3. Алланы сүю танымы. Иманигүл - адамгершілік негізі.
Дәріс мақсаты: Ойшылдың рухани құндылықтар туралы жүйелі танымымен таныстыру.
Абай әуелі өмірдің өтпелі екенін санаға сіңіре түседі. Ондағы ойы - өзі өлшеулі өмірді өкінішке ұрындырмай, орынды іске бағыттау қамы. Өтпелі өмір мен өлім жайын Абай жастық, сүйіспеншілік туралы ертеректе жазылған «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім» өлеңінде-ақ айта бастаған. ...Дүние даяр өтерге, Ажал даяр жетерге. Әдетте жастық шақтың қызық күні әйтеуір бір келер қараң күнді ойлатпайды. Сөйтсе де Абайдың осы өлеңіндегі 20-25 жастағы жас жігіттің өмірдің өтерін болжап, соған сай қам-қарекет тірлік жасауы - ерекше ескерерлік жағдай. Анық, айқын ақиқатты ащы, жайсыз болуы себепті танымыңды тұмшалап, қасақана қабылдамау кісілікке жатпаса керек. Өлім де - кісінің қиналып қабылдайтын ұғымы. Абайдың ұлылығы сол - ол өлімді қаншалық ауыр болса да, оны қажеттілік, заңдылық деп ұғады. ...Дәл уақыты жеткенде, Талайдың гүлі қурайды.
Абай «Өлсем орным - қара жер сыз болмай ма » өлеңінде күйкі тірлікте өзінен де пенделік кеткенін қинала отырып мойындаса да, негізгі нысанасы әділет пен махаббат, ізгілік болғанын айтып, ұрпағынан өзінің шынайы қасиетін тануды тілейді. Абайдағы ақылдың қасиетін он жетінші сөзінде ақылдың өзіне айтқызатын әңгімесінен байқауға болады. Ақыл алдымен бұ дүние мен о дүниеге пайдалы мен залалды айырушы екен. Пайдалыға жақын болып, залалдыдан қашық болу да ақылдан. Адамзат тірлігінің мәні - таным да ақылмен қалыптасады. Ақылсыз қайрат пен жүректің тіршілігі толық емес. Жалпы он жетінші сөздің шығу себебі мен мазмұны ақынның «Әуелде бір суық мұз - ақыл зерек» өлеңінен бастау алған секілді. Абайдағы негізгі мәселе - толық адам жайы осы өлеңде жинақталып, түйінделіп айтылады. Адамды сүй,Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде одан басқа ?!
Алланың хикметі - адамдағы адами асыл, ізгі қасиеттер. Адамзат барлық кеселді қасиеттерінен арылып, ділін, жүрегін асыл қасиеттерге толтырар болса, кісінің кеудесі, ішкі дүниесі - қазына. Құдайды сүю, тану жайы Абай шығармаларында молынан сөз болады. Ақын Алланы, тәңірін сүйіп, тануды бірнеше өлеңдері мен қарасөздерінде біршама таратып бағады. Солардың бәрінде де бұған дейін М.Әуезов айтқандай, Абай діни танымын өзінің адамгершілік мұратына көмекші, жәрдемші етумен көрінеді. Осы мәселе төңірегіндегі түсінігіміздің айқындалып, кеңейе түсуіне әдебиетші ғалым М.Мырзахметовтың зерттеулері ерекше үлес қосқанын айтқан жөн.
Шығыстағы ғылыми танымның негізін салушы философ Әл-Фараби: «...ең озығы да, ең кемелдісі де – Бірінші тұлға» деп санайды. Абай мен Жүсіп Баласағұндағы Алла , Құдай , Тәңір – осы Бірінші тұлғамен төркіндес, туыс ұғымдар. Әл-Фараби ең жоғарғы сүйіспеншілікті бар болмысы әбден кемеліне келіп, жетілген Бірінші тұлғаға қызығып , табынудан табады: «...біз үшін құштарланған махаббат туғызушы – кемелділік пен сұлулық... Ол – әрі ғашық болушы, әрі құштарлық махаббат туғызушы. Бірінші тұлға... жан біткен Оны сүйеді». Әл-Фараби сипаттаған жағдайдағы Бірінші тұлға Абай мен Жүсіп Баласағұнда да көрініс тапқан. Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүю ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және сүй хақ жолы деп әділетті.
Абай Алланы сүюдің қажеттілігі мен орындылығын әсіресе жиырма жетінші, отыз сегізінші қарасөздерінде таратып, мейлінше мойындатып әңгіме етеді. Абай мен Жүсіп Баласағұнның Құдайды сүюі Әл-Фараби секілді оны кемелділік пен сұлулық, ізгілік пен сүю деп тануымен байланысты. Жүсіп Баласағұнның Құдайды сүюі мен Абайдың үш сүюді (Алланы сүю, адамзатты сүю, әділдікті сүю) қамтыған иманигүл танымында Алланы алғаш, адамды кейін атауынан кішіпейілділік пен өзіне дейінгі таным төркінін білгендігі көрінеді. Құдайды сүю Жүсіп Баласағұн мен Абайға дейін-ақ дамып , қалыптасқан таным. Ол сонау Сократ, Платоннан басталады да, сопылық танымда жалғасын табады. Оны Әл-Фарабидан кейін Жүсіп Баласағұн мен Абай да дәстүр етіп алған. Жүсіп пен Абай ұғымындағы Құдай – сүюге әбден лайық тұлға. Екеуі де Құдайды жалаң , бір жақты сүюден аулақ, олардың бұл саладағы әрекеті адамгершілік мұратына бағындырылған.
Бақылау сұрақтары:
1.Ойшыл Абай өмір, өлім туралы қандай тұжырым жасайды?
2. Құдайды сүюдің адамдыққа қатысы.
3. Абайдың үш сүюі несімен құнды?