түні бойы кірпік ілмеді. Аядай бөлменің бір бұрышынан екіншісіне дейінгі аралықты
адымдап, сонан соң табандап өлшеп, уақыт өткізуге тырысты. Бұл ермегі де жалықтырды, миын
мүжіп жейтін ашқарақ ойдың қақпанына түсіп қалмас үшін басқа алданыш табуға əрекеттенген,
бірақ мұнысынан ештеңе шықпады.
Бала-шағасы ойынан шықпай берекесі қашты. Əсемнің жағдайын ойлады, Асылханның хабар
айтып барған, бармағанын біле алмай тықыршыды. Бірсəт жасыл көз сары жігіттің бейəдеп
қылығын есіне алып, жаны күйзелді. Əлгінің жала жауып, жазықсыз адамның басын жалмамақ
болған əрекетіне қатты ызаланды.
“Апыр-ау, кінəсіз кісіні күйдіре салу деген түкке тұрмайды екен-ау. Оны қағазға түсіргендерін
мойындап, қол қойып берсем темір тордың аржағынан бір-ақ шығар едім ғой. Шиеттей бала-
шағам кімге керек, Шеше ауру, əке жоқ. Жетімектер шашылып далада қалмай ма. Жоқ,
мойындамаймын ешқашан! Маған таңып отырғаны жала!”
Аяған іштей шамырқанып, əрі-бері теңселіп жүре бастады. Бірақ төтен келген бөтен сезімнен
арыла алмады. Əлдебір сезік жүрегін шымшылап, жүйкесін шұқылап мазасын кетірді.
Қай жерде не айтқаны есінде тұрсын ба. Ет қызулықпен уақыттың мінезіне қайшы келетін,
ешкімнің көзін шығарып, басын жармаса да əлдекімнің құлағына шаншудай тиетін сөздерді
айтып жіберу əбден мүмкін. Сүмеңдеп соңына түскен бір сүмелектің аузынан шыққан сөздің
бəрін қалдырмай жазып жүрмегеніне кім кепіл?! Дəлелі болмаса жасыл көз сары соншалық
еркін сөйлеп, сенімді отырар ма еді? Неге сеніп отыр? Кінəсі дəлелденбесе көлденең көк
аттыны ұстап алып, күш көрсете ме, бекерден бекер қамап қоя ма? Қаншалық үлкен қызметте
отырғанмен заңнан күшті емес шығар ол.
Жүре-жүре аяғы ауырған Аяған еденге шалқасынан түсіп жатты да, көңілін күпті қылған
сұрақтарға жауап іздеді.
Үлкен қызметтегі адамның баласы немесе інісі, туысы əліпті таяқ деп білмесе де оқуға түсуге,
диплом алып шығуға міндетті. Сонан соң қаптап жүрген жағымпаздар көптеп көмектесіп жүріп
оны жаны қиналмайтын жылы жерге орналастырады. Институтты зордың күшімен зорға
бітірген ол дайын баспалдақпен тез-тез жоғарылайды немесе аз уақыттың ішінде ғылым
кандидаты, сонан соң ғылым докторы болып шыға келеді. Бұдан кейін күні кеше кандидаттық
еңбек жазуына көмектескен курстасына ғылыми жетекші болады. Сүйеуі жоқ бейшара атағы бар
да абыройы жоқ ғылым докторының “басшылығымен” кандидаттық еңбек жазып қорғайды.
Аяған мұндай парадокстың талайын көрді осы ғұмырында. “Сыйынғаныңның сүйенгенің мықты
болсын” деген рас екен. Алдияр Ақпанұлы осы сөзді жиі айтып отырушы еді. Кезінде мəн
бермепті ғой. Өйткені Аяған үшін Шындықтан үлкен ұғым жоқ еді бұл дүниеде. Шындық
салтанат құрған жерде қиянат та, қараулық та өмір сүре алмайды деп ойлайтын. Оның
түсінігінше Шындық күн сияқты еді. Қателескенін кейін білді. Шындық – Күннің бататын кезі
болады екен. Аспанды қара бұлт басса Шындық – Күннің сəулесі жерге түспейді екен.
“Апыр-ау, осы біз қайда кетіп барамыз? Қоғамда болып жатқан былық пен шылықты барша
халық аузына қарап отырған адамдар шынымен-ақ білмей ме?”


Аяғанның жолын осы тақылеттес сұрақтар кескелі талай уақыт болған. Өзі сенетіндей жауап
таба алмай шаршайды. “Үкімет басында отырған адамдар білмейді” деуге аузы бармайды. “Олар
біледі бірақ жаны ашымайды” деу ақылға сыймайды. Мемлекет басшыларының қоғамда болып
жатқан қайшылығы көп процесті өте жақсы білетіндігіне Аяғанның күмəні жоқ. Біле тұра
олардың жайбарақат отыруы мүлде түсініксіз. Ауруды жасырудың орнына асқындырмай емдеу
керек емес пе?! Халық бəрін біледі. Жабық есіктің аржағында болып жатқан сан қилы
оқиғаларды біліп қана қоймайды, сол жағдайлардың барлығына жан-жақты талдау жасап, əділ
баға беріп отырады. Халық Брежнев туралы сан түрлі анекдот айтқаны үшін кінəлі ме? Бəлкім,
халықты Ауғанстандағы соғысқа қарсы болғаны үшін жауаптау керек шығар?! Халық ешкімнен
де, ештеңеден де қорықпайды. Шындық үшін отқа түскен, өмірін оққа байлаған азамат аз емес.
Ол қылышынан қан тамған Сталин заманында, отыз жетінші жылдың зобалаңында жа күштіден
қаймықпаған, шындықты өтірікке жығып берген жоқ. Халықтың шындықтан асқан қадырлы несі
бар?! Ұлы шындықсыз халық өмір сүре алмайды.
Аяғанның кеудесінде осындай бір ащы айқай жатты. Бар дауысымен айқайлап тұрып айтқысы
келді, кеудесіне толып қалған сол шындықты жарық дүниеге жарияласам деп құлшынды. Бірақ
айқай кеудесінде тұншықты.
“Осы біз шындықты айтудан неге қорқамыз? Сол қорқыныштың кесірінен азаматтық
бағдарымыздан адастық, азаматтық болмысымыздан айырылып қалған жоқ па екенбіз?! Қорқуға
үйретті бізді. Сол қорқыныш баршамызды өзгені өтірік сыйлауға, шындықтан жалтарып қашуға,
əруақытта жанымыздан қорқып, бұғып қалуға тəрбиеледі ғой. Бізді қорқыныш арқылы
тəрбиеледі. Бəріміз, бəріміз қорқыныштың төліміз! Қиянат атты қазанатқа мініп алған
əділетсіздікті Шындықтың шоқпарымен ұрып жығуға болатынын біле тұра əрекеттендік пе?
Жоқ, керісінше, əділетсіздікті əдіспен жеңуге тырыстық, қулықпен алуға құлшындық. Сөйтіп
жүріп əділетсіздіктің жағына қалай шығып кеткенімізді білмей де қалды қара басып.
Əділетсіздіктің вирусы баршамыздың жанымызда бар. Оның тірілуі де, қозуы да тез. Сол вирус
бəріміздің бойымыздағы қарсылық иммунитетін жойған екен. Жойыпты біржола!.. Біз біржола
жеңіліппіз!.. Біз шарапқа тойып алып, намыс, ар, ұят атты киелі ұғымдарды талақ тастап, кісі
кейпі бар хайуанның құшағында екі істі күйде жатқан салдақы сияқтымыз. Бізге бəрібір екен
ғой. Біз арзандап кетіппіз мүлде. Бəріміз... Мынау қоғамды емдеу керек алдымен. Оны
Шындықпен ғана емдеуге болады...”
Қолын жастанып, шалқасынан түсіп жатқан Аяған орнынан атып тұрып, жылдам-жылдам
адымдап, ерсілі-қарсылы жүре бастады. Оқыстан келген ойлар ұйқтап қалған ашу-ызасын
түртпектеп жүріп оятып алды. Көңілі тоқ уақытта ол шабаланбай, шаптықпай сабырға салатын.
Екі-үш айдан бергі сергелдең əбден титығына тигендіктен бе, кейінгі кезде аса шамшыл болып
алған. Тып-тыныш жатқан жерінен жұлып алған сан қилы ойдың тегеурінді құшағынан біразға
дейін босанып шыға алмай жүйкесі үзілердей жіңішкеріп, кеудесіне сұрапыл дауыл кірді. Аяған
кімге тиісерін білмей аласұрды.
Мəселе шешетін орындарға “момындар” – айтқанды бас шұлғып тыңдап, қалт еткізбей
орындайтындарды отырғызып қойған, ат-тасына нəлет! Оларға шындық жақпайды. Қарсы пікір
айтқан адам олар үшін жау. Сондықтан да шындықты шырылдап қорғаған “ақымақ” қуғын
көреді, басын арашалай алмай азапқа түседі. Ақылы бар үндемейді, оған шындықтың керегі
жоқ,– деді Аяған ашулана дауыстап. Жаны қатты қиналған адамдай көзін шарт жұмып алып,
қабағын тыржитып, екі жұдырығын түйіп, бөлменің қақ ортасында қимылсыз ұзақ тұрды. Бір


кезде басын шайқап-шайқап алды да, терезеге тақап келіп, сыртқа көз салды. Терезе аулаға
қарайды екен. Бір кварталды алып жатқан үлкен кеңсенің толып жатқан терезелерінің бірде
біреуінде жылт еткен жарық жоқ. Бұл мекеме тəулік бойы дамылсыз жұмыс істейтіндей болып
көрінуші еді. Ол үлкен жаңалық ашқандай тақырқап біраз тұрды, сонан соң аяғын санап басып,
бөлменің қақ ортасына келді.
Сталиннің тас түрмесінде көп жылдар отырып, жарық дүниеге шыққан талай адамды көрді.
Оңашада барлығы мемлекеттің ит терісін басына қаптайды жəне диагнозды дəл қояды. Сөйте
тұра шетінен сужүрек. Сəл қабақ шытып, доқ көрсетсең бейшараларда зəре қалмайды, иманы
ұшып, безек қағады. Сол шіркіндер əмісе үрейдің құшағында жүрсе де үндемей қалмайды.
Халық та осылар сияқты. Əкімдердің айтқанында бас шұлғып, олардың аузынан шыққанды
құлдыраңдап жүгіріп жүріп тындырып үйренген, тек орындаушы болып келген халық
шындықсыз өмір сүруге болмасын қашан түсінер екен? Мынау баяны жоқ дүниеде шындықтан
қымбат не бар екен?! Шындық – халықтың өмірі емес пе?!
Аяғанның ойын ішке кіркен адам бөліп жіберді. Аласа бойлы, төртбақ келген, жалбыр қас
жігітті ол бірден таныды. Алғашқы əлетте құтқарушысы келгендей қуанып қалған. Қуанышы су
тиген шырақтай тез сөнді.
– Жарым түнде мазаңды алғаныма кешірім сұраймын,– деп сызданды Мақсұт. Аяғанға көз
қиығын тастап, жымиып күлді. – Мені танымай тұрған шығарсың, сірə, Ахмет Байтұрсынов
мырза! Біз сізге сəлем беруге келдік.
– Жолдас Мақсұт! – деді ызаға булыққан Аяған. – Менің бір мысқал кінəм жоқ. Кінəсіз адамды
қамап ұстасын деген заң жəне жоқ.
– Бұл түрме емес, кеңсе,– деп күлді Мақсұт. – Сен əлі кеңседесің.
– Əйелім ауру. Менің үйге қайтуым керек.
– Менің де əйелім ауру, балаларым жас,– деп мырс-мырс күлді Мақсұт. Жалғыз орындыққа
жайғасып отырып алды. – Балаларымды қамап кеттім. Мемлекеттің жұмысы дегенге бала-
шағаны ұмытамыз.
– Бала – мемлекеттің меншігі,– деді Аяған дықтанып. – Мемлекеттің балалардан бағалы, қымбат
капиталы жоқ. Сен жеті түнде кінəсіз адамның жүйкесін жұқартып, уақытыңды бекер
өлтіргенше үйіңде, бала-шағаңның жанында отырсаң мемлекетке көбірек пайда келтірер едің.
Ал сен керісінше, мемлекетке тек қана зиян тигізіп жүрсің.
Мақсұт шалқайыңқырап отырып, Аяғанға зілдене қарады. Қабағы түксиіп, ұзарып өскен қою
қасы көзін жапты, ашуланғанда көзі кішірейіп, қатты тістенгендіктен бе шықшытының бұлшық
еті бұлтиып шығып кетеді екен. Бекерден бекер жəбір көріп, тиісерге қара таппай жүрген Аяған
Мақсұттың ашулана бастағанын байқап, одан сайын үдеді.
– Мен де далада жатқан адам емеспін. Қоғамның капиталымын,– деді сəл ғана езу тартып. –
Сендер коммунистік құрылыстың ең белсенді өкілін жөнсіз қамап, отыз жетінші жылдың
тəсілімен жұмыс істей бастадыңдар. Бұл мың тоғыз жүз сексен екінші жыл...


– Жə, даурықпа! – деді Мақсұт орнынан тұрып. – Сенімен тəжікелесу үшін келгенім жоқ. Менің
сұрақтарыма жауап бересің.
– Бере алмаймын. Мен алдымен бала-шағамның жағдайын білуім керек,– деп қырсықты Аяған.
Мақсұттың қақпайлап қайда алып барарын іші сезеді. Қанша жерден ағынан жарылып, шынын
айтқанмен қағазға сөзінің басқаша болып түсерін біледі. Мақсұттың өзіне деген пиғылының
қандай екенін баяғыда-ақ біліп болған. Қолынен келсе Аяғанның түзелуге бет алған шаруасын
қисайта салудан тайынбайды ол.
– Ештеңе айтпасаң ешқайда бармайсың.
Мақсұттың мінезін жақсы білетін Аяған оны шамдандыру үшін əдейі шамына тие сөйледі.
– Менің ұйқым келді, ертеңге дейін сау болып тұр,– деді қолын ұсынып. Іле-шала қолын тартып
алып, қалтасына салды.
– Неменеңе жетісіп күлесің бейшара?– деді Мақсұт тістене сөйлеп. – Сенің бұл жерден жарық
дүниеге шығуың оңай болмас.
– Менің ұйқым келді, төсек қайда?– деп Аяған ақырып жіберді. Бірақ Мақсұт селт етпеді,
шалқайыңқырап отырып темекі тұтатты. – Темекі тартпа! Бөлме менікі.
– Ойна. Ойнап қал,– деді Мақсұт мырс-мырс күліп. – Жаның аман болса талай қызық көресің.
– Маған қызығыңның керегі жоқ. Менің үйге қайтуым керек.
– Асықпа, – деді ол темекісінің түтінін Аяғанға қарай үрлеп. – Сені осында пропискаға
отырғызамыз. Күніне екі-үш рет кездесіп тұрамыз.
– А-а, солай де... – Аяған жүні жығылып, монтансып қалды. Оны менсінбей тулағанмен қолынан
ештеңе келмесін, Мақсұтта күш барын, өзінің басыбайлылығын, тəуелділігін іштей мойындады.
Қисық сөйлеп, қыңыр тартқанмен пайда таппасын, Мақсұттың айтқанына көнуден басқа
амалының қалмағанын түсінді.
– Менің түк кінəм жоқ,– деді ол əлден уақыттан соң мұңайып отырып. Мақсұт оны
мазақтағандай мырс-мырс күлді.
– Лекцияда СССР-дің емес, орыс патшаларының тарихын оқып жүрсіз дейсің. Қазақ хандары
туралы да біраз мағлұматтарың бар сияқты ғой.
Аяған əдепкідегідей сасып, өзін-өзі қорғап, абыржыған жоқ. Кеудесін алай-түлей етіп, сыртқа
лықсыған сұрапыл ашуды əрең тежеп, езу тартты.
– Лекцияңда “біз өз халқымыздың тарихынан гөрі Рим империясының тарихын жақсы білеміз.
Бізге қазақ халқының тарихы керегі жоқ. Өйткені біз құлмыз” дейсің. Сонда кімнің құлысың?
Ұлы орыс халқының гегемондық роліне қарсы екеніңді жасырмай айту арқылы да тарихта
қалуға болады.
– Бұл сөзді сен де талай айтқан шығарсың,– деді Аяған оған тік қарап. Мақсұттың жүзі


шімірікпеді, оны табалағандай тағы да мырс-мырс күлді. – Біз сенен үйренгенбіз.
– Сұрақты мен қоямын, ал сен жауап бересің.
Аяған мысқылдай күліп, табалап, мерейі үстем болып отырған Мақсұтқа қарағысы келмей,
басын тұқыртты. “Біз неге қазақ халқының тарихын оқымаймыз? Ата-бабаларымыздың тарихын
мүлде білмейміз ғой” деп студенттерді дүрліктірген осы Мақсұт болатын. Жөн-жосық
білмейтін ауыл балалары үшін мұндай сөз айту ерлікпен пара-пар еді. Студенттердің арасында
беделі өсіп, деканаттың көзіне түскен Мақсұттың тасы өрге домалады. Курстың старостасы
болды, келесі жылы факультеттің комсомол ұйымының хатшылығына өсті. Оның шын бейнесі
сол кезде, қолы мансапқа ілінгенде көрінді. “Қазақ халқы үшін отқа түсемін” деп кеуде қағатын
жігіт жүре келе қара басының мүдесін бəрінен жоғары қоятын болған. Араларына осы кезде
сызат түскен. Кейін бір кафедрада қызмет істеген жылдары сол сызат үлкейіп, біржола кетісіп
тынған. Мансаптың жетегінде жүріп шала білім алған Мақсұт ғылымда да сол тəсілмен
дегеніме жетемін деп ойлаған, пенделік эгоизмнің құлақ кесті құлына айналған жігіт əбес
қылықтарымен сүйкімін кетіріп алған. Ғылымның тайғанақ жолымен алысқа бара алмасын
біліп, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне ауысып тынған.
– Сонымен студенттер қазақ хандарының тарихын жақсы білетін болды ма? Айтпақшы, Сыздық
төре туралы қолжазбаңмен танысып шықтым. Ол өзі неординарный адам болыпты ғой. Қанша
орыстың обалына қалды екен? Санадың ба?
– Ол орыс халқына емес, самодержавиеге қарсы күрескен.
– Білеміз. Біз де оқығанбыз.
– Білмейсің!– деді Аяған түсін суытып. – Білсең бұлай сөйлемес едің. Біл-мей-сің!.. Сен мектеп
мұғалімінің Алтын орданың тарихын білмейтін балаға кешіріммен қарап, Рим империясы
немесе Киев Русінің шатасса оның жер-жебіріне жететінін білемісің? Білмейсің! Мыңдаған
жылдық тарихы бар үлкен елдің, Ұлы халықтың тарих оқулығының пышақтың қырындай ғана
жұп-жұқа кітап екенін білесің бе? Неге? Себебі – бізде тарих жоқ. Біз көктен түсе салғанбыз.
Бізде мəдениет болмаған, өнер деген түсімізге кірмеген. Қазақ қала салмаған, егін екпеген. Өмір
бойы қой баққан. Сен бұдан басқа не білесің? Білсең де білмеген боласың. Себебі – саған қара
басыңның амандығынан басқа ештеңенің керегі жоқ. Сен қорқыныштың құлысың. Сен құлсың!
Орындаушы құлға мəдениеттің, өнердің, құдай-ау, тіпті халықтың керегі бар ма!?
Аяғанның айтқан сөздері Мақсұт шамына тиді, қабағы қарс түйіліп, қою қасы екі көзін жауып
қалды. Қатты тістеніп алғандықтан ба, шықшытының бұлшық еті бұлтиып шығып кетіпті.
– Міне, менің саған айтатын сөздерім осы. Кеңес үкіметіне қарсы сөздер тапсаң жазып ал да,
жазаңды бере бер. Мен көндім, – деді Аяған ақырын ғана күрсініп. – Сендер соңына түскен
адамды сүріндірмей, омақаса құлатпай тынбайды деп естігенмін. Мейлі, көріп алдым. Бірақ
есіңде болсын, менің өмірім бала-шағама, өзіме ғана емес, Отаныма, туған халқыма керек. Мені
де іздейтіндер бар
Соңғы сөзді айтқанда Аяғанның көңілі босап, дауысына діріл араласты. Жоқтаушыларының
бары рас, бірақ олардың қолынан не келсін. Анда барып, мұнда барып есік тоздырар, жылап-
сықтар, ақыры түңіліп, бір құдайға тапсырып қояр. Қартайған əке мен шешеде, шықпа жаным


шықпалап сүйретіліп əрең жүрген Əсемде жолындағыны таптап, жаншып кете беретін алып
машинаны тоқтататын күш қайда?! Ол машинаны аузын айға білеген небір мықтылар да тоқтата
алмаған. Тоқтатамын деп алып машинаның доңғалағының астында қалған. Сеніп жүрген
студенттерінің дауысы адамдарың тағдырын шешетін, құдіреті күштілердің құлағына жетер ме
екен? Жеткенмен кішкентай адамдардың жан айқайына құлақ салып, көңіл аударар кім бар?
Сондай адамдар шынында да бар болса жылдар бойы шырылдап шындық іздеген Алдияр
Ақпанұлына неге ара түспеді? Туған халқы үшін қабырғасын сөгіп берер асыл адамды қара
басының қамы үшін ғана өмір сүріп, жалғанды жалпағынан басып жүрген қиянатшыл топ
жабылып талап жатқанда қайда қалды солар? Оларға бəрібір. Үлкен орында отырған үлкен
билігі бар адамдарға Алдияр Ақпанұлы сияқты алып тұлғалардың керегі жоқ. Алыптардың
көлеңкесі түседі. Сондықтан оларға Алдиярлар емес, аузынан шыққанды қалт еткізбей
тындыратын орындаушы құлдар бағалы.
Аяғанның есіне Алдияр қарттың “мен шындықты өмір бойы іздедім, бірақ таппадым” дегені
түсті. Жігіттің жамауы көп жадау көңілі одан сайын құлазыды.
– Сенің сөзіңе қарағанда, біздің мекеме жазалаушының рөлін атқаратын сияқты,– деді Мақсұт
орнынан тұрып жатып. – Сен сонда сүттен ақ, судан тазасың ғой. Сөзіңе қарағанда, бəріміз
қараумыз да, бір сен ғана тазасың. Сен баяғыда-ақ осылай дейтінсің. Барлығымыз сауатсыз,
қабілетсіз, білімсіз едік, ал сен өзіңді ерекше адам санайтынсың,– деді Мақсұт аяқ астынан
қалтырай бастаған қолын қалтасына салып жатып. Аяған оның қатты ашуланып тұрғанын білді.
“Баяғы есіне түскен шығар” деп ойлады. – Мен ештеңені ұмытқан жоқпын.
Оның ескіні ұмытпағанын ешқашан ұмытпайтынын Аяған айтқызбай-ақ білді. Мақсұттың
кандидаттық еңбегіне ең бірінші болып қарсы шыққан Алдияр Ақпанұлы еді. Аяған да шалдың
жағында болатын. Ғылыми кеңесте Алдияр бастап, бұл қостап Мақсұттың еңбегін жоққа
шығарды. Жақия шырылдап қорғағанмен оны қолдаушылардың саны аз болды.
“Мейлі, қолынан келгенін істесін” деп ойлады Аяған. Сағатына қарады, түннің бір уағы
болыпты. “Балалар ұйықтап жатқан шығар”. Боталары есіне түсіп, көңіліне қара шапты. Олар
əлденеге ұрынып қалғандай жаны дызығып, берекесі кетті. Төтен келген бөтен ой оны
əлдеқайда, көрдей қараңғы бір қиырға сүйреп алып кетіп бара жатқан сияқты. Аяғанда
қарсыласар қауқар қалмағандай. Екі көзі қабағы түксиіп, өзіне ызалана қарап, мелшиіп тұрған
Мақсұтта. “Мына кəпірдің түсі қандай суық еді” деп ойлады.
– Өкінішке орай, кешегі күнді сен ұмытып қалдың-ау,– деп суық жымиды ол. Аяған селк етіп,
бойын жиып алды.
– Мені босат. Үйге барып, бала-шағамның жағдайын біліп келейін. Сағат алтыда осында
боламын. Əйелім ауру еді.
Мақсұт асықпай темекі тұтатты. Темекіні асықпай сорып, көк түтінді жыларман болып тұрған
Аяғанның бетіне үрледі. Мақсұттың өзіне жасаған қысастығына қатты қорланған жігіттің өңі
сұрланып, танауы қусырылды.
– Айқай, дүние-ай! – деді күйіне дауыстап. – Ай, əділетсіз дүние-ау!– деді сонан соң жыларман
болып. Дауысы қарлығып қалыпты. – Сен де əкемін деп жүрсің-ау. Сенде жүрек жоқ. Сенде
кішкентай кісілік жоқ. Баяғыда осындай тексіз ең. – Түксиіп тұрған Мақсұтқа жек көріп қарады.


Ол темекісін құмыға сорып, аядай бөлменің ішін көк түтінге толтырады. – Мына мекемеге сен
сияқтыларды əдейі таңдап алатын шығар.
– Қысқарт!– деп жекірді Мақсұт тістене дауыстап. Бір басып тоқтап, екі басып тоқтап, Аяғанға
жақындады. Шықшыты бұлт-бұлт етеді.
Адам емессің,– деді Аяған, ашуға тұншығып, жүзі нарттай болып қызарып кетті. Тағы да айтар
сөзі көп еді, кенет қарсы алдында тұрған Мақсұт шұғыл қимыл жасады, Аяған қорғанып
үлгермеді, асқазанына жұдырық тиіп, бүк түсіп отырып қалды. Ауа жетпей қиналды, көзінен
мөлт-мөлт жас шықты. Мақсұт мына ісіне разы болғандай езу тартып, екі бүктеліп отырған
жігітті иығынан теуіп құлатты да, шығып жүре берді.


11
Олжас пен Бибіні балалар бақшасына, Елжасты мектепке жеткізіп салғаннан кейін Асылхан екі
өкпесін қолына алып, Алмастың жатақханасына жүгіріп жеткен. Оның орнын сипап қалды,
досы бүгін елден бұрын тұрып, институтқа кетіп қалыпты. Оны институттан табарына сенімі
болмай Хадишаны іздеп келген.
Кішкентай балаларды бағып-қағу ер адамға аса қиын екен. Ұйқысы ұйқы болмады. Бибі түн
жарымда оянып алып, шешесін іздеп, қоймай жылады. Əлдилеп жүріп əрең ұйықтатты. Күнде
осылай бола берсе не тамтығы қалады. Əсемнің ауруханада қанша жатары бір құдайға ғана аян.
Аяғанды қашан босатарын ешкім білмейді. Үш əріптің қолына түскен адамның оңайшылықпен
босана алмасын іші сезеді.
“Кішкентай балалардың жанында əйел адамның болғаны дұрыс” деп ойлаған Асылханның
таңдауы бірден Хадишаға түсті. Өмірден көп қиыншылық көрген, жетім болып өскен қыздың
үш баланы шешелерінен кем əлпештемесіне ол сенді. Бала дегенде Хадишаның емешегі езіліп
тұратынын талай рет байқаған.
Болған жағдайды естіп, Хадишаның көңілі сөгіліп, əбден əбігерленді, балаларға аяушылық
білдіріп, көзіне жас іркілді. Жұмыста жүргенде жөнсіз қылжақтап, маза бермейтін əулекі
жігіттердің мысын басып тастайтын қайсар қыздың мына қылығына Асылханның іші жылып
қалды.
“Бала деген əйел атаулының жүрегі езіліп тұрады-ау” деп ойлады. Есіне анасы түсіп, жүрегі
əлсіз ғана шым етті.
– Мынау үйдің кілті. Үйге бар,– деді кілтті қызға ұстатып. – Алдымен Əсемге барып, жағдайын
біл.
– Ол кісі қай ауруханада жатыр екен?
Асылхан аурухананың адресі мен Əсемнің аты-жөні жазылған бір жапырақ қағазды қыздың
қолына ұстатты.
– Аяған туралы ештеңе айтпа,– деп ескертті жігіт. – Сұрап қоймаса “əкесі ауырып қалыпты, бір-
екі күнге ауылға кетті” дей сал.
– Мен кіммін деп барамын?– деп қиналды қыз. Екі көзі жаутаңдап, Асылханға жалбарына
қарады. – Ол кісі мені мүлде білмейді ғой.
– Білмесе таныс. Хадиша деген Алмастың үйіндегі келініңіз боламын де.
Қызарақтаған Хадиша жымыңдап күліп тұрған Асылханды иығынан түйіп-түйіп жіберді.
– Ұятсыз! Кетші ары тегі!..
– Мен де ұятсыз?


– Иə, сен...
– Мен емес, мына сіз құрметті Хадиша Қалиқызы жəне Алмас Байсанов екеулеріңіз... Бізден
жасырынып, киноға барасыздар, екеуден-екеу ресторанда отырасыздар. Бізден бөлініп суретке
түсесіздер,– деп Асылхан əзіл-шыны аралас біраз əңгіменің басын қайырып тастады. Қыз енді
шын қызарды, сасқанынан сықылықтап күле бастады.
– Оны кім айтты саған?
– Менің тыңшыларым бəрін біліп жүреді. Сонан соң телевизордан бəрін көріп отырамын. Алмас
екеулеріңнің маршруттарыңды беріп қойғанмын.
– Олар бізді шатастырған ғой. Біз ресторанға барған жоқпыз,– деп Хадиша сықылықтай күлді.
– Білеміз, бəрін білеміз. Даже Алмас Байсанов деген біреумен август айының жиырма жетісі
күні Көктөбеге барғандарың да біздің кітапта жазулы тұр, қарындас,– деп жымыңдады жігіт.
Хадишаның екі беті қалақай шаққандай əпсəтте қызарып шыға келді, лекілдеп еркін төгілген
күлкісі кілт тиылып, аяқ астынан абыржыды. Жалт бұрылып, жүгіре басып, бөлмеден шығып
кетті.
Асылхан аң-таң. Жаңағы сөзді айтқанда ойында ештеңе жоқ еді. Тамыз айының жиырма жетісі
күні Хадишаны “Ауыл” ресторанына алып барғанын, сонан кейін екеуі Көктөбенің биігіне
шыққанын, бақты аралап қыдырғанын Алмас айтқан. Қыздың жүзінің əпсəтте нарттай болып
қызарып шыға келгеніне қарағанда, екеуінің арасында айтылмайтын, үшінші адам білуге тиіс
емес оқиғаның болғанын Асылханның іші сезді. Ойланбай айтқан сөзіне қысылып, “Хадишаны
ренжітіп алдым-ау” деп қынжылды.
Екі беті дуылдаған Хадиша ұзын дəлізбен жүгірген бойы жуынатын бөлмеге келіп кірді. Жүрегі
лүпілдеп, ішіне шоқ түсіп кеткендей күйіп-жанды. Сұп-сумен бетін жуды, бірақ дуылдағаны
басылмады. Екі ұдай күйге түсіп, жыларын да, күлерін де білмей əбігерленген қыз іштей
Алмасқа ренжіді. “Талай адамға айтып, мақтанған шығар” деп ойлап, көңілі одан сайын
құлазыды. “Ол мені сүйсе арамыздағы жағдайды жұртқа жаймас еді ғой” деп налыды. Оның
соңғы уақытта əр нəрсені сылтауратып, кездесуден қашып жүргенін есіне алып, көзіне жас
үйірілді. Көңілі күдікке күпті бола тұра Алмасты жамандыққа қимады.
Хадиша киініп алып, Əсем жатқан ауруханаға тартты. Жолай айран, қаймақ, тəтті тоқаш іздеп,
біраз айналған. Сағат он бірден аса Кеңес көшесіндегі жедел жəрдем ауруханасына келіп,
əкелген заттарын беріп жіберген. Көп ұзамай жүгіре басып медбике қыз жетті.
– Əсем Қуатоваға келген сіз бе? – деді ол қысылып тұрған Хадишадан көз алмай. Қыз бас изеді.
– Ол кісінің жағдайы өте қиын.
– Бері шықпай ма?
– Мен не деп тұрмын сізге?– деді медбике қыз ашуланып. – Реанимацияда жатыр.
Хадиша шошып кетті. Медбикенің түріне қарап, Əсемнің жағдайының өте нашар екенін түсініп,
көңіліне үрей кірді.


– Күйеуі бар ма өзінің?
– Бар,– деп күбірледі Хадиша.
– А-ай, оңбаған! Кешелі бері қарасын көрсеткен жоқ. Ал əйелі өлім аузында жатыр,– деп
медбике көзіне жас алды. Хадишаның көзіне де жас іркіліп, екеуі біраз уақыт үнсіз қалды.
Əлденнен кейін медбике дауысы дірілдеп, сөзін жалғады. – Түстен кейін келіп, дəрігерге
жолығыңыз. Мен ештеңе білмеймін.
– Ол кісі қандай сырқат?..
Медбике Хадишаға алара қарап, ызалана сөйледі. Адамның бес тиындық құны болмады.
– Адамның өзін керек қылмаған саған оның ауруын білудің қанша қажеті бар?
– Мен бөтен адаммын,– деді Хадиша, ес жиып, еркін сөйледі. – Ол келіншектің күйеуі түрмеде.
– Ой, бейшара-ай! Балалары бар шығар,– деп медбике көз жасын сығып-сығып алды. Хадиша
оған таң қала қарады, əдетте адам өлімін көп көретін медбике атаулыны аса қатал, тіпті кейде
қатыгездеу болады деп түсінетін. Əртүрлі аурулардың арасында көп жүргендіктен қиналған
адамдардың жалынышты үніне олардың еті үйреніп кететін шығар деп ойлайтын. Анау бір
жылы аурухана жатқанда осының шындығына көзі жетті. Түні бойы бебеулеп, қу жанын қайда
қоярға білмей жанталасқан ауру əйелдің жалынышты үні медбикелердің құлағына шалынбады
ма, бірде біреуі жоламай қойған. Шыдай алмай жүгіріп барған Хадиша медбикеден сөз естіген.
Одан басқа да аурулар аз емес. Мен оған не істеймін?– деген қасы-көзін əлеміштеп бояп алған
келіншек. Езуіне сүйкімсіз күлкі ілініпті. Мынау мүлде басқа, екі қолы дірілдеп, жылап тұр.
Егіліп тұр бейшара.
– Ол инфаркт алған!..
Мына хабардан кейін Хадишаның зəресі ұшып, тілі байланды. Ауа жетпегендей тынысы
тарылып, басы айналды. Көзін жұмып, екі алақанымен бетін жауып, біраз уақыт үнсіз қалды. Ес
жиып, өзіне өзі келген соң медсестрамен қоштасып, сыртқа шықты. Жүгіре басып аялдамаға
келді. Əне-міне дегенше Əсем о дүниеге аттанып кететіндей көңілі алай-дүлей, тұла бойын
сұрапыл қорқыныш билеп алған. Тезірек Алмасты тауып, естіген-білгенін жеткізуге асықты. Ол
Əсемді аман алып қалудың жолын табатындай болып көрінді. Қыздың жүз түрлі ұлт тұратын
мынау үлкен қалада Алмастан басқа жақыны, жанашыры болған емес, қысылғанда қымсынбай
барып ақыл сұрайды, ұсақ-түйек мəселенің өзін онымен келіспей шешпейтін əдет тапқан.
Алмас лекцияда екен. Үзіліс болғанша Хадиша тықыршып, дəлізге сыймай кетті. Адам
асыққанда уақыт өтпейді екен, ол күнді бақанмен итергендей болды. Əсем осы екі арада жүріп
кетсе оның обал-сауабын арқалайтындай жаны қысылып, шыдамсызданып барып, екі-үш рет
есік ашып, Алмастың көзіне көрінген мен ол шыға қоймады. Қайта жақтырмаған рай танытып,
қабақ шытты. Өз ылығының əбес болғанын түсініп, іштей қысылған қыз Алмастың қабақ
шытқанын жақтырмаса да оны кінəламады. “Əсемнің жағдайын естісе жүгіріп шығар еді ғой”
деп, оған əдеттегідей шаң жуытқысы келмеді.


Хан сəскенің кезінде оңаша жолыққан Алмасқа болған жағдайды асығып-аптығып айтып
шықты. Əсемнің өлім аузында жатқанын ести тұра Алмастың беті бүлк етпеді, əлдекім аңдып
жүргендей əлсін-əлсін жан-жағына қарағыштап, берекесі кетті.
– Тезірек барып, дəрігерге жолығу керек,– деп аптықты қыз. Жігіт қиналғандай қабақ шытты.
– Қазір семинар болмақшы еді,– деп күмілжіді жігіт. – Барған мен не істейміз? Біз айтсақ та
айтпасақ та олар адам өмірі үшін күресуге міндетті емес пе.
– Сонда да болса барып келейік.
– Дəл қазір бара алмаймын,– деп қынжыла сөйледі жігіт. – Біз барғанмен ол кісі орнынан тұрып
кетпес. Оның үстіне...
Алмас тілін тістей қойды. Аяғанның басына қара бұлт үйірілгенін, онымен байланысы бар
адамдардың ізіне аңдушы түскенін айтқысы келген. Хадишаның өзін дұрыс түсінбесін сезген
жігіт əңгімесін шорт үзді.
– Білесің бе, Алмас, кеше Аяған ағаны алып кеткен.
– Кім? – деді Алмас селк етіп.
– КГБ-ның адамдары дейді.
Аяғанның соңына Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің адамдары түсіп жүргенін Жақиядан
естігенмен оны бүгін-ертең ұстап кетеді деп ойламаған Алмастың иманы ұшты. Тіпті
Жақияның сөзін алғашқы əлетте сенер-сенбесін білмей олқы-толқы күй кешкен. Хадишаның
жайсыз хабары төбесінен жай түскендей əсер еткен, жігіт бір сəт есеңгіреп қалды.
Алмастың үрейленетіндей реті бар еді. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті туралы ол əртүрлі
қорқынышты əңгімелер естіп өсті. Əкесі мың тоғыз жүз қырық алтыншы жылы ұсталып,
Сталиннің тас түрмесінде тоғыз жыл отырған. Ол кісінің көзіне жас алып отырып айтатын
əңгімелерін жайбарақат тыңдау тіпті мүмкін емес еді. Оның түрмеде көрген қорлық,
қиянаттары туралы əңгімені естіп, анасы егіліп жылайтын, оған балалары қосылатын.
Əкенің əңгімелері арқылы үш əріптен тұратын жұмбақ мекеме мен сол жерде қызмет атқаратын
адамдарға байланысты Алмасқа өзіндік көзқарас қалыптасқан. Олар соңына түскен адамның
алысқа ұзамай омақаса құлайтынын, содан қайтып оңала алмайтынын іші сезетін.
“Ол мекеме негізінен мемлекетке қауіпті адамдардың, үлкен қылмыскерлердің соңына түседі.
Қосақ арасында мен сияқты шабақтар да кетеді” деп күлетін əкесі. Демек мемлекетке қауіпті
адамдарға ешқашан кешірім болмайды. Ондайлармен байланысы бар, аралас-құралас жүретін
шабақтар қосақ арасында кетеді екен.
Осыны ойлап, Алмастың қорқынышы күшейе түсті. Аяғанды кеше алып кетсе, көп уақыт өтпей
басқаларды да бір-бірлеп жауапқа шақыра бастайтындығына оның күмəні қалмады. Орталық
партия ұйымына хат жазған студенттердің көпшілігінің Аяғанмен тығыз байланысы жоқ, демек
олардың құтылуы оңай. Таяқ айналып келгенде осының басына тиеді екен. Хатты жазған,
студенттерді ұйымдастырған кім? Хатқа қол қойған курстастары жаны қысылғанда тайқып


шығып, болған жағдайды баяндап бермес деймісің. Үш əріптің қолына түскеннен кейін ойдан
құрастырылған өтіріктерді, жалған бопсаларды, жаланы мойындауға тура келер.
Мойындамасына көнбес. Əкесінің тоғыз жыл отырып келгенін тілге тиек етер. Ол кісінің не
үшін отырғанында, қосақ арасында кеткенінде шаруалары бола қоймас. “Берия Кеңес одағының
батыры болатындай қанша фашисті өлтіріпті” деген жалғыз ауыз сөз бəле болып жабысыпты
əкесіне. Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен бастап, ең соңғы сəтіне дейін оқ пен оттың
ішінде жүрген, бірнеше рет жараланған, əлденеше орден алған адамның еңбегі мүлде
ескерілмеген. Барлық еңбегін қара сиямен бір-ақ сызып, кеудесіндегі орден-медальдарын
сыпырып алып, тоғыз жылға соттап жіберген.
“Үш əріптің қолына түспе,– дейтін əкесі. Қолына түссең құтылуың қиын болады”.
Қорқыныштың құшағынан шыға алмай аласұрған Алмас өзін қадала қарап қалған Хадишаға
жалт бұрылып, жымиып күлген болды.
– Қиын болған екен,– деді Алмас дауысы бұзылып. – Ауылға, əке-шешесіне тілграм беру керек
шығар. Балалары далада қалды-ау.
– Балалардың жанында кеше Асылхан болыпты. Кішкентай қызы түнімен жылапты бейшара.
Бүгін олардың жанында мен боламын,– деп жігітке көз қиығын тастап, наздана жымиды. Алмас
оның түпкі ойын түсінді.
– Қоңырау соғылды,– деп Алмас асыға бастады. Айтылмай қалған əңгімесі бардай қыз оның
костюмінің жеңінен ұстап, жібермей тұр. Көмейдегі көмескіні білгіш сұңғыла жігіт оның
қандай əңгіме айтпаққа оқталғанын сезіп, алдын орады. – Кейін сөйлесейік, Хадиша.
Алмас жалт бұрылып, жүгіре жөнелді. Хадишаға ол қашып бара жатқандай болып көрінді.
Жігіттің соңынан ұмтыла түсіп:
– Алмас, қашан келесің?– деп дауыстады. Жігіт оның дауысын естімеді ме, қайырылмай кетті.
Қыздың көңілін көлеңке жайлады. Алмасқа келерде істейтін шаруасы, айтатын сөзі тым көп
сияқты еді, енді міне, қайда бағдар түзерін білмей тосылып тұр. Жүрер жолы тұйықталып
қалған сияқты. Дүние өртеніп бара жатқандай екі өкпесін қолына алып, жүгіріп кетіп еді, Алмас
аспай-саспай барлық мəселені шешті. Шынында да дəрігерге барғанда не бітіреді? Айт, айтпа
кеңес дəрігері кеңес адамының өмірі үшін күресуге міндетті.
Уақыты мол болғандықтан Ленин көшесіне қарай аяңдады, автобусқа отырып, Аяғанның үйіне
бармақ. Кешке дейін қолы бос, үйдің ішін тазалайды, жолай дүкенге соғып, керек-жарағын ала
кетеді. Асықпай отырып тамақ жасайды. Алмастың келетінін ойлап, Хадишаның жүрегі
лүпілдеп келіп, алқымына тығылды. Жүрісі ширап, аяғын жебей басты.
* * *
Сағат жетіден аса бере үш баланы жетектеп Асылхан жетті. Оны көріп, Хадишаның беті
дуылдады, бас көтеріп қарауға батылы бармай жанарымен жер шұқып, жымыңдап күле береді.
Əйел адамды көрген Бибі:


– Мама! Мама! – деп қуана дауыстап, құшағын жая ұмтылған. Екі-үш адым қалғанда оның
бөтен екенін біліп, кілт тоқтады. Екі көзі Хадишада, аң-таң қалып, состиып тұр.
– Келе ғой, айналайын,– деп Хадиша құшағын жайды. Бибі аузын бұртитып, бір басып, екі
басып оған жақындай түсті. – Міне, мен саған кəмпит əкелдім. – Бибінің қолына екі тал кəмпит
ұстатып, құшақтап бетінен сүйді. Кішкентай қыз жатырқамады. – Менің атым – Хадиша, сенің
атың кім?
– Бибі,– деді қыз сыбырлап.
– Мамаң келгенше екеуміз бірге жүреміз. Мақұл ма? – Қыз ақырын ғана күрсініп, бас изеді.
Оның оп-оңай келісе салғанына риза болды ма, Хадиша шөпілдетіп əр-əр жерінен сүйді. –
Мамаң келгенше екеуміз бірге жатып жүреміз. Мақұл ма?
Бұл жолы қыз томсарып, төмен қарады.
– Мені мамаң жіберді,– деді Хадиша қыздың ойын тез танып. – Мен барғанша Бибіні қойныңа
алып жат, қорқып қалмасын деді. Мамаң солай деді. Мақұл ма? – Қыз бұл жолы келіскендей бас
шұлғыды. Хадиша оның бетінен шолп-шолп сүйді. – Өзің қандай тəтті қызсың.
– Кеше кө-ө-ө-п кəмпит жедім,– деді қыз мақтанып. Елжас қарындасының жауабына сүйсініп,
жылы жымиды. Асылхан күліп жіберді.
– Балалар, бұл Хадиша деген тəтелерің,– деп ол жатырқап, жақындай алмай тұрған екі ұлды
жетелеп, қыздың жанына алып келді.
– Бибі, мені ағаларыңмен таныстырмайсың ба,– деді қызды құшақтап отырған Хадиша орнынан
тұрып.
– Мынау Елжас аға, мынау Олжас деген бала,– деп Бибі екі ағасын кеудесінен шұқып-шұқып
көрсетті. Хадиша өзіне жасқана қарап, томсарып үндемей тұрған екі баланы құшақтап
беттерінен сүйіп, қалталарына кəмпит салып берді.
Мамаларың ауруханадан шығып келгенше мен сендерге тамақ жасап беріп тұрамын,– деді
Хадиша үшеуінің басынан кезек-кезек сипап. – Көкелерің Москваға кетті. Сендерге көп-көп
базарлық əкеледі.
Аналарының ауруханада жатқанын, əкелерінің Москваға кеткенін жаңа естіген балалар аң-таң
қалып, Хадишаның аузына қарап тұр. Екі кішкентайдың қаперінде ештеңе жоқ, бір-біріне
конфеттерін көрсетіп, мəз болып жымың-жымың күледі. Елжас бір сыр аңғарды ма, екі көзі
жыпылықтап, кемсеңдей бастады. Мына жағдайдың аяғының қайда барып тірелерін сезіп,
Хадиша əңгіменің бетін басқа бағытқа бұрып жіберді.
– Мен сендерге тамақ жасап қойып ем. Кəне, Елжас, киімдеріңді ауыстыр. Жүр, Бибіш, қолыңды
жуып келейік,– деп кішкентай қызды жетектей жөнелді. Елжас пен Олжас киімдерін
ауыстырмақ болып, түпкі бөлмеге кірді.
– Мен Алмасты ертіп келейін. Ол хабарсыз жатыр-ау, сірə,– деді Асылхан кішкентай қызды
жетектеп келе жатқан Хадишаға тура қарауға тайсақтап. Қыз үндемеді, шындықты айтуға


батылы бармай жымыңдап:
– Мен тамақ дайындап қойып ем,– деп теріс айнала берді.
– Ал, балалар, Хадиша тəтені тыңдап, тілін алып жүріңдер,– деді Асылхан екі ұлмен қол алысып
қоштасып жатып. – Ал жақсы!..
Жігіт шығып кеткен соң барлығы дастарханға отырды, Хадиша балалардың асты-үстіне түсіп,
бəйек болып жүр. Əйел адамның мейірімін жүрегімен сезінгендіктен бе Бибі өте көңілді.
Жанында отырған Олжастың тамағын қытықтап, сықылықтап күледі.
– Менің мамамның аты Əсем, ол əйбат.
– Əсем келгенше мен саған мама бола тұрайыншы,– деп қиылды Хадиша. Кішкентай қыз
томсарып үндемей қалды. Қабағы тұнжырап, оны жақтырмағандай көзінің астымен қарады.
Хадишаның ұсынысын қабылдамаған екі ұлдың қабағы түсіп, дəм сызбай сазарып отырып алды.
Айтарын айтып алып, балалардың алдында қалай ақталарын білмей Хадишаның маңдайынан
тер шығып кетті.
– Сен мама емессің. Сен тəтесің,– деді бір уақытта Бибі. Хадиша оны құшағына қысып, бетінен
сүйді.
– Иə, мен тəтемін. Сен менің сіңілімсің. Елжас пен Олжас інілерім,– деді тұйықтан шығар
жолдың табығанына қуанған Хадиша күліп. Осыдан кейін балалардың қабағы ашылып,
дауыстары ашық-жарқын шыға бастады.
Балаларды тамақтандырып, дастарханды жинағаннан кейін, қайта-қайта далаға шыққыштап,
Хадишаның тағаты таусылды. Көңілін күдік кеулеп, төзімі түгесілген қыз ауладан шығып,
қараңғы көшенің түкпіріне телмірді. Бұл бұрыннан бар əдеті, Алмаспен кездесетін күні дегбірі
қашып, уақытын өткізе алмай аласұрып кетеді. Қашан болсын Алмас келмей қалатындай
көңіліне күдік шауып, ойы сан-саққа жүгіреді, басын уайым қаңғыртады. Қашан ол келгенше қу
көңіл орнына түспейді.
Бүгін де сондай күдік көңілін жаулап алып, тықыршып берекесі қашты. Оның қабағындағы
кірбіңді Елжас байқады. Ой түкпірін ақтарып, бей-жай болып отырған Хадишаға кедергі
жасағысы келмеді ме, балалар түпкі бөлмеге кіріп кеткен. Ол екеуінің немен айналысып
жатқанын кім білсін, анда-санда кішісінің өкпелі дауысы естіліп қалады. Бибі демнің арасында
бауыр басып алған, Хадишадан бір қарыс қалмай, етегінен айырылмай жүр. Далаға шығарда
ғана екі баланың жанына қалдырады.
– Тыныш отый! Быт-шытыңды шығаям! – Хадишаның алдында отырған Бибі қуыршағының
құйрығынан нұқып, сөйлеп қояды. Сонан соң қуыршағының арқасынан ұрып-ұрып алып, жұбата
бастайды. – Жылама, бөпем, жылама! Көп жыласаң шашың түсіп қалады. Тақа таз боласың. Таз,
таз, тақа таз!..
Хадиша шыдай алмай күліп жіберді. Өзімен өзі алданып отырған Бибі “бұл неге күлді” дегендей
шалқайып оның бетіне қарады, сонан соң өз шаруасына кірісті. Хадиша күлкісін кілт тиып жан-
жақтан анталап келіп, бас салған ашқарақ ойлардың жетегіне ілесіп кетті...


Анасы қайтыс болғанда Хадиша небəрі тоғыз-ақ жаста еді. Одан бері он бір жыл уақыт өтіпті.
Анасы қараған көздің жауын алардай көркі бар келіншек еді. Ол кісіге аяқ астынан жаман дерт
жабысты да, ес жиюға мұрша бермей алып ұрды. Айлап ауруханада жатқанмен дертінен
айықпаған соң, бақсы-балгерлерді төңіректеген. Ауру бір айналдырса алмай тынбайды екен.
Бас-аяғы бірер айдың ішінде бұлғаңдап жүрген ақ сазандай бұла келіншек аруақтай арып, адам
танымастай өзгерген. Жарқылдап күліп, жарқырап жүретін келіншек сағатының таяп қалғанын
сезе тұра сарыуайымға салынып, салбөксе болып жатып алмай қыбырлап үй тіршілігін істейтін,
таңертең тұрып шай қоятын, сонан соң өлердей мас болып келіп, қорылдап ұйықтап жатқан
күйеуін жəне балаларын оятатын. Балалардың кішісі Хадиша анасының қабағындағы кірбіңді
көріп, оның көңілін аулауға тырысатын. Ананың жалғыз қызға деген ілтипаты да бөлекше еді.
Ажал арсыздың ізін аңдып жүргенін сезді ме, кішкентай қызын бауырына басып жатып, егіліп
жылайтын. Хадишаның кішкентай жүрегі бір сұмдықтың жақындап қалғанын сезіп, анасының
мойнынан қапсыра құшақтап алып, бетінен, тамағынан шөп-шөп сүйетін. Ана мен қыз түннің
бір уағында талықсып барып ұйқыға кететін.
Таңертең барлығы үн-түнсіз отырып шай ішетін. Құдайдың құтты күні ұрттамай келмейтін
əкесінің таңертең бір кесе шайды тыжырынып, лоқсып отырып əрең ішетіні есінде. Айсараның
тұнжырап, қабағының ашылмай отыратынына ызаланып:
– Мен жетіскенімнен ішіп жүрген жоқпын,– дейтін айқайлап. – Тірі қалу үшін, қуырдақ болған
қу жанымды сақтау үшін ішіп жүрмін, əкри!.. Басқа жер табылмай қалғандай дəл іргемізге алып
келіп, гүрс-гүрс бомба жарып жатыр, əкеңнің!.. Дүниенің бəрі радиация!.. Баяғыда айттым
саған. Іш дедім. Түсінбедің. Міне, ақыр аяғы радиацияның жемтігі болдың, байғұс. Өзің
кінəлісің...
Айсара бейшара лəм демейді, балалар көрмесін дей ме, теріс қарап отырып, көз жасын сығып-
сығып алатын. Дауыс шығарып жылайтындай қауқары да қалмап еді. Аузына келгенді айтып,
аһлеп-уһлеп жұмысына кетіп бара жатқан əкесін жек көріп, анасын құшақтап, Хадиша егілетін.
Өзіне тете бауыры Сəлім де бірнəрсе сезе ме, анасын құшақтап, сəл нəрсеге ренжіп, жылап бая-
шая болушы еді. Ағасының мінезі қызық еді ғой. Ештеңеге мəн бермейтін, анасының айықпас
дертке шалдыққанын мүлде білмейтіндей, əкесінің күн құрғатпай ішіп келіп, аузына келген
сөзді айтып, айқайлайтынын естімейтіндей ертеден кешке дейін меңірейіп, үн-түнсіз отыратын.
Тамақ бермесе аштан-аш жүре беретін. Тірі пендемен тіс жарып сөйлеспейтін, адам болып
күліп, иə, ашуланғанын көрмепті оның. Ата-анасына да, іні мен қарындасына да суық еді ол.
Ертеңгі шайын ішкен соң үн-түнсіз əлдеқайда кетіп қалатын. Аурудан əлсіреген, саудырап қу
сүйегі қалған Айсараның жанында шоқиып-шоқиып екі бала отыратын. Екі ботасын құшақтап
алып, ана байғұс іштей егілетін. Біразден кейін дəрмені қашқан əлсіз əйел жем жетпей
қиналатын. Ол əне-міне дегенше жүріп кетердей кішкентай Хадишаның шыбын жаны
шырқырап, тұншығып көкпеңбек болып жатқан анасына қалай көмектесерін білмей аласұратын.
Адамның жаны оңайлықпен шыға қоймайды екен. Жаны шырқыраған қаршадай қыз шырылдап
келіп, демігіп жатқан анасын құшақтап, ботадай боздап қоя беретін. Есі шығып кеткен Сəлім
бақырып жылап келіп анасын бас салатын. Хабар уақтылы жеткенмен Айсараның ауруын
білетін дəрігерлер асыға қоймайтын.
Екі күннің бірінде осы жағдай қайталанып, екі баланың жүрегі мықтап шайлыққан. Айсара –
ана ұзаққа шыдамады. Əлі есінде, мамыр айының он бесінде қыстай төсек тартып жатқан анасы
басын көтерген. Бір кесе сүтті қиналып отырып əрең ішкен, сонан соң Хадишаның көмегімен


киімін ауыстырған. Күн көкжиектен арқан бойы көтерілген кезде екі баласына:
– Мені есік алдына алып шығыңдар,– деп өтінген. Хадиша есіктің алдына киіз, көрпе алып
шығып, анасына орын дайындаған. Сəлім мен Хадишаға сүйеніп, сыртқа шығып, өзіне
дайындаған орынға жетіп қисайған Айсара тұп-тұнық көгілдір аспанға қарап, үн-түнсіз ұзақ
жатты. Оның күл түстеніп кеткен өңіне шыр кіргендей болып көрінген Хадишаға. Үн-түнсіз
жатқан анасының шидей жіңішкерген саусақтарын мипаздай сипап отырып “мамамның өмір
жасын ұзарта гөр” деп құдайына құлшылық етіп, іштей жалбарынған.
Хан сəскенің кезіде анасы қызының көмегімен басын көтеріп, екі қолымен жер тіреп отырған.
Əкесі əне-міне кетеді деп оны-мұнысын дайындап, қам жасап жүргенде байғұс Айсараның
басын көтеруі Хадишаның өшуге айналған үмітін қайта тұтатқандай болып еді. “Құдай менің
тілегімді қабыл көрген екен” деп ойлаған.
– Мама, сен жазылып кетесің! Құдай біздің дауысымызды естімеді дейсің бе. Ол бізге
көмектеседі,– деп жүрегі жарылардай қуанған қызын Айсара құшағына қысып, үнсіз егілген.
– Жарығым, қалма бұл жерде,– деген тілі күрмеліп. – Алматыға бар. Менің көрмеген
қызығымды, жақсылығымды сен көр... Сүрмеген өмірімді сен сүр. Сені менің əруағым желеп-
жебеп жүрсін... Тəңірім, боталарымды өзіңе тапсырдым...
– Мама, мама! – деп егіліп жылап жібергені есінде. Сол сəтте дүниені дүр сілкіндіріп, құлақты
жарардай сұрапыл үн естілген. Аспан шайқалған. Жылап отырған Хадиша үрейленіп, анасының
жүзіне қараған. Қаршадай қыз оның өшуге айналған қос жанарындағы сұрапыл ашуды көрді.
Езуіндегі күлкіні көрді...
Айсара осыдан он бір жыл бұрын тоғыз жасар қызының құшағында отырып жарық дүниені тəрік
етті. Отыз бес жыл жасаған келіншек қысқа өмірінде осы дүниеден не қызық, қандай рахат
көрді?
Хадишаның əлі есінде, анасы қайтпас сапарға аттанған күні əкесі үйіне тəлтіректеп, мас болып
келген. Еңіреп жылап, алдынан шыққан Сəлім мен Хадишаға тілі күрмеліп бірнəрсе деген.
Оның не айтқанын екеуі де түсінбеген.
– Жамандық шақырмаңдар!– деп зекіріп ұрысқан. Ол əлдеқашан өлген... К-а-а-п-у-т...
Құлап қала жаздап əрең тұрған əкені көршілер қолтықтап алып кеткен болатын. Айсараның
тəнін жер қойнына тапсырған сəтте де көзінен бір тамшы жас шықпады. Шырылдап Сəлім екеуі
ғана жылаған. Үлкен бауыры анасы өлмегендей мойнын ішіне алып, аузын бұртитып үн-түнсіз
біраз тұрды да, беті ауған жаққа кетіп қалған.
Сол бауырының Сəлім екеуіне деген туыстық сезімі оянбай-ақ кетті. Анасының қазасынан
кейін, он бес жасында асылып өлді. Үлкен ұлының өлі денесін құшақтап отырып маскүнем əке
еңіреп жылаған.
– Сенің түбіңе де радиация жетті-ау. Бəріміз радиациядан өлеміз,– деп еңіреген Жақайдың сөзін
естіп, жиналған жұрттың жаны түршіккен. Оның сөзі қоспасы жоқ ақиқат еді. Бұл өңірде,
Абралы топырағында радиацияның зардабын көрмеген, жарылыстан қасірет шекпеген бірде-бір


отбасы жоқ-ты. Жарылыстың кесірінен талай əулеттің оты өшкенін қазаға жиналғандар жақсы
білетін. Біле тұра “құдай салды, біз көндік” деп қорқынышпен өмір сүріп жатқан момын
қазақтың қолынан келер лажы жоқ еді. Қандай ауыр қасіретке тап болғанмен қазақ атамекенін
тастап кете алмайды екен. Хадиша аз ғұмырында осыны ұқты.
Екі бірдей адамның қазасынан кейін əке үйге түнеуді қойған. Өлерше ішіп, көшеде жатқан
маскүнем əкені қарғадай ұл мен қыз жылап жүріп, əупіріммен үйге алып келетін. Айсараның
қазасынан кейін үйдің берекесі кеткен, кейде бір жапырақ нан болмай, Сəлім екеуі бұралып аш
жүретін. Айналайын ағайындар қол ұшын беріп, қамқорлық жасамаса маскүнем əкеден қайран
жоқ еді. Жақайдың мал болмасына көздері жеткен ағайын-туыстары кеңесіп, оны ЛТП-ға
жіберуге келіскен. Осы тірлігіне көңілі тоқ Жақай ері бауырына ауып кеткен асаудай тулаған,
екі баласын көлденең тартып, сан түрлі сылтау тауып, басын алып қашқан. Ағайын-туғанға
жеңсік бермей жағаласқан Жақайға бүкіл ауыл жабылып, ақыры оны ЛТП-ға күшпен алып
кеткен. Сəлім мен Хадишаны ет жақын туыстары Алматыға алып келіп, жетім балаларға
арналған интернатқа орналастырған. Ағайынды екеу айналайын үкіметтің арқасында жетім
бола тұра жетімдік көрмей мектеп бітірді. Сəлім мектептен кейін əскери училищені тауысқан,
осы күні Қиыр Шығыста шекарашы. Үйленген бір баласы бар. Оны көрмегелі де екі-үш жыл
болып қалыпты. Өзі келмегенмен хаты үзілмейді əйтеуір.
Хадиша мектепте жақсы-ақ оқыған, бірақ жолы болмай жүр. Жыл сайын қабылдау емтиханында
үштен аса алмай жылап шығады. Асқар таудай сүйеніші жоқ адамның жұлдызы жанбайды екен.
Хадиша осыны ұқты.
– Ұйқым келді,– деді Бибі ой жетегінде жүрген Хадишаның бетінен шапалақтап.
Төсек салып, Бибіні жатқызды. Сағат тоғыздан асып барады екен. Елжас үйге берген
тапсырманы орындап, Олжас етпетінен түсіп, семьялық альбомды қарап жатыр. Хадиша екі
балаға төсек салды.
– Балалар, ұйықтаңдар,– деп Елжастың басынан сипады. Осы кезде сыртқы есік қағылды.
Қуаныштан Хадишаның жүрегі лүпілдеп, асып-сасып не істерін білмей тыпырлады. Жүгіріп
ауызғы бөлмеге шықты. Əкеміз келіп қалды деп ойлады ма, оның соңынан үшеуі шұбырды.
– Барыңдар, жатыңдар!..
Хадишаның сөзін құлаққа қыстыратын емес, екі көздері сыртқы есікте, əне-міне дегенше Аяған
кіріп келердей елегізіп тұр.
– Папа келді! – деп жалаңаяқ тұрған Бибі қуана қол шапалақтады.
– Бұл кім? – деп сұрады Хадиша келген адамның Алмас екендігіне күмəні болмаса да. Үн жоқ,
тым-тырыс. Көңілдері лепіріп, дегбірі қашып, тықыршып əрең тұрған балалар да тым-тырыс
тынған. Қыздың жүрегін күдік шымшыды. Тағы да дауыстап еді, əлдекімнің күлкісі естілді. –
Бұл кім?
– Бұйырса сіздің анауыңыз болып қалармыз.
Алмастың дауысын танып, есік ашты. Анда-санда келіп тұратын ағаны көргенде томсырайып


тұрған балалардың жүздері жылып сала берді.
– Елекеңе, Олжекеңе жəне Бибіжанға сəлем берейін.
Екі ұлдың қолын алып, маңдайларынан сүйді. Бибіге ерекше ілтипат көрсетіп, көтеріп алып,
бетінен сүйді де, қолына сағыз ұстатты. Кішкентай қыздың көзі жанып кетті. Жерге түсе салып
түпкі бөлмеге жүгіріп кірді, екі ұл оның соңынан ұмтылды.
Алмас қыздың қолына ұстап, өзіне қарай тартты. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанған Хадиша ауыл
қызына тəн ибалылық танытып, жанарын жығып, жымыңдап күліп, əлсіз қарсылық көрсетті.
– Қарсыласпа,– деді жігіт қара күшке салып. Хадиша сықылықтап күліп, бұлқынып босанып
кетті. Қыз шын қарсыласса əл бермейтінін біле тұра Алмас қайта жармасты, бұл жолы қыздың
аш белінен қапсыра құшақтап, қарсыласуға шамасын келтірмей албыраған ернінен қадалып
сүйді. Алғашқы əлетте ептеп қарсылық көрсетіп, əлсіз тыпырлаған қыздың қолы жігіттің
мойнына оратылды. Лəззатқа мас болған екеу есікті сəл ғана ашып, аң-таң қалып қарап тұрған
екі баланы көрген жоқ. Əлден уақыттан кейін Хадишаның құлағына тұншыға шыққан күлкі
шалынды. Жалт қараған қыздың көзіне есікті сəл ғана ашып, ауыздарын алақандарымен жауып,
шиқ-шиқ күліп тұрған екі бала түсті. Алмастың құшағынан бұлқынып, бұлт етіп шықты да:
– Ұят-ай! – деп сықылықтай күліп. – Кəне ұйықтаңдар!..
Қабағын түйіп, екі балаға сес көрсеткен болды. Елжас пен Олжас тырақайлап қашып,
төсектеріне барып, бүркеніп жатып қалды. Хадиша түпкі бөлменің есігін жауып, орындықпен
тіреп қойғаннан кейін бетін басып, сықылықтап ұзақ күлді.
– Тəрбие деген осы,– деді жігіт күліп отырып. – Тəжірибе осылай-осылай жинала береді.
Күндердің күнінде олар нағыз профессионал болады. Бір үйден екі Дон Жуан шықса жаман ба!..
– Оларға бəрі қызық,– деп күлді Алмасқа көз астымен ұрлана қарап. Ол жүдеген сияқты, жағы
суалып, ұрты ішіне кіріп, көзі шүңірейген. Ұзын өсіріп жүретін шашын қысқалап қырықтырып,
бір жақ жартысын жарып, оң жағына жығып тарапты. Үстінде ине-жіптен жаңа шыққандай қара
түсті костюм-шалбар, ақ жейде киіп, қызыл галстук тағыпты. Хадишаға ол бір-екі айдың ішінде
есейіп кеткендей болып көрінді. Киім киісі ғана емес, өзін-өзі ұстауы, сөз саптауы, тіпті
отырысына дейін өзгерген. Сөзі салмақты, бұрынғыдай асып-саспайды, қимылы баяу, əлдекімге
еліктейтін тəрізді.
– Дон Жуанды қазақтар жұпар кіндікті еркек дейді екен. Қандай дəл айтылған сөз. Жұпар
кіндік,– деді Алмас онсыз да қысылып, қызарып отырған қыздың бетіне тесіле қарап. Хадиша
жымыңдап күліп, бетін бұрып əкетті.
– Тамақ дайын тұр.
Қыз дастархан жасауға кірісті. Алмастың екі көзі Хадишада. Екеуі кездеспегелі, бірін-бірі
көрмелегі талай уақыт болыпты. Көктөбенің биігіне шығып, махаббаттың шарабын қанып ішіп,
лəззатқа мас болған күннің ертеңіне Алмастың курсын ауылшаруашылығы жұмысына алып
кеткен. Қазан айының он екінші жұлдызында сонау Көкшетаудан өліп-талып əрең жеткен
Алмас қызға жолығуға уақыт таппай ауылына аттанған. Қайтып оралғалы біраз уақыт өткенмен


əртүрлі мінəйі себептерге байланысты Хадишаны іздеп баруға мүмкіндік таппады. Бүгін де келе
қоятындай ниеті жоқ еді, арнайы іздеп барған Асылханның көңілін қимады. Реті келіп тұрғанда
қыздың жанында оңаша қалудан қай жігіт қашсын.
Хадиша бұрынғысына қарағанда ептеп толысқан тəрізді, балтыры жұмырланып, бөксесі
дөңгеленіп қалғандай болып көрінді.
“Е-е, қара жұмыс қойсын ба... Енді бір-екі жыл құрылыста істесе нағыз Буденный жылқысы
сияқты жап-жалпақ, жұп-жұмыр болып шыға келеді” деп ойлады жігіт.
Екеуі өткен-кеткенді еске түсіріп отырып тамақтанды. Асылханың қайтып келмегеніне Хадиша
іштей қуанғанмен көңілін əлдебір оғаш сезім қытықтап, екі беті дуылдады. Ашықауызданып
екеуінің арасындағы қарым-қатынасты жұрттың бəріне жайғаны үшін Алмасқа өкпе-наз
айтпаққа оқталып, ретін келтіре алмады.
Олар шай ішіп бола бере Бибі оянып, анасын іздеп, үйді басына көтерді. Хадиша жылы-жылы
сөздер айтып, айналып-толғанып жатып əрең тыныштандырды. Бибіні ұйықтатып, ауызғы
бөлмеге шыққан, Алмас шамды өшіріп қойыпты. Хадишаның жүрегі лүпілдей жөнелді.
– Алмас, мен қорқамын.
– Қорықсаң менің құшағыма тығыл,– деп сыбырлады жігіт. Түпкі бөлменің есігін мықтап
жауып, состиып тұрған Хадиша жақындап келе жатқан жігіттің демін сезді. Жүрегі тулап, демі
жиілеп, екі беті ысып кетті.
– Жаным!..
Жігіттің ыстық демі құлағын күйдіріп бара жатқан сияқты. Алмас белінен қапсыра құшақтап,
ернінен қадалып сүйді. Бүкіл денесі от болып жанып бара жатқан секілді, ол жігіттің мойнынан
тас қып құшақтап алды. Басы айналып барады, əншейінде əлсіз ғана лүпілдейтін қу жүрек
кеудесін жарып жібере жаздап дүрсілдейді.
– Жаным,– деді жігіт үздіге сыбырлап. Алмастың жап-жалпақ алақаны ақырындап төмен
жылжыды.
– А-а-л-мас,– деді қыз оның қолына жармасып. – Қойшы, А-а-а-л-мас...
Қызды күшпен ала алмасын сезді ме, Алмас оны босатып жіберді. Қараңғы бөлмеде екеуі бір сəт
үнсіз отырып қалды.
– Шам жақшы,– деп өтінді қыз. Жігітте үн жоқ.
– Мен шаршадым, ұйқым келді.
– Төсек салып берейін бе?
Хадиша шам жағып, теріс қарап тұрып шашын дұрыстады. Қабағы түсіп, ренжіңкіреп отырған
жігітке қарап, жымыңдап күлді де, түпкі бөлмеге кіріп кетті. Көп кешікпей көрпе-жастық алып
шығып, Алмасқа арнап жерге төсек салды. Жігіт төсекке қисайып жатты да, ыңырси бастады.


– О-о-й, жүрегім!.. Дəрі бар ма?
Хадиша не істерін білмей тыпырлады.
– Жедел жəрдем шақырайын,– деп сыртқа ұмтылған қызды Алмас тоқтатты.
– Жо-о... Шақырма. Бер-рі кел...
Адам баласына сеніп үйренген Хадиша жігіттің жанына келіп отыра қалған. Алмас оны қапсыра
құшақтай алып, төсекке оп-оңай жықты. Мұндайды күтпеген Хадиша оның бетіне таң қала
қарады да, сықылықтап күліп жіберді.
– Кетші ары! Жүрегімді ұшырдың ғой тегі.
Бұл жолы тегеурінді қарсылық көрсеткен жоқ, жігітті итеріп тастауға тырыспады. Көзін шарт
жұмып, Алмасты мойнынан қатты құшақтап алған... Дəл қазір ол не істесе де қолын
қақпайтындай күйге түскен.
– Жаным! – деді жігіт үздіге сыбырлап. Қыздың омырауын жалаңаштап, төсінен құшырланып
сүйіп жатыр.
– Сен мені сүйесің бе?
– Сүйемін жаным!..
Əңгіме осымен тəмам болды. Хадишаға керегі жалғыз ауыз сөз еді. Сол сөз буынына түсіп кетті
ме, ептеп қарсылық көрсетіп жатқан қыз жігіттің икеміне оңай көнді...
Қыз бен жігіт құшақтасқан күйі үн-түнсіз ұзақ жатты. Хадишаның көзі жұмулы, жігіттің
бауырына тығылып алған.
– Алмас,– деді ол бір кезде, басын көтеріп, жігіттің бетіне қарады.– Көктөбедегі жағдайды сен
Асылханға айтып қойыпсың ғой.
– Жоқ, айтқан жоқпын.
– Ол біліп алыпты.
– Нені біліп алыпты?
– Екеуміздің Көктөбеге барғанымызды...
– Білсе несі бар? Көктөбеге кім бармай жатыр?! Көктөбе мұхиттың аржағындағы Америка
емес,– деп күлді Алмас қызды мойнынан құшақтап.
– Ол екеуміздің... Ол сол күнгіні білетін сияқты,– деп қызарақтады қыз. Жігіт күліп жіберді.
– Біле берсін.


– Мен ұяламын.
– Ұялсаң оның бетіне қарама. Сөйлеспе...
– Қалжыңға айналдырмашы тегі.
– Алдын ала: “Мен сенен ұяламын, бетіңе қарай алмаймын” деп ескертіп қой. Сонда ол
ренжімейді саған,– деп Алмас қарқылдап күлді. Қыз күлмеді, қабағын кірбің шалып, көзін
ашып-жұмып біраз уақыт үнсіз қалды. – Тұрмысқа шыққанша бетіңе қарауға ұяламын де...
– Алмас, білесің бе,– деді қыз оның құлағына сыбырлап. Жігіт оның сөзін тосып жатпастан:
– Əрине білемін,– деп күлді. Хадиша басын көтеріп, оның жүзіне көз жүгіртті.
– Қайдан білесің?
– Нені?
– Сен білмейсің.
– Иə, мен білмеймін.
Екеуі тағы да үнсіз қалды. Хадиша күні бойы айтпақ болып оталған сөзін Алмасқа қалай
жеткізерін білмей қиналды. Жасырып, жаппай тура айта салуға беті шыдамады. “Несін
айтамын? Кейін біле жатар” деген түйінге келді.
– Сағат бір жарым болыпты. Ерте тұрып, балаларды бақшаға апаруым керек. Одан шығып
ауруханаға барамын,– деді Хадиша есінеп. – Бейшара-ай! Жағдайы қалай екен? Айтпақшы,
Аяған ағадан хабар алдың ба?
– Жоқ,– деді Алмас міңгірлеп. Басын көтеріп отырды. Аяған туралы жанын жеп жүрген
уайымын Хадишаға ақтарып айтқысы келіп ойланды да, əпсəтте айнып қалды. “Аяған туралы
шындықты айтсам шошып қалар” деп ойлаған. Хадиша кетіп қалса шиеттей балалардың күні не
болмақ? Əкесі қателесті екен деп балаларына қиянат жасауға бола ма?
– Шындықты айтқан адамдарды жазалай берсе мына дүниеде қарау, қараниет, суайт, жағымпаз
пенделерден басқа ешкім қалмас,– деді Хадиша қызына сөйлеп. – Аяған аға мен білсем өте таза
адам.
“Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті кінəсі жоқ адамды қамап қоймайтын шығар” деп ойлады
жігіт. “Апыр-ау, Аяған Қуатов шынымен-ақ мемлекетке қауіпті адам ба?”
Үстіне əлдекім тастай суық су құйып жібергендей тұла бойы дүр етіп, Алмас екі бүктеліп
жатты.
– Не болды, Алмас?
– Тоңдым,– деді жігіт сыбырлай сөйлеп. Хадиша орнынан тұрып,шамды өшірді.


– Мен Бибінің жанына жатпасам ол шошиды,– деді, бір тізерлеп отырып, жігіттің шашын
сипады, еңкейіп бетінен сүйді. Алмас қыздың мойнынан құшақтап:
– Кішкене жата тұршы,– деп қиылды. Хадиша қарсылық білдірмеді, көйлегін шешіп, жігіттің
жанына қисайды. – Ж-а-а-ным!..
Алмас қыздың құлағына сыбырлап, сырғалығын ауыртпай тістеледі, сонан соң тамағынан,
төсінен сүйді. Топ-томпақ қос анарын қос уыстап ұстап, ақырындап мыжғылай бастады.
Өмірінде мұндайды көрмеген қыз:
– Қ-о-й-шы,– деді жалынышты үнмен. Ашқарақ көңілі тоят тілеп аласұрған жігіт оның тілегін
құлағына қыстырмады. Қос анардың үрпісін тісін батырмай тістелеп, тілінің ұшымен қытықтап,
сүйіп қыздың есін алды. Біраздан кейін ол Алмастың мұнысына да үйренді. Дəл осы сəт ол
жігіттің қандай құқайына да дайын еді...
Екеуі таң атқанша ұйықтаған жоқ...
Көздері ілініп кеткен екен, Елжас оятты.
– Бір ағалар есік қағып тұр.
Хадиша орнынан атып тұрып, апыл-ғұпыл киінді де, сыртқа шықты. Күн əдептəуір көтеріліп
қалыпты. Есік алдында тұрған екі жігітті танымады, біреуі ұзын бойлы, ашаң денелі, бүркіт
тұмсық, екіншісі қасы ұзын болып өсіп, көзін жапқан, аласа бойлы, төртбақ жігіт. Мына екеуі
мініп келген машина болу керек, ауланың сыртында көкшіл түсті волга машинасы тұр.
– Қуатов Аяғанның үйі осы ма?
Хадиша не дерін білмей тұтықты. Мына екеуінің жай келмегенін іші сезді. Қандай жаманат
хабар əкелгенін білгісі келгендей екеуінің жүзіне кезек-кезек жаутаңдады. Қасы көзін жапқан
жігіттің қабағы қату. Екіншісі күле қарап тұр, жүзі жылы екен.
– Ол кісі үйде жоқ еді,– деді қыз сасқалақтап. “Əсем жеңгеміз аман болса екен” деп тіледі
іштей.
– Бізге оның керегі жоқ. Біз органнан келдік,– деді төртпақ жігіт, куəлігін көрсетті. Осы кезде
есік алдына шыға келген Алмастың көзі бейтаныс жігіттің қолындағы қып-қызыл куəлікке
түсіп, түсі сұп-сұр болып кетті.
– Сен кімсің? – деді төртпақ жігіт оған тесіле қарап. Мықтап абыржыған Алмас:
– Мен қонақ... Мен қонақ,– деді міңгірлеп.
– Біз де құдайы қонақпыз, – деді төртпақ жігіт езу тартып. – Қуатовтың кітапханасын көруге
келдік. – Бір жапырақ қғазды Хадишаның қолына ұстатты. – Үйді тінтуге берілген рұқсат.
– Жоқ! – деді қыз батылданып. Бір жапырақ қағазды оқымай жатып иесіне қайтарып берді. –
Иесі жоқ үйді тінтуге болмайды. Біз қонақпыз.


– Қонақ болсаңыз балаларды киіндіріп, қыдырып келіңіздер,– деді төртпақ жігіт бұйыра сөйлеп.
Ол түнере қарағанмен Хадиша ықпады.
– Иесіз үйді тінткізе алмаймын,– деді қыз бетіне түсе берген шашын бір сілкіп тастап, үйге
кіруге бет алған жалбыр қастың жолын бөгеді. – Баса-көктеп кіретіндей бұл жаудың үйі емес.
Мұнда Совет семьясы тұрады.
– Азаматша, сіз бізді кешіріңіз,– деп қипақтады бүркіт тұмсық жігіт. – Біздің қызметіміз
осындай. – Ол көмек сұрағандай қорқыныштан арыла алмай бүрсеңдеп, тілі байланып қалған
Алмасқа қарады. – Азамат, сіз де түсініңіз бізді.
– Хадиша! – деді Алмас тілі икемге əрең келіп. Өзіне түксие қараған жалбыр қастың мысы
басты ма, тұла бойы одан сайын қалтырады. – Араласпа! Былай тұр!..
– Иесі жоқ үйді тінтуге қандай қақылары бар?
– Керегі жоқ, қарсыласпа,– деді құлағына аузын тақап. Далаға желең шыққандікі ме, тісі-тісіне
тимей қалшылдай бастады. Өзіне бұрылған Хадишаға тура қарауға дəті шыдамай теріс айналды.
– Олардікі заңды, Хадиша. Рұқсат қағазы бар.
– Аяған ағаға не бетімізді айттық? – деп күйіне күйзелді Хадиша. “Аяған ағаң басымен қайғы
болып жатыр. Оның қашан босанып келерін бір құдай біледі” дегісі келіп бір оқталды да, айнып
қалды. Хадишаға жағдайды оңашада түсіндірмек болып, жетелеп үйге алып кірді. Елжас пен
Олжас жуынып, киініп алыпты.
– Бибіні оятып, киіндіріңдер, балалар,– деді жігіт сыртқы есікті жауып жатып. Екі бала түпкі
бөлмеге кіріп кетті. – Ха-ди-ша, сен олардың кім екенін, қайдан келгенін білесің бе?
– Қайдан келсе одан келсін,– деді ашуға мінген Хадиша. – Қызыл қағазынан қорқады дейсің бе
солардың.
– Ақырын, – деді жігіт сыбырлай сөйлеп. – Маған зияның тиеді. Үндеме. Тінте берсін. Мен
кеттім. Сабақтан кешіктім...
Алмас оған жасқана қарады. Қарсы алдында өзі білетін ұяң, ұялшақ Хадиша емес, мүлде басқа
қыз отырған тəрізді. Оны осыншалық қайсар-ау деп мүлде ойлаған емес. “Басыңды кесіп
аламын” десе де қайтатын түрі көрінбейді.
– Маған жаның ашыса, үндеме...
Осы сөзден кейін ғана Хадиша сабасына түсіп, үндемей қалды.
– Елжасты мектебіне жеткізіп салсаң жақсы болар еді.
– Мақұл,– деді Алмас асығыс киініп жатып. Шала-шарпы жуынып, Елжасты жетелеп, сыртқа
шықты. Есік алдында тұрған бейтаныс екеуге жарамсақтана жымиып, ақырын ғана бас изеді де,
асыға басып жандарынан өтіп кетті. Үлкен жолға түсіп алып, аялдамаға қарай құстай ұшты.
Шапшаң жүріске ілесе алмай шегіншектеген кішкентай баланы тепеңдетіп сүйреп келеді...


Келген екеуі асықпай отырып, Аяғанның кітап шкафы мен столын түгел тінтіп шықты.
Жекелеген кітаптарын парақтап, белгі соғылған тұстарына шұқшиып, қолжазбаларын оқып,
түске дейін тапжылмады. Үйді иесіз тастап кете алмай Хадиша да жіпсіз байланды. Екі бала
бақшаға бармай қалды. Хадиша оларды аулаға шығарып жіберіп, үйдің ішін тазалады, түскі
тамақ дайындады. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің екі қызметкері кітап, қағаз атаулыны
түгел ақтарып тінтіп, керектерін алып, Хадишаға бір жапырақ қолхат қалдырды да, сыртқа
шықты.
– Аяған ағаны қашан босатасыздар?– деп сұрады оларға ілесе шыққан Хадиша. Екі жігіт біріне-
бірі қарады. – Əйелі инфаркт алып, өлім аузында жатыр. Бала-шағасы азып-тозып кетті. Бір
жағдайға ұшырап қалса бұлардың обал-сауабын кім арқалайды?
– Балалардың жанында жүрген сен емессің бе? – деп мырс күлді жалбыр қас.
– Мен ертең кетемін. Үш баланы сізге қалдырамын ба сонда?
– Менің өз балаларым да жетеді, қарындас. Аға сенікі. Балалар да бөтен емес.
– Менің ол кісіге туыстық жақындығым жоқ. Мен жай ғана танысымын.
– А-а-а,– деді жалбыр қас дауысын барынша созып. Жүзінде “кім екеніңді енді білдім” дегендей
сыңай бар. – Білдік. Бəрібір алыс емес екенсің.
Хадиша оның нені меңзеп тұрғанын мүлде түсінбеді. Ол жалбыр қастың сөзіне емес, езуіндегі
жымысқы күлкіге шамданды да, ендігі сөзін бүркті тұмсық жігітке бағыштады.
– Аяған аға сонша керек болып бара жатса əйелі ауруханадан шыққаннан кейін де шақырып
алатын едіңіздер ғой.
– Иə, дұрыс айтасыз,– деді ол қысыла күлімсіреп. – Адамгершілік категорияларды есепке
алмайтын да, жағдайдың жетегіне ілеспейтін де мекемелер болады. Ол мекеме үшін
мемлекеттік қауіпсіздігі бəрінен жоғары тұрады.
– Құдай-ау, Аяған Қуатов мемлекетке қауіпті адам дегенге кім сенеді?
– Бұл, қарындасым, қатындар араласатын шаруа емес,– деді жалбыр қас Бибіні жерден көтеріп
алып жатып. – Сенің орның ас үйде.
– Аяған ағаның жаны таза,– деді Хадиша. Екі көзіне жас толып кетті.
– Сабыр етіңіз,– деді бүркіт тұмсық жігіт оның жүзіне жасқана қарап.
– Атың кім? – жалбыр қас Бибіден. Бөтен адамды жатырқаған қыз томсарып үндемеді. – Атыңды
айтпасаң машинаға салып, алып кетемін. Базарға апарып, сатып жіберемін.
Жалбыр қас əуейілігіне басып, машинаға қарай адымдаған. Манадан бері сырттай бақылаушы
болып тұрған Олжас шыңғырып, жалбыр қастың жолын бөгеді.
– Жібер Бибіні!.. Бибіні бермеймін!..


Ағасына қосылып Бибі шырылдады. Əпсəтте аула азан-қазан шуға толды да кетті.
– Мұныңыз қалай, Мақсұт Сарыбаевич?! – деп қабақ шытты бүркіт тұмсық жігіт. – Балалардың
көз жасы аз көрінді ме сізге?!
– Жарайсың! – деп, жалбыр қас қарқылдап күліп, шалғайына жармасып, шырылдап жүрген
Олжасты арқасынан қақты. Хадиша жүгіре басып келіп, Бибіні жалбыр қастың қолынан жұлып
алды.
– Бала – періште! – деді ол қарқылдап күлген жалбыр қасқа ала көзімен ата қарап. – Періштеде
неңіз бар?
– Қазақтың баласы қалжың түсінбейді бұл заманда,– деді жалбыр қас түсін суытып.
Хадиша шырылдап жылаған екі баланың біреуін көтеріп, екіншісін жетелеп үйге кірді де,
оларға қосылып өзі егілді. Өз өмірі есіне түсіп, ұзақ уақыт көз жасы тиылмады.


12
Жалбыр қас ұрып жыққан күні сол бөлмеге түнеп шыққан Аяғанды ертесіне жеке камераға
ауыстырған.
– Тергеу аяқталғанша осында тұрасыз,– деген бүркіт тұмсық жігіт жымиып күліп. – Телевизор
жоқ, күнделікті газет жоқ. Шыдауға, көнуге тура келеді.
– Қамқорлықтарыңызға рахмет! Сіздер аман тұрғанда ішім пыспайтын шығар,– деді Аяған
кекете мырс күліп. Жігіт басын төмен салып, сəл ойланып тұрды да:
– Талап солай,– деді Аяғанға көз қиығын тастап.
– Кінəсі жоқ адамға қолдарыңнан келгенді істеңдер деп талап қоя ма? – Жігіт басын шалт
көтеріп, жалт қарады. Екеуінің көзі тоқайласты. – Біздің мемлекеттік қауіпсіздік комитеті отыз
жетінші жылдың тəсілімен жұмыс істейді деп мүлде ойламап ем. Қателескенімді түнде білдім.
– Ол сізге қол жұмсады ма?
– Жоқ, еденге екі бүктеліп, құлап түсуіме көмектесті.
Бүркіт тұмсық жігіттің жұқалтаң өңіне қызыл бояу жайылды. Қабағын шытып, Аяғанның бетіне
тура қарай алмай қысылып, жанарын жықты.
– Кешірім өтінеміз!..
– Мен кешіргенмен ол жақсы адам бола салмайды. Адамгершіліктен азған, кеудесіне нан пісіп,
кінəсіз пенделерді жəбірлеп үйренген найсаптар адам санатына қосылатындай болса мен
тəнімді солардың тепкісіне тастар едім. Солар үшін өзімді құрбандыққа шалар едім.
– Сіз адам тəрбиелеудің ең оңай жолын таптыңыз,– деп күлді жігіт.
– Мақсұт сияқты он мақұлықты адам қатарына қоссам қоғам алдындағы азаматтық парызымды
өтеген болып шығар едім,– деді Аяған, костюмін шешіп, төсектің үстіне тастады.
– Он адам... Он адам тым аз,– деді жігіт жымиып. Күлгенде тұмсығының ұшы доғаланып,
үшкірлене түсетін сияқты болып көрінді Аяғанға. – Он – орташа ғана қабілеті бар адамның
нормасы. Ал сіз интеллигенцияның жоғарғы тобына жатасыз. Сондықтан сізге жүз адам да аз
емес.
– Жігітім, мен жүз адамның тепкісіне шыдамаймын,– деп суық жымиды Аяған.
– Басыңызға түссе шыдайсыз ғой. Шыдауға тура келеді. Адамның өмірі – сан түрлі
қиындықтардың жиынтығы.
Бүркіт тұмсық жігіттің өзіне бағыштап айтқан сөзінен жанашырлық пейілін танып, іші жылып
қалды. “Иманы бар жігіт сияқты. Ақылсыз емес” деп ойлады Аяған.


– Əдетте əлсіз адамдар қиындықпен күреспейді. Ондайлар үлкен қиындықтарға кездеспейді.
Себебі – қара басының қамынан басқа ештеңе ойламайтын пенделер қайшылықтарға бармайды
ғой,– деді жігіт. “Түрі қазаққа келмегенмен түсі жылы екен” деп ойлады Аяған. – Нағыз
азаматтар халық үшін өмір сүреді. Оларды сындыру мүмкін емес.
– Үш əріптің қолына түскен пенденің сынбауы мүмкін емес. Сынбаса сындарсыздар. Тəйірі, сол
да қиын болып па! – Жалбыр қастан көрген қорлығына ызаланған Аяған қатты айтылған əрбір
сөзге қысылып, қызарақтап тұрған монтаны жігітке көңіліндегі ащы запырандай болған ащы
сөздерді ақтарып тастағанды жөн көрді. – Ары, ұяты бар ақылды адамды сындырасыздар. Жер
бауырлатып, азап атаулының небір түрін көрсетіп, ит аяқтан сары су ішкізіп қорларсыздар,
бірақ оны бəрібір ешқашан жеңе алмайсыздар. Адамды, ары бар адамды жер бетінен жоқ қылып
жіберуге болады, ал бірақ оны жеңу мүмкін емес.
– Гестапоның қолына түскендей соншалық күңіренбеңізші. Қанша жерден сіз “жат пиғылды”
адам болсаңыз да, осы қоғамның төлісіз, осы Отанның ботасысыз. Отаныңыз отқа оранса ең
бірінші болып шырылдап жүгіретін де сіз боласыз. Сіз бен біз бір мақсаттағы адамдармыз. Еркін
қоғамда сіз сияқты еркін ойлы азаматтардың болғанынан зиян жоқ.
– Біз жариялылықтың төліміз. Адамзат баласының тарихында біз сияқты құрбандықтар аз
болмаған,– деді Аяған қызына сөйлеп. Біраз уақыттан бері іші толып қалған екен. – Ал
жариялылықты тек күн көріс үшін ғана қыбырлап, тірі жүрген пенделер ұнатпайды.
Жариялылық – кішкентай ғана қабілеті бар кішкентай адамдардың ажалы. Жариялылық –
дихлофос, ал Мақсұт сияқты кішкентай пенделер – таракан. Олар көп. Бықып жүр. Сіз айтқан
еркін ойлы азаматтар аз мүлде... Бізде ақылды азшылық емес, шуылдақ көпшілік жеңеді.
– Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті кінəсіз адамдарды жазалайтын орын емес. Сіз оны 1937
жылғы комитетпен, Ежов, Бериялардың мекемесімен шатастырмаңыз,– деді жігіт əңгіме
арнасын басқа бағытқа бұрып. Өзінің кім екені есіне енді ғана түскен секілді.
– Оны өмір көрсетеді. Кешіріңіз, атыңызды білмеймін.
– Атым Міртемір. Ақын болсын деген шығар ата-анам.
– Міртемір жəне МҚК. Парадокс! – деді Аяған бас шайқап.
– Бізде Абайлар мен Махамбеттер де аз емес,– деді Міртемір күліп.
– Білемін, – деді Аяған қабақ шытып. – Абай мен Махамбетті қорлаудың түрлі жолын ойлап
тауып жатырмыз ғой. Абайлар кісі өлтіреді, Махамбеттер ұрлық жасайды. Жəне олар
Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде істейді.
– КГБ десе жұрттың зəресі ұшады. Берия мен Ежовтың мекемесінің міндеті басқа болатын. Сіз
оны жақсы білесіз. Берия мен Ежовтың заманында...
– Міртемір,– деді Аяған оның сөзін бөліп. – Ежов пен Берияның заманы деген заман жоқ.
Сталиннің заманы болған. Қазір заман Андроповтікі емес, Брежневтікі. Жəне Мемлекеттік
қауіпсіздік комитетінің міндеті ешқашан өзгермейді. Ол мемлекетті қауіпті элементтерден,
яғни, біздерден қорғайды.


Міртемір үндемеді. Əдейі қыңыр тартып, қисайып отырған Аяғанның сөзіне қарсы айтар
тұжырым, толғамдары аз емес еді, уақыттың тарлығы пікір таластыруға мүмкіндік бермеді. Екі
күннің ішінде ол біраз мəселеге қанықты, ең бастысы – Аяған Қуатовтың мінез-құлқын,
психологиясын таныды, ойлау жүйесін анықтап, аңғарғандай болды. Жігіттің пікірі ашық.
Қазіргі жағдайларға байланысты ашық айтқан пікірінде жанға тиер ащы ойлар көп, солай екен
деп жазалай салуға болмасын Міртемір біледі. Адам баласы шалыс басады, қателеседі. Өйткені
өмірдің өзі тұрақсыз. Ендеше ондайлардың барлығына жала жауып, күйе жағып, жазалай берсе
түрмелер қалаға айналар. Пікірі бар ойлы адамдардың барлығын жауып тастаса, кімге арқа
сүйейді мына қоғам? Жоғарыдан айтылған сөзді қалт еткізбей қағып алып, ойланбай
орындайтын шуылдақ тобырға ма? Онда мына қоғамның шекесі қызар. Аяған сияқты адамдар
емес пе қоғамның капиталы. Адам уақыттың, заманның төлі. Адамда əртүрлі уақытта əртүрлі
мазмұн бола бермей ме?! Өз заманы жатырқап, жатсынған “еркін ойлы” азаматтарды болашақ
ақтап алып жатқан жоқ па. Күні ертең Аяғандардың заманы туарына кімнің күмəні бар?! Дүние
кезек. Бақ біреудің басына мəңгілік қонбайды. Күні ертең Аяғанның орнында өзінің, иə болмаса,
Мақсұттың отырмасына кім кепіл? Əй, бірақ аузымен құс тістегендей болып, үзеңгі бауы алты
қабат мықтыдай шіреніп жүрген Мақсұт секілділер дүниенің бір-ақ сəтте өзгеріп кетерін
түсінбейді-ау. Мақсұт жалғыз болса бір жөн. Олар көп. Пікір таластыра бастаса олар бірінің
аузына бірі түкіріп қойғандай сөйлейді. Олардың айтуынша, мынандай мемлекетті сақтау үшін
қатал тəртіп, режим керек. Əйтпесе қырық рулы ел бірін-бірі тыңдамай, бірін-бірі түсінбей, ең
ақыр аяғы бірін-бірі менсінбей жаға жыртыса бастайды екен. Диктатура неғұрлым күшті болса,
халық тыныш, мемлекеттің жағдайы да дұрыс болатын сияқты. Осындай тұжырымдарға
Міртемір жан-тəнімен қарсы. “Осылар Сталиннің мемлекетті осындай тəсілмен басқарғанын
білмей ме екен? Халық 40-50 жылдың ішінде қорқыныштың құлына айналып кеткен жоқ па еді”
дейді Міртемір ой түкпірін ақтарып. Халықтың қорқатындығы соншалық – ешқайсысының
шындықты айтуға батылы жетпейді. Жоғарғы жақ отыр десе отырып, тұр десе тұрып, жат десе
жатып қалатын жаны бар қуыршаққа айналған халыққа бұдан асқан қиянатты ойлап табу
мүмкін бе, сірə?! Кейбіреуге осы тəртіп ұнайды. Міртемір сондай жігіттердің талайымен
ұстасып, ақыры жеңіліп тынған. Өйткені оларды қолдаушылар көп жəне бəрінің лауазымы
жоғары. Бір ретте “жат пиғылы” үшін генералдың алдынан бір-ақ шыққаны бар.
– Біз партияның атса – оғы, шапса – қылышымыз. Енді сен туралы бір ауыз теріс сөз естісем,
маған өкпелеме,– деген үлкен бастығы зілденіп. Айтыса кетуге даяр тұратын жігіт сол жолы
өзін əрең тежеген. Генералдың бөлмесінен шығып, біраз ұзаған соң намысы қозып, қорқақтап
үндемей қалғанына қорланған.
“Партияға қылыш пен оқтың керегі не?” Осы тақылеттес сұрақтар біраз күн бойы басын
айналдырып, бірақ шешім таптырмаған.
Міртемірге шешім таптырмай жүрген жұмбақтар аз емес еді. Осы мекемеге келгелі бергі он
алты айдың ішінде біраз мəселеге қанықты, көзі ашылды. Басынан талай-талай жағдайлар өтті,
түйіні шие болып қалған небір оқиғаларды көзімен көріп, жаны түршікті. Əкесі мемлекетке,
партияға жан-тəнімен берілген, ал баласы басқаша тəрбие алып, басқаша өмір сүре бастаған
отбасының ісімен айналысқан. Өмірін партияға арнаған, ол үшін ойланбай отқа түсіп кетуге
дайын адамның көзіндегі жасты көріп, бейшараны аяған. Мемлекеттік мекемеде үлкен қызмет
істейтін сол адам ұзаққа бармады, баланың күйігі алып тынды. Жалғыз ұл барлық қызығын тəрк
етіп, эмиграцияға кетті. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін əйел жалғыз ұлдың соңынан жөнелді.
Еврей əйелден туған қазақ баласы өз елін, өз жерін жатырқап, жатқа сіңді.


Осы секілді жағдайлардың сан түрлісі өтті басынан. Қандай шешім қабылдарын білмей, ойы
онға, санасы санға бөлініп, тұйыққа тірелген, мықтап қиналған сəттері де аз болмапты. Ұққаны
– қиыншылық адамды тез есейтеді екен.
– Ежов немесе Берия анасынан қарақшы болып туған жоқ,– деді ұзақ үнсіздіктен кейін Аяған.
Міртемірдің ойы шашырап кетті. – Олар жағдайға бейімделді. Кез келген адам уақыттың құлы,
сондықтан ол жағдайға мейлінше тез бейімделуге тырысады. Жағдайға мейлінше тез
бейімделіп, уақыттың мінезін дəл таныған пенденің тасы өрге домалағыш.
Аяғанның бұл сөзі Міртемірдің жүрегіне дөп тиді. Ол ақиқат шындықты айтты. Мына қоғамда,
əсіресе мынандай мекемеде адамның еркін жағдай билейді. Жағдайдың жетегінде жүрмеген
пенде саптан шығып, басқа жолға түсуге тиіс немесе қара бастың қамын ойлап, беттің арын
белге түю керек. Кім біледі, əр сəт сайын “кісі баласына қиянат жасамаймын” деп ант-су ішетін
Міртемір күндердің күнінде жағдайдың жетегінде кетер, бəлкім. Мынау баянсыз, сəт сайын
құбылып тұрған тұрақсыз, тұрлаусыз дүниеде өзін өзі қорғай алмай қор болып жүрген пенденің
жағдайдың құлына айнала салуы оп-оңай. Сол шындықты Аяған дəл айтты.
Міртемір басын тұқшитып, ақырын ғана күрсініп қойды.
– Əлі талай сөйлесеміз ғой,– деп күлді жігіт. – Бірімізді біріміз толық танып, білетін боламыз.
Зерттейміз...
– Зерттеңдер, зерттеңдер! – деді Аяған ызалы дауыспен оның сөзін бөліп. – Сендерге барлық
құқ берілген. Басы жұмыр пенде біткеннің тағдыры сендердің қолдарыңда.
Міртемір дауды созғысы келмей жымия күліп, камерадан шығып кетті. Аяған көмейіне келіп
қалған сөздің бір түйдегін айтып үлгере алмады. Не істерін білмей жан-жағына қарап, бір сəт
ойланып тұрды, сонан соң костюмін тастай салған төсекке қисайды. Түнде тақтай еденге
жатып, ұйықтай алмай қиналған, жұмсақ жерге жамбасы тигенмен ұйқы шіркін келе қоймады.
Əр нəрсені бір ойлап, қу жаны байыз таба алмады. Кейінгі уақытта сəл нəрсеге бола үрей
шақырып, өз жанын өзі қинайтын əдет жабысқан.
“Апыр-ау, бұлар мені бірінен біріне ауыстырып, қақпақылға неге салады? Əлде бұлардың тəсілі
осындай ма? Жаңағы жігіттің маған неге сонша емешегі езіліп тұр? Алдап-арбап қолға түсірмек
пе, əлде шын ниетімен жанашыр болып жүр ме екен?! Жанашыр болатындай оған қандай
жақсылығы өтіп кетіп еді? Жоқ, бұлардың мақсаты біреу-ақ. Байқа, Қуатов, алаңғасарланба,
арандап қаласың. 58 статьяның оныншы тармағына жатқызады да, əкеңді танытып соттап
жібереді. Атыңды бір былғап алған соң шаруаң бітті, өмір бойы жуып кетіре алмайсың. Қол
қойып берген бір жапырақ қағаз алдыңнан шығады да тұрады. Шындыққа күрес арқылы ғана
жетерсің жетсең. Мынау қапастын шығатын екі жол бар. Бірі – Мақсұттардың дегеніне көніп,
айтқанын орындау. Екіншісі – күрес арқылы шығатын жол. Белді бекем бу, Қуатов. Серпіл,
сергі, дайындал!..”
Аяған төсектен атып тұрып, шағын ғана камераны кезіп жүріп кетті. Кешелі бері тапқан
əдетімен камераның бір бұрышы мен екіншісінің ара қашықтығын адымдап өлшеп жүріп
күбірлеп сөйледі.
– Төрт те төрт... Он алты шаршы метр. Осындай ғана бір бөлмелі үйім болса... Бізге жетер еді.


Шіркін-ай, шағын да болса өзіңе тəн бір қуысың болсашы,– деп көкірегі қарс айырылардай
күрсініп жіберді де, бөлменің ішін қайта кезіп кетті.
Өзінен ештеңе шығара алмасына көздері жеткен соң Мақсұт оңбаған Əсемнің басын
айналдырып, қорқытып жалғыз қағаз алуға тырысар. Жоқ, Əсем өліп бара жатса да өтірікке
бармайды. Аяған бұл өмірінде Əсемдей сезімтал, шыншыл əйелді көрген емес. Ол жақындап
келе жатқан жаманшылықты алдын-ала сезеді. Биыл жылдың басынан бері сан рет жайсыз
түстер көріп, шошып оянып жүрді. Көрген түсін жақсыға жорып, дұға оқып, бет сипағанмен
қозғалып кеткен көңілі орнына түспей титықтаған. Аяғанға да маза бермейтін əдет тапқан.
Қымс етсе екі көзі боталап:
– Ауылға көшейік. Атам мен апамның жанына барайық,– дейтін. Аяған өз отбасының болашағы
туралы неше түрлі əңгімелер құрастырып, таусылып келіп сөйлейтін. Əдепкіде əңгімеге
алданып, қуанғаннан рахаттанып күлетін Əсем артынша-ақ өзгеретін. Аузынан ауылдан басқа
сөз шықпаушы еді. Алдын-ала бір қауіптің келе жатқанын сезген екен.
Осы күні түнімен кірпік ілмей, мазасызданып шығатын шығар, сірə. Кім білсін, бəлкім, күте-
күте төзімі таусылған соң милицияға хабарлаған болар. Милицияның қайдағы бір əйелдің сөзіне
бола қаңғырып кеткен біреуді іздеп шаршамайтынын Аяған білетін. Əсем милицияға сеніп, қол
қусырып қарап отырмайды, бүгін ол Алмасты іздеп тапқан шығар. Жағдайды білген соң салып
ұрып осында келер. Аурудан сансырап, аяғын əрең алып жүрген бейшараға ауыр тиетін болды-
ау. Екеуін жолықтырар ма екен?
Əсем бір жолын табар. Аяғанның бір ғана қорқынышы бар. Жүрегі ауру бейшара жаман хабарды
естігеннен кейін құлап қалмаса жарады. Соңғы уақытта күрт түсіп кетті. Анау күні байқады,
қарға адым жерге жеткенше алқынып, кеудесі сырылдап қара терге түскен. Ауруханаға жатып
емделуге мүлде мүмкіндігі болмай қойды ғой. Əне-міне деп созбақтап жүргенде мына жағдай
килікті. Бейшара қашан құлап түскенше сүйретіліп жүре берді.
Келіншегіне жаны ашып, жүрегі ауырды. Қанша жыл бірге тұрса да қадырын білмегеніне,
бағалап басына көтермегеніне өкінді. “Жұмыс, жұмыс” деп жүріп, оның қабағына қарауға,
көңілін көтеруге уақыт бөлмепті тіпті. Рас, Əсемді жақсы көрді, аралары суысқан жоқ.
Қыздырманың қызыл тіліне еріп, біріне-бірі ауыр сөз айтып, көңіл қалтырысқан, ренжіскен
сəттері жоқ. Əсем əртүрлі қаңқы сөз естігенмен сыныққа сылтау іздеп шаршаған, жүйкесі онсыз
да жұқарып жүрген Аяғанды шаршатқан емес. Пенделік эгоизмнің құлақ кесті құлына айналып,
сəл нəрсеге бола шамданып, шатақ шығаратындай себептер əр сəт сайын табылып тұрғанмен
Əсем ашуын ақылдың безбеніне салатын. Өйткені оның Аяғаннан басқа ешкімі де жоқ еді.
Аяғаныма ешкімнің таласы жоқ деп ойлайтын жəне осы бір шындыққа өзі имандай сенетін.
Аяған оның өміріне айналып еді.
Екеуінің танысуы да қызық.
Төртінші, бесінші курста той көп, біреу үйленеді, біреу тұрмысқа шығады. Тойға қызық үшін
емес өмірлік серік іздеп, жар болуға жарайтын “ай мен күндей” ару жолығып қала ма деген
үмітпен баратын. Əр тойда бір қызбен танысып, уəделесіп қайтады, бірақ қайсысымен де
мінездері үйлеспей немесе болар-болмас мінəйі себепке байланысты тіл табыса алмай
ажырасып тынатын. Жалғанда жоқ аруды іздеп жүргенде Əсем жолықты.


Дəулеттің үйлену тойында екеуі қатар отырып қалды. Қыз жалғыз келіпті. Əсемге қызмет
жасауды төңірегіндегілер Аяғанға тапсырды. Жігіт атаулыға үрке қарайтын ақсары өңді, жүдеу
қызға əдеп сақтап қызмет жасағанмен бəлендей ұната қоймаған. Қыз тым ұяң, құрбылары
секілді əзілдеуді білмейді, сəл нəрсеге қызарып кетеді, салып берген тағамды ұялып, қысылып
отырып шұқып жейді. Киген киімі жұпыны. Арзанқолдау тоқыма костюм-юбка қызылаштау
келген денесіне құйып қойғандай жарасады екен. Аяған бірнеше рет қызға бұрылып сөйлеген,
ол жауап қайтарған сияқты, не дегенін жігіт мүлде түсінбеді. Дауысы соншалық нəзік екен.
Мынандай шулы ортада онымен сөйлесіп, береке таппасын білген Аяған бұдан кейін Əсемге
мүлде де мəн бермеген. Жан-жағына көз тастап, “өмірлік серік” болуға жарайтындай қасы-көзі
қиылған, ай десе аузы, күн десе көзі бар” сұлуды іздеген. Ол ойлағандай маңдайының жұлдызы
бар ару көзіне түсе қоймаған соң көңілі құлазып, ептеп ішкен. Ешкіммен шешіліп сөйлесе
алмай, жүз елу адамның ішінде бір өзі бөтен кісідей қысылып əрең отырған кісікиік қыз Аяған
қыза бастағанда қолға түскен құраладай бүрісіп, өз-өзінен дірілдей бастаған. Қыздар мен
жігіттер қарап отыра ма, Аяғанды қажауға кіріскен.
– Сен Əсемді ұмытып кеттің. Сол үшін штраф,– деген біреуі рюмкесіне арақ құйып жатып:
– Əсемді саған құдай айдап келген. Біліп қой, Аяған. Бір өмірде бір-ақ рет туатын мүмкіндік,–
деген екіншісі.
– Əсемнің бір тал шашы түссе сен жауап бересің,– деп үшіншісі қоқан-лоқы көрсеткен.
– Өзің терлеп, қыз-қыз қайнап отырсың, ал саған сеніп тапсырған біздің Əсем тоңып қалыпты,–
деген төртіншісі. Аяған да қарап қалмай олардың əзіліне əзілмен жауап берген.
– Əсемді маған біржолата бердіңдер ме?
– Бердік, бердік! – деп шулаған төңірегіндегілер.
– Олай болса біздің ішкі шаруамызға араласпаңдар. Біз не істесек те өзіміз білеміз. Солай ма,
Əсем?
Қызда үн жоқ, жүзі нарттай болып қызарып шыға келіпті. Жылайтын адамдай екі көзі
балбұлдап, қинала күлімсіреді. Əдетінде əдепсіздік қасиет жоқ Аяған қызулықтың əсерімен
қыздың аш белінен құшақтады.
– А-а-ғ-ай, қойыңызшы, – деген қыз бүкіл денесі дірілдеп.
– Əсемді ешкімге бермеймін,– деген Аяған қыздың белінен қыса түсіп. Соның арасынша үзіліс
жарияланып, би басталған. Аяған кіріп кетер тесік таппай қысылып отырған қызды қолынан
жетектеп, ортаға алып шыққан, содан үзіліс бітіп, ел орнына отырғанша тек қана Əсеммен
билеген.
Ептеп қызулау болғандықтан ба, билеп жүргенде Əсем оған сондай сұлу болып көрінді. Мінезі
орнықты, біртоға қыздың қабағы ашылып, көңілі көтерілген сияқты, Аяғанға жанары жаудырап,
ризашылық пейілмен күле қарайды. Жігіт талшыбықтай майысқан қызды бауырына тартып,
құшағына қыса түседі. Əсемнің жүзі нарт, балғын денесі дірілдеп, əлсіз ғана қарсылық
көрсетеді.


– Мен сені ешкімге бермеймін,– дейді Аяған оның құлағына дауыстап. Ұялшақ қыздың жүзі
дуылдап, төңірегіне жасқана қарайды. Біреуде біреудің жұмысы жоқ, ептеп ұрттап алған
студенттер ақ тер, қара терге түсіп, билеп жүр.
– Сені өзім жеткізіп саламын,– дейді Аяған оны құшағына қаттырақ қысып. Көп көздің сұғынан
қысылған қыз қарсылық көрсетіп, жігіттің кеудесінен қаттырақ итерген.
– Аға, қойыңызшы... Адамдар қарап тұр ғой,– деген жыламсырап. Аяған оның жанарындағы
жалынышты байқап, тез сергіді.
Екінші отырыста олар алғашқыдағыдай тоң-торыс қалмай көптен біліс, таныс адамдардай
біріне-бірі қошемет жасап, ізет көрсете бастады. Аяған мүлде ішкен жоқ. Оның бұл қылығы
басқаларға ұнамады, қызып алған жігіттер кеу-кеулесіп қолқалай бастаған.
– Біз ішпейміз,– деп қыз Аяғанның рюмкесін төңкеріп қойды. – Біз өз лимитімізді бірінші
отырыста-ақ тауысып қойғанбыз.
Қыздар жағы Əсемді қолдап, ду ете қалған. Екеуінің тіл табысқанына қуанды ма, жігіттер де
Аяғанды қинаған жоқ.
Əсем екінші отырыста сəл ашылып, еркіндеу қимылдады. Кейбіреулер секілді өтірік
тəлімсімеді. Беті ашылған қыздар секілді жорта қылымсып, кісіні жеріндіретін арзан қылық
көрсетіп, əуреге түспеді. Күлкісінде кінəрат жоқ, таза. Аяғанға ол жүзінен иманы тамған тəлімді
қыз болып көрінді. Кимелеп алға түсуге ұмтылмайтын, жұрттың көзіне ерек түсуге
тырыспайтын қарапайым қыз сол тойда ешкімге тоқтамай, дүниеде жоқ аруды іздеп шаршап
жүрген Аяған серіге ой салған.
Тойдан кейін Əсемді жатақханасына шығарып салды. Жолай əртүрлі күлкілі əңгіме айтып,
қыздың ішек-сілесін қатырған. Олар бір қиырдағы жатақханаға аяңдап жеткенше таң біліне
бастап еді. Аяғанға бойы үйрене бастаған қыз асыға қоймады, екеуі жатақхананың алдындағы
орындыққа келіп отырған. Дəл осы араға келгенде ұстамсыздық жасағанын қалай ұмытсын. Бір
сəттік ағаттығының сазайын кейін тартты ғой. Көңілінде күдік жоқ қызды бас салып, сүюге
тырысқан. Əсемнің қорыққаны сонша, қалтырап-дірілдеп түсі қашып кеткен.
– Жіберіңіз! – деп шырылдап жанталасты-ай келіп. Бірақ əрқашан жеңіп үйренген Аяғанда
тыпырлаған қызды жібере салатындай ой жоқ еді. Шəпету келген қызды қапсыра құшақтап,
екінші қолымен иегінен ұстап тұрып, қадалып сүйді. Тыпырлаған байғұс қызды біраздан кейін
босатқан. Ағыл-тегіл жылаған қыз орнынан атып тұрып, тұра қашқан. Қыздың сол күнгі қылығы
Аяғанға түсініксіздеу болып көрініп еді. “Неге қашты екен? Əбес қылығыммен шошытып алған
жоқ па екенмін?” деп ойлаған да қойған. Ойда-жоқта жолыққан қыз оп-оңай ұмытылып кетеді
деген. Бірақ кісі баласына үрке қарайтын ақсары өңді талшыбықтай майысқан қызды ұмыта
салуға шамасы келмеді. Бір-ақ рет көрген қыз жүрегінің түкпіріне жайғасып алып, Аяғанға маза
бермейтін болды. Ол ойда-жоқта көшеде кездесіп қалатындай əрқашан елегізіп, қыз атаулы
Əсемге ұқсайтындай, оларға байыптап қарайтын əдет жабысқан. Бірте-бірте оның бейнесі
көмескіленіп, алыстай бастады. Ол алыстаған сайын сағынышы күшейіп, көрмесе тұра
алмайтындай қалге жетті. Əсемді іздеп, есеп-санақ техникумына барды, көп қыздың ішінен таба
алмай қайтқан. Ойлай берген сайын адамның аңсары күшейіп, төзімі таусылып, жаны жай
таппай тыпырлайды екен. Шыдай алмай оны жатақханаға іздеп барған. Əлдекімдерден сəлем


айтып жібергенмен ол шықпай шаршатты. Күтіп-күтіп кері қайтты. Екінші рет те дəл сол
жағдай қайталанды, өтініш айтып жіберген адамдары Əсемді қолынан жетелеп алып
шығатындай болып кетеді, бірақ су аяғы – құрдым, ешкім шықпайды. Аяған да жалықпайды,
ішке кіріп бара жатқан қыздарды тоқтатып алып, қиылып сұрайды. Бірақ Əсем қарасын
көрсетпейді.
Махаббат деген емге көнбейтін дерт екен. Аяған соны ұқты. Күні кеше небір сұлу қыздарды
көзге ілмей жүрген Аяған сері демнің арасында бейшара болды да қалды. Мектепті биыл ғана
бітіріп келген кішкентай ғана қыз күні ертең “қазақ халқының мақтанышына айналғалы тұрған
Аяған серіні” көзге ілмей “ұят” жасады. Аяған серіні талай қыздың табасына қалдырды. Олар
дұрыстап шашын тарай алмайтын қызға ғашық болып жүнжіп кеткен жігітті мазақтап күлетін
əдет тапқан.
– Иə, сері жігіт, тойда танысқан көгершініңді таба алмай табаныңнан таусылып жүрсің бе? –
дейді аз уақыт жақсы болып жүріп суысып кеткен қыздардың бірі. – Ізде, ізде... Сен тапқанша ол
балалы болып та үлгерер.
Аяған алыпқашты сөздердің талайын естіді. “Əй, қойшы соны” деп қолды бір сілтеп, басқа
қызбен айналысып кетуді де ойлаған. Бірақ оның дерті күн санап асқына берді, шыдамы көпке
жеткен жоқ. Бір күні кешкілік қолына қызыл байлап, жанына Жанайды ертіп, есеп-санақ
техникумының жатақханасына келді. Есік алдында отырған вахтер кемпірге аудандық комсомол
ұйымының қызметкерімін деп бөсті, жатақхананы тексеруге келгенін айтты. Кемпір сенді.
Жанай екеуі жатақхананы аралап, Əсемді таба алмады. Ол киноға кетіпті. Қайтып айналып
соқпақ болып, бірінші қабатқа түскен.
– Біз қайтып айналып соғамыз.
– Бізде тəртіп жақсы,– деп көсіліп сөйлеп берген кемпірдің сөзін аяғына дейін тыңдамай сыртқа
беттеді. – Мен кезекші болған күні жатақханада айқай шықпайды.
Жақсы сөз дəметіп тұрған кемпірдің атына бір-екі ауыз мақтау айтып, Жанай екеуі сыртқа
шығып кетті. Бүгінгі “операцияларының” жоспарын жасап, сағат он бірге қарай жатақханаға
қайтып айналып келген.
– Бəрі тыныш, бөтен адам кірген жоқ, сағат он бірде сыртқы есікті жабамын,– деп тықылдады
кемпір.
– Рахмет сізге! Директорға айтамын,– деді беті бүлк етпей.
– Артамонова Ксения Павловнамын...
Жанай блокнотына жазып алған болды. Аяған кемпірдің қолын алып, тағы да рахмет айтты.
Екеуі үшінші қабатқа көтеріліп, Аяған жуынатын бөлмеге кіріп, жасырынып тұрды. Келісім
бойынша Жанай барып Əсемнің есігін қағады да:
Əсем, қалааралық байланыс телефонға шақырады,– дейді. Ол төменгі қабатқа түсіп кеткен кезде
дəліздің шамын түгел өшіріп тастайды. Алданға қыз қайтып келе жатқан кезде алдынан шығып,


жетектеп жуынатын бөлмеге кіргізеді.
Алдын ала жасалған жоспар бойынша зəресі ұшқан Əсемді ес жиғызбай жуынатын бөлмеге
кіргізіп жіберді. Қатты қорқып қалш-қалш етіп тұрған қызды соншалық аяп кеткен Аяған
құшақтап бауырына тартып еді, мүлде қарсыласпады.
– Кешір жаным! Кешіре алсаң кешір мені! – деді жігіт жалынышты үнмен. Құшақтап тұрып
Əсемнің бетінен, көзінен, маңдайынан сүйді. Қызда үн жоқ, тілі байланып қалған сияқты, хам-
харакетсіз сілейіп тұр. Денесі де, қолы мен беті, тіпті ерні де сұп-суық. “Желең шыққан сон
тоңған ғой” деп ойлап, костюмін шешіп, иығына жапты.
– Менен неге қашып жүрсің, Əсем? – Қызда үн жоқ. Екі қолын кеудесіне алып, бүрісіп тұр. –
Саған қанша рет келгенімді білесің бе? Сені көрмесем шыдай алмайтын қалге жеттім, Əсем. –
Үнсіз тұр, мүлде таскерең болып қалған сияқты. Аяғанның дауысы құлағына жетпейтіндей,
оның айтқан сөзінің мағынасын түсінбейтіндей төмен қарап тұр. Жігіт көкірегі қарс
айрылардай күрсініп жіберді. – Неге шықпадың, Əсем? Себебін айтшы ең болмаса...
Қыздың көзінен мөлт-мөлт етіп жас шықты. Жасты көзбен Аяғанға жаудырай қарап тұрды да,
теріс бұрылып кетті.
– Саған не болды? Неге жыладың? – Қызда үн жоқ. Екі иығы селкілдеп, егіліп жылап тұр. Жігіт
ту сыртынан келіп құшақтап еді, бұлқынып, тулап қашқан жоқ. – Мен сені сүйемін, Əсем. Мені
жек көретініңді білемін. Мейлі, жек көре бер. Бəрібір келе беремін, келе беремін,– деді жігіт
дауысы бұзылып. Көңілі босап, алқымына қатты зат кептеліп тұрып қалғандай болды.
Əншейінде ауыздыға сөз бермей көсіліп шабатын Аяғанның ойы шашырап, əңгімесі жүйеленбей
абдырап, кішкентай қыздың алдында бейшара күйге түсті. Айтатын, айтсам ба деп жұптаған
сөздері көп-ақ еді. Кеше күні бойы пісіріп, жұптап қойған, естіген кісі есінен танып құлардай
тəтті сөздері, жақсы ойлары есіне түспей жаны қиналды. Сасқанынан қайта-қайта кешірім
сұрап далбасалады.
– Енді келмеңіз, аға,– деген қыз қоштасар сəтте. Біо ауыз сөзді қиналып тұрып əрең айтты.
– Неге келме дейсің?
– Сол, – деді қыз бар ойын дерегі жоқ бір сөзге сыйғызып. Аяған қыздың қай жағына шығарын,
не дерін білмей тыпырлады.
– Неге? – деді есеңгіреп тұрған жігіт. Қыз жауап берген жоқ, иығына жамылған костюмді иесіне
қайтарды.
Мен кетемін, тоңдым,– деді рұқсат сұрағандай жігітке қиыла қарап. Қыздың аузынан шыққан
сөзді қалт еткізбей орындауға бейіл болып тұрған жігіт шегініп жол берді. Үстінде арзанқол
шыттан тігілген көк көйлегі бар шидиген арық қыз ұзын дəлізбен аяңдап бөлмесіне кетіп бара
жатты... Бөлмесіне кіріп бара жатып бұрылып қараған Əсем дəліздің бір ұшында өзінен көз
алмай мөлиіп тұрған жігітті көрді...
Көңілі жасып, тауаны қайтып, тауы шағылған Аяған көпке дейін Əсем тұратын жатақханаға


беттей алмады. Ойы онға, санасы санға бөлініп, көңілі күдікке күпті болды.
“Оның жігіті бар шығар. Жігіт болмаса маған неге келме дейді?! Бекер басымды ауыртып,
жанымды қинамайын” деген түйінге келген жігіт Əсемді біржолата ұмытуға тырысқан. Бірақ
тасқа қашалған жазудай болып миына жазылып қалған Əсем есімін өшіре алмай қойды. Қызды
алыстан болса да бір рет көріп қалу үшін күніне бір уақ санақ техникумының оқу корпусына
барып қайтады. Бірақ Əсем жоқ, қанша рет табанынан таусылып барғанмен бірде бір рет
кездестірмеді.
Не істерін білмей, ішін ит тырнағандай қиналып жүргенде Əсеммен ойламаған жерде кезігіп
қалды. Аяғанды көргенде қыздың түсі қашып, аяғына тұсау салынған аттай адымын аша алмай
кібіртіктеді. Бір-біріне қарсы жүріп келе жатқандықтан көрмеген болып өте шығу мүмкін емес
еді. Алдымен қыз тоқтады. Екі көзі жаудырап, екі жағына пышақ жанығандай болып жүдеп
кеткен жігітке аянышпен қарады.
– Сəлеметсіз бе, аға!
– Сəлеметсің бе, Əсем! Қал-жағдайың қалай? – деп қатты қуанған Аяған асып-сасып сұрақтан
соң сұрақты жаудырып жатыр.
– Жақсы ғой, аға. Оқып жатырмыз.
– Дұрыс екен. Мен осы бүгін... Осы жерде сені көремін деп ойлаған жоқпын тегі,– деді
сасқалақтаған жігіт ойын жүйелей алмай. Əсем жымиып күлді.
– Ой, ұмытып барады екенмін. Кішкентайларыңыздың бауы берік болсын, аға!
Аяған төбесінен жай түскендей есеңгіреп қалды. Қалжыңы ма деп қызға қарады, ол қолын
ұсынып тұр. Жігіт қолын қалтасына салып алып, қарқылдап күлді. Екеуінің арасына от жағып
жүрген біреудің бар екенін осы жолы білді.
– Ой, рахмет, Əсем! Ойда жүрген Қанат, Жанат, Санат, Манат, Талғат деген балаларыма да бауы
берік болсын айта бер. Мен де сенің ойда жүрген балаларыңа бауы берік болсын айтайын.
Əсем ештеңе түсінбей аң-таң қалып тұр. Аяған тағы да күлді.
– Аяғанның əйелі бар деді ме? Ол кім? Кім айтты, Əсем?
– Зүбайда айтқан...
– Біздің курстағы Зүбайда ма? – Қыз бас изеп, ұялып басын тұқыртты. – Ой, суайт-ай ! Ой,
Зүбайда-ай! Қатырған екенсің ғой.
Бір курста оқитын Зүбайданың өзіне деген көңілін білетін Аяған оған мүлде ренжіген жоқ.
“Қызғаныш не істетпейді, тəйірі” деді де қойды. Егер Əсем бұрынғысынша мойнына құрық
түспеген шу асаудай жанына жолатпай туласа, бəлкім, Зүбайдамен басқаша сөйлесер ме еді, кім
білсін. Əсем тулаған да, шулаған да жоқ. Аяғанның ағынан жарылып айтқан сөзін ұйып
тыңдады, оған сенді. Жігіт сол жолы Əсемнің өзіне деген ниет, пейілін танығандай болып еді.
Қыз Аяған туралы естіген хабарының өтірік болып шыққанына шын қуанған, жүрегі


жарылардай қуанған.
Осыдан кейін екі арадағы шекара ашылып, біріне бірі адастырмай алып келетін жол салынды.
Сол жол арқылы екеуінің тағдырының қосылуына себепкер болды.
Бірге өткізген өмірлері тəтті болды, ащымен былғанған жоқ. Өмірге келген үш бала екеуінің
бір-біріне деген сүйіспеншілігін күшейте түсті. Аяған “жалғанда теңі жоқ жарын” алақанына
салып аялады, бір рет те көңілін қалдырған емес.
Əсем есті, ақылды. Ата-енесінің көңілін тез тапты. Жалғыз ұлдың тілеуін тілеп, оны тозбай, аты
озбай ел қатарлы өмір сүріп келе жатқан Қуат қарияның шаңырағына Əсем құт болып кірді.
Бір кесе шайды жалғыз ұлдың атын аузына алмай ішпейтін шал мен кемпір “құдай айдап
əкелген” келіннің қабағына қарады, жайылып жастық, иіліп төсек болуға тырысты. Көп жылдар
бойы келін түсіріп, қатарға қосылсақ, немере сүйсек деп армандаған екі кəрінің бақыттан басы
айналған. Жеті атасынан қаракөк болмағанмен тиындап жинаған азын-аулақ қорын аяған жоқ,
“жиған-тергенім жалғыз баланың басынан садақа” деп бүкіл ауылды шақырып, екі күн той
жасады.
Тойдан кейін Аяған Алматыға кетті де, Əсем ата-енесінің жанында қалған. Ана мейіріміне
қанбай, ананың жылы сөзін естімей өскен Əсем іші-бауырына кіріп, айналып-толғанып өліп
қала жаздайтын енесіне тез бауыр басты. Келін бола тұра туған анасындай мойнына асылып
еркелейді, күні бойы жанынан шықпайды, енесінің аузынан шыққан сөзді қалт еткізбей қағып
алып, лез-демде тындырып тастайды.
Əсем дегенде Қуат қарияның көңілі көлдария. Қашан болсын айналып, толғанып жүреді,
“қозым” дейді, “құлыным” дейді. “Жарығым” дейді. “Күнім” дейді. Əйтеуір не керек, ең жақсы
сөзінің барлығы Əсемге арналады. Аузынан бір де бір рет келін деген сөз шыққан емес.
Елжас дүниеге келгеннен кейін Əсем бір жарым жыл ауылда болған. Олжас пен Бибіні босанған
соң да бір жыл, жарым жыл ата-енесінің қолында тұрды. Ол кісілерге бауыр басып қалғаны
соншалық, ата-енесін аузынан тастамай жүрегі елжіреп, езіліп тұрады. Қашан болсын ауылды
аңсап, аңсары ауып отырады. Көңілі жабырқап, жанын мұң басқанда “ауылға, атам мен апамның
жанына кетейікші” дейді. Ата-енесінің жанында жүрсе ешқашан таршылық, тапшылық
көрмейтіндігіне, қай сөзім, қай ісім ұнамай қалар екен деп кім көрінгеннің бетіне
жаутаңдамайтынына көзі əбден жеткен тəрізді. Қаланың беймаза тіршілігі, бір пəтерден
екіншісіне көшіп-қону үй иесінің қабағын аңдып, жалған сыпайыгершілік жасап, өтірік күліп,
өтірік сөйлеу, өтірік сыйлау Əсемді əбден шаршатқанын Аяған біледі. Бұл тіршілік “шықпа
жаным, шықпа” деп ілдалдалап əрең жүрген Əсем түгіл Аяғанды да қажытты. Үйленгелі бері
бұл қалада Аяған алақан жайын бармаған орыс пен татардың, түріне қарап ұлтын ажырата
алмайтын əлдекімдердің үйі жоқ та шығар, сірə. Үш бірдей баласын арқалап жүрген қазаққа
пəтер табылуы қиямет қиын шаруа. Кезекте тұрғалы қаншама жыл болды, бірақ Аяған сол
орнынан əлі қозғала қойған жоқ. Кезегі кейін, институтты кеше бітіргендер ретін тауып, үй
алып кетіп жатады. “Осыған обал болды-ау. Үш баласы бар, əйелі ауру еді” деп есіркеп,
мүсіркеп жатқан ешкім жоқ. Анда-санда Əсем: “барсаңшы, айтсаңшы, сен кімнен кемсің” деп
қайрап қояды. Ешкімнен кем емес екенін өзі де біледі. Кімге барады? Мұңын кімге шағады?
Аяғанның жанын түсінер, жанашыр болар кім бар? Сондай біреу болса басына іс түскен сəтте
қарап жатпай қам жасамас па еді. Жалғыз сенген адамы Алдияр Ақпанұлының жағдайы анау –


мешел баладай орнынан тұра алмай жатқанына біраз уақыт болды. “Еңбегі сіңген адам еді-ау.
Қал-жағдайы қалай екен дейтін адам бар ма? Ректордың жағасына жармасты деп, бір топ
шəуілдек жабылып жүріп құлатып тынды ақыры. Жағаласқанның жағын сындырмай
тынбайтынын тағы да дəлелдеді. Шындыққа ара түсемін деп шырылдаған мұның жағдайы міне,
жалған жаламен түрмеден бірақ шықты. Ақпанұлы Алдиярдай ғұламаны аямаған ол топ
Аяғанның маңдайынан сипасын ба?! Олардың темір шеңгелінен құтқарып ал деп, шыбын жаны
шырқырап көмекке шындықты шақырған. Бірақ шындық Аяғанға қол ұшын бермеді.
Шындықтың құлағына шырқыраған үнім жетпеген шығар деп ойлаған. Шындықтан күш
кеткенін, оның тым əлсіз екенін кейін түсінді. Үмітін үзбей қаттырақ шыңғырып, дертін айта
бастап еді, ешкім арашалап ала алмайтын жерге алып келіп тыға салды. Күш əлі сол биліктің,
биік мансаптың қолында екен.
Жалғыз жанашыры Əсемнің қолынан не келсін, тəйірі. Оның да ағайын-тумасы жоқ, тұлдыр
жетім. Мəскеуге жазған хатына неге жауап жоқ? Орталық комитет хатшысының қабылдауына
бара алмайды. Мынау тас қабырғаларды талқандап, жарық дүниеге шығуға құдіреті жетпейді.
Жарық дүниеге шығамын дегенше Мақсұт сияқтылар түбіне жетіп тынар. Оның ішіне қан қатып
қалыпты. Баяғының барлығын ұмыта алмай жүр екен. Одан аяушылық күту қате. Мақсұт
сияқтылар атса – оқ, шапса – қылыш. Ондайларға ақыл-парасат күлкі болып па, тəйірі. Қай
заманда да орындаушыға ақыл кедергі жасаған. Адамның тағдырын Мақсұт сияқтылардың
қолына тапсырған соң бұл дүниеден не үміт, не қайыр?! Халықтың басына қиын заман туғанда
сондайлардың бағы артып, жұлдызы жанады. Ел-жұрттың сорына туатын қаншелектер қай
заманда да аз болмапты ғой. Ел аман, жұрт тынышта бетегеден биік, жусаннан аласа блоып
бұғып жүретін сүмелектер қиыншылықта шегірткедей қаптап кетеді екен. Отыз жетінің
зобалаңында солардың құдайы берді, халықтың ары мен абыройына айналған асыл азаматтардан
өштерін аяусыз алды, аянбады, аямады. Сəкендердің тісін түгендеп, жағын омырған да Мақсұт
сияқтылар емегенде кім?! Бейімбет, Ілиястардың азаптанғанын көріп, айызы қанған шығар
олардың. Мағжанның, Ахметтің, Шəкəрімнің, Тұрардың аруағы бекер жібере ме екен оларды!?
Мемлекет басында Ленин отырған заманда сыртқы жаулармен жəне ел ішіндегі қанқұйлы
қарақшылармен күрескен мекеменің алмас қылышы Сталин дəуірінде халықтың ары, ұяты,
абыройы, мақтанышы есепті асыл азаматтардың төбесінде жалаңдады ғой. Алмас қылыш
халықтың ар, ұятын аяусыз тілгіледі... Жүзінен қан тамшылаған сол қылыш əлі мұқалған жоқ-
ау, сірə. Ол əлі өткір. Өткір қылыш Мақсұттың қолында...
Аяған өз ойынан өзі шошыды. Мойнына тастай суық су құйып жібергендей денесі қорқыныштан
дүр ете қалды. Оқыстан соққан қорқынышты ойдың əсерінен арылу үшін орнынан тұрып,
денешынықтыру жаттығуларын жасауға кірісті. Бүкіл денесін жаулап алған қорқыныштан
құтылу оңайға түспеді. Қыр желкесінде алмас қылышын жарқ-жұрт еткізіп Мақсұт тұрғандай
аракідік шошына жалт қарайды немесе басын қорғаштап, ытырылып екінші бұрышқа секіреді.
Артынша бұл қылығына өлердей намыстанып, өзін-өзі сөгеді.
“Ноқталы басқа бір өлім”. Соншама шошынғаны несі, тəйірі?! Тек Аяған ғана емес, бүкіл халық
қосүрей. Қоғамда болып жатқан былық пен шылықты көре тұра, іштері қыз-қыз қайнап, ызаға
булыққанмен үндемейді бұл жұрт. Үндесе үйдей пəлеге жолығарын біліп болғалы қашан.
Төбесінде алмас қылыштың жалаңдағанын кім қаласын. Ой-қиялы бүкіл ғаламды шарлаған,
білім-парасаты кемел кісінің еркін ойлап, еркін сөйлеуіне, пікірін қысылмай, қымтырылмай
айтуына ерік берілген. Солай екен-ау деп алданып қалған алаңғасар “ғұлама” өзінің мықтап
қателескенін сүрінген сəтте білер. Білер де бармағын шайнар. Сондай бір ғұлама бір жылдан


бері орнынан тұра алмай, бармағын шайнап жатыр.
Адамдар неге біркелкі ойлауға тиіс! Адам робот емес қой. Ойды шектеу, ойға тұсау салу деген
не сұмдық! Даму деген дұрыс пен бұрыстың күресі, қым-қиғаш қайшылық емес пе?!
Бойын ашу кернеген Аяған көзін шарт жұмып, бөлменің қақ ортасында шалқайып ұзақ тұрды.
Миын шырмап алып, жүйкесін жұқартқан биқисап ойды қашырғысы келді. Қап-қара бұлттай
тұтасқан қалың ой бірақ ыдырамады. Ешқандай іспен айналыспай қамалып жападан жалғыз
жатқан адамды түбі жоқ ойдың қай құрдымға құлатарын Аяған сезеді. Төбеге қарап, əрекетсіз
жата беруге болмайды екен. Міртемір келсе немесе кешегі жасыл көз сары жігіт келсе өтініш
жасамақшы. Жанына адам келсе, серік табылса жеңілдеу болар еді. Шаруасы бір жақты
болғанша тергеу камерасынан басқа жаққа көшірмейтіні белгілі. Мынандай “қой үстіне
бозторғай жұмыртқалаған” заманда Аяған сияқты ашық күнде адасып, ішпей сөзінен жаңылып,
үкіметке қарсы сөйлеген адам табыла қояр ма екен, сірə? Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің
түрмесінде жалғыз өзі жатпасын. Өзі сияқты жаламен қолға түскен алаңғасар біреу болмаса,
көңілі шын бұзылған, пейілі пасық, жүрегіне қан қатқан пенде итпен іздесең де таптырмас.
Мынандай ит басына іркіт төгілген заманда осындай елде тұрып, оған қастық ойлау, қараниет
қарау болу дені сау адамның ісі емес-ау, сірə.
“Балаң үкіметке қарсы болып, қолға түсіпті, түрмеде жатыр” деген жаманат хабарды естісе əке-
шешесі қандай күйге түсер екен? Жалғыз ұлдың тілеуін тілеп “Аяғанымның жолын оңғара гөр”
деп жаратқанға жалбарынған екі кəрі зілбатпан қайғыны көтеріп, жер басып жүре алар ма екен
енді?! Əсіресе байғұс анасына ауыр. Жалғызынан уақтылы хат келмей қалса ұйқысы бұзылып,
ауырып қалатын кейуананың мынандай сұмдық хабарды естігенде қандай күйге түсерін кім
білсін. Табанын тіліп, тұз сепсе де шыдар. Аяғанының басы ауырса қу жаны қуырдақ болатын
бейшара “жалғызының” қазіргі жағдайын естісе шыдай алмас.
Əкесіне де оңай тимес жаманат хабар. Қабырғасын бір-бірлеп сөксе де шыдап беретін итжанды
шал үшін жалғыз ұлдың жаманатқа ілінуінен өткен қасірет жоқ. “Бұл жай жаманат емес,
əулеттің сүйегіне түскен таңба” дейді əкесі. Кеңес үкіметі, партия десе ойланбай отқа түсіп
кететін шал ұлының кінəлі екендігіне көзі жетсе “ол бір шіріген жұмыртқа” деп қолды бір
сілтеп, теріс айналып кетуден тайынбайды. Шалдың ұғымынша, құдайға қарсы шығуға, оның
атына артық сөз айтуға болады, ал партияға тіл тигізуден асқан күнə жоқ. “Партияның
арқасында аман қалдық, адам болдық. Партияның арқасында жер басып жүрміз” дейді.
“Халықтардың күн көсемі” болған адамның ақылын – азық, сөзін сусын етіп өскен ұрпақ
тəртіпке үйренген. Олар ешқашан беттен алмайды, төске шаппайды. Үкімет пен партияның
əрбір сөзі олар үшін бұлжымас заң. Ол дұрыс па, бұрыс па, бұл мəселеге ешқайсысы бас
ауыртпайды. Үкімет пен партияға сенгені сонша – жоғарыдан берілген нұсқаудың бұрыстығын
қу көңіл сезіп тұрса да, қарсыласпай томпаңдап жүгіруді ғана біледі ол ұрпақ. Əкесінің сол
орындаушы топтың бел ортасында жүргенін, жүре беретінін Аяған өте жақсы біледі.
Жалғыз ұлдың түрмеге түскенін естісе, Алматыға шауып келер, бəлкім. Əлде құса болып,
шықпай жатып алар ма екен?
Осындай сан қилы ойлар келіп, Аяған əбден қиналды. Өмір бойы тапқанын жалғыз ұлдың үстіне
жауып, аузына тосып, соның ғана тілеуін тілеп, тəубасын ауыздан тастамай тіршілік еткен ата-
анасы есіне түссе сұмдық күйзеледі. Осындай сəтте Аяған тығырықтан шығар жол іздеп


шаршайды. Балалары есіне түссе жаны одан сайын дызығады. Сотталса олардың азып-тозып
кетерін ойлап, іштей өксиді.
Əсем сырқат. Қазір жұмыста жоқ. Пəтер жалдап тұрады. Ол бейшара үш баламен қайда, кімге
сияды? Ата-ана қартайды, бір күн ауру, бір күн сау, “шықпа жаным, шықпалап” ілдалдалап
сүйретіліп жүрген шығар. Екі кəрі бір сиыр, азын-аулақ ұсақ мал мен аз ғана пенсияға қарап
отыр. Үш немересі мен келіні келем десе қуаныштан есі шығып кетер еді екеуінің.
Аяғанның мейірімге қаталаған жүрегіне нұр себелеп, көңілі босады. Артында асқар таудай
болып ата-анасының тұрғанына қуанды, бала-шағасының қаңғырып далада қалмайтындығына
тəуба деді.
Əке мен шешені жалғыз ұлдың қайғысы-ақ алысқа ұзатпай алып тынар. “Жаным арымның
садақасы” деп ғұмыр кешкен екі кəріге бұдан өткен қайғы, бұдан ауыр қасірет бола ма, сірə?!
Түкке тұрмайтын істі дабырайтып, даурығып жүретін ауылдың белсенділерінің құлағына Аяған
Қуатовтың қамалғаны хақындағы хабар тисе бүкіл елді дүрліктірер. Қуат қарияны қайта-қайта
бастауыш партия ұйымына шақырып, жалғыз баланы дұрыс тəрбиелей алмағаны үшін жерден
алып, жерге салар, партиялық сөгіс беруі де мүмкін. Шаш ал десе бас алатын парторгтан
мұндай сорақылық та шығады. “Балаң шпион” деп əкесін көзге шұқыр. Басына ауыр салмақ,
қиямет қиыншылық туғанда да намысын ту етіп көтерген шал үшін бұдан өткен қорлық бола
ма?! Бұл – өлім...
Маңдайынан шертпей, əлпештеп өсірген ата-анасына жасаған жақсылығы осы ма? “Жалғызым
аман-есен болса бізді ұшпаққа алып шығады” дейтін анасы. Алып шықты ұшпаққа.
Жаны дызығып, ерсілі-қарсылы адымдап жүрген Аяғанның көңілі сөгілді. “Мен ақпын.
Шындыққа жетпей тоқтамаймын. Ақ иіліп сынбайды” деп өзіне өзі дем беріп, өзін өзі қайрап
жүретін Аяған ата-анасын ойлап, кəдімгідей жасып қалды. Өзіне-өзі ренжіді, өзін-өзі сөкті.
“Неге қана тыныш жүрмедім? Ауғанстанда нем бар? Өлер іні өлді. Құдайдың маңдайына
жазғаны сол шығар. Қанша жерден шырылдағанмен ол тіріліп келмейді. Алдияр Ақпанұлын
қорғап нем бар еді? Ол өмір бойы жеңілістен көз ашпаған адам. Бұл жолы да ректордың бір
сілкігенінен қалмай мұрттай ұшты. Мафияға күшінің жетпесін біле тұра пілге айбат көрсеткен
кəнден күшікте шəуілдеді. Олардың бір-бірімен жең ұшынан жалғасып жатқанын білмей қара
басса бір жөн. Олардың тамырының тым тереңге кеткенін білуші еді ғой. Оларды түп
тамырымен қопарып тастай алатын адам ғана толық жеңіске жетеді. Ондай күш Алдияр
Ақпанұлына қайдан бітсін. Ондай күш бұған, Жақияның бір шерткеніне жарамай жалпасынан
құлайтын Аяғанға, қаңбаққа күлкі болып па?! Бүкіл бір ғылымның мақтанышы есепті Алдияр
Ақпанұлы олармен жағаласуға жарамай жалп етіп құлағанда қаңбақтай болған Аяған Қуатов
кімге, неге сенді? Əділетсіздіктің жап-жалпақ табанының астында қалатынын біле тұра
жанталасқаны қай сасқаны?! Əділетсіздік деген шынжыр табанды трактор. Ол таптап жүре
береді. Өзіме де сол керек”.
Аяғанның ойын тықыр бөлді. Есік ашылып, камераға Міртемір кірді. Аш ойдың талауынан
қалай құтыларын білмей аласұрған Аяған оның жүзіне күдіктене қарады.
– Сіздің үйге барып келдік,– деді ол күлімсіреп. – Балаларыңыз сүйкімді екен. Балаларыңыз
аман-есен.


Бала-шағасының хабарын естігенмен көңілін құрсаған күдік тарқай қоймады. Балалардың,
Əсемнің қал-жағдайын тəптіштеп сұрағысы келген, Міртемірдің езуіндегі күлкіні көріп, ит
мінезі ұстап, аяқ астынан қырсықты да қалды.
– Хадиша деген қарындаспен сөйлестім,– деді Міртемір ақырын ғана күрсініп. Аяған жалт
бұрылды. Бір сұмдықты сезгендей жүрегі тыпырлап келіп, алқымына тығылды. – Жұбайыңыз
ауруханаға түсіп қалыпты. Жеңіл-желпі сырқат болу керек, сірə.
– Мені босат,– деді Аяған жалынғандай болып. Міртемір үнсіз бас шайқады. – Əйелімнің қал-
жағдайын біліп келейін. Ол көптен бері ауырып жүр еді.
– Сізді босату менің қолымнан келмейді. Бастыққа айтып көрейін.
Міртемір ұмытқанын есіне түсіргісі келгендей қабағын шытып, ойланып қалды. Қырынан
қарағанда əлдекімге ұқсайтын сияқты. Енді есіне түсті, Міртемірдің түрі қазақ болып кеткен
атақты тіл маманына келеді екен. Ол бəйгеге қосатын жүйріктей қызылаш болып, үнемі жарап
кісі. Сол адамға қарын байланғанын, ептеп болса да ет алғанын көрмепті. Басқалар елуге ілінер
ілінбестен босап, болбырап, қарнын əрең көтеріп, ырсылдап жүреді. Ал тіл білімінің үлкен
маманы əрқашан бірқалыпты, жасының егде тартқанына қарамай жүрісі жеңіл, аяғының кемдігі
болмаса жүгіріп кететіндей көрінеді Аяғанға.
– Сізді босата қоярына сенбеймін,– деді Міртемір оған тік қарап. – Үйіңізден бірнеше кітап,
əртүрлі қағаздар табылды.
Аяған жігіттің жүзіне қарап күлді.
– Жақсы болыпты.
– Күлетіндей жағдайыңыз жоқ, жолдас Қуатов,– деді ол түсін суытып. – Брежневтің
карикатурасын салу деген саяси қылмыс деп бағаланады. Пастернактың “Доктор Живаго”
романының Парижде басылған нұсқасын қайдан алдыңыз деп сұрайды. Солженицынның
ротопринтке басылған “Ракоый корпус” романы да сөз болады. Бұрынғыларға мыналар
қосылғанда сіз көтере алмастай айыпқа айналады ғой.
Айған сөйлей алмай булықты.


13
– Алмас, сені декан шақырып жатыр. Тез бар!
Үстіне мұздай су шашып жібергендей денесі дүр ете қалды. “Анау күнгі мəселеге байланысты
ма, жоқ əлде, Орталық партия комитетіне жазған хатқа бола шақырды ма екен?” Алмастың
көңілін күдік кеуледі. Асықпай киініп, екі ойлы болып сыртқа шықты. Өзіне салса деканға
барғысы жоқ, оны ешкімге əл бермейтін əлеуетті күш сүйреп келеді.
Алмасты соңғы уақытта үрей айналдырып жүр. Əсіресе Аяған қамалып, оның пəтеріне тінту
жүргелі бері тым күдікшіл. Көшеде келе жатып өз өзінен үрейленіп, жан-жағына жалтаңдайды
немесе аяқ астынан селк етіп, жүрегі алқымына тығылады. Ұйқысы бұзыла беретін əдет
жабысты. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері түннің бір уағында келіп, алып
кететін сияқты үнемі үрейдің сұп-суық құшағында жатады. Осындайда бірге оқитын
студенттерді ұйымдастырып, Орталық партия комитетіне хат жазғанына өлердей өкініп, ішін ит
тырнағандай қиналады. “Сол хатты қайтып алсақ” деген ойға да келген. Бірақ курстастарымен
ашық сөйлесуге батылы жетпеген. Олардың ондай сатқындыққа бармасын, Аяғанды жанын
салып қорғайтынын біледі. Курстастарына ойын ашық айтса сүйкімінің кетерін сезіп, əліптің
артын күтуге бекінген.
Анау күні Аяғанның пəтеріне барғанына өкінеді. Тінтуге келген екеудің көзіне түсіп қалды.
Төртпақ денелі жалбыр қас танып алайын дегендей ұзақ қарады. Өзінің түсі де суық екен.
Көңіліне қара шаппаса, бөтен пиғылы болмай неге тесілді? Ертең Аяғанға қосақтап, қосақ
арасына қосып жіберуі де мүмкін. Дүниеде адал адамға күйе жағып, күйдіре салудан оңай не
бар?!
Алмастың жаны шырқырап, мұрнының ұшына келді. Ойнақтап жүріп от басқанына күйініп,
кереметтей күйзелді. Үрейдің зілбатпан салмағынан еңсесі басылып, деканның бөлмесіне имене
басып кірді.
– Жоғары шық, Алмас,– деп Жақия оны жылы қарсы алды. Қолтықтап төрге шығарды. – Сенімен
ақылдасатын жұмыс бар еді.
Кінəсін мойындағандай басын тұқшитып, үн-түнсіз отыр. Жақияны бұған дейін жек көргеніне,
Аяғанның сөзіне еріп, оған сыртынан дөңайбат көрсетіп, ғайбат сөздер айтқанын өлердей
өкініп, күйзеліп жүргеніне біраз болды. Онымен кездессе ұрлық жасаған адамдай өз-өзінен
қуыстанып, қызарақтай бастайды. Шамасы келсе кезікпеуге тырысады, қашып жүреді.
Алмастың осынысын біле ме, Жақия оны əдейі іздейді жəне асты-үстіне түсіп, тіл ұшымен бар
жақсылықты үйіп-төгіп, майлы ішекке айналдырады. Мұндай сəтте Алмастың ұяттан беті
өртеніп, жерге кіріп кете жаздайды.
Міне, қазір де сондай күйге түсіп отыр. Жақияның екі көзі Алмаста, езуіне жұқалап жаққан
сұйқылт бояудай болар-болмас жымысқы күлкі ұялаған.
Қаңтар айының жиырмасы мен жиырма сегізінің аралығында Ленинградта студенттердің
бүкілодақтық ғылыми конференциясы өтеді екен,– деді Жақия ежелгі əдетімен көзін
сығырайтып, Алмасқа тесіле ұзақ қарады. Жігіт өз-өзінен қысылып, мұрнының үсті тершіп,


қипақтап отыр. Мына отырысына қарағанда, беті қайтқан, кінəсін мойындаған адам сияқты.
Жақияның кісінің ішіндегісін біле қоятын əккі көзі осыны аңғарды. – Сол конференцияға сенен
басқа лайықты адам таба алмай отырмыз, Алмасжан. Институттың намысын өзің сияқты сенімді
жігіттер қорғамаса, бəлдір-батпақ балалар ұятқа қалдырады.
Алмастың екі беті шапалақ тигендей дуылдап, одан сайын қызарды. Қысылғаны соншалық,
міңгірлеп бірнəрселерді айтқан болады, онысын Жақия түгіл өзі де түсінбейді. Сасқаны ма,
ыржалақтап күле бастады.
“Осындай тамаша адамның қадырын білмеген менде ұят жоқ. Кішкентай ғана ақылым болса
осындай адам туралы жаман сөз айтар ма едім. Тарих факультетінде кілең беске оқитын,
ғылыммен айналысып жүргендер аз емес еді ғой. Əкемнен көрмеген жақсылықты Жақия ағай
жасап отыр. Əй, осы мені ұрып өлтіретін адам жоқ”.
Алмас бүрісіп, кішірейе түсті. Деканға жасқана қарап қойды. Əншейінде қабағынан қар жауып,
кісі баласын беттетпейтін деканның түсі соншалық жылы болып көрінді.
– Осы бастан тақырып таңдап, жан-жақты дайындалу керек,– деді декан Алмастың келісімін
күтпестен. Оның абдырап отырғанын сезіп, тізгінді өз қолына алды. – Екінші мəселе, менің
кандидатураң жөнінде Мұса Байларовпен келістім. Сен студенттік кеңестің төрағасы боласың.
Кешкілік кеңес мүшелерін жинап, əңгіме өткіземіз. Өзім барамын. Тəртіпті қолға алу керек,
Алмасжан. Студенттер бетімен кетті. Масханаға түсіп қалып, артынан қағаз келіп жатқандар
көп. Оларды алдымен жатақханадан шығару керек. Өзіңді Мұсекеңнің оң қолымын деп есепте
де, еркін қимылда. Студенттердің арасында теріс ойлы, пиғылы бөтен жастар бар деп естиміз.
Мемлекетке, партияға қарсы адамдардың ықпалына түскен бір тобы Орталық комитетке хат
жазыпты. – Жақия ештеңе білмейтін кісідей Алмасқа көз қиығын тастады. Ол мойнын ішіне
алып, бір уыс болып бүрісе түсті. Жүзі сұрланып, екі қолын уқалап, берекесі қашып отыр. –
Теріс жолға түскен студенттер өсе келе үкіметтің, партияның жауына айналады. Оларды өз
ортамызға қайтарып, тəрбиелеуіміз керек. Олар əлі жас, ештеңенің парқын білмейді.
Қыздырманың қызыл тіліне ілесіп, адасып жүр. Аяған сыртқы антисоветчиктердің негізгі
мақсаты – жастарды теріс жолға салу, сол арқылы Советтік Отанымыздың тамырына балта
шабу. Ал біз ондайларға жол бере алмаймыз. Солай емес пе, Алмас?
– Иə,– деп міңгірледі жігіт. – Солай, аға...
– Ендеше, айналайын, біз бірігіп, тізе қосып, Алдияр, Аяған сияқты пиғылы теріс адамдарға
қарсы күресуіміз керек. Ең бастысы – біздің болашағымыз, социалистік құрылыстың тірегі,
социалистік қоғамның капиталы деп есептелінетін жастарымызды Алдияр, Аяған сияқты
антилердің ықпалына бермеуіміз керек. Алдияр Ақпанұлы сыртқы ұлтшыл-демократ есін енді
жинап, қатарға енді қосылған қазақ елін орға жығады. Халықты ұшпаққа шығармайтын
шындықтың бізге керегі жоқ. Сондықтан Алдияр Ақпанұлының ғұлама, данышпан жасауға
тырысудың қажеті жоқ. Ал Аяған Қуатов нағыз антисоветчиктің өзі. Ол өзің сияқты үлгілі
студенттердің бірі еді. Антилердің ықпалына түсіп адасты,– деп Жақия шабыттана сөйледі.
Байқап отыр, сөзі алмасқа əжептəуір əсер еткен тəрізді. “Мұрынбоқ бала! Кімнің жағасына
жармасуды білмей не қара басты сені?! Бейшара, қоңыз теріп кетерсің” деп кіжінді Алмастан
көзін алмай отырған Жақия.
– Аға,– деді əлденуақыттан кейін Алмас оның бетіне жасқана қарап. Студкеңестің


төрағалығынан бас тартқалы отыр деп ойлады ма, Жақия орнынан тұрып, жігіттің арқасынан
қақты.
– Кешке жатақханада жолығармыз. Ал, Алмасжан, іске сəт! – деп қолын ұсынды. Екеуі
қоштасты. Алмас иығы сөлбірейіп сыртқа беттеді, есіктің тұтқасын ұстап, шығар-шықпасын
білмегендей кідіріп қалды. Жақияның өзінен көз алмай отырғанын сезіп жауырын терлеп кетті.
– Аға,– деді ол, Жақияға бұрылып, жасқана тіл қатты. – Хат жазғандарың арасында мен де
бармын.
Жақия күтпеген əңгіме естігендей қасақана таң қалған рай танытып, Алмасқа қадала қарап,
үнсіз отырып қалды. Үкім күткендей басы салбырап, иығы сөлбірейіп, сілейіп Алмас тұр.
– Ой, жолың болғыр! – деді біраздан кейін декан күйіне сөйлеп. – Арандап қала жаздапсың ғой.
Ту-у, қандай ақылсыз едің!.. Бұған дейін неге айтпадың? Əй, баламысың деген... Сенен басқа
кімдер бар? – Хатқа қол қойған студенттерді түгел біле тұра əдейі сұрады. – Қаңтарбаев бар
шығар. Əй, оны қойшы! Санақта бар, санатта жоқ біреу. Елемесов ше?
– Бар...
– Ой, ол сығыр байлап бақсаң да мал болмайды. Оларға сен қалай қосылып кетіп жүрсің?
– Білмеймін...
– Бетке ұстап жүрген студентіміз анти болып шықса бізді арқамыздан қақпас. Бəрінен бұрын,
шырағым-ау, сенің өмірің бұзылады ғой,– деп Жақия бұған дейін талай студентке сан қайталап
айтқан сөзін зуылдатты.
– Кешіріңіз, аға...
– Ой, мені қойшы. “Адам өз қолын өзі кеспейді” демекші, мен сенен кете алмаймын. О-о-н-о-
лар кешірер ме екен?– деп сұқ саусағын шошайтып, төбені нұсқады. “Онолардың” кім екенін
Алмас бірден түсінді. – Кешірімді солардан сұрау керек.
Алмас басы салбырап, мұрнын пыс-пыс тартып, қимыл-қыбырсыз тұр. Жақияның аузынан
шыққан сөзді қалт еткізбей орындауға бейім. Қайткенде де оның алдындағы айыбын жуып,
ақталсам деген ойы бар. Тұйықтан шығар жол бар ма, жоқ па? Ол жолды Жақиядан басқа
ешкімнің де білмеуі мүмкін. Алмас оған анда-санда көз астынан ұрлана қарап қояды.
Көмейдегі көмескіні танығыш Жақия студенттің қандай күйге түскенін, ой-ниетін аңғарды.
Алмас бəріне дайын. Тек дұрыстап тапсырма бер, ол жанын салып орындайды. Оған жеке
басының амандығы, сонан соң абыройы керек. Алмас көп нəрседен дəмелі.
“Шірік! Мұндайларды сатып алу да, сатылып кетуі де оңай” деп ойлады жымсия күліп отырған
Жақия.
– Ой, шырағым-ай, балалықпен арандап қала жаздағаныңды қарашы. Орталық комитетке
“жаздым, жаңылдым, Қуатовтың алдауына түсіп қалдым. Арызды Қуатовтың өзі жазып, бізге
қол қойдырды” деп түсініктеме жаз. Алдын алмасақ кешігеміз, шырағым,– деп тартпасынан


қалам-қағаз алып, жігітке ұсынды. Мұнда отыра қал да жаз.
Алмас декан нұсқаған орынға отырып оның аузынан шыққан сөздің бəрін қалдырмай жазып,
қол қойды. Жақия қағазды алып, асықпай оқып шықты, сонан соң сейфке апарып салды. Алмас
деканға жасқана қараған. Ол кісі тесіле қарап, жымсия күліп тұр екен. Жақия өзін мазақтап
күліп тұрғандай болып көрінді жігітке. Бірақ көзі көріп тұрған шындыққа көңілі сенбеді. Ол
Жақияның жұмбақ күлкісінің мəнін түсінбеді мүлде.
– Хатқа қол қойған ақмақ балаларға түсіндіріп айт,– деді декан қабақ шытып. Дауысы ызғарлы,
түсі де əпсəтте өзгеріп шыға келген. – Оқудан қуылып кеткісі келмесе түсініктеме жазсын. Бара
бер, кешке кездесеміз.
Алмас деканның бөлмесінен екіұдай күйге түсіп, көңілі қобалжып шықты. Су жаңа киіміне
жуып кетіре алмастай дақ түскен сияқты. Жақияның алдында ауыз аша алмай абдырап, бейшара
күйге түскеніне күйінді. Қара басының қамы үшін ұрланып барып Аяғанға, бүкіл курсына
топырақ шашқанын ойлап, екі беті дуылдады. Жатақханаға қарай аяңдап келе жатып өзін өзі
ақтауға тырысты. “Жұртты шатастырған” Аяған Қуатовты кінəлады. Бірақ көңіліндегі мұз
ерімеді.


14
Асылхан мен Ақбота кинодан шыққаннан кейін тамақтанбақ болып “Арман” кафесіне келген,
бос орын табылмай жаяулап “Алматы” ресторанына тартты. Мұнда да қаптаған адам, залдың іші
көк түтін. Асылхан қызды жалғыз қалдырып, үлкен залды аралап, орын іздеп кеткен, көп ұзамай
қайтып оралды.
– Екі орынды əрең таптым, Бота,– деді жігіт езу тартып. Өзі алға түсті, қыз соңына ілесті. Алты
адамға арналған столда төрт жігіт отыр екен. Біреуі мас, столға етпеттеп жатып, қорылдап
ұйықтап қалған, қалғандары шалабуырыл. Тамақтарын əлдеқашан ішіп болған, бөтелкеде аз ғана
арақ қалыпты.
– Сəлеметсіздер ме!
Жаңа келген екеудің сəлеміне отырғандар сарт мəзірет жасап, немқұрайды бас изесті. Шашын
шалқасынан жатқызып, жылмитып тараған ақсұр өңді жігіттің Ақботаға телміріп қарағанын
Асылхан ұнатпады. Жасы кіші болған соң ауыл баласының əдетіне бағып, əдеп сақтады.
Темекісін бір езуінен екіншісіне алма кезек ауыстырып, өзінен көз алмай отырған жігіттің сұғы
өңменінен өтіп бара жатқан соң Ақбота жаутаңдап Асылханға қараған.
– Қарындасыңызды танып отырсыз ба? – деп күлді жігіттің назарын өзіне аудармақ ниетпен.
– Почти,– деді ептеп қызып алған жігіт суық жымиып. Ақбота оған жалт қарады. Бірақ таныған
жоқ, мына кісіні өмірінде бірінші рет көріп отыр.
– Почти, деген қазақшаға аударылмайтын шығар,– деп күлді Асылхан.
– Қазіргі студенттер шетінен бай, мейрамханадан шықпайды. Таң қаламын,– деді жігіт
Асылханға менсінбей қарап. Əлденеге қынжылғандай бетін тыржитып, қабағын шытты.
– Əкең завсклад, колхоз бастық немесе завферма болса сен дəл есігіңнің алдынан мейрамхана
салдырып алар едің,– деп қарқылдап күлді мойны мен денесі тұтасып, шектен тыс семіріп,
қарны шығып кеткен қара жігіт. Бүкіл денесі селкілдеп, көзінен жас аққанша күлді.
– Кəке, жұрттың бəрі бізге қарап отыр, – деп тыжырынды ақсұр жігіт темекісінің күлін
қылдырып тірсек рюмкеге қағып. Тартып бітпеген темекісін тарелкаға мыжғылап өшірді де,
орнынан тұрды. Мен қайттым. Қарындас, атыңыз кім?
– Ақбота,– деді қыз жүзі қызарып, қысыла күлімсіреді.
– Мен Сағынжан деген ағаң боламын.
Ақботаның қолын алып ернін тигізді. Қыз қолына шоқ басқандай шошынып, жұлып алды. Жігіт
жымиып күлді де, түнеріп отырған Асылханға көз қиығын тастады.
– Бақытты бол, айнам. Кəке, кеттік!..


Столға етпеттей жатып, қалғып кеткен жолдастарына көңіл аудармастан үш жігіт кетіп қалды.
Оны даяшы келіншек те оятпады. “Үндемеңдер, жата берсін” дегендей Асылханға күле қарап,
сұқ саусағын ерніне апарды.
Қыз бен жігіт алдарына келген тамақты үнсіз отырып қаужады. Мас көршілері оянып кетсе
мазаларын аларын екеуі де сезіп отыр. Анда-санда қыз Асылханның құлағына сыбырлап қояды.
Жігіт оның бір сөзін естіп, бір сөзін естімейді. Үлкен залдың іші у-шу, музыка үні құлақ
жарады, əр-əр тұстан қызып алған адамдардың даурыққан дауысы естіледі. Қисалаңдап билеп
жүрген мастар бастары бұлғаңдап сұлу келіншектерге емінеді. Ол бейшаралар шыр-пыр болып,
“кавалерлерінің” тасасына тығылады. Бастары бұлғаңдағандар өкшелеп қоймайды. Сол сəтте екі
қошқар сүзіседі, араға жұрт түседі. Екі қошқар татуласпақ болып бірін-бірі столға шақырады,
біріне-бірі басып-басып құяды. Бір кезде сұлу бикеш жайына қалып, екі қошқар құшақтасып
кетіп бара жатады. Біраздан кейін ұйықтап жатқан көршілері оянып, басын көтерді де, Асылхан
мен Ақботаға кезек-кезек қарап, аң-таң қалды. Екі көзі қып-қызыл. Сақал-мұрты сапсиып өсіп
кеткен, тісіне щетка тимегелі талай заман болған сияқты, ара-арасы базданып, үстіндегі киімі де
кір. Адам қарайтын түрі қалмапты бейшарада. Ішуге əбден берілген көшенің маскүнемі екендігі
түрінен көрініп тұр.
“Жолдастарының тастап кеткені бекер емес-ау. Сыйлы азамат болса мас күйінде тастап кете ме,
сірə?!”
Ақбота да, Асылхан да осылай ойлады.
– К-к-еш-іріңдер!– деді жігіт тілі икемге əрең келіп. – О-о-олар мені тастап кеткен бе?
Қиналған адамдай қабағын тыржитып басын шайқады. Бірнəрсе айтқысы келді, бірақ ерні
дірілдеп, сөйлей алмай булықты. Қолы қалтырап, қалған арақты рюмкеге құйды.
– М-м-м-а-ған енді бəрібір. Жақында кетемін. Нам та-тарам бари бир...
Тауып айтты деді ме, тарқылдап күліп алды. Қайда кететінін айтқан жоқ. Қалтыраған қолымен
рюмкені əрең ұстап отыр. Рюмкедегі арақты төгіп ала жаздап екінші қолымен демеп жатып
əрең ішті, сонан кейін өзіне өзі келіп, қарсы алдындағы екеуді танып алайын дегендей тесіле
қарады.
– Кетейікші,– деді қыз Асылханның құлағына сыбырлап.
– Мен сендерге кедергі жасамаймын. М-мен залалсыз адаммын,– деді бейтаныс жігіт, көзінің
астымен Асылханға сүзіле қарап. – Қалған арағымды ішемін де, қарамды батырамын.
– Отыра беріңіз. Сіз бізге кедергі жасаған жоқсыз,– деді Асылхан жымиып.
– Сендер маған мүлде назар аудармай сөйлесе беріңдер. Мен ештеңе естімеймін.
– Біздің мемлекеттік құпиямыз жоқ. Біз барлық жерде ашық сөйлесе береміз.
Бейтаныс жігіт Асылханның жауабына разы болғандай тарқ-тарқ күліп, қалтыраған қолын
ұсынды.


– Менің атым Сыздық, фамилиям Ақпанов. Ақпанов! Знаменитость!..
Тағы да тарқ-тарқ күліп, кетіп қалған үшеуден қалған темекі тұқылып тұтатып тартты.
Асылханның есіне Аяғанның “профессор Алдиыр Ақпанұлының ішіп кеткен баласы бар” деген
сөзі түсті. “Мынау сол емес пе екен?” Танымайтын адамына мұндай сұрақ беруді ыңғайсыз
көрді.
– Мені тастап кеткендер қазақ халқының тарихын зерттеп жүрген шалапайлар,– деді Сыздық
көк түтінді құмыға жұтып. – Біреуі деканның орынбасары. Біреуі ассисент. Біреуі аспирант. Ал
мен... Ал мен маскүнем...
Сыздық көкірегі қарс айрылардай терең күрсінді де, өшін темекіден алғысы келгендей көк
түтінді будақтатып, үсті-үстіне сорды. Мына жігіттің басқа емес, дəл сол атақты тарихшы
Алдияр Ақпанұлының жалғыз ұлы екендігіне Асылханның күмəні қалмады. Атағы жер жарған
профессор Ақпанұлы дəуірлеп тұрған заманда оның жалғыз ұлын төңіректеп, онымен дос
болуға тырысқан дəмегөйлердің көп болғанын Асылхан сезеді. Бүгін сол ұл ешкімге керек емес.
Кешегі достары реті келіп қалса жүз грамм алып берер, оны бұрынғыдай сыйлап,
қадірлемейтіндігіне Асылханның мүлде күмəні жоқ. Жаңағы үш жігіттің бір кезде Сыздықпен
дос болуға тырысқаны рас шығар. Ал қазір олар мүйізі қарағайдай ғалым, жақсы қызметтері бар.
Əкенің дəулетінің арқасында шалқып жүріп, бəрінен құр қалған Сыздық сияқты бір мысқал
пайдасы жоқ пақырды қайтсін.
– Олар мені менсінбейді,– деп шынын айтты ол. Қолы қалтырап алдында тұрған бөтелкені əрең
ұстады, рюмкеге арақ құйып, сіміріп ішті. Сонан соң алқына дем алып, көзін шарт жұмып алып,
үн-түнсіз отырып қалды. Екі самайынан сала-сала болып тер сорғалады. Бірдеңеден сезіктенді
ме, Ақбота кеткісі келіп тықырши бастады, Асылхан иығынан басып, “сəл кідіре тұрайық” деп
құлағына сыбырлады.
– Сіз профессор Алдияр Ақпанұлының баласы емессіз бе?
Мүлгіп отырған жігіт көзін ашып алып, Асылханға жалт қарады. Жігіт оның көзінен жылт еткен
сəулені байқап қалды.
– Сен тарих факультетінде оқисың. – Білдім,– деді қуана дауыстап. – Сен мені тастап кетпейсің.
Өйткені сен əлі қулық-сұмдықты білмейсің, əлгілер сияқты есеппен өмір сүрмейсің. Сондықтан
оларды суқаным сүймейді. Олар мафия!.. Ал сен əлі басталмаған дəптерсің. Сен үшін Алдияр
Ақпанұлы үлкен ғұлама. Сен оған табынасың. Ал мен... Сенің алдыңда мас болып отырған
Сыздық деген пақыр, к сожалению, сол кісінің жалғыз ұлы...
Ішіп алғандікі ме, жоқ əлде, əдеті ме қалшылдап, аузы көпіріп, айқайға басты. Оған назар
аударып жатқан ешкім жоқ, мейрамхана жабылатын уақыт болып қалғандықтан ба, көпшілік
қызған, əркім өз айқайымен, өз шуымен мəре-сəре.
– Оларды жек көрсеңіз неге бірге жүресіз? – деп Асылхан қалған арақты рюмкеге сарқып құйып.
Сыздық тарқ-тарқ күлді.
– Маған жүз грамды сен алып беріп тұрасың ба? – деп ежірейе қарады. – Олар мені қумайды.
Кейде өздері шақырады. Маған көп керегі жоқ. Мен сен сияқты адам таңдамаймын. Сондықтан


менде дос көп.
– Жаңағылар да дос па?
– Дос? – Сыздық столды қойып қалды, ішіліп біткен бөтелке сəл секіріп, құлап түсті. – Олар
менің əкемді, Алдияр Ақпанұлын сатып кеткен. Олар біздің шалдың арқасында адам болған.
Кейін ананың, əлгінің... Фу, иттің атын ұмыттым. Ол да шалдың шəкірті. Фу-у, доңыз!
– Кімді айтып отырсыз?
– Ректорды... Қысқасы, барлық шəкірті ректордың жағына шығып, менің əкемді талаған. Олар
қарғылы төбеттер! Мафия! Біліп отырсың ба, м-а-ф-и-я!..
Сыздық рюмкедегі арақты сіміріп жіберіп, “шампаннан құй” дегендей белгі берді. Бір бокал
шампаннан кейін маңдайынан бұрқ етіп тер шықты, екі көзі боталап, шарасы үлкейе түскендей
болып көрінді екеуіне. Жаңа əзірде ғана өңі сұрланып отыр еді, енді бетіне қан жүгіріп, көзінде
жылт ойнады.
– Сен бір бөтелке шампан ал, үйге барамыз,– деді ол. Асылхан үнсіз бас шайқады. – Слушай, сен
шалға сəлем беріп шықпаймысың!? Əлде сен де оны сатып кеттің бе? Қазақтардың бəрі сатқын.
Олар кім күшті болса соның сойылын соғады. Фу-у, əкеңнің!.. Бəрің идиотсың! Бəрің! Маған
арақ ішуді үйреткен, баулыған Жақия да... Идиоты!..
– Жə, сабыр етіңіз! – деді жігіт оны арқасынан қағып. – Жақсы, бір бөтелке алайын. Қазақтарға
байланысты айтылған артық сөзіңізді қайтып алыңыз.
– Слушай, мен екі сөйлемеймін,– деп қырсықты ол. – Мені қинама.
– Мен де екі сөйлемеймің. Қайтып алмасаңыз, біз үйге қайтамыз...
Сыздық шын қиналды. Ішіне біраз арақ кеткенмен намыс шіркін жолына көлденең түсіп жатып
алған, қыз бен жігіттің алдында бағамды түсірмейін деп қыстығып, қиналып отыр.
– Қазақтың бəрі жаман емес,– деп күлді Асылхан. – Мысалы, профессор Алдияр Ақпанұлы
қалай жаман болды?
– Ешқашан! – деді ол сұқ саусағын шошайтып. – Оның сорты бөлек. Ол гений!.. Ол жүз жылда
бір-ақ туатын адам. Мен оны білемін. Білгеннен кейін айтып отырмын. Ондай біртуар
марқасқалар қазақтың маңдайына сыймайды. Қазаққа мықтылар, тұлпарлар емес, жабылар,
жауырлар, ешактар керек. Байларов жабы, Жақия деген менің рюмкелес досым ешак... Ал менің
əкем – тұлпар! Сондықтан оны жабылып жүріп құлатты. Ол қазір орнынан тұра алмайды.
Төсекте жатып кəк етеді. Ал Жақия, күні кеше маған арақ тасып, жүгіріп жүретін Жақия ешак
қазір профессор! Ха-ха-ха! Бұл тұлпарлардың емес, жабылардың заманы!.. Жарыстырсаң жабы
озады, жабы!..
Айқайлап сөйлеген Сыздық бір фужер шампанды сіміріп жіберді де, орнынан сүйретіліп тұрып,
тəлтіректеп сыртқа беттеді. Асылхан даяшыға тиісті ақшасын төлеп, тағы да бір бөтелке шампан
алып, оған ілескен.


– Қайда барасың? – деп Ақбота жігіттің жеңінен тартқан. – Он бір болды, жатақханаға кіргізбей
қояды.
– Бес минутқа кіріп шығайық. Алдияр Ақпанұлы деген кісіні көрейік. Ол ғұлама адам, Ақбота.
Ол кісіні көргім келеді. Аз ғана отырамыз,– деп қиылған жігітінің көңілін қимаған қыз
қынжыла тұрып келісті. – Ренжімеші, Бота. Ол адамды бір рет көру арманым еді.
– Көп отырмайық. Мені жатақханаға кіргізбей қояды.
Профессор Алдияр Ақпанұлы “Алматы” мейрамханасының қарсысындағы үйдің бірінші
қабатында тұрады екен. Араққа шампан араластырып ішкен Сыздық қайтадан мас болып
қалыпты. Аяғын əлтек-тəлтек басқан жігітті Асылхан қолтықтады.
Сағат он бірден асса да сыртқы есік бекітілмепті, Сыздық бір теуіп еді, ашылып кетті.
– Пахан, қонақ келді,– деп даурықты жігіт.
Имене басып үйге кірген қыз бен жігіт состиып-состиып тұрып қалды да, Сыздық жуынатын
бөлмеге кіріп кетті. Асылхан дəліздің шамын жақты. Дəліз лас екен, көптен бері тазаланбағаны
көрініп тұр. Ескірген аяқ киімдер, қалай болса солай шашылып жатыр. Мынау атақты
профессор тұратын үйге мүлде ұқсамайды. “Осы жігіт бізді алдап алып келген жоқ па” деген
күдік шапты көңіліне. Екі дай болып тұрғанда жігіт қайтып оралды. Не істерін білмей
абыржыңқырап тұрған Асылханды жетелеп, профессор жатқан бөлмеге алып барды.
– Пахан, мынау сенің шəкіртің.
Асылханды бөлмеге жетелеп кіргізіп, қолындағы шампанын алып, шығып кетті. Қыз бен жігіт
ағаш төсекте шалқасынан түсіп қимыл-қыбырсыз сұлқ жатқан, шашы аппақ болып ағарған, түсі
темекінің күліндей, сақал-мұрты өсіп кеткен бейтаныс адамға таңырқай қарап тұрып қалды.
Жүзін əжім шимайлап, тіршілктің тауқыметі мен қасірет-қайғысы қажытқан, көзге қораш
кішкентай шал жігіттің қиялындағы Алдияр Ақпанұлына мүлде ұқсамайтын еді. Аяғанның
айтысына қарағанда, профессор ұзын бойлы, маңдайы кереқарыс, буырыл шашты, көзі кісінің
өңменінен өтіп кетердей өткір, қыр мұрынды көрікті кісі болатын.
– Жүр, кетейік, ұйықтап жатыр,– деп сыбырлады қыз. Профессор көзін сəл ғана ашты да, өзінен
көз алмай тұрған бейтаныс екеуге назар аударды.
– Сəлеметсіз бе, ағай! – деді сасқалақтаған жігіт. Асып-сасып қолын ала жүгірді. Профессордың
қозғалыссыз жатқан сұп-суық қолын ұстады. Асылханның денесі дір ете қалды.
– Қай баласың? – деді шал. Дауысы тым əлсіз. Ақбота оның не дегенін мүлде естімеді.
– Мен мұнда... Біз кездейсоқ келіп қалып едік,– деп өзін қалай таныстыруды білмей абыржыды.
Сыздықпен бірге лəйліп жүрген көп маскүнемнің бірі деп ойлады ма, профессор қабағын тарс
түйіп, көзін жұмып алды. Жігіт оның ауанын аңғарып, маңдайынан бұрқ етіп тер шықты.
– Кешіріңіз, аға,– деп міңгірледі Асылхан. – Беймезгіл уақытта келіп, мазаңызды алғаныма
кешірім өтінемін. Атыңызға сырттай қанық ем. Бір көру арманым еді сізді...


Асылханның сөзі мүлде қиыспай, бірді айтып, бірге кетіп, əбден далбасалады. Профессордың
көзі ашылмады, қабағы жазылмады. Танауы қусырылып, өңі сұп-сұр болып жатыр. Ас үй жақтан
салдыр-гүлдір еткен дыбыс шықты, профессор сонда да селт еткен жоқ, мұндайға əбден
үйренген сияқты. Шампанды көтеріп, Сыздық қайтып оралды.
– Алдияр Ақпаныш, мынау да сенің шəкіртің сияқты. Бұл да кейін сатып кетеді. Ал сен соны
біле тұра осыларға қамқорлық жасайсың.
Сыздық тілін шайнап, əрең сөйледі. Кіреберістегі креслоға сылқ етіп отыра кетті де, тағы да
бірнəрсе айтпаққа тырысты, бірақ тілі икемге келмеді, алдымен көзі жұмылды, сонан соң
қорылдай бастады. Профессор көзін ашып алып, ұлына қарады.
– Біз бұл кісімен мейрамханада кездейсоқ танысып қалдық. Мен Асылхан деген ініңіз боламын.
Құрылысшымын, аға. Мына қыз Ақбота,– деді жігіт батылданып. Алдияр Ақпанұлы көзін кең
ашып, екеуіне сəп салып ұзағырақ қарады. Екеуінің бөтен оймен келмегеніне жəне Сыздықтың
өзін əбден ығыр қылған көп шуылдағы еместігіне көзі жетті ме, өңі жылып, жылы шырай
танытты.
– Отырыңдар,– деді сыбырлай сөйлеп. “Дауысы биязы, жұмсақ екен. Мінезі де солай шығар” деп
ойлады Ақбота.
– Рахмет, аға! Сізге сəлем беріп шығайық деп келіп едік. Сіз секілді ардақты ағаларымыз көп
емес. Сізге тілектестігімізді білдіреміз,– деп ол бар білер жақсы сөздерін төкті.
– Отырсаңдаршы,– деп профессор əнтек қабақ шытты. Ақбота екінші креслоға жайғасты да,
Асылхан профессор жатқан төсектің аяқ жағына отырды. – Сыздық! Əй, Сыздық! – Қорылдап
ұйықтап жатқан “ерке бала” əкенің əлсіз дауысын мүлде естімеді. Асылхан оның құшағындағы
бөтелкені алып, бұрышқа қоя салды. – Шырағым, шамаң келсе мынаны өз бөлмесіне апарып
тасташы.
Ол “ерке баланы” арқалап, жатын бөлмесіне жеткізді. Бөлме лас, еден ыбырсып жатыр, өмірі
сыпырылмаған, жуылмаған тəрізді, қабырғаларына шаң тұрған. Терезе бес батпан кір. Төсектің
тұсына ерлі-зайыптылардың үлкейтілген суреті ілінген. Асылхан жақындап келіп, үңіліп
қарады, Сыздықты таныды, иегінің дəл ортасында тамып кеткен тамшыдай меңі бар келіншек
суретке жымиып күліп түсіпті. Төсектің тұсына бұрын кілем ілінген болу керек, ізі қалыпты.
Ескі шифонердің бетін қалың шаң тұтыпты.
Сыздықтың аяғын, сырт киімін шешіндірді, бейшара былқ-сылқ етіп, қорылдап жатыр. Іш
киімдері əбден кірлеген, майкасының қолтығы айырылып кетіпті. Асылханның танауын күлімсі
иіс қытықтады. Ол тыжырынып, жігіттің үстін одеялмен жапты да, шамды өшіріп, қайтып
оралды.
– Рахмет, шырағым! – деп күрсінді шал. – Балада адам қарайтын ұсқын қалмады. Еш жерде
жұмыс істемейді. Үйдегі дүниені сатып, арақ ішеді. Кешелі бері менің кітаптарыма қол сала
бастады.
Асылхан кең бөлменің екі қабырғасын түгел алып тұрған кітаптарды шолып шықты. Мұншама
көп кітапты жеке адамның үйінен көрген емес. Көп кітаптың арасында көлемі үлкен,


қалыңдығы қарс келетіндері көп екен. Төсектің тұсына жұбайы екеуінің үлкейтілген суреті
ілініпті. Алдияр Ақпанұлы жас кезінде өте келісті кісі болған тəрізді. Толқынды қара бұйра
шашы маңдайын жауып тұр, қаршыға көз келісті жігіт кісіге паң қарайды. Жанындағы жас
келіншек ұяң, миығына көзге шалынар-шалынбас күлкі ұялаған. Көз шарасы кең, адамға
жасқана жаудырай қарайтын жұқалтаң келген келіншек тəрізді. Сыздық шешесіне тартқан екен.
Асылханның суретке көз тоқтатып қарағанын байқаған профессор:
– Шешелерің осы кісі болады,– деп күрсінді. – Бес жыл бұрын мəңгілік сапарға шығарып
салдым. Отыз үш жыл отастық. Өте жақсы адам еді марқұм.
Шал сол қолымен дымданған көзін сүртіп, үн-түнсіз жатып қалды. Біраздан кейін Асылханды
ымдап шақырып, құлағына сыбырлады.
– Бота, ас бөлмеге бара тұршы,– деді Асылхан профессордың басын сүйеп жатып. Қыз шығып
кеткен соң шал қинала сөйледі.
– Өмірім өмір болмады ғой, шырағым. Біреу көмектеспесе, орнымнан тұра алмаймын, бұтыма
жіберіп жата беремін. Сенген адамым – жалғыз ұлдың тірлігін өзің көрдің. Көзін тырнап ашады
да, арақ іздеп тентіреп кетеді. Кей күндері бір ұрттам суға зар болып, көзім бозарып, жата
беремін,– деді ол мұң шағып. Асылханның көмегімен басын көтеріп, тіктеліп отырды. – Ұят та
болса айтайын, астым шылқылдап жатыр. Қазақтың баласысың ғой, қарағым, көмектес.
Асылхан қарт профессорды жүрегі езіле аяп кетті, алқымына ыстық жас кептелді. Қу сүлдері
қалған шалды көтеріп, туалетке апарып отырғызды да, төсегін ретке келтірді. Ақ сейсеп пен
жайманы ваннаға салып, су ағызды. Иістеніп кеткен екен, кір сабынның алқымдысымен жуып,
жайды. Сонан соң бөлменің терезесін ашып тастады.
Кетеміз деп тықыршып отырған Ақбота жағдайға қаныққаннан кейін білегін сыбанып, іске
кірісіп кетті, алдымен ас бөлмен тазалап, баттасып жатқан ыдыс-аяқты жуды.
Асылхан қарт профессорды жуындырды, іш киімдерін ауыстырып кигізген соң көтеріп əкеліп
креслоға отырғызды.
– Рахмет! – деді шал кемсеңдеп. Жасаураған көзін алақанымен сүртіп, біраз уақыт сөйлей алмай
кемсеңдеді. – Құдайдан қайтсын, қарағым. – Басын төмен салып, үнсіз қалды. Əлденуақыттан
соң ұмытқаны есіне түскендей басын көтеріп алды да, жан-жағына қарады. – Стөлдің үстінде
жатқан кітапты əперші, қарағым. Сол жерде қалам бар.
Асылхан əкеліп берген кітаптың бірінші бетіне сол қолымен асықпай отырып бірнеше сөз
жазды. Ойланып отырып тағы да бір ауыз сөз қосты да, қолын қойып, жігітке ұсынды.
– Рахмет, аға! – деді жігіт шын қуанып. Алдияр Ақпанұлы секілді атақты ғалымның үйіне
барамын, қолтаңба қойған кітабын аламын деп ойламаған жігіттің төбесі көкке екі елі жетпей
қалды. – Сіздің қазақ тарихына байланысты жазған кітабыңызды оқып едім.
Профессор оған таң қала қарады.
– Шықпай қалған кітапты қалай оқып жүрсің?


– Қолжазбаңызды оқып едім,– деп түзетті Асылхан. Сонан кейін ол кітаптың ксерокөшірмесін
Аяғаннан алып оқығанын, алған əсерін асықпай отырып баяндады.
– Е-е, солай де... Аяғанның інісімін де... – Аяған есіне түскендіктен бе, қараптан қарап отырып
күйгелектеніп, өзінен өзі ашуланып, берекесі кетті. Сол қолымен креслоның жақтау ағашын
ұрып, астыңғы ернін ызақорлана тістеледі. – Оның түк кінəсі жоқ. Аяғанды нақақ күйдірді. Олар
адам өлтіруден де тайынбайды. Мені осы күйге жеткізген солар, өз шəкірттерім,– деп кіжіне
сөйледі. Орнынан тұрып кетпек болып талпынып еді, қайта құлады. – Мені ұлтшыл-демократ
деп жазғырған. Аяғанды антисоветчик деп шығарыпты. Ой, сұмдық-ай! Мыналары жауыздық
қой тегі!..
– Кінəсі жоқ адамға жала жұқпайды, аға.
Алдияр Ақпанұлы мырс күлді. Көзін жұмып алып, қабағын түйіп, басын изектетіп үнсіз отырды.
Біраздан кейін:
– Күш кімнің қолында болса шындық соған қызмет жасайды, қарағым,– деп күрсінді.
– Аяған ағаның антисоветчик емес екенін бəріміз білеміз.
– Бұл дəлел емес. Олар Аяғанды қамамас бұрын дайындалған. Ондағылар да ақымақ емес, біледі.
– Сонда қалай, кез келген адамды жала жауып, соттап жіберуге бола ма?
– Мафия! – деді профессор қынжыла қабақ шытып. – Билік мафияның қолында, қарағым.
“Адамның басы – алланың добы” дегенді қазақ біліп айтқан. Адамда құн қалды ма қазір? –
Шалдың қабағы тұнжырап, сол қолы ақырын ғана қалтырай бастады. Қолының қалтырағанын
жігіттен жасырғысы келді ме, креслоның жақтауын мықтап ұстап алды. – Мафияға қарсы
шығып едім, міне, мына жағдайға душар болдым. Бұрын мені бір сағат көрмесе “сағынып
қалатын” шəкірттерім мүлде жоламайды. Олардың барлығы Байларовтың сарбазына айналып
кетті. Қарсыласқан жалғыз Аяған еді. Оған істегендерін көрмеймісің. Е-е, қарағым-ай, бұл бір
біздің институттағы жағдай дейсің бе?! Қоғам мафияның қолына көшіп кеткелі қашан.
Болашаққа сенім артқаннан басқа үміт қалмады менде. Өмір бойы тірнектеп жүріп жинап,
жазған еңбегім нырай болды.
– Ол еңбегіңіздің өмірі алда, аға. Қазақ халқының шын тарихын жасайтын ұрпақ келеді, аға.
– Е-е-е, ол күнге біз жете алмаймыз ғой. Үмітке жармасып, өлмей тірі жүрміз əйтеуір...
Шал шалқайыңқырап отырып, көзін жұмып, үнсіз қалды. Жігіт оның жүзіне көз қиығын
тастады. Ұзарып өскен буырыл сақалы майда бұйра. Қас шебер əдейілеп бір талдап бұйралаған
секілді. Ұзарып өскен мұртының шалғысы ширатыла бастапты. Сақал-мұрты үлкен адамға
осыншалық жарасып, оны парасатты дегдар етіп көрсетеді екен.
– Аяғанның келіншегі инфаркт алып, ауруханада жатыр, аға,– деді жігіт біраз үнсіздіктен кейін.
Қарт профессор көзін ашып алып, жігітке жалт қарады. Ақырын ғана күрсінді. Бірақ үндеген
жоқ. Үнсіздік ұзаққа созылды. Ас үйді, қонақ бөлмені тазалап, жуып шаршаған Ақбота жуынып
келіп, Асылханның жанына жайғасты да, сағатын көрсетті. Сағаттың тілі түнгі үшті көрсетіп


тұр екен.
– Ертең жексенбі,– деп қыздың құлағына сыбырлады.
– Шаршадыңдар ғой, балалар. Түннің бір уағы болды, жатып дем алыңдар,– деді шал есінеп
отырған қызға қарап. Ақбота алақанымен аузын жауып, басын бұрып əкетті.
– Мынаған қалайсыз, аға? – деді Асылхан бір бұрышта жетімсіреп тұрған шампан шарабын
нұсқап. Шал лəм деместен бас изеді.
Үшеуі əңгімелесіп отырып шампан шарабын тауысты. Алдияр Ақпанұлы ашық адам екен. Іші
толып қалған сияқты, шешіліп сөйледі, жан жарымен қалай танысып, қалай үйленгенін,
басынан өткен қиыншылықтарын əңгімеледі. Ол кісінің “ұлтшыл” деген жаламен жеті жыл
отырып келгенін Асылхан бұрын білмейтін еді. Соңына шам алып түскен Мұса Байларовқа
ғылыми жетекші болғанын, оның кандидаттық еңбегін əупіріммен əрең қорғап шыққанын,
министрдің қызына үйленіп, тасының өрге домалағанын профессордың аузынан естіді.
– Қазақтың баласы ғой деп көп болып көмектестік Мұсаға. Ешкімге қарсы келмейтін қағлез,
лыпып тұрған жігіт еді. Кейін өзгеріп кетті. – Қарт ауруы жанына батқандай қинала қабақ
шытып, оң қолын уқалай бастады. – Жан жоқ, бірақ кейде ауырады. Соған қарағанда істен
біржола шықпаған-ау, сірə,– деп күлді профессор. – Содан ол жігіт космостық жылдамдықпен
өсті. Бір жыл декан, бір жыл проректор болды. Жарты жыл министрлікте отырды да, ректордың
креслосына қонжиды. Күні кеше алдымда құлдыраңдап жүгіріп жүретін бала мені танымай
қалыпты. Оны қойшы, бəрінен бұрын ғылымға қиянат жасай бастады ғой. Біреулердің көмегімен
докторлық диссертация жазды. Су-у! Түк жоқ. “Коммунистік партия колхоз құбылысын
ұйымдастырушы” деген тақырыпта қорғап шықты. Қарсы болдым, шынымды айттым. Иманы
барлар үндемеді. Қалғандары шəуілдеп үріп, мені жеп қоя жаздады.
Профессор көкірегі қарс айрылардай күрсінді де, тас мүсіндей болып, қимыл-қыбырсыз ұзақ
отырды. Əбден əлсіреген, жүйкесі жұқарған сияқты, аз ғана сөйлеп еді, ентігіп шаршап қалды.
Оның маңдайынан шып-шып шыққан терді Асылхан да, Ақбота да көрді. Сонан соң кекіре
бастады. Ақбота шай демдеді. Бір кесе шай ішкен соң ғана көзіне жылт кіріп, бетіне қызыл
жүгірді.
– Байларовтың сіздің соңыңызға түсіп жүргені сондықтан екен ғой,– деді Асылхан үзіліп қалған
əңгімені жалғастырып.
– Е-е, қайсы бірін айта берейін, қарағым. Мен өмір бойы жеңілумен келемін. Азын-аулақ
жеңістерім маған аса зор күшке түсті. Сол кішкентай жеңістерге мен бүкіл өмірімді арнадым.
Бірақ негізгі жеңісіме жете алмадым, қарағым. Сорыма жаратылған жалғыздың азабын тартып,
мешел баладай омалып отырысым мынау. Осы үйде тұрып, маған қарайтын студент балаларды
ол сыйдырмады. Ешкім жоламайды бұл үйге. Соңына қалар ұрпағым жөні түзу азамат болса,
мен жетпеген биікке сол шығар, мен тындырмаған істі сол тиянақтар деп көңіл жұбатар едім. Е-
е-е!.. Бұл да жеңіліс!.. Ең үлкен жеңіліс осы, қарағым.
– Басы жас қой, аға,– деп көңілін ауламақ болған жігіттің сөзін бөліп жіберді.
– Отыздың жетеуіне келді биыл,– деді дауысы бұзылып. Өзегін өкініш өртеп, көзіне жас іркілді.


Шалды аяды ма, үнсіз отырған Ақботаның мұрны пышылдап, көз шарасы жасқа толды. – Бірер
күнде ЛТП-ға кетеді. Барсын...
– Үйленсе, мойнына тұзақ түссе, бəлкім, бұлай тайраңдамас еді.
Е-е, қарағым-ай... Үйленген бір кезде. Бірінші келін тəп-тəуір бала сияқты еді... Əлдекімдердің
арбауына түсіп, арандап қалды бейшара. Біреуге тұрмысқа шығып еді, онымен де ажырасыпты.
Адам тағдырына байланысты осыншама тарихты еш толқусыз, қиналмай, қынжылмай
жайбарақат айтып отырған ғалымға Ақбота таң қала қарады. “Бəлкім, баласына көңілі
қалғандықтан шығар. Өмірден əбден жерінген сияқты” деп ойлады қыз. Осынау жұмбағы көп
дүниені тек жап-жасыл күйінде көріп үйренген қыз қарт профессордың жанын жегідей жеген
қайғының салмағын қанша тырысса да безбендей алмас еді.
Алдияр Ақпанұлының көзін тырнап ашқалы бергі көрген қайғы-қасіретін кез келген пенде
көтеріп жүре алмас-ау, сірə. Алысқа кеткен атағына қарап қалың жұрт оны сыпыраның ішінде
туған, үнемі жолы болғыш, ең бір бақытты адам деп есептейтінін профессордың өзі де біледі.
Мұндай сөзді талай рет естіген. Басынан өткен қым-қиғаш тарихты айтып, жұрттың көңілін
бұзбайын дейді. “Жұртқа менің басымнан өткен тарих, көрген азабым емес, тындырған еңбегім
керек қой” дейді. Көргенін, басынан өткенін тізіп жазса талай кітап болар еді.
Он сегізінші жылғы аласапыранда əкесі мен шешесін ақтар киіз үйге қамап, тірідей өртеп
жіберді. Ол кезде Алдияр үш-ақ жаста екен. Бір жасар қарындасын ағайындары асырап алған
тəрізді. Ол бейшара көп ұзамай құдыққа құлап өліпті. Аңырап қалған жетімектерді ағайын,
туғандар таратып алған көрінеді. Олар кімдер, бірге туған бауырлары қайда? Алдиярға мұның
бəрі жұмбақ. Əркімнің қолында кеткен төрт ұл “Алдияр деген ініміз бар еді-ау” деп іздеп
келмеді. Соған қарағанда сорлы жетімектер отыз екінің зобалаңында аштан өлген шығар деп
ойлады.
Алдияр иманы бар, қайырымды адамға тап болды. Қысы-жазы үстінен қаудыр тонын, басынан
тұмағын тастамайтын шоқша сақалды Ақпан есімді сол шалдың арқасында Алдияр аман қалған.
Ақпан шал сегіз жасар Алдиярды балалар үйіне əкеліп тапсырған. Ол кісіні қайтып көрген жоқ.
Ақпан шал байпағынан басқа сүйенері жоқ, ілдалдалап əрең күн көріп жүрген бейшара еді.
Алдиярды балалар үйіне өткізген соң ұзамаған сияқты.
Балалар үйіне келмесе ел басына туған нəубеттің құрбанына айналарына Алдиярдың ешқандай
күмəні болған емес. Балалар үйінің бір уыс талқанының арқасында жаны қалды. Балалар үйінің
бір уыс қара талқаны талай-талай жетімекті қиын-қыстау заманнан, аузын арандай ашқан
аштықтан құтқарды. Алдияр өз қолы өз аузына жеткенше бір рет тойып тамақ ішті ме екен?
Енді ес жиып, ерқара болып қатарға қосылғаны сол еді, соғыс басталып, əркім басымен қайғы
болып кетті. Қырық екінің күзінде үйленген, үш күннен кейін майданға аттанды. Майданда,
немістердің тұтқынында жүріп көрген азабын айтып тауыса алсын ба. Кеңестің түрмесінде
өткен жеті жылы жəне бар. “Жолымды тосқан жарым бар” деп көңілін жұбата жүретін Алдияр
бірінші əйелінің басқаға тиіп кеткенін түрмеден босанып шығып келген соң бір-ақ білді. Екінші
рет мың да тоғыз жүз қырық тоғызыншы жылы үйленді... Жалғыз ұл сүйді.
Таң атты, аға. Рұқсат болса біз қайтайық. Қарсы болмасаңыз, келіп көмектесіп тұрайық,– деді
Асылхан орнынан тұрып. Шалқайыңқырап отырған Алдияр қарт көзін ашқан жоқ, “асықпа,


отыр” дегендей сол қолын көтеріп, белгі берді.
– Саған айтатын сөзім бар, қарағым,– деді шал біраз үнсіздіктен кейін көзін кең ашып. –
Аяғанның тағдыры мені аса қатты қинайды. Оны қорғау керек. Ал менде күресетін күш жоқ.
Мен сағатымды санап жатқан жанмын.
– Жаман сөз айтпаңыз, аға,– деп кимеледі жігіт. – “Жақсы сөз – жарым ырыс” дейді халық.
– Е-е, қарағым-ай, сен жұбатқанмен тамтығы қалмаған менің жаным жұбанар ма,– деп мұңайды
шал. – Сыздықты ЛТП-ға алып кетеді. Үш бөлмелі үйде сорайып жалғыз қалайын деп тұрмын.
Аяғанның отбасын осында көшіріп əкелсеңдер дұрыс болар еді.
– Қалай болар екен өзі...
– Қысылатын ештеңе жоқ. Аяғанның боталары маған да бөтен емес,– деп жымиды шал. – Үй
орталықта. От жақпайды.
– Ақылдасып көрелік, аға.
– Күрессіз өмір жоқ. Ендігі қалған өмірімді Аяғанға арнадым,– деді Алдияр Ақпанұлы,
қоштасарға келгенде Асылханның қолын ұзағырақ қысып ұстап жатты. Иегі кемсеңдеп көзі
жасаурады. – Сендей азаматтар аман болса шындық жеңбей қоймас. Бақытты болыңдар,
қарақтарым! – “Еңкей” дегендей белгі берді. Қыздың маңдайынан сүйіп, арқасынан қақты. –
Келіп тұрыңдар. Сендерге есік ашық.
Түні бойы кірпік ілмеген қыз бен жігіт жетектескен күйі Жамбыл көшесімен жаяу тартты.
Салқын ауаға шыққан соң қыз тез сергіді.
– Ой, Асылхан, қандай аянышты!
– Мұндай адамды жеңу мүмкін емес, Бота. Ол сынбапты,– деді жігіт шамырқанып.


15
Студенттік кеңестің төрағасы болып сайланғалы бері Алмас мүлде өзгерді; өзінен кішілер мен
қатарластарының қасында өте паң, шіреуік, шен-шекпені бар үлкендердің алдында қасқыр
көрген қояның көжегіндей жарамсақтанып, бейшарамсып қалады. Үлкендерге менмендігі жоқ,
қолды-аяққа жеңіл “кішкентай адамдардың” ұнайтынын іші сезеді. Тағдыры солардың қолында.
Əлгілер қолдаса – жолы даңғыл. Мақсатына жанын қинамай, толып жатқан кедергілерге
сүрінбей, болар-болмасқа болдырмай жетеді. Сондықтан əрбір мүмкіндікті пайдалануы керек.
Қолына билік бергендердің сенімін ақтаса өз биігіне əпсəтте секіріп шығарына күмəні жоқ.
Алды-артын танып, біліп қалған Алмастың түйіні осы.
Қолына тізгін тиісімен студенттерді бір шыбықпен айдауға кірісті; ең алдымен студенттік
кеңестің мүшелерін ықтырып алды, сосын бөлмелерді аралап, төменгі курста оқитындардың
тəртібі мен тазалығын тексеріп, зəрелерін зəр түбіне жіберді. Сөйтіп күні кеше ғана ешкіммен
ісі болмай өзімен-өзі жүрген белгісіз жігіт көзді ашып-жұмғанша аты шығып, атаққа ілінді.
Ол жатақханаға қатаң тəртіп орнатты. Бұрын кіре-берісте вахтерден басқа ешкім тұрмайтын,
осы күні кірер есікті жатақханада тұратындар кезекпе-кезек күзетеді. Бөтен адамдар
жатақханаға емін-еркін кіріп, рұқсатсыз қонып қалмайды. Аптасына екі рет арнайы құрылған
топ бүкіл жатақхананы тексеріп, студенттер кеңесінің төрағасына есеп береді. Тəртіп
бұзғандарға кешірім жоқ, əлдекімдерге арқа сүйеп, бағынғысы келмей тайраңдаған бірнеше
студентті кеңестің қаулысымен жатақханадан шығартып жібергелі бері Алмасты иығымен
қағып кеткісі келіп тұратындардың екпіні бəсең. “Жатақханадан қуылған студент оқудан
шығарылады” деген жаңа тəртіп шықты да Алмастың беделі аспанға бір-ақ секірді.
Студенттердің тізесі деканның емес, студенттер кеңесі төрағасының алдында дірілдейтін болды.
Ол өзіне берілген мүмкіндікті мықтап пайдалануға тырысты, ең алдымен түкпірдегі көзден
тасалау бөлмені босаттырып, көшіріп кірді. Жанына əдейі бірінші курстың студентін таңдады,
бейшарада артық сөз жоқ, тыпыңдап жүгіріп жүріп бар шаруаны тап-тұйнақтай етіп тындырады.
Дүкенге бару, еден жуу соның мойнында. Қашан болсын Алмастың қабағын аңдып отырғаны.
Кішкентайынан мансаптың аузына қарап өскен ауыл баласының тірлігі қалада да өзгермейді.
Олар үлкен қызметі барларға өзіміз сияқты аяқ-қолы бар қарапайым пенде деп емес, мансап
ретінде қарайды. Мансабы бар пенде тізімдегі адам. Үкіметтің адамы.
Қарапайым ғана студенттің аяқ астынан мансапқа айналған Алмасқа деген қыздардың
көзқарасы өзгерген сыңайлы. Бұл өзгерісті ол іштей сезіп жүр. Бұрын да жерге қарап қалған
жігіт емес еді, енді абыройы аспандап, айдарынан жел есті. “Жатақханада тұратын қыздар
жұмсам жұдырығымда, ашсам алақанымда” деген сенім соңғы күндері үстем болып бара
жатқандай. Себеп – олардың тағдыры Алмастың қолында. Қайсысын болсын күйдіре салу оп-
оңай. Бөлмелерінің тазалығына үш рет екілік қойса жетіп жатыр, сонан кейін студенттік
кеңестің отырысында қарап, шара қолданады. Мұндайға келгенде тапқыр, алдына жан
салмайды. Күтпеген жерден ешкімнің есіне келмеген ұтқыр шешім тауып, басқаларды таң
қалдыра салады. Мұнысына өзі де таң қалады. Желеп-жебеп жүретін пірі қысылып, қиналған
сəтте келіп, құлағына сыбырлайтын сияқты.
Күні кеше болар-болмас мəселеге бола бас қатырып, қиналып тұратын бұйығы жігіт қолына


билік тиген соң ашылды. Мансап шіркіннің осындай құдіреті болады екен. Ол аз ғана уақыттың
аралығында ширығып, ширап шыға келді.
Жақия өте разы сияқты. Екі күннің бірінде шақырып алып, арқасынан қағып, екі аяғын жерге
тигізбей мақтайды. Пенде баласы мақтағанды жек көрсін бе, төбесі көкке екі-ақ елі жетпей
қалады. Басқа емес, Жақияның, екінің бірінің қолы жете бермейтін адамның көңілін тапқанына
мəз. Оның мықтылығына, көңіліне ұнаған адамға жақсылықты үйіп-төгіп жасай салатындығына,
жағасына жармасқан пендені ес жиюға шамасын келтірмей шалқасынан түсіретіндігіне көзі
əбден жеткен. Басқаны былай қойғанда, атағы иісі қазаққа мəлім профессор Алдияр
Ақпанұлының аяғын көктен келтірген жоқ па!.. Аяған анау, екі көзі төрт болып түрмеде жатыр.
Олардың жанында бұл кім? Абайсызда арандап қала жаздағанын ойласа жүрегін үрей қысып,
құты қашады.
Ендігі мақсаты – Жақияны сеніміне кіріп, күнəсін жуу. Ол қолдаса аяңмен-ақ талай жерге
жетеріне сенімді. Жақияның кімге арқа сүйейтінін біледі. Оның артында асқар тауы – Мұса тұр.
Ал ректордың кімдермен байланысы барын іші сезеді.
Ол құдай емес, құдайдан былай емес. Аяғанның Алдияр шалға жақтасып, жыртысын жыртып,
ректорға қарсы шығып жүргенін дер кезінде білмей қара басты. Білсе студенттерді
ұйымдастырып, жоғарғы жаққа хат жазып не жыны бар?
Апыр-ау, соншалық үлкен тəуекелге баратындай Аяған екі туып бір қалғаны ма еді?! Қандай
жақсылығы өтіп кетіп еді оның? Рас, сыйлас, сырлас болды. Сыйласқан адамдары үшін əр сəт
сайын отқа түссе не тамтығы қалады?! Жоқ, болмайды екен. Əркімнің қызығы өзіне. Аяған
өкпелесе көшке берген тайын қайтып алсын. Біреу үшін айдаһардың аузына барып түспейді.
Ақырын жүріп, анық баспаса күйіп тұрған заманда күйіп кету оңай. Араша түсер ағайын
табылмайды тіпті. Алып машинаның алмастай пышағы сенің жасыңа да, басыңа да қарамайды,
турап жібереді. Алып машинаның əр-əр жерге құрылған қақпаны бар, абайламаған адам
арандайды. Абайламаған пенде Аяғанның кебін киеді. Ол бейшара мүгедек профессордың
жеңіліп қаларын біле тұра ақжүректігі ұстап, жыртысын жыртып, соның сойылын соқты. Ақыры
Жақияның, кім білсін, бəлкім, ректордың шығар, бір сілкігеніне жарамай жалпасынан түсті.
Жоқ, Алмас ол сияқты ақылсыз емес, өлетін жерін біледі. Сондықтан шын мықтыларға жанын
аямай жүгіріп жүріп қызмет етеді, олар өздеріне шын берілген пендесін далаға тастай қоймас.
Осындай қорытындыға келген жігіт Жақияның аузынан шыққан сөзді қалт еткізбей орындауға
дайын еді. Оның ниетін сұңғыла Жақия тез аңғарды, сөйтіп оп-оңай алмас қылышқа айнала
салған Алмасты əлі күнге шегінбей Аяғанның жоқтаушысы болып жүрген екі студентке айдап
салды. Қайралып бабына келіп тұрғаш қылыш – жігіт кімнің де болсын басын қағып тастауға
əзір еді.
Аяғанның жоғын жоқтап, айқайға аттан қосып жүрген Қаңтарбаев пен Елемесовты қақпанға
түсіру студкеңес төрағасына мүлде қиын болған жоқ. Екеуі де ауқатты ортадан шыққан, анда-
санда қыздарды алып, ресторанға барып тұрады. Елемесов кішкене ішсе қызып қалып,
жеңілтектеніп кетеді, Қаңтарбаев та тартынбайды. Олардың осындай осалдықтарын білетін
Алмас екеуінің соңына өзімен бірге тұратын Сағындықты салып қойған.
Сенбі күні кешкі апақ-сапақта жерден жеті қоян тапқандай екі өкпесін қолына алып жеткен
Сағындық:


– Олар “Есік” ресторанына кірді,– деді танауы желпілдеп. Алмас ептеп езу тартты.
– Студкеңес мүшелеріне ескерт, бүгін түнде рейд жасаймыз. Есіктің алдында бол, əлгілер
келгенде маған хабарла.
Сағындық шығып кеткен соң фотоаппаратын дайындады, ойы мас болып, басы бұлғақтаған
Қаңтарбаев пен Елемесовті суретке түсіру. Сурет – бұлтартпас айғақ. Ал егер оларды
ресторанда отырғанда суретке түсіріп алса ше? Тамаша идея!
Ол асығыс киініп, бірінші қабатқа түсті. Сағындық жоқ. Кезекшілікте отырған кемпірге
ескертіп, екінші қабатқа көтерілген, соңынан Сағындық қуып жетті.
– Суретке түсіруді білесің бе? – Жігіт бас изеді. Оны арқасынан қақты. – Қазір “Есік”
ресторанына барасың. Əлгілерді суретке түсіріп аласың. Байқа, ниетіңді сезіп қалып жүрмесін.
– Қатырамыз ғой, аға,– деп күлді Сағындық. Көзі кілмиген, жалаң ерін сары жігіт. Біреуге
жақсылық жасауға келгенде тартыншақтап баспайды, жаманшылыққа келгенде алдына жан
салмайды. Курстастарын, оқытушыларды сыртынан ғайбаттап, кекеп-мұқап, бір сөзді екі
етпейтін қағлез бала сияқтанып көрінген соң бауырына тартқан. Енді байқап қараса кесіп алса
қан шықпайтынның нағыз өзі секілді. Алмасқа керегі осындай адам – айтқанын қарсыласпай
орындайды жəне мынау лас іс-ау деп тартыншақтамайды. Мұндай пендені иісшіл итпен іздеп
таппасын біледі, сондықтан ретіне қарай көтермелеп, басқаларға үлгі етіп отырады. Мұндайда
Сағындықтың танауы шелектей болып, шалқая түседі. Сыртынан өзі туралы оның не дейтінін
білмейді, алдында құлдыраңдап жүгіріп, айтқанын қалт еткізбей орындайды. Əзірше ренжіскен
жері жоқ, екеуі талағы жабысқан тату.
– Тым қатырып жіберме.
Сағындық тарқылдап күліп, фотоаппаратты мойнына асып алып, сиыр жорғасына салып
жөнелді.
Жалғыз қалған Алмас ой-жоспарын қайта қарап, біраз түзетулер енгізді. Курстастарының
алдында қарабет болып қалмас үшін бүгінгі шаруаға бел шешіп кіріспей тасада тұрып, сырттай
бақылаған дұрыс деп шешті. Егер Қаңтарбаев пен Елемесовты өзі бас болып, студкеңестің
жиналысына салып, жатақханадан шығару туралы қаулы қабылдаса бүкіл курстары алдына
келеді, олардың тілегін орындамасқа əдді бар ма?! Орындаса тағы пəлеге қалайын деп тұр. Қит
етсе басыңды қағып тастаймын деп алмас қылышын жалаңаштап, жалаңдатып дайын отырған
Жақия аямайды. Ол ендігісін кешпейді. Сондықтан шегінетін жері жоқ.
Студкеңес төрағасының орынбасары болып есептелетін математика факультетінің екінші курс
студенті Нина есімді қызға жолықты. Ол қалың көзəйнек киетін, тыриған арық, сары қыз.
Жүрісіне қарап оны студенттер “Түйетауық” дейді. Бойы ұзын болғанмен кеудесі қысқа. Бұты
рабайсыз ұзын, тірсектері шілмиген Нина жүріп келе жатқанда көз алдыңа түйетауық елестейді.
Өзі оқу залынан шықпайды, өмірде кітаптан, сабақтан басқа да қызықтың барын біржола
ұмытқан тəрізді. Тірлігіне қарасаң əлдеқашан қартайып қалған адамдай. Өзі аса талапшыл,
қиқаң-сиқаңы жоқ, бетін əлеміштеп, жігіттердің алдында қылымсып тұратын құрбыларына
өлердей өш. Айтқанынан қайтпайтын, өзінікінің теріс екенін білсе де жеңіле салмай
тайталасып, таласып тұрып алатын қисық мінезі бар. Оның осы қасиетін білетін Алмас


Елемесов пен Қаңтарбаевтың шаруасының шалқасынан келетініне титтей күмəн келтірген жоқ.
– Ниночка, сен мені кешіре гөр,– деп мүлəйімсіді жігіт қос қолымен кеудесін басып тұрып. –
Мұса Байларовичтің алдында ұятқа қалайын деп тұрмын. Сенен басқа сенер адамым жоқ.
Құтқара гөр, Ниночка.
Аңғал қызды алдай салу қиынға түскен жоқ. Өзіне зор сенім білдірген төрағаның бетінен сүйіп
алуға дайын тұр. Екі беті бал-бұл жанып, жымыңдап күле береді.
Жатақханаға ішіп келген студенттердің барлығын тізімге алып, жиналысқа салу керек. Бұл
ректордың тапсырмасы,– деп өтірікті соқты да жіберді. Қыз сенді. Жымиып күліп, бас изеп тұр.
Адамға тура қарағанда көзі тым қорқынышты екен. Басына таяқ тиіп, шошынған сиырдың көзі
сияқты алайып, тым үлкейіп кететінін Алмас дəл қазір бірінші рет байқады.
– Осында жақын туысым бар еді, сол кісі қатты ауырып, өлім аузында жатыр,– деп қинала
күрсінді жігіт. Нина шошып кетті. – Шиеттей балалары қараусыз қалды. Солардың жанында
болуым керек.
– Ой, ой! – дегеннен басқа Нина ештеңе айта алмай абдырап тұр. Қайта, қайта алақанымен
аузын жаба береді. Екі қолы дір-дір етеді. “Мына қылығына қарағанда оның қаталдығы баланың
ойыны сияқты бірдеме шығар” деп ойлады жігіт. Жиналыстарда жұртқа жеңсік бермей, қабағын
қарс түйіп алып, көсемдердің, ғұламалардың сөздерінен үзінділер келтіріп, жұртты ықтырып
сөйлейтін қызға, жігіттің күлкісі келді.
– Ой, Алмас тез бар! – деп қыз тыпырлай бастады.
– Ректордың атына жазылған хатқа студкеңес мүшелері түгел қол қойсын. Таңертең маған
əкеліп бер,– деді де асығыс адымдап сыртқа беттеді.
Есік алдына шыққан жігіт қалай бағдар түзерін білмей тосылды. Хадишамен кездеспегелі біраз
болған. Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері үстінен түскен күннен кейін мүлде жоламай
қойды. “Біржола ат кекілін кестім, енді оны ұмыттым” деген қорытынды жасаған. Ол қызға
бəлендей көңілі де жоқ еді. Ойда жоқта танысты, адамның көзін алдар көркі бар, сүйкімді қыз
екен, жігіттің арсыз көңілі тоят тіледі. Хадиша оны көп шаршатқан жоқ, өтірікті ақиқаттың
тұғырына қондырып əккіленген жігіттің құшағына оп-оңай құлай салды. Таза екен, пəк екен.
Пəктігін махаббатының бодауына берді.
Жігін анда-санда, іші пысып еріккенде барып тұратын, екеуінің арасындағы қарым-қатынасқа
мəн-мағына беріп, бас ауыртқан жері жоқ. Хадиша ол үшін ұзақ жолдың бойында жолығып,
біраз күн сапарлас болған, жолай қалып қойған көп жолаушылардың бірі тəрізді еді.
Алмас өзін зор болашақ күтіп тұрғанына сенетін. Сол сенімі əсіресе студкеңес төрағасы болып,
Жақиямен жақындасқалы бері күшейе түскен. Сондықтан əке-шешеден тұл, ертеңгі өмірі
бұлдыр құрылысшы қыздың өзіне тең, жақсы жар боларына сенбейтін ол үшін Хадиша кредитке
алған зат сияқты ғана еді.
Асылханға барғысы келмеді. Оның не айтарын біледі. Асылханның дəл қазір Аяғанды құтқарып
алудан басқа уайымы жоқ. Тыпырлап табанынан таусылып, есік тоздырып жүрген шығар. Екі


рет Алмасты іздеп келді, оны терезеден көріп, есігін бекітіп алған. Асылханға жақындасамын
деп болашағының тамырына балта шабатындай кеңкелес емес, өлер жерін біледі. Оның соңында
үш əріптің адамдарының жүрмегеніне кмі кепіл? Жəне оның мінезін біледі, болған жағдайды
ақыл таразысына салып, сабыр сақтаудың орнына батыл əрекет жасауды, біреу үшін отқа түсіп
кетуді қалайды. Орталық партия комитетіне хат жазғанда да соның сөзіне ерді. Шайтан түртіп,
айтаққа еремін деп, айдың аманында арандап қала жаздады. Ал оның қылы да қисайған жоқ,
дүниесі түгел. Жұмысшыны қауіпсіздік комитеті қайтсін. Оның үстіне Асылхан Ауған
соғысына қатысқан. Көзірі қолында. Есіне енді түсті, оның да құйрығында шаласы бар.
Жігіттің бойы мұздап, денесі түршікті. Соңында аңдушы түскендей селк етіп, жалт бұрылған.
Ешкім жоқ сияқты, соған қарамастан қозғалып кеткен көңілі жуықарада орнына түсе қоймады.
Жүрегін үрей шымшылап, берекесі қашты. Жатақханаға бармайды, біткелі тұрған іске кедергі
болуы мүмкін. Сонда қайда барады? Ол ой түкпірін ақтарып, жаяулап ұзақ жүрді. Есіне Хадиша
түсті. Тойымы жоқ қу көңіл тоят тілеп, дегбірін қашырды. Əлдебір əлеуетті күш оны дедектетіп
Аяғанның пəтеріне алып баратын автобус аялдамасына əкелді.
Келерін келгенмен ішке кірер-кірмесін білмей толқып, дарбаза алдында дағдарды. Қараңғыда
бөтен үйдің алдында тұру қорқынышты екен. Үйді əлдекімдер торып жүргендей көңіліне күдік
шауып, зəресі зəр түбіне кетті. Қос үрей болып, сол төңіректе теңселіп біразжүрді. Əредікте
əлдекімдердің ысқырығы, айқайы естіліп қалады. Жақын маңайдан абалап ит үреді. Əлдекім
мысық табандап жақындап келе жатқан тəрізді. Жігіт енді шын қорқа бастады. Жалғыз-жарым
жүрген кісіні кім аясын, көше тентектерінің ортасына түссе местей қылып сабап, тыржалаңаш
шешіндіріп кетеді. Олардың арасында қаныпезер біреу болса шаруасы тынды біржола.
Дарбазаның есігін аша алмаған соң аулаға секіріп түсті. Терезеге жақындап келіп, бұғып тұрып,
ішке көз тастады, Хадиша ортада, қызық əңгімеге кірісіп кеткен сыңайлы, балалар аузын ашып,
тапжылмай отыр. Олардың ойын бөлмейін деп ойлаған жігіт үйге сүйеніп тұрып, төңірегін
тінтіп шықты. Түн қараңғы болғандықтан көзіне ештеңе шалына қоймады. Үй іргесіндегі асау
өзеннің сарыны əлсіреп, жылап аққан бұлақтың жетім үніндей əлсіз сылдыр шалынды құлағына.
Көктем мен жазда арнасына сыймай аласұрып, ашулы арыстандай гүрілдеп жататын Алматы
өзенінің күз бен қыста жуасып қалатын əдеті. Адам түгіл дүлей табиғаттың өзі де уақыттың
алдында шарасыз. Уақыт – құдай, уақыт – патша. Оған мəңгілікпін дейтін тау да, арнасына
сыймай аласұрған су да тəуелді. Ол өз дегенін істейді. “Уақытты жеңген ешкім жоқ. Ол бəрінен
күшті” дейтін Алдияр Ақпанұлы. Ол кезде профессордың бұл жазбасының төркініне түсінбеп
еді. Кейін жетті санасына. Қоғамың да, заманың да уақытқа тəуелді екен. “Қоғамның, əділеті
кем заманның талабымен істелінген тарихтың қателіктерін уақыт-патша міндетті түрде түзеп,
əр нəрсені өз орнына қояды” деп жазады профессор Алдияр Ақпанұлы.
Жігіттің ойын сыбыр бөліп жіберді. Жақын маңайда əлдекім жүрген секілді. Алмастың
қорқынышқа күпті жүрегі торға түскен торғайдай тыпырлап, алқымына тығылды. Кенет дəл
жанынан мысық мияулады, жігіт селк етіп, секіріп түсті.
– Ой, əкеңнің! – деп кіжінді. Қолында тас болса қақ маңдайдан ұрып, мылжа-мылжасын
шығарар еді. – Брыс!.
Тағы да ішке үңілді, олар əлі қозғалмапты, Бибі шаршаған, əлсін-əлсін есінеп қояды.
Хадишаның ертегісі жуық арада таусыла қоймайтын секілді. Ол терезені қақты. Балалар қорқып
қалған сыңайлы, Бибінің ұйқысы шайдай ашылып кетті, Хадишаның құшағына тығылды. Екі


бала терезеге үрейлене қарап қалған.
– Бұл кім? – деп дауыстады қыз.
– Мен ғой, Алмаспын.
– Ертегі бітті. Ертең жалғастырамыз,– деп Хадиша асығыс орнынан тұрды. Балаларды түпкі
бөлмеге айдап тығып, сыртқы есікті ашты. Соншалық құлшынып тұрмаса да көңілі үшін қызды
құшақтап, ернінен, тамағынан сүйді.
– Қойшы, балалар қарап тұр.
Жігіт өздеріне таң қала қарап, жымыңдап тұрған балаларды енді көрді.
– Оу, батырлар, қалдарың қалай? – Оларға қол беріп амандасты. Бибі жымыңдап күліп, қолын
артына жасырды. – Бибіжан-ау, маған ренжіп қалғансың ба?
– Қыздар қол беріп амандаспайды, аға,– деді Олжас қарындасына ара түсіп. Хадиша мен Алмас
жарыса күлді.
– Ал, балалар, сағат оннан асты, ұйықтау керек,– деді де Бибіні көтеріп, түпкі бөлмеге кіріп
кетті. Екі ұл орындарынан қозғалған жоқ.
– Аға, біздің көкемізді көрген жоқсыз ба? – деп сұрады біраздан кейін Елжас.
– Неге көрмейін, көрдім. Ол кісі қазір Москвада. Онда үлкен жиналыс болып жатыр,– деп соқты
жігіт. Екі бала жымыңдап, біріне-бірі қарады. – Ол сендерге көп-көп базарлық əкеледі.
– Аға, жиналыс қашан бітеді?– деп сұрады үлкен ұл мұңайыңқы үнмен.
– Жиналыс па?.. Е-е, енді... Жиналыс бітеді ғой,– деді ол тура жауаптан қашқақтап. Екі бала
ақырын ғана күрсінді. Көздеріне мұң ұялаған, жабырқау, ата-аналарын мықтап сағынған.
– Ол мамамның ауырып қалғанын білмейтін шығар. Білсе жиналыстан кетіп қалар еді,– деді
Елжас кемсеңдеп. Көз шарасы лезде жасқа толды.
– Иə, айналайын, білсе самолетке отырып, дереу ұшып келеді,– деп баланың ыңғайына жығыла
салды. Сонан соң оны қапсыра құшақтап, бауырына тартты.
– Аға, көкеме хат жазып беріңізші,– деп қиылды Елжас.
– Сен өзің жаз, – деді, баладан мұндай сөз күтпеген ол алғашқы əлетте ептеп абдырап қалған. –
Бəріміз бірігіп жазасыз. Ертең мен-ақ салып жіберемін.
Осыдан кейін екі баланың жүзіндегі көлеңке жоғалып, қабақтары ашылды, бірақ көздеріндегі
мұң кете қоймады. Елжас иығынан ауыр жүк түскендей жеңіл күрсінді. Олжас ағасының
қабағына жаутаңдай қарап, жымыңдап күлді. Екі бала лəм деместен, жетектескен күйі түпкі
бөлмеге кіріп кетті.


Алмастың балаларға жаны ашып, тамағына өксік тығылды. Үшеуі де жүдеп кетіпті. Аш
жүрмеген шығар. Əке мен шешенің орны бөлек. Басқаның жылы сөзі, айналып-толғаным
аймалағаны сəби жүрегін жібіте алар ма, жабырқаған жанына жұбаныш болар ма?! Өзгенің
айналайынынан əкенің анда-сандағы айқайы артық. Жанында қарайып анасы жүрмесе баланың
ішкен-жегені бойына қайдан сіңсін, көңілі үнемі алаң, жүрегіне тікенек қадалғандай қиналады,
ұйқысы да, күлкісі де, өмірі де шала. Анасыз өмір – шала өмір. Əке мен шешенің қадірін
Алмастай-ақ білсін басқа жұрт. Анасы отыз бес жасында автомобиль апатынан қайтыс болды.
Əкесі ауыр жарақат алып, ауруханада ұзақ жатып емделді. Құдайдың рахымы түсіп, жаны олжа
болған бейшара сынған сүйектерін жамап-жасқап, қатарға қосылды. Бірақ денсаулығы қалпына
келе қоймады, басы ауыратын дерт жабысты. Бармаған ауруханасы, қаралмаған дəрігері
қалмаған шығар. Бақсы-балгердің де ем-домы қонбады. Өмірінің бес жылын майданда, сегіз
жылға жуығын түрмеде өткізген əкесі Байсан ізіне түскен дерттен қашып құтыла алмады. Жан
азабына тəн азабы қосылып, бейшара түн баласы ұйқы көрмей шыбын жаны шырылдап, таңды
таңға ұратын. Шиеттей бала-шаға түн жарымда əкенің шырқыраған үнінен шошып оянып,
сарғайып таң атқанша кірпік айқастыра алмай, қорқыныштан қалшылдап шығатын. Үш баланың
үлкені он бір жастағы Саматай таң атқанша əкесінің басын уқалап, ағыл-тегіл жылап отыратын.
Оны көріп, тоғыз жасар Гүлжан мен алтыға еркін толмаған бұл егілетін.
Əкесінің жағдайы бірте-бірте нашарлай берді, ес-түсін білмей серейіп талып қалатын. Астанаға
барып, үлкен дəрігерлерге қаралатын қаржы жоқ. Ай сайын алып тұратын аз ғана пенсия бала-
шағаның нан-шайынан артылмайды. Аш құрсақ тірлікке үшеуі де көндіге бастаған. 
Бір күні ойда жоқта əкесін жедел жəрдем машинасы алып кетті.
– Аман болсам қайтып келермін,– деді қоштасарда үшеуін кезек-кезек сүйіп. Оны қайда алып
кеткенін үшеуі де білген жоқ. Əкелерінің тым ұзақ мерзімге кеткенін, есейіп жігіт болған
кездерінде кездесетіндерін бұлар қайдан білсін.
Сөйтіп тағдыр тақуа мұны алты жасында тіршілік теңізіне лақтырып жіберді. Ол тұншықты, сан
рет тұңғиығына батып кете жаздады, өліп қалмас үшін жанын салып жанталасты. Кішкентай
ғана бала аз ғана уақыттың аралығында ата-анасыз өмір сүруге үйренді.
Алғашқы кездерде əкесі келіп қалардай елегізіп, оның жолын тосып жүретін. Екі жылдан кейін
үміті үзілді, көңіл кесесіне толып қалған əкеге деген сағыныш сезімі шайқалып төгілетін.
Байсанның күндердің күнінде қайтып келетіндігіне сенімін қиыншылығы батпан ауыр өмір де,
кешегіні бүгін-ақ ұмыттырып жіберетін қатал уақыт та жоғалтып жібере алмады. Арада жеті
жыл өткенде зарыға күткен əкесі қайтып оралды. Шашы аппақ қудай болып ағарған, əбден
жүдеген, бетін əжім шимайлаған, иығы қушиған шал иегі кемсеңдеп, “балам” деп құшағын жая
ұмтылғанда Алмас состиып тұрып қалған.
Мен Байсанмын, əкеңмін ғой, ботам,– деп он үш жасар ұлын құшақтап, аймалап сүйіп, ұзақ
егілген. Əкесіне қосылып бұл жылаған. Жеті жыл бойы балалар үйінде көрген қиындықтар,
жетімдікпен өткен өмірі есіне түсіп, əкесінің мойнынан тас қып құшақтап алып, көз жасына
ерік берген.
Көп ұзамай əкесі үй-жайы, бала-шағасы бар өзі қатарлас əйелге үйленді де, Алмасты қолына
алды. Саматай сауда техникумында оқитын. Өгей шешесі қазанына қаспақ қатқан аса салақ əйел
болып шықты. Үйдің іші жаман түйенің жабуындай қалай болса солай шашылып жататын.
Салақтығына қарамай өгей шешесі сөзді жүндей сабайтын, бір бастап кетсе тоқтауы қиын
қызық адам еді. Ерте кетіп, кеш келетін Байсанның құлағының құрышын қандырып, жоқ
сұмдықтарды айтып, сұңқылдағанда бас шұлғып, үнсіз отыратын əкесін соншалық аяп кетуші
еді.


“Əкем қайтадан ауырып қалады-ау” деген қорқынышты ой жүрегін суылдататын. Кейде шыдай
алмай араға түсетін, мұндайда өгей шеше жанын құсып, құтырып кетуші еді. Ештеме естімейтін
таскерең адамдай тұнжырап отырған Байсанға осы кезде жан бітетін, айқай салып орнынан
атып тұрып, заржақ əйелін шашынан сүйреп, түпкі бөлмеге алып кіретін. Құлындағы даусын
шығарып сабайтын, онан соң сыртқа атып шығатын да, ауыл сыртындағы қалың тоғайды бетке
алып жүгіре жөнелетін. Əкесінің қып-қызыл болып қанталап кеткен көзін, долырған жүзін
көріп, қорқып қалушы еді. Ол қатты ашуланғанда аузынан көбік шашырап, тиісерге қара таппай
тыпыршитын. Мұндай сəтте Алмас əкенің көзіне түспей аулақ қашатын.
Кешкілік қайтып келгенде өгей шешесі түк болмағандай жылмыңдап, мұның асты-үстіне түсіп,
жылы-жұмсағын алдына қойып, құрдай жорғалайтын. Əлі күнге сол мінезі. Ащы етіне таяқ
тигенше ақылы кірмейді. Қайтымы тез бірақ, ашулы бурадай езуі көбіктеніп, ақырып тұрып
ұмтылған күйеуіне мүлде қарсыласпайды, басын қорғаштап, “ойбайлап” жата қалады, таяғын
жеп алады да, түк болмағандай жарқылдап күліп жүре береді...
– Бибі əрең ұйықтады,– деді Хадиша халатының омырауын түймелеп жатып. Алмастың ойы
шашырап кетті. Қыздың төсіне қадалып қарады.
– Немене жасырдың? Кəне, көрсет!..
– Ештеңе жасырған жоқпын,– деді оның нені меңзеп тұрғанын түсінбеген қыз. Жігіт оны
қапсыра құшақтап, құлағына сыбырлады.
– Кеудеңе не жасырдың? Көр-р-сет...
– Жібер деймін, жібер!
– Көрсетпесең жібермеймін.
– Ұяламын,– деп қыз оң қолымен халатының өңірін бүріп ұстап алды. – Ой, қой деймін!..
Балалар оянып кетеді. Олар сондай қиналып жүр. Түнде оянып алып жылайды. Оларға қосылып
өзім жылаймын тегі.
Жігіттің құшағы жазылып кетті. Лепірген көңілі су сепкендей басылды. Көңілін мұң баурап,
жаны жабырқады. Жаңа ғана құтылған жайсыз, ашқарақ сезім қайта айналып келіп, жетімдіктің
тақсіретін көп шеккен жүрегін талауға кірісті. Аяғанмен дəмдес бола жүре басына іс түскен
қиын сəтте одан сырт айналғанын ойлап, көңілі сөгілді. Қиыншылықпен өткен балалық шағын,
əр кезде аузынан тастамайтын тəубасын тез ұмытқанына налыды. Өзін өзі іштей сөгіп, біраз
жерге апарып тастады. Мынандай қиын шақта Аяғанға көмектесуден асқан адамгершіліктің
болмасын дəл осы сəтте ол жан жүрегімен түсінгендей еді. Үлкен іске бел шешіп кірісердей
батылдық шақырды, өзін өзі қайрады. Бірақ бұл далбасасынан ештеңе шықпады, оның жүрегін
əлдеқашан талақ тастаған батылдық қайтып оралмады.
Алмас екі ұдай күйге түсіп, есеңгіреп ұзақ отырды. Хадиша дайындаған тамаққа да тəбеті
шаппады. Өзінің тым арзандап бара жатқанын ойлап, көңілі құлазыды. Қаңтарбаев пен
Елемесовты есіне алды, қалақай шаққандай екі беті ду ете қалды.
“Бірге оқып жүріп иттік жасағаным кешірілмес. Құдай да кешірмейді. Кешпейді” деді. Қанша
бұлқынғанмен босана алмасын түсіне тұра алдыңғы екі аяғын қақпанға қаптырып алған
арландай аласұрды.
– Саған не болды? Ауырып отырсың ба?
– Иə,– дей салды жігіт. – Төсек салып берші.
Ештеңеге құлқы жоқ. Үш баланы көргеннен кейін көңілін мұң баурады, əлдеқашан жазылып
кетті деп ойлайтын жан жарасының аузы алынғандай. Жетімдікпен өткен өмірі есіне түсіп,
іштей өксіп, іштей егілді.
Ойлап қараса өмірі мына балалардікіне соншалық ұқсас сықылды. Бұлар да екі ұл, бір қыз.
Шеше инфаркт болып, ауруханада жатыр, беті бері қарай ма, жоқ па, бір құдайға аян. Əке
түрмеде, оның тағдыры шешілген, үміт жоқ. Сарыауыз балапандай үш бала қаңғырып қалғалы


тұр.
“Құдай-ау, үш жасар жұдырықтай қыз ата-анасыз қалай өмір сүреді? Ата-ананың мейірім,
шапағатын көрмеген бала тасжүрек болып өседі ғой. Тасжүрек!..”
Көкірегі қарс айрылардай күрсініп жіберді. Бейқам жатқан қыздың денесі əнтек дір етті. Басын
жастықтан сəл ғана көтеріп, жігіттің жүзіне көз жүгіртті. Көзі жұмулы, бетін тер жуып кетіпті.
– Шамшы өшірші...
Тастай қараңғы бөлмеде бір қырынан екіншісіне аунап түсіп, ұйқы шақыра алмай аласұрған
жігіт қаптаған қалың ойдан құтылудың бір ғана жолы барын түсініп, бауырына тығылған қызды
құшақтап, сағынып, аңсап келгендей ашқарақтана сүйе бастады.
– Жаным,– деді. Дауысы ызалы шықты. Денесі күйіп-жанып, арсыз көңілі тоят тілеп, лəззəттың
шарабына қана алмай масаңсып жатқан қызда оның дауысындағы зіл мен ызаны ажыратарлық
ақыл қалмаған еді...
– Иə-ə...
Қап-қараңғы бөлме жым-жырт тыныштықтың құшағына енді. Хадиша жұп-жұмсақ ернімен
жігіттің алқымын, төсін ақырын ғана сүйіп, ып-ыстық демімен тамағын қытықтады. Ол қимыл-
қозғалыссыз жатыр. Хадиша жігіттің төсіне басын қойып, тым-тырыс тынды. “Дəл осылай
өмірбақи жата берсе” деп қиялдады ол. “Бақыт деген осы шығар” деді. Бақыттан басы айналған
жарым көңіл бейшара қыз өмірден көрген құқай, қиянаттарын біржола ұмытқандай еді.
Алқымына жармасқан жетімдіктің темір шеңгелінен Алмас біржола арашалап алғандай, ендігі
өмірін қол ұстасып, бірге өткізеріне еш күмəні жоқтай көңілін желік биледі.
“Аяғымның ауыр екенін естісе Алмас қатты қуанатын шығар” деп ойлаған қыз жақсы хабарын
кешіктірмей айту керектігін түсінгенмен батылы бармай тосылды. Қазір де міне, тілінің
ұшында тұрған жалғыз ауыз жақсы сөзін сыртқа шығара алмай қиналып жатыр.
– Алмас,– деді ұзақ үнсіздіктен кейін дауысы дірілдеп.
– Тыңдап жатырмын.
Хадиша тағы да үнсіз қалды.
– Неге үндемейсің? – деді жігіт оған бұрылып.
– Сен кішкентай балаларды жақсы көресің бе?
– Оларды аяймын,– деп күрсінді жігіт. – Əсіресе жетім балаларды... Олар жасқана, жаутаңдай
қарағанда жылап жібере жаздаймын...
– Ал кішкентайларды ше... Сəбилерді ше? – деді қыз дауысы дірілдеп. – Жақсы көресің бе?
– Баланы жек көретін адам болушы ма еді?!
– Жек көрмесе балаларын неге тастап кетеді?
– Жек көргендіктен емес, мəжбүрліктен...
Қыз бен жігіт тым-тырыс тынды. Əрқайсысы өз ойымен əуре болып, бір сəт бір-бірін ұмытты.
Алмасқа əу бастағы мазасыз ой айналып соғып, қу жанын қинаса, Хадиша тілінің ұшында
тұрған жалғыз ауыз сөзді қалай айтарын білмей дағдарды. Ақыры ол шыдамады.
– Алмас, білесің бе?.. – деді екі беті ду-у жанып. – Сен папа боласың.
Жігіт шоқ басып алғандай шошынып, басын жастықтан жұлып алды. Бірнəрсені бүлдіріп
алғандай Хадишаның тұла бойы дірілдеп қоя берді.
– Не дейсің? – Хадишаның жауап беруге шамасы келмеді. – Папаң не сенің?
– Бойыма бала бітіп қалған сияқты,– деді қорқып қалған қыз жыламсырап.
– Қайдағы бала? Не деп отырсың өзің?!– деді абыржып. – Баласы несі?.. Біздің өзіміз бала
емеспіз бе?!
Қызда үн жоқ. Жігіт байыздап отыра алмай орнынан тұрып, шам жақты. Апыл-ғұпыл киінді.
Дəл қазір осы үйден кетіп қалса бала дүниеге келмейтіндей қимылы əбжіл.
– Қалжыңның да орны бар, Хадиша.


– Қалжың емес,– деді қыз жігітке таң қала қарап. Жақсы хабарды естіп, жүрегі жарылардай
қуанады деген адамы шошынып, шоқ басқандай күйге түсті. Неге? Осы бір үрейлі сұрақ
секемшіл жүрегін құрсауға алды. Жалғыз ғана “негенің” жауабын табуға өмірден көрген
қиындығы көп болса да көңілге түйгені аз, тіршілікте кездесетін мың-сан қулық, сұмдықтан
хабары жоқ қыздың ақылы жетпеді.
– Мүмкін емес,– деді жігіт мазасыздана бас шайқап. Өңі құп-қу болып кеткен. – Сен дəрігерге
бар, дұрыстап тексеріп.
Қыздың көңілі босап, көзіне жас іркілді. Алмас байқап қалмасын деді ме, теріс бұрылып, көз
жасын алақанымен сылып тастап, ақырын ғана күрсінді.
Өтірік айтамын,– деді онан соң қинала күлімсіреп. Жігіт оған көзінің қиығын тастады, қыздың
жүзі солғын, қабағына көлеңке қоныпты, екі көзі балбұлдап тұр. Қиналып күлді. Оның амалдың
жоқтығынан, мұның көңілі үшін ғана өтірік айтып тұрғанын жігіт білді. Не істеу керек?
Берекесі қашып, үйге сыймай аласұрған Алмаста дəл қазір тұйықтан шығар жол табар ақыл жоқ
еді. Дел-сал болып, сұлық түсіп отырған қыздың көңілін аулап, жылы, жақсы сөзін есепсіз
шашты. Мұнысының құр далбаса екенін біле тұра көсемсіді. Қыздың қабағының қыртысы
жазылғанмен көзіндегі мұң тарқамай қойды.
Сарғайып таң атқан кезде үйге сыймай тықыршып əрең отырған жігіт Хадишаны қысып,
құшақтап, сұп-суық ернінен, тамағынан сүйді де, асығыстығының себебін сан қайталап
түсіндіріп, кетіп қалды.
Хадиша лəм деместен есік алдына шықты. Ұзап бара жатқан Алмасқа қарап, жүрегі жылап,
мұңайып тұрған қыздың қу көңілі бір жаманшылықты сезді.
* * *
Студкеңес мəжілісінің хаттамасы мен ректордың атына жазылған хатты пəпкесіне салып
алғаннан кейін Алмастың ойы онға, санасы санға бөлініп, бір тоқтамға келе алмай, екі ұдай
күйге түсті. Жатақханадан ерте шығып кеткенмен лекцияға əдейі бармай қалды. Курстастары
жан-жақтан жабылып, түтіп жеп қоюы мүмкін. Олардың алдында жер болып тұрғанша лекцияға
бармағанды жөн көрді.
Бірге оқитын жолдастарына қиянат жасағаны кісілікке, адамгершілікке жата ма? Ертең
басқалардың бетіне қалай қарайды? Сонда қайтпек керек? Жақияның дегенін орындамаса
омақаса құлайды, ол аяйын деп отырған жоқ. Аңысын аңдып жүріп, қайтып тұрмастай етіп
құлатады. Қатарға қайтып қосылу үшін қысқа өмірі жетер ме, сірə! Омақаса құлаған соң ес
жиып, болашақтан үміттену бос далбаса тірлік болып қалар, бəлкім. Сүйек болар жанашыр кімі
бар? Əкесі анау, қалт-құлт етіп өз күнін əрең көріп жүрген бейшара. Жалғыз бауыры басқаға
тəуелді. Анда-санда салып тұратын отыз сомына рахмет, ол шіркін кімге тұлға болып
жарытпақ?! Ешкімі жоқ. Ендеше мықтымен жағаласпа, оның ыңғайына жығыл, дегеніне көн.
Қаңтарбаев пен Елемесов сияқты сыпыраның ішінде отырып ержеткен, əкенің дəулетінің
арқасында дүние-мұхиттың шəрбетіне жүзіп жүріп қанған еркетотай емес. Өмірдің қандай
екенін біледі. Өмір қатал. Ол өзінің бақыты үшін күресе алмайтындарды аямайды. Ешкімнен
кем емес, басқалар сияқты бақытты өмір сүргісі келеді. Күреседі. Күрестің заңы жығу, не
жығылу. Не жығу, не жығылу... Тең түсу – жеңіліс...
Ол 28 – панфиловшылар паркінің ішінде əрі-бері қыдырып ұзақ жүрді, балалық шағын, бейнесі
есінде еміс-еміс қалған анасын ойлады. Аяғанның отбасын есіне алды, көз алдында оның үш
баласының бейнесі келді. Көздері жаудырап, үлкендерге жасқана қарайтын сүйкімді балаларды
жүрегі езіле аяп кетті. Кеше оларға тəтті-тəмелек ала бармағанына өкінді.
Жан-жаққа тарап кеткен мың сан ойы жиналып, бір арнаға түсті де, Хадишаға тірелді. Алматың
көңілін өкініш пе, жоқ əлде реніш пе, əйтеуір бір жексұрын сезім жайлады.
“Бала дейді... Ол кімге керек? Жо-жоқ, алдырту керек” деп күбірледі. “Ал егер ол көнбей қойса


ше?” Осындай күдік жолын кесті, аяңдап келе жатқан жігіт шошынып, оқыс тоқтады.
Хадишаның көнбеуі мүмкін бе? Мұның ниетін білсе ол қыр соңынан қалмайды. Босанып алса
ешқайда қашып кете алмайды, аяғына тұсау салынады. Пəтерден пəтерге көшіп, тапқаны
тамағына жетпей, кисе киімге жарымай тентіреп жүрсін. Қызыл қарын жас бала мен қу
құлқынның қамын ойлап, үзеңгі бауы сегіз қабат əлдекімдерге жарамсақтанып, зар қағып
табанынан таусылсын. Есебін білер ептілер аспанға шарықтайды. Ал бұл...
Алмас тұңғиыққа шым батып бара жатқандай сезінді өзін. Сол тереңнен қалай шығарын білмей
далбасалаған жігіттің ойына Жақия түсті. Селк етіп, бойын жинап алды. Барлық жол сол кісіге
барып түйіседі екен. Тізгін соның қолында. Ол көңілі түссе жарылқайды, кектессе қазық қылып
қағып жібереді. Сондықтан соның айдауына да, байлауына да көнбеске лажы жоқ екен.
Алмас асыға басып, институтқа қарай адымдады.


16
Қазан айының оныншы жұлдызында Аяғанның отбасы профессор Алдияр Ақпанұлының
пəтеріне көшіп келді. Жылы үйге келген соң балалар жетісіп, жырғап қалды. Кішкентай бала
десе емешегі езіліп тұратын профессорға үшеуі тез арада бауыр басып алды, ол кісінің Бибіге
деген көңілі көл-көсір. Кішкентай қыз бақшадан келісімен шалды төңіректейді.
– Ата, ертегі айтып берші,– дейді. Профессор ойдан құрастырып, Елжас, Олжас, Бибі, Хадиша
туралы қызық-қызық ертегілер айтудан жалықпайды. Кішкентай қыз ертегі тыңдап жатып
ұйықтап қалады.
Ертегіге екі бала да құмар, əсіресе өздері туралы көбірек айтқанды қалайды. Шалдың ертегілері
көңілді, кейіпкерлерінің барлығы жақсы адамдар болып келеді.
Асылхан мен Ақбота осы үйдің адамдарына айналды. Үйді тазалау, тамақ жасау екі қыздың
міндеті, Асылхан алып кел, барып келге таптырмайтын қолғанат. Біраз күннің ішінде
профессордың жүзіне қан жүгіріп, басқалардың көмегімен бөлменің ішінде əрі-бері жүруге
жарады. Тамырына нəр бармай семіп, қурап бара жатқан ағашты суғара бастаса өзегі
қоректеніп, бүршік жарады. Солып, сөніп бара жатқан Алдияр ақсақал жанашырларының
арқасында қайтадан қатарға қосылып, адамша өмір сүре бастады.
Алғашқы əлетте Хадиша үлкен кісіден ыңғайсызданып, үш баланы бір бөлмеге қамап алып,
тым-тырыс отыратын. Шал оның мұнысын сезіп қалып, реніш білдірген. Бірақ интернатта
өскен, əркімнің бетіне жаутаңдап жүріп ержеткен қыз бөтен үйде еркіндікке мүлде үйрене
алмай-ақ қойды. Шалдың ниетін таныған соң балалар мүлде еркін болып алды. Əсіресе Бибі
ерке. Бақшасынан келісімен үш бөлмелі үйді басына көтеріп Алдияр қарияның төсегіне шығып
секіріп, кеудесіне мініп алады. Біраздан бері төсекке байланып, қимыл-қозғалыссыз, қараусыз
жатып қалған шал мүлде қабақ шытпайды. Балаларға сес көрсетіп, быж-тыж болып жүретін
Хадишаға ренжиді.
Қызым, балалардың бетінен қақпа. Жүгірсін, ойнасын. Іші пысады баланың,– дейді езу тартып.
– Бір жаман немерем болса деп армандаушы едім. Құдай менің тілегімді қабыл көрмеді ғой. Үш
бөлмелі үйде күні бойы жападан жалғыз қимылсыз жату оңай ма. Маған балалардың у-шуынан
асқан ем жоқ.
Шекесіне тағдырдың таяғы көп тиіп, жасқаншақ болып өскен қыз көп уақыт өтпей-ақ қарияның
өтінішін ұмытып, бірін-бірі қуалап, күлкіге қарық болып жүрген үшеуіне қабақ шытады.
Оңашалап алып, ақыл айтады.
Атаның мазасын алмаңдар, ол кісі ауырып жатыр. Сендер шуласаңдар ол жазылмайды,– дейді.
Ересектеу Елжас түсінеді, екі кішкененің санасына сəуле түспейді. Бір сəт томпиып-томпиып
үнсіз отырып қалады. Аяқ астынан тəртіпті болып, үнсіз қалған балалардың жағдайын Алдекең
бірден біреді де, даңғазаны өзі бастайды.
Балалар, қайдасыңдар? Неге билемейсіңдер? – дейді. Оларға осы сөз жетіп жатыр. Ешкімді
жалындырмайды, айқай-шуға қайта кіріседі. Екі кішкененің жиі-жиі ренжісіп қалатыны бар.
Мұндайда Елжас қарындасына жақтасып, інісіне қол жұмсайды. Ол əрине жылайды, оған
қосылып Бибі көз жасына ерік береді. Екеуі үйді басына көтеріп, шал жатқан бөлмеге кіреді.
Күнделікті жағдай қазір де қайталанды. Ас үйде тамақ қамымен жүрген Хадиша жүгіріп келді.
Бибі профессордың кеудесіне мініп үлгеріпті, Алдекең көз жасын көлдеткен Олжасты басынан
сипап, жұбата алмай əуре.
– Жігіттер жыласа шашы түсіп қалады,– деді шал. Баланың даусы сап тиылды. Шал енді
кішкентай қызды жұбатуға кірісті.
Бибі “шашың түседі” дегенге түсінбейді, оны қойдырудың əдісі мүлде басқа. Алдияр қыздың


бетінен сүйіп, арқасынан қақты.
– Менің қызым бəрінен ақылды, бəрінен күшті, бəріңнен сұлу. Мен оған к-ө-ө-п тəтті тоқаш
сатып беремін,– деді. Бибінің дауысы бəсеңдеді, басын көтеріп:
– Міне, мұнша балмұздақ сатып бей,– деп он саусағын көрсетті.
– Тағы да міне, бесеуді қос,– деп профессор икемге келетін сол қолын көтеріп, бес саусағын
көрсетті.
– Сен де көтей қолыңды,– деп Бибі өкпесі əлі тарқай қоймаған ағасына бұйыра сөйледі. Ол бірақ
қарындасының дегеніне көнбей, теріс айналды. Оның орнына Хадиша саусақтарын жайды.
Кішкентай қыз қуанып, қол шапалақтады. – Көп-көп балмұздақ жегім келді.
– Балмұздақты жазда, күн ыстықта жейді.
– Ой, ыстықтап кеттім,– деп қыз кеудешесін шешіне бастады. Профессор мен Хадиша жарыса
күлді. Осы сəтте есік шырылдады.
Келгендер Асылхан мен Ақбота екен. Бауыр басып қалған балалар жарысып барып, жігітке
жармаса кетті, ол алдымен Бибіні көтеріп, бетінен сүйді, сонан соң екінші қолымен Олжасты
іліп алды.
– Маған не əкелдің?– деді Бибі бетінен сүйгізгеннен кейін қолын сумаңдатып жігіттің
омырауына тығып жіберді.
– Алма, конфет əкелдім. Өлең айтпасаң бермеймін.
Бақа, бақа балпақ,
Басың неге жалпақ,–
деп тақылдады Бибі. Бұлқынып жерге түсті де Асылхан көтеріп келген үлкен сумкаға қолды
салды. Олжекең де қарап қалған жоқ.
– Жүріңдер, жуып берейін.
Ақбота екі баланы асүйге алып кетті. Асылхан аяғын шешіп, профессордың бөлмесіне кірді.
– Аяғаннан хабар білдіңдер ме?– деп сұрады Алдекең.
– Жан-жақты тексеріп жатқан сияқты. Білгенім – шындық жоқ, жала көп.
Профессор лəм деместен екі көзін төбедегі бір нүктеге қадап, қимылсыз ұзақ жатты.
– Студенттердің хатына жауап келмеп пе?
– Келмепті. Алмасты таба алмай қойдым. Ол студкеңестің төрағасы болыпты.
– Е-е-е,– деді Алдекең дауысын созып. Дауыс екпініне қарағанда бұл хабар оған ұнамаған
сияқты. Асылхан оған ұрлана қарады. Шал екі көзін жұмып алыпты, қабағы шытыңқы, ауруы
жанына батып, қиналып жатқан адамға ұқсайды. Алғаш көргендегідей емес, жүзіне шыр кірген,
бетіне қан жүгірген. Жігіт төңірегін шолды, үйдің іші мұнтаздай таза. Хадиша бейшара қарап
отырмайтын тəрізді, екі қабырғаны түгел алып тұрған кітаптар шаңнан тазарыпты, сөрелердің
əйнегі шаммен шағылысып, жарқырап көз жасқайды. Осы үйге бірінші рет бас сұққан күні
шаңның иісі танауын қытықтап, қайта-қайта түшкіріп, мазасы кеткен. Бөлменің бұрыш-бұрышы
сүңгілерден тазарған. Шалдың үстінде тап-таза ақ жейде. Сақал-мұртын өткен жолы келгенде
өзі қырып берген, қайтадан тікенектеніп қалыпты.
Хадишаға іші жылып, көңілі марқайды. Оған Алдекеңнің де риза екендігіне күмəні жоқ,
“Хадишадай аруға қолы жеткен адам бақытты екен” деді. Оның басқаға емес, өзінің ең жақын
досына бұйырғанына қуанды. Кішкентай кезінен жетім қалып, өмірдің теперіш-тепкісін көп
көрген Алмасқа іштей бақыт тіледі.
– Бəріміз жабылып, араша түспесек олар Аяғанды жеп қояды,– деді, біраз үнсіздіктен кейін
профессор көзін ашып, асықпай сөзін сабақтады. – Мəскеуге, Қазақстанның Орталық партия
комитетіне, Жоғарғы жəне арнаулы орта білім министрлігіне қайта-қайта арыз жаза беру керек.
– Олар бірнеше рет тексеріп кеткен жоқ па?
– Олар мұндағы ордалы қасқырдың сойылын соғып жүр ғой, қарағым,– деп күйіне сөйледі


Алдекең. – Көрмеймісің, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне дейін жаулап алған. – Шал
күйініп, жылайтын адамдай қабағын қарс түйіп, қабырғада ілулі тұрған суретінен көз алмай үн-
түнсіз қалды. Жігіттің аузына жөндем сөз түспей дағдарды. – Оларды жеңу қайда!.. Қарсылық
түгіл, қара басыңды қорғай алмай қор боласың. “Айласыздың батыры айға шабады” деген сөз
бар. – Шал ызалана мырс күлді. – Сол батырдың кебін киіп, жатысымыз мынау. Айқай дүние,
ай, дүние-ай!.. Ешкімге керек болмай ақиқаттың қадыр-қасиеті кетті-ау.
Асылхан үнсіз. Ақиқаттың қай кезде тым арзандап, ешкімге керек болмай қалатынын біледі.
Бірақ біржола қасиеті кетіп, қадыры қашады дегенге сенбейді. Бір басының қайғы-қасіретін
бүкіл қоғамның басындағы дертке бағалағаны қалай? Профессордың осындай жағдайға тап
болып, ғаріп қалге түсіп, мешел баладай қозғала алмай жатуына қоғам кінəлі ме? Оны жан-
жағынан жабылып талап, мүйіздеп құрдымға құлатқан қоғам емес ғой, бұл жеке адамдардың ісі.
Жеке адамның, тіпті мемлекет басында отырған кісінің кемшілігіне бола қоғамға топырақ
шашу ақылға сия ма?
Алдияр ақсақалдың көңіліне қарап, ойын ашып айтпай, үнсзі отыр. Көңілі жарым, жаны жаралы
адам не айтса да жарасады. Артық ауыз сөзі үшін ондай пенделерді жазғырудың əбес боларын
жігіт біледі.
– Столда екі конверт жатыр. Почтаға салып жібер, қарағым. Менің қолымнан жан-жаққа жат
жазғаннан басқа не келсін. – Сол қолын тіреу етіп, басын көтерді. Асылхан қолтығынан демеп,
арқасына жастық қойды. – Келін қалай екен?
– Əлі бір ай жататын көрінеді.
– Аяғанның түрмеге түскенін келінге айтып қоймаңдар.
– Мəскеуге іссапарға кетті дедік.
– Е-е,– деді шал əнтек жымиып. – Ол сендердің сөздеріңе сенер ме екен.
– Үш баланы шал-кемпір ауылға алып кететін сияқты,– деп жігіт тосын əңгіменің шетін
шығарды.
– Балаларды ма? – Профессордың қабағы қыртыстанып, езуіндегі күлкі табы зым-зия жоғалды. –
Əсем ауруханадан шыққанша балалар осында бола тұрса қайтер ед. Балаларын көріп тұрса
көңілі алаңдамайтын еді ғой. Неге асықты екен? – Əттеген-ай, ə!
– Аяғанның жағдайын əке-шешесі естісе шала бүлінетін болды,– деп Асылхан қынжыла бас
шайқады.
– Олар қашан келеді екен?
– Бүгін деп естідім.
– Осында түссін. Шалмен өзім сөйлесіп көрейін. Ауылдың қарияларын білемін ғой. Балаң
үкіметке қарсы сөз айтты десе болды, байыбына бармай жатып бəрінен түңіліп, безіп шыға
келді,– деп езу тартты Алдекең. – Сталиннің заманын көрген, ептеп басына таяқ тиген адам
болса қауіпсіздік комитетінің атын естігенде-ақ талып жығылар. О-о, біздің заманымызда
НКВД деген жаналғышпен бірдей еді ғой, қарағым.
– Ата, тамақ дайын болды,– деді Хадиша жұмсақ үнмен, шалға ізет жасап, сүйкімді жымиды.
– О-й-н-о-лайын! – деп шал емірене дауыстады. – Хадишам келіп, көзім ашылды. Осы қызым
болмағанда бұл уақытта аталарыңның Көктөбеңнің қай пұшпағында жатарын кім білсін. Əлде
Көктөбеден орын тимей Боралдай жаққа жылжып кетер ме еді.
– Сіз жүз жасайсыз, аға!– Асылхан жігерлене сөйледі. – Аяғанды арашалап алу сіздің ғана
қолыңыздан келеді. Сондықтан сізге босаңсуға болмайды.
– Əй-й, шырағым-ай! Біздің əрекет құр далбаса болып шыға ма деп қорқамын,– деді шал
шаршаңқы дауыспен. – Қарап жатып өлмек жоқ. Жаға жыртыспақ та жан сақтау үшін
жанталасамыз. Көмектесіп жібер, шырағым.
Жігіт оны қолтығынан демеп тұрғызды да, сүйемелдеп ас ішетін бөлмеге алып келді. Хадиша


əзірлеген тамақты алдарына ала бергені сол еді телефон шырылдап қоя берді. Трубканы Ақтоба
көтерген.
– Алло, сізге кім керек? Қуат! Мұнда ондай адам тұрмайды.
Шалдың есімін құлағы шалып қалған Асылхан орнына атып тұрып, дəлізге жүгірді.
– Ол деген Аяған ағаның əкесі емес пе. Қап! – деп санын сарт еткізіп салып қалды. Ақбота
абыржып, əпсəтте жүзі қызарып шыға келді.
– Жə, таусылма! – деп дауыстады Алдияр Ақпанұлы. – Біраздан кейін қайтадан телефон шалар.
Профессордың айтқаны келді, олар тамақтанып болған кезде телефон шырылдады. Трубканы
Асылхан көтерді.
– Əлеу бұл қайдан? – деді аржақтағы дауыс.
– Профессор Алдияр Ақпанұлының үйіне түстіңіз.
Аржақтағы адам тым-тырыс, əрі-бері өткен машиналардың даусы естіледі.
– Алло, алло!..
– Əлеу, пірəпесір, ассалаймағалейкүм! Бала-шаға, мал-жан аман-есен бе? Мен ауылдан келдім.
Əлеу-əлеу!..
– Иə, иə қария...
– Менің немерелерім қайда?
– Ата, ассалаумағалейкөм! Қай жерде тұрсыз?
– Көшеде,– деді шал. – Əй, бұл кім өзі?
– Асылхан деген балаңызбын. Қай көшеде тұрсыз?
– Алматының көшесі. Төрт қабатты үйдің жанында.
– Көшенің аты қандай?
– Əй, өзің қызық екенсің. Мен қайдан білейін, ауылдан келдім,– деп шамданды шал. Не істерін
білмей, не дерін білмей жігіттің дымы құрыды.
– Қай жерде тұрғанын білмейді,– деді трубканы алақанымен жауып тұрып. – Ата, жаныңыздан
өтіп бара жатқан адам болса шақырыңызшы.
– Əй, тауарыш! – деген дауысы естілді шалдың. Жігіттің езуінде күлкі үйірілді. Шауып келіп,
жанында тұрған балаларға көзін қысты.
– Аталарыңмен сөйлесесіңдер қазір.
– Алло, тыңдап тұрмын,– деді трубканы алған адам.
– Кешіріңіз! Біздің шал қай жерде тұрғанын түсіндіріп айта алмады. Мүмкін болса сіз айтып
жіберсеңіз,– деп қиылды жігіт. Шалдың қай жерде тұрғанын дəл біліп, Қуат қариямен сөйлесті.
– Қазір немерелеріңізбен сөйлесесіз. Біз барғанша тапжылмаңыз.
Трубканы Олжасқа ұстата салды да, асығыс киініп, Елжасты жетелеп, шыға жөнелді. Такси де
оңай табылды. Жанына келіп, тоқтай қалған машинаға шал мүлде мəн бермеді. Екі иығы
селкілдеп жылап тұрған секілді.
– Ботам... Қоңыр қозым!.. Қазір барамын,– дейді егіліп.
– Ата! – деп дауыстады машинадан секіріп шыққан Елжас. Екі иығы селкілдеп жылап тұрған
шал жалт бұрылды. Жүзі сора-сора, əбден жылаған. Немересін көріп, құшағын жая ұмтылды.
– Құлын-е-м!..
– А-а-т-а-а!..
Ата мен немеренің құшағы айқаса кетті.
Асылхан салбыраған трубканы көтеріп, құлағына тосты. Бибі сөйлеп тұр.
– Ата, сен маған не əкелдің? Көп-көп балмұздақ жегім келді...
Ата мен немеренің құшағы жуықарада жазылмайтын сияқты.
Шал немересінің əр-əр жерінен сүйіп, иіскелеп, мауқын баса алмай жатыр. Екі көзі меймілдеген
жас.


– Ата, машина тосып қалды, жүрейік.
Қуат ақсақалдың үлкен алақоржынын машинаның жүк салғышына орналастырып, шалды
қолтықтап артқы орындыққа жайғастырды. Жол бойы маңдайшадағы айнадан шалға қарады да
отырды.
Қарияның көз жасы үйге жеткенше тиылмады. Немересінің сүймеген жерін қалдырмады.
Атасын Елжас та сағынып қалыпты, шалдың мойнынан қапсыра құшақтап, қуаныштан жадырап
күледі. Үндемей томаға-тұйық жүретін баланың көзіндегі мұңды көріп, Асылханның жүрегі
ауыратын. Елжастың шаттыққа толы жанарында сол мұңның ізі қалмапты.
Қорбаңдап табалдырықтан аттаған қара шалды Олжас аталап келіп бас салды. Ағасы не істесе
соны қайталайтын Бибі аталап оның соңынан тұра жүгірген, басында тұмағы, үстінде қара тоны
бар қаба сақал бейтаныс шалды көріп, қалт тоқтады, бажайлап қарады, сонан соң бақырып кейін
қашты. Қуат қария пысынап терлеп кеткеніне қарамай немересін көтеріп алып, бауырына
басқан күйі көзінен мөлт-мөлт шыққан жасын сүртпестен ұзақ тұрды. Шалға қарап тұра беруге
Хадиша мен Ақботаның жүздері шыдамай, көздеріне іркілген жасты саусақтарымен қағып
түсіріп, теріс айналған.
– Аталарыңды бері алып келіңдер,– деп дауыстады Алдияр қария.
– Ата, шешініңіз,– деп бəйек болған Асылхан шалдың тоныны іліп, тұмағын алды. Жуынатын
бөлмеге кіргізіп, су ағызып берді. Жуынып шыққан Қуат қарияны ас үйге бастап келді.
Өзіне қадала қарап қозғалмай стол басында отырған шашы таза ағарған, сары аурудан тұрғандай
жүдеу шалды көріп, Қуат қария ауылдың əдетіне бағып, қос қолымен кеудесін басып тұрып
сəлем берді.
– Орнынан тұрмады, сол қолын берді деп сөге жамандамаңыз, қария,– деп күлімсіреді
профессор сол қолын ұсынып жатып. – Осылай кəріп болып қалдым.
– Алланың ісіне қайран бар ма? – деп күрсінді Қуат қария.
– Алланың ісіне айып жоқ, адамның ісі болса ше?
– Е-е, жаратқан-ай! Адамның ажалы адамнан болып жатыр ғой.
– Алыс жолдан шаршап келген шығарсыз, шай ішіп, жан шақырып алыңыз,– деді профессор сол
қолымен тəтті тоқашты Қуат қарияның алдына қарай жылжытып. Сонан соң есіктен жылтыңдап
қара жүрген Бибіні өзіне шақырды. – Қызым, бері кел.
Кішкентай қыз жүгіріп келіп Алдекеңді құшақтай алды. Немересінің бетінен сүймек болып,
қолапайсыздау қозғалып барып, Бибіні құшақтамақ еді, қыз қаба сақал шалдан қорқып,
шырылдап профессордың құшағына тығылды.
– Қызым-ау, ол өзіңнің атаң ғой. Алыста, ауылдан келді.
– Еһе, менің атам емес,– деп Алдекеңнің мойнынан қапсыра құшақтап алған қыз.
– Ой, алтыным! Ой, жарығым! Атаңды жатырқап қалыпсың ғой, өзің,– деп көзіне келіп қалған
жасты мына жалпақ алақанымен сүртті. Көңілшек шалдың мына қылығы Хадиша мен
Ақботаның көздеріне жас үйірді.
– Оу, ұмытып кетіппін ғой. Қоржын қайда, қызым? – деп қорбаңдап коридорға шығып кетті.
Үлкен ала қоржынды мықшыңдап əрең көтеріп кіргізді де аузын шешті. – Əжелерің сендерге
құрт, май, ірімшік бері жіберіпті. Алыңдар, боталарым, жеңдер...
– Атаңа бетіңнен сүйгіз,– деді профессор қыздың құлағына сыбырлап. – Қарашы əне, саған құрт,
ірімшік алып келіпті.
– Біл-ақ лет сүй,– деді қыз, Қуат қарияның алдына келіп, бетін тосты. – Сақалыңды былай
талтшы...
Шал немересін бауырына басып, көңілі босап, көзін жұмып алып, біраз уақыт үнсіз қалды.
Көзін ашып алып, қайта жұмды. Екі көзінен ыршып шыққан қос тамшы мөлтілдеп сəл тұрды да,
тамып түсті. Құрт пен ірімшіктен құр қаламын деді ме, қыз тыпырлай бастады. Қария


немересінің маңдайынан иіскеді.
– “Бармасаң келмесең жат боласың” деген осы,– деп күрсінді шал. Сонан соң Хадишаның
қаймақ қатқан қызыл күрең шайын сораптауға кірісті. Демнің арасында пора-пора болып
терледі. Көлдей орамалымен терін құрғатты.
– Жарықтық үнді шайының бір қасиеті бар.
– Шайдың қадырын өзіңіз сияқты кемпірі бар қариялар білер. Мен секілді жетім шалға
бəрібір,– деп жымиды Алдекең.
– Шырағым,– деді шал шай құйып отырған Хадишаға. – Қоржынның екінші басында келіннің,
балалардың сыбағасы бар еді. Кəлəделниктеріңе салып қойшы.
Шай ішіліп болғаннан кейін профессор Асылханның көмегімен өз бөлмесіне жетіп, төсегіне
жайғасты.
– Қарияға төрге көрпе төсеп, шынтағына жастық тастаңдар, балалар.
Оның аузынан шыққанды қалт еткізбей орындайтын Хадиша алдымен кілем жайып, оның үстіне
төр көрпе төсек, екі жастық тастады. Қыздың қимылын бағып тұрған Қуат қария ризалығын
жасыра алмай Хадишаның маңдайынан сүйді.
– Бақытты бол, айналайын,– деді еміреніп. Ол шығып кеткеннен кейін малдас құрып отырды. –
Қызыңыз ба, келін бе?
Алдияр бас шайқады.
– Бұл бір ұзақ əңгіме.
Бөлмеге үш бала кірді. Екі ұл Қуат қарияны құшақтап, қыз профессордың алдына отырды.
Барлығы мəз. Томаға тұйықтау болып жүретін Елжас мүлде өзгерген, бұрын үлкен адамдардай
өзін соншалықты салмақты ұстауға тырысатын бала атасы келгелі бері тарқылдап күліп, бір
бөлмеден екіншісіне жүгіріп, інісімен алысып, əбден тайраңдады...
– Менің атамның сақалы жоқ,– деп Бибі профессордың мойнын құшақтады. – Сендейдің
аталайыңның сақал мынандай...
– Біз саған құрт, ірімшік бермейміз. Өзіміз жейміз,– деп сес көрсетті Елжас. Кішкентай Бибіге
бар шындықты айтып салуға батылы бармай, екінші жағынан Алдияр атасын аяп, əжептəуір
қиналды. “Қуат атам Бибіге ренжіп қалатын болды-ау” деп ойлап, қабағы түсіп кетті.
– Бибі, Қуат ата бəріміздікі,– деді Елжас қабағы тұнжырай қалған профессорға жасқана қарап. –
Алдияр ата да бəріміздікі...
– Иə, саған!.. Алдиал ата менікі. Ешкімге беймеймін.
Атасының мойнынан құшақтап алған. Профессордың жүрегі елжіреді. Кішкентай қызды əр-əр
жерінен шөпілдетіп сүйжі. Есіктен Хадишаның басы көрінді.
– Кешіріңіздер, деді ол қысыла күлімсіреп. – Елжас, сабағыңа дайындал. Олжас, Бибі, жүріңдер,
далаға шығамыз.
– У-у-р-а-а! – деп Олжас орнынан атып тұрды.
– У-у-л-а! – деп Бибі де жерге секіріп түсті.
Екі шалды оңаша қалдырып, барлығы жөніне кетті.
Екеуінің əңгімесі олар қайтып оралғанда енді-енді қыза бастаған. Алдиярдың іші əбден толып
қалған екен, əке-шешесін ақтың əскерлері киіз үйге қамап, өртеп жібергенінен бастап
əңгімеледі. Үлкен дəрежеге бейнетпен жеткен Алдекеңнің азапқа толы өмірі туралы əңгімені
Қуат қария малдас құрып, тапжылмай отырып тыңдады. Бір кісідей қиындық көрдім деп
ойлаушы еді. Профессордың өмірімен салыстырғанда мұнікі ауызға алуға да тұрмайды екен. Ол
жетім қалып, телім-телімі шығып, көрінгеннің есігінде жүрген жоқ, анасы ертеректе қайтыс
болғанмен əкесін беріде өз қолымен жерледі. Жұрттың баласы ашығып, тышқан аулап жан
сақтап немесе талғажу етер дəн таппай ісіп-кеуіп, қырылып жатқанда шаруақор əкенің
арқасында тірі қалды. Марқұм əкесі шаруаға мығым, еті тірі адам еді. Осынау ұлан-байтақ


даланы аштық жайлап, қалың жұрт таңдайға салар бір түйір дəн таппай босып кеткенде
Сағынтай қарасуға қармақ салып, бала-шағасын балықпен асырады. “Ой-бай, жылан жемейміз”
деп кесірленген кейбіреу бала-шағасының обалына қалды. Қарасудың балығы қыста да азық
болған. Жұрттың “жылан” деп жүргені патша балық екен. Патша балықты айтып тамсанып,
аузының суы құритын талай адамды кездестірді осы өмірінде. Қалың елдің қабырғасын
қайыстырған қаралы жылдар Сағынтайдың үйін айналып өтті. Одан кейінгі бүкіл халықтың
басына туған ауыр күндерде Қуат ел қатарлы қолына қару алып, Отанын қорғауға қатысты.
Құдайдың құзыры жауып, аман-есен қайтып оралды. Үлкен ерлік жасап, аты аңызға айналған
жоқ, бастың амандығын ойлап, жан сауғалап, бұғып та қалмады, белуардан су кешіп, ақ қар, көк
мұзда апталап, айлап жататын кездері болған.
“Көппен көрген ұлы той” демекші, Ұлы Отан соғысында көрген қиямет, қиыншылықтар барлық
халыққа ортақ болғандықтан қария басынан өткендерін əңгімелеп, кеуде қағуды ерсі көрді.
Кейбіреулер секілді соғысқа қатысқанын бұлдап, орден-медальдарын сылдырлатып, темтеңдеп
есік тоздырып жүретін əдеті жоқ. “Көп қатарлы елімді, Отанымды қорғадым” дейді сұраған
адамға. “Ақсақал-ау, өзіңіз майдангерсіз, ордендеріңіз бар, неге жеңілдікті пайдаланбайсыз”
дейді білетіндер сыр тартып. “Е-е, шырағым-ай, өзіміз екі баспыз, тарығатындай не зауал туды
дейсің. Тəубе деп қойсаң бəрі орнына келеді” дейді қария.
Аса діндар болмағанмен ептеген молдашылығы бар, аузынан тəубасы түспейді. “Жалғыз ұлдың
абыройы көтеріліп жүрсе осының арқасы” деп ойлайды. Тəубашылдығының арғасында
жаманшылық көрген жоқ. Соғыстан келгеннен кейін колхоздың жұмысын істеді, күн деген жоқ,
түн деген жоқ. Адал еңбегі абырой əперді, үкімет пен партия еңбегін бағалап, кеудесіне екі рет
орден қадады. Айналайын үкіметі мен партиясынан көрген жақсылықтары аз емес қой. Жасы
келгеннен кейін құрметті демалысқа шығарып салды. Алатын пенсиясы кемпірі екеуіне кең
қолынан жетеді. Сол пенсиядан жырымдап жүріп жинаған ақшасы бар. Құдайға шүкір, көп
қатарлы өмір сүріп жатыр.
– Е-е, тəуба! – деп Қуат қария бетін сипады. Бөлмеге имене басып, Хадиша кірді. Ежелгі
дағдысымен екі шалға кезек-кезек жаутаңдай қарап, жылы жымиды.
– Ата, сізге төсек салып қойдым.
– Қызым, атаңа төсекті осы үйге сала ғой. Əңгімелесіп жатайық,– деді Алдияр, “дұрыс айттым
ба” дегендей сұраулы жүзбен Қуатқа қарады.
– Иə, ұйқы шіркін келе қоймас.
Түзге отырып келіп, шамды өшіріп жатқан соң екі шалдың əңгімесі əрі қарай жалғасты. Өзінің
өміртарихын айтып болып, Аяғанның жағдайына ауысқан кезде Қуат қария басын көтеріп
отырды. Біраздан кейін көңілі босап, іштей егілді. Жалғыз ұлдың жағдайы қабырғасына батып,
ішін ит тырнағандай қиналды. Профессор оның егіліп отырғанын көрмесе де іштей сезді.
Шалдың көңілін жұбату үшін өзінің Ай бағып қарап жатпағанын, жос-жарандарының оны
құтқарып алуға кіріскенін тілге тиек етті. Қуат қарияның үміт шырағы тұтанғанмен құлазыған
көңілі қалпына келе қоймады. Ол сарғайып таң атқанша дөңбекшіп, кірпік ілмеді. “Жалғызыма
жанашыр бола гөр” деп жаратқанға жалбарынды. Болар-болмасқа босап, бордай тозбайтын діні
қатты шал бүгінгі қылықтарын – немерелерін көргенде шыдай алмай көзіне жас үйірілгенін,
жалғыздың жағдайын ойлап қиналып, егілгенін есіне түсіріп, қартайғанын, білегінен күш кетіп,
басынан бақ тайғанын түсінді. Жалғыз ұлын қорғай алмайтындығын, сөзінің ешкімге өтпесін
іштей бағамдады. Өзінің бейшара қаліне, қартайғанда қадыры кетіп, жер болғанына күйінді.
Өмір бойы торауылдап, жолын аңдып жүрген жамандықтың күні батар шағында, қуаты қашып,
мүсəпірлік қалге жеткенде жағасына жармасқанын жаман ырымға балап, іштей тіксінді. Есіне
əкесінің қайталап айта беретін сөзі түсті. “Құдай, бар болсаң мені бала-шағамның жамандығын
көрсетпей ал” деп зарлап отырушы еді марқұм. Əкесінің тілегі құдайдың құлағына шалынды ма,


көзі жұмылғанша жаманшылық көрмеді. Ауруға шалдығып, жаны қиналып, басқаларды да
қинап, сарыжамбас болып жатып алған жоқ. Тік жүріп өтті дүниеден.
“Жағың түспей жамандық көрме” деуші еді əкесі бата бергенде. Жүріп-жүріп жасы жетпіске
келгенде тағдыр кəрі иттігін жасап, мойнына құрдым іліп қорламақ па? Айқайлап айтпағанмен
жалғыз ұлын мақтан тұтып, іштей марқайып, көңілі тоқ жүруші еді. Енді қалай қарайды ел-
жұрттың бетіне?
– Ой, алла-ай! – деп көкірегі қарс айырылардай терең күрсінді.


17
Аяған жеңілгенін мойындағаннан басқа амалының қалмағанын түсінді. Өзіне тағылған
айыптарды мойындамай, біраз күн қасарыса қарсыласып, əртүрлі сылтау ойлап тапты, бұлай
бұлтарды, былай қашты, бірақ құтыла алмады. Ақыры өзі шаршады. Əдепкіде “тергеуші
шаршап, жалығып қоятын шығар” деп алдамшы қиялдың жетегінде ерген. Кейін түсінді,
тергеудегі адам жалтарып қашқан сайын тергеуші атаулы жанығып, індете қуалайды екен.
Соңына бір емес, бірнешеуі түссе қашып құтылу мүмкін бе, сірə?! Тергеуді бастаған басқа еді,
оның орнына Мақсұт басты. Күні кеше ғылымдағы сапарларын қатар бастаған, бірақ жолы
болмай барлығына өкпелеп кеткен Мақсұттың ниеті белгілі. Соны біліп, Аяған баз кешті.
Заңның тілін, қамаудағы өмірдің қулық-сұмдығын, құйтырқысын білмейтін, қамсыз жүріп
қапыда қолға түскен жігіт шарасыздығын біржола мойындағандай еді. Мақсұт мəн-мағынасыз
сұрақтың астына алып, бастырмалатқан кезде суық жымиып, үндемей отырады. Жеңілмеудің,
қарсыласының алдында рухын түсірмеудің бір жолы осы екенін түсінген. Мұндай сəтте
айдарынан жел есіп, ысқырығы жер жарып, құдаймен қатар жүргендей паңсынған тергеуші
бейшара ашудан жарылып кете жаздайды. Орнынан атып тұрады, оның ниетін танып, Аяған да
қорғанысқа дайындалады. Анау бір күні қапыда таяқ жеп қалғалы бері аса сақ. Ашудан
аласұрған Мақсұт су шашыраған темір пештей быж-быж етіп басылады, сонан кейін
“шаруасына” кіріседі.
Бүгін де міне, ескі таныстар тіл табыса алмай бірін-бірі қинасып, қиналып отыр. Тергеуші
ашулы, ұп-ұзын қасы көзін жауып қалған, талағы тарс айырылып кетердей болып түксиіп отыр.
– Мақсұтжан, сен қырық үш жыл кеш туғансың. Қазір бар болғаны капитан шығарсың. Егер
отыз жетіде НКВД-да істесең отызға толмай-ақ полковник болар ең,– деді Аяған езу тартып.
Тергеушінің қою қасы жоғары жылжып, қанталаған екі көзі жігіттің өңменіне қадалды. – Мен
капитандармен сөйлесуге намыстанамын.
– Сенің тіліңді табатындар көп мұнда. Күні-түні сайрайтын боласың əлі.
– Мақсұтжан, сен институтта жүре бергенде бұл уақытқа дейін ішкіш болып кетер едің.
– Мен сен сияқты анти болмас едім,– деді ол табалай күліп. Тауып айттым деп ойлады. Ол
күткендей Аяған тосылып қалған жоқ, жауапты тез қайырды.
– Мемлекеттің атына кір келтіріп отырған мен емес, мына сенсің. Сен Лаврентий Павлович
Берия жолдастың тəсілін мықтап меңгеріпсің. Қызмет бабын пайдаланып, өзіңе ұнамайтын
адамдарға жамандық жасауға маманданып алыпсың. Сен мемлекеттің алмас қылышымен өз
бақталастарыңның басын шауып тастаймын дейсің. Кеңес қоғамы дүниедегі ең əділ, гуманистік
қоғам. Партия осылай дейді. Ал сенің ісің, ойың, тірлігіңнің мазмұны гуманистік қоғамның
мақсат-мүдесіне сай келмейді, Мақсұтжан.
Тергеушінің қасы қайтадан төмен жылжып түсті, қалың ерні дүрдиіп, сұрапыл ызадын тісін
қайрап, екі жұдырығын тас қылып жұмып алды. Жүзінде өз күшіне сенгендей нығыздық бар.
“Сөйлеп қал. Бəрібір басыңды қағып тастаймын” деген сұс бар көзінде.
– Қауіпсіздік комитетін сен əлі жазалаушы орган деп ойлайсың. Сондықтан тым қатыгезсің,
Мақсұтжан,– деп дауысын өзгертіп, профессор Алдияр Ақпанұлының мақамына салды. Ол кісі
ұнатпаған адамының атына “жан” деген сөзді қосып, дауысын əндете созып сөйлейтін. Мақсұт
ол кісіні өте жек көреді, атарға оғы жоқ. Мына орындықта өзі емес, Алдекең отырса түксік
қабақ тергеушінің оған қол жұмсарын, ойына келген қиянаттың бəрін жасарына Аяғанның
иманы кəміл.
– Біз мемлекетімізге жаулық ойлайтын сволочтарға жылы қарай алмаймыз. Ондай сүмелектерге
кешірім жоқ,– деп тергеуші орнынан тұрды. – Бос əңгімені доғар, сұрақтарға жауап бер.


– Сенің сұрақтарыңа жауап беруге менің өрем жетпейді. Сен өте қиын сұрақтар береді екенсің,–
деп жымиды жігіт. – Менде бір мысқал кінə жоқ.
– Біздің қолымызда бұлтартпас деректер бар. Сенің басыңды жалмауға солар толық негіз бола
алады, мырза,– деп, орындыққа шалқалай жатып, кеңк-кеңк күлді.
– Сендейлер отырған жер иістеніп, ластанып бітеді-ау əттең. Нағыз азаматтар келіп, əділдік
орнатқанша сендер бəрін бүлдіріп боларсыңдар, мыр-р-за...
– Тіліңді тартып сөйле! Мен коммунистпін,– деп тергеуші орнынан атып тұрды. Аяған оны
мазақтағандай мырс-мырс күлді.
– Берия көкең де коммунист болған.
Орнына енді жайғасқан тергеуші селк етіп, басын шалт көтеріп алды да, жігітке түксие қарады,
сонан соң қағазына əлденені асығыс жазып алды.
– Демек коммунистерге сенбейсің ғой. Солай ма?
– Мен Берия көкең мен сен сияқты коммунистерге сенбеймін.
– Тарт тіліңді! – деді Мақсұт орнынан атып тұрып. Қалшылдап қатты ашуланды. Қолы
қалтырап, темекі алып тұтатты.
Аяған одан жеңілмеудің əдісін енді тапқанына іштей қуанып, əнтек езу тартты.
Тергеуді мейлінше соза беру керек екен. Араға түсіп, арашалап алар адам табылып қалар,
бəлкім. Профессор Алдияр Ақпанұлы мен студенттердің қарап жатпағанын іші сезеді.
Мəскеуге жөнелткен хатынан да үмітті. Хаты үлкен жақтағы үлкен адамның қолына тиіп,
тексеру келсе үстіне су тигізбей құтылып кетеріне сенімді. Мақсұттың ойы белгілі, тергеуді тез
аяқтап, істі сотқа беруге тырысады. Одан ешқашан аяушылық күтпейді. Оның ескіде кеткен
есесін ұмыта алмай жүргені анық. Өле-өлгенше ұмытпайды.
Оқу бітірген жылы екеуі бір орынға таласып, профессор Алдияр Ақпанұлының демеуімен Аяған
өткен. Екінші рет оның алдын тағы да орап кетті. Айдарынан жел есіп, мерейі үстем болды,
Мақсұт көлеңкеде қалып қойды. Жастары қатар екі жігіттің арасындағы кикілжің асқынып,
өртке айналды. Қатар жүріп бірін-бірі мұқатуға, білдірмей жамандауға тырысты. Мұндай
тəсілге жеңілген адам əуес. Оны соншалық ұнатпай тұрса да Аяған жасырынып жаманшылық
жасауға арланатын. Оған деген ойын, ниетін, көзқарасын жалтақтамай, жасқанбай ашық айтып
жүрді. Мақсұттың ғылымға адасып келгенін іші сезетін.
– Сен партия, кеңес жұмысына барсаң жолың болар еді,– дейтін Аяған оған. Мақсұт лəм
демейтін, қасы көзін жауып, түнеріп отырып қалатын.
Екеуінің арасы əртүрлі себептерге байланысты ашылып, алыстай берді. Мақсұттың кандидаттық
еңбегін талқылайтын ғылыми кеңестен кейін кетісіп тынды. Əңгімені профессор Алдияр
Ақпанұлы бастап, бұл еңбектің тарих ғылымына бір мысқал пайда бермесін, авторлық
концепцияның терістігін, зияндылығын дəлелдей сөйлеген.
– Тарих ғылымы өзгермелі уақыттың, жалап саясаттың жетегіне кетуге тиіс емес. Мақсұттың
еңбегі өз халқының өткеніне жабылған жала. Халыққа топырақ шашуға болмайды,– деп Алдекең
қызына сөйлеген. Көзі ашық, намысы бар ғалымдар Алдекеңнің ізімен кеткен. Сол топтың бел
ортасында Аяған да бар еді...
– Шетел радиосы не жаңалық айтады? Біз де біле отырайық.
– Мысалы, – деді Аяған оның ниетін түсіне алмай қалып.
– Мысалы, “Голос Америки”, “Азат Еуропа”, “Би-би-си”, “Азаттық”...
– Олар үнемі сен туралы айтып жатады.
Тергеуші селк етіп, басын шалт көтеріп алды. Аяғанның езуіндегі жымысқы күлкіні көріп,
жаңағы сөздің кекесін екенін түсінді.
– Демек мойындайсың ғой...
– Өсек-аяң, өтірік информациялардың ықпалымен көзқарасым, пікірім оп-оңай өзгере салатын


сен сияқты шаласауатты емеспін, Мақсұтжан,– деп езу тартты жігіт. – Мен университетті қызыл
дипломмен бітіргенмін. Ғылым кандидатымын.
Тағы да оның жанды жеріне дөп тиді. Мақсұттың екі беті ботпиып, қалың ерні дүрдиіп,
жағынан бұлшық еті бұлт-бұлт ойнай бастады.
– Сен саяси тұтқынсың, – деді ол тістеніп. – Вайдманмен байланысыңның барын білеміз.
– Кім? Вайдман?
– Бұлталақтама! Бəрібір құтыла алмайсың,– деп суы қжымиды тергеуші. – Сенің ол сыбайласың
қазір Израильде шалқып жүрген көрінеді.
– Ұлты еврей болса атамекеніне барып, қуанып жүр екен ғой бейшара.
– Сонымен тергеу жұмысын аяқтадым деп есептеймін. Саған тағылар айыптар мыналар.
Танысып шығуыңа болады.
Тергеуші қара папкасынан үш бет қағаз алып, оның алдына тастады. Аяған əлгі қағазға мүлде
көз салған жоқ, тергеушіге қарап, əнтек езу тартты. Сонан соң қағазды қақ айырып Мақсұттың
алдына жылжытты.
– Ақымақ! – деді тергеуші тістеніп. Сонан соң орнынан тұрып барып есік ашты, бөлмеге екі
жігіт кірді.
Мына қағазды қалтаңа салып ал, менен ескерткіш болсын,– деп күлді тергеуші. Сонан кейін
папкасын қолтығына қысып, алшаң басып шығып кетті. Аяған столдың үстінде жатқан қақ
бөлінген қағазды алар-алмасын білмей тосылып қалды. Мақсұттың қандай жала жапқанын білуі
керек. Жыртылған қағазды қалтасына салып, екі жігіттің алдына түсті.
Камераға келгеннен кейін қақ бөлінген қағазды алдына жайып, оқуға кірісті. Алғашқы
сөйлемінен бастап-ақ басына қан шапшып, жүрегін ыза кернеді. Мақсұттың жаппаған жаласы
қалмапты, оның жазуы бойынша Аяған Қуатов Кеңес үкіметінің қанқұйлы жауы болып шыққан.
Ол кішкентай кезінен бастап шетел радиосының хабарын тыңдайды екен, пиғылының жат,
ниетінің теріс болып қалыптасуы содан көрінеді. Бір кезде Қазақстанда тұрған, кейіннен
Америка, Израильге жəне басқа капиталистік мемлекеттерге өтіп кетіп, Кеңес үкіметіне қарсы
өсек-аяң өрбітіп жүрген сүмелектермен дос болған деп соғыпты. Əлгілердің аты-жөнін бірінші
рет көрген жігіт тергеушінің имансыздығына күйінді.
“Аяған Қуатовтың үйін тінтігенде мынандай заттар, кітаптар табылды” деп тізімін келтіріпті.
Б.Пастернактың “Доктор Живагосын” кітап базарынан елу сомға сатып алған. Ол шығарма
Кеңес үкіметінің беделіне нұқсан келтіреді деп есептемейді. Кілтипан кітаптың Парижде
басылып шыққандығында. “Қайдан, кімнен алдың?” деп басын қатырар. Апыр-ау, сол кітапты
кімнен алып еді? Мүлде есінде жоқ. Қара базарда ылғи кітап айырбастап немесе сатып
жүретіндерді түгел біледі. Ал сол кітапты басқа біреуден сатып алғаны есінде. Ол кім? Есінде
жоқ.
Брежневтің карикатурасын таптық дейді. Мүлде есінде жоқ. Қолынан сурет салу келмейді, тіпті
əуестігі де жоқ. Олардың тапқаны Елжастың шимайы шығар, сірə. Ол өз бетінше сурет салып,
газет-журналдарға басылған адамдардың портреттеріне сақал-мұрт жасап, тағы да сол сияқты
бірнəрселерді ойлап тауып, шимайлап жүретін.
Солженицынның “Раковый корпус” романының ротопринкте басылған нұсқасын оқып шығу
үшін профессор Алдияр Ақпанұлынан алған. “Қайдан, кімнен алдың?” деген сұрақтың
қойылары анық. Бұл да бір айып.
Ермак Тимофеевич туралы айтқандары рас. Үйдей ескерткіш орнатып, есімін қалаға беретіндей
ол кім сонша? Кеңес мемлекеті үшін күресіп, қыршынынан қиылған ердің ері ме, жоқ əлде,
қоғам қайраткері ме? Бұл бір Аяған Қуатовтың пікірі ме? Жоқ, халықтың ойы. Атақты жазушы
Əнуар Əлімжановтың үлкен жиында Ермак туралы айтқанын өз құлағымен естіген. Сол
жазушыны көлденең тартар, бірақ қадалған жерінен қан алғалы отырғандардың беті бері


бұрылар ма? Сонда қайтпек керек? Олар бəрібір аямайды екен деп жеңілгенін мойындап,
алдаспанға мойнын тоспақ па? Жоқ! Кеудесінен шыбын жаны шырылдап шығып кеткенше
арпалысады. Аяғанның өмірі өзіне ғана арналмаған. Оның соңына ерген үш ботасы бар. Солар
үшін өмір сүруге тиіс.
Өзіне тағылған тағы бір айып Ауған соғысына байланысты екен. “Ауғанстандағы соғысқа қарсы
үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген, үкімет басшыларының атына ауыр-ауыр сөздер айтқан”
деген сияқты кінəлауларды жекелеген мысалдармен дəлелдеп, уақытын, күнін көрсетіп, тізіп
жазыпты. Осы деректерді растайтын адамдардың аты-жөні көрсетілген. Таң қалғаны – тізімде
Жақия жоқ. Алмастың аты-жөнін көріп, Аяған шалқасынан түсе жаздады. “Мүмкін емес” деді.
Шəкіртінің ондай қарамдыққа баратындығына мүлде сенген жоқ. Фамилиялары көрсетілген
адамдардың барлығы бірдей жау емес, олар тіпті білмеуі де мүмкін. Бəлкім, өкпелілер бар
шығар. Өкпе-реніш жаулыққа айналады дегенге ешқашан сенбейді. Ендеше Ауғанстандағы
соғысқа байланысты тағылған кінəларды мойындамайды. Олардың дəлелі дəрменсіз. Куəлікке
студенттерді шақырар, олар қорғап шығуға тиіс. Ал үнпарақ таратпағаны анық. Мұны ешкім де
мойнына қойып бере алмайды. Бұл Мақсұттың ойлап тауып жүргені.
Ал егер Ауғанстандағы соғысты айыптап сөйлесе ше? Бұл соғыстың қате болғанын өмір
көрсетті. Балы тамған жас қамыстай талай боздақ қыршынынан қиылды. Өз інісі бақи дүниеге
аттанып, бейнесі елеске айналды. Ауған соғысы тағы қанша қыршынның басын жалмары бір
құдайға аян. Олар кім үшін, не үшін қан төгіп жатыр? Кімді кімнен қорғауда?
Осының барлығын ашып айтса ақылы кем адамдар неге түсінбейді? Түсінеді. Ауғкан соғысының
əділетсіздігін айтып, көп болып Мəскеуге, Брежневтің өзіне хат жазса, талай боздақтың
торғайға айналары, кеудесінен пыр етіп ұшып кеткелі тұрған шыбын жанын сақтап қалмай ма!?
Ха-ха!.. Тапқан екен хат жазатын адамды. Тапқан екен қалжыңдасатын кісіні...
Отыздың бесеуіне келсе де əлі күнге бала сияқты ойлап, баланың ісін істемекке ұмтылатын
шикілігіне ренжіп, көңілі сөгілді. Аяқ астынан “данышпан бола қалатыны бар. Жалғыз өзі
ақылды да, басқалардың барлығы ақымақ екен. Ақылы асып бара жатса өгей баланың күйін
кешіп жүрген Қазақстан тарихын жарылқап алмай ма?! Басқа түгіл өз пəнінің шекесін
қыздырып, көсегесін көгерте алмай жүріп мемлекеттің сыртқы саясатында несі бар? Бұдан кім
ақыл сұрапты? Кеңес үкіметінің əскері Ауғанстанға барып, басмашылармен соғысып жатса,
институттың қатардағы мұғалімі Аяған Қуатов түгіл оны он орап алатын саясатшылар да түсіне
бермейтін бір кілтипаны, бір жұмбағы бар шығар. Апыр-ау, жанын баға алмай жүріп
мемлекеттің саясатында несі бар? Арзан абырой жинаймын деп жүріп орға құлады ақыры, міне.
Аузын бағып, абайлап жүргендердің айдарынан жел еседі. Ал бұл ақылсыздығынан аранға
құлады. Аранға... Енді міне, өткеніне өкініп, бармағын шайнап, қыңсылап жатысы мынау.
Не істеу керек? Мақсұтт кекеп, мұқатқаннан не ұтты? Араша түсер кім бар? Алдияр Ақпанұлы
ма? Ол кісі тірі ме екен? (Аяғанның жүрегін үрей шағып алды.) Бейшара! Шындық үшін
күресемін деп жүріп тапқан олжасы – денсаулығынан айырылды. Ұшан теңіз еңбегі бар адамды
ит талағандай етіп қорлап, лақтырып тастай салды. Оның жанында Аяған Қуатов кім, тəйірі?
Ешкім емес. Тіпті іздеушісі де жоқ. Саяқ!..
Санасы санға, ойы онға бөлініп, қаптаған қалың сұрақ жан-жағынан анталап, есін шығарды. Сол
көп сұрақтың бірде біреуіне жауап таба алмай басы мəңгірді. Сырттағылар жағдайды естіп-біліп
жатқан шығар. Ал мұның сыртқы дүниемен мүлде байланысы жоқ. Бала-шағасының жағдайын
анау күні Міртемірден естіп білген. Əсем қалай екен? Жазылып шықты ма екен? Бұл туралы
мүлде ештеңе біле алмай шаршады.
Түсіне əке-шешесі кірген болып жүр. Олар аман-есен бе екен?
Басын қақшаң еткізіп көтеріп алған улы жыландай бір жаман ой оқыстан соғып, есеңгіретіп
тастады. Талай күннен бері мекен болған камера соншалық тарылып кеткен сияқты, дем


жетпегендей кеудесі қысылды. Орнынан атып тұрып, камераның ішінде торға түскен қасқырдай
аласұрып, ерсілі-қарсылы жүре бастады.
Оқыстан шаққан жылан-ой тұның көңілдің астаң-кестеңін шығарды, зəлім жүрек бір сұмдықты
сезгендей кеудесін жарып жібере жаздап тулайды.
“Апыр-ай, шал-кемпір аман-есен бе екен?..”


18
Ауыл адамының ұйқысы сергек. Түннің бір уағында жатса да құлқынсəріде оянып алады.
Ұйқысы қанбаса да тұрады, өйткені бір үйдің бүкіл тіршілігі соның мойнында. Қаршадайынан
шаруа баққан адам ешқандай жұмысы болмаса да таң атқаннан кейін аспанға қарап, тып-тыныш
жата алмайды.
Ұйқысының шала болғанына қарамастан Қуат қария құлқын сəріде тұрып киінді. Жуынып алып,
таңғы намазға жығылды. Құс ұйқылы Алдияр оянып кетіп, Қуат қарияның қимылын аңдыды.
Дəлізден түскен жарық арқылы бөлме алакөбеленіп тұр. Бетін қыбылаға беріп, күбірлеп отырған
шалдың шошаңдаған сақалына қарады. Намазға жығылған шалды көрмегелі не заман. Бала
кезінде намаз оқып отырған шалдардың жанына келіп, əлгілердің ісін қайталаушы еді. Бірақ
кейін оқымысты болды да, бəрін ұмытты. Жасы ұлғайған сайын пенде баласы жаратқанға
жақындай түседі деуші еді қариялар. Жаратқанға жақындаған шағында құран сүрелерін жатқа
біліп, намаз оқып, пəни дүниедегі пенделікпен жіберген күнə атаулыдан тазарғанға не жетсін.
Оқу, ғылым деп жүріп, өз халқының, ұлтының дəстүр, салтынан соншалық алыстап, өзінен өзі
жат, бөгде бола бастағанын кейін-кейін ғана ұғынды.
Қуат қария намазын оқып болғанша Хадиша да тұрып, шай демдеп, төсек-орынды жинап,
балаларды тұрғызып бақшаға дайындады. Ертерек қимылдамаса жұмысқа кешігеді, Олжам пен
Бибіні Татаркадақы бақшаға жеткізіп, қаланың екінші шетіндегі жұмыс орнына үлгеріп баруы
керек. Күн сайын осы, таң атпай тұрып, шай-суын асығыс ішіп, екі баланы сүйрелеп ала
жөнеледі. Профессордың үйіне көшіп келгелі бері Елжасқа жақсы болды, мектепке өзі барады.
Трамвайға отырса он екінші қазақ мектебінің жанына апарып тастайды. Сабақ аяқталған соң
күн ұзаққа қалмай қайтып келеді, дайындалуға мүмкіндік бар. Алдекең баланың сабағына
көмектеседі, əртүрлі əңгімелер айтып береді. Екеуі түскі тамақты бірге отырып ішеді. Балаға
деген пейілі ерекше. Үш бала бірінен соң бірі келіп, “аталап” мойнына асылғанда өмірдің
қиянат-құқайын көп көрген, немеренің зары өткен шеркөкірек шалдың жібіместей болып қатып
қалған жүрегі елжіреп, езіліп кетеді.
Барлығы үнсіз отырып шай ішті. Олжас пен Бибінің ұйқысы əлі ашыла қоймаған, əлсін-əлі
есінеп, екеуі де ауыздарына бір үзім нан салған жоқ. Соны көріп, Қуат қарияның жаны дызықты.
– Шырақтарым-ау, аштан-аш қалай жүресіңдер? Шай ішіп алыңдар,– деп екі немересіне нанға
май жағып берді. Екі бала тыжырынып, теріс айналды. – Бүйткен бақшасы бар болсын.
Қарғадай баланы құлқын сəріден оятып, ұйқысын бұзып... Обал-ай!..
Балалар бақшасы алыста, ата. Ерте тұрмасақ үлгере алмаймыз,– деп Хадиша ақтала бастады.
Оған Қуат қария ең бір жақын адамындай мейіріммен қарады. Оның кім екенін түнде
Алдиярдан естіп білген. Асылхан мен мына қыздың кісілігіне соншалық риза болып көңілі
босаған. Ағайын адамдар бір-біріне жақсылықты қарызға жасап, есепке көшкен заманда нəмі
қазақ демесе ешқандай жақындығы жоқ екеуінің жасаған адамгершілігі туралы естіп, көзіне жас
үйірілген.
– Айналайын, бақытты бол! Жасаған жақсылығың мына балаларымнан қайтар. Бұлардан
болмаса құдайдан қайтар.
– Ой, ата, біздің жақсылығымыз сатусыз,– деп қысыла күлімсіреген Хадиша есінеп отырған
Бибіні құшақтап, бауырына тартты.
– Ұйқым келді,– деді қыз оның алдына қисайып.
– Ауылға алып кетемін. Ешкім оятпайды. Түске дейін ұйықтайсыңдар.
– Ата, ауылда ат бар ма? – деп елең ете түсті есінеп отырған Олжас.
– Бар, құлыным, əрқайсысыңның бір-бір тайың бар,– деді шал немересінің кекілін сипап.


– Мен ауылға кетемін, ата.
– Кетеміз, құлыным, кетеміз. Əсемді ауруханадан шығарып аламыз да, əптөбеске отырып,
ауылға зымыраймыз.
– Е-һ-е! Біз өзіміздің атамыздың жанында қаламыз,– деді Бибі аузын бұртитып. Ұйқысы шайдай
ашылып кеткен. Бірдеңе айта ма дегендей өз атасына – Алдиярға жаутаң-жаутаң қарайды.
– Ауылға біз де барамыз,– деді қыздың ниетін таныған профессор. – Менің қызыма да бір
тайыңызды беріңіз, қария.
– Беремін, Алдеке, беремін!..
– Біз қозғалайық. Сағат жеті болып қалыпты. Бүгін кешігетін болдық,– деп Хадиша орнынан
тұрды. Профессор қалтасынан он сомдық қызыл қағаз алып қызға ұсынды.
– Таксимен барыңдар.
– Ой, ата, қойыңызшы,– деп Хадиша шыр-пыр болып, қызарақтай бастады. – Кеше де беріп
едіңіз ғой.
– Менің қызым автобуспен жүре алмайды. Ол таксимен барады бақшаға,– деп күлді профессор.
– Солай ма, қызым?
– Иə,– деді Бибі бас шұлғып. – Біздің бақша деген ту-у-у алыста.
Он сомдықты қыздың қалтасына зорлағандай етіп салып берді. Алдекеңнен қалмайын деді ме,
жоқ əлде, мына балаларға өзінен жақын ешкімнің жоқтығын ойлады ма, Қуат қария қалтасынан
жиырма бес сом шығарып, Хадишаға ұсынды.
– Ал, шырағым, балалар жаяу жүрмесін. Жиған-тергенім осылардікі.
– Ур-р-а! Бақшаға таксимен барамыз! – деп қуана дауыстады Олжас сыртқа шығып бара жатып.
– Ата, мен келгенше ауылға кетіп қалма, жарай ма?
– Сендерді тастап, ешқайда кетпеймін, құлыным.
Немерелері кеткен соң шал тықыршып, үйге сыймады. Ертең ерте келемін деген Асылхан
кешікті, оны тоспай-ақ кете берейін десе жол білмейді. Біріне-бірі ұқсас үйлер мен көшелер.
Аяған жатқан жерді күні бойы іздесе де таппасын түсініп, жіпсіз байланып отыр.
Алдияр Ақпанұлы шай ішіп болып, Қуат қарияның демеуімен столын жетті де, машинка басуға
кіріскен. Мүгедек бейшараның мұнысы ауылдан келген қарияға түсініксіздеу болып көрінді,
біржапырақ қағазға бірінен кейін бірі түсіп жатқан əріптерге қарап сəл тұрды да, кедергі
жасамас үшін аяңдап сыртқа шықты.
Үлкен көшемен əрі-бері ағылған машиналардың шуынан құлақ тұнады. Аспан бұлыңғыр. Қыс
келгенмен жер қара. Ауылдан қалың киініп шыққан шал қаланың шетіне келгенде шаңы шығып
жатқан қара жерді көріп, таңырқап бас шайқаған. Бұл Алатаудың бөктеріндегі Қуат қарияның
ауылында болмайтын құбылыс. Кейбір жылдары қардың кешігіп жауатыны бар, бірақ желтоқсан
айына дейін жер ақ көрпесін жамылып үлгереді. Қазір ол өңір аппақ қардың астында жатыр.
Ертелі-кеш сақылдаған сары аяз күшіне мінеді. Кей жылдары қар тым қалың түседі де, ұсақ мал
жайылымға шыға алмай қолға қарап қалады.
Шал үлкен жолдың бойымен біраз өрлеп барып, кері қайтты. Басына тұмақ, үстіне қара тон,
аяғына пима киген қаба сақал қара шалға жүргіншілер де, машинадағылар да үңіліп келіп
қарайды. Жүргіншілерге шал да таң. Барлығының үстінде жұқа, жеңіл киім. Көпшілігі жалаңбас.
Əсіресе жалаңбас жүрген əйелдер көп. Шаштары қобырап, бүрсеңдеп кетіп бара жатқан
əйелдерге бажайлай қарайды. Қыста үлбіреген капрон чулки киген қыздарға қарап, бас
шайқайды.
“Əсем де өстіп жүріп ауырды-ау” деген бір күдік көңілінде кілкіп тұрып алды.
Қайтып оралса Асылхан күтіп отыр екен. Орнынан тұра салып, екі қолын алып жүгірді.
– Ассалаумағалейкө-өм!
– Уағалейкумассалам!


– Жұмысқа соғып, рұқсат алып жеткенім осы болды.
– Е-е, қайда асығамыз, балам. Жүреміз бе?
– Жүрейік.
– Мына хатты Аяғанға беріңдер. – Алдияр машинкаға басылған бір бет қағазын конвертке
салып, жігіттің қолына ұстатты. – Сыртына Қуатов деп жаз.
Атасының қайда баратынын білген Елжас та əкесіне хат жазып қойыпты. Сыртына əкесінің аты-
жөні мен үйдің адресі жазылған конвертті атасының қолына ұстатты. Шал кемпірінің келіні
мен жалғыз ұлға беріп жіберген сəлемдемесін алып, сыртқа беттеген Асылханның соңына
ілесті.
Такси ұстап, Əсем жатқан ауруханаға келді. Атасын көріп, келіншек егіліп жылап қоя берді.
Шалдың да көзі дымданып, жыпылықтай бастады. Екеуіне кедергі жасамас үшін жігіт сыртқа
шығып кетті.
– Қалайсың, тəуірмісің, шырағым?
– Жақсы болайын дедім, ата,– деп келіншек көз жасын сығып-сығып алды. – Құдайға не
жазғанымызды білмеймін тегі... – Біреу естіп қоймады ма дегендей жан-жағына жасқана
жалтаңдады. Терең күрсінді. – Мені қойыңызшы. Аяғанға істегендерін көрмейсіз бе!? Əдейі
ұйымдастырған. Көре алмайды. Аяғанды өзіңіз білесіз ғой, ол ешқашан қараулық жасамайды.
Кеңес үкіметінің ризығын көріп отырып оған қастық ойлайтындай Аяған есінен адасқан жоқ.
Сенбеңіз, ата, жұрттың сөзіне. Ұлыңыздың жаны тазы. Жұрттың бəрі Аяғандай болса жер
бетінен жаманшылық əлдеқашан жоғалар еді.
Əсемнің іші толып қалған екен, ең жақын адамына барын ақтарып айтып салды. Ауруынан ада-
гүде арыла қоймаған əлсіз келіншек демнің арасында алқынып, сөйлей алмай демікті.
– Жə, шырағым, жə,– деді шал келініні танауы қусырылып, түсі қашып кеткенін байқап. – Өзіңді
өзің қолға ал. Айналайын үкімет кінəсі жоқ адамға қиянат жасамайды. Аяғанымның арты
шаңсыз, алды даусыз. Анаңның көрі жанғыр, ішіне пышақ айналмайтын бір тасмаңдай
қысастық қылған шығар.
Шал келініне қарады, аз ғана уақытта жүдеп, сылынып түсіпті, көзі шүңірейіп ішіне кіріп
кеткен, жағы суалған, тіпті саусақтарының еті де қалмапты. Қу сүйегі қалыпты бейшараны. Өз
дертіне Аяғанның басына түскен ауыртпашылық қосылған соң жүдемей тұрсын ба.
– Аяғанның адалдығына сен қалай сенсең мен де солай сенемін, шырағым. Баратын жеріме
барамын. Жалғызым үшін жаным құрбан.
Атасының сөзінен кейін Əсемнің жүзіне қан жүгірді, езуіне болар-болмас қана күлкі жұқты.
Шалдың қолындағы дорбаны алып, аузын шешті.
– Асыл апам-ай! – деді келіншек екі көзі жасқа толып. – Сондай сағындым ол кісіні. Осыдан
жазылып шықсам, алды-артыма қарамай апатайымның жанына барамын.
– Барлығыңды алып кетемін. Саған да Аяғанға да қызмет табылады. Ол сияқты кəндидат нəук
шашылып жолда жатқан жоқ,– деді шал келінін жұбатып. – Ол мектепке деректір болады
құрығанда. Үй бар, жай бар...
– Аяғаным ақталып шықса бұл қалада бір күн тұрмаймыз,– деп Əсем бір түйір сары ірімшікті
аузына салып, тамсанды-ай келіп. – Апамның иісі шығып тұр. Асыл апам!..
Келінінің жүректен шыққан сөзі шалдың көңілін толқытты. Енесіне құлай беріліп, бар
пейілімен жақсы көретін келін сирек. Келінін қызындай бағалап, əлпештейтін ене де аз. Нұрша
мен Əсем сол аздар мен сиректің ортаң қолдары. Нұрша мен келінін аузынан тастамай, соның
саулығын тілеп, жаратқанға жалбарынып отырады. Біраз уақыт бір шаңырақтың астында тұрды,
ешқашан абақ шытысқан емес, екеуі талағы жабысқан тату.
– Кемпір сендерді сағынып, əрең жүр.
– Асыл апам-ай!..


– Сенің хатыңды алғаннан кейін ештеңеге қарайламай жолға шықтым, шырағым. Ол
бейшараның ішкені ірің, жегені желім болып, ұйықтай алмай жүрген шығар. Е-е, амалы кəні,
шыдайды да.
Сыртқа шығып кеткен Асылхан қайтып оралды. Қуат қария орнынан тұрды. Əсемнің көзіне мұң
тұнып, қабағы тұнжырады, соны сездіргісі келмегендей жігітке жылы қабақ танытып, күле
қарады.
– Денсаулығыңыз түзелейін деді ме, жеңеше.
– Шүкір. Бір аптадан кейін сұранып шығамын. Сендерді шаршаттық əбден. Хадиша, Ақбота
үшеуіңе қалай алғыс айтарымды білмеймін тегі.
– Жазылып шығыңыз. Бізге одан үлкен алғыстың керегі жоқ, жеңеше,– деп жымиды жігіт.
– Рахмет,– деді келіншек дауысы дірілдеп. – Аяғанға менен сəлем айтыңыз, ата. Жасымасын.
Аққа құдай жақ,– деді Əсем, көзіне келіп қалған жасты іркуге шамасы келмей. Тағы да айтатын
сөздері көп еді, тілі икемге көнбеді.
– Жə, шырағым, босама,– деді шал дауысын қатайтып. – Аяғанымды бір құдайға тапсырдым.
– Кешке Ақбота келеді сізге. Қандай тапсырмаңыз бар?
Көз шарасы жасқа толған келіншек қинала күлімсіреп, бас шайқады.
Ауруханадан шыққан соң машина ұстап, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің үйіне келді. Есік
аузында тұрған жас жігіттің көзі бірден қара тоны бар қаба сақал шалға түсті. Адасып жүрген
шал деп ойлаған сияқты. Қуат қария оған мүлде назар аударған жоқ, емпеңдеп алға ұмтылған,
жас жігіт жолын кесті.
– Тоқтаңыз! Қайда барасыз?
– Мен баламды іздеп жүрмін. Аяған Қуатов деген.
– Ата, ол кісімен мен сөйлесіп көрейін,– деді, шалдың соңында келе жатқан Асылхан алға түсті.
Беті қайтып, жасқанып қалған шал шегініп барып, кірер есіктің алдында əрі өткен, бері өткен
адамдарға жаутаңдай қарап тұрды.
Асылхан əскери киім киген жігітпен ұзақ сөйлесті. Ол қырсығып көнбей тұрғандай болып
көрінді шалға. Жап-жас болып қабағы қалың, түсі суық екен. “Мына пəле қырсық болды-ау” деп
ойлаған қария тығырыққа тірелгендей қысылды. Асылханды менсінбей шіреніп тұрған
əскеримен шешіліп еркін сөйлесіп кетуге əттең тілі жетпейді. Орысша білсе түсіндіріп айтар
еді. Аяғанның нақақ күйгенін естісе пенде баласы ғой, жібімес деймісің. Сонан кейін
жалғызының жанына барып, мауқын басып, шерін тарқатпай ма.
Шал қара тонының өңірін ашып, мені көр дегендей кеудесін əскери адамға қарай бұрды. Анау
назар аудара қоймаған соң əдейі қозғалып, кеудесіндегі орден-медальдарын біріне бірі соғып
сылдырлатты. Рабайсыз мақтанғанды жаны сүймейтін шал амалының жоқтығынан істеген ісіне
өлердей қысылды. Денесін тер жауып, пысынап терлеп кеткен соң тонын шешіп алды.
– Ата, бұлар Аяған ағаға жолықтырмайды екен. Əкелген затымызды қалдырып, үйге қайтамыз,–
деді жігіт мұңайып. Шалдың қабағы бұзылды, сақалы селкілдеп, ашуға мінді.
– Алыстан, ит арқасы қияннан сүйегін сүйретіп əкесі келіп тұр деп түсіндіріп айтпадың ба
мынау мақауға,– деп шамдана дауыстады шал. – Жалғыз ұлымды көрмей қалай кетемін?
Аяғаныммен кездеспей ешқайда кетпеймін, шырағым.
– Қазір Аяғанның тергеушісіне жолығамыз. Сабыр етіңіз, ата. Ашу – дұшпан, балаңызға
зияныңыз тиіп кетіп жүрмесін,– деген Асылханның сөзінен кейін ашу шақырып, тулай бастаған
шал дым болды.
Кірген-шыққан адамдардың қағаздарын тексеріп тұрған əскериге жасқана қарап, Қуат қария
есік көзінде қимыл-қыбырсыз ұзақ тұрды. Біраздан кейін екі аяғы талып, шымырлап табаны
ұйып, тықырши бастады. Ол аз болғандай екі иығы талып қарап тұрып шаршады. Жетпіске
келген шал түгіл жиырмадан енді асқан жігіт те əрең шыдап тұрған сияқты. Екінші қабаттан


 түсіп келе жатқан адам көрсе Аяғанның тергеушісі деп ойлап, екеуі де елеңдесе қалады.
Оған хабар жеткелі не заман, əлі тырс етпей отыр. Шал мен жігіттің үміті үзілуге айналды.
– Балам, əлгі ұмытып кеткен шығар,– деді төзімі таусылған шал Асылханға. – Сөйлессеңші
мынаумен.
Жігіт кезекшімен тағы да тілдесті. Оның жақтырмағанын шал қабағынан байқады, екі көзі
шытынап, ернін жымқыра тістеп алған.
“Түріне қарағанда тыз етпе біреу болар. Əй, осыдан жақсылық келе қоймас” деп ойлады шал.
– Əй, шырағым, əлгі адамың шыға ма, жоқ па?– деп кезекшіге ежірейе қараған. Шалдың не
дегенін ол түсінбеді. – Нəгə болной. Я кəрі шалский, панимайыш, старик мен. Кде он?
Кезекші əлдеқайда телефон соғып, əлдекіммен сөйлесті
Күте-күте несібебіз сарғайып кетті ғой тегі. Үзеңгі бауы сегіз қабат біреу болды əлгі,– деп
күңкілдеді шал. Осы өмірінде тəуелді болыр, біреудің алдына барып, мөлиіп отырып көрмеген
Қуатқа осынша уақыт тізе бүкпей тұру өте ауыр тиді. Баласының жағдайын ойлап қана сабыр
сақтады, əйтпегенде кезекшіні итеріп тастап, өтіп жүре берер еді.
Тергеуші шал мен жігіттің төзімін біржола сарқып барып бірақ шықты. Өзіне соншалық ілтипат
танытып, жаутаңдай қарап тұрған екеумен бас изесіп қана амандасты. Түсі суық екен. Қуат
қарияның айтқаны дөп келді, құдайдың тумасындай тым тəкаппар. Екеуіне көз қиығымен
менсінбей қарады. Шалдың іші мұздап қоя берді. Түріне қарағанда кесіп алса қан шықпайтын
тасбауыр тəрізді.
– Иə,– деді ол Қуатқа тесірейе қарап. – Не шаруа?
– Шырағым, біз жоқ іздеп жүрген адамбыз,– деп қалбалақтады шал. – Мен Аяған Қуатов деген
баланың əкесімін.
Жалбыр қас бұл жолы шалға бажайлап, ұзақ қарады. Езуіне жымысқы күлкі ұялады.
– Жүр! – деді алға түсіп. Кілт тоқтап соңына ілескен Асылханға қал дегендей белгі берді. – Сен
қал осында.
Жетпістегі шал ілесіп келе жатыр-ау деместен Мақсұт екінші қабатқа жүгіре басып шығып,
қара үзіп кетті. Қуат қария одан қалып қоймау үшін кеудесіндегі орден-медальдарын
сылдырлатып, елпеңдеп келеді. Мақсұт ең шеткі бөлмеге кірді. Шал келгенше орнына
жайғасып, оны қарсы алуға дайындалды, қабағын қарс түйіп, есіктен кіріп келе жатқан
қонағына алара қарады.
– Иə,– деді зілденіп. – Не шаруа?
– Баламмен жолығуға келдім, шырағым.
– Болмайды.
– Мен оның əкесі едім.
– Ну и что?
– Аяған менің жалғыз ұлым, шырағым. Кінəсізден кінəсіз қамап қойыпсыздар.
– Ол анти,– деп мырс күлді жігіт. Өңі сондай суық екен. Көздері тоқайласқан, шалдың денесі
тіксінді. – Біз кінəсі жоқ адамдармен сөйлеспейміз.
– Ол не бүлдіріп қойыпты? Қой, шырағым, балама күйе жақпа,– деп шырылдаған шалдың сөзін
құлағына қыстырмады.
– Онымен жолықтыра алмаймын. Тергеу əлі аяқталған жоқ.
– Əй, шырағым, мен оны ұрлап кетпеймін. Баламның бет-жүзін көріп, құшағыма қыссам деп
едім. Сенің де мен сияқты əкең бар шығар. Жер түбінен келдім. Ұлыммен тілдестір, көсегең
көгергір.
– Болмайды,– деді тергеуші ызғарланып. Шалды ықтырып алғысы келді ме, дүрсе қоя берді. –
Жалғыз балаға дұрыс тəрбие бере алмайсың, еще келіп талап етесің. Мына ордендер мен
медальдарды неге тағып жүрсің а?


– Əй, шырағым, бұларды маған сен берген жоқсың. Неге əкіреңдейсің өзің, а?!
– Сен де əкіреңдеме! Мен жөнін айттым. – Мақсұттың дауысы жұмсарып, арыны басылып
қалды. Шалды айқайдың күшімен ықтыра алмасын түсініп, айлаға көшті. – Қамаудағы адаммен
ешкімді жолықтырмаймыз. Тергеу аяқталғаннан кейін пожалуста. А пока болмайды.
– Əй, шырағым, қазақтың баласы екенсің, көмектес. Ең болмаса баламның бет-жүзін көрейін.
– Болмайды! Ол қылмыскер...
– Өтірік! – деді шал қалшылдап. – Жала! Менің балам таза. Сендер оған жала жауып
отырсыңдар.
Мақсұт тартпасынан екі-үш парақ қағаз алып, шалдың алдына тастады.
– Оқы!
Шал қағазды қолына алды да, үңіліп қарап, қайтадан тастай салды.
– Орысша түсінбеймін,– деді ашуланып. – Сенің қағазыңа емес, прəпесіріңе сенемін. Аяғаным
кінəсіз. Жақсылықпен босатыңдар, əйтпесе баратын жерге барамын.
– Жолың ашық,– деп мырс күлді жігіт. – Брежнев жолдасқа бар. Сенің ұлың сияқты антилерге
біздің арамызда орын жоқ. Басқа бұйымтайың болмаса, бөлмені босат.
Амалы таусылған шал сұлқ отырып қалды. Қызбалық жасадым-ау деп ренжулі. Артық айтқан
сөздерін қалай жуып-шайарын білмей, жалбыр қасы көзін жапқан, түсі суық жігіттің көңілін
қалай табарын жəне білмей дағдарып отыр. Ол жау келіп қалғандай дігірлеп, “бөлмені босат”
деп қылқылтап тұр.
– Шырағым,– деді біраздан кейін шал шаршаңқы үнмен. – Мен мына қолыммен колхоз құруға
қатысқанмын. Соғысқа бардым, күні кешеге дейін бел жазбай еңбек еттім.
– Ну и что?
– Жалғыз ұлымның дидарын көруге рұқсат алатындай еңбегм сіңген шығар үкіметке...
– Болмай-де-е! – деп кесіп айтты Мақсұт, шалға ежірейе қарап. – Еңбек етсең соғысқа қатыссаң
құры қол қалмапсың. Темірлерің сыңғыр-сыңғыр етеді. Жап-жақсы пенсия алатын шығарсың.
Ал менің əкем бес жыл соғысып, тесік темір де алған жоқ. Соғыстан келгеннен кейін он жылға
сотталып кетті. Қайтып келді де өліп қалды. Сен немене менің əкемнен артықсың ба?
Шал бір уыс болып бүрісе түсті. Жас жігіттің ескі жарасының аузын аңдусызда тырнап
алғанына мықтап абыржыды. Ызаға булыққан жігітке ұрлана қарап қойды, ұратын адамдай екі
жұдырығын түйіп алыпты, жүзі түтігір кеткен.
– Кешір, шырағым,– деп күмілжи үн қатты. – Сені табалау үшін атпап ем... Кешір...
– Пенсия аласың, орден аласың. Жетпіс, сексен, тоқсан жыл шалқып өмір сүресің. Бұл кімнің
арқасы? Үкіметтің!.. Кеңес үкіметінің! Партияның! – деп ашулана айқайлады жігіт. Бұғып
бүрісіп отырған шал селк етіп, салбырап түсіп кеткен басын көтеріп алды. – Ал жалғыз балаң
соң үкіметке қарсы. Кеңестің саясатына қарсы үгіт жүргізеді, партияның көзіне топырақ
шашады. Ал сен балаңа шаң жұқтырғың келмейді. Безобразие!
– Балам кінəсіз,– деп күбірледі беті қайтып қалған шал. – Көңілі тас көрмаңдайлардың ісі бұл.
Сен Аяғанды білмейсің. Білсең бұлай демес едің, шырағым.
– Білемін! Білгенде еще как білемін,– деп тепсінді тергеуші. – Оны да, əлгі мешел профессорды
да білемін. Алдияр Ақпанұлының орны да түрмеде. Ол қаны сорғалаған ұлтшыл. Тазалау
жүретін болса ең бірінші сол қақпас кетер еді. Өкінішке орай, профессорсымақ ол күнге
жетпейді. Оның күндері санаулы.
– Қой, шырағым,– деді шал бас шайқап. – Тірі адамға жамандық тілеме. Тіріге жақсылық, бақыт
тілеу – шарт. Тірі пендені ел-жұрттың тілегі көтеріп, желеп-жебеп жүреді. Тілекшісі көп кісінің
абыройы биік əмəнда.
– А-а-т-а-сына нəлет! – деп кіжінді тергеуші. – Ондай сүмелектерді ату керек!
Шал ызадан жарылып кетердей болып, екі беті долырып, шеке тамырлары білеуленіп кеткен


жігітке шошына қарады. Екі көзі қанталап кетіпті.
“Түсі неткен суық еді мынаның. Осы ауру болмаса қайтсін”.
Шалдың жүрегі тіксінді. Мынау тергеушінің қолына түскен адамның жағдайының қандай
боларын түсінген Қуат қария жалғызын ойлап, басы қаңғырып, есеңгіреп отырып қалды.
Көңілінде жылт еткен жылылық жоқ тасбауыр пенде кімді аясын?! Кісіге жақсылықты қимайды
мұндайлар. Мынаның қолына түскен Аяған не күйде екен?
“Құлыным-ай!”
Кеудесі қарс айрылардай терең күрсініп, сүйретіліп орнынан тұрды. Көзінің алды бұлдырап,
басы айналды. Құлап қалмас үшін орындықтың арқалығынан ұстап, көзін жұмды.
Кісілігі жоқ немеге сонша жалынғанына намысы келіп, кеудесінен лықси көтерілген сұрапыл
ашуды тежеу үшін астыңғы ернін тістеп алып, ақылын арашаға шақырды.
“Итпен ит болса, Қуат. Сабыр сақта. Шыда. Шыдап бақ” деді ақылы басу айтып. Лап етіп
тұтанып кетуге шақ қалған ашу біртіндеп тарқады.
Қуат қарт қара тонын қолтығына қысып алып, сыртқа беттеді. Есігін жапқан соң Мақсұт алға
түсіп алып, сиыр жорғасына ұқсас жүрісіне салып, ұзап бара жатты.
Құлап қалардай теңселе басып, Қуат қария келгенде ол есік аузында, кезекшінің жанында
тұрған.
– Енді мұнда келіп əуре болмаңдар. Аяған Қуатовқа ештеңенің керегі жоқ. Оның қарны тоқ,–
деді де шұғыл бұрылды.
– Сен туғанда анаң ұл таптым деп қалжа жеді-ау,– деп күрсінді шал. Мақсұт жалт қарады, бірақ
айтып жіберетін ащы сөздің ретін таппай тосылды. Шал қынжыла бас шайқап, күңірене сөйледі.
– Елдің сенгені сен сияқтылар болса шекесі қызар, қызталақ. Сенен жақсылық келмес ешкімге.
Келмес!.. Қолыңа билік берсе қазақтың даласында іске жарар бір жақсы адам қалдырмассың
мына сұрыңмен.
– Қысқарт! – деп тістене дауыстады тергеуші.
– Атаңа нəлет! – деп айқайлады шал. – Сендей қаныпезер, қаншеңгелді бұндай жерге қалай
тауып ала қояды екен-ей?!
Мақсұт шалмен салғыласып тұрғаннан түк таппасын біліп, домаланып тұра қашты. Тепсініп
оның соңынан тұра ұмтылған Қуаттың жолынкүзетші кесті, Асылхан келіп қолтығына
жармасты.
Ызаға булығып, ашуға мінген шалды сыртқа алып шығу оңайға түспеді. Құр айқай, ашумен
ештеңе тындыра алмасын Асылхан оған əрең түсіндірді. Күзетшіден сəлемдемен қалай беруге
болатынын сұрап алып, шал мен жігіт сыртқа шығып, екінші есікке қарай емпеңдеді. Нұрша
беріп жіберген сəлемдеме жəне Алдияр мен Елжастың хатын жөнелткеннен кейін олар жауап
күткен.
– Одан жауап болмайды,– деді сəлемдемені қабылдап алған жігіт. Себебін түсіндірген жоқ, емен
есіктің ортасынан ойып жасаған терезені сарт жапты. Шал жігітке, ол қарияға қарады. Айла-
шарғысы таусылған шал терең күрсініп, сақалын сипады да, сыртқа шықты.
– Басқа қандай амалы бар, шырағым? – Асылхан үнсіз, үлкен кісіге қандай ақыл берерін білмей,
басы салбырап, ойланып тұр. – Шындыққа жететін жерді көрсет маған. Шындыққа жетпесем
сүйегім қалар сол жерде. Жалғызым үшін жан пида.
– Үйге барайық, ата. Алдияр аға бір жолын табар,– дегеннен басқа Асылхан ештеңе айта
алмады.
– Шындықтың, əділдіктің ордасы деп жүрген астанамыз осы ма?
Жігіт жауап берген жоқ. Ақырын ғана күрсінді де, аяңдап алға түсті.


19
Сəлемдеме аламын-ау деген ой санасына кірмеген Аяған анасы беріп жіберген құрт пен
ірімшікке тамсанып, баласының хатын оқып, көңілі бұзылып, алқымына жас тығылды.
Елжастың жазғаны екі-ақ сөйлем: “Көке, сені сағындық. Тез кел” депті. Жігіттің жүрегін
сағыныш кернеп, кішкентай балаларын – Елжасын, Олжасын, Бибісін ойлап, жаны жабырқады.
Дорбаның аузын ашып қойып, анасының қолынан шыққан құрт, ірімшікке қарап үн-түнсіз ұзақ
отырды. Екі жапырақ ірімшік жеді, бір тал сықпа құртты аузына салып, ұзақ талмады. Дорбаның
аузын байлап, жастығының астына тықты да, профессордың хатын оқыды.
“Аяған балам! Аман-есенсің бе? Бұлар неге үндемей жатып алды деп сөге жамандама. Менің
жағдайымды өзің білесің. Сыздықты ЛТП-ға алып кетті. Бала-шағаң осы үйде. Немеренің зарын
тартқан адам едім, олар келгелі бері өмірге деген құштарлығым оянып, адам қатарына қосылуға
айналдым. Бибі деген алтын қыз менің жаныма ешкімді жолатпайды. Мен оның жекеменшік
атасына айналдым. Бибінің арқасында Андерсон болдым. Күні бойы ертегі құрастырамын.
Екі ұл өте бауырмал. Өз аталары келгелі мені менсінбейтін болды. Əсем туралы сөз қысқа. Ол
тəуір. Келесі аптада үйге шығып қалар. Бала-шағаң осы үйде тұра береді. Хадиша деген алтын
бала екен. Бар ауыртпалықты Асылхан екеуі көтеріп жүр. Қазақтың барлық баласы осы
екеуіндей болса деп армандаймын.
Мен жақында ауруханаға жатамын. Денсаулық күннен күнге төмендеп барады. Мені қойшы.
Менің есіл-дертім өзің. Сені ойласам қабырғамды бір қаныпезер қақыратып сөгіп жатқандай
қиналамын. Амалым не, мешел баладай орнымнан тұра алмай жатқаным мынау. Денім сау
болса сен үшін шырылдап отқа түсуден тайынбас едім.
Мұның бəрін көңіл үшін айтты деме, балам. Бұл жүрегімнің сөзі”.
Алдияр Ақпанұлының хаты осы араға дейін таза, ары қарай сызылған, өшірілген. Жекелеген
сөйлемдер қалған. Хаттың ең соңғы жағы ғана қалыпты.
“Шыда, шырағым. Ең болмаса бір əділ пенде қалған шығар деген үміттемін. Бəріне де асқан
төзімділікпен көнуге тура келеді. Шыдам керек, шырағым.
Сенің алдыңда өтелмес айыбым барын білемін. Сол айыбымды қайтсем жуамын деп аласұрып
жатқан жағдайым бар.
“Батар күннің атар таңы бар” дейді. Біздің де таңымыз атып, тауығымыз шақырар. Əр азғынға
бір зауал келер түбі. Шыда, шырағым, шыда... Құдай аманшылықпен қауышуға жазсын.
Ағаң Алдияр”.
Мақсұттың ойлап тапқан көп жаласы қаптаған аш қасқырлар секілденген. Сол қорқаулардың
қоршауында қалғандай, енді құтылу мүмкін еместей шарасыз күйге түсіп, басын қайғы
қаңғыртқан Аяған ұстазының хатын оқыған соң көңілденді. Алдекеңнің хатының негізгі
тұстарын өшіріп тастағанмен Аяған оның не жазғанын іштей бағамдады. “Ең болмаса бір əділ
адам қалған шығар” депті. Жігіттің санасына сəуле түсті. Демек олар қарап жатқан жоқ.
Тергеушінің жапқан жаласы өзінен өзі шындыққа айнала салмайды. Оның қағазға түсіргендері
шындыққа айналу үшін Аяғанның келісімі керек, яғни ол өзін-өзі жығып бергенде ғана іс тəмəм.
Мақсұттың қолында бұлтартпас деректері бар ма? Əрине жоқ. Бір топ адамның хаты бар дейді.
Қайда ол хат? Брежневтің бейнесі ме? Аяған Қуатов суретші емес, олардың тауып жүргені
балалардың шатпағы шығар. Сондықтан бұл айыпты мойнына қойып бере алмайды. Тағы не?
Ауғанстан ба? Оны да мойындамайды. Деректі дəлелі жоқ оның. Ермак туралы да ештеңе деген
жоқ. Мойындамайды. Олардікі құры сөз. Сөз, сөз!..
Мына тас қабырғаның ішінен жарық дүниеге шығу үшін күресу шарт... Жарық сəуле – өмір.
Өмір – той емес. Өмір – жанталас. Аяған сөзін жалаң мұзарттың шырқауына өрмелеп бара


жатқан алпинистей сезінді. Сəл босаңсыса құрдымға құлайды. Не өмір, не өлім. Екінің бірі.
Өлмеудің бір ғана жолы бар. Ол – жеңіс. Үш бірдей құлыны жолын тосып, тілеуін тілеп отыр.
Аяғанның өмірі өзіне ғана арналмаған, оның өмір-тірлігі үш ботасының меншігі. Сондықтан
жеңілуге, Мақсұт құрған торға оп-оңай түсе салуға қақысы жоқ. Күреседі.
Жалғыздығын ойлап, жабығып жүрген Аяған профессордың хатынан кейін рухтанып, өз күшіне
деген сенім пайда болды. Камераның ішінде əрі-бері теңселіп жүріп ойша Мақсұт пен өзін
безбенге салды. Шаршы топтың алдына шығып, ашық айтысқа түссе одан басым боларына
күмəні жоқ. Оның күші – ақыл парасатында емес, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің атынан
сөйлейтін өкілеттілігінде. Жəне оны жақтайтындар да көп. Ал Аяғанға жақтасар кім бар?
Мешел баладай орнынан тұра алмай жатқан ұстазы профессор Алдияр Ақпанұлы ма? Əлде
оқуға түсе алмай құрылыста жұмыс істеп жүрген Асылхан ба? Бəлкім, Хадиша көмектесер.
Барлығы сүйеуі жоқ қазақтың балалары. Үйсіз-күйсіз қаңғырып, қала кезіп тұрақтай алмай
жүрген жастар аз ба? Əне, солар ұлттың болашағы. Осылар қазақтың болашағы еді деп
маңдайынан сипап, қамқорлық жасап жатқан кім бар? Қолына билік тисе əрқайсысы өз жайын
күйттейді. “Ертеңім қалай болар екен” дейтін кім бар? Ұлтының болашағын ойлар, сол үшін
отқа түсер Кенесарыдай азамат қайда?! Қазіргілер кімнің арбасына отырса соның əнін айтуға
машық. Ал ұлтының намысы үшін қара бастың қамын ұмытып, қызығын тəрк еткен жан Сыздық
төредей-ақ болсын. Сыздық төре!.. Аруағыңнан айналайын есіл ер. Елін сүйген ер сендей-ақ
болсын. Басына қаншалық қиындық туса да, орыс патшасының алмас қылышы төбесінде
жарқырап, кеңірдегіне тақалса да халқына деген адалдығын, перзенттік махаббатын
жоғалтпаған асыл азамат. Енді қайтып сендердей ерлер туар ма? Қазіргілердің барлығы аз
күндік абырой, арзан атақтың құлы болып кетті ғой... Əттең!.. Арзандап кетті адамдар...
Аяған суық жымиды. Кішкентай терезеге қарады. Дəл қазір сол терезеден дүниеден ең жақын
адамдарының бірі Сыздық сұлтанның аруағы еніп, өзін мынау азаптан құтқарып алатын
тəрізденді.
“Сенің жолыңмен жүрмегенмен туған халқыма, ұлтыма сатқындық жасаған жоқпын, баба.
Алдияр Ақпанұлы Кенесары бабама қалай ара түссе, мен де сені дəл солай қорғадым. Сол үшін
қудаландым. Жолым жабылды. Өйткені бізді қорғайтын сəби шындық өте əлсіз. Өте əлсіз. Оның
да өсіп, жетілетін күні келер, баба. Келеді ол күн. Міндетті түрде келеді”, деді Аяған күбірлеп.
Есімі əрқашан жадында жүретін қасиетті адамның аруағымен тілдестім деп ойлады.
Аяған аядай бөлмеде əрі-бері теңселіп жүріп ой түкпірін ақтарды...
Ақылды, парасатты адамдар аз емес өмірде. Оңашада əлгілердің барлығы тайсалмай сөйлейді,
ақылы жеткен жерге дейін əділ болуға, тек ақиқатты айтуға тырысады. Мысы басар
азулылардың ортасына түскенде шындық деп шырылдап жүрген шерменделер аузын буған
өгіздей болады да қалады, əділетсіздіктің ең сорақы түрін көре тұра үндемейді. Билігі бар өктем
күштің қарапайым адамға жасап жатқан қиянатын көре тұра байқамаған болып, теріс айналады.
Апыр-ау, сонда халықтың мұңын, қайғысын, қасіретін кім айтады? Халық арқа сүйер азамат
қайда? Кенекемдей, Сыздық сұлтандай елі үшін басын алмас қылышқа тосып берер марқасқалар
туар ма?
Пікірі, ойы бар адамдар үндемеуге үйренді. Неге? Олар қорқынышқа жеңіліп болған. Кешегі
шындықтың бүгін өзіне сын боларын, сол үшін күйіп кету мүмкін екенін ақылы бар адамдар
түсінеді де, бекер шаршамау үшін ештеңені көрмеуге, естімеуге тырысады. Сөйтіп олар өзін
жеңу арқылы уақытты жеңеді. Өзін өзі жеңе алмаған талай пенде уақыттың жағасына
жармасып, оның бір сілкігеніне жарамай жалпасынан құлап жатады.
“Ертең заман өзгеріп кетсе, күнім не болады?” деген қорқынышты ой өз бағасын білетін
адамдардың аяғын тұсап тастаған. Адам шіркін өзінің түк еместігін білген сəттен бастап тек
қара басының қамын ойлайды, басқа үшін бас ауыртпайды, елдің мұң-мұқтажына іштей


күйзеледі, бірақ үндемейді. Үндегеннен ештеңенің өзгермесіне көзі əбден жеткен. Үндесе
пəлеге қаларын жəне біледі. Əлдекімнің демеуімен жоғарыға шығып алған ақылы кем
əлдекімнің аузына қарап, ішінен жек көріп отырса да жарамсақтана жымияды. Басқа амалы жоқ
бейшараның. Жағаласуға жарамайды. Жемтік болмас үшін жағымпаздануға үйренеді,
оңашадағы қораздығы адыра қалады. Жағаласқандар профессор Алдияр Ақпанұлының кебін
киеді. Немесе жалған жаламен түрмеде жатады. Ырық бермей, əл бермей тулағандарға басқаша
тəсіл қолданады, “шу асаулардың” қанға былғанған денесі арада біраз уақыт өткен соң таудан,
қалың ағаштың арасынан немесе шұңқырдан, трубаның ішінен табылып жатады. Міне, шындық
үшін күрестің нəтижесі. Қоғам дертті. Дертті!.. Оның емі – шындық. Оны шындықпен ғана
емдеп жазуға болады...
Аяғанның денесі түршікті. Орнынан тұрып, əрі-бері теңселіп жүре бастады. Аядай бөлменің іші
азынап суып кеткен секілденді, отырып-тұрып əртүрлі жаттығулар жасауға кірісті.
– Бəрібір шындықсыз өмір сүруге болмайды. Халық үшін шындықтан қымбат ештеңе жоқ.
Себебі – ол халықтың өмірі,– деді Аяған біреу тыңдап отырғандай дауыста сөйлеп. Қимылсыз
жата бергеннің əсері ме, демнің арасында алқынып қалды. Төсегіне келіп отырды да, дорбаның
аузын ағытып, ірімшік жеді.
Көзін жұмып анасының бейнесін елестетті. Самайы ағарып кеткен екен дейді, бетін
шимайлаған əжім тереңдей түскен тəрізді. Ол кісі бірнəрсе деген сияқты, бірақ Аяған ештеңе
естімейді. Көзін ашып алды, анасының бейнесі əпсəтте ғайып болды. Ол көзін ашқанына өкінді.
Анасының буын-буыны ауыратын, соған қарамастан таң атқаннан кеш батқанша тыным
таппаушы еді. Жатын орынға келгенде аяқ-қолы сыздап, бебеулеп жаны көзіне көрінетін. Жазды
күн шілденің өзінде темір пешті өртеп жағып, қол-аяғын аюдың немесе борсықтың майымен
сылап, ыңырсып отырушы еді. Түннің бір уағына дейін қиналып, кірпік айқастыра алмай
жататыны есінде. Ертесіне құлқын сəріде тұрып, үйреншікті тыпырға қайта кірісетін. Анасына
жаны ашып, “неге тыпырлай береді екен, тып-тыныш жатпай ма” деп назаланатын. Нұрша
бейшара діңкесі су көтермей ауырып жүрсе де шалжиып жатып алмай сиырын сауатын, май
шайқайтын, нан пісіретін, қолы қалт босай қалса малдың жаппасын жинап келіп илеп,
күлшелеп жайып, тыныш таппайтын. Алпыстың мол ішіне кірсе де мазаң, таң атқаннан ел
орынға отырғанша тепең-тепең жүріс. Ондай жүріске жас келіншектердің ішінде ілуде біреуі
ғана шыдар. Көпшілігі күні бойғы жұмыстан титықтап келіп, кешкі тамақ жасауға шамасы
келмей тырапай асады. Ал қара ормандай қабырғалы қалың елді жалмаған аштықтан аман
қалған аналар мүлде басқа. Оларды қиыншылық та, ауру-сырқау да мұқата алмайды. Олар
жеңілсе тек уақыттан ғана жеңілер.
Қыңқыл-сыңқылы көп анасына жаны ашып, оған көмектесуге ұмтылатын, шамасы келмейтін
шаруаға кимелейтіні есінде. Аяған мықшыңдап, əлі келмей жатқанда байғұс анасы ыңқыл-
сыңқылын ұмытып, өзі кірісіп кететін. Аяғанның жан қинап жұмыс істегенін көрсе Нұршаның
шыбын жаны шырқырап, құйрық басып отыра алмайтын. Қабырғасы қатып, қатарға қосылған
кезінде де ата-анамның қолындағы ауыртпалығын алдым деп айта алмайды. Екі кəрі бар
шаруаны ешкімге жалынбай-ақ өздері-ақ тындыратын. Жұрттың баласы құлқын сəріде тұрып,
таңғы салқында ұйқысын аша алмай дірілдеп-қалшылдап, бадаға сиып айдап тепеңдегенде бұл
шалжиып тəтті ұйқының құшағында жататын. Ата-ана тапқан-таянғанын екі ұлдың аузына
тосып, екеуінің үстіне жамады.
Аяған жетімсіздік көріп, қиналған жоқ, əкенің дəулетінің арқасында жылтырап киініп, шалқып
жүріп өмір сүрді. Жазғы демалысында өзі құралыптас балалар секілді ақша табу үшін құрылыс
отрядына қосылып, ауыр жұмысқа жегілген жоқ, телім-телім боп тентіремеді. Басқалар
“қайтсем қарным тояды” деп тіршілік үшін жер шұқып, несібесін теріп жүрсе, мұны өмірдің
рухани жағы көбірек алаңдатты. Шамасы келгенше, төзімі жеткенше оқуға тырысты, соның


арқасында тіршілік қамымен жүрген қатарынан алға озды. Қарапайым қара шалдың баласы бола
тұра орыс тілін басқалардан жетік меңгерді, университетті қызыл дипломмен бітірді, екінің
бірін ұната бермейтін аса кіді, кірпияз – профессор Алдияр Ақпанұлының сеніміне кірді, оның
сүйікті шəкіртіне айналды. Атақты ғалымның сенім артқан шəкірті болғандықтан тасы өрге
домалап, мақсатына көп кедергісіз жетті, аспирантурасын бітірер-бітірместен кандидаттық
диссертациясын қорғады. Рас, жеңіс оңай келе салған жоқ, Мұса Байларовтың жақтастары жан-
жақтан жабылып, жаға жыртуға дейін барды. Олар Аяғанның ғылыми еңбегінен ұлтшылдық
іздеп далбасалады, “дисертант орыс пен қазақ халқының арасына от тастаған, достыққа қиянат
жасаған” деген сияқты айыптар таққан. Жас ғалымды Мұса Байларовтың құрған торынан
профессор Алдияр Ақпанұлы алып шықты. Ол кезде Алдекең аса беделді еді, Мұса Байларовтың
сыбайластары мəселе шешетін биік мансаптарға жете қоймаған-ды. Олар көп болғанмен көбік
еді. Ал Алдияр Ақпанұлының атағы жер жаратын. Ол сүйікті шəкіртін тұмсықтыға шоқытпады,
қанаттыға қақтырмады, дауласып жүріп докторлық диссертациясына өзі қалаған тақырыпты
алып берді.
Бұл Алдекеңнің ең соңғы жеңісі еді. Осыдан кейін Мұса Байларовтың тасы өрге домалап,
қызметі жоғарылады да, оның сыбайластарының сұрапыл шабуылы басталды. Жан-жақтан
жабылған шабуыл онсыз да қайғы-қасіреті, жүрегінің жарасы көп профессорға ес жиюға
мүмкіндік бермеді. Əдеттегі бір партия жиналысынан оны жедел жəрдем алып кеткен. Содан
ауруханада төрт ай жатып шықты, оқыстан жабысқан дерттен құлантаза айықтырып алуға
медицинаның құдіреті жетпеді. Ол кісінің төсек тартып жатқанына бір жылдан асты.
Бөтелкеден басқа уайымы жоқ жалғыз ұлға сенсе шал əлдеқашан аштан өлер еді. Бостандықта
жүргенде күн сайын барып, Алдияр Ақпанұлының тамағын беріп, дəретке отырғызып, бөлмесін
тазалап қайтатын. Ойламаған жерден екі жігіт келіп, ала жөнелгенде “Алдияр Ақпанұлына
барып, көмектесіп тұр” деп Асылханға өтініш жасай алмап еді, осында келгеннен кейін ұстазын
ойлап, ішін ит тырнағандай қиналды. Көңіліне күдік шапқалы қашан. Аяулы адамының
тірлігінен күдерін үзіп қойған.
Бір ұлттың мақтанышына айналған біртуар азаматтың ешкімге керек болмай далада қалғаны сол
мемлекеттің тізгінін ұстағандарды ойландырмайтынына Аяған мүлде түсінбейді. Ондай
адамдар көп емес қой, саусақпен ғана санарлық тұлғалар неге мемлекеттің тізімінде болмайды?
Олар мемлекеттің мақтанышы, ұлттың байлығы емес пе?! Мына заманда біртуар марқасқа
ұлдар емес, əлдекімнің жетегімен жүріп, үлкен мансапқа жеткендердің аты озып тұр.
Біртуарлардың тағдыры сол мəңгүрттердің қолында. Мазақ!.. Кещелерге мазақ болған
ғұламалар... Қолында билігі бар кемталанттарға күлкі болған қайран заман-ай! Уайымы қара
басының қамынан аспайтын мешкейлерге қарап қалған халықтың маңдайының соры бес елі
екен. Маңдайындағы бағы, абыройы болған арысының тағдырына ара түсе алмаған елдің
ертеңінен не қайыр. Абыройын қорғай алмаған елдің соры қалың. Ондай елді кез-келген
кемталант қойдай өргізеді, бір шыбықпен айдайды. Бас шұлғудан басқаны білмейтін момын
елдің көрген күні осы енді...
Аяған күрсінді. Орнынан тұрып, аядай бөлменің ішін шарлады. Ойы сан саққа жүгірді.
Алдекеңнің хаты көп ой салды. “Бейшара тірі екен ғой” деді жүрегі жылып. Орнынан тұра
алмай жатқан профессорды қамқорлығына алған Асылханға деген алғысында шек жоқ.
“Азаматым-ай! Арыстаным-ай!” деді күбірлеп. Оған деген бар алғысы осы екі ауыз сөзге сиып
кеткендей.
Аяған еңсесін басқан зіл салмақтан құтылғандай бойы жеңілдеп қалды. Бала-шағасының
жағдайын ойлап, ішкені ірің болып еді. Оларға аяулы ұстазы қамқор қолын созыпты. Ол кісі əлі
күнге мұны таң қалдырумен келеді. Міне, орнынан тұра алмай жатып та зор қайрат көрсетіп,
үлкен азаматтық мінез танытты. Күні ертең-ақ ұстазының мына қапастан шығарып аларына


сенді.
“Ол ешқашан жеңілмейді. Ол кісіні жеңу мүмкін емес. Аштық ала алмаған Алдекеңді жеңемін
деу бос далбаса. Оның жаны өзінде емес, самрұқ құстың ұясында. Самрұқ құстың ұясын
жаратушы бір алладан басқа ешкім білмейді. Алдекеңдей азамат мəңгі жасайды” деп күбірледі
Аяған.
Шəкірті үшін жанын жеп, жанталасып жатқан ұстазына мəңгілік өмір тіледі. Шындық үшін
ажалдан да тайынбас, тайсалмас бірбеткей профессордың ештеңеден қайтпасына сенді. Еңсесі
түсіп, үміті үзіліп, тіршіліктен баз кеше бастаған жігіт ұстазының хатынан кейін ширығып,
ширап, үлкен іске кірісердей белді бекем буды.
Оны алда талай шырғалаң күтіп тұр еді.
Есік ашылып, мысықша басып, күзетші кірді. Əкелген тамағын қойып, сыртқа шығуға
ыңғайланған.
– Жігітім,– деді Аяған оған жақындап келіп. – Маған бір жапырақ қағаз бен қалам тауып бере
аласың ба?
Жігіт лəм деместен шығып кетті. “Қорқады, əкелмейді” деп ойлаған. Қателесіпті. Көп ұзаған
жоқ, есік ашылып, жігіттің дидары көрінді.
– Біреу байқап қалмасын, бізде тəртіп қатал.
– Рахмет! – деді Аяған қағазды алып тұрып. – Тағы бір өтінішім бар. Хатымды адрес бойынша
жеткізіп берсең өле-өлгенше жақсылығыңжы ұмытпас едім.
– Көрерміз,– деді жігіт шығып бара жатып.
Қолына қалам-қағаз тигеннен кейін тамаққа мүлде тəбеті шаппады. Отырып алып, басынан
өткен жағдайдың барлығын баяндап, ұстазына хат жазды. Өзіне тағылған айыптарды тізді, бір
топ студенттің айғақ хаты туралы айтты, Алмасты тауып, мəселенің анық-қанығын білу
керектігін ескертті. Хатының соңын үш ботасына – Елжас, Олжас, Бибіге бағыштады.
“Елжас, Олжас, кіп-кішкентай алтын қызым Бибі! Сендерді сағындым. Үшеуіңді де құшақтап,
құшып сүйдім. Біріңді-бірің сыйлап жүріңдер. Көкелерің”, деп жазды. Айтатын, айтқысы келген
жылы-жылы сөздері көп-ақ еді, қағаз жетпей қалды.
Сартап сағыныш көңілін мұңға бөледі. Үш ботасын ойлап, жаны одан сайын жабырқай түсті.
“Əсем тезірек сауығып шықса екен” деп тіледі. “Қырық қатынның толғағы қатар келіпті”
дегендей өзін ұстап кеткен күні Əсемнің аяқ астынан ауруханаға түскені Аяғанның алаң
көңіліне шешімі жоқ жұмбақ болып кірген. Жан-жақты ойланды, əлгі жұмбақтың дəл жауабын
таппағанмен екеуінің бір күнде тосын жағдайға тап болып, бала-шағаның қараусыз қалуында
бір сыр бар сияқты көрініп, жаны шошыған. Сол күдік əр сəт сайын айналып соғып, зəресін
ұшырады, осындайда бір сұрапыл қатер төніп келіп қалғандай шыбыны шырқырайды.
Міне, қазір де сол сезік оқыстан соқты, Аяған селк етті, тұла бойы қалшылдап, басына қан
шапшыды.
– Опыр-ай,– деді дауысы дірілдеп. – Бала-шағам аман болса екен. Ол нəлеттер ештеңеден
қайтпайды ғой.
Əрі-бері теңселіп жүріп өзін-өзі жұбатты. Балаларын ауылға жіберуді ойлады. “Əсем
ауруханадан шыққан соң балаларды алып, көкеммен бірге ауылға кетеді” деді. Өзінің жағдайын
мүлде ойлаған жоқ.
Манағы жас жігіт есік ашып, ішке кірді. Мұрты енді ғана тебіндеген жігітке Аяған жалбарына
қарады, ол қорқып тұрған сияқты, екі көзі жапақ-жапақ етеді.
– Айналайын, інім, маған бір жақсылық жасай гөр,– деді ол дауысы бұзылып. Көзінен бырш етіп
жас шығып кетті. Күзетші жігіт дап-дардай адамның жылағанын көріп, соған өзі кінəлідай
абдырап, абыржый бастады.
– Жақсы, аға! Апарып беремін... Бүгін... Жұмыстан кейін...


– Рахмет! – деді Аяған көз жасын алақанымен сүртіп, жазған хатын жігіттің қолына ұстатты. –
Адресті шетіне жаздым.
Жастығының астына тыққан дорбаны алды да, аузын шешті.
– Құрт, ірімшік ал, інішек,– деп жылы жымиды.
– Рахмет аға,– деп ол бір-бір тал құрт жəне ірімшік алды.
Жігіт Аяғанның қолын қысып, шығып кетті. Көңілін кіреукелеген жылауық мұң тарқап, жаны
жадырады. Екі араға көпір салынғандай, енді бұдан кейін күн сайын бала-шағасынан, кең
дүниеден хабар алып тұратындай болып көрінді оған. Қап-қараңғы қапастан жарық дүниеге
шығар жол табылғандай көңіл түкпірінде үміт шырағы жанды.


20
Аяғанның хатын екі қайтара оқып шыққан профессор көзін жұмып алып, біраз уақыт үнсіз
жатты. Қуат қария ұлының не жазғанын білгісі келіп асыққанмен Алдекеңнің ойын бөлуге
батылы жетпеді. Арада біраз уақыт өтті. Хат əкелген жігіт кететіндей ыңғай танытты.
– Ол кісіге қандай сəлемдеріңіз бар?
Алдияр Ақпанұлы селк етіп, көзін ашып алды да, қыздай биязы, уыздай жас жігітке сұраулы
кейіппен сұқтана қарады. Алдиярды асқан білімпаз, үлкен ғұлама деп бағалайтын Қуат оның
алдын орауды жөн көрмей, профессордың аузын бақты.
– Шырағым, еліңнің алғысы жаусын саған!
– Ой, ағатай, бұл кішкентай ғана қайырым ғой,– деп ол қысыла күлімсіреді. – Қағаз-қаламы жоқ
екен.
– Иə, иə... Анау жатқан қалың дəптер мен қаламды апарып бере алсаң дұрыс болар еді.
– Көрейін, аға... Бізде жалпы қиын ғой. Рұқсат бермейді.
– Өркенің өссін, қарағым! – деді Қуат сөзге араласып. – Ол жерде де жаны жайсаң жақсы
адамдар бар екен ғой. Бəсе, қазақтың жастары түгел арзандап, тексіз болып кеткен жоқ шығар
деп едім-ау. Ой, азаматым-ай!
Шал қорбаңдап келіп, жігіттің маңдайынан сүйді.
– Атың кім, шырағым?
– Қуан.
– Өзің де, атың да ақжолтай екен. Қайда жүрсең де аман бол.
– Қуан шырағым, адресіңді қалдырып кет, өзіміз хабарласып тұрамыз,– деді Алдияр əрең деп
басын көтеріп. – Мынау менің визиткам.
Жігіт төсекте жатқан жүдеу кісіге ұрлана қарап қойды.
– Шай дайын,– деді Хадиша жұмсақ үнмен.ю
– Алдеке, демейін бе сізді?
– Жоқ, рахмет! Қуан шырағым, шай іш.
Шал мен жігіт шығып кеткеннен кейін профессор жантайып жатып, көзін жұмды, қайтадан
терең ойдың иіріміне түсті.
Аяғанға тағылған айып ауыр. Барлығы дəлелденсе оның құтылып кетуі екіталай. Олардың
қолында бұлтартпас деректер бар ма, жоқ əлде, мұның барлығы дəлелденбейтін жала ма?
Аяғанның үстінен арыз жазып, айғақ болған кімдер? Олардың аты-жөнін кім арқылы білмек?
Оған жанашыр болар Алмас деген жігіттен басқа кім бар?
Осылар тақылеттес көп сұрақ Алдиярдың жолына көлденең түсіп, жатып алды. Бұл сұрақтарға
бүгін-ертең жауап таба алмасын шал түсінді. Не істеу керек? Ол қалың тұманның арасына кіріп,
адасып жүрген жолаушыдай сезінді өзін.
“Алмасты үйге шақырып, арызға қол қойған студенттерді анықтау керек шығар. Бəлкім, ондай
арыз жоқ та шығар”, деп ойлаған шал тағы да тұйыққа тірелді. Алмаспен оңаша сөйлесуден
басқа жолдың қалмағанын түсінген Алдекең Асылханды асыға күтті. Жұмыстан кейін міндетті
түрде келіп кететін жігіт бүгін кешікті. Ол келмесе Хадишаны жұмсайды. Ертелі күнді кеш
қылып қарап жатуға болмайды. Естуінше Алмас деген бала Аяғанның нағыз жанашыры
көрінеді. Бірақ оның өзін бірде-бір рет көрген емес. Іс-əрекетіне қарағанда бекер адам емес
тəрізді. Жан-жаққа жөнелткен хаттарына жауап жоқ, олардан жуықарада хабар ала қоярына
жəне сенімді емес. Ол хаттардың дүниені шарлап-шарлап келіп, осындағы үзеңгі бауы алты
қабат шенеуніктердің қолына тиерін біледі. Кім біледі, оның барлығы осы күні Мұса
Байларовтың тартпасында жатқан шығар. Алдияр ештеңеге де таң қалмайды. Бұл таң қалатын


заман емес. Осы өмірінде небір қиянат, сорақылықтарды көрген шал таңқалудан шаршаған.
Мұсаның қолынан бəрі келеді, ол өлген адамды тірілте алмас, басқа шаруа ол үшін түкке
тұрмайды. Студент кезінде көзге оқшау түсуге тырыспайтын, орташа ғана қабілеті бар, “білгіш
болсаң ішімдегіні тап, қане” дегендей тымырайып жүретін бала еді. Үш қойса қабақ
шытпайтын, төрт, бес алса жарылып қуанбайтын. Басқалардан оқшау, оңаша жүретін. Оған
ешкім де мəн бермейтін, бар болса бар екен демейтін, жоқ болса жоқтамайтын. Оқу бітіретін
жылы министрдің қызына үйленді де, жұлдызы жанып, университетті орташа ғана бітірген
Мұса мұғалім болып қалды. Білім жағынан ақсағанмен ұйымдастыру жұмыстарына келгенде
алдына қара салмайтын, сонысымен жұртқа ұнайтын. Тіл алғыштығы, елгезектігі жəне бар. Рас,
Алдияр да оны жек көрген жоқ, айтқанын қалт еткізбей орындайтын, үлкендік көрсетпейтін
елгезек жігіт қимас болмағанмен жақсы сыйласты. “Ағалап” асты-үстіне түсіп, құлдыраңдап
жүгіріп жүрген жігіттен жақсы сөзін аяған жоқ, реті келгенде қолтығынан демеп те жіберген.
Еті тірі жігіт тез-тез жоғарылай бастады. “Ғылым қуғаннан гөрі қызметтің соңына түскені
дұрыс қой” деп ойлайтын. Алдекеңден дұрыс қоймен жүргенде жұмыртқадан жүн қырқатын
Мұса ғалым болып та, əкім болып та үлгерді. Кандидаттықпен тоқтатын шығар деген. Жоқ ол
докторлықты да місе тұтпады. Өмір бойы тарих ғылымының қара жұмысын істеген Алдияр
Ақпанұлы көп доктордың бірі, ал докторлық диссертациясын қай тақырыпта қорғағанын өзінен
басқа ешкім білмейтін Мұса Байларов Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, келесі
сайлауда академиктікке ұмтылары анық. Өмірдің барлық саласында да осылай, өз ісінің
шынайы мамандары – қас таланттар емес, еті тірі ұйымдастырушылардың жолы болып,
жұлдызының жанып жүргеніне кімнің таласы бар? Бұрын да солай болған, болашақта да
солардың аты озады. Өмір солардікі. Ал қас таланттар соларға қызмет істеуге, еңбегін сатып күн
көруге тиіс. Ақиқат іздеген қас талант əлгілердің əлсіздігін айтып, өз шындығын айтып
қарсыласса қазық болып қағылып кетеді. Өмірдің бұлжымас заңы осындай.
Профессор күрсінді. Бұғалығын ала қашқан асаудай тарпаң мінезді уақытқа қылар қайнары,
істер амалының жоқтығына көзі жетіп, шарасыз қалге түсіп, жуасып қалған сияқты. Мына
заманда Мұса Байларовтың жеңдірмейтіндігіне, қаншама қарсы əрекет жасап жанталасқанмен
оны жеңбек түгіл сүріндіре алмасына көзі анық жеткенмен күресуден шаршамайтындығына өзі
де таң қалады. Неге бұлай? Кек қайтару үшін жанталаспайды. Мұса Байларов та адам, бала-
шағасы бар, өзіне лайық қызмет істеп, тыныш жүрсе онда басқаның не əкесінің көз құны бар?!
Алдекеңнің шаршайтын себебі – Мұса Байларов қолына билік тигелі бері Шындыққа шабуыл
жасауға кірісті, төңірегіне шəуілдектерді жинап алды. Ол шіркіндер қымс етсе үріп шыға
келеді, ерік берсе ешкімді аямайды, жабылып талайды. Профессор Алдияр Ақпанұлына
шəкіртінің осы тірлігі ұнамаған. Алғашқы əлетте тиым салмаса өршіп, өртке айналып кетерін
білген соң қарсы шыққан. Тарихтағы тирандардың барлығының жуып та, өртеп те, қашап та
кетіруге болмайтын ұлы қылмыстары осындайдан басталған. Кез келген мафияның мазмұнының
қаталдық пен қатыгездіктен тұратынын Алдекең біледі. Олардың тамырына балта шауып,
тұқымын тұздай құртпай жақсылық аңсаған, қуаныш-күлкіге шөлдеген адал ниетті адамзаттың
басынан бұлт кетпейді. Мафия дəуірлесе азамат – құл, ару – күң.
– Азамат – құл, ару – күң,– деп күбірледі шал. Осы тіркесті əлденеше рет қайталады. Көзі
жұмулы.
– Аға, мен қайтамын. Сау болыңыз.
Шал көзін ашып алды. Хат əкелген жігіт екен. Алдияр жылы жымиды.
– Рахмет, шырағым! Көсегең көгерсін.
Жігіт шығып кеткеннен кейін Қуат қайтып келіп, тізе бүкті.
– Бетінен иманы тамған бала екен. Қызылжардың арғы жағынан келіпті,– деді шал сақалын
саумалап отырып.


– Хадиша! – деп дауыстады профессор. Табалдырықтан аттамай есік көзінде өзіне жасқана
қарап тұрған қызға бұрылды. – Асылхан келмеді-ау...
– Келіп қалатын шығар.
– Алмас деген баланы қалай тапсақ екен?..
Қыздың екі беті қалақай шаққандай дуылдап, əпсəтте қызарып шыға келді. Басын тұқыртып,
төмен қарады. Қыздың жүзіндегі өзгерістің себебін түсінбеген профессор ойланып қалды.
Асылханның жатақханасына телефон соғайын.
– Сөйте ғой. Тезірек келсін, жұмыс бар.
Хадиша кезекші кемпірге жалынып жатып Асылханды телефонға шақыруға əрең көндірді. Ол
бөлмесінде екен.
– Жайшылық па? Тыныштық па? – деп бірнеше қайтара сұрады. – Қазір барамын.
Қуаттың көмегімен жерге түсіп, креслоға жайғасып отырған соң Алдияр:
– Қалай, қария, үйренейін дедіңіз бе? Ұйықтай алмай жүрсіз-ау тегі,– деді.
– Е-е, Алдеке-ай, қатып ұйықтайтын уақыт та алым қалмаған шығар.
– Е-е, ол күнге асығудың керегі жоқ.
– “Адамның басы – алланың добы” дейді бұрынғылар,– деп күрсінді Қуат. – Бəрі алланың
қолында. Пешенеңе жазылғанды көресің де, ойламаған жерден қылжия саласың бір күні. Келдің,
кеттің. Артыңда ел-жұртың айта жүрер жақсы ісің қалса мақұл. Қалмаса ұмытсың, бір пенде
есіне алмай-де-е, Алдеке. Баласы тəп-тəуір азамат болған талай жайсаңның аруағы үстем болып
жүр қазір. Балаң болмай бордай тозса... Сүйекке түскен таңба ғой. – Шал мұңайып, сақалын
саумалап, үнсіз отырып қалды. Профессор қонағына көз қиығын тастады, көзі шүңірейіп, жағы
суалып, жүні жығылып-ақ қалған екен. – Жатсам да, тұрсам да жалғыз ұл есімнен кетпейді. Ең
болмаса жүздесе алмадым-ау,– деп көкірегі қарс айрылардай күрсінген шал, қалтасынан көлдей
орамалын алып, жасаураған көзін сүртті. – Аяғанымның дидарын көріп, бір ауыз лебізін
естісем, жеңілдеп қалар едім.
– Аяғанның жазуына қарағанда, тергеуші мен білетін адам.
– Е-е-е, алла! – деп Қуат қария бетін сипады.
– Сондай бір сүмелекті білуші едім,– деп күрсінді Алдияр. Қабағын шытып, астыңғы ернін
жымқыра тістеп, бір сəт үнсіз қалды. – Аяғанмен бірге оқыған. Ғалым боламын деп түк шығара
алмай кеткен. Көр көкірек сүмелек еді.
– Ол тасмаңдай Аяғаныма кəрі иттігін жасайды десеңізші. Ой, жалған-ай! Түрінен шошып едім
сол нəлеттің.
– Түрі ғана деймісіз, ісі де былық ол сүмелектің.
– Еркіне жіберсе Аяғанымның төбесіне құй қазатын сиқы бар ол нəлеттің,– деді Қуат қария
көңілі сөгіліп. Көзі жыпылықтап, мүсəпір адамдай профессорға жасқана қарады... – Кім екенін
білмедім, əттең...
– Қари-ия, айқаймен іс бітпейді. Зуылдап келе жатқан пойыздың жолына тұруға болмайды. Əдіс
керек.
– Е-е, Алдеке-ай! Жалғыз ұл үшін пойыз түгіл сəмөлетіңнің жолына да тұрар едім. Бір ұл
ауғанның оғына ұшты. Екіншісінің жаын Кеңес үкіметі аламын дейді... Аяғаным үшін жаным
пида,– деп Қуат қария дымданған көзін сүртті.
– Жолына тұрсаңыз қағады да кетеді,– деді профессор мұңайып. – Пойыздың жолына тұрған
құрбандықтың бірі мына менмін. Жатысым мынау. – Алдияр Ақпанұлы өзін-өзі табалағандай
мырс-мырс күлді. Қабағындағы көлеңке қоюланып, екі көзіне ашу тығылды. Ернін жымқырып,
зілді жанарын бір нүктеге қадап, біраз уақыт үнсіз жатты – Пойызды да əдіспен тоқтатуға
болады екен.
– Мен əдіс білмеймін, Алдеке. Біз əдіссіз өмір сүрдік.


Алдиярдың қабағы əпсəтте жадырап, қарқылдап күлді.
– “Сұрап алған ауруға дауа жоқ” дейді. Сіз бен біз əдіссіз, айласыз өмір сүргендіктен тұйықтан
шығар жол таппай қысылып отырмыз,– деді профессор күлкісін кілт тиып, қабағын шытты. –
Жетпіске келгенше бүгінгі жастардай өмір сүруді үйрене алғамыз жоқ. Ал қазіргі жастар іштен
оқып туа ма қалай... Ол шіркіндер ешқашан қателеспейді. Барлық сұмдықты алдын-ала біліп
отырады. Топ құрады, жең ұшынан жалғасып, əлсіздерге қиянат жасайды. Сіз бен біздің
байпағымыздан басқа сүйенеріміз жоқ. Сондықтан қарсыласуға шамамыз келмей оп-оңай
жеңіліп қаламыз.
– Бізді Кеңес үкіметі қорғайды.
– Біздің тағдырымыз сол үкіметтің билігін қолына ұстап отырған топтың қолында, қария,– деп
күрсінді профессор. Мынау дүниенің жақсылығынан күдерін үзіп, баз кешкен адамдай жүзі
сұрланып, көзіндегі жылт-жылт жанған сəуле сөніп қалған секілденді. – Аяғанның тағдырының
тізгіні де соларда. Оларға сеніп, Ай бағып қарап отырсақ бұл істің немен бітерін айтпай-ақ
қояйын. Азамат – құл, ару – күң болар заман келе жатыр...
– Үш күндік пəниде тіл табысып, түсінісуге тырысудың орнына... Бұ жұрт жағаласып, жаға
жыртысып, жауласып жатады. Не жетпейді бұ жұртқа? Иісі қазақ демесе бұл жақтан жиналған
халық түгіл, Алдеке-ау, ауылдағы ағайын да есепке көшкен. Есеппен сыйласады, жақсылығы
сатулы,– деп шал қынжыла бас шайқады. – Не боп барады бұ дүние?
– Сырттан жау шаппаса бірімен-бірі ұстасып, тістесіп, жағаласып, бас жарысып жататын
қазақтың ескі əдеті емес пе. “Қазаққа ақыл кірмейді” деп зарлаушы еді бір жазушы. Біліп
айтады екен бейшара.
Қоңырау шылдырлады, түпкі бөлмеде мульфильм көріп отырған үш бала таласып-тармасып
дəлізге жүгіріп шықты. Үнемі осы, есіктің қоңырауы шырылдаса ішіп отырған тамақтарын
тастай салып, жарыса жүгіреді. Ата-анасы əне-міне дегенше кіріп келетіндей үшеуі де елеңдеп,
елегізіп отырады.
Үш бала табалдырықтан аттаған Асылханды шұрқырап барып бас салды. Ол ең алдымен Бибіні
көтеріп алды да, бетінен сүйді. Сонан соң қолындағы дорбасын берді.
– Лахмет!..
– Жуып жеңдер.
Екі баланы құшағына қысып, беттерінен сүйгеннен кейін ақсақалдар отырған бөлмеге кірді.
– Ассалаумағалейкө-өм! – деп екі қолын беріп амандасты.
– Отыр, балам, əңгіме бар. – Алдияр Ақпанұлы қалтасынан бір жапырақ қағаз алып, тізесіне
қойды. Ежелгі əдеті бойынша көзəйнегін киіп, қағазға үңілді, бірақ оқыған жоқ. – Аяғаннан хат
алдық. Оған жапқан жаласы көп екен. Менімше, солары негізсіз. Заңға беру үшін солардың
барлығы дəлелденуі керек. Бұлтартпас дерек, дəлелдері бар ма, жоқ па? Бұл біз үшін жұмбақ,
шырағым. Қол қусырып, қарап отыруға болмайды. Қуат қария екеуміздің жағдайымыз бірдей.
Сенен басқа жүріп-тұратын адам жоқ.
– Соқыр да бір, мен де бір,– деп мұңайды Қуат. – Біреу жетектеп жүрмесе үйден аттап шыға
алмаймын. Шықсам қайтып таба алмай сорлап қаламын.
– Бір топ студент Аяғанның үстінен арыз жазыпты. Олар кімдер? Білу керек. Мүмкін өтірік арыз
шығар.
– Алмас бар ғой. Біліп береді.
– Алмасты осында шақыр, шырағым,– деді Алдияр, көзін шала жұмып, ойланып қалды. Ол
жігітті бірде-бір рет көрмепті. Неге екенін, бұл үйге жоламайды. Оның неге қашқақтайтынын
Алдекең іштей сезеді. – Ол сенімді жігіт пе еді?
– Аяған аға үшін отқа түсуге бар.
– Ой, азаматым-ай! Бұл қазақта жақсы мен жайсаң аз емес қой,– деп Қуат қозғалақтап, қуанып


қалды. – Адамның кім екенін басыңа іс түскенде білесің.
– Алмас ширақ, пысық бала болса біраз іс тындырар еді.
– Еті тірі жігіт. Қазір студенттер кеңесінің төрағасы.
– Аяғанды арашалап алуға студенттер кіріссе іс оңға басар еді,– деді Алдияр, істің байыбына
тереңдеп бара алмай, екі көзі жыпылытап отырған Асылханға тесіле қарап. – Бір топ, бір курс
емес, бүкіл факультеттің студенттерін ұйымдастыру қажет. Студенттер – ұлы күш.
– Біздің бригаданың адамдары қандай іске де дайын, аға.
– Сен Алмасты осында ертіп кел. Кең отырып сөйлесейік,– деді Алдияр, есік көзінде ішке
кіруге жасқаншақтап тұрған Хадишаға көз тоқтатты. “Қандай əдепті бала еді. Қашан болсын
именіп, иіліп ізет көрсетіп тұрғаны”. – Дұрыс айттым ба, қызым?
Хадишаның жүзі нарттай болып қызарып кетті. Қыздың өңіндегі өзгерістің сырын мана
түсінбеген, көргені көп сұңғыла қарттың санасының көзі енді ғана ашылды.
“Сендей жары бар жігіттің арманы жоқ-ау!.. Бір қазақтың бағы жанайын деп тұр-ау” деп ойлады
Алдияр.
Алмасты ертіп келмек болып, Асылхан асығыс шығып кетті. Хадишаның жүрегі алып ұшты.


21
Алмас апақ-сапақта Асылхан келіп қалады-ау деп ойламаған. Есік қағылғанда Сағындық шығар
деген. Асылханды көргенде шалқасынан түсе жаздады.
– Оу! – деді сасқанынан ыржия күліп. – Өзіңсің бе?
“Ішке кір” деудің орнына өзі сыртқа шығып, есікті жып еткізіп жаба қойды. Столдың басында
аяғын айқастырып, шалқалап отырған шыбықтай майысқан, қайқы кірпік, қиғаш қас сұлу қызды
Асылхан анық көрді. Бірінші курста оқитын болу керек, өзіне сұқтанған бейтаныс жігітке
жасқана қарады, бетінің ұшындағы оймақтай қызыл бояу жайылып кетті. Столдың үстінде
жартылай ішілген шампан бөтелкесі тұр.
– Əңгіме бар,– деді Асылхан досының қолын қысып тұрып. Киініп шық, профессор Алдияр
Ақпанұлы күтіп отыр.
“Не деп тұрсың?” дегендей досының жүзіне таңырқай қарады. “Бұл Алдияр Ақпанұлымен қалай
байланысып жүр” дегендей сұраулы пішін.
– Немене Ақпанұлы дейсің бе? Ол кісінің менде несі бар? – деді абыржып қалған Алмас.
– Тез киініп шық. Барған соң білесің,– деп асықтырды Асылхан.
– Ой, осы сен де... Жау қуғандай тегі... Ертең келсеңші, кең отырып сөйлесейік.
– Сен бүгін керексің. Аяғанның жұмысына байланысты ақылдасу керек,– деп тықыршыды
Асылхан. Аяғанның атын естіп, Алмастың қабағы тұнжырап, өз өзінен абыржи бастады.
Көңіліндегі сөзін бірден айтып тастауға батылы бармай, тосылып тұр. – Хадиша да сол үйде.
– Хадиша? – Алмас таңырқап, досының жүзіне сұраулы кейіппен барлай қарады. – Ол қайдан
жүр?
– Немене, білмеуші ме едің? – Алмас бас шайқады. – Аяғанның отбасын профессордың үйіне
көшіріп апарғанбыз. Хадиша балаларға қарап жүр.
– А-а... Ол əнтек езу тартты. Асылхан бірінші рет көріп тұрғандай оған таң қала қарады.
Түсінгені – Асылхан асығып тұр. Өзінің бұл келісін мүлде жақтырмағанын сезді.
– Жүрсеңші,– деп қиылды. Алмас суық жымиғанмен жақ ашқан жоқ. – Аяғанның тағдыры қыл
үстінде тұр. Көмектесу керек.
– Бүгін қолым тимейді. Көріп тұрған жоқсың ба, бос емеспін.
– Хадиша ше?
Алмас жауап қайтарған жоқ, төмен қарап, тағы да күлді. Асылхан досының қылығына мүлде
түсіне алмады.
– Ертең жолығайық.
Асылхан оны қолынан ұстай алды.
– Тұра тұр. Адам тағдыры шешілейін деп тұр ғой, Алмас. Аяған ұстазың. Саған көп мəселе
қарап тұр. Сен бүгін керексің,– деді Асылхан жалынғандай болып. Алмас қабағын шытып, түсін
суытты, езуіндегі бір өшіп, бір жанған өлеусіреген əлсіз шырақтай сайқал күлкі лып сөнді.
– Құлағыңа құйып ал, Асылхан,– деді ол қатқыл дауыспен. – Үш əріптің қолына түскен адам
ешқашан құтылмайды.
– Кінəсі болмаса да ма?
– Кінəсінің жоқ екенін сен қайдан білесің?
– Білемін,– деді Асылхан сенімді үнмен. – Сенде білесің. Ол жаланың құрбаны болып отыр.
Аяған адамдай болсын адамның бəрі. Профессор Алдияр Ақпанұлы мен Аяғанның басындағы
жағдай белгілі адамдардың қолымен жасалған. Мұны сен де білесің.
– Жоқ, мен ештеңе білмеймін. Білгім келмейді,– деп шаптықты Алмас. Біреу естіп тұрған жоқ
па дегендей жан-жағына жалтақтап қарап алды. – Профессор Алдияр Ақпанұлын ешкім ұрып


құлатқан жоқ. Аяғанды түрмеге зорлап апарды, кінəлі емес дей алмайды ешкім.
Досының сөздерін естіп, Асылхан не дерін білмей аң-таң болып, аңырайып тұрып қалды. Күні
кеше Аяғанның атын аузынан тастамай, оны аспансайғақ жасап жүретін Алмастың мына
қылығы көңіліне сыймады.
– Əй, Алмас, сен не деп тұрсың? Шының ба, қалжыңың ба?
– Қалжыңдасып тұратын уақыт жоқ. Ертең кел,– деді ол бөлмесіне кірмек болып. Асылхан
аяғымен есікті тірей қойды да, Алмасты жағасынан ұстап, біл жұлқып, шетке алып шықты.
– Əй, опасыз! Күні кеше Аяған ағаның алдында құрдай жорғалап, құрақ ұшып жүретін сен емес
пе ең. Немене түсіңнен шошып ояндың ба?
Асылханның мінезі осы, бір ашуланса сабасына түсуі өте қиын. Осыны білетін Алмас үнсіз.
Айтатын сөзі аз емес еді, бірақ өзі білетін шындықты жариялауға қорықты. Алдап-сулап тезірек
құтылуға тырысты.
– Ой, қойшы осы! Талағың тарс айрылардай не бүлінді сонша? – деп досының арқасынан қақты.
– Профессордың үйіне барғанда мен не бітіремін? – Мен бар болғаны студентпін. –
Асылханның құлағына аузын тақап, сыбырлай сөйледі. – Жаңағы балаға өлердей ғашық болып
жүр едім.
– Хадиша ше? – Асылхан ала көзімен ата қарады. Жымыңдап күліп тұрған Алмас жым болды. –
Екеуіңді таныстырған, дəнекер болған мен едім. Екі ортада қарабет болдым-ау.
– Ой, осы сен қызық екенсің. Танысқан қыздың бəріне үйлене беремін бе? – деп жымиып күлді.
Асылхан оның бетіне бажайлай қарап, көз алмай қадалып біраз тұрады. Алмас жасқанып, көзін
ала қашты. Асылхан оның жаңағы мүлəйім сөзіне сенген жоқ, жігіттің көңілінде бір кілтипан
барын сезді.
– Ə-ə, солай де. Солай екен-ау,– деп мырс күлді. – Сонда мына баланы да танысу үшін алып
келіп отырсың ба?
Алмас есік жаққа бір қарап алып, алақанымен аузын жауып күлді де, досын иықтан салып
қалды. Бірақ Асылхан езу де тартқан жоқ, қабағының қыртысы жазылмады.
– Барамысың, жоқ па?
– Мен неге керек болып қалдым?
– Бір топ студент үш əріпке Аяғанның үстіне арыз жазыпты. Басқа да айыптар аз емес сияқты.
Бірақ дерегі, дəлелі аз дейді. Оның ісі өзімен бірге оқыған Мақсұт деген жігіттің қолына тиіпті.
Екеуі өш пе, əйтеуір əлгі сүмелек жоқтан бар жасап, бəле жауып, тісін қайрап отырған тəрізді,–
деді жігіт білгенін түгел ақтарып. – Профессордың сені шақырған себебі – Аяған ағаны қорғап
қалу үшін студенттерді көтеру керек дейді.
Ол селк етіп, досының бетіне шошына жалт қарады. “Мынау не деп тұр? Есі дұрыс па өзінің”
дегендей таңырқау бар жүзінде. Қорқып қалғанын жасырмақ ниетпен ақырын ғана жымиды.
Студенттердің Аяғанның үстінен арыз жазғанына сенбеймін. Ол хатты Аяған ағаның жаулары
ұйымдастырған,– деді Асылхан, ұзын дəлізбен дедектеп жүгіріп келе жатқан жігітке назар
аударды. Қолында ауыр сумкасы бар, қатты асығып келеді, бейшара терлеп кетіпті.
– Алып келдім, əрең таптым,– деді ол Алмасқа жарамсақтана жаутаңдап.
– Сағындық сен Розаның жанында отыра тұршы, мен қазір барамын,– деді Алмас жалақ ерін,
шикі сарыға. Ол бөлмеге кіріп кеткеннен кейін екі дос біраз уақыт үнсіз қалған.
– Киініп шықсаңшы,– деді ол досына қиыла қарап. Бұл жолы Алмс бұлталақтап, басын алып
қашпай төтесінен тартты.
– Мен бұл былыққа араласа алмаймын. Заң орындарының кімнің кінəлі, кімнің кінəсіз екенін
сен екеуміздің көмегімізсіз-ақ анықтай алады.
Түсі сұрланып, өзіне жеп жіберердей ызалана қараған досының ашудан жарылып кетуге шақ
тұрғанын сезді. Іштей имене тұра шегінбеді.


– Ал Алдияр Ақпанұлы правакатор. Оның қолына билік тисе дүниені өртеп жіберуден
тайынбайды. Аяған соның кесірінен түрмеге түсті. Оның ендігі жемтігі мен екенмін ғой. Оның
қақпанына түспеймін! – Алмас өршеленіп кетті. Екі жағына кезек-кезек шырт-шырт түкіріп,
қызарақтап, ызаға булықты. – Жалғыз досым сенің өзің мені аямайсың. Байқа, бауырым арандап
қалма деудің орнына отқа итеріп тұрсың. Мені құлатқаннан саған пайда түсе ме? Мүйіз шыға
ма?!
– Сен не деп кеттің?– деді Асылхан абыржып. – Сені отқа айдаған кім? Саған мен отқа түс деп
келген жоқпын. Басына іс түскен, өзіңмен дəмдес болған адамға көмек сұрап келдім. Оның
бала-шағасы қаңғырып қалды.
– Детдомның балаларынан жаны артық емес олардың,– деп ашулана, кіжіне сөйледі. Тым артық
кетіп қалғанын енді түсініп, ептеп қана езу тартты. Бірақ жүзі жылымады. Асылхан не дерін
білмей абыржып, қиналып қалды. – Əркімнің қызығы өзіне. Біреу үшін басымды бəске тіге
алмаймын.
– Ит екенсің! – деді Асылхан оған жиіркене қарап. Басқа сөз айтқан жоқ, шұғыл бұрылып,
жебей баып, шығар есікке беттеді.
Ашуы əлі тарқамаған Алмас не істерін білмей, состиып тұрып қалды. Ұзап бара жатқан
досының соңынан ұмтыла беріп қалт тоқтады.


 22
Екі шалдың өзін асыға күтіп отырғанын біле тұра Асылхан ол үйге бармай, ресторанға тартты.
Жолай профессордың үйіне телефон соғып, “Алмасты таба алмадым, ауылға кетіпті” деп өтірік
айтты. Хадишаның көңілін бұзбайын деді. Алмас дегенде ішкен асын жерге қоятын қызға жаны
ашыды. Жастай жетім қалып, көп қиындық көріп өскен алаң көңіл қызды аяп, жанын жылауық
мұң баурап алды. Екі құлағы шуылдап, шекесі солқылдады. “Алмас нағыз сатқын екен ғой. Неге
бардым? Неге ұрмадым тұмсықтан!” деп өзін өзі кінəлап, өзін өзі жер-жебіріне жетіп сөкті.
Оның мектепте оқып жүргенде тайғанақ, жалтарғыш болғанын есіне алды.
Екеуі мектепте бірге оқыды, бірге жүріп, қатар ержетті. Мұғалімдер ортаға алып, қысым жасаса
серт, уəдесін ұмытып, істеген ісін оп-оңай мойындай салатын Алмасты кластастары ұната
қоймайтын. Шындықты мойындамай қасарысып тұрып алатын Асылхан досының кесірінен
кінəлі болып шығатын. Жəне ол өз кінəсін мойнына алмай бұлтарып, мұның өзін сөгіп, діңкесін
құртатын.
– Мойныңа алып, кешірім сұрай салғанда оңай құтылатын едің. Өзің кінəлісің,– дейтін
шімірікпей.
– Екеуміз “ешкімге айтпаймыз” деп серттесіп едік қой. Уəдеңде неге тұрмайсың,– дейтін оның
сөзіне күйіп-пісіп. Алмас тосылып қалсын ба мұндайда.
Олар бөтен емес, өзіміздің ұстаздарымыз,– дейтін ол мұның зығырданын қайнатып. Осындай
“сатқындығы” үшін ол Асылханнан талай мəрте таяқ жеді, бірақ сүйекке сіңді қасиетінен
құтыла алмады. Есейіп жігіт болған шағында Алмастың осы бір осалдығы жоғалып кеткен
секілді еді. Қателесіпті. Сүйекке сіңген қасиет біржола жоғалып кетпейді екен. Ол кемшілігі бір
сəтке қалғып кетіпті, қиын жағдайд қайта оянып, өзінің Алмастан өле-өлгенше
айырылмайтындығын тағы да дəлелдеді.
“Ол менің басыма іс түссе де жоламай қашатын шығар. Шығады одан. Неге ұрып жықпадым?
Əттеген-ай!” деп күйінді жігіт.
Ресторанда ине шаншыр орын жоқ екен. Қарақұрым халық көкпеңбек түтіннің ішінде жүзіп
жүрген секілді. Əпербақан əуен құлақ жарардай, ішіп алып, қисалаңдап билеп жүргендерге
қарап, Асылхан аз-кем уақыт кідіріп қалған. Əлдекім иығымен қағып кетті, жалт қараған ол ұры
тазы секілді құйрығы бір уыс боып бүкшіңдеп ұзап бара жатқан Арабты таныды. Ойында ештеңе
жоқ Асылхан:
– Əй, əй! – деп дауыстап еді, анау естімеген адамдай қайырылмай кетті. Жалғыз емес сияқты,
алдында төрт-бес жігіт кетіп барады. Барлығы тоқтап, əлдене туралы кеңесті де, қараңғыға
сіңіп, ғайып болды.
Жоғарыдан орын таппаған соң бірінші қабатқа түсіп, барға қарай беттеді. Көңілінде кілкіп
тұрған ренішті тарқатудың бір ғана жолы барын білген ол екі жүз грамм алды да, екі бөліп ішіп
тауысты. Құлағының шыңылдағаны басылып, жаны жай тапты. Кенет есіне Алмастың
бөлмесінде отырған қайқы кірпік, қиғаш қас қыз түсті. “Обал-ай” деді жігіт. Бұл сөзді неге
айтқанын əдепкіде өзі де түсінбей қалды. “Бəлкім, қонаққа келген шығар” деп өзін-өзі
алдарқатты. Бірақ алағызыған көңілге бұл алданыш бола алмады. Алмасқа деген реніші ұлғайып,
өкпесі қара қазандай болды. “Ол неге Аяған ағадан басын ала қашады?” Қара басының ғана
қамын ойлаған қараниет болмаса шиеттей бала-шағаны аяр еді ғой. Оңбаған! Ондай оңбағанды
местей қылып сабап кету керек. Сабап кетемін. Аямаймын” деді қызуы көтеріле бастаған жігіт
желпініп. Тез есеп айырысты да, асыға басып, сыртқа шықты.
Қазір барады да, Алмастың ит терісін басына қаптайды. Аямайды. Сатқындық жасағаны үшін
жəне Хадиша үшін...


Жебей басып Абылайхан даңғылымен жоғары өрледі. Қарға адымдағы профессордың үйіне
кіріп шығуға жүрегі дауаламады. Өтірік айта алмайды, бар сыры əшкере болса үш бірдей
адамның жүрегін жаралайтынын біледі. Əсіресе Хадишаға қиын болатынын жүрегі сезеді.
Абылайхан даңғылы мен Абай көшесінің қиылысындағы “Сəуле” дүкеніне жете бергенде ағаш
тасасынан сопаң етіп екі жігіт шыға келді. Қараңғыда олардың түрін тану қиын еді, оның үстіне
кепкаларын милықтатып басып киген. Мыналардың жүрісінен секем алған Асылхан кілт
тоқтады.
– Сіріңке бер! – деп зекіді шашын еркін жіберген біреуі. Басында мексикандық қалпақ, үстінде
тері күрткесі бар. Екі бейтаныстың пиғылын түсінген жігіт бойын тез жинап, əп-сəтте сергіді.
– Темекі тартпаймын.
Бүйірдегі теректің тасасынан тағы да екеуі шыға келді. Жер тар, сол жағы арық, оң жағында
терек, шегінуден басқа жол қалмағандай. Жарық жерге шықса мыналардың ұмтылмасын біледі.
Үш-төрт секіріп үлкен жолға кетуге де мүмкіндік бар. Тұра қашқаны ұят, ең болмаса
мыналардың біреуін ұрып жығу керек. Білсін Асылханның кім екенін.
Кенет əлдекім қапсыра құшақтай алды. Бұлқынып еді, босана алмады, қолы соншалық қарулы
екен, екі аяғын жерге тигізбей тік көтеріп кетті. Тұра ұмтылған мексикан қалпақтыны қос
аяқтан көкіректен тепкен, ол бейшара шалқасынан түсті де, қайтып тұрған жоқ. Өзі құшақтап
тұрған бейтанысты бəтеңкесінің өкшесімен қыр сүйектен тепті, ананың жан даусы шыққанмен
Асылханды босатпады. Сол екі арада əлдекім жүрегінің басынан аямай ұрды, ауа жетпей
тұншықты. Ожаудай дəу жұдырық тағы тиді. Екі жігіт екі қолын қайырып ұстап тұрды.
Шалқасынан түскен мексикан қалпақ ыңырсып келіп, бүйірінен оңдырмай тепті. Қыр сүйегін
жарақаттап алған екіншісі келіп, көк желкеден ұрды. Екі жігіт екі қолын сындырып жіберердей
қайырып, тістене кіжініп тұр.
– Таких паразитов надо уничтожать! Баран!
– Сволочь!
– Мені ұмытып қалған шығарсың,– деді қарсы алдына келіп, талтайып тұрған əлдекім. Асылхан
қараңғыда Геркулесті тани алмады. – Танысып қоялық.
Шіреніп тұрып қақ маңдайдан тепті, Асылханның көзінен оты жарқ етті. Бар дауысымен
айқайды салып, оң қолын қайырып ұстаған бейтанысты тобықтан қағып құлатты. Қарсы
алдындағы жігіт шіреніп тұрып тағы тепті, Асылхан шалқасынан құлады. Орнынан атып тұрды,
көзінің алды қап-қараңғы, дүние шыркөбелек.
– А-а-а-а! Милиция! – деп айқайлады жігіт.
– Міне, саған милиция!
Геркулестің қолындағы алмас кездік қап-қараңғы түнде жарқ етті. Кездікті суырып алып тағы
сілтеді. Екі, үш, төрт, бес... Алтыншы рет жүректің тұсына бойлата салды да, суырып алып, қаша
жөнелді. Асылхан тəлтіректеп барып үлкен жолға құлап түсті. Көзінің алды қап-қара түн,
əлдекімдердің дауысын естіді. Ақтық күшін жинаған жігіттің профессор Алдияр Ақпанұлының
телефон санын айтуға ғана шамасы келді.


 23
Көзі ілініп кеткен екен, шар ете қалған ащы шырылдан шошып оянды. Орнынан атып тұрды да,
телефонға жүгірді. Екі шал əлі ұйықтамапты, əңгімелесіп жатыр екен.
– Алло, – деді бейтаныс адам дауысы дірілдеп. – Сіз кешіріңіз!.. Осыдан бір сағат бұрын “Сəуле”
дүкенінің алдында... Алло... Естіп тұрсыз бе?
– Иə, иə,– деді Хадиша тұла бойымен түк жүріп өткендей өз-өзінен қалшылдап қоя берді.
– Бір жас жігітті пышақтап кетті... Оның осы телефонды айтуға ғана шамасы келді.
– А-а-а!.. А-а-с-ы-л-х-а-ан...
– Оны жедел жəрдем алып кетті.
Қыздың қолындағы трубка түсіп кетті.
– А-а-с-ыл-хан,– деді ол жылап тұрып.
– Не болды, қызым? – деп дауыстады Алдияр.
– Пышақтап кетіпті,– деді де егіліп жылап қоя берді. Өткен өмірлерін еске түсіріп, жайбарақат
отырған екі шал шоқ басып алғандай болды.
– Кімді? – деді Қуат қария жан дауысы шырқырап. Əпсəтте түсі оңған шүберектей болып кетті.
Орнынан атып тұрмақ болып, бірнеше рет талпынып еді жерге желімделіп қалғандай қозғала
алмады. Буын-буынынан жан кетіп қалған сияқты, сақалы селкілдеп, көзінен бырш етіп жас
шықты.
– “Сəуле” дүкенінің алдында... Сол... Асылхан,– деді Хадиша егіліп жылап тұрып.
– Апыр-ау, жаңа ғана телефон соғып еді ғой.
– Қой, бекер болар,– деді манадан бері тілі байланып сазарып отырған Қуат қария. Екі көзінің
алдындағы қос тамшыны сұқ саусағымен іліп алып тастады.
– Атаңа нəлеттер! Ескі əдістеріне қайта көшті. Бұрын күніне бес-алты рет телефон соғып,
адамның жүрегін суылдататын,– деді Алдияр қыз бен шалды сабырға шақырып. – Көңіліңе
ештеңе алма, қызым. Тыныш жатып, ұйықтай бер.
Орнына келіп жатқанмен Хадишаның қозғалып кеткен көңілі орнына түспеді. Сұм жүрек бір
сұмдықты сезді ме, қайта-қайта жүрісінен жаңылып, тыпырлап алқымына келіп тығылды. Мана
телефонмен сөйлескенде Асылхан аса көңілсіз секілденген, жарытып ештеңе айтпады. Бар
болғаны “Алмасты таба алмадым, аылға кетіпті” деді. Оны таппаған күнде қайтып оралып,
Аяғанның шаруасына байланысты ақылдасуы керек еді ғой.
“Бəлкім, Алмас екеуі ренжісіп қалған шығар” деп ойлады қыз. Соңғы бірер ай бойы ол хабар-
ошарсыз жатып алды. Неге қашқақтап жүргенін, несімен жақпай қалғанын Хадиша мүлде
білмейді. Асылханға бұл туралы тіс жарып əңгіме айтпаған. Солай бола тұра ол бір кілтипанның
барын сезетіндей болып көрінуші еді.
Ол неге келмейді? “Алмас басқа біреуді тауып алған шығар” деген ой қыздың қуанышқа
қаталаған жетім жүрегін аяусыз талап, жарық дүниеден баз кештіретін. Өмірдің барлық құқай-
қиянатын үн-түнсіз жүріп көтеруге үйренген қыз бұған да көнді. Жанын жегідей жеген азабын,
басын қаңғыртқан қайғысын пенде баласына сездірмеуге тырысты.
“Аяған атаға деген ниеті жақсы еді ғой. Ол кісінің басына іс түскен сəтте тұра қашқаны қалай?”
деген сумақай ой əр сəт сайын Хадишаның алдынан көлденең шыға беретін. Ол ең сүйікті
адамының сатқындық жасап, жалт бергенін, Аяғанға қарсы топтың жағына шығып үлгергенін
мүлде білмейтін. Əртүрлі ой келгенмен Алмасты ешқашан жамандыққа қиған емес. Ол əне-
міне дегенше келіп қалардай үнемі үміттеніп, елегізіп ол тосып жүргені. Ара-тұра бір күдік
қарабас жыландай шақшадай басын жалмаң еткізіп көтеріп алатын да, қыздың жетім жүрегін
тістелеп, уын жаятын. Сол жылан-күдік қазір де бұғып келіп, Хадишаға улы тісін қатты қадады.


“Асылхан жатақханадан шыққаннан кейін осында келген екен ғой” деп ойлады аунақшып
жатқан қыз. “Неге?”. Жолындағыларды сыпырып-сиырып алып кететін селдей екпінді қалың ой
ұлы тосқауылға тап болғандай лықсып келіп тоқтады. “Неге?” Хадиша жалғыз сөзден тұратын
сұраққа жауап таба алмай деңбекшіді. “Бəлкім, Алдияр аға біліп айтқан шығар. Əлдекімнің
əзəзілдік жасауы да мүмкін-ау” деп өзін өзі сабырға шақырып, жұбатпақ болған, бірақ жылан-
күдік шегінбеді, улы тісін қыздың жанына батыра түсті.
“Апыр-ау, осы мен неге жатырмын? Неге Асылханды іздемеймін?!”
Əлеуетті күш Хадишаны төсектен жұлып алды. Телефонды ас бөлмеге алып барып, жатақханаға
қоңырау соқты. Түннің бір уағында кезекші кемпір жоғары көтеріліп, есік қағып жүрсін бе,
Хадишамен дұрыстап сөйлеспей трубканы тастай салды. Қайта қоңырау соғып еді, ешкім
көтермеді, амалы таусылып аласұрған қыз шамы сөніп қалған Алдекеңнің бөлмесінің есігін
қақты.
Екі шал үн-түнсіз жатқанмен əлі ұйықтамаған еді, олар ойдың шыңырауына түсіп кеткен-ді.
Хадиша есікті сəл ғана ашты, дəліздегі жарық қараңғы бөлмеге лап қойды. Қуат қария əлі
жатпапты, малдасын құрып, ерні жыбырлап, күбірлеп сөйлеп отыр екен. Басы салбырап кеткен.
Алдияр да ұйықтамапты, көзі жұмулы, қабағы шытқыл, іштей қатты қиналған адамның сиқы.
– О не қарағым, – деп Қуат қария басын шалт көтеріп алды. – Шам жақ.
Қыз шам жақты. Алдияр сол қолын тіреп, басын көтеріп отырды.
– Мен Асылханның жатақханасына барамын, – деді қыз.
Қуат қария орнынан тұрып, үн-түнсіз киіне бастады.
– Алдымен жедел жəрдемнің ауруханасына барыңдар,– деді Алдияр. Айтарын айтып алып,
қатты қысылды. “Əттеген-ай, алжасқанның сөзін айттым-ау” деп қиналды.
Қыздың көзіне жас үйірілді. Профессордың мына сөзіне қарағанда оның да көңіліне күдік
шапқан тəрізді. Əзəзілдер əлдеқашан жеңіске жеткен, енді қарға адым жер мұң болып, мешел
баладай омалып жатқан шалға түн жарымда телефон соғып, мазасын алатындай жөні жоқ.
Олар телефон соғып, мазалауды қойғалы да біраз жыл. Ең соңғы рет Мұса Байларовтың
шəуілтектерінің талауына түсіп, қайтып бас көтере алмастай болып жеңіліп қайтқан күні
əзəзілдер бірінен кейін бірі телефон соғып, “жеңілісімен” құттықтап мазалаған. Содан кейін
мына кеселге ұшырап, ұзақ уақыт саржамбас болып, ауруханада жатты. Қайтып келген соң
құлағы тыншыған, Байларовтың адамдары мұны ұмытқандай еді.
Алдиярдың сөзі қызға жүрегіне біз сұғып алғандай əсер еткенмен ауыл адамының əдебіне
бағып, тілінің ұшындағы тұрған сөзін іркіп, үндемей теріс айналды.
– Жеті түнде сені жалғыз жібере алмаймын, қызым. Мен бірге барамын,– деді Қуат қария.
Демнің арасында киініп үлгеріпті.
– Дұрыс, қария. – Алдияр оның мына ісіне шын ризалығын білдіргендей жанынан өтіп бара
жатқан Қуаттың қолынан ұстап, ақырын ғана сілкіді. – Телефонды менің жаныма қойып кет,
қызым. Столдың үстінде телефон анықтамасы бар еді. Мүмкіндік болса хабарласып тұрыңдар.
Қыз бен шал машина ұстап, Асылхан тұратын құрылысшылар тұратын жатақханаға келді. Есік
алдында отыратын вахтер кемпір түн жарымында мазасын алған келімсектерді жерден алып,
жерге салып, біраз тулады. Хадишадан болған жағдайды естігеннен кейін ғана асып-сасып, “ой,
божесін” сан қайталап, үстіңгі қабатқа жүгірді, көп кешікпей Асылханмен бірге тұратын
Жайдарды дедектетіп сүйреп алып келді. Жайдырды көрген сəтте Хадишаның көңіл түкпірінде
жылт-жылт жанған əлсіз шырақ лып өшті.
Жігіттің есі шығып кетіпті, аман-сəлем жоқ, келген бетте:
– Асылхан қайда? – деді түйеден түскендей дүңк етіп. Хадишаның көзінен мөлт етіп жалғыз
тамшы үзіліп түсті.
– Е-е-е,– деп күрсінді шал. – Алдекең біле-е-д-е-е... Жүр, қызым, жүр...


– Қайда барасыздар? – Сұрағына жауап ала алмаған, істің мəнісіне түсінбей есеңгіреп тұрған
Жайдар есікке беттеген шалдың шалғайына жармасты. – Ата-оу, не болғанын айтыңызшы ең
болмаса.
– Не болғанын білсем жеті түнде мұнда келемін бе, балам-ау,– деп шал тағы да күрсінді. – Не
болғанын білейік деп тентіреп жүрміз.
– Тұра тұрыңыздар, мен бірге барамын,– деп ол жоғарғы қабатқа жүгіріп шығып кетті.
Шал мен қыз сыртқа шықты. Вахтер кемпір мұрны шуылдап көз жасын сығып-сығып алды да,
белгісіз біреулердің жер-жебіріне жетіп, жекен суын ішкізіп, бұрқылдап сөйлеп жүр. Сөзінің
ыңғайына қарағанда, Асылханға қастандық жасағандарды білетін сияқты, бірақ ешкімнің атын
атамайды.
Қуат қарияның қабағы тырысты. Жайқиған сары кемпірдің қылығына наразы бола тұра
үндемеді, тілін білсе “жамандыққа бастама” деп тиып тастар еді.
– Мына кемпірдің ниетінің жаманы-ай,– деп күңіренуден аспады.
Жайдар көп күттірмеді. Үшеуі таксиге отырып, жедел жəрдем ауруханасына тартты.
– Қазақтың баласы екенсің, қарағым. Адам жоғалтып, іздеп жүрміз. Кетіп қалмай, бізді тоса тұр.
Жеті түнде қай кəпірге жалынып жүреміз,– деді Қуат жедел жəрдем ауруханасының алдына
келген кезде такси айдаушыға жалынғандай болып. Қалтасынан жиырма бес сом шығарып,
мұртты жігітке ұсынып еді, иманы бар жан екен, шоршып түсті.
– Ой, ақсақал, қайдағыны шығармаңыз. Мынауыңыз көп. Есептегіш бар-жоғы алты сом соқты,–
деп шалдың қолын қақты.
– Əй, шырағым, мынаны атамнан тəбəрік деп ал. Мен сияқты жетпістен асқан ауылдың шалы
сенің мəшинеңе күн сайын отыра бермес. Ал, қарағым, ырым ғып ал,– деді шал қиналып. Жігі
қынжыла тұра шалдың бергенін алды.
Келіп түскен ауруларды қабылдайтын бөлмеге барып, Хадиша мен Жайдар екі жақтап
түсіндіруге тырысты.
– Фамилиясын айтыңыздар, – деді кезекші дəрігер олардың сөзін бөліп.
– Мұсаханов Асылхан.
– Ондай адам түскен жоқ.
– Е-е, алла! – деп, Қуат қария іштей күбірлеп, бетін сипады. Хадишаның жүзіне қан жүгірді.
– Е-е, бəсе! Асылхан үш-төрт адамға əл бермейді. Ақбота екеуі қыдырып жүрген шығар,– деп
Жайдар тарқылдап күлді. – Ақботасы үшін ол Мекке-Мəдинеге еңбектеп барудан қашпайды.
Үшеуі көңілдерін осылай жұбатып, енді кетуге ыңғайланғанда манадан бері үнсіз тұрған
медбике қыз:
– Осыдан екі сағат бұрын бір қазақтың жігітін алып келген. Мұрты бар, жалаңбас,– деп
үшеуінің бетіне алма-кезек көз жүгіртті. Өзі қорқып тұрған сияқты.
– Түрі қандай, түрі? – деді Жайдар тақымдап. Медбике қыз жанарын жығып, бас шайқады. –
Киімі ше? Қолында А.А. деген қос əріп...
– Біл-мей-мін,– деді жасқа тұншығып. – Ол бір телефонды жəне қыздың есімін атады. Жəне бір
сөз... – Қыз қалтыраған қолымен маңдайын ұстап, ұзақ ойланды. Мықтап қорқып қалса керек,
тұла бойы қалш-қалш етеді. Суықта қалғандай тісі-тісіне тимей сақылдайды. – Гер-р-к-у-лес...
– Геркулес?
– Иə, иə... Сонан соң Ақбота деді. Сонан соң алпыс тоғыз, он, нол...
– Ол... Ол қайда қазір?
– Ол... Ол жоқ! – деп медбике қыз егіліп жылап қоя берді.
А-а-сыл-х-а-а-н!..
– Хадиша шыңғырып жіберді.


24
Екі күннен кейін Асылханның табытқа салынған денесін Мұсахан қария бастап келген
ағайынды бес ұл шыр етіп дүниеге келген кіндік жұртына – ата-бабасына мəңгілік жайлы мекен
болған қасиетті туған жеріне алып кетті...
Аяулы азаматты шығарып салуға көп адам келген жоқ. Оның кім екенін төңірегінде жүрген
азын-аулақ адамдардан басқа ешкімде білмейтін. Ол əзірше ешкім емес еді. Сұм дүние нағыз
азаматты, өзге үшін ойланбай өзегін жұлып бере салуға дайын, өзге үшін өз өмірін қиюдан
тайынбайтын ұлды əлі ешкім емес кезінде қыршынынан қиды. Сөйтіп Жер-Ана тағы бір
ұланынан айырылды.
Ұлының мəйітін моргтен алып шыққанда көзіне жас алмаған діні қатты əке қарғадай қыз келіп,
Асылханның өлі денесін құшақтап, атын атап, құлағына дауыстап оята алмай, амалы құрыған
соң зар еңіреп жылағанда шыдамай еңкілдеп қоя берді. Келін болып түспей жесір атанған
мұңлықпен бес ұл кезек-кезек көрісіп, жиналған жұрттың барлығын жылатты.
Досының қазасы туралы хабарды кеш естіген Алмас машина енді жүргелі тұрғанда келді.
Жалаңбас, жүгіріп келген сияқты, пальтосының өңірі ашылып кеткен, ентіге дем алады. Өң жоқ,
түс жоқ, боп-боз болып кеткен. Оны көріп, көз жасы жаңа əзірде ғана құрғаған Хадиша қайтадан
егіліп қоя берді. Асылханның бес бауыры Алмаспен көрісіп, жиналған жұртты тағы да бір
толқытты.
Ертелі күнді кеш қылмаңдар, шырақтарым. Біраз жер жүреді екенсіңдер. Ел-жұрт күтіп отыр
дегендей... Жолдарыңнан қалмаңдар. Анасына тезірек жеткізіңдер азаматты,– деп Қуат қария
ақыл айтты.
– Мен бірге барамын,– деді жылап тұрған Алмас.
– Жеңіл шығыпсың балам. Жол қашық. Мына түріңмен үсіп өлесің,– деп Мұсахан қария қарсы
болып еді, Алмас көнбеді.
– Барамын,– деді жасты көзбен ақсақалға жалт қарап. Хадишаның жүрегі езіліп кетті. Жүгіре
басып үйге кірді де, түйе жүннен тоқылған кеудешесін, түбіт шəлісін жəне анасынан қалған
мұра – жүн салып қабыған қалың көрпені алып шықты.
Жүріп бара жатқан машинаны қуып жетті де, қолындағы заттарын кузовқа лақтырды.
– Алмас, көрпеге оранып отыр. Тоңып қалма.
Алмас оған жалт қарады, Хадишаның көзінен өзіне деген жылылықты, ең бір жақын адамында
ғана болатын ерекше мейірімді таныды.
Дəл осы күні радио атаулы таңертеңнен бастап қаралы музыка ойнады. Еңсесін басқан қасіретті
көтере алмай жатып қалған Ақботаға бұл ең сүйікті адамының, Асылханының қазасына аза
тұтып, қайғырған көптің назасы секілденген. Азалы əуенге қосылып егілген бейшара қыз сол
күні Леонид Брежневтің қайтыс болғанын білген жоқ


25
Аяулы азаматтың қазасы ешқандай туыстығы болмаса да бір əкенің балаларындай бір жеңнен
қол, бір жағадан бас шығарып, өз шындығын, кез келген сəтте қорқау қасқыр сынды
қараулықтың жемтігіне айналып кетуі мүмкін тағдырын қорғау үшін жаланың құрбаны –
Алдияр Ақпанұлының шаңырағының астына жиналғандарды есеңгіретіп кетті. Ол жаны жаралы,
көңілі жарым бір топ адамның арқа сүйері, ұйытқысы еді. Жігіттің өлімімен бірге сол
шаңырақты көтеріп тұрған діңгек құлағандай болды.
Алдияр мен Қуат қариялар ақылдаса келіп, Асылханның дос-жарандарын, еңбектес серіктерін
шақырып, жетісін беруді ұйғарды. Бар салмақ Хадишаға түсті. Күндіз жұмыста, балаларды
бақшаға алып бару, алып келу соның мойнында. Тамақ жасау, үй тазалау, бір топ адамның кірін
жуу оңай ма, аз уақыттың аралығында бейшара қыз көзі шүңірейіп, жағы суалып жүдеп кетті.
Сонда да қыңқ деп, қабақ шытпайды. “Оу, соы сендердің маған өткізіп қойғандарың бар ма?”
дер еді басқа біреу. Хадиша бейшарада артық сөз жоқ, жымиып күліп жүріп барлық шаруаны
тап-тұйнақтай тындырады.
Бұл жолы да тепеңдеп өзі жүгірді. Жайдар көмектеспегенде мүлде үлгере алмас еді. Соншама
адамға дастархан жасау оңай ма?! Басын қайғы қаңғыртып, есеңгіреп қалған Ақботаны
мазалағысы келмеген. Ол бейшара Асылханды жерлеп келгеннен кейін жатақханаға бармай осы
үйде қалған. Жайшылықта жеңіл-желпі қиындыққа қыңбайтындай болып көрінетін Ақботаны
дəл осындай күйрек деп ойламаушы еді. Түні бойы дөңбекшиді, күрсінеді, дауыс шығармай
егіліп жылайды. Кейде шырт ұйқыдан оянып кетеді, егіліп жылаған құрбысын жұбата алмай
шаршайды. Оған қосылып, өзі жылап тынады.
– Менің де өлгім келеді,– дейді қыз тұншығып. – Асылханға барамын. Онсыз өмір сүргім
келмейді.
– Қойшы қайдағыны айтпай,– дейді Хадиша оны құшақтап. Көз жасын сүртіп, жұбатуға кіріседі.
– Менің анам тым ерте кетті ғой. Бота. Ол кезде мен небəрі тоғыз-ақ жаста едім. Анасыз өмір
сүру мүмкін еместей көрінетін. Көп ұзамай өлемін деп ойлайтынмын. Сөйтіп жүргенде біраз
уақыт өтті. Анам алыстай берді, алыстай берді. Мен жалғыз өмір сүруге, жалғыздыққа үйрендім.
– О-о-ой, Хадиша, маған онсыз өмір жоқ. Асылхандай адам табылар ма енді. Жоқ, жоқ!..
– Уақыттан күшті емші жоқ, Бота. Уақыт барлық ауруды жазады. Уақыт өтеді, бəрі қалпына
келеді,– дейді Хадиша сəуегейлік жаса. Ақбота басын шайқайды.
– Бəрібір Асылхан қайтып келмейді. Ол жоқ,– дейді де Хадишаны құшақтап алып, қоймай
өксиді.
– Бибі оянып кетеді,– дейді оны жұбатудың басқа амалын таппаған Хадиша. Осыдан кейін ғана
Ақбота өзін өзі қолға алып, дауысы тиылғанмен түннің бір уағына дейін көзі ілінбейді, іштей
егіліп жылап жатады.
Асылханның жетісін беретін күні Əсем ауруханадан шықты. Ауруханада ұзақ жатып əбден
əлсіреп қалған келіншек Асылханның қазасын естіп, талып қала жаздады. Дауыс шығарып
жылауға шамасы жоқ, екі көзінен мөлт-мөлт тамған жасты қайта-қайта сүрткіштеп, демікті де
қалды. Жедел жəрдем шақырып, дəрі еккеннен кейін ғана дұрысталып, беті бері қарады.
Балаларының ортасына келіп, Бибіні құшақтап, Олжасы мен Елжасын аймалап сүйіп, мауқын
баса алмай отырған келіншек Асылханға арнап жайылған дастарханнан дəм татып, боталарына
қайтып оралды. Асыл азамат туралы жақсы-жақсы сөздерді естіп, жайбарақат отыра алмасын
сезді, басқалар да қолқаламады.
Профессор Алдияр Ақпанұлының үйіне Асылханмен жос-жар болған қыз-жігіттер, бригаданың
мүшелері түгел жиналды. Қуат қария Асылханның аруағына бағыштап құран оқып, дастарханға


бата жасады. Сөзді бірінші болып Алдияр бастады.
– Шырақтарым,– деді ол дауысы дірілдеп. Көңілі бұзылды ма, бір сəт үнсіз қалды. – Кеше ғана
араларыңда жүрген азамат бүгін аруақ. Ол... Біздің Асылханымыз қара ниет залымның қолынан
қаза тапты. Жаманшылық əрқашан үстем, шырақтарым. Ол жалаңдаған қанжарын жақсы адамға
жұмсайды. Бірақ жақсы адам ешқашан өлмейді. Ол... Біздің Асылханымыз өлген жоқ. Ол біздің
жүрегімізде... – Алдиярдың иегі кемсеңдеп, көзіне жас үйірілді. Бір сəт үнсіз қалды. Қыстығып
əрең отырған Ақботаның көз жасы парлап қоя берді. Оған басқа қыздар қосылды. – Жылағанмен
Асылхан оралмайды, шырақтарым. Асыл азаматты еске алып, дəм ауыз тиіп отырыңдар.
Көз жастарыңды тиыңдар, қарақтарым. Асылханға ауыр тиеді,– дед Қуат қария. – Бұл Асылхан
баламның құрметіне жайылған дастархан. Аруаққа тие берсін деп дəм алыңдар.
Өзі шелпектің шетінен үзіп алып, аузына салды. Манадан бері бастары салбырап, үн-түнсіз
отырған жұрт қимылға көшті. Сөз бастағысы келіп, тілі қышып отырса да, олардың тəбетін
бұзбайын деп Алдекең сабыр сақтады.
– Əлгі залымдарды тапты ма екен? – деп сұрады біраздан кейін Қуат қария.
– Геркулес пен Араб қайда қашып құтылар дейсіз. Іздестіріп жатыр ол сүмелектерді.
– Ой, жауыздар-ай! – деді Сергей қинала бас шайқап. Көзінде үрей бар. – Аңдып жүрген ғой.
Олар ешкімді аямайды. Екеуі де отырып келген. Ондай қанішерлерді түрмеден шығаруға
болмайды. Дереу апарып қамамаса тағы да біреудің обалына қалады.
– Атып тастау керек оларды! – деп кіжінді келгелі бері қабағы ашылмай, тұнжырап отырған
Алдияр Ақпанұлының қимылын аңдыған Сыпатай. – Баяғыда атып тастаса біз бүгін қасіретке
қақалып отырмас едік қой, əкеңнің!.. Асылхан бауырмыыз күліп-ойнап ортамызда жүрер еді. –
Сыпатай басын тұқшитып, қалтасынан беторамалын алып, көзін сүртті. Хадиша анық көрді,
бригадирдің көзі мүлде дымданбапты. Ұнатпайтын адамның жəдігөйлігіне ашуы келгенмен
үлкендердің алдында əдеп сақтап, тілін тістеді. – Асылхан менің баламдай еді. Ағалап
алдымнан қия өтпейтін. Ой, несін айта берейін, болайын деп тұрған бала еді. Амал қанша.
Сыпатайдан кейін басқалар да Асылхан туралы білгендерін айта бастады. Ақбота төмен қарап,
үн-түнсіз отыр. Мыналардың əңгімесі жарым көңіліне жұбаныш болар емес. Олар қанша
мақтап, марапаттағанмен бірде-біреуі Асылханның қандай азамат екенін білмейді екен. Ақбота
енді түсінді, қанша уақыт бірге жүрсе де мыналардң ешқайсысы оны өзіндей танып, өзіндей
бағалай алмапты. Бұлар Асылханды танып үлгермепті. Демек күні ертең-ақ ұмытып етеді. Қыз
күрсінді. Орнынан тұрып кетті. Балаларының ортасына келіп, мəз-мейрам болып отырған
Əсемнің жанына тізе бүкті.
Үлкен ас келді. Қуат қария күбірлеп құран оқыды. Ең соңында:
– Мұсаханұлы Асылханның аруағы разы болсын. Оған құдайдйың рахымы түіп,
пайғамбарлардың шапағаты тисін. Ағайын-туғаны аман-есен болып, жамандық көрмесін. Алла-
тағала осы үйдің дастарханына береке беріп, мерейін үстем етсін. Аумин! – деп бетіп сипады. –
Ал, қарақтарым, дəм алыңдар. Асылханға тие берсін.
– Асылхан сияқты жігіттерді біртуар дейді. Ол нағыз ер. Біз осы күні Ұлы Отан соғысында ерлік
көрсеткен Мотросов, Сұлтан Баймағанбетов сияқты батырларды мақтаймыз ғой. Менің
ұғымымда, Асылхан солар сияқты ердің ері. Кез келген жұмыр басты пенде өзін өзі оққа байлап,
отқа лақтырмайды. Үлкен тəуекелге бару үшін үлкен жүрек керек адамға. – Профессордың
сөйлей бастағанын құлағы шалған Ақбота босағаға келіп, есіктің жақтауына сүйеніп тұрған.
Үлкен кісінің мына сөзінен кейін көңілі босап, көзіне жас іркілді. – Асылхан сондай үлкен
жүректі адам еді. Шындық үшін шырылдап барып, отқа түсіп кетуден тайынбайтын. Көңілі
түскен адамына көмектескісі келсе оған жанып тұрған от та, жауып тұрған оқ та кедергі жасай
алмас еді. Үлкен парасат иесі, нағыз азамат қана осындай тəуекелге бара алады, жігіттер,– деді
жасаураған көзін жұмып, терең күрсінген Алдияр Ақпанұлы. – Мен оны аз ғана уақыттан бері


білемін. Оның мен байқамаған, мен сезбеген, білмеген асыл қасиеттері де көп шығар. Менің бір
ғана ақиқатты айтқым келіп отыр. Асылханды үлкен болашақ күтулі еді...
Ақботаның екі иығы селкілдеп, өксіп-өксіп жылады.Хадиша құйып отырған сорпасын тастай
салып, Ақбота қолтығынан демеп, басқа бөлмеге алып кіріп кетті. Жым-жырт тыныштық
орнады.
– Айтып отырған сөзіңіз шындық, аға,– деді бір уақытта Сыпатай түкірігі шашырап.
Маңдайынан шып-шып терді алақанымен сылып тастап, қабағын түйіп алып, тас мүсіндей
қимыл-қыбырсыз қатып отырған Алдиярға қарап, жарамсақтана жымиды. Күші, абырой-беделі
асып, мысы басып тұратын адамдарды арқа тұтып, солардың ығын паналап үйренген Сыпатай
бұл жолы да ескі əдісіне салды. – Данышпандық сөз айттыңыз. Біздің Асылхан дəл сіз айтқандай
жігіт еді ғой, марқұм. Біреуге көңілі құласа ештеңеден қайтпайтын. Сөйтіп жүріп арандап
қалды ғой бейшара. – Тағы да манағы əдетіне бағып, басын тұқшитып, көзін сүрткен болды.
“Айналамдағы адамдар бəрін көріп отыр-ау. Осыным əбес-ау” деп қымсынған жоқ. – “Қазақтың
қатындары сен сияқты ұлды күнде таба бермейді, арандап қалмай абайлап жүр” деп талай
айттым. “Ой, аға, мен суға салса батпаймын, отқа салса жанбаймын” дейтін. “Бəле жұғады, одан
алыс жүр, мен антилерді он шақырымнан таныймын” дедім. Түсінбеді мені. Сол антиді
қорғаймын деп бандиттермен төбелесті ғой бейшара. О-о-й, қайран ерім-ай! Иттің баласын
сұлатты да салды. Омадай болған немені бір-ақ ұрып құлатты. Айтсам сенбейсіздер ғой тегі...
Кəдімгі кинодағыдай... Ол екеуінен Асылханның арқасында құтылғанбыз.
– Геркулес пен Араб басымызға шығып алды еді.
– Ақыры солар жетті түбіне,– деді Сыпатай, жылайтын адамдай иегі кемсеңдеп, қол
орамалымен көзін сүртті. – Ал ол иттің ғана баласы бəрін бүлдіріп алып, түк білмегендей тып-
тыныш жатыр.
– Кімді айтып отыр? – деп жиналған жұрт бір-біріне қарап, сыбырласа бастады. Кінəлі адам осы
дастарханның басында отырғандай бір-біріне күдікпен көз тастайды, Алдиярдың өзі
Сыпатайдың мына сөзінен кейін қозғалақтап, “мынау не бықсытып отыр” дегендей мойын
бұрып, бригадирге түксие қарады.
– Ой, ит-ай! Біздің Асылханның басын оп-оңай айналдырып алды. Өзі ғалым, өзі кандидат нəук,
еще құрылысқа келіп қара жұмыс істейді, – деп Сыпатай бас шайқап, ыржиып күлді . – Неге?
Сендер осының себебін ойландыңдар ма? Жоқ, бірде біреуің ойланған жоқсыңдар. Ал мен
бірден білдім. Оны Кеңес үкіметінің жаулары біздің арамызға үгіт жүргізу үшін əдейі жіберген.
Осы кезде қонақтар отырған бөлмеге Бибі, оның соңынан Олжас жүгіріп кірді. Қыз төмендеу
отырған Алдиярдың алдына шықты, Олжас өз атасына беттеді.
– Ой, алтындарым! – деп Сыпатай енді екі баланы мақтауға кірісті. – Міне, біздің болашағымыз
осылар. Антилерге қарсы күресетін осылар. Бақытты болыңдар айналайындар...
– Бригадир, сен кімді айтып отырсың? – деп сұрады Сергей.
– Өй, баяғыда бізде істеген кандадт нəукті ұмытып қалдың ба?
– Сыпеке, қайдағыны айтпай тыныш отырыңыз,– деді Жайдар көз астымен екі шалға ұрлана
қарап. Екеуінің де түсі қашып, қабақтары қыржиып, тістеніп əрең шыдап отырған тəрізді.
Əсіресе Қуат қарияның қабағы қату, қаба сақалы селкілдеп, басы қалтаңдай бастаған. Төңірегіне
бажайлап қарап, жұрттың пейілін байқап, сезіп отырған Сыпатай жоқ, дастархан басындағылар
үндемегенге үдей соғып, екпіндеп барады.
– Өзің білмейді екенсің. Білетін адамның аузына қақпақ болма. Вот солай, бала. Мен айтсам,
сен сияқты шикі балдарға сабақ болсын, Асылхан сияқты адасып, арандап қалмасын деп
айтамын. Ал сен болсаң маған замешание жасап...
Қуат қария əңгіменің кімге қарай ойысып бара жатқанын сезіп, əрең деп орнынан тұрды да,
теңселе басып, дəлізге шықты. Оның неге тұрып кеткенін Алдияр, Хадиша, Жайдар үшеуінен


өзге ешкім де білген жоқ.
– Қойыңыз, аға, ұят болады. Біреуге күйе жақпаңыз,– деп Хадиша қаттырақ айтып еді, бригадир
өршеленіп кетті.
– Міне, бұлар үнемі осы, қария. Аға сыйлауды білмейді. Беттен алады. Бəрі өзіміздің қазақтың
балдары. Мен ғой бұлардың əкесіндей адаммын. Коммунистпін. Бригадирмін. Сабақ болсын,
ауылдан келген қазақтың балдары арандап қалмасын деп шыбын жаным шіркей болады. Ол
иттің күшігі түрмеде жатыр. КГБ-ның адамы мына мені шақырып, түсініктеме алды. Во-о,
мəселе қайда?!. Ал сендер түк білмей тұрып, оны жақтайсыңдар.
– Ұялсаңызшы! Ол кісіде неңіз бар? Асылхан туралы айтыңыз. Шаңыраққа қарап қойыңыз,
Сыпеке,– деп Жайдар қабақ шытты. Оның нені меңзегенін тауықтікіндей ғана миы бар Сыпатай
қайдан түсінсін. Одан сайын өршеленді.
– Шаңыраққа қараса қорқады дейсің бе? Біз далада түнеп жүрген жоқпыз. Мұндай үй бізде де
бар. Можымыт біздің үй бұдан... – Сыпатай жан-жағына қарап алып, тағы бөсті. – Артық шығар
дажы... Біліп қой, бала, мен именно Асылхан туралы айтып отырмын. Оның өлімі сен сияқты
шалтай-балтайларға сабақ болсын деп айтып отырмын. Аяған сияқты антилерге алданып
қалмасын деп айтып отырмын. Ондайлардың көзіне көк шыбын үймелету керек. Вот так, вот!..
– Əй! – деді бұдан арыға шыдай алмаған Алдияр шаңқ етіп. – Сен сол Аяғанның дастарханында
отырсың. Сен жерден алып, жерге салып отырған азамат мына бүлдіршіннің əкесі.
– Ой, алтыным! Бақытты бол, айнам,– деді Сыпатай бетк бүлк етпестен. Ашулы шалға қарап,
арсыз жымиды.
– Сенде ұят жоқ, бригадир,– деді Сергей оған алара қарап. Сыпатайдың езуіндегі арсыз күлкі
лып өшті. Ол дастархан басында отырғандарға жағалай сүзіліп қарап шықты. Өзін бірде бір
адамның ұнатып отырмағанын сезді, бəрінің түсі суық, қабақтары шытқыл. Ол суық жымиып,
орнынан тұрды да:
– Мен мұндай дастарханда отыра алмаймын. Мен коммунистпін,– деді де Алдиярдың алдында
отырған Бибіге қарады, бірақ алғаш көргендегідей айналып-толғанған жоқ.
Сыпатай шығып кеткеннен кейін дастархан басындағылар бас көтере алмай, бригадирлерінің
сөзіне өлердей ұялып, төмен қарап отырып қалды. Əсемнің өксіп жылаған үнін, Қуат қарияның
басу айтқан сөзін барлығы естіді. Дастарханның берекесін кетіріп, отырыстың шырқын бұзған
ақылсыз бригадирлеріне бəрі ызалы еді, əсіресе қыздар жағы ұяттан өртене жаздап отыр.
– Жаңа орнынан тұрып кеткен Аяғанның əкесі. Осында жүгіріп жүрген үш бала сол шалдың
немерелері,– деп ақырын ғана күрсінген Алдияр мойын бұрып, ас үйде жүрген Хадишаға
дауыстады. – Қызым шай əкеліңдер.
– Бригадир үшін кешірім сұраймыз. Ол ағамыз осындай,– деді Жайдар қысыла күлімсіреп.
– Аяған ағаны бəріміз жақсы көреміз.
– Ол кісіні үкіметке қарсы дегенге ешкім сенбейді.
– КГБ неге Сыпатайды шақырады? Түсініктемені бізден алсын.
– Бəрімізді шақырсын.
– Өзіміз жазып апарып береміз,– деп жиналған жұрт шуылдай бастады. Əңгіменің беталысы
өзгергенін басқа бөлмеде отырып естіген Қуат қария қайтып келіп, Алдекеңнің қасына
жайғасты. Оған ілесіп келген Елжас пен Олжас аталарының екі тізесіне мінді.
– Ол жағын өздерің білесіңдер, шырақтарым. Көздерің ашық, ақылдарың жетеді. Сендерді ешкім
жетектеп жүрген жоқ,– деді Алдияр көңілі босап. Мына жастардың Аяған үшін ештеңеден
қайтпайтынын іші сезіп отыр. – Бүгін мұнда Аяғанның мəселесін ақылдасу үшін емес, күні кеше
арамызда жүрген аяулымыз Асылханды еске түсіру мақсатымен жиналдық. Ондай жігітті...
Асыл азаматты əрқашан еске алып жүрген лəзім, шырақтарым.
– Аяған ағаға деген Асылханның көңілі ерекше еді. “Мұндағылар əділ шешпесе Москваға


барамын. Əділдікке жеткенше тоқтамаймын” деуші еді. Екеуміз түннің бір уағына дейін
ұйықтамаушы едік.
Жайдардың көзі Қуат қарияға түсті, сақалады дəл манағыдай селкілдей бастапты. Екі көзі
боталаған. “Жұрттың көңілін босатып, тынышын алмай неге жайыма отырмадым” деп жігіттің
мазасы кетті.
– Ə-ə-й-й, есіл ерім-ай!– деді Қуат қария кемсеңдеп. – Жақсылығың мойныма қарыз болды-ау.
Сол жақсылығыңды қайтсем ақтармын?!
– Жə, қария босамаңыз,– деді Алдияр шалды арқасынан қақты. – Əңгімені жалғай бер, Жайдар
шырағым.
– “Ақбота оқуын бітірсе туған ауылыма барамын, өз жобаммен көп қабатты үйлер саламын.
Сырттай оқимын, тарихшы боламын” дейтін. Ақботаға деген көңілін айтпаңыз... Жоқ, тілім
жетпейді,– деп Жайдар мұңайып отырып қалды. Қыздар мұрындары пысылдап, көздерін сүрте
бастады. Барлығының көзі демнің арасында қызарып шыға келіпті. Көрші бөлмеден Əсемнің
əлсіз дауысы естілді.
– Қой енді, Ақбота! Қой, жаным... Жылай бермеші, айналайын. Ақылың бар ғой, қалқам. Бізге де
жаның ашысыншы, Ботам. Ботам!..
Кенет əлдекімнің ашулы, айбарлы дауысы естілді. Бөлмедегілер елеңдесіп, тым-тырыс тынған.
– Қой енді, боздай бермей! Сенің зарың құлағына жетсе бір жетіден бері орнынан тұрып келмес
пе еді. Қымс етсе көз жасыңды көлдетіп, еңіреп қоя береді екенсің. Онсыз да қабырғасы
қайысып, қайғы жұтып жүрген жұрттың жанын қинама. Басыңа түскен азапты үндемей көтер...
Хадишаның даусын барлығы таныды. Қуат қария екі көзін жұмып алған. Қыздың айтқан
сөздерін құптағандай бас шұлғып отыр. Алдекең өзіне тура қарауға именіп, иба сақтап,
сызылып тұратын ұяң қыздың мына қылығына таңырқап, ептеп қана езу тартты. Хадишаның
үлкен адамгершілігіне, мейірбандығына сүйсініп жүретін, бұл жолы оның қайсарлығына, керек
кезінде мінез көрсете алатын естілініне іші жылып қалды.
– Біз қайтайық,– деді жігіттердің бірі.
– Аяған аға үшін бəріміз күресеміз,– деп Жайдар екі шалды кезек-кезек құшақтады. –
СЭКАсына да барамыз керек болса... Жігіттерді ұйымдастырамын...
– Рахмет шырақтарым! Асылханның аруағы разы болсын!
Қуат қария қыбылаға қарап, ұзақ күбірледі. Басқалар қол жайып шалдың селкілдеген сақалына
қарап отыр. Қолы талып кетті ме, кішкентай Бибі аузын бұртитты.
– Ата, болмайсың ба тегі...
– Мұсаханұлы Асылханға құдайдың рахымы жауып, пайғамбар атаулының шапағаты тие берсін.
Оның аруағы баршаңызды желеп-жебеп жүрсін. Жақсылықта, қуанышта жолығайық. Аумин!
– Аумин!..


26
Қуат қария қалаға келгелі жарты айдан асып барады. Табанынан таусылып, бармаған жері,
ашпаған есігі қалмаған шығар. Тіпті Мұса Байларовтың алдына да барып шықты. Түрін көрмей
тұрғанда “əй, бір сиқың жоқ сұмырай шығарсың” деп ойлаған. Мұсаны көргенде өз көзіне
сенер-сенбесін білмей атшаптырым кабинеттің кіреберісінде бір сəт абдырап, аңырайып тұрып
қалды. Ұзын бойлы, атжақты, аққұба өңді, жылы жүзі жігіт орнынан тұрып келіп, тосылып
тоқтап қалған қарияның қолын алып, ерекше ілтипат көрсетті.
– Ассалаумағалейкө-өм, ақсақал! Жоғары шығыңыз.
– Əликісалам,– деді шал ақырын ғана. “Шыны ма, жоқ өтірігі ме” дегендей сұраулы кейіппен
ректордың кісіге мейірмен қарайтын шарасы кең көзіне назар тіктеді. Жас шамасы қырықтан
енді ғана асқан тəрізді. Саусақпен санарлық қана ағы бар мойыл қара шашын шекесінің тұсынан
қақ жарып, оң жағына жатқызып, жылмитып тарап қойыпты. Сол қолының шылдыр шүмек
саусағына жалпақ сақина салған, үстінде ине-жіптен жаңа шыққандай қара костюм, əппақ
жейдеге қызыл жолағы бар көгілдір галстук жарасып тұр.
Ол өз өзінен қысылып, тартыншақтап тұрған шалды қолтықтап, төрге алып шықты да жұп-
жұмсақ креслоға отырғызды, сонан соң столының жанына барып, бір нүктені басты да:
– Роза, шай алып кел,– деп тапсырды. Өзі шалдың қарсы алдына –келіп жайғасты. –
Денсаулығыңыз қалай, қария?
– Шүкір аллаға...
– Ат-көлігіңіз аман-есен келдіңіз бе?!
– Шүкір..
– Ауыл-еліңіз аман-есен бе?
– Шүкір, қарағым. Бір алланың демеуімен қыбырлап жүрміз əйтеуір.
– Заман тыныш, ел тоқ. Бұл бір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болды ғой.
Қиыншылықтың бəрін сіздер көрдіңіздер. – Мұса сəл қабақ тыржитып, қиналғандай басын əрі-
бері қозғап қойды. – Төңкеріс, коллективтендіру, аштық, отыз жеті, сонан соң соғыс... Сіздердің
барлықтарыңыздың кеуделеріңізге бір-бір жұлдыз тағып қойса жарасар еді.
– Рахмет, шырағым! Осыған да тəуба. Өкіметтен өрден сұраған жоқпыз. Мынаны ал деді, алдық.
Өрден үшін соғысып, өрден үшін еңбек еткен жоқпыз. Періштеміз қағып, оқ пен оттың
ортасынан аман келдік. Тəуба осыған да...
– Міне, міне! Сіздер нағыз коммуниссіздер... Ал қазіргілер тұяғы қимылдаса аузын ашады.
Тышқанның ізіндей ғана қайқы қасы бар, аршын төс сұлу келіншек столға тəтті тоқаш, конфет
қойып, шай əкелді. Екі кесеге қаймақ қатқан шай құйып, аяғының ұшынан басып, шығып кетті.
Жүріс-тұрысына қарағанда ректордан өте қатты қаймығатын тəрізді.
– Шай алып отырыңыз,– деп тəтті мен тоқашты Қуаттың алдына жылжытты. – Дəм алыңыз.
– Рахмет шырағым! Шай ішіп, алтын уақытыңды алмайын. Ісім түсіп, келіп отырмын. Қазақтың
баласы екенсің. Жарылқап тастамасаң да, зарыма құлағыңды тос. Құлағыңа кірсе жүрегіңе
жетер. Нақақ күйген бір қазақтың баласына қол ұшып берер деп келдім. Көптігінен қорлық
көріп, жерге сыймай қадыры кеткен қазақтың баласы жоқ əлі.
– Иə, ақсақал, иə!.. Өте дұрыс айтасыз. Көп болып құнымыз түсіп, қадырымыз кеткен жоқ. Өз
қадырымызды өзіміз кетіріп жүрсіз.
– Сөз түсінер, кісінің парқын білер бала екенсің, шырағым. Саған мені өздеріңді басқаратын
міністірдің орынбасары жіберді. – Шал қанша ойланса да жіберген адамының атын есіне түсіре
алмай қойды. Бір жапырақ қағазға жаздырып алмағанына өкінді. – Аты-жөні есімнен шығып
кетіпті.


– Иə, айта беріңіз. Ол кісінің аты-жөнінің бізге керегі бола қоймас,– деп Мұса жылы жымиды.
– Айтсам шырағым, мен Аяған деген кəндидат баланың əкесімін. Ныспым Қуат. Оны біреулер
жала жауып, қаматып қойыпты,– деп қалтасынан жаялықтай беторамалын алып, маңдайынан
шып-шып шыққан терді құрғатып, мықтап тұрып сіңбірінді. – Сен інстөттен шығарып
жебіріпсің оны. Балада жазық жоқ бала əлі жас.
– Иə, ақсақал, дұрыс айтып отырсыз. Бала жаз, жазығы жоқ,– деп, ректор құптағандай бас
шұлғыды. – Сөзге еріп, теріс жолға түсіп кеткен. Бүкіл Алматы білетін дəукес, пəлеқор адамның
айтқанымен жүріп, біздің тəрбиеге көнбеді. Аяған сияқты халқымыздың дарынды, білімді
баласын мүйіздеп, қысастық жасайтындай ақымақ емеспіз, ақсақал. Бізді мұнда үкімет “қара
басыңның жағдайын жасап, тынышт отыр” деп жіберген жоқ. Біреу тəртіп бұзса, теріс жолға
түссе басқадан емес, менен сұрайды.
– Дұрыс-ау,– деп бас шұлғып, ректордың сөзіне имандай ұйып отыр. Мына бала тыңдаушысын
иландырып, асықпай баппен сөйлейді екен. “Апыр-ау, мына бала Алдекең айтқандай емес,
ақылды, көшелі кісі ғой. Түсі жылы екен өзінің” деп ойлады шал.
– Аяған үшін мені шырылдатты. Оны, қазақтың баласын қорғау менің азаматтық міндетім.
Біреуі құласа екіншісі бар ғой дейтіндей көп емеспіз. Бірімізге біріміз сүйеніп, ілдалдалап
жүрген халықпыз, ақсақал. Аяған секілді бірінен кейін бірі күйіп кете берсе Алматыда қазақтың
бір зиялысы қалмас. Мұны түсінбейтін мен кеще емеспін. Білемін, түсінемін. Қазақ баласының
өскені, абыройлы болғаны керек маған. Мен, құдай деп айтайын, ешкімді жүзге, руға
бөлмеймін, ақсақал. “Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін” дейтін адаммын.
– Дұрыс-ау... Дұрыс қой...
– Жоғарғы жақ тізеге салғанда қарсыласуға шамамыз келмейді, – деп қинала қабақ шытқан
Мұса ақырын ғана күрсінді. – Оның үстіне Аяғанға ақыл кірмей-ақ қойды. Көпшіліктің
ыңғайына көніп, кешірім сұраудың орнына өршеленіп кетті. Қой дедік, қоймады. Үлкенді
үлкен, кішіні кіші демеді. Сонымен көпшіліктің ұйғарымымен қызметтен кетті.
– Қызметі бар болсын!– деп күйінді шал. Мұсаның сөзіне сенгені соншалық, жалғызының ағат
ісіне өлердей күйінді, қатты күйзеліп, күйгелектене бастады. Көлдей орамалмен маңдайын
сүртті, мойнына құйылған терді құрғатты. – Қызметтің керегі жоқ оған. Басын арашалап бер,
ауылға алып қайтамын. Қой бақса да өштен өліп, көштен қалмас.
– О-о-й, ақсақал! – деп күлді ректор орнынан тұрып. Қолын қалтасына салып, əрі-бері жүрді. –
Мені бір қолынан бəрі келетін ү-ү-л-кен бастық деп деп ойлайсыз-ау деймін. Аяған ешкімге
бағынбайтын, араша бермейтін мекеменің қарауына өтіп кетті. Тым кеш қимылдапсыз, ақсақал.
“Мылқаудың қолына, кереңнің астына түспе” дейді қазақ. Мылқауыңыз да, кереңіңіз де сол
мекеме.
– Міністірдің орынбасары “балаңыз Мұса Байларовтан кешірім сұрап, кемшілігін мойындаса
мəселесі шешіледі” деп саған жіберді, шырағым.
– Кешірім сұрайтындай Аяған маған жаманшылық жасаған жоқ. – Мұса ахахалап күліп келіп,
орнынан тұруға əрекет жасаған шалды қолтығынан демеді. – Мəселе маған қарап тұрса неге
көмектеспейін. Аяғанды ақтап, айыбынан тазартып алып келіңізші, ертең-ақ деканның
орынбасары етіп бекітейін.
– Басы аман болса ер азамат жұмыссыз қалмас,– деп Қуат қария қабақ шытты. Ректордың
бұлтаңын аңғарды, ниетін түсінді. Көңілі жасып, теңселе басып, шығар есікке беттеді.
– Солай, ақсақал, КГБ дегеніңіз ешкімге бағынбайтын мекеме,– деді шалды қолтықтап келе
жатқан Мұса.
– Е-е,– деді шал дауысын барынша созып. – Кеңес үкіметінде партияға бағынбайтын да мекеме
бар ма еді?
Мұса қарқылдап күліп жіберді. Оның мұнысы үйреншікті əдет, керек уақытында ғана


пайдаланатын əдіс тəрізденді шалға.
– Енді жалғыз ғана есік қалды мен ашпаған,– деп күрсінді титықтап шаршаған шал.
Мұса Байларовқа барғанын, екеуінің арасында болған əңгімені Алдиярдан жасырды. Оның
қайда барып келгенін білсе профессордың тұлан тұтып ашуланатыны анық еді. Ректорға
барайын деген ойы жоқ-ты, министрдің орынбасары емексітіп, сөнуге айналған үмітін тұтатты,
соның сөзіне иланып, екі өкпесін қолына алып, адасып жүріп жеткендегі естігені əлгі. Ректор
жылы-жылы сөзбен алдап, түк шешпей шығарып салды.
Алдекеңнің айтысына қарағанда, “үлкен үйден” де шын жанашыр адам табылмаған сияқты.
Ондағылардың əрқайсысының айныласатын саласы, өз шаруасы бар көрінеді. Аяғаныма араша
сұрап барамын деп отырған адамды профессор жерден алып, жерге салып, сілікпесін шығарды.
Бұлардың жан-жаққа жазған арыздары жиналып, соның алдына келеді екен де, əлгі соның
барлығын ешкімге көрсетпей жылы жауып қоятын көрінеді. Алдиярдың сөзіне қарағанда,
бұлардың барлығы да жең ұшынан жалғасқан, бірін-бірі қолдап, қорғап жүреді екен, бірін-бірі
ешқашан жауға бермейді дейді. Оның сөзіне иланбасқа Қуаттың амалы кəні?! Екі жетінің
ішінде қаншама адамның алдына барды, барлығының жауабы ұқсас. “Сөз түсінер жүрегі бар,
кісіге деген аяушылық сезімі бар бір қазақ табылмас дейсің бе. Қазақ азаматтарының барлығы
ұсақтап кетпеген шығар-ау” деген үміт шалды қайда сүйремеді. Енді міне, бар сенімі бір ғана
үйде. Жалғызының тəлкекке түскен тағдырына сол үйдегі иманы бар адамдар ара түсіп, ақтап
алып қалмаса басқа ешкімнің де қолынан келмейтіндігіне көзі əбден жетті. Ит арқасы қияндағы
Мəскеуге бара алмайды, екі көзі бірдей əз соқырдан айырмашылығы жоқ, өз бетінше жол тауып
жүру қайда, жөн сұрайтындай тіл білсе бір сəрі. Сəмөлетіне отырып, Мəскеуіңе барар-ау,
жеткізіп ойын айта алмаған соң бекер салпаңдап не соры. Жасы келіп, сүйретіліп əрең жүргенде
əлдеқандай жағдайға ұшырап сүйегі далада қала ма, кім білсін. Бір адамның тағдырын
Қазақстан үкіметі де шешер. Алысқа салпаңдап, ат арытпай-ақ есігін күзетіп, түнеп жатса да
осындағы үлкендерге жолығуға тырыспай ма, тəйірі. Шаруасын реттеп, тезірек ауылға қайтпаса
болмас. Кемпір жалғызілікті. Ол сорлы не күйде? Қартайғанда шықты дертінің бəрі. Өлместің
күнін көріп, сүйретіліп жүрген шығар бейшара. Хат жазып, хабар берердей сауаты болса кəні.
Екі көзі төрт болып, жолға қарап алаңдап, үйге сыймай жүрген шығар. “Үлкен үйдегілер”
Аяғанын шығарып бермесе, есік тоздырып, тентіреп қашанғы жүреді, жалғызды бір құдайға
тапсырып, келіні мен немерелерін алып, ауылға қайтқаннан басқа амалы бар ма?!
Осындай ойлар иектеген шал келінімен кеңескенді мақұл көрді. Кешкі тамақтан кейін ойын
алдымен Алдиярдың безбеніне салып, ол кісі лəм деместен қабағы тұнжырап, үнсіз отырып
қалған. Қуат оның неге қиналғанын сезді, балаларға əбден бауыр басып алған, олардан ажырап,
соқа басы сопайып жалғыз қалудан өткен азап бар ма?! Балалар кетсе Хадиша да жөнін табар.
Бейшара қатты шаршап жүрген сыңайлы. Көзінің терісінде айықпас мұң жатқандай болып
көрінеді.
– Өзіңіз білесіз, қария. Менде қарсылық жоқ. Бала-шаға сіздікі,– деп күрсінді Алдияр. – Біз
өлместің күнін көрерміз.
– Қиналып отырғаныңызды білемін, Алдеке. Менде басқа амал қалмады. Ауылда кемпір жалғыз.
Өзі дертті. Мен мұнда, ол анда... Жалғыз ұлдың шаруасы бір жақты болмаса балаларды алып
кетпеске амалым кəні. Жол алыс. Ит өлген жерде тұрамыз. Қайта-қайта сүйегімді сүйретіп келе
алмаймын.
– Өзіңіз білесіз, қария. Бала-шағаңызға таласым жрқ. Тұрамын десе үй, міне, менде үйге ие
болады дейтіндей есі дұрыс бала да жоқ. Сыздықтың енді қашан келері бір құдайға ғана аян,–
деп профессор ежелгі əдетімен көзін шала жұмып, үнсіз қалды. – Қашан келсеңіз де есігім
ашық, төрім сіздікі.
– Рахмет, Алдеке! Жақсылығыңыз адамнан қайтпаса құдайдан қайтсын...


– Ауруханаға Аяғанның шаруасына бола жатпап едім. Күннен күнге нашарлап барамын. –
Профессор кеудесін кере дем алды. Сонан соң еті қашып, қу сүйегі қалған сол қолын əрі-бері
қозғап, саусақтарын ашып-жұмып, жаттығу жасады. – Соңғы кезде сол қолым, аяғым, кейде
бетім ұйып қалатын болып жүр. Ондай кезде мүлде қимылдай алмаймын.
– Денсаулық керкек, Алдеке-е... Денің сау болмаса қызық-шұжықтың бəрі бекер.
– Иə,– деді Алдияр мұңайып. Көзін жұмды, біраз уақыт үнсіз отырып қалды. – Жаман немелерге
бауыр басып қалып ем. Оларсыз қалай тұрарымды білмеймін. Əсіресе Бибіні сондай жақсы
көремін. Алдыма алып, иіскеп, сүйсем жанымды жегідей жеген сарыуайымнан, қаптаған қалың
ойдың қыспағынан тез құтыламын.
Қуат қария оны қалай жұбатарын білмей, тұйықтан шығып кетер жол таппай қиналды.
Алдиярдың алдында қарызға белшесінен батқанын, жақсылыққа жақсылықпен жауап беру
керектігін түсінді. Немерелерін бөліп-жарып қалай қалдырып кетпек? Екі кəріге олардың өздері
түгіл басқан іздері қымбат. Үш немерені мұнда қалдырып кетсе кемпір екеуінің ішкені ірің,
жегені желім болып, құсадан өлмей ме. Қалдыра алмайды боталарын. Келін не дер екен?
– Əсем шырағым,– деп дауыстады шал. Көзін шала жұмып, ойға батып отырған Алдияр селк
етіп, басын көтеріп алды. Қуат оның көзінен үрей көрді.
Қалыңдап киініп, басына түбіт орамал салған Əсем имене басып, босағадан аттады да, сəл иіліп
ізет жасады, төрге озбай иба сақтап тұрып қалды.
– Отыра ғой,– деді Алдияр екінші креслоны иегімен нұсқап. Келіншек именшектеп, орнынан
қозғала қоймады. Шешесінің соңын ала бөлмеге кірген Бибі жүгіріп барып, Алдекеңнің
мойнына асылды.
– Ата, сенің ейніңді бояп бейемін,– деп шалдың ерніне далап жаққысы келген қызына Əсем:
– Таста қолыңдағыңды! – деп зекіріп ұрысты.
– Бояй берсін. Балама ұрыспа, келін,– деп профессор Бибіні құшағына қысып, маңдайынан
сүйді. Кішкентай қыз атасын арқа тұтып, шешесіне тілін шығарып мазақтап, қыр көрсете
бастады.
– Мамаларды ренжітуге болмайды, қызым.
– Өзі ғой биінші тиіскен,– деп қыз ернін бұртитты.
– Ал кəне, атаңның ернін бояйсың ба?
Бибі қуана бас шұлғып, қол шапалақтап, “жұмысына” кірісті. Əсем қызының мына қылығына
өлердей қысылғанмен үлкен кісінің көңіліне қарап үндемеді.
– Шырағым,– деді манадан бері ойға шомып, үнсіз отырған Қуат. – Мен келгелі жарты айдың
жүзі болды. Бармаған кеңсем, қақпаған есігім жоқ. Бас иіп, жалынбаған кісім де қалмады-ау
деймін. Аяғанның ісі тым қиындап кеткен-ау, сірə. Көмектесейін деген бір пендені көрмедім.
Бəрі бірімен бірі келісіп алғандай қара аспанды төндіріп, Асан қайғының зарын айтады. Ендігі
үмітім “үлкен үйде”. Ертең Қонаев ақсақалға барамын. Шешсе шешті, шешпесе қызыл белетін
тастаймын да кетемін. Маған жалғыздың жөні бөлек.
Алдекең бұрылып, Қуаттың ештеңеден қайтпасқа бекінген айбарлы жүзіне сəп салып ұзақ
қарады. Адам ашуланғанда тым айбатты көрінеді екен. “Қонаевқа кіре алмайсың-ау, қартым.
Божбан сарыға ғана қолың жетер. Партияның орталық комитетінен көңілің қалып, біржола
түңіліп кететін болдың-ау” деп ойлады профессор. Қуаттың десін қайтармас үшін ойын ашып
айтуға ынталанбады.
– Сонан кейін ауылға қайтамын. Нұрша жалғыз қалды. Ол бейшара не күйде? Орнынан тұра
алмай, омалып жатқан шығар апаң.
Əсемде үн жоқ. Басын төмен салып, еті қашқан шидей-шидей саусақтарын сыртылдатып,
мазасызданып тұр. Атасының айтқанын келіншектің құп көрмегенін Алдиярдың сұңғыла көңілі
бірден сезді. Алдында отырған Бибіден айырылып қалардай сол қолымен оны бауырына тартып,


құшағына қыса түсті. Атасының бетін əлеміштеп бояп тастаған кішкентай қыздың ойында
ештеңе жоқ, сықылықтап күліп, мəз болып отыр.
– Сендерді мұнда қалдырып, кемпір екеуміз тыныш жата алмаймыз, шырағым. Жер аяғы алыс,
шауып келіп тұратындай күш-қуат жоқ бізде,– деп күрсінді шал.
– Ата-оу, – деді Əсем жанары жасқа толып. – Айналайын, ата-оу, Аяғанды жалғыз тастап, қалай
кетеміз? – Шал бүкшие түсті. Оның екі қолының қалтырай бастағанын Алдияр анық көрді.
Сақалы селк-селк етеді. – Сіздің Аяғаныңыздан басқа кіміңіз бар еді, ата-оу?! Менің
Аяғанымнан басқа кімім бар еді?! Аяған жалғыз. Басына іс түскенде жалғызымды тастап қалай
кетемін?
Қуат қарияның басы салбырап кеткен, екі иығы селкілдеп, үнсіз егіліп жылап отыр. Бетін жас
жуған келіншек шалдың қарсы алдына тізерлеп отырып, алақандай ғана жібек орамалымен
оның көзін сүртті. Шал көкірегі қарс айырылардай терең-терең күрсініп:
– Жөн,– деді. – Жөн, шырағым...
Екі қолымен келінінің бетінен қысып ұстап, маңдайынан сүйді.
– Қосағыңмен қоса ағар, шырағым,– деп əрең деп орнынан тұрды да, теңселе басып, сыртқа
шығып кетті.
Алдиярның ернін, бетін қызартып бояп болған Бибі енді оның маңдайын əлеміштеуге кіріскен
еді. Шалдың түрін көріп, Əсемнің бетінің оты шықты.
– Менің қызым суретші болады,– деп күлді Алдияр. Ұялғанынан Əсем бетін басып, теріс
айналды.
Ертесіне Қуат қария таң азаннан тұрып, үлкен үйге баруға дайындалды. Бұл жолы таңғы
намазын асықпай отырып əдеттегіден ұзағырақ оқыды. Асықпай жуынып, кірлеп қалған
жейдесін ауыстырып киді. Хадиша оянғанда ол барып киініп, жүріп кетуге дайын отырған.
– Қызым, мені Қонаев ақсақалдың кеңсесінің алдына жеткізіп сал,– деді қызға.
– Ата-ау, сағат əлі алты жарым. Олардың қызметі сағат тоғызда басталады,– деп күлді Хадиша.
– Тоса тұрамын ғой, қарағым.
Екеуінің дауысынан Алдияр оянды.
– Қария, шам жағып жіберіңіз.
Қуат бөлмеге кіріп, шам жақты. Екі көзі ісіңкі, əрі қызарып кетіпті. Түнімен ұйықтамай
шыққаны көрініп тұр. Жалғыз ұлдың уайым-қайғысын көтере алмай сансырап жүргенде
Əсемнің кешегі сөзі тым ауыр тиген тəрізді. Келінімен салғыласып жатсын ба, оның сөзін іші
қаламаса да үндемеді. Екі кəрінің бар үміті – балалары, тілегі – солардың амандығы.
Немерелерін мұнда қалдырып кетіп, шал мен кемпір жаны шыдап жата алмас. Көп ұзамай
жолдың алыстығына қарамай артынып-тартынып қайтып келетіндігіне Алдиярдың шүбəсі жоқ.
– Қария, үлкендердің біреуіне кіруге мүмкіндік туса құры қол баруға болмайды. Арыз апару
керек.
– Алдеке-ау, арыз жаза алатын өнерім болса күрек ұстап жүрер ме едім. Кетпен, шалғы ұстаудан
басқа менің қолымнан не келсін.
Алдияр күлді. Ең негізгі шаруасын реттей алмағанына қысылғандікі ме, Қуаттың түрі адам
аярлықтай өзгеріп кетті. Профессорға қарап, жаутаңдап тұр.
– Арызды біреуге жамандық жасау үшін емес, өзіңді қорғап қалу үшін жазып үйрену керек,
қария.
– Қолыма қалам ұстасам ой қашып кетеді, Алдеке. Қалам – құрық, ой – асау.
– Столдың үстінде конверт жатыр. Оның ішінде сіздің атыңыздан жазылған арыз бар. Жоғалтып
алмаңыз.
Қуат қария столдың үстінде жатқан конвертке үрке қарады. Бұрын арыз десе төбе шашы тік
тұратын шалға стол үстіндегі төртбұрышты қағаз құтқарушысындай болып көрінді. Оны


ұқыптап төс қалтасына салып алды.
– “Жығылсаң нардан жығыл” деген. Қонаевтың өз атына жаздым,– деді Алдекең күлімсіреп.
Шай ішіп, əлденіп алғаннан кейін Хадишаға ілесті. Ол қарияны Орталық партия комитеті
орналасқан үклен үйге жеткізіп салып, одан ары қарай жұмысына кетпек.
Көше лайсаң. Кеше аяқ астынан ауа райы өзгеріп, қалың қар жауған. Күн екіндіге ауғанда аспан
шайдай ашылып, жарқырап күн шықты да, буыны бекіп үлгермеген ұлпа қар ери бастады. Түн
май тоңғысыз дылы болды, тау аңғарына аңқылдап жылы жел ұрды да тұрды. Кеше жауған
аппақ ұлпадан жұқана қалмаған, көше көшемен жайылып ағып жатқан тауға түскен қардың суы.
– Құдая тоба, қайтадан жаз шыға ма қайтеді,– деп сөйлеп қояды Хадишаға əрең ілесіп келе
жатқан шал. Демнің арасында пысынап, терлеп кетті.
– Алматының ауа райы күнде өзгеріп тұрады, ата,– деп күлді қыз. Тоныңызды неге тастап
кетпедіңіз?
– Ой, шырағым-ай, біз үп еткен желді көтере алмаймыз ғой. Сендер ғой қақаған қыста да
жалаңбас жүре бересіңдер. Ал біздің үстімізден қырық күн шілдеде кеудешеміз түспейді.
Екі ара жақын болған соң Хадиша шалды жаяу алып келген. Қатты жүрмесе де ентігіп тұр.
Сүме-сүме болып терлегенмен тұмағын милығына түсіре басып киіп алыпты.
– Ата, Орталық комитет мынау,– деді жоғары көтерілетін баспалдақтарға табаны тиген кезде
Хадиша тоқтап. – Есігі ашық шығар. Мен жұмысқа барайын. Жолыңыз болсын!
– Көсегең көгерсін, қызым!
Хадиша жүгіре басып кетіп қалды. Қуат қария биіктеу жерге орналасқан əсем ғимаратқа қарап,
біраз кідірді. Ғимараттың төбесіндегі желбіреген Туға көзі түсті. Бойына ерекше күш бітті.
Жалғызының мəселесі дəл бүгін дұрыс шешілетіндей емпеңдеп алға ұмтылды. Баспалдақпен
жоғары көтеріліп келе жатып:
– Е-е, алла, өзің жар бол жалғызыма! – деп жаратқанға жалбарынумен болды.
Үстінде қара тоны бар, тұмағын милықтата басып киген қаба сақал қара шалға есік алдында
тұрған милиционер тосырқай қарап, жолын кесті.
– Қазақтың баласы екенсің, шырағым мені кіргізіп жібер. Қонаев ақсақалда шаруам бар еді,–
деді шал. Оның мына сөзінен кейін милиционер тіпті қатайып, оны бір адым ілгері бастырмай
қойды.
– Рұқсат қағазсыз кіргізе алмаймын.
– Ой, шырағым, мен кəмөнеспін,– деп қалтасынан қызыл белетін шығарып көрсетті. Қуаттың
таң қалғаны, милицонер партиялық билетке мүлде көз қырын салмады. – Бір жапырақ қағаз
партия билетінен құнды болғаны ма? Өй, жолың болғың!
– Тəртіп солай, ақсақал.
– Мен сені алдап тұр дейсің бе? Мен еліме еңбегім сіңген адаммын. Ардагермін, шырақ.
Тонын шешіп алды. Ондағы ойы – орден, медалдарын милицонер жігіт көрсе, жібір деген. Мына
жігіт оларына да бəлендей мəн бере қоймаған секілді. Шалдың ордендеріне селсоқ қана көз
қиығын тастады.
“Мынау бір діні қатты неме екен. Мына сұрымен кіргізе қоймас. Тəжікелесіп тұрғанша қағазын
алайын” деп ойлады шал.
– Əй, шырағым, сен маған жөніңді айт. Қонаевқа қалай жолығамын?
– Білмеймін, ақсақал. Осы үйдің күншығыс жағында рұқсат қағазын беретін орын бар. Сол
жерден сұрап біліңіз,– деп ол шалды шығарып салды.
Шал аң-таң. Жаңағы бала партиялық билетіне мүсіркей қарады. Күні бүгінге дейін партбилетке
ашылмайтын есік жоқ деп ойлайтын. Өзге түгіл кемпіріне ұстата бермейтін ең асыл затының
құны əпсəтте түсті де қалды. Жап-жас жігіт жетпістен асқан шағында таңғажайып жаңалықты
алдына жайды да салды. Партбилетпен партияның Орталық комитетіне кіруге рұқсат жоқ екен.


“Ой, алла-ай! Мынау бір сұмдық болды ғой. Мұны Қонаев ақсақал білмейді-ау. Жаңағы баланың
шикілігі ғой. Жап-жас неме екен. Қайдан білсін” деп өзін өзі жұбатты.
Рұқсат қағаз беретін келіншек те айтқанын орындай салмай діңкесін құртты. Шал оған қайта-
қайта партиялық билетін ұсынады, келіншек қайтарып береді.
– Кімге келдіңіз? – дейді.
– Үлкен кісінің өзіне, Қонаев жолдасқа келдім,– дейді. Келіншек жымиып күліп, партбилетін
қайтарып береді.
– Фамилияңыз тізімде жоқ, ата. Қағаз бере алмаймын,– деді келіншек. Тілдей қағазға əлдекімнің
телефонын жазып, шалдың қолына ұстатты. – Осы адаммен сөйлесіп көріңіз.
Шал қолы қалтырап келіншек жазып берген сандарды терді. “Алло” деген сыпайы, жұмсақ
дауыс естілді.
– Бұл қайдан? – деді шал. Аржақтағы адам тым-тырыс. – Əлө, əлө!...
– Иə, тыңдап тұрмын.
– Əй, шырағым, мен Сағынтаев Қуат деген шалмын. Ит арқасы қияннан келдім. Кəнөнес
партиясының мүшесімін. Ардагермін. Ушасник войнамын. Мыналарың мені ішке кіргізбей,
қасарысып отыр,– деді милиционер мен келіншектің ызасы өтіп, ашуға мінген шал шамданып. –
Мен Əмрикеден келген шпион емеспін. Ешкімге қастандық жасамаймын. О несі ей адамды
сонша қорлағаны?!
– Не шаруамен келіп едіңіз, ақсақал? – деп сұрады бейтаныс адам.
– Əй, шырағым, тлипонмен айтатын сөз емес менікі. Қонаев ақсақалға кіремін,– деп төтесінен
тартты. – Баламды кінəсізден кінəсіз қамап қойыпты. Жұмыстан шығарып жіберіпті. Қонаев
ақсақалға осыны айтайын деп келдім.
– Ақсақал, Димаш Ахметұлы Алматыда жоқ.
– Алла құдай-ай! – деп күйінген шал санын соқты. – Сорым қалың екен-ау. – Күте тұрыңыз.
Қонаевтың орнында болмағанына күйініп, күйзеле бас шайқап, терін құрғатып отырған. Аласа
бойлы божбиған сары жігіт келіп:
– Сағынтаев Қуат сіз бе? – деді аман-сəлем жоқ.
– Мен, шырағым, мен,– деп қалбалақтады. Жігіт кішкентай терезені ашып, манағы келіншекпен
қысқаша тілдесті де, бір жапырақ қағаз алып, Қуат қарияның қолына ұстатты.
– Жоғалтып алмаңыз.
Тілдей қағазды ықтияттап төс қалтасына салып, алға түскен жігіттің соңына ілесті. Тəпелдек
жігіт лəм деместен шалды шағындау бөлмеге бастап кірді де, орындық ұсынды. Өзі асықпай
орнына отырды да, шалқалай жатып, көзін шала жұмып, шалға барлай қарады.
– Атың кім, шырағым? – деп сұрады Қуат жайғасып отырып алған соң.
– Сергекбаев,– деп келте қайырды божбан сары.
“Қабағы қалың екен, нойыстау біреу болмаса қайтсін” деп ойлады шал.
– Е-е, дұрыс екен. Қай елдің баласысың, шырағым? Руың кім? – деді шал. Жігіттің қабағына
қарап, жөнсіз сұрақ қойғанын түсініп, ыңғайсызданып қалды.
– Келген шаруаңызға көшіңіз, – деді ол шытынап. – Руды кейін ет жеп, сорпа ішіп отырып
сұраса жатармыз.
– Е-е, иə... Жөн біліскен дұрыс қой, шырағым. Сүйек сұрасқанның айыбы болмайды. Кім біледі,
жақын туыс шығармыз. Бəлкім, жекжат болып қалармыз.
Жігіт бедірейіп үндемеді. Екі беті онан сайын божбиып, көзі жұмыла түскен. “Мынау неге
тырсиып отыр? Алдияр айтып жүрегн адам осы болып жүрмесін” дегенойға келген шал оған
бажайлай қарады. Үлкен столдың басында ол тұрқы ұзын, еңсесі биік атқа мінген бала сияқты
көзге қораш көрінеді екен. Көзқарасы зілді. Жас шамасы елудің мол ішіне кіріп кеткен кексе
адам тəрізді.


Қуат болған жайларды асықпай отырып егжей-тегжейлі баяндап шығамын деп ойлаған. Божбан
сары шалды алысқа ұзатпады.
– Ақсақал, бұл шаруаны мен бес саусағымдай білемін. Ұйымдастырып жатқан арыздарыңыздың
барлығы менің тартпамда жатыр. – Ол суырмасынын бір топ арызды алып, шалдың алдына
тастады. – Бəрі бір адамның қолынан шыққан. Алдияр Ақпанұлының жазған арызы онға жетіп
қалады.
– Əділдікке жете алмаса жазбағанда қайтеді.
– Əділдік? – Божбан сары мырс күлді. Көзін сығырайтып, шалға зəрлене қарады. – Оныкі дұрыс
та, бір қауым елдікі бұрыс па? Мəселе ол кісі ойлағандай шешілсе əділ де, басқаша болып
шықса əділ емес пе сонда?
– Алдекең үлкен ғұлама адам, шырағым,– деді шал əдеттегідей сақалын саумалап. Тонын шешіп,
алдына көлденең тастады. “Өтірік – ұят, шын – мият” дейді. Пайғамбар жасынан асқан кісі
өтірікке баспайды. Алдекең сен, шырағым.
– Сену, сенбеу біздің шаруа,– деп сызданды Сергекбаев шалқалай отырып, көзін ежелгі əдетімен
шала жұмып сығырая қарады. – Ал сіздің балаңыздың шаруасына келетін болсақ мəселе былай.
– Еңсесін тіктеп, түзеліңкіреп отырды да, қоңыр папканың ішінен тағы біраз қағазды алып,
парақтауға кірісті. – Оның жұмыстан шығарылуы заңды. Міне, мынау протокол. Оны Қазақ ССР
КЗОТ-ның 33 статьясы 2тармағына оарй 1982 жылдың тамызының жиырма төрті күні қызметтен
босатқан.
– Əй, шырағым! Ұлымның қызметін даулап келіп отырған жоқпын. Басы аман болса жұмыс
табылар.
– Ал енді оның қамалуына келетін болсақ,– деп Сергекбаев тағы да он шақты парақ қағазды
шалдың алдына тастады. Алдында улы жылан жатқандай шал божбан сары тастаған қағаздарға
үрейлене қарады. – Совет заңы өте əділ заң. Ол ешкімге қиянат жасамайды. Қуатовтың
қамалуын Мұса Байларовтан көруіңіз қате. Ол өте əділ, адал жігіт.
– Сонда кім кінəлі?
– Бəсе, кім кінəлі? – деп шалға түйіле қарады божбан сары. – Əрине балаңыздың өзі кінəлі.
Алдыңызда жатқан қағаздарда бəрі жазылған.
Шал қағазды Сергекбаевтың алдына қарай жылжытты.
– Менің Аяғаным ондай лас іске араласпайды. Ол таза. Мен елу жылдан бері партия мүшесімін.
Партбилетімнің атынан ант етемін, ол кінəсіз,– деді Қуат қария. Божбан сары оны
мазақтағандай сыңарезулей күлді.
– Біз сізге, иə болмаса сіздің 50 жыл бұрын алған партбилетіңізге емес, нақты документке
сенеміз. Міне, бізге КГБ-ның берген жауабы. Осылардың негізінде құрметті профессор мырза
арыз берген органдарға жауап жазамыз. Аяған Қуатов антисоветчик, мемлекетке зиянды адам
дейміз.
– Жоқ, бұл жала! – деп айқайлады шал.
– Оның істеген қылмысына куəлар бар. Мынау солардың түсініктемелерінің көшірмесі.
Олардың сөздері Қуатовтың қаны сорғалаған ұлтшыл екенін, Советтік қоғамға жат элемент
екенін растайды.
– Жала! Жала мұның бəрі!..
– Бұл жерде айқайлауға рұқсат етілмейді,– деп Сергекбаев қабақ шытып, түсін суытты.
– Шырағым,– деді нəті жуасып қалған шал шаршаңқы үнмен. – Бармаған жерім қалмады.
Жалғыз үмітім осы үйде Қонаев жолдаста еді. Шындықты осы шаңырақтан табамын деп келген
ем. Көмектес, шырағым. Жалғыз ұл еді маңдайымдағы.
– Менің қолымнан келмейді. Советтік қоғамға жат элементті Орталық комитет ешқашан
қорғамайды. Ол өзіне тиісті жазасын алады. Ал сіз болмас іске бола шаршамай ауылыңызға


қайтыңыз. Түрме – тəрбие мектебі. И сонан соң Димаш Ахметовичтің басын қатырмаңыз.
– Жалғыз үмітім бар еді, ол да сөнді,– деді шал басын изектетіп отырып. Қалтасынан аппақ
шүберекке мұқият оралған партия билетін алып, Сергекбаевтың алдына қойды, сонан соң
омырауындағы орден-медальдарын бір-бірлеп ағыта бастады.
– Мұныңыз не? Болмайды, дұрыс емес! – деп Сергекбаев шолтаң етіп орнынан атып тұрды. –
Партбилетіңізді алыңыз, орден-медальдарыңызды қайта тағыңыз.
– Ары тұр! – деп шал оны кеудесінен итеріп жіберді. Сергекбаев шалқалақтап барып, бойын
əрең түзеп алды. Мына шалды соншама қарулы деп ойламаған, қайта ұмтылуға жүрегі
дауаламады.
Қуат қария орден-медальдарын түгелдей ағытып алды да, Сергекбаевтың столына қойды.
– Маған мыналар емес, бала керек. Ол жалғыз. Менде Аяғаннан басқа ешкім жоқ. Мыналар
жалғызымның жалғыз тал шашынан садақа кетсін!..
– Ақсақал, тұра тұрыңыз!
Шал оның сөзін құлағына да қыстырмады, пора-пора болған көз жасын сүртпестен дəлізге
шықты да, беті ауған жаққа қарай аяңдады. Қарсы кездескен бірнеше адам ығысып, жол берді.
Ұзын дəлізбен жүре-жүре тұйыққа сəл кідірді де, келген ізімен кері қайтты.
“Аяғаным үшін жаным құрбан. Мені қамасын. Жалғызыммен бірге жатамын. Кемпірді де
қамасын. Бəрін, келінді, немерелерімді... Бəріміз бірге боламыз. Аяғанымды қайда жіберсе де,
сүйегімді сүйретіп, бірге кетемін. Қалмаймын жалғызымнан” деп күбірледі көзінен аққан жас
сақалын жуып келе жатқан қарт. Кенет əлдекім қолтығына жармасты, божбан сары екен.
– Ақсақал, сабыр етіңіз. Бөлмеге барайық,– деді сыбырлай сөйлеп. Манағыдай емес, жүні
жығылып, жуасып қалған. Өзі абыржып тұрған сияқты, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап қояды.
– Жүріңіз, ақсақал...
– Жібер!..
Қуат оны ақырын ғана итеріп жіберді. Божбан сары қайта ұмтылған, іргедегі есіктен дəлізге
шыға келген жас жігітті көріп, қалт тоқтады. Жылмиып тұрып, жымиып күліп сəлем берді. Орта
бойлы, көмірдей қап-қара шашын бір жағына қарай жыға тараған, жас жігіттің өңі жылы екен,
шалға күле қарады. Қуат оның шарасы кең көзінен мейірім көрді.
– Ассалаумағалейкүм, қария! – деп келіп, Қуаттың қолын алды. Божбан сарының тыпыршып,
абыржыңқырап тұрғанына қарап, мына жігіттің бекер адам емес екенін түсінді.
– Əліксалам, шырағым! – деді шал жасты көзбен жігіттің нұрлы жүзіне тік қарап. “Иман жүзді
бала екен. Құдай-ау, мынау менің Аяғанымнан да жас қой” деп ойлады қарт.
– Қария, сізді кім ренжітті? – деп Қуатты қапсыра құшақтап, арқасынан қағып жұбатпаққа
ниеттенді. Көңілі босап, мұңын кімге шағарын білмей əзер тұрған Қуат бұдан арыға шыдамады,
екі иығы селкілдеп, егіліп қоя берді.
– Сабыр етіңіз, қария! – Жас жігіт шалды қолтықтап, іргедегі бөлмеге алып кірді. – Айгүл, бір
стакан су алып келіңізші.
Бұлар кіргенде лып етіп орнынан тұрған келіншек сондай жылдамдықпен бөлмеден шығып
кетті.
Жас жігіт Қуатты қолтықтаған күйі оң жақ бүйірдегі кең бөлмеге кіргізіп, сүйемелдеп
орындыққа отырғызды. Соның арасынша бір стакан су алып Айгүл де келді. Тамағы кеуіп, тілі
тобарсып қалыпты. Суды бір ұрттап, аузын шайқады да, жұтып жіберді.
– Мен Қуандық Сəруаров деген балаңыз боламын, қария,– деді қарсы алдына келіп отырған
жігіт. – Қайдан келдіңіз?
– Ит өлген жерден, Қаратоғаннан келдім, шырағым,– деді шал даусы қарлығып. Қалтасынан
көлдей орамалын алып, көз жасын құрғатты, сонан соң таңқ еткізіп сіңбірінді. – Қаратоған ХХ-
Партсиаз колхозының бөлімшесі.


– Иə, иə, – деп жымиып клді Қуандық. Қай облыс, қай аудандағы ХХ-Партсъезд екенін білмесе
де бас шұлғып отыр.
– Атым – Қуат, пəмилем – Сағынтаев. Бұл үйге əділдік іздеп келіп ем, таппадым. Бірінің аузына
бірі түкіріп қойғандай сөйлейді. Əбден мазақ қылды өзімді. Бұлай жұртқа таба болғанша өліп-ақ
қалғаным дұрыс еді. Құдай-ау, бұл үйден таппаған шындықты қайдан іздейміз енді?! – Шал
қызарып кеткен көзін жігітке тіктеді. Ол төмен қарап, əнтек езу тартып, бас шұлғып отыр. –
Партбелеттен де күш кетіпті. Құдай-ау, қадыр-қасиеті қалмапты. Ал мен оны... Елу жыл бойы
қасиеттеп, қастерлеп...
Дауысы қарлығып, тамағына ып-ыстық түйін кептеліп, сөйлей алмай қалды.
– Су ұрттаңыз, қария.
Шал бұл жолы стакандағы суды тауысып ішті. Маңдайынан бұрқ етіп тер шықты. Құрғап тұрған
тамағы жібіп, аузына сыймай тобарсыған тілі икемге келді.
– Барлық пəлені менің балама жауып отыр. Прəпесір Алдияр Ақпанұлының сойылын соқтың,
соның жағына шығып кеттің деп күйдіріп отыр ұлымды. Əйтпесе айналайын Сəбет үкіметіне
қарсы шығып, жын ұрды дейсің бе?! Сəбет үкіметінің арқасында көгеріп, көктедік. Айналайын
партияның арқасы...
– Қария, дұрыстап түсіндіріңізші,– деді Қуандық оның сөзін бөліп. Профессор Алдияр
Ақпанұлының жағдайы туралы əңгіменің шет жағасын естігені бар еді. Тікелей өзі айналысатын
сала болмағандықтан орта жолдан қосылып, кимелеп кетуге партиялық тəртіп қол-аяғын
шідерлеп, еркін қимылдай алмаған.
Профессор Алдияр Ақпанұлын жақсы білетін, тікелей сол кісіден дəріс алмағанмен
еңбектерімен жақсы таныс. Университетте оқып жүрген жылдары ол кісінің қазақ халқының
тарихына байланысты лекциясын тыңдап, аса көп білетіндігіне, парасаттылығына, батылдығына
қайран қалғаны бар. Кейін ол кісі Мұхтар Əуезов музейіндегі халық университетінің бірнеше
сабағын жүргізген. Өз ата-бабасының тарихын шала-шарпы білетін, əртүрлі кітаптардан үзіп-
жұлқып оқығанын көңіліне медет тұтып жүрген Қуандық осыдан кейін ел-жұртының өткеніне
басқаша көзбен қарай бастаған. Тарих ғылымының жазуына қарағанда, қазақ деген халық он
бесінші ғасырдың екінші жартысында аяқ астынан пайда бола салған сияқты еді. Көңілінде бір
күдік кілкіп тұрғанмен күңделікті қу тіршіліктің уайымымен жүріп бұл мəселеге ой көзін
жүгіртіп, ақыл таразысына салып, қорытынды пікір түймеген. Тарихтың айтқаны ақиқат деп
түсінетін бозбаланың қалыптасқан ұғымын шашы түгіл қасы да ағарып кеткен профессор
Алдияр Ақпанұлының ақиқаты тас-талқан бұзған. Тарихты жасайтын халық та, жазатын
жекелеген адамдар екен. Əр кезең, əр замандағы билеушілердің, əмірі күшті уақыттың талабына
орай тарихнаманың жаңарып, қайта жасалып отыратындығын ол Алдекеңнің аузынан естіген.
Партия мектебінде сырттай оқыпр жүргенде сессияға келген сайын емтихан тапсыратын
сабақтарын жиып қойып, профессор Алдияр Ақпанұлының лекцияларына баратын.
Қазақстанның шалғай шеткі ауданында басталған еңбек жолы ақыры оны республика
астанасына алып келген. Сыртта жүрген жылдарында Алдияр Ақпанұлының алыстап кеткенмен,
оның есімі көңіл түкпірінде жататын. Өткеніне құрметпен қарауға үйреткен, ата-бабалары мен
туған халқының тарихына көзқарасын өзгерткен ғұламаға деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Сол
адам тағы да міне, ойламаған жерден алдынан шықты.
Мына кісінің айтысына қарағанда, ол көптен бері төсек тартып жатқан сияқты. Кемпірі өлген,
баласы ішіп кеткен, өзін мүйіздеп институттан қуған. Шырылдап ара түскен жас ғалымға жəне
қиянат жасаған. Мұның анық-қанығын тексеріп, ақиқатына жету оңай шаруа еместігін Қуандық
іштей бағамдап біліп отыр. Ең қиын жері – бұл іске тікелей араласа алмайды, солай екен-ау деп,
үндемей қалу Қуандықтың азаматтық болмысына жат. Адам үшін кез келген тəуекелге баруға
болады. Бұл пəниде адамға жақсылық жасаудан өткен құрметті міндет жоқ. Оның өмірлік түйіні


осы.
Əкесінен он екі жасында қалып, көп қиындық көріп өсті, аш жүрді, жалаңаш жүрді, күші басым
алакеуде біреулер меселін қайтарды, қиянат та жасады, бірақ оның барлығы оның бойына ана
сүтімен дарыған адамжандылық қасиетін өлтіре алмады. “Жетімдіктің тақсіретін көп шеккен
адам қатал, тіпті кейбіреуі қатыгез болып кетеді” дегенді көп естиді. Бұған Қуандық келісе
бермейді. “Адамды бір қалыптан шыққандай бағалауға болмайтындығын” үнемі айтып жүреді.
Рас, қиындық кісіні ширатады, шынықтырады. Адам баласы өзінің өмір сүруіне қажетті парасат
жинап алмаса қатыгездіктің, қаталдықтың құлақ кесті құлына айнала салуы мүлде оңай.
Қуандықтың отыз жеті жылдық ғұмырында түйген қорытындысы осы.
– Партиялық билетімді, орден-медальдарымды жаңағы тапал сарыға тастап кеттім,– деді Қуат
қария сөзінің соңында. Ішін ит тырнағандай қиналып-ақ отыр бейшара. Жасы жетпістен асқан
адамның мұндай тəуекелге ең қиын жағдайда, басқа амалы таусылғанда ғана баратындығын
Қуандық түсінді. Мұндай тəуекелге барған жан ұлы үшін өмірін құрбан етуден де тайынбасын
іші сезді.
Қарсы алдында жалғызына шаң жуытпай, аузын арандай ашқан ажалдан да қаймықпастай
қасарысып отырған қаба сақал қара шалға соншалық ризашылық пейілмен сүйсіне қарады.
Кішкене кезінде əлдекім десін қайтарғанда немесе қу тіршілік қайта-қайта аяқтан шалып
шаршатқанда балалық қиялына қанат бітіретін “шіркін-ай, əкем болса” дейтін тəтті арман аяқ
астынан есіне түсіп, көңілін мұң баурады.
“Шіркін-ай, əкем тіріліп келіп, менің азамат болғанымды көрсе қуаныштан жарылар еді ғой”
деген ой оның көңілін босатты. Көзі балбұлдап, бейтаныс қара шалға қарап, жымиып күлді.
“Тірі болса менің əкем де жетпістен асып, Алматы мен ауылдың арасында жүрер еді ғой”.
Əлдеқайда телефон шалды.
– Маған келіп кетіңізші.
“Сенің бəрің отау құрып кетесің. Қарашаңыраққа ие болып, кемпір екеуміздің жанымызда
Саятым қалады” дейтін əкесі. Кенже ұлын соншалық жақсы көруші еді. Ол əкесінің қазасынан
кейін көп ұзамады, кездейсоқ жағдайға ұшырап, бақилық сапарға аттанды. Қуандық ақырын
ғана күрсініп қойды.
Есікті ақырын ғана ашып, бөлмеге имене басып, божбан сары кірді. Манағы паңдық,
шіренісінен түк қалмаған, бүгежектеп жас жігітке жасқана қарайды. Именшектеуіне қарағанда
өз кінəсін мойындаған адамның сыңайы.
– Бектер Сергекбаевич, ақсақалдың партбилеті, орден-медальдары сізде ме?
– Менде, Қуандық Сəруарович,– деп тақ ете қалды да қалтасынан партбилет пен орден-
медальдарды алып, столдың үстіне жайлап қана бір-бірлеп қойып шықты.
Рахмет! – деді Қуандық орнынан тұрып. “Бара беріңіз” дегендей Сергекбаевқа қарап, басын
ақырын ғана шұлғыды. Ол лəм деместен шығып жүре берді. – “Битке өкпелеп, тоныңды отқа
жақпа” дейді қазақ. Ордендер мен медальдар сіздің ешкімнің таласы жоқ еңбегіңіздің жемісі.
Бұлар сіздің өткен өміріңіздің белгісі. Дүниенің бір сəттік қиыншылықтарына бола отыз, қырық
жылдық өміріңізді сызып тастай салу дұрыс па? Үкіметке дəл бұлай өкпелеу сізге жараспайды,
ақсақал. – Қуандық столдың үстінде жатқан ордендер мен медальдарды шалдың омырауына
асықпай бір-бірлеп таға бастады. Партбилетті қолына алып, айналдыра қарап шықты да, ішін
ашып, көз жүгіртті. – Партияға өткеніңізге елу жыл болыпты ғой. Елу жыл серік болған
партбилетіңізді қалай ғана көзіңіз қиып тастап кеттіңіз? – Қуаттың жауырынын тер жуды. Екі
беті қалақай шаққандай дуылдады. Манағы қылығының тым əбес болғанын енді түсініп, көңілі
сөңіліп, кіріп кетер тесік таппай, жүзі жанып отыр. Жас жігіттің дауысы жұмсақ, тілі майда.
Жымиып күліп отырып адамның ішіне кіріп кететін өнері бар екен. Шалдың мысы басылып, үн-
түнсіз тынған. Өміріңіздің елу жылы партиямен бірге өтіпті. Елу жылдық өміріңізді керек


қылмай лақтырып тастап кеткеніңізді қалай түсінеміз?
– Ашу ғой, шырағым,– деп міңгірледі шал. – Алдына барған адамдарымның барлығы жүйкемді
жұқартып жіберді.
– Жекелеген адамдардың жіберген кемшілігіне бола партияны кінəлау дұрыс па, ақсақал?
– Жə, шырағым, менен кетті бір ағаттық,– деді шал еңсесін көтеріп. – Түрмеде жатқан балама
көмегің тие ме? Маған соны айт. Өзің үлкен бастық көрінесің. Қол ұшыңды бер, шырағым.
Жалғызым үшін аярым жоқ.
Қуандық шалдың мына сөзіне күлді. Сөзінің қателігін айтып түсіндіргісі келді де, тілін тістей
қойды. Ол кісінің дұрыс сөзді бұрыс қабылдайтынын сезіп үндемеді. Бар болғаны жымиып күлді
де:
– Жақсылық ешқашан қарызға жасалмауға тиіс,– деді.
– Иə, түсінемін, шырағым.
– Жасалар жақсылыққа баға белгілеген жағдайда ол бастапқы мағынасын жоғалтады. Сондықтан
жақсылық əрқашан тегін жасалуы тиіс. Адамның адамға жақсылық, қайырымдылық жасауы
оның тірлігіндегі ең негізгі міндеттерінің бірі.
– Рахмет, шырағым! Аяғаныма қол ұшын бер.
– Сізге өтірік уəде бере алмаймын, ақсақал. Балаңыздың ісімен танысып көрейін. Егер нақақ
күйген болса қол ұшын беру менің азаматтық міндетім.
– Көсегең көгерсін, шырағым! – деп қалбалақтап орнынан тұрып, жігіттің қолын қысты. Осы
кезде көзі қабырғада ілулі тұрған Қонаевтың үлкен портретіне түсті. Түсі сондай жылы, бұған
күле қарап тұрған сияқты. Осы кезде шалдың ойына Алдияр жазып берген арыз оралды. Мүлде
есінен шығып кетіпті. – Қонаев ақсақалдың атына жазып келген арызым бар еді. Ол кісі жоқ
екен. Өзіңе қалдырып кетейін, шырағым. Ертең қайтамын. Кемпірім ауру, жалғыз қалды. Қайта-
қайта келіп жүретін жағдай жоқ менде. Өзіңе сендім.
Қоштасарда келгенде шал оны құшақтап, екі бетінен шолп-шолп сүйді. “Осыным артықтау
болды-ау” деген жоқ. Өйткені Қуандықтың көзіндегі өзіне деген жылылықты көріп, көңілі
марқайды. “Мынау бір иманы бар бала екен. Құдай абырой берсін” деп күбірледі.
Қуат қария “үлкен үйден” көңілін құрсаған мұңнан арылып, қуанып шықты. Тұмағын, тонын
киген жоқ. Күбірлеп сөйлеп, бар жақсы сөзін Қуандыққа арнап, Алдияр Ақпанұлының үйіне
қарай аяңдады.
Ол алып келген жақсы хабарды естіп, Əсем жүрегі жарылардай қуанды. Орталық партия
комитетінде істейтін адамның қолынан өлген адамды тірілтуден басқаның бəрі келеді деген
түсінікпен ғұмыр кешіп жүрген келіншек көп ұзамай Аяғанның ақталып, аман-есен үйге қайтып
ораларына сенді.
– Ол жігіт туралы зиялы қауымның пікірі жақсы. Комсомолдан өскен жігіт қой,– деді профессор
оны сырттай танитындығын аңғартып. – Білгір, ширақ, іскер жігіт деп естимін. Ол кіріссе ісіміз
оңға басып қалар, сірə.
Қонаев ақсақалдың атына жазылған арызды сол жігіттің қолына тапсырдым.
– Бəрекелді! Дұрыс болған екен! – деп профессор қуана дауыстады. Жүзі жыдарып, көзі
нұрланып, езуіне күлкі ілінді. Əдетте қуанып отырса да езу тартқаннан арыға бармайтын
профессордың мына қылығын Əсем жақсылыққа жорыды. – Бірінің сөзін бірі сөйлеп, бізді
тəлкек қылғандардың əуселесін көрелік енді. Хатымыз Димекеңнің қолына тисе...
– Бала-шағасының қызығын көргір, адамшылығы бар жігіт болғаны ғой. Аман жүріп, абыройлы
болсын азамат,– деді Əсем енесіне үйренген əдеті бойынша бетін сипап.
– Біздің Əсем енді біраз күнде бес уақ намаз оқиды,– деп күлді Алдияр.
– Оқысын. Аяғанға сауабы тиеді.
Келіншек жымиып күліп, профессорға жасқана қарады. Іші ауырған адамдай еңкейіп, қабағы


ашылмай түнеріп жүретін Əсем өте көңілді.
– Құдай өзіне құрмет көрсеткен пендесінен жақсылығын аямайды,– деді Қуат.
Келіншек сықылықтап күліп жіберді. Көптен бері адам сияқты күлгені осы. Күлкісі мөлдір, таза
екен. Алдияр оған мейірлене назар салды. Қабағының қыртысы жазылып, жүзі нұрланып, бетіне
қан жүгіріпті. “Күлкі əйел адамның шырайын ашады екен-ау” деп ойлады профессор.
– Аяғанға себі тисе күніне он рет намаз оқиын. Папамыз үшін бəріміз – Бибіш те, Елжас пен
Олжас та күніне қанша рет болса да жаратқанға жалбарынар едік.
– Бесеу жетеді, шырағым. Шариғат солай дейді.
– Қария, Əсемге намаз оқуды үйретіп кетіңіз,– деп езу тартты Алдияр.
– Е-е, Алдеке-ай, мені қайбір білгіштігімнен намазға жығылып жүр дейсіз. Құдай дауысымызды
еститін жерге жақындадық. Соңымда қалар ұрпағыма жаратқан ием жар болсын деген ниет
біздікі,– деп күрсінді шал. Сол күйі ұзақ уақыт үнсіз отырып қалған. Алдияр да үндемеді. Əсем
шай демдемек болып шығып кетті.
Үшеуі үн-түнсіз отырып шай ішті. Күндегідей емес, Əсем бүгін ажарлы. Бетіне қан теуіп, көзіне
нұр ұялапты. Үйдің ішінде қалыңдап киініп, басына түбіт орамал салып алушы еді, қазір үстінде
көкшіл помбарқыт көйлек, иығына төгілген шашын бұйралап қойыпты. Қимылы да ширақ.
Дастарханға бар дəмін үйіпті.
– Е-е, алла! Бергенің де шүкір...
– Өмірде əділ адамдар аз емес, қария. Үлкен үйге бір кіріп шығып едіңіз қаншама шаруа
бітірдіңіз. Ал Димекеңе жолыққанда асығымыз алшысынан түсер еді. Бірақ... Əй, бірақ
Димекеңе екінің бірінің қолы жетпейді-ау,– деді. Алдекең қаймақ қатқан қызыл күрең шайды
сораптап ұрттап отырып. – Біз жан-жаққа арыз жөнелтіп, бекер арамтер болыппыз. Арызымыз
жиылып келіп, Сергекбаевтың алдында жатыр дейсіз. Əй, əділетсіз өмір-ай!
– Енді ол бейшара зыр қағып жүгіретін болды. Əлгі баладан ығып тұрады екен. Мені кісі ғұрлы
көрмеп еді зəнталақ. Қуандық баланың алдында билеп кетті.
– Билеп үйренген сүмелек қой ол. Өзінен шені үлкеннің алдында бас иіп, жымсиып тұрады да,
теріс айнала бере ит терісін басына қаптайды. Олар сондай ғой. Нағыз екіжүзді... Əй, қойшы
соларды.
Қуат қария көлдей орамалын алып, терін сүртті: Кесесін алақанымен жауып, столдан
шегініңкіреп отырды.
– Ертең ертемен жолға шығамын,– деді сəлден кейін. Жаңа ғана жадырап отырған Əсемнің түсі
қашып, қабағына көлеңке қонды. – Шырағым, сен өзіңді күт. Денсаулығыңды бұзып алыпсың.
Үш балаға қарау оңай болмас сірə. Аяғанның уайымы-ақ шаршатар. Балалар да жүдеп,
қызалаштанып қалыпты. Ақ ішіп, ет жеп, сорпаланса беттеріне қан жүгірер еді.
Əсем атасының дəл осылай дерін алдын-ала болжаған. Ұзақ ойланған. Қаланың өмірінде үйде
отырып үш баланы асыраудың мүмкін еместігін түсіне тұра Аяғанды тастап кете
алмайтындығын білді. Тыпырлап жүріп жұмыс істеуге денсаулығы жарамайды, қарап отырып
аштан өлер жағдайы жоқ. Денсаулығы көтерсе жеңіл-желпі жұмыс істермін деп шешкен.
– Ата-оу, – деді келіншек сəл ғана үзілістен кейін дауысы дірілдеп. Көз шарасы меймілдеп
жасқа толды. – Оларсыз менің күнім батып, таңым ата ма? Сағыныштан солып, семіп
қалмаймын ба, ата-ой?!
Шал қара тастай болып қатып қалған, келініне қарсы пəтуа айтпады. Əсемнің осы сөзді айтарын
алдын-ала білгендей, көзі жыпылықтап, ептеп қызара бастады. Тамағына ып-ыстық өксік келіп
кептеліп тұрып қалды.
Ата мен келіннің мəмлеге келе алмай қиналып отырғанын сезіп, Алдияр ақылман ағайынның
сөзін айтып, екі жақтың да көңілінен шықты.
– Сіздікі де, қария, сенікі де, қызым, дұрыс сөз. Шал мен кемпір немерелерін бетін желге


қақтырмай, күнге күйдірмей бағады əрине. Елжас мектепте. Ауыл мектебінің жағдайы белгілі.
Сондықтан балаға обал жасамауды ойлау шарт. Ал кішкентай Бибіні туған анасының
құшағынан жұлып алу кету қатыгездік болады. Менімше, атасына еріп, ақылға Олжастың
барғаны дұрыс шығар.
Ақылдаса келе ата мен келін мəмлеге тоқтады. Ортаншы ұл атасына серік болып ауылға
аттанатын болды.
Ертесіне Қуат қария құлқын сəріде тұрып, намазын оқыды, оны-мұнысын қоржынына салып,
жолға жиналды. Олжастың ауылға кететінін естіген Елжас пен Бибі ешкім оятпаса да ерте
тұрып алыпты. Кіп-кішкентай болып іштері қу. Екеуінің де бауырларын қимайтынын Қуат
қария бірден байқады. Екеуі де көңілсіз.
– Атаң мен əжеңе көмектесіп, тілін алып жүр,– деп Əсем оған ақыл айтып қояды. Ол басын
изеп, үнсіз тұр. Үй бетін көрмей қаңғырып кетпе. Тентек болма.
Қоштасарға келгенде шалдың көңілі босап, алқымына жас тығылды, қалып бара жатқан екі
немересін кезек-кезек құшақтап, аймалап сүйіп, мауқын басты. Хадишаны да туған қызындай
құшағына қысып, маңдайынан сүйді.
Айналайын сенен! Сендей қыз қазағымның бағына туған ғой,– деп еміренді. Хадишаның екі көзі
жапақтап, шалдың мойнынан қапсыра құшақтап алды, бір əлемет күш жүрегін қыспаққа алды.
Хадиша өзін өзі ұстай алмады, ата-ананың мейірім-шапағатына шөлдеген жетім жүрек егіліп
қоя берді.
Аз күндік сыйластығы қимас достыққа айналған екі кəрінің айқасқан құшағы көпке дейін
жазылмады.
Ал, Алдеке, қазақтың балалары өзіңізге аманат,– деді Қуат қария есіктен шығып бара жатып.
Сыртқа ілесе шыққан Əсем, Елжас, Бибі үшеуі жетектесіп ұзап бара жатқан шал мен
немересінің соңынан ұзақ қарап тұрды.


27
Аумағы ат шаптырым бөлмеге имене басып кірген Жақия ректордың қабағындағы зілді байқап,
босағада тұрып қалды. Əншейінде жарқылдап күліп, əзіл айтып қарсы алатын Мұса
Байларовтың қабағы қатқыл екен, жайсыз жағдайларда екі бет қызарып кететін. Ректордың
жүзін көріп, Жақияның көңіліне қара шапты. Аяқ астынан ненің бүлінгенін біле алмай, ашулы
бастығына ұрлана қарап, не істерін білмей дағдарып тұр. Келгенін білдіріп, жөткерінген, Мұса
бірақ селт етпеді, қырын қарап, ойланып отыр.
– Ассалаумағалейкөм, Мұсеке!
Ректор таскерең болып қалғандай, босағада тұрған деканға көз қырын да салмады. Оқиғаның
бұдан ары қарай қалай өрбитінін бағамдап үлгерген əккі Жақия лаулап келе жатқан өрттің
алдын алуға тырысты.
– Мұсеке, ассалаумағалейкөм! – деп басын иіп, қос қолымен кеудесін басып тұрып дауыстап
сəлем берді.
– Слушай, осы сен мені арандатқанды қашан қоясың? – деп босағада мүлəйімсіп тұрған Жақияға
зілдене қарады.
– Айтып өлтіріңізші, Мұсеке.
– Сол балаға тимей-ақ қоялық, оны пайдалану керек деп құдайдың зарын қылдым. “Ойбай,
түбінде түбімізге сол жетеді” деп шырылдадың. Оны арқасынан қағып, алдай салудың орнына,
шапқа түртіп, əбден ашындырып алдық.
Əңгіменің кім туралы екенін Жақия сұрамай-ақ білді. Мұса Байларовтың мазасызданып
отырғанына қарағанда, Аяғанның ісіне бір дəу киліккен тəрізді. Ол кім болды екен? Оның арқа
сүйер ешкімінің жоқ екенін білетін Жақияның көңіліне күдік кірді. Мəскеуге жазған көп
арызының бірі аузымен құс тістеген біреудің қолына тиіп, сол неменің пейілі түсті ме екен?!
Біреулер арқылы ең үлкен басшыларға жол табуы да мүмкін. Аяғанға əлгілердің пейілі түсіп,
жанашыр қолын созса бұлардың күні қараң. Қараң...
Жақияның болар-болмасқа үлп етпейтін жүрегін үрей қапты. Селк етіп, басын шалт көтерді де,
Мұса Байларовқа тесілді, оның бетіндегі қызыл аумақталып бара жатқан секілденді. Ұсақ-түйек
шаруаға бола мазасызданбайтын Мұсаның бүгінгі қылығы тосын. Сенері күшті болғандықтан
қандай қиын жағдайда да сыр бермей нығыз отыратын бастығының мына түріне қарағанда бір
қауіптің тақап қалғаны анық. Жақияның бойын қорқыныш биледі.
– Қуатовқа тимеңдер деп талай айттым. Алдияр Ақпанұлының жыртысын жыртқандардың
барлығына жағдай жасап, бауырымызға тартайық дедім. Түсінбедіңдер.
Ректор күйзеле күрсініп, орнынан тұрды да, кең кабинетте ерсілі-қарсылы жүре бастады.
Айтатын сөзі көп болғанмен бастығының əуейіне қарап, үндемей тұрған Жақия да күрсінді.
Мұсаның мінезін біледі, мұндай сəтте ауыз ашудың қажеті жоқ, бас шұлғып, үнсіз тыңдай бер.
Бастық сөйлеп-сөйлеп ашуын сарқады, ақылы бар адам болса сонысы үшін артынан өзі ұялады.
Ашу – өрт болса, қарсыласу – май. Мұны Жақия жақсы біледі.
– Сен кінəлісің,– деп Мұса шытынап, оған зілдене қарады. Жақия ежелгі əдетімен жанарын
жығып, басын тұқшитып, бұға түсті.
– Қуатовтан келген зауалды мен-ақ көріп алайыншы, Мұсеке,– деп қалды сасқалақтаған Жақия
қапелімде.
– Пах, шіркін! Орталық комитеттің бөлім меңгерушісімен жағаласатын күшті саған кім беріпті?
Мойныңды бұрап жұлып алады.
– Ал мен жұзғызбаймын, Мұса Байларович,– деп жарамсақтана жымиды Жақия. – Оларға да жан
керек. Олардың əлсіз тұсын, жанды жерін мен жақсы білемін.


Алғаш көріп тұрғандай Мұса оған таңырқап ұзақ қарады. Миығына жұқалтаң ғана күлкі жұқты.
Мізбақпай нығыз тұрғанына қарағанда Жақияның арқа сүйер біреуі бар сыңайлы. Жаңағы сөзді
өзінің кəрінен құтылу үшін жандалбасалап айта салғанын Мұса дəл осы сəт біле қойған жоқ.
Оның сөзін “біз де жерде жатқан жоқпыз, жатып жан бермеймін” дегені деп түсінді.
– Ол оңай жау емес. Біріншіден ең сенімді адамдарының бірі. Сəруаров дегенді естіп пе едің?
Жақия бас шайқады. Ректордың жаңағы сөзі қақ маңдайдан шоқпармен ұрғандай əсер етті.
Мұсаның айтқан адамы өзі білетін Сəруаров екенін ұға тұра абыройын төгіп алмас үшін іштей
тіксінгенмен хат сыртынан жұдырық түйіп, дөңайбат танытты.
– Кімнің сенімді адамы болса да Совет үкіметінің заңынан күшті емес шығар, Мұсеке. Біз
ешкімге қиянат жасаған жоқпыз. Қуатов секілді үкіметке қарсы адамдар педагогтық қызметпен
айналыса алмайды.
Мұса құптағандай бас шұлғып отыр. Жақияның мына мінезі оған жақты. Бұрын қысылтаяңда
жеме-жемге келгенде бас амандығын ойлап, тайқып шығып, ұстатпай кететін тайғанақ адам деп
бағалайтын. Бүгінгісі тосын батылдық. Ректор оның осы батылдығының себебін біле алмай таң.
Аяғанның ісінің тым созылып кеткенінен күдіктеніп, көңіліне қара шауып, мазасызданып
жүрген. Ол бала бұлардың көп сырын біледі. Соңына түсіп, əр басқан адымын аңдып жүрген
дұшпандарымен бірігіп кетсе істің немен аяқталары бір аллаға аян. Қуатовты о баста шапқа
түртіп шамдандырмай, арқадан қағып, алдай салу керек еді. Ұстасқан соң былқылдамай одан
біржола құтылғандары жөн болар еді ғой. Əңгіме үлкен үйге де жеткен сияқты.
Орталық комитеттің бөлім меңгерушісі телефон соғып, Аяған Қуатов пен Алдияр Ақпанұлының
қал-жағдайы туралы əңгіме бастағанда абайсызда аранға құлаған арландай күйге ұшыраған.
Бірақ Сəруаров қазымырланып қазбаламай алыстан орағытып, Алдияр Ақпанұлының еңбектерін
тілге тиек етіп, ауырып қалғанына қиналып, қынжылыс білдірді. Екеуінің арасында бір
дəнекердің барын Мұса ұқты, бірақ дəл сол сəтте анық-қанығына жете алмады.
– Аузына келгенді ойланбай айта салатын ашықауыз қазақтар көп қой, Мұсеке,– деп күлді
Сəруаров Аяғанның шаруасы туралы əңгіме бастап. – Оларды Москва, Ленинград сияқты үлкен
қалалардағы диссденттермен шатастыруға болмайды. Біреу ішіп отырып артық сөйлеп қояды.
Екінші біреу қызбалықпен айтады. Солай емес пе, Мұсеке?
Мұса іштей қарсы бола тұра қолдан шығып келді. Аяғанның Мемлекеттік қауіпсіздік
комитетінің тергеу бөлімінде жатқанын теріс деді. Өзінің бұл іске мүлдем қатысы жоқ екенін
айтып үлгерді.
– Сізбен пікірімнің бір жерден шыққанына қуаныштымын. Сау болыңыз.
Сəруаровтың даусында жолыма тұрғанды таптап кетемін дегендей нық сенім бар еді. Трубканы
орнына қойғаннан кейін мең-зең болып, түсініксіз күйге түскен. Халықтың аузына ілініп,
республика басшысының ең сенімді адамы деп танылған жас перінің күтпеген жерден телефон
соғып, Алдияр мен Аяғанның тағдырына байланысты əңгіме қозғауы, ойын ашық айтпай
алыстан орағытып, жұмбақтай сөйлеуі сенгенінен сүйенгені мықты Мұса Байларовты əжептəуір
абыржытқан еді. Сенімді адамдарымен ақылдасқаннан кейін көңілі орнына түскен.
– Қуатовтың ісі өзіміздің адамдардың қолында. Жұмыс жүріп жатыр,– деді Жақия ректордың
бетіндегі аумағы кішірейе бастаған қызылға сəп сала қарап тұрып.
– Артық қыламын деп тыртық қылып жүрмеңдер,– деп күрсінді Мұса. – Заман өзгеріп барады.
Біреуді біреу аяйын деп жүрген жоқ. Мына шу басылғанша сақ болайық. Қазақстанға үлкен
комиссия келеді деген сөз бар. Алдияр қарап жатыр дейсің бе?! Қарауылға ілігіп кетіп
жүрмейік.
– Іліге қоймаспыз,– деп Жақия жымсия жымиды.
– “Сақтансаң сақтаймын” дегенді ұмытпайық. Аяған Қуатов түрмеде жатса да қауіпті. Ал
Алдияр Ақпанұлы орнынан тұра алмай жатып та берілмейді. Жау берілмесе...


– Ұқтым ойыңызды, Мұсеке,– деді Жақия оның сөзін бөліп. Мұса жымиып күліп, оның жүзіне
көз тоқтатып қарады. Мұның аузынан не шықса да қалт еткізбей орындайтын сыңайлы.
– Айтпақшы, Қуатовтың шаруасымен айналысып жүрген кім?
– Сіз оны білесіз. Анау жылы осында істеген. Кандидаттық диссертациясын қорғай алмай
кеткен.
– Фамилиясы кім еді?
– Мақсұт Сарыбаев.
– Ə-ə... Солай де... Білемін ғой оны. Ол жігітті осы Ақпанұлының тобы құлатқан.
– Оның Алдиярды да, Аяғанды да атарға оғы жоқ. Ол аямайды да, аянбайды да...
Мұса Байларов аяғын санап басып терезенің алдына барып, сыртқа қарап тұрды. Ректордың
мінезін білетін Жақия əңгімесін əрі өрбітпей тілін тістей қойды. Арқасын беріп тұрған Мұсаға
ызалы көзбен қараған Жақия тістеніп, қабақ шытты. Күні кеше ағалап алдын кесіп өтпейтін
Мұса бүгін міне, мұны менсінбейді. Сызданып əрең сөйлеседі, амалы жоқ, тағдыры соның
қолында. Жасы үлкен бола тұра күні үшін жалбақтауға, жағымпаздануға, жек көрсе де марапат
сөз айтып, мақтауға міндетті. Қылдан тайса Мұсаның кəріне ілігеді. Оның сыры мəлім,
кектескен адамын аямайтынын баяғыдан біледі. Басқаны былай қойғанда, азуын айға білеген
арыстандай Алдияр Ақпанұлын шалқасынан түсірді. Тіпті жағаласуға шамасын келтірмеді.
Алдиярдай атақты ғалымның жанында Жақия кім, тəйірі?! Мұса Байларовтың бір сілкігенінен
қалмай қалпақтай ұшады. Оның қолында үкімет берген күш бар. Тамыр-таныс, жолдас-
жорасында есеп жоқ. Мұның қолына Мұсанікіндей мүмкіндік берсе мықтымын деген кез келген
марқасқаны сындыру, қайтып тұрмастай етіп құлату сөз болып па, тəйірі.
“Анау орындықта мен отырсам мынау иіліп кіріп, бүгіліп шығар еді. Алдымда құрдай жорғалар
еді. Баяғыда “аға” деуші еді. Тəубасын тез ұмытып кетті иттің күшігі”.
Жақия ақырын ғана күрсінді. Осы кезде арқасын беріп тұрған Мұса шұғыл бұрылып, оның
бетіне жалт қарады. Ойын ректор оқып қойғандай Жақияның екі беті қалақай шаққандай
дуылдай жөнелді. Ректорына тура қарауға жүзі шыдамай екі көзін алып қашып, берекесі кетті.
Мұса бір сырдың ұшығын ұстады ма, көз алмай ұзақ қарағанмен үндемеді.
– Бүгін кешегі тəсілмен əрекет жасауға болмайды, Жəке,– деді Мұса орнына отырып жатып,–
Үкімет басшысы өзгерді. Тəртіп күшейді. Бір уақыттың төліміз. Тезірек өзгеруіміз керек.
– Түсінемін ғой, Мұсеке...
– Түсінсең сол, ескі тəсілді өзгерт. Тікелей шабуылға көш. Жеңсең олжалысың, жеңілсең өз
сорыңнан көр. Солай, Жəке. Мемлекеттің жаңа басшысының жүргізіп отырған саясаты осындай.
– Мұса орнынан тұрып, аяңдап Жақияның қыр желкесіне келіп тоқтады. Басын көтермей,
мойнын ішіне алып, қимылсыз отырған Жақияның екі жауырынының арасы шымырлады. Оны
сынағысы келгендей Мұса біраз уақыт қимыл-қыбырсыз тұрды. Жақия ақырын ғана күрсінді. –
“Ең жақсы қорғаныс шабуыл” деген даналық сөз. Алдияр əлі күшті. Ол жеңілгенін мойындаса
қарсыласқанын қояр еді. Ол əлі сынбапты. Ондайлар кеудесінен жаны шыққанша
қарсыласқанын қоймайды. Ол қауіпті, Жəке. Оның соңында Сəруаров тұр. Сəруаров! Жадыңа
жаттап ал.
– Алдиярдың қанша өмірі қалды дейсіз.
Ондайлар бір сағаттық өмірі қалса да қарап жатпайды. Сілтеген жұдырығы қапыда қатты тиіп
жүрмесін,– деп жымиды Мұса столына қарай беттеп бара жатып.– Төңірегіне біраз əскер жинап
алған көрінеді ғой ол.
– Иə, солай дейді. – Жақия кінəлі адамдай көзін жыпылықтатып, ректорға жасқана қарады. –
Қуатовтың бала-шағасын кіргізіп алыпты. Қуатовтың жыртысын жыртып жүрген қаңғыбастар
сол үйге жиналады екен. Ішінде ес болар біреуі жоқ. Бəрі жалаңаяқ, мелкий сошкалар, Мұсеке.
Оның сөзін бөлмей тыңдағанмен Мұсаның ойы басқада еді. Жақия айтқан əңгімені ол


Алдиярдың соңына салып қойған адамынан əлдеқашан естіген. Ол үйге келіп-кетіп жүретіндер
туралы толық мағлұмат алған, Асылхан есімді жігіттің кісі қолынан қаза тапқанын да білетін.
Деканның соның барлығын жаңалық ретінде айтып отырғанына қыжырданы қайнады. “Өзің де
солардан алыс ұзап кете қойған жоқсың-ау бейшара. Мелкий сошканың нағыз өзі сен
шығарсың” деп ойлады.
– Олардың қолынан шуылдағаннан басқа түк келмейді, Мұсеке. Барлығы оқуға түсе алмай
қалып, қаңғырып жүрген бозөкпелер.
– Иə, олар тобыр,– деді оны құптағандай бас шұлғып. – Шулап-шулап қояды. Бірақ олардың
артында Алдияр сияқты дем берушісі, ақылшысы бар ғой. Ол орнынан тұра алмай тұралап
жатып та екеумізді сүріндіре алады. Оның қаламы жүйрік, Жəке. Заман өзгеріп кетті. Аман
қаламын десеңіз Алдиярдан құтылу керек алдымен. Солай, Жə-ке-е...
“Дұрыс айтасыз” дегендей Жақия жымсия жымиып, жарамсақтана бас шұлғыды. Оның дəл осы
қылығы Мұсаға мүлде ұнамайды. Мұның пайымдауынша, бұл қара басының пайдасын ойлап,
көз алдау үшін ғана бас шұлғитын адамның əдеті. Ондай бақай есепке жығылып үйренген пенде
өліп бара жатса да тəуекелге бармайды, бас шұлғып отырып алдыға өзіңді салып қояды.
Сырт көзге алаңғасарлау, аңқаулау болып көрінуге тырысатын Жақияның ішінде ит өліп
жататынын Мұса алғашқы əлетте білген жоқ-ты. “Ағалап” бар сырын ақтарып айтып жүрген
адамының кім екенін кейін түсінді. Бұл ректор болып бекіген соң да “ағалығын” ұмыта алмай,
кішіреймеуге амалы қалмай біраз бұлталақтаған. Сыпайылап айтқанын шала тыңдап, жас
бастығын өтірік күлкісімен алдап, реті келгенде жарамсақтанып, жанашырсып қолтығына кірді.
Жылмиып күліп жүріп биліктің тізгініне жармасты. “Мұса менің ырқымнан шыға қоймас” деп
ойлаған. Жас та болса əккіленіп, əдіс алып қалған “ректор бала” ағасының пиғылын таныды.
Өмір бойы орындаушы болып жүрген адамдардың психологиясын жақсы білетін Мұса араға
уақыт салып барып қарауындағылармен басқаша сөйлесе бастаған. Əдепкіде өзімсініп еркін
кіретін Жақия секілді біраз адам көп ұзамай тауы шағылып, тауаны қайтып қалған. Өздері
білетін бала Мұсаның сүйенішінің аса мықты екенін білгеннен кейін олар бұрынғы ректорға
қалай қызмет жасаса жас басшыға дəл солай жалпаңдауға кіріскен. Солардың ең алдында иіліп-
бүгіліп Жақия жүрді. Күні кеше бір факультеттің аспанын жалғыз өзі көтеріп жүргендей
шіренетін Жақия бүгін, міне, пешка. Бұл ферз. Жақия сияқты толық жатқан пешкаларды көзге
ілмейді. Жынына тисе қағады да тастайды.
“Бұлар – құл. Бұйыр, тапсыр! Кеудесінен шыбын жаны шығып кеткенше тыпырлайды.
Тапсырманы орындайды. Орындай алмаса өзіне сын”.
Мұса əнтек езу тартып, деканның бетіне қарады. Моп-момақан болып отырған Жақияның
ішінде ит өліп жатқанын сезеді. Мұндайлар ештеңеден қайтпайды. Өмір сүру мына заманда
оңай емес. Жақсы өмір сүру, дүние-мұхиттың бал шəрбатын қалауыңша қанып ішіп, уайым-
қайғысыз өмір сүру тіпті қиын. Өзінің қабілетіне, мүмкіндігіне сенбейтін пенде көп қатарлы
тіршілік ету үшін орындаушылық кəсіпке бейімделеді, бастықтардың айтқанын қалт еткізбей
орындайтын құлдық психологияға басын байлап береді. Осы арқылы олар өле-өлгенше
шекелеріне тағдырдың таяғын тигізбей, шалқып жүріп өмір сүреді. Қоғам өзгеріп, басшы
ауысар. Орындаушы – қарақұлдарға бəрібір, олар өзгермейді...
– Бұл іске Сəруаров кірісіп кетсе жағдайымыз қиын. Сондықтан оған мұндай мүмкіндік бермеу
керек. Алдиярдың ұлын ЛТП-ға жіберу қате болған, Жəке.
– Қолымыздан келмеді,– деп Жақиы мүлəйімсіп, жасқана сөйледі.
– Ол тұз көзір еді ғой,– деп ректор қабақ шытты. Деканға тесіле қарап, бір сəт үнсіз тынды.
Бастығының өзіне қандай пиғылмен тесілгенін білгісі келіп, ол да имене тұра Мұсаға тік
қарады. Екеуінің көзі тоқайласты, сол сол-ақ екен ректордың жанарынрдағы зəр жасып, ызғар
қайтты. Мұсаның жүзі жылып, екі көзіне болар болмас қана мейірім ұялаған сияқты.


– Шабуыл жасау керек. Шабуыл! “Егер жау берілмесе оны құртар болар” дегенді кім айтқан? –
деп ректор деканға күле қарады. Ол əлгі сөздің авторын есіне түсіре алмады. – Кім айтса да
ақылды адам екен. Сол кісінің принципін ұстау керек. Істі тезірек бітірмесек өзімізге қауіп.
– Түсінікті, Мұсеке,– деді Жақия папкасынан бір жапырақ қағаз алып. – Аяған Қуатовты қорғап,
Орталық комитетке хат жазған студенттермен жеке-жеке сөйлестім. Əрқайсысынан қолхат
алдым. Екеуі көнбей жұртты дүрліктіріп еді, ішіп жүргенде ұсталды. Студсоветте екеуінің
мəселесі қаралған. Мынау протокол... Мынау қағаз...
– Жақсы, түсіндім,– деді ректор оның сөзін бөліп. – Қағаздарын дайындаңыз. Оларға сол керек.
– Қағаздары дайын.
Жақия жымсия езу тартты, Мұсаның езуіне де күлкі ұялады. Бұл бір-бірімізді жақсы түсіндік
деген белгісі еді.
– Уақыт тар. Саған он күн мұрсат беремін.
– Құп,– деді Жақия бас иіп, орнынан тұрды. – Айтқаныңыз бізге заң, Мұсеке.


28
Қуандық Сəруаров дегеннің кім екенін Əсем қайдан білсін. Əдепкіде Алдияр Ақпанұлының көп
танысының бірі шығар деп ойлаған. Үйдің адресін сұрағанда көңіліне күдік шауып, не дерін
білмей тосылған. Əлгі адамның Орталық партия комитетінің қызметкері екенін білген соң ғана
жөнін айтты.
– Ата, Қуандық Сəруаров деген біреу кіріп шығамын дейді. ЦК-да істейтін көрінеді,– деді
шалдың бөлмесіне ентігіп жеткен келіншек абыржып. Ой құшағында отырған Алдекең жұмулы
көзін кең ашып алып, Əсемнің жүзіне таңырқай қарады. Қорыққаны ма, жоқ əлде қуанғаны ма,
келіншек екі иығынан дем алып, ентігіп тұр.
– Біздің дауысымыз құдайдың құлағына жеткен екен,– деді профессор қуана дауыстап. – Əлде
Қуат қарияның арызы Қонаевтың қолына тиіп, Сəруаровтың сол кісі жұмсады ма екен?!
– Қонаев көкемнен айналайын! Қонаев – пайғамбар ғой, ата. Өмір жасы ұзақ болсын!
– Сəруаров!.. Ол жігітті жұрт жақсы атайды. Комсомолдан өскендер шалағайлау болушы еді.
Мынау да солардай болып жүрмесе...
– Құдайдан айналайын! Сонан соң Қонаевтай айналайын! Солардың жолында жаным құрбан,
ата. Аяғанымды жаладан арашалап, жаманат жұқтырмай құтқарып берсе екен,– деп Əсем егіліп
жылап, көз жасын сығып-сығып алды. Сонан соң үлкен қонақтың əне-міне дегенше келіп
қаларын ойлады ма, асып-сасып ас үйге жүгірді. Сасқалақтағанда адам ісін неден бастарын
білмей далбасалайды ғой, Əсем де дəл сондай күйге түсті. Газ жақты. Оны қайта өшірді. Қазанға
су құйып, қайта төкті. Біраздан кейін ес жиып, өзіне-өзі келген соң сыйлы қонағына арнап
қазанға ет салды, жүгіріп жүріп дастархан дайындап, шай демдеді. Сəруаров та көп күттірген
жоқ. Орта бойлы, қаршыға бітімді жас жігіт босағадан аттай бере:
– Ассалаумағалейкөм! – деп дауыстап сəлем берді. Сасқалақтаған Əсем не дерін білмей
қонағына қолын ұсынды. Кісіге күле қарайтын жылы жүзді жігіт екен. Келіншектің қолын
ықыластана қысып, жымиып күлді. Үлкен үйден келген қонағына су-су қолын бергеніне
қысылған Əсемнің екі беті дуылдап, екі құлағына дейін қызарды.
– Кешіріңіз! – деді келіншек қолын артына жасырып.
– Оқасы жоқ,– деп қонақ жігіт жылы жымиды. Киімін шешіп ілді. – Қал-жағдайларыңыз қалай?
– Жақсы ғой, жақсы... Алдияр ата мына бөлмеде...
Шашы да, қасы да аппақ болып таза ағарған шүкімай шалды көшеде көрсе мүлде танымас еді.
Бір кездерде қараса көз тоятын көркем кісі болатын. Уақыт өз дегенін істепті, əбден арып, қу
сүйегі ғана қалыпты, өлеусіреген көзінде жылт жоқ.
“Ассалаумағалейкөм” деп келіп қолын алған бейтаныс жас жігітке қадалып тік қарады.
Жанарында сес бар екен. Ауру меңдеп, қу тірліктің зіл салмағынан əбден қажыған адамға мүлед
ұқсамайды. Қуандық жақындап келгенде барып байқады, əділдігі кем өмірден қанша қиянат
көрсе де Алдияр Ақпанұлы сынбапты, ол қонағына орнына тұра алмай жатса да беріспейтін
кісінің сыңайын танытты. “Мені мүсіркеудің қажеті жоқ” дегендей қабағын ашпады. Осыны
сезген Қуандық ерқашты əңгімеге алданбай əңгімесін басқа арнаға бұрды; жалпақтап, өтірік-
шыны аралас көңіл жұбатар сөз айта бастаса қыңыр шалдың кəріне ұшырары күмəнсіз еді.
– Сізді сыртыңыздан жақсы білеміз ғой. Тарих факультетінде оқымағанмен есіміңізге де,
еңбектеріңізге де ертеден қанықпын. Халқымыздың өткен өміріне Сіздің арқаңызда ақиқаттың
көзімен қарауға үйрендік. Сол үшін сізге əр сəт сайын алғыс айтып, жақсылық тілеп отырамыз,
ақсақал.
Қонағын дұрыстап танып алғысы келді ме, жоқ əлде, ниет-пиғылын білуге ынталы ма, Алдекең
кірпік қақпай тесіле қарап отыр. Жігіттің мадақ сөзіне еш рай бермеді. Қабағының қыртысы


жазылмағандықтан ба, Қуандыққа оның түсі суық болып көрінді. Көңілі жарым, наласы батпан
кісінің жағдайы белгілі. Мансабы бар адам көрсе қабағы тырысып, қырсығып қалатын талай
қисық мінезді адамның кедергісіне сүрінбеген Қуандық бұл жолы да тосылып тоқтаған жоқ.
Шамына тиер сөз айтып, шалды шамдандырып алмауға тырысты. Басына іс түссе де, сəтсіздікек
ұшыраса да үкіметтен көретін, сөйтіп əпсəтте оппозиционер болып шыға келетін, жағдайы
түзелсе басқаша сайрайтын сауысқан пиғылды адамдардың тобына қарай итере салуға өзі
құдайдай көріп, құлай сыйлайтын ғалымды қимады.
Профессордың екі көзі кісінің өңменінен өтердей суық екен. “Жылты қашқан көздің бəрі
осындай суық болатын шығар” деп ойлады жігіт. Жайсыз əсердің шылауынан шыға алмай
тұрып, əнтек жымиып, сөзін сабақтады.
– “Өкінішке орай, тарих оқулығы заманның мінезіне байланысты, мемлекет басындағы адамның
талабы бойынша əр дəуірде жаңарып отырады” деген сөзіңіз есімде. Осы тақылеттес пікірді
қоғамдық ғылымдар академиясында оқып жүргенде əйгілі академиктің аузынан естідім. “Əр
халықтың тағдырын, тарихын сол елдің перзенттері жазады да, оны əр дəуірдің қожайындары өз
елегінен өткізеді. Ал ұлы Шындықтар електен өтпей қалады” дейтін ол кісі. Сөздеріңіз
мазмұндас.
Алдияр Ақпанұлына жігіттің айтқаны жақты, білем, ептеп езу тартты, қабағының қыртысы
жазылып, жүзіндегі сұс ізім-қайым жоғалды.
“Жұрт білмей сөйлемейді, мынау жөн білетін жігіт сияқты. Үлкен қызметте жүргендер кісімсіп,
кіділеніп кісіні шаршатып жіберуші еді. Барған жерінде тас мүсіндей болып ыздиып отыратын,
əлдекім ақиқатты айтып, еркін сөйлей бастаса шыр-пыр болып, шоқ басып алғандай секірер еді.
Мынаның сорты басқа” деп ойлады профессор.
– Мəскеу ол академиктің соңынан ит қосып қумай, қалай ғана сайраңдатып қойды екен ə,– деп
шал мырс күлді.
Орыстар барының бағасын білетін, өзін-өзі сыйлай алатын іргелі ел ғой. Өмір бойы Кеңес
үкіметіне қарсы болып өткен Иван Буниннің толық шығармалар жинағын шығарып алды.
Басқаларына да ұмытқан жоқ.
Басқаның қолына қарап, бөтеннің аузын баққан ел жасқаншақ, жасық келеді, шырағым.
Барының бағасын біле тұра нарқын көтере алмайды. Өйткені ол – құл. Құдықтың қамытын
киген марқасқа айтқаны келіп, атқаны жетіп тұрған бөтенге жаутаңдайды. Бұл елдің басында
еркі болса Мағжандар елу жылдан бері қапаста қамалып жатар ма еді?! Құдай-ау сол Мағжанда
Кеңес үкіметіне қарсы жазылған бір өлең жоқ. Е-е, несін айта берейін-ай... Өзін-өзі қорғай
алмай қор болған жарымжан пенденің сөзі кімге дəрі, тəйірі?!
Уақыттан əділ, уақыттан күшті ешкім жоқ, ақсақал. Оны асықтыруға болмайды. Мағжан, Ахмет,
Жүсіпбек ағаларымыз туралы да аз айтылып жатқан жоқ. Бəрін бүлдіретін өзіміз. Іс дұрыс
шешімін табар кезде бұрқыратып арыз жазамыз. Сөйтіп біткелі тұрған мəселе оп-оңай
бүлінеді,– деп Қуандық қынжыла қабақ шытты. Көзіндегі өшпейтұғын күлкі лып сөніп,
өкпелеген баладай аузын бұртитты. – Арыз жазатындардың аты-жөнін айтсам сенбес едіңіз.
Алғашқы кезде мен де сенгенім жоқ. Халықтың арқасында атақ алып, абыройға бөленген
адамдардың қара басының қамы, қадыры үшін бір ұлтты қиналай орға итеріп кете беретінін
білгенде шалқамнан түсе жаздағанмын. Он екі жасымда əкемнен айрылғанда осынау дүниеде
еш мəн қалмағандай, жарық жалғаннан біржола түңілгенім есімде. Екінші рет өзім құдайдай
көріп, құлай беріліп жүрген ағамның Мəскеуге жазғанарызын оқығанда сондай күйге түскенмін.
Жеке адаммен кектесуге, кетісуге болатын шығар. Ал бүкіл бір ұлтқа қиянат жасауға, топырақ
шашуға бола ма, ақсақал? Бұл шектен шыққан қаныпезердің қылығы ғой, ақсақал-ау...
Орталық комитеттің бөлімін басқарған адамдардың талайын біледі. Мынау солардың біреуіне
ұқсамайды. Өзі білетін мансапты балдақ қылған тасмаңдайлар шені төмен кісінің алдында


кісілік көрсетіп, ыңыранып əрең сөйлейтін немесе ащы сөзді ыржаң күлкі, дəмсіз-татусыз əзіл-
қалжыңмен жуасытып, иə болмаса бұтына жіберіп қойған баладай көзі бақырайып тілі
байланып отыратын. Мынау еркін, батыл. “Ертеңгі күнім не болады-ау” деп əр сөзін салмақтап,
бір шұқып, екі қарап қорқақтап отырған жоқ, пікірі ашық. Халқына жаны ашитындығы көрініп
тұр. Билік осындай жігіттердің қолына тимейінше мына жұрттың соры арылмайтындығын
Алдекең баяғыда-ау бағамдаған. Үлкен орындарда отырған тасмаңдай жаппарқұлдардың алдына
талай рет барып, оп-оңай шешілетін мəселесі қиындап, ақыры су аяғы құрдымға кетіп, меселі
қайтып, сан мəрте тауы шағылған. Əлгі шіркіндер сол орында халыққа қызмет ету үшін емес,
абайсызда пəле-жалаға ұрынып қалмай, қара басының қамын күйттеу үшін отырғандай
сезінетін. Кеңес үкіметінің тəртібіне деген наразылығы сол тасмаңдай жаппарқұлдарға деген
қарсылықтан, жеккөрушіліктен басталды. Тағдыры талқыға түсіп, мұның бағын қызғанған бір
топ сары ізіне шөп тастап, себепсіз сергелдеңге салғанда жоғарыда отырған жаппарқұлдар
мəселенің байыбына бармай-ақ айқайға аттан қосты. “Осы бейшара халқымыздың ұлы
шындығын айтты-ау, сол үшін қанатымыздың астына алып қорғайық, қолдайық. Болашақтан ұят
болмасын, ұрпағымыздың қарғысына ұшырамайық” демеді. Өздеріне шаң жұқпас үшін
Кенесары туралы ақиқатты айтқан мұның соңына ит қосып қуды. Жаппарқұлдарды бір
халықтың тарихы да, тағдыры да ойландырмайтынын сонда көріп, қарадай түңілген. “Бір халық
түп-тұқиянымен жоғалып кетсе де оларға бəрібір шығар” деген ойға келген. Олар үшін
партиядан қасиетті ұғым жоқ еді. Ол бейшаралар партияның атса оғы, шапса қылышы болып
тірлік кешті. Соларды аяйды осы күні.
Алдияр Ақпанұлы қарсы алдында отырған жігітке көз тоқтатып ұзағырақ қарады. Қуандық қарт
профессордың ниетін танығандай əнтек езу тартты.
“Егер сол тасмаңдайлардың орнында мына жігіт отырса маған көмектесер ме еді?”
Алдекең ойланып қалды. Қылышынан қан тамған қиын заманда басқа үшін басын бəске тігіп,
тəуекел жасаған азаматтардың талайын білетін. Олар сол үшін нақақ күйді. Біразы қайтып
келді, кейбіреуініһң басын жала жалмады.
“Тым ақылды жігіт сияқты. Əй, қайдам, Кенекем үшін бұл жігіт те тəуекелге бара қоймас. Өз
басының қадырын білетін ақылды адам бөтен үшін отқа түсуші ме еді, тəйірі”.
Профессор қабақ шытып, ақырын ғана күрсінді. Шалдың ойын оқып отырғандай Қуандық
əңгімені Кенесары тақырыбына бұрды. Құдайдай табынатын ардақты адамының аты аталғанда
профессор көзін кең ашып алды.
– Кенесары Қасымұлы туралы еңбегіңізді бірнеше қайтара оқыдым. Сол бір еңбегіңіз үішн ғана
халқыңыз сізід төбесіне көтеріп, ардақтап жүруге тиіс. Рахмет Сізге!..
– Ра-а-х-мет! – деді ол қарлығыңқы дауыспен. Көңілі босап, иегі кемсеңдеді. Үлкен қызметтегі
адамның аузынан мұндай мадақ сөз естімепті өмірі. Шындық лауазымды адамның аузымен
айтылса мүлде басқаша əсер етеді екен. Шал пенделік осалдығын тез түсінді. Қандай қиын
жағдайда да еркін билей білетін Алдияр бойын жинап алды.
– Жə, шырағым,– деді қабақ шытып. – Мəмпəзиіңмен басқаларды алда. Маған мадақ емес,
көмегің керек. Айтатын арызым бар. Құлақ салып тыңда.
Алдияр Ақпанұлының əріден қозғап айтқан əңгімесін мұқият тыңдаған Қуандық біраз сырға
қанықты. Профессордың Мұса Байларов туралы айтқанына сенер-сенбесін білмей біраз
тосылды. Онымен аралас-құраластығы болмағанмен сырттай білетін, жүріс-тұрысына, сөзіне
қарап, өте орнықты, есті жігіт деп ойлайтын. Басқалардан Мұса туралы теріс пікір естіген емес,
жақсы білетіндер “өте мəдениетті, ақылды жігіт” деп мақтайтын. Ұмытпаса, үлкен кісі де ол
туралы жылы лебіз білдірген.
Жұрт мақтаған азаматтың бір халықтың абыройына айналған адамға жасаған қиянатына сене
алмай екі ұдай күйге түсті. Екі адамның арасындағы пенделік қақтығыстардан басталған


кикілжіңнің бітімге келмес жаулыққа айналарын Қуандық жақсы біле тұра Мұсаның басқа
емес, туған халқы үшін отқа түскен Алдияр Ақпанұлындай ұлы азаматқа істеген қиянатын
мүлде қабылдай алмады. Мұның бақталастықтың ғана нəтжесі еместігін іші сезеді. Бұл
айқастың негізінде басқа бір жұмбақ сырдың бар екенін Қуандық көңілмен болжады.
Алдияр Ақпанұлы ректордан емес, соның сөзін сөйлеп тұрған заманнан жеңілген. Ұстазына ара
түсіп, шыбын жаны шырылдаған Аяған Қуаов та күштінің сойылын соғатын қатыгез уақыттың
құрбаны. Уақыттың жағасына жармасқан пенде əлін білмей айға шауып, əлекке түскен
арыстанның кебін киеді. Солай екен деп əрекетсіз қарап жатуға жəне болмайды.
Қуандық Сəруаровтың ойы онға, санасы санға бөлінді. Тізгін Мəскеудің қолында екенін біле
тұра барлық мəселені Орталық партия комитетінің бөлім меңгерушісі шешіп тастайтындай
ұсақ-түйекке дейін теріп, тəптіштеп айтып отырған шалды іштей аяды. Аппақ шашы селдіреп-ақ
қалыпты. Екі жағы суалып, көздері шүңірейіп, ішіне кіріп кеткен. Көгеріп білеуленген мойын
тамыры бүлк-бүлк соғады. Терісі де əбден жұқарған. Ауру əлсіреткен тəрізді, шал ұзақ сөйлей
алмай, əлсін-əлсін шаршап қала береді.
– Қуат қарияның арызын Димекеңе жеткіздім. Ол кісі қолын қойып, Мемлекеттік қауіпсіздік
комитетінің төрағасына жіберді.
– Рахмет, шырағым! Димекең араласса іс оңға басты де...
– Білмеймін, ақсақал, білмеймін. Қауіпсіздік комитеті Мəскеуге бағынады.
– Қонаевтың жөні бөлек емес пе, шырағым.
– Қазақ үшін солай, ақсақал. Саяси бюроның мүшесі деп мақтануға жақсы.
– Апыр-ау, сонда бұл...
– Иə, ақсақал, заман өзгерді. Мемлекеттің басшысы Андропов қой қазір.
– Иə, түсіндім,– деп күрсінді шал. – КГБ-ға Қонаевтың сөзі өтпеген соң не дейін. Аяғаннан
күдерімізді үземіз бе енді?!
– Уақытты асықтыруға болмайды. Ол мекемеде де ақылы бар жігіттер қызмет істейді. Бір жөні
болар.
– Көмектес, шырағым. Тергеушісін ауыстырсыншы ең болмаса. Қазіргі тергеуші Мақсұт
Сарыбаев деген ежелден жау оған. Қол ұшын бер, шыр-р-а-ғым,– деді профессор жалынышты
үнмен. Жігітке жаудырай қарады. – Аяған Қуатов үлкен ғалым. Оның болашағы зор. Ол
халыққа, мемлекетке керек адам. Аяғанның орнына мені қамасын.
– Шаршап қалдыңыз. Көп сөйлемеңіз. Аяғанға қолымнан келгенше көмектесемін. Ал сіз
Министрлер Кеңесінің ауруханасына жатып емделіңіз. Ертең өздері келіп, алып кетеді,– деп
жігіт орнынан тұрды. – Заманның мінезін сізден артық білмейміз, ақсақал. Мына өзіңіз білетін
ақиқатты айтуға келгемін жоқ. Сəлем берейін деп келдім. Қолымнан келсе көмегімді аямаймын.
Келмесе... маған реніш болмасын.
– Абыройлы бол, шырағым!
Дəлізге шыққан Қуандық жолын тосып тұрған келіншекке қарап:
– Алдияр Ақпанұлын шаршатып алдым-ау деймін. Бір-екі кесе шай берсеңіз дұрыс болар еді,–
деп жымиып күлді.
– Дастархан жайып қойып ем... Өзіңізге арнап қазанға ет салып... Асықпай отырыңыз...
– Рахмет! Нан ауыз тиейін. Тағы да баратын жерім бар еді.
Қуандық дастархан жайылған бөлмеге кіріп нан ауыз тиді де қайта шықты.
– Аяған жаланың құрбаны болды. Түк кінəсі жоқ тегі... Ақиқат іздеймін деп арандап қалды ғой.
Алдияр атамнан басқа сүйеніші жоқ оның. Қонаев көкемнің тілеуін тілеп жүрген жанбыз,– деп
кемсеңдеді келіншек.
– Босамаңыз. “Иттің иесі болса бөрінің тəңірісі болады” дейді атамыз қазақ. Жақсылықта
жолығайық. Аман-есен болыңыздар,– деді Қуандық келіншектің сұп-суық қолын қысып тұрып.


Ол келер күндердің қандай сыбаға сыйлаған білмей көңілдері күдікке күпті болып жүрген
екеудің үмітін тұтатып кетті.


29
“Жақия шақырып жатыр” десе берекесі кетіп, дегбірі қашып, өз-өзінен мазасызданатын дерт
жабысты Алмасқа. Декан осы уақытқа дейін сыр алдырмай, қамқорлық көрсетіп, жанашырлық
жасап жүргенмен күндердің күнінде бұл көтере алмастай ауыр жүкті иығына арта саларын іші
сезеді. Алмақтың салмағы бар. Керек болмай қалған күні лақтырып тастамасына кім кепіл?
Сонда қайтпек керек? Қарап жатып өлмек жоқ. Жақияның көңілін аулай жүріп өз бетінше
харекет жасамаса ойда жоқта омақаса құлауы əбден мүмкін. Өмір – күрес. Айласын асырмаған
адам күші асып тұрса да алысып, астыға түседі.
Жақияға келе жатып Алмас сан қилы ойға берілді. Бір ойдың ұшығын ұстай алмай адасып
тынды ақыры.
Декан оны əдеттегідей жайраңдай күліп, орнынан тұрып қарсы алды. Қолтықтап төрге шығарды.
– Сені көрмесем сағынып қалатын əдет таптым,– деді ол жігітті иығынан қапсыра құшқтап. –
Мұсекең бірінші жатақханының тəртібіне жоғары баға берді. Өзіңді шақырып, жеке сөйлесер.
Ректордың тізіміне ілігу деген үлкен бақыт, бауырым. Жұлдызың жанайын деп тұр.
– Рахмет, аға! – деді жігіт күлмеңдеп. Екі бетіне қан теуіп, жүзі əпсəтте алабұртып шыға келді.
Келінге айтып, қуантып қой,– деп Жақия қарқылдап күлді. Алмас оған күдіктене қарап қойды.
“Бірінші курстың студенткасымен болғанымды біреу сыбырлап қойды ма екен” деген күдік
келді көңіліне. Сағындықтан басқа ешкім білмеуші еді. Тілінен қағынып, сумаңдап жүрген сол
сүмелек шығар. Қыз шағым жасаса бүкіл институт əлдеқашан ду ете қалмай ма. Одан бері де
біраз уақыт өтті.
– Осы сен Алдияр Ақпанұлымен байланыс жасап тұрасың ба? Жағдайы қалай екен? – деп
сұрады декан біраздан кейін жайбарақат қана. Алмас селк етіп, жалт қарады. Жақияның жүзінде
еш өзгеріс жоқ, қарсы алдындағы жігіттің қалт еткен қимылын аңдып отыр. – Аяғанның
отбасының Алдекеңнің үйіне көшіп барғаны дұрыс болған екен. Алдияр Ақпановичтің мұнысы
азаматтық. Шəкіртінің басына іс түскенде оның бала-шағасын қолтығының астына алғаны
кісілік.
Алмас оған көз астымен ұрлана қарап қойды. Аяғанның түрмеге қамалып, бала-шағасының
қиын жағдайда қалғанына шын қиналып отырған сияқты. Оның Алдияр мен Аяғанға деген
пиғылын білетін жігіт ақырын ғана күрсініп, басын басқа жаққа бұрып əкетті.
“Өтірік айтады. Шып-шылғи өтірік...”
Жігіттің не ойлап отырғанын шамалап сезді, білем, бір сəт үнсіз қалған Жақия суық жымиып,
сөзін сабақтады.
Барлығымыз сол кісінің шинелінің астынан шықтық. Алдекеңнің қамқорлығын көрмеген
тарихшы жоқ, бауырым. Ол біздің рухани əкеміз. Ол тарих ғылымындағы патриарх! Қайсы бір
жақсылығын айтып тауысайын ол кісінің. Мұса да, мен де сол кісінің қолында өстік. –
Алмастың жүзіне көз тоқтатып, үн-түнсіз отырды. Өмірден көргені көп, тіршіліктің аяқ астынан
бола салатын небірқұқайына алдырмастай əккіленіп алған айлакер Жақия қарсы алдында аң-таң
қалып, қай сөзіне сенерін білмей аңырайып отырған жігіттің ойын оқыды. – Əлдекімдердің
сөзіне еріп, ол кісі арандап қалды ғой, бауырым. Мұсекеңнің жаулары Алдекеңді шəкірттеріне
айдап салды. Нəтижесін өзің білесің. Біз де, ол кісі де ұтылды. Ұтқан басқалар. Ғылымды мен
ғана жасап жүрмін деу қате түсінік. “Тарих ғылымында менен басқаларға орын жоқ” деп
отырсам сен қайтер едің? Сталиннің культіне қарсы шығу арқылы біз барлық культті жоққа
шығаруға тиіспіз. Адамзат өркениеті үшін ешкімнің беделіне, абырой-атағына қарамауымыз
керек. Дұрыс айттым ба?
Деканның сөзінің шын көңілден айтылғанына сенбей отырса да бас изей салды. Жақияның


қайда алып бара жатқанын біле алмай, басы қатып отыр. Алдияр Ақпанұлы туралы əңгімені
бекер қозғамағанын іші сезеді. Адамның көмейіндегі көмескіні білемін дейтін жігіт осы жолы
сүрінді. Сөзінің ыңғайына қарағанда, мұны профессорға айдап салмақ. Біреу естісе артын ашып
күлер. Алдияр Ақпанұлына қарсы шықса мұныкі пілге үрден қанден күшіктің тірлігі болып
шығады. Жо-жоқ! Бұған профессорға қатысты шаруаны тапсырмайды. Сонда қандай ойы бар?
Əңгімені алыстан орағытып бастауына қарағанда бекер шақырмаған. Ниеті жұмбақ.
– “Платон менің досым, бірақ маған шындық қымбат” демекші, Алдияр Ақпанұлыг барлығымыз
сыйлаймыз. Ол – ұстазымыз. Ал шындық бізге бəрінен де қымбат. Солай емес пе, бауырым.
Алмас үнсіз бас шұлғыды. Жақияның айтып отырғаны шындық. Ғылымды бір адамның
жасамайтындығы дəлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ал Алдияр Ақпанұлы өзінен басқалардың
еңбегін жоққа шығаруға тырысады екен. Шəкірттері ол кісінің пейіліне наразы. Естуінше,
Алдияр Ақпанұлы бүкіл тарих ғылымын жеке өзінің монополиясына айналдырып алуды
көздейтін көрінеді. Осындай себепке байланысты шəкірттері теріс айналған. Ол кісінің
төңірегінде қалғандар орташа ғана қабілеті бар бірен-саран адам. Болашағынан үміт күтуге
болады дегендердің барлығы əлдеқашан Мұса Байларовтың жағына шығып, қарт профессорға
айбат шеге бастаған. Алдекеңнің жанында Аяғаннан басқа іске жарамды кім қалды? Оның
жағдайы анау, шырғалаңның немен аяқталары бір құдайға ғана аян.
Біраз уақыт Аяғанның шашбауын көтеріп, соның ықпалында жүргеніне осы сəт өкінді.
Басқалардың аузынан шыға қоймайтын батыл сөздеріне ұйып, соңына ерді. Аяғанды сыйлау
арқылы аты алты алашқа аян профессор Алдияр Ақпанұлына табынатын əдет тапты. Аяғын
санап басып, аяңдап келе жатқан ақ басты профессорды көргенде құдай тіріліп келгендей одан
көз алмай сілейіп тұрып қалатын. Ол кісі жоғарғы курстарға дəріс оқушы еді. Ақпанұлына əне-
міне жетеміз деп жүргенде ол дертке шалдығып, төсек тартып, жатып қалған.
– Толып жатқан кемшіліктеріне қарамастан біз ол кісіні ұмыта алмаймыз. Атам қазақта “таспен
ұрғанды аспен ұр” деген мақал бар. Біз Алдекеңе қамқорлық жасауға тиіспіз.
Алмастың іші жылып қалды. Бұрын оған Аяғанның көзімен қаратйын, Жақияны көргенде
жақтырмай қабағы тыржиятын.
Ол басқалар ғайбаттайтындай көр көңіл адамға мүлде ұқсамайды. Пасық пиғылды біреу болса
өзінің соңына шам алып түскен адамға жақсылық жасауға тырыспас еді. Басына қиын іс
түскенде пенде баласына қамқор қолын беру – тірінің парызы. Ниеті һарам, адамгершіліктен
жұрдай болған пенде ғана құлап жатқан кісіні басқа теуіп кете берер, ал арын жоғалтпаған жан
қас дұшпанын да өлімге қимас.
– Сені шақырған себебім,– деді жігіттен көз алмай отырған Жақия, орнынан тұрып келіп,
Алмастың иығына қолын қойды. – Алдекең жайын ақылдасу керек. Ол көптен бері төсек тартып
жатыр. Аз ғана пенсия алады. Оның үстіне Қуатовтың бала-шағасы сол кісінің қолына қарап
отыр екен.
– Əсем де жұмыс істемейді.
– Əне, айтып отырмын ғой. Алдекеңе қандай көмек жасай аламыз? – Жақия жігітке қарады.
Алмас көзін жыпылықтатып, ойланып қалды. Айтатын сөзі дайын тұрғанмен көстеңдеп
үлкеннің алдына түсіп, көсемсіп үйренбеген ол сабыр сақтады. – Алдымен шалдың үйіне барып,
жағдайын білу шарт. Сонан соң тағы ойласармыз. ЛТП-дағы баласын кері қайтару керек. Ол
қиын кезде əкесінің жанында болуға тиіс. Солай емес пе?
– Иə, аға, дұрыс айтасыз.
– Олай болса ұрыста тұрыс жоқ. Алдияр Ақпановичтің үйіне барып, жағдайын біліп қайт. Бес-он
сом ақша берсең де болады.
Қалтасынан жиыра сом шығарып, Алмастың қолына ұстатты да, қолтықтап шығар есікке қарай
жүрді. Алдияр Ақпанұлының үйіне баруға қарсы бола тұра ойын ашық айтуға қаймықты. Жақия


Хадиша екеуінің арасындағы тарихты білетін секілді болып көрінді. Сол себепті де аузын аша
алмады. Алмас осы сəт өзін байқаусызда торға түсіп қалғандай торғайдай сезінді.
Сіркесі су көтермей аудиторияға келген Алмасты курстастары шұрқырап қарсы алды.
– Ерік пен Қанатты оқудан шығарып жіберіпті.
– Сен не қарап жүрсің?
– Барлығымыз ректорға арыз жазамыз.
– Осының барлығына сен кінəлісің.
– Менің қатысым жоқ,– деп міңгірледі Алмас басын көтермеген күйі. – Мен ештеңе білмеймін.
– Жігіттер! Біз достарымыз үшін күресеміз. Барлығымыз лекциядан кетіп қалайық. Тобымызбен
Оқу министріне барайық.
– Дұрыс! Кеттік! – деп барлығы дүр ете қалды. Сол шуласқан күйі барлығы сыртқа лап қойды.
Құйрығы орындыққа жабысып қалғандай Алмастың орнынан тұруға шамасы келмеді. Жапан
далада жалғыз қалғандай жанын мұң баурап, көкірегіне өксік тығылды. Курстастарымен енді
бұрынғыдай сыйласа алмасын, топтан жырылып жалғыз қалғанын түсініп, жаны күйзелді.
Осы кезде орта ғасырлар тарихынан дəріс оқитын доцент мамырлай басып, аудиторияға кірді.
– Басқалар қайда?
– Кетіп қалды.
– Кетіп қалғаны несі?
– Оқу министрлігіне шағым айтуға кетті.
– Менің жазығым не?
Доценттің жүзі қуқыл тартып, танауы қусырылды. Бірнəрсе деп міңгірледі. Оның не дегенін
Алмас түсінбеді.
– Оқудан шығып қалған екі жігітті қорғаймыз деп, министрлікке кетті.
– Ə-ə,– деді доцент көңілі орнына түскен соң жымиып күліп. – Түсіндім. Деканатқа ескерту
керек.
Ол шығып кеткесін Алмас отырған жоқ, папкасын құшақтап, жатақханаға тартты. Еңсесін ауыр
салмақ жаныштап, көңілі көшкен елдің жұртындай құлазып, өзін-өзі жер-жебіріне жетіп сөгіп
келеді.
“Итсің, Алмас! Кісілігің жоқ. Бірге оқитын достарыңа қиянат жасадың. Енді басқалардың бетіне
қалай қарайсың? Сатқынсың! Алдымен Асылханды, Аяғанды сатып кеттің. Хадишаға опасыздық
жасадың. Енді міне, Ерік пен Қанатты сүріндірдің. Олардың қандай жазығы бар еді? Жазығы –
сенің сөзіңе еріп, Аяғанға ара түскені ме? Жазығы – сен сияқты сөзінен айнып, жалтарып
қашпай, уəдеде тұрып, беріспей қасарысқаны ма? Бəлкім, саған сеніп қалғаны үшін жазықты
болған шығар. Ал сен достарыңның қолымен от көсеп, жеме-жемге келгенде қара басыңның
қамын ойлап, тайқып шықтың. Кім біледі, дəл сол күні Асылхан сені іздеп келмесе анандай
жағдайға ұшырамас па еді. Сен кінəлісің. Талайдың обалына қалдың. Сен Жақияның құлысың.
Сен құлсың! Жаппарқұл!.. Сенің атың – Жаппарқұл!”
Екі көзінен бырш етіп жас шықты. Жігіт селк етіп, жасты көзбен төңірегіне жалт қарады,
тротуарда қарсы жүріп келе жатқан тірі пенде жоқ. Адам біткен Алмастың қарасын көріп,
бұрылып кетіп жатқан сияқты.
Алмас екі қолын нəжіске былғап алғандай жиіркенішті сезімнен көпке дейін арыла алмай
қойды. Жұрт біткен сыртынан табалап, мазақтап күліп тұрғандай болып көрінді. Бұрылып
соңына қарауға батылы бармай басы салбыраған күйі ілби басып аяңдай берді. Жатақханаға
барғысы келмеді, курстастарының ортасына түссе ащы шындықтың айтылатындығын іші сезеді.
Сонда қайда бармақ? Жаны жабырқап, жалғыз қалғанда жұбаныш болар кімі бар? Адам кейде
бір ауыз жылы сөзге де зар болады екен. Осындайда Алмас жылы-жылы сөз айтып жұбатар
адамның мейірімді алақанын, ернеуінен асып-төгіліп жататын ықыласын аңсайды. Жанашыр


жанның бірауыз жылы сөзі жабырқаған көңілге əжептəуір сеп, жұбаныш емес пе. Өкініштісі сол
– ондай мейірімімен аялар адамы жоқ. Қазір де міне, қайда барарын білмей басы мəңгіріп,
тентіреп келеді. Бұрын жаны жабырқағанда Аяғанды іздейтін, оның кісінің көңілін көтеретін
бір сиқыры болушы еді. Ол жоқ қазір. Бар болған күнде де оны төңіректей алмас еді. Жанынан
үмітті кісі Аяғанға жоламас. Онымен байланысы бар пенденің басына бұлт оп-оңай үйіліре
салары түсінікті.
Жала жұқпай аман-есен құтылғанына Алмас осы жолы іштей тəуба қылды. Құдай тағы да
сақтады. Асылхан досы сияқты Аяғанның жыртысын жыртып, уақытпен жағаласып шаршағанда
соның кебін киер ме еді, кім білсін. “Асылханды əдейі өлтірмеді ме екен” деген күдік анда-
санда мазалап қояды. Сондай бір суық ой келсе-ақ болды қырық градустық аязда желең
қалғандай бүкіл денесі қалшылдап қоя береді. Қазір де сондай күдік оқыс соғып, жүрегін үрей
деген зəлім оңдырмай шағып алды. Ол көкірегі қарс айырылып кетердей терең күрсініп, ілгері
жүрді.
Хадишаның қадырын білмеді. Ол бейшараның көңілінде кіршік жоқ еді. Алмасқа берілгендігі
сонша, ол үшін отқа түсіп кетуден де тайынбайтын. Анда-санда бір жолыққанда жүзі гүл-гүл
жайнап, көзіне нұр ойнап шығатын. Мұндай жолығыс Хадиша үшін үлкен оқиға еді. Қыздың
өзіне деген аста төк пейілін біле тұра дегеніне жеткен соң сырғақтап сырт айналды. Өзі үшін
өлімнен де айыл жыймайтын адамның қадырын білмеді. Хадишадан басқа жанашыры кім еді?
Ешкім жоқ, ешкім!.. Ол бейшара күте-күте күдерін үзген болар, сірə. Көзге күйік болмайын деп
еліне кетіп қалуы да мүмкін-ау. Түйе жүнінен тоқылған кеудешесін, мойынорағыш пен
көрпесін өз қолына апарып беруге де жарамады-ау ақыры. Көрпесін қолтықтап, машинаның
соңынан жүгірген Хадишаның бейнесі көз алдына келді. Жігіт қинала қабақ шытып, қатты
тістенді.
Содан кейін Хадишаны көрген жоқ, көрпені көтеріп жүрсін бе, ауылға тастап кетті, түйе жүн
кеудешесі мен мойынорағышы жатақханада жатыр.
“Сенде кісілік жоқ. Бетінде қытық, арың болса біреудің қарғадай қызына қиянат жасап,
жылатып тастап кетер ме ең?! Сүймесең неге сүйкендің? Бейшара! Осы иттігің алдыңнан
шығар бір күні”.
Аяңдап келе жатқан жігіт өзін өзі ақтап алуға тырысты. Ой мен сезімнің арпалысы басталды.
Екеуі безбенге түсіп, бірін-бірі жеңе алмай жігіттің діңкесін құртты. Ол бір шешімге тоқтай
алмай шаршады. Кісілікке бағып Ерік пен Қанатты сақтап қалу үшін күрессе өзіне сын. Мұса
Байларов пен Жақия маңдайынан сыйпамайды. Олардың пиғылы белгілі. Жетекке жүрмеген
пендеге Аяғанның кебін кигізеді. Олардың дегеніне көнбеске амалы кəне. Курстастары ренжір,
кетісіп тынар. Олардан келер зиян жоқ.
Мұса мен Жақияның шалғайына жармасқаннан басқа амалының қалмағанын түсінген ол
салбырап түсіп кеткен басын көтеріп, еңсесін тіктеді. Үлкен іске бекінгендей болбырап босап
кеткен денесін жинап алып, жебей басып ілгері жүрді.
Алмас сол екпінмен Құрманғазы көшесіндегі профессор Алдияр Ақпанұлының пəтеріне келді.
Есік ашқан Əсем оны көріп, көңілі босап, көзіне жас алды. Сөйлей алмай иегі кемсеңдеп, теріс
бұрылып кетті. Келіншектің жай сөзге жұбана қоймасын іші сезген жігіт оңтайлы сөздің орайын
таба алмай тосылды. Əсемнің лəм деместен көзіне жас алып, теріс айналғаны қиын кезде қал
сұрауға жарамай, ізім-қағым жоғалып кеткенін бетіне салық қылғаны шығар.
“Ренжитін жөні жоқ” деп ойлады жігіт. Аяғанмен аз ғана уақыттық сыйластығы қимастық
сезімге ұласа қойған жоқ. Əркімнің күні өзіне. Аяғанның басына іс түсті екен деп, бас-көзсіз
аранға құлап, арандап қалар ақымақ емес. Қып-қысқа ғұмырында көрген қиындығы бір басына
жетіп артылады. Ендігі өмірін ащымен былғап алып, сор сораптап отыратын тасмаңдай кеще
емес, құлайтын жерін біледі. Абайсызда арандап қалмай аман жүрсе ақыр түбі жұлдызының


жанарына күмəні жоқ. Алмасты ертеңгі күндерге алып барар көпір Аяған емес, оның жолы
кесілген. Болашаққа салынған көпір – Мұса Байларов пен Жақия...
Жігіт сəл ғана қабақ шытып, көңілін иектей бастаған күйрек сезімнен тез арылып, қатайып
алды. Теріс қарап егіліп тұрған келіншектің жұбануын күтпестен:
– Маған профессор Алдияр Ақпанұлы керек,– деді қатқыл дауыспен. Келіншек зіл араласқан
оқыс үннен селк ете түсті, сонан соң өз-өзінен дірілдей бастады.
– Мен мұндамын...
Алмас оң жақтағы есігі ашық тұрған бөлмеге имене басып кірді. Креслода шашы аппақ, сақал-
мұрты сапсиып өсіп кеткен, арып құр сүлдері қалған шал отыр. Қолында Андре Моруаның
Бальзак туралы қалың кітабы. Мына шал жұрт білетін профессор Алдияр Ақпанұлына мүлде
ұқсамайды. Жігіт мына шалдың өзі іздеп келген адам екеніне сене алмай дағдарып тұр. Алмас
көрген профессор мүлде басқа болатын. Алмас білетін профессор айбынды еді, ажарлы еді.
Алдияр Ақпанұлы өзгерген, шаршап, қажып қалыпты.
Шал көзəйнегін ауыстырып, жігітке тесіле қарағанмен танымады. “Аяғаннан хабар əкелген
жігіт шығар” деп жылы шырай танытқан.
– Сəлетемсіз бе,– деп қысыла күлімсіреген жігіттің төрге шығып, профессордың қолын алуға
батылы жетпей босағада тұрып қалды.
– Сəлемет бол, балам. Қай баласың?
– Мен тарих факультетінің студенті едім,– деп күмілжіді Алмас. Профессор оның кім екенін
білгеннен кейін қабағын шытып, суық жымиды.
– Жөн, жөн... Төрге шық.
– Рахмет, аға!
– Отыр, шырағым.
– Жағдайыңызды білейін деп...
Жігіт төрге озбай кіреберістегі креслоның шетіне ілініп отырды.
– Жағдай сұрасаң міне, жатырмыз. – Профессордың иегі кемсеңдеп, нұры тайған көзі
бағжаңдап, Алмасқа жаутаңдай қарады. – Сені біреу жұмсаған ғой, сірə.
– Иə, аға,– деп тақ ете қалды жігіт. – Деканымыз жіберді. Сізге қамқорлық жасаймыз дейді.
Алдияр мырс күлді. Қабағы тұнжырап, басы салбырап, үн-түнсіз мұңайып отыр. Жаңағы сөзінің
шалға ұнамағанын түсініп. Алмас тілінің ұшына келген сөзді іркіп үндемеді.
– Қамқорлықтарыңа рахмет! Деканның қамқорлығының арқасында орнымыздан тұра алмай
омалып жатырмыз, шырағым. Ол менің осы күнімді де көп көріп жүрген шығар, сірə.
– Жо-оқ, а-а-ғ-а... – деді Алмас тұтығып. – Ол кісі сізді үнемі мақтап отырады.
– Білемін. Мақтап отырып мақтамен бауыздайды ол, – деп суық жымиды шал.
– Олай емес, аға. Жақия ағай сіздің ұлыңыздың босанып келуіне көмектесемін деп жүр.
– Не дейді?! – деді профессор сылқ етіп. – Оған баламды босатып бер деп пе ем. Олар енді ескі
əдісіне қайта көшпек пе? Солай де...
– Солай, аға,– деді Алмас оның сөзінің төркінін түсінбей. Баласының босанып келетіндігіне шал
қуанып отыр деп ойлады. Жақия берген ақшаға он сом қосып, төсектің үстіне қойды. Сақалы
селкілдеп, үнсіз егіліп отырған шалдың басы салбырап кеткен, екі көзін жұмып алыпты. Ол дəл
осы қалпын бұзбастан тіпті ұзақ отыратын секілді. Профессордың ниетін түсінді, өзін
жақтырған жоқ, ендігі əңгімелері жараспайды.
– Нəлеттер! – деді шал тістене кіжініп. Сонан соң өзіне үрке қарап отырған жігітке бұрылып,
мырс күлді. – Енді сендермен алысуға тура келді-ау маған, шырағым.
Алмас аң-таң, оның сөзінің мəнісін мүлде түсінген жоқ. Көзі жыпылықтап, төсектің үстінде
жатқан отыз сомды алып, орнынан тұрды.
– Мен кетейін аға. Мынау Жақия аға екеуміздің көмегіміз,– деп міңгірледі. Профессор қинала


езу тартты, сонан соң иегі кемсеңдеп, көз шарасы жасқа толып кетті.
– Сендер Жақияның жағына шығып кетсеңдер мен жеңілдім,– деді егіліп отырған шал
шарасзыдығына күйінгендей қинала қабақ шытып. – Мен қайыршы емеспін ғой, шырағым.
Асырайтын үкіметім бар. Е-е, Жақияның подачкасын əкелдім де...
Шалдың мына қылығына түсіне алмаған жігіт қатты қысылды. Профессор неге жылады?
Намыстанған кісі ашулануға, шарт сынуға тиіс еді. Түсінбеді. Отыз сомды сумаңдатқаны мүлде
қате болғанын ол енді-енді сезіп, тұла бойын тер жауып кетті.
– Кешіріңіз.
– Білемін,– деді шал жасқа тұншығып. – Сенің артыңда адам тұр. Саңлауың болса күндердің
күнінде адасып жүріп жол табарсың. Бітеу болсаң солардың қарғылы төбетіне айналып, жаны
жайсаң жақсыларға арпылдап, аямай қабарсың. Аузың қанға толар. Бар, шырағым, жолыңды тап.
– Кешіріңіз, аға! – деді екі беті дуылдаған жігіт. Басы салбырап, үнсіз егіліп отырған қарт
профессорға соңғы рет қарады, ол жаны қиналғандай қатты тістеніп алыпты.
Əсем ілесе шықты. Манағыдай емес, қабағы қату. Келіншекке тура қарай алмай Алмас көзін
алып қашты.
– Сен Алдияр атаның жанын жаралау үшін келіп пе ең? Оңбаған! Шық үйден! – деді Əсем.
Сұрапыл ашудың əсері ме, екі беті ұяттан өртеніп, сүлесоқ күйге түсіп, үн-түнсіз тұр. Кімдікі
дұрыс? Атақты профессор жер болып, жылап қалды. Тайлақовтікі жанашырлық па, жоқ əлде,
аярлық па? Неге келді? Келмеуге амалы қайсы?! Тағдырының тізгіні Жақия Тайлақовтың
қолында. Қалай айдаса солай жүреді. Алдияр Ақпанұлы дұрыс айтады. Қарғылы төбетке
айналдырыпты. Алмас өзін өзі табалағандай қинала тұрып езу тартты.
– Ол талайдың түбіне жетер. Сен Жақияның күшігісің,– деп тепсінді ашуға булыққан келіншек.
Сілейіп тұрған Алмастың кеудесінен бір нұқып жіберді. – Сен оңбаған Хадишаның обалына
қалдың. Оның көз жасы сені бекер жібермейді.
Сүлесоқ болып тұрған жігіт оқыстан ауыр соққы алғандай селк етіп, келіншекке жалт қарады.
Қақпанға түсіп қалғандай шыбын жаны шырқырады.
– Ж-о-о-қ! Ж-а-ал-а!.. Кінəм жоқ тегі...
– Жылатпа Хадишаны!
Аласұрған жігіт Əсемнің сөзін тыңдағысы келмей, алқын-жұлқын болып сыртқа қашты.
– Хадишаны жылатпа! – деп дауыстады Əсем жылап тұрып. Оның дауысын Алмас естіген жоқ.
Естігісі де келмеді.


30
Сəруаров телефон соғып, қал-жағдай сұрасқан соң сағат он екіде Министрлер Кеңесіне қарасты
аурухананың жедел жəрдем машинасы баратынын ескертті. Профессор Аяғанның шаруасын
тілге тиек еткен. Сəруаров сырғақтап тура əңгімеден қашып, ауруханаға барып шығатындығын
айтып, трубканы орнына қоя салды. Алдияр мəселенің мəнісін түсінді. Үлкен қызметтегі
адамдардың телефонының тыңдалатынын бұрыннан білетін.
– Əсем шырағым,– деді профессор ыстық шай алып келген келіншектің білегінен ұстап. – Отыр.
Айтатын əңгіме бар. – Əсем креслоға ілініп отырды. Сəл нəрсеге үрей шақыратын келіншек
демін ішіне тартып, профессорға бақшия қарап қалған. Алдекеңнің аузынан үрейлі сөз
еститіндей. – Күн санап менің жағдайым нашарлап барады. Саат он екіде мені ауруханаға алып
кетеді. Үйге өзің ие бол.
Қымс етсе көзіне жас үйіріле қалатын келіншек бұл жолы да ежелгі əдетінен жаңылған жоқ. Көз
жасын сығып-сығып алып:
– Арқа сүйер асқар тауымыз едіңіз. Ақылыңыз – азық, сөзіңіз – сусын еді бізге. Сізсіз күніміз не
болар екен-ай,– деп сұңқылдады.
– Босама, бала-шағаңа ес бол. Біздің қолымыздан келмеген істі солар тындырады. –
Профессордың қабағына қонған көлеңке ыдырап, нұры қашқан көздеріне мейірім ұялады. –
Өзіңді күт, қалқам. Сен өзің үшін ғана емес балаларың үшін өмір сүруге тиіссің. Аяғанға бола
уайымдай берме. Ол босанып шығады.
– Айтқаныңыз келсін, ата! – деді көңілі орнына түскен келіншек, көз алдында іркіліп қалған
жалғыз тамшыны бөбек саусағымен іліп алып тастады. Сонан соң шалдың оны-мұнысын
дайындау үшін бөлмеден шығып кетті. Профессор көзін жұмып, шалқайыңқырап жатты.
Денсаулығының күн санап нашарлап бара жатқаны рас. Бұрын біреудің көмегімен орнынан
тұрып, əрі-бері жүруге мүмкіндігі бар еді. Қазір екі қолтығынан екі адам демемесе орнынан
тұра алмайды, сау дейтін сол аяғынан да дəрмен кеткен сыңайлы. Тамақтанып алғаннан кейін
үйдегі адамдардың көмегімен столына жетіп, күні бойы тықылдатып машинка басатын, қазір
одан да қалған. Ептеп икемге жарайтын сол қолы кешелі бері сыр беріп жүр. Алмас келіп
кеткеннен кейін жағдайы нашарлай түсті, ұйқысы шала, көзі ілініп бара жатса шошып оянады
да, таң атқанша ой түкпірін ақтарып, қимыл-қыбырсыз жатады. Бір зауалдың жақындап келіп
қалғанын сезе тұра мазасызданбайды. Түсінгені – адам жарық сəуледен де жиренеді екен.
Алдияр осындай түйінге келді. Қарға адым жер мұң болып, əркімнің бетіне жаутаңдап, кəріп
қалде жатқаннан жалықты. Басқалар “мешел” профессорды аяп, мүсіркейді. Сұңғыла шал көзін
ұмып жатып та сезеді, осындайда алқымына жас тығылып, үнсіз егіледі. Егіліп жатып өзін
көптен бері шыр айналдырып жүрген ажал – арсызды шақырады. Бірақ ол шалдың тартқан
азабын аз көре ме, мазақтағандай жоламайды.
Сұм ажалдың мысықтабандап жақындап келіп қалғанын соңғы уақытта сезіп жүр. Түсінгені –
ажалдың иісі болады екен. Тірі пенденің үрейін ұшыратын сол иіс қолқасын қауып, тұла бойына
сіңіре бастаған тəрізді. “Жанымды қинамай тезірек алса екен” деп тілейді.
Аруақтай арып, санаулы күндерін санап тауыса алмай азапқа түсіп жатқан атақты ғалымды
сырттай білетіндер “бұл кісінің не арманы бар екен” дер. Үмітсіз пенде көп шығар, армансыз
адам болмас, сірə. Алдияр Ақпанұлының арманы зор еді. Жаздың шолақ түніндей шолтаң ете
қалатын қып-қысқа ғұмырында адам пақыр ойға алғанын орындап үлгере алмайды екен. Алдияр
өмірінің ең мəнді кезеңін соғыста, айдауда өткізді. Ойлап отырса өмірі тек жеңілістерден
тұрады екен. Саусақ бүгір санай бастаса ащы жеңілістерден көз ашпапты. Жеңілістен басталған
қып-қысқа ғұмыры енді міне, жеңіліспен аяқталайын деп тұр. Құдайдың маңдайына жазғаны


осы шығар. Сонау отыз екінің зобалаңында он екі де бір гүлі ашылмай қыршын кеткендерден
жаны артық па?! Жаманды-жақсылы жетпіс жылға жуық өмір сүрді. Өмірдің ащысын да,
тəттісін де татты. Бұл дүниедегі ең үлкен өкініші – жалғыз ұлына дұрыс тəрбие бере алмады.
Соңында қалатын жалғызының жағдайын ойласа өзегін өкініш өртеп, ішін ит тырнағандай
қиналады. Ол ЛТП-ға кеткенде “түзеліп кетер ме екен” деген əлсіз үміті жылтырап жанып еді,
ол да сөнуге айналды. Барып келгендерден естіді, Сыздықтың беті бері қарамастай болған
тəрізді, əтір ішеді екен, шайға мас болады-мыс. “Өлемін” деп асылып қалған Сыздықты
жанындағылар құтқарып қалған тəрізді.
Сыздық – шалдың жүрегіне түскен жазылмас жара. Оның емі жоқ.
Шал терең күрсінді. Есіне анау күні келген жігіттің Сыздық туралы айтқан сөзі оралды. Жақия
Тайлақұлы ЛТП-да емделіп жатқан адамды босатып алмақ екен. Оның емешегінің неге езіле
қалғанын шал айтқызбай-ақ сезді. Сыздық қайтып оралса Аяғанның отбасына тыныштық жоқ,
ішіп келіп, шалдың да, Əсемнің де берекесін алады. Əкесіне айдап салу үшін Жақияның
адамдары оған əдейі ішкізеді. Жүз грамм үшін ол туған əкесін сабап беруден де тайынбайды.
Өзі ауруханада жатып, Сыздық үйге шығып келсе Əсем бейшараға тыныштық бермесін шал
түсінді. Аяғын əрең алып жүрген əлжуаз, ауру келіншекте онымен жағаласатын күш жоқ.
Хадиша болса оның қоқан-лоқысына көнбес еді. Ол қыздың бұл үйге бас сұқпағанына да біраз
уақыт болыпты. Əсем ашып айтпаса да оның бұл үйге неге жоламай жүргенін іші сезеді. Соңғы
кезде Хадишаның жүрісі ауырлап, бетіне ноқта түскенін аңғарған. Жайраңдай күліп келіп,
қолтығынан демеп, ас үйге алып баратын қыз тезірек қарасын батыруға асықты. “Осында қал”
деуге шалдың батылы бармады. Қызды ұялтпайын деді.
Осы күні бұрынғыдай келіп, кетіп жататын адам жоқ. Əредек-əредекте Ақбота мен Жайдар
телефон соғып, қал-жағдай білген болады. Аяғанды қорғап қаламыз деп дуылдасқан студенттер
де тым-тырыс. Соған қарағанда, Жақия олардың тілін тапқан тəрізді. “Қара судан қаймақ
алатын” Жақия сұм улы жыланның да тілін табады. Оның небір сұмдықты ойлап табарына
профессордың күмəні жоқ.
Ішке əлдекім кірген секілді болған соң көзін ашып алды. Əсем екен. Жылаған болу керек, екі
көзі қызарып кетіпті.
– Əлсіз адамдар ғана жылайды, шырағым. Сенің əлсіз болуға қақың жоқ.
– Енді жыламаймын, ата.
– Жылаған адамға жұрттың бəрі жанашыр бола бермейді. Өзіңді өзің қолға ал, қайраттан. Аяған
үшін сенен басқа күресетін ешкім қалмады. Сондықтан болар-болмасқа босама.
Келіншектің екі көзі тағы да боталады, жылап жібермес үшін астыңғы ернін қатты тістеп алды.
– Хадишаны жаныңа көшіріп ал. Ол қатты қиналып жүрген шығар,– деді шал қабақ шытып. Бір
сəт ойланып отырды да сөзін сабақтады. – Балалық жасап жүрмесін. Хадишаның есі бар,
түсінер. Өмірі, бар қызығы алда оның.
Əсем көзінен мөлт-мөлт тамған жасын Алдиярға көрсеткісі келмей теріс айналды.
– Хадишаны көшіріп алсаң өзіңе жеңіл болады.
Осы кезде қоңырау шырылдады. Профессорды алып кетуге келген дəрігерлер екен. Өте сыпайы,
қамқор. Алдекеңді киіндіріп, зембілге салып, сыртқа алып шықты.
– Қолың тисе балаларды, менің жалғанда жоқ алтын қызымды алып келіп тұр, қалқам,– деді шал
қоштасарда.
– Мақұл, ата,– деді келіншек дауысы бұзылып. – М-а-қ-ұл...
Əсемнің көзіндегі жасты көргісі келмегендей шал көзін жұмып алды.
* * *
Жалғыз қалған Əсем үйге сыймады. Қол қусырып қарап отыруға дағдыланбаған келіншек
қыбырлап жүріп, үй шаруасымен айналысқан болды, көп ұзамай бұдан да жалықты.


Телевизорды қосты, ол шіркін де көңіліне жұбаныш бола алмады. Тамақ жасауға құлқы
соқпады. Жалғыз отырып ішкен ас бата ма? Елжас мектепте, сонан соң күнұзаққа қалып, кешке
қарай бір-ақ оралады. Мектепте түстенеді. Бибі бақшада. Балалар келгенше жалғыз отыратынын
ойлап, көңілін мұң баурады. Алдияр атасы барда екеуі өткен-кеткенді қозғап, шер тарқататын.
Профессордың əңгімесін тыңдап, талай мəселенің мəнісін ұқты. Алдекеңдей шежіре адамды
осы өмірінде көрген емес, қазақ тарихы туралы сөйлегенде ағыл-тегіл.
Дабыр-дұбырға үйренген Əсемге жалғыздық соншалық қорқынышты болып көрінді. Əлдекім
кіріп келердей көңілі елегізіп, əлсіз жүрегін үрей сұм шымшылап, берекесін қашырды. Жападан
жалғыз отыра алмайтындығына көзі жеткен келіншек Хадишаны ертіп келмек болып, апыл-
ғұпыл киінді де сыртқа шықты.
Хадишаны көрмегелі біраз уақыт өткен. Əсемнің көзіне ол бұрынғысынан да толыса түскендей
болып көрінді. Ерні қалыңдап, жүзі нұрлана түскен қыздың жанарында мұң бар. Келіншек оны
құшағына қысып, бетінен сүйді.
Əсем келіп қалады-ау деп ойламаған Хадиша асып-сасып, жүзі нарттай қызарып, бұрынғыдан да
үлкейе түскен ішін көрсеткісі келмегендей еңкейіңкіреп тұрып:
– Жоғары шығыңыз... Мен қазір... Шай қояйын,– деп шəугімін алып, сыртқа беттеген.
– Əуре болма. Мен сені алып кетуге келдім,– деді келіншек оның білегінен ұстай алып. Не дер
екен дегендей қыздың бетіне қарады. Ол басын төмен салып, үн-түнсіз тұр. Киін. Үйге барамыз.
– Хадиша үнсіз бас шайқады. – Сені мұнда қалдырып кете алмаймын. Жинал...
– Ұяламын,– деп сыбырлай сөйледі қыз.
– Алдияр атамнан ба? Е-е, ол кісі бүгін ауруханаға жатты. Мен жалғыз қалдым,– деді келіншек
оның киімдерін жинастырып жатып. Бибі сені сағынып жүр. Сені іздеп, ұйықтамай қояды.
Елжасың да сағынып қалыпты.
Хадиша көзіне келіп қалған жасты көрсеткісі келмей теріс бұрылып, іргедегі шифонердің
тасасына жасырынды. Əсемнің құлағына қыздың өксіп жылағаны шалынды. Келіншек шыдап
тұра алмай əдейі тұтылған шымылдықтың бір шетін көтеріп, аядай қуысқа кірді. Хадиша теріс
қарап, екі иығы селкілдеп, дыбыс шығармай өксіп жылап тұр екен. Сəл нəрсеге бола жылап қоя
беретін Əсем өзін-өзі сабырға шақырғанмен болмады, қызды қапсыра құшақтап, көз жасына
ерік берді.
– Қыр соңыма түсіп алатындай құдайға не жазып едім? – деп егілді Хадиша. – Бақытсыздықтан
енді құтылдым ба деп жүргенде тағы бір қырсыққа тап болдым-ау... Бүйтіп қор болғанша
баяғыда-ақ неге өліп қалмадым екен-ай...
– Жылама, жаным... Алмас келеді ғой,– деді қыздың көз жасын алақанымен сүртіп тұрып. –
Келмей көрсінші осыдан. Əкесін танытып, сотқа беремін.
– Керегі жоқ, тəте. Оның кінəсі жоқ. Кінə менде.
– А-а-й! – деді Əсем күйіне дауыстап. Көз жасын орамалының шетімен сүртті де, қабағы
тұнжырап, орындыққа отырды. Өзімізге обал жоқ. Иттік жасаған сүмелекті шырылдап
қорғаймыз. Ал ол осы жақсылығыңды білер ме екен...
– Мейлі, білмей-ақ қойсын. Аман жүрсін,– деді өксігі кілт тыйылған Хадиша. Демнің арасында
өзгерді, жүзіне сұс кірді, қабағы сəл ғана шытылған, екі көзінде ештеңеден қайтпайтын
қайсарлықтың белгісі бар.
– Киіне ғой,– деді келіншек жұмсақ үнмен. Хадишаның бетіне күле қарады. – Бірімізге біріміз
сүйеу болып, бірге тұрайық. Ағаңның қашан босанып шығарын бір құдай білер. Жүйкем
жұқарды. Бара-бара шаршадым. Үмітім үзілуге айналды.
– Қамықпаңыз тəте. Сіздің зарыңыз құдайдың құлағына жетпес деймісіз. Аманшылық болса, көп
ұзамай Аяған аға босанып шығар. Аяған аға кінəлі болса əлдеқашан соттап жіберер еді. Ол кісі
таза. Келеді ұзамай.


– Рахмет, алтыным! – деді Əсем көңілі босап. – Жұрттың бəрі менің Аяғанымдай болса
əлдеқашан-ақ коммунизм орнар еді ғой.
– Жаныңыз неткен нəзік еді, тəте. Сіздей жары бар жігіт бақытты ғой,– деп келіп Хадиша оның
мойнынан құшақтап, бетінен сүйді.
– Аяғаным аман-есен босанып шығып, бала-шағасының жанында қараңдап жүрсе екен. Менде
басқа тілек жоқ, Хадиша.
Тілегіңіз орындалсын. Аумин! – деп қыз бетін сипады. Содан соң керек заттарын чемоданға
салып, ылдым-жылдым киінді. Шифонердің тасасына кіріп, боянып, опаланып қайтып шықты.
Əсемнің көзі оның ішіне түсті. Пальтосының түймесі жетпей қалыпты. “Уақыты жақындап
қалған екен-ау” деп шамалады келіншек. Оның тесіле қарағанынан қысылда ма, Хадиша езу
тартып, теріс айналды.


31
Аяған терезенің алдына келіп, екі бүйірін таянып тұрды. Терезе деген аты ғана, қалың əйнекті
ештеңе көрінбестей сырлап тастаған. Тіпті күн сəулесі де түспейді. Терезе білеу темірмен
торланған. Сондықтан мұнда қамалған адам қашып құтылуды қаперіне де алмайды. Бұл
камераға аса қауіпті қылмыскерлерді қамайтын сияқты.
Жігіт мырс күлді де аядай бөлменің ішінде ерсілі-қарсылы жүре бастады. Алғашқы күні тынысы
тарылып, таң атқанша дөңбекшіп, кірпік айқастыра алмаған. Таң атқанша шам жанып тұрады
екен. Түнде жарқырап, көз жасқайды. Аяған аядай тар бөлменің қапырық, сасық ауасына оп-
оңай көндіккенмен таң атқанша шақырайып, жанып тұратын шамға үйрене алмай-ақ қойды.
Түннің бір уағында кірпігі ілінеді, əлден уақыттан соң шошып оянып, көзін ашып алады. Осы
сəтте шақырайған шам инелерін Аяғанның көзіне шаншып, жүйкесін шымырлатады. Бірте-бірте
бұған да үйренді, шошып оянған кезде көзін бірден ашып алмайды, алдымен өткір жарық
түспейтіндей қолымен көлегейлейді.
– Бір, екі, үш...– Аяған бөлменің ұзындығын адымдап өлшеді. – Бір, екі, үш... Үшке үшті
көбейтемін. Тоғыз шаршы метр. Үкімет бір адамға тоғыз шаршы метр береді. Ал мұнда екі
адамға тоғыз. Мұнда үкімет жоқ. Бұл – түрме.
Төсегіне шалқасынан түсіп жатты да, көзін жұмды. Үнемі осы, ұзақты күн қимыл-қыбырсыз
жатып, ой түкпірін ақтарады.
Мұнда келгеніне де бес айдан асып барады. Айтар ауызға аз болғанмен бұл Аяған үшін бір өмір.
Ол отыз бес жылдық ғұмырында көрмегенін осында басынан өткерді, естімегенін осында жатып
естіді. Бұрын адамдардың барлығына ниеттесім, Отандасым деп қарайтын. Қандай қиын
жағдайда да Отандасым отқа күйдірмейді, жаманатқа бермейді деп ойлайтын. Қателескенін
осында келгеннен кейін білді. Азаматпын деп кеуде қағып, көпиіп жүрген бұл түкке тұрмас
бейшара екенін түсінді. Адамды ойыншыққа айналдыра салу тіпті оңай екен. Адам тым арзан
екен. Шыныңды айтып, шырылдағанмен сөзіңе құлақ қоятын жан табылмай қор болады екенсің.
Сенің шындығың ешкімге керек емес. Жатып жан беру оңай ма, алғашқы əлетте басын арашалап
алмақ болып мықтап жанталасты. Тергеушілердің бəрі, əсіресе Мақсұт өз “шындығымен” көзге
ұрды да тұрды. Ол кеңкелеске ақиқатты дəлелдей алмай шаршады. Мынау төрт қабырғаның
ішінде отырып өз шындығына жете алмайтындығына ақыры көзі жетіп, бұрынғыдай
жанықпайтын, жанталаспайтын болған. “Өзекті жанға бір өлім. Басқа түскенді көріп алдым”
деген тəуекелмен жатқанына да, міне, бес айдың жүзі болыпты. Енді қанша жатары бір аллаға
аян. Алғашқы айда қайта-қайта тергеуге шақырып, болар-болмас əңгімені қопсытып, жүйкесін
жұқартып, жанына тиіп, қажытып жіберуші еді. Осы күні оны ұмытып кеткендей. Он бес,
жиырма күнде Аяған Қуатов деген азаматтың қамауда жатқаны естеріне түсетін болу керек,
сұраққа алып барып, көп ұстамай əкеліп тастайды.
“Адам үш күннен соң көрге де үйренеді” деп қазақ біліп айтқан. Аяған түрмедегі тіршілікке көп
ұзамай көндікті. Күн сайын шалқасынан жатып, екі көзін жұмып алады да, түбі жоқ тұңғиық
ойдың тереңіне бойлай береді, бойлай береді... Ойдан қажып, шаршап ұйықтап қалған Аяғанды
күзетшілер жұлмалап оятады. Əдепкіде олардың бұл қылығына түсіне алмай жүрді. Түрменің
осындай тəртібі бар шығар деп ойлайтын. Кейін білді себебін. Əр сəт сайын есіктің кішкентай
ғана торлама тесігінен сығалап қарап кетіп жүретін күзетшілер тапайдың тал түсінде қалжиып
ұйықтап жатқан жігітті өзіне өзі қол жұмсап, өліп қалған деп күдіктенеді екен. Олардың
мұнысына əдепкіде мырс-мырс күлген. Кейін түсінді, олар Аяғанды бір мысқал кінəсі жоқ
Кеңес Одағының азаматы деп емес, қоғамдық құрылысқа, үкіметке қарсы күресіп жүрген “анти”
деп қарайды екен. Ондай пенденің түрмеден шығар жолдың жоқтығын түсінген соң тəуекел деп,


тас жұтары анық.
Аяғанды жалғыз қалдырудан қауіптенді ме, көп ұзамай жанына шекара бұзып, Кеңес жеріне
өтіп келген қытайлық азаматты əкеліп жатқызды. Жұмыр жердің екі тұрғыны, кескін-кейпі, түр-
түсі біріне бірі ұқсайтын екі пенде бірін бірі түсіне алмай қор болды. Бірте-бірте олар мылқау
адамдарша ыммен, қас-қабақпен, қолдың қимылымен түсінісе бастаған. Аяғанның ұққаны,
дүниенің екі бұрышында тұратын екі адамды аралға апарып тастаса, жылдар өте келе олар бір
тілде сөйлесіп кете береді екен. Қытайлық азамат бір айдың ішінде қазақтың талай сөзін
үйренді. Таңертең “Аяған, қайырлы таң” деп ыржиып күліп тұрады.
Бір айдан кейін бұл камераға Аяған құралыптас жігітті əкеп қамады. Ол көп мөлшерде пара
алып, қолға түскен жан болып шықты. Жігіттің қазақ екенін білгенде қуаныштан жүрегі
жарылып кете жаздаған. Бірге туған бауыры тіріліп келгендей қуанған Аяған күні бойы дамыл
таппай сөйлеген. Бірақ екеуінің жарастығы ұзаққа бармады, олар бірін бірі түсінбеді. Мəселе
тілде емес, пиғылда екен. Оның кім екенін, мұнда неге түскенін білгеннен кейін бүкіл болмысы
шыңғырған шындықтан жаралған Аяғанның қуанышқа күпті болған көңілі суып сала берген.
Пенделікке жеңіліп, қарап отыра алмай парақор көршісін сөзбен іліп-шалатын əдет тапқан. Ол
да тірі жан емес пе, əлдекім намысын пышақтап, шапқа түртіп маза бермесе қалай шыдасын. Бір
күні тапайдың тал түсінде бір бірімен тар бөлмеде жылап табысқан екі қазақ сартта-сұрт
жұдырықтасып қалды. Тырс еткен дыбысты аңдып, сақадай сай отыратын күзетшілер екеуін
əрең ажыратқан.
Көп ұзамай Аяғанды басқа камераға ауыстырған. Мұндағы көршісі де шекара бұзып, қолға
түскен қытай азаматы болып шықты. Алғашқы қытайлықтай емес, мұның санасының саңлауы
бар екен. Шатып-бұтып орысша сөйлейді, əлемде болып жатқан жаңалықтардан хабардар, өз
бетінше оқиғаларға талдау жасап, қорытынды түйе білетін көзі ашық кісі. Өзі аса сыпайы,
кісінің бетіне тура қарамай, жанарын жығып, жылмиып күліп тұрады. Шетелдіктің осы
қылығынан секем алған Аяған алғашқы күндері сарғайып таң атқанша кірпік айқастыра алмай
дөңбекшитін. Көзі енді іліне бергенде күзетшілер келіп, оятып жіберетін. Күйіп бара жатқан
шұғыл шаруа болмағанмен түрменің тəртібі қатал. Таңғы алтыда оятады, жетіде есіктің
терезесінен тамақ əкеліп береді. Тамақ деген аты ғаан, беретіні – 700 грамм қара нан, 20 грамм
қант, жылымшы сары су. Адам бəріне көнеді екен. Ішегі шұрқыраған Аяған қолына тиген
қантты күтірлетіп, көкпиязданып піскен қара нанды соғып алады. Ішіне ел қонған соң шалды-
күйлі орысшасы бар қытайлықпен əңгіме дүкен құрады.
Түрмеде кімдердің жатқанын, қанша адам барын Аяған бес айдан бері білген емес.
Қамалғандарды бір-бірімен жолықтырмайды. Там-тұм хабар басқа камералардан ауысып
келгендер арқылы жетеді. Сыртқа серуенге де бір-бірлеп алып шығады. Биіктігі үш метр
келетін, ені тар, ұзындығы бес-алты адам болатын, төбесі ашық қуысқа əкеліп кіргізеді.
Қамалғандар серуендейтін алаң осы. Жоғарыда əр қимылыңды аңдып, қылқиып күзетші тұрады.
Көрші қуыста серуендеп жүрген бейтаныспен тілдесуге тыйым салынған. Тəртіп бұзсаң екінші
рет сыртқа шығармайды.
Аспанды серуенге шыққандар ғана көреді. Күні бойы мүңсік иіс қолқаны қапқан тар қапаста
жатқан адам үшін ашық аспан астындағы аядай қуыс кең дүниедей блып көрінеді. Серуенге
шыққанда Аяғанның кеудесі ашылып, тынысы кеңіп сала береді. Бостандықта жүргенде кең
дүниенің қадыр-қасиетін білмепті. Адам үшін азаттықтан үлкен бақыт болмайды екен. Қарынды
қара сумен жұбатсаң да емін-еркін жүргенге не жетсін. Төрт қабырға күн санап тарылып,
кеудесін қысып бара жатқандай Аяған аядай бөлмеге сыймай аласұрып кетеді. Торға қамалған
жолбарыстың арылдап, қу жанын қоярға жер таппай аласұрғанын талай рет көрген. Сол сəтте
оның қасіретін түсіне қойған жоқ еді. Жолбарысқа деген аяушылық сезімі оянбаған. Өйткені ол
Аяғанның ұғымында, аса қауіпті жыртқыш болатын. “Қауіпті жыртқышты торға қамап ұстау


шарт” деп түсінген. Енді ойлап көрсе ол бейшара жетіскенінен, шекесі қызғандықтан
аласұрмайды екен. Жолбарыстың кебі келсе пенде баласы да өзгеріп, кеудесі ашуға толып,
жүрегін ыза сыздатып, тиісетін қара таппай аласұрып кететін көрінеді. Кім білсін, жолбарыс
бейшараны кең дүниеге еркін жіберсе ол басқалар ойлағандай аса қауіпті болмас па еді. Адам
да, аң да өзін қоршаған ортаға тəуелді. Өмірін түрмеде өткізген пендеден қандай кісілік күтуге
болады?! “Нақақ күйіп, жастық шағын түрмеде өткізген пенде мен аш жолбарыстың ұқсастығы
көп-ау” деп ойлады Аяған. Жаламен түрмеге түсіп, тұйықтан шығар жол таба алмай бармағын
шайнап жатқан жігіт өзін кейде торға қамалға ашулы жолбарысқа ұқсатады. Екі төсек əрең
сыйып тұрған камераның қабырғасын тоқпақтап, жанын қоярға жер таппай аласұрғанда
жанында жатқан серігі қатты шошитын. Жүрегін кернеген ашу-ызасын осындай əдіспен сарқып
тауысқан ол төсегіне етпетінен түсіп жатып, ағыл-тегіл жылайтын. Осыдан кейін еңсесін езген
ауыр салмақтан құтылғандай бойы жеңілдеп қалатын. Жолбарыс сорлы да іштегі шемен шерін
тарқату үшін аласұрып гүрілдейді екен. Аяған осыны ұқты.
Кең дүниені, тəуелсіз еркін өмірді ойлап күрсінгенде кеудесі қарс айырылып кете жаздайды.
Балаларын есіне алса көзіне жас үйіріледі. Қысастықты көп көрген зəлім жүрек қыңсылап, бір
топ төбеттің талауына түсіп, жұлма-жұлмасы шыққан қаңғыбас қаншықтың кебін киеді. Азуы
алты қарыс арландай ашқарақ ойлар əр сəт сайын өткір тісін Аяғанның ең жанды жеріне салады.
Ойдың талауына түскен жігіт үнсіз егіліп, етпетінен түсіп жатады да қояды. Ішегі шұрқырап,
іші ұлып жатса да суға пісірген арпа ботқасына мүлде тəбеті шаппайды. Оның үлесін
жанындағы көршісі соғып алады.
“Бала – адамның бауыр еті” деген сөзге кең дүниеде, сырдың суы сирағынан келмей еркін
жүрген шағында мəн бере қоймапты. Бала-шағасын бір көру арман болған кезде білді олардың
қадырын. Бала – бауыр ет қана емес, əке мен шешенің шыбын жаны, өмірі екен. Қазіргі уақытта
Аяған “шіркін-ай, үш ботамды бір көріп, құшақтап мауқымды бассам” деген тəтті арманды
аялап жатып ұйықтайды. Түсінде бала-шағасымен қауышып, сүйіп мауқын басып, жүрегіне
шемен болып байланған шерін тарқатады. Осындай тəтті түс көріп оянған күндері Ағаннан
өткен бақытты адам жоқ. Жаманшылықтан əбден запыс болып қалған жүрегі мейірімнің
шуағына шомылып, рахат күй кешеді.
Кейде жаман түстер көріп, шошып оянады да, күні бойы қорқыныштың құрсауынан шыға алмай
діңкесі құриды. “Бала-шағам аман болса екен” деп тілейді, құдайға жалбарынады.
Балалары не күйде? Əсемнің денсаулығы қалай? Олар қайда жүр? Əкесі ауылға алып кетті ме,
жоқ əлде, қалада ма?
Аяғанның мазасын қашыратын бұл сұрақтарға нақты жауап жоқ. Сыртқы дүниемен байланысы
үзілгелі не заман. Осынша күзетші болып істейтін Қуан есімді жігіт Алдекеңнің бір хатын
жеткізді де, қайтып көрінбей кетті. Ұстазының хатынан білгені – Алдияр Ақпанұлы мұның
бала-шағасын қолына көшіріп алыпты, Əсем ауруханаға түскен. Балалардың ауыртпашылығын
Хадиша көтеріп жүрген көрінеді. Одан бері талай уақыт өтті. Тергеудің тым созылып кеткеніне
қарағанда, Алдияр Ақпанұлы бастаған топтың əрекетінен ештеңе шықпаған тəрізді. Мұнда
түскен адамды арашалап алудың мүмкін еместігін Алдекең білмей тұрып əрекет жасағанын,
ақыры істерінен нəтиже шықпасын түсініп, амалы құрып қойғанын іштей сезетін.
Бір рет бала-шағасының тірлігінен хабар білгісі келіп, тергеушіге өлердегі сөзін айтып
жалынды.
– Бала-шағаң аман-есен. Əйелің балаларыңның жанында. Амандығыңды білдіріп, хат жазуыңа
болады,– деген тергеуші. Қуанышы қойнына сыймаған Аяған ақтарылып хат жазсын. Тергеуші
мұның жазғанын оқып отырып біраз жерін сызғылап өшірді.
– Неге сызасың? – деп шырылдаған Аяғанның сөзін құлағына қыстырмады.
– Өзім білемін.


– Түк қалдырмадың ғой,– деп Аяған оның қолына жармаса кетті. Ашуға мінген тергеуші оның
көз алдында бір жапырақ қағазды жыртып-жыртып урнаға тастай салды.
– Өз обалың өзіңе. Менен басқалар саған мұндай жақсылық жасамайды,– деген ол Аяғанға
зілдене қарап. Оның айтқаны келді, өзінен жауап алған екі тергеушіге де жалынды, бірақ олар
жібімеді.
Сол бір жағдайды ойласа жыны келеді, кеудесіне ашу тығылады. Ашуланғанмен қолынан не
келсін, қу жанын қоярға жер таппай аласұрады. Осындайда құлағына үш ботасының “көкелеген”
үні келіп, шыбын жаны шырқырайды...
Тұңғиық ойдың тереңіне шым батып кеткен Аяған селк етіп, орнынан атып тұрды. Бүкіл денесі
дір-дір етеді. Есікке құлағын тақап, дыбыс аңдыды, тым-тырыс. Баланың дауысын естіген
сияқты еді. Сайқал дүние жым-жырт тына қалыпты.
“Тəйірі, түрмеге бала қайдан келсін. Шаршағандікі шығар. Жүйкем жұқарған болар, сірə. Солай
шығар” деді.
Орнынан қозғалып кеткен қу көңіл өрекпіп, жүрегі атша тулады. Торға қамалған арландай
аласұрып, тар камерада ерсілі-қарсылы сабылды.
Балалары бір қолайсыз жағдайға ұшырап қалғандай аяқ астынан осындай күйге түсіп, қу жанын
қоярға жер таппай тыпырлайтыны бар. Аяғанды осындай сəтте көрген қытайлық оның көңілі
орнына түсіп, жаны жай тауып, жайбарақаттанған кезде:
Сенің жүйкең шаршаған,– деді. Жүйкесінің шаршағанын өзі де біледі. Жеті айға созылған
сергелдең əбден титықтатты. Алда не күтіп тұр? Осы бір қорқынышты сұрақ күн сайын миын
шұқып жеп, жанын қинайды. Үздіксіз бір нүктеге тамшылап тұрса бес айдың ішінде тамшы
тасты да тесіп шығар еді. Аяғанның орнында басқа адам болса осы уақытқа дейін жынданып
кетер ме еді, кім білсін. Бес айда үш тергеуші ауысты. Ең қатты шаршатқаны Мақсұт сүмелек.
Ол небір сұмдықтарды ойлап тауып, жүйкесін тоздырып жіберді. Түннің бір уағында шырт
ұйқыдан оятып алып, қоқан-лоқы көрсетіп, намысын түртпектейді, аузына келгенді құсып
қорлайды. Қарсы алдында көзіне тығылған ұйқыдан арыла алмай, сүмірейіп отырған ежелгі
“жауының” сықпытын көріп, Мақсұт мырс-мырс күлетін. Қалың кірпіктің аржағынан
сығырайып əрең көрінетін жымсық көздегі əзəзіл күлкінің табын байқап, Аяған іштей өксіп
жылайтын. Мақсұт ашуланғанда əлгі күлкі лып сөніп, көзі шаттанып, əпсəтте өзгеріп шыға
келетін. Осындай сəтте жеңілмей жүрген, бас имей қасарысқан “қас жауының” быт-шытын
шығарып, ұрып тастағысы келіп тұра ұмтылатын. Қол созымға келіп, еркін билей алмай қалш-
қалш етіп тұратын. “Үйреніскен жау атыспаққа жақсы” дегендей Аяған оған алдырмады.
Қолында күш тұрғанмен Мақсұт бейшара білім, парасат жағынан əлдеқайда төмен еді. Осы бір
шындықты оның өзі де білетін.
Мақсұт күні кеше жолын кесіп, көп кедергі жасаған “жауын” мұқатып, шалқасынан түсіру үшін
толып жатқан əдіс қолданды, бірақ əккіленіп алған Аяған оның құрған торына түспеді. Ұстаған
сəтте сып етіп қолынан шығып кете беретін балық сияқты еді Аяған. Олжасынан оп-оңай
айырылып қалған Мақсұт ақымақтығына күйініп, ызадан жарылып кете жаздайтын.
Ол Аяғанды ұзақ əурелеп, дегеніне көндіре алмай шаршаған. Қолдан жасаған жала оған жұқпай
діңкесін құртты. Студенттердің айғағы аяқсыз қалып қойды. Аяқ астынан өзі білмейтін бір
əлеуетті күш килігіп, Аяғанға көмек қолын созды. Осыдан кейін-ақ оның ісі ілгері баспай, өз-
өзінен қожырай бастаған.
Бұрын алшаң басып келіп, қарсы алдында талтиып тұратын Мақсұтты соңғы рет келгенде
танымай қалды. Жүні жығылып, жасып қалыпты бейшара. Аяғанға мүлде мойын бұрмады, үн-
түнсіз өте шықты.
Аяғанның ісі соңғы уақытта Міртемірге тапсырылған. Ол Мақсұт секілді тақымдап қуып,
тықақтай беретін пəле емес, сабыр сақтап, салмақтап сөйлейтін жігіт. Екеуі кейінгі уақытта бір-


ақ рет кездесті. Ол мұны көп ұстаған жоқ, бір парақ қағазға жазылған мəселелерге байланысты
қысқа-қысқа сұрап, Аяғанның аузынан шыққан сөзді жазып алған. Одан бері де он бес күндей
болып қалыпты.
Істің Міртемірге тапсырылғанын Аяған жақсы ырымға жорыды. Түрмеге қамалған күні өзіне
жылы қабақ танытып, жанашырлық көрсеткен жігітке іші жылып қалған. Оның кім, қандай адам
екенін біле қоймаса да “нақақ қаралап, күйдіре қоймас” деген ой миына мықтап орнығып алған.
Мақсұт сүмелек сөндірген үміті қайта тұтанғандай əр сəт сайын елегізіп, жақсы хабар күтетін
əдет жабысты.
Бөлменің бір бұрышынан екіншісіне барып, аяңдап есіктің түбіне келіп, сыртқа құлақ түреді.
Аракідік əлдекімдердің аяқ дыбысы естіліп қалады. “Біреуді тергеуге алып бара жатқан шығар”
деп ойлайды. Ол кім? Бəлкім, өткен айда осы камерада жатқан жігіт болар. Əлде шекара бұзып,
қолға түскен қытайлықтардың бірі ме екен?! Аяған əрі-бері өткендердің кім екенін біле
алмасын түсінді. Білетіні – түрмеде жиырма екі камера бар. Он үшінші камера медпункт.
Алакөлеңке дəлізбен екінші қабаттағы тергеушіге айдап алып бара жатқанда камераларды
санайды. Жоғарыда шам жанып тұрғандарында адам бар. Олар кімдер? Түрмеде жатқандар
бірін-бірі білмейді. Оларды жолықтырмайды. Аяған бес айдың ішінде бес-ақ адамды көрді.
Олардың үшеуі шекара бұзған қытайлық, екеудің бірі пара алып қолға түскен, екіншісі
наркоман болатын. Олардың кейінгі кезде қайда екенін, мəселелерінің қалай шешілгенін Аяған
білмейді. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу бөлімінде жатқандардың арасында саяси
тұтқындар бар ма? Аяғанның көп ойланған, бірақ жауабын таба алмаған сұрағы осы.
Түрмедегілерді бір-бірімен кездестірмейтіндігіне қарағанда, мұнда саяси тұтқындар бар сияқты.
Өзі тəрізді болар-болмас іске бола қарауылға ілініп кеткендердің бірін-бірі көріп, жағдай
сұрасқанынан не өзгереді? Тəртіп соншалықты қатал.
Бес айдың ішінде екі рет он үшінші камераға барды. Он үштің басқаларынан көп
айырмашылығы бар, мұнтаздай таза бөлменің ауасы да кең. Алпысқа иек артқан ілмиген арық
сары əйел екі ретте де жылы шырай танытып, күле қарсы алды. Алғашқысында асқазаны
ауырып, іші тоқтамаған соң барған. Екінші рет қан қысымы көтеріліп, ұйықтай алмай азапқа
түскенде алып барған. Қан қысымын қалыпқа түсіргенмен, ұйқысын түзетуге кемпірдің шамасы
келмеді.
Сол үн үшінші камерада Сəкен Сейфуллин жатыпты дегенді күзетшілердің бірінен естігені бар
еді. Сол сөз есіне түсіп, камераға кірген соң аң-таң қалып, жан-жағына сүзіле қарап, аңтарылып
ұзақ тұрған. Тергеушілерден қиянат көріп, орнынан тұра алмай жатқан ардақты азаматты
аяушылығы жоқ жендеттер талай рет осы камераға сүйреп əкеліп тастаған шығар. Ол сыз еденде
қанға былғанып, қиналып жатқанда не ойлады екен? Кім біледі, бəлкім, ол кісіні осы он үшінші
камерада азаптап өлтірген болар. Заманның сол бір ақиқатын айтатын пенде жоқ. Сəкен туралы
шындықты білетіндер қалмаған да шығар...
Аяғанның құлағына осылай қарай беттеп келе жатқан аяқ дыбысы шалынды. Іште жатып-ақ əлгі
адамның қай тұсқа жақындап қалғанын шамалайды. Көрші камерада адам жоқ болу керек, он
шақты күннен бері оның есігі бір рет ашылмады. Бəлкім, жаңа тұтқынды алып келе жатқан
шығар. Мынау аракідік есіктің торлы терезесінен сығалап қарап кететін күзетшінің жүрісіне
ұқсамайды. Ешбір камераның алдына тоқтамай тіке тартып келеді. Белгісіз Аяған жатқан
камераның алдына келіп, есік ашты.
– Қуатов, тергеушіге!..
Əр кезде дайын отыратын Аяған лып етіп сыртқа шықты да, алакөлеңке дəлізбен ілгері
адымдады. Екі күзетші аяқтарын санап басып, əрбір камераның торлаулы терезесінен сығалап
жүр. Шығар есіктің аузында қолына қызыл байлаған тағы біреуі тұр. Үлкен кілтпен темір есікті
ашып, Аяғандарды шығарып жіберді де, қайта бекітті.


Əдетте тергеуге шақырғанда қиналып əрең баратын. Бүгін қамшы салдырмайтын жүйрік аттай
өзін алып келе жатқан жігіттің алдына түсіп, жорғалай жөнелген. Бір жақсы хабар еститіндей
көңілі елегізіп, асығыс адымдап келеді. Көңіліне əртүрлі ой шабады; бəлкім, ақтап жіберер,
бала-шағасымен жолығуға жағдай жасар ма екен. Тергеу аяқталып, сот үкім шығармай тұрып
мұндай мүмкіндіктің тумасын сезе тұра үміттенеді.
Міртемір оны орнынан тұрып қарсы алды.
– Қал-жағдайыңыз қалай? – деп сұрады тергеуші қол алысып тұрып. Ашынып жүрген Аяған
тілінің ұшына келіп қалған ащы сөзді əрең ірікті. – Сізді көптен бері мазаламаған себебім – куə
болған адамдармен жеке-жеке сөйлестім.
Аяған басын шалт көтеріп алып, тергеушінің жүзіне тесілді. Міртемірдің ұйқысы шала болған
тəрізді, екі көзі қызарып кетіпті. Аракідік есінеп қояды. Шаршап отырса да жүзі жылы.
– Олар не дейді?
– Олар əртүрлі əңгіме айтады,– деп күлді тергеуші. – Сізге олардың не дегенінің қажеті жоқ.
– Менің қорғануға да құқым жоқ па?
– Олардың айғағын сіздің ісіңізден түгелдей алып тастау керек деп ойлаймын.
– Неге? – деді тергеушінің бетіне телміре қарап отырған жігіт таңырқап.
– Қайшылық көп. Əлдекімдердің ұйымдастырған шаруасы сияқты.
Аяған кеудесін кере терең дем алды да, ақырын ғана күрсінді. Сыртынан жала жауып, айғақ хат
жазғандардың өтірігі анықталса өзіне пəле жұқпайтынын іштей сезетін жігіттің қуанғаннан екі
тізесі дірілдеп, басына қан шапшиды. Екі беті дуылдады. Оның жүзіндегі өзгерісті аңғарған
Міртемір жымиып күлді.
– Біздің мекеме жазалаушы орын емес деп сізге айтқанмын. Сол сөзімді дəлелдеу үшін біраз тер
төгуге тура келді,– деді тергеуші папкасынан қағаздарын алып жатып.
– Рахмет сіз-з-ге!
– Əлі ерте. Асықпаңыз.
Міртемір көзінің астымен оған ұрлана қарады. Алғашқы күнгі екпіні жоқ, беті қайтып, басылып
қалған сияқты. Бірінші жолығысқанда аузымен орақ орып, бет қаратпайтын жігіт еді. Бес айдың
ішінде шекесіне тағдырдың таяғы қатты тиіп, “ақыл” кіріпті. Бірақ сынбаған, майысқан.
Шамына тисең шалқасынан түсе салар шақар мінезі өзгермеген сияқты.
– Енді қанша жатамын мұнда?
– Білмеймін. Сот шешеді.
Тергеушінің айтқаны ауыр тиді. Жақсы сөз естимін деп дəмеленіп отырған. Аяған жасып қалды.
Ісі сотқа түссе нəтижесі белгілі. Демек тергеу жұмысы қайта басталады. Міртемірдің сөзіне
қарағанда, ол бұрынғылар дайындаған қағаздарды жауып тастап, қайта тергеп, өзінше
қорытынды жасайды. Қазіргі екпінімен ол істі талай айларға созар. Апыр-ау, сонда екі көзі төрт
болып тағы да бес ай жатпақ па?
– Бала-шағамды көрмелегі бес ай болды,– деді Аяған дауысы бұзылып. Қағаз жазып отырған
тергеуші басын шалт көтеріп алды, оның бетіне жалт қарады. Дауысы бұзылғанмен жүзінде еш
өзгеріс жоқ екен. Мақсұтпен жағаласып жүріп оңайшылықпен алдыра қоймастай болып піскен
тəрізді. Көңілі сəл ғана босап еді, əпсəтте жүрегіне мұз қатып, тастүйін болып қатайып алды.
Мұндай адамды қоқан-лоқымен ықтырып, күшпен алуға болмасын Міртемір біледі.
Аяған секілді азаматты болар-болмас кінəсі үшін күйдіру қате. Кішкентай кемшілігіне бола
бастан ұрмай кешіре салса, ақылы бар адам түсінер еді. Аяғын аңдып басып, сүрініп кетпеуге
тырысар еді. Ал ұсақ-түйек кемшілігі үшін артық таяқ жеген жан ашынады, дүйім жұрт
айқайлап айтып, əспеттеп жүрген Шындыққа сенбейді. Ол əрқашан ағысқа қарсы жүзуге
тырысады. Сөйтіп жүріп өмірі бүлінеді. Халқы үшін ұлан-асыр пайдалы іс тындырар азаматты
сүрініп кеткен шағында қолтығынан демеу шарт. Жер басып жүрген тірі пенденің адамшылық


міндеттерінің бірі осы.
Міртемірдің пікірі осындай. Аяғанға көмектесу, қол ұшын беру керектігін біледі. Оның бүлдіріп
қойған түгі жоқ. Жігіттің ісі “дейді, дейді, дейді екенмен” ушығып кеткен. Өлеңді жерге өрт
қойып жүретін əлдекімнің ісі бұл. Əйтпесе оның “дейдісінен” Кеңес мемлекетіне, оның
саясатына нұқсан келмейді мүлде. Аяған секілді иліге бермейтін қайсар жігіттерді
ұнамағандықтан түрмеге қамап, мемлекеттік жүйеге, Кеңес идеологиясына қарсы күресуші күш
ретінде жазалау қара басының мүддесі үшін үлкен қиянаттарға қиналмай бара салатын мансабы
бар жаппарқұлдардың ісі екенін Міртемір біледі. Олардың қулығына құрық бойламайды.
Қарсыласты қағып түсірудің небір əдістерін меңгерген жаппарқұлдар ешқашан айыл
жыймайды. Олардың тамыры тереңге кеткен. Тым тереңге. Аяғанды қауіпсіздік комитетінің
түрмесіне əкеліп тыққандарын көрмеймісің. Кеңес үкіметіне, мемлекеттік жүйеге қарсы
пендені жанына үміті бар адам қорғамайды. Қорғай алатындар бұл іске араласса аяғының немен
тынарын біліп, реті келіп тұрған жерде бұғып қалады. Нақақ күйген азаматты қаймықпай
қорғаған Шындықтың əлсіз дауысын ешкім де құлағына қыстырмайды. Өйткені шындық əлсіз.
Ол ешкіммен күресе алмайды. Сол себепті де Аяған секілділердің талайы 170 статьяның бірінші
тармағы бойынша сотталып, үш жылға кесілген. Міртемір ауыз толтырып айтатындай үлкен
кінəсі болмаса да 56, 58 статьялармен айыпталып, 12 жылға сотталған пешенесінің соры бес
батпан бейшараларды да көрген. Ашық ауыз аңқау сорлылар ойын ашық айтқаны үшін жазықты
болды. Оңашада Кеңес үкіметін жерден алып, жерге салатын кейбіреу ештеңеге ұрынбай-ақ
ұрттап ішіп, шайқап төгіп, жалғанды жалпағынан басып, тайраңдап жүр. Ондайларға жала
жұқпайды. “Сойыл сорлының шекесіне тиеді” деген рас. Осыдан үш жыл бұрынғы бір оқиға
Міртемірдің есінде.
Шалғайдағы ауданнан “Кеңес үкіметіне тілі тиді, пиғылы жат” деген желеумен бір жігітті алып
келіп қамаған. Тергеу ісі Міртемірге тапсырылған. Істің байыбына барып қараса, соншама
даурықтырып, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне сүйрейтіндей кінəсі жоқ екен. Өзіне тете
інісін біреулер ұрып өлтіріп кеткен. Заң орындары кінəлі адамдарды таба алмай іс жабылған.
Інісінің өліміне қайғырып, қан жұтып жүрген жігіт ашумен барып аудандық прокурорына ауыр
сөз айтады. Бірнеше күн өткен соң көршісінің үйінде ішіп отырып:
– Туған жеріңде жүрсең өлер ме едің, бауырым,– деп өкіреді. – Ит құрлы құның болады-ау,
бауырым. Бөтен екенбіз ғой, құдай-ау!..
Бар болғаны осы. Жігіттің ата-анасы мың тоғыз жүз елу бесінші жылы Қытайдан өтіп келген
екен. Прокурордың тапсырмасымен əлдекімдер Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің аудандық
бөліміне арыз айдап жібереді. Сол мекеменің “қызу қанды” жас қызметкері “пиғылы бөтен”
жігіттің соңына түсіп келіп береді, əркім-əркімнің аузынан мол материал жинап, қорыққанынан
жақ жүні үрпиіп жүдеп кеткен жігітті дедектетіп Алматыға алып келген.
Басқа біреудің қолына түссе ол жігіттің тағдырының қалай шешілерін Міртемір білмейді. Көп
статьяның біріне ілігіп, айдалып кетер ме еді. Қатты қорқытып қойған ба, қағазға түскен
айыптау қорытындысын жоққа шығаруға шамасы келмей, мойындай береді.
– Солай болып еді, ағатай. Құдай атып, ішіп отырып айтып қойыппын. Кешіре гөр, ағатай! – деп
без-без етеді бейшара.
Көп дабырайтпай əлгінің ісін жауып, өзін босаттырып жіберді. Жігіттің сондағы қуанышында
шек жоқ еді.
– Ой, құлдығың болайын, ағатай-ай! Бұл жақсылығыңды өмір бойы өтей алмаймын-ау əттең... –
деп көзіне жас алып, Міртемірді құшақтап, өкіріп тұрып жылаған. – Сен болмасаң шаруам бітіп
еді. Ауылдағылар мені аямауға бекінген.
– Оларға не жазып едің?
– Əйелдің шаруасы, ат-тасының! Бұрынғы келініңізбен дəм-тұзымыз жараспады. Ол


прокурордың балдызы еді...
Міртемірдің байқауынша, Аяған да сондай бір мінəйі себепке байланысты қуғын көрген. Оны
ақтап алу оңайға түспейді. Байқауынша, аңысын аңдып, нысанаға алып отырған адамдар бар
сияқты. Жəне олар тамырын тереңге жіберген, қарсыласқанның омыртқасын үзетін тегеурінді
топқа ұқсайды. Күшіне сенген топ ешкімді аямайды.
– Хат жазып, хабар алуға рұқсат жоқ па? – деп сұрады Аяған біраз үнсіздіктен кейін.
– Болмайды,– деп бас шайқады тергеуші. – Аз уақыт шыдаңыз.
– Шыдамағанда қайда барамыз? Шындық жеңіп, жаладан құтылсақ болды да.
– Қолымыздан келгенді жасаймыз.
– Ақиқатқа қолымды бір іліндірсеңіз ақтық демім біткенше тілеуіңізді тілеп жүрер едім. – Бұл
жолы Аяғанның көңілі шын босады. Міртемірдің өзіне деген ниетін таныған сол пиғылы бөтен
адамның алдында кірпік қақпай қасарысып қалатын жігіт көзіне үйірілген жасты жасырғанған
жоқ. – Үш балама айтып, тапсырып кетер ем. Олар да сіздің...
Бұдан арыға Аяғанның шамасы келмеді, дауысы дірілдеп, тілі икемге көнбей булықты. Дап-
дардай болып осалдық танытқанына қысылды ма, ақырын ғана езу тартып, басын шайқап-
ш.айқап қойды.
– Сізді шақырған себебім – кейбір мəселелерді анықтап алу керек болып тұр,– деді тергеуші
Аяғанның тағы да тілек айтуға дайындалғанын сезіп. – Сіздің үстіңізден жазылған арыздарды
ұйымдастырушы кім деп ойлайсыз? Тасада тұрған біреу бар-ау, сірə.
Аяған ойланып біраз отырды, сонан соң əнтек езу тартып, бас шайқады. Өзін ұнатпайтын, жек
көретін адамдарды біледі. Əлгілерді атап-атап айтуына болар еді, көзімен көріп, қолымен ұстап
алмаған соң оларға жала жабуға ары бармады. Өткен жолы арызға қол қойғандардың арасынан
Алмастың аты-жөнін көрді. Оның дəл осындай иттікке баратындығына өліп бара жатса да
сенбейді. Əрқашан ойында Жақия тұрады. Өзіне қарсы істің бəрін сол сүмелектің
ұйымдастырып жүргенін іші сезеді. Қазір де, міне тілінің ұшында тұрған Жақия Тайлақұлының
атын атай алмай, жағы қарысып отыр.
– Ермак туралы айтқан əңгімелеріңізді мойындамауға тура келеді. Сіздің ойыңызды көпшілік
дұрыс түсінбейді. Кез келген мəселеге үстем ұлттың көзімен қарап, баға береміз.
– Білемін,– деді Аяған бас шұлғып, – Ермак ұлы орыс халқының өкілі. Ол жақұт немесе
молдаван болса ешкім көңіл бөлмес еді.
– Мұндай сөздердің керегі жоқ,– деп Міртемір қабақ шытып. – Аузыңыз күйетіндей болған жоқ
па? Үндемеуге үйрену де үлкен өнер.
– Үйрене бастадық қой үндемеуге.
– Екінші Ауғанстан мəселесі. Ауғанстандағы соғысқа қарсы студенттердің арасында үгіт
жүргізбегеніңізді дəлелдеу қажет. – Тергеуші оның жүзіне барлай қарады. Не дейсің, қалай
дəлелдейсің дегендей ыңғай бар жүзінде. – Куəлар керек. Студенттердің арасында сенімді
адамдарыңыз бар ма?
– Алмас Байсанов деген студент бар. Үшінші курста...
– Тағы кімдер бар?
– Елемесов Қанат, Қаңтарбаев Ерік...
Міртемір студенттердің аты-жөнін жазып алды да, көп қағаздың ішінен бір парақты алып,
үңіліп біраз отырды.
– Алмас Байсанов дейсіз бе? Ол сіздің Ауғанстандағы соғысқа қарсы сөз айтқаныңызды
растапты,– деді.
– Мүмкін емес.
– Менен бұрынғы екі тергеушіге берген жауабы сондай.
– Алмас Байсанов па? Өзіміздің Алмас...


– Иə, өзіңіздің Алмасыңыз...
Аяған күлді. Бірақ күлкісі жылаған адамның дауысына ұқсап кетті. Міртемірдің жаңағы
хабарына мүлде сенген жоқ. Анау бір кезде Мақсұт та сондай шатпақты көрсеткен. Ол кезде
мүлде сенбеп еді. “Қолдан жасалған қағаз” деп ойлаған. Əлі де сол ниетте, мұндай сатқындық
басқадан шығар, ал өзі білетін Алмас басын кесіп алса да ондай иттікке бармайды.
– Алмас ондай жігіт емес,– десе де Аяғанның көңілін жексұрын сезім жайлап алып, бей-жай
күйге түсті.
– Тағы да шақырып сөйлесерміз,– деп жымиды тергеуші. – Леонид Ильичтің суретін неге
əлеміштегенсіз?
– Ой, ол балалардың ісі ғой,– деді тұнжырап отырған жігіт сергіп, иығы селкілдеп күлді.
Брежневтің журналға басылған суретіне сақал-мұрт жасап, екі омырауын Алтын Жұлдызға
толтырып, басына киіз қалпақ кигізіп жүрген Елжас болатын. Ойында ештеңе жоқ, екі бүктеп,
бір кітаптың арасына салып қойған. – Елжас деген батырдың істеп жүргені ғой.
– Сізге тағылған айыптың барлығынан арашалап аламын деп өтірік айта алмаймын. Менің
мақсатым – сол айыптарды мейлінше жеңілдету.
– Рахмет сізге!
– Əділет үшін күресу – біздің міндет. Ал өз міндетімді дұрыс атқарғаным үшін рахмет дəмету
ақылға сыймайды,– деп күлді жігіт. – Дəрігер адамның өмірі үшін күреседі. Адам – қоғамның
капиталы.
– Дұрыс айтасыз.
– Дұрыс айтсам кейбір мəселелерге байланысты кінəңізді мойындауға тура келеді. Мысалы,
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1948 жылы қабылдаған адам правосы жөніндегі
жалпыхалықтық декларациясының бір данасы сіздің үйден табылған.
– Москваға барғанда біреу берген... Баяғыда-а...
– Көп сөздің керегі жоқ. Ең дұрыс жол – кейбір қатеңізді мойындап, кешірім сұрайсыз. Бізді де
аңдып отырғандар бар. Сөз осымен тəмам.
– Кінəмді мойындаймын деп күйіп кетіп жүрмеймін бе?
– Күйе қоймассыз. Күйсек бірге күйерміз,– деп жымиды тергеуші. Осымен əңгіме аяқталды
дегендей орнынан тұрып, жігітке қолын ұсынды.
– Айтыңызшы,– деді Аяған тергеушінің қолын ықыластана қысып тұрып. – Жағдай неге аяқ
астынан менің пайдама қарай өзгерді? Мақсұт мені құлататын орды тереңдетіп қазып қойған
сияқты еді ғой.
– Мен ештеңе білмеймін,– деп күлді Міртемір жауаптан қашып. – Сіздің ісіңізді қайта қарауды
маған тапсырды. Осы үйдің ішінде жүріп бізде ештеңе білмейміз.
Аяған ойланып қалды. Көңілінде кілкіп тұрған көп сұрақтың жауабын Міртемірден ала алмасын
іші сезіп үндемеді.
Камерасына қайтып келе жатып əртүрлі ойға кетті. Əлдекімнің арашаға түскенін түсінді.
Москваға жазған хаты ойына оралды. Бəлкім, сол хаттың шамағаты тиген шығар.
Əлде Алмас пен Асылханның ісі ме екен? Төсек тартып жатса да, кінəсіз күйген шəкіртін
арашалап алу үшін асқан қайсарлықпен күресіп, үйірлі қасқырмен жалғыз алысқан ұстазы
Алдиярды ойлағанда жүрегі жылып сала берді.
Аяған көп ұзамай кең дүниеге шығып, азаттықтың кəусар ауасын жұтатындығына сенді.


32
Күні кеше бір курстың бетке ұстар мақтынышы ретінде дəріптеліп, аты ауыздан түспейтін
Алмас бір-ақ күнде абыройдан жұрдай бола салды. Қасынан қалмай шашбауын көтеріп жүретін
нөкерлері де сырт айналды. Олардың Ерік пен Қанаттың жыртысын жыртып, деканат пен
ректоратқа шабуылдап дүрлігіп жүргеніне бірнеше күн. Олардың өтініш-тілегіне құлақ қойып,
шикі шаруаның мəнісіне барып жатқан ешкім жоқ. Алдына өтініш айтып келген үш студентке
декан ай-шай жоқ дүрсе қоя берген.
– Сендер олардың кім екенін білемісіңдер? Олар наркотик сататындармен сыбайлас. Ал сендер
мəселенің байыбына бармай айқайға аттын қосып жүрсіңдер,– деген деканның сөзіне үшеуі
бірдей күлген.
– Ағай-ау, олар өмірі темекі тістеп көрмеген балалар. Неге жала жабасыз?
Студенттерден мұндай батылдық күтпеген Жақия əдепкіде абдырап қалған, ашуға мініп, үшеуін
ықтырып алудан басқа амалының жоқтығын түсінген декан айқайға басқан. Жағдайға
байланысты құбылып, небір қиын кезде сынаптай сырғанап жол тауып кететін Жақия бұл жолы
қателесті, əділетсіз шешімге қарсылық білдіріп келген үшеудің көңілін аулап, алдап-сулап
шығарып салудың орнына оларды ашуландырып алды.
– Біле білсеңдер сендердің бұларың ректораттың шешіміне емес, Советтік қоғамға деген
қарсылық,– деп соқты Жақия. – Сендерді кімнің айдап салып отырғанын білемін. Үкіметке
қарсы адаммен байланыс жасайтындарың да белгілі бізге.
Белді бекем буып келген үшеуі ықпады. Біріне-бірі қарады да, үндеспей ұғысты.
– Қуатовпен байланысы бар студентке біздің арамызда орын жоқ.
– Қуатов таза адам. Біз оған байланысты жазылған айғақ хатымызды қайтып аламыз,– деді
үшеудің бірі.
– Біз сіздің сөзіңізге алданып, Аяған ағаға жала жаптық,– деді екіншісі.
– Қаңтарбаев пен Елемесовты ортамызға қайтаруыңызды талап етеміз,– деді үшіншісі. – Олар
қайтып оралғанша бірде-бір лекцияға келмейміз.
Үш студент Жақия ойын жинап үлгергенше шығып кетті. Декан ашуға булығып, сылқ түсіп,
сұлық отырып қалған. Ашуы тарқап, болған жағдайды ақыл таразысына салып, ой елегінен
өткізген Жақия таяқтың өз маңдайына тиетінін сезген соң дереу Алмасты шақырып алған.
Əдеттегідей асты-үстіне түсіп, жылы сөйлеп жылмаңдамай төтесінен тартты.
– Сенің курстастарың бунт шығарып жатыр. Жаңа ғана осында үшеуі келіп кетті. – Декан қарсы
алдында ішінде ит өліп жатса да беті бүлк етпей мүлəйімсіп тұра беретін Алмасқа зəрлене
қарады. – Сен үшін біз күйетін болдық ақыры.
– Мен не бүлдіріп қойып ем? – деп Алмас қысыла езу тартты. Деканның нені меңзеп тұрғанін
іші сезді.
– Əне, енді сендер сүттен ақ, судан таза болып шыға келесіңдер.
– Не де болса айтып өлтіріңізші,– деп мүлəйімсіді жігіт.
– Оларың мұнысы бунт! Совет заңын сыйламағандық! – Жақия қайта көтеріліп кетті. Жылы
сөйлеп, кез келген адамды майлы ішекше айналдыратын деканның мына қылығына Алмас
түсіне алмады. – Олар Қуатовты қорғай алмайды. Қуатов – жау!..
– Олар Қуатов үшін емес, Қаңтарбаев пен Елемесовқа бола дүрлігіп жүр.
– Немене олардың оқудан шығарылғанына сен де қарсымысың?
Алмас не дерін білмей қысылды. Оның ниетін декан бірден таныды. Сеніп жүрген адамының
жеме-жемге келгенде ештеңе білмеймін деп жалт бұрылып кететінін сезді.
– Олардың қылмысын айғақтап, ректордың атына хат түсірген мен болдым ба?


– Cіз тапсырдыңыз, біз...
– Мен ешкімге тапсырма берген жоқпын, шырағым,– деді Жақия оның сөзін бөліп. Алмас тіл
ұшына келіп қалған сөзді ірке алмады.
– Сіз тапсырма бермесеңіз мен де бұл іске араласқан жоқпын. Олардың ішінен, мас болып
жүргенін көрген емеспін.
– Көргенсің! Ректорға хат жазып, мəлімдеме жасаған мен емес, мына сен!..
– Мен қол қойған емеспін. Білмеймін...
Жаңа көріп тұрғандай Жақия оған таң қала қарады. Бұл жолы Алмас та көзін алып қашып,
əбігерге түсіп, төменшіктеген жоқ. Қыр соңынан өкшелеп қалмай жүретін қорқынышты
ұмытып, ызаның ырқында кетті. Жақия бастаған əңгімесін қоздатса Алмас одан сайын
өршеленіп кетер еді. Жас жігіттің ызадан түтігіп кеткен жүзін көріп, қу мүйіз декан қазан
қайнатардай ашуын сабырға жеңдіріп, оны алдарқату үшін езу тартты.
– Жə! – деді Алмасты арқасынан қағып. – Кінəласып жататын уақыт жоқ. Бізге тізе қосып,
əрекет жасау керек. Таяқ алдымен екеуміздің шекемізге тиеді.
– Мен шаршадым. Маған ештеңенің керегі жоқ,– деп ағынан жарылып, шынын айтты жігіт.
– Шаршауға болмайды. Сен жағалаудан ұзап кеттің, Алмасжан,– деп декан суық жымиды. –
“Кемедегінің жаны бір” деген сөз бар. Сен өзің үшін... Өзіңді қорғау үшін əрекет жасауға,
күресуге міндеттісің.
– Маған не істе дейсіз енді?
– Курстастарыңды ақылға шақыр. Дүрлікпесін. Олар Қуатовтың жағына шығып кетуі мүмкін.
Ол түрмеден шықса түседі соңымызға, б-а-ала...
Алмас селк етіп, деканға жалт қарады. Мекерси күліп, кез келген адамға одырайып шекесінен
қарайтын Жақияның жүні жығылып қалған сияқты, өңі солғын. “Аяғанның ақталып шығуы
мүмкін-ау” деген ойдан аулақтап кеткен жігіт деканның жаңағы сөзіне сенер-сенбесін білмей
аңырайып тұр. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қолына түскен адамның су жұқтырмай
құтылып шыққанын естісе құлағы керең болсын. Жақиянікі не ғауіп? Əлде бір əңгімені құлағы
шалды ма екен?
Алмастың екі беті дуылдап, басына қан шапшыды. Соңынан қуған қауіптен қашып келіп,
тұйыққа тірелгендей шарасыз күйге түскен пенденің кебін киген.
– Студенттермен сөйлес. Қызбалық жасамасын. Біздің қолымыз ұзын. Ешкімді аямаймыз.
– Олар мені тыңдамайды.
– Тыңдамаса тыңдату керек.
– Сізді де тыңдамайды,– деді Алмас батылданып. Бұрын тура қарай алмай бүгежектеп тұратын
ынжықтау баланың не себепті тік сөйлеп тұрғанын Жақия іштей бағамдады. – Тыңдасын десеңіз
Қаңтарбаев пен Елемесовті қайтадан оқуға алыңыз.
Жақия ойланып қалды. Өтініш айтып, Байларовтың алдына барса ол не дейді? Қандай себеп
айту керек? Ол түсінсе жақсы. Ал Байларов қасақана түсінбейді. Күні кеше өзі қол қойып,
оқудан шығарып жіберген екі студентті қайта қабылдап, беделін түсірмейтіні белгілі. Таяқ
Жақияның маңдайына тиеді. Мұса Байларовтың қаһарына іліккен пенденің қандай қалге
ұшырарын мүйізі қарағайдай атақты ғалым Алдияр Ақпанұлы дəлелдеді.
Соңғы уақытта Байларов мұны жақындатпай жүр. Қабағы салқын. Сөзін жүре тыңдайтын əдет
тауыпты. Бекер емес. Қуатовтың шаруасына Сəруаров деген біреу араласып, біткелі тұрған іске
үлкен кедергі жасап, дымын құртты. Оған міне, студенттердің дауысы қосылып, уайымы
ұлғайып тұр. Өрісі тарылып, жан-жағынан жаманшылық анталап келеді. Жан сақтау үшін
жанталасу керек.
Сонда не істемек? Студенттердің көңілін таппаса өрт шығып кетуі мүмкін. Оларды
тыныштандыру мына баланың қолынан келе ме? Оңайшылықпен көнейін деп тұрған олар жоқ.


Тіпті икемге келмей бара жатса барлық салмақты осы балаға аударып тастап, құтылып кетуге
тырысар.
Жақия өзінен көз алмай түнеріп тұрған жігітке күле қарағанмен оның түсі жылымады. “Мені
өтірік күліп алдама, ішіңдегіні білемін” дегендей кірпік қақпай тұр. Момын Алмас адам
танымастай өзгеріп кеткен сияқты, күні кеше қалбалақтап, кісінің бетіне тура қарай алмай бет
моншағы төгіліп, қысылып тұрушы еді. Өзгерген. Себебі не? Қалай білудің ретін таппай
тұрғанда жігіттің өзі шешілді.
– Мені Алдияр Ақпанұлына қандай оймен жұмсадыңыз?
Декан көзін кеңірек ашып, жігіттің қуырыла түскен танауына қарап, езу тартты. Мына бала
түпкі ой, ниетін сезіп қойған секілді. Əлде дүниені тауысқан қу мүйіз профессор Алмастың
басын айналдырып, жадылап жіберді ме екен?!
– Алдекең бəріміздің ұстазымыз.
– Олай болса неге өзіңіз бармадыңыз?
– Ол кісі мені қабылдамайды ғой, өзің білесің,– деді Жақия күрсініп. Үн-түнсіз ұзақ отырды. –
Алмасжан, сен бүгін біртүрлі болып отырсың ғой. Саған не болды?
– Мені студсоветтен босатыңыз,– деді жігіт оның сұрағын естімегендей сыңай танытып. Оның
дəл осылай дерін алдын-ала біліп жүргендей Жақия мүлде таң қалған жоқ. Аяңдап барып
орнына отырды да, тартпасын ашып, бір парақ қағаз алды.
– Оқы,– деді. Əлгі қағазды жігіттің алдына тастады. – Болатын бала ма деп жүрсем... Əй, жолың
болғыр!..
Алмас бір парақ қағазға көз жүгіртті. Бұл Алмас Байсановты жарты жалақыға қызметке алу
туралы ректордың бұйрығы екен. Қабағы ашылмай түнеріп, Жақия “ə” десе “мə” деуге дайын
тұрған жігіттің маңдайынан бұрқ етіп тер шықты. Жетімдік иттің талауына түсіп, жүрегі əбден
шайлығып қалған Алмастың көңілін күйрек сезім арбады.
– Сен маған осы күнге дейін сенбей жүрсің. Осы жақсылықтарды сені мұқату үшін, сүріндіру
үшін əдейі жасап жүр екенмін ғой. Түсінігің осы болса, рахмет! – деп күйіне сөйлеген
Жақияның бетіне қарауға батылы жетпеген Алмастың ұяттан жүзі күйді. Кешірім сұрағысы
келіп оқталған, бірақ тілі икемге көнбей дағдарды.
Жоқшылық арқасына аяздай батып, көрінгенге жаутаңдап жүріп ержеткен Алмас əлдекімнің бір
ауыз жылы сөзіне кəдімгідей марқайып қалатын. Ештеңесін бөліп бермесе де жылы сөзге
сараңдық жасамаған пендеге іші жылып, тілектес болып жүретін. Ал дəл Жақиядай жақсылық
жасаған ешкім жоқ. Еш еңбегі сіңбесе де жетпіс сом жалақысы бар қызметке алмақшы. Жетпіс
сом! Осы күнге дейін жоқшылықтың, тапшылықтың құшағынан шыға алмай жүрген Алмас үшін
бұл ғайыптан түсе салған стипендиясы жаңа туған нəрестеге арнап жасалған көрпе сияқты
басына тартса аяғы, аяғына жапса кеудесіне жетпей таршылықтың тауқыметін мықтап тартқан
жоқ па. Өзіне қамқор болып, жақсылығын аямай жүрген адамның жағасына жармасқаны қай
сасқаны?! Соншалық шалқаятындай тіреп тұрған кімі бар?
Алмас өзін аямай сөкті. Дəл осы сəт қара жердің тесігі болса кіріп-ақ кетер еді.
– Артық айтсам кешіріңіз,– деуге шамасы келді.
– Мен туралы не ойласаң да ерік өзіңде. Ал сен сияқты болашағы бар жастарға қамқорлық жасау
біздің міндет.
Осымен əңгіме бітті дегендей орнынан тұрып, Алмасқа қолын ұсынды. Жігіттің алақаны
быршып терлеп тұр екен, жиіркене тұра Жақия қолын тартып алмады. Бұрынғыдай иығынан
қаусыра құшақтап, есік алдына дейін ұзатып салған жоқ.
Деканның алдынан жүні жығылып, сүмірейіп шыққан Алмас аудиторияға келіп, жападан
жалғыз ұзақ отырды. Курстастары қарсылықтарын ашық білдіріп, лекциядан кетіп қалыпты.
Олар талаптары орындалғанша лекцияларға келмеуі мүмкін. Сол үшін ректор деканды


шырылдатады. Жақия мұны бекер шақырған жоқ, жанашыр, жақын адам деп есептейтіндіктен
көмек сұрап еді, қайдағы жоқты қыжыртып, шалқасынан түсе жаздады. Бұл тексіздік. Тауықтың
миындай ғана миы болса өзіне жақсылық жасап жүрген адамның бетінен алып, меселін
қайтарар ма еді. Көргенсіздік мұнысы. “Сыйға – сый, сыраға – бал” дейді халық. Жақияның
өзіне жасаған жақсылықтарының қарымтасын қайтаруға міндетті. Сонда не істеуі керек?
Ойы онға, санасы санға бөлінген Алмас тұйықтан шығар жол таба алмай ұзақ отырды. Бір
түйінге келмей орнынан тұрып, сыртқа шықты.
Кеше жауған қалың қар əлі кірлей қоймапты. Аспан нілге шайғандай тап-таза, күн мейірін төгіп
тұрғанмен ауада шым-шым аяз бар. Ұлпа қар қатып, буыны бекіп үлгермепті, Алмас көсіп алды,
суға салған мақта сияқты екен. Қалың қардың ұзақ жатпасын түсінді. Аз күнде көктем
шығатынын еске алды, бірақ көңілін құрсаған мұң сейіле қоймады. Əне-міне дегенше
табалдырықтан аттағалы тұрған көктеммен бірге бір жаманшылық келердей Алмастың басын
уайым қаңғыртты.


33
Қыс кешігіп келгендіктен бе биылғы көктем асықпады. Наурыз айының бел ортасына дейін
қайта-қайта қар жауып, аяз кəріне мінді. Сонан кейін төрт-бес күн бойы аспан тазарып, күннің
қызуы көтерілген, буыны бекіп үлгермеген қар еріп, Жер-Ана жоса-жоса болып терледі.
Алматының көшелерімен сел жүрді. Наурыздың аяғына қарай қара суық қағынды. Ауа райының
қайта-қайта құбылып, өзгере бергені Əсемге жақпады. Ауруханадан сіңіріне ілініп, əлсіреп
шыққан бейшара екі күннің бірінде бас көтере алмай жатып қалатын болып жүр. Бір үйдің
салмағы əне-міне деп күнін санап отырған Хадишаның иығына түсті, таң атпай тұрып, Бибіні
балалар бақшасына апарушы еді, қазір оған шамасы жоқ, денесі ауырлап, жүріп-тұруы
қиындады. Соған қарамастан тыным таппайды, аяңдап дүкенге барып қайтады, бала-шағаның
киімін жуып, тамағын дайындайды.
Алдияр Ақпанұлының келімді-кетімді қонай үзілмейтін пəтері анау бір кезде қан базарға
айналып кетіп еді, Асылханның қазасынан кейін адам аяғы сиреді. Аракідік сағындырып барып
бас сұғып шығатын Ақбота көптен бері көрінбей кетті, бейшара қыз Асылханның қазасынан
кейін жақ жүні үрпиіп, көзі шүңірейіп, əжептəуір жүдеген. Соңғы рет көргенде оның көркіне
Əсем мен Хадишаның көңілі толды. Қымс етсе көзі боталап, Асылханның атын аузынан
тастамай мұңайып отыратын қыз жаңалықтарын айтып, самбырлап сөйлеп, рахаттанып
күлгенде екеуі қуаныштан көздеріне жас алған. “Өлгеннің артынан өлмек жоқ” деп қазақ біліп
айтқан. Əсем мен Хадиша оның маңдайының ашылып, бақытты болуын құдайдан тілеп, өңі
қуаныштан гүл-гүл жайнаған Ақботаны кезек-кезек құшақтап, жақсы тілектерін аямаған. Содан
бері Ақбота хабарсыз. Үнсіз кетті деп оны кінəлап жатқан ешкім жоқ. Қыздың бұл үйге жиі-жиі
келмейтін себебі екеуіне де түсінікті. Тірі адам тіршілігін жасайды. Ол қашанғы сор сораптап,
мұңға тұншығып жүрсін. Бұл үй ескіні еске салады, ұмытылуға айналған қылықты күндерді,
Асылханның тəтті сөздерін, лəззəтті сəттерді тірілтеді. Ескінің еске түскені Ақбота үшін азап.
Үріп ауызға салғандай қыздың он екі де бір гүлі ашылмай жатып қасірет жұтып, қайғыға
қақалғаны кімге керек?! Оны білетіндердің тілегі жақсы. Алланың нұры Ақботаның басына
бақыт болып жауса дейді екеуі.
Əсем мен Хадиша ешқашан Алмасты ауызға алмайды, бірақ екеуінің көңілінде əмісе сол
тұрады. Əсем бірнеше мəрте Алмасты тауып, осында ертіп келуді ойлаған. Бірақ Хадишаның
жарасының аузын тырнауға батылы бармай, ішінен тынды. Алғашқы күні Əсем жігіттің атын
аузына алып, əңгіме бастағысы келген. Хадишаның екі көзі боталап, бөлмеден шығып кеткен.
Осы жағдайдан кейін екеуі де оны біржола ұмытқандай болып жүрген. Анау күні Əсем жігіттің
атын атап, ептеп емеурін танытқан. Хадишаның жүзі сұрланып, екі көзіне ыза тұнған.
– Ондай оңбағанды маңымнан жүргізбеймін, тəте,– деген ашулы үнмен.
– Е-е, айналайын, аман-есен босанып, қол-аяғыңды бауырыңа алсаң болды да. Денің сау болса
ешкімге жалынбайсың. Адамға керегі денсаулық қой,– деп күрсінген келіншек. Екеуінің Алмас
туралы əңгімесі осымен таусылған.
Рас, Хадиша үмітін үзбейді, оны көп күтті. Алмас кіріп келердей елегізіп, кірпігі айқаспай атар
таңды ұйқысыз қарсы алған күндерін санап тауыса алмас. Қайғыдан көкірегі қарс айырылып,
ағыл-тегіл төгілген көз жасын жинаса телегей теңіз болар еді. Аяғы ауырлай бастағанда қашып
жоламай кеткен Алмасты іздеп, жатақхананы торуылдап жүріп өткізген күндерінің есебінен
жаңылды. Жатақханаға күн сайын барғанмен ішке кіруге батылы жетпей, кірпігін жасқа шылап,
түннің бір уағында қайтып келетін Хадишаны бірге тұратын қыздар жұбата алмай шаршайтын.
Құрбылары Алмасты іздеп тауып, болған жағдайды айтқанда оның шалқасынан түсіп
тулағанын, безектеп басын алып қашқанын естімегенде Хадиша одан күдерін үзбес еді.


Алмастың пиғылын білгеннен кейін жағдайының қиындығына қарамастан, бірге тұратын
құрбыларының дегеніне көнбей туа біткен тік мінезіне еріп, қырсықты да қалды. Қанша жерден
көңілі қалып, Алмастың өзіне жасаған иттігіне күйініп, оны екі дүниеде кешпеске бекінгенмен
жүрегінің түкпіріндегі оттың өшіп болмағанын Хадишаның өзі ғана білетін. Алмас туралы
айтылатын əңгімеге аңсары ауып тұрғанмен өзге түгіл өзінен жасырып жүрген сыры əшкере
болардай күдіктенетін. Хадишаның жігіттің аты аталса кірпідей жиырылатыны сондықтан еді.
Қыз əңгімеден қашқақтап, жасырып, жапқанмен Алмасқа деген көңілінің біржола суымағанын
Əсем ептеп сезетін.
Хадиша аман-есен босанса Алмасты іздеп тауып, перзентханаға алып барамын деп жүрген
келіншек ауа райына байланысты ма, жоқ əлде, ескі сырқаты ушықты ма, кешелі бері бас көтере
алмай жатыр. Таң атқалы екі рет жедел жəрдем келіп, əртүрлі ем жасағанмен келіншектің
жағдайы жақсара қоймады. Күнін санап отырған Хадиша босана қалса екі баласына қарайтын
адамның жоқтығын ойлап, дəрігердің ауруханаға алып кетеміз дегеніне көнбей қасарысты.
– Тəте-ау, өзіңізді аясаңызшы,– деген Хадишаға күле қарап:
Сырмінез болған сырқат қой,– деді қинала сөйлеп. – Көктем мен күзде, ауа райы өзгергенде
қиналып қалатыным бар. Маған бола мазасызданба. Ауа райы қалыпқа түссе мен оп-оңай
жазыла саламын.
Ауа райы дұрысталғанмен Əсемнің жағдайы жақсармады, қайта-қайта демігіп, тынысы
тарылып, Хадишаның есін шығарды. Келіншектің жүзі оңған шүберектей бозарып, танауы
қусырылып кеткен, дем жетпей қысылғанда екі көзі аларып, əне-міне дегенше үзіліп кететіндей
болып көрінеді. Оған қандай көмек көрсетерін білмей абыржыған Хадиша əре-бері жүгіріп есі
кетті. Кішкентай Бибі бір сұмдықты сезгендей дем жетпей тұншыққан шешесінің аяғын
құшақтап алған, анасының қиналғанын көріп, шыр-шыр етеді. Елжас анасының қолынан
айырылмастай ұстап алған, егіліп тұр.
– Былай... Былай тұрыңдар! Елжас, анау бөлмеге барыңдар,– деуге Əсемнің шамасы əрең жетті.
Тыпырлап жүрген Əсемнің санасына енді ғана сəуле түсіп, анасының аяғын құшып шырылдаған
Бибіні көтеріп, басқа бөлмеге алып барды. Соңынан ілесе кірген Елжасқа:
Қозғалмай отырыңдар! – деп дəлізге шыққан Хадишаның іші бұрап ауырып, тып-тыныш жатқан
нəресте мінез көрсетіп, бұлқына бастады. Оны елейтіндей мұрша қайда, жүгіре басып қиналып
жатқан келіншекке келді. Жаңа ғана тік отырған Əсем бір қырынан жатып қалыпты, дем жетпей
тыпырлап, жанталасқан келіншектің ерні көгеріп, жүзі бозарып кетіпті. Ішінің солқылдап
ауырғанына қарамай оның басын сүйеп, су ішкізді, бірақ Əсемнің жағдайы оңала қоймады.
Шыбын жаны шырқыраған Хадиша жедел жəрдемге телефон соқты. Трубканы орнына
қойғаннан кейін іштегі нəресте қатты бұлқынып, “өенр” шығарды. Сүйек-сүйегі сынып, бұлшық
еттері дар-дар айырылып кететін секілді. Басы айналып, екі көзіне тер құйылды. Құлап қалмас
үшін қабырғаға сүйенді. Жанын қинаған ауруды елегісі келмей астыңғы ернін қыршып тістеп
алды, тіліне кермек дəм білінді. Сүйек-сүйегі шытынап, бұлшық еттері шыт-шыт айырылып,
терісі жыртылған тəрізді. Қаншама тістенгенмен жанына батқан азапқа шыдамаған Хадишаның
жан дауысы шықты.
– А-а-а!..
Ол бар күшін жинап алып, солқылдап төмен түсіп бара жатқандай болып көрінген құрсағын қос
қолымен жоғары көтеріп, қабырға жағалап, Əсем жатқан бөлмеге кірді. Келіншек терге
малшынып, ентігіп жатыр екен. Ішін ұстап, бір басып, екі басып жақындап келе жатқан
Хадишаның қандай жағдайға тап болғанын түсінген тəрізді. Құдайдың мына қылығына күйінді
ме, көзінен ағыл-тегіл жас парлап қоя берді. Екеуінің көзі тоқайласқан, Хадиша шошып кетті.
Əсемнің көзінде жылт жоқ екен.
– Тəте, сізге не болды? – деді əл-дəрмені құрып, əрең тұрған Хадиша шыбын жаны шырқырап.


Əсем жауап берудің орнына ақырын ғана езу тартты да, əнтек көтеріп алған басына ие бола
алмай сол жағына сылқ құлады...
Ішке апыр-топыр болып əлдекімдер кірді. Жарық дүниеге асыққан тентек тағы да бұлқынды.
Хадиша қабырғаға сүйенді.
– А-а-а!..
Əлдекімдер қолтығына жармасып, дедектетіп жетелеп ала жөнелді.
А-а-н-д-а а-а-д-а-м қиналып жатыр,– деді ол дауыстап. Оның көзіне құлақ қойған ешкім жоқ,
жетелеп əкелген күйі жедел жəрдем машинасына отырғызып, есікті тарс жапты. Оталып дайын
тұрған машина ытырылып алға ұмтылды. Ақ халат киген əйелдің біреуі қалып қойды. Тəубасын
іштей қайталап, құдайына сыйынып бара жатқан Хадиша көңіліне соны медет қылды.


34
Наурыз айының жиырма тоғызы күні дүниеге шырылдап бір азамат келді. Дəл сол күні бір
пенденің талқаны таусылып, мынау сайқал дүниенің қызығы мен шыжығын, қасіреті мен
қайғысын басқаларға қалдырып, Жер-Ананың сұп-суық құшағына кірді.
Бар жағдайды ересектеу Елжастан біліп, көрші-қолаң ақылдаса келе, бір қиырда жалғыз ұлдың
тілеуін тілеп, елегізіп жақсы хабар күтіп жатқан шал-кемпірге келіндерінің қайтпас сапарға
аттанғанын хабарлап, жеделхат жөнелтті.
Ертесіне кешкілік Алдияр Ақпанұлының есігінің алдына келіп тоқтаған совхоздың салдырлақ
ГАЗ-61 машинасынан Қуат қария түсіп жатты. Көзінен тамшылаған жас сақалын жуып, қайта-
қайта тізесі бүгіліп, құлап қала жаздап теңселген шалды қолтықтап келе жатқан шопыр жігіт
басу айтып, жұбатып қояды.
– Сабыр сақтаңыз, қария. Қалалық жерде дауыс шығару əбес болады,– деп жан-жағына
жаутаңдай қарайды.
Аталарын күте-күте екі көздері төрт болып, төзімдері таусылған Елжас пен Бибі шырылдап
жылап барып, шалдың құшағына тығылды. Аталарымен көрісіп, шырылдап жылаған екі баланың
дауысы соншалық аянышты еді. Шалға басу айтып келе жатқан шопыр жігіт шыдай алмай екі
көзі жасқа толып, теріс айналды.
– Құлындарым-ай! Бесіктен белдерің шықпай жатып жаратқан иеме не жазып едіңдер?! – деп
егілген шалдың қасіретке толы дауысы сыртқа шыққан көршілердің сай-сүйегін сырқыратты.
Біраз адам көз жасын сығып-сығып алды. – Құдайдың кəріне ілігетіндей пенде баласына
жасаған қиянатым жоқ еді ғой-ау...
– Сабыр, қария, сабыр... – деп шопыр жігіт екі немересін құшақтап, тізерлеп отырып қалған
шалды қолтығынан демеді. – Үйге кіріп, қайтар жолдың қамын жасайық.
Үйге ілесе кірген көрші-қолаң Қуат қарияға болған жағдайды баяндап, көңіл білдіріп жатыр.
Соңғы айларда жалғыз ұлдың уайымы жанына батып, қажып, қартайып кеткен шал лəм деп ауыз
ашпастан, басы салбырап отырды да қойды. Қаба сақалы мен мұрты аппақ болып ағарыпты, екі
беті нарттай қызарып тұратын етжеңді толық кісі еді, иығы қушиып қалыпты. Құдайдың
қысастығына жасар айла-шарғысы таусылғандай іштей өксіп, кемсеңдеп отырған шалды
көршілер қатты аяды.
– Ақсақал, сіз балалардың жанында болыңыз. Барлық жұмысты біз реттейміз,– деді қарама-
қарсы пəтерде тұратын баршын жасынан асқан ер адам. Басқалары оны үнсіз қостады.
– Осы үйде жүретін тағы бір əйел бар еді. Əсем қайтыс болған күні ұл тауыпты бейшара, – деді
күні бойы жападан жалғыз есік алдында отыратын неміс кемпір.
– Ол кім?
– Хадиша...
– Хадиша? – Шал аң-таң. “Апыр-ау, ол қыз тұрмысқа шығып та үлгерген бе?” Анықтап сұрауға
ұялды. – Е-е, бауы берік болсын баланың...
– Біз іске кірісейік. Қашан қайтасыздар?
– Осында түрмеде бала бар еді. Сол баланы босатса жүреміз, шырағым,– деді шал орнынан
тұрып жатып. – Мен жол білмеймін. Біреуің ертіп барыңдар мені.
Көршілер міндет бөлісті. Біреуі Əсемнің шаруасымен кетті, екіншісі Қуат қарияны ертіп, Аяған
жатқан түрмеге тартты.
Құдай деп тірлік кешкен ауыл адамының ұғымынша, мынау жарық дүниеде өлімнен басқа үлкен
ештеңе жоқ. Ажалдың алдында хан да, қара да дəрменсіз. Ажал-ақиқаттың ерте ме, кеш пе іздеп
табатынын білетін пенде кісі өліміне байланысты шаруаға келгенде ешқашан кербағып,


кесірленбейді. Осылай деп ойлайтын шалдың Аяғанның дəл бүгін босанып шығатындығына
ешқандай да күмəні жоқ еді. Жалғызына деген сағыныш пен қайғысы қайраты қашып, əлсін-
əлсін жүрісінен жаңыла беретін кəрі жүрегін жабыла талап, əл-дəрмені құрып, əрең жеткен
шалды есік алдында тұрған сақшы анау бір кезгідей суық қарсы алды. Қуат қарияны бастап
келген Ғали есімді көршінің сөзін əлгі немқұрайлы тыңдады, адам өлімі оған мүлде əсер
етпейтін сияқты. Əлдеқайда телефон соқты, əлдекіммен қысқа ғана тілдесті, сонан кейін
трубканы орнына қойып, келген екеуге бұрылды.
– Қайдаров Міртемір деген кісі қазір жоқ, іссапармен кеткен дейді. Қуатовтың мəселесін тек
сол адам ғана шеше алады.
– Ол азамат қашан оралар екен?– деп сұрады Ғали. Сақшы “білмеймін” дегендей иығын
қиқаңдатты.
– Əй, шырағым, оның əйелі қаза болды. Балам құдай алдындағы соңғы сапарын өтесін. Босатып
беріңдер,– деген шалдың сөзіне сақшы жігіт тағы да иығын қиқаңдатты. – Əй, мынауың сөз
ұқпайтын неме ме?
Сақшы жігіт қазақша түсінбейді деп ойлаған Ғали шалдың сөзін орысшаға аударды.
– Мен де өздеріңіз сияқты қазақтың баласымын.
– Қазақтың баласы болсаң неге түсінбейсің? Аппақ сақалыммен келіп тұрмын ғой,– деді шал
оған жалбарына қарап. Əдет болып кеткен сияқты, жігіт иығын қиқаң еткізіп екі шынтағымен
шалбарын көтеріп қойды.
– Менің қолымнан ештеңе келмейді, ақсақал. Мен есік күзетушімін. Қолымнан келмесе
қайтемін енді, əкесінің!. – деді жігіт тағы да сол үйреншікті əдетін қайталап. – Генералға
барыңыз. Қазақтың баласы ғой түсінер.
Жігіт екеуіне жол көрсетіп жіберді. Бұл мекемеден беті мықтап қайтып қалған шалдың
көңілінің түкпірінде түйткіл жатқанмен генералдың қабылдайтындығына, мəселесін дұрыс
шешіп беретіндігіне титтей де күмəні жоқ еді. Бірақ генералдың қабылдау бөлмесіндегі жас
жігіт екеуін басқа адамға сілтеп жіберді.
– Бұл мəселемен Мақас Амалбеков айналыспайды. Фарид Шайхудинов деген кісі бар. Сол
адамға жолығыңдар.
Шайхудинов екінші біреуге жұмсады. Қабылдаған басшылар біріне-бірі сілтеп, түртіп жіберсең
қаусап қалайын деп тұрған шалды əрі итеріп, бері жығып, əбден шаршатты. Сонша жүргенмен
ісінен нəтиже шықпай, күні бойғы тепең жүрістен қалжырап шаршаған шал кешкі апақ-сапақта
Алдиярдың пəтеріне жетіп сүрініп жығылды. Обалы не, көршілері қабағына қарап, асты-үстіне
түсіп, бəйек болып жүр. Əсемнің жұмысымен кеткен жігіт барлық шаруаны реттеп келген екен.
Оның денесін бұл үйге ауылға алып қайтар кезден бір сағат бұрын əкелуге келісіпті. Ендігі
мəселе Аяғанға тіреліп тұр. Жан жарын қара жердің құшағына өз қолымен тапсырып, бір уыс
топырақ салу оның құдай алдындағы парызы. Басқаға ақылы жетпесе де Аяғанның тағдырының
тізгінін ұстап отырғандардың дəл осыны түсінбейтіндігіне шал сенді.
Түннің бір уағында көршілер тарап, шал екі немересінің жанында сопайып жалғыз қалды.
Шешесінің жанына жатпаса ұйықтай алмайтын Бибінің екі көзі қызарып кетіпті, қайта-қайта
есінейді, бейшара бала қыңқылдап ұйықтай алмай жүр. Қуат қария терге төсек салып, екі
немересін екі жағына алып жатқан, Бибі кемсеңдеп қоя берді.
– Мамама баямын... Мам-ө-ө!..
Шалдың шыбын жаны шырқырап, ішін ит тырнағандай қиналды. Немересін құшағына қысып,
əр-əр жерінен сүйіп, іштей өксіген шал:
– Айхай, дүние-ай! Ай, дүние-ай!.. – дегенде қасірет толған көкірегі қарс айырылып кете
жаздады.
– Мам-ө-ө! – деп боздаған қыз атасының құшағынан шығып, Елжасты құшақтап алды.


– Жыламашы! – деп жалынды Елжас өксікті дауыспен. Оны тыңдап жатқан Бибі жоқ. Анасынан
біржола адасып қалғанын қу жүрегі сезетін сияқты.
“Əй, қу бауыр! Əй, қу бауыр!” деп күбірледі шал орнынан тұрып жатып. Құшақтасып жылаған
екі немересіне қарап жайбарақат отыра алмасын түсініп, бөлмеден шығып кетті.
– Енді өмірлерің не болар екен-ай?! Не жазып едім жаратқанға? О-о-о-һ! – деп күрсінді шал көз
жасын алақанымен сыпырып сүртіп. Көкірегін толтырып алып, тағы да күрсінді. Алқымына
кептеліп тұрып қалған ып-ыстық қатты зат түсіп қала ма деп еді, жоқ, балқытып құйған
қорғасындай сіресіп қатып, күйдіріп барады. Барлық кеп сол бармақтай пəлеге байланысты
тəрізді, енді көкірегі өртенді.
Біраздан кейіне құлағына шаншудай қадалып, жүрегін аяусыз тістелеген Бибінің дауысы
тиылды. Не істерін білмей дағдарып қалған шал немерелерінің жанына қайтып оралды,
құшақтасып жатқан Елжас пен Бибіні көріп, жүрегі елжіреді.
– Құлындарым-ай!– деді көңілі сөгіліп. Екеуінің жанына қисайғанмен ойы сан-саққа жүгіріп,
көзі ілінбей берекесі қашты. Өткен жолы келгенде Əсемді өзмен бірге алып кетсе ол тірі
қалардай кеудесін күйініш күйдірді.
– Ажалына көрінген екен-ау, қарағым-ай! Білгесің ғой, сірə. Е-е-е, біз мына жүрміз сүйретіліп...
Əй, дүние жалған!..
Сарғайып таң атқанша ой түкпірін ақтарып, азапқа түсіп дөңбекшіген шал біреу сабап
тастағандай орнынан əрең тұрды. Шай ішіп, жан шақырмақ ниетпен ас үйге кірген, бірақ газдың
тілін түсінбей əр жерін бір шұқылап, қайтып шықты. Осы кезде есік шырылдады.
– Қазір... Қазір ашамын,– деді шал қалбалақтап. Емпеңдеп жеткенмен есіктің құлпысын аша
алмай əуреге түсті. Былай бұрады, ашылмады. Екінші жағына бұрады, ашылмады. – Ой, мынау
өзі... Тістесіп қалыпты. Əй, бұл кім ей?
– Мен ғой.
Кəрі адамның дауысы. Қуат қария есікті аша алмай терлеп кетті. Кілтті шығарып, қайта салды.
– Əй, кемпір, мынан қалай ашушы еді?– деп сыртта тұрған бейтаныстан сұрап қояды.
– Бұрасаңшы,– дейді бейтаныс кемпір.
– Бұрап-ақ жатырмын. Ашылмайды атаңның көрі!.. Сен кімсің өзі?
– Мен ғой.
Есікті аша алмай күйініп тұрған шал күйіп кете жаздады.
– Əй, сығыр-ау, атың бар ма менің?
– Мен ғой... Роза ғой.
– Рөзу-ау, мына пəлені қалай қарай бұраушы еді?
– Былай немесе былай бұрасаңшы.
Оның былайының қалай екенін түсінбеген шал шаршап тұрғанда көмекке Елжас келді.
Атасының қиналып тұрғанын көріп, жымиып күлді.
– Оятып жібердім бе, құлыным? Есікті аша алмай қара терге түстім. Былай да бұрадым, былай
да бұрадым. Құлып бұзылып қалған ба, білмеймін.
Елжас есікті оп-оңай ашты; құлыптың орта тұсына орналасқан шегенің басындай ғана темірді
оңға тартып, кілтті қиналмай бұрады.
– О, тоба! – деді шал күліп. – Менің ақылым осыған да жетпеді ғой. Айналайын сенен.
Ішке үлкен табақ көтерген көрші кемпір кірді. Табақта не барын Қуат қария білген жоқ, аппақ
орамалмен бүркеп жауып қойыпты.
– Кішкентай қыз қайда?
– Ұйықтап жатыр,– деді шал. Шегініп кемпірге жол берді. Қазақша мүлтіксіз сөйлейтін көккөз
сары кемпір ас үйге қарай өтті.
– Балалардың қарны ашып қалған шығар. Ой, айналайын баласынан! – деп еміренген кемпір


Елжасты бауырына тартып, құшақтап маңдайынан сүйді. – Өмір осындай, ол ешкімді аямайды.
Осы жасыма дейін мен не көрмедім...
Кемпір кемсеңдегенмен көзі дымданбады, екі қолы қалтырап, басы қалтаңдады. Қуат қария
оның нілге шайған аспан түстес көгілжім көзінен ештеңеден қайтпайтын қайсарлықтың
ұшқынын байқады. Осынау пəнидің қиянатын шамадан тыс көп көрген пенде жасып,
жасқаншақтап тұрушы еді, ал мына кемпір азапқа пісіп, əбден ашынып алған адам сияқты
болып көрінді шалға.
– Е-е-е, алла! – деп күрсінді Қуат.
– Таң атпай тұрып самса пісірдім. Шай қояйын.
– Рахмет көрші! Құдайдын қайтсын!..
– Е-е,– деді кемпір шаршаңқы үнмен. – Сол құдайдан өмір бойы жақсылық дəметтім. Азабы мен
мазағынан басқа ештеңесін көрмедім. Оның маған деген пейілі тар тіпті.
– Олай деме, көрші,– деді шал. Іштей кемпірдің сөзіне қосылып, құптап отырғанмен құдіреті
күшті құдайдың атына ғайбат сөз айтуға батылы бармады. Əңгімесін əрі қарай кемпір де
өрбіткен жоқ, дастархан жасап, табақтың бетіне жапқан аппақ орамалды алды. Тандырға
жапқан күлшеге ұқсайтын, беті оттың табына күйіп күреңіткен самсаға шал секеммен көз
тастады.
– Көрші, мынауың нан ба? – деп сұрады шал көңілін күпті еткен күдігін ашық айта алмай.
– Самса ғой,– деді кемпір оған бұрылып. Шалдың тіксініп қалғанын бірден сезді ме, мырс күлді.
– Əй, қазекем-ай! Асым адал, қария. Жиырма жыл өзің сияқты қара қазақтың қатыны болдым.
Екі бала тауып бердім.
– Е-е-е,– деді шал қозғалақтап. – Өзіміз екенсің ғой, бəйбіше.
– “Жақсының жаттығы жоқ” деуші еді күйеуім.
– Ə-ə,– деді Қуат қария дауысын барынша созып. – Иманды болсын, марқұм. Құдайдың разымы
түсіп, пайғамбарлардың шапағаты тисін əрдайым. Əумин!.. – Бетін сипап, ырым жасады. –
Шалың қашан тастап кетіп еді?
– Ол кеткелі де біраз жыл болып қалде-е,– деді кемпір мұңайып. – Соғыстан зағип болып келген.
Соқыр қазақты жиырма жыл жетектеп жүрдім.
– Қазағыма еңбегің сіңген-ақ екен-ау, бəйбіше. Енді қазақтан тапқан балаларың ұшпаққа алып
шықсын сені.
Кемпір оның сөзін құптағандай бас шұлғып отырғанмен қабағына түскен көлеңке кетпеді.
Розаның көңілінде күйініш барын сезгенмен қазбалап сұрауға Қуат қарияның құлқы соқпады.
“Балаларынан опаа көрмеген бейбақ болмаса қайтсін” деп ойлады.
Үшеуі үн-түнсіз отырып шай ішті. Самса дегені арасына ет, пияз, капуста салып пісірген таба
нан екен. Тандыр күлше сияқты қытырлақ, қатты емес, ауызға салса езіліп, тіл үйіріп тұр.
Елжастың қарны ашып қалыпты, самсаның жартысына жуығын жалғыз өзі жайғады. Самса
шалға да ұнады. Пісірген тағамының тəтті, дəмді болғанын көріп кемпір мəз.
– Көрші,– деді шал шай ішіліп болған соң үлкен əңгімеге кірісетіндей сыңай танытып. – Сенен
бір сыр білейін деп едім.
– Білсем айтайын.
– Осы үйде жүретін Хадиша дейтін қыз бар еді ғой.
– Иə, білемін.
– Сол бала өткен жол келгенімде...
– Е-е, құдай-ай, қазіргі қыздардың екіқабат екенін туғанда бір-ақ білетін болдық қой,– деп күлді
кемпір шалдың сұрамақ болғанын емеурінінен танып.
– Ол бала өзі былай... Тұрмыс құрған шығар, ə?..
– Ондайын білмейміз,– деп күрсінді кемпір. – Осы күні байсыз бала табатындар көп қой əдірем


қалсын!.. Еркектер тасжүрек болып кеткен шетінен. Ауылдан келген аңқау қыздарды алдап,
қақпанына түсіреді де, иттің ғана балалары-ай, жылатып тастап кетеді. Баратын жері жоқ. Ал
ата-аналары жаманатынан шошып, басын алып қашады. Амалы құрыған сорлы қыз сəбиін
шырылдатып перзентханаға тастап кетеді. Е-е, несін айта берейін-ай. Талайының соры қайнады
ғой.
– Сұмдық екен! Туған баласын тастап кетеді деген сұмдықты кім естіген. – Шал өзінен өзі
мазасызданып, тыпырлап тыныш отыра алмай қойды. – Сорлы бала-ай! Хадишаның да баратын
жері жоқ-ау, сірə. Ай-й, атаңның көрі-ай! Күнəсіз періштенің көз жасына қалған қай нəлет
екен?! Ит-ай!..
– Е-е-е, кім дерің бар ма, қария. Нəрестенің обал-сауабына қарамайды қазіргілер. Көшеде
кішкентай шарана шырылдап жатса, қайырылып келіп, қолына алар ма екен солар.
– Əй-й, атаңның көрі!.. Атам қазақта жоқ дерт қой бұл. – Жылайтын адамдай иегі кемсеңдеп, екі
қолы қалтырай бастады. Екі кəрінің əңгімесіне құлақ түріп, мұңайып отырған немересін
қапсыра құшақтап, мейірі қанбай шашынан иіскеді. – Құлыным, сендерсіз мына дүниенің сəні
не, мəні не? – леп Елжастың желкесінен сүйді. – Хадишаны бəлністен шығарып алатын адам да
жоқ шығар əуелі. Ой, сорлы бала-ай! – Қорбаңдап орнынан тұрған шал қалтасына қолын салып
жіберіп, беторамалға оралған зат шығарды. Онысын бəтіңкенің бауымен айқыш-ұйқыш орап,
шандып байлап тастапты. Түйінін шешіп, ораын жазды да, кемпірдің алдына жүз сом ақша
тастады. – Нəрестенің киім-кешегін алып, Хадишаны шығарып ал,– деді қария көңілі енді
орнына түскендей жайғасып отырып жатып. – Ғали көрші келсе Алдекеңе кіріп шығып, балаға
барайын. Кешке ауылға жүреміз. Мəйітті көп жатқызып қорлауға болмайды. Ел-жұрт күтіп
отыр.
– Е-е-е,– д еп күрсінді кемпір орнынан созалаңдай тұрып. Көмейіне келген сөзін бұл жолы да
іркіп қалды. – Хадишаны бүгін шығарып алу керек шығар.
Ғали Қуат қарияны Министрлер Кеңесіне қарайтын орталық ауруханаға алып келді.
Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегідей бүгежектеп, міңгірлеп тұрған жоқ, халат беретін
кемпір күңкілдей бастап еді, бастырмалатып, аузын аштырмады. Екі халат алып, бірін шалға
беріп, екіншісін өзі жамылып, үшінші қабатқа көтерілді.
Қуат қария сақал-шашы өсіп, аппақ болып ағарып, қимыл қыбырсыз жатқан Алдияр Ақпанұлын
əдепкіде танымады. Қу сүйегі қалған, жанарында жылт еткен сəуле жоқ шал өзі білетін
Алдиярға мүлде ұқсамайтындай болып көрінді. Алдияр Ақпанұлы келген екеуге ілтипат
білдіріп, жымиып күлді.
“Құдай-ау, мына шынымен-ақ Алдекең бе?” деп өз көзіне сене алмай тосылып қалған Қуат:
– Қайран Алдекем-ай! – деп қимылсыз жатқан профессорға ұмтылды. Оның былқ-сылқ еткен
жансыз қолын ұстаған, тастай екен. Қуат қарияның жүрегі тіксініп қалды. Еңкейіп Алдиярдың
маңдайынан сүйді. Жымиып күлгені болмаса, Алдекең лəм деп жақ ашпады, екі көзі жаудырап,
қимылсыз жатыр. Ойында ештеңе жоқ Қуат қария даңғырдап сөйлеп, ара-арасында сұрақ беріп
қояды.
– Алдеке-ай, құдай бір айналдырса шыр айналдырады деуші еді. Мен тасмаңдайды қасірет
ерттеп мініп алды ғой, несін айта берейін. Келінім. Əсемімнен айырылып, сорлап қалдым ғой,
Алдеке-ау,– деп шал көз жасын сығып-сығып алды. Манадан бері жымиып күліп, жайбарақат
жатқан Алдиярдың танауы қусырылып, қабағы шытылды, сонан соң иегі кемсеңдеп, көз шарасы
жасқа толды.
– Бір аяғым жер, бір аяғым көрде тұрғанда басыма тағдырдың таяғы тиіп, сорым қайнады менің,
Алдеке. Шиеттей үш баласын сағатын санап, “шықпа жаным, шықпалап” отырған өлмелі кемпір
мен шалға тастап кетті ол. – Алдиярдың жағдайын көріп, көңілі құлазып, күйзеліп жүрген Қуат
өзін өзі ұстай алмай көз жасына ерік берді. Анда-санда мұрнын қорқ-қорқ еткізіп тартып қояды.


– Жалғыз ұлдың жағдайы анау...
Алдияр қабақ шытып, көзін жұмып алды. Екі көзінен атып-атып шыққан тамшылар екі құлағына
қарай құлдилады.
– Сенген адамым жалғыз сіз едіңіз, Алдеке-ау. Тірідей өлдім ғой мен тасмаңдай. Тірі боп жерде,
өлі боп көрде жоқпын,– деп сұңқылдаған Қуаттың айтқаны жанды жеріне тиді ме, Алдияр басын
əрі-бері күшпен қозғап, өксіді-ай келіп. Оның көз жасын құрғатып, қосыла жылап, сұңқылдап
отырған Қуатқа көрші төсектегі қасқа бас кісі ренжи сөйледі.
Ауру адамды сонша қинағаныңыз не?! Ол кісі мүлде сөйлей алмайды. Кəне, тезірек кетіңдер!–
деп дауыс көтеріп, ашу шақырды.
– Қайран Алдекем-ай! Асыл текті бекзатым-ау! Төрт аяқтап бірдей ақсаған тұлпарым-ай!– деп
Алдиярды құшақтап егілген Қуат кенет басын көтеріп алып, профессорға күле қарады.
Қалтасынан көлдей орамалын алып, оның көзін құрғатты. – Хадишаңыз босанып, ұл тапты!
Көз шарасы жасқа толған Алдияр қинала езу тартты. Осы кезде медбике келіп, рұқсатсыз кірген
екеуге реніш білдірді.
– Қош, ғұламам, қош! Тағдыр бізді тағы да табысуға жазсын. Қош, асыл адам! – деді кетіп бара
жатқан Қуат ышқына дауыстап. Бір ауыз сөзге зар болып жатқан Алдияр Ақпанұлы көңілінде
сайрап тұрған асыл сөздерін айта алмай жылап қалды.
Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жеткенше Қуат қария өксігін баса алмай, Алдиярдың атын
сан қайталап, оның жасаған жақсылықтарын айтып, сөйлеп келді. Көршісінің жағдайын Қуаттан
жақсы білетін Ғали сөзге араласқан жоқ, тілден қалған ардақты адамды көріп, көңілі бұзылған
жігіт Алдекеңнің талқаны таусылуға айналғанын сезді. Тамағына тас тығылғандай іздеп шыққан
бекеттеріне маңдай тірегенше ауыз ашпады. Қауіпсіздік комитетінің емен есігінің тұтқасынан
ұстап тұрып:
– Əй, өмір-ай! – деп терең күрсінді де, шалды алдына салып, ішке кірді. Бүгін де сақшыдан əрі
өте алмай тоқтады. Ол əлдеқайда телефон соғып, əлдекіммен сөйлескеннен кейін:
– Тоса тұрыңыздар,– деді. Көп ұзамай үсті-басы мұнтаздай шашын бір шекесінен жарып,
жылмитып тараған, жерді ойып жібере жаздап нығыз басып жүретін, ұзын бойлы қазақ жігіті
келіп, Қуат пен Ғалиды ертіп, екінші қабатқа көтерілді. Шағындау бөлмеге алып кіріп,
мəселенің байыбына барған соң əлдекімге қоңырау шалып, жағдайды баяндады. Сонан кейін
екеуін басқа адамға алып барды. Бейтанс келген екеудің шаруасын тағы да қайталап сұрап,
алдында жатқан қалың дəптерге жазып қойды.
– Сіздер күте тұрыңыздар. Мен басшылармен сөйлесіп көрейін,– деп орнынан тұрды.
– Құлдығың болайын, қарағым!.. Көмектесе гөр, қазақтың баласы екенсің,– деп жыламсырады
шал оған жалбарына қарап. – Жарын өз қолымен жерлесін. Үш күннен кейін өзім жетелеп
əкеліп берейін. Басшылармен ақылдасайық, ақсақал,– деді шашын қысқалап қырықтырып
кірпінің жотасындай тікірейтіп қойған шикі сары жігіт.
– Басшыңа мені ерте бар, қарағым. “Бет көрсе жүз ұялады” деген. Кеңес үкіметіне сіңірген азды-
көпті еңбегім бар. Елу жылдан бері кəмөнест партиясының мүшесімін.
– Ақылдасып көрейік, ақсақал.
– Біздің жағдайымызды түсін, қарағым. Келінімнің мəйітін алысқа, ауылға алып кетуге келдім,–
деді шал дауысы дірілдеп.
– Бір сағаттан кейін жауабын береміз,– деп кірпікбас шикі сары бөлмесінен шықты. Қуат пен
Ғалиды ұзын жігіт өз бөлмесіне алып келіп, үн-түнсіз өз шаруасына кірісті. Көп ұзаған жоқ,
телефон шырылдады.
– Иə, иə... Да... Түсіндім.
Осы тəрізді қысқа-қысқа сөздерден кейін трубканы орнына қойып шалға бұрылды. Аяғанымды
шығарып аламын деп дəмеленіп отырған Қуат қарияның жүрегі бір кесірді сезіп, сыздап ауыра


бастады.
– Ақсақал, ұлыңыздың тергеуі əлі бітпепті. Тергеуші іссапарға кеткен. Оны ең үлкен бастықтың
рұқсатынсыз ешкім де босата алмайды.
Іші əлем-жəлем өртеніп, не істерін білмей отырған шалдың тілі икемге келмей қойды. Бар
болғаны:
– Əй, шырағым, олар да өледі ғой бір күні,– деді. Қалшиып, басын көтермей тұрған жігіт ауыз
аша алмады. Мəселенің дəл осылай шешілгеніне шын қиналғандай сыңайы бар. – Нəлет! Н-ə-ə-
л-е-ет!..
Ашулы шал бар даусымен айқайлап жіберді, жігіттің бетіне қызыл бояу жайылды. Ол
қалтасынан беторамалын алып, жіпсіген маңдайын сүртті.
– Сенің нəлет жауғыр кенералың да менің асыл келінім Əсемдей анадан туған шығар. Анасы
өлсе бір уыс топырақ салуға да бармас ондай нəлет. Аруақтан қорықпаған имансыздар!..
– Ақсақал, сабыр етіңіз,– деп Ғали ашулы шалды қолтықтап шығар есікке беттеді. Қалшиып,
жүзі нарттай ызарып тұрған жігіт аяңдап екеуінің соңына ілесті. Шығар есікке келгенде ол
шалды құшақтап:
– Қария, қайғыңызға ортақпыз. Келініңіздің жаны жəнəтта болсын,– деді қинала сөйлеп. –
Буынсыз жерге пышақ ұрып, бізді қинамаңыз. Мен кішкентай адаммын.
– Құдайдан да қорықпадыңдар-ау, қарағым-ай! – деді шал əлсіз үнмен. Жігіт əлдекім жүрегіне
біз тығып алғандай ауырсына қабақ шытып, үн-түнсіз состиып тұрып қалды.
Амалы таусылған шалдың есіне қиналған шақта Қуандық Сəруаров түсті. Өлгені тірілгендей
қуанған Қуат қария телефон соққан. Ол жігіт қызметі төмендеп, бір қиырдағы облысқа ауысып
кетіпті. Сеніп жүрген жалғыз адамы туралы алған хабары шалға ауыр тиді. Мынау жарық
дүниеде арқа сүйер, қол ұшын берер жанашыр пенде қалмағандай жанын мұң баурады. Егіліп
тұрып жалғызын жаратқанға аманаттады.
Күн бесіннен ауғанда жарық дүниенің жақсылықтарынан күдерін үзіп, титықтап шаршаған шал
келінінің мəйітін совхоздың салдырлақ машинасына салып, екі немересін алып, бір қиырдағы
ауылына тартып кетті. Жолға шығарда егіліп тұрып қол ұшын берген көрші-қолаңға алғысын
айтты. Қиналғанда немерелеріне қамқор болған Хадишаға мың қайтара сəлем жолдады.
Күні кеше бір елдің мақтанышына айналған азаматқа жайлы қоныс болған пəтер тағы да
қаңырап бос қалды...


35
Қар еріп, жер дегдігеннен кейін көп уақыт бойы дым тамбай Жер-Ананың көні кеуіп, шаң
көтерілді. Көше шаң, сыртқа шықса кеңсірігін газдың иісі қытықтап, түшкіріп мазасы кетеді.
Ағаш біткен бүрленіп, көк қылтиғалы біраз болған, жаңбыр жауса бой көтере алмай булыққан
өсімдік атаулы дүр ете түскелі тұр. Жаңбыр жауып, ағаш жапырақ жайып, жер көгерсе ел-
жұрттың тынысы кеңіп, еңсесі көтерілер еді.
Биылғы көктем бұрынғыларға мүлде ұқсамайды, толықситын уақыты келгенмен асығатын түрі
жоқ, аспанды қорғасын түстес бұлт торлап, бірнеше күн бойы қара жерге жылт еткен сəуле
тамбайды. Табиғат пен адамзаттың ұқсастығы көп, пенде атаулының көңіл күйі қазіргі ауа райы
секілді, қабақтары тұнжырап, оңайшылықпен ашыла қоймайды. Бұрын көктем шығып, күн
жылынысымен табиғат та, адамдар да жаңарып, жасарып құлпырып кететіндей болып көрінетін.
Əсіресе аршылған жұмыртқадай болып, сыланып шыға келетін қыздар көшенің сəнін келтіріп,
қараған көзді қуанышқа кенелтіп, бұлғақтап кетіп бара жатқанда көңілі ғажайып сезімге
толатын. “Маған да талай адам қарап тұр-ау” деген ой оның мұңға күпті жүрегін жылытып,
санасын тілмен айтып жеткізе алмастай рахат сезімге бөлейтін. Күні бойы ауыр жұмыстан
титықтап шаршап келгеніне қарамай барын киіп, құрбыларымен бірге театрға баратын.
Көктемнің ерекше бір иісі, көңілді күлкіге толтырып, желік берер сиқырлы қасиеті болушы еді.
Сол сиқырлы күш қалжырап шаршап келген қыздарды жұлып алып, сыртқа, көктемге сүйрейтін.
Ішпей мас, жемей тоқ өзін таңғажайып оқиғалар күтіп тұрғандай күйге түсіп, мойнына мініп
алып, екі өкпеге тепкілеп, бір сəт тыным бермейтін саңырау қайғының тұтқынынан біржола
босанып шыққандай шаттанушы еді. Жүрегінде аузы біткен жарасы көп бола тұра нағыз
бақытты жандай сезінетін.
Сол шақта ол шынында да бақытты еді. Көрмеген көп қылығы алдында болатын. Сүзіліп
қарайтын толып жатқан бозөкпе бозбалаларға көз қырын да салмай, кеудесін шалқақ ұстап өтіп
бара жатқан Хадишаның мерейі үстем еді. Жолыққанда жорта жарамсақтанып, мүлəйімси
қалатын жігіттерді менсінбей жоғарыдан қарайтын, талай-талай менменсіген “мықтының”
кеудесіне сезім өртін қамаған арудың абайламай от басып, бетін күйдіріп алып, сыртқа шығуға
жүзі шыдамай отбасында омалып отырысы мынау.
Ол мүлде басқа уақыт еді. Қыздардың қосылып күлуіне, жиылып отой-томалақ, бастаңғы жасай
салуына түкке тұрмайтын мінайы сылтау себеп бола салатын. Күлкіге, қуанышқа себеп табыла
беретін. Ал қазір Хадишаның көңіл-күйі, қас-қабағына қарап бүкіл дүние өзгере салған сияқты.
Тіпті табиғаттың өзі де қуанышын жұртынан жасырып, некесі қиылмай жесірліктің ащы дəмін
татқан келіншектің қабағын аңдып отырғандай.
Хадиша бірнеше күннен бері қабағы ашылмай тұнжырап тұрған аспанды шолды, қорғасын үстес
бұлттың əр-əр жері жыртылып, сол саңылаудың көгілжім аспанның мұңлы көзі жылтырайды.
Аспан бұлтты болғанмен күн ыстық, ауа қапырық, газға былғанған шаң жоғары көтеріліп алып,
қаланың үстін тұтып қалған сияқты.
Хадишаның есіне бір қиырда қалған туған ауылы түсті. Əлі ұмыта қойған жоқ, ядролық
сынақтар өткен күндері жерден шаң көтеріліп, күннің көзін перделейтін. Кенет оның жүрегін
үрей қауып, тұла бойы түршікті. Аспанға қарады, қорғасын түстес бұлт дегені газға араласқан
шаң сияқты.
“Шіркін-ай, төгіп-төгіп жаңбыр жаусашы. Жер-дүние бір тазарып қалар еді-ау” деп қиялдады
Хадиша. Жаңбыр жауып, ауа тазарса Асылханын далаға, кең дүниеге алып шығып, армансыз
қыдырар еді. Перзентханадан шыққалы бері он бес күн болды, əлі үйде отыр. Нан, майын, сүтін
Роза апасы тасып беріп жүр. Бұл бейшара тіпті бала шомылдыруды да білмейді екен, оншақты


күннің аралығында Роза апасынан көп нəрсе үйренді.
Құрылыста бірге жұмыс істеген құрбылары кезек-кезек келіп, қонып кетіп жүр. Кісінің үйі
болған соң ба олар именіп келіп, емін-еркін отыра алмай асығыс кетеді. Құрбылары келгенде
жаны жадырап, бір жасап қалады. Жалғыз қалғанда ойына қай-қайдағылар түсіп, үйге сыймай
тыпырлаған Хадиша Роза апасының пəтеріне тығылады. Кейде бір көрші бөлмеден Əсем шыға
келетіндей селк ете түседі, сонан кейін-ақ өне бойын біріл билейді де, көпке дейін өзіне-өзі
келе алмай дегбірі қашады. Əсемнің дəл сол күні, өзін жедел жəрдем ала жөнелген сəтте үзіліп
кеткеніне осы уақытқа дейін көңіл құрғыр сенбейді.
Жақсы адамдардың ерте кететіні несі екен?! Өз анасы да өмірдің рахатын көрмей тым ерте
үзілді. Анасыз өмірдің қандай боларын көрді, бірде тоқ, бірде аш, əр сəт сайын жасқаншақтап,
жасып жүріп ержетті. Есейіп, ел қатарына қосылдым дегенмен сол жасық мінез əр кезде
алдынан кесекөлденең шығып, жасқаумен келеді. Сөйлейтін жерде сөйлей алмай, айтатын тұста
тілі тұсалып, екі көзі мөлтеңдеп, мөлиіп тұрғаны. Кім біледі, Алмас бұдан жетім болғаны үішн
қашқан шығар. Басынғаны да сондықтан шығар. Іздеушісі, арқа сүйері болса бейкүнə қызды
тағдырдың тəлкегіне тастап, қашып кетер ме еді.
Хадиша көзінің алдына мөлт етіп шыға келген тамшыны бөбек саусағымен қағып тастап,
ақырын ғана күрсінді. Есіне Елжас, Олжас, Бибі түсті. Үшеуін ойлап, көңілі жабырқады. Əбден
бауыр басып қалғандікі ме, əжептəуір сағыныпты. Бибі болса кішкентай Асылханның жанынан
шықпай, иіскеп жүріп, рахатқа батып қалар еді. Төртеуі бір үйдің балаларындай жетектесіп
жүріп бірге өссе...
Хадишаның екі беті ду ете түсті. Ой-ниетін əлдекім біліп қойғандай, аяқ астынан сап ете қалған
тосын қиялға қалай еріп кеткенін түсіне алмай мықтап қысылды. Қанша бұлқынса да тосын
келген ойдың тегеурінді құшағынан сытылып шыға алмай жаны дызыққан келіншек көрші
бөлмеден Əсем шығып келе жатқандай шошынды. Оянып кетіп іңгəлап жылаған сəбиін көтеріп
алып, құшағына қысқан: анасының дүрс-дүрс соққан жүрегінің дүрсіліне елтігендей сəби тым-
тырыс тынды. Хадиша сол күйі қимыл-қозғалыссыз ұзақ тұрды, қорқыншы сейілгенмен манағы
бір əзəзіл ой жүрегіне салмақ салып, санасына сіңіп қалғысы келгендей шабуылдаудан
шаршайтын емес. Келіншекте қарсыласар күш қайда, сол ойдың жетегіне еріксіз ерді. Ата-
анасыз қалған үш мұңлықты, əсіресе Бибіні жүрегі езіле аяп, көзіне жас үйірілді. Шал-кемпірдің
жағдайы белгілі. Олардың өздеріне күтуші керек. Аяғанның қашан ақталып шығары бір аллаға
аян.
Əсем марқұм денсаулығының нашарлығына қарамай Аяған жатқан түрмеге жиі баратын. Бірақ
көмек қолын созатын қайырымды адам табылмай, үміті үзіліп қайтып келетін. Өмірінің
соңында тым мазасыз болып кетіп еді марқұм. Алыс жолға дайындалғандай бала-шағасының,
өзінің киім-кешегін жуып, үтіктеп, оларды екі чемоданға рет-ретімен салып жатқанын көріп,
“бұл кісі қайда жиналып жүр екен” деп таң қалған. Бір шаңырақтың астында тұрып Əсемнің
сырын білмепті, ол кісі де əңгімесін айтпапты. Кім біледі, бəлкім, айтуға үлгермеген шығар.
Адам шіркін қал үстінде жатса да оп-оңай өле саламын деп ойлай ма?! Егер жүрегі бір қауіпті
сезсе бала-шағасын Хадишаға аманаттап, Аяғанға деген сөзін жазып қалдырар еді.
“Аяған оның қаза болғанын біле ме, жоқ па?” Осы бір сұрақ Хадишаның көкейінен кетпей
қойды. Көрші тұратын Ғали ағасынан естігені – Қуат қария екі күн барып, Аяғанды босатып ала
алмапты. Əйелі қаза болып жатса ауыр қылмысы жоқ адамды бір-екі күнге неге босатпайды?
Осыған Хадишаның ақылы жетпей қойды.
Аяғанға жанашыр болар ешкім қалмады. Алдияр Ақпанұлының жағдайы белгілі. Ол кісі де
жетім, іздеушісі, жанашыры жоқ. Шəкірттерінің бəрі күні үшін Мұса Байларовқа жалпаңдайды,
соның шашбауын көтереді. Ал жалғыз ұлы əкені ойлайтын қалде емес. Екі көзі төрт болып,
жанашыр жақындарын күтетін Алдияр ақсақалды өзінен басқа ешкімнің іздемейтінін


Хадишаның іші сезеді. Көп жыл құдайы көрші болған адамдар да көңілін сұрап барып жатпаған
тəрізді. Ғалидың айтқаны рас болса, Алдияр Ақпанұлының беті енді бері қарамайтын сияқты.
Осындай қиын сəтте барлық салмақты көтерер азамат жігіт болса ғой. Асылхан!.. Асыл
азаматтың ғұмыры ерте үзілді ғой əттең... Оның аты өшпесін деп сəбиіне аяулы азаматтың
есімін қойды.
Ол тірі жүрсе қол қусырып қарап отырмай, Аяғанды босатып алу үшін əрекет жасар еді. Оның
көзі жұмылған соң басқалар “тұрымтай тұсымен, балапан басымен” дегендей қара басының
қамын күйттеп, бет-бетімен бытырап кетті. Басқаны қойшы, Аяғанның туған інісіндей болып
жүретін Алмасқа не көрінген?
Осы бір шешімін таптырмастай шиесі көп сұрақ əр сəт сайын Хадишаның миын мүжиді. Жігітті
ойласа көмейіне өксік тығылады, көзі боталап, ұзын-ұзын кірпіктері жасқа шыланады. Артынша
жанын өжет намыс қамшылап, қайсарлана түседі.
– Аяған ағадан садақа кетсін ол,– деп күбірледі Хадиша. Аузын ашып, іңгəлап жылай бастаған
сəбиін құшыры қанбай иіскеледі. – Қарның ашып қалыпты ғой, балапаным-ау. Жарық күнім
менің!
Хадиша баласын емізіп отырғанда себелеп жаңбыр жауа бастады. Талай уақыттан бері дым
тамбай қаңсып, шаңытып жатқан жерден бұрқ-бұрқ шаң көтерілді де биікке шығандап шыға
алмай жер бауырлай қозғалып барып біржола тұншықты. Келіншек терезенің көзін ашты,
бөлмеге жаңбырдың лебімен бірге көктемнің иісі лап қойды.
– Көктем келді, шыбыным! – деп қуана дауыстап, сəбиін емірене иіскеді. – Қыс түскенше сен
жігіт боласың. Бақшаға барасың. Сəбилер бақшасы біздің жатақхананың жанында. Қыздар саған
бесік арба сатып əперетін болды. Немене, ұйқың келді ме? Ұйықтай ғой, жарық күнім...
Хадиша бүгін бірінші рет сəбиін əн салып жүріп ұйықтатты. Асылханды жатқызғаннан кейін
терезе алдына келіп, сыртқа көз салды. Себелеп жауған жаңбыр толастап, аспан шайдай
ашылыпты, бұлттың құшағынан сытылып шыққан күннің жүзі жарқын, мейір-шапағатын аямай
төгіп тұр. Терезенің түбіндегі көк шөбі енді қылтиып келе жатқан алаңқай қыста сойған малдың
терісі сияқты бусанып терлеп, буы бұрқырап жатыр.
Бүгін Алдияр атасына баруы керек. Ол кісінің сүйікті тамағы – кеспе көже. Хадиша ас үйге
келіп, тамақ əзірлеуге кірісті.
Сағат төртте сəбиін Роза апасына аманаттап, оны-мұнысын көтеріп, Алдияр Ақпанұлы жатқан
ауруханаға тартты. Хадиша келгенде профессор ежелгі əдетімен екі көзін шарт жұмып,
ұйықтаған адам сияқты болып жатқан. Жанына адам келгенін сезген жоқ.
Ұяттан екі беті өртеніп тұрған Хадишаның аруақтай арып, құр сүлдері қалған шалдың Алдияр
атасы екеніне сене алмай тосылып қалған жайы бар. Сақалы өсіп, алқымына түскен, ауруханаға
жатқалы мұртын бастырмаған тəрізді. Екі жағы пышақ жанығандай, ұрты суалғандікі ме, бет
сүйегі шодырайып көзге оғаш көрінеді екен. Еті қашқандықтан ба, екі көзі ары түсіп кеткен
тəрізді, мойын мен беттің терісі ішіндегісін босатып алған қарын тəрізді салқылдап бос
қалыпты. Анда-санда жұтқыншағы қалтқы сияқты батып кетіп, қайта шығады. Аракідік сонау
бір тереңнен сырылдаған қорқынышты үн еміс-еміс естіліп қалады.
– Алдеке, адам келіп тұр,– деп дауыстады көршісі. Профессор көзін ашып алып, Хадишаға ұзақ
қарады, танымағандай сыңай танытты.
– Мен Хадищамын ғой, ата,– деп дауыстады ол екі беті дуылдап. Алдияр оны енді танып, жүзі
жылыды. Жымиып күліп, ернін шошайтып “сүйемін” дегендей белгі берді. Хадиша еңкейіп
шалды құшақтады, ол ақырын ғана сүйді. Профессордың мүлде əлсіреп қалғанын келіншек
сүйісінен сезді. Көзіне көзі түсіп еді, жаны шошыды. Алдияр Ақпанұлының көзі өшуге айналған
шырақтай өлеусіреп қалыпты.
– Қал-жағдайыңызды білейін деп келдім, ата,– Профессор рахмет дегендей көзін жұмып, басын


ақырын ғана изеп қойды. Ернін жыбырлатып, əлдене деді. Дауысы мүлде естілмейді екен. –
Өзіңіз жақсы көретін кеспе көже жасап алып келдім.
Шалдың басын көтеріп, жарты кесе кеспе көжені қинап отырып əрең ішкізді. Хадишаның
білгені – шалдың қолынан жан кетіп қалған сияқты. Жаңа туған сəби тəрізді мойнын ұзақ ұстап
отыра алмайды екен. Өзіне жаудырай қарап, жымиып күліп жатқна шалды жүрегі езіле аяп
кетті, алқымына жас тығылды. Ерні дірілдеп, иегі кемсеңдеп сəл ғана шыдап отырды да, егіліп
жылап, Алдиярды құшақтай алды.
– Қой шырағым, сырқат адамның жанын қинама,– деп зілденді көрші төсектегі қалтаңбас шал.
Хадиша көз жасын əрең тиып, Алдиярға күле қарады.
– Сізді сағындым, ата. Бибіңіз де өлердей сағынып жүрген шығар,– деді. Жымиып күліп жатқан
профессордың көз шарасы жасқа толып қалыпты. – Кішкентайлы болдым, ата. Сəбидің атын
Асылхан қойдым. – Шал қуана жымиып, басын тағы да бір рет изеп қойды. Ерні жыбырлады. –
Рахмет, ата! Бала сіздікі. Барлығымыз да сіздің балаңызбыз. Мен келіп тұрамын. Кішкентайым
шираған соң Аяған ағаны босатып алу үшін қуынамын. Сіз тезірек жазылып шығып, маған жөн
айтыңыз, жол көрсетіңіз. Сіздің ақылыңызбен аспандағы айды жерге түсіруге болады, ата. Сіз
бізге, баршамызға керексіз.
Алдияр Ақпанұлы үнсіз егіліп жылап жатты. Хадмша профессорға қосылып жылап отырғанын
сезген жоқ.


36
Екі студенттің оқудан шығарылуы осыншалық дүрлігіс тудырады деп ойласа неғылсын. Аяғанды
қорғап, деканның дегеніне көнбей кербаққан екеуін жазалау арқылы басқаларын қорқытып алса,
олардың қыңқ етпей айдағанына жүретіндігіне еш күмəні жоқ еді. Бірақ оңбай қателесті.
Дүниетанымы, көзқарасы, тəрбиесі ол мүлде қарама-қайшы жаңаша ойлап, өмір сүруге
талпынатын жаңа толқынның өсіп жетілгенін, оларды қорқытып, үркіту арқылы басқаруға
болмайтындығын жаны мен тəні кешегі күннің қойыртпағынан жасалған Жақия қанша
зерделесе де бəрібір ұқпас еді. Əншейінде əдісқой, күліп жүріп талай шаруаны тындыра беретін
Жақия ашуға еремін деп студенттерді ашындырып алғанын кейін түсініп, бармағын шайнады.
Үшінші курс стуенттерінің бұл дүрбелеңі деканаттан асып, институт партия ұйымына, одан ары
ректорға жетті, аудандық комсомол, партия ұйымдары құлақтанды. Жан сақтау үшін жаланы
басқаға аударып, жалт бұрылмасқа Жақияның амалы қалмап еді. Ол анау бір күні алдына келіп,
кінəсіз күйген курстастарының жыртысын жыртқан үшеуді шақырып алып, болған жағдайды
тəптіштеді.
– Мен алданып қалдым. Арамызға əзəзіл түсті, жігіттер,– деп қиналды Жақия. – Кінə менен.
Біреудің сөзіне сеніп қалдым. Олар мені айналып өтіп, бірден ректорға шығыпты.
– Ол кім?
– Неге жасырасыз?
– Атап айтыңыз,– деп үшеуі тақымдай түсті. Жақия біраз уақыт қатты қиналған адамның
ыңғайын танытты, қабағы қабарып, үн-түнсіз отырды.
– Кім екенін өздерің де білесіңдер. Жау алыстан келген жоқ.
– Ол кім?
– Кім болушы еді, Алмас шығар.
– Оның өзін қуу керек. Бізді əбден шатастырып болды əкри...
– Аяған Қуатовты қорғау керек деп ұран тастаған сол. Бізге арыз жаздырып, артынша өзі жалт
бұрылып кетті ол сүмелек.
– У-у-һ,– оңбаған? Өзі жақсы атты көрінбек болған шығар.
– Аяған Қуатовтың саяси қылмыскер екенін ол білген,– деді Жақия жайбарақат қана. Көзінің
астымен үшеуінің жүзіндегі өзгеріс нышанын қалт жібермей қадағалап отыр. – Былғанбаймын
деп бұғып қалды.
– Аяған Қуатовтың кінəсі жоқ.
– Біз қайдан білейік. КГБ-ның түрмесінде жатыр ғой көптен бері. – Жақия иығын қушитып,
жымиып күлді. – Өз басым Кеңес үкіметіне имандай сенемін, жігіттер.
– Бізді сенбейді деп отырсыз ба, ағай,– деп күлді Қайрат есімді жігіт.
– Аяғанға бəрімізден гөрі Алмас жақын. Сөйте тұра жеме-жемге келгенде ол басын алып қашты.
Неге? Себебі – ол ағасының барлық құпиясын біледі.
– Ой, ағай, бұғып қалу, қара басының қамы үшін қараулық жасай салу оның əдеті.
– Біз екі досымыздың жағдайын білу үшін келдік,– деді манадан бері үнсіз отырған түрік ерін
қара жігіт. – Аяған Қуатов туралы əркімнің өз пікірі бар.
– Аяғанда алты аласым, бес бересім жоқ,– деп күлді Жақия. – Мен сендерді сақтандыру үшін
айтып отырмын. Кеңес үкіметінің құрығы ұзын. Сақ жүріңдер.
– Рахмет! Қаңтарбаев пен Елемесов институтқа қайтып орала ма? – деп тақымдады түрік ерін
жігіт. Жақия балық сияқты жылп етіп қолынан оп-оңай шығып кететіндей мазасызданып отыр.
– Бізге осыны ашып айтыңыз.
– Болар іс болды. Ол екеуіне академиялық демалыс береміз,– деп жақауратты Жақия. – Келесі


жылы үшінші курсқа қайтып келеді.
– Олардың қандай кінəсі бар? – деп қадалды түрік ерін. – Екеуі жаланың құрбаны болды.
– Жала жапқан мен емес.
– Оларды институтқа қайтаруларыңызды сұраймыз...
– Жоқ, талап етеміз,– деп түзетті досын түрік ерін.
– Буынсы жерге пышақ ұрмаңдар, жігіттер.
– Ректорға барамыз. Қалалық, облыстық, тіпті орталық комсомол ұйымынан адам шақырып,
жиналыс өткіземіз,– деп түрік ерін əңгіменің ашығына кетті.
– Ту-у, осы сендер... Өлеңді жерге от қойып жүресіңдер. Сонша айқайлатып, дүйім елді
дүрліктіретін шаруа емес қой бұл. Екеуімен өзім сөйлесемін. Бара беріңдер,– деді Жақия жорта
жымиып.
– Оларды институтқа қайтару туралы ректордың бұйрығы қашан шығады? – деп сұрады түрік
ерін жігіт орнынан тұрып жатып. Декан оған қадала қарап, суық жымиды. Оның көзінде
“ертеңгі күніңді ойласаңшы бейшара” деген мысқал тұрды.
Жігіт өзіне қадала қалаған деканнан қаймықпады, тіпті кірпік қақпады. “Қабағы қалың екен
иттің баласының. Мұндайлар ештеңеден қайтпайды”, деп ойлады Жақия оған қолын ұсынып
жатып.
– Мен бар болғаны деканмын. Ректор үшін жауап бере алмаймын, Камал шырағым.
– Сізге сенеміз ғой, ағай.
– Жүр кеттік, Камал!..
– Біздің талабымыз орындалмаса, алған бетімізден қайтпаймыз,– деді Камал деканның қолын
қысып тұрып.
– Сау болыңыз, ағай!..
Ең соңынан шыққан Камал деканың есігін нығыздаңқырап жапты.
Мұрынбоқ! Көрерміз əлі,– деп кіжінді Жақия. Орнына келіп отырғанмен жаны жай таппады,
қарап отырып ашуы қозды, жаңағылардың алдында төменшіктегеніне өлердей күйінді. Олардың
шартына оп-оңай келісе салғанына қапаланып, өзін-өзі жерден алып, жерге салды. Үш баланы
алдап жіберуге айласының жетпегеніне ызаланды. Əрі-бері теңселіп жүріп темекі тартты.
Ашуланғанда, көңілі құлазығанда темекі тістейтін əдеті. Бықсығал бəлекетті сорып-сорып, бұр
бұрышқа лақтырып жіберді де, табанымен таптап өшіреді.
Əрі-бері теңселіп жүріп болған жағдайды ой елегінен өткізіп, қатесін мүлт кеткен тұстарын
іздеді. Бəрі дұрыс сияқты, егер “айтқаным айтқан” деп қасарысса ректор да, аудандық партия
ұйымы да маңдайынан сипамас еді. Студенттердің тілін тапқан сияқты, енді басын иіп Мұса
Байларовтың алдына барады. Басын алмас-ау. Тек ол кісінің өзіне деген көңіліне кірбің түспесе
жарады. “Алдын-ала неге дұрыстап ойластырмадың? Үнемі от алып жүргендей қимылдайсың”
деп. Кінəсін мойындар, кешірім сұрар. Мұсаның тасы өрге домалап тұр. Ешкімнің тісі батпайды
оған. “Үлкен кісіге жол тауыпты” деп естіген. Жұрт алыпқашпа əңгімелер айтып, Мұса
Байларовты үлкен қызметтерге қойып, қопаңдатып жүр. Оның өскені жақсы, бар көңілімен
тілектес. Ол үлкен жерге барса Жақияның да өрісі кеңір. “Мұсеке, ел-жұртыңыз сізді анау
орынға апарып қойып жүр” деп барса əңгіменің ары қарай қалай өрбитінін іші біледі. Мұндай
сөз Мұсаға ұнайды. Құр атқа мінгендей қопаңдап қуанып қалады бейшара. Артына қарамай
көңілі аспанда. Сүйенгені мықты пенде артына қарап қайтсын. Сүйеніші болса өзі де
көлеңкесінен үркіп, үйленбей алшаң басып жүрер еді. Мұсадан басқа кімі бар? Соның тілеуін
тілейді. Тезірек барып, Мұсекеңнің алдынан өтуі керек, қалған мəселені ректордың қас-
қабағына қарап айта жатар.
Жақияның есіне Алмас оралды. Шақырмаса жоламайды. Ол соңғы уақытта өзгеріп, қияли болып
бара жатқан сияқты. Мөлиіп жүргенмен іші қу. Қаңтарбаев пен Елемесовтың шаруасын басқаға


тапсырып, қашып кеткені зəлімдік. Жыбырлап бүлдіріп жүріп жұрттың барлығына жақсы болып
көрінуге тырысады. Аңқаусып тұрып қолынан бірнəрсе келетін кісінің бəрін пайдаланады. Екі
жеп биге шықтым деп жүрген шығар. Қайда шыққанын омақаса құлап, омыртқасын үзіп алғанда
бір-ақ білер.
“Жоқ, оны сыртқа теппе,– деді Жақияның бір ойы. – Алдыңда талай-талай заман бар. Ондай
адам саған керек болады. Жалғыздық құдайға ғана жарасқан, Жақия. Жалғыз жүріп жол таба
алмайсың. Күшті болғың, көкірегіңді кім көрінгенге таптатқың келмесе төңірегіңе топ жина.
Дұшпаның төңірегіңдегілерден үркіп, саған маңайлай алмайды. Астыңда ешкімге тəуелді
қылмайтын тағың болмаған соң бекер шалқайма, талқаңнан түсесің. Арқаңды көпке сүйе.
Мұсадай күштіге сүйен.
Жақия креслоға шалқайыңқырап отырып, көзін шала жұмып, сыңарезулей күлді. Ой түкпірін
ақтарып отырғанда алқын-жұлқын болып Алмас кіріп келді. Жүгіріп келген болу керек, терлеп
кетіпті, алқынып тұр. Жақия оның түріне қарап келген себебін түсіне қойды.
– Жоғары шық, Алмасжан.
– Менің оқудан шыққан Елемесов пен Қаңтарбаевқа қатысым болған жоқ. Мен ештеңе
білмеймін. Ал сіз... Ал сіз...
– Бұл өте дұрыс айтылған сөз. Көрдім деген көп сөз, Алмасжан. Шуылдықтардың
қыжыртпасына құлақ қойма. – Жақия ентігіп тұрған жігітті қолтықтап əкеліп отырғызды. –
Олардікі қызғаныш. Сені көре алмайды.
– Маған тыныштық керек. Студсоветті басқа біреу алсын.
– Саған Мұса Байларов үлкен сенім артып еді,– деді декан шалқайыңқырап отырып. –
Ұйымдастыру жұмысына қырың жоқ екен.
– Қырым жоқ қой, аға...
– Бір курстың студенттерін соңыңа ерте алмадың, бауырым. Ал біз сені болашақта ректор, тіпті
министр болатын бала деп ойладық қой, Алмасжан.
Алмас ақырын ғана күрсінді. Жақия бұл жолы да ең осал жерінен қатты ұстап, тыпыр еткізбеді.
Курстастары ортаға алып, ауыр сөздер айтып, тілдей бастағанда қалай қашып құтыларын білмей
далбасалаған ол:
– Менің қатысым жоқ. Бұл жала! – деп ашына айқайлап, əңгіменің қайдан шыққанын сезіп,
осылай қарай жүгіргенде Жақияның ит терісін басына қаптамақ ниетте еді. Енді міне, жылан
арбаған торғайдай моп-момақан болып отыр. Ет қызулықпен студсовет төрағалығынан бас
тартқанына ішін ит тырнағандай қиналды. Айтылған сөз – атылған оқ.
– Мұнда студсовет төрағалығынан босану үшін келдің бе, Алмасжан?
– Жо-жоқ, аға! – деді ол жұлып алғандай. Алмастан көз алмай отырған Жақия оны
мазақтағандай жымсиып күлді.
– Курстастарыңның көңілі орнына түсті ме?
– Білмеймін.
– Неге білмейсің? Біліп жүруге міндеттісің. Сен біздің көзімізсің, құлағымызсың. Түсіндің бе?
– Иə.
Жақияның сықсима шамдай сығырайып, кішірейе түскен көзіне мысқыл ұялады. Жымиғанның
рəсімін жасағанмен екі езуі керілгені болмаса жүзі жылымады.
Безектей жөнелген телефон трубкасын құлағына тосты. Сығырайған көзін не істерін білмей
абдырап тұрған Алмастан алған жоқ.
– Да,– деді креслоға шалқайып жатып. – Жақия Тайлақұлы тыңдап тұр. Сəлеметсіз... – Аяқ
астынан өзгерді, алдыен көсіп жіберген аяғын жинап, тіктеліп отырды. Жүзіндегі менменсіген
мекерлік əп-сəтте зым-зия жоғалып, екі көзі ойнақшып, алақтай бастады. – Өте жақсы! Өте
жақсы! Рахмет сізге! Сіздерге көмектесуге əрқашан дайынбыз. Біз партияның солдатымыз. Иə,


иə... Сол үшеуін ғана ма? Басқалар ше? Кешіріңіз, Қайдаров жолдас... Рахмет сізге!.. Кешіріңіз!..
Сағат он... Үшеуі барады. Сау болыңыз!..
Трубканы орнына қойған соң аңырайып Алмасқа қарады. Сан рет көріп жүріп байқамапты,
Жақия қыли екен. Оған бақшиып қарап тұра бергенді ыңғайсыз көріп, көзін тайдырып əкетті.
– Қызық ей осылар,– деді декан біраздан кейін ренішті үнмен. – Кішкентай шаруаны сонша
уақытқа созды. Қуатовтың антисоветчик екені даусыз. Фактысы жетеді. Оның көзін əлдеқашан
құрту керек еді. Анау əлгі Сəруаров деген иттің баласы араласып бүлдірді-ау деймін. – Жақия өз
өзінен шамданып, мазасы қашты. Əлдекімге қоңырау шалды да, сөйлескісі келмей трубканы
тастай салды. –Жалғыз пластинкасын қайталап ойната беретін адам сияқты. Бұларды қанша рет
сұраққа шақырады енді? Бір емес, екі емес...
Алмас оның сөзін бөлмей тыңдады. Жақияның кіммен сөйлескенін іші сезді. Оның мазасыздана
тыпырлағанына қарағанда Аяғанның шаруасына бір мықты киліккен тəрізді. Бұлар Қуатовтың
мəселесін əлдеқашан шешілдіге санап, жайбарақат жүрген.
Ертең сағат онда Қанат Елемесов, Камал Жақаев үшеуің Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне
барыңдар,– деді декан дегбірсізденіп. Алмасқа мүлəйімсіп, жасқана қарады. – Міртемір
Қайдаров деген біреу күтеді.
Неге?
Біл-мей-мін... Артық сөйлеп, артыңды ашып алмашы əйтеуір. Аяған туралы пікіріңді бір емес,
екі рет жазып берген жоқ па едің?! Арандап қалма, байқа.
Алмас жəдігөйлене жымиып, мүлəйімсіп отырған Жақияға жасқана қарап, тіксініп қалды.


37
Кішкентайын Роза апасына аманаттап, екі өкпесін қолына алып жеткен Хадиша қайсы есіктен
кірерін білмей бір кварталды алып жатқан қауіпсіздік комитетінің кеңсесін айналып, біраз
жүріп қалды. Айналып жүріп бұл мекемеге кірер есікті тапқанмен батылы бармай тосыла
берген. Сағат онның кезінде комитет үйінің алдына келіп, темекі тарту үшін кідірген үш жігітке
көзі түсті, мойнын ішіне алып, басы салбырап мөлиіп тұрған Алмасты сонадайдан жазбай
таныды. Келіншек шым етіп шаншып кеткен жүрегін ұстай алды, екі беті дуылдап жанып, тізесі
дірілдеді, шұғыл бұрылды да, жебей басып ұзап кетті.
Көңілі сөгіліп, мазасы қашып, жаны үрейдің құрсауына түскен жігіт Хадиша жанынан өтіп бара
жатса да танымас еді.
– Жеке-жеке емес, тергеушінің сұрағына қатар отырып жауап береміз,– деді Камал ішке
кірерде.
– Неге?
– Себебі – біреудің жетегінде жүріп, үр десе үріп, тісте десе тістейтін иттерге сенбеймін.
– Маған бəрібір,– деді Қанат темекісін құныға сорып. – Аяғанағаға байланысты сөзімді баяғыда-
ақ айтқанмын. Бұл жолы да алып, қосарым жоқ.
– Тергеушіні курстың жиналысына шақырайық. Аяған ағаға күйе жаққан паразиттерді сол
жерде анықтап, ит терісін басына қаптайық,– деді Камал кіжіне сөйлеп.
Алмас құлағы таскерең болып қалғандай, жақ ашпады, тоңған адам сияқты иығын қушитып,
бүрісіп тұрды да қойды. Екеуінің сөзі жанына тигенмен уəж айтқысы келмеді. Курстастары
түгелдей теріс айналып, өзін соншалық жек көре бастағанын сезіп, біліп жүр. Жалынып-
жалпайғанмен, ант ішіп ақталғанмен олардың беті бері қарамайды. Ойға алғанын орындау үшін
шыдам керек, курстастарының түйе қотыр сөзіне, бопсасына шыдамасқа амалы кəні.
– Жалақорлар белгілі емес пе. Біреуі міне тұрған жоқ па,– деді Қанат иегімен Алмасты нұсқап.
– Жақия ағасы екеуі ауыз жаласып, талайдың обалына қалып жүр ғой, əкри...
Мыналардың құлақ, миын жеп қоярын біліп, бөлек келіп еді, Қабанбай мен Наурызбай
көшелерінің қиылысында жолығысып қалды. Енді міне, аз ғана мүмкіндікті пайдаланып, іліп-
шалып, үлкен əңгімеге қарай ойысып барады. Мұның көрер құқайы алда екен ғой. Мыналар күн
көрсетпес.
Алмас терең күрсініп, ішке кіріп кетті.
– Подлец! – деп кіжінді Камал.
– Жақияның құйыршығы. Əкесін танытып сабау керек. Сонда ғана ақылы кіреді,– деді Қанат.
– Маңдайынан шертсең пəлеге қаласың,– деді Камал есікті ашып жатып. – Мұндайларды
жалғыз-жарым адам жеңе алмайды.
Екеуінің əңгімесі осымен аяқталды. Ішке олардан бұрын кіріп кеткен Алмас кезекшінің
жанында екі көзі бағжаңдап, төңірегіне үрке қарап тұр екен. Өң-түс жоқ, бұл үйден енді қайтып
шықпайтындай үрейлі. Соны сезді ме, Камал мырс күліп:
– Біздің мырза бұл жерде де камераның жақсысын таңдайтын шығар,– деді. Қосүрей болып
тұрған Алмас жамбасына біреу ине сұғып алғандай селк етіп, қабақ шытып, қинала езу тартты.
– Аяған аға ақталып шықса орны босайды ғой.
– Қуанып тұрмын,– деді Камал күлімсіреп. – Студсовет төрағалығына мені ұсыныңдар.
Міндетті түрде ұсынамыз. Мына мырзаның төсегін сен аласың, бірінші курста оқитын
жандайшап, сары жалақтың орны маған тиетін болды,– деді Қанат қол соғып. Алмас іштей
шамданып, шыдамы шектен тыс қатты тартылған домбыраның ішегіндей үзілуге шақ қалғанмен
шыдады.


Шыдамасқа амалы қайсы. “Ертең сағат онда Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне барасың”
деген хабарды естігелі бері қу көңіліне күдік шауып, жаны дызықты. Бұл шақырыстың Аяған
Қуатовтың ісіне тікелей қатысты екенін біле тұра күдікті ойлар əр қиырға сүйрелеп, жүйкелетіп
сілікпесін шығарды. Аяған ісіне байланысты екі рет келіп, жазбаша пікірін қалдырған. Оның
тергеуі əлдеқашан аяқталған, ісі сотқа беріліпті деп естіген. Кінəсіз адамға қиянат жасадым-ау
деген сарыуайым жанын жегідей жеп, жүрегіне жазылмас жара түскен еді. Оның ауру əйелі мен
шиеттей балалары есіне түскенде сол жара сыздап, жанын қоярға жер таппай тыпырлайтын.
Араға біраз уақыт түсір, бір кездегі ең жақын адамына жасаған қиянаты ескіріңкіреп, ұмытыла
бастағанда ескі əңгіменің қайта қоздауы Алмастың күдікке күпті көңіліне үрей қамады.
Түнімен əртүрлі түс көріп, шошып шықты. Бірнəрсе білетіндей сол күдігіне май шашып,
лапылдаған үрей-отты екі жақтап үрлеп тұр.
Басқаларды неге шақырмаған? Алғашқы əлетте Аяғанның жыртысын жыртып, Орталық партия
комитетіне жазылған арызға қол қойғандар бірқауым ел еді. Жақия кіріскеннен кейін əлгілердің
көпшілігі бас сауғалап қашқан. “Айтқаным айтқан, кессең басым, міне” деп қасқайып тұрған
үшеу – Қанат пен Камал жəне Ерік болатын. Бұл жолы Ерікті шақырмапты. Мына екеуіне мұны
неге қосақтаған? Үшеуін қатар отырғызып қойып, əртүрлі қитұрқы сұрақтар берер ме екен?
Мына екеуінің көзінше бұрынғы айтқанын қайталаса арандайды. Жалтарып қашса өзіне сын.
Апыр-ау, сонда не істеуі керек?!
Мазаң ойдың құшағынан шыға алмай қиналған жігіттің денесін тер жауып кетті. Пысынап
терлей бастаған соң омырауын ағытып, бас киімін қолына алған. Моншадан шыққандай
басынан бу бұрқырады.
– Мынаның моншасы қызды,– деді Қанат жолдасын бүйірден түртіп. – Тергеушінің алдына
барғанда қайнайтын шығар.
– Сəлеметсіздер ме, жігіттер! – Бір бүйірден шыға келген жігітке үшеуі де жалт қарады. Алмас
ұзын бойлы, бүркіт тұмсық, кісіге көзінің астымен сүзіле қарайтын жігітті бірден таныды. Ол
сəлемдесіп болғаннан кейін:
– Менің бөлмеме барып сөйлесейік,– деп жол бастады.
Алмастың күдігі расқа айналды. Тергеуші бөлмеге кіріп отырғаннан кейін бұлтаққа салмай
əңгімеге ашық кірісті.
– Жігіттер менің атым Міртемір. Фамилиям Қайдаров. Аяған Қуатовтың ісіне байланысты
шақырып едім сендерді.
– Шындық айтуға біз дайынбыз,– деп тақылдады Қанат.
– Əрқайсысымыздан жеке-жеке жауап алмай, осы отырған күйімізше ашық əңгімелессек дұрыс
болар еді,– деп Камал əлі де тері басылмай, беті қызара бөртіп отырған Алмасқа қарап қойды.
Бірнəрсе білетіндей тергеуші жымиып күлді. – Біздің арамызда бөтен ешкім жоқ. Пікіріміз бір
жерден шығады деп ойлаймын.
– Оны өздеріңіз білесіздер. – Міртемір папкасынан қағаздарын алып, алына жайып тастады. –
Бəрін қайтадан бастаймыз. Алдымен өздеріңмен танысып алайын.
– Мен Қанат Елемесов деген алкаш боламын,– деп орнынан тұрып, басын иді. Мазағы деп
ойлады ма, Міртемір қабақ шытып, жігітке түйіле қарады. – Көңіліңізге алмаңыз, ағасы. Сондай
жаламен мына отырған досым мені оқудан шығартып жіберген. Бірақ бұл кінəсін өліп бара
жатса да мойындамайды.
– Мен жауап бермеймін, кетемін! – деп сылтау іздеп отырған Алмас орнынан атып тұрды. –
Мұнда мені мына екеуіне талату үшін шақыртып па едіңіз?
– Бұл трюк! Мынауың ескірген əдіс, кəрі достым Картензио!
– Елемесов жолдас, тыныш отырыңыз,– деді тергеуші түсін суытып. Ол Алмастың түпкі ойын
айтқызбай түсінді. Оның мақсаты – амалын тауып, тайып тұру.


– Мен басқа уақытта келемін,– деді Алмас кетуге ыңғайланып.
– Азамат, отырыңыз! – Тергеушінің дауысы дықты шықты, есікке беттеген жігіт маңдайынан
қатты соққы тигендей қалт тоқтады. – Есіміңіз, фамилияңыз кім?
– Байсанов Алмас.
– Отырыңыз, Байсанов жолдас!
Амалы құрыған ол орнына келіп жайғасты. Қанат мырс-мырс күлді.
– Мен Камал Жақаев...
– Сіздердің институттың оқытушысы Аяған Қуатовқа тағылған айыптың бірі – Ауғанстан
мəселесі. Ол бір лекциясында Ауғанстанда болып жатқан соғысты айыптап, сол үшін үкімет
басшыларын сөккен көрінеді.
– Өтірік, жала! – деп Қанат өршелене дауыстап, орнынан атып тұрды.
– Бірінші рет естіп тұрмын,– деп Камал да наразылық білдірді. Алмас үнсіз. Қанат оның
бүйірінен оңдырмай түртіп жіберді, шынтақ қатты тигенмен ол үндей қоймады.
– Мен ол кісіге тағылған айыптарды түгел оқып шығайын. Сендер сонан соң жазбаша
түсініктеме бересіңдер,– деді Алмасқа тесіліп ұзағырақ қарап қалған Міртемір. – Екінші айып.
Қуатов лекциясында: “Біз СССР тарихын емес, орыс патшаларының тарихын оқып жүрміз.
Демек бұл бір ұлттың, орыстардың үстемдігін көрсетеді. Соған байланысты қазақ тарихы мүлде
қате жазылған” депті. Үшінші, “Ескерткіш орнатып, атын қалаға беретіндей Ермактың еңбегі
жоқ. Ол қазақ халқының қанын суша ағызғаннан басқа түк бітірмеген” деген көрінеді.
– Айтқан жоқ, өтірік сөз!– деді Қанат қызбаланып. Міртемір оған көз астымен қарап қойды.
– Төртінші айып. Ол “ООН-ның Бас ассамблеясы 1948 жылы қабылдаған адам құқығы жөніндегі
жалпы халықтық декларациясын көбейтіп таратқан”. Бесінші Мағжан Жұмабаев сияқты халық
жауының өлеңдерін студенттер арасында насихаттаған. Алтыншы, Леонид Ильич Брежнев
туралы əртүрлі анекдоттар айтқан. Жетінші, жетінші... Брежнев жолдастың карикатурасын
жасап, мазақтаған...
– Мыналарыңыздың барлығы шып-шылғи өтірік! Жала!
– Айқайламай ақырын сөйлеңіз,– деді тергеуші қызбаланып жанына жетіп келген Қанатқа күле
қарап. – Жаланы мен ойлап тапқан жоқпын. Қауіпсіздік комитетіне бір топ адам қол қойған хат
келген Куəлардың қолхаттары, түсініктемелер бар.
– Білеміз олардың кім екенін,– деп Камал əнтек езу тартты. – Жақия Тайлақұлы ағамыздың
стилін танып отырмын.
– Ол бəрімізбен сөйлескен. Тілін алмағанымыз үшін Ерік екеумізді оқудан шығартып жіберді.
Оңбаған!– деп кіжінді Қанат жанында отырған Алмасқа алая қарап. Манадан бері булығып, əрең
төзіп отырған Алмас шырт ете қалды.
– Мұныңыз түсінік алу емес, арандату. Сіз бізді мұнда төбелестіру үшін шақырып па едіңіз?
Мен кетемін.
– Азамат, мені қорқыта бермеңіз. Сізді мұнда жеке басымның шаруасына шақырған жоқпын,–
деді Міртемір зілденіп. Алдын-ала дайындап қойған екі парақ қағазды Алмастың алдына
сырғытты. – Азамат Қуатовқа тағылған жеті айыпқа жеке-жеке жауап жазыңыз. Егер жеке
отырып жазғыларыңыз келсе мүмкіндік жасаймын.
– Мен жеке отырып жазамын,– деді Алмас орнынан тұрып.
– Əн-нəң қарашы, мүттəйімді... Əй, ісім сенімен болар-ау!
Тістене кіжінген Қанат ол есіктен шығып кеткенше атып жіберердей қарап отырды. Камал
мүлде мəн бермеді, жайғасып отырып жеті айыпқа кеңірек жауап жазуға кірісті.
Тергеуші Алмасты көрші бөлмеге ертіп əкеліп кіргізді де, лəм деместен шығып кетті. Жалғыз
қалған жігіт Аяғанға тағылған жеті айыпты ынта қойып, қайтадан оқып шықты. Бірінші рет
шақырғанда да осы мəселелер бойынша түсінік берген. Екінші келісінде де жалбыр қас


тергеушіге осы сұрақтарға байланысты білгенін айтқан. Жалбыр қас тергеуші мұны сөйлетіп-
сөйлетіп алып, алдын ала дайындалған қағазға қол қойдырған. Қол қойғысы келмей
қиқаңдағаны есінде.
– Сенің Аяған Қуатовпен ым-жымың бір дейді. Көзіңді құртамын, иттің күшігі! Сүйегіңді
түрмеде шірітемін!– деп ақырған жалбыр қастан қорыққанынан қол қойған. Үшінші рет
басқаша сөйлесе, Аяғанды ақтап шықса тергеуші не дейді? Басқалар не дейді? “Шырағым, сенің
қай сөзіңе сенеміз? Жұртты неге шатастырасың?” деуі əбден мүмкін ғой. Бұрынғы айтқандарын
қайталап жазып бермеске амалы бар ма, сірə.
Бұрынғы жазғандарын тағы да қайталасын, Қанат пен Камал білсе, бұдан кейінгі күні не
болмақ? Бүкіл бір курс соңына түссе жағдайы шатқаяқтап, омақаса құламай ма? Кім қорғайды,
кімге сүйенеді? Жақия ма? Оған екі дүниеде сенбейді. Жақия Тайлақұлына уақытша ғана керек
екенін соңғы кезде ептеп түсіне бастады. Ол пайдаланып алып, керек болмай қалған күні итеріп
тастап, көрмеген, білмеген адамдай жайына кете беруден тайынбайды. Жақия Тайлақұлы
тайғанақ адам мұның байқағаны.
Сонда қайтпек керек? Курстастарына жағу үшін өзіне өзі қарсы шығып, абыройдан жұрдай
болуға тиіс пе? Жеке басының мүдесі үшін ғана пікірлес, тілекте болғансып, жең ұшынан
жалғасып, жылмиып күліп, жымын білдірмей əрекет жасайтын Жақия Алмастың аунап шыға
келгенін білсе қарап жата ма?
Ол соңына түскен адамының түбіне жетпей тынбайды. Алдияр Ақпанұлын анандай күйге
душар еткен, Аяғанды түрмеге жаптырып, басын əуреге салған пенденің кім екенін басқалар
білмес, ал Алмас біледі. Сонда не істемек керек? Жақияның түп етегінен ұстауға тиіс пе?
Қайда қашса да алды аран екен. Қайтсем жаным қалады деп тікенектен қашып жүріп, шоқ
басыпты ғой, құдай-ау. Шегінер жері қалмапты. Жақияға жарамсақтанып, соның дегенімен
жүріп, жан сақтауға болар, сірə. Амалы жоқ, бір жылға академиялық демалыс алар. Бір жылда
осының бəрі ескіреді, естен шығады.
Екінші бір көңіліне күдік қамап, түн ұйқысын бұзып жүрген оқиға – Хадишаның жағдайы.
Босанып ұл тауып алыпты деп естіді. “Құрбылары едік” деп үш қыз келген. Мұның ыңғайына
көнбесін білгеннен кейін əлгілер қоқан-лоқып көрсеткен. Олар қарап жата ма?! Қыр соңына
түсіп берсе қашып құтылар мүмкіндігі жоқ. Бұл хабар курстастарының құлағына тисе, олар
өлеңді жерге өрт қойып, дуылдатып жібереді. Аяғына тұсау салынады, басы байланады. Көнбей
қисайса темір тордың аржағынан бір-ақ шығуы мүмкін. Түрмеге апарып қамай салудың түкке
тұрмайтын іс екенін көзімен көрді. Кісінің “кінəм жоқ” деп шырылдаған дауысын ешкім де
естімейді екен. Бəрі таскерең сияқты. Адамы да, қоғамы да таскерең. Адамы да, қоғамы да
тасжүрек заман.
Баяғыда əкесі “мақаудың қолына, кереңнің астына түспе” дейтін. Қылдан тайып, заңның қолына
түскен жан кінəлі болмай қалмайды екен түсінгені. Ендеше басы аманда, бетіне күйе жағылмай
тұрғанда неге жұрт көзінен тасаланып, жасырына тұрмайды?!
Аңға айналған арандай алды-артын түгел қоршап алған жеті сұрақтан қалай құтыларын білмей
жаны қиналып отырған Алмас оқыстан сап ете түскен ойдың жетегіне ілесті. Тұйықтан шығар
жол табылған тəрізді. Бүгін ректордың атына арыз жазады. Кішкене ғана кісілігі болса Жақия
қол ұшын берер. Денсаулығына байланысты бір жапырақ қағаз табылар.
Төпей жауған жаңбырдың астынан үстіне су тигізбей құрғақ шыққандай əпсəтте көңілі
жадырап, еңсесін езген уайымның зілмауыр салмағынан құтылғандай əсерге бөленді. Алдында
жатқан қағазға енді не жазса да болатын секілденді. Қолына қаламын алып, “мен ештеңе
білмеймін. Аяған Қуатовтың не айтқаны есімде жоқ” деп жазып, астына қолын қойды.
Есіне Əсем түсті. Алмас келген күні жаны қалмай қуанып, жылы-жұмсағын алдына əкеліп
қойып:


– Ұялма, тойып ал! – деп бəйек болушы еді.– Саған сақтап жүрген дəм. Көптен бері келмей
кеттің ғой.
– Сабақтан қолым тимейді, жеңеше. Уақытым болса күнде келіп тұрар едім,– дейтін.
– Келмей кетсең балалар сені сағынып қалады,– дейтін марқұм. Қайтыс болғанын тым кеш
естіді. Хабар берсе шығарып салуға бармас па еді.
Алмас маңдайын сүйеп, көзін жұмды. Есік ашылып, Міртемір кірген, жігіт селк етіп, орнынан
атып тұрды. Əдепкіде Əсем кіріп келгендей болған; қалшылдап тұрған жігітке тергеуші таң қала
қарап:
– Сізге не болды? – деп сұрады.
– Жай əншейін... Ештеңе болған жоқ,– деп теріс бұрылды. Міртемір столда жатқан қағазға
үңіліп:
Мынау жарамайды. Өткен жолғы жауабыңыз секілді толық жазыңыз,– деді теріс қарап тұрған
Алмастың иығына қол салып. Жігіттің бүкіл денесі мұздай су құйып жібергендей дүр ете қалды.
Міртемір шығып кеткеннен кейін столға сүйеніп отырып, ой түкпірін айтарды...
Сонадайдан Алмастың қарасы көрінісімен Аяғанның екі баласы екі өкпесін қолына алып,
жарыса жүгіріп келіп, мойнына асылатын. “Менің Алмастан басқа бауырым жоқ” дейтін Аяған.
Екі бала мұны əкелерінің бірге туған інісі деп ойлайтын. Ол əртүрлі себептермен бес-алты күн
келмесе екі бала өлердей сағынып қалатын. Жатырқап жақындамайтын Бибі келе-келе
ағаларына ілесіп, алдынан жүгіріп шығатын болды.
Екеуі бірге тумаса да туған бауырлардай сыйласты. Араларында бөтендік, жаттық жоқ еді. Бұл
Аяғанның ақылын – азық, сөзін – сусын көрді. Онымен жақын жүретінін, сыйласатынын
мақтаныш етті. Осыс сыйластық, татулығымыз мəңгі-бақи жалғаса береді деп ойлайтын. Аяғна
ағасы үшін жауып тұрған оқтан қайтпайтындығына сенімді еді.
Қателесіпті. Бұл да пенде екен. Ең жақын адамының басына іс түскенде жалт берді. Мұнысын
жұрттың бəрі білетін шығар. Олар əрине кешірмейді. Басқа басқа, құдай кешпес. Қу жанының
амандығы үшін өзіне деген ниет, пейілінде кіршік жоқ, бірге тумаса да туғанына артық
ардақтап, төбесіне көтерген азаматты жаладан арашалаудың орнына пиқылы пасық пенделерге
қосылып, өтірікпен төмпештеді. Неге қорықты, неден қорықты? Аяғанға жала жаппағаны үшін
басын алмас еді ғой. Камал, Қанат, Еріктер азамат екен. Ал бұл шіріген жұмыртқа. Елге не
бетімен қарайды енді? Пəледен құтыламын деп тұтылды. Сауап! Хадишаның көз жасы,
Аяғанның шиеттей үш баласының обал-сауабы жібермеген шығар. Кісілктен кеткен пенденің
көретін күні осы. Əр азғынға бір зауал. Үш күндік пəниден тапқан олжасының түрі міне, осы –
азғындық. Азғын!
Дəл қазір Аяғанның үш ботасы – əкеден тірідей, шешеден өлідей айырылып, боздап қалған
шеркөкірек үш сəби келіп, ұяты қашқан бетіне былш-былш түкірсе...
Əсем марқұм Жер-Ананың құшағынан шығып келіп, сояудай тырнақтарымен мұның шімірігуді
ұмыта бастаған көн бетін осып-осып жіберсе...
“Алмасым” деп аялап, жанымен берілген, бұл шіркін үшін ажалдың арандай ашылған аузына
именбей түсіп кете беруге дайын Хадиша келіп, ел-жұрттың көзінше басқа тепсе...
Сауап болар еді. Сауап! Сауап! Жаны ашып, жанашыр болар бір пенде табылмас еді.
Тұла бойымен ток жүріп өткендей қалшылдап, шыдап отыра алмай кіжіне дауыстап, орнынан
тұрып кетті. Оның дауысын құлағы шалды ма, іле-шала есік ашылып, тергеушінің басы көрінді.
– Мені шақырдыңыз ба? – Теріс қарап, екі иығы селкілдеп тұрған Алмастың бұл қылығы оған
тосындау көрінді. – Сізге не болды?
– М-е-н-о-о-ң-б-а-ған-мын!.. Мен а-з-ғ-ы-н-мын! – деді Алмас күйінішті үнмен. – Мен оған
жала жаптым... Ол таза. Ол ғажап адам! Мен қорқақ, сорлы екенмін. Қара басымның амандығын
ойлап, асыл ағама күйе жақтым. Бəрі өтірік! Өткен жолғы түсініктемені мен жазған жоқпын.


Қорқытып қол қойдырып алған. Аяған ағаның еш кінəсі жоқ! Жоқ! Жоқ!
– Сабыр! Сабыр етіңіз, жігітім,– деді Міртемір оны арқасынан қағып. – Асықпай отырып болған
жағдайды толық жазып беріңіз.
Міртемір шығып кеткеннен кейін болған жағдайдың бəрін тəптіштеп қағазға түсірді. Онысын
тергеушіге тапсырған соң бойы жеңілдеп қалғандай болды.
– Рахмет! Керек болсаңыз, өзім тауып аламын. Бара беріңіз.
Алмас лəм деместен шығып жүре берді. Манағыдай жан-жағына жалтақтап, өзінен өзі үрей
шақырып берекесізденбей аяғын нығыз басып келеді. Кеудесін құрсаған жексұрын сезім сейіліп,
тынысы ашылған сияқты, əдетте ол өзінен қысылып, тұқшыңдап басын көтере алмайтын
Алмастың кеудесі шалқақ. Үлкен ерлік жасағандай алшаң басып келе жатқан жігіт бірінші
қабатта, кезекшінің жанында тұрған Хадишаны көріп, селк етіп, оқыс тоқтады. “Мені күтіп тұр”
деп ойлады. Жүрегі аузына тығылған жігіт келіншектің көзіне түспей жасырынып үлгерді.
Хадишаның бұл жүрісі тегін емес. Не істеу керек? Тұйықтан шығар жол таба алмай тыпырлаған
Алмас осылай қарай беттеп келе жатқан жалбыр қасты жазбай таныды. Жылдам басып бірінші
қабатқа түсті. Хадиша оны көрген сəтте жүзі нарттай қызарып, омырауын бүріп ұстап, табаны
жерге жабысып қалғандай қозғала алмай сілейіп тұрды да қойды.
Қаншама қатты ренжіп жүргенмен Алмасқа деген сезімі əлі сөне қоймапты. Өңі өрт
сөндіргендей түтеп келе жатқан жігітке жалынышпен жаутаңдай қараған, Алмас оны көзіне
ілместен жанынан тапырақтап жүгіріп өте шықты. Көкірегі өксік пен өкінішке толы келіншек
жасқа тұншықты. Жасты көзбен біреу қуып келе жатқандай тапырақтай жүгірген Алмастың
соңынан қарап тұрды.


38
Алматының ауа райы биыл да өзгеше мінез танытты, бұрнағы жылдары наурыз туысымен-ақ
дүниенің апшысын қуырып, шыжғырып жіберердей ысып кететін күн жарықтықтың қызуы
бəсең. Наурыз айының соңында ыстықтап, суға түсіп жүретін балалар май мерекесінде шеруге
қалың киіммен шықты. Аспан ашық болғанмен апталап жауған жаңбырдан кейінгі ызғардың
зəрі сына қоймаған еді. Жеңіс тойында сіркіреп басталған жаңбыр ымырт үйіріле үдеп,
шелектеп құйды да, арты қарға айналды. Жаңа-жаңа көгеріп, көктей бастаған өсімдік атаулы
аппақ қардың астында қалды. Көктемді күте-күте шыдам-тағаты таусылған жұрттың қабағы
түсіп кетті. Бүгін жауып, ертең еріп кететін қар бұл жолы қалың түсті, оның үстіне сол күні аяз
күшейді. Аяздың демімен сүрленген қар бір түннің ішінде қатып, жуығарақпанда ерімейтіндей
сіресті.
Табиғаттың бұл қылығы Аяғанға ұнады. Аяқ астынан жапалақтап жауып, жер дүниенің шаң-
тозаңын басқан аппақ қар жақсылықтың хабаршысындай еді. “Бұл менің құрметіме жауған қар”
деп ойлады Аяған. Осы ойына өзі нанды. Өйткені оның өмірінде бір жақсылық боларда
жапалақтап қар жауатын əдеті еді. Əсем екеуінің үйлену тойы болатын күні аппақ қар жауғаны
есінде. Елжасы дүниеге келген күні де жер дүниені аппақ қар басқан. Кандидаттық
диссертациясын қорғайтын күні алай-дүлей боран соғып, қалың қар жауғанын қалай ұмытсын.
Шаңырағында бір жақсылық боларда табиғат-ана алдын ала Аяғанға хабар береді. Табиғат-ана
онымен бірге қуанып, бірге шаттанатын сияқты. Осыған қарап Аяған: “адам мен табиғат
бірлікте өмір сүре отырып, бірімен бірі əрқашан үндеспей-ақ ұғыса береді екен-ау” деп
ойлайтын.
Аяғанның шаңырағында жақсылық болатын күні қар жауатынын ет жақындарының бəрі біледі.
Көктемнің жазға ұласар жайсаң шағында қардың жапалақтауы бекер болушы ма еді. Бибісі
дүниеге келгенде осындай бір жағдай болған. “Бұл алла тағаланың бізге жіберген сыйы.
Кішкентай бөпеміз бақытты болады екен, Əсемжан. Бұл жай қар емес, жаратқанның бізге
жолдаған тілегі. Бізге деген аппақ көңілі” деген Аяғанның көзіне бейшара келіншек сеніп еді.
Ішкі сезімі, түйсігі алдамаса көп ұзамай бір жақсылық болатын тəрізді. Бəлкім, Міртемір жақсы
хабарымен қуантар. Оның айтуына қарағанда, бұған жабылған жаланың негіздері
дəлелденбеген. Шақырып жауап алған куəлардың барлығы дерлік Аяған Қуатовты қорғап
шыққан екен. Арызға қол қойғандардың кейбіреуі ғана “ештеңе білмеймін, көрмедіммен”
бастарын ала қашқан. Жалтаруға болмайтын факт – Аяғанның пəтерінен табылған Біріккен
Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясы 1948 жылы қабылдаған адам құқығы жөніндегі жалпыхалықтық
декларация. Екіншісі – Леонид Брежневтің карикатурасы. Бұлар үшін де маңдайынан
сипамасын біледі. Міртемірдің айтуына қарағанда, осы үшін-ақ 170 статьяның бірінші
тармағына жатқызып, үш жылға соттап жіберуге болады екен.
“Осында жатқан сегіз айыңызды жəне негізгі айыптардың анықталмағандығын ескеріп, сізді
біржола босатуы мүмкін” деген Міртемірдің сөзін малданып, іштей құдайына сыйынып жатқан
жігіт əрнəрсені ойлайды. Сегіз ай жайлы мекен болған аядай ғана камера демде тарылып, ауа
жетпегендей қысылып, торға қамалған арландай аласұрып, мазасы қашады. “Не де болса
созылмай, тез бітсе екен” деп тілейді. Əрі-бері сенделіп жүрді, ыңылдап əн айтты.
– Сап, сап көңілім! Сап, сап!..
Дегбірін алған қу көңілдің əуірі бірақ оңайшылықпен басыла қоймады.
– Ерте, əлі ерте! Ештеңенің қарасы көрінбей тұрып желікпе, Қуатов. Келе жатқан бақытың теріс
айналып кетеді,– деп күбірлеп сөйлеп, өзіне өзі басу айтты.
Осыдан кейін ғана лепірген көңілі ортайыңқырап, шалқасынан түсіп жатты да ой түкпірін


ақтарды.
Міртемірдің айтқаны келіп, түрмеде өткізген сегіз айын есепке жатқызып, босатып жіберсе
ұтқаны. Бітіп тұрған ісін тағы тоқтатып, басқа тергеушіге тапсырып, басын əлекке салса ендігі
тəлкегіне шыдамас. Шыдамағанда қолынан не келеді? Күш солардың қолында. Қайта құдайдың
бұған деген ниеті дұрыс екен. Егер Мақсұттың дегені болса, бұл уақытта 58 статьямен он екі
жылға кесіліп, телім-телімі шығып, бір қиырда жүрер еді.
Бір қайырымды адамның қол ұшын бергенін іші сезеді. Ол кім болды екен? Күндердің күнінде
ол адамды іздеп табатындығына сенімді. Алдымен мынау қапастан жарық дүниеге шықсыншы.
Басына бостандық тиген соң көрер олардың əуселесін. Жамбасы жерге тигенше шындық үшін
күреседі. Əлі талай рет жеңілер. Мейлі. Бəрібір шегінбейді. Жақиялар қашанғы тайраңдай берер
дейсің. Олардың барлығы бір жіпке ілініп тұр. Əдісін тауып, сол жіпті кесіп жіберсе Жақиялар
құрдымға құлайды.
Аяған мырс күлді. “Тышқан ініне кіре алмай жүріп құйрығына қалжауыр байлайды” деген осы.
Тамыры тереңге кеткен Жақияның тобын əлі күнге үй ала алмай қаңғырып көшеде жүрген бұл
түгіл атақты ғалым Алдияр Ақпанұлы да жеңе алған жоқ. Алдекең өмір бойы күресті, ғұмыры
жеңілумен өтті.
Мұса, Жақия сияқтылар қоғамның винтигі. Шындыққа жету үшін заманды жеңу керек,
қарағым,– дейтін Алдекең мұңайып отырып. Заманды жеңудің мүмкін еместігін арғы-бергі
дəуірлерде өмірден озған талай-талай марқасқалар дəлелдеген жоқ па?! Бір халықты
бостандығы үшін жар құлағы жастыққа тимей жанталасқан Кенесары шындыққа жете алмай
мерт болды. Қорлықпен өлді есіл ер. Ұрпағы ұлы бабасының сүйегінің қайда қалғанын білмейді.
Аяғанның есіне Жамбыл ақын айтты деген əңгіме түсті.
1884 жылы Кенесарының ұлы Сыздық сұлтан Қырғызстанға барыпты. Оны қырғыздар ақ үй
тігіп, мал сойып қарсы алып, сый-сияпат көрсеткен екен.
Мен сендермен шабысқалы келгенім жоқ, табысқалы келдім. Сен де туысқанымсың. Жан ашуы
үстінде əкемді өлтірдің деп кінə қояр жайым жоқ, жалғыз-ақ тілегім: əкемнің сүйегін бер –
аталарыма қосайын, алтын жүзігін бер – қолыма салайын, сары қасқа ерін бер – астыма мінейін,
бұйымтайым осы ғана,– депті Сыздық сұлтан. Қырғыздар алтын жүзігі мен сары қасқа ерін
беріп, сүйегін таба алмайды. Сыздық сұлтан сары қасқа ердің басын қанжарымен қақ айырып,
жіліншік-жіліншік алтын алыпты.
Əкемді өлтіруді білесіңдер де, алтынын алуды білмейсіңдер. Уақасы жоқ, бұйырған нəсіп қой,–
депті сұлтан. Табысуға барған адам бұдан артық не айтсын. Ашуы мен ызасын бір ауыз сөзге
сыйғызыпты сабазың.
Халқының бостандығы үшін басын оққа байлаған могиканның соңғы тұяғы сынды Сыздық
сұлтан да мақсатына жете алмай арманын ұрпағына аманаттап кеткен жоқ па?! Қазағынан,
жерінен, атамекенінен қолдау таппаған жолбарыс мінезді саяқ жансауғалап Қашқарға барды
сіңбеді, қалың түрікпеннің ортасына барды, ол жерде де ісі оңға баспады. Барлығынан түңілген
есіл ер күштіге құл болуға бейіл момын қазағының ортасына қайтып оралған. Басқа амалы
болмаса қайтеді? Арқа сүйер қабырғалы қалың елі тізе қосып, қолдау көрсетпесе жалғыздың
қолынан не келсін Айдаһардың күші асып тұрса не істей алады? Қарсы шапса желкесін қырқып
тастай береді. Солай екен деп құл болуы керек пе? Аяғанның есіне Кенесары айтты деген бір сөз
түсті.
“Кектескен жаумен кескілесіп тұрып өлісуге шыдайтын ұл болмаса, сондай ұлды туғызып
тұрған ел болмаса қазақтың қай ісі өрге басар дейсің”.
Кенекеңнің осы сөзін Алдияр Ақпанұлы қайталап айтып отырғанды ұнататын. Ел-жұрттың
намысын жыртып, өлісуге шыдайтын азамттың баян аяуы жоқ уақыт қағып тастай салады.
Біртуар ұлдардың талайы заманның жағасына жармасамын деп бақилық болды.


– Екі бірдей қанатым,
Топшыдан сынды қайырылып.
Балдағы алтын ақ берен,
Тасқа тиді майырылып,–
дейді Нысанбай жырау. Халқының алмас қылышы сынды талай марқасқа тасқа шабылып
майырылды. Мұның өзі де солардың бірі емес пе. Солардың сарқыты.
Махамбеттің, Кенесарының, Сыздық сұлтанның сарқыты – Аяған,– деп күбірледі жігіт. Өзін өзі
мазақтағандай мырс-мырс күлді.
– Жаңбыр жаумай су болды,
Пұлы қымбат манатым.
Тасқа тимей кетілді,
Балдағы алтын болатым.
Оның есіне Нысанбай жыраудың “Кенесары–Наурызбай” дастанындағы осы бір шумақ оралды.
“Бұл маған қатысты шумақ. Жаңбыр жаумай су болып, тасқа тимей кетіліп жүрген мен емей кім
басқа” деп ойлады. Кенесары, Сыздық бабаларындай болса қара басын арашалай алмай сегіз ай
бойы тас түрмеде жатар ма еді?! Тіпті тұяқ серпуге шамасы келмеді. Шынжыр табанды алып
тракторды тоқтатамын деп далбасалаған əрекетінен не шықты? Мен халқыма, қоғамыма
мемлекетіме керекпін деп ойлайтын. Бала-шағасы мен ата-анасынан басқа ешкімге керек
еместігіне сегіз айда көзі жетті. Адамның құмырсқа құрлы құны жоқ екен.
Аяған кеудесі ызаға толып, біреумен төбелесетіндей екі жұдырығын тас қып түйіп алды. Ашу
қысқандағы əдетімен қабырғаны дүңкілдетіп ұра бастады. Сегіз ай бойы тас қабырғаны
соққылап, мүйізденіп қалған қолы мүлде ауырған жоқ.
Дүңкілдеген дыбысты құлағы шалды ма, есік ашылып, күзетшінің басы қылтиды.
– Қуатов, заттарыңды алып, сыртқа шық.
Мына сөзді естігенде екі тізесі дірілдеп, сылқ етіп отыра кетті. Екі тізесін құшақтап, іштей
өксіп, қимыл-қозғалыссыз ұзақ отырды. Тұрайын десе екі аяғында күш жоқ.
Қуатов, сыртқа!.. Немене камераңды қимай отырсың ба?..
Аяған басын көтеріп, күзетшіге қарап, əнтек езу тартты. Екі көзі меймілдеген жас.


39
Ауыр жұмыстың азабын көріп, əбден қажыған, болдырған кезінде ер-тұрманын сыпырып алып,
қақпадан шығарып жіберген жабыдай сегіз ай жатқан үйдің алдында соңына жалтақтап, кідіріп
қалған. Бір адамның басын жалмауға жарайтын, пəле-жаладан аман-есен құтылып шыққанына
сене алмай мең-зең болып тұр. Артына түскен аңдушы көп ұзатпай ұстап, қайтадан əкеліп
қамайтын секілді, көңілінде тарқамай қойған күдік бар. Шын ба, өтірік пе? Үміт пен күдік
безбенге түсіп бірін бірі баса алмай, тайталасып жатыр.
Аяған болдырған аттай аяғын кібіртіктей басып, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің үйінен
ұзап барып кідірді де, бұрылып соңына қарады. Аңдушы жоқ сияқты. Көңілінің əуірі ұстады. Бет
тызылдатар күші бар аязды елеген жоқ, кеудесін ашып тастап, бір-екі күннің ішінде кірлеп
қалған сірі қардың бетін аршып, көсіп алды да, домалақтап-домалақтап өтіп бара жатқан
автобусқа лақтырды. Автобустағы адамдар мына суықта кəстөмшең жүрген, əдепсіздік көрсетіп,
сақ-сақ күліп тұрған адамға таң қала қарайды. Қарсы жүріп келе жатқандар ығысып жол береді.
Мен сендерді жақсы көремін,– деп айқай салды. Адамдар сəл кідіріп, бейтанысқа сəп салып
қарайды да, бас шайқап ілгері кетеді.
Көңілін лепірген сезім билеген Аяған жебей басып, профессор Алдияр Ақпанұлының үйін қарай
адымдады. Екі ара алыс емес. Соның өзінде жігіттің тағаты таусылып, біраз жер жүгіріп алды.
“Елжас үйде шығар. Олжас пен Бибі бақшада” деп ойлады көңілі алып ұшқан ол. Балаларымен
кездесетін сəті жақындағанын ойлап, жүрегі алқымына тығылды. Оларды өлердей сағынды.
Үшеуін көрмегелі сегіз ай болыпты. Отбасының жағдайын білуге, сыртқы дүниемен байланыс
жасауға мүлде мүмкіндік бермеді. Мақсұт нəлет қолынан келгенше жаманшылығын жасап
бақты. Бір рет қана күзетшінің көмегімен хат жөнелтіп, хабар алды. Отбасының Алдекең
пəтеріне көшіп келгенін біліп, алаң көңілі орнына түскен. Екі арадағы байланыстың алды да,
арты да осы болды, күзетші жігітті содан қайтып көре алмады.
“Мазасыздана бермеңіз. Аманшылық болса жақында босанып шығасыз. Шыдаңыз” деген
Міртемірдің сөзіне жұбанып, шыдап бақты. Енді міне, сол атты күн туды! Жарық дүниеге
шықты! Бостандық!.. Бостандықтың бағасын адам қапасқа қамалғанда ғана біледі екен.
Ол екі өкпесін қолына алып, бала-шағасына қарац құстай ұшып келеді. Сақал-шашы өсіп, сұры
қашыңқырап кеткен “бейтанысты” олар танымай қалар деген күдік бар көңілінде. Əрине
балалары да, Əсем де мұны күтіп отырған жоқ. Өйткені дəл бүгін босанып шығатынын өзі түгіл,
Міртемір де біле қоймаған сияқты. Білсе де сездірген жоқ. Бұл мекемеде істейтіндердің аузы
құлыптаулы болады екен. Қай-қайсысы болса да ішінде ит өліп жатса да сездірмейді.
Əсем қуаныштан “ауырып” қалатын болды. Бейшара қуанышты да көтере алмайды. Балалары
үшін қатты ауырып қалса да сүйегін сүйретіп жүре береді. Ойда-жоқта кіріп келген күйеуін
көргенде құлап қалмаса жарады.
Аяған жымиып қойды. Көз алдына екі көзі боталап, мойнына асылған Əсем, шалғайына
жармасқан үш ботасының бейнесі елестеді. Жүрегін сағыныш кернеп, адымын аша түсті.
Міне, Алдияр Ақпанұлының үйі!.. Таныс аула, таныс есік көзіне оттай басылды. Жаз айы болса
кəрі-құртаңдар ауладағы лапастың ішінде отырар еді. Терезеден үңіле қараған неміс кемпірі
танып, езу тартып, басын иіп, сəлем берді. Роза апасы Аяғанды танымады. Сапсиып өсіп кеткен
сақал-шашы мен киіміне қарап, қаңғырып жүретін көп қайыршының бірі деп ойлаған болу
керек, терезенің пердесін жапты. Профессордың терезесіне қараған, қыбырлаған тірі жан жоқ,
“сірə, Əсем демалып жатқан болар” деп ойлады. Елжастың мектептен кешкілік оралатыны есіне
түсті. Алдиярдың орнынан тұра алмайтындығын ескеріп, қоңырауды баспай есікті итеріп еді,
ашылмады. Үйде біреу бар сияқты. “Əсем ғой” деп ойлады жігіт. Жүрегі лүпілдеп, жоғары


көтеріліп бара жатқан сияқты. Қолы қалтырап бармақ басындай қара түймені басқан, аржақтан
бөтен дауыс естілді.
– Қазір!..
“Бұл кім болды екен?” Аяған ойын жинақтап үлгергенше есік ашылды. Хадиша сақал-шашы
өсіп кеткен, қалай болса солай киінген бейтанысқа сезіктене қарады.
– Сəлеметсіз бе, Хадиша! – деп күлімсіреген “шалға” қадала қарап тұрған келіншек:
– А-а-ғ-а-а-оу! – деді. Ашылып қалған омырауын қымтап, шегініп жол берді. Аяған ішке кіріп,
есікті жапты. – Сəлеметсіз бе, аға! Ж-ж-оғары... Төрлетіңіз, а-а-ғ-а...
Аяған аяқ киімін шешіп, профессордың бөлмесінің табалдырығын аттап, кілт тоқтады.
Алдекеңнің орны бос екен. Жүрегі бір жамандықты сезгендей қалған екі бөлмені асығыс қарап
шықты. Бұрын қалай болса солай шашылып жататын бөлмелер тап-таза, тап-тұйнақтай етіп
жинап қойыпты. Қашан келсе де бес батпан кірден арылмайтын еден тілмен жалап тазалағандай
жалтарып жатыр.
Аяған қонақ бөлмеге кіріп, диванға отырды. “Əсем тағы да ауруханаға түскен-ау, сірə” деп
ойлады. Алып-ұшқан көңілі қоңылтақсып, босағада өзіне жасқана қарап, жағасын бүріп ұстап,
жылап жібермес үшін астыңғы ерінін қатты тістеп алған Хадишаға бұрылды.
– Алдекең үйде жоқ екен ғой,– деді ақырын ғана күрсініп. – Əсем бір жаққа кеткен бе?
Түрін көріп, көңіліне күдік шауып еді. “Есі ауысқан ба?” Қорқынышты ой келіншектің
алқымына жармасып, тұншықтыра бастады. “Апыр-ау, Əсем тəтемнің қазасын естімеген бе”.
Сақал-мұртты, шашты əдейі жібердім,– деп күлген болды Аяған өзіне шошына қарап қалған
Хадишаның ойын оқығандай. – Балалар келгенше алып үлгеремін ғой.
– Аға-оу, – деді келіншек ебіл-дебіл жылап. – Балалар келмейді ғой, аға-оу...
Аяған селк етіп, орнынан ыршып тұрды. Тұла бойы қалшылдап қоя берді, тілі байланып
қалғандай мелшиіп тұр.
– Оларды атасы ауылға алып кеткен. – Еңіреп жылап тұрған келіншек бар болғаны: – Аға-ау,
білмейді екенсіз ғой,– дей берді.
– Алып кеткені қалай? Əсем қайда?
– Аға-оу, тəтемнен айырылып қалдық қой...
Аяғанның көзінен тіп тамшы жас шыққан жоқ. Танауы қусырылып, сұп-сұр болып, тістеніп
тұр...


40
Сіркесі су көтермей отырған Аяған автобус Көртоғайдың аңғарына ілінгенде еңсесін көтеріп,
сыртқа көз жүгіртті. Көртоғайдың атына заты сай, жаңбыр шайып, жел мүжіген жарқабақ
алыстан қарағанда қаптаған қалың молаға ұқсайды. Бұл аңғардың атын осы ерекшелігіне
байланысты қойды ма, жоқ əлде, көп адам ажалын осында тапқандықтан солай аталған ба? Осы
арадан өткен сайын Аяған ой тереңіне батып, көкейдегі көп сұраққа жауап іздейді.
Аңғарды қақ жарып Шарын өзені ағады. Өзеннің көпір салынған тұстағы арнасы құж-құж қызыл
тас. Ашуын, сұрапыл күшін жасырып, беті ақырын қайнаған сүттей болып шымырлап, асықпай-
аптықпай ағатын өзен алғаш өте жуас болып көрінеді. Бұл араның тарихын білетін жанның
автобус Көртоғай аңғарының шетіне ілінгенде аспанға қарайтын əдеті. Мұның сыры бар. Аңғар
тастақ. Жауған жаңбырдың бір тамшысы жерге сіңбей сел болып, жыра-жықпылды қуалап
отырып Шарынға құяды. Нөсер жауған кезде су қиыршық тас аралас қызғылт топырақты
аңғардың табанын орып, арна жасап ағады. Сондай бір сұрапылды Аяған өз көзімен көрген..
Шілде айы болатын. Қабылдау комиссиясына құжаттарын тапсырып, емтиханға дайындалып
жүргенде аяқ астынан ауылдан хабар алған. Анасының қатты ауырып, ауруханаға түскенін
естісімен екі өкпесін қолына алып ауылға ұшқан Аяған өзін Көртоғай аңғарында сұрапыл
қасіреттің күтіп тұрғанын білген жоқ еді. Ұмытпаса, саат үштің кезі болатын. Күн бұлыңғыр.
Қулық тауының үстіндегі қара бұлт салмағын көтере алмай етекке қарай жылжып келе жатты.
Ыстығы шекеден өтетін шілдеде суық ызғар сезіп, көңілі қобалжыған. Алматы-Нарынқол
бағыты бойынша жүретін автобус көпірден енді өткен кезде жердің шаңын көтеріп жел тұрды,
артынша жаңбыр сіркіреді. Көп ұзамай сіркіреп басталған жаңбыр қара нөсерге ұласты.
Аңғардың табанын орып, жолындағы кедергі атаулыны қопарып, сұмдық қорқынышты үн
шығарып, қап-қара боып келе жатқан селді көрген жұртта ес қалмаған. Автобустың алдыңғы
жағында отырған Аяған жерге секіріп түсті де, қара түлейден құтыламын-ау деген үмітпен жан
ұшырып, бетке қарай жүгірді. Соңында қу жаны ышқынып, əлдекімдер тапырақтай жүгіріп
келеді. Шашы жалбыраған ұзынтұра жігіт басып озып, алға түсті. Қалғандары бетке шығып
үлгере алмады, дөңеске екі аттам жер қалғанда арқыраған қара дүлей аяқтан шалып құлатты да,
ағызып ала жөнелді. Жанталасқан Аяған екі рет құлап, екі рет тұрды. Үшінші рет тұрған кезде
қара дүлейдің құшағына бір кіріп, бір шығып шыңғырған қызды көрді. Қайтсем құтыламын, қу
жанымды қалай аман алып қаламын деп жанталасқан жігіт басын қатерге тігіп, қызға ұмтылды.
Екі-ақ метр жерде ағып бара жатқан қызға жете алсашы. Жердің қиыршық тасын сыпырған қара
сел кеудесінен, бетінен былш-былш соғады, Аяған арс-гүрс еткен ашулы “арыстанмен” алысады
да құлайды. Біраз жерге дейін ағып барып, əрең деп орнынан тұрды. Сөйтіп жанталасып жүріп
қызға жеткен. Көйлегіне қолы ілініп еді, онысы жыртылып кетті. Жанталасқан жігіт қыздың
шашына жармасты. Қолаң шашты қолына орап алып, бір тұрып, бір жығылып сел орып кеткен
аңғардың шетіне қарай жылжыды. Өлгенде əрең арнаның жиегіне ілінген. Сүйреп келген
бейтаныс қыздың былқ-сылқ денесін көтеріп, ылжырап езіліп жатқан бетке шықпақ болып
тырысқан. Əл-дəрмені құрып, сілікпесі шыққан Аяған əрең дегенде қара түлейдің қолы
жетпейтін дөңеске шығып, қызды шалқасынан жатқызған. Екі көзі аларып, аузы ашылып қалған
қыздың шыбын жаны кеудесінен əлдеқашан ұшып кеткен сияқты Аяған оны “тірілтіп” алмақ
болғанмен қолынан келмеді.
Биіктеу дөңесте отырып төменге көз салып, қарай түлей сел жолындағы қарайғанның барлығын
сыпырып-сиырып ашудан аласұрған Шарынның құшағына лақтырып жатыр екен. Бірімен бірі
жарысқан екі автобустың біреуі мылжа-мылжа болып құж-құж жартастың кетігіне кептеліпті,
екіншісі зым-зия. Толтырып көмір басқан тіркемесі бар ЗИЛ шалқасынан түсіп, көпірдің


аузында жатыр. Əлі есін жия алмай есеңгіреп отырған Аяған сел келген жаққа қараған. Қара
түлейдің құйрығы кесіліпті. Ізі жатыр, өзі жоқ. Кең аңғарды орып, орташа өзен ағатындай арна
жасап кетіпті. Сел Аяғанға жолындағысын жалап-жұқтап кеткен айдаһар секілді болып
көрінген...
Сол жолы талай боздақ жол тосқан “айдаһардың” жемтігі болыпты. Екі автобус адамнан аман
қалғандар санаулы-ақ екен. Бір қолдың саусақтарының санынан аспайтын санаулы ғана бақытты
жанның бірі Аяған еді.
Көңілін бұлт торлап, Алматыдан шыққалы бері қабағы ашылмай, іштей егіліп келе жатқан жігіт
аспанға қарады. Қулық тауының үстінде малдың шарбы майындай ғана алашарбы бұлт қалқып
жүр екен. Аспан шаңсыз, ашық, жас жуған орыс қызының көзіндей мөлдір.
Автобус Көртоғай аңғарынан шығып, Ақсай жазығына түскен кезде Аяған шалқайыңқырап
отырып, көзін жұмды. Əсемнің бейнесі тағы да көлбеңдеді. Үстінде екеуі алғаш танысқан күнгі
ашық қызыл түсті костюм-юбкасы бар. Кірпік қақпай қадала қарап тұрған сияқты. Көзінде
айықпас мұң. Бірнəрсе айтқысы келетін сияқты, бірақ тілі байланып қалғандай сөйлей
алмайды...
Аяған күрсінді. Көкірегінің тереңіндегі ыстық жас қорғасындай балқып келіп, тамағына қатып
қалды. Иегі кемсеңдеп, ерні дірілдеді. Жанында отырған келіншектің өзіне таңырқай қарап
қалғанын сезген жоқ. Сезгенменде қу жанын қуырып қинаған сұрапыл күштің құрсауынан
құтылып шыға алмас еді. Ол сол отырған күйі өксіді-ай келіп...
– Сізге не болды? – деді жанында отырған келіншек бетінен жалап қана шапалақтап. Аяған
көзін ашып алды. Көз шарасы жасқа толып кетіпті. Ол қинала бас шайқап, бетін бұрып əкетті.
Автобус зырылдап келеді, теп-тегіс жол кейін қашып бара жатқан сияқты. Қашып бара жатқан
жол емес, уақыт секілді. Сонадайдан бұлдырап əрең көрінген бағаналар көзді ашып-жұмғанша
артта қалып бара жатады. Ойлап отырса; адамның өміріне ұқсайды. Бағаналар секілді біріне бірі
ұқсас жылдардың алда қаншауы қалғаны бір құдайға ғана аян. Қаншама бағана – жыл артта
қалды. Күні кеше таң атқаннан күн батқанша үй бетін көрмей, жалаңаяқ жар кешіп, тыным
таппай жүгіріп жүретін бала бүгін міне, тағдырдың таяғы маңдайына қатты тиіп, жасына
жетпей “қартайып” отыр. Алда не күтіп тұр? Бақ па, сор ма? Кім біледі, баяғыда қапыда тап
беріп, талайдың желкесін қиған қара түлей жалмауыздың арандай ашылған аузынан жаратқан
тасбақа тірліктің азабын мойнына асып қою үшін жұлып алған шығар. Алла тағаланың ниет-
пейілі дұрыс болса соншама сорын қайнатып, ит аяқтан сары су ішкізіп қорлар ма еді?!
Шындық іздеп шырылдап еді, түрмеге апарып тыға салды. Сындырмақ болып əрі-бері бүктеді,
онысынан ештеңе шықпасын білгеннен кейін мұны мұқатудың басқа жолдарын іздеді. Осы
дүниеде тірі пендеге бір ауыз артық сөз айтпаған, қаршадайынан көрмеген қиындығы қалмаған,
Əсем бейшараның қандай кінəсі бар еді? Ендігі нысанасы кім оның? Кім?
Көкірегі ащы айқай көмейіне келіп тұншықты. Қараниет қиянатшысы уысына түскендей
жұдырығын жұмып, бар күшімен құшырлана қысты. Қатты тістеніп алған, жағы қарысып қалған
сияқты. Уқалап отырып жағын əрең ашты да, көзін жұмып, шалқайпы жатты. Зыырап келе
жатқан автобустың демі қысылып, жүрісі ауырлап, ыңырана бастады. Қайқы асуынан асып
түскенше автобус ыңыранып, арба жүріспен жылжиды да отырады. Күн салқында аса
білінбегенмен жаз айларында, əсіресе аспан айналып жерге түсердей ыстықты автобустың
салоны қайнап кетеді. Ыстыққа шаң араласып, жолаушылардың берекесі кетеді. Көнпіс қазақ
бұдан зорғыға да шыдайды.
Аяғанның есіне Алматыға бірінші рет бармақ болып талаптанғаны түсті...
Нарынқол мен Алматының арасына жиырма адамға арналған “қоңыз” автобус қатынайтын.
Сегіз класс бітіріп, қолына куəлігін алған Аяған техникумға түсу үшін Алматыға аттанды.
“Қоңыз” автобусқа таласып-тармасып қырық шақты адам мінді. Автобусқа кіргенмен екінші


аяғын қояр алақандай жер таппай қиналғаны əлі есінде. Біраз жүргеннен кейін салон шаңға
толды, күн көтеріле шілденің шекеден өтер ыстығы өкпесін қысты. Кегенге жете бере Аяғанның
жүрегі көтеріліп, иін тіресіп тұрған жұрттың үстін былғаған. Айқай-шу шығып, автобус
тоқтаған. Сыртқа секіріп түскен Аяған жерге екі бүктеліп құлап еді. Автобусқа қайта мінуге
жүрегі дауаламай, кішкентай қара чемоданын құшақтап, Кегенде қалып қойған...
Одан бері аттай жиырма жыл өтіпті. Уақыт – тұлпар қандай жүйрік. Қайырылып соңына қарауға
мұрша бермепті. Ол уақытта қара жолдың шаңы бұрқырап жатушы еді, кішкентай “қоңыз”
автобусқа таласып кірген жұрт Алматыға жеткенше тік тұрушы еді. Қазір жол даңғыл, екі араға
“Икарус” автобусы қатынайды. Шелектен тамақтанып, ешкімге білдірмей бір бөтелге ақаңды
бөліп ішіп, Нарынқолға жеткенше ұйықтайды.
Аяған мойнын созып, соңына қарады. Манағы үш жігіт қылжиып-қылжиып ұйықтап жатыр
екен. “Бұл біз туған ауылдың тайлағы-ау. Басына іс түкенде табаламайық” деудің орнына дүйім
елдің көзінше кекеп-мұқап, мазаққа айналдырды.
– Құдайыңды ұмытып кетіп едің. Алысқа ұзамадық,– деді бірі.
– Əр асқанға бір тосқан. Ақылы енді кіреді баланың,– деді екіншісі.
– Кел, бізбен бірге жүз грамм іш,– деді сілеусін көзді салпауыз жігіт. Жүз грамм ішкен соң
мұрнының үсті тершіп, күнге тотыққан жүзіне қан жүгіріп, рахаттанып отыр. Ине жұтқан кəрі
төбет секілді дауысы барқырап, түкірігі шашырап, аузына түскен сөзді айтып, лəйліп қалған.
Аяған мұны сыртынан біледі, аудан дəрежесіндегі ақынсымақ. Тісіне өмірбақи щетка тимеген
болу керек, ара-арасы базданып кетіпті, аузынан қолқаны қабар сасық иіс бұрқ-бұрқ етеді.
Əй, сен мені біліп жүр. Мен ақынмын,– деді əлгі. Көкірегіне ашу тығылған Аяған таныстығы
болғанмен араластығы жоқ жігіттердің қылығына шамдана тұрп үндемеді. “Кісілігі кем
бейшараларға ренжіп қайтемін” деп өзін өзі жұбатты.
Мектеп бітірген баласын жетектеп, “қол ұшыңды бер, көмектес” деп талай ауылдасы келді.
“Туыспыз, бір елдің баласымыз” деді. “Əкеңе жақсылығым өтіп еді” деді. “Шекең екеуміз бірге
өстік. Сені талай рет көтергенмін” деді. Қойшы əйтеуір, қазақтың жүрек жылытар жақсы
сөздерімен көміп тастайтын ауылдастарының өтініштерін орындай алмады. “Білімі жоқ балаға
көмектесе алмаймын. Білімі бар бар өзі-ақ түседі” деді. Кей сəтте ет жақындарына
көмектеспегеніне өкінеді. Ауылдастары мен ағайындары арқа сүйер асқа тау көріп, үлкен
азамат деп келеді екен. Ал бұл оларды көргенде екі бауырына ауып кеткен асаудай тулап,
келгендерді кінəлап иманын ұшыратын. Сөйтіп жүріп ауылдастарын бездіріп тынды. Тым
ақиқатшыл, əділ боламын деп жүріп ауылдас ағайындарының алдында сүйкімін кетіріп алды.
Ел-жұрты сыртынан “қайырымы жоқ, орыс мінезді” деп сөкті.
Анда-санда ауылға келгенде бұрынғыдай қоғадай жапырылып, қошеметтеп қарсы алмайтын. Ет
жақын ағайындарының өзі елпектей қоймайтын, сарт мəзіретпен құтыла салатын. Айдарынан
жел есіп, тасы өрге домалап тұрғанда ағайын-туғанның өкпесіне бəлендей мəн беріп, жаны
жабырқаған емес. Олардың қыржия қалған қабақтарын көргенде “өкпелесе көшке берген тайын
алсын” дейтін. “Ендігі қалған өмірімде қазақты бөлмей, тек шындықпен ғана өмір сүремін”
дейтін Аяғанның қателескенін өмір сан рет көзіне шұқып көрсетті. Қазақ болып тұрып
бөлінбеуің, туысшылмауың мүмкін емес екен. Əсіресе ағайыннан бөлінуге, шеттеп қалуға
болмайды екен. “Ат айналып қазығын табады” екен. Басына іс түскен азамат ағайынды арашаға
шақырып, туған ауылынан пана іздейтінін Аяған соңғы уақытта түсінді.
Міне, кіндік қаны тамған атамекеніне келе жатыр. Ата-анасын көрмегелі бір жылдан асыпты,
олар не күйде? Анасы аурушаң еді, екі күннің бірінде бас көтере алмай жатып қалатын. Анасын
ойлап-аң көңіліне алаң кіріп, мазасы қашады. Бір жылда көрген қиыншылықтарды көтере алды
ма, жоқ əлде, жалғызының күйігіне шыдай алмай морт сынды ма? “Жалғызымның табанына
батқан шөңге менің маңдайыма кірсін” дейтін ананың Аяған дегенде шығарда ғана жаны басқа


еді. Ол кісінің қал-жағдайы қалай екен? Алла қандай сый күтіп тұр?
Анасының мүрдесін құшақтап, зар еңіреп қалмасын əуелі. Қарға адым жерде өліп жатқан
əйелінің хабарын жасырған нəлеттер бір қиырдағы ешкімге керегі жоқ кемпірді есепке де
алмайтын шығар. Олар үшін істің мүддесі адамның өмірінен де жоғары тұрады екен. Аяған сегіз
айдың ішінде осы шындықты ұқты. Адамның басы неге соншалық арзандап кетті? Адамның
бағасын кемітіп, басын арзандатқан кім?
Сегіз ай бойы оймен алысып қажыған Аяған тағы да лағып кетіп бара жатқанын түсініп,
тіктеліп отырып, сыртқа көз салды. Қаптап келіп қоршап қалған қалың ойдан құтыла алмады
бірақ. Шалқалап жатып көзін жұмды...
Шындығын қорғай алмаған адам əрине арзандайды. Арзандамауға тырысып, шындығын қорғап
шырылдаған əлсіз пенде басына екі-үш рет қатты таяқ тигеннен кейін-ақ үндемеуге үйренеді.
Өзін-өзі іштей мүжіп жеп, тасқа шабылып жүзі майырылған қылыштай қадыры кеткен пенде
күндердің күнінде бейшаралығын мойындайды. Өзінен жоғары тұрған, өзінен күші асқан
əлдекімнің айтқанын қалт еткізбей орындауға дағдыланады. Жат десе жатады, тұр десе тұрады,
ұр десе ұрады, қолына қанжар ұстатып, айдап салсаң кез келгенді жарып тастаудан да қайтпас.
Өйткені ол орындаушы. Өзін өзі жоғалтқан жаппарқұлдарда “кешегі, ертеңгі күн” деген ұғым
жоқ. Олар – бүгінгі күннің құлақ кесті құлдары. Олар өліп қалмау үшін ғана өмір сүріп жүрген
өлермендер. Өлермендер!.. Жаманшылықтың əрқашан үстем болып, ізгіліктің жеңіліп
жататыны өлермендердің шамадан тыс көптігінен шығар. Айласы асқан əлдекім солардың
қолымен от көсейді. Қай заманға да сондай сүмелектер керек...
Аяған мырс күлді. Есіне Мақсұт түскен. Сессия кезінде емтихандардан құлап қалмай
ілдалдалап тапсырғанына жүрегі жарылардай қуанатын бейшара көпірден өткеннен кейін
Қожанасырдың айласына салған. Əлдекімге арқа сүйеп, аспирантураға бөлінген бір ортаға
таласты. Алдияр Ақпанұлының арқасында əділдік жеңіп, аспирантураға институтты қызыл
дипломмен бітірген Аяған қабылданған.
Тарих факультетіне математикасы жоқ, оқуы жеңіл болғандықтан ғана келіп, əлдекімнің
көмегімен ілінген Мақсұт біраз уақыттан кейін қазақ халқының бір кезеңдегі тарихын жазамын
деп тыраштанды. “Қолымнан келе қояр ма екен” деп күмəнданған жоқ. Қазақтың белгілі
кезеңдегі тарихын былықтырып, нақақ күйген аяулы перзенттеріне күйе жағып, көпке топырақ
шашты. Алдияр Ақпанұлы бастаған азулы топ болмағанда сол жолы Мақсұттың кандидаттық
еңбегін “табыспен” қорғап шығарына дау жоқ еді. Өмірі ерлік пен шындықтан тұратын Алдияр
Ақпанұлындай ғұламаға дəл сол жолы қолғанат болып, Мақсұтқа қарсы сөйлегеніне, жаланың
құрбаны болған асыл ағаларын шырылдап қорғағанын Аяған əр сəт сайын мақтанышпен еске
алады...
Ол заманда алашорда қайраткерлерін ашық қорғау мүлде мүмкін емес еді. Алдияр Ақпанұлы
бастаған топ диссертацияның шикілігін тарихилық сипатының, қасиетінің жоқтығына əкеліп
тіреген. Толып жатқан тарихи шындықтардың өрескел бұрмаланғанын дəлелдеген.
Ғылымда жолы болмаған Мақсұт көп ұзамай басқа қызметке ауысып кеткен. Оның қайда
барғанын кейінірек естіп, “дұрыс болыпты”деп ойлаған. Оның дəл сол мекемеге барғанының
бұрыс болғанын басына іс түскенде бір-ақ білді. Бірге оқып, бірге қызметтес болғанда Мақсұтты
танымапты. Қандай биіктен лақтырсаң да төрт аяғымен түсетін ол кісі баласына аяушылығы
жоқ мысық тілеулі пенде екен. Екеуі алғаш кездескендегі Мақсұттың қуаныштан бал-бұл
жанған түрі көз алдында. Мұны табалағандай мырс-мирс күліп, қытығына тие сөйлеген. Мұны
“Ахмет Байтұрынов” деп мазақтаған. Ол ескі кегін ұмытпапты, қолынан келгенін істеп бақты.
Адамның тағдыры талқыға түсіп, ақ-қарасын анықтайтын мекемеде жүрегінде кіршік жоқ
азаматтар отырса шындық жеңеді екен. Мақсұт сияқтыларға осындай үлкен мекемелердің есігі
қалай ғана оп-оңай ашыла салатындығына Аяғанның ақылы жетпейді. Ол секілді мысық тілеулі


пенделердің тым жоғарыда отырмағандығына кім кепілдік береді?! Жанұшырып жан-жаққа
жіберген арыздары сондай тасмаңдайлардың қолына түскен шығар. Ондайлар басқаның басына
түскен қасірет-қайғысына емес, уақтылы тамақтана алмай қалғанына күйінеді. Мұндай
жағдайда адам арзандамай қайтсін.
Аренаға өлермендер шығып, билік тізгінін орташалар ұстаса қас таланттарда қадыр қалмайды.
Ең бірінші арзандайтындар да солар болады екен. Қолында билігі бар орташа қас талантты
мұқатып, оның беделін түсіріп, абыройын төгу үшін төңірегіне ештеңеден қайтпайтын, ұят-аят
дегеннен ада болған өлермендерді жинайды екен. Өлермен үшін үлкен бастықтың тапсырмасын
“абыроймен орындаудан” асқан міндет жоқ. Ол айқайлап айтқан өтірікке сене алмайтын момын
қазақтың алдында қас талантқа жала жауып, абыройын төгеді, əбден меңгеріп алған əдіс-
амалын қолданып, өзін өзі қорғай алмайтын азаматты орташаның аяғына жығып береді.
Əлдекімнің демеуімен биікке шығып алған кемталант орташаға қара басының қадыры қымбат,
сондықтан ол бір халықтың абыройы, ары мен ұятына айналған азматтың аяғының астында
жатқанын қалайды. Өйткені оған ақылы асқан адам емес, айтқанын қарсыласпай, қалт еткізбей
орындайтын өлермен пайдалы.
Қас таланттың бағасын білмей арзандатып алған халықтың жұлдызы жарық болады дегенге
Аяған сенбейді. Барының бағасын білмеген ел өз қадіріне жете алмайды. Өз абыройын қорғай
алмаған елдің тізгінін билікқұмар орташалар еш қарсылықсыз оп-оңай қолына алып, бір ұлттың
мүдесін қара басының мақсатына бағындырады екен. Аяған осыны ұқты.
Іші қыз-қыз қайнайды, бірақ қолынан келер қайран жоқ. Келсе əлдеқашан ұйықтап қалған ұятты
оятып, шынжырлаулы шындықты арашалауға жібермей ме? Қолынан бірнəрсе келсе осы
халықтың ары, абыройы болған Алдияр Ақпанұлын жабыла талаған көп қорқаудан арашалап
алмас па еді. Басқаны айтпағанда, өзін өзі қорғай алмай қор болған жоқ па?! Ең ақырында
мұның тағдырын аяғын қақпанға қаптырып алған арландай аласұрып, ата жауым қолыма қашан
түсер екен деп аңдып жүрген көркөңіл Мақсұтқа тапсырған жоқ па? Онымен алысатын күші
болмай мысы құрыды. Басында бостандығы жоқ, азаттығынан айырылып қалған Аяғанның оның
дегегіне көнбеске əбді жоқ еді. Көнді мазағына, қорлығына шыдады. Қарсыласар шама жоқ.
Қаптаған көп кандидаттың бірі Аяған түгіл азуын айға білеген атақты Алдияр Ақпанұлының өзі
жағаласуға шамасы келмей шалқасынан түскен жоқ па. Алдекең адамнан жеңілген жоқ, ол кісі
тіпті ұйымдасып алған бір топқа да оңайшылықпен беріле қоймас еді. Алдияр Ақпанұлы
уақыттан жеңілді. Заманның тілін таппаған пенденің көрер күні осы. Қарт профессор осы бір
шындықты кеш те болса түсінген сияқты.
Кеше екі сағат жанында отырды, болған жағдайды түгелдей əңгімелеп берді. Профессор төбедегі
бір нүктеден көз алмай ұзақ жатты, кірпік қақпады. Əлден уақыттан соң Аяғанға қарап, қинала
күлімсіреді. Екеуінің көзі тоқайласқан, шалдың жанарында жылт еткен сəуле қалмапты. Жігіт
ақырын ғана күрсініп, ұстазының еті қашқан, қу сүйегі қалған жас баланікіндей шілмиген
білегінен ұстаған күйі үн-түнсіз ұзақ отырған.
Алдекеңнің ұзаққа бармасын іші сезеді. Біраз күн Алматыда болуы керек еді, бала-шағасына
деген сағыныш оны дедектетіп ауылға қарай сүйрей жөнелді.
Бала-шағасы не күйде екен? Бибіні ойласа шыбын шырқырап, жанын қоярға жер таппай
қиналады. Бесіктен белі шықпай жатып жетім қалған үш ботасының алдағы өмірі қалай болар
екен? Ата-анасы үш балаа қарамақ түгіл өздерінің басын əрең алып жүретін жасқа жетті. Анасы
көптен бері сырқат. Ол кісіде үш баланың кір-қоңын жуып, тамақ жасап беретіндйе шама жоқ.
Мəселенің кір-қоң мен тамаққа тіреліп тұрмағанын іші сезеді. Ең бастысы – үшеуіне аялы
алақан, аналық мейірім, жақсы тəрбие керек. Кішкентайында дұрыс тəрбие алмаған бала
үлкейгенде қанша əспеттеп, əлпештесең де кісіліктің биігіне шыға алмай шаршайды. Мойнына
қандай қиындық түссе де үш ботасына дұрыс тəрбие беріп, адам қатарына қосуға міндетті.


Сонда не істемек керек? Бала-шағасының жанында қалып, ата-анасының қолындағы
ауыртпалықты алуы керек пе? Олай болса басын қатырмай үйленіп, қызметке тұрады. “Аяған
келеді” деп күтіп отырған кім бар? Көлденең көк аттымен тағдырын қосақтап, артынан опық
жеп жүрсе ше? Ол адаммен өзі тіл табысар-ау. Ал бала-шағасына ана бола алар ма, сірə?!
Бибісін əрі-бері жұмсап, шырылдатып қуалап жүрсе жаны қалай шыдайды? Сондықтан
асықпайды, үш ботасына ана бола алатын мейірімді жан іздейді.
Сондай адам табылсын-ақ. Кішкентай ауылда біржола қалып қоймақ па? Ғылымы жайына
қалмақ. Жалған арыз жазып, жала жауып, сары ізіне шөп салып қорлаған Жақиялар жалғанды
жалпағынан басып жүре бермек. Қазақстанның жаңа тарихын Жақиялар жазбақ. Жақия
Тайлақұлы! Мұса Байларовтың өлермені. Қазақтың жаңа тарихын өлермендер жазады.
Парадокс! Қара қылды қақ жаратын Алдияр Ақпанұлы жоқ. Халықтың бағына туған бір ғұлама
ешкімге керек болмай сағатын санап жатыр. Ал биік орыфнда отырған Мұса Байларов ғылымға
өзіне шын берілген орындаушы – орташаларды алып келіп, соларды қолдап, қолпаштап отыр.
Орташалар мен өлермендер жазған тарихты оқып өскен ұрпақтан не үміт, не қайыр?! “Қазақта
мыңдаған жылдық тарих жоқ. Қазақ тарихын он бесінші ғасырдан бастау керек” деп
даурыққандар солар. Нақақ күйген марқасқаларды қайтып тұрып кетпесін деп басқа тебетіндер,
тіріле бастаса селебесін қақ жүрекке қадайтындар да солар. Олар біріне бірі шаң жуытпайды,
біреуін сынап сөйлесең жабылып талайды. Сондай талауға түскеннің бірі өзі, бəрінен жұрдай
болып, сүмеңдеп ауылына келе жатыр. Алды бұлдыр, бағдары жоқ.
Аяған көкірегі қарс айырылардай күрсініп, сыртқа көз тастады. Жүрдек Икарус оны туған
жерінің шетіне алып келіпті. Құлағына тау өзенінің айбарлы гүрілі естіліп, танауын көк
шалғынның жұпар иісі қытықтаған секілді. Көзін жұмып алды. Балалық шақтағы көріністер
көлбеңдеп, тірі суретке айналды...
Сонау бір қалың қарағанның ығынан ытқып-ытқып шыға келген бір топ елік андағайлап,
айқайлап тұра жүгірген балаларға үрке қарап сəл кідірді де, жалт бұрылып, кері қашты. Ғажап!
Қол созымды сеңгір-сеңгір ұлы тау, оның етегінде ит тұмсығы батпас қалың тоғай. Сол тоғайды
қақ жарып тау өзені ағады. Ауылдың шеті көк майса, мың түрлі гүл қараған адамның көзін
қарықтырады...
Аяған талай жерге барып жүріп туған жеріндей ғажайып сұлу мекенді көрген емес. Жұрт
мақтаған Швейцарияны да көрді. Атақты Рейн өзенінің бір жағына Лихтенштейн мемлекеті,
екінші қаптасына Швейцария орналасқан екен. Алла тағала шебер-ақ қой. Нарынқол өңірінің
табиғатын Еуропаның батыс бөлігіне айнытпай қайталапты. Екеуі бір анадан туған егіз бала
сияқты.
“Əр жердің қайталанбас ерекшелігі бар. Ұлан ғайыр даланың сұлулығын көре білу үшін көз
керек” дейтін бір танысы. Таласы жоқ. Сұлулық туралы əркімнің түсінігі əрбасқа. Аяғанға салса
туған жерін сұлулықтың эталоны дер еді. Адамда атамекен біреу. Оны сатып алуға болмайды.
Туған жер – əрбір перзенттің жүрегінің құндағында жатады. Одан алыстаған сайын сағыныш
шіркін жүрегін сыздатады. Аяғанның түсінгені – туған жер арқа сүйер асқар тау екен. Туып-
өскен мекенін, кіндікжұртын кие тұтқан пендені сол жердің аруағы қолдап, желеп-жебеп
жүреді екен. Кішкентай кезінде осы тақылеттес сөзді əкесінен жиі естігенмен мəн беріп,
байыбына бара бермейтін. Туған жер, атамекеннің қадыр-қасиетін ержетіп, ақыл тоқтатып
барып бір-ақ білді. Басына қиын іс түсіп, жүйкесі шаршап, жанын қоярға жер таппай
тыпырлаған сəттерде көзін жұмып, сол бір қасиетті атамекеннің ең көрікті жерлерін көруге
тырысатын...
Сол сəтте қол созымда созылып жатқан салқар таудың беткейіндегі қалың қарағай “Қайраттың”
жеңісіне дүрілдетіп қол соғып, дүркіреп орнынан тұрып кеткен мың сан жанкүйерге ұқсайды.
Төңкерілген қазандай болып теңкиіп жатқан қойтастарды былш-былш соғып, қашан аяз


біткенше ашуы басылмай гүрілдейтін тентек өзеннің екі қапталын қуалай өскен қалың тоғайда
жүргендей сезінетін өзін. Осындайда сідік сасыған тар қапаста емес, жұпары аңқыған тау
ішінде жүргендей тынысы кеңіп, жаны жай табатын. Өзін өзі алдап жұбатқан, алданып
ұйықтаған күндері аз емес.
Пенде баласы ойша өмір сүруге үйренеді екен. Адамның ақылдылығы – қанда қиын жағдайда да
жол таба білетіндігінде болу керек, сірə.
Икарус үйіріне ілесе алмай, орта жолда шөгіп қалған нар секілді деңкиіп сұлап жатқан Лабасы
тауының тұсынан өтіп барады екен. Бір қырынан қарағанда күдебел дөңкиген тау. Лабасының
қандай екенін Аяған бір жылы Ақтастың биігіне шыққанда білді. Түйе өркеш тау деп жүргені
бұдыры жоқ жазық екен. “Ат бəйгесін өткізетін алаң мұнда жатыр ғой” деп таң қалған.
Қайнар ауылынан өте берген тұста Хан-Тəңірінің анық көрінісін білетін Аяған автобустың
терезесіне жабысты да қалды. Ұлы шың қашан болсын тұтас тұлғасын көрсетпей бұлт-
көрпесімен кеудесін жауып алады. Бір кездерде ұлы шыңның ұшар басы Аяғанға жаудың
жалауын тесіп шыққан найзаның ұшы сияқты болып көрінетін. Бала Аяғанның білмейтін
құпиясы көп болғандықтан ба, Хан Тəңірі тым сұсты еді.
Сол сұсы əлі де жоғалмапты. Ұлы шың бұлт-көрпемен бүкіл денесін жауып алыпты, ұшары ғана
найзаның ұшындай болып қылтиып тұр. Енді аңғарды, қылтиған найза шың тəж екен. Тұтасқан
қалың бұлт сол тəжді Хан Тəңірінің басынан жұлып алып, қашып бара жатқан сияқты.
Аяғанның миығына мысқыл ілінді. Бұл өңірде Хан Тəңірімен тəжге таласатын шың жоқ, ал
өмірде мүлде басқаша. Хан Тəңіріндей асқақ дарындардың орнына көзге қораш қопал
төбешіктей ғана əлдекімдердің отырып алып, тірі пендені көзге ілмей шіренетінін ойлап, жігіт
ызалана езу тартты.
Аяғанның ұғымында, профессор Алдияр Ақпанұлы Хан Тəңіріндей абыройы биік, ешқашан
төмендемеуге тиіс азамат еді. Талапай, талауға түскен ұлы шындықты зорлықшыл
орташалардан қорғаймын деп жүріп абайсызда омақаса құлады. Қазақ деген халықтың Хан
Тəңіріндей ұлы перзенті əлдекімдердің кесірінен құлап, қарға адым жер мұң болып жатқанда
ұлттың санын көбейтіп жүрген шуылдақ тобыр басын сүйеудің орнына табалап күлді. Санатқа
қосылмайтын тобырға халқының абырой-атағын асырар біртуар азамат емес, уақытша болса да
айтқаны өтіп, атқаны жетіп тұрған орташа керек екенін Аяған сол кезде түсінді. Халықпыз деп
жүрген тобырдың жетекке ерген өлермен екенін алғаш рет білгенде сұмдық шошыған. Жылдар
бойы миын мүжіп, жүйкесін жұлып жеп, жанына бір сəл тыншу бермеген сан сұрақтың
жауабын бір-ақ сəтте тауып, есеңгіреп қалған. Халықтың ғасырлар бойы жасалып,
заманалардың елек-сүзгісінен өткен асыл қазынасын сыртқы күш, қазақтың іргелі ел болғанын
қаламайтын мысық тілеулі күшті жұрт жоғалтып жатыр деп ойлайтын. Жоқ, жау сырттан
келмепті. Өз бағасын, өз қадырын білмейтін үлкен ел айдауға жүргіш, байлауға көнгіш тобырға
айналыпты. Ол тобырға мақтаныш қылар Хан Тəңірінің де, сол ұлы шыңдай абыройы биік
азаматтың да керегі жоқ екен. Бір замандарда намысын ту етіп көтерген ел үшін тып-тыныш
жер басып жүру, күн көріс негізгі мəселеге айналыпты. Қарны тойған қалың ел бабалар
аманатын да, қабырғасын қайыстырған қайғысын да бір-ақ күнде ұмыта салыпты, жыртығын
жамаудың орнына жырқ-жырқ күліп жүре беретін жыртақайға айналыпты. Жыртақайға намыс
мазақ болып па? Кешегісін білмейтін, ертеңгісі ойына кіріп шықпайтын жыртақайды көрінген
көк аттының қанжығасына байлап жібер, ол əлгінің жыртысын жыртып жүре береді.
Адам түгіл өмір де осындай. Жыртақай тірлік... Маған елікте, маған беймдел дейді.
Қарсылассаң қабырғаң, жағалассаң жағың сынады. Көнбеске лаж қайсы? Іштей қарсыласа тұра
жыртақай тірліктің көшіне ілесіп, итшілеп ілбисің де отырасың. “Адам үш күннен кейін көрге
де үйренеді” деген рас екен. Жыртақай тірліктің иіріміне түскен адам одан шыққысы келмейтін
тəрізді. Аяған сол иірімге қиналып түсіп, енді қимай жүрген талай марқасқаны көрді. Жыртақай


тірлік! Мафия!.. Оның дəмін алған адамның басы жадыланып қалған шығар. Кім біледі, сондай
жадыбас біреудің жетегіне ерсе бұл уақытта Аяған да жыртақай тірліктің тұңғиығында осынау
жалғанның жақсылығына тоймай, балық болып шоршып жүзіп жүрер ме еді. Алдекеңе ілесіп,
аман қалды əйтеуір. Алдекең, Алдияр Ақпанұлы!.. Ешкімге ұқсамайтын ерекше тұлға...
Дүниенің рахатынан саналы түрде бас тартып, азабы мен мехнаты көп жолды таңдап алған
біртуар азамат... Жолындағысын жайпап, жалап-жұқтап келе жатқан жалмауыз-жыртақай
тірліктің жағасына жармасты ол. Хан Тəңіріндей азамат оны тоқтата алған жоқ, бір сілкігеніне
жарамай жайрап түсті...
Аяған Хан Тəңіріне тағы да тесілді. Ұлы шың əпсəтте ғайып болып, аласа шоқылардың
тасасында қалып қойыпты. Хан Тəңірінің белдігіне қолы жетпей, қонышын сүртіп тұратын
шоқысымақтар тым маңғаз. Аяғанның көз алдына екі бүйірін таянып, тəлтиіп тұра қалатын
Мақсұт келді. Ол тəлтиіп тұрып “менен үлкен ешкім жоқ, сенің тағдырың біздің қолда” дегенді
аңғартатын. Бұл оған сенетін. Мақсұт шынында да мықты болып көрінетін. Табиғатта да дəл
осылай екен. Ұлы шың тасада қалғандықтан ба, бер жақтағылары биік болып көріне бастады.
Ауылдан ұзап шықпаған Аяғанға қол созымдағы Ақбұлақтан биік шың жоқ сияқты болып
көрінуші еді. Кейін ержеткен соң алыстап барып қарағанда білді, Ақбұлақ осы өңірдегі көп
шоқылардың бірі ғана екен. Соған қарамастан өз шоқысы Аяғанның көңілінде сол заңғар биік
күйінде қалды.
Барған жерінде тау көрсе оларды Ақбұлақ шоқысымен салыстыру Аяғанның əдеті. Анау жылы
Лихтенштейн, Швейцария елдеріне барғанда Ақбұлақтың биік шоқы таппай қуанып қалған.
Жетінші бітірген жылы жазда бірінші рет сол шоқының басына шыққан. Бұрын Ақбұлақтың
ұшарына шыққан адамға дүниенің барлық шеті көрінетін тəрізденуші еді. Ол биік шыңның
ұшпасында тұрып жан-жағына көз жүгіртті. Кіндікжұрты Қаратоған алақандағы асықтай анық
көрінеді екен. Колхоздың орталығы деп есептелетін Жамбыл ауылы мен Қаратоғанның арасы
бір-ақ қарыс жер. Оған Нарынқолдан үлкен шаһар жоқтай болып көрінетін. Тым биіктен
қарағандықтан ба, сол жолы шап-шағын ауылды көріп, көңілі қоңылтақсып қалған.
Аяған Ақбұлақтың басында тұрып əкесі айтып отыратын атақты Шалкөде мен Шұбарталды
жəне басқа ауылдарды бірінші рет көрді. Шекараның түбіндегі шеткі ауыл Сүмбе, одан
беріректегі Сарыбастау, батысқа қарай жылжыған саусағы тау етегіндегі Шибұтқа, Қошқарға,
одан беріректегі Қарасазға келіп тірелді. Тесіліп қарағандықтан ба көзі талып кетті.
Шыжыған шілде болса да таудың басы салқын, өңменінен өтердей суық жел оны шыңның
ұшарынан жұлып алып кетердей екілене соғады... “Ақбұлақтың басынан секірсем, топ етіп
есіктің алдына түсер едім-ау” деп қиялданған.
Ақбұлақтың басына бұдан кейін де талай рет шыққан. Етекте жүріп жабырқағанда небір
ғажайыптарды аңсайтын бала көңілі оны биік шыңға жетелейтін. Шаршап-шалдығып, тілі
салақтап жеткен Аяған шыңның ұшпасында тұрып ұшы-қиыры жоқ кең дүниеге көз жүгіртетін.
Сол сəтте көңілін құрсаған мұң сейіліп, жаны шаттыққа кенеліп, тынысы кеңіп сала беруші еді.
Биіктіктің осындай сиқыры барын Аяған сол кезде білген.
Ақбұлақ шыңы Аяғанның тұғырындай еді. Сол шың осыдан жиырма жыл бұрынғыдай кеудесін
шалқақ ұстап, мізбақпай тұр. Ол енді жүз жылдан кейін де осы қалпында тұра береді.
Қаладан шыққалы бері сіркесі су көтермей, қаптаған қалың ойдың шабуылынан қажып,
қалжырап отырған Аяған шың-тұғырына перзенттік іңкəрлықпен ұзақ уақыт қарап отырды.
Икарус Нарынқолға жақындаған сайын шың биіктеп бара жатты. Анау беткейде балалық
шағының іздері сайрап жатыр.
“Қасиетті атамекен, армысың!” деп күбірледі жігіт. Осы сəт оның қайғының тұтқынындағы,
күйініш пен қасіреттің ауыр салмағынан əбден əлсіреген жүрегі лүп етіп, қозғалып кеткендей
болды. Тұғыр-шыңы, қасиетті атамекені оны бүкіл пəле-жаладан құтқарып алардай ширығып,


еңсесін көтеріп отырды. Автобус Қызылұштың тұмсығынан бері өтіп, Жамбыл мен Қаратоғанға
апаратын бұрылыс жолға жеткенде түсіп қалды. Қара жолдың қақ ортасында тауға қарап, ерні
жыбырлап, күбірлеп сөйлеп, қимыл-қыбырсыз ұзақ тұрды. Зымырап келе жатқан машиналар
сонадайдан бажылдай бастайды. Аяған ештеңе естімейді, екі құлағы таскерең.
Аяған жолдың жағасына шығып, алашабырланып жатқан қасиетті атамекенін құшақтап сүйді.
Көзінен ыршып шыққан қос тамшы қара жерге мөлт-мөлт тамды.


41
Сырттан біреу келсе тайлы-таяғымен аулаға шығып, бейтаныс көзден таса болғанша аңырайып
қарап тұру – ауыл адамдарының əдеті. Жол қапшығын арқасына асып іліп, ілбіп келе жатқан
Аяғанды ауылдастары таный қоймады. Үстінде мақта салып, сырып тіккен күрткесі, басында
берет, бұтында техас шалбары бар мұртты жігітті көпшілігі Алтынкенге кетіп бара жатқан
геолог деп ойлаған. Лайсаң кешіп келе жатып жұртпен қазақша амандасқан жігіт қарап
тұрғандарды аң-таң қалдырып, Қуат қарияның ауласына кірген.
Қашаға қамалған үш-төрт қойға мықшыңдап шөп басып жүрген Елжас кіріп келе жатқан адамға
жалт қарады, қолындағы айырды тастай салып, күріне-қабына əкесіне ұмтылды.
– Көке-е!
Аяған жүгіріп жеткен ұлын көтеріп алып, құшыры қанбай аймалап сүйді. Елжас əкесінің
мойнынан тас қып құшақтап алған, оның көзінен мөлт-мөлт тамған ыстық тамшы Аяғанның
мойнын күйдірді.
– Құлыным-ай!..
– Кө-ө-к-е-е!..
Тапал тамнан жалаңаяқ, жалаңбас Олжас жүгіріп шықты. Аяған үлкенін босатып, екінші ұлын
аймалады. Олжастың қуанышында шек жоқ, əкесінің келгеніне қуанғаны соншалық бұлқынып
босанып алды да, айқайлап үйге кіріп кетті.
– Көкем келді! Көк-е-ем келді!..
– К-ө-к-е-е!..
Бибі босағадан аттаған əкесіне ұмтылды. Жігіт тізерлеп отыра қалып, қызын құшақтап, əр-əр
жерінен шолпылдатып сүйе бастады.
– Жаным! Жарық күнім! Бибішім менің!
Үйге Қуат қария кірмегенде екеуінің құшағы жазылмс еді.
– Келдің-ау, ақыры, құлыным-ай! – деді шал баласын құшақтап тұрып. Сақалы селкілдеп, көзі
жасаурады.
– Əже, көкем келді! – деп Олжас түпкі бөлмеге кіріп кеткен. Артынша Нұршаның аңырап,
жоқтау айтқан зары үні естілді.
– Бар, шешеңмен көріс. Екі күннен бері орнынан тұра алмай жатыр.
Ажалдың қапқан қармағын-ай,
Арманда кеткен ардағым-ай.
Қызымдай болған жарығым-ай,
Жоқтаумен сені зарладым-ай...
Əсемжаным-ай!.. Уһ!..
Қыршыныңнан қиылдың-ай,
Наурызында биылдың-ай.
Аман болсын-ай үш ботаң,
Құдайыма сиындым-ай...
Анамның дауысы осыншалық ащы деп ешқашан ойлаған емес еді. Зарлы əуенге салып, жоқтау
айта бастағанда қиыншылықты көре-көре жібіместей тас болып қатып қалған жүрегі езіліп,
еңкілдеп жылап келіп, анасын құшақтай алды.
– Отымның алды, суымның тұнығе-е, келдің бе? – деп Нұрша кемпір ұлының маңдайынан сүйді
– Əсемім сорымды қайнатып тастап кетт-е-е... Е-е, шұнақ құдай, мені неге алмадың одан да?!
– Əж-е-оу,– деп аузы бұртиып көз шарасы жасқа толған Олжас Нұршаны құшақтай алды.
Əкесінің келгеніне қуанып, секіріп билеп жүрген Бибінің де екі көзі боталап, қабағына көлеңке


қонақтады. Елжастың басы салбырап түсіп кетіпті, мұрны пысылдап, қабырғаға қарап, жылап
тұр.
– Жə, болды! – деді Қуат қария қатқыл дауыспен. – Бала-шағаныңшырқын бұзба!
– У-у-һ! – Мойнынан құшақтап Олжас пен жанында тұрған Бибіні кезек-кезек беттерінен сүйді.
Сонан соң Елжасқа: – Əй, шалдың баласы, бері кел,– деп дауыстады. Жанына келген
немересінің көз жасын сүртіп, бетінен сүйді. – Жарық күнім əншейін!.. Сендер болмасаңдар
жанымды қинап, омалып отырар ма едім... Əлдеқашан өліп қалмаймын ба...
Балаларға арнап Хадиша алып берген тəтті-тəмелекті Аяған жозының үстіне жайып тастады.
Үшеуі мəз-мəйрам. Əсіресе Бибінің қуанышында шек жоқ. Қалталарын кəмпитке толтырып
алды.
– Тістейің ауыйады, кəмпитті көп жемеңдей,– деп екі ағасына ақыл айтып қояды. Орнынан тұра
алмай жатып қалған Нұршаның қабағы ашық. Қайта-қайта құдайдың атын аузына алып,
күбірлеп сөйлеп, бетін сипап қояды.
Аяғанның байқағаны – əкесі бір жылдың ішінде қартайып, шөгіп қалыпты. Мықтап жүдеген.
Былтыр сақал-мұрты буырыл еді, бір жылдың ішінде таза ағарыпты. Көзінің нұры тайып,
кілмиып жасып қалған сияқты. Ауыр жұмыс əбден титықтатқан адамдай екі иығы сөлбірейіп,
əлсін-əлсін күрсініп қойып, сүлесоқ отыр. Қалжырап, қажып қалғаны жүзінен байқалады.
Жалғыз ұлдың уайымына күйкі тірліктің күйбеңі қосылып, аямай талап тастапты. Бойында
қалған күш-қуаттың сарқындысына сүйеніп, ілдалдалап жүрген шал əрең деп орнынан тұрды.
– Саған атаға мал бар еді, ұлым. Кеш батпай құран оқып, малды реттейін,– деп Қуат қария
сыртқа беттеді. Босағадан аттай бере тоқтап, соңына бұрылды. – Елжасжан, Жəмиланы
шақырып келші.
Аяған əкесіне ілесіп сыртқа шықты. Ол кісі шынында шаршап қалыпты, жүрісі ауырлаған, аяғын
жерден əрең алады, кəдімгідей-ақ еңкіш тартқан. Былтыр жазда келгенде ширақ еді, екеуі үш-
төрт күннің ішінде екі мая шөп шапқан. “Уақыт емес, көкемді уайым жеп қойған шығар” деп
ойлады Аяған.
– Көке, қойды сен сояйын,– деді əкесінің соңынан қашаға кірген жігіт.
– Сен Əсемнің басына барып қайт, ұлым. Ақкүңгейге, Сағынтай атаңның жанына қойдық,– деді
шал. – Атаңның қай тұста жатқанын білесің бе?
Аяған мүдірді. Өтірік айтуға аузы бармады. Ақкүңгейдегі қорымға ат басын тіремегелі не заман.
– Ақкүңгей шаһарға айналып барады. Атаңның бейітін таба алмассың-ау. Есентайды ертіп
келейін. Малды сол сойсын.
Есентай көрші тұратын жамағайын. Аяғанды құшақтап көрісіп, көңіл айтқаннан кейін екі
білегін түрініп, жалпақ қара пышақты жалаңдатып, жануға кірісті. Қуат қария торы биесін
ерттеп, Аяғанды мінгестіріп алып, Ақкүңгейге – бабалары таңдап алған мəңгілік жайлы мекенге
қарай аяңдады.
Торы биені қорымның сыртына қалдырып, əке мен бала басқалардан биіктеу көрінген
төмпешіктің жанына келді.
Аяғаның келді, келін шырағым,– деп дауыстады шал. Жігіт селк етті, тұла бойы дүр ете қалды.
Əкесінің сақалы селкілдеп, екі қолы тағатсыз дірілдей бастапты.
Келін мұнда жатыр,– деді шал төмпешікті иегімен нұсқап. Тізерлеп отырып, күбірлеп құран
оқыды да, бетін сипап, орнынан тұрды. Сонан соң келінінің қабіріне іргелес жатқан
төмпешіктің жанына барып, тізе бүкті, бір шымшым топырақ алып, сыртқа тастады да, мола
аралап кетті.
Аяған тəңірі қосып, тəңірі өзі алып кеткен жарының басында үн-түнсіз біраз отырды. Көңілін
өксік жаулағанмен көзінен бір тамшы жас шықпады. Əсемнің қазасына кінəлі адамдар есіне
түсіп тұла бойын ыза кернеп, тістене күбірледі.


– Сен үшін, балаларым үшін... Барлығымыз үшін олардан кек аламын. Біздің де күніміз туар.
Туады, Əсем, туады. – Көзінің суағарына ілініп тұрған жалғыз тамшыны бөбек саусағымен іліп
алып, шертіп жіберді. – Дəл осы жерден мəңгілік мекен табамын деп ойладың ба, Əсем-ау,– деді
сонан соң дауысы бұзылып. – Кімнің сүйегінің қайда қаларын кім білген. У-уһ!.. Топырағың
торқа болсын, жаным. Үш ботамды арқалап жүріп бақсам да жаманшылық көрсетпеймін. Бірақ
сенің орның толмайды ешқашан. Тірлігіңде көңіліңді қалдырған жерім болса кешір, жаным.
Мола аралап кеткен əкесі қайтып келіп, тізе бүкті.
Өмірзая жұлдыздай ағып кетті бір ғұмыр. Өмірзая жұлдыздай жарқ еттің де жоқ болдың. Е-е-е!..
Соңыңда қалған үш шыбының аман болсын... – деді шал дірілдеген дауысын созып. Сонан соң
шарт жүгініп отырып алып, құран оқуға кірісті. Бұл жолы манағыдай қысқа қайырмай ұзаққа
сілтеді.
Бұл дұға Байжігіт баласы Сағынтай мен Қуат келіні Əсемнің аруағына бағышталды. Осы
қорымда жатқан аруақтарға құдайдың рақымы түсіп, пайғамбарлардың шапағаты тие берсін!
Аумин! – деп шал бетін сипады. Аяған əкесінің аузынан шыққан сөзді іштей қайталап, орнынан
тұрды. – Жүрейік, балам. Ел-жұрт, ағайын-туған құлақтанып, сені күтіп отырған шығар.
Торы биеге мінгескен əке мен бала ауылға қарай аяңдады. Аяғанның құлағынан əкесінің:
– Өмірзая жұлдыздай ағып кетті бір ғұмыр,– дегені кетпей қойды.
“Өмірзая... Өмір-зая” деп ауылға жеткенше сан рет қайталады.


42
Қысы ерте түсіп, жазы үнемі кешігіп жүретін таулы өңірдің халқы табиғаттың сəт сайын
құбылып тұратын мінезіне үйренген. Теңіз деңгейінен үш метр биікте жатқан Нарынқол өңірі
үшін жазда қар жауу үйреншікті құбылыс. Ақбұлақтың басына бұлт ілінсе жаңбыр жауады, арты
бұршаққа, иə қарға айналып кетеді. Артынша жарқырап күн көрінеді де, Жер-Ана моншаға
түсіп шыққандай бусанып, терлеп, буы бұрқырап жатады. Кейбір жылдарда қырық күн шілдеде
мейірімі көл-көсір жарықтық күн Жер-Анаға сараңдық жасайды. Ертеден қара кешке дейін
колхоздың бітпейтін жұмысынан белі бүгіліп, ауыр бейнеттен қажыған ел қолдары қалт еткенде
суға түсіп, күнге қыздырынып жатуды армандайды. Ондай бақытты күн қайда. Ізіңді аңдып,
қыдыңдап бригадир жүреді. Ретін тапқанмен тəуекел деп, суға түсетіндер сирек. Асқар-асқар
шыңдардың ұшарындағы мұздан бастау алатын тау өзені денеңді қарып түседі. Күннің жылуы
əлсіз. Соған қарамастан ауылдағы бала-шаға суды ермек қылады.
Ал жаз мезгілімен келіп, күн жарықтық мейірім-шуағын аямай төккен таулы өңір нағыз бейіш
мекенге айналады.
Мұндай жылдары ел-жұрттың қабағы ашық, той-томалақ көп. Бала-шаға су сүйектенгенше
Байынқолдың жағасынан ұзап кетпейді. Бұл жылы жайлау сəнді. Қолы бос жұрт тайлы-
таяғымен жайлауға ағылады. Бір қызығы – мұндағы жұрт жайлауда отырып жайлаудың төрін
іздейді. Жарықтық жайлаудың бағы асқан жылдары жан-жақтан туысқаншылап, жекжатшылап
ағылатын адамдарда есеп болмайды.
Табиғаттың биылғы мінезі бөлек, қытымырланып қабағы ашылмай тұр. Көкпеңбек мұз
түстенген аспаннан жылы шуақ емес, суық ызғар келіп тұрғандай, жердің тоңы да жіби
қоймаған тəрізді. Бесін ауа бере Байынқолдың аңғарынан өңменнен өтердей суық жел соғады.
Мамыр айы аяқталуға айналғанмен таудың теріскей бетіндегі қалың қар əлі сіресіп жатыр.
Жазықтың өзі ала-шабыр, күндіз ептеп еріген болады да, кешкілік жер қатқаққа айналады.
Табиғаттың мінезі əсер етті ме, туған жеріне келмеген Аяғанның жаны жадырап, еңсесі көтеріле
қоймады. Анталап келіп бас салатын ашқарақ ойлардың талауына түсіп, күні бойы мең-зең
болып жүреді де қояды. Сары уайым жүрегін шымшылап, маза бермейді. Бір уақ бала-шағасын
алданыш қылып, уайымның азабының құтылғандай болады.
Алысқа ұзап шығатындай жағдай жоқ, жер əлі дегдімеген, қара жол лайсаң. Қонаққа баруға да
құлықсыз. Ет жақын ағайындарының отауына кіріп, сəлемдесіп шыққан. “Аяған келіпті, көңілін
көтерейік” деп жүрген жұрт көрінбейді. Аяған түгіл атағы алты алашқа кең жайылған ұлының
да қадыр-қасиетін біліп қарық қылмайды бұл ел. Азаматы о дүниеге аттанып кеткен соң ғана
алла тағаладан қорыққандықтан аза тұтып, қадырына жеткен болып жатады. Жəне қай-қайсысы
болмасын сол адамға тірлігінде көп жақсылық жасағандай күпініп сөйлейді. Сол арқылы өзінің
беделін өсіріп, бағасын арттыруға тырысады. Аяған ондайлардың талайын көрді. Ішіп
алғандардың барлығы Мұқағалимен жан қиыспас дос болғанын, бірге жүргенін айтып, аузы
көпіріп сөйлегенде тоқтата алмайсың. Ондайлар осы ауылда да бар екен. “Анау бір жылы
Алматыға барғанда көкбазардың жанында Мұқағали ағам кездесіп қалып, оі, бір шалқыдық-ау”
деп бастайды. Олардың сөзіне қарағанда “Нарынқол жақтан кім келер екен” деп Мұқағали
көкбазарда жүретін сияқты.
Қонаққа шақырған үй үстелге алдымен арақ қояды. “Айғыр” стаканды толтырып,“ алып қойға”
басады. Алып қоймасаң ренжиді. Аурумын десең жалынады. Əйтеуір не керек, басқаға арақ
ішкізуге келгенде адам баласы неше күн ойлап таба алмайтын, жүрекке дық-дық тиетін небір
сиқырлы сөздерді лақылдатып төгеді. Мұндайда қасарысып көнбей отырған адам қалай мас
болғанын білмей де қалады екен. Алғашқы күні Аяған ауылдастарының жүрек жібітер жылы


сөздеріне елігіп, біраз жерге барған. Ертесіне орнынан тұра алмай сұлап жатты.
Шешесін аудан орталығындағы ауруханаға орналастырғалы бүгін бесінші күн. Екі ара көлігі бар
адамға жарты-ақ сағаттық жол. Соған қарамастан бес күннен бері бара алмады. Кемпіріне Қуат
қария барып қайтқан. “Шешең тəуір екен, сыртқа өзі шықты” деп келді. Аяғанның байқауынша,
тіршіліктің тепеңімен жүріп, ауруын асқындырып алған сияқты. Алматыға алып барып емдетуге
қолдың қысқалығы кедергі жасады. Соны біліп, анасы да салмақ салмады. Ұлының ұсақ-түйек
шаруадан шаршап, жалығып жүргенін білді ме, ертеңгілік əкесі:
Торы биеге мініп, жер көріп, қыдырып қайт,– деген. Балалық шағында жалаяқ шарлаған
аймақты аралап көруге неше күннен бері аңсары ауып жүрген Аяған қуана келісті.
Торы биеге мініп, өзен жағалап, Алтынкен жаққа қарай аяңдады. Байынқолдың екі қапталын
қуалай тұтаса өскен қалың тоғай таздың басына шығатын үлпілдек шаштай селдіреп-ақ
қалыпты. Арнасына сыймай аунақшып, үлкен-үлкен қой тастарды гүрс-гүрс ұрып, аласұрып
жататын тентек өзеннің суы тартылған. Жылап аққан көздің жасындай сылдырлаған мардымсыз
суды көріп, Аяғанның жаны жабырқады. Кең арна қаңсып қалыпты. Мынау беткей тұтасқан
қалың қарағай еді, қаптап кеткен томар қол-аяғы шолақ мүгедек адамдарды еске түсіреді екен.
Жер-Ана да тозған, оңға қарасаң да, солға қарасаң да айдау. Жыртылмаған, беті аймандалмаған
алақандай алаң қалмапты. Баяғыда осынау жазық көкмайса шалғын еді. Мың түрлі шөп пен
гүлдің жұпары кешкілік Байынқолдың аңғарынан самал соққанда бүкіл ауылды алып кететін.
Күндіз көң сасып тұратын ауыл күн кешкіре жұпар иістенетін. Талай-талай елге барып жүріп
ондай ғажайып иісті Аяған сезген емес. Енді міне, арада жиырма-жиырма бес жыл өткенде
көркіне көз тоймайтын өлке ауру-сырқаудан жеңіліп, азып-тозған сұлу келіншектей барынан
жұрдай болыпты. Осы күйініште кете берсе енді бір он, он бес жылда мұнда сайғақ болар жетім
тал қалар ма екен?
Аяғанның есіне осыдан көп жылдар бұрын “Білім жəне еңбек”журналынан оқыған
фантастикалық əңгіме оралды. Шығарманың бас кейіпкері нағыз орманды бір көруді
армандайтын ұмытпаса. Ол бейшара қиялындағы орманды жылдар бойы іздеп, таба алмай
шаршайды. Ақыры ол жасанды шалғында синтетикалық ағаштар мен гүлге қарап жатып көз
жұмады...
“Озбырлығын қоймаса күндердің күнінде адамзат баласы сондай жағдайға жетер” деп ойлады
жігіт. Ентігіп тоқтаған торы биені сипай қамшылап, ілгері озды.
“Табиғаттың тозуы адамзат баласының азуынан басталады” дейтін Алдияр Ақпанұлы. Бұл
сөздің мəнін Аяған кешірек ұқты. Болашағын ойлаған қоғам ең алдымен табиғат-ананы аялап,
ардақтауы керек екен. “Табиғат қорғау дегеніміз – табиғат арқылы адамзатты, оның болашағын
сақтау” дейтін профессор Ақпанұлы қыза-қыза келе. Өз бағасын өзі біліп жарытпаған пенде
табиғатты қайтсін. Табиғат ол үшін қорек, күн көрісіне керек шикізат көзі ғана. Осындай
түсініктің жетегіне ерген адамзат қоғамы адам мен табиғат арасындағы теңдікті бұзу арқылы
өзіне өте зор қиянат жасап отырғанын Аяғанның сұңғыла көңілі баяғыда-ақ сезген.
Қазақстанның əр облысына барып жүріп адам баласының қолымен жасалған небір сұмдықтарды
көріп, жағасын ұстаған.
“Бүлінбеген, құлын мүшесі бұзылмаған бір ғана жер бар” деп ойлайтын. Енді міне, сол мекенді
көріп, көңілі бұзылып келеді. Есіне əртүрлі кітаптар мен журналдардан оқығандары түсті.
Адамдардың шаш та төк қылығының зардабынан Апенин жарты аралын көмкерген қалың орман
аз уақытта тып-типыл болып құрып кетіпті. Тарихтың айтуына қарағанда, Мин династиясы
үстемдік құрған заманда Солтүстік Қытайдағы қалың орман ысырап болған. Осы жағдайға
байланысты сол өңірдегі егіс атаулы күйіп кеткен екен. Сөйтіп түгін тартсаң май шығатын
берекелі өлке қаңсыған шөлге айналыпты. Көп ұзамай əлемді аузына қаратқан Мин династиясы
күйреген.


“Осының барлығына ақылы кем адамдар, ел билігін қолына ұстағанмен қара басының қамынан
басқаны ойламайтын тасмаңдайлар кінəлі” деді жігіт. Сондай тасмаңдайлардың кесірінен жеке
адамдар, белгілі бір аймақ қана емес, бүкіл бір мемлекет, бүтін адамзат баласы зардап шегеді
екен. Білетіндер осылай дейді.
Аяған Арал теңізінің тағдыры туралы əр сəт сайын ойланады. Ол теңізді өзі көрмесе де бірге
оқыған достарының əңгімесі арқылы жақсы біледі. Аралдың қаязының дəмі əлі күнге
таңдайынан кетпейді.
“Оның тартылып кетуіне кінəлі жексұрындар түк болмағандай сақ-сақ күліп, жалғанды
жалпағынан басып жүр-ау” деген ой жігіттің қыжылын қайнатты. Ызаға булыққан ол қатты
тебінген, марғақ келе жатқан торы бие желіп желіп жөнелгенде қамсыз отырған жігіт ауып түсе
жаздады.
Борсаң-борсаң желген торы биенің басын тартып, жерге түсті. Суы тартылып, аңқасы кеуіп
қаңсып жатқан арнадан пошымы əртүрлі, əртүсті тастарды теріп, қалталарын толтырып алған
соң атына мініп, аяңдап кері қайтты.
Түсінгені – кіндікжұрты да көп асылынан айырылып, жүдеп қалыпты. Қасиетсіз дүлей күш
оның да жағасын жыртып, бетін аймандай етіп тырнап тастапты. Балалық бал дəуренінің куəсі
болған ертегі мекеннің азып-тозған сиқын көріп, жаны жабырқап келе жатқан Аяғанның
алдынан Бибі жүгіріп шықты. Ол қызын жерден іліп алып, алдына отырғызды.
– Қойқамын! Ойбай, құлаймын!
Бибі əкесінің мойнынан тас қып құшақтап алған. Əбден сағындырған асыл көкесін құшақтау
үшін қасақана шырылдап отырған сияқты.
– Қорықпа, жаным! Айым – Бибі, күнім – Бибі, жұлдызым – Бибі!– деп қызының əр-əр жерінен
шөпілдете сүйіп жатыр.
– Қытығым келді,– деп Бибі сықылықтап күле бастады.
– Сағынып кеттім ғой сені.
– Қатты дегенде қатты сағындың ба, көке?
– Иə, жарық күнім!
– Былай ма? – деп əкесінің мойнынан қысып-қысып қойды.
– Одан да қатты сағындым,– деп Аяған қызын қапсыра құшақтап, əр-əр жерінен құшыры қанбай
иіскеледі.
– Онда сүйіп-сүйіп алмайсың ба...
“Сағыныштан өліп қала жаздаған əкесі” Бибісін қанша сүйсе де тоймайды.
– Өзің қандай тəттісің.
– Жəмила тəтем көп-көп кəмпит бейген. Бəйін деп қойдым.
– Айналып кетейін сенен...
– Мен үлкен қыз болғанда мамамның көйлектейін киемін,– деді Бибі əкесінің құлағына аузын
тақап. – Əжем мамамның байлық көйлегін сандыққа салып қойды.
Аяғанның жан жүрегі елжіреп, тамағына тас тығылды. Қолынан шығып кеткен тізгінді жинап
алып, ақырын ғана тебінді. Қожайынның əмірін күтіп, тоқтап тұрған торы бие аулаға кіріп,
қораға аяңдады.
– Көке, саған хат келді,– деді Бибі əкесінің құлағына сыбырлап.
– Е-е-е, дұрыс болыпты,– дей салды Аяған.
– Хатты Елжас тығып қойды.
– Неге?
– Хатты оқыса көкеміз Алматыға кетіп қалады дейді. Кетпейсің бе, көке?
– Сендерді тастап, ешқайда кетпеймін,– деп күлді жігіт.
– Кетпеші, көке,– деп қиылды мойнынан құшақтап алған қызы. – Біз мамам екеуіңді сағындық.


Мен жыладым. Олжас та жылады. Елжас бізге ұлысты. Сонан кейін ол да жылады.
– Шыбындарым менің! Кетпеймін ешқайда. Бəріміз бірге боламыз.
– Көке, мен тез-тез үлкейемін. Сонан кейін сендейге тамақ жасап бейемін.
Үйден Қуат қария шықты. Есік ашылып, Олжастың басы қылтиды. Əкесінің алдында отырған
Бибіні көріп, қабағы түсіп кетті. Аяғына əжесінің дəу қара пимасын қоңылтақ сұға салып, есік
алдына шықты.
– Көке, мен де атқа мінемін,– деп аузын бұртитты.
– Өзіңнің тайың бай. Тайыңа мін,– деді Бибі оны жақтырмай.
– Кө-к-е-е! – деді Олжас жыламсырап. Қуат қария немересін көтеріп, Аяғанның артына мінгізді.
– Əкеңнен мықтап ұстап отыр,– деді де торы биені жетектеп, ілгері жүрді. – Əгөретті бір-екі
айналып шық, балам.
Олжас пен Бибінің қуанышында шек жоқ. Əкесінің беліне қолы жетпегендіктен күртесінен
бүріп ұстап алған ұл тебініп-тебініп қояды, торы бие борсаң-борсаң желеді, Бибі сықылықтап
күледі. Анодай жерде сəл ғана езу тартып, тіршіліктің азабы ауырлау соғып, еңкіш тартқан əкесі
тұр. Балалардың күлкісі Аяғанның көңіліндегі тоңды жібіткендей. Жан жүрегін қуаныш
қытықтап, ұлы мен қызына қосылып, рахаттанып күлді. Шындап күлуді де ұмытып қалыпты.
Күлкісі ақсақ аттың желісі тəрізденді.
– Балалар, үйге кіріңдер,– деп дауыстады бір кезде Қуат қария. – Олжас-ай, саған суық тиіп
қалар. Желең шығыпсың ғой өзің.
Торы биенің шылбырын əкесіне ұстатып, Бибіні көтеріп үйге кірген Аяған теріс бұрылып,
бүгежектей бастаған Елжастың сырын ұғып, ақырын ғана езу тартты. Жейдешең шыққан Олжас
тоңып қалыпты, тісі-тісіне тимей қалш-қалш етеді. Жақ жүні үрпиіп, ерні көгеріп кетіпті.
– Ту-у, мұрның қызарып кетіпті ғой сенің,– деп, ұлын көтеріп апарып төсекке жатқызды да,
көрпемен жауып тастады. – Қозғалмай жат. Мен от жағайын.
Теріс қарап, бүгежектеп тұрған Елжас жылыстап сыртқа шығып кетті. Аз күнде əкесіне əбден
бауыр басып, екі елі қалмайтын Бибі плитаның алдына келіп, тізе бүккен əкесінің арқасына
жармасты.
– Көке, хат Елжастың анау қалтасында,– деді қыз оның құлағына сыбырлап. – Ол тығып
жатқанда мен көйдім.
Хат келді деген хабарды естігенде-ақ Аяғанның алағызыған көңіліне алаң кірді. Елжастың хатты
тығып жүргеніне қарағанда, өзін Алматыға шақыртып жатқан сияқты. Шақыртқан кім?
Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті керек адамына хат жөнелтіп, күтіп отырмайды. Əлде жоғарғы
органдарға жазған арыз-шағымдарына байланысты іздетіп жатыр ма екен? Олар бұл адресті
қайдан біледі? Оның үстіне босанып шыққалы бері ешқайда арыз жазған жоқ. Алматыда көп
айналмай, екі өкпесін қолына алып, балаларына қарай құстай ұшты. Əлде институттан келген
хат па екен? Жоқ, Мұса Байларов пен Жақия Тайлақұлы аман тұрғанда Аяғанды институтқа
жуытпайды. Əттең-ай, сөзін тыңдайтын адам болса олардың істеп жүрген істерін түгел айтып
берер еді. Өкініштісі – ондай пенде жоқ. Мұса қолында билігі бардың барлығымен сыбайлас
болып алған. Оған құдайдан басқа ешкімнің шамасы келмейді. Бұған Аяғанның көзі анық
жетті...
Хат! Кімнен, қайдан келген хат? Ту-у, кішкентай шаруаға неге сонша басын ауыртты екен?
Шал-кемпірге жекжат-жұраттан келген хат шығар.
Көңілін осылай деп жұбатқанмен Аяғанның жаны жай таппады. Асықпай отырып от жақты.
Құрғақ отын тұтанып алғаннан кейін партылдап барып гүрілдей жөнелді. Плитаның ішіне
толтырып отын салып қойды да, кешкі тамақтың қамына кірісті.
– Көке! Көке деймін,– деді бір кезде Олжас көрпенің астынан басын қылтитып. – Есентай
ағаның баласы маған сенің əкең шпион деді.


– Көке, біздің Олжас Болатбекпен төбелесті. Оның мұйны қанап қалды,– деді Бибі тақылдап.
– Өзі неге тиіседі? – деді Олжас ұрсып жүре ме дегендей əкесіне жаутаңдай қарап. – Менің
көкем шпион емес.
– Көке деймін, мен олайдың əлдиін ойнатпаймын.
– Неге, қызым?
– Мамалайы жаман. Маған ұйысты,– деп Бибі аузын бұртитты.
– Ол маған да ұрысқан,– деді Олжас. Бəлен күннен бері сыр шашпай жүрген балаларының
бүгінгі қылығы тосын. Ойлап қараса, олармен шүйіркелесуге уақыт бөлмепті. Балаларының
айтатын əңгімесі көп сияқты. Аяғанның байқағаны – екеуі Елжастың көзінше шешіле қоймайды.
Соған қарағанда, ол інісі мен қарындасының мұндай əңгіме айтуына тыйым салған тəрізді.
Сырттағы əңгімені атасы мен əжесі естімесін дегендегісі шығар. Немерелеріне əлдекімнің ауыр
сөз айтып ұрысқанын, жəбірлегенін білсе екі кəрінің шыдап отыра алмасы анық. Үшеуінің
бірінің қабағы шытылса ішкен ірің, жегені желім болатын шал мен кемпірдің құлағына мұндай
сыбыс шалынса Есентайдың да, оның келіншегінің де шаңын аспанға қағарына Аяғанның
күмəні жоқ. Осы шындықты қарғадай болып Елжастың түсінгеніне оның іші жылып қалды. Əлі
кішкентай, ештеңе білмейді деп жүрген ұлы бір жылға жетер-жетпес уақытта есейіпті. Ешкімді
аямайтын өмір шіркін есеймесіне қойсын ба?! Есеймесе, ағалығын сезінбесе інісі мен
қарындасына үлкен адамдардай ақыл айтып, ес болар ма еді.
“Көкеге ештеңе айтпаңдар. Ол ренжісе жүрегі ауырады. Өліп қалады” деп қорқытқан шығар.
Хатты жасырғаны – жаны жабырқап жүрген көкемнің көңілін бұзбайын дегендегісі шығар.
Демек хатта кісінің көңілі сөгілетіндей хабар болғаны ғой.
Ет турап отырған Аяғанның көңіліне қара шауып, мазасы қашты. Хатты оқымаса да бір
жағдайдың болғанын қу жүрегі сезді. Қайта-қайта ойына Алдияр Ақпанұлы орала береді. Өткен
жолы көргенде көзінде жылт жоқ еді.
– Көке деймін! Менің екі атам, бій əжем бай ғой, ə...
– Иə, жаным.
– Тағы бій əжем қайда?
– Əжең біреу-ақ қой, қызым.
– Би əжем өліп қалды ма?
– Иə,– деп Аяған оп-оңай келісе салды.
– Көке деймін! Əлгі деген Олжас Алматыдағы атаны біздікі емес дейді.
– Екеуі де өзіміздікі, қызым.
– Жаз шыққанда мен Алматыға, атама баямын! – деп қуана қол шапалақтады Бибі. – Хадиша
тəтемнің əлдиін ойнатамын. У-у-л-а-а!..
– Ал мен Алматыға бармаймын. Атам мен əжемнің жанында қаламын,– деді Олжас мұңайып. –
Мен кетсем əжеме кім су тасып береді?
– Ата мен əжемді Алматыға алып кетеміз ғой. Соны да білмейсің бе!?
– Мамамды ше?
Алматыға баратындығына қуанып, қопаңдап отырған Бибі ағасының мына сөзінен кейін
тосылып қалды. Аяған да не дерін білмей тілін тістеді. Үшеуінің де қабағына көлеңке қонған.
Бибі жылап келіп əкесінің құшағына тығылды. Осы кезде бір құшақ отын көтеріп, шал кірді.
– Кемпірге барып қайтпасам бұрқылдап қайнап жатқан шығар.
– Мəшине тауып, бəріміз барып қайтсақ болар еді.
– Е-е-е, кімге жалынайын. Бұл жұрт ісі түскенде – мүсəпір, ісі түспесе – кісəпір болып алды ғой,
шырағым.
Шал сырт киімін шешіп, плитаның түбіндегі тайпақ орындыққа отырды. Ол бұрынғыдан да
кішірейе түскендей болып көрінді Аяғанға. Бір заманда екі иығына екі кісі мінгендей, кеудесі


шалқақ, алпамсадай ірі кісі еді. Ауыр бейнеттен шөгіп, екі бүктеліп отырғаны мынау. Енді
қанша өмірі қалғанын бір құдай ғана біледі. Қашан жамбасы жерге тигенше ауыр бейнеттен
құтылмас.
– Түрмеден аман-есен шығуыңа Қуандық Сəруəров деген қол ұшын берді-ау, сірə,– деді əке.
Аяған оған жалт қарады. – Арыз жазып, Қонаев ақсақалға барғанмын. Сол жігіт қабылдап,
арызымды алып қалған.
“Қуандық Сəруаров” деп белгісіз адамның аты-жөнін жаттап алғысы келгендей сан рет
қайталады. Аяғанның көкірегінің көзі енді ашылып, көкейде жүрген жұмбағының шешімі
табылғандай.
“Бəсе, сондай бір үлкен адам араласпаса менің мəселемді олар əлдеқашан шешіп қойған сияқты
еді ғой. Қуандық Сəруаров деген кім екен? Іздеп тауып, рахмет айтуым керек” деп ойлады жігіт.
Əкелі-балалы екеу ойға кетіп, үнсіз қалды.
– Балам,– деді біраз үнсіздіктен кейін шал, басын көтермеген күйі ақырын сөйледі. – Жағдайды
өзің көрдің. Шешең анау, менің жағдайым мынау. Болар іс болды. Тірі адам тірлігін қылады.
Аяған үндемеді. Əкесі дұрыс айтады, бала-шағасына ана керек. Балалар да, үй де азып-тозып
кетіпті. Елжас бірінші класты ілініп-салынып жүріп өңкей үштікпен бітіріпті. Шешесі ауру,
əкесі ертеден қара кешке дейін азын-аулақ малды айналдырады, үй ішінің ауыртпалығы
Елжастың иығына түскен тəрізді.
Аяған ақырын ғана күрсініп қойды.
– Көңіліңде жүрген кісің болса қам жаса, балам. Мына үш ботаңның жағдайын ойла.
– Иə, көке... Əсемнің жылын берген соң ойласа жатармыз.
– Келіннің жылын күзге қарай өткізіп жіберейік.
Аяған əкесінің жүзіне таңырқай қарады. Шал тас мүсіндей қатып қалған, кірпік қақпайды, көз
жұмбайды.
– Асықты деме, балам. Шешеңнің де, менің де талқанымыз таусылуға айналды. Жаман айтпай
жақсы жоқ.
– Түсіндім, көке.
– Бала-шағаңның жайын ойла. Шешең екеуміздің қолымыздан бұларды шолпылдатып сүйгеннен
басқа не келсін.
– Алда уақыт бар ғой. Ойласамыз, көке,– деді ет қуырып жатқан Аяған. – Дайын тұрған ешкім
жоқ.
– Саған сұлуы емес, жылуы керек, балам. Сен кез келген үйге сиярсың. Ал мыналар ше? – деп
күрсінді шал. – Отырса опақ, тұрса сопақ. Көзге шыққан сүйелдей болып, түртпек көріп,
жетімсіремесе екен осылар. Е-е, алла! Өзің жар бол!
Шал күбірлеп сөйлеп бетін сипап, үндемей қалды. Аяған қазанға қайнаған су құйып, картоп
аршуға кірісті.
– Мына балалар Хадишаны аузынан тастамайды ғой тегі. Əй, өзі де бір айналып кетейін-ау.
Əкесінің өз ойының үстінен дөп түскеніне таң қалған Аяған оған ұрлана қарап қойды. Əлі сол
қалпы, кірпік қақпай, мізбақпай отыр.
– Хадиша тəте менікі,– деді манадан бері мұңайып, үнсіз отырған Бибі кенет көңілденіп. –
Хадиша тəтемнің əлдиі де менікі. Олжас, əлдиді саған беймеймін.
– Ой, ой-на-л-лайын аузыңнан!
Шал еңсесін көтеріп, немересіне бұрылып, құшағын жайды. Бибі атасының алдына келіп
отырды.
– Ол біздің əлди. Хадиша тəте еёде біздікі, ата.
– Періштем! – деді шал сақалы селкілдеп. Аузыңа құдай салған шығар. Қуат қария жымыңдап
үлкен ұлына қарады. Оның ниет-пейілін сезді. – Бала-шағаңа содан ыңғайлы адам жоқ.


Үйге Елжас кірді де, кідірместен түпкі бөлмеге өтіп кетті.
– Көке, Хадиша тəтемді үйге алып келші,– деді Бибі.
– Ой-й-налайын аузыңнан! Əкеледі Хадишаны, əкеледі!..
Əкесі мен қызының бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай сөйлегеніне Аяғанның күлкісі келді.
Жымыңдап күліп жүріп, турап қойған картопты қазанға салды.
“Осылар бірнəрсе біліп айтты-ау. Үш балама Хадишадай жаны ашитын адам табыла ма? Басыма
бұлт үйірілгенде қаңғырып қалған бала-шағамды жетімсіретпеген адамнан айналып қана
кетпеймін бе” деп тебіренді Аяған.
Хадиша секілді адаммен сенісіп өмір сүруге боларына көзі анық жеткен. Бір ғана күдігі бар –
Хадиша тілегін құп алар ма? Ол Алмастан əлі де күдерін үзе қоймаған сияқты. “Екеуміздің
арамызға дəнекер болса” деген ниеті бар шығар. Естуінше, Алмас академиялық демалыс алып,
ауылына кетіпті. Оның қашып жүргенін Хадиша бейшара қайдан білсін. Үміт деген сайқал
адамды əр сəт сайын емексітіп, өмір бойы алдайды. Үмітпен таң атырып, үмітпен қартайған
жесірлер аз ба бұл пəни жалғанда. Хадиша да солардың бірі болып қалмақ па сонда?
– Бейшара-ай! – деп күбірледі Аяған. Өз дауысынан өзі шошып, селк етіп əкесіне қараған, шал
немересін құшағына қысқан күйі мүлгіп отыр екен. Олжас екі қолын жастанып, көзін ашып-
жұмып, төбеге қарап ойланып жатыр. Түпкі бөлмеге кіріп кеткен Елжас тым-тырыс. Есікті
жауып алған, немен айналысып жатқанын ешкім білмейді.
Аяғанның есіне хат түсіп, жүрегі əлсіз ғана шым етті. Ол жайлап басып түпкі бөлмеге кірді.
Əкесін көрген сəтте Елжас өз өзінен абыржып, мазасыздана бастады.
– Хат Хадиша тəтеңнен бе?
Екі көзі жыпылықтап, екі беті қызарып жерге қараған баласын құшақтап, арқасынан қақты.
Елжас лəм деместен қалтасынан жеделхатты алып, əкесінің қолына ұстатты.
Сұм жүрек бір сұмдықты алдын ала сезіпті. Асыл азамат Алдияр Ақпанұлының талқаны
таусылыпты, жарық дүниедегі жорығы, арпалысқа толы сапары аяқталыпты.
– Əке,– деді ауызғы бөлмеге шыққан Аяған қатқыл дауыспен. Шал көзін кең ашып алып, ұлына
жалт қарады. – Алдекең жүріп кетіпті.
– Алда құдай-ай! Есіл ерім-ай! Тұяғы тозбас тұлпарым-ай! Қанаты талмас сұңқарым-ай!
Бағаласа баға жетпес ардақтым-ай!.. Мынау əділетсіз дүниенің азабынан құтылған екенсің-ау.
Иманың жолдас болсын... Бақұл бол, бауырым!..


43
– Шай алыңыз, аға.
– Рахмет, алып отырмын.
Хадишаға тура қалай алмай екі беті дуылдап, қызарақтаған Аяғанның маңдайы тершіді.
Жұрттан жасырып жүрген құпия сырын əлдекім сыбырлап айтып қойғандай келіншек “ағалап”
барын алдына қойып, жаны қалмай бəйек болып жүр.
Бибі “Хадиша тəтеме барамын” деп жылап қалды,– деп күлімсіреді Аяған маңдай терін
құрғатып отырып.
– Айналайын-ай!– деп еміренді Хадиша. – Өзін сондай сағындым. Неге ала келмедіңіз, аға?
Хадиша оған өзімсінгендей тік қарап, наздана езу тартты. Аяғанның қуанышқа қаталаған жүрегі
лүпілдеп кетті.
– Күн жылынсын. Асылхан екеуіңізді жайлауға алып барамыз. Біздің жақтың жайлауын
көрсеңіз кеткіңіз келмей қалар еді,– деді жігіт. Айтарын айтып алып, екі беті дуылдап, басын
тұқыртты.
– Балалардың жанында қала саламыз,– деді келіншек жымиып күліп. Аяған басын шалт көтеріп
алып, оның көзіне тура қарады. Жанарында жатырқау, жатсыну жоқ, мұны ет жақын туысындай
көріп, жайраңдап отыр. Басқа ойы болса бағасын арттырмақ ниетпен қылымсып, қылық көрсете
бастар еді.
– Балалар сізді өте жақсы көреді. Үшеуі де сағынып қалыпты,– деді жігіт көзі боталаған
келіншекке ұрлана қарап.
Хадиша бұрынғысынан да əдемілене түсіпті, ептеп толысқан, қос анары кеудесін керіп тұр,
əжімсіз тамағы ашыған қамыр сияқты, қысқалап кестіріп, бұйралап қойған шашы өзіне
жарасады екен. Кейбір келіншектердей қылмиып, қылымсымай кісіге тура қарайды.
– Балаларды мен де сағындым. Кейде түсіме кіреді,– деп күрсінді келіншек. – Үш баланы күту
қарт адамдарға қиын-ақ қой.
– Айтпаңыз. Шешем ауруханада жатыр. Əкем шаршап, шалдығып жүр.
Хадиша қабағын көлеңке қонып, мұңайып отыр. Көңілінде сайрап тұрған екі ауыз сөзді айта
алмай қиналды. Көмейіне келіп тірелген “үлкен кісілердің қолындағы ауыртпалықты алатын
адам іздемейсіз бе, аға-оу” деген сөзді сыртқа шығармай тұншықтырды. Сондай бір ой
Аяғанның да көңілін арбап отырған. Өлімге келіп отырып жақсы ниетін жариялауды дұрыс
көрмей, тілін тістеді.
– Алдекеңді құттыханасына бір түнетпей шығару дұрыс болмас, сірə.
– Иə, аға, дұрыс айтасыз.
– Баласынан хабар бар ма?
– Жерлеуіне келеді деген.
– Алдекеңді жерлеу жөніндегі комиссияның бастығы кім болды екен?
– Тарих факультетінің деканы дейді, аға,– деп келіншек қысыла күлімсіреді. Аяған қабағы
қабарып, үн-түнсіз отырып қалды. – Шай алыңыз, аға.
– Рахмет!..
– Қыздар кешке келіп көмектеседі.
– Қаражатын қайтеміз?
– Менде азын-аулақ ақша бар, аға.
– Салмақты сізге салдық-ау.
– Ол кісі бəріміздің əкеміз.
– Түсінгеніңізге рахмет, айналайын!.. – деп жігіт шын разы болып. – Анау Жақияларды


араластырмай Алдекеңді өзіміз шығарып салсақ дұрыс болар еді.
– Кеше үшінші курстың үш баласы келіп кеткен.
– Бұл Алдияр Ақпанұлына көрсетер соңғы құрмет.
– Иə, аға,– деп Хадиша оған қиыла қарап. Келіншектің мейірім ұялаған көзінде бимəлім бір
жұмбақ жатқан секілді. Оған тесіліп ұзақ қарауға жүзі шыдамады, анда-санда көздері
тоқайласқанда сол бір жұмбақ сырдың ұшығын байқап қалып отыр.
– Аға,– деді біраз үнсіздіктен кейін келіншек оған тура қарап. Жүзінде қымсыну, жорта
қылымсу нышаны жоқ. – Өлімнің үстінде жаңағы адамдарға тиісіп, ашу шығармаңызшы.
– Алдекең солардың кесірінен қаза тапты,– деді ойланып отырып қалған жігіт біраздан кейін. –
Енді келіп олар түк білмейтіндей, түк болмағандай тағы да ойларына келгенді істейді.
– Аға-оу, өлген адамды жерлеу тірінің парызы емес пе.
– Тірлігінде толып жатқан жамандық, жаулық жасаған, иттік көрсеткен пенделердің оны
жерлеуге араласуы үлкен қиянат болады.
– Аға-ау, елді дүрліктіріп қайтесіз.
– Беттері шыдаса, аруақтан қорықпаса қоштасуға келе берсін. Бірақ жерлеуіне араласпасын,–
деді ашулана бастаған Аяған тістене сөйлеп. Хадиша оған жасқана қарады, екі көзі бағжаңдап,
бүрісе түсті. – Олар Алдекеңді өлтірді. Тезірек көміп тастамасақ Алдияр Ақпанұлы тіріліп кетер
деп қорқатын шығар. Алдекеңнің өліміне солардың біреуінің қиналмағанын білемін. Қайта
қуанып жүр нəлеттер. Алдияр Ақпанұлын жеңдік дейтін шығар. Алдияр Ақпанұлы дейтін
ғұламаны жеңу үшін оның бүкіл еңбегін жоққа шығарып, шəкірттерінің көзін құрту керек. Ал
оның еңбегін жоққа шығару мүмкін емес. Оған адам түгіл уақыттың да құдіреті жетпейді. Бүкіл
бір дəуірдің ұлы шындығын Алдияр Ақпанұлындай ерлікпен дəл айтқан адам болған жоқ,
Хадиша. Біз жеңілмейміз ешқашан. Біздің жанымыз кеудемізде емес, самұрық құстың ұясында.
Самұрық құстың ұясының қайда екенін білесіз бе, Хадиша? – Келіншек қызына сөйлеп отырған
жігітке жасқана қарап, ақырын ғана бас шайқады. – Самұрық құстың ұясы он бір миллионға
жуық қазақ деген халықтың жүрегінде. Алдияр Ақпанұлы секілді біртуар азмат сол халықпен
бірге жасайды, Хадиша.
– Білемін ғой, аға,– деді келіншек маңдайын сүйеп отырып. – Жақсы адамның өлімінде шу
шығару – аруаққа жасалған қиянат емес пе. Комиссия құрылып қойды. Ертең түстен кейін
денесін алып келеді. Бүрсікүні жерлейді.
– Сіз де соларды – Алдияр ағаның жауларын жақтайсыз ба? – Хадиша жауап қайтармады. Басын
да көтерген жоқ. – Ал олардың Алдияр Ақпанұлына қандай қиянат жасағанын білсеңіз басқаша
сөйлейтін едіңіз,– деді Аяған қынжыла бас шайқап. Оның ашуланып отырғанын келіншек
тағатсыз дірілдей бастаған қолынан байқады. – Сол шіркіндерде Алдекең деген титтей
жанашырлық сезім болса орнынан тұра алмай тұралап жатқанда бір келіп, көңілін сұрамас па
еді. Аузына су тамызуға жарамады-ау біреуі. Жалғыз сүйеніші – баласын жабылып жүріп
арақпен суарып, аздырып жіберді ақыры. Алдекеңді баласы арқылы қинады. Жетті ақыры
мақсаттарына. Бір халықтың маңдайына біткен мақтанышын жабылып жүріп өлтіріп, жабылып
көме салмақшы енді. Жоқ, Хадиша, біліп тұрып үндемей қалсам Алдияр ағаның аруағы
кешпейді мені.
– Аға-оу, – деді келіншек дауысы бұзылып. Иегі кемсеңдеп тілінің ұшына келіп тұрған сөзді
айта алмай сəл тосылды. Сонан соң жаңағы сөзін қайталады. – Аға-оу...
– Күрессіз шындыққа жете алмайсыз.
– Сізді жауларыңыз түгіл достарыңыз да құптамайды ғой, аға-оу.
Келіншектің сөзі шамына тиді ме, шыдап отыра алмай орнынан тұрып кетті. Өзімсінгендей
көзбен қиыла қарап отырған Хадишаға бұрылды.
– Менің орнымда Алдияр Ақпанұлы болса кеудесіне мылтық тіреп тұрсаң да, бір адым шегінбес


еді. Асыл азамат шегінбеген, ешкімге бас имеген күйі өтті дүниеден.
– Ой, аға-ай! – деп күрсінді Хадиша. Орнынан тұрып, жігітке тік қарады. Қабағы шытқыл. –
Аруақтың назаланатынын білмеуші ме едіңіз, аға-ау.
Аяған айтатын сөзін жұптап үлгергенше Хадиша баласы жатқан бөлмеге кіріп кетті. Қайтып
қарасын көрсеткен жоқ. Жігіт тұқылға қанбай қалған темекішідей жанын қоярға жер таппай,
лекілдеп келген көп ойын кімге айтарын білмей аласұрып, бөлменің ішінде теңселіп жүрді де
қойды.
Біраздан кейін ауылдан алып келген малдың етін жаймалап, тұздап мұздатқышқа салды. Сонан
кейін ұстазының бөлмесіне кіріп, ертеңгі істің жоспарын ой елегінен өткізді. Бір жапырақ
қағазға жоспарын мұқияттап жазып алғаннан кейін демалмақ болып Алдекеңнің төсегіне
қисайған. Жолсоқты болып шаршап келген жігіт көп ұзамай ұйықтап қалды.
Таң сарғайып атып келе жатқан кезде оянып кетті. Бұрын біреу оятпаса ұйықтай беретін Аяған
түрмеде өткізген сегіз айда тұп-тура сағат алтыда тұруға үйренген. Сағат қаншада қисайса да
таңғы алтыда ұйқысы шайдай ашылады да, онан кейін кірпігі айқаспай қояды. “Ауылға барғанда
əй бір армансыз ұйықтаймын-ау” деген. Ұйқы шіркін көңілі тоқ, қайғысы жоқ адамға ғана үйір
болады екен.
Орнынан турып жуынған соң Хадишаны оятып алмайын деген сақтықпен аяғының ұшымен
басып, үйден шықты. Таңғы салқын ауаны кеудесін кере жұтты. Машиналар көбейе
қоймағанмен таңғы ауа газ иістеніп үлгеріпті. Енді бірер сағаттан кейін газ бен шаң тұтасып,
қаланың үстін тұтып қалатынын ойлап, жаны жабырқады. Алматы жылдан-жылға ластанып
барады, Көктөбенің биігіне шығып, сүйікті қаласының қап-қара түтіннің құшағында жатқанын
алғаш рет көргенде шалқасынан түсе жаздаған. “Алматы – арман қала”, “Алматым – астанам,
ауаң – бал” деген сияқты əндерді естігенде қиналып күлетін. “Алматының ластанып бара
жатқанын мемлекет басшылары неге көрмейді екен” деп іштей назаланатын. Оның ренішімен
есептесіп жатқан кім бар? Əркім көрініп қалудың жолында жанталасып бағады екен. Қолына
билік тиген кез келген пенде оп-оңай тарихқа айнала салуға тырысады екен. Аяған ондайлардың
талайын көрді. Ол бейшаралардың көпшілігі тарихтың таразысына тартылып, күлкі болып
далада қалады.
Қалаға əкім болған азаматтардың көзге оғаш көрінер қорап үйлерді қаптатып жібергені туралы
көзі ашық зиялы қауым аз айтып жүрген жоқ. Олардың сөзі айдалада атылған оқ сияқты
нысанаға маңайламай қаңғырып кетіп жатыр. Зиялы қауымның жанайқайына құлақ қоймаған
мемлекет басшыларының пенделік эгоизмі жақсылыққа апармасын Аяғанның іші сезеді.
Аяңдап аялдамаға келе жатқан жігіт өзін өзі мазақтағандай мырс-мырс күлді. “Шиеге бойы
жетпеген түлкі ащы” депті. Бəлен жылдан бері аядай қуысқа қолым жетпей жүріп маған не жоқ.
Менікі кесірлік” деді. Жаны жабырқап, алыста қалған балаларын ойлады. Жарық дүниеден еш
жақсылық көрмей өткен жарын ойлап мұңайды. “Бір-екі жыл бұрын бір-екі бөлмелі үй алсақ
Əсем үш баласын боздатып тастап кетпес еді ғой” деді жол бойындағы биік үйлерге қарап
отырып.
Тарих факультетінің студенттері таң атпай Аяған Қуатов келеді деп мүлде күтпеген еді,
барлығы тырайып-тырайып ұйықтап жатқан. Есік ашқан Қанат ұйқылы көзбен Аяғанға қарап:
– Кім керек? – деп дүңк етті.
– Бір жерде көрген адамыңа ұқсаймын ба, Қанатжан? – деп күлді Аяған.
– Аяған аға! – деп Қанат қуана дауыстап жіберді. Оның дауысын естіп, басқа жігіттер оянып,
орындарынан атып-атып тұрды.
– Ассалаумағалейк-ө-м!
– О-һ-о, Аяған аға келді!..
Ұйқылары шайдай ашылған студенттер тез-тез киініп, жуынып келді. Қанат шай қойып,


дастархан жасады. Барлығы Аяғанды сағынып қалған тəрізді, алқа-қотан қоршап алған, жан-
жақтан сұрақ жаудырып, қал-жағдайын сұрап жатыр. Шəкірттерінің өзіне деген ықылас-
пейілінің өзгермегенін көріп, жаны жадырап, қуанып қалды. Ұмытпапты, ұмытылмапты.
– Сендерді көріп, сондай қуанып отырмын, жігіттер,– деді Аяған екі жағында отырған жігіттерді
қапсыра құшақтап. – Рахмет сендерге! Мен өмір бойы қарыздармын бəріңе.
Көзіне келіп қалған жасты əрең ірікті. Оның көңілінің босап отырғанын жігіттер де сезген
сияқты.
– Біз шындық үшін күрестік, аға.
– Кімнің кім екеніне көзіміз жеткен соң аянғанымыз жоқ.
– Шай алыңыз. Біздің завтрак осы, аға,– деп күлді Қанат. – Қара шай мен қара нан. Біздің
қонағымыз кешке келуші еді əдетте.
– Шыдай алмадым, жігіттер. Сендерді сағынып қалыппын. Түрмеден босанған соң қайырылуға
мұршам болмады. Балаларым ауылда ғой менің.
– Білеміз ғой, аға,– деді Ерік əнтек күрсініп. “Көңіл көрген жерде” дейді қазақ. Жеңгеміздің
арты қайырлы болсын.
Көңілі босап отырған Аяған астыңғы ернін тістеп алып, басын тұқшитып, біраз уақыт үнсіз
отырып қалды. Жөн білмегендіктен жігіттердің ешқайсысы топ бастап суырылып шығып,
жұбату сөз айтудың ретін таппай отыр. Соны сезген Аяған əңгіменің арнасын басқа жаққа
бұрды.
– Алдекеңнің шаруасына байланысты ақылдасу керек еді,– деп бастары салбырап, үн-түнсіз
отырып қалған жігіттерге жағалай қарап шықты. – Моргта бірнеше күн жатып қалған сияқты.
Бүгін үйіне түнетіп, ертең жамбасын жерге тигізу шарт.
– Біз дайынбыз.
– Тарих факультетінің студенттері түгел барады.
– Алдияр Ақпанұлын шығарып салуды біз өз міндетімізге алуымыз керек. – Ол жігіттердің
қабағын аңдыды. Барлығы құптайтын сияқты. – Алдекеңнің бұл жағдайға душар болғанын бəрің
білесіңдер. Бұл жолы билікті сол кінəлі адамдар қолға алып, ойларына келгенін істесе Алдияр
ағамыздың аруағы кешпейді бізді.
– Алдияр Ақпанұлының сүйегін қорлатпау керек,– деді манадан бері сөзге араласпай үнсіз
отырған Камал. – Олар бұл жолы “із жасыру” үшін қимылдайды. Ал біз Алдияр ағаны солардың
өлтіргенін білеміз.
– Оларға білдірмей сүйегін алып кетейік.
Алдияр Ақпанұлы ұрлап апарып көме салатын адам емес. Оны жерлейтін күні бүкіл халық қара
жамылса да айыбы жоқ. Туған халқының намысы үшін ойланбай отқа түсіп кеткен ондай асыл
ағаға мемлекет құрмет көрсетуге тиіс. Бірақ өкінішке орай, бөтеннің бетіне қарап отырмыз
ғой,– деп Камал жігерлі сөйледі. Аяған оған іштей разы болып, сөзіне сүйсініп отыр. Сөз
саптасына қарағанда алысты көретін есті жігітке ұқсайды. Қашан көрсе де қабағы тұнжырап,
ешкімге қосылмай саяқ жүретін, адамның көңіліне қарамай тура айтып тастайтын жігітті бұрын
ұната бермеуші еді. “Тəрбиесі төмен, тым дөрекі жігіт” деп ойлайтын да, жақын жуытпайтын.
Камал да Алмас сияқты жалпақтап, көңілін тауып, ұнап қалу үшін Аяғанды төңіректеген жоқ.
Емтихан кезінде өзі жақсы көретін студенттер секілді оған оң қабағымен қараған жоқ, бір
бағасын кемітіп қойған кездері де бар. Камал намысқа тырысып, басын имей, кеудесін шалқақ
ұстап, шығып кететін. Аяғанға оның осы бір менмендігі ұнамаушы еді.
“Адамның өмірі адасулар мен қателіктерден тұрады екен-ау” деп ойлады Аяған. Інісіндей көріп,
бауырына тартқан адамы басына бұлт үйірілгенде жалт бұрылып, қара басының қамын ойлап
қашты. Ал керісінше, еш жақсылығы өтпеген, ұнатпай шетке тепкен адамдары қиналғанда қол
ұшын берді. Сондай адамның бірі Асылхан еді. Асыл азаматтың аруағының алдында өтелмес


қарызы бар. Ол қарыз-парызынан бұл дүниеде құтыла алмасын біледі.
Аяған қабақ шытып, терең күрсінді. Қарсы алдында қара шайды сораптап ұрттап, маңдайы
тершіп отырған жігітке сүйсіне көз салды. Осы сияқты жігіттер ара түспегенде сегіз ай
сарылып, сарыжамбас болып жатқан түрмеден шығар-шықпасы белгісіз еді. Жақсы адамдардың
шарапаты тиіп, бəле-жаладан аман-есен құтылды. Мынау жарық дүниеде жақсы адамдар көп
екен ғой. Асылхан, Міртемір, Хадиша, Камал, Қанат, Ерік... Барлығын санап тауыса алмас, сірə.
Жақсылықтың тұма бастауында Алдияр Ақпанұлы сияқты шындықтан жаратылған адам тұрса
оның алдын көріп, тəлім алғандар қалай ғана жаман болмақ. Алдекең... Алдияр Ақпанұлы...
Есесі кеткен елінің намысын жыртқан асыл текте азамат... Қылышынан қан сорғалаған қатыгез
заманда халқының шындығын айтқан асыл адам. Алдеең... Қайран Алдекең...
– Институттың бас корпусының алдына Алдияр ағаның үлкен суретін іліп, жерленетін уақытын
көрсету керек,– деді Камал. Аяған селк етіп, қалың ойдан тез сергіді.
– Ол кісіні институттан шығарған дұрыс шығар.
– Жоқ, ол кісі қуғын көрген.
Студенттердің əңгімесін үнсіз тыңдап отырған Аяған ойланып қалды. Алдияр Ақпанұлының
институттан қуылып кеткені рас, қарсыластарының “пенсияға шығып, денсаулығына
байланысты босады” деген сылтауға сүйенгенін екінің бірі біледі. Марқұм өте өкпелі еді.
“Байларов тұрғанда институттың есігін ашпаймын” дейтін. Ренжігені соншалық, институт
партия ұйымының есебінен шығып, өзі тұратын аудандағы тұрғын үй басқармасына тіркелген.
Өзі сияқты ешкімге керек болмай қалған шал-кемпірлерден тұратын бастауыш партия
ұйымының жиналысына бір рет қана қатысып, ауырып қалғанын Аяған білетін.
“Менің орнымда Алдияр Ақпанұлы болса қайтер еді?” деген ой Аяғанның басын қаңғыртты. Не
істеу керек? Студенттер аузына қарап отыр. Бір шепті бергеннен кейін басқаларын қорғаудың
қажеті бар ма? Есіне Хадишаның сөзі түсті. “Сізді жауларыңыз түгіл достарыңыз да
түсінбейді”. Сонда қалай, Жақия Тайлақұлының жетегіне ілесіп, сүмеңдей беру керек пе? Ол
тағы да орға жықса ше? Неге солардың дегені бола береді? Дəл осы тұста олардың еркінситін
жөні де жоқ қой. Алдияр Ақпанұлының аруағы үшін бір адым шегінбеуге тиіс. Ол кісінің
денесін өзі тұратын үйдің ауласына қояды. Қоштасуға бүкіл Алматы келеді. Осылай еткен
жағдайда ғана ұстазының алдындағы шəкірттік парызынан құтылады. Алдекең Аяғанның
мұндай батыл шешімін қуана құптар еді.
Аяған осылай ойлады. Оның айтқанын студенттер талқыламай қоштады.
– Алдын ала даурықтырмайық,– деп сақтық жасады Камал. Олардың қандай əдіс қолданарын біз
білмейміз.
– Камал дұрыс айтады,– деді Аяған оны қуаттап. – Ең сенімді достарыңа ғана айтыңдар. Үлкен
мекемелердің алдына ілетіндей хабарландырулар дайындау керек. Оларды түскен кейін ілген
дұрыс. Алдияр ағамызды ертең шығарамыз.
Олар осы қорытындыға келгеннен кейін ақылдасып отырып міндет бөлісті.
Аяған арқа сүйер азаматтардың өсіп-жетілгенін көріп, іштей қуанды. Əлсіз қоғамды билеген
қараулық пен қатыгездіктің тамырына балта шабар Шындықтың тілеуін тіледі.


44
Жақия Тайлақұлы жағдайдың аяқ астынан шұғыл өзгеріп кететінін білген жоқ. Өз басымен
қайғы болып, бала-шағасын іздеп, ауылына кеткен Аяған аяқ астынан сап ете түсіп, бізге қарсы
əрекет жасайды деген ой қаперіне кірмеген. Ол жайбарақат еді. Алдияр Ақпанұлының қазасын
көпке жариялап, даурықтырмай апарып көме саламыз деп ойлаған. Аяған Қуатов бастаған
топтың алдын орап, жоспарын күлталқан бұзқанын кешкілік естіп, тұлан тұтып ашуланды. Не
істерін білмей далбасалаған бейшара екі өкпесін қолына алып, Алдияр Ақпанұлының үйіне
жүгірді.
Есік алдында тұрған студенттер оны байқамаған болып əңгімелерін жалғастыра берген.
Олардың ниет-пиғылын біле тұра Жақия шарасыздың кебін киді.
– Орта толсын, жігіттер! – Ешқайсысы оң қабақ таныта қоймады. Жайшылықта бұларды көзге
ілмейтін Жақиянікі мүсəпірдің қалі. Студенттердің жағалай қолын алып шықты. – Ағамыздан
айырылып, қара жамылып қалдық қой, жігіттер. – Тұрғандардың біреуі жақ ашпады. Барлығы
керең сияқты. Декан іштей шамданғанмен үйренген əдетімен шарт сына алмады. – Үйде кім
бар?
– Адамдар бар,– деді біреуі. Студенттің қисық жауабына ренжи тұра іштен тынды.
– Біздің оқытушылардан кім бар?
– Аяған Қуатов бар,– деді екінші студент. Жақия суық жымиды. Сонан соң жанында тұрған
студенттің иығына қол артып еді, ол ақырын ғана итеріп тастады.
Да-а,– деді декан кеудесінен лықси көтерілген ашуын күлкімен тұншықтырып. – Асыл азамат,
ғұлама ғалым, ұлы ұстаз еді. Аяулы ағамыздан айырылып, есеңгіреп қалдық. Өмір деген осы,
жігіттер. Күні кеше ортамызда жүгіріп жүрген ағамыз жоқ енді.
– Сіз білмейді екенсіз ғой, ол кісі бір жылдан астам уақыт орнынан тұра алмай жатқан.
Əр сөзінен ілік іздеп, тиісуге себеп таба алмай тұрған студенттердің пиғылын Жақия түсінді.
Əңгімені əрі қарай соза берсе мыналардың өршеленіп кетерін сезіп, өзі бір уақыттарда күн
құрғатпай келетін пəтерге бағдар түзеді.
Батылдау басып келе жатқанмен көңілі қобалжулы. Аяғанға не деу керек? Үндемегені дұрыс па?
Үйде кімдер бар екен? Бір есерсоқ жұрттың көзінше жағасына жармасып, аузына келгенді оттап
жүрсе қайтпек? Əлде үйге кірмей-ақ қайтып кеткені дұрыс па? Мұса Байларовқа не дейді?
Жақияны əлеуетті күш дедектетіп сүйреп келеді, іштей қарсыласқан болады, бірақ оны жеңетін
дəрмені жоқ. Есікке жеткені сол еді, қарсы алдынан сопаң етіп Камал шыға келді, Жақия
шегініп жол берді. Жігіт лəм деместен жанынан өтіп кетті, үлкен кісі-ау демеді, көз қиығын да
тастамады. Талтаң-талтаң басып ұзап бара жатқан жігітке ызасы келгенмен оған түк істей
алмасын біліп, бармағын шайнады. Камалды ішінен сыбап алды да, үйге кірді. Қарсы алдынан
Алдияр Ақпанұлы шыға келердей жүрегі лүпілдеп, алқымына тығылды. Екі тізесі дірілдеген
тəрізді. Бұл үйге алғаш келгенде дəл осындай күйге түскені есінде. Ол жолы Алдияр Ақпанұлы
қарсы алған. Одан бері көп жыл өтіпті. Жақия ол заманда көп аспиранттың бірі еді, атақты
ғалымның үйіне имене басып шығатын. Алдияр Ақпанұлының тасы өрге домалап, дүрілдеп
тұрған шағы еді. Мықтылардың көлеңкесінде жүріп өмір сүрудің жеңіл боларын ерте зерделеген
Жақия атақты ғалымды түп етектен мықтап ұстауға тырысты, бірақ бұл ниетінен көп ұзамай
айныды. Заман қу түлкідей бұлт ете қалды, уақыттың қабағын аңдып өскен Жақия жағдайды тез
түсінді де, жол тауып кетті... Сонан кейін де араларына шөп өскен жоқ, аса бір қимас болмаса
да бөтенсінбей сыйласты. Жақияның бақай есепке жүйріктігін ертеден білетін профессор оның
өзіне деген пиғылын сезген соң іргесін аулақ салған. Сол арада біреу біліп, біреру білмейтін жас
пері Мұса Байларовтың жұлдызы жарқырады да, Жақия жүрегін алып, солай қарай жүгірді. Көп


уақыт өтпей Алдияр Ақпанұлы мен институттың жаңа ректорының арасында бітімге көнбес
тартыс басталған. Жақия Тайлақұлы сол тайталастың бел ортасында жүрді...
Ілгері жүруге батылы бармай тосылып тұр, біреу келді-ау деп ешкім шыға қоймады. Есік ашық
тұрған бөлмеде бір қауым ел бар сияқты. Ол Аяғанның дауысын жазбай таныды. Басқаларға
қарағанда көбірек сөйлеп отырған да сол.
– Есіктің алдына екі стол қойып, Алдекеңді жатқызамыз. Балалар театрының директорымен
келістім, шығарып салу рəсіміне керекті заттарды беретін болды.
– Сонда қоштасу ашық аспанның астында бола ма?
– Несі бар. Келген адамдар Құрманғазы көшесі жағынан кіріп, табыттың жанынан өтіп,
Бейбітшілік көшесіне шығады.
– Қоштасу рəсімін он бірде бастап, он екі жарымда аяқтаған дұрыс.
– Қанша автобус болады?
– Үшеу.
– Аз ғой. Бейіт басына баратындар сыймай қалатын болды.
– Институттан көмек жоқ па?
Жақия Сыздықтың дауысын таныды.
“Бұл қашан келген?” Ол аң-таң болып тұрғанда дəлізге əлдекім шықты да, деканды көріп,
көзден таса болды.
– Институттың көмегінің керегі жоқ,– деді Аяған.
– Институт дəлізде тұр,– деді əлдекім. Бөлмедегілер тым-тырыс тынып қалды. Босағада сопайып
тұра беруге болмасын түсінген Жақия ашық тұрған есікке қарай беттеді.
Төрде Аяған, оның оң жағында Сыздық отыр екен. Екеуі де өзгерген, қартайып қалғандай болып
көрінді Жақияға. Үшінші курстың студенттері диванға жайғасыпты. Бұлардан басқа Алдияр
Ақпанұлына шəкірт болып есептелетін, басқа институттарда қызмет істейтін бірнеше тарихшы
отыр екен.
Беттен алып, төске шабатын бейауыз ешкімнің жоқтығына көзі жеткен соң көңілі жайланып,
еркін басып бөлмеге кірді. Оны көріп, Аяған орнынан атып тұрды.
– Сəлеметсіздер ме, жігіттер,– деп Жақия жымиып күлді. Сыздықты құшақтап, көңіл айтқысы
келген.
– Ісіңнің нəтижесін көруге келдің бе? – деді қабағын қарс түйіп алған Аяған тістене сөйлеп. –
Мұндайға əбден үйреніп алдыңдар ғой. Қарсыласқанды қазық қылық қағып жіберу сендерге
неге тұрады, тəйірі.
– Менің əкемді осылар өлтірді! – деп Сыздық жылап қоя берді. Мұндайды күтпеген Жақия
мықтап абыржыды. Сасқанынан ыржиып күлді.
– Бəлкім, Алдекеңнің өлген өлмегенін тексеруге келген шығарсың.
– Қойсаңшы,– деді Жақия қабақ шытып.
– Бұл үйдің табалдырығынан аттауға қақың жоқ екенін біле тұра не бетіңмен келдің? – деп
дықтанды Аяған. Оның бұзылып кеткен түрін көріп, Жақияның тұла бойын діріл биледі. Араша
тілегендей бөлмеде отырғандарға жаутаңдады. Оларда үн жоқ. “Аяған тағы да айта түссе екен”
деп тілеп отырған тəрізді.
– Алдияр Ақпанұлын тұрғызып алып келейік пе? Саған керегі Алдекеңнің қарғысы ма? Саған
сол керек қой, ə? Қарғысты Алдияр ағаның өз аузынан естігің келген екен ғой.
Жақияның екі беті дуылдап, құлағы шыңылдады. Аяған мүлде өзгеріп кетіпті. “Мынау сау емес,
жынданған шығар” деді. Бұдан кейін оған тура қарауға батылы бармай, сыңарезулей күліп,
үйден шығып кетті.
Сол екпінмен жүгіріп отырып үйіне келді де, Мұса Байларовқа телефон соғып, көрген-білгенін
түк қалдырмай баяндап шықты. Оның əңгімесін тыңдап болғаннан кейін де Мұса көпке дейін


үндей қоймады, Жақияның шыдамын тауысып барып:
– Олардың мұнысы дені сау адамның ісі емес,– деді.
– Тура айтасыз,– деді декан жарамсақтанып.
Олардың дегені бола қоймас. Біз де тірі жанбыз ғой, қарап жатпаспыз,– деді ректор дауысын
əндете созып. – Ондай жалаңаяқтармен күресудің жолын білеміз.
– Мен білсем, Мұсеке, Қуатовтын дені сау емес. Түрінен адам қорқады.
– Жындылардың орны – жындыхана. Қауіпсіздік комитетінің əлі келмеген адамды медицина
ауыздықтай алады. Солай емес пе, Жақия Тайлақович?
– Түс-сіндім сізді, Мұсеке.
– Ісіңізге сəттілік тілеймін. Алдияр Ақпанұлын дұрыстап шығарып салуымыз керек. Біз де
адамбыз. Дос-дұшпанымыз бар,– деді ректор соншалықты бəсең дауыспен. – Сізге адамдар
көмектеседі. Сау болыңыз!
Осыдан кейін ғана Жақияның жаны жай тапты. Асықпай отырып кешкі шайын ішті.
– Алдияр Ақпанұлының өлгенін естідің бе? – деп əйеліне қарап, жымыңдап күлген. Ол күйеуін
жақтырады.
– Өлімге күлмейді,– деп қабақ шытты.
– Мен өлімге емес, Қуатов деген қырттың ісіне күліп отырмын. Ол Ақпанұлын институттан
емес, үйінің алдынан шығармақшы. Вот, ақымақ, ə!.. Есі дұрыс болса солай істей ме! Д-о-р-а-
қ!..
Əйелі ауыз ашпады. Оның ұнатпай отырғанын сезіп, орнынан тұрып кетті. Қонақ бөлмедегі
диванға шалқалай отырып, ой түкпірін ақтарды...
Мұса Байларов қарап жатпайды. Институт кəсіподақ ұйымының төрағасына тапсырма берген
шығар, ендеше уайымдап, болар-болмасқа бас ауыртудың қажеті жоқ. Ең бастысы – Аяған
Қуатов бұл жолы тағы да ұтылды. Бүгінгі түсінгені – оны біржола құртпай тыныштық жоқ екен.
Еркіндікте жүрсе қойтан жылғыны қозғап, ешкімге маза бермейді, шұқылап, өсек теріп, жан-
жаққа арыз жазғаннан шаршамайтыны Жақияға түсінікті. Дұшпаны, жақсылығын көре
алмайтын қызғаншақ дос-жарандары аз емес. Мұса Байларов өте тауып айтты. Аяған
сияқтылардың орны – жындыхана.
Жақия өзіне риза болып, жымиып күлді. Көзін шала жұмып, жайылып кеткен езуін жия алмай,
рахатқа батып, ұзақ отырды. Біраздан кейін маужырап, көзіне ұйқы тығылды. Кенет есіне
ректорының “ісіңізге сəттілік тілеймін, сізге адамдар көмектеседі” деген сөзі түсті. Мұсаның
сөзінің төркінін енді ғана түсінді, ұйқысы шайдай ашылды. Уақыт тар.
Жақия орнынан тұра салып, телефонға жүгірді. Іздеген адамын шаршамай тапты.
– Сағынтай, сəлеметсің бе! Бала-шаға аман-есен бе?! Көптен көрінбей кеттің ғой, бауырым.
Дұр-рес... Мен сені қолдаймын. Мұсекеңе айтамын. Көнешно... Дұрыс болады. Иə, иə...
Маладес!.. Сəке, өтініш бар. Досың келіпті. Сыздықты айтамын. Ха-ха-ха! Иə, единственный,
неповторимый... Иə, иə... Досыңды бүгін үйінен алып шығып, қонақ жасау керек. Бұл
Мұсекеңнің абыройын сақтау үшін қажет шара. Қуатов түрмеден шығып келіп, бүлдіріп жаты,
бауырым. Сызыдққа ұқтыр, миына мықтап құй. Аяған Қуатов шизофрениямен ауырады. Ол
жынданған. Түсіндің бе? Солай. Рахмет! Дəл қазір. Ол үйінде отыр. Ертең уже кеш болады. Ал
жөнел! Рестораның мойнымда, бауырым...
Трубканы орнына қойған соң жымыңдап күліп, айнаға қарады. Сиреп, селдіреп қалған
шашының ағы көбейіп кеткен тəрізді. Соңғы уақытта көзінің алды көлкілдеп ісіп кететін болып
жүр. Бұл бекер емес сияқты, мынау көптен бер ізіне түскен аурудың белгісі. Қай күні шалып
жығарын бір құдай біледі. Маңдайындағы əжімдер тереңдей түсіпті. Бетінің терісі де тоза
бастаған тəрізді. Бір замандарда екі беті май жаққандай жылтырап тұрушы еді. “Сенің кожаң
жақсы, сондай нежный” дейтін көңілі жақын əйелдер. Ол дəурен көзінен бұлбұл ұшты. Күйкі


тірліктің уайымымен бас қатырып, болар болмасқа шаршап жүргенде уақыт шіркін мұны біраз
жерге алып кетіпті. Бұрылып соңына қарауға да мұршасы болмапты. Енді бір ұйықтап тұрса
кеудесі сырылдаған шалға айналады екен. Кеудесі сыр-сыр етіп, сүйегін сүйретіп, көзі жасаурап
жүрер.
– Да-а,– деді күрсініп. – Өмір деген зыр ете қалды.
Кəсіподақ ұйысмы төрағасының үйіне телефон соқты.
– Жаңа ғана Мұсекеңмен сөйлестім,– деді амандық-саулық сұрасқаннан кейін. – Ертең сағат он
бірде Алдияр Ақпанұлының денесін бас корпусқа алып келесіз. Қоштасу сол жерде болады.
– Студенттер сіздікі. Бүлдіріп жүрген солар.
– Олардікі ақымақгершілік. Алдияр Ақпанұлына түрмеден шыққан антилер емес, біз ие
болуымыз керек. Оның орны бөлек. Ол халықтың данасы.
– Осы сөзіңізді екі жыл бұрын айтқанда, бəлкім, Алдияр Ақпанұлы бізді осы жолы шаршатпас
па еді,– деп күлді кəсіподақ ұйымының төрағасы. Абдырап қалған Жақия:
– Адрестен қателестіңіз. Бұл Мұса Байларовичке айтылатын сөз,– деді. Оның сөзі кəсіподақ
басшысына ауыр тиді, солай бола тұра ол жеңілгенін мойындай салған жоқ.
– Сөзіңізді Мұсекеңе осы күйінде жеткізуге рұқсат етіңіз,– деді. Мұндайды күтпеген Жақияның
жаны шығып кете жаздады. Ежелгі əдетімен бұл жолы да сөз таластырмай жата кетті.
– Жеңілдім. Есеп 1:0,– деп қиналып күлді. – Мен Мұсекеңнің тапсырмасын айтайын деп
телефон соққан ем.
– Мұса Байларовичпен сөйлестім, білемін. Сау болыңыз!
Трубканы орнына қойып, ойланып тұрып қалды. Жаңағының сөзінен түсінгені – Мұса Байларов
барлық шаруаға өзі кірісіп жатқан сияқты. Сонда мұның үлесіне тиетіні қандай шаруа? Бұрын
да осылай болатын, Мұса тапсырманы беріп-беріп алып, өзі кірісіп кететін. Қандай қиын шаруа
болса да оп-оңай бітіп жататын. Мұсаның осы құдіретіне аса таңырқағанмен құпиясын біле
алмай-ақ қойды.
Бір жақсысы – соңынан шақырып алып, “айтқанды орындамадың” деп кінəлап, көзге
шұқымайды. Сол шаруаны Жақияға тапсырғанын ұмытып кеткендей сыңай танытады. Бірақ
оның ұмытпайтындығын, қарауындағылардың əр басқан адымын аңдып отыратындығын іші
сезеді. Мұсаның білмейтіні жеті қат жердің астында. Республикада болатын ірі өзгерістерді
күні бұрын біліп, соған орай əрекет жасап отырады. Кіммен байланысы бар, қолдаушысы кім?
Бұл Жақияға жұмбақ.
Ректорының жұмбағын шеше алмай шаршаған Жақияның кірпігі түннің бір уағында əрең
айқасты.


45
Кешкі апақ-сапақты сыртқа шығып кеткен Сыздық содан үшті-күйлі жоғалды. Студенттер
жабылып іздеп, таба алмай сабылып қайтты. Бостандыққа шыққан сабаздың ескі таныстарын
жолықтырып, ащы суға шөлін қандырып, ешкім білмейтін жерде қылжиып жатқанын Аяған
іштей бағамдады. Жетесіз ұлдың əкесін шығарардың алдында лəйліп кеткеніне соншалық қатты
күйінді. Əкесіне топырақ салуға келмей қала ма деп қауіптеніп, студенттерді əрі-бері жүгіртіп,
онысынан нəтиже шықпаған соң таңның атуын күткеннен басқа амалының қалмағанын
түсінген. “Əкесіне бір уыс топырақ салу үшін еңбектеп болса да жетер” деп өзін өзі жұбатқан.
Аяғанның көңілінде Сыздықтан басқа алаң жоқ еді. Алдияр Ақпанұлын жерлеуге байланысты
дайындық жұмыстары аяқталып, көңілі байыздаған. Сүйікті ұстазының денесін дұшпандарының
қолына бермегеніне қуанышты еді. Мұны өте үлкен жеңісінің санатына қосқан. Бұл жеңіс əрі
қарай жалғаса берердей болып көрінген. Студенттердің өзіне деген ниет-пейілін таныған соң
көңілі көтеріліп, ширыға түскен, сары ізіне шөп салып қорлаған дұшпандарымен күресуге белді
бекем буған. Бұдан басқа жолдың қалмағанын түсінген Аяған өзіне емес, кішкентай кезінен
жүрегінің құндағына бөлеген, Шындық атты ұлы күшке сенген. Көңілі сан рет қалып, атар
таңнан қарадай түңілгенмен саяқ жігіттің одан басқа сенері де сүйенері де жоқ еді. Жеңілістің
ащы дəмін татып, жаны күйзелген қиын сəтте ешкімге əл бермейтін ұлы күш əне-міне дегенше
келіп, құтқарып алардай болып көрінетін. Əділетсіздіктің тас түрмесінен сол ұлы күш алып
шықты деп ойлайтын жігіттің сенімі соңғы күндері күшейе түскен. Құдайдай табынып жүрген
Шындығының Байларов секілділердің бір сілкігеніне жарамай құлап қаларын ол білмейтін еді.
Шындық деген ұғымның уақытқа тəуелді екенін, өзі өмір сүрген заманның қабағына қарап,
сөзін сөйлейтіндігін Аяған толық ұғына алмаған. Оның сенген Шындығы ұйқының құшағында
маужырап жатқан...
Аяқ астынан жоғалып кеткен Сыздық ертеңгісін сағат тоғыздан өте бере қайтып оралды да,
Аяғанға жөнсіз соқтығып, шу шығарды. Түнімен ішкен сияқты, мастығы əлі тарқамапты.
– Менің əкемді қорлауға саған кім право берді а? Əкеңді танытып жіберейін бе а?! Вот шизик
а!.. Мен сенің билеп-төстеп, ойыңа келгенді істеуіңе жол бермеймін. Давайте вес шуруйте
отсюдева! – деп қой қайырғандай ысқырып, Аяғанның кеудесінен итеріп-итеріп жіберді. –
Валяй!
– Қой, Сыздық, аруақтан қорықсаңшы,– деді Аяған оны тыныштандырмақ болып. Сол сол-ақ
екен Сыздық тарғыл даусын барынша созып, айқайқа басты.
– Сволочи! Вы убили моего отца! Задушу всех! Ненавижу вас! Милиция!..
Бұдан арыға Аяғанның шыдамы жетпеді, ұмтылып барып, бар дауысымен бақырып, аттандап
тұрған Сыздықты шапалақпен салып жіберді. Түртіп қалса құлайын деп тəлтіректеп тұрған
əлжуаз бейшара мұрттай ұшты. Екі студент қолтықтап, көтеріп тұрғызған. Сыздық бақырып
келіп, ашудан қалшылдап тұрған Аяғанның жағасына жармаса кетті.
– Қой, Сыздық! – деді ол қатқыл дауыспен.
– Сволочь! Зараза!
Осы кезде үйге ақ халат киген бірнеше ер адам жəне екі милиционер сау етіп кіріп келді.
– Мынау менің əкемді өлтірген, мынау!.. – деп Сыздық қамсыз тұрған Аяғанды іштен теуіп
жіберді. Есе қайтармақ болып тұра ұмтылған жігітке ақ халат киген екі бірдей ер адам жабыла
кетті де, сүйрелеп сыртқа алып шықты.
– Жолдастар, біз бүгін сүйікті ұстазымызды соңғы сапарға шығарып саламыз. Түсініңіздер...
Мені қайда алып барасыздар? – деп шырылдаған Аяғанның əлгі екеу құлағына да қыстырмады.
– Бір сағаттан соң қайтып келесің.


Босанып кетпек болып бұлқынған Аяғанды ақ халат киген екі жігіт сүйреп апарып жедел
жəрдем машинасына кіргізді. Қаптап тұрған студенттер ес жиғанша машина жүріп кетті.
Тізесінен жан кетіп, басы былқ-сылқ еткен Сыздықты екі милиционер қолтықтап, өз
машиналарына апарып отырғызды.
Осы кезде үйдің іргесіне ақ волга келіп тоқтаған. Мұса Байларовты бəрі таныды.


46
Аяған ауланы аралап ұзақ жүрді. Жан-жағы биік дуал. Кірер есік бар, шығар есік жоқ. Бұл
жерден қашып кетудің ешқандай амалын таппай шаршады. Тағдырдың басқа салғанына
көнбеске амалының қалмағанын түсінді.
Түрмеден айырмашылығы – шатақ шығармай тəртіпті, тіл алғыш болып жүргендер көзі бозарып
қамауда жатпайды, жындыхананың тірлігіне қолқабыс жасап, ұсақ-түйек шаруамен
айналысады. Ал тəртіп бұзған “тентекке” аяушылық жасамайды.
Аяған жындыханаға түскен күні дəрігерлердің дегеніне көнбей тулап, мұндағыларға денінің сау
екенін дəлелдей алмай шаршаған. Олар түсіне қоймаған соң талағы тарс айырылып ашуланды,
дəрігерлер мен медициналық қызмттегі жігіттерді бар білер ащы сөздермен сықпыртты. Бəрінің
еті өліп кеткен бе, ешқайсысы шамданбады, аузы көпіріп сөйлеп тұрған жігітті мазақтағандай
мырс-мырс күліп, жайбарақат отыра берді. Өзінің артық кеткенін, айқайлаймын деп
қателескенін соңынан түсінген Аяған жағдайын айтып жалынған, дəрігерлердің бірде біреуінің
жүрегі жібімеді. Столды қоршап тасмүсіндер отырған сияқты, езулерінде жымысқы күлкі,
ештеңе естімейді, бəрі шетінен керең. Дəрігерлер шырылдап айтқан шын сөзіне селт етпеген
соң амалын тауып, қашып шығуға бел буған.
Жиналған дəрігерлер өзара күбірлесіп, бір шешімге келгеннен кейін кетуге ыңғайланған сəтте
ол ышқынып шығар есікке ұмтылды. Жармаса кеткен қопалдау келген ұзын сары жігітті бір
жұлқып лақтырып жіберіп, сыртқа шыққан күйі беті ауған жаққа тұра қашқан. Үш-төрт жігіт
тапырақтап соңына түскен. Қашып барып биік дуалға тірелген ол жандалбасалап, қалай қарай
маңдай түзерін білмей тыпырлап тұрғанда қуғыншылар қоршап алды.
Жақындамаңдар, жарып өлтіремін! – деп айбат шеккенмен олар шегінбеді. Екеуінің қолында
дубинка – таяғы бар екен. Айқайлап тұра ұмтылған Аяғанды екеуі қақ маңдайдан екі ұрып,
сұлатып салды да, сүйреп ала жөнелді. Есеңгіреп құлаған жігітте қауқар қала ма, қарсыласуға
шамасы келмеді. Оны сүйреп алып келген күйі етпетінен жатқызып, тыпыр еткізбей басып
тұрып, дəрі құйды. Бұдан арғысын білмейді, көзін ашқанда қап-қараңғы бөлмеде темір төсекте
таңулы жатыр екен.
Тілі аузына сыймай қаталаған ол бұлқынып босана алмаған, дауыстағанмен жанына ешкім
жоламады. Қараңғы бөлмеде жалғыз екенін біліп, тілін тістеді.
Таяқ басына қатты тиген тəрізді. Шөл қысып, басы шытынап, қай айырылып кете жаздап таң
атқанша азапқа түскенін ойласа аза бойы қаза болады. Екі дүниенің ортасында екі есті күйде
жатқан жігіттің аузына су тамызатын бір жанашыр табылмады.
Сағат тоғыздың шамасында маңдайынан таяқпен ұрып құлатқан жігіт тамақ алып келген.
Араларында ештеңе болмағандай ыржиып күлді, Аяғанның жаны қиналып, əрең шыдап
жатқанына мүлде көңіл бөлмеді. Екі қолын шешіп, ботқаны алдына қойды да:
– Тағы қашасың ба? – деп ырқ-ырқ күлді.
Аяған сыра түстес сары суды сіміріп жіберді. Бірақ шөлі қанбады. Бір стакан су көні кепкен
тақырға тамған тамшыдай ғана болды, егеуге айналып, тобарсыған тілі де жібімеді.
– Су-у..– деді Аяған оған жалбарына қарап. Жігіт мырс-мырс күлді.
– Норма. Артық су жоқ.
– Шөлдеп өліп барамын.
– Өлмейсің. Осы уақытқа дейін сендейлердің өлгенін көрсем көзім шықсын.
– Ағатай, тағы бір стакан су берші.
– Жаның қиналған сайын шыныға түсесің,– деп ырқылдап күлген дəу қара кетіп қалған.
Одан бері қаншама күн өтті. Қазір Аяған өткен күннің есебінен жаңылып қалатын болып жүр.


Біріне бірі ұқсас күндерді санағысы келмейді. Алғашқы əлетте жындыханадан көп ұзамай
шығатындығына сенімі бар еді. Жағдайын айтпақ болып соңына түскенмен бас дəрігер
маңайлатпай қойды. Ауру еместігін айта бастаса дəрігерлер сөзін бөлмей өте мұқият тыңдап
алады да, жылы-жылы сөйлеп көңілін жұбатады. Амалы құрыған соң ашуланады, айқайлайды.
Оларға керегі де осы, үш-төртеуі жабылып жығып, дəрі құяды. Содан не өлі емес, не тірі емес,
мең-зең болып жатады.
Кейінгі уақытта мүлде тыныш, ешкімге жалынып жағдай айтпайды, жападан-жалғыз отырып
алып ой түкпірін ақтарады. Ойша өмір сүруге де үйренді. Кей күні бала-шағасын есіне алып,
ешкімнің көзіне түспей егіліп жылайды. Кейде ойша балаларымен қауышып, сырласып жетісіп
қалады.
Сыртқы дүниемен байланыс мүлде жоқ. Ешкім іздеп келмейді, қалада екі туып бір қалған
дейтіндей жанашыр жақыны жоқ. Іздеп келіп қалар студенттерді күтіп еді, олар хабарсыз
жатыр. Аяғанды қайда алып кеткенін олар қайдан білсін. Сол күнгі болған жағдай есіне түссе
ызадан жарылып кете жаздайды. Қарсыластары пысықтық жасап, алдын кесіп өтіп, ойларына
келгенді істеді. Сыздықтың екі кештің арасында аяқ астынан жоғалып кетіп, ертесіне мас болып
келіп, мұның жағасына жармасуы, аузына түскен сөзді айтып лағнаттауы, артынша жедел
жəрдемнің келе қалуына қарағанда бұның əдейі ұйымдастырылған шаруа екенін іші сезеді. Бір
күн бұрын кешкілік Жақияның келуі бекер емес. Оның жай жүрмегенін сонда-ақ түсінуі керек
еді. Қырық жасқа келіп, біраз өмір көрдім дейтін Аяған тəжірибесіздігіне осы жолы көзі анық
жетті. Оларды қара күшке салып алысып жеңе алмасын іштей мойындады. Заманның əдіс-
айласын əбден меңгерген Жақия секілділер оңайшылықпен алдырмайды екен. Оларды жеңетін
жан тумаған да шығар. Мұса Байларов бастаған топтың күшті болатыны – уақыт соларға қызмет
істейді екен. Аяған осыны ұқты.
Ол жеңілгенін мойындай тұра мойымады. Өзіне, өзі сияқтыларға қызмет ететін уақыттың
күндердің күнінде келетіндігін түйсігі арқылы сезді. Қашан болсын сол бір атты күн ойламаған
жерден сап ете түсердей үнемі елегізіп жүреді. Кейде үміті үзілгендей аяқ астынан өзгереді,
қараптан қарап отырып ашуланады. Мұндай сəтте өзін төңіректейтін ауруларды мүлде
жақтырмайды, айқайды салып, қуып жібереді. Ол бейшаралар əбден запыс болып қалған сияқты,
Аяғанның даусы шыққан сəтте қалшылдап тұра қашады. Ұзап барып түнеріп отырған жігітке
мөлиіп қарап тұрады. Аяған ашуы басылып, өзіне өзі келгенде ұзап кете алмай тұрған
бейшараларды керемет аяйды.
Жындыханаға түскелі бері оны мұндағылардың біразы төңіректеді. Қанша жерден есі ауысқан
дегенмен өздерін қорғай алатын адамды олар да таныйды екен. Мұның кім екенін білмей жатып
“қорқытып” алмақ болып, жағасына жармасқан үш тентекті оп-оңай “жуасытты”. Содан бері
олар Аяғанға жуымай, қашып жүреді. Күштілерден теперіш көрген əлсіздердің барлығы үнемі
Аяғанның соңынан қалмайды. “Тентектер” жақындай алмай, алыста тұрып жұдырық көрсетеді.
Жындыхана тұрақты мекеніне айналған, үнемі жетектесіп жүретін ек кемпір таңертеңнен
кешке дейін Аяғаннан екі елі қалмайды. Екеуінде үн жоқ, аяқтарын тырпылдатып, салпаңдап
ереді де жүреді. Жастары сексенге тақап қалған екі кемпірді аяғандықтан дауыс көтеріп, зəре-
құтын қашырмайды. Өздерінің мінез-құлқы да қызық. Кейде жұртан жасырынып, нан жеп
отырады. Анау күні Аяған аяқ астынан жоғалып кеткен екеуін іздеп, тығылып нан жеп отырған
жерде үстінен түскен. Екі бейшараның зəрелері ұшып, аузындағы нанды жұта алмай
тыпырлады. Қазақ кемпір орнынан тұра салып бір жапырақ нанды Аяғанға ұсынды.
– Же... Жеп ал. Қарның ашады.
Аяған күлген. Екі кемпір мұның бұл қылығына түсінбеді. Жақсы көріп, сыйлап жүретін жігіттің
нанды алмағанына кəп-кəдімгідей ренжіп қалған. Осыдан кейін олар жоламай кететін шығар
деп ойлаған. Психикалық ауруға шалдыққан адамдар ештеңені есте сақтай алмайтын болу


керек, артынша-ақ екеуі ежелгі əдетімен жетектескен күйі Аяғанға ілескен.
Екі кемпірдің соңынан сүмеңдеп қалмайтын еңкіш тартқан бəкене, бүкір шал бір заманда үлкен
қызмет істеген деп естіді. Оның қазіргі түрі адам күлерлік, қашан болсын мойнынан сірне-сірне
болып түсі оңып кеткен галстугын тастамайды. Онысын кейде жалаңаш мойнына байлап алады.
Шамасына қарамай кемпірлерге қырындайтын əдеті бар екен, оның осы қылығын алғаш білген
күні Аяған күлкіге қарық болған. Қартайған шағында ұрғашы көрсе ұрынып жүретіндігіне
қарағанда, жас кезінде көзі түскенді құр жібермейтін жұпаркіндік болған тəрізді.
Екі кемпір одан қорқа ма, жоқ əлде басқа бір себебі бар ма, үнемі жетектесіп қашып жүреді.
Бүкір шал ауқасы салбыраған бұқа сияқты, қашқан кемпірлерді қуалап, бүкшеңдеп бара жатады.
Аурулардың барлығына бүйідей тиетін бір əпербақан бар, одан барлығы қорқады. Қайда
жүретінін Аяған білмейді, оны сирек көреді. Кейде аяқ астынан сап ете қалады да, емін-еркін
қыдырып, беймарал жүрген аурулардың апшысын қуырып, берекесін алып жібереді. Мұндағы
жұрт одан емес, əлгінің қолындағы Сталиннің үлкейтілген суретінен қорқатын сияқты. Əсіресе
екі кемпірдің зəре-құты қалмайды. “Күн көсемнің” қарасы көрінгенде жалп-жалп құлап,
еріндері жыбырлап, сөйлеп жатады. Бүкіш шал да екеуіне қосылып, қолын жайып, күбірлеп
отырады. “Мен Напалеон Бонапартпын” деп кеуде қағып жүретін əпербақан Сталиннің заманын
қайта орнатқандай екі езуі екі құлағына жетіп, талтаңдап кетіп бара жатады.
Анау күні Аяған бір сұмдықты көріп, қатты шошыды... Аппақ қудай шашын жайып жіберген,
үсті-басы өрім-өрім, кісі қарайтын сықпыты жоқ кемпір шеткі бөлмеден таяққа сүйеніп шықты
да аумағы ат шаптырым ауланың бір бұрышында томпайып жатқан қос төмпешікке қарай
беттеген. Екі көзі қып-қызыл екен.
“Бұл не істер екен” деп бақылап отырды. Кемпір қос төмпешіктің қасына келген соң аңырап қоя
берді. Бейшараның дауысы соншалық ащы болар ма. Аяғанның жүйкесі шымырлап, кеудесін
өксік құлдаған.
Оның зарынан ұққаны – қос төмпешіктің бірінің астында отыз сегізінші жылы атылып кеткен
күйеуі, екіншісінде түрмеде дүниеге келіп, бір жетіден кейін шетінеп кеткен нəрестесі жатыр
екен.
Кемпір зарлап отырып жоқтауын айтып тауысқан соң құран оқыды. Сонан кейін темекісін
бұрқыратты.
Екі кемпір тым-тырыс тынған. Екеуі де темекісін бұрқыратып отырған кемпірден көз алмайды.
Екеуі одан қаймығатын сыңайлы. Əрқайсысы өз бетінше сыбырлап сөйлеп отыр. Олардың
сөзінен Аяғанның түсінгені – кемпірдің аты Рахия екен.
Кейін білді, Рахия есімді кемпір “күйеуім мен балам осы төмпешіктердің астында жатыр” деп
алданатын көрінеді. Анда-санда тұлыпқа мөңіреген сиыр сияқты қос төмпешіктің жанында
тұрып, жоқтау айтып, ішін бір босатып алады екен.
Соңынан қалмайтын екі кемпір өздерінің төрт құбыласы түгелдей Рахияны мүсіркеп аяйды.
– Құрысын,– адамның басына бермесін,– дейді неміс кемпір күрсініп.
– Обал-ай! Сорлы-ай! – дейді қазақ кемпір иегі кемсеңдеп. Екеуі де жылаған болады, бірақ
көздерінен жас шықпайды. Екеуі де қызық, шүңкілдесіп сөйлесіп отырады, сөздері анық емес,
олардың не айтып отыратынын Аяған түсіне алмай-ақ қойды. Құлақтары ауырлап қалған кəрі
кісілер сыбырласып отырып бірін-бірі қалай түсінеді екен деп таңырқап жүретін. Кейін білді,
олар бірін бірі мүлде тыңдамайды екен. Сырт көзге бірін-бірі мұқият тыңдап, жақсы
түсінгендей болып көрінеді.
Ал бүкіш шалдың екі көзі кемпірлерде. Тышқан аңдыған мысық секілді екеуінің қалт еткен
қимылын бағып, жалмаңдап отырады. Кейде бір кемпірлердің қолынан ұстап, кемсеңдейтін
əдеті бар. Оның осы қылығына Аяған мүлде түсіне алмайды.
Жындыхананы сыртынан көргені болмаса ішіне кірмеген еді. Биік дуалдың ішінде есі ауысқан,


ешкімге керексіз болып қалған пенделер жүретін секілденетін. Бұл жерде де өмір бар екен.
Қайнап жатқан қоғамнан бөлініп қалған мекеменің тірлігі мүлде басқа екен. Қолына дубинка-
таяқ ұстаған медағалар жындыхананың сырттағы өмірге, Кеңес қоғамына ешқандай қатысы
жоқтығын ауруларға əр сəт сайын дəлелдеп, ұнамағандарына күш көрсетіп жатады. Адамды аяу
дегенді əлдеқашан ұмытқан медағалардан түртіп жіберсе құлап түсетін, сүйегін сүйретіп əрең
жүрген кəрі-құртаң түгіл Аяғанның жүрегі запыс болып қалған. Жындыханаға түскелі түсінгені
– ақылдан қауқар қашып, қара күш үстем болған жағдайда адам арзандайды екен. Осы
шындықты мойындағысы келмей, “мінез” көрсетіп, өзінің тірі пенде екенін танытпақ
болғандарды медағалардың аямайтындығын Аяған сан рет көрді. Жындыға да жан керек.
Зығырданы қайнап, кеудесіне ашу тығылғанмен өзін-өзі ұстайды, қолы дүниенің тұтқасына
ілінгендей алшаң басып келе жатқан медағаларға тура қарай алмай жанарымен жер шұқып,
мөлиіп тұрады. Олар ұзап кеткеннен кейін хан сыртынан жұдырық көрсетіп, айбат шегеді
бейшаралар.
Жетектесіп қыр соңынан қарға адым қалмайтын екі кемпірдің өзін неге төңіректейтінін
түсінгелі бері оларды қанатының астына алып, қамқор болып жүр. Анда-санда екеуін детектетіп
қуып, маза бермейтін бүкіш шалға айбат көрсетіп, ұрысқан болады. Оның түрі мұндай сəтте
өзгеріп кетеді. Жетім бала сияқты шел басқан көздері жыпылықтап, жылайтын кісідей иегі
кемсеңдеп, мөлиіп тұрады.
– Мен оларды жақсы көремін,– дейді жыламсырап. Күлкі қысқан Аяған теріс айналып кетеді де:
– Екеуін де жақсы көресіз бе? – деп сұрайды.
– Қайсысы көнсе сонысын жақсы көремін,– дейді шал Аяғаннан бір көмек болардай еміне түсіп.
– Екеуі де көнсе ше?
– Екеуі де көнсе... Екеуі де... Онда екеуімен кезек-кезек жүремін,– дейді қуаныштан жүрегі
жарылардай болып.
– Олар сізді ұнатпайды. Басқа біреуді тауып алған-ау, сірə,– дейді жігіт. Шал кемсеңдеп жылап,
теріс бұрылады да, бүкшеңдеп кетіп бара жатады.
Жындыханада түрмедегідей қыспақ жоқ, басқалардың мазасын алмасаң сенде ешкімнің
шаруасы болмайды, дəрігерлердің айтқанын орында, белгіленген емді қабылда да еркін жүре
бер. Ал қылдан тайып, қыңырлық көрсеткендер жазатын тартып жатады. Əлдекімдердің өкірген,
шыңғырған дауыстарын Аяған жиі естиді. Алғаш төбе шашы тік тұрып, жаны шырқыра кетуші
еді, жүре келе бойы үйренді.
Кеше оны басқа бөлмеге ауыстырған. Жанына екі ауруды əкеліп қосақтады. Бірі Сталиннің
суретін көтеріп жүретін сыриған көсе шал, екіншісі сүмеңдеп кемпірлердің соңынан қалмайтын
бүкіш. Көсе шалдың ең қастерлі мүлкі – Сталиннің суреттері екен, біреуін төсегінің тұсына
іліп, екіншісін тумбаның үстіне қойды.
– Біз жаңа қонысқа көшіп келдік, Иосиф,– деді дауысы дірілдеп. Сонан соң əскери адамдарша
қолын шекесіне апарып, Аяғанға құрмет көрсетті. – Алдыңда тұрған генерал Малинин. То есть
Напалеон Бонапарт.
– Өте жақсы! – деген Аяған қолын ұсынып. Бірақ Напалеон болып алған көсе шал кесірленіп
оның қолын алмады.
– Мен Напалеон Бонапарт... Мен император... Ал сен...
Жігітті кемсіткендей ерінін шығарып, мырс-мырс күлді де, тумбочканың үстіндегі Сталиннің
суретін көтеріп, əскери жүріспен бөлмеден шығып кетті.
– Бұл кім? – деп сұрады Аяған қоянның көжегі секілді бүрісіп отырған бүкіш шалдан.
– Т-с-с,– деді ол көзі бағжаңдап, жан-жағына жалтаң-жалтаң қарады. Ешкімнің жоқтығына көзі
əбден жеткеннен кейін сыбырлай сөйледі. – Бұрын НКВД да істеген. Түрменің бастығы болған.
Ал қазір император... Напалеон Бонапарт.


– Сіз кім болып істедіңіз?
– Мен бе? Е-һ-е,– деді бүкіш шал көңілденіп. – Біз деген социализмді мына қолмен құрғамыз.
Сен білмейсің менің кім екенімді. Білмейсің!
– Білсем сұрап нем бар.
– Білмейсің, – деп бүкіш шал екі қолын артына ұстап, бөлмені кезіп кетті. Анда-санда
“білмейсіңін” қайталап қояды. Бір кезде бөлменің қақ ортасына келіп, қалт тоқтады да,
бағжаңдап Аяғанға қарады. – Біз қай жерге келіп едік?
– Кешегі жерге...
– А-а... Кешегі жер? Ол қай жер?
– 1937 жылы он адамды ұстатып жібердім дегенсіз.
– Жала! – деп шырылдады шал. – Менің жауларымның ойлап тауып жүргені. Менде жау көп.
– Он болмағанмен де үш-төрт адамды атқызған шығарсыз,– деді Аяған оған тесіле қарап. Бүкіш
шал оған шошына жалт қарады да, көзін алып қашты. – Мен білемін. Жасырмай-ақ қойыңыз.
– С-с-а-а-ғ-а-н кім айтты?
– Құжатты өз көзіммен көрдім.
– Қ-қ-а-ш-а-н?
– Жақында. Ол құжаттар газеттерге басылады екен,– деді Аяған қасақана. Бүкіш шалдың үні
өшті. Екі қолы дірілдеп, жылайтын адамдай игі кемсеңдеп, басы қалтаңдады. Сосын өзінің
қылмысын білетін жігіттің жанында отыра алмай қисалаңдап далаға қашты.
Осы жағдайдан кейін-ақ бүкіш шалдан маза кетті. Түні бойы күбірлеп сөйлеп, кемсеңдеп
жылап, көзі ілінбей қояды.
– Өтірік айтамын. Ондай құжат жоқ. Газетке де шықпайды. Тыныш жатып ұйықта,– деген
Аяғанның сөзіне мүлде сендей қойды.
– Ол документ газеттерге басылса маған не істейді а? – деп түннің бір уағында Аяғанды оятты. –
Соттап, Қолымаға айдай ма?
– Жоқ, соттамайды. Пенсияңызға ақша қосып береді,– деді ұйқысырап жатқан Аяған.
– Неге? Не үшін?
– Еңбегіңіз үшін. Социализмді қолыңызбен құрып, ны халық жауларынан тазартқаныңыз үшін...
– Рас айтасың. Социализм үшін біз аянғанымыз жоқ,– деді шал көңілденіп. – Қанша қосады екен
а?
– Халық жауының əрбіреуі үшін он процент.
– Оһ-һо! – деді шал төсегіне қарай кетіп бара жатып. Аяған басын бүркеніп алды. Мынаның
талайдың басын жалмаған қандықол екеніне көзі анық жетті. Ұйқысы шайдай ашылып кетті.
Есіне Жақия, Мұсалар түсіп, қаны қызып, кеудесіне алу тығылды.
“Өмірде жаман адамдар өте аз” деп ойлайтын. Олардың аз еместігіне соңғы бір жылдың ішінде
көзі анық жетті. “Басына іс түскен екен азаматтың. Қол ұшын беріп, көмектесіп жіберейін”
деген дұрыс адамды да көрді. Қаншама жерге арыз жазды, қаншама адамның алдына барып
кішірейді, бірақ көмек қолын созған ешкім жоқ. Бір жақсы адамды түрмеде жатқанда кезіктірді.
Сол Міртемір сияқты азаматтар көп болса жаманшылық күшейіп кетпес еді. Кім білсін, жақсы
адамдар аз емес шығар. Кісінің жақсы, жаманын білу үшін оның өткен өмірін зерттеу керек
шығар. Қылмысқа белшесінен батқан пенде ішінде ит өліп жатса да жымиып күліп, жылмиып
жүре береді. Сен оны өзіне деген ниетіне, көзқарасына байланысты жақсы иə жаман
адамдардың тобына жатқызасың. Пенде баласын танып, білу қашан оңай болыпты?! Мынау
жатқан бүкіш шалды мүсіркеп, аяп жүрген. Алданыпты. Бұл нағыздың өзі екен. Қолы қан екен
мұның.
Аяған күрсінді. Бүкіш шал күбір-күбір етіп, алып жүрген пенсиясына ойындағы ақшасын қосып,
есебі дұрыс шықпай, əлдекімді боқтап отыр. Таң атар атпастан тұрып, жұрттың мазасын алатын


Напалеон бүгін де əдетінен жаңылмай:
– Тұрыңдар! – деп айқайды салды. Күбірлеп жатқан бүкіш шал лəм деместен орнынан тұрып,
асығыс киіне бастады. Аяған сағатына қарады, бестен он-ақ минут өтіпті.
–Тұр ей! – деп айқайлады Напалеон көзі ашық жатқан Аяғанға зілдене қарап. Бірақ ол қозғала
қоймады.
“Осының да өткен өмірі былық шығар. Қанша адамның қаны бар екен мойнында? Кім білсін,
бəлкім, Ілияс, Сəкен, Бейімбеттерді атқан қандықол құныкер осы шығар” деп ойлады жігіт.
– Напалеон, сен ақырын жүгірші,– деп өтінді бүкіш шал.
– Тұр ей! – деп тағы да айқайлады Напалеон. Аяған тұра қоймаған соң тепсініп, жанына жетіп
келді де, зіркілдей сөйледі. – Ұлы көсемнің алында сен неге тік тұрмайсың, оңбаған?
– Мазамды алмаңызшы,– деді жігіт жалынғандай болып. Оны тыңдағысы келіп тұрған Напалеон
жоқ. Сталиннің суретін жоғарылатып көтеріп-көтеріп қояды. Аяғанның көңілін күпті
қытықтады. Енді ұйықтай алмайтынын білгеннен кейін “осылар не істер екен” деген оймен
орнынан тұрып киінді.
– Қайда барамыз?
– Жүгіреміз, жаттығамыз. Біз əрқашан күшті болуға тиіспіз.
Сыртқа шыққаннан кейін Напалеон аумағы үлкен ауланы айналып, бүлкілдеп желіп жөнелді.
Бүкіш шал қисалаңдап оның соңына ілесті. Аяған екеуінің мына қылығын қызық көріп, күліп
тұрған. Біраз ұзап барып Напалеон соңына бұрылды, қалып қойған жігітті көріп, ашулана
айқайлады.
– Неге тұрсың, оңбаған! Жүгір!
Аяған екеуінің соңынан тұра жүгірді. Сол екпінмен екеуін қуып жетіп, алдыға түскен, Напалеон
шоқ басып алғандай баж ете қалды.
– Көсемнің алдына неге түсесің, оңбаған!
Көсе шалдың сөзі жігіттің шамына тиді. Тиісерге қара таппай іштей ширығып, шамырқанып
жүрген Аяған шарт сынды. Шалдың қолындағы Сталиннің суретін жұлып алды да, құлаштап
тұрып лақтырып жіберді. Екі шалдың баж еткен дауысы қатар шықты. Қабағы түнеріп,
қарсыласқан пендені шайнап тастардай болып түтігіп тұрған ашулы жігіттен қорқып қалған
екеуі лəм деместен суретке жарыса жүгірді.
“Бұларды қорқытып қоймаса басқа шығып кетер, сірə” деп ойлады Аяған, суретті көтеріп,
қайтып келе жатқан екеуіне зілдене қарап.
– Кешірім сұра,– деп тепсінді Напалеон.
– Сұра, сұрай сал,– деп бүкіш шал араға түсті.
– Кімнен?
– Көсемнен...
– Иосиф Виссарионұлы қандықол құныкер.
– Т-и-и-ш-е! Төңіректің бəрі құлақ,– деді зəресі ұшқан бүкір шал екі көзі бағжаңдап. Аяған
оларды мазақтағандай мырс-мырс күлді де, шұғыл бұрылып, кетіп қалды.
Осы оқиғадан кейін Напалеонның беті қайтып қалған ба, таң атпая оятып, мазасын алмайды. Ол
тек бүкіш шалға мəтіби. Қашане көрсең сол бейшараны қисалаңдатып қуалап жүреді, ол
жүгіруге жарамаса мұрнын тескен тайлақтай сүмеңдетіп ертіп алады.
Сталин жолдастың жаулары социализмнің жаулары,– деп даурыққан Напалеонға таяқ ұстаған
медағалар ауыз ашпайды. Қолдарын айқастырып, мырс-мырс күліп, тəлтиіп тұрады. Аяғанның
бір таң қалғаны – биік мансапта отырғандар момын, тіл алғыш орындаушыларды қолдап,
қолпаштап қолтықтарынан демейтін, мұндағыларға да сондай үндеместер ұнайды екен.
Олардың ұғымынша санасына ақылдың сəулесі түспейтін адам өліп қалмау үшін ғана тырбанып
жүрген екі аяқ, екі қолы бар пенде екен. Өз дегенімен өмір сүруге қақысы жоқ құлағы кесік құл


екен. Құл... Құл... Құл... Құлағы кесік құл қай заманға да, қай елге де артықтық етпеген.
“Құлы көп мемлекет күшті мемлекет. Диктаторға азырақ адам, көбірек құл керек. Сталиннің
заманында бəріміз құлағы кесік құлға айналып кеткенбіз, шырағым” дейтін Алдияр Ақпанұлы.
Жындыхана Сталин билеген қатыгез заманның кішкентай моделі сияқты əсер қалдыратынын
Аяған соңғы кездері ғана біліп жүр. Ол адамы арзандап, пəруай пендеге айналған, қара күш –
қиянаттың айдарынан жел ескен болмысы бөтен ортаға келгелі бері кешегі заманға шегініп
кеткендей əсерге бөленді. Алғашқы күндері мұндағының бəрі тосын, жат болып көрінген. Көзі
үйренгеннен кейін таңырқауды қойды. Адамның еркі өз ортасының жазылмаған қағидаларына
тəуелді екен. Қаншама қашқақтап, шеттеп, бөлектенгенмен бұл ортадан тыс өмір сүре
алмайтындығына Аяғанның ақылы жетті. Мəжбүрлік деген ешкіммен есептеспейтін сұрапыл
күш оны өз дегеніне иіп əкеліп көндірді. Ол қазір жетектесіп жүретін екі кемпірмен, қолдарын
қанға малып алған бүкіш шалмен өзін аса жек көретін Напалеонмен де əмпей. Араларында жер
мен көктей айырмашылық бола тұра, өзін мыналардың санасына кіріп-шықпайтын мəселелер
толғандырғанмен реті келгенде əңгімелеседі, ортақ тіл табысуға тырысады. Ақылым артып тұр
дегенмен адам өзінің екі аяқ, екі қолы бар пенде екенін басына осындай қиындық түскенде
амалсыз мойындайтын көрінеді.
Жалғыздық тірі пендеге емес, құдайға ғана жарасады екен. Адам баласының жалғыздықты жеңе
алмайтындығына көзі түрмеде жатқанда жеткен Аяған өмір сүру үшін санасы семген
жандардың тобына ықтиярсыз қосылды.
“Сынықтан басқаның бəрі жұғады” деген сөз рас болу керек. Осы күні оған шүңкілдесіп
отыратын екі кемпірдің тірлігі, олардың соңынан сүмеңдеп қалмайтын бүкіш шалдың езуге
күлкі ұялатар ісі, жарымжан жандарды Сталинмен қорқытып, даурығып лаң басып жүретін
Напалеонның əпербақан əрекеті ерсі көрінбейді. Анда-санда таяғына сүйеніп, сүйретіліп сыртқа
шығатын, қос төмпешіктің жанында аңырап зарлап, жоқтау айтып тұратын Рахияның ісі, кең
ауланың бұрыш-бұрышында күбірлеп сөйлеп, қарқылдап күліп немесе егіліп жылап отыратын
пенделердің өміріне Аяғанның көңілі де, көзі де үйренді.
Бұл да өмір. Бұл өмірдің өз қуанышы, адамның жүрегін жылатар күлкісі, қабырға қайыстырар
қайғысы болады екен. Аяған сол қуаныш, сол қайғыдан өзінің тыс қала алмайтындығын түсінді.
Қашан мынау қарғыс атқан қапастан құтылып шыққанша жағдайға бағынбасқа амалы жоқ екен.
Қалай құтылып шығады? Құлқын сəріден жар құлағы жастыққа тигенше осы сұраққа жауап
іздеп жүңкейлейді. Алды да, арты да тұйық. Кең дүниеге алып шығар жол атаулы жабық.
“Дертім жоқ. Жаланың құрбанымын. Мені босат” деген жалынышты сөзін емдеуші дəрігер жүре
тыңдайды. Тақымдап қоймаса алдап құтылады.
Бас дəрігермен сөйлесіп көрейін,– дегелі қанша уақыт өтті. Дəрігердің сылтауы көбейіп барады.
Тіпті ол шамасы келсе мұның көзіне түспеуге тырысып, қашып жүретін ауру тапты. Аяғанның
тағдырын медағаларға тапсырып қойған тəрізді. Ал сөз түсінбейтін медағалармен тіл табысу
қиын шаруа. Жындыханаға əдейі сондайларды таңдап ала ма, бəрі шетінен дөрекі, келесау.
Аяғанның түсінгені – жындыханаға түскен адам оңайшылықпен шыға алмайды екен. Іздеушісі
жоқ жанға көзқарас та басқа. Басқа ауруларға анда-санда ағайын-туыстары келіп, бір бұрышта
шүйіркелсіп отырады. Осындай сəтте Аяғанның мұңға күпті жүрегі қан жылап, жанын қоярға
жер таппай тыпырлайды. Бір ретте дəл осындай жағдайда емдеуші дəрігеріне барған. Басынан
кешкен тарихты тəптіштеп түсіндіріп жатуға уақыт тар болғандықтан төтесінен тартқан.
– Бала-шағам қаңғырып қалды. Мені босат. Босатпасаң алысып өлемін. Дəрігердің кінəсінен
өлдім деп хат жазып кетемін,– деген. Оның мұнысын емдеуші дəрігер жындының сөзі деп ұқты.
Осыдан кейін Аяғанға деген көзқарасы күрт өзгерді. Медағалар қыдыңдап қыр соңынан
қалмайтын əдет тапқан. Дəрігердің тапсырмасы ма, жоқ əлде, біреулер айдап сала ма, қымс етсе
ұрады. Біреуінің күші жетпесе жабылып сабайды. Тірі адам кеудесінен шыбын жаны пыр етіп


ұшып шығып кеткенше бəріне көнеді екен.
Басынан сөз асырмайтын Аяған үндемеуге үйренді. Оның бір ғана мақсаты бар. Қайткенде де
амалын тауып, қарғыс атқан жындыханадан шығуы керек. Анасы түсіне кіріп, наркүмəн
ойлардың жетегіне ілесіп, адасып қалып жүр. Ол кісі не күйде екен? Əкесі де сүйретіліп əрең
жүрген. Қашан болсын сол екеуі бір сұмдыққа ұрынып қалғандай жүрегі суылдайды. Ата-
анасын ойласа кірпігі ілінбей азапқа түседі, соңғы уақытта шырт ұйқыдан шошып оянатын ауру
жабысты.
Шиеттей үш баласын ойлап, жүрегі қан жылап, тыпырлап тыныш отыра алмайтыны жəне бар.
Олар не қалде? Екі көзі төрт болып, қара жолға қарай-қарай үміттері үзілген шығар. Елжастың
періште жүрегі осындай бір сұмдықтың боларын алдын-ала сезген секілді. Адам баласында
болашақта болуы мђмкін жағдайды күні бұрын сезетін таңғажайып түйсіктің барына Аяған
күмəн келтірмейді. Өзімен құралыптас бір жазушы жігіттің жаманшылықты алдын-ала сезетінін
талай рет байқады. Бірде ол:
– Жаман түс көрдім. Айтуға ауыз бармайды,– деген.
– Неге байланысты? – деп Аяған тақымдап сұрап қоймаған. Оның көңілін қимаған жазушы жігіт
қайта-қайта күрсініп отырып түсін айтып берген. Жазушының түсінің айна қатесіз дəл
келетіндігіне мүлде сенбеген. Арада екі-ақ сағат өткен соң Аяған əйгілі ақынның қаза тапқанын
естіп, жағасын ұстаған.
Мен өзімнің қанша, қай күні өлетінімді білемін ғой сорлағанда,– дейтін ол күңіреніп. Өмірі
үзілетін уақытты білетін адамның əрбір күні уайыммен өтетін шығар, сірə. Тірі пендеге не
сыйлары жұмбақ белгісіздік жақсы. Адам үміттенеді, алданады, алға – жақсылыққа ұмтылады.
Өмір деген осы. Кісі баласы шыр етіп жарық дүниеге келгеннен кейін құдай мұңдайына жазған
қуаныш-қызығын, азабын көргені мақұл ғой. Осында жүрген, санасына ақылдың сəулесі
түспейтін бейшаралар өздерінше бақытты. Олардың өздеріне тиесілі қызық-қуанышы, уайым-
мұңы бар.
Аяғанның есіне осыдан бір жеті бұрынғы оқиға түсті...
Түс кезінде есік алдындағы орындықта күнге қақталып, ой түкпірін ақтарып отырған.
Жетектескен екі кемпір əдеттегідей жанын жайғасты, оларды қуалап, өзін дүниедегі ең білімді,
ең ақылды адаммын деп есептейтін бүкіш шал келді.
– Отыруға болмайды! – деген Аяған оған сес көрсетіп. Екпіндеп келген шал көзі жасаурап, оған
жасқана қарап, лəм-мимсіз состиып тұрып қалды. Осы кезде Сталиннің үлкейтілген суретін
көтерген Напалеон сап ете түсті. “Күн көсемнің” бейнесін көргенде екі кемпірде зəре қалмады,
үйренген əдеттеріне бағып, жалп-жалп құлап, мұртты əулиеге тағзым еткен.
– Намаздың уақыты болып қалды ма, қыздар? – деген не істерін білмей абыржып тұрған бүкіш
шал.
– Саған бəрібір емес пе, Саламон. Тізерлеп отыра қал да сайрай бер. Ə-ə, сен сорлы христиан
екенсің ғой.
– Біз о дүниенің есігінің алдында тұрмыз. Сондықтан барлық құдайға құлшылық етуіміз керек,
Напалеон,– деді бүкіш шал біреу естіп қоя ма дегендей жан-жағына жалтақтап. – Бірі болмаса
біреуінің рахымы түсуі мүмкін ғой.
– Ах-ха, солай де... Сен баяғыда бəріне бірдей құлшылық еттің. Бəріне, бəріне,– деп Напалеон
еліре айқай салды. – Сталин жолдасқа да, Хрущев тазға да, Брежнев қыртқа да... Сол себепті
сенің кеудеңде сылдырлақ көп. Сен оларды, олар сені алдады, едремайт. Ең соңында
ешқайсысың ұтылған жоқсың. Ұпайларың түгел. Едремайт, оңбаған!
– Маған айқайлауға болмайды.
– Ах-ха, солай ма. Неге?
– Жүрегім ауырады. Ұйықтай алмаймын.


– Ха-ха-ха! – деп қарқылдап күлді Напалеон. – Саламон, қатып ұйықтайтын уақытың жақындап
қалды. Өз қолыммен апарып көмемін. Алдымен алтын тістеріңді қағып аламын.
Бүкіш шал иегі кемсеңдеп, екі көзі жасаурап, қолы қалтырай бастады.
– М-м-е-нің өлгім келмейді,– деді Саламон жыламсырап.
– Сіздің лимитіңіз таусылды деп жүр ғой дəрігерлер,– деді Аяған əдейі жүйкесіне тию үшін.
– Əне, естіңіз бе, педераз! Шаруаң бітті,– деді Напалеон əрі-бері көйкеңдеп жүріп.
– Н-а-а-п-а-леон, досым менің! Саған жақсы қарап едім ғой баяғыда.
– Но-но! Мен сатылмаймын. Сен педик беті жылтыр қатындардан басқаларға қарамайтынсың.
– И-и-и... Қара машинасы бар еді,– деді манадан бері жер шұқылап, ойланып отырған неміс
кемпір. – Қыз-келіншектердің барлығы бұдан қорқатын.
– Сендер мені жек көресіңдер,– деді қоянның көжегіндей бүрісіп отырған шал. Екі кемпір оның
мүсəпір қалге түскеніне масайрап, бір-біріне қарап, сөйлеп, мəз болып отыр.
– Əй! – деді еліріп алған Напалеон шаңқ етіп. Бүкіш шал шошып қалды, қорбаңдап жатып
орнынан əрең тұрды. Жүгіретін адамдай екі қолын кеудесіне алып, дайындала қойды. – Сен
құрыдың! Үсіп өлетін болдың. – Оны қолтықтап оңаша алып шықты да, құлағына сыбырлады. –
Мына кемпірлер пальтоңды, етігіңді, бас киіміңді мусор жəшігіне тастап, өртеп жіберіпті.
– Н-е-г-е?
– Сенің киіміңнен спидтің вирусі табылыпты.
– С-с-пид дейді?!
– Дəл сол ит,– деп ырқ-ырқ күлген Напалеон мəз болып. – Енді сені тексереді. Денеңнен спид
тапса бензин құйып, өртеп жібереді. Ал мен... Мен рахатқа батып, қол шапалақтап, саған қарап
тұрамын.
– А-а-а... Жазығым жоқ менің...
– Доғар, оңбаған! Сен спид таратушысың.
– Напалеон,– деді бүкіш шал жыламсырап. – Оңбай кетейін, ешкімге жолағамын жоқ. Кемпірім
1982 жылы 13 қарашада, Леонид Ильичтен бір күн кейін қайтыс болған.
– Спид капитализмнің ауруы. Сенің солармен байланысың бар. Мен білемін,– деді Напалеон
одан сайын еліріп.
– Спид дейді?!.. Ол не тағы? – деді қазақ кемпір құрбысына қарап. Ол да түсініп жарытып
отырған жоқ.
– Ол жау! Халық жауы! Ол хунта! Пиночет! Гитлер!.. Вот так, вот! Спид – капитализмнің
ауруы,– деп Напалеон бар дауысымен айқай салды. Екі көз қанталап, қызарып кетіпті, оң жақ
беті жырбыңдай бастады. Аяған оның делебесі қозып, елірмесі ұстағанын түсініп:
– Напалеон, доғар бассыздықты! – деп айқайлап келіп, шапалақпен салып жіберді. Ешкімге ерік
бермей еліріп тұрған бейшара əпсəтте жуасып, сұлқ түсті. Қалшылдап тұрғна бүкіш шалда зəре
қалмады, екі қолын кеудесіне алып, бүкшеңдеп тұра қашты. Ұзап барып тоқтады да, бұрылып
қарады. Қызылкөз пəледен құтылғанына көзі жеткен соң сүріншектеп, аяғын тырпылдатып
дəрігерлер корпусына қарай кетті.
Үн-түнсіз тұрған Напалеон кенет ышқына дауыстап:
– Жасасын Сталин жолдас!– деді. Екі кемпір бүкшиіп отырып Напалеонның айтқанын
қайталады. Шал осыдан кейін “күн көсемнің” суретін көтеріп, өзі тұратын корпусқа қарай
жүрді.
Көп ұзамай дəрігерлер отыратын бөлмеден бүкіш шал шықты да, белтемірі майысқан арбаның
дөңгелегі тəрізді қисалаңдап бері қарай жүгірді. Келе салып:
– Напалеон мені алдапты. Бізге спид келмепті. Вот так, вот!.. Шалдар мен кемпірлерге спид
жұқпайды дейді. Спид қауіпті емес дейді. Біз əлі өмір сүреміз, қыздар,– деді мажырап. Бір
сұрапылдан аман-есен құтылғанына екі кемпір де мəз болып отыр. Аяған кəрілердің қылығына


күле тұрып оларды істей сұмдық аяды.
“Осы кісілер спидтің не екенін білмейтін де шығар-ау” деп ойлады. Спид түгіл одан зорғысы
келсе де бұл екеуінің қорқатын жөні жоқ. Бір сəттік жарық сəулені қиып кете алмай сүйретіліп
жүрген екі кəрі қашан қара жердің құшағына кіргенше осылай алданады; алданып күледі,
алданып жылайды. Өмір деген осы...
Денсаулығы өте нашар, ақылы ауысқан кəрілерді көргенде Аяған тереңіне бойлатпас ойларға
кетеді. Қаңқасы шіріп, іске жарамай қалған машина сияқты шаруасы біткен шал-кемпірлерді
сүйрелеп апарып, дəрі құйып, ем жасап тыпырлап жүретін дəрігерлерді түсінбейді. Олар
Аяғанға істен шыққан машинаның əр-əр жерін жіппен, темірмен байлап алып, дырылдатып
орталық көшенің шаңын аспанға шығаратын дарақы шопырлар сияқты болып көрінеді. Атар
таң, алдағы күннен тəн азабынан басқа ештеңе күтпейтін, күш-қуаты сарқылып біткен, санасы
семген кəрі-құртаңдарды емдеп, шандырға айналып кеткен денелеріне ине сұққылап
шырылдату адамгершілікке жата ма, сірə?! Оларды өлтірмеу үшін азаптау кісіліктің қай
шартына жатар екен? Қара жердің бетінде қасіреттің мəңгілік жасайтынын дəлелдеу үшін
құдіреті күшті алла тағала жарымжан пенделерді əдейі қалдырып кететін шығар. Кейінгі
ұрпаққа үлгі болар іс бітірмей-ақ сексенге келіп селкілдеп жүрген кейбіреу аспандағы айды
жерге сүйреп түсіргендей жұрттың апшысын қуырып, міндетсігенде Аяғанның қабағы кіржиеді.
“Кəріден иман кетсе, жастан ұят кетеді” деген осы екен ғой” деп ойлады мұндайда.
Аяғанның есіне əкесі айтқан бір əңгіме түсті...
– Баяғыда бір елде қартайған адамды жардан лақтырып жіберетін дəстүр болыпты,– деп
бастайтын ол кісі əңгімесін. – Сол елде Данабек деген жалқы жігіт өмір сүріпті. Келіншегі
жылдар бойы бала көтермей, құдайға жалбарынып жүріп ақыры ұлды болыпты. Жүрегі
жарылардай болып қуанған Данабек ұлының құрметіне дүрілдетіп той жасайды. Баласын
қолынан тастамай көтеріп жүріп бағады. Əкенің дəулетінің арқасында жалғыз ұл қияндық
көрмей өседі. Данабек қартаяды. Елдегі қалыптасқан дəстүр бойынша ұлы қартайған əкесін
жардың басына алып шығады. Əкесінің егіліп жылағанына қарамай жардан лақтырып жібереді.
Содан не керек, жылдар өтіп, жалғыз ұл да ақсақалды шал болады. Бір күні ұлы дəл осы жардың
басына алып келеді. Шал жылаудың орнына күледі.
– Əке, неге күлдің? – деп сұрапты ұлы.
– Осыдан елу жыл бұрын қартайған əкемді осы жерге алып келгенім есіме түсіп тұр, балам,– деп
жауап беріпті əке.
Осы əңгімені айтып болғаннан кейін Қуат қария сақалын саумалап, ойланып отырып қалатын.
Біраздан кейін еңсесін басқан ауыр жүктен құтылғандай сергіп:
– Е-е, алла, бергеніңе шүкір,– дейтін. – Дүние кезек, балам. Дүние жасарып, жаңаланып тұру
керек.
“Мен қартайғанда таудың басына алып шығып, лақтырып жібересің ғой” дегенді меңзеп отыр
деп ойлайтын Аяған шыр-пыр болып ақталатын.
– Жə, балам, өтірікке дағдыланба,– дейтін əкесі қабақ шытып. – Уақтылы келген өлім жақсы
өлім. Ешкімнің табасына ұшырамай, сүйкімімді жоғалтпай жүріп кетсем арман не.
Маңдайы жерге тиюге сəл-ақ қалған кəрілерді көргенде есіне əкесінің осы сөзі түседі. Асарын
асап, жасарын жасаған, келер күннен үміті кем, өздерін өздері қинап, сүйретіліп жүрген шал-
кемпірлерді іштей аяй тұра оларды ұнатпайтыны рас.
Қайда барса алдынан солар шығады. Бəрі шетінен көкірек. “Менің еңбегім сіңген. Мына
қоғамды қолымызбен құрғамыз” деп көкірек қағып, ешкімге жол бермейді. Тіпті арақтың
кезегінде де қисалаңдап алға шығып кетеді. “Қоғамды өз қолдарымен құрған” əлгі мықтылар
біраздан кейін əр-əр жерде қылжиып құлап жатады”.
Жалғыз баласынан туған жалғыз немересіне еміренбейтін, айына-жылына бір қара көрсеткенде


“бізді тонау үшін келді” деп тыржыңдайтын шал-кемпірге кімнің іші жылый қойсын. Жалғыз ұл
мен немерені керексінбейтін, қара басының амандғы үшін ғана қыбырлап жүрген ондай
тасмаңдайлардың басқаға жаны ашысын ба?! Аштық келсе немересінің қолындағы бір жапырақ
нанды тартып жеудегн тайынбас-ау, сірə.
“Маған бола берсе екен” дейді ондай мысық тілеулі пенделер. Олардан кейін дүниені топан су
басып, адамзат баласы тып-типыл жоғалып кетсе де бəрібір əлгілерге. Былтыр үйінен қуып
жіберген Фарид абзи сондай адам еді. Қазір де міне, сондай пасық пиғылды пенделермен бір
бөлмеде жатыр. Бүкіш шал күн сайын құнжыңдап, азын-аулақ тиін-тебенін əр-əр жерге тығып,
əуреге түседі. Ешкімі жоқ қубас екен.
– Бала-шағаңыз болмады ма? – деп сұрады бірде одан. Бүкіш шал оны мазақтағандай тарқылдап
күлді.
– Бала-шағаның керегі не? Олар алуды ғана біледі. Пайдасы жоқ. Вот так, вот! – деген Аяғанға
ежірейе қарап. Екі көзіне ашу толып, шатынап шыға келген. “Ақылсыз сұрақ” берген көршісін
кінəлай сөйлеген. – Бала-шағасы бар адамдарды көріп жүрміз. Бейшаралар! Өмірлері өмір емес.
Ал біз Мария Исаевна екеуміз адамша өмір сүрдік. Біздің Рида деген овчаркамыз болды. Ол
сондай ақылды еді. Бізді түсінетін. Бізге еркелейтін. Ой, несін айта берейін. Мария Исаевна
кейде түсіме кіреді.
– Ə-ə, сізді шақырып жүр екен ғой, – деген Аяған ашуын күлкіге жеңдіріп... Шалдың басы
қалтаңдап, иманы ұшып кетті. Бірнəрсе айтқысы келіп, бірақ тілі икемге көнбеді, аузы
жыбырлағанмен сөйлей алмай қойды. – Мария Исаевнаны жақсы көрсеңіз жалғызсыратпай
жанына барғаныңыз дұрыс қой.
Екі көзі жасаураған шал Аяғанға жек көре қарады. Не сөйлей алмай, не орнынан тұруға дəрмені
жетпей басы қалтаңдап біраз уақыт отырды. Сонан соң ажал келіп, ай-шайға қаратай сүйрей
жөнелердей жылап қоя берген. Аяған оны жұбатпады, сүйкімі кетіп қалған бүкіш шалға
жиіркене қараған.
Кешкілік екеуі оңаша қалғанда бүкіш шал:
– Мен көп жыл обкомның бірінші хатшысы болдым,– деді мажырап. Артынша қабағы
тұнжырады. – Мария Исаевна екеумізге баланың керегі болған жоқ.
– Бала адамға ғана керек,– деп кекетті жігіт. Бүкіш шал оның сөздерінің астарын түсінген жоқ.
– Ол қайтыс болғалы төрт жыл,– деп кемсеңдеді шал. – Сталин өлгенде бірінші, Хрущев
орнынан алынғанда екінші, Брежнев қайтқанда үшінші рет инфаркт алған. Үшінші инфаркт
алып кетті оны. – Шал жасаураған көзін сүртіп, басы салбырап отырып қалды.
Мария Исаевнаның тірлігі жігітті ойға қалдырды. Көсемдер жаңаланғанда қатты қапаланып,
жер сілкінетіндей үрейленетін адамдарды Аяған да білетін. Көсеммен бірге заман өзгереді,
жаңа заманның əрбір пендеге қандай сый ұсынары алла тағалаға ғана аян. Бəлкім, қасірет
əкелер, шаңырағын шайқар. Мария Исаевна сияқтыларды үрейлендіретін, инфракқа дейін
жеткізетін де сол күдік шығар, сірə. Шайқап ішіп, шайқалып жүргендер қоғамның жаңарғанын
қаламайды. Оларға үйреніскен бұрынғы көсем керек, өйткені биік астаудан жем жеп үйренген
Саламон патша мен оның жұбайы мемлекет басындағы адамның да, ескіруге айналған қоғамның
да барлық сырын жақсы біледі. Ескі қоғамда өмір сүру оларға жеңіл. Жаңа атаулы кісіні тосын
мінезімен шошытады. Сондықтан ескі қоғамның игілігін көп көргендер жаңаға екі қолын
көтеріп қарсы шығады. Аяғанның білетіні – ескілік қарсыласқыш, ол өте əккі, оңайлықпен
берісе қоймайды. Ақыл-есі бүтін, айла-амалы көп шал-шауқандар түгіл басын əрең алып
жүрген, əне-міне дегенше қылжиып құлап қалуға дайын ауру-сырқау кəрілердің өздері өтіп
кеткен заманды шырылдап қорғайды. Оларға сенсе, Сталин билеген дəуірлен өткен əділ де,
бақытты заман болмаған секілді. Кім білсін, бəлкім, солардың айтқаны дұрыс та шығар. Өзінің
өткен өмірін кім сызып тастай салсын. Напалеон да өз шындығын шырылдап қорғап жүр. Оның


шындығы – Сталин.
Аяғанның білетіні – өз шындығын қорғай алмайтын, тіпті оны мүлде қажетсінбейтін, кім күшті
болса соның жағына ойланбай шыға салатын екіжүзді жаңа ұрпақ өсіп жетілді. Бүгін олардың
барлығы əлдекімнің сойылын соғып, Сталинге шабуыл жасап жатыр, ертең аяқ астынан заман
құбылса олар ыққа қарай аунай салады. Олардың айтысына қарағанда, Сталин
коллективтендіруді халықты қыру үшін ойлап тапқан сияқты. Осы тұжырымға Аяған қарсы. Сол
заманның, сол уақыттағы қоғамның табиғатын, болмысын терең талдап түсінбей, мінезіндегі
қитұрқыларды білмей тұрып, бар кінəні бір пенденің басына үйіп-төге салу əділ ме? Дəл сол
уақытта Сталинде тарихтың доңғалағын кері айналдырып жіберетіндей күш, аса үлкен бедел
болды дегенге Аяған сенбейді. Ол дəуірде Лениндік гвардияның іргесі сөгіліп, азайып, арзандай
қойған жоқ еді ғой. Социализмді қалай орнату керектігін оның теориялық негізін салған
ғұламалар да айтып, жазып кеткен жоқ. Жаңа қоғамның алдында аса зор сын тұрды. Екінің бірі.
Не өмір не өлім. Қуат-күші кеміген, бірін бірі түсіне бермейтін аш-жалаңаш əртекті халқын
қалай асырауды білмей абыржып, салбөксе болып жатқан алып мемлекетті екі аяғынан тік
тұрғызып, аз жылда ұлы державаға айналдыру үшін Сталин сияқты қатал адамның керек
болғанын таным-түсінігі бар кісілер зерделер. Кім білсін, Сталинді соншалық қатал, шектен тыс
қатыгездікке баруға уақыт мəжбүр еткен шығар. Егер оныңорнында көңілшек, қара басының
ғана қамын ойлайтын, етек аңдыған жұпаркіндік біреу отырса, талап жейтінбей болып қас
жаулары жан-жағынан анталап тұрғанда жас мемлекет осындай дəрежеге жетере ме еді?
Сталинді ғайбаттамайтын адам жоқ қазір. Оның атын сан-саққа жүгіртеді. Қарақан басының
қамын ойласа да бар жақсылықты өзіне жасамай ма. Өлгенде аяғына кигізетін жөні түзу туфли
таппай, амалдың жоқтығынан тұмсығы ақжемделіп, тозып кеткен жалғыз ботинкасын кигізіп,
қоштасуға келген жұрт көрмес үшін венокпен жауып қойыпты.
Оның өмірі тек қана қараулық пен қатыгездіктен тұрмайды ғой. Көсемнің кемшілігі – уақыттың
кемшілігі. Уақыт ақыл-парасатына төрткүл дүние бас иген дананың да, бүкіл ғаламды
бағындырған патшаның да еркіне бағынбайды. Осы біршындықты біле тұра жұрт заманның кінə
– кемшілігін бір адамның мойнына артып, қандықол құныкер дейді. Дүрмекке ілесіп, бұл да
Сталинге тас атты. Қалың жұрт дүрмекке қосылып, жосықсыз дүрілдеді. Халық – тобыр. Сол
қалың тобырдың ішіндегі сұңғылалар көп жағдайда үндемей қалады. Неге? Бəлкім, бұл заманға,
қоғамға деген сенімнің тым аздығына байланысты шығар. Бəлкім, ірілігіне тірлігі сай келе
бермейтін мемлекеттің табиғатындағы қатыгездіктен қорыққандықтан үндемеуге үйренген
шығар олар. Сонда шындықты кім айтады? Шындық үшін əйтеуір біреулер құрбандыққа баруға
тиіс емес пе?! Болашағы бұлдыр халқының сөзін сөйлеп, туған елінің бақыты, тəуелсіздігі үшін
басын оққа байлап беретін марқасқа қайда? Бұл заманның Исатай, Махамбеті, Кенесары,
Бекболаты қайда? Олар неге жоқ? Неге?..
Қаптаған қалың сұрақ Аяғанның алдына асқар таудай көлденең түсіп жатып алды. Сол биіктен
асып кете алмай үнемі тұйыққа тіреле беретін жігіт қордалы ойлардан қажыйды. Ойдан құтылу
үшін басқа ермек іздейді. Бірақ ой зəлім өкшелеп қуып, қыр соңынан қалмай діңкелетеді. Аяған
қазір де міне, аш қасқырдай араны ашылып, анталап келіп бас салған ойдың жетегінде сүмеңдеп
келе жатыр.
– Қуатов! Қуатов! – деп шуылдады жындыханаға кірер есіктің түбінде иіріліп тұрған бір топ
адам. Ойдың иіріміне батып кеткен Аяғанның құлағы таскерең. Бүкіш шал келіп қолына
жармасқан сəтте ой тұманы сейілген секілденген.
– Саған адам келді,– деді шал жымыңдап. Жігіт белгілі адамдарға ғана ашылатын үлкен қақпаға
жалт қарады, қайғыдан қажыған жүрегі лүпілдеп келіп, аузына тығылды. Екі өкпесін қолына
алып, темір қақпаға қарай құстай ұшты.
Хадиша іздеп келеді деп мүлде ойламаған. Кішкентай сəбиін құшақтап, бүрісіп отырған


келіншекті көргенде қалт тоқтап, оған таңырқай қарады. Хадиша жылаған сияқты, екі көзі ісіп,
қызарып кетіпті. Аяғанды көріп, лып етіп орнынан тұрды да, жымиып күліп, қарсы жүрді.
– Сəлеметсіз бе, аға!
– Ағасын Асылхан батыр іздеп келген екен ғой,– деді жігіт көңілі босап. Келіншектің
қолындағы бес айлық сəбиді алып, иіскеп сүйді. Нəрестенің исі-ай, шіркін! Ғажайып иіс тұла
бойын балқытып, кеудесін тазалап өткендей əсерге бөленді. Көңілі босаған жігіт Асылханды
көкірегіне қысқан күйі қимылсыз ұзақ тұрды. Іші-бауыры езіліп, үнсіз егілді. Əудемнен кейін
көңілі орнына түсіп, өзіне өзі келген соң нəрестені шешесіне қайтарып, тілге келді.
– Міне, бізді осында алып келіп салды,– деп қинала күлімсіреді. – Өкіметтің қамқорлығына
өттік біржола.
– Сізді іздемеген жеріміз қалмады, аға. Қаладағы милиция бөлімін түгел сүзіп шықтық,– деді
Хадиша жан-жағына жалтақтап, қорқып тұрған сияқты. – Дені сау адамдарды жындыханаға
алып келеді деп кім ойлаған. Сұмдық-ай!
– Осында келіп жүретін құрбым сізге ұқсайтын біреуді көрдім деген соң... Тіпті адам сенбейді
екен. Ой, алла-ай!..
– Сенуге тура келеді енді,– деп қинала езу тартты жігіт. – Бұл заманда ештеңеге де таң қалуға
болмайды.
– Сұмдық қой мыналары. Бұдан кейін үкіметке қалай сенесің?
– Е-е,– деп күрсінді Аяған. – Иə, қал-жағдай қалай?
– Жаман емес, аға. Сізді алып кеткеннен кейін Мұса Байларов деген біреу келген. Алдияр ағаны
институттан шығарды. – Хадиша кінəлі адамдай басын төмен салып, бір сəт үндемей қалды.
Аяған да үнсіз. – Мен қазір жатақханадамын, аға.
– Алдекеңнің үйінен неге кеттің?
– Сыздық аға күнде мас. Мазамды алған соң...
– Сыздық... Ақылын ішіп қойды ғой ол.
– Қайтадан ЛТП-ға алып кетіпті. Роза апайға телефон соғып тұрамын. Сол кісі айтты.
– Алдекеңнің отын өшірмеу керек еді. Жалғыз ұлының сиқы анау,– деп қинала бас шайқады
жігіт.
– Мен барып тұрамын ғой,– деді келіншек оған жасқана қарап. Аяған оның жасқаншақ
жанарынан өзіне деген жылылықты, мейірім шуағын байқап қалды.
– Айналайын сенен,– деген сөз аузынан еріксіз шығып кетті. Келіншектің бетіне лып етіп қан
ойнап шықты. Жымыңдап сəбиінің бетінен сүйіп, теріс айналды.
– Декан Камал, Қанат, Еріктің соңына түсіп алыпты. Олар Алдияр атаның үйіне келіп тұрушы
еді. Біраздан бері хабарсыз кетті. Оқудан шығарып жіберді ме деп қорқып жүрмін.
– Олар ойына келгенді істеп жатыр ғой, Хадиша. Күш солардың қолында. Қарсылассаң басыңды
қағып тастаудан тайынбайды. Мені біресе түрмеге, біресе жындыханаға əкеліп тығып жүрген
солар емес кім дейсің. – Аяғанның кеудесіне ашу тығылды. Қиянатты көп көргендіктен жүйкесі
əбден жұқарған екен. Танауы қусырылып, жүзі сұрланып шыға келді. – Мені тындырып,
балаларға ауыз салған екен ғой.
– Сізді шығарып алудың қандай жолы бар, аға?
Аяған бас шайқап, төмен қарап үнсіз қалды. Бұл жерден құтылы шығудың сан түрлі жолын
іздеп, басын қатырған, бірақ ойлап тапқан айла-амалы ешқандай нəтиже бермеді. Көзінің анық
жеткені – бұл іске үлкен қызметі бар адам араласқан жағдайда ғана мəселе дұрыс шешілмек.
Аяғанның аузымен құс тістеген ағайыны жоқ. Əкесінің айтуына қарағанда, түрмеден аман-есен
құтылып шығуына Қуандық Сəруаров деген азамат қол ұшын берген сияқты. Ол адамға
айқайласа дауысы жетер ме?! Телефонын білгенмен байланыс жасай алмайды. Жолығатындай
мүмкіндік туса ішіндегі зар запыранын түк қалдырмай қотарар еді. Сəруаровты іздейтін кім


бар? Əке мен шешенің жағдайы анау. Жанашыр болып жүрген үш-төрт студент пен Хадишаның
мүмкіндігі шектеулі. Бұлардың ниетін білсе Мұса Байларов барлық жолды жаптырады. Бүкіл
елге аты мəшһүр ғұлама Алдияр Ақпанұлын жабылып талап жеп қойған аузымен құс тістеген
қиянатшыл топқа үш студент күлкі болып па, тəйірі. Олардың қаһарына ұшыраса сайда саны,
құмда ізі қалмай тентіреп кетер. Мұса, Жақия секілділер аямайды ешкімді. Сондықтан
балалардың обалына қала алмайды. Кеудесінде шыбын жаны бар тірі пенде емес пе, бір жолын
табар. Реті келсе қашып шығар.
– Менің шаруама ешкім араласпасын,– деді жігіт қабақ шытып.
– Ой, аға, не деп тұрсыз өзіңіз? Қойыңызшы тегі! – деп шамданды Хадиша. – Баратын жерге
мен-ақ барамын. Жоғарыдағылардың барлығы ректор мен деканның аузына қарап отырмаған
шығар. Жапа шегіп, қиянат көргендердің зарын тыңдайтын бір адам табылмас дейсіз бе.
Асылхан екеуміз Орталық партия комитетінің есігін күзетсек те сондай адамға жолығамыз.
– Мен қорқамын олардан, Хадиша,– деп күрсінді Аяған. Шарасыз қаліне күйінгендей қабақ
шытып, маңдайын ұстап, үнсіз тұр.
– Қорықпаңыз, аға! Олар Кеңес үкіметінің заңынан күшті емес,– деді келіншек жігерленіп.
– Мен білемін, олар ештеңеден тайынбайды. Араласудың керегі жоқ. Мен үшін өміріңізді
бүлдірмеңіз, Хадиша,– деді жігіт оны иығынан құшақтап. Сыпайылық сақтап қайтадан сізге
көшкенін өзі де аңғармады. Келіншек мұндайды күтпеген болу керек, сөйлей алмай тұтықты.
Аяған оның дірілдеп тұрғанын сезіп, жүзіне ұрлана көз тастады. Екі беті қызарып кетіпті, езуіне
болар-болмас күлкі ұялапты. – Бір өтінішім бар, Хадиша.
Келіншек оған бұрылғанмен басын көтеріп, тура қарай алмады. Жұпынылау киінген
Хадишаның жұдырықтай болып томпиып тұрған қос анарына көзі түсіп, екі беті əлсіз ғана шым
етті. Келіншек оның көзінің қайда түскенін сезді ме, алдында жатқан сəбиін көтеріп алып,
кеудесіне қысты.
– Мен ауылдан кеткелі біраз уақыт болды. Шешем ауруханада жатыр еді. Хабарын біле алмай
дымым құрып жүр. Бала-шаға не күйде? Мүмкіндігіңіз болса бір хабар біліп берсеңіз болар еді,–
деп ұялшақтап отырған келіншекке жалбарына қарады. – Аудан орталығында Сабыржан деген
ағайынымыз бар еді. Сол кісінің үйіне телефон соғып, жағдайды білуге болады. Менің мұнда
жатқанымды айта көрмеңіз. Ауруханада жатыр дей салыңыз.
– Жақсы, аға, қазір барып білемін,– деді келіншек орнынан тұрып жатып. Аяған тілдей қағазға
Сабыржанның үйі мен қызмет телефонын жазып берді.
– Бір айналып келемін, аға. Не алып келейін?
– Əуре болмаңызшы,– деді Аяған. Келіншектің қолындағы сəбиді алып, мейірі қанбай иіскеп,
маңдайынан сүйді. – Азамат! Бақытты бол!
– Біз келеміз, аға,– деп Хадиша оған күлімсірей қарады. Аяған келіншектің маңдайынан сүйді.
Маңдайы от болып жанып тұр екен, ерні күйіп қалған секілденді...
Келіншекті шығарып салғаннан кейін Аяған қақпаның маңайынан ұзай алмай қойды. Тағы да
əлдекімдер келіп қалатын сияқты елегізіп, тағаты таусылды. Бір сəтке адасып қалған екі кемпір
оны тауып алғандарына қуанып, күбірлесіп сөйлеп, мəз болып тұр. Мына екеуін тағы да
адастырып кетпек болып аурулар қыдырып жүрген алаңға қарай бағыт түзеді. Күңкілдескен екі
кемпір жетектескен күйі жігітке ілесті. Олардың соңынан сүмеңдеп бүкіш шал келе жатыр.
– Жаңағы кім? Əкелің бе? – деп сұрады бүкшеңдеп əрең ілесіп келе жатқан шал айқайлап
сөйлеп. – Əдемі екен. Балаң кішкентай. Өзіңдікі ме?
Тақымдап тақылдап келе жатқан шалдан құтылу үшін Аяған жүгіре жөнелді. Бүкіш шал:
– Ақырын жүгір, біз жете алмаймыз,– деп шырылдады. Жігіт олардан қара үзіп кету үшін барын
салып жүгірді, екінші корпустың жанына тақай бере тасаға қарай жалт бұрылды. Үшеуі одан
адасып қалды. Жігіт əлгілердің көзіне түспей баспалап қақпаға қарай тартты.


Үш кəрінің көзіне түсіп қалмау үшін ашық алаңға шықпай, жуан теректің тасасында
жасырынып тұрып Хадишаны күтті. Сағат алтыдан аса бере келген келіншек ішке кіре алмай
екеуі екі жақта тұрып сөйлесті.
– Аға, мен ғой,– деді келіншек дауысы дірілдеп.
– Шал-кемпір, балалар қалай екен?
– Аға,– деді келіншек.
– Иə, иə... Айта беріңіз, Хадиша.
– Аға,– деді тағы да. Оның жүзін көрмесе де бір сөзді қайталай бергеніне қарап, көмейінде бір
көмескінің барын сезген жігіттің көңіліне күдік кірді. – Аға, сіз ер-азаматсыз. Сіз, аға, болаттай
берік болыңыз.
Аяған астыңғы ернін тістеп алды. Маңдайынан бұрқ етіп тер шықты. Бір жаманшылықтың
болғанын іші сезді.
– Аға, солай болған екен. Берік болыңыз, – деді Хадиша оның егіліп жылап тұрғанын Аяған
көрмей-ақ білді. – Мен ауылға, балалардың жанына барайын, аға. Ертең Асылхан екеуміз жолға
шығамыз.
– Кім? – деді жігіт жасқа тұншығып. – Кім екен кеткен?
– Анаңыз...
Қолына ып-ыстық тамып кеткен сəтте Аяған селк ете түсті. Екі көзінен парлап аққан жасты
сүрткен жоқ.
– Бекем болыңыз, аға. Балаларды ойлап, уайымдамаңыз,– деп дауыстады жылап тұрған Хадиша.
– Мен барсам олар жетімдік көрмейді, аға.
– Рахмет саған! – деді жасқа тұншыққан жігіт. Айналайын сенен!. Осы жерден аман шықсам,
өмір бойы сені төбеме көтеріп... Сені аялап... Айналайын!..
– Тезірек шығыңыз, аға. Біз күтеміз сізді...
– Балалар өзіңе аманат, жаным!.. Сен дегенде үшеуінде де жан жоқ.
– Сағындым оларды...
– Хадиша, Орталық партия комитетінде Қуандық Сəруаров деген құдайға қараған азамат істейді
екен. Менің түрмеден босап шығуыма сол жігіт қол ұшын беріпті. Болған жағдайды, менің
тəлкекке түскен тағдырым туралы толық етіп хат жазып жіберші,– деді жігіт қиылып.
Мақұл, аға. Бүкін Камалдарды іздеп тауып, ақылдасамыз. Ертең балаларға кетемін.
Жолың болсын, жаным! Көкеме болған жағдайды түсіндір. Ол кісі түсінеді. Босай бермесін.
“Иттің иесі болса, бөрінің тəңірісі бар”. Бір құдайдан басқа сенерім қалмады, Хадиша.
Темір қақпаның екі жағындағы екеуі де егіліп жылап тұрды. Уақыттың тілін таба алмай,
құбылып тұратын заманның мінезін түсінбей адасқан екі мұңлыққа жаны ашығандай кішкентай
нəресте шырылдап қоя берді.


47
Жындыханаға маусым айының бесінші жұлдызында келіп түскенін біледі. Содан бері талай ай
өтті, қазір күндердің есебінен жаңылды. Алғаш түскенде іштей есептеп, күндерін санап жүруші
еді; айды, күнді мүлде керек қылмайтын уайымы жоқ пенделердің арасына келгеннен кейін
соларша өмір сүруге бейімделді.
Аурулар уақытпен санаспайды, тамағы тоқ болып, дұрыс ұйықтап тұрса басқа ештеңені керек
етпейді. Сыртқы дүниеде не болып жатқанын, ағайын-туғандардың қал-жағдайы олардың
ойларына кіріп те шықпайтын тəрізді. Аяғанның байқағаны – аурулар заманның тізгінін ұстаған
уақытқа, пенде біткенді ерттеп мініп, басын жадылап алған жүйеге мүлде бағынбайды екен.
Əрқайсысы өзінше ермек іздейді. Бір тоы күні бойы үшінші корпустың алдындағы сынық
телефонды айналдырады. Алғашқы күні Аяған да алданды. Алдекеңнің пəтеріне телефон соғып,
хабарын бермек ниетпен кезекте тұрғандардың ең соңынан орын алып, асқан шыдамдылықпен
күткен.
Кезекте тұрғандар тым ұзақ сөйлеседі. Екі минуттан асса басқалары шуылдап, заңды көлденең
тартып, əлгі бейшараны жұлып жеп қоя жаздайды. Кейде кішкентай балалар сияқты едіреңдесіп,
біріне-бірі доқ көрсетіп, төбелесіп қала жаздайды. Напалеон сияқты қаны қазбалары болмаса
бір-біріне қол көтермейді.
Телефонның жұмыс істемейтіндігін Аяған өз кезегі келгенде бір-ақ біліп, аурулардың мына
қылығына соншалық таң қалған. Олардың телефонмен сөйлесу арқылы алданып, иықтан басқан
ауыр заттан арылғандай жеңілдеп қалатынын, жарым көңілін осылай жұбататынын түсінді. Кей
күндері бұзылған телефонның жанындағы орындыққа келіп, əйелімен, бала-шағасымен
сөйлесіп, іштегі шерін тарқататын ауруларды бақылайды. Бүгін де міне, үйреншікті орнында
отыр.
Аспан бұлтты. Келе жатқан суықтың ызғарлы лебі білінеді. Демінде дымқыл бар ма, ауа
салмақтанып қалған сыңайлы. Қазан айы аяқталуға таяу. Күз болса шелектеп құйып, елдің есін
алатын жаңбыр биыл өте сирк жауды. Сəл ғана жел тұрса жердің шаңы көтеріліп,
жындыхананың ауласына асыр салып құйын ойнайтын болып жүр. Мұндайда аурулар далақтап,
құйынды қуалай жөнеледі. Олардың бұл əрекетіне не күлерін, не жыларын білмеген Аяған
меңірейіп тұрады да қояды. Ешкімге керек болмай қалған мүсəпір пенделерді жүрегі езіліп
аяйды.
– Əй, көрші! Саған кезек алып қойдым,– деп дауыстады Саламон. Нан жеп, кезекте тұрған шалға
бұрылып, жымиып күліп қойды. Өзі қызық екен. Аты-жөні басқа, таныса қалған адамға
“Саламон патшамын”дейді. Оңаша қалғанда Аяғанда “білесің бе, көрші, Саламон деген патша
болған” дейді жымыңдап. Көңілі түскенде Напалеон оны арқасынан қағып, “бұл менің нөкерім,
аты Саламон” деп қояды. Мұндайда бүкіш шалдың екі езуі екі құлағына жетіп масайрап,
желпініп қалады.
– Немене, бала-шағаңмен, əйеліңмен сөйлеспейсің бе?
Аяған бас шайқады. Саламон патша одан ары тақымдап қыштамады. Телефон трубкасына қолы
енді жеткен адамға:
– Əй, азамат, уақытың бітті. Уақыт деген ақша, жолдас. Вот так, вот,– деп айқайлап салмақты
екі аяғына кезек-кезек салып, өзімен өзі болып кетті.
“Осылар телефонды алданыш көре ме, жоқ əлде, туыстарымен сөйлескеніне шынымен сене ме
екен” деген сұрақ Аяғанды тұйыққа тіреді. Қай-қайсысы болмасын шын беріліп сөйлеседі,
кейбіреуі ағыл-тегіл жылайды. Енді біреулері сөйлесіп, шерін тарқатып алғаннан кейін көздері
жасаурап, егіліп кетіп бара жатады. Əлдеқашан марқұм болған əке-шешесімен, кемпірімен


немесе шалымен сөйлескен кəрі-құртаңдап даурыға дауыстап, тарқылдап күліп, мəз-мəйрам
болып жатады.
Күн сайынғы жағдай айна-қатесіз бүгін де қайталанып, аурулар марқұмдармен тілдесіп,
тіршіліктің мəселелерін талқылап, келісе алмай кеңірдектесіп немесе лəпбай тақсырлап бас
шұлғиды.
“Өмір ғой бұл да, өмір...” – деп күрсінді жігіт.
– Əй, былай тұр, педераз! – деп кезексіз трубкаға қол созған шалды итеріп жіберген жігіт
айқайлап сөйлесе бастады. Аяған оның əңгімесіне құлақ түрді. – Алло! Дос, амансың ба, балам!
Говорит твой отец. Менің хатымды ты получил? Та-а-к... Менің қатыным қайда? Ах, солай ма?
Она сука! Я ее убию! Не плач мой милый... Жақында мен шығамын. Мен Рейганға хат жазып
жібердім. Екеуміз Америкаға барып тұрамыз. Ты понял меня? Рейган менің досым. Ол маған үй,
машина сыйлайды. Мен американкаға үйленемін. Ты понял мен? Понял да... Жарайсың!..
– Аз-замат, уақытың бітті,– деді қалтақ бас шал жігітті иығынан түртіп. Сол сол-ақ екен кезекте
тұрғандар шулап қоя берді.
– Молчат! – деп зекіді жігіт. – Сендер менің кім екенімді белісіңдер ме? Мен Рейганның
досымын.
Оның сөзін құлағына қыстырған бір жан жоқ. Жабылып шулап, етегінен тартып, бүйірінен
түртіп, тықсырып қуып шықты. Əрқайсысы əлдеқашан Шыңғысханға, Цезарға, Напалеонға,
Саламон патшаға, тағы-тағы солар сияқты тарихи тұлғаларға айналып кеткен ауруларға досы
тұрмақ Рейганның өзі кім, тəйірі?
Рейганның бейшара досы шуылдасып жатқан топқа бұрылып, бар дауысымен айқай салды.
– Шизики, сволочи! Вас надо уничтожить как тараканы,– деп жер тепкілеп, көкталақтанып
кетті. Сонан соң шуылдақ топқа қарай былш-былш түкіре бастады. – Тараканы, тараканы!..
Өз ісіне разы болып, қарқылдап күліп алды да, əндетіп жөніне кетті. Отызға ілінбеген өрімдей
жас жігітке Аяғанның жаны ашыды. Өзі көп көрінбейді, анда-санда аяқ астынан сап ете қалады
да, жұртты бір шулатып алып, жөніне кетеді. Жұрт оны сыртынан Ескендір Зұлқарнайын дейді
екен.
– Алло, Мария Исаевна! Бұл мен Саламон патша... Бұл мен сенің өзіңнің Сашаңмын ғой. Мария,
жарық күнім менің! Сағындым сені. Үнемі түсімде көремін. Баяғыдай құшақтап, сүйіп
жатамын. Маришко!..
– Саламон патша, оттамай былай тұр! О дүниемен телефон байланысы жоқ,– деп тарқылдап
күлді аяқ астынан сап ете қалған Напалеон. Қолында əдеттегідей Сталиннің суреті бар. Мұртты
əулиені көрген шал-кемпірлер оған тағзым етіп, жалп-жалп құлады.
– Ти-ше! – деді бүкір шал.
– Сен екі араға телефон жүйесін тарт, Саламон. Марқұмдармен сөйлесіп, қарық болып қалайық.
– Қалай? – деді Садамон тұтығып.
– Телефон сымын алып, о дүниеге бару керек. Маришкоңды көресің, аймалап сүйесің, тоятыңды
қандырасың,– деді Напалеон мырс-мырс күліп.
– Мен бара алмаймын ғой,– деп кемсеңдеді шал.
– Сужүрек! – деп кіжінжі Напалеон. – Сен Мария Исаевнаны сүйемін деп өмір бойы алдадың.
Ал ол саған сенді. Сен беті жылтыраған қатындармен ойнас жасадың оңбаған!
Напалеонның жүрегі шайлығын қалған Саламон патша күңкілдеп, бірнəрсе айтқан болды да,
жылыстап қашты.
– Əй, қайда қашып барасың? Сен немене Сталин жолдасқа қарсымысың? – деді Напалеон
ежірейіп.
– Ж-о-о-қ,– деді бүкіш шал тұтығып.
– Қарсысың, Саламон. Білемін. Ол сені биттеп, құрттап жүрген жеріңнен тауып алып, оқытып


адам қылған. Одан қашып құтылу мүмкін емес, Саламон.
– Мен қашқан жоқпын. Сен маған жала жаптың, Напалеон,– деп шырылдады бүкіш шал.
– Сталин жолдастың құрметіне əн салыңдар! – деп бұйырды Напалеон. Телефонның кезегінде
тұрған шал-кемпірлер қаз-қатар тііліп тұра қалып, əрқайсысы өзі білетін əнді айтып, “сайрай”
бастады. Əртүрлі тілде, əртүрлі мақаммен айтылған əртүрлі əннен Аяған ештеңе ұға алмады.
Жындыханаға алғаш түскенде мұндай сəттерде ашуланушы еді, бұл жолы үндемеді. Ол кейінгі
уақытта болар-болмасқа күйіп-пісіп ашуланбайды, аурулардың бірде артық кетіп, бірде кем
соғып жататын əртүрлі іс-əрекеттеріне араласпайтын болған. Сталин туралы шындықты
бұлардың санасына жеткізе алмасын түсінген. “Ұлы көсем” олардың өміріне айналып кетіпті.
Сталиннің есімі тасқа қашалған жазудай шал-кемпірлердің жадына мəңгілік өшпестей болып
жазылып қалыпты. “Мыңдардың басын жалмаған ұлы көсем” жастық шағы ол билік тұтқасын
ұстаған заманда өткен, бұл күнде қалт-құлт еткен қалтырауық шал, бүкшиген кемиек кемпір
болған ұрпақпен бірге жасайды екен. Напалеон осы бір ұлы шындықты басқалардан жақсы
білетіндіктен Сталиннің суретін көріп, жыртысын жыртып жүрген сияқты. Кеше кешкілік ол
екеуі біраз əңгіменің көрігін басты.
– Оны өмір бойы сынап, шабуыл жасап келеді. Бұдан кейін де солай болады. Біліп қой, мырза.
Бірақ бəрібір ештеңе өзгермейді. Сталин мəңгілік жасайды. Ур-рə-ə!.. – деген Напалеонның
сөзінен кейін Аяған ойланып қалған.
Оның айтып отырғаны шын. Сталинді өле салып сынады, толып жатқан қылмысын əшкереледі,
бір топ саясаткер бастап, “ол Лениннің жолын теріс бағытқа бұрып жіберді” деп дүйім жұрт
даурықты. Содан бірнəрсе өзгерді ме? Егер бұл қоғам теріс бағытқа түсіп кетсе неге дұрыс
жолға салмады? Даңғаза біреулерге бедел жинау үшін керек болған шығар. Үнемі осылай жеке
адамның беделі үшін тарихқа əр кезде қиянат жасалып отырғанын Аяған біледі. Сталинді,
əлдеқашан тірі құдайға айналып кеткен “күн көсемді” Никита бейшара көзге шұқып, көрге
тығып, тағына отырғанмен миллиондардың жүрегіндегі орнына жете алмай ұятқа қалды. Қоғам
сол күйінде, мемлекеттік жүйеде еш өзгеріс болған жоқ. Сталиннің заманы мен Андроповтың
билік құрған дəуірінде айырмашылық болды дегенде Аяған сене қоймайды. Биік мансапта
отырған тасмаңдайға ұнамай қалған пенденің тағдыры тəлкекке ұшырап, қаңғырып далада
қалады, шындық іздеп шырылдаса темір тордың аржағынан бір-ақ шығарады. Мəселенің жеке
адамда емес, мемлекеттің жүйесінде екенін Аяған əлдеқашан зерделеген. Осы бір шындықты
айқайлап айтамын деген ғұлама Алдияр Ақпанұлының өмірі қасіретпен аяқталды. Мəселе
мемлекет басқарған Сталинге қарап тұрған жоқ. Ол үлкен орындаушының бірі болатын. Сталин
өзінен бұрынғылардың өсиетін жүзеге асырды...
Соңғы жылдары, əсіресе оған жойқын шабуыл жасалып, аруағын қорғау күшейгелі бері “барлық
халықтардың көсеміне” тілектес адамдар көбейді. Оған еліктейтін, ұқсағысы келетін
“кішкентай королдардың” пайда болғанын Алдекең марқұм айтып отыратын. Олар сонау отыз
жетідегі қисыпыр зауалды аяусыз сынай отырып, соған ұқсас əрекеттер жасағанын Аяған біледі.
Ол шіркіндердің жолы ашық, қолдарын ешкім қақпайды, сондықтан əрекеттері де батыл. Өздері
қызық – Кеңес үкіметіне солардан басқа ешкімнің жаны ашымайтындай, ұлы мемлекеттің мұң-
мұқтажын тек солар ойлайтындай болып жүреді. Мансапқа алданып, ажалдың барын біржола
ұмытып кеткен сондай пенделерді көргенде Аяғанның зығырданы қайнайды.
“Халық – тобыр. Тобырда ақыл-парасат жоқ. Алдыңа сал да айдап жүре бер. Айдауға көнбеген,
қарсыласқан саяқтарын қара жерге қазық қылық қағып жібер. Сонда басқалары алдыңда құрдай
жорғалайды”.
Сталинге ұқсағысы келетін “кішкентай королдардың” осылай ойлайтынын Аяған əлдеқашан
білген. Олар қара басының абырой-беделін көтеру үшін кез келген пендені құрбандыққа шалып
жүре береді екен. Сондайлардың біреуімен жағаласамын деп тағдыры тəлкекке түсіп, түрмеге


қамалды, ақыры міне, жындыханадан бір-ақ шықты.
Білетіндердің айтысына қарағанда, Сталиннің заманында əділеттің ақ жолынан аттауға
мемлекеттің басында отырған адамдардың ғана батылы барған сияқты. Орыс, қазақ бас-басына
би болмай дүйім ел бір ғана мұртты əулиенің аузына қараған.
Оның аузынан шыққан сөз Мұхаммед пайғамбардың айтқанымен пара-пар болған көрінеді. Ал
қазір халық көсемдерге неге дəл солай табынбайды? Табынбақ түгіл оларды күлкіге
айналдырып, мазақ қылады. “Кішкентай королдардың” көбейіп кеткен себебі – ел аузына
қарайтын Сталин сияқты үлкен тұлғаның жоқтығынан шығар, бəлкім. Мүмкін бұл қоғамға дəл
сондай қаһары қара жерді қақ айыратын билеушінің қажеті жоқ та шығар. Халық қашанғы
тобыр бола береді? Бұрын, қадым замандарда, одан кейін де халық тобыр болды, бағасы кетіп,
мүлдем арзандады. Солай болған, солай бола береді.
Қарапайым пенденің өмірінен үлкен қызметтегі адамның абыройы, беделі қымбат заманда
шындықты іздеп табудың мүмкін еместігіне көзі жетті. Жұрттың барлығының жаппай мансапқа
ұмтылатыны, соның жолында ештеңеден тайынбайтыны, кей жағдайда қойнында жатқан жары,
балаларының анасының арын əлдекімнің аяғының астына тастап, қиналмай құрбандыққа шалып
жіберетіні бекер емес екен. Оның ұққаны – бұл қоғамда барлық мəселе билікке келіп тіреледі
екен. Бұл қоғамның бойындағы дерт. Ол ешқашан емге көнбейді.
Біліп айтты ма, жоқ па, қалай дегенде де Напалеонның сөзі ақиқат. Бəрібірештеңе өзгермейді.
Өзгертемін деп тырысқан сан боздақтың мойны ажалдың тұзағына ілінеді.
– Əй, сен неге тұрсың, педераз! Тізерле, кəне! – деп зекірді қайтып айналып келіп, телефонның
кезегіне тұрған жігітке. Аяған жаңа ғана құрық тимеген шу асаудай тулап, шал-кемпірлерге
“шизики, тараканы” деп көкталақтана айқайлаған жігіттің аяқ астынан жуасып, монтанси
қалғанына түсіне алмай таңырқап отыр.
– Əкет андағы жауызды! – деп айқай салды жігіт кенет өзгеріп.
– Жап аузыңды, оңбаған!
– Оның мойнында елу миллион адамның қаны бар,– деп тепсінді жігіт.
– Жала! Ол халық үшін өмір сүрген.
– Мə, жепсің! – деп жігіт тылағын көрсетті.
– Қара басының қамын ойласа Берия сияқты шалқып жүрер еді. Ол Кеңес үкіметі үшін бəрінен
бас тартты,– деп шабалана айқайлады қызынып алған Напалеон. – Ол Алилуевадан кейін əйел де
алмаған.
– Алмаса əйелдер емес, өзі кінəлі. Сенің Сталинің əтек болған. Ха-ха-ха!..
– Ал сенің көсемдерің... Білеміз оларды... – деп Напалеон жан-жағына қарап алды. – Алматыдан
қуылып кеткен біреуі талай жылдан бері партиялық бақылау комитетін басқарып отыр.
– Н-а-а-палеон,– деді күбірлеп сөйлеп, сықылықтап күліп отырған Саламон патша үрейлене
дауыстап.– Ол əлі тірі...
– Сен құйысқанға қыстырылма, педераз! Мен шындықты айттым.
– Ах-ха, солай де! Сонда кім менің көсемдерім?
– Бес жұлдызды бір қырт.
– Ах-ха,– деді қанын ішіне тартып, сұрланып тұрған жігіт. – Между прочим, ол өте мейірбан
адам. Ты понял меня? Ол жылай біледі, қуана біледі.
– Ішіп алсаң сен де жылайсың, педераз.
– Прекрати! –деді жігіт тістене кіжініп. – Сен оған тиіспе. Ол он тоғыз жыл ел биледі. Ешкімді
атқан жоқ, асқан жоқ.
– Өліп қалмаса тағы да отырар еді,– деп Напалеон мырс-мырс күлді. Сыныққа сылтау іздеп таба
алмай тұрған асау жігітке бұдан артық себептің керегі болған жоқ. Жүгіріп келіп, Напалеонның
жағасына жармаса кетті де, қылғындыра бастады. Телефонның кезегінде тұрғандардың бірде-


біреуі араға түспеді, Напалеонның қолындағы сурет жерге құлаған сəтте барлығы орындарынан
дүркірей көтеріліп, бет-бетімен қашып жөнелді. Аяған үлгеріп жеткенше Напаеонның көзі
аларып, тілі салақтап, сұлқ жатып қалыпты.
– Ой, жібер!
– Бұл өлсе Стадин де капут,– деп жігіт қарқылдап күлді. Астындағы адамның жаны шығып бара
жатқанмен ісі жоқ. Аяған оны шапалақпен салып-салып жіберді. Асау жігіт баж-бұж етіп
орнынан атып тұрғанмен тұра ұмтылуға батылы жетпей тайсақтап, шегініп кетті.
Шал əрең дегенде ес жиып, басын көтеріп отырды. Жігіттің тырнағы тамағына батып кетіпті,
терісі сыдырылған жерден шым-шым қан шығып тұр.
– Ат-таңа нəлет! Отыз жетінші жыл болса көрсетер ем мен саған,– деді ол кіжініп. Қақырынып-
түкірініп біраз уақыт қозғалмай отырды. – Біз бəрібір жеңілмейміз. Біз тоғыз балдық толқында
жүзгенбіз. Кеңес үкіметі, социализм үшін біз ешкімді де аяған жоқпыз. Əкемізді де, шешемізді
де... Сталин жолдас бізді солай тəрбиелеген.
Өзіне өзі осылай дем берген шал орнынан тұрып, Сталиннің суретін көтеріп, түк болмағандай
жөніне кетті. Оңбай таяқ жегенін, өліп қала жаздағанын оп-оңай ұмытып кеткен тəрізді.
Аяған манағы орнына отырып ой түкпірін ақтарды... Барлығы қара күшке тəуелді болып тұрған
жындыханада кімнің күші асса соның мерейі үстем екен. Жындыхана – тірі пенде өзін өзі
қорғай алмай қор болатын жер екен. Əлі жеткен əлдекім сақалына қарамай əлсізді ұрып жығып,
сабап жатады, араша түсер ешкім жоқ. “Өзін өзі қорғау арқылы адам қоғамды қорғайды” дейтін
Аяған осы күні басқаша ойлайды. Өзін қорғайтындай қуаты жоқ кісіде ар да, намыс та
болмайтындығына көзі əбден жетті. Ол бейшара өліп қалмау үшін ғана қыбырлап тірі жүреді
екен.
Бұрын Аяған “адамды қорғау – мемлекеттің бірінші міндеті” деп ойлайтын. Мақтаныш тұтатын
мемлекетінің көп жағдайда сол капиталын өз нарқымен бағалай білмеі, əлдекімдердің талауына
беріп қоятынын тіпті кейін түсінді. Бағаласа жүрегіңді тырнаған қасірет-қайғыңды айттың деп
түрмеге қамап, жындыханаға əкеліп сала ма? Сойылға жығып, сойқан жасай ма? Иттей қорлай
ма? Отан – ана. Анасы баласының бір еркелігін кешіре салмаушы ма еді. Ақылы бар ана өгей
баласының шекесінен шертіп, шетке қаққанмен шектен шықпайды. Аяған бұл мемлекетке өгей
баладай да бола алмады-ау тіпті. Өгейлік!.. Бір бұл емес, өгейлер толып жатыр. Еліне,
мемлекетіне керек болмай, қаңғырып далада қалған, сүйегі түрмеде шіріген өгей ұлдар аз емес.
Аяғанның көзі бір ақиқатқа анық жетті – ендігі қалған өмірінде ешкім де маңдайынан
сипамайды. Мұса, Жақиялар қысастықпен өмірін де, өмірбаянын да бүлдірді. Кең дүниеге
шыққанмен олардың мұны еркіне жіберіп, қарап отыратындығына сенбейді. Сонда қайтпек
керек? Бала-шағасын, маңдайы жерге тиіп отырған əкесін тастап, құлақ естімес, көз көрмес
қиянға қашпақ па? Жеңіліп қалатындығына көзі жеткен есті пенде күштінің жағасына
жармаспайды. Сонда қайтпек, басқа түсті, мен көндім деп бас шұлғып, құлдық ұрып жүре
бермек пе? Адам болып жер басып жүрген соң жүрегіңді жарып шыққан шын сөзіңді айта алмай
бүгежектеп, төменшіктеп кеткен ғұмырдың атасына нəлет демей ме?!
Аяан байыз тауып отыра алмай орнынан тұрып кетті. Баы салбырап, аяғын сынап басып, ашық
алаңға қарай беттеді. Тасадан шыға келген екі кемпір тыпың-тыпың басып, оның соңынан
ілесті.
Тым-тырақай қашып жөнелген аурулар ізім-қайым. Желең жүретін бейшаралар кешең күздің
кешкі ызғарына шыдамай бөлмелеріне барып тығылған тəрізді. Жұрттың зəре-иманын алып,
тыным таппай жүретін Напалеон де көрінбейді. Екі кемпір қара суықта сыртқа өзін көргеннен
кейін ғана шыққан сыңайлы. Оларды көзі шалса бүкір шал да шауып келеді. Оның соңынан
Сталиннің суретін көтеріп, Напалеон шығады. Дүние қызық. Осындай шынжыр бауындай
бірімен бірі жалғасып жатады. Мұндағылар бəлен уақыттан бері бір-біріне үйренген. Бір


шаңырақтың адамдарындай селбесіп тірлік кешуге дағдыланған.
Аяғанның ойы дəл шықты. Көп ұзамай жетектескен екі кемпірді көріп, қисық доңғалақ секілді
қисалаңдап, ентігіп бүкіш шал жетті. Аяған барда екі кемпірге тиіспейді, ауқасы салбыраған
кəрі бұқадай сүмеңдеп соңдарынан еріп отырады. Оның көзі тайса болды, емпеңдеп келіп,
біреуіне жармасады. Құшақтап алып, кемпірдің қарсыласқанына қарамай шолпылдатып сүйіп
жатады. Қисалаңдап əрең жүрген шал бірнəрсе бүлдіріп кетердей кемпірлер баж-бұж етіп,
бңкшеңдеп қашып əлекке түседі. Аяған сексендегі адамдардың қылығына күлерін де, күйінерін
де білмей тұрады.
Жындыханаға алғаш келгенде ауруларға сырт адамның көзімен қарап, олардың əс-əрекетіне
күлетін. Олармен етене танысып, қасірет-қайғысын тереңірек түсініп, жан-жүрегімен сезіне
бастаған күннен оларға басқа көзбен, жанашыр, тағдырлас адамның көзімен қарады.
Жындылардың күнделікті тіршілігі адамның жанын шошындыратын іс-əрекеттерден қана
тұрмайды екен. Мұнда езу тартқызар күлкілі жағдайлар жиі болып тұрады. Аяған дені сау
адамдар ойлап таба алмайтын оқиғалардың талайына куə болды. Сондай сəттерде осылардың
ауру екендігіне сене алмай, аң-таң қалатыны бар. Күлкілі жағдайларды ойлап табуға əсіресе
Напалеон тапқыр. Жас кезінде əзілқой, сайқымазақ адам болғанға ұқсайды.
– Бикештерге салют!
Аяғанның ойын Напалеонның дауысы бөлді. Бұрылып қараған, қолында мұртты əулиенің суреті
жоқ екен. Екі қолын қалтасына салып, бұраң-бұраң етіп, дедектеп келеді.
– Саламон, жаңалық бар ма?
– Мен газет оқымаймын,– деді оның келісін жақтырмаған бүкіш шал.
– Сен естімеген екенсің ғой бейшара. Сұмдық, Саламон, сұмдық!
– Не боп қалды? – деп зəресі ұшып кеткен шал басы қалтаңдап.
– Сыртта ереуіл, көтеріліс!
– С-с-ұмдық екен... Аманымызда осында орналасып алғанымыз қандай жақсы болған.
– Ақымақ! Аурухананы қопаруға бір бомба жарайды.
Саламонның қорқынышы соншалық, екі көзі алақтап, пəледен сол ғана құтқарып алардай,
Напалеонға жаутаңдады. Аракідік еңкіш тартқан еңсесін тіктеп, əлдеқайда құлақ түреді.
Жанында тұрғандардың сөзін əрең еститін, шаруасы əлдеқашан біткен құлаққа трамвайдың
тарсылы, машинаның гүрілі мың сан адамның айқайындай, зеңбіректің гүрсіліндей болып
естіле ме, бейшара Саламон тыпырлап келіп, Напалеонның тасасына тығылады.
– Саламон, депутаттар келе жатыр дейді. Сталиннің заманында үлкен қызметте болғандарды
бауыздайтын көрінеді.
– Милиция!.. Хабарлау керек,– деп тыпырлады есі шыққан бүкіш шал.
– Ақымақ! Мілиса депутаттарды тоқтата алмайды. Басқа амалын тап, достым.
– Басқа амал... Басым істемейді менің,– деп жыламсырад Саламон.
– Ондай басты ауыстыру керек, педераз.
– Қа-а-лай?
– Былай,– деп Напалеон қолының қырымен мойнын бір кесіп көрсетті. – Қиқ еткізіп кесіп алып,
мусор жəшігіне тастай салу керек. Өзіңнің қолыңнан келмесе “Қайырымдылық кооперативі”
бар. Олар жаныңды қинамай өлтіріп, арулап көмеді. Қалай қарайсың, Саламон?
– Аулақ, аулақ! – деп шырылдаған бүкіш шал тұра қашты.
– Əй, милау! Ол жақта депутаттар бар.
Амалы құрыған бүкіш шал сүйретіліп қайтып келді де, Напалеонның шалғайына жармасып,
жалына бастады.
– Напалеон, көмектесе гөр. Жақсылығыңды ұмытпаймын.
– Ұмытып кетесің сен педераз. Береріңді алдын ала бер,– деді Напалеон. Саламон қолы


қалтырап, қалтасынан қапшығын шығарып, аузын əрең ашты. Үш сомдықтың біреуін
Напалеонның қолына ұстатты. – Сенің құның үш-ақ сом бе-ей, педераз? Саламон патша! Тым
арзандап кетіпсің ғой сорлы...
– Міне, тағы қостым,– деп үш сом ұсынды.
– Бөтелкенің қымбаттап кеткенін қашанғы айта беремін саған, миғұла! – деп зекірді Напалеон.
– Бөтелке адамның басынан қымбат қазір,– деп жыламсыраған бүкіш шал бүктеле-бүктеле
қырқылып кеткен бес сомдықты Напалеонға қиналып əрең берді.
– Жүр мен сені ешкім таба алмайтын жерге жасырайын. Зынданға түсіп көріп пе едің?
– Баяғыда, елу жыл бұрын...
– Баяғыда өзің сияқты мықтылар, халықтың қаймағы сонда жатқан.
– Өзің біл. Депутаттар басыңды кесіп алады, денеңді итке тастайды. Патша басыңмен итке жем
боласың,– деп Напалеон мырс-мырс күлді. Амалы құрыған шал еңкілдеп жылап, оның соңына
ілесті.
И-и, сорлы-ай! Зынданға түскендер қайтып шықпайды. Иманды бол,– деді қазақ кемпір. Шал-
кемпірлердің спектаклі Аяғанның езуіне күлкі үйірді. “Үлкен театрдың атақты актерлері де аяқ
астынан дəл осындай сахнаны жасай алмас еді-ау” деп ойлады жігіт. Əсіресе Напалеонның
тапқырдығына соншалық таң қалды. “Осы бір замандарда театрда істеген шығар” деген ой
келген. Қашып құтыла алмай жүрген Саламонға жандары ашып, көздері жасаурап тұрған екі
кемпірге қарап:
Өмір деген осы. Қайғысы мен күлкісі қатар жүреді,–деп Аяған езу тартты. Екі кемпір келісіп
алғандай кеуделерін кере терең күрсінді.


48
Хадиша келгелі балалардың үсті-басы тазарып, жүздеріне қан жүгірді. Əйел адам
болмағандықтан үйден береке кетеді екен. Кішкене ғана екі бөлмелі үй көптен бері
тазаланбаған, ыдыс-аяқ, киім-кешек бес батпан кір. Нұрша қайтқалы да біраз уақыт өткен.
Ыдыс-аяқ пен үй тазалау қарғадай Елжастың мойнында. Қуат қария үш ботасына домбайлап
тамақ жасап беретін. Енді міне, Хадиша келіп, сол ауыртпалықтың барлығын алды.
Қуат қария мықтап қартайыпты, еңсесі еңкіш тартқан, қалжырап, сансырап кеткен тəрізді.
Алматыда көргендей ашық-жарқын мінез жоқ, күні бойы азапты ойдың шыжымын тартып,
тымырайып үндемейді. Тамаққа тəбеті нашар. Анда-санда болмаса немерелеріне де
еміренбейді, кейде Олжасты құшақтап алып, кісінің жүрегін шымырлататын мақамға салып,
сарнап, қимыл-қыбырсыз отырады да қояды. Жарық дүниенің бар жақсылығынан, қызық-
қуанышынан үмітін біржола үзген, баз кешкен пенде сияқты, көзінен жылт еткен сəуле
байқалмайды.
Аяғанның қандай жағдайға тап болғанын Хадишадан сұрап білген. Оның Алматыға кетіп, хабар-
ошарсыз, ізім-қайым жоғалғанынан күдік алып жүретін шал даурығып, айқайға аттан қосып,
жұртты дүрліктірмей іштен тынды.
Жайсыз хабардың шалға қаншалықты əсер еткенін Хадиша ертесіне білді. Қуат қария үш күн
бойы орнынан тұра алмай, аузына бір үзім нан салмай, таскерең, мылқау адамдай тілін тістеп
жатты да қойды. Ертелі-кеш тамағы сүт қатқан шай. Төртінші күні бас жағына келіп, өксіп
жылаған Олжастың дауысынан шошып оянып, орнынан атып тұрған. Көз жасын көлдетіп,
ботадай боздап тұрған немересін құшақтап, үнсіз егілген. Үш немере тұрғанда күйреп түсіп,
күйзеліп жатуға болмайтындығын түсінген тəрізді. Содан қайтып жатпады. Қайтадан қазбалап
Аяғанның мəселесін қозғамады. Жарық дүниенің барлық қиянатына, əділетсіздігіне қылар
шарасы таусылып, шаршаған, көнген сыңайлы. Ерте тұрып бес-алты қой мен жалғыз сиырына
шөп салып, су береді, қалған уақытта ештеңемен, ешкіммен ісі жоқ, ой түкпірін ақтарып,
меңірейіп отырады да қояды.
Жұма сайын таңертең торы биесін ерттеп мініп, Ақкүнгейдегі ата-баба моласына барып, түске
қарай қайтып оралады. Бұрын аптасына бір рет барса, соңғы уақытта Ақкүнгейге ат басын
бұратын болып жүр. Қуат қарияның жүріс-тұрыс, мінез-құлқына қарап, Хадишаның көңілі
күдікке күпті. Оның байқауынша, шал кемпірінің соңынан Ақкүнгейдегі аруақтар жайлаған
шаһарға біржола аттанып кетпекке дайындалып жүрген тəрізді. Мұндай сəтте Хадишаның
жүрегі суылдайды. “Аяған аға босанып шыққанша аман-есен болса екен” деп іштей алла
тағалаға жалбарынады.
Келіншектің кейінгі күндері сезгені – шалдың аяғына тұсау болып, еркіне жібермей жүрген
негізгі себеп – үш немересі екен. Қуат қария үш баланың қамы дегенде ширап, ширыға түсетін
тəрізді.
Желтоқсан айының бірінші жұлдызында Қуат қария құранды басынан аяғына дейін жаңылмай
жатқа соғатын Тілеген молданы Ақкүнгейге алып барып, ата-бабасының, əке-шешесінің, тəңірі
қосқан жарының, келінінің аруақтарына бағыштап аят оқыды. Осыдан кейін үлкен міндетінен
құтылғандай жеңілдеп қалды.
Сол күні кешке шай үстінде ол ұлының шаруасы туралы əңгіме қозғады.
– Шырағым Хадиша, бұл əулетте менен басқа Аяғанды іздейтін ешкім жоқ. Əкеден мен де, ол да
жалғыз. Менің жағдайымды өзің көріп жүрсің,– деп күрсінді шал бауырыл сақалын саумалап
отырып. – Алматыға барып, есік тоздыратын шама қайда, қарағым. Аяған тым ұзақ жатып
қалды. Өлі ме, тірі ме бір хабарын білейік.


– Мен барып келейін, ата,– деп Хадиша лып ете қалды. Шал шайды сораптап ұрттап, біразға
дейін басын көтермей үнсіз қалды.
– Шырағым, мен мына балаларға қарамақ түгілі өз басымды əрең алып жүрмін,– деді шал.
Еңбектеп келіп, қолына жармасқан тоғыз айлық Асылханды құшағына қысып, маңдайынан
сүйді. – Үлкен жігіт бол, ботам!..
Бибімен ойнап жүрген Олжас жүгіріп келіп, Асылханды бақыртып, көтеріп ала жөнелді. Көз
жасын көлдетіп, Олжасқа көнгісі келмей тыпырлап бара жатқан ұлына Хадиша назар
аудармады. Анасының көңілі суып қалады деді ме Қуат қария:
– Олжатай, ініңді жылатпасаңшы,– деп дауыстады. Шалдың түпкі ойын бірден түсінген
келіншек:
– Ой, ата, ол жаман немереңіз бақырып-бақырып қояды. Əуейіне əуектей берсе жаман үйреніп
кетеді. Баланы сүйрелеп жүріп өсірген жақсы,– деп күлді. Түпкі бөлмеге кіргеннен кейін
Асылханның дауысы сап тиылып, сықылықтаған күлкісі естілді. Осыдан кейін ғана шалдың
көңілі орнына түсіп, əңгімесін сабақтады.
– Аяғаным түрмеде жатқанда Қуандық Сəруаров деген жас жігітке барып едім. Баламның ісін
жылы жауып қойған Сергекбаев деген біреу сол баланың алдында құрдай жорғалап еді,
шырағым. Аяғаныма сол қол ұшын берген.
– Ол кісі орталық партия комитетінде қызмет істемейді екен, ата,– деді Хадиша қартқа жасқана
қарап. – Аяған ағаның тапсыруымен арыз жазып барып, таба алмай кеткенмін. Арызымды сонда
қалдырып едім, кісіге жаны ашымайтын бір оңбағанның қолына түскен шығар. Аяған ағаны
жақтайтын студенттердің қолынан не келсін. Олар өз бастарымен қайғы болып жүрген шығар.
– Е-е-е,– деді шал басын изектетіп. Құрдымға құлап, амалы құрыған пендедей баз кешіп отыр. –
Ол жолы да Қонаевқа хат жазып ем. Сол кісіден басқа кімге шағынамын енді. Қонаев ақсақалға
хат жазайық, қарағым.
Хадиша сөзге келген жоқ, қалам-қағазын дайындап, шалдың аузынан шығатын сөзді жазуға
дайындалды. Қуат қария əңгімесін неден бастарын білмей біраз дағдарды.
– Ал, жаз, шырағым,– деді бір кезде сақалын саумалап отырып. – Бек құрметті Дінмұхамед
замандасым деп жаз. – Хадиша оның аузынан шыққан сөзді қағазға түсірді. – Олай емес,
айналайын Дінмұхамед деп жаз, шырағым. Айналайынды ұмытпа.
Хадиша шалдың аузынан шыққан сөздің барлығын сол күйінде жазды. Қуат қарияның ең соңғы
сөзі көңілін босатып, көзіне жас үйірді.
– Кішкентай үш немеремді кімге аманаттап кетерімді білмей, сүйегімді сүйретіп, сағатымды
санап жүрген сорлымын, – деді шал дауысы бұзылып. Бір сəт шал да, келіншек те іштей өксіп,
үнсіз қалды. – Сізден басқа сенер адамым қалмады. Жақсылығың адамнан қайтпаса құдайдан
қайтсын. Аумин! – деп Қуат қария бетін сипап, орнынан тұрды да, тонын жамылып сыртқа
шығып кетті.
Хадиша хатты жүйелеп, қайталап таза қағазға көшіріп, ең соңына Қуат қарияның аты-жөнін,
тұрағын жазып, дауыстап балаларды шақырды.
– Қонаев аталарыңа хат жаздық. Барлығымын құдайға сыйынайық, балалар. Біз құдайға
сыйынсақ Аяған көке көп ұзамай қайтып келеді,– деді келіншек хатты жүрек тұсына басып. – А-
а, құдай, тілегімді бере гөр. Көз жасымды көріп, Аяған көкемді босата гөр...
Балалар Хадишаның айтқанын соншалық бір зор ықыласпен қайталады. Аяғанның көп ұзамай
босанып келетіндігіне келіншек те сенді. Хадишаның көңілін арбаған жұмбақ сезім шындап
қуануды ұмыта бастаған жүрегін лүпілдетті.


49
Желтоқсан орталанғанмен жерде қар жоқ, қара суық қағынып тұр. Аурулар бұрынғыдай
сенделіп сыртта жүрмейді, аулаға телміре қарап, терезенің түбінде отырады. Күннің жылы
кезінде сыртта кездесіп, жоқты-барды əңгімелеп қуат өткізетіндер қазір бірін-бірі асханада ғана
көріп, сəлемдескеннің ырымын жасап, жымыңдап күледі. Кейбіреулері арсалаңдап келіп,
көптен көрмеген досын бас салып құшақтап, даурығып асхананы басына көтереді. Мұндай сəтте
санитарлар көзді ашып-жұмғанша сап ете түседі. Аурулар үшін олардан қорқынышты ешкім
жоқ, ақ халат кигендердің қарасы көрінген сəтте кіріп кетер тесік таппай тыпырлайды.
Екі кемпір Аяғанды сағынып қала ма, оны көрсе тыпыңдап келіп, жұрттан жасырып, бір
жапырақ нан, қант, кəмпиттерін қалтасына тықпалайды. Жігіт олардың көңілін қимайды,
қаламай тұрса да қолдарын қақпайды. Рахметін айтып, алғысын жаудырады. Ол бейшараларға
жылы сөзден басқа не керек дейсің, жымыңдасып мəз болып қалады.
Аяған кемпірлер берген нан, кəмпит, қантын біраздан бері сөек тартып жатқан Саламон
патшаға тасыйды. Напалеонның сөзіне сенген бейшара депутаттардан қорқып, зынданға
тығыламын деп екі өкпесіне суық тигізіп, мұрттай ұшқан. “Əй, осының беті бері қарамас-ау”
деп ойлаған, орнынан тұрып кететіндігіне дəрігерлер де сене қоймап еді, жаны сірі неме екен,
аман қалды əйтеуір. Ұзақ төсек тартып, саржамбас болып жатқандықтан өз еркімен тұрып, жүре
алмайды. Тамақты төсегіне əкеліп береді. Өзі соншалық ашқарақ. Алдына келген асты əпсəтте
қисыпыр қылады, сонда да ішін жылан жалағандай жалаңдап отырады. “Осының асқазаны тас
қорытатын шығар” деп Аяған таң қалады.
– Саламон патша, сізге қыздар беріп жіберді,–деп алып келген заттарын бүкіш шалдың
тумбасының үстіне қояды. Сол сəтте оның қабағының қыртысы жазылып, көзіне нұр ойнап
шығып, жүзі бал-бұл жанады.
Саламон патшаны “зынданға” қамап, өлтіріп қоя жаздағаны үшін Напалеон жазасын тартқан.
Қазір ол басқа палатада тұрады. Бұрынғыдай əр сəт сайын қыдыңдап, өзі əрең жүрген бүкіш
шалдың мазасын алмайды. Кей күндері есіктен сығалап, ішке кіре алмай мөлиіп тұрады
бейшара.
Күн суыта бастағанда “беті бері қараған” біраз адам ауруханадан шығып кеткен. “Мені де
босатар” деген есек дəмемен бас дəрігерге барып, жағдайын түсіндірмек болған. Ол
сыңарезулей күліп, Аяғанды жүре тыңдады, ашуға мінген жігіт шыдай алмай айқайды салып,
жағасына жармасқан.
– Сендер мені заңсыз ұстап отырсыңдар. Бұларың қылмыс. Үлкен мамандарды шақырып,
консилиум жасаңдар. Мен саумын! – деп айқайлап, тамағын езіп-езіп жіберген жігітті бас
дəрігер жүрегінің тұсынан қатты ұрған. Ол екі бүктеліп отырып қалды. Сол екі арада санитарлар
жетіп келіп, дем жетпей екі бүктеліп отырған жігітті сүйреп ала жөнелді.
– Бəрі жағаға жармасады, жарыместер! – деген бас дəрігер қисайып кеткен галстугын түзеп
тұрып. – Артығырақ дозамен укол беріңдер. Оған сол керек шығар.
Бас дəрігердің айтуымен артық дозамен ине салғаннан кейін ес-түсінен айырылып, не өлі емес,
не тірі емес, екі дүниенің ортасында былқ-сылқ етіп ұзақ жатқан. Бір пенде келіп, басын сүйеп,
аузына су тамызбады. Қол-аяғы байлаулы, темір төсекке таңылған ол өлердей қаталап, таңға
дейін əрең шыдаған. Таң атқанмен де жанына ешкім жолай қоймады. Дауыстап шақырды, барын
салып айқайлады, санитарлар келіп санын шымшылап, қу жанын одан сайын қинады. Аяған
оларға жалынды, жалбарынды. Бірақ мұнысынан ештеңе шықпады, олар қиналып жатқан
бейшараның аузына бір тамшы су тамызудың орнына мазақтап күлді.
– Өзіңе сол керек. Енді артыңды қысып, тыныш жүретін боласың, кеңкелес,– деді шығып бара


жатып. Екіншісі тарқылдап күлді.
Түске қарай екі дəрігер келіп, тілі тобарсып аузына сыймай, шөл қысып, қиналып жатқан жігітті
қараған болып кетті. Түскі тамақты ішуге шамасы жетпеді, бір стакан сары суды сіміріп алды
да, сұлқ түсіп жатып қалған.
Дəрінің əсері ме, жоқ əлде, ортаның ықпалы ма, соңғы уақытта Аяған мінезінің өзгере
бастағанын байқап жүр. Қақаған суықта есік алдындағы лапастың алдында бүрісіп отырады да
қояды. Əлдекім іздеп келіп қалатын сияқты елегізіп, палатаға сыймайды.
Камал, Қанат, Ерік үшеуі келіп, біраз əңгіменің басын қайырған. Мына жындыханадан қалай
босатып алуға болатындығы туралы ой бөліскен, олар арыз жазып, үлкен үйге бармақшы еді.
Көптен бері жігіттерден хабар жоқ. Соған қарағанда бір төтен жағдай болған сыңайлы. Мұса,
Жақия қарап жатсын ба, сірə.
Анда-санда туыстарын іздеп келіп, жан-жағына үркектей көз тастайтын адамдарға таң қалып,
ұзақ қарап тұратыны бар. Олар сақал-шашы рабайсыз өсіп, ағарып кеткен, сықпыты ауруға
ұқсағанмен көзінде мұңлы сағыныш бар жұмбақ пендеден қорқатын тəрізді. Оған мүлде назар
аудармауға тырысады. Қалт еткенді қағыс жібермейтін Аяғанның сұңғыла көңілі босап,
күйініштен көз шарасы жасқа толады.
Соңғы уақытта ол тым мазасыз. Аурухананы қоршаған биік дуалды жағалап, саусақ сұғар
саңлаудан сыртқа үңіледі де немесе сол тесікке құлағын тақап, дыбыс аңдиды. Трамвайдың
дүрсілі мен машиналардың шуынан басқа ештеңе естілмейді. Сыртқы дүниеден мүлде хабар
жоқ, сол баяғы бейқұт тірлік, мамыражай өмір өз заңымен ілгері жылжып жатқан сияқты болып
көрінгенмен жігіттің көңілі алаңдап, байыз таба алмай тыпыршиды. Анау күні екі санитардың
əңгімесін құлағы шалып қалған. Олардың айтысына қарағанда, Алматыда екі күн бойы қазақ
студенттері мен жұмысшы жастардың қатысуымен үлкен ереуіл болған көрінеді. Толып жатқан
адам өліп, Алматыны əр жақтан келген мыңдаған əскер қоршап алған тəрізді. Екеуінің
сыбырласып сөйлескен əңгімесін естігелі бері түнде ұйқы жоқ, көзі ілініп бара жатқан құлағына
дүрліккен жұрттың дүбірі шалынып, шошып оянады. Əбден зəрезеп болып қалған сорлы басы,
сол ереуілге қатысың бар деп үш əріптің адамдары ойда жоқта сап ете түсердей жүрегін үрей
шымшиды.
Шындықты білетін ешкім жоқ. Əңгіме сұрайын десе дəрігерлер мұны кісі екен демейді. Бір-
екеуін жағалап, хабар білгісі келіп еді, ол шіркіндер айқайды салып, маңына жолатпады.
Олардан ештеңе сұрап біле алмасына көзі жеткен Аяған екі-үш күннен бері туыстарына келіп,
кететіндердің жолын тосып жүр. Бірақ ерегескендей сол хабар шыққалы бері ешкім келе
қоймады.
Қазір де міне, темір қақпаның түбіндегі жуан терекке бекіткен тақтай орындықта отыр. Отырған
жері ық, соған қарамастан желтоқсанның қара суығы табанынан өтіп, шекесіне жетті, тісі-тісіне
тимей қалшылдап тоңса да кеткісі жоқ. Бүгін ешкімнің келмейтіндігіне көзі жеткен соң
орнынан тұрып, əрі-бері жүгіріп, денешынықтыру жаттығуларын жасауға кірісті. Бойы сəл
жылынды. Кенет қақпаның алдына машина келіп тоқтады. Жаттығу жасап жүрген жігіт теректің
тасасына тығылып, кірпік қақпай қақпаны аңдыды. Көпке дейін үлкен есік ашыла қоймады.
– Балам-ау, мені қайда алып келдің?
– Басқа амалым болмады. Жан сақтаудың жалғыз жолы осы, əке,– деді біреуі.
– Құдай мені қанды қырғын соғыстан осыны көрсін деп əдейі аман алып қалған ғой, сірə,– деді
қарлыққан дауыстың иесі.
– Артық сөздің керегі жоқ. Мұнда бөтен адамдар бар.
– Бөтен... Бəрі бөтен. Мен де бөтенмін,– деді қарлыққан дауыстың иесі. – Бөтен екенімді 17
желтоқсанда білдім.
– Үндемеңіз дедім ғой. Үндемеңіз!..


– Ал үндемедік,– деді мырс-мырс күліп. – Үндемей жүріп жеткен жеріміз осы болды. Үн
шығарып ек басымыз жарылды.
– Үндеуге болмайды деймін. Не деген түсінбейтін адамсыз?!
– Жер басып жүруге болмайтын шығар. Не жазып ем жаратқанға?!
– Сіз асарыңызды асап, жасарыңызды жасадыңыз. Қойыңыз, күйіп тұрған заманда бекер
күйдірмеңіз.
– Өл дейсің бе маған енді...
– Айтаққа ерген ақымақ балаларға қосылып неңіз бар еді?! Олар шетіне маскүнем, шетінен
наркоман... Ал сіз... Міне, соның нəтижесі.
“Апыр-ау, мынау таныс дауыс қой. Кім болды екен?!” Аяған қаншалық бас қатырғанмен əлгі
дауыстың иесін есіне түсіре алмай-ақ қойды.
– Қартайғанда шығардыңыз өнерді. Хомейни... Аятолла Хомейни болғыңыз келді ме?
– Аятолладай елімнің жыртығына жамау болуға жарасам арман не?!
– Елдің жыртығы əлдеқашан бүтінделген. Жыртыққа жамау салу жоқ қазір. Ол кешегі күн.
– Бүгінгі күн – кешегі күннің жалғасы, балам.
– Кешегі күн жоқ, əке. Бүгінгі күн мүлде басқа. Мүлде жаңа...
– Көрдім кеше,– деп мырс күлді шал. – Нəтижесі мынау жара.
– Нəтижесі алда. Шекедегі жара жазылар,– деп күрсінді баласы. – Сіз, əке, саяси қылмыс
жасадыңыз.
– Мен бе? Маған айтасың ба?
– Сіз!..
– Мен отыз алтыншы жылдан коммунистік партияның мүшесімін.
– Ойнамайтын көзіріңізді көлденең тарта бермеңіз, əке. Елу жылдық партстаж гарантия емес.
– Құдай берген жанын өзі алады,– деді шал. Осыдан кейін əке мен бала үнсіз қалды. Аяғанның
есіне əкесі түсті.
“Олар не күйде екен? Мені жоғалтып алып, қан жұтып жатқан шығар. Хадиша барды ма екен?”
Осы сияқты сұрақтар жолын кесті. Көңіліне қара шауып, жанын мұң баурап алды. Хадиша
ауылға кеткелі де біраз уақыт болған. Аяған осы бір ұзақ үнсіздіктен қорқады.
– Өзіңізді өзіңіз сыйласаңыз ақымақ балаларға еріп, алаңға шығар ма едіңіз,– деді баласы. Аяған
елең етіп, қаптап келіп қалған қалың ойдан тез арылды. Қақпаның дəл түбіне келіп, сыртқа
құлақ тосты.
– Шиеттей балалар шырылдап жатқанда қалай шыдап отырайын. Жасырмаймын, таяғыма
сүйеніп, алаңға барғаным рас. Басқалар секілді үйімде отырып ұрандап, жала жұғады деп
қорыққаным жоқ. Маған халқым қымбат,– деді шал. Түрін көрмеген ақсақалға Аяған разы
болып тұр.
– Сіз партияның саясатына қарсы шықтыңыз.
– Мен əділетсіздікке қарсы шықтым.
– Қандай əділетсіздікке? Қандай? – деп баласы ашуланып, дүрсе қоя берді. – Бəлкім, Пленумның
шешіміне қарсы шығарсыз. Солай ма? Бұл орыс халқына, партияға қарсылық!..
– Партия бір ғана орыс халқының меншігі деп кім айтты саған? – деп ашуға мінген шал дауысын
көтере сөйледі. Екінші адамның беті қайтып қалған сияқты, дауысы бəсең шықты.
– Т-и-ш-е-е! Орыс халқы – ұлан байтақ Россия... Олар көп. “Кімнің арбасына отырсаң соның
əнін айт” дейді, əке. Қонаев жоқ. Қазір Колбин. К-о-л-б-и-н...
– Ұлттық белгі емес, адамгершілік, ар сөйлейтін тұста мен неге үндемей қалуға тиіспін? Жə,
селкілдеме! Лениндей кемеңгерді туған ұлы халықтан Ежов сияқты қаныпезер де шыққан.
– Т-и-ш-е! – деді баласы үрейленіп. – Ежоқ жоқ қазір, жоқ! Есіңізді жиыңыз! Болды, əңгіме
осымен бітті.


Ол темір қақпаны тарсылдатып ұра бастады. Бейқам тұрған Аяған селк ете түсті де, теректің
тасасына тығылды. Жуықарада ешкім келе қоймады.
– Қалшылдама, балам. Орыстың қадырын сене гөрі мен жақсырақ білемін. Мен олармен бірге
қан кешіп жүріп, Отанымды азат еткенмін. Үш бірдей бауырыма Россия жері мəңгілік мекен
болған. Мен бір аяғымды Мəскеудің түбінде фашистерге садақаға бергенмін.
– Соның барлығын бір күндік ісіңіз жуды да кетті. Еңбегіңіз зая, əке. Еңбегіңіз – еш, тұзыңыз –
сор болды.
– Солай ма еді! – Шалдың дауысы бұзылды. Баласының жаңағы сөзі шамына тиіп кеткен
тəрізді. – Мына аяғым қайта өсіп шығады екен ғой. Үш бауырым тіріліп келіп, көзайым болады
екенмін-ау...
– Тынышталыңыз, əке,– деді баласы жалынышты үнмен. – Мына шу басылғанша осында
боласыз. Екі елі ауызға бес елі қақпақ. Ештеңе білмейсің, алаңға шыққан жоқсыз.
– Жетпіс жеті жыл айтпаған өтірігімді енді қайтып айтамын? – деді шал жыларман болып. –
Балалар мен қыздарды шырылдатып итке талатқан əбес əрекетті қай жерде болса да айтамын.
– Жала! Мұныңыз шындыққа қиянат. Олар наркомандар! – деп шамданды баласы.
– Екі солдат қарғадай қызды шырылдатып сүйреп барады екен, арашалап алайын деп тұра
ұмтылдым. “Ол – ана. Анаға қол көтеруге болмайды” дедім. Еңгезердей біреуі жалт бұрылды,
алдымен кеудемдегі орденіме қарады. “Міне жау! Кеңес үкіметінің барлық жақсылығын көрген.
Өзі орыстарға қарсы” деп айқайлап келіп, қақ маңдайымнан қойып жіберді. Бұл да жала шығар,
сірə.
– Кінəңіз бар себебі.
– Отаным үшін жанымды аямаған мен, қарт коммунист Кеңес солдатынан таяқ жедім,– деді шал
күйінішті үнмен. – Үндемеуім, сойылға жығылғанымды жасыруым керек екен.
– Айқайлағанмен қолыңыздан не келеді? Қарсылассаңыз тура жібереді. Сондықтан үндемеңіз, ə-
ə-к-е... Үндемеңіз!
Аяған аяңдап келіп темір қақпаның иненің көзіндей саңлауынан сығалады. Таяқ ұстаған ақ
сақалды шалды көрді, баласы теріс қарап тұр екен. Əлдекімге ұқсайтын тəрізденді, оның кім
екенін бірақ біле алмады. Дауысы да соншалық таныс.
– Алаңды əскермен қоршап, тəңкі əкелетіндей неден, кімнен қорықты екен, а?
– Шектен шығып барасыз. Еске салмаңыз ол күнді. Алаңдағы жағдай достыққа жасалған
қиянат.
– Достық деймісің? – Шал мырс күлді. Сонан соң біраз уақыт үнсіз қалды. – Достық деген
Қарағандының көмірі, Қаратаудың, Маңғыстаудың қазба байлығы ма, балам? Əне, Семейде
талай жылдан бері дүңкілдетіп бомба жарып жатыр. Бəлкім, достық деген сол шығар.
– Қойыңыз деймін, қойыңыз! Семейде не шаруаңыз бар? Онда радиация жоқ.
– Жоқ болса жоқ шығар. Бірақ мүгедек болып туған балалар көп дейді ғой. Бірінің көзі, бірінің
қол-аяғы жоқ дейді. Күні ертең басы жоқ балалар келсе ше дүниеге? Е-е, жалған дүние-ай,– деп
күйіне дауыстады шал. – Əне, солар біздің болашағымыз.
– Үй артында адам бар,– деді баласы. Бірақ шал оны тыңдамады.
Ұйықтап қалған шындық оянып, өзінің бар екенін айту үшін алаңға шыққан. Оны итке талаттық
қой, балам.
– Шындықты емес, экстремистерді, наркомандарды, бұзықтарды... Оларды ату керек! – деп
тістене кіжінді баласы.
– Саған нысана болсам арманым жоқ, балам.
– Жүйкемді тоздырмаңыз, əке,– деді абыржып қалған жігіт шаршаңқы дауыспен. – Дүние сізбен
бітпейді. Ол жалғаса береді. Бізге əлі өмір сүру керек. Кешегі күн өмір емес, тарих.
– Иə, біз кешегі күнбіз. Біз тарихпыз. Сондықтан да ешкімге керек емеспіз,– деп күрсінді шал.


Аяғанның есіне Алдияр Ақпанұлының “тарих үкімет басына келгендерге əрқашан кедергі
жасайды. Сондықтан оны дүркін-дүркін жаңалап отырады” деген сөзі түсті. Мына шал да осы
ойды жаңғыртып тұр.
– Біз жемтікпіз, əке. Тарихтың жемтігіміз.
– Еш болған қайран еңбегім-ай,– деп күңіренді шал. – Жемтік болсын деп өсірмеп ем сені.
– Осымен сөз бітті. Осы төңіректе біреу жүрген сияқты,– деді баласы қақпаға бұрылып.
Саңлаудан сығалап тұрған Аяған өз көзіне өзі сенбеді. Мұса Байларовты көрмегелі не заман.
Мүлде өзгермепті. Бұрын аса сабырлы, байсалды адам болып көрінуге тырысатын. Қазір басқа,
жан-жағына күдіктене қарап, тықыршып тұр. Пəле-жаладан аман-есен құтылу үшін əкесін
жындыханаға салмақ сияқты.
– Сіз осында қала тұрасыз. Шу басылғанша əрине. Түсініңіз, жауым аз емес, əке,– деді ұлы
мұңайып.
– Мені қорламай ауылға, ағайын-туғанға жібер, балам,– деп қиылды шал.
– Ағайында өсектен басқа ештеңе жоқ. Маған жаныңыз ашыса, мен десеңіз осында боласыз. Сіз
осында жатсаңыз ғана менің жаным қалады. Дұшпаным біліп қалса, соңыма шам алып түседі.
Бəрін сыпырып алады, бəрін... Қызметті де, қызыл билетті де... Колбин ешкімді аяйын деп
отырған жоқ, əке. Ары қарай маған өмірдің керегі жоқ. Асылып өле саламын.
– Жə, жə! Жалғызым үшін жан пида. Сен үшін өмір сүрдім, сен үшін өлсем арман не?!
– Рахмет, əке! – деді Мұса əкесін құшақтап.
– Жүректегі жара ешқашан жазылмас, сірə...
– Уақыттан ұлы емші жоқ. Шыдайық, əліптің артын бағайық. Менің уақытым бітті. Əркімнің
артында бір-бір жансыз. – Мұса ашуланып, темір қақпаны теуіп-теуіп жіберді де, айқай салды.
Аяған шошынып, кейін шегініп кетті. – Ə-ə-й, кім бар анда? Бері кел!..
Ешкім жауап бермеген соң Мұса темір қақпаны дүңкілдетіп ұра бастады. Аяған аңдап барып,
кезекші дəрігерге адам келіп тұрғанын хабарлады. Өзі ілесіп келіп, қақпаның есігін ашуға
көмектесті. Мұса Байларов сақал-шашы өсіп, ағарып кеткен Аяғанға үрейлене жалт қарады,
бірақ танымады. Төс қалтасынан бір жапырақ қағазды суырып алып, дəрігерге ұстата салды.
– Бас дəрігермен келісілген,– деді Аяғанға қарап тұрып. Қайдан көргенін есіне түсіре алмай
тұрған сеуілді. – Сізге ескертемін деген.
– Иə, білемін. Жүріңіз, ақсақал...
– Ұлыиісті алып келіп тұрыңдар. Оны көрмесем, маңдайынан иіскемесем құса болып өлермін.
– Мақұл, əке. Əкеліп тұрамын ғой,– деді өзінен көз алмай түнеріп тұрған жүзі таныс жігіттен
қаймыққан Мұса. Аяғанның оған арналған сөзі көп-ақ еді, үлгере алмады. Мұса есікті тарс
жапты да, жебей басып, қол созымда тұрған машинасына ұмтылды. Жаңағы жігіттің Аяған
Қуатов екенін машинасына отырғанда бір-ақ біліп, жүрегі зырқ ете қалды.
– Ит! – деп кіжінді Аяған. – Адам емес, хайуан!


50
Қаншалық құмартқанмен Алматыдағы желтоқсан дүрбелең туралы Аяған айызы қанып, əңгіме
ести алмады. Дəрігерлердің қабағынан байқағаны – бұрынғыдай емен-жарқын емес, бірімен бірі
шешіліп сөйлеспейді, араларында бəлендей қақтығыс болмағанмен мұндағылар орыс-қазаққа
бөлініп алған сыңайлы. Соған қарағанда, үлкен дүрбелең болған-ау деп ойлайды. Нақты дерегі
жоқ алып қашты əңгімелерден кісінің жаны шошиды. Анда-санда туыстарына келіп, кетіп
жатқандардың сөздерін құлағы шалғаны бар. Орыстардың айтуына қарағанда, қазақ студенттер
қаланың бір шетіндегі бақшаға басып кіріп, кішкентай орыс балаларын өлтіріп кеткен көрінеді.
Осылай деп еңіреп жылап отырған кемпірді көріп, Аяған жағасын ұстады. Əкесіне келген қазақ
қызы алаңға шыққан жастарды танкпен таптағанын, жүздеген адамның қаза тапқанын айтып,
жылап отырды.
– Өзің көрдің бе? – деп сұраған Аяған.
– Құрбым айтты,– деді қыз. Бəрі осылай дейді. Ешқайсысы өз көзімен көрмеген, біреулерден
естіген. Аяғанның аңғарғаны – əркім өз ұлтын жақтайды, орыс пен қазақтың арасы тым ашылып
кеткен сияқты.
Мұса Байларовтың əкесін Напалеонның орнына əкеліп жатқызған. Шалдан сыр тартып көріп
еді, мүлде ештеңе білмейтіндей меңірейіп отырып алды. Балама жаманат жұғады деп
қауіптенетін тəрізді.
Соңына шам алып түсіп, сары ізіне шөп салып, осы жағдайға душар еткен кісінің əкесі екенін
біле тұра Ес қарияға Аяғанның көңілі құлады. Ұлы екеуінің арасындағы əңгімені толық естіп,
шалдың кім жəне қандай жан екенін білмесе оған соншалық ілтипат көрсетпес еді. Алғаш
көрген сəтте-ақ ол Алдияр Ақпанұлына ұқсайтын секілденген. Несі ұқсайтындығын қанша
ойланса да таба алмай діңкелеген. Шалдың нені болса да бетке тура айтатын мінезі, көрінгенге
сыр ашпайтын қасиеті, тауып сөйлейтін ерекшелігі Аяғанның есіне əр сəт сайын ұстазын
салады. Алдияр мен Есті құдіреті күшті құдекең бір материалдан жасай салғандай болып
көрінеді. Айырмашылық – сыртқы пошымдарында ғана. Ес еңселі, етжеңді келген, дөңгелек
жүзді кісі. Сиректеу сақалын еркіне қоя беріпті. Күні бойы сақалын саумалап, аллалап
отырғаны. Сыртқа да көп шықпайды, орысшаға шорқақ болғандықтан іші пысып жататын
Саламон патшамен шешіліп сөйлеспейді, оның үстіне бүкір шалдың шалды-күйлі сөздерін
естіген соң көңілі суып қалған сыңайлы. Бүкіш шалдың сұрақтарын естімеген адам болып жата
береді. Келгелі бері Аяғанмен де шешіліп сырласып, қарық бола қойған жоқ. “Мұндағылардың
барлығы ақылынан алжасқан адам” деп ойлайтын болу керек, бəріне күдікпен, сенімсіз көзбен
қарайды. Өзіне бағышталған сөзді жауапсыз қалдырады немесе сылтау айтып құтылады.
Келгелі бері шалды айналдырып, оның əңгімесіне шөлдеп жүрген Аяған бүгін де оны сөзге
тартты.
– Ақсақал, сыртқа шығып, таза ауа жұтып қайтпаймыз ба. Бүгін жексенбі. Əрі-бері жүріп, қан
таратып қайтайық,– деп өтініш білдірген Аяғанға шал аларып бір қарады да, үндемей отыра
берді. “ Қимылсыз жата бергеннен пайда жоқ. Сізге қимыл-қозғалыс керек, қария.
– Қимылдап-қимылдап болғанмыз, шырақ. Ұзынымыздан түсіп, қимылдамай жататын
уақытымыз келген біздің,– деді шал тық-тық жөтеліп.
– Жаны жайсаң жақсы адамдар бүгін де, ертең де, қырқасы, əрқашан керек, қария. Басқаға керек
болмасаңыз да қоғамға, адамдарға керексіз,– деді жігіт екі көзін шалдан алмай. Ес қария селк
етіп, оған жалт қарады. – Заман да, қоғам да жақсы адамдардың аздығынан қасірет шегеді.
– Е-е, солай де... Солай екен-ау,– деп кеңк-кеңк күлді шал. – Отыз екідегі нəубет, отыз жетідегі
зобалаң жақсылардың аздығынан болған екен-ау.


– Естисіңдер ме? – деп тып-тыныш жатқан Саламон жастықтан басын жұлып алды. – Сыртта бір
сұмдық болып жатқан сияқты. Рекет!.. Қашу керек!.. Полундра!..
– Жан тəтті болған жастық шақта бас сауғалап қашқанбыз. Енді қашқанда ұшпаққа
шықпаймыз,– деп күрсінді Ес қария.
– Ақсақал, жындыхана Кеңес үкіметіндегі ең қауіпсіз орын,– деді Аяған, тыпырлап орнынан
тұра алмай жатған бүкіш шалды тыныштандырмақ болып.
– Олар мұнда келмей ме?
– Келмейді.
Саламонның көңілі орнына түскен тəрізді. Көзіне жылт ойнап шығып, рахаттанып қарнын
сипады.
– Жақында пенсия өседі. Партияға мүше болғаныма елу жыл толады. О-һ-о, əлі өмір сүреміз
біз,– деді күлмеңдеп. Ес қария ақырын ғана күрсініп қойды.
– Естімеген елде көп деген...
– Естисіз, қария,– деді Аяған күйінішті үнмен таусыла сөйлеп. – Туған анасын бауыздап
өлтірген жауызды осында алып келген екен, ол қашып кетіпті.
– О-о, тоба!
– Бұл үй адамға да, наданға да пана болып тұр ғой қазір.
Естің қабағы шытылды. Аяғанның аузынан шыққан сөзді өзіне арналғандай ауыр қабылдады.
Айтып жіберетін ащы сөз тілінің ұшына келгенмен шал ашуын сабырға жеңдірді. “Ауру
адаммен” шапылдасып, шатақтасып жатқанды дұрыс көрмеді.
– Менің бетіме түкірмеген сен қалып едің, балам. Пенде баласына бастырмап ем кеудемді.
Қартайғанда көрдік-ау қорлықты,– деп егілді шал. Өзінің аңдамай ағат айтып қалғанын түсінген
Аяған шалды құшақтап:
– Кешіріңіз, – деді. Ес қария үнсіз қалды. – Сонымен сыртқа шықпаймыз ба? – Шал үнсіз бас
шайқады. – Менімен қатар жүргіңіз келмейді. Себебі – мен жындымын. Ал сіз сап-саусыз,– деп
мырс күлді жігіт. Ес оған жалт қарады. Екеуінің көздері тоқайласқан, шал басын тұқшитып,
“аллалап” сақалын сыйпады. Неге екенін өзі де білмейді, осы жігіттің алдында жүні жығылып,
абдырап қалады. Қай уақытта болса да өзінен көз алмай қадала қарап тұрғаны, кірпік қақпайды,
жүзі жылымайды. “Е-е, бейшара, ауру ғой” деп мүсіркейтін. Байқап қараса сөзі пысық, ауру
адамға ұқсамайды. Сақал-мұртын, шашын өсіріп жібергені болмаса басқа аурулар секілді əбес
əрекетке бармайды, ешкімге қосылмай жападан-жалғыз сыртта жүреді. Бір уақытта қалшылдап
тоңып, бөлмеге келеді де, шалқасынан түсіп жатып алып, терең ойға батады.
– Мен бəрін білемін, қария. Жалғыз баласы үшін басын оққа байлаған талай адамды білеміз.
Шал көкірегі қарс айырылардай күрсінді. Лəм деместен орнынан тұрып, қыстық пальтосын киді
де, есікке беттеді. Аяған оның соңынан ерді.
Жапалақтап қар жауып тұр екен. Жер дүние аппақ. Күндегідей емес, ауа жұмсарыпты. Аяған
аспанға қарап, аузын ашты. Бетіне қонған ұлпа қар еріп, мойнына қарай сырғанады. Ол жата
қалып, қарға аунады. Қар көрмегелі қанша уақыт. Қыстайғы өмірі түрмеде өтті. Мамыр айында
түрмеден шыққанда жерде алашабыр қар бар еді. Бірақ ол мынау сияқты аппақ, тап-таза емес,
əбден кірлеген, сүрленген қар болатын.
– Қария, қардың иісі қандай тамаша! – деп дауыстады Аяған. Жұп-жұмсақ қарды көсіп-көсіп
алып, құшыры қанбай иіскелеп, сонан соң бетін жуды. Қарға аунап, қарқ-қарқ күлген жігіттің
əбес əрекетінен күдік алып қалған. Оның сөзіне бола сыртқа шығып кеткеніне өкініп келеді.
– Қария, мен де өзіңіз сияқты мұнда күшпен түскен кісімін,– деді жүгіріп келген жігіт оны
құшақтап. – Жерге аунағаныма қарап, қорқып қалмаңыз. Мен де адаммын ғой, қария-ау. – Аяған
əнтек езу тартып, сөзін жалғады. – Сіз секілді жанымды мазалаған ойларымды ашық айтқаным
үшін Кеңес үкіметінің саясатына қарсы деп түрмеге қамады. Ол жерден ақталып шығып ем,


осында əкеліп қамады. Кешірмеді. Шырылдап шындықты айтқанды өгейсітіп, өкпеге тебе берсе
оның төрінде жағымпаздар мен қорқақтар, қара басының қамы үшін туған əкесін оққа байлап
кететін шіріктер қалмай ма, қария-ау.
– Əй, жерге қараттың-ау мені. Тірідей көмдің-ау əкеңді. Бар арманым – сені жеткізіп,
қызығыңды көру еді. Жеттім арманыма,– деп күңіренді шал.
– Мен балаңыз екеуіңіздің араңызда болған əңгімені түгел естідім,– деп Аяған төтесінен тартты.
Жайбарақат келе жатқан шал селк етіп, қалт тоқтады да, жігітке күдіктене қарады. – Сіз маған
өте ұнадыңыз, қария. Сізге басымды иемін. Сіз сияқты асыл азаматтар сирек. Өте сирек. Кімнің
кім екенін басыма іс түскелі біліп жүрмін. Қолында барда бетіңе жылтырағандар басыңа іс
түскенде танымай кетеді екен. Мен жалғыз қалдым. Шындықты айттың деп бəрі теріс айналды.
Тілімнің құрып бара жатқанын айттым. Ділімді қорғадым. Сол үшін Кеңес үкіметінің саясатына
қарсы адам болып шықтым ғой, қария,– деп күлді қызулана сөйлеп келе жатқан жігіт. Шалдың
оған деген ниеті түзеле бастаған секілді. Жігітті қолтықтап алған. – Қымс етсе саясат шығады
алдымыздан. Адам болмаса ол кімге, неге керек? Айтыңызшы білсеңіз. Қай мемлекетте ең
алдымен адам, сонан соң саясат керек емес пе, қария?!
– Е-е, жалған дүние-ай! – деп күңіренді шал. – Адам арзандап кетті ғой, қарағым. Саясат –
параоуоз, адам сол параоуоздың пешін қыздыратын отын сияқты болып қалды қазір. Е-е-е!.. Не
дейін-ай. Білгенімді айта алмай омалып отырысым мынау. Əттең-ай, аяғым тұсаулы, қолым
байлаулы, аузым құлыптаулы ғой. Əй, заман-ай!
– Адам – робот, адам – құл. Ол еркін ойлауға, еркін сөйлеуге тиіс емес дейді біреулер.
Шеңберден шыға бастаған еркін ойлы азамат саясатқа қарсы күш ретінде жазаланады. Мысалы,
мына сіз жəне мен, – деп Аяған шалды иығынан ақырын ғана түртті, сосын өз кеудесін нұқыды.
– Азаттық жоқ жрде қоғам – аквариум. Біз аквариумдағы балық сияқтымыз, қария. Ал
біреулерге сол аквариумдағы өмір ұнайды. Суы борсып кеткенмен онда акула жоқ. Əсіресе
Саламон мен Напалеон сияқтыларға сондай өмір керек. Өйткені олар – құл. Екеуі де мұртты
көсемнің ықпалынан ешқашан шыға алмайды. Ешқашан!.. Оларға азаттықтың керегі жоқ, қария.
Азаттық өзін өзі сыйлайтын ақылы бар адамға керек. Ал сіз мүлде басқасыз, жасыңыз солармен
қарайлас болғанмен, əлгілермен бір заманда өмір сүргенмен оларға мүлде ұқсамайсыз. Сіз
Алдияр Ақпанұлына ұқсайсыз. Сондай бір ғұлама болған. Оның көрмегені жоқ, қария.
– Е-е, біз не көрмедік!? Отқа салды – жанбадық, суға салды – батпадық. Партиямыз өл деді,
өлдік. Өлтір деді, өлтірдік,– деп күрсінді шал.
“Құлы көп мемлекет – күшті мемлекет” дейтін Алдияр Ақпанұлы.
– Кемшілік қоғамда емес, шырағым, адамда... Қоғам – кеме, қалай бұрсаң солай жүреді.
– Қоғам – пойыз. Ол темір жолмен ғана жүре алады. Жол-жүйе. Социалистік жүйе. Сондықтан
пойыз сол жолдан шыға алмайды. Жолдан шықса апатқа ұшырайды, қария.
– Алматыдан шыққан пойыз Мəскеуге, Ленинградқа да бармай ма?! – деді шал жігіттің түпкі
ойын танып. – Бұл заманда пойыз бармайтын қала жоқ, қарағым.
– Қария, пойыз аса сенімді көлік болғанмен Америкаға, Жапонияға бара алмайды.
– Е-е, қарағым, күндердің күнінде мұхиттың үстіне де, көпір салынар.
– Ой, айтасыз-ау, қария! – деп қарқылдап күлді Аяған.
Жындыханада түскелі бері адам сияқты көңіліндегі ойын ірікпей ақтарып, шешіліп сырласқаны
осы. Жаны жадырап, бір жасап қалды. Жапалақтап жауған аппақ қардың астында екеуден екеу
қыдырып ұзақ жүрді. Ақ қар жамылып, қыдырып жүрген екеуін көріп, терезенің түбінде
телміріп, далаға қарап отырғандар сыртқа шықты. Біреулері жалаңаяқ, жалаңбас жүр. Қарға
аунап, қар асап, сақ-сақ күліп жүргендерге қарап, Ес қария состиып тұрып қалды. Көзі ашып-
жұмғанша болған жоқ үш корпустан үш санитар шыға келіп, айқайға басты. Жаңа ғана
рахаттанып күліп жүрген аурулар қасқыр көрген қояндай жан-жаққа тым-тырақай қашып


жөнелді. Біреуі ғана жатқан орнынан тұрмады. Жүгіріп келген санитар “тұр” деп ақырды, бірақ
ауру орнынан қозғалмады. Ашуға мінген санитар қолындағы таяқпен арқасынан салып-салып
жіберді. Жаны дызыққан Ес арашаға түспек болып шырқырап ұмтылған, оны Аяған жібермей
ұстап қалды.
– Бұл – дурдом. Мұнда таяқпен де емдейтін тəсіл бар. Бөлмеге барайық. Бізді де аямайды,– деді
жігіт суық жымиып. Бұлардың қолына түсе көрмеңіз.
– Е-е-е, қара күш ақылдан озған заман болды ғой бұл,– деді қалшылдап, өзіне өзі келе алмай
тұрған Ес қария. – Адам арзандағанда осылай болады.
– Бағасы арзандамаған адамды бұл жер қабылдамайды. Уциненный товар дейді біздің сауданың
тілінде. Ақылы асқан бекзаттардың үйі жоғарыда, тау бөктерінде,– деп мырс күлді Аяған. –
Тезірек жүріңіз, анау келе жатыр. Ол сізге адам деп емес, ауру деп қарайды.
– Мен аурумын, қарағым,– деді шал күйінішті үнмен. – Жанымда жазылмас жарам бар.
– Болыңыз, қария, болыңыз!..
– Ажалдан қорықпаған Ес адамнан қорықпайды, балам. Құдайға керек болмаған ақсақ шал
пендеге керек болсын ба?!
Қолында таяғы бар жүнді білек дəу жігіт ентігіп жүгіріп келген бойда ақырып, шалдың
жағасына жармасты.
– Далаға шығуға кім рұқсат берді саған?
– Қарағым, жағамды жібер, мен əкеңдей адаммын.
– Ə-ə, қарсыласасың ба?
– Жібер иттен жаралған! – деп ашына айқайлаған шал оны шапалақпен салып жіберді.
– Ах, əкеңнің!..
Жүнді білек дəу санитар таяққа сүйенген шалды бір жұлқып, жалпасынан түсірді. Арашаға
жүгірген Аяғанды таяқпен салып жіберді де, тыпырлап орнынан тұра алмай жатқан шалды екі-
үш рет оңдырмай тепті.
– Жат солай, жарымес! – деді де тым-тырақай болып жан-жаққа шашырай қашқан ауруларды
қуалап кетті.
– Кешіріңіз, қария,– деді шалды қолтықтап тұрғызып жатып Аяған. – Мен кінəлімін.
Шалда үн жоқ. Қалш-қалш етіп əрең жүріп келеді.
– Жалғызымның жақсылығын көрдім ақыры. Ұшпаққа алып шықамын деуші еді. Алып шықты,–
деді жасқа тұншығып. Содан бөлмеге кіргенше дымы шықпады. Аяған қалбалақтап жүріп
шалдың киімін шешіндіріп, сыртқа алып шығып, қарын қақты. Қайтып кіріп, суыққа тоңып, дір-
дір еткен Есті төсегіне жатқызды.
– Кешіре алсаңыз кешіріңіз, қария,– деді шалға тура қарауға батылы жетпей тұрған жігіт
күмілжіп. Ес қинала езу тартты.
– Мұса! Қайда жүрсің, Мұса? – деді шал біраздан кейін сыбырлап сөйлеп. – Перзенттік парыз,
қарызыңнан құтылдың сен. Сен үшін өмірдің қызығын тəрк етіп ем. Сен үшін қанды қырғын
соғыста өліп қалмай, кеудемді сүйретіп аман келіп ем, Мұса. Неге үндемейсің, Мұса? Мұса-а!
Бөлменің ортасында состиып тұрған Аяған баласының атын атап, сөйлеп жатқан шалға ұрлана
қарады. Оның көз шарасы жасқа толып кетіпті.


51
Жүнді білек санитардан таяқ жегеннен кейін беті қайтып қалды ма, Ес қария бейуақытта сыртқа
шығып, қыдырмайтын болған. Шыға қалса жататын жерінен алысқа ұзамайды. Көп жағдайда
Саламон патшаның аяқталмайтын жүйесіз əңгімесін тыңдап, ұзақты күн бөлмеде отырады
немесе дəлізге шығып, аурухана ауласының бір бұрышындағы қос төмпешікке барып, зар
еңіреп, жоқтау айтып тұратын кемпірмен шүйіркелеседі. Екеуі көптен таныс сияқты. Алғаш
келгендегідей емес, кемпірге ем дарыған сияқты, оңалған, сөзі түзеліп қалыпты. Аузынан
темекісі түспейді. Кейде шалды өзі іздеп келіп, сыртқа ертіп шығады. Бала-шағасы жоқ
жалғызбасты болғанына қарамай іздеп келушілер көп. Аяғанның естуінше, келетіндер інісі мен
сіңілісінің балалары көрінеді. Екі күннің біріне оны-мұнысын арқалап келіп тұратын бірінен-
бірі аумайтын қыздар мен ұлдарды көргенде іші жылып, көңілі босайды.
Олар əкелген жылы-жұмсақты кемпір Еске тасыйды. Жылы-жұмсақтың қызығын əрине Саламон
патша көреді. “Ақсақ қой жатып семіреді” дегендей ауырғалы бері оның қарны шығып,
домалана бастады. Қу жанын күтуге келгенде одан ұқыпты адам жоқ. Ал Ес мүлде басқа.
Біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық қой, қарағым. Заман сендердікі. Біз о-онау
жақтың кісісіміз,– дейді кейде. Аяған бір бөлмеде жатқан екі шалды салыстырады. Мұндай
жатып семірген “патшаны” кінəламайды, дертке шалдығып, санасы семіп, кəріп болып қалған
кəрі шалды аяйды.
Қазір де кемпір əкелген тамақты сылпылдатып соғып отырған шалға соншалық бір
аяушылықпен қарап, мұңға батқан. Жанашыр бір адамы жоқ бейшара жалғыздыққа əбден
көндіккен. Өзіне ешкімнің жаны ашымасын біледі, сол себепті де қу тіршілік үшін жанталасып
бағады. Өмір сүру неғұрлым қиындаған сайын пенде баласының оған деген махаббатының
күшейе түсетіні несі екен?! Адам баласының табиғаты қызық-ау. Қашанда қиынға жүгіреді.
Қиналып тапқан бір уыс дəнді мейіз қосып пісірген ақ тоқашқа айырбастамай шалқаятынын
қайтерсің. Мейманасы асып, шалқып-тасып жүріп ғұмыр кешкен пенде өмірдің шын бағасын
білмейді. Ешқашан қиындық көрмеген, қарны ашып, көрінгеннің қолына телмірмеген үзеңгі
бауы алты қарыс пендеге бəрі арзан. Өмір де, адамның басы да... Бəрі, бəрі арзан...
Аяғанның ойын есік алдында отырған шал мен кемпірдің əңгімесі бөлді.
– Жалғыз да болсаң балаң бар. Менде мына таяқтан басқа ешкім жоқ,– деп күрсінді кемпір.
– Дүниенің бəрін сол бала үшін тəрк қылғанмын. Бала – болашақ. Болашақ бетіме түкірмесін
дедім, Рахия. – Шал бір сəт үндемей қалды. Кемпір тартып біткен темекісін терезеден сыртқа
лақтырып тастап, екіншісін тұтатты. – Е-е, көнемін де тағдырдың басқа салғанына.
– Көнбегенде қайда барасың? Біз көнуге жаратылған пендеміз, Ес-е-к-е-е... Қылышынан қан
тамған заманның тəлкегіне шыдап, лəм деместен жүре бердік. Соның арқасында аман қалдық,
əдірем қалғыр. Заманмен жағаласқан небір марқасқалардың басы допша домалап, əлдекімдердің
аяқтарының астында жатты. Е-е-й, азабымнан басқаның бəрін ұмыттым мен бейбақ...
– Болған сондай заман. Шыбын жан үшін құлдық ұрдық, құл болдық қой,– деді шал қажыңқы
дауыспен. – Бас көтерер азаматтың басын алды. Қара басының қамы үшін туғанына қастық
қылар қорқаулар қай үкіметке де керек. Солар аман қалды ғой.
– Ой, алла-ай! – деп кемпір түтінге тұншығып, күрк-күрк жөтелді.
– Ар мен ақыл ағайын деуші еді бір қария.
– Ар мен ақылда иман жоқ,– деді жөтелі басылмаған кемпір қинала дауыстап.
– Тастасаңшы осы құрғырды,– деп кейіді шал. Кемпірдің жөтелі əрең дегенде басылды.
Əжептəуір қиналып қалған екен, кеудесі сырылдап, əзер дем алып отыр.
– Елу жыл серік болған қарағым еді, тастап кету қайда енді. Кетсек бірге кетерміз,– деді кемпір


ентіге сөйлеп.
– Е-е,– деді шал дауысын созып. – Ар мен ақыл əлсіздерді төңіректейді.
– Ар мен ақыл кісі таңдайды де...
– Болып алған адамға ар мен ақыл неге керек? Ақыл – азап, ар – алдамшы,– деді шал сақалын
саумалап отырып. Осыдан кейін екеуі көп уақытқа дейін үн-түнсіз отырды. Аяған киініп,
дəлізге шықты. Сыртқа қарап отырған шал мен кемпір қатарларына келіп тұрған жігітті
байқамады.
Жаңа түскен ауруларға арналған корпустан шашын тықырлап алдырып, жиырманың бесеуіне
еркін жетпеген қолы кісендеулі жігітті айдап шықты. Жігіт төңірегіне алақ-жұлақ қарап, екі
санитардың біреуін теуіп жіберді де, ышқына айқай салды.
– А-а-а, убица!
– Тəңірім-ай! – деді кемпір шошына дауыстап. – Сол ғой, сол... Туған анасын бауыздап өлтіріпті
анау сүмелек.
– А-а-н-о-оу ма? О-о-н-о-у...
– Атам қазақта жоқ індет қой бұл. Ой, сұмдық-ай!..
Заманның ерті бұл, заманның...
Екі санитар ышқына дауыстап, шыңғырып дүниені дүрліктірген жігітті екі қолтығынан ұстап,
сүйреп алып кетті. Кемпір орнынан созалаңдай тұрып жатып:
– Сыртқа шығып, əрі-бері жүрейік,– деді. – Сен де жүр, балам. Жер тайғақ. Есекең екеуміз
тайып жығылсақ, қайтып тұра алмаймыз.
Шал мен кемпір Аяғанның екі қолтығына жармасты.
Ауа демінде ызғар бар екен. Көпшілік жүретін жол тайғанақ, жауған қарды аурулар күрекпен
аршып еді, қайта түскен қырбақ еріп, жолға мұздақ байланыпты. Шал мен кемпір қысқа
тұсалған аттай кібіртіктеп, жүре алмай келеді. Жығылып қаламын-ау деп үрейленген
адамдардың əңгімелері қайдан жараса қойсын. Кемпір адым аттаған сайын “аллалап”, Аяғанға
жабыса түседі. Естің жағдайы одан да мүшкіл. Таяққа сүйенген ақсақ адамға мұзды жолмен
жүру оңай ма?!
Жаяулар салған тар жол. Үшеуі қатар жүре алмайтын болған соң Аяған екі кəріні олай қарай
сүйремеді. Мынандай тайғақ жолда екі кəріні құлатпай алып жүру оңай емес екен, біраз
ұзағаннан кейін қара терге түсті. Оның шаршап қалғанын сезді ме Ес қария:
– Балам, кейін қайтайық,– деді тоқтай қалып. Ешкімнің келісімін күтпестен жалғызаяқ жолға
түсіп алып, ағаш аяғын сүйретіп ілгері жүрді. Кемпір оның соңына түсті.
– Е-е, Есеке, өстіп жүріп бір күні қылжия саламыз,– деді кемпір басын изектетіп. – Ненің желігі
екенін қайдам, далаға шыққым келеді де тұрады.
– Палата ысып кетті ғой тегі. Кейде ауа жетпейді. Е-е, алла! Бала-шағаның жанына барған соң
ал,– деп шал бетін сипады. Ерні қимылдап, күбірлеп жаратқанға жалбарынды. Кенет күтпеген
жерденалдыларынан Напалеон шыға келді.
– Мен құдаймын! – деп кеудесін ұрып, жолдарын бөгеп, тəлтиіп тұра қалған Напалеонға екі кəрі
үрке қарады.
– Құдаймен ойнама, қарғысына ұшырайсың,– деді кемпір оны жақтырмай.
– Маған қарғыс жағады,– деп қарқылдап күлді ол.
– Құдайдың қарғысына ұшырасаң ауыз ашуға шамаң келмей қалар, бейшара.
– Құдай деймісің? Оны жабылып жүріп əлдеқашан өлтірмеп пе едіңдер,– деп Напалеон
дарақылана күліп, Естің арқасынан қақты. – Сталин жолдастың арқасында құдайдан
құтылғансыңдар. Ал ол кеткелі бері ешкімге сенбейтін болдыңдар, ешкімге!.. Өңкей сатқындар!
Педераздар! – Напалеон қабағын қарс түйіп алып, үшеуіне кезек-кезек ежірейе қарап əрі-бері
бөстеңдеп жүрді. – Құдай деген мына мен. Күніне үш уақ менің атымды ауызға алып,


табынсаңдар көп уақыт өтпей мына дөделерің құдайға айналады. Құдай қолдан жасалады,
жолдастар!
Шал мен кемпір үн-түнсіз бір-біріне қарады да, ақырын ғана күрсініп қойды. Ауру адамның
мінез-құлқын əбден зерттеген Аяған Напалеон əңгімесін аяқтағанша орнынан қозғалған жоқ.
Алғашқы күндегідей емес, осы уақытта ол аса шыдамды. Өзіне бағыштап сөз айтқан
аурулардың сөзін аса сабырлылықпен бөлмей тыңдайды, олардың көңіліне қарап, реті келсе
құптап, қуаттап қояды. Оның қолынан осыдан басқа не жақсылық келсін. Тіріге тірінің
қайырым, жақсылық жасауы міндет.
Аңғарғаны – аурулардың ішінде небір сұңғылалары бар. Кейде ойлайды, “əй, осылар мұнда
ақылы асқандықтан келіп түскен шығар” деп. Енді бірде сол адамдары тілін шайнап, езуі
көпіріп, асхананың алдында бұтына жіберіп тұрады немесе кім көрінгеннен қашып, бұрыш-
бұрышқа тығылып жүреді.
Напалеон өзінің құдайға “айналғанын” үшеуіне мойындатқанына ырза болғандай ауланы
басына көтеріп, тарқылдап күліп, анодай жерде қиды қағазға орап түтіндетіп отырған екеуге
қарай кетті.
– Е-е, бейшара, бұл да шаршап қалыпты,– деп күрсінді кемпір. – Сталиннің суретін тастамаушы
еді.
– Одан ештеңе шықпасына көзі жеткен ғой, сірə,– деп күлді далаға шыққалы ауыз ашпаған
Аяған. – Сталиннің орнына өзі құдайға айналмақ...
– Е-е-е, бейшара!.. Пенде баласы болмасқа ұмтылады екен-ау, тəңірім-ай!.. Е-е-е,– деп кемпір
ілгері жүрді. – Дұрыстап сүйе, балам. Бірер күнде үйге шыққалы отырғанда бір жерімді
сындырып алмайын.
Аяған шал мен кемпірді сүйемелдеп ішке кіргізіп жібергеннен кейін, есік алдында қыдырыстап
біраз уақыт жүрді. Ойы онға, санасы санға бөлінді. Есептеп көрсе мұнда келгеніне де біраз
уақыт болып қалыпты, кең дүниеге шығудың жолын іздеп, жанталаса əрекет жасаудың орнына
моп-момақан болып, осы тіршілігіне көңілі тоқ пендедей тыныш жүр. Өзі үшін ешкімнің есік
тоздырып, қуанып жүрмегенін біледі. Əкенің жағдайы анау. Біреу жетектемесе өз бетінше жол
таба алмайды. Ауылға кеткен Хадишадан хабар жоқ. Сенім артқан студенттерінің қандай
жағдайға тап болғанын ешкім білмейді. Екеуара күңкілдесіп сөйлескен дəрігерлердің сөзінен
аңғарғаны – студенттерді жаппай оқудан шығарып, алаңға барғандарын жазалап жатса керек.
Оларды түгелдей суретке түсіріп алған дейді. Тарих факультеттерінің студенттері мұндай сын
сəтте бас амандығын ойлап, бұғып қалмайды. Тісін қайрап, оңтайын күтіп жүрген Жақия
ешкімді аямайды, аянбайды. Кім біледі, мұның күткен жігіттері көздері бозарып, түрмеде
жатқан шығар. Сол бейшаралар абайламай арандап қалмаса жарар еді. Бəрі шетінен қызба.
Аяғанның жалғыз тілегі – жігіттердің амандығы. Алып-қашты əңгімелерден оның жаны
шошыйды. Білемін дейтіндерден сұрай қалса қара аспанды төндіріп, ақырзаманды жақындатып
қояды. Сондай бір үрей осы күні жындыхананың ауласында қыдырып жүр. Аурулардың кейінгі
уақытта сыртқа шықпай қалған себебі – осыған байланысты екенін Аяғанның іші сезеді.
Асхананың іші шаң-шұң айқай. Əртүрлі ұлттың басы қосыла қалса сыпайымсып, дипломатия
сақтап тұрмайды, ең үлкен сөзден бір-ақ бастайтын əдет тапқан. Соңғы кезде жиі-жиі төбелес
шығып қалатын болып жүр. Қолдарында таяғы бар санитарлардың қарасы көрінген сəтте
ешкімге əл бермей өршелене айқайлап, қырып кетердей қимыл жасаған “мықтылар” мысық
көрген тышқандай тым-тырақай қашады.
Ауруханадағы жағдай шиеленісіп, басымен қайғы болып жатқан жұрт ұлт намысын жыртып,
кеңірдектесіп төбелесіп қалып жүргенде сырттағы, кең дүниедегі өмірдің қайнап жатқанын
Аяған ойша шамалайды. Ұлты басқа дəрігерлердің қазақ студенттерін жерден алып, жерге
салғанын өз құлағымен естіп, оларға дүрсе қоя бергені бар. Сол үшін артық дозалы ине егіп, ес-


түсін білмей, тілі салақтап, екі дүниенің ортасында жатқан. Бұл жолы еш өкінген жоқ. Əділетсіз
жазаны туған халқым үшін алдым деп өзін өзі жұбатты. Жаны қанша қиналса да, лəм деп жақ
ашпай шыдады.
Студенттерін, өз ұлтын қорғап, шырылдағаны үшін кейбір дəрігерлерге жақпай жаза тартты.
Сонда шынын айтуға, жақынын қорғауға қақысы жоқ па? Дəл осындай құлқының бар екенін
ешкім де жоққа шығара алмайды. Қай заманда болсын, қандай қоғамда болсын күшті күштілігін
істемей тұрмайды екен. Ол жолы Аяған ұлтының, халқының намысын жыртқаны үшін емес,
“психикалық науқасының асқынып, адам өміріне қауіпті əрекеттер жасағаны” үшін тиісті емін
алады. Бұл жерде заң жүрмейді. Ал заң кейде шамадан тыс күшті əрі қатал болып кетеді.
Заңның өзі Аяғанға аузымен құс тістеген “күштінің” ықпалында жүргендей болып көрінеді.
Əрқашан заңның артқы жағында көзге көрінбес алып күш иесі тұрған сияқтанады. Заң кесіп
түсетін тұста кібіртіктеп, əлдекімге жаутаңдайтын тəрізді, керісінше, кейде жөнсіз жерде алмас
қылышын қынабынан жарқ еткізіп суырып алады...
Əділдіктің барына, үлкен Шындықтың ешқашан жоғалмайтындығына сенетін Аяғанның көңілі
кейінгі уақытта күдікке күпті. Тасқа шапса да мұқалмаған сенімі осында түскелі, қу тіршілікті
қиып кете алмай сүйретіліп жүрген əртүрлі адамдарды көргелі бері жасып қалғандай. Ешкімде,
ештеңеде шаруалары жоқ, жетектесіп күн өткізіп жүрген екі кемпірдің өмірі көп ой салды.
Жанталаспай, жанықпай тып-тыныш жүретін екі кемпір өздерінше бақытты. Олардың ұйқы мен
тамақтан басқа уайым-қайғысы жоқ. Ал дені сау адамдар оларға күле қарайды. Өйткені олар
кем, жарымес. Ақылы асқан адамдардың тіршілігін ойласа, кеудесіне ашу тығылады. Кей сəтте
олар Аяғанның көз алдына алмас тісті акула болып елестейді. Акула секілді ешбір заңға
бағынбайтын, қара басының мүдесін бəрінен жоғары қоятын озбыр жандардың қиянатының
құрбаны болған ұстазы Алдияр Ақпанұлының қайғылы тағдыры Аяғанның жүрегіндегі
жазылмас жара. Ол ешқашан емге көнбейді. Алдияр Ақпанұлы жоқ, бақилық сапарға кетті,
оның өліміне негізгі айыпкер Мұса Байларовты қара жердің бетінен тып-типыл жоғалтып
жіберсе де ол қайтып оралмайды.
Алдияр Ақпанұлы қатыгез қараулықтың бірінші де, ең соңғы да құрбаны болмас. Озбыр жандар
жер басып жүрсе талай марқасқа азаматты əдісін тауып, морт-морт сындырар. Адамды
сындырудың мың-сан əдісін біледі олар.
Бір-бірімен жең ұшынан жалғасып жатқан топ бірін бірі жауға бермейді, оларды жеңу мүмкін
емес екен. Аяған осыны ұқты. Олармен беріспей күресудің бір жолы – дəл өздері секілді топ
құрып, тізе қосып, əрекет жасау екен. Ол үшін екінші біреудің, Мұса Байларовқа қарсы
“мықтының” қолтығына кіріп, соның сойылын соғуға тиіс. Түрмеде жатып ойланды,
жындыханада жатып ойланды, бұдан басқа жол таппады. Қасқыр пейілді заманға жалғыз жүріп
жол тауып, мақсатқа жетудің мүмкін еместігіне, тіпті оны былай қойғанда, адам сияқты өмір
сүрудің аса қиынға түсетіндігіне көзі жетті. Бір ғана жол – қарғылы төбетке айналып, біреудің
балтырын қауып, бетін тырнап, арпылдап төсіне шапшу арқылы ғана дегеніңе жете алады
екенсің. Өмірдің осындай жазылмаған заңын мойындап, мойнына шынжырбау салғандар ғана
мұратына жетіп, шайқалған сайқал дүниенің қызығын шайқап жүріп көретін сыңайлы.
Көнбегеннің өмірі – қорлық. Өзіңді сындыра алмаған жағдайда озбыр қауым азуын бала-шағаңа
ақситады екен. Бала – адамның бауыр еті. Бала үшін əке жанып тұрған отқа түсуден тайынсын
ба?!
Ішін өртеген күйініш жігіттің езуіне күлкі үйірді. Бірақ қабағының қыртысы жазылмады, мұң
ұялаған мұздай суық екі көз жылымады. Езуіндегі болар-болмас күлкі ащы мысқыл еді. Ішті
өртеген күйініштің сыртқа шашылып шыққан сынығы еді.
– Əй, үндемес! – деп дауыстады əлдекім. Ойға батып, аяңдап келе жатқан Аяған селк етіп,
басын көтеріп алды. Қарсы алдында екі бүйірін таянып, тəлтиіп Напалеон тұр екен. “Үндемес”


соның қойған аты. Қабағы қату, екі көзі шыныдай шытынап кетейін деп тұрған тəрізді. Қолында
күрек. Аяған тіксініп қалды.
– Əй, мен сенің басыңды қақ айырамын! – деді Напалеон тістене кіжініп.
– Е неге? Менің не жазығым бар?
– Жазығың сен жаусың. Халық жауысың.
Аяған мырс күлді. Күрегін оңтайлай ұстаған Напалеоннан қорқа тұра орнынан қозғалған жоқ.
Қиымыл шабан шалда қандай қауқар қалды дейсің деп көңілін демдеген.
– Сен Қытайдың шпионы екенсің. Маған сондай хабар жетті.
– Иə, айта беріңіз.
– Мойындайсың ғой.
– Тағы не айтасыз?
– Ах, жау! Халық жауы! – деп күрегін сілтеп қалды. Аяған қорғанып үлгермеді. Күректің ұшы
сол жақ шекесіне қатты тиді. Қан бұрқ ете түсті. Қанды көргеннен кейін Напалеон одан сайын
құтырды, айқайға аттан қосып, бетін қып-қызыл қан жауып кеткен жігітке ұмтылды. Оның қалт
еткен қимылын аңдып, дайын тұрған Аяған күректің сабына жармаса кетіп, бір жұлқып жұлып
алды да, шалды шалып құлата салды. Қанына қарайып, өлердей ашуланса да орнынан тұра
алмай тыпырлаған шалға қол жұмсаған жоқ. Бар болғаны – төрт тағандап орнынан тұра берген
Напалеонды жұмсақ жерінен табанымен итеріп, қайт құлатты да, күрек кесіп, қан ағып тұрған
шекесін алақанымен басып, өзі тұратын корпусқа қарай аяңдады.
– Жау! Қытайдың шпионы! Алаңға қазақтарды бастап шыққан осы,– деп Напалеон айқайлап
қалды.
“Апыр-ау, осы мен бұл жерде неге жүрмін?”
Аяқ астынан келген ой қосымша соққы болып тиді, көзі қарауытып, құлағы шыңылдады. Ту-у
алыстан қыз баланың шыңғырған ащы дауысы құлағына талып жетті.
“Бибінің дауысы ма мынау? Сол ғой... Сол! Құлыным-ай!”
Беті-басын қып-қызыл қан жауып кеткен жігіт теңселе басып кіріп келгенде дəлізде жүрген
аурулар тұрған орындарында қалшиып қатты да қалды. Тек Ес қария ғана:
– Қарағым-ай, аман екенсің-ау əйтеуір,– деп келіп, қолтығынан демеп, дəліздің түкпіріндегі
санитарлардың бөлмесіне қарай алып жүрді.
Ту-у алыста Бибісінің шыңғырған дауысын тағы да естіді. Біз сұғып алғандай жүрегі шаншыды.


52
Түннің бір уағына дейін көзі ілінбей қойды. Басы ауырып, мазасы кеткен соң орнынан тұрып,
дəлізге шықты. Рахия кемпір күндегі дағдысы бойынша темекісін бұрқыратып, ойға шомып
отыр екен. Аяғанға мүлде көңіл аудармады. Біраздан кейін аһлеп-уһлеп Ес шықты.
– Ə-ə, қалай екен? – деп кемпір мырс күлді. – Бала үшін ата мен ана отқа түседі.
– Көнеміз де қайтеміз.
– Ол неменің өзі жоламай кетті ғой. – Шал қинала қабақ шытып, ақырын ғана күрсінді. – Ондай
баланың барынан жоғы жақсы. Əдірем қалғыр жүгермек!..
– Аман болсыншы əйтеуір,– деді шал. Көзі жапақтап, адуын кемпірге жасқана қарап қойды. –
Аман жүріп, ел-жұртына қызмет жасасын. Біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық.
– Пшту! – деді кемпір астыңғы ернін шығарып. – Туған əкесін керек қылмаған бала ел-жұртты
қайтсін.
– Балада жазық жоқ, Рахия. Бұл заманның қылығы.
– Со-о-н-о-у аштық жылдары өлмелі əкесін арқалап жүріп аман алып қалған азаматтарды
көргенбіз. – Рахия басын изектетіп, жасаураған көзін көйлегінің етегімен бір-бір сүйкей салды.
– Əкесі соғысқа кеткенде іште қалған азаматтың талайын қырық жылдан кейін əкелерінің
сүйегін ит өлген жерден арқалап əкеліп, туған жеріне арулап жерлегенін білмеуші ме едің сен?!
– Білемін, Рахия, білемін...
– Айналып кетейін олардан,– деп көңілі босаған кемпір көзіне жас алды. – Сенің балаң
безбүйрек екен.
– Балада кінə жоқ,– деп күбірледі шал. – Заман... Заман сондай. Бала інтірнəтта өсті. Ата-
ананың мейірім-шапағатына қанбай, олардың қасиетін білмей өсті. – Кемпірдің сөзі жанды
жеріне дөп тиді ме, шал жүрегін күйдірген запырандай ащы сөздерін ірікпеді. – Ол неме
інтірнəттың баласы болып өсті де, інтірнəттың баласы болып қалды.
– Інтірнəттың балалары,– деп күбірледі кемпір. – Інтірнəттың балалары көп дейді ғой тегі.
– Е-е, үйі інтірнəт болған шал-кемпірлер аз ба?
– Інтірнəт түрме, аурухана... Бірінен біріне ауысумен өтіп келеді өмірім. Е-е, алла, бұған да
тəуба,– деді кемпір бетін сипап.
Аяғанның есіне осыдан он бес жыл бұрын шетелге бірге барған жігіттің айтқан əңгімесі оралды.
– Мені бесіктен белі шықпай жатып анамның құшағынан балалар үйі жұлып алған,– деп еді ол
мұңайып. – Мереке сайын салтанатты шеруге Берияның суретін көтеріп шығушы едім. Басқа
балалар маған қызғанышпен қарайтын. Менің мерейім үстем еді. Берия секілді үлкен адам
болсам деп армандайтынмын. Ал Сталиннің суретін көтеріп шығу барлығымыздың арманымыз
болатын. Олардың кім екенін кейін білдік қой. Менің мемлекет басшыларына деген сенімімді,
солардай болсам-ау деген ізгі арманымды Берия талқандап кетті. Осы күні солардың қай-
қайсысы болмасын маған уақытша адам сияқты болып көрінеді.
Сол жігіттің аты-жөнін де, түр-тұлғасын да ұмытыпты, ал айтқан əңгімесі тасқа қашалған
жазудай жадына өшпестей болып жазылып қалды.
– Үйге шықсам балаға тілипон соғып айтамын. Іздеп барып, əдірем қалғырдың ит терісін басына
қаптамасам ба!.. Ұмытпай əдресін жазып бер. Жалғыз əкенің қадырын білмеген безбүйректің
көзіне көк шыбын үймелетпесем атымды басқа қой,– деп Рахия даурыға сөйлеген. Дауысы тым
қатты шықты ма, есіктен қылтиып санитардың басы көрінді. Ұйқысынан жаңа оянған тəрізді,
екі көзі қызарып кетіпті. Ол қабағын шытып, жұдырығын көрсетті.
– Қайтайық моламызға,– деді кемпір сүйретіліп орнынан тұрып жатып. – Е-е, алла! Осыған да
тəуба!..


Орнына келіп жатқанмен шалдың қозғалып кеткен көңілі орнына түспеді. Рахияның сөзі мұңға
толған кəрі жүректі аямай осып кеткен сияқты. Жалғыз ұлына іштей лағнет айтып жатқандай,
қайта-қайта көкірегі қарс айырылардай күрсінеді де, күбірлеп сөйлейді. Баласының кім екенін,
қандай адам екенін, кімдерге қиянат жасағанын айтып, кеудесіне толып қалған ыза мен ашуын
сарқып тастағысы келіп оқталғанмен шалдың түрін көріп, жігіттің батылы бармады. Азапқа
түсіп, қиналып жатқан шалды аяды. Тірі пендеге қиянат жасап көрмеген Аяған қандай қиын
жағдайда да ешкімге жамандық жасай алмасына тағы да көзі жетті. Өзінің орнында Жақия
болса кімге лағнет айтарын білмей қиналып жатқан шалды одан сайын тұқыртып, жерлеп,
жекен суын ішкізетіндігін ойлап, Аяған жұмсара түсті. Басының қатты ауырғанына қарамастан
шалды сөзге тартты.
– Қария, көрші болғанымызға біраз уақыт. Əрі дұрыстап жөн сұраса алмай жүрміз ғой,– деп
күлді Аяған. Шал басын көтеріп отырды. – Менің Алдияр Ақпанұлы деген ұстазым болды. –
Алдекеңнің атын естігенде қандай күйге түсер екен деген оймен шалға қадала қарады. Ол мүлде
селт етпеді, меңіреу адам сияқты басын изектетіп, мең-зең болып отыр. – Сізге қарасам сол кісі
есіме түседі. Сіз екеуіңіз сондай ұқсайсыз. Сіздер ақылдан, ардан жаралған адамсыздар, қария.
– Е-е, – деп көкірегі қарс айырылып кетердей күрсінді шал. – Дүние ойлап тұрсам шолақ екен
депті біреу. Көзі ашып-жұмғанша өте шықты. Біз кешегі күнге айналдық. Кешегі күн...
– Кешегі күн өмір емес, тарих. Ал ертеңгі күн – ертегі. Оның тіпті болмауы да мүмкін ғой,
қария. Тарихымызды ертегіге айналдырып жіберген халықыз біз,– деп жымиды Аяған. – Кешегің
де ертегі, ертеңің де ертегі. Ал өмір деген бүгінгі күн. Орысша айтқанда, жизнь – это всегда
сегодня. Ал сіздің барлық қызығыңыз алда əлі.
– Е-е, қарағым-ай! Біз қан базардан қайтып келген адамбыз. Ілдалдалап жүріп өмірімізді
өткіздік. Қысқа өмірдің мəнді бөлігі түрмеде, айдауда, соғыста өтті. Сен ақылды сөздер айтып
жатырсың. Ал бізде өз пікіріміз болған жоқ. Тірі жүру үшін ақылдың, пікірдің керегі жоқ еді
бізге. Біз орындаушы болып өттік.
Шал сауалын саумалап, үнсіз отырып қалды. Аяған жиі-жиі жөтелетін ескі трактордың көксау
моторы сияқты анда-санда тынысы тарылып, пырқ-пырқ етіп ұйықтап жатқан Саламон патшаға
қарады. Бұрын да өмірдің рахатын көрген, қазір де дүниесі түгел “патша” сонау ерте дүниеде
туып, содан бері тірі жүрген адам тəрізді. Ол əлі де мың жыл жасайтын сыңайлы. Аяған ақырын
ғана күрсінді.
– Осынша жасқа келіп, жүрегіне кір түсірмеген, арына шаң жұқтырмаған азамат аз, қария.
Алдияр Ақпанұлы сондай асыл азамат еді. Сіз оны білесіз,– деді Аяған оған тура қарап. Тағы
қателесті, шал оған сыр алдырмады. Танымайтын, білмейтін кісінің сыңайын танытып отыр. –
Ол көптің адамы еді. Қара басының қамынан басқа ештеңе ойламайтын қараниет пенделердің
қаза тапты асыл азамат.
– Е-е, алла! – деді шал көкірегін кере дем алып. Қабағы түнеріп, танауы қусырылды. Жар
жиегіне қарай сүйрелеп, тықақтап отырған Аяған мүлде назар салмады. – Болған сондай бір
асыл адам. Қылышынан қан тамып тұрған заманда басын қатерге тігіп, Кенесары бабамның
аруағын асырған ол. Ал менің ұлым... Менің жалғызым бабасының аруағына... – Шал ары қарай
сөйлей алмай өз деміне өзі тұншықты. – Сол үшін білетіндер мені көзге шұқиды. Е-е, менің
сөзім кім, өзім кім? – Салбырап түсіп кеткен басын шалт көтеріп алып, жігітке ала көзімен
ұнатпай қарады. Тышқақ лақ құрлы құным болса күнім батарда көзім бозарып, осында жамар ма
едім?! Адам өз қолын өзі кеспейді, қарағым.
– Балаңыздың əрекеті бір адамға, бір сізге ғана жасалған қиянат емес, қария. Бұл ата дəстүрге,
туған халқына жасалған қиянат. Бұл туған əкесін ғана емес, туған халқын, ата-баба салтын жек
көрудің белгісі. Бұл имансыздық! – деді ашуға булыққан Аяған қалшылдап. Басы қалтаңдап,
кемсеңдеп отырған шалға жаны аши тұра өзін өзі ұстай алмады. Көкірегіне толып қалған ащы


запыранды бір-ақ қотарды. – Ондайлар қара басының пайдасы үшін бүкіл халықты жек көруді
үйренді.
– У-у-й! – деді шал. Аузынан отты леп шыққан сияқты.
– Ұлттық сөзім өлген жерде адам да өледі,– деді Аяған қинала қабақ шытып. Басы қақ
айырылып кетердей ауырып тұрса да, ашу-асаудың басын бос жіберді. Кеудесіне толып қлаған
ыза-өртті сөндіре алмай-ақ қойды. – Ұлтын сүймейтін, ана тілін білмейтін жанның жəндіктен
айырмашылығы қайсы? Оған өнердің, əдебиеттің, тарихтың, мəдениеттің, қысқасы, ештеңенің
керегі жоқ. Оған қыбырлап тірі жүру ғана керек. Оған бəрібір. Ондайларды туған халқының
тағдыры мен тарихынан гөрі дүниенің бір бұрышындағы ешкім білмейтін халықтың мəселесі
көбірек толғандырады. Өз халқының басы жарылып, көзі ағып түссе да қабырғасы қайыспас.
Себебі – оларда тек жоқ, қария. Олар ойнастан туған бала сияқты.
– У-у-һ! – деп шал тағы да күрсінді. Қос алақанымен бетін жауып, өксіп қоя берді. Одан мұндай
қылық күтпеген Аяған алғашқыда абдырап қалған. Көмейінен лек-лек болып төгіліп жатқан
ызалы сөздерді тежеу үшін дəлізге шығып кетті. Енді байқады, екі беті от болып жанып тұр
екен. Басы сынып əкетіп барады. Күрек маңдайын қақ айырып кеткен сияқты, қолы сəл тиіп
кетіп еді, жанын көзіне көрсетті. Құлағына тосын үн шалынды. Жан-жағына алақтады, ешкім
жоқ. Енді ғана аңғарды, Ес қария əлі өксіп отыр екен. Шалдың көкірегінің со-о-н-о-у бір терең
шыңырауынан көтерілген зарлы дауыс Аяғанның ызаға қақалған жүрегін аямай шағып алды.
“Бекер болды-ау. Жарымжан адамды сонша сөккенім не? Əй, ақымақ басым!” деді Аяған
қынжылып. Қол тигізбей қақсап ауырған басы жарылып кетердей зəресі ұшқан жігіт қинала
ыңырсып, палатаға қайтып келді де, аналгин ішті.
Ес бетін қос алақанымен жауып, өксіп отыр екен. Аяған келіп құшақтаған кезде дауысы шығып
кетті.
– Ай-й, ит өмір-ай!..
– Кешіріңіз мені,– деді жігіт оның сақалынан сүйіп. – Айтпасқа амалым қалмады. Көкірегіме
толып қалған запыран шыдатпады.
– Дұрыс,– деді қарт кемсеңдеп отырып. – Айтатын жөнің бар, балам. Сен айтпағанда кім
айтады?! Біз үндемей жүріп өттік өмірден. Халқымыз аштан қырылып жатқанда Голощекиннің
бетіне қарап, жарамсақтана жымидық. Тірі қалу үшін бірге туған бауырымызды, əкемізді
НКВД-ға ұстап бердік. Қу жанның амандығы үшін не істемедік біз?! Біз бəріне қызмет еттік,
қарағым. Тек адамға, туған халқымызға қызмет еткен жоқпыз. Жетпіс жеті жыл ғұмыр кештім.
Біздің ғұмыр құлдықпен өтті. Өмір – зая... Өмірім зая... – Босап, болдырап отырған шал қабағын
қарс түйіп, жүзі сұрланып, қатайып алды. – Ұлыиіс деген жалғыз немерем бар. Қазақпын деуге
намыстанады. Ол – менің болашағым. Бөтен. Мен де оған бөтенмін... Жатпын. Өз шаңырағыма,
өз баласына сыймай, жат болып, далада қалған жалғыз ғана мен дейсің бе? Жоқ, жоқ! Көп олар,
өте көп!..
Ары қарай тілі икемге келмеді. Иегі кемсеңдеп, басы қалтаңдап отырған шалдың көзінен жас
парлап қоя берді...


53
Дəл бұлай болады деген ой Аяғанның түсіне кірмеген. Басы сынып кетердей ауырып,
таңатқанша кірпік ілмеген жігіттің көзі енді ілінгенде санитар келіп, оятып алды да, жетелей
жөнелді. Ұйқы меңдеген Аяған жөн сұрайтындай қалде емес еді. Өзін қарап жүрген дəрігердің
алдына келгенде ұйқысы шайдай ашылды. Басын таңған дəкені алып, ырсиып тұрған жараны
қайта жауып, тазалап дəрілеген соң:
– Бұл саған ескерткіш,– деп күлді дəрігер. – Бұдан кейін қолымызға түсуші болма. Үйіңе қайта
беруге рұқсат.
Басы ауырып тұрған Аяған қинала езу тартты. Өзін кекеткендей жымиып отырған дəрігерге
ашулана жалт қарап:
– Бастағы жара жазылар. Сендерің ескерткшітерің мұнда, жүректе,– деді кеудесін дүңк-дүңк
ұрып. Ол жара ешқашан жазылмайды. Менің тəніммен, жаныммен көрге бірге түседі.
– Бекер ашуланба, жігітім. Менде кінə жоқ,– деді дəрігер қызарақтап. – Сізді осында əкеліп
салдырған адамға айтыңыз өкпеңізді. Мынау қағазыңыз. Хош болыңыз!..
Ауруханадан шығарылғаны жөніндегі қағазды көкірегіне басқан күйі жүгіріп отырып бөлмесіне
келді.
– Ақсақал! – деп шалды құшақтай алды. – Мені босатты! Мен... Мен...
– Алда айналайын-ай! Босатты деймісің?!
– Мен кетемін қазір! Ауылға, балаларыма барамын!..– деп Аяған жымиып күлді. Тамағын ып-
ыстық қатты зат келіп кептелді, екі көзінен мөлт-мөлт етіп шыға келген тамшыларды сұқ
саусағымен қағып тастады.
– Жолың болсын, қарағым! Бала-шағаңның қызығын көр... Басың аман, бауырың бүтін болсын!
– Рахмет, қария! Сіздің ұрпағыңызға бақыт тілеймін,– деді көңілінде кірбің жоқ жігіт. Шал
ернін тістеп, жанарын жықты.
– Сен бізді ұмытпай келіп тұр,– деді Саламон патша жігіттің қолын сілкілеп. – Мені іздейтін
ешкім жоқ, өзің білесің. Маған жақсы-жақсы тамақ ішу керек. Менің өмір сүргім келеді.
– О-о, сіз əлі көп жасайсыз,– деді Аяған оны құшақтап.
– Рахмет! – деді бүкіш шал көзі жасаурап. – Менің өлгім келмейді.
– Біз сан рет өлдік. Бірақ бірде бір рет шындап өлгеміз жоқ,– деп күрсінді шал орнынан тұрып
жатып. – Біз қандай биіктен лақтырса да төрт аяғымен түсетін мысық сияқтымыз. Біз
мысықпыз!
Саламон патша Есті мазақтағандай мырс-мырс күлді.
– Һе-һе! Мысық! Еще өзі орден тағады жарымес,– деді. Ес оның сөзіне мəн берген жоқ, ойға
батып сілейіп тұр.
Өзімен бірге алып кететін ешқандай заты болмаса да Аяған төсегінің əр-əр жерін сипалап,
сипақтап ұзақ жүрді. Аурухананың киімін басқа корпусқа барып ауыстыру керектігін біледі,
əлденені ұмыт қалғандай қайта-қайта тумбасын аша береді.
– Қарағым, Аяған,– деді Ес оның жанына келіп. Жігіт тіктеліп, шалға бұрылды. – Мен өлімнен
қорықаймын. Ұяттан, жалғыз ұлымның жолын кесіп, жүргізбей қоятын, өле-өлгенше алдымнан
шыға беретін ұяттан қорқамын. Маған айтатын, маған арналған талай сөзіңнің ішіңде кетіп
бара жатқанын да білемін. Үндемегенің сақалымды сыйлағаның шығар. Текті жерден екенсің,
қарағым. Саған аппақ басымды иемін.
Шал тақиясын алып, еңкейе берген. Аяған оны қапсыра құшақтай алып:
– Ат-о-у,– деді сасқалақтап. Абыржып күлді. – Мұныңыз не? Ұялтпасаңызшы.
– Кешір, шырағым, кешір!.. Олар үшін мен кешірім сұрайын сенен,– деп жігіттің маңдайынан


қадалып сүйді.
– Сақалыңыздан айналайын сіздің,– деді көңілі босап, көзіне жас үйірілген Аяған шалдың аппақ
сақалынан сүйіп тұрып.
Ес қария төсегінде жатқан құндыз бөрігі мен қыстық пальтосын алып, бірін жігіттің басын
кигізіп, бірін иығына жапты.
– Ой, ата-ау, мен тоңбаймын ғой. Ұят емес пе,– деп қарсыласқан жігітке:
– Мен сияқты қалтыраған шал бол,– деді.– Мен өлмеймін. Өлсем өкінішім жоқ.
Аяғанның көңілі босап, көзіне жас іркілді.
– Е-е, шеркөкірек шермендем,– деп күрсінді Ес қария. – Кембағалдың көз жасына қанбаған сұм
заман-ай! Жыла, ботадай боздап жылап ал. Сенің қадырыңды бəрібір білмейді бұл жұрт. Азамат
қашан керек болыпты бұл жұртқа?! Азаматының басын қашан бағалапты бұл қазақ?! Өлген соң
шұрқыраған болады. Қаймана қазаққа күлкі болған асыл азаматтардың қадыры-ай!.. Жетесі жоқ
жетім жұрт... Жетектегі жетім ел... – деп күңіренген шалдың көзіне жас толып кетіпті. –
Жыларбын да жұбанармын. Арзан атақ, алдамшы абыройдың соңына түсіп сүмеңдеп,
болашақтың бетіне күл шашқан жалғыз ұл емес, аруақтар менің тілекшім. Тірінің қадырын
аруақтар ғана біледі. Аруақтарды еске алып, тағзым етіп жүр, қарағым. Күндердің күнінде олар
алдымыздан шығады. Өлмейтін пенде жоқ. Ажал – ақиқат. Бақилықпыз бəріміз. Иə, құдая тоба!
Аруақтарға құдайдың рахымы түсіп, пайғамбарлардың шапағаты тие берсін!. Аумин!..
Шал көз жасын алақанымен сүртіп, Аяғанға күле қарады.
– Ато-о-у,– деді жігіт шалды жұбатпақ ниетпен қапсыра құшақтап.
– Жасым жетпістің жетеуіне келгенде көрдім көресімді. Кешегі соғыста өліп қалмағаныма
өкінемін. Жындыханада өлу үшін сүйікті Отаныма, Кеңес Одағына, коммунистік партияға, ұлы
көсемдеріме шын беріліп қызмет еттім. Құл бол деді. Болдық. Жын бол деді. Болдық. Өлтір деді.
Өлтірдік. Өл деді. Өлдік,– деп шал қынжыла бас шайқап, қинала езу тартты. – Жалғыз ұлдың
арқасында мен тірі өлікке айналдым, қарағым. Ол мені тірідей көрге тықты. Ұшпаққа шықтым.
Жалғыз ұлдың үйінен неміс əпшеркесіне орын табылады, ал маған... – Шал егіліп қоя берді.
Аяған оны қаттырақ қыса түсті. – Ай, заман-ай! Заман-ай! Бақи дүниеде менің жолымды толып
жатқан мың сан аруаққа не бетімді айтамын? Не тындырдым деп барамын? Жетпіс жеті жыл
жер басып жүргенде тындырғаным не? Мыналар үшін тыпырлап жүгірдім бе сонда? –
Қалтасынан ордендері мен медальдарын алып, Саламон патшаның тумбасының үстіне тастады.
– Бұл сөлкебайлар маған емес, саған жарасады. Ес Байларов деген пенде бұл пəниге келмеген.
Ол жоқ. Ол өмір сүрмеген. Бəрі зая! Өмір – зая, қарағым.
– Ато-оу, қайдағыны айтпаңызшы,– деп қиылды жігіт.
– Үнемі түсіме Мұсаның бала кезі кіреді. Бала Мұсаны жігіт Мұса қылғындырып жатады. Үнемі
шошып оянамын, қарағым...
Аяғанның құлағына Бибісінің шыңғырған дауысы келді, селк етіп, тың тыңдады. Əлгі үн оның
шұрқ тесік жүрегін оңдырмай шағып алды.


54
Аяған Алматыдан ауыр ой, жабырқау көңілмен аттанды.
Алдияр Ақпанұлының иесіз қалған пəтерін көріп, жаны жабырқады. Өзі үшін шырылдап отқа
түсіп кете жаздаған шəкірттері – Камал, Қанат, Ерік секілді азаматтардың желтоқсандағы
дүрбелеңге қатысқаны үшін істі болып, оқудан шығарылғанын, түрмеге түскенін естіп, көңілі
құлазыды.
Студент атаулыда зəре-иман жоқ, барлығы үрейлі. Біраз студент оқудан шыққан, жатақханадан
қуылған. Оқып жүргендердің жағдайы мəз емес сияқты, алда ненің күтіп тұрғанын ешқайсысы
білмейді, барлығының құты қашқан, қорқыныштың жетегінде жүргендей.
Шəкірттерін іздеп жатақханаға барған Аяғанды көргендер аман-саулық жоқ, сонадайдан
бұрылып қашады. Адам жейтін аш қасқыр келе жатқандай түстері бұзылып, зəре-иманы ұшқан
студенттер қашып барып, есіктерін бекітіп алып жатты. Соған қарағанда, бақылау, қысым күшті
тəрізді. Аяғанның аңғарғаны – жалпы қала халқында, əсіресе қазақтарда үлкен үрей бар сияқты.
Көшеде кездесқёкен көзтаныстар бір-бірімен амандасып өте шығатын болыпты, мамыражай
замандағыдай шүйіркелесіп ұзақ тұру қайда, бір бірімен кездеспеуге тырысады екен.
Əрқайсысының соңында аңдушы жүргендей танысын танымай қалатын адамдар пайда болыпты.
Жатақхананың төңірегі толған бейтаныс жан, сұғанақ иттей сумаңдап, бастары қосыла қалған
студенттерге қарай емпеңдей жөнеледі. Сол маңайда жүрген Мақсұтты Аяған алыстан таныды.
Бейтаныс адамдардың бұл маңайда неге жүргенін іші сезеді. Сақал-шашы өскен, қалай болса
солай киінген Аяғанға олар көңіл аудар қоймады. Тіпті Мақсұттың өзі оны танымай қалған
сыңайлы. Өзіне тесіліп қараған қаңғыбасқа көз қиығын тастап, ұзап кетті.
– Ит-ай! – деп кіжінді Аяған. – Күнəсіз балалардың обалына қаласың-ау. Қолыңды қанға
малатын болдың-ау, подлец!
Жатақханаға оқытушылар көшіп келген сияқты. Əрбір қабатта төрттен-бестен қаптап жүр.
Аяғанды бірде-біреуі таныған жоқ.
– Мұнда неғып жүрсіз? – деді біреуі. Аяған жымиып күлді. Анау таныды білем, танауы
қусырылып, екі көзіне үрей ұялап, бағжаңдай бастады. – Мұнда бөтен адамдардың кіруіне
болмайды. Тезірек кетіңіз. Мұнда органның адамдары жүр.
Мұндайға еті үйренген Аяған мүлде қорланған жоқ, жақсы заманда сыйлас болып жүретін
жігітке қарап, суық жымиды да астыңғы қабатқа түсті. Алдынан Алмас шыға келгенде өшкені
жанғандай жүрегі жарыла қуанған. Құшағын жая ұмтылған Аяғанды ол бірақ қасақана танымай
теріс бұрылып кетті.
– Əй, əй! – дегеннен басқа аузына сөз түспеді. Маңдайынан ауыр соққы тигендей есеңгіреп
тұрған.
– Сізге кім керек?
Аяған селк етіп, жалақ ерін шикі сарғы қарады. Бұған көзінің қиығын ғана тастап, екі бүйірін
таянып, шіреніп тұрған жас жігітке жыны келіп:
– Сенің керегің жоқ,– деді ашулана дауыстап.
– Сіз кімсіз өзі?
– Кім екенімді көріп тұрған жоқсың ба?!
– Жатақханаға қайдағы бір қаңғыбастар қалай кіріп кетеді екен? А ну, бұл арадан тез кет! – деді
шикі сары дікеңдеп. – Əй, бер кел. – Жанына жүгіріп жетіп келген студентке шикі сары
шытынай қарады. Анау бейшара қалбалақтап тұр. – Кезекшіні тез шақыр. Сағындық шақырды
де. Студсовет десең біледі.
Студент далбаңдап тұра жүгірді. Шикі сарының кезекшінің жер жебіріне жетіп, жекен суын


ішкізетінін сезіп, Аяған тезірек кетіп қалуға тырысты. Шыға берісте филология факультетінің
деканы кездесті.
– Сəлем,– деді Аяған.
– Сəлем, – деді ол да. Біреу көріп қала ма деп қауіптенд ме, жан-жағына жаутаң-жаутаң қарады.
– Сен мұнда бекер келгенсің. Жағдайды түсінесің ғой. Балалардың обалына қалып жүрме. Тез
кетіп қал. Бəрін шетінен қамап жатыр.
Аяған оның қысқа сөзінен мəселенің мəнісін ұқты, таныс студенттің, əсіресе інісіндей көретін
Алмастың тұра қашқан себебін түсінді. Студент атаулыны мықтап қысып, қорқытып қойған
сыңайлы. Аяғанның түсінгені – мынандай қалаймақанда Алматыда бір күн қалуға болмайды
екен. Тыныш заманда сары ізіне шөп салып, тыныштық бермеген “достарының” көзіне түссе
олардың аямайтынын сезіп, жүрегі шайлығып қалған жігіт бала-шағасының жанына баруға
асықты...
Жолай Алматыда болған жағдай қайта-қайта есіне түсіп, Аяғанның ойы сан-саққа жүгірді. Бір-
екі жылда тағдырдың тəлкегіне ұшырап, сағы сынып, тауы шағылып қалған жігіт үшін
желтоқсандағы дүрбелең мүлде күтпеген, тосын оқиға еді. “Халық неге толқыды?” Осы
тақылеттес сан сұрақ жолын кесіп, ойдан шағылып, əбден қажып қалған жігітті одан сайын
шаршатты.
Аяған ауруханадан шыққаннан кейін Алматыда көп кідірмесе де біраз мəселенің байыбына
барып, жағдайға қанықты. Емін-еркін жүретін халықта үрей бар. Айқайлап алаңға шыққан елге
мүлде ұқсамайды, өмір бойы иығынан ауыр жүк түспегендей сансырап қалған сықылды.
Бұйығы, жалтақ. Қазақтар кісіге жасқандай тура қараудан қалыпты. Көшеде кездескен таныстар
жан-жағына жалтаңдап, сыбырласып сөйлесетін дəрежеге жетіпті. Алматы гу-гу өсек. Алматы
ғана емес, жол бойы, автобустың іші толған алып қашты əңгіме. Жан-жағына алақтап, бір-
бірімен сыбырласқан халық.
“Халық неге толқыды? Алаңға неге шықты?” Осы бір екі сұрақ Аяғанның миын мүжіп, ойын сан
саққа алып қашты...
Егер бостандықта жүрсе көппен бірге алаңға шығар ма еді? Құдай-ау, топтың алдында жүрер еді
ғой. Кінəсізден кінəсіз көрген қиянаты, шеккен азабы аз болған жоқ. Шындық үшін шырылдап
еді, “қолынан өлген адамды тірілтуден басқаның бəрі келетін мықтылар” қарсыласқанына
қарамай сүйреп апарып, түрмеге тыға салды. Өлдім-талдым деп ол жерден босанып шығып еді,
жындыханаға апарып қамады. Соншалық қиянат көре тұра сын сəтте үндемей қалу адамның
қолынан келмейтін іс.
Сонда алаңға шыққандардың барлығы өзі сияқты есесі кетіп, еңіреп жүрген боздақтар ма?
Мүмкін емес. Солай-ақ болсын. Ендеше халық неге аяқ астынан дүр етіп көтеріліп кетті?
Табиғаты момын, ешкіммен таласы жоқ, құшағы да, көңілі де кең халықтың мұнысы қалай?
Шынымен-ақ ұйымдастырушылар болды ма екен?
“Əлдекімдер қара волгамен жүріп, халықты ұйымдастырыпты” деген қауесетті оі елегінен
өткізген Аяған мырс күлген. Бұл халықтың табиғатын білмейтін, алаңдағы дүрбелеңді қара
басының мақсатына пайдаланғысы келген пиғылы пасық пенденің ойлап тапқан əдісі.
“Желтоқсандағы дүрбелең оқыстан туа салған жағдай емес-ау” дейді Аяғанның бір ойы. Ол
жылдар бойы дайындалған, күндердің күнінде болуға тиіс заңды құбылыс екендігін жігіттің іші
сезеді. Желтоқсандағы жағдай елдің зəре-құтын қашырған сталинизмге, оның ісін жалғастырған
тоқырауға, халықтың мүддесін көздемейтін мемлекеттік жүйеге деген қарсылық емес пе еді.
Жылдар ойы қорқыныштың тас түрмесінен жарық дүниеге шыға алмай булыққан халы қүшін
жариялылық пен демократия бұлт арасынан жарқ етіп шыға келген күндей болып көрінген
шығар, сірə. Осы бір ұрымтал сəтті пайдаланып, көкейде жүрген көп ойын айтып салайын деген
ашумен айғайға басқан шығар аңқау қазақ. Жүрегіндегі мұңын, жанына батқан ауруын, қасірет-


қайғысын айтса несі айып?! Апыр-ау, ең дəмдісін бала-шағасының аузынан жырып алып,
қонағының алдына қоятын, сыйласқанның құлына айналып, құлдыраңдап жүгіріп жүретін
бүкпесі, бөтен ойы жоқ қазақтың қарны тойғанмен қайғысы түгесіліп біте қоймап еді ғой.
Ес ақсақалдың егіліп отырып “немерем қазақпын деуге намыстанады. Мен оған бөтенмін”
дегені бір сол кісінің басындағы қасірет пе? Ондайлар көп, тіпті көп, сан жетпейді. Туған
балаларымен түсінісе алмай орысшаны шатып-бұтып шүлдірлесіп жүрген ата-ана аз ба? Түк
білмейтін туған балаңның халықтың ғасырлар сүзгісінен өткен дəстүрін, салтын түкке алғысыз
етіп сынап, төбе шашың тік тұратындай құбыжыққа айналдырып жазған мақалаларын оқып,
жүрегің қан жылағанмен қолыңнан ештеңе келмесін сезіп, күрсінесің де қоясың. Ал сен
ағылшындардың дəстүр, салтын қабылдай алмайтындығың үшін дүниедегі ең сауатсыз,
мəдениетсіз адам болып шыға келесің. Өз халқыңның озық дəстүрлерін мадақтасаң сені ұлтшыл
деп жазғырады. Апыр-ау, ғасырлар бойы жасалып, уақыттың қатал талқысынан өткен дəстүр,
салт халықтың мазмұны емес пе. Ел-жұрттың кім екенін танытатын оның түр-тұлғасы емес қой.
Егер біреулер ойлайтындай ұлттың мазмұны оның түр-тұлғасына тəуелді болса кубалықтар
біртұтас халық санатына қосылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тату-тəтті өмір
сүрер ме еді, сірə!? Олардың əр тараптан жналған əр текті, құранды халық екенін кім білмейді?
Оларды түр мен тұлға емес, ортақ дəстүр, салт-сана, тілектің бірлігі тұтастырып, біріктірген...
Аяғанның есіне халықтардың бір-бірімен жақындасуы туралы əңгіме болса Америка мен
Кубаны мысалға келтіріп, ешкімге жеңсік бермейтін Жақия түсті.
– Кеңес одағындағы ұлттар жылдар өте келе бір бірімен қосылып, біртұтас халыққа айналады,
Кеңес елінде ұлт болмайды. Біздің ұрпағымыз бір ғана тілде сөйлейді,– дейтін ол. Зердесі зерек
болғанмен ерлігі жоқ ездер іштей оның сөзінің мүлде қате екенін біле тұра үндемейтін.
Жастықтың əсері ме, жоқ əлде, туа бітті мінездің ықпалы ма, Аяған өз пікірін айтып, Жақиямен
жағаласа кететін.
– Ағасы-ау, жүз түрлі ұлттың тұқымын тұздай құртып, барлығын будандастырып, бір ғана
орысты алып қалғаннан не ұтамыз? Халықтарды инкубатордың балапандарына айналдырғаннан
не таппақшымыз?! Дүние жүзінде сандаған ұлт бар. Олардың мыңдаған жылдық тарихы,
мəдениеті, дəстүрі, өнері мен əдебиеті бар. Дүниеден өтіп кеткен сан мыңдаған халық соның
барлығын болашағы үшін жасады. Халықтық дəстүр, салт – бабалардың ғасырлар бойы жинаған
інжу, маржаны, кейінгі ұрпақтың өмір сүруіне ауадай қажет асыл мұра.
– Жағаласпа,– дейтін абыржып қалған Жақия зілденіп. – Уақыттың талабы сондай.
– Уақыттың талабы – уақытша қысым,– дейтін Аяған өршеленіп. Уақыт мəңгілік өзгермейтін
қатып қалған тас емес. Өмірге жаңа толқын, жаңа идея, жаңа көзқарас келгенде уақыт сізге,
сізің “теорияңызға” қарсы жұмыс істейді.
– Мен коммунистпін,– дейтін Жақия.
– Уақытша ғана,– дейтін Аяған айыл жыймай.
– Сен қаны сорғалаған ұлтшылсың,– дейтін Жақия оның аузына құм құймақ болып.
– Мен ұлтжандымын. Халқымды сүйемін, оның дəстүр-салтын бағалаймын, өткеніне зор
құрметпен қараймын. Ал сіз...
– Мен интернационалистпін,– дейтін Жақия шамданып.
– Сіздің теорияңыз бойынша тек метистер ғана интернационалист бола алатын сияқты еді,–
дейді Аяған мырс күліп. Бұдан ары қарай Жақия бастырмалатып, Куба халқын мысалға
келтіріп, сөйлеп ала жөнелетін.
– Дəл қазір олардан тату, бірлігі солардан күшті халық жоқ. Америка – акула болса, ол – шабақ.
Соған қарамастан Куба ту тігіп, өз бетінше дамып, өмір сүріп жатыр. Ал сен жасы үлкен
адамның жағасына жармасып, білмейтін мəселеңе араласасың.
– Ағасы-ау, Кубамен біздің елді салыстыруға болмайтынын неге білмейсіз,– дейтін Аяған


қынжыла бас шайқап. – Кубаның халқы дүниенің əр түкпірінен жиналған. Олар бірлеп-екілеп
көшіп барып, күн көріс үшін, өліп қалмай тірі қалу үшін саны көптеу, күші басым ұлттың
арасына сіңген. Солардың дініне кірген, тілін үйренген. Олардың көпшілігі метистер. Тегін,
əкесінің кім екенін білмейді. Көпшілігі Кубаға демалуға келген əлдекімдердің балалары. Сізге
де тегі жоқ халық керек пе? – Мұндай сəтте Жақия сасқанынан ыржалақтап күледі, кейде
қабағы сұстанып ашуланады. Аяған ықпайды, əңгімесін жалғастырады. – Біздегі жағдай мүлде
бөлек. Кеңес одағындағы халықтар ешқайдан келмеген. Олар мыңдаған жылдар бойы іргесі
бұзылмай өз атамекенінде отыр. Қазақ та, қырғыз да, орыс та, молдаван да мыңдаған жыл бұрын
халық болып қалыптасып қойған. Ал сіз əлдеқашан қалыптасып қойған халықты қайта
“қалыптастыру” үшін кері процесс жүргізгіңіз келеді.
– Мен партияның солдатымын,– дейді Жақия.
– Партия қай мемлекетті жаулап алмақшы еді, Жəке? – дейді жігіт жымиып. – Солдат жаулап
алушыға ғана керек емес пе?
– Сен партияның саясатына қарсысың,– дейді ашуға булыққан Жақия. – Жолдастар, Қуатовтың
сөзін естідіңіздер ғой.
– Қуатов шындықты айтты. Партияға ақылы жоқ солдат емес, білімі білігіне сай тілекші керек,–
дейді Аяған.
Екеуінің арасындағы кикілжің осындай-осындай мінəйі себептерге байланысты өршіп, өртке
айналды. Жақия ұлттардың жақындасуы туралы докторлық диссертация жазуға кіріскелі де
біраз уақыт өтті. Кім білсін, бəлкім, қорғап, атағын да алып үлгермеген шығар. Кішкентай
ұлттардың болашағының жоқ екенін дəлелдейтін диссертациялардың кезек күтіп жатып
қалмайтындығын кім білмейді. Білетіндердің сөзіне қарағанда, болашағы жоқ кішкентай ұлт
жер бетінен біржола жоқ болып кетпеу үшін тілінен, дінінен, ділінен бас тартуы керек екен. Қу
тіршілік үшін бүтіндей бір ұлт, жо-жоқ, саны аз аз ұлт атаулының барлығы мəңгүртке айналуы
керек екен. Мəңгүрт... Қарны тойса қайғысын ұмыта салатын мəңгүрт. Өліп қалмау үшін ғана
қыбырлап тірі жүрген мəңгүрт. Ондайларға ата мен ананың қажеті қанша? Мəңгүрт... Адам
пошымдас жануар.
– Халық мəңгүртке айналмау үшін аттандаса несі айып? Жылдар бойы бұғып, көлеңкесінен
қорқып, тек жанбағысты ғана ойлап келген халықты “не үшін өмір сүріп жүрміз” дейтін сауалға
жауап іздейтін дəрежеге жеткені үшін кінəлауға бола ма? Бұл кінəнің астарында “басыңды
жұлып аламын” деген сестің жатқанын кім білмейді. Əйтпесе бас көтерді екен деп басқа ұра
ма? Жан ашуын түсінуге тырысудың орнына күшке салды. Оянған халық ойындағысын
дұрыстап тыңдайтын тірі жан болмаған соң дүрліккен шығар, бəлкім. Адамдаржы топырлатып
алаңға айдап шыққан “белгісіз біреулерді” іздеп, арамтер болу сол халықты бағаламаудың,
сыйламаудың, ең ақыр аяғы оған шындап жаны ашымаудың белгісі емес пе?! Халық – тобыр.
Тобыр, тобыр... Сталиннің заманына үстем болған ұғым əлі өзгермепті. Демократия мен
жариялылықтың салтанат құрғанына сенген халықтың сенімін шынжыр табан танктей
əділетсіздікпен таптап жүре берді. Себебі – олардың ұғымынша, алаңға мұңы, жанының ащы
айқайы бар халық емес, тобыр шыққан. Тобыр... Құлағы кесік құл... Тобырға сөз жетпейді.
Тобырда парасат жоқ, парық жоқ. Ендеше тізеге салып сындыр, тобыр қорыққанын сыйлайды.
Тобыр қу құлқынның құлы. Қарнын тойдырып, алдап қой да ойыңа келгенді істей бер.
Бюрократия осылай ойлайды, осылай əрекет жасайды. Бұрын да солай болған, қазір де солай...
Солар... Солар кінəлі...
– Солар,– деді Аяған күбірлеп.
– Маған бірнəрсе дедіңіз бе?
Жанында отырған келіншек Сарыжазда түсіп қалып, оның орнына басқа адам жайғасыпты.
Аяған əскери адамға таңырқай қарап, əнтек жымиды.


– Білесіз бе,– деді Аяған оған сынай қарап. – Маған мынандай ой келіп отыр. – Əскери адам бас
шұлғыды. – Ұлттық республика дегендердің барлығы формально өмір сүреді. Сондықтан
олардың атын жойып, барлығына бір ғана атау беру керек.
Əскери адам жымиып күлді. Бас киімін алып, тершіген маңдайын сүртті.
– Д-а-а,– деді дауысын созып. Республикалардың атын жоюды осыған тапсырғандай ойланып
отыр. – Заманчивая идея!
– Ерте ме, кеш пе əйтеуір бір күні бəрібір сол күнге жетеміз. Халықтар бір біріне қосылып, бір
ғана ұлтқа айналады. Сондықтан ұлттық республикалардың атын жою керек, – деді Аяған
көршісінің қабағын аңдып.
– Да-а... Əлі ертерек емес пе? – деп ол жігіттің бетіне күле қарады. Анталап келіп бас салып,
аяусыз талаған ашқарақ ойдың əсерінен арыла алмай отырған Аяған əскери адамның сөзінен
кейін ашынып, өлердей ашуланды.
– Сен Қазақстанда, қазақтардың арасында əскери міндетіңді өтеп жүрсің ғой ə!? Өтеп жүрсің.
Өзің шекарашысың. Үш жұлдызың бар екен. Солай ма,– деді Аяған, ашуланып отырса да
сызданып ақырын сөйлеп. – Соған қарамастан сен қазақтарды ұнатпайсың, мүлде жек көресің.
Қазақтың мыңдаған жылдық тарихы бар, рухани байлығы ешкімдікінен кем емес, ұлы халық
екенін білемісің өзің? Білгің келмейді. Себебі – саған қазақтың керегі жоқ. Саған оның жері,
байлығы керек.
– Ой, не деп отырсыз?! – деп аға лейтенант шоқ басқандай орнынан ыршып тұрды. Екі беті
нарттай болып, долырып шыға келді. Автобуста отырған адамдарға жасқана жаутаңдай қарайды.
– Отыр! – деді Аяған зілденіп. Аға лейтенант тістеніп тұр, жүзі дем сəттің аралығында адам
шошырлықтай өзгерген. Өзін табалап отырған жігітке ызалы көзбен ызбарлана қарап тұр.
Жанын ыза шабақтаған Аяған одан сайын өршеленді. – Сенің ойыңша, ол халықтың жер басып,
тірі жүруге де қақысы жоқ. Өкінішке орай, сенше ойлап, сенше əрекет жасайтындар аз емес.
Ол күрсінді. Көкірегіне толып қалған ашуын басу үшін терезеге бұрылды. Бүкіл денесі
қалшылдап, еркіне бағынбай қойды. Қатты ашуланса қалшылдайтын дерт жабысқалы да біраз
болған.
Оны ауру деп ойлады ма, аға лейтенант сабыр сақтап, арт жақтағы бос орынға жайғасты.
– Жастардың алаңға шығуына сен кінəлісің,– деп дауыстады Аяған соңына бұрылып. – Сен
сияқты малғұндардың кесірінен ертеден ертеңін ойлаған, бірігіп қам-қарекет жасаған, татулығы
жарасқан екі халықтың арасына сызат түсті.
Автобустың ішіндегілердің үлкені де, кішісі де орындарынан тұрып кеткен. Алматыдан
шыққалы бері тірі жанмен тілдеспей, меңіреу адамдай мең-зең болып отырған, сақал-шашын
еркіне жіберген диуанаға ұқсас жігітке барлығы таң қала қарап қалған. Ал ол ештеңе
болмағандай екі көзін жұмып алып, шалқасынан жатыр.
– Ішіп алған сияқты.
– Жеткенше ұйықтап келді.
– Бұл жақтың адамына ұқсамайды.
– Бұл жағыңның адамдары да өзгеріп кетті ғой.
– Мынауың тегін адам емес,– деді ең соңында біреуі. – Дұрыс айтады. Ой, аз-замат! Ой, қасқа!
Бұл қазаққа қашан ақыл кірер екен?! Жығылып жатып жыртысын жыртқан жанашырын
кінəлайды. Күйінесің, күйесің... Бармағыңды шайна-а-ап отыра бересің.
Аяған орнынан тұрып, өзінен көз алмай отырған жолаушыларды сүзіп шықты. Оның сұсынан
қаймыққан жұрт тым-тырыс тына қалды. “Мынау енді не бүлдірер екен” дегендей үрей бар
көздерінде. Аяған өзін жақтап сөйлеген бейтанысты іздеді. Қайсысына көз тоқтатарын білмей
тұрғанда соңғы қатарда отырған əдейі бояп қойғандай екі бетінің ұшы шиқандай, жалпақ
жауырынды жігіт орнынан тұрды да, қорбаңдап Аяғанға қарай жүрді.


– Жарайсың, азаматым! Ой, қасқа! Айтып-айтып тастадың-ау! Біз сорлы аузымызға құм
құйылғандай Алматыдан шыққалы үндемей келеміз. Ал сен... Ой, қасқа! Келші, бауырым, өзіңді
бір құшақтайын.
Шиқан бет жігіттің аузынан арақтың иісі бұрқ-бұрқ етеді. Қорбаңдап келіп, Аяғанды бас салып
құшақтап, екі бетінен былш-былш сүйді. Үзбей ішіп жүретін адамдарда болатын иіс қолқасын
қауып, жүрегі айныды.
– Ой, қасқа! Кəне, ұста мынаны,– деді шиқан бет жігіт оның қолына үлкен қырлы стаканды
ұстатып. Бөтелкесі де қалтасында екен.
– Мен ішпеймін.
– Сен үшін, желтоқсанның батыры үшін мен ішемін,– деп қалған арақты стаканға сарқып құйды
да, бал ішкендей тамсанып, сыздықтатып сімірді. Сонан соң Аяғанның бетінен иіскеп сүйді. –
Бұдан артық закуска болмайды.
Шиқан бет жігіт шаруасын реттеген соң көңілі толып, орнына жайғасты. Аяғанның көңілін
құрсаған бұлт сейілмеді. Ақырын ғана күрсінді де, шығар есікке қарай беттеді.
“Бəсе ішіп алмаса қазақ ойындағысын айқайлап айтушы ма еді. Əй, сорлы арылмаған жұртым-
ай! Түбіңе арақ жетер-ау сенің” деп күбірледі Аяған.
Автобус Қызылұштың тұмсығынан əрі айналған кезде Аяған түсіп қалды. Жамбыл ауылына
баратын үлкен жолмен аяңдап келе жатқан жігітті жүк машинасы қуып жетті. Байынқолдағы
машиналарға ұн, тұз алып бара жатқан машинаны оны тура əкесінің үйінің тұсына жеткізіп
салды.
Тапал тамның мұржасынан шыққан түтін жігіттің күдік кеулеген көңіліне сəуле болып
себездеді. Есігі ашық тұрған қорада біреу жүрген тəрізді, құлағына баланың дауысы шалынып,
қу жүрек лүпілдеп келіп алқымына тығылды.
– Ой, сасық! Қораны тағы да былғадың ғой ей! Шөп бермей аштан қатырайын ба осы...
– Мынау Елжас қой, құдай-ау!..
Аяғанның дауысы шығып кетті. Асыға адымдап қораға беттеді. Басы айналып, екі тізесі
дірілдеген сияқты.
Əп дегенде ұлы оны танымай, сақал-шашы өсіп, ағарып кеткен бейтанысқа үрейлене қарап,
қимылдауға шамасы келмей состиып тұрып қалған. Қолындағы айырын оңтайлап ұстап, айбат
шегіп тұрған ұлының өзін таный алмағанын түсінген əке:
– Құлыным! – деді дауысы дірілдеп. Елжас əкесін енді танып, айырды бір шетке лақтырып
тастап, құшағын жая ұмтылды.
– Көке!..
– Құлыным!..
Елжас көптен бері көрмеген əкесін мойнынан құшақтап алып, бетінен, көзінен, маңдайынан
сүйіп жатып, сүйіп жатыр. Ұлын Аяған да өлердей сағыныпты, көз шарасы жасқа толып кеткен.
– Көке-е!.. Көкетайым менің! – деді Елжас егіліп. Жігіттің қиянатты көп көріп, ешқашан
жібіместей болып қалған жүрегі езіліп, көзінен жас парлады. Жасты көзбен баласына мейірлене
қарады, Елжас шөмиіп, жүдеп кеткен екен.
– Көке-е! Енді кетпейсің бе, көке,– деді ұлы өксіп.
– Кетпеймін, құлыным!
– Көкетайым менің! – Əкесінің құшағынан сытылып шығып, қуана дауыстап, үйге қарай
жүгірді. – Көкем келді! Ата-а, көкем келді!..
Үлкен ұлының соңынан үйге кірген Аяғанды балалар түгіл Хадиша да танымай қалды. Сақал-
шашы өсіп, ағарып кеткен, күлімдеген көзінен жас парлаған бейтаныс адамға үрке қарап қалған
ұлы мен қызына құшағын жайған Аяған тізерлеп отыра кетті.
– Мен ғой бұл... Құлындарым-ай!..


– Кө-өк-е-е! – деді Олжас қуаныштан жүрегі жарылардай дауыстап. “Көкелеп” Бибі де ұмтылды.
Аяған ұлы мен қызын құшағына қысып, екі көзінен жас моншақтап, тізерлеп отыр. Сағыныштан
сарғайған үш жетімек осы бір бақытты сəттен айырылып қалардай əкенің мойнынан тас қып
құшақтап алып, қимылсыз қатып қалған.
Үлкендерге ілесе алмай қалған Асылхан еңбектеп жетті де балаларға жармасып жатып орнынан
тұрды.
– Айналып кетейін сенен! – деді Аяған оны көтеріп алып. Еміреніп бауырына басып, бетінен
сүйді. Басқалардан көргенін істеп, ол Аяғанның мойнынан құшақтады. – Кішкентай азаматым!
Жігітің көзі қуаныштан бал-бұл жанып, жымиып күліп тұрған Хадишаға түсті. Осы сəт
келіншек оған дүниедегі ең бір жақын, ең жанашыр адамы сияқты болып көрінді.
– Сəлеметсіз бе, аға! – деді келіншек күлімсіреп. Бірнəрсе бүлдіріп қойғандай Аяғанға тура
қарай алмай жанарын алып қашты, бетінің ұшындағы кішкентай қызыл жайылып барады. Осы
тұрғысында ол ғажайып сұлу болып көрінді. Жігіттің көз алмай қарағанынан қысылды ма,
келіншек жымыңдап, теріс айналып кетті.
– Сəлеметсің бе, Хадиша! – деді жігіт дауысына діріл араласып. Келіншек оған соншалықты бір
жылы көзбен жалт қарады да:
– Атам төргі үйде, аға,– деді ақырын ғана. Жігіт Асылханды жерге түсіріп, киімін шешпестен
төргі бөлмеге кірді. Сағынып қалған балалары шалғайына жармасып, айырылмай жүр.
Əкесі екі көзін шарт жұмып, шалқасынан түсіп жатыр екен. Сақал-шашы аппақ қудай ағарып,
аруақтай арып, бір-ақ уыс болып шөмиіп қалыпты. Ұлының дауысын естіп жатқан шал ол кіріп
келгенде кемсеңдеп қоя берді. Аяған əкесін құшақтап, еңкілдеп жылап жіберді.
– Анаңнан айырылып қалдық, құлын-е-ем! – деді Қуат қария егіліп. Аяған оның жас үйірілген
көзіне қарады. Кейінгі уақытта əртүрлі “өнер” шығарып, сыр беріп жүрген жүрегі кенет от
қарығандай жиырылып, қайтып жазылмай, түйілген жұдырықтай болып қатты да қалды. Дем
жетпей тұншыққан жігіт екі бүктетіліп, бүрісіп отыра кетті. Əке мен баланың көріскеніне
қарап, көңілі босап, есік көзінде тұрған Хадиша жүгіріп барып, су əкеліп берген. Су
ұрттағаннан кейін ғана Аяғанның жүзіне қан жүгірді.
– Менің жатысым мынау. Бір айдан асты, орнымнан тұра алмай қалдым,– деп күрсінді шал.
Əкесі əбден əлсірепті. Демалысы ауырлап, екі ауыз сөзден кейін-ақ демігіп, шаршап қалатын
болыпты. – Бар салмақ келінге... Хадишаға түсті ғой. Айналайын одан!..
Есік көзінде тұрған Хадишаның екі беті қалақай шаққандай дуылдап, бұрылып қашты. Аяған
ақырын ғана езу тартты.
Бақытты болыңдар! Ақ батамды бердім,– деді шал демігіп. – Шешеңнің басына барып қайт,
балам. Сенің келгеніңді білсе ол сорлы бір аунап түсер. “Аяғаным қашан келер екен” деп
зарығып жатқан шығар-ау. Оның кеудесінен жаны шыққан жоқ əлі. Жалғыз ұлы бір уыс топырақ
тастағанша жаны шығушы ма еді шешеңнің. Бар, құлыным, тезірек бар. Анаңның жанын
қинама.
Кеудесіне өксік тығылған Аяған сүйретіліп орнынан əрең тұрды. “Пап, пап” деп еңбектеп келіп,
аяғынам жармасқан Асылханды көтеріп алып, құшақтап, құшыры қандай ұзақ иіскеді де, екі
бетінен кезек-кезек сүйді. Құлағына өксік шалынғандай болған, жалт қараған жігіт Бибіні
құшақтап, егіліп отырған Хадишаны көрді. Келіншектің қуанғаннан жылап отырғанын көпті
көрген сұңғыла көңіл сезді.
– Сен анаңның қай төмпешіктің астында жатқанын білмейсің, балам. Қасыңа Елжасты ертіп
ал,– деді шал қинала дауыстап. – Шанамен барыңдар. Анаң Сағынтай бабаңның оң жағында
жатыр.
Қар қалың. Ақкүнгейге дейінгі аралықты трактормен күреп, жол салған екен, екі қапталындағы
үйілген қардың биіктігі аттың құлағынан асады. Аяздың табы бұлың-бұлың жортқан сағым


сияқты, бұлдырап көрінген Ақкүнгейді алып қашып, алыстатып бара жатқан тəрізді.
Елжас шананың алдыңғы жағына тізерлеп отырып алған, анда-санда божыны қағып алып:
Шу, жануар! – деп дауыстап қояды. Аз ғана уақыттың аралығында ауылдың баласы болып
үлгерген ұлына Аяғанның іші жылып қалды. Ол осы сəт өзін қартайып қалғандай сезінді. Сонша
ұзақ өмір сүрген тəрізді. Аяған қалжырап шаршағанын, əбден қажып қалғанын енді ғана сезіп
келе жатыр.
Дүниенің бəрі аппақ қар. Сеңгір-сеңгір тау мен көсіліп барып Алатаудың етегіне тірелетін дала
аппақ. Тау мен даланың ой-шұңқыры жоқ сияқты, қайда қарасаң да теп-тегіс жазық. Көз сүрінер
кедір-бұдыр көрінбейді. Аяған ақырын ғана күрсінді. Өмір оған аппақ қар жамылған дəл осы
дала сияқты болып көрінген, алданғанын маңдайына тағдырдың таяғы тиіп, құлап түскенде бір-
ақ білді. Өмірде теп-тегіс жол болмайды екен. Сол ұзақ жолда адамның сүрініп, құлап қайта
тұруы заңды құбылыс екен. Өмір деген жеңілістер мен жеңістердің жиынтығы сияқты.
“Жеңілістің ащы дəмін татпаған жан жеңістің қадырын білмейді” дейтін Алдияр Ақпанұлы.
Жаның жаннатта болғыр Алдекеңдей ғұлама да өтті бұл жалғаннан. “Адамның жаны өлмейді.
Ол торғайғай айналып, ең жақын адамдарының төбесінде шырылап ұшып жүреді” деуші еді сол
ғұлама. Анасының, Əсемінің торғайға айналған шыбын жаны көз көрмес, құлақ естімес биікте
шырылдап ұшып келе жатқан шығар, сірə. Ата-бабасының, анасы мен жарының аруақтары
қолдап, жеңістің де дəмін татар. Алда əлі ұзақ жол бар.
– Тр-р, жануар! – деді Елжас божыны шірене тартып. Орнынан тұрып, божыны шананың басына
байлады да, жерге түсті. – Келдік, көке...
Елжас алға түсіп, қасат қарға омбылап, жол бастады. Биылғыдай қалың қарды көрмегелі не
заман. Елжастай кезінде тоқал там қардың астында қалып, əкесінің есікті əрең ашқаны есінде.
Жалпы таулы өңір болғандықтан ба Байынқол аңғарына қар қалың түседі. Солардың ішінде
ерекше есте қалатын қыс сирек. Биылғы қыс сол сиректің бірі сияқты.
Көктемде көрген əртүрлі ескерткіштер қардың астында қалыпты. Күмбездеп салған еңсесі биік
екі-үш мола ғана көзге ерекше көрінеді. “Елжас əжесінің бейітін таба алмайды-ау” деп
күдіктенген Аяған. Омбылап əрең жүріп келе жатқан баласын аяды.
– Көке, менің ізіммен жүр, жеңіл болады,– деген ұлының сөзіне күлкісі келді. Жүрегі елжіреген
жігіт:
– Мақұл, құлыным! – деді.
– Міне, келдік, көке, – деді Елжас. Əжептəуір биік діңгекті сілкілеп қарын түсірді. Қардың
астында қалған төбешікке шанжа шаншып, жоғарғы тұсына жұқа тақтай шегелеп, анасының
атын жазып қойыпты. Аяған ұлының жазуын таныды. Тізерлеп отыра қалып, қарды аршыды.
Əрең дегенде тоң болып қатып жатқан топыраққа қолы жетті. Анасының бейітін құшақтап,
іштей өксіді. Бір сəт оған жер күрсінгендей, сонан соң сөйлеп жатқандай болып көрінді. “Жер
емес, анам менімен қоштасып жатыр” деп ойлады ол.
– Қош бол, асыл анам! Топырағың торқа болсын. Ақ сүтіңді ақтай алмадым. Кеш, ана!.. Кеш
мені,– деді Аяған егіліп жылап. Кенет көзі анадай жердегі аласалау төбешіктің жанында басы
салбырап, тізерлеп отырған ұлына түсті. Күбірлеп сөйлеп отыр.
– Мама, мен келдім. Көкемді ертіп келдім.
Аяғанның жүрегі шаншыды. Көзінен бұрқ ете қалған ыстық жас аяз сорған жүзін тілгілеп, төмен
сырғыды. Ұлының қатарына тізерлей отырып:
– Мен келдім, жаным. Балалардың жанына келдім, Əсем. Сен кеткелі көрмеген құқай, қиянатым
қалмады. Енді ешқайда бармаймын. Балаларымның жанында боламын,– деп күбірледі. Сонан
соң шалқайыңқырап аспанға қарады. Көгілжім аспанға көлеңке түсе бастапты. Ақбұлақ
шыңының төбесіндегі бір өшіп, қайта жанған жетім жұлдызды көзі шалды. Жетім жұлдыз...
Алдияр Ақпанұлы айта беретін ғұмыры қысқа жетім жұлдыз Өмірзая осы шығар, бəлкім. Аяған


теңіз бетіндегі қалытқыдай біресе көрініп, біресе жоғалып кетіп тұрған жетім жұлдыздан
адасып қалды. Бір кезде жетім жұлдыз аспан тұңғиығынан дір-дір етіп қайта шықты. Аяғанға ол
суыққа тоңып, дірілдеп тұрғандай болып көрінді. Кенет ол түбі көрінбес тұңғиық аспанның
тереңіне біржола батты.
Жетім жұлдыз батып кетті... Өмірзая – жетім жұлдыз...
– Өмірзая... Өмір – зая... Зая... Зая!..
Осы бір сөздерді қара жер күңірене қайталап жатқан тəрізді. Қара жер емес, оның сұп-суық
құшағында жатқан мың сан аруақ қайталап, күңіреніп жатқандай...


55
Кеудесінде қу жаны қалған Аяғанды еңгезердей екі жігіт сүйреп əкеліп, лақтырып тастай салды.
Орнынан тұруға шамасы келмей ентігіп ұзақ жатты, еден тастай суық екен, біраздан кейін тісі
тісіне тимей қалшылдап, тоңа бастады. Жанын қинап жатқан орнынан əрең тұрды да, бір басып,
екі басып төсекке жетті. Əбден ескіріп, иістенген, жұлым-жұлымы шыққан одеялға оранып,
шалқасынан түсіп жатты.
Кеңсірігі бұзылған тəрізді, удай ашып, қайта-қайта тынысы тарыла берді. Қанша қабырғасының
сынғанын бір құдай біледі, қимылдау былай тұрсын, кеудесін кере дем алса тұла бойы ауырып,
жанын көзіне көрсетеді. Беті көнектей болып ісіп, екі көзінің алды күлкілдеп көгеріп кеткен.
Көзінің үсті домбығып, қос шырағын жауып қалғалы қашан, осы күні кісі танымайды. Үстіңгі,
астыңғы еріндері дүрдиіп тұр. Дəл қазіргі қалпында оны айырып тану кімге де болса оңайға
түспес еді.
Нəр сызбағалы да біраз болды, іші ұлып, өзегі талғанмен таңдайға салып, талшық етер бір түйір
дəн жоқ. Судың өзін өлшеп береді. Тңдайы күйіп, өлердей қаталап жатқанда борсып кеткен
сары судың өзі дəтке қуат. Жарты стакан сасық суды сыздықтатып сіміріп, аузыншайқап
жұтқанда шекесінен шып-шып тер шығады. Осындайда бойы кəдімгідей жеңілдеп, сергіп
қалатын. Бұл бірақ бір сəттік қана алданыш.
Əл-дəрмен жоқ, өз бетімен жүре алмайды, тергеуге əлгі жігіт сүйреп алып барады, сүйреп
əкеліп тастайды. Содан ұзақ уақыт ес жия алмай, есеңгіреп жатқаны. Əдейі аңдып тұра ма, көзі
ілініп бара жатса жетіп келіп, таяқпен сабайды. Осы адам-ау, бір жеріне зақым келеді-ау
демейді. Азаптау дəл осылай жалғаса берсе қаншама шыдарын жаратқанның өзі білер.
Кеудесінен шыбын жаны ұшы шығып кеткенше шыдамасқа амалы кəне?! Мақсұттың айтқанын
көніп, кінəсін мойындаса нəтижесі белгілі. Ол пəле-жаланың бəрін Аяғанға артып, жазаның ең
ауырына тартпақ. Артында арқа сүйер ешкімі жоқ, үш жетімегі шұрқырап далада қалар. Асқар
таудай болып көрінетін əке де кетті бұл пəни жалғаннан. Шұрық тесік болған кəрі жүрек
жаратқанның соңғы қиянатына шыдамаған шығар. Бір уыс топырақ сала алмады. Ең үлкен
өкініші сол.
Көптен бері ауру еді, сүйегін сүйретіп əрең жүрген шал Аяған келген соң жатып қала беретін
болған. Сиыр сəскеде үш жігіт сау етіп кіріп келгенде Қуат қария екі көзін шарт жұмып, қимыл-
қыбырсыз жатқан. Ұлына аманатын айтпақ болып жатқан.
Бір мəселені анықтау үшін бізбен бірге ауданға барамыз. Кешке қайтып келесіз,– деп
жақауратқан жігіттің өтірігін Аяғанның іші сезген. Кеудесіне тығылған ашуды тұншықтырмақ
ниетпен өзі үшін отқа түсуден тайсалмайтын Хадишаға қарап, жымиып күлген.
Балаларға ие бол, жаным,– деген. Қанша уақыт бір шаңырақтың астында тұрса да күн сайын
оқталып, батылы бармай жүрген жүрегіндегі жылы сөзін осы жолы айтты.
Есік алдында тұрған алматылық сериялы “волганы” көргенде жүрегін бір үрей аямай шағып
алды. Тағы бір шырғалаңға түсерін қу көңіл сезсе де, боталарын үрейлендірмеу үшін үндемеді.
Балалардың барлығын құшақтап сүйіп, əкесіне жағдайды айтып, қоштасып шыққан соң
Хадишаны бауырына басқан.
– Есіңде болсын, Хадиша, менде сенен басқа ешкім жоқ. Мныа жетімектер сенікі,– деген. Көз
жасына ерік берген келіншек бірінші рет батылы барып, Аяғанды бетінен, маңдайынан, ерінінен
шөпілдетіп келіп сүйді.
Екі жігіт екі жағына жайғасты, біреуі алдына отырған. Оның аудандық қауіпсіздік комитетінің
қызметкері екенін олпы-солпы киіміне, тотыққан жүзіне қарап көрген сəтте-ақ таныған. Өзін
алып кетуге сонау Алматыдан екі адамның келгеніне сай алдағы тағдырын ойша бағдарлап


қойып еді.
Машина қозғалып кеткенде барып көрді, Елжас айқайлап жүгіріп келеді екен.
– Тоқта! – деп ышқына дауыстаған. Жүгіріп жеткен ұлы:
– Ат-а-а-м!.. Ат-а-м ө-ө-л-і-п-п қалды,– деген ботадай боздап тұрып.
– Кеттік! – деп зірк ете қалған ұлты белгісіз жігіт жүргізушінің иығынан нұқып. Əкесінің бұл
пəниден аттанып кеткенін, бір уыс топырақ салуға міндетті екенін екі жағындағы қос мəңгүртке
түсіндіре алмай қажыды. Бұл екеуінің ата-ананың қадыр-қасиетін білмейтін, балалар үйінде
өскен туажат көркөкірек екенін бұған біреу айтты дейсің бе?!
Түннің бір уағында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторына келген Аяғанның
жолын асыға тосып Мақсұт отыр екен. Оның көзіндегі қуанышты көрді, мақсатына жеткен
пендеге тəн тоқмейіл пейілді таныды.
–А-а, қош келдіңіз, мыр-р-за. Шəкірттеріңіз түгелімен осында,– деп езу тартты Мақсұт.
Жылайтйын адамдай қабағы шытылып, езуі керіліп, түсі мүлде жылымады. – А-а-н-о-оу кезде
үзіліп қалған əңгімемізді қайта жалғастырамыз.
– Менде саған айтатын əңгіме жоқ. Жақында ғана жындыханадан шықтым. Ештеңе білмеймін,–
деді Аяған мұңайып. Бұрынғы екпін жоқ, нəти жуасып, монтансып тұр.
– Б-а-р-р,– деді Мақсұт барқылдап. – Əңгіме көп. Өте кө-ө-п!..
Ойда жоқта үлкен олжаға кенелгендей Мақсұттың қимылында бір əбігер бар сияқты. Əртүрлі
құжаттарын толтырып болғаннан кейін Аяғанды үшінші камераға апарып қамады. Камера толы
адам шығар деп ойлаған, ешкім жоқ екен, сол баяғыдай қаңырап бос тұр. “Мен үшін біреуін
əдейі босатып қойған шығар” деп ойлаған.
Мақсұттың айтпаған сөзі қалмады, табалады, намысын таптады, оған да көңілі көншімеді ме,
қол жұмсады. Қарап жатып өлмек жоқ, қарсылық көрсеткен. Жалғыз өзіне əл бермесін сезді ме,
Мақсұт дауыстап əлдекімдерді шақырды. Еңгезердей екі жігіт кіріп келді де, жабылып сабады.
– Алаңға студенттерді азғырып апарған осы сүмелек. Нағыз бандит осы. Аямаңдар иттің
баласын,– деп бажалақтаған Мақсұт шіреніп тұрып бетінен тепті, көзəйнегінің быт-шыты
шықты, мұрнынан қан сау ете қалды. Оны ескерген ешкім жоқ, ұрып жатыр, кіжініп тепкілейді
келіп. Қарсыласқанмен қанына қарайған үш нойысқа қайрат таныта алмасын түсінген Аяған
басын қорғаштап, бүк түсіп жатты.
Осынша қиянаттың кімнің құзырымен жасалынып жатқанын сол күні-ақ білген. Шындықты
шырылдап қорғайды дейтін ұлы күштің арашаға келмесін де іштей сезген.
Осылай бастаған түрмедегі тірлігі еш өзгеріссіз жалғасып келеді. Күндердің есебінен жаңылды.
Мұнда желтоқсанның отызы күні əкеліп қамаған. Одан бері талай заман өткен сияқты. Əрқашан
шақырайып шамы жанып тұратын камерада күн мен түнді айыру мүмкін емес. Бірінен соң бірі
тергеп, айтқандарына көндіре алмаған ашулы топ жабылып ұрып, тепкілеп əбден қорлайды,
сонан соң сүйреп əкеліп тастайды.
Осынау жалғанда пенде баласынан асқан қиянатшыл, қатыгез тіршілік иесінің
болмайтындығына Аяғанның көзі анық жетті. Адамның азап шегіп, қиналғанынан лəззəт тауып,
рахатқа мелдектейтін пендесіне билік беріп қойған мемлекеттен қандай қайырым, жақсылық
дəметуге болады? Ақыл, парасат емес, қара күшке, қиянатқа сүйенген мемлекетте болашақ бар
дегенге кім сенеді?!
Түрмеге түскелі небір сұмдықты көрген Аяған өзінің “сүйікті” мемлекетін жаңа қырынан
таныды. Осынау жарық дүниедегі бағаласа баға жетпес анасындай аса мейірімді, əкесіндей
қамқор, ең əділ, ақыл-парасаттан, ізгіліктен тұратын дейтін қоғам сын сағатта бет пердесін
сыпырып тастап, мұжық қалпына түсіп, ортағасырлық мазмұнына оп-оңай көше салады екен.
Ол сенің жаныңның қиналғанын көрмейді, себебі – көрсоқыр, шыңғырған дауысыңды естімейді,
таскерең.


Осыны ойласа тұла бойын үрей билеп, қалай қашып құтыларын білмей далбасалап,
шарасыздыққа бас иеді. Бір уақыттарда мазаққа айналдырып күлетін Мақсұт бұл күнде
қорқыныш. Сол кəпірден жүрегі əбден шайлыққан, оны есіне алса зəре-құты қашады. Оның
көрсеткен құқай-қиянаты шектен шығып, қу жаны азапқ ат үскенде тізерлеп отыра қалып,
өлердегі сөзін айтып, жалынып-жалбарынғысы да келеді. Осындайда аяқ астынан пенделігі
ұстап, қалғып кеткен намысын түртпектейді. Үрей мен намыс жабылып талағанда қалай қарай
жығыларын білмей жандалбасаға түскен бейшара екі көзін шарт жұмып алып кемсеңдеп, іштей
өксиді. Мұндай сəтте мынау əділеті кем дүниеде Мақсұттан асқан бақытты жұмыр басты пенде
жоқ, дұшпанын мұқатқанына масайрап, ыржиып күліп отырады. Оның осы түрін көргенде əл-
қуаты қашып, əбден əлсірегенмен ешқашан жеңілуді білмейтін жеңіс оты лаулап жанып,
пұшайман қалдегі Аяғанның тұла бойын шарпитын. Ол кенет жадырап, Мақсұтқа тік қарайтын,
езуіне мысқыл ілінетін.
– Сені өз қолыммен бауыздаймын. Совет үкіметінің жауларына кешірім жоқ,– деп көкталақтана
айқайлаған тергеуші тістеніп келіп былш-былш ұратын, ол аздай-ақ тірсегінен аямай тебетін.
Алғашқы күндері ауырсынып, жан дауысы шығушы еді. Осы күні жаны қиналса да намысқа
тырысып, үндемейді. Мақсұт одан сайын құтырады, тебеді, ұрады, шашын жұлады. Сонда да
айызы қанып, ашуы тарқамайтын тəрізді. Ол мұндай сəтте өзінің адам екенін де ұмытып кететін
секілді болып көрінеді Аяғанға.
Қас дұшпаныңды белгілі бір дəрежеге дейін жек көруге, мұқатуға, омақаса құлатуға болар, ал
оны көрге тыққанша азаптау, қинау арқылы рахатқа бөлену жан-жүрегі бар, ақыл-есі бүтін
кісінің тірлігі ме? Соншама қинап, мəңгілік кешірмей, кек тұтатындай осы Мақсұтқа не қиянат
жасап еді?! Əлде оныкі ескі кектің қарымтасы емес, қызмет бабына байланысты атқаруға тиіс
міндеті ме екен?! Ол орындаушы. Ол кішкентай ғана тетік. Мүмкін Мақсұт қазақ азаматына
осыншалық азап, қорлық көрсету арқылы өзінің осы үкіметке, орыс халқына берілгендігін
дəлелдегісі келетін шығар. Қара басының қамын бəрінен жоғары қоятын пендеге бір адам түгілі
бүтін ұлттың тағдыры мазақ болып па?!
Оның ойын шыңғырған дауыс бөлді. Селк етіп, көзін ашып алды. Шақырайған жарық көзіне
өткір инелерін қадады. Көз алдынан əлдебір жолақтар тізбектеліп өте бастады. Жаңағы ащы
шыңғырыс тағы бір рет естілді де біржола өшті.
– Кім екен? Бəлкім, Камал шығар. Əлде Канат пен Еріктің бірі ме екен?
Оқыстан əлдекім ине шаншығандай жүрегі ауырып қабақ шытты. Есіне Мақсұттың жанына еріп
жүретін еңгезердей екеу түсті. Бірінің есімі Аширжан, ұлтының кім екенін білмейді. Əйтеуір
қазақ емес. Сол шіркіннің ауыз ашып, сөйлегенін естімепті. Мақсұт аузына келгенді оттап,
мұның жер-жебіріне жетіп балағаттап жатқанда көзін жұмып, төмен қарап тұрады. Ештеңені
естімейтін таскерең сияқты.
Оширжан! – дейді бір кезде Мақсұт. Оған осы сөз де жеткілікті, Аяғанды тұрғызып алады да,
қақ маңдайынан ұрады. Одан арғысы қап-қара түнек. Осы күні маңдайы қол тигізбей ауырады.
Бүгінге дейін қақ айырылып кетпей жүргеніне таңы бар. Мақсұтқа жəрдемші болып жүрген
екінші жігіт орыс. Ол нағыздың өзі. Алаңға шыққандарды түгелдей атып тастаудан қайтпайды-
ау, сірə. Сөзінің əлпеті жаман шіркіннің. Қашан болсын қазақтарды жерден алып, жерге салып
кіжініп жүргені. Кісіні азаптап, жанын қинауға келгенде одан асатын ешкім жоқ. Аяғанның таң
қалатыны – Мақсұт əлгінің барлық сөзін ести тұра лəм демейді. Қазақ деген ұлтты түгелдей
қырып, жер бетінен жойып жіберсе де Мақсұт ештеңесін жоғалтпайтын тəрізді.
Осы екеуінің орнында кеудесінде жаны, бір мылқал намысы, аз ғана ақылы бар қазақ баласы
болса дəл мыналардай қатыгездік жасамас еді ғой. Мақсұт та мұншалық қиянатқа бармас па еді,
бəлкім.
Аяған өзін кейде осылай алдарқатады, бірақ жақсылықтан күдерін үзіп олған сұм көңіл


ештеңеге сенбейді.
Аяғанның ойын тықыр бөлді, аяқ алысына қарағанда күзетші. Ол əдеттегідей есіктің терезесінен
сығалап, тексеріп кетті. Кенет шыңғырған ащы дауыс дəл құлақ түбінен естілді. Оқыс үннің
əсері ме, денесі тіксініп, бойын діріл биледі. “Бейшара-ай!” деді Аяған күрсініп. “Балалар
азапқа шыдамай мыналардың алдауына түсіп қалады-ау” деген күдік көңіліне алаң салды.
Шыңғырған дауыс құлағына шаншудай қадалды. Көрші камералардың бірінде болып жатқан
жағдай сияқты. Аяған шыдай алмай екі құлағын алақанымен жапты. Бірақ құлағына сіңіп қалған
ащы үннен құтылмады. Əудемнен кейін əлгі шыңғырыс жас баланың – өзінің дүниеде теңі жоқ
Бибісінің дауысына айналып кетті. Аяған селк етіп, орнынан ұшып тұрды. Сол сол-ақ екен көзі
қарауытып, абсы айналды. Небір сұмдықты көріп, əбден зəрезеп болған қу жүрек бір зауалды
сезгендей тыпырлап алқымына тығылды. Қабырғалары, күмп болып ісіп кеткен тірсегі, басы
сынып ауырып, жаны қиналып əрең тұрған жігіт тəн азабын елемеуге тырысты.
Əлгі шыңғырыс əлсіреп, алыстап барып ғайыпқа сіңіп жоғалды. Əмісе осылай, қиналған сəтте
құлағына Бибісінің шыңғырған ащы үні шаншудай қадалып, қу жанын қуырдақтай қуырады.
Неге бұлай? БұЛ Аяғна түсіне алмай қойған құбылыс. Əлде бір сұмдықтың боларын сұм көңіл
алдын ала сезе ме екен?!
Дем жетпегендей бір сəт тұншығып қалды, сонан соң иегі кемсеңдеп, іштей егілді. Бала-
шағасының амандығын тілеп, жаратқанға жалбарынып, солығын баса алмай ұзақ жатты.
Аз ғана ғұмырында көрмегені қалмады. Сондағы бүлдіргені не? Мұның ісі осы қоғамға залал
шектірердей үлкен саяси əрекетке айнала қойған жоқ еді ғой. Пенде баласы ашумен артық
айтар, өзіне ұнамаған құбылысқа байланысты пікір білдірсе несі айып? Пенденің мазмұны
қайшылықтардан тұрмай ма, ол өмір бойы өзімен өзі күреседі. Солай екен деп сары ізіне шөп
салып, ит қосып қуғаны қай сасқаны?! Пікірі бар, ойын жасырмай айтатын кісіні ықтырып
алудың тəсілі шығар бұл. Үреймен тəрбиелеу... Үрей... Қорқыныштың құшағындағы адам өстіп
жүріп роботқа айналады. Робот!.. Орындаушы қара құл!.. Құлақ кесті құл!.. Бұл қоғамға саналы,
сапалы адам емес, құл керек екен ұққаны. Неге? Мүмкін өзінің негізінің тым əлсіз екенін
сезінуден туған сақтық шығар бұл. Құдай-ау, бір-бірімен тарихи туыстығы, рухани бірлігі,
дəстүр-салтында тамырластық жоқ, тілі де, діні де, ділі де бөтен ұлттарды күшпен біріктірген
қоғамның негізі қалай ғана мықты болмақ?! Бұл ұлттарға жасалған эксперимент қой. Өткеніңді
ұмыт дейді. Қажет болса өзіңнің кім екеніңді ұмытуға тура келеді дейді. Санасында саңлау,
кеудесінде шыбын жаны бар пенде бұл шартқа қалай көнсін. Соны біле ме, бұл қоғам қылышын
қынабына салмайды, əр сəт сайын жалаңдатып, басыңды қағып тастауға дайын тұрады. Аямайды
ешкімді, аянбайды ешқашан. Ешкімге сенбейді. Өйткені өзінің бағасын білетін, ата-баба
аруағына сыйынып жүретін əрбір тірі жан ол үшін бөтен, жат. Ниеті жат, көңілі жат, жаны жат.
Еркін ойлы азамат еркін өмір сүруге ұмтылмас па. Аяғына, қолына кісен салып, басына құрсау
кигізген пенденің тірлігі қайдан оңсын.
Аяғанның есіне Сыздық төре айтты деген сөз түсті. Оқи-оқи миында жатталып қалған сол
монологты Кенесары ұрпағы – Сыздық төренің өзі келіп, құлағына сыбырлап тұрған тəрізді.
“Арқа сүйер асқар тауың – өз мемлекетің болмаса асыранды итсің. “Ит қарны тойған жерде
жүреді” дейі. Өз мемлекеті болса, қарны тойса қайғысын ұмытып кететін қазақ шілдің боғындай
пышырамай, жұдырық болып түйілсе, “қарнымыз тойған жерде” жүрер ме едің?! Қоқан ханына
қызмет қылдым. Қанағатшах “пансат басы” деген ат берді, 500 адамға бас болдық. Орысқа қарсы
соғыстық. Ескіде кеткен кегімізді алсақ дедік. Ол да сатып кетті ақыры. Адасып айдалада
қалдық. Барар жер, басар тау жоқ. Ақыры қайтып келіп, орыстың қолтығына тығылдық”.
Екі көзін шарт жұмып жатқан Аяған шарасыздығына күйінгендей қабақ шытып, езу тартты.
Осыдан жүз жыл бұрынғы ахуалдың мүлде өзгермеген себебін неден іздерін білмей басы қатты.
Енді жүз жылдан кейін де жағдайдың осы күйінше қалатынын ойлап, жаны құлазыды.


Темір есік сарт-сұрт ашылып, камераға əлдекімдер кірді. Аяған тапжылған жоқ, көзін де
ашпады. Кеудесіне үрей тығылып, əдеттегідей мазасызданбады.
– Қонақтарыңды қарсы ал,– деді Мақсұт мырс-мырс күліп. Ол қозғала қоймаған соң Аширжан
келіп, төсектен жұлып алды да, ортаға сүйреп шықты. Əл-дəрмен құрыған, басы айналып, екі
тізесі дірілдеді. Ұрады деп қауіптеніп, бетін қорғамақ болған, қолын көтеруге шамасы жетпеді.
– Куəлардың сөзін тыңдап ал,– деді Мақсұт тістене кіжініп. Жақындап келіп, үңіле қарады,
Аяғанның жүзі құп-қу, екі өкпесі сырылдап, ентігіп əрең демалып тұр. – Кəне, бері келіңдер.
Аяғанның бетіне қарауға Алмастың дəті шыдамады. Бүкіл денесі қорқыныштан қалшылдап,
Жақияның тасасына қарай ығысқан.
– Байсанов, мұнда кел! – деп зекіді тергеуші. Аяған селк етіп көзін ашып алған, бірақ ештеңе
көрмеді. – Ал, кəне, баста, Байсанов. Совет үкіметіне қаншалық адал екеніңді көрсет. Жұмба
көзіңді, оңбаған!..
– Аш ей көзіңді, сорлы,– деп, Жақия ұмтылып келіп, көк желкесінен түйіп жіберді. Сонан соң
ерні-ерніне жұқпай жыпылдап сөйлеп кетті. – Брежнев алаңындағы бассыздықты
ұйымдастырған Аяған Қуатов. Жоспарын жасаған, студенттердің арасында үгіт жүргізген осы.
Қонаевпен тікелей байланысы бар. Екеуі бір облыстан.
Əрі-бері теңселіп жүрген Мақсұт сабы салбырап, аңсыз тұрған Алмасты тобықтан тепті. Аяғын
құшақтап, ыңырсып қиналған жігітті табалағандай ыржиып күлді. Сонан соң Жақияға бұрылып:
– Осылармен бірге сенің де көзіңді құртамын,– деді. Емпеңдеп жетіп келген Жақияны сұқ
саусағымепн маңдайынан нұқып жіберді.
– Мəке-ау!.. Айналып кетейін, Мəке-ау!.. Мен деген баяғыдан сіздің тілекшіңізбін ғой.
– Мына сүмелек неге үндемейді а?
– Үндейді, Мəке. Бұл сайрап тұрған бала, Мəке. Тұр ей, сорлы,– деп Алмасты орнынан көтеріп
тұрғызды. – Сайра, кəне. Тоқтамай сайра, сорлы.
– Аяған Қуатов Леонид Ильич Брежнев атындағы алаңда болған демонстацияны
ұйымдастырушы. Ол 1982 жылы маған бүкіл жоспарын көрсеткен. Камал Жақаев, Ерік
Қаңтарбаев, Қайрат Елемесов жəне басқалар Аяған Қуатовтың ақылымен жұмыс істеді. Ол 15-16
желтоқсанда жатақханаға келіп, жасырын жиналыс өткізді. “Колбинді қуып жібереміз.
Қазақстанда қазақтар ғана тұрсын. Орыстарға арамызда орын жоқ” деді. Алмас қайта-қайта
көшіріп, миында жатталып қалған мəтінді мүдірмей айтып тұр. Аяған оның жағдайын түсінді,
қу жанның амандығы үшін пенде баласы бұдан да сорақы қиянатқа барарын ойлап қиналды.
Түсінгені – Алмас əлдеқашан-ау Мақсұттың қарғылы төбетіне айналыпты. Ең жақын адамы
болған жігіттің мына сұрымен талайға обал жасарына күмəні қалмады.
– Бүкіл қазақ халқын, барлық мұсылмандарды көтереміз, кəпірлерді Қазақстаннан қуамыз деді.
– Бұл сөзді мен де растаймын. Куəлар көп, өте көп, Мəке. Ұлтшыл оңбағандарды өз қолымызбен
ұстап береміз,– деп өзеуреген Жақияның аузы көпіре бастады. Алдын алмаса қосақ арасында
кетіп қаларын іші сезетін сияқты. Аспанды тіреп тұрғандай көрінетін Мұса Байларовтың
жағдайы мүшкіл. Жан сақтау үшін ол бейшара республиканың бұрынғы басшысын сықпыртып
жамандап, кісі баласы сенбейтін өтіріктің небір түрін айтып жүр. Оныкі жанталас. Анау бір
күні телевизордан сөйлеп, Қонаевты жерден алып, жерге салды. Бір замандарда қолын алуға зар
болып, “үлкен кісі ұлы адам” деп төбесінен құс ұшырмай отырушы еді. Оның қазірліг тірлігі
жан сақтаудың амалы. Осы күні бұдан басқа жолдың жоқтығын Жақия да біледі.
– Аяған Қуатов коммунистік партияға, Совет одағына қарсы күресетін астыртын ұйым құрды.
Алмас тақылдап тұр. Бірте бірте құмыққан дауысы ашылып, салтанатты мақамға ауысып,
саңқылдап естілді. Сүлейсапа күйде сүлесоқ күйде тұрған Аяғанға оның айтқаны мүлде əсер
етпеді. Оның сөзін əлсін-əлсін іліп əкетіп, ешкім сенбейтін əңгімелерді қопсытып тұрған
Жақияның айтқандарына да құлақ қоймады. Қысылшаң сəтте адамның арзандап, топастанып,


азғындап кететінін ойлап, соның себебін іздеді.
– Коммунистік партияға, ұлы орыс халқына деген сүйіспеншілігімізді ісімізбен дəлелдейміз,–
деп жылпылдады Жақия. Əлдекім төбесінен ұрды. Сампылдап сөйлеп тұрғандарың дымы өшкен
сияқты, құлағы шыңылдап тұрды да бітіп қалды. Қара құсы удай ашып, құлағы шыңылдап тұрды
да гүрс құлады.
Ес-түссіз қанша жатқанын білмейді, сол құлаған жерінде қалыпты. Денесі от болып жанып
жатыр екен. Тыржалаңаш шешіндіріп тастапты. Камераға тағы біреуді əкеліп қамаған сияқты.
Бейтаныс біреу кіжініп сөйлейді, қарқылдап күледі. Оның кім екенін, мұнда қандай мақсатпен
қамалғанын Аяған түсінді. “Кісі өлтірген, ауыр қылмыс жасағандарды камераларға қамап,
кінəсін мойындамағандарды азаптайды екен” деп сан рет естіген.
– Сен менің қатыным болдың, бля. Ха-ха-хо-о!.. Енді менен бала табасың, бля,– деп келіп былш
еткізіп бір тепті. Небір қиянатты көп көрген тəнімен бірге жаны ауырды. – Неге жылайсың, бля?
Небір азапқа, жан қиналысына көніп келген Аяған мынандай айуандыққа шыдай алмай өксіді,
көзінен пора-пора жас парлады. Небір қиын сəтте дəл қазіргідей жасымап еді, бүгін бірінші рет
сынды. Мықтап сынды. Өзін өзі қорғай алмай қор болып жатқанына өлердей күйінді.
“Əттең-ай,– деді өксіп жатып. – Бүйтіп қор болғанша асылып өлгенім артық еді” деді.
Кеудесі құр кеуек, түк қалмаған сияқты, иесіз қалған аңсал-саңғал үйдей құлазыды, жүрек жоқ,
жан жоқ. Денесі кесіп тастай салған томар сияқты, тіпті еш жері – сынған қабырғалары да, күмп
болып іскен мұрны, жұдырық тие-тие шодырайып кеткен шекесі, басуға жарамай қалған аяғы да
ауырмайды. Шыбын жаны əлдеқашан торғайға айналып, əлдеқайда ұшып кеткен тəрізді.
Ту-у алыстан бір басып, екі басып қаба сақал бейтаныс жақындап келеді. Біреу емес, екі адам.
Апыр-ау, мыналар Кенесары мен Сыздық төре ғой. Екеуінің де жүзі солғын, көздерінде айықпас
мұң бар.
– Қор болып тірі жүргенше арпалысып өлмек жөн. Тұр орныңнан! – дейді Кенесары хан. Аяған
орнынан тұрып кетпек болып талпынады, бірақ əл-дəрмені жетпейді, денесін зілмауыр жүк
басып тұр.
– Шыда, батыр, шыдап бақ. Елім деп еңіреген талай бозабқ көрген кеп бұл. Күш жина, серпіл,
күрес,– дейді Сыздық төре.
Аяған оларға осы өмірінде көрген қиянаты мен азабын айтып, мұңын шаққысы келген. Қанша
тырысса да үні шықпады, аузындағы тіл емес, қап-қатты түрпідей бірдеме. Əрі-бері қозғаса
таңдайын, ернін қажайды. Əбден кеуіп, шыт-шыт жарылған тілінен шып-шып шыққан қанды
талғап жұтып тамсанды. Қышқылтым сұйық өңешін тілді. Тағы да жұтынған, бірақ тобарсып
кеткен тілден қан шықпады.
Шоқтың үстінде жатқандай денесі күйіп-жанып шыдатпай барады. Басы қақ айырылып
кететіндей, ауырмаған жері жоқ. Орнынан тұрмақ болып талпынды, екі қолы былқ-сылқ.
– Мен сенен, бля, Совет үкіметінің кегін аламын. Орыстарға қарсы шыққаның үшін, бля, сені...
О дүниеге барғанда да орыстарға табынып жүресің, бля...
Аяғанның киімдерін жыртып жалғап жасаған жіпті қимылсыз жатқан жігіттің мойнына салып,
сүйрелеп төсекке алып келді. Оны астыңғы төсекке отырғызып, жіптің бір ұшын жоғары жағына
мықтап байлады да, Аяғанды итеріп қалды.
Кішкентай ғана Бибісінің шыңғырған үнін естіді. Аяған көзін ашып алды – дүние түгел қызыл
жалқын өрт. Сол лаулаған жалын жолындағының бəрін жалмап, жақындап келе жатқан сияқты.
Қалың өрттің ішінде лаулап жанып Кенесары мен Сыздық төре жүр екен дейді. Шыңғырған
Бибісі аяғын құшақтап, зар еңіреп жылап тұрғандай.
Ботам-ай! – деді тілі икемге əзер келіп. Тынысы тарылып, тұншыға бастады. Ақтық күшін
жинап, аяғын бір серпіді. Азаматтың күші мəңгілікке кетерде əділеті жоқ опасыз дүниені соңғы
бір рет тебуге ғана жетті.


Тіріге опа бермеген жалғанды қап-қара түнек басты, дүниені өлі тыныштық құшағына алды.
Аяғанның шыбын жаны торғайға айналып, сонау бір қиянда қалған боталарына ұшып кетті...
1988 жыл, қараша
1995 жыл, мамыр.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет