Лекция № 1.7. Зат есім. Зат есімнің лексика- грамматикалық сипаты.
Зат есім– семантикалық /жалпы грамматикалық мағынасы/ жағынан зат атауын білдіретін сөздер, сондықтан кім? не? деген сұраққа жауап береді. Кейбір зат атаулары бірөңкей заттардың жалпы атауы, олар жалпы есім деп аталады. Мысалы, адам деген – бір ғана ағаш емес, жалпы атаулар. Зат атауынан кейбіреулері жеке, дара заттың өзіндік атауы, аты болып келеді, Мысалы, Тараз – бір ғана қаланың жеке аты. Сондай-ақ Әлімжан, Жәнібек, Ақмарал– жеке кісілердің аты. Ертіс, Шу, Талас т.б. жеке-жеке өзеннің аты, «Абай жолы», «Ботагөз» - жеке кітаптардың /шығармалардың/ аты т.б. Бұлар – жалқы есім деп аталады.
Зат есімдер кейде қолмен ұстап, көретіндей нақты /деректі/ затты да /мысалы, үй, кітап, қағаз т.б./, ой арқылы ғана түсінілетін абстракты /дерексіз/ затты да /мысалы, ақыл, достық, қиял т.б./, адамзат және ғаламзат есімдерін де білдіреді.
Зат есімнің түрлену жүйесі оның көптелуі, тәуелденуі, септелуі болып табылады, өйткені көптік, тәуелдік, септік категорияларының білдіретін мәндері заттық мағынамен байланысты, олардың тұлғалары өзі жалғанған сөздерге субстантивтік мән үстейді. Құрамы жағынан зат есім сөзжасамның синтетикалық, аналитикалық және лексика- семантикалық тәсілдері арқылы жасалып, негізгі түбір, туынды түбір, біріккен түбір, тіркескен /күрделі/ түбір болып келеді. Зат есімде реңдік мәнді білдіретін сыйлау, еркелеу, кішірейту, менсінбеу т.б. сияқты/ қосымшалар бар.
Қазақ тілінде лексикалық мағынасынан толық я жартылай айрылып қалған сөздер бар. Бірақ олар, біріншіден, заттық мәнде қолданылады, екіншіден, зат есімдермен матаса я жартылай матаса /негізгі сөз ілік септікте я оның жасырын түрінде, бұл сөз тәуелдік жалғау тұлғасында/ байланысып зат есімдерше түрленіп жұмсалады. Олар көмекші есім деп аталады да, осы себептен, зат есімнің аясында қаралады: ауылдың маңы, стол үсті, үйдің жаны т.б. Сөйтіп, көмекші есімдер әдетте тәуелдік жалғауында жұмсалып, септік жалғау тұлғасында да қолданылып, тиянақты грамматикалық категорияларын құрайды.
Зат есімнің сөйлемдегі қызметі, бір жағынан, оның жалпы грамматикалық мағынасымен – заттық мағынасымен және қандай түрлену тұлғасында жұмсалуымен, соның нәтижесінде қандай сөзбен тіркеске түсуімен байланысты. Зат есім атау септікте бастауыш, жіктеліп келіп баяндауыш, атау мен іліктен басқа септіктердің бірінде объект мәнін білдіріп толықтауыш, түбір тұлғада екінші затқа қатыстық мәнді білдіріп немесе ілік септікте тұрып анықтауыш, көлемдік септіктерде пысықтауыш қыметін атқарады.