1. Дәріс тақырыбы: Синтаксистік стилистика 2. Дәрістің жоспары: 1. Сөз тіркестері және олардың түрлерінің стилистикалық
сапалары
2. Жай сөйлем стилистикасы
3. Бір құрамды және толымсыз сөйлемдердің стилистикасыә»
4. Сөздердің орын тәртібі мен күрделенген сөйлемдердің
стилистикалық қолданысы
3. Дәрістің мақсаты: Студенттерге синтаксистік стилистика жайында мәлімет беру.
4. Қысқаша теориялық мәлімет: Синтаксис-сөз тіркесінің, сөйлемнің құрылысын зерттейтін грамматиканың бір бөлімі. Бұл бөлімде сөздердің тіркесу қабілеттілігі, байланысы, сөз тіркестері мен сөйлемдердің түр-түрі, құрамы қарастырылады. Сонымен қоса тілдің синтаксистік ережелері мен синтаксистік заңдылықтарын айқындау мақсаты көзделеді, тілдің синтаксистік тұлғалары мен синтаксистік құбылыстарын айқындау мен олардың мағыналық ерекшеліктері де сөз болады.
Синтаксистік стилистика-сөйлем арқылы қатысым және ойды жеткізудің экспрессивті-стилистикалық мүмкіндіктерін толық баяндаудың негізгі тілдік бөлігі. Синтаксистік құбылыс, сөздердің байланысу тәртібі, сөйлемнің семантикалық құрылымының стилистикалық мәні функциональдық стильдерде тіл білімінің басқа салаларымен салыстырғанда лексика, грамматика, тілдік тәсілдер т.б. өзіне тән ерекшелігі мен маңызы айрықша орын алады.
Синтаксис-ойлау жұмысын білдіру амалы, формасы. Сонымен бірге ойлуау-рухани ізденістің нәтижесі деп табылды.
Тілде мағынасыз, мағына білдіруге қатыспайтын нәрсе жоқ. Әсіресе синтаксистік категория мен синтаксистік тұлғалар – адам ойын жинақты, тиянақты түрде білдірудің ұйымдастырушы бөлшектері де, сөйлем-ойды білдірудің негізгі формасы болып есептеледі. Стилистика синтаксистік тұлғалардың жұмсалу аясын, мағыналық құбылыстарын, кісіге етер әсерін, экспрессивтік мағыналарын тіл жұмсау шеберлігі тұрғысынан қарастырады.
Сайып келгенде, стилистиканың мақсаты – дұрыс сөйлеуге, дұрыс жазуға үйрету.
Стилистика ғылымы, соның бір саласы синтаксистік стилистика, «толғауы тоқсан» тілдің ой өрнегін дұрыс салу мүмкіншілігін қарастырады, сөз маржанын тани білуді, сөйлемді дұрыс құрай білуді үйретеді.
Әрбір стильдің синтаксисінде өзіне ғана тән ерекшеліктері болады. Мысалы, нақышы мол көркем тіл үлгілерін көркем әдебиет стилінен, синтаксистік амалдарды күрделі дәлме-дәл пайдаланып, сөйлемдерді қатаң құрау үлгілерін ғылыми әдебиет стилінен байқаймыз. Әсіресе ғылыми стильде жазған адам ойының дәлме-дәл айтылуын көздейді. Ол логикалық байланыстағы ойды бұлтартпай әрі дәл білдіретіндей тіл мүмкіншіліктерін пайдаланып тура мағынасында жұмсауға тырысады. Сондықтан ғылыми стиль синтаксисінде күрделі құрам, құрмалас сөйлемдер жиі қолданылады.
Әдеби тіл синтаксисінің стилистикаға да негізгі объекті болатын тұлғасы-сөйлем. Сөйлемдер әр алуан сөзден, сөз тіркестерінен құралып, түрлі-түрлі мағынада, экспрессивтік қызметте жұмсалады, олардың түрі көп, стильдік сыр-сипаты, кедір-бұдыр қыры көп.
Синтаксистің стильдік қызметі, стильдік тәсілдері мол болатындықтан, әсіресе көркем әдебиет тілі тұрғысынан оның мүмкіншілігі өте жоғары бағаланады. Сондықтан болар, А.И.Ефимов «Стиль дегеніміз - құрылымдық- синтаксистік категория»- деп есептейді. Өйткені синтаксистік тәсілдердің көріктеу мүмкіншілігі әр алуан болатындықтан, жазушының синтаксисінен оның шығармаларының стильдік ерекшеліктері айқын көрінеді. Мысалы, шебер жазушы- стилистердің қаламынан шыққан көркем сөз үлгілерінде авторлық пафос та, баяндаудағы экспрессивті- эмоциялы бояулар да, авторлар мен персонаждардың дүниеге көзқарастары да, олардың ішкі сезімдері де көбінесе көркем туындылардан синтаксистік құрылыстары арқылы беріледі.
Тілдің біршама аяқталған, тиянақты ойды білдіретін бөлшегі-жай сөйлемдер. Сөйлемде субъект болмысының толық көрінуі, ойдың тілдегі ткелей көрінісі, оның сыртқа шығуы, жүзеге асуы әр түрлі болады. Сөйлеуші сөзінің жүзеге асуы белгілі коммуникативтік мүддеге тәуелді бола отырып, ситуацияға да қатысты болып келеді. Жай сөйлемдер классикалық синтаксистік тұрғыдан айту мақсатына қарай хабарлы, лепті, бұйрықты, сұраулы болғанмен, функциональдық стилистикалық қолданыс шеңберінде алуан түрлі табиғатымен ерекшеленеді.
Қазір біз абақтыдағыларды босатамыз. Абақтыны алуға келген кісіні білесің бе? Кәдімгі Мәмбет!-деп Батырбек қатарласа шапқан Оразға (Х.Есенжанов). Мәтінде жай сөйлемнің үш түрі қатар қолданылып тұр: хабарлы, сұраулы, лепті үш түрлі ойдың көрінісі, хабарлы таза коммуникативтік қатынастың негізгі құралы ретінде құбылыс, ойды хабарлама түрде жеткізу болса, онда ешқандай мағыналық реңк көрінбейді. Ал екінші сұраулы сөйлем анық сұрақты білдіріп тұр, келесі лепті сөйлемге ерекше екпін түсіріліп, қуанышты көңіл-күймен айтылып, эксперссивтілік мән туғызып тұр. Экспрессивтілік адам жанының сезімін толқытатын эмоциямен тікелей байланысты болғандықтан, екеуінің арасының өте жақын. Экспрессивті сөз, сөз тіркесі, сөйлем эмоциясыз айтыла да, жазыла да алмайды. Кәдімгі Мәмбет! Сөйлемнің мүшелері түсіріліп айтылса да, соның нәтижесінде осындай конструкциялардың құрмалас сөйлемдерге қарағанда әлдеқайда экспрессивтілігі күшті көрінеді. Жай сөйлемдердің құрылымдарының функциясы экстралингвистикалық факторлар мен ішкі лингвистикалық сәттерге (контекске сүйену) байланысты болады.