Дәріс тақырыбы және тезистер



бет1/2
Дата21.04.2023
өлшемі18,39 Kb.
#85009
  1   2



Дәріс тақырыбы және тезистер

№ 1
дәріс

Қазіргі қоғамдағы математикалық білім берудің орны мен рөлі.
«Математиканы оқыту әдістемесі» оқу пәні ретінде.

Қарастырылатын мәселелер:


1. ЖББМ математиканы оқытудың маңызы
2. Курстың мақсаты, міндеттері, пәні және басқа оқу пәндерімен байланысы.
3. Математика пәні мұғалімінің кәсіби дайындығы.
4. Математиканы оқытудың әдістемелік жүйесі және оның негізгі компоненттерінің сипаттамасы.


Дәрістің қысқаша мазмұны
1. Математика – нақты дүниенің сандық-мөлшерлік қатынастары мен кеңістіктік формалары туралы ғылым. «Математика» термині ежелгі Грекияда қалыптасқан «mathema» сөзінен келіп шыққан, қазақша мағынасы - «танып-білу, ғылым».
Адамзаттың рухани дүниесін байыта түсуде, оның адамгершілік және зияткерлік құндылықтарын қалыптастыруда математиканың атқаратын ролі зор. Сондықтан да ол жалпы білім беретін мектептің 1 сыныбынан бастап 11 сыныптарға дейін жүйелі түрде оқытып-үйретіледі.
Мектепте математиканы оқыту:
1) оқушыларға қоршаған ортаны танып-білудің математикалық құралдарын меңгеруге көмектеседі;
2) оқушылардың жалпы ой-өрісін дамытуды, оларды болашақ өмірге дайындауды қамтамасыз етеді;
3) математикалық білімдерді күнделікті өмір мен тұрмыста туындайтын мәселелерді шешуде қолдана білуге үйрете отырып, математиканың ғылыми-техникалық прогрестің дамуындағы маңызын түсінуге ықпал жасайды;
4) оқушылардың кеңістік туралы түсініктерін, зияткерлік және логикалық ойлауын, сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін дамыта түсуге ұйтқы болады;
5) оқушылардың бойында зейін қоя білу, ұқыптылық, дәйектілік, дербестік және жоспарлай алу сияқты еңбек мәдениетін дарытуға көмектеседі;
6) оқушылардың дүниеге ғылыми көзқарасын қалыптастыруға қолайлы жағдайлар туғызады.
Білім беру парадигмасы: өзгерістер мен жаңалықтар.
2. «Математиканы оқыту әдістемесі» курсы математиканың оқу пәні ретіндегі өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, дидактиканы нақтылай түседі, психологиялық-дидактикалық негізде жалпы әдістемелік идеяларды, қағидалар мен нұсқаулықтарды жасайды, сонымен қатар осы білімдерді мектеп математика курсының нақты тақырыптарын оқып-үйренуде қолданудың жолдарын айқындайды.
Математиканы оқыту әдістемесі - педагогикалық ғылым, сондықтан да ол қоғамның талаптарына сай және математикалық материалдарды оқып үйренудің ерекшеліктеріне қарай, барлық пәндерге ортақ педагогикалық қағидаларға негізделген.
Курс негізінен алғанда, Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы жалпы білім беретін мектептерінің математика пәні мұғалімдерінің кәсіби дайындығының қазіргі қоғамның әлеуметтік сұранысын қанағаттандыратындай сапалық деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған.
Курстың объектісі: 5В010900-Математика мамандығы бойынша Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес әдістемелік-математикалық білім,білік,дағдылар мен құзыреттіліктерді қалыптастыру барысы.
Курстың пәні: болашақ математика мұғалімінің математиканы оқыту әдістемесінен білім, білік, дағды және құзыреттіліктерін қалыптастыру барысы.
Курстың мақсаты: болашақ математика мұғалімін жалпы білім беретін мектептерде математиканы оқытудың нақты жағдайларында туындайтын оқу-әдістемелік міндеттерді кәсіби тұрғыда шешуде қажет болатын білім, білік, дағды және құзіреттіліктер жүйесімен қаруландыру.
МОӘ педагогикалық пәндер циклына жатады және ол білім алушылар философиялық, психологиялық, жалпы дидактикалық және математикалық дайындықтан өткен студенттерге оқытып-үйретіледі.
Пәнді оқып-үйренудің әдістері: ғылыми-педагогикалық әдебиетке, Мемлекеттік білім стандарттарына, оқу бағдарламаларына, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарға талдаулар жасау, озат педагогикалық тәжірибелерді бақылау, оқып-үйрену және жалпылау, әңгімелесу, сауалнама, анализ және синтез, аналогия, классификациялау, т.б.
Пәнді оқып – үйренуге 6 кредит уақыт берілген. Курсты оқып – үйрену дәрістік және практикалық сабақтар жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Дәріс – 30 сағат; практикалық сабақ – 30 сағ; СОӨЖ – 45 сағ.
Курс бойынша білім, білік, дағдылардың меңгерілу дәрежесін тексерудің формалары:

  • Ағымдық бақылау (күнделікті);

  • Аралық бақылау (1 АБ және 2АБ);

  • Қорытынды бақылау (емтихан, тест түрінде).

«Математиканы оқыту әдістемесі» курсы мынадай оқу пәндерімен тығыз байланысты:
1) философия;
2) психология;
3) педагогика;
4) математика;
5) математика тарихы.
3. Математика сабақтарының сапасы ең алдымен мұғалімнің кәсіби дайындығына байланысты. Мұғалімнің кәсіби дайындығы деп нені түсінеміз? Ол құрылымы жағынан өте күрделі, көп қырлы және шығармашылық еңбекті талап ететін үздіксіз процесс. Біздің ойымызша, қазіргі заманғы мұғалімнің математиканы оқыту бағытындағы еңбегі жемісті болуы үшін, оның төмендегідей құрылымдағы кәсіби дайындығы жоғары деңгейде болуы керек:
1) математикадан теориялық дайындық;
2) психологиялық-педагогикалық дайындық;
3) әдістемелік-математикалық дайындық.
Міне, осындай үш түрлі мәселені қамтитын жоғары деңгейдегі кәсіби даярлық математика сабағын өткізуді дұрыс ойластырудың, нақты жұмыс жоспары ретіндегі сабақ жоспарын жасаудың кепілі болып табылады.
3. Математиканы оқыту әдістемесі негізінен алғанда, мына сияқты сұрақтарға жауап іздейді:
- Математиканы неге, не үшін оқыту керек?
- Математиканы нені, қандай материалдарды оқыту керек?
- Математиканы қалай оқыту керек?
- Математиканы ненің, қандай құралдардың көмегімен оқыту керек?
- Математиканы оқытуды қандай формаларда ұйымдастыру керек?
Осы сияқты сұрақтарға жауап ізделетін білімдер жиынтығы белгілі бір әдістемелік жүйе құрайды және бұл әдістемелік жүйенің құраушы бөліктері сәйкесінше, математиканы оқытудың мақсаты, мазмұны, құралдары мен әдістері және математиканы оқытуды ұйымдастырудың формалары деп аталады.
Математиканы оқытудың мақсаты ең алдымен, қазіргі қоғамның жалпы білім беретін мектептің алдына қойып отырған әлеуметтік сұранысынан келіп туындайды. Жалпы алғанда, математиканы оқытудың негізгі мақсаты математикалық білімі терең, жан жақты дамыған және шығармашылық еңбекке бейімделген қоғамның белсенді мүшесін дайындау болып табылады. Қазіргі күні білім берудің парадигмасы өзгеріске ұшырады. Осыған сәйкес математиканы оқытудың мақсаты мен міндеттері де өзгерді.
Бұрын сапалы математикалық білім беру бірінші кезекке қойылатын, ал қазіргі күні оқушылардың бастарын тек біліммен ғана толтыру және оның меңгерілуін тексеріп қана қою жеткіліксіз.
Қазір біріншіден, игерілетін білімнің өзектілігіне мән берілуі керек, екіншіден, білім алушының игерілетін математикалық білімдерді тұрмыста және өз өмірінде саналы түрде және тиімді пайдалана білуіне қолайлы жағдайлар туғызу керек. Математиканы оқытуға осы тұрғыдан келу және осыған сәйкес оқытудың мақсат-міндеттерін өзгерту өз кезегінде оқытудың әдістемелік жүйесінің барлық компоненттерінің де өзгеруіне алып келеді.
Бұл өз кезегінде, математиканы оқыту мазмұнына өзгерістер енгізуге әкеліп соқтырады. Жалпы алғанда, математикалық білім мазмұнын игеру мұғалім мен оқушылардың өзара байланысты, нақты мақсатқа және жоспарланған нәтижеге жетуді көздейтін іс-әрекетін білдіретін оқыту әдістері көмегімен іске асырылады.
Математика сабағы барысында мұғалім мен оқушының өзара байланысты іс- әрекеті әртүрлі оқыту құралдарын қолдану арқылы жүзеге асырылады. Оқыту құралдарын қолдану оқушылардың белсенділігін арттырады, сабаққа назарын аудартады және осы арқылы олардың дамуына, оқу материалын анағұрлым берік игеруіне әсер етеді, уақытты үнемдеуге мүмкіндік туғызады.
Математиканы оқытуды ұйымдастырудың негізгі мақсаты математика мұғалімінің тарапынан оқушылардың оқу-танымдық қызметін тиімді ұйымдастыру және басқару үдерісін қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан сабақты ұйымдастырудың қандай формада жүзеге асырылатыны аса маңызды мәселе болып табылады.
Математиканы оқытудың әдістемелік жүйесінің компоненттері өте күрделі және мейлінше көп қырлы категориялар болып табылады және олар заман талаптарына сай жиі өзгерістерге ұшырап отырады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет