Экстериоризация



бет1/8
Дата19.04.2023
өлшемі55,05 Kb.
#84075
  1   2   3   4   5   6   7   8

03.04.2023ж. 2 в «Емдеу ісі»
Тақырып: Әрекет туралы түсінік. Тұлғаның мотивациялық саласы. Мінез. Мінез акцентуациясы. Психопатия.
Адам әрекеттерінің барлығы бір мақсатқа, бір мүддеге саналы түрде бағытталып отырады. Еңбекте болсын, оқуда болсын адам алдына бір мақса қойып, содан бір нәтиже шығаруға тырысады. Затқа бағытталған және белгілі мақсат көздеген қозғалыстарды әрекет деп атайды. Әрекеттің ең қарапайым түрі зат арқылы жасалатын әрекет. Бала тамақты қасықпен ішуді, қолын сабындап жууды үйренеді. Біртте-бірте затты игеруді үйреніп әрекетін жетілдіре береді. Психологияда әрекеттің екі түрі болады, бірі дененің затпен айналысу әрекеті, сыртқы моторлық, және ақыл-ойдың (ішкі психикалық) реалдылықпен әрекеті. Кеңес психологтары Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев зерттеулерінде ақыл-ой әрекеті әуелде сыртқы заттық әрекет түрінде көрініп, бірте-бірте ішкі психикалық амалға ауысатынын көрсетеді. Сырқы әрекеттің ішкі амалға ауысуы интериоризация деп аталады. Мысалы, бала санауды үйренеді, әуелі таяқшаларды санайды, бір-біріне қосады, соңынан таяқшалар керек болмай қалады. Есептеу заттан, сыртқы әрекет түрінен ауысып, ақыл-ойдың ісіне айналады. Ақыл-ой әрекетін игерген адам өзі тындырмақ болған іске, сыртқы әрекетке кіріспес бұрын әуелі ой елегінен өткізіп алады, көзге елестетіп көреді, сөзбен сипаттайды. Ақыл-ой әрекетін заттық әрекет түрінде сыртқа шығару экстериоризация деп аталады. Сөйтіп сыртқы іс-әрекет ішкі іс-әрекеттің бақылауымен жүргізіледі. Ортақ мақсатқа жету үшін біріккен және белгілі бір қоғамдық міндетті атқаратын әрекеттер жиынтығы іс-әрекет болып саналады. Іс-әрекет адамның өмір жолын анықтайды. Психика мен іс-әрекет арасында күрделі байланыс бар. Психика іс-әрекетте қалыптасады. Екінші жағынан – психика іс-әрекетті реттеп отырады. Іс-әрекет адамның өмір жолын анықтайды. Психика мен іс-әрекет арасында күрделі ара қатынас бар. Бір жағынан, психика іс-әрекетте қалыптасады және көрініс танытады, екінші жағынан, психика іс-әрекетті реттеп отырады. Іс-әрекеттің психиканы қалыптастырушылық рөлін әр түрлі салада жұмыс істеп жүрген адамдардың ерекшеліктерін салыстыру арқылы көруге болады. Психологияның іс-әрекет, ерекшеліктерін (еңбек психологиясы, педагогикалық, спорттық т.б. психология) зерттейтін салалардың болуы кездейсоқ емес. Іс-әрекеттің түрі адамның бойында тұрақты бір белгілерді қалыптастырады, сол себепті мінез-құлықтың бір көрінісіне қарап, кейде тіпті сырт пішінінен-ақ адамның қай мамандық иесі екенін біле қоямыз. Мұғалімнің жеке басының қасиеттерін зерттеу арқылы балаларды оқытып, тәрбиелеуде оның шеберлік таныта алуына қай қасиеті көмектесетінін білуге болады. Мұндай деректер болашақ ұстазды тәрбиелеу мен өзін-өзі тәрбиелеудің бағдарламасын белгілеуге көмектеседі. Психика әрекет пен қоғалысты реттеуші қызметін атқарады. Бұл реттеу психикалық бейнелеудің әр түрлі дәрежесінде жүзеге асады. Түйсік және қабылдау дәрежесінде күштің, бұлшық еттің қимылы мен қозғалыс сипаты көрінеді. Ақыл-ойға салып ісі еленетін міндеттер сезім деректері негізінде шешіледі, бірақ оны ақыл-ой ретке келтіріп отырады, яғни екінші сигналдық дәрежесінде жүзеге асады. Іс-әрекеттің негізгі сипаттамасы болып – оның мағыналығы саналады. «Мағынасыз әрекет» деген ұғымға ешқандай түсінік берілмейді. Әр бір адам іс-әрекет кезінде белгілі бір жайларға байланысты және қандай да бір мақсат көздеп қимыл жасаушы ретінде әрекет етеді. Іс-әрекетке жету үшін іштей талаптану жеткіліксіз. Бұл үшін іс-әрекет обьектісін білу қажет, сондай-ақ талаптануды мақсатпен ұштастыра білу керек. Мотив-мақсат болатын ортада іс-әрекеттің әлеуметтік және таптық себептері ерекше айқын байқалады. Іс- әрекет арқылы табысқа жету сәтсіздікке ұшырау адамның бойында қалыптасқан ерекшеліктер арқылы електен өтіп барып, одан әрі іс-әрекетке әсер етеді. Табыс адамды қанаттандырады, көңілін өсіреді, 2-ден тоқмейілсу туғызады. Іс-әрекеттің қандайы болсын адамды қажытады. Қажу қызмет атқарушы орган немесе организм күшінің іс-әрекет процесінде табиғи таусылуы. Шаршау қажыған адамның көңіл күйі. Тынығу іс-әрекет түрін ауыстыру, күшті қалпына келтіру іс-әрекетті одан әрі жалғастыруға мүмкіншілік жасайды. Қажуда жұмыс қарқыны баяулайды және сапасы төмендейді. 2. Іс-әрекет құрылымы: білім, дағды, икемділік және әдет. Іс-әрекет құрылымы жөніндегі проблема психология теориясының дамуы мен көптеген практикалық міндеттердің тиімді шешімін табуда үлкен маңызға ие. Іс-әрекет құрылымы жөніндегі алғашқы теориялық пайымдаулар әрекет элементтерімен байланыстырылады. Адамның дүние жайлы білімі алғашында бейне, түйсік және қабылдау түрінде пайда болады. Білім тек білу үшін қажет емес. Таныс емес затпен кезіккенде біз ең алдымен онымен қалай әрекет жасау керектігін білуге тырысамыз. Сіз жаңадан шыққан тұрмыстық техниканы қолданбас бұрын ең алдымен оны қалай пайдалану жайында баяндалған нұсқаумен танысасыз. Қандай да болсын күрделі іс-әрекетті орындау үшін адамға мақсатқа жетуді қамтамасыз ететін қимыл және әрекет жайлы мәліметтер қажет. Бұл мәліметтер кимылдық елестер түрінде есте сақталады. Іс-әрекетке тұрақты араласа отырып, білім іс-әрекетті ақылға салудың жоғары сатысына көтереді, адамның өзі атқарып отырған іс-әрекетінің дұрыстығына сенімін арттырады. Білімсіз іс-әрекет мүмкін емес. Адамның қызметі әрдайым дағды және білгірліктен тұрады. Қызметтегі дағды мен білгірліктің алатын орны жайлы әр түрлі пікірлер бар. Іс-әрекетті қарапайым дәрежеде орындауды да, осы іс-әрекетте адамның шеберлік танытуын да «білгір» деген ұғымға жатқызамыз. Қарапайым білгірлік дегеніміз білім негізіне немесе еліктеу нәтижесінде пайда болатын әрекет. Білгір-шеберлік әбден қалыптасқан дағды мен білім негізінде пайда болады. Сәби заттармен әрекет жасауды еліктеу арқылы игереді. Ол қимыл- қозғалыс түрлерін үлкен адамдарлың әрекетін бақылау нәтижесінде жинақтайды. Осының нәтижесінде қарапайым әрекет қалыптасады. Мысалы, өзіне-өзі қызмет ету әрекеті жаттығу нәтижесінде біртіндеп дағдыға айналады. Адам жеке әрекеттерді орындау дағдысын меңгерсе, іс-әрекет мінсіз атқарылатын болады. Дағды - әрекетті орындаудың қалыптасқан тәсілі. Іс-әрекетті игерудің бастапкы кезеңінде бұл әрекеттер оның негізгі компоненттері болды. Мысалы, оқуға үйрету кезіндегі сөзді буынға бөлу, буындарды косу арқылы оны мағыналы сөзге айналдыру оқудың негізгі мазмұны болып табылады. Оқуға жаттығу үстінде оқушы жүгіртіп оқуға дағдыланады. Яғни ол бұдан былай сөзді буынға бөлуді, буындарды қосуды мақсат етіп қоймайды. Өйткені оның әрекеті енді жеңіл, жүгіртіп оқитын дағдыға айналды. Қандай да болсын дағдының негізіндс шартты рефлекторлық байланыстарды қалыптастыру және бекіту жатады. Әрекетті тұрақты қайталау нәтижесінде нерв жолын соған икемдеу белгілі бір нерв жүйесінде қозу процесін дәлме-дәл тұрақтандыруға жеткізеді. Қалыптасқан нерв механизмдері әрекетті орындау процесінде бірқатар өзгерістер туғызады. Біріншіден, дағдының қалыптасуы нәтижесінде әрекетті орындау мерзімі күрт қысқарады. Мысалы, жаңа үйреніп жүрген машинистка тәжірибелі машинисткаға қарағанда материалды мүлде баяу басады. Әдетте жазуды жаңа үйрене бастаған кезде адам минутына 2-3 сөз жаза алады. Ал жазуға дағдыланған соң, ол минутына жүз әріпке, дейін жаза алады. Екіншіден, артық қимылдар жойылады, қимыл кезіндегі күш жұмсау іс-әрекет мақсатына сәйкес келеді. Бірінші сынып оқушысы жазу жазған кезде қаламды тым қатты қысып ұстайды. Бұл жұмысты аатқару үшін ол бастапқы кезде едәуір дене және бұлшық ет күшін жұмсайды. Ал жазу дағдысы қалыптасқан соң артық, қимыл және күш жұмсау жойылады. Үшіншіден, жеке дербес қимылдар біртұтас әрекетке тоғысады. Балаға жазу үйреткенде мұғалім әріптің жеке бөлшектерін жазу дағдысын үйретеді. Ал жүгіртіп жазғанда, әріптерді қаламды сүйкей салып-ақ тізе береді. Жақсы жаттыққан қимыл дағдысы нәтижесінде еңбек өнімділігі артады, жұмыс сапасы жақсарады және адам тез шаршамайтын болады. Жаттыққан қимыл дағдысы іс-әрекет құрылымын қайта кұруға мүмкіндік береді. Әрекеттің орындалуын қадағалайтын сезу жүйелерінің арақатынасы өзгереді. Дағдыны жаттықтырғанға дейін заттармен қимыл жасаудың дәлдігі мен дұрыстығы көру және қимыл талдағыштарының біріккен қызметі арқылы бақыланады. Бұл жағдайда көру жетекші роль атқарады. Ал қимыл дағдысы бекіген кезде қимылды көру арқылы қадағалау қакеті азаяды. Қимылдың дәлдігін дербес бақылайтын кинестезиялық (қимылды сезу) механизмдер қалыптасады. Маман пианист пьеса орындағанда клавиатураға қарамайды. Тәжірибелі машинистка материалды «көзді жұмып отырып», яғни жазу машинкасының клавиатурасына қарамай басады. Дағдының ерекшелігі оның автоматтануы болып табылады. Қалыптасқан дағды оны орындаған кезде сананың қадағалауын қажет етпейді. Әрине бастапқы кезде сана қимылды бақылайды, бірақ дағды қалыптасқан сайыны сананың бақылау қажеті азая береді. Жақсы жаттыққан дағды тұсында қимылды санамен бақылау оны жүзеге асыруды қиындататыны байқалды. Мысалы, адам өзінің жүрісінің әрбір қадамын қадағалап, талдау жасауға тырысса, жүрісінен жаңыла беретін болады. Әрекетті дағдыға айналдыру сананы босатып, оны іс-әрекеттегі маңызды мақсаттарды шешуге жұмсауға мүмкіндік береді. Дағдының творчестволық іс-әрекет үшін маңызы аса зор болатыны осыдан. Қарапайым әрекеттер дағдысын қалыптастырмайынша, творчестволық іс-әрекетке жағдай туғызу мүмкін емес. Дағдының түрлері. Еңбектің қай түрінде болсын, сондай-ақ істің табысты орындалуы дағдылардың белгілі бір қорын игергенде ғана мүмкін болады. Мінез-құлық дағдылары, мінез-құлықтың үйреншікті формаларынан туындайды. Мысалы, баланы адамдармен инабатты сәлемдесуге үйретеді. Оған адамдармен өмірдің түрлі жағдайларында қалай амандасу керек екенін көрсетеді (сыныпқа мұғалім кіргенде орнынан тұру керек). Сан рет қайталау нәтижесінде балада үлкен адамдарға инабатпен сәлем беру дағдысы қалыптасады. Дағды жаттығу арқылы қалыптасады. Жаттығу - дегеніміз нысаналы түрде сан рет қайталап орындалатын әрекет, ондағы мақсат осы әрекетті жетілдіре түсу. Жаттығу процесінде белгілі бір түрде іс-әрекет ұйымдастырылады. Мұндай жағдайда істі, мысалы, әдемі жазу, фортепианода ойнағанда екі қолды дұрыс ұстай білу т. б. осы сияқты анағұрлым жетілген дағдылар қалыптастыруға жеткізетіндей етіп орындауға назар аударған жөн. Дағдылардың өзара әсері. Адам белгілі бір іс-әрекетті меңгергенде әдетте оның бойында бір емес бірнеше дағды қатарынан қалыптасады. Жаңа дағдылар бұрыннан қалыптасқан ескі дағдылардың үстіне келіп қосылады. Ескі дағдылар жаңа дағдылардың қалыптасуына жағымды немесе жағымсыз әсер етуі мүмкін. Қалыптасқан дағдылардың жаңа дағдыларды игеруге жағымсыз әсері немесе қалыптасушы дағдылардың ескі дағдыларға жағымсыз әсері интерференция деп аталады. Интерференция да алмасу сияқты, дағдыларды қалыптастырудағы жалпы құбылыс болып табылады. Дағдылардан икемділік ұғымын айыра білу қажет. Осы ұғымдардың мағынасы біріне-бірі өте жақын болғандықтан бұларды бірімен-бірін шатастырып алуға да болады. Икемділік дегеніміз адамның қандай нәрсені болмасын орындай білу қабілеті. Мәселен, төменгі сынып оқушылары футбол ойнай алады, ойын ережелерін де біледі. Бірақ олардың ойнау дағдысы әлі жетілмеген. Ал нағыз футболшыда жақсы ойнай білу кемеліне келіп, дағдыға айналған. Бұл мысал балада дағды болмағанмен, оңда осы ойынға икемділіктің барлығын көрсетеді. Икемділік түрлі дәрежеде көрінеді. Мәселен, енді ғана әріп элементтерін салып үйрене бастаған баланың икемділігі икемділіктің қарапайым түрі болып келсе, кейін жеке сөздерді, сөйлемдерді жазған кездегі икемділігі бұрынғысынша күрлелірек болып келеді. Икемділік білім мен тәжірибеге негізделеді. Кімнің білімі мен тәжірибесі көбірек болса, сол адамның икемділігі де артық болады. Икемділік - белгілі бір дағдылар мен білім жүйесін практикада пайдалана алудың көрінісі болып табылады. Бірінші сынып оқушыларының жазу, оқу дағдыларын менгеру ережесінің түрліше болып келетін себебі - икемділік дәрежесінің әр түрлілігінен деуге болады. Икемділік білімнің амалға айналуы, ол саналы әрекетті қажет етеді, икемділік амалды жүзеге асырудың да тәсілі. Икемділік пен білім тығыз байланысып жатады. Дағды мен икемділіктен әдеттерді айыра білу керек. Әдеттер де әрекеттің автоматтанылған кұрамдары. Бірақ мұның дағдыдан айырмашылығы мынада: әдетте қимыл-қозғалыстарды орындауға адам үнемі дайын болып, оны қажетсініп тұрады. Мәселен, адам күн сайын беті-қолын жуып тұруға әдеттенгендіктен осыны ылғи да қажетсінеді, мұны істемесе, көңілі көншімейді. Дағдыны қалыптастыру үшін адам сан peт жаттығады, есепсіз қайталайды. Егер де адам өзіне ұнамсыз дағды қалыптастырып және бұған көп уақытын жіберіп жатса, мұның өзі өте ессіздік болар еді. Сондықтан да дағдылар пайдалы, пайдасыз болып бөлінбейді. Өйткені оның қай-қайсысы да пайдалы. Ал, әдеттің ұнамды, пайдалы түрлерімен қатар ұнамсыз, зиянды түрлері де кездеседі. Ұнамды әдеттерге: жүйелі түрде еңбек ете білу, қызмет орнын ұқыпты ұстау, тұрмыстағы мәдениеттілік, гигиеналық әдеттер т.б. жатады. Бұл адамның өмірі үшін аса қажет нәрселер. Ұнамсыз әдеттерге: орынсыз ысқыру, қарандашты ауызға салу, тісін үнемі шұқылап отыру, столда отырып аяқты селкілдету, сөйлегенде қыстырма сөздерді қолдану, қолы қалтасында, аузында шылымы тұрып, жұртқа кезек бермей сампылдап сөйлеу т. б. жатады. Әдеттердің соңғы ұнамсыз түрлері жөнінде халық "Әдет - әдет емес, жөн әдет" деп өте дұрыс айтқан. 3. Іс-әрекет түрлері. Іс-әрекеттің үш түрін бөліп көрсетуге болады: ойын, оқу және еңбек. Олар өздерінің нәтижелері, ұйымдастырылуы, мотивация ерекшеліктері бойынша айрықшаланады. Адам іс-әрекетінің негізгі түрі еңбек болып табылады. Еңбектің түпкі қорытындысы - іс-әрекеттен қоғамдық маңызы бар өнім алу. Ол колхозшы өсірген егін, болат құюшы ағызған болат немесе ғалым ашқан ғылыми жаңалық болуы мүмкін. Ойын қоғамдық маңызы бар өнім бермейді. Оқу тікелей еңбекке әзірлеу кезеңі бола отырып, тек мамандық игерудің кезеңінде материалдық және мәдениет байлықтарын жасауға қатысады. Еңбек әрекеті белгілі бір міндетті ұйымдасқан формада жүзеге асырады. Дәлме-дәл белгіленген мерзімде жұмысшы қатаң реттелінген іс-әрекетті орындайды. Ұйымдастыру жүйесі оқудың да қажетті компоненті болып табылады. Ойынға еркін ұйымдастыру жүйесі тән. Мысалы, балаға сағат 10-11-е дейін қуыршақ ойнап, 11-ден кейін доп ойнауды ешкім міндеттемейді. Ойынның негізгі мотиві баланың ойын процесінде қанағаттануы болып табылады. Егер баланың ойынға ықыласы таусылса, ол ойнауын тоқтатады. Оқу мен енбек адамды іс-әрекетке талпындыратын мотив ретіндегі қызығудың бар-жоқтығына қарамайды, мұнда тапсырылған істі орындау қажетін түсіну, парызды сезіну орын алады. Алуан түрлі іс-әрекет түрлері бірін-бірі толықтырып, бірге өмір сүріп, бір-бірімен жымдаса келіп отырады. Балалар бақшасында сәбилер тек қана ойнап қоймай, сонымен қатар санауды, сурет салуды үйренеді. Оқушы сабақ біткеннен кейін армансыз ойнайды. Сабақты ұйымдастыруда да ойын сәттерін пайдалануға болады. Мысалы, география сабағында қиялмен еліміз немесе дүние жүзі бойынша таңғажайып сапар шегу - ойын болып табылады. Оқушылар шет тілі сабағында ойындық рольдерді ықыласпен атқарады. Жұмысшы тек қана еңбек етіп коймай сонымен қатар оқу оқиды (кешкі мектепте, колледжде, жоғары оқу орнында немесе өз бетімен білімін көтереді). Іс-әрекет түрлері бір-бірінен бөлек өмір сүрмегенімен, адам өмірінің әр түрлі кезеңінде олардың маңызы түрліше болады. Өмірдің бір кезеңінде жетекші іс-әрекет ойын болса, екінші кезеңінде - оқу, ал үшінші кезеңде – еңбек болады. Сөйтіп, бұл арада біз іс-әрекеттердің адам өмірінің белгілі бір кезеңінде басты іс-әрекет болып табылатындары жайында әңгімелеспекпіз. Мектепке барғанға дейінгі баланың іс-әрекетінің негізгі, түрі - ойын. Оқушы іс-әрекетінің жетекші түрі - оқу, epeceк адамдардікі – еңбек. Ойын - бала әрекетінің негізгі бір түрі. Пайдасыз болып көрінетін қажетті іс-әрекет. Психология үшін ойын өте қиын әрі маңызды проблема болды. Ойын арқылы адам баласының белгілі бір буыны қоғамдық тәжірибені меңгереді, өзінің психикалық ерекшеліктерін қалыптастырады. Бала ойынында да қоғамдық, ұжымдық сипат болады. Мысалы, кез келген бала еш уақытта жалғыз ойнамайды, қатар құрбыларымен бірлесіп ойнайды, ойын арқылы бір-бірімен өзара қарым-қатынас жасайды Ойын адам әрекетінің бір түрі болғандықтан, оның да өзіне тән мотивтері болады. Мәселен, дәрігер ауру адамды емдегенді-өзіне жүктелген міндетті сезінеді, осылай істеуді оның мамандығы қажет етеді. Ал, дәрігер болып ойнаған баланы алатын болсақ, ол да айналасындағыларды өзінше емдейді."Бірақ бұл оның жай тілегі мен қызығуынан туған. Ойыннын қозғаушы күші - баланың нақты тілегі мен қызығуы. Еңбек үстінде адамның мақсат мен мотивінің арасында келіспеушілік болуы мүмкін. Ойында бұл жағы болмайды. Еңбектің қандай түрі болмасын одан қоғамдық пайдалы өнім шығуы қажет. Бұл айтылғандар ойыннан талап етілмейді. Бұдан ойынның ешқандай маңызы жоқ деген қорытынды тумайды. Ойын арқылы бала өз қажетін қалай қанағаттандыра алатынын, қандай қабілеті бар екенін байқап көреді. Кейбір шетел психологтары ойыңды көбінесе санасыз инстинктерге балайды. Мәселен, олардың бірі - жануар төлі мен адам баласының ойынының арасындағы айырмашылықты жоққа шығарса (К.Гросс), екіншілері ойын баланың артық энергиясын сыртқа шығаратын тәсіл дейді (Г.Спенсер), ал үшінші біреулері - ойынды жай рахат табудың бір көзі (К.Бюлер) деп қарайды Баланың ойын әрекеті сөйлеуді меңгерумен тығыз байланыста дамиды. Оқу - іс-әрекетінің негізгі саласы еңбек процесін нәтижелі орындауға қажетті білімді, дағды мен икемді жүйелі түрде менгеру. Мектеп жасындағы балалардың негізгі әрекеті - оқу. Оқу арқылы балаға қоғам өзінің ғасырлар бойы жиналған асыл мұрасын, дағды, тәжірибесін береді. Мектепке бару - бала өміріндегі жауапты кезең. Оқи бастаған соң оның отбасындағы жағдайы өзгереді. Онда мектепке уақытында бару, үй тапсырмаларын орындау, жолдасына көмектесу сияқты көптеген жаңа міндеттер пайда болады.Сөйтіп мектепке барған алғашқы күннен бастап баланың айналасымен қарым-қатынасы міндеттілік принципімен реттеледі. Міндет шеңбері ұлғая береді. Жақсы оқу парызы - тек ата-ана алдындағы парыз ғана емес, сынып, мектеп, бүкіл отан алдындағы, өзінің ар-ожданы алдындағы парыз. Оқу мыналардан құралады: қоршаған заттар мен құбылыстардың ерекшеліктері туралы ақпаратты меңгеру (білім); іс-әрекеттің негізгі түрлерін құрайтын амалдар мен операциялар (бейімділік); іс-әрекет мақсаттары мен жағдайларына сәйкес амалдар мен операцияларды дұрыс таңдау үшін, көрсетілген ақпаратты пайдалану әдістерін меңгеру (икемділік). Сонымен, оқу жайлы адамның әрекеттерін саналы мақсат басқарған кезде ғана айтуга болады. Саналы мотивтердің болуы - оқудың маңызды алғы шарты. Осыдан жануарларда оқудың болуы мүмкін емес екендігін анық көруге болады. Адамда да оқу оның мінез-құлқының саналы түрде реттелуі кезеңінде ғана, 6-7 жасқа таман болады. Оқу материалдары бала психикасына зор талап қояды. Өйткені ұғыну өте күрделі әрекет. Ұғыну бірнеше кезендерден тұрады. Мәселен, мұның бірінші кезеңіңде (таныстыру кезеңі) бала нені қалай оқу керектігі жайлы мағлұмат алады. Бұдан кейін ол ойындағысын тәжірибеде орындап көреді. Үшінші кезеңде, ұғынғанын сөзбен тұжырымдайды, төртінші кезенде бала ұғынған нәрсесін ойына ұстап тұрады да, бесінші кезенде, балада зат пен құбылыс туралы белгілі ұғым қалыптасатын болады. Баланың жасы өскен сайын психикасы да өсетіндіктен, оның оқуға деген қатынасы да (мотивтері) өзгеріп отырады. Мәселен, жоғары сынып оқушыларының оқу мотивтері бастауыш мектептегілерден басқаша болады. Білім игеру үлкен саналылықты, өз бетімен жұмыс істеп үйренуді, өз мінез-құлқын меңгеруді керек етеді. Бала не үшін оқитындығын бар сана сезімімен ұғынғанша, оған оқудағы формализмнен (мәнін түсінбей құрғақ жаттап алу, өмірмен байланыстыра алмау т.б құтылу қиын болады. Мектепте оқу процесінде оқу мотиві қалыптасып, өзгеріп отырады. Ол төменгі сынып оқушыларындағы қарапайым мотивтен бастап, жоғарғы сынып оқушыларында парыз сезіміне дейін көтеріледі. Алғашқы жылдары балалар үйде ата-аналары ұрыспауы үшін, жақсы баға алу үшін оқиды. Орта мектепте пәндерге саралай карау дамиды. Осыған орай ғылым мәселелерін білуге құмарлық, жеткіншектің танымдық қажетін қанағаттандырарлықтай білім алу мотиві пайда болады. Мінез-құлықтық жоғары сатылы реттеушісі болып табылатын парыз бен арды қалыптастыру, оқу мотивінің сферасына жоғары адамгершіліктік сезімдерді қосады. Орта мектепте оқу ісін ұйымдастыру оқушыдан үлкен жауапкершілікті және оқуға саналылықпен қарауды талап етеді. Сабақтардың пәндер бойынша жүргізілуі мұғалімнің оқушы үлгерімін бақылау мүмкіншілігін азайтады. Ой қызметінің сапасына талап арта түседі. Оқушыдан мұғалімнің айтқандарын, кітаптан оқығандарын-жай ғана есте сақтаудан гөрі оны ұғу, ой елегінен өткізе білу талап етіледі. Математикаға физика, химия және басқа пәндер ұғымдар жүйесін, білімдер жүйесін қалыптастырады. Еңбек жалпы психологиялық емес, әлеуметтік категория. Ол өзінің негізгі қоғамдық заңдылықтары бойынша психологияның емес, қоғамдық ғылымдардың пәні. Еңбек іс-әрекетінің психологиялық жағының ерекшелігі: еңбек өзінің объективтік қоғамдық мәні бойынша, қоғамға пайдалы өнімді жасауға бағытталған іс-әрекет болып саналады. Адамның қажеттіліктерін қанағаттандыратын барлық заттарды бір адам ғана өндірмейді, сондықтан адамның іс-әрекетінің мотиві болып оның әрекетінің өнімі емес, басқа адамдар іс-әрекетінің өнімі, қоғамдық іс-әрекеттің өнімі саналады. Еңбекте еңбек техникасы ғана емес, адамның еңбекке қатынасы да маңызды болады. Еңбек дегеніміз - адамдардың материалдық және рухани қажетін қанағаттандыратын қоғамдық пайдалы өнім өндіруге бағытталған іс-әрекет. Еңбек өнімдерін жасауға қатынасу арқылы адам өмір сүріп отырған өндірістік қатынастар жүйесіне араласады. Бұл екі фактор еңбек әрекетіне көзқарас пен еңбек мотивін қалыптастырады. Еңбекте адамның қабілеті мен мінез-құлқы жалпы жеке басының қасиеті ашылып, қалыптасады.

Тұлғаның өзіндік ерекшелігі мотивтері мен дүниетанымынан, сенімінен, талғам, мұратынан, бағыттылығынан, қажеттілігі мен қызығуынан жақсы байқалады. Адамды әрекетке бағыттайтын, қажетін өтеуге талаптандыратын бір түрткі болады. Бұл түрткіні психологияда мотив (себеп) деп атайды. Мотивтер дегеніміз – іс-әрекет пен мінез-құлықтың саналы түрде жасалынуы. Сөйтіп мотив ретінде алуан түрлі жайлар көрініс береді. Тұлғаны қандай да болмасын іс-әрекетке итермелейтін негізгі қозғаушы мотив оның түрлі қажеттері, яғни бір нәрсеге мұқтаждануы. Өмір сүру үшін адамдар тамаққа, киімге, және т.б. толып жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыруға тиісті. Қажеттілік дегеніміз - өмір мен дамудың белгілі бір жағдайында адамның міндетті түрде керек ететін қажетсінулері. Қажеттілік адамның бойында белсенділік сезімін оятады. Адамдар өмір сүру үшін қоғамдық өндірісті дамытады. Қажеттілік те өндірістің өсуімен бірге дамып отырады. Қажеттіліктер белгілі дәрежеде адамның күйініш-сүйінішіне, ойлауына және ерік-жігеріне әсер етеді. Қанағаттандырудың түрі мен тәсіліне карай, қажеттіліктің орындалу немесе орындалмауына байланысты адамдар мазасыздану немесе тыныштану, рақаттану немесе азап шегу сезімдеріне тап болады. Қажеттіліктердің түрлері. Адамның қажеттіліктері алуан түрлі. Оларды топтарға бӛле отырып, материалдық, рухани және қоғамдық қажеттіліктер деп көрсетуге болады. Материалдық қажеттіліктер адамның өмір тіршілігінің (бұл тамаққа, киімге, тұрғын үйге, тұрмыстық заттарға т.б.заттарға қажеттіліктер) негізіне байланысты.Адам саналы түрде өз қажеттіліктерін реттеп отырады, ол жануарлардан осы қасиетімен ерекшеленеді. Рухани және әлеуметтік қажеттіліктері дұрыс қалыптастырған адамдар материалдық қажеттіліктерін орынды қанағаттандырады. Рухани қажеттіліктер – адамның білімге, өнерге т.б. Қажеттіліктері. Оларға танымдағы және эстетикалық ләззаттағы қажеттіліктер жатады. Танымдағы қажеттіліктер жалпы (тұтас әлем жайлы) және жеке (болмыстың белгілі бір құбылыстарын тануға деген құштарлық) болып келеді. Танымдағы қажеттіліктердің негізінде ғылыми шығармашылыққа деген дербес қажеттілік пайда болады. Мұндай жағдайда таным мақсат емес, шығармашылық қажеттілікті қанағаттандырудың құралына айналады. Эстетикалық ләззаттану қажеттілігі адам өмірінде айрыкша орын алады. Соның арқасында адам өз тұрмысын, демалысын, өзінің өмірін мәнді етуге құлшынады. Ал, қоғамдық қажеттіліктер: еңбекке, адамдармен қарым-қатынасқа, қоғамдық іс-әрекетке деген қажеттілік. Еңбекке деген қажеттілік адамның негізгі қажеттілігінің бірі. Адам енбек етпей отыра алмайды: егер ол уақытша бұл мүмкіншіліктен айырылып қалса, мысалы, қарны ашып, тамақ ішкісі келетін сәтте басынан қандай күй кешсе нақ сондай күй кешетін болады. Қарым-қатынас жасауды қажетсіну адамның әлеуметтік табиғатын танытады. Қарым-қатынас нәтижесінде адам басқаларды ғана емес, сонымен бірге өзін де танып біледі, әлеуметтік өмірдің тәжірибесін жинақтайды. Қызығу дегеніміз – тұлғаның объектіге, оның өмірлік мәні мен эмоциялық тартымдылық күшіне қарай таңдамалы қатынасы. Қызығулар қажеттіліктер негізінде пайда болады, бірақ олардың өзі емес. Қажеттілік міндетті түрде керек нәрсені белгілейді, ал қызығу белгілі бір іс-әрекетке адамның жеке қатынасын көрсетеді. Терең тамыр жайған қызығу қажеттілікке айналуы мүмкін. Мәселен, театрға деген қызығу - спектакльді құр жібермеуді әдетке айналдыру тіпті сахна ісімен өзінің де айналысатын болуына жеткізуі мүмкін. Мұндай "көрсе қызар" әуесқойлық адамды тұрлаусыз, тұрақсыз етеді. Егер осы әдет бойға сіңіп кеткен болса, бұл - үлкен кемшілік. Адам өмірдің бар бақыты мен болмысын өз бойында қызығу бар кезде ғана сезінеді. Қызығу адамдарды әрекетке талаптандырады, қызығып істелінген жұмыс жеңіл және жемісті болады. Қызығулар өзінің мазмұны мен бағытына қарай: материалдық, рухани қоғамдық спорттық, танымдық т.б. болып келеді. Материалдық қызығу тұрғын үй ыңғайлылығына, тағамдық заттарға, киімге және т.б. қажеттіліктерге деген құлшыныс арқылы көрінуі мүмкін. Материалдық қызығу көбінесе нысапсыздық, баюға салыну, дүние-мүлік жинаудың қызығына түсіп дүние жинау сияқты жағымсыз формаларда кездеседі. Рухани қызығу адамның жоғары дәрежеде дамуын сипаттайды. Бұл ең алдымен өнерге: музыка, сурет, спорт т.б. және білімге: математикаға, физикаға, әдебиетке, психологияға т.б. деген танымдық қызығулар. Адам объектіге түрлі мақсат көздеп қызығады. Осы тұрғыдан қызығу тікелей және жанама болып екіге болінеді. Тікелей қызығу айналадағы нәрселердің тартымдылығынан туады. Мәселен, футболға қызығуды осыған жатқызуға болады. Жанама қызығу - бұл әрекеттің түпкі нәтижесін қажетсіну яғни іс-әрекет қызмет бабында және қоғамдық жағдайда белгілі бір дәрежеге ие болуға ғылыми атаққа немесе ең соңында, еңбектің материалдық нәтижелеріне деген қызығулар. Қызығуды әсер ету дәрежесіне қарай самарқау және белсенді деп екіге бөледі. Самарқау қызығу дегеніміз - адам өзін қызықтырушы объектіні қабылдаумен ғана шектеледі. Мысалы, опера тыңдауды сүйеді, картиналарды қараған кезде ләззат алады, бірақ объектіні терең тану, оны меңгеру және қызықтыратын салада шығармашылықпен айналысу үшін белсенділік көрсетпейді. Белсенді қызығу дегеніміз - пәрменді қызығу, мұндайда адам көріп-білумен ғана шектелмейді, өзі тыңдаған объектіні меңгеріп алып, әрекетке көшеді, сол қызыққын нәрсесімен айналысады.
Мінез

Күнделікті өмірде «мінез» ұғымы әртүрлі мағынада қолданылады. «Мінез» ұғымын айналысқа алғаш енгізген ертедегі грек ғалымы және философы Аристотелдің досы Теофраст болды. «Мінез» гректің сөзі, қазақша «белгі», «бітіс», «ерекшелік» деген мағынада қолданылады.


Әрбір адам кез-келген басқа адамнан өзінің дара психологиялық ерекшелігімен анықталады. Психологияда «мінез» сөзі белгілі мағынада қолданылады. Жалпы немесе кең мағынада адамның мінезі деп даралық анық байқалатын және адамның мінез-кұлқы мен қылығына әсер ететін сапалық өзіндік психологиялық белгілерін айтамыз.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет