Кіріспе Философияның пайда болуы адамзат баласының білім деңгейі мен ой-санасының едәуір дамуына байланысты әлемді ғылыми тұрғыда түсінуімен орайлас дүниеге келді. Сан қырлы табиғат құбылыстарының мәнісін түсінуге тырысқан ойшылдардың философиялық көзқарастары - философия ғылымының беташары іспеттес болды. Алғашқы философиялық ойлардың формасы натурфилософиялық бағытта дамыды. Философия пәні қоғамның дамуымен тығыз байланыста бола отырып, рухани өмірдің барлық қырларын қамтыды. Философияны алғаш рет ерекше теориялық білім ретінде жинақтап дәлелдеген ерте грек философы Аристотель (б.з.д. 384-322 ж.ж.). Философияның өз алдына ғылым болып қалыптасу барысында қарастыратын мәселелеріде айқындала түсті: Онтология - болмыс туралы ілім (немесе дүниенің бастамасы жайында); гносеология - таным туралы ілім; Аксиология - рухани құндылықтар туралы ілім; Праксиология - адам шығармашылығы туралы ілім; Антропология - адам туралы ілім; Логика - дұрыс ой-қорыту жөніндегі ілім. Философия пәнінің зерттейтін сұрақтары: болмыстың өмір сүру жағдайы, материя, оның формалары, сана және санасыздық, адам, оның өмірдегі мәні мен әлемдегі алатын орны, жан, адамның рухани өмірі, қоғам, табиғат, өркениет, экология, дүниені танып білу, қозғалыс, диалектика және оның заңдары. Ф.Энгельстің тұжырымдауы бойынша философияның негізгі сұрағы - ойлаудың (сананың) болмысқа, рухтың материяға (табиғатқа) қатынасы. Міне, осы мәселеге байланысты қоршаған орта мен адамның әлемдегі алатын орыны айқындала түспек. Философияның негізгі пәні мен обьектісі - адам және оның әлемдегі орыны. Философияның негізгі мәселесін (ойлау мен болмыстың ара қатынасы туралы) сөз еткенде бұл сұрақтың екі жағы бар екенін ажырата білу керек. бірінші жағы: дүниенің негізі, бастамасы не - идея, рух па әлде материя ма деген онтологиялық (болмыс туралы ілім) сұрақ қояды. екінші жағы: адам баласы дүниені танып-біле ала ма әлде танып-біле алмай ма деген гносеологиялық (таным туралы ілім) мәселе көтереді.