Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан ( 5 наурыз1866, Қарқаралы уезі, Семей облысы, Дала Өлкесі — 27 қыркүйек1937, Мәскеу) — қазақтың мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш партиясының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы.
1905 жылдан бастап Ресей конституциялық-демократиялық партиясының (кадеттер) мүшесі, оның қазақ бөлімшесін құру мақсатында Оралда, Семейде жиындар өткізген. Қарқаралыда патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы өткен қозғалысқа қатысып, 14 500 адам қол қойған Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болған.
1905 жылы Әлихан Бөкейхан Семей облысы қазақтарының атынан 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды. Бірақ ол 1-ші Мемлекеттік дума жұмысына қатыса алмады. Өйткені Ә.Н. Бөкейхан өз жұмысын бастаған кезде Дала өлкесі генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен, соттың тергеуінсіз, 3 ай Павлодар абақтысында отырды.
Абақтыдан шығып Санкт-Петербургке жеткенде, Дума патшаның үкімімен таратылып, оның біраз мүшелері наразылық актісін қабылдау үшін сол кездегі Финляндияның Выборг қаласына жүріп кеткен еді. Ә.Н. Бөкейхан да солардың артынан аттанып, Выборг үндеуіне қол қойды. Сол үшін жазаға тартылып, Санкт-Петербург сот палатасының төтенше мәжілісінің шешімімен 3 айға Семей түрмесіне жабылды.
1906 жылы Омбыдан шығатын кадеттік «Голос степи», «Омичъ» және «Иртышъ» газеттерінде; 1908 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Товарищъ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды.
1909-17 жж. «Дон егіншілік банкі» бөлімшесінде жұмыс істеді.
1911-14 «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді.
20 ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұқар мен Түркістан өлкесіне бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім-тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді. Сондықтан олар, ең алдымен, халықтың сана сезімін оятатын жағдай жасау керек деп білді.
1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самардан Орынборға келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады.
Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. Ол Ресей жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің I Мемлекеттік думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясының Бюро мүшесі болды.
Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 ж. желтоқсанында Екінші жалпықазақ съезіАлаш автономиясы жарияланып, Ә. Бөкейхан сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (президенті) болып сайланады.
1920 жылы ол Халықтық жер комитетінің құрамына енді.
1922-1926 жылдары ол контрреволюциялық істері үшін айыпталды.
1937 жылы тағы да қамауға алынып, қыркүйек айында ату жазасына кесілді