АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДОГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Реферат
Тақырыбы: « 1917 жылы шілдедегі Жалпықазақ съезі және Алаш партиясын құру туралы шешім »
Орындағандар: Қоспағамбет Ұлту
Мамандығы: ИОК-222
Тексерген :Саурыкова Ж.С.
Съезд – қоғамдық ұйым, саяси партия не әлеуметтік, кәсіптік, ұлттық және өзге де топ өкілдерінің (делегаттарының) жиналысы. Ұйым немесе партия съезіне қатысушылар (делегаттар) олардың аумақтық бөлімшелері мүшелерінің жиналыстарында сайланады және оларға съезде өз сайлаушыларының атынан өкілдік ету құқығы беріледі.
Осыдан 100 шақты жыл бұрын 1917 жылы 1 емес 2 жалпықазақ съездері өтті. 1917 жылы шілдедегі Жалпықазақ съезі деп біз алғаш рет өткен «Бірінші жалпықазақ съезін» айтамыз. 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынборда Бірінші жалпықазақ съезі Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан келген өкілдердің қатысуымен өтті. Съездге Х.Досмұхамедұлы төрағалық, А.Байтұрсынұлы, Ә.Көтібаров, М.Дулатұлы, А.Сейітов хатшылық етті.
Сиез қабылданған қаулы бойынша Ресей «демократиялық федеративтік республика болып, қазақ облыстары қоныс, ұлт жігіне қарай облыстық автономия алуға тиіс» болды. Делегаттар жер туралы мәселені аса ұкыптылықпен талқылап, 14 тармақтан тұратын шешім қабылдады. Онда: «Қазақ халқы өзіне қарасты жерге орналасып болғанша қазақ жері ешкімге берілмесін» деп көрсетіліп, бұрын қазақтардың пайдасынан алынып қойған жерлерді кері қайтару талап етілді. Делегаттар «жер туралы қазақ өз алдына заң жобасын жасасын» деген ұсыныс білдіріп, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының болашақ депутаттарына жиналыста бұл мәселені талқылап, оған депутаттыққа кандидат етіп 81 адамнан тұратын тізімді бекітті. Олардың ішінде Ә.Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермеков, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, Айдархан Тұрлыбаев, А.Сейітов, М.Дулатов, А.Бірімжанов, С.Қадырбаев, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, Мұхаметжан,Тынышбаев, Ы.Жайнақов, С.Аманжолов, М.Шоқай, Ә.Кенесарин, Қ.Қожықов,Ғ.Оразаев, Б.Құлманов, У.Танашев секілді белгілі қазақ зиялылары болды. Сондай-ақ, депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылғандардың арасында Г.Н. Потанин, В.Чайкин, Т.Нарботабеков, Ә.Диваев сияқты басқа ұлт өкілдері де бар еді
Оның қорытындысымен «Алаш» партиясын құру туралы шешім шығарылған. «Съезд қаулысы халыққа мағлұм. Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сүйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою әуре болмастан ауызға түсіп тұр. Жалпы қазақ съезінің қаулысын қабыл етіп, қазақ өз алдына саяси партия болуын қостайтындар сайлауда кандидат списогін «Алаш» партиясының списогы деп жүргізулері керек» деп жазды «Қазақ» газеті сол уақыттағы нөмірлерінің бірінде.
Тағы да осы «Қазақ» газетінде Міржақып Дулатұлы: «Ресейде неше түрлі партия бар. Бірақ ешқайсысының бағдарламасы қазақ ұлтының мұрат-мүддесіне сай келмейді» деп жазыпты. Зерттеушілер бұл кезеңде қазақ зиялылары ұлттың жоғын жоқтайтын партия құруды көздеген дейді. «Алаш» партиясының тарихына үңілгенде, оның бастауында Орынбордағы І жалпықазақ съезі тұрғанын көреміз. Осы басқосуға қатысты мағлұматтарға зер салғанда, қазақ зиялылары мемлекетшілдік мүддесін айқын танытқаны аңғарылады.
Жалпықазақ съезін шақырып, ұлттық партия құру туралы бастама 1913 жылы көтерілген. Бастаманы көтерген Райымжан Мәрсеков, Бақытжан Қаратаев, Жаһанша Сейдалинге Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы тоқтау айтқан. Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінде: «Үй өзімдікі деме, үй артында кісі бар» деген қазақтың сөзі бар. Сенің әрбір қадамыңды, әр сөзіңді аңдып отырған билік бар. Жарайды, сендер жалпықазақ съезін шақырасыңдар, онда саясат туралы сөз болмай қоймайды. Соның бәрі биліктің құлағына жетсе, сендердің әрқайсыңды жүргізбейді. Сондықтан бұл әңгімені қоя тұрыңдар. Уақыты келгенде көрерміз» деп жазған екен.
Тарихшылардың сөзіне сүйенсек, қазақ зиялылары дәл осы І жалпықазақ съезінде сол замандағы қазақ қоғамының ең өзекті мәселелерін көтерген. Күн тәртібіне қойылған он төрт мәселе мемлекеттік құрылысқа, Қазақ автономиясына, жер, халық милициясы, земство, оқу, сот, дін, әйел мәселелеріне, Бүкілресейлік құрылтай жиналысы, Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі, Қазақ саяси партиясы, Жетісу оқиғасы, Киевте өтетін Бүкілресейлік федералистер съезіне және Санкт-Петербургтегі оқу комиссиясына қазақтан өкіл жіберуге қатысты болды.
Тарихшы Тұрсын Жұртбай съезде көтерілген мәселелердің ең негізгісі жер екенін жазады. «Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді! Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек! Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс! Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы тиіс! Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді, яғни, тағы да сол Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек: «тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар (заң) жасалады» дейді тарихшы.
Бес күнге ұласқан съезде Алаш зиялылары автономия алу мен тәуелсіздік жариялау туралы пікір таластырған. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов Қазақ Республикасы толық тәуелсіздігін жариялау керек десе, Әлихан Бөкейханов бұған көнбеген. Бұл туралы алаштанушылар Мәмбет Қойгелді мен Болат Мүрсәлімнің зерттеулерінде дәлелдер келтірілген. «Әлихан Бөкейхан сол тұстағы қоғамдық-саяси ахуалды өте терең әрі жақсы түсінген. Әлекең былай деді: «Қазақ жерінде қоныс аударушы орыс шаруалары мен орыс казактарының саны басым әрі олардың қолында қару бар. Және билік те солардың жағында. Біз әуелі оларды ішке тартып, «біз сендерді ешқайда қумаймыз, сендерге жаулығымыз жоқ, бірігіп мемлекет құрайық, бірлесіп әрекет етейік» деп оларға түсіндірейік. Сосын барып, тәуелсіздікті жариялайық» деген Әлихан Бөкейхан ұстанымы дұрыс болатын» дейді М.Қойгелді.
Съезд қабылдаған қаулыда жоғарыда аталған жерге қатысты шешімдерден басқа «Осы күнгі дайын әскер орнына халық милициясы құрылсын. Жалпы міндетті бастауыш оқу аса қажет. Бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде болсын. Мектеп кітаптары болсын, өзге баспасөздер болсын, бәрі де «Қазақ» емлесімен жазылсын» делінген.
Қаулының «Суд мәселесі», «Дін мәселесі», «Әйел мәселесі» деп аталатын тармақтарында «Осы күнгі қазақтың народный суды жоғалсын. Өзгерілетін судтың орнына қазақ тұрмысына лайық айрықша суд құрылсын. Мағлұматты адамдардан жаңа судтың жобасын жасауға әр облыста суд комиссиясы болсын», «Ақмола, Семей, Жетісу, Торғай, Орал һәм Закаспий (Маңғышлақ уезі) облыстарының қазақтары уақытша Орынбор муфтилігіне қарасын. Қазақ бөлімінің істері таза қазақ тілінде жазылсын», «Әйелдер саяси құқықта ерлермен тең болсын. Күйеуге тию еркі әйелдің өзінде болсын. Қалың мал жоғалсын. 16-ға толмаған қызға құда түсу болмасын. 16-ға толмаған қызға һәм 18-ге толмаған жігітке молда неке оқымасын. Молда неке оқырда әйел мен еркекті қарама-қарсы қойып ризалықтарын біліп оқысын. Тұл қатын сүйгеніне тисін, әмеңгерім деп зорлық қылу болмасын. Екінші қатын аламын деген кісі бұрынғы қатынының ризалығымен алсын. Егер бұрынғы қатыны риза болмай, кетемін десе, басқа байға тигенше бұрынғы байы оны бағып-қақсын. Жеті атаға келмеген жерде қазақ қыз алмасын» деген, тағы да басқа шешімдер қабылданған.
Бірінші жалпықазақ съезі осылайша тәуелсіздікке ұмтылған ерлердің ерік-жігері жария болған, «Алаш» партиясын тарих сахнасына шығарған, ел тағдырына қатысты шешімдер қабылданған басқосу ретінде қазақ жылнамасына жазылды.
«Алаш» ұғымы
«Алаш» ұғымы – қазақ халқының байырғы сөзі. Мағынасы – елдік, тұтастық, бірлік, айбарлық деген бірнеше ұғымдарды жинақтайды. Қазақ ішінде «алаш алаш болып, Алаша хан болғанда», «алты алаш», «алты сан алаш», «алаш мыңы» секілді тұрақты тіркестер ежелден айтылады. Сондай-ақ «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» деген нақыл-ұстаным да бар. Бұдан шығатын қорытынды, алаш – қазақ ұлтының өте бір аяулы сөзі. Мұны қазақ этнонимінің синонимі десек те болады. Жалпы тілдік негізі тұрғысынан келсек, алаштың түбіріндегі «ал» – от, қызыл, арай дегенді білдіретін ежелгі түркі сөзі. Мысалы, Алтай, алау, алқызыл, албырт, аластау, албар, аламан, алөкпе, алаң, алқап т.б. сөздердің арғы түбі «от» ұғымына (қуат, күш, жігер, шапшаңдық, қызбалық, тегеурін, зор деген мағынадағы) барып тіреледі. Отандық зерттеушілер ішінде Шоқан Уәлиханнан бастап Алаш ұғымын зерделегенін байқаймыз. Ол қазақ пен алаш ұғымдарын қатар қоя отырып («начало народа казахов или алач ...»), былай деп жазады: «У киргиз разные роды имеют свою тамгу и уран. Уран у всех киргиз есть алач». Бұдан Алаштың – елдік-мемлекеттік рәмізге айналған ұғым екені көрінеді. ХХ ғасырдың басында Ә.Бөкейхан бастаған ұлт қайраткерлері Алаш атын партияға да, үкіметке (ұлт кеңесі) де бергенде осы ұстанымды басшылыққа алғаны анық. Азаматтық тарихымыз үшін аса маңызды Алаш қозғалысы кезеңінде Алаш идеясы – қазақтың ұлттық идеясының темірқазығы болды. Зиялылардың Алаш атауын таңдауы да жайдан-жай емес еді. «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш». Кереге – мемлекет құрылысы, Алаш – идеология. Тоқтам осындай болатын. Алаш – жаңа түрдегі елдігіміздің, байырғы айбарымыздың рәмізі еді.
"Алаш" сөзі – түркі тілдерде қандастар, бауырластарды білдіреді. Кейбір деректер бойынша, Алаш – қазақ сөзінің синонимі болып саналады. Яғни қазақ сөзі мен Алаш сөзі, екеуі де еркін, азат адам дегенді білдіреді. Қадырғали Жалайыр өз еңбегіндерде, қазақтарды белгілеу үшін Алаш сөзін қолданған.
1917 жылы 21-28 шілдеде Бірінші Жалпықазақ съезінде «Алаш» атты партия құрылып, бұл съезде 14 мәселе қаралды. Осылардың ішінде ерекше атайтынымыз:
Мемлекет билеу түрі
Қазақ облыстарында автономия;
Жер мәселесі;
Оқу мәселесі және т.б.
Мемлекетті билеу түрі Ресейде демократиялық, федеративтік парламенттік республика болу керек деп көрсетілген Н. Мартынинконың «Алашорда» атты құжаттар жинағында. Ал 1917 жылы 24 маусымдағы «Қазақ» газетінде автономиялықтың негізі туралы әртүрлі пікір-ұсыныстар айтылған. Қазақ мемлекетінің әлде Федеративтік Россияның бір автономиялық бөлігі болғаны жөн бе? Қазақтар өз бетімен тәуелсіз ел бола ала ма, әлде тәуелсіздікке басқа халықтармен одақтасқан жағдайда жете ме деген сұрақтар талқыланды.
Бірақ бұл сиезде нақты пікірге келе алмады. Ал жер мәселесі Құрылтай съезіне қалдырылды. Күн тәртібінде айрықша мәнге ие болған дін, оқу-ағарту, әйел мәселелері және сот жүйесі болды. Бұрынғы ескі сот жүйесі («Народный сот») таратылып, олардың орнына «Қазақ тұрмысына лайық айрықша сот құрылуға» тиіс болды. Келесі мәселе оқу-ағарту саласы: «міндетті бастауыш оқу енгізу», «бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде» жүргізілу керектігі айтылып, тіл мәселесін айрықша назарға алған және білім берудің тегін болуы талап етілген. Білім алудың орта, арнайы, жоғарғы сатылары да айтылған.
Сьездің нәтижесінде автономияның астанасы ретінде Жаңа-Семей (қазіргі Семей қаласы) қаласы таңдалды, кейін қаланың аты Алаш деп ауыстырылды.
Алаш үкіметі болашақта барлық Орталық Азиядағы түркі халықтарды біріктіріп, тәуелсіз ел құрғысы келді. Сондықтан, Алаш партиясы өз атауын қазақ демей, түркі халықтар үшін жаңа ұлт пайда қылдырып бірлікке жеткенін қалаған. Алайда, партия бұл идеяны ешқашан іске асыра ала алмай, басқа халықтардың зиялыларымен ортақ тіл табыса алмады. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысқан Мұстафа Шоқай өзінің естеліктерінде бұл жиынға өзбек және татар елдері өкілдерінің де қатынасып, өздерінің ыстық ықыласын білдіргендігін айтып: «Сөйтіп құрылтай ұлы түркі халықтарының бас қосқан үшеуінің мызғымас бірлігін көрсететін сахнаға айналды» - дейді. Бірінші жалпықазақ съезін ұйымдастыру бюросы «Қазақ» газетінің 24-маусым күнгі санында съездің тәртібіне қойылатын мәселелерге байланысты ел талқысына өз тұжырымдарын ұсынды. Тезистер түрінде баяндалған бұл мәселелердің бәрі дерлік кейін бірінші жалпықазақ съезінің күн тәртібіне енді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.«Алаш қозғалысы» кітабы.
2. Г. Жалғасова «Сыр бойы»
3. Д.Сүлейменова. «Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы»
4. Н.Нұрпейіс. «Алаш һәм Алашорда»
Достарыңызбен бөлісу: |