Дербес компьютердің негізгі және қосымша құрылғылары
Сабақтың мақсаты: Білімділік. Жалпы дербес компьютердің негізгі құрылғыларымен компьютермен жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерді сақтау, компьютердің құрамына кіретін негізгі құрылғыларды талдау, баптау. Дербес компьютердің негізгі құрылғыларымен жұмыс. Бағдарламалық қамтамсыздандырудың құрамы және қызметімен танысу.
Дамытушылық. Пәнді оқыту бағытында шығармашылық жеке тұлға қалыптастыру, ойлау, елестету, дәлел ұйымдастыру.
Тәрбиелік мақсаты. Еңбекті сүйе білуге, компьютермен жұмыс жасағанда қауіпсіздік ережелерін есте ұстауға, өз уақыттарын дұрыс пайдалана білуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі Дәріс
Сабақтың типі Аралас
Оқыту технологиясы даралап, саралап оқыту.
Оқыту әдістері Алынған білім көздері бойынша: сөздік, көрнекілік; танымдық қызметті ұйымдастыру тәсілі бойынша: репродуктивті, иллюстративті түрде.
Сабақтың көрнекілігі интерактивті тақта, дербес компьютер, жеке тапсырмалар.
Пәнаралық байланыс ОЖ және ҚБП, информатика.
Сабақтың барысы
1. Ұйымдастыру кезеңі Оқушылармен сәлемдесу, дәрісхана тазалығы, сабаққа қажетті құралдардың өз орнында екендігін қадағалау, оқушыларды түгендеу, назарын сабаққа аудару.
2. Жаңа сабақ Ең алдымен сабағымызды бастамас бұрын біз дербес компьютерлермен жұмыс істейтін болғандықтан қауіпсіздік ережесін сақтауымыз керек.
Қауіпсіздік техникасының ережелерін төмендегі пункттерге бөлуге болады:
1. Жалпы
2. ДК-де жұмыс істеу алдында
3. Жұмыс істеу кезінде
4. Авариялық жағдайларда
5. Жұмысты аяқтағанда
Жалпы қауіпсіздік талаптары: 1. Мұғалімнің рұқсатынсыз құрал-жабдықтарды орнынан қозғауға, сымдарға, розеткаларға, штепсельдің айырына, штекерге тиісуге тыйым салынады.
2. Мұғалімнің рұқсатынсыз сыныпқа кіруге және сыныптан шығуға болмайды.
3. Мұғалімнің рұқсатынсыз сыныпта жүруге болмайды.
4. ДК-де су киіммен және су қолмен жұмыс істеуге болмайды.
5. Корпусы мен сымдарының бүтіндігі бұзылған (ашық) ДК-де жұмыс істеуге тыйым салынады.
6. Үстелге, ДК-дің жанына сумка, портфель, кітап қоюға болмайды. Үстелде тек дәптер мен қалам ғана жатуы керек.
7. Пернетақтаның үстіне ештеңені қоюға болмайды.
8. Компьютер сыныбында жүгіруге, ойнауға, жолдастарыңның көңілін қажетсіз аударуға, бөгде жұмыстарды істеуге тыйым салынады.
ДК-де жұмыс істеуді бастау алдында қойылатын қауіпсіздік талаптары:
1. ДК электр тогына қосылмаған жағдайда сымдардың, ДК-дің корпусының бүтіндігін және айыру (изоляция) бұзылмағанын қарап шығып, олардың дұрыс жағдайда екендігіне көз жеткізу керек.
2. Жұмыс кезінде оларға тие бермеу үшін, сымдар салбырап тұрмауына көңіл бөлу керек.
ДК-мен жұмыс кезіндегі қауіпсіздік талаптары:
1. Компьютерде жұмыс істеу кезінде көздің экраннан ең қолайлы қашықтығын (60-70 см) сақтау керек.
2. Келушілер кіргенде оқушылардың орнынан тұруының қажеті жоқ.
3. Көз талғанда немесе шаршағанда орнынан тұрмай көзді дем алдыратын бірнеше жаттығу орындау керек.
4. Оқушылар электр тогымен зақымданғанда алғашқы медициналық көмек көрсету әдістерін, өрт сөндіргішпен жұмыс істеу және өрт сөндіру әдістерін білуі керек.
5. Оқушылар көзді дем алдыру жаттығуларын білуі керек.
Апат жағдайлардағы қауіпсіздік талаптары: 1. ДК-де жұмыс істеу барысында ақауларын байқағанда, түтін немесе әдеттен тыс дыбыстар пайда болғанда жұмысты тоқтатып, аппаратураны өшіру және оқытушыға хабарлау керек.
2. Қажет болса, өртті сөндіруге көмектесу керек.
3. Қажет болса, электр тогымен зақымданғандарға алғашқы көмек көрсете білу керек.
4. Компьютер сыныбында өртті сумен өшіруге болмайтынын білу керек. Мұнда құмды немесе көбікті өрт сөндіргішті пайдалануға болады.
5. Егер зақымданған адам электр тогының әсерінде болса, оны жалаңаш қолмен ұстауға болмайтынын білу керек. Зақымданушыны электр тогын өткізбейтін материалдарды пайдаланып босатуға болады.
ДК-де жұмысты аяқтау қауіпсіздігінің талаптары:
1. Аппаратураны оқытушының нұсқауымен өшіру керек.
2. Жұмыс орнын ретке келтіру керек.