Әдебиеттегі басты құрал- тіл, яғни тілі олақ шығарма, ешқашан жақсы болмақ емес. Шығарма тілі ерекше әрі көркем болуы маңызды. Шығарманың тілі әдемі, құнарлы болуы үшін, әрбір ақын-жазушы өз ойындағысын көркем тілмен жеткізе білуі қажет. Көрікті ой - көркем сөзден, көркем тілден көрінеді. Жазушының тілі неғұрлым шұрайлы, сөзі мен ойы анық, сөздік қоры мен тіл байлығы мол болса, шығарма да соғұрлым мазмұнды, әсерлі, сұлу шығарма болмақ. Жазушылардың шеберлігіне сай қаламынан туған кез келген шығармаға зер салсақ, бірнеше элементтерді байқаймыз. Ондағы сюжеттік желі, идея мен тақырып бір-бірімен астасып жатады және туындының пішіні мен мазмұнын құруға негіз болады. Шығарманың тілінде сан алуан түрлі көркемдегіш құралдар кездеседі. Кейіпкерлердің образын ашуда, қандай да бір табиғаттың көрінісін суреттеуде көркемдегіш құралдардың маңызы зор.
Мәселен, туындыгерлердің қолтаңбасына сай кез келген романда немесе повесть пен эпопеяда бір эпизодқа байланысты оқиғаларға айрықша рең беру үшін көркемдегіш құралдар қолданылады. Алайда, оны тек прозалық бағытта қарастыру мүмкін емес. Себебі, ақындар да сөздің түбін түсіріп, ел назарын өзіне қарату үшін не болмаса қандай да бір тіркестің мағынасын ашып, даралау үшін көркемдегіш құралдарды пайдаланылады.
Біріншіден, эпитетті қарастырайық. Көркем шығармаларда қандай да бір сөзге ерекше сапалық көрсеткіш беру үшін эпитет анықтауыштық қызметті атқара отырып шебер қолданылады. Мәселен, қарапайым «аспан» деудің орнына «бұлтты аспан» дейтін болсақ, аспан кеңістігінде торлаған бұлттарды да қоса байқаймыз немесе «күн» деудің орнына «қаралы күн» дейтін болсақ, сол кездегі қандай да бір суық хабардың келгенінен хабардар беретін күнді еске аламыз. Міне, сондықтан да эпитеттің қызметі негізінен сол бір затқа, нысанға, адамға, табиғат құбылыстарына және тағы да басқа заттарға үстеме ретінде сапалық көрсеткіштерді дарыту.
Екіншіден, теңеуді алайық. Ақындар мен жыраулардың отты жырларында көрініс табатын кейбір сөздер басқа бір ұғымдарға теңеледі. Демек, оның қызметі - құбылыстың айрықша тұстарын басқа бір құбылыстың беліглерімен қатар ала отырып, салыстырып, сипаттау. Мысалы, «арыстандай айбаттанған» десек, қаһары арыстан секілді айбатты еккендігін байқаймыз не болмаса «найзағайдай жарқылдақ» десе, сол бір заттың немесе құбылыстың табиғат құбылысы секілді жарқ-жұрқ ететінін байқаймыз.
Үшіншіден, кейіптеуге назар аударсақ, айрықша белгілерді қамтитын тұстарды байқаймыз. Маған ұнайтын осы бір құбылтудың түрі өз алдына жансызды тірілткенді жақсы көреді, яғни оның басты қызметі – тіршілік етпейтін табиғаттың құбылыстарына адамның болмыс-бітімін қосып, жанды ету. Мысалы, «жылағанмен тоймайды бұл бір өзен» десек, өзеннен адамның көз жасы жылағаны секілді тоқтамай су ағатынын байқаймыз. Яғни, мұндағы өзен – жансыз құбылыс, ал адам – тіршілік иесі.
Сонымен қатар, көркемдегіш құралдардың ерекше түрі гипербола да айрықша қызметті атқарады. Оның көмегімен ақын-жазушылар затты өзінің сапалық көрсеткіші мен шекарасынан шығып, көкке көтеріп сипатттайды. Мысалы, Қобыланды батыр жырының бір нұсқасында тұлпардың жоғарғы ерні көкті тіресе, астыңғы ерні жерді тірейді. Демек, ол адам миына қонбайтын өлшем болғандықтан, мұнда ұлғайту басым. Гиперболаның негізгі қызметі осында жатыр.
Бесіншіден, гиперболаға қарама-қарсы бағытта қызмет ететін литотаның басты функциясы сол бір құбылыс пен іс-әрекетті, керісінше, кішірейтуінде жатыр. Мысалы, жаңағы жырда тұлпардың тұяғынан қалған іздің көлемін оймаққа ұқсату арқылы ауыз әдебиетінің мұрасын, жырды әрлендіре түсіп, сәйгүліктің сипаты мен мүмкіндіктерін елестетуге мүмкіндік береді.
Тарих қатпарындағы немесе қиялдан туған образдарды беруде оқырмандардың қызығушылығын арттыру үшін пайдаланылатын көркемдегіш құралдар қазақ әдебиетінен бөлінбейтін бөлшек іспетті. Себебі, талайды таңдандырған ақынның өлеңдерінде де, ұзақ ғасырлардан таралған фольклорлық туындыларда да, жазушының өміршең шығармаларында да көркемдегіш құралдар кездеседі. Онсыз оқиға қанық болмайды немесе сюжеттік желі тартымдылыққа әкелмейді.