Еліміздің болашағы – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың болашағы – ұстаздардың қолында. Олай болса, еліміз дамыған 30 елдің қатарына ену үшін шығыспен шынайы, батыспен байыпты, түстікпен түсінікті тіл табыса алатын, өзіндік пікірі қалыптасқан, жан-жақты жетілген тұлға қалыптастыру ұстаздар қауымының еншісінде екені айтпаса да түсінікті.
Ел мен елді, халықпен халықты теңестіретін нәрсе, ол – білім» -деп ұлы тұлға М. Әуезов айтып кеткендей, білім – бұл қоғамның ең жауапты, ең қастерлі саласы. Сондықтан, Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсатын білімнің қолжетімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру деп алып отыр. Осығын орай білім беру жүйесіне еніп отырған реформалардың ең соңғысы озық, алдыңғы қатарлы елдердің білім беру жүйесінен алынған тұлғаға бағытталған сындарлы оқыту теориясы екенін білеміз.
Сындарлы оқыту теориясы – оқыту теорияларының ішінде өмірлік маңызы бар, алған білімді өмірде қолдануға тәрбиелейтін теория. Осыған байланысты елімізде Қазақстан Республикасы педагаг қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында деңгейлік курстар ұйымдастырылғаны баршамызға мәлім. Біздің мектепте осы бағдарламаның сертификатын иеленген мұғалімдер саны – 11 болды. Мектебімізде осы мұғалімдермен қатар осы бағдарламаның идеясына қызығушылық танытқан мұғалімдерден «Өзгеріс тобы» деп аталатын топ құрылды. Осы топ мүшелерінің ықпалымен мектеп тәжірибесіне біраз өзгерістер енгізе бастадық.
Бұл бағдарламаның бір ыңғайлы және тиімді жері – жасалынған іс-әрекеттің қатып қалған қағидасы жоқ. Бағдарламаның негізгі идеясын түсініп, мектептің, оқушының және мұғалімнің мүмкіндіктерін ескере отырып, нәтижеге қол жеткізу үшін қолжетімді, тиімді қадамдар жасауға болатынына көз жеткіздік.
Теория бойынша, Лессон Стади зерттеу сабағыны оқушының оқуына, мұғалімнің кәсіби тәжірибесінің артуына ықпал ететін педагагогикалық тәсіл, яғни оқушылардың сабаққа қызығушылығын оятып, білім сапасын арттыруда тиімді тәсіл екенімен танысқаннан кейін, рефлексивтік-практик ретінде осы зерттеу сабағын тәжірибеге енгізсек, өзіміздегі өзекті проблеманың шешуін табады екенбіз деген ойға келдік.
«Ойлау оңай, әрекет қиын, ал ойды әрекетке айналдырған қиынның қиыны» – деп, неміс халқының ақын-жазушысы Иоганн Гете айтқандай, зерттеу сабағын тәжірибеге енгізу барысында, біраз қиындықтар болды, тығырыққа тірелдік. Бірақ «қиын болды» деп ісімізді аяқсыз қалдырмадық. Қиындық туғызған проблеманы бірлесе, ақылдаса отырып шешуге тырыстық. Соның нәтижесінде өткізген зерттеу сабақтарымыз біршама нәтиже берді. Осы зерттеу сабақтарында алған тәжірибемізбен бөлісу мақсатында ұйымдастырылған семинар-сабағымыздың тақырыбы: «Лессон Стади – біздің мектебімізде». Мақсаты: Зерттеу сабақтары бойынша іс-тәжірибемен бөлісу. Бұл зерттеу сабағын ұйымдастыруда Лессон Стади зерттеу сабағы бойынша нұсқаулықты және А. Әлімовтың «Интербелсенді әдістемені мектепте қолдану» атты оқу құралын басшылыққа алдық.
Lesson study – дің басты мақсаты: Оқушыларға білім алуға көмектесу;
Топ мүшелерінің кәсіби дамуына ықпал ету.
Зерттеу сабағын жүргізу үшін:
– L.S. зерттеу тобын құрдық. Зерттеу тобында осы бағдарламаны игерген мұғалімдермен қоса, сынып жетекші және психолог мамандар болды.
– Зерттейтін сыныпты таңдауда, пән мұғалімдерімен бірлесе ақылдаса отырып, зерттеуге 5«А» сыныбын алдық. Себебі, ол сыныпта бастауыш сыныптан жоғарғы сыныпқа көшкенде әртүрлі мұғалімдерге бейімделуінде қиындықтар болды. Зерттелетін пәндерді мұғалімдердің ұсынысы бойынша
1. Қазақ тілі,
2. Жаратылыс тану,
3. Математика пәндері деп ұйғардық.
– Келесі қадам – осы сыныптағы проблеманы анықтау болды. Осы мақсатта осы сыныпқа сабақ беретін негізгі пән мұғалімдері сабақтағы проблемаларын Лессон Стади бұрышына жазып, бірнеше проблемалар анықталды. Одан кейін зерттеуші топтың отырысы болды. Бұл отырыста осы бірнеше проблемадан ортақ проблема шығарылды. Ортақ негізгі проблеманы: «Мәтінмен жұмыс істеу арқылы оқушылардың оқылым дағдысын қалыптастыру» – деп алдық.
– Зерттелетін пәндердің пән мұғалімдерімен, сынып жетекші және психолог мамандар бірігіп, бақыланатын оқушылырды анықтады. Мұнда А оқушысы – сабақты жақсы оқиды, бірақ өзіндегі ақпаратпен бөліспейді. В оқушысы – сабақта үлгерімі ортадан жоғары, мінезі тұйық, бірақ ұқыпты, белсенділік танытпайды, тек сұрағанда ғана жауап беретін оқушы. Ал С оқушысы – деңгейі төмен, сабаққа қызығушылығы жоқ, сылтау тауып сабақтан қалуға тырысып отыратын оқушы.
– Сынып жетекші мен психолог мамандардың көмегімен 5 «А» сынып оқушыларының оқылым дағдыларының деңгейін анықтайтын сауалнама құрастырылып, алынды.
Сауалнама қорытындысында:
Кітап оқисың ба? деген сұраққа 16 оқушының 9-ы ешқашан деп, мәтінді қанша рет оқығанда түсінесің? дегенде 10 оқушы 3 реттен көп деп, үй тапсырмасын орындауда 10 оқушы үлкендердің көмегіне сүйенетінін байқадық. Демек, оқушылардың мәтінді оқу дағдысының қалыптасуына ықпал ету керек екенін түсіндік.
– Оқушы үнін ескеру мақсатында олардан сұхбат алынды.
– Проблеманы шешу үшін «Оқушылардың оқылым дағдысын қалай қалыптастыруға болады?», «Ол үшін қалай жұмыс жасаймыз?», « Қандай әдіс-тәсілді қолданамыз?» – деген сұрақтар айналасында талқылау жасалынды. Осы талқылаудағы ұсыныстарды және оқушы үнін ескере отырып, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Т. Сәуле №1 зерттеу сабағының жоспарын жасап келді.
– Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Т. Сәуленің №1 зерттеу сабағының жоспарын талқыладық та, талқылау барысында тағы да ұсыныстар айтылды. Осы ұсыныстарды ескеріп, қайта жоспарладық. Біз бұнда оқылым дағдысын қалыптастыруды басты назарда ұстадық.
– Осы соңғы жоспар бойынша сабақ өтілді, оқушыларға бақылау жүргізілді.
– Зерттеу сабағының оқушыларға әсерін білу үшін, бақылаудағы оқушылардан сұхбат алынды.
– №1 зерттеу сабағыны талдау жүргізілді, бақылаудағы оқушылардың іс-әрекеті талданып, сабақтың сәтті, сәтсіз тұстарын анықтадық та, сәтсіз тұстары бойынша қайта жоспарлап, зерттелетін 2-ші пән бойынша №2 зерттеу сабағының жоспарын бірлесе құрдық. Әрине, мұнда «оқушы үнін» ескеріп отырдық. Ал оқушыларды бақылауда мұғалімдердің бақылау дағдысы қалыптасқанша бір оқушыны бақылайтын екі бақылаушы болды.
– Осы қадамдар бойынша №3 зерттеу сабағын да бірлесе жоспарлап, №2 зерттеу сабағының сәтсіз тұстарын ескеріп, қайта жоспарлап өткіздік.
№1 зерттеу сабағы қазақ тілі сабағында: Сабақтың тақырыбы: «Ғажайып планета» болды. Оқушыларға мәтін таратылды, тапсырма мәтінге тақырып қою және мәтіннің түсінігін өз сөзімен
жазып, «Ыстық орындық» әдісі арқылы оқу болды. Нәтижеде, А оқушысы – өз деңгейінде жауап берді, ал В оқушысы – түсінгенін жазғанымен, мәтінге тақырып қоя алмады. С оқушысы – өз ойын, түсінігін жаза алмады. Сабақтан кейін, бақылаудағы оқушыларлардың сұхбаттарынын «Ыстық орындық» әдісінде қобалжып, өз ойларын білдіре алмағанын байқадық, келесі сабақта оқушыларды орнында отырып жауап беретіндей әдіс таңдау қажеттігін білдік. Сөйтіп, «Интервью» әдісін қолдануды жоспарладық.
№2 зерттеу сабағына тоқталсақ, зерттеу сабағы жаратылыс тану пәні болды. Сабақтың тақырыбы: «Микроскоп» болды. Пән мұғалімі: С. Гүлнар әпкей. Ол кісі де осы ұсыныстарды ескеріп сабақ жоспарын жасап келді. Жоспарды зерттеу тобында тағы да талқылап, қайта жоспарлап, соңғы жоспар бойынша сабақты өткізілді. Оқушылар бақыланды. Жоспарлағанымыздай оқушылар орнында отырып жауап бергендіктен, оқушыларды қобалжу болмады. Бұл сабақта жаңа тақырып аз бөліктерден жұптарға бөлініп берілді. Жұптағы 1-ші оқушы мәтінді оқып, жұбына: «Сен қалай ойлайсың, мәтін не туралы айтып тұр?» немесе «Мәтінде нені әңгімелеп тұр? деген сияқты сұрақтар қойды. Ал 2-ші оқушы түсінгенін өз сөзімен айтты, ал 1-ші оқушы 2-шіге «Өте жақсы түсініпсің, жарайсың!», «Жақсы, бірақ, түсінгеніңді өз сөзіңмен айтып үйрен!» деген сияқты кері байланыстар берді. Сабақта оқушылар бірін-бірі тыңдап, қызығушылықпен жұмыс жасады. Бұл сабақта оқушыларда ой еркіндігі пайда болып, ойларын дұрыс тұжырымдар айтуға тырысты. Мәтінмен жұмыс жасағанда «Интервью» әдісінің тиімділігін байқадық. А оқушысы – жұбымен ынтымақтаса жұмыс жасаса, В оқушысында белсенділік пайда болып, қолын көтеріп сабаққа қызыға қатыса бастағанын байқадық. Сол сияқты С оқушысының да сабаққа қызығушылығы оянып, сабаққа қатыса бастағаны сабағымыздың сәтті жағы болса, сәтсіз тұстарына кей жұптардың (деңгейлері әртүрлі) деңгейі жоғары оқушы көшбасшылықты өз қолына алып кеткені, мәтіннің мазмұнын айтуда С оқушысы ойын жеткізе алмағанын айтуға болады. Осы сәтсіз жақтарын келесі сабақта қарастыру қажеттігін білдік.
№3 зерттеу сабағы математика пәні болды. Пән мұғалімі Т. Луиза. Сабақтың тақырыбы: «Ондық бөлшектерді көбейту». Бұл сабақта «Төңкерілген сабақ» әдісін қолдандық. Оқушылар 1-ші тапсырма орындады. Осы тапсырманың орындалуын мәтіннен оқыды. Тапсырманың 1-ші орындалуы мәтіннің мағынасын түсінуге үлкен көмегі болды. Нәтижесінде оқушылар ондық бөлшектерді көбейту ережесін өздері тұжырымдады. Сабақты бекіткенде, ондық бөлшектерді өмірде қолдануға арналған тапсырмалар беріліп, оқушылардың қызығушылығын арттырдық. А оқушысы – жұпта жұмыс жасап, өзіндегі ақпаратпен бөлісуді үйренді. В оқушысында белсенділік пайда болып, ойын қысылмай еркін айтуға үйренді. Ал С оқушысының сабаққа қызығушылығы оянды. Жалпы, осы үш сабақты қорытындыласақ, сабақтардан байқағанымыз оқушыға жай ғана мәтінді оқу тапсырмасын беріп қана қоймай, оқылым дағдысын қалыптастыратын әдістерді таңдай білу қажеттігін түсіндік. «Әр бала – жұлдыз» – демекші әр оқушыға өз деңгейінде білім қалыптастыру үшін бір циклмен шектелмей, келесі циклдарды ұйымдастыру қажеттігін түсіндік.
Сонымен, L.S. зерттеу сабағының тиімділігі:
Мұғалімдер арасында кәсіби диалогты қалыптастырып, дамытады.
Ұжымдық мәдениетті қалыптастырады.
Мұғалімдердің назарын оқушылардың білім қажеттіліктеріне аударады.
Бағдарламаны, ғылыми тұжырымдамаларды терең түсінуге көмектеседі.
Мұғалімдер кәсіби педагогикалық білімін дамытады.
Мұғалімдер сабақты бақылау және кері байланыс беру дағдыларын қалыптастырады.
Мұғалімдер білімның ғылыми мағынасына түсінеді және зерттеушілерге айналады.
Оқушының оқуы жақсарады.
Функционалдық сауаттылығы дамиды.
Қоғамға қажетті тұлға болып қалыптасады.
Біздің бұрынғы тәжірибемізде сабақ жоспарын бірігіп құру, сабақты бірігіп зерттеу, проблемаларды бірігіп шешу деген болмаған еді. Лессон Стади мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтерудің, білімін жетілдірудің, тәжірибе алмасудың оңтайлы әдісі екеніне көз жеткіздік. Оқушы
сабақты жақсы меңгеруі үшін бірнеше сабақ бойы түрлі әдістерді қолданып, бақылап, зерттеп, соңында тиімді әдісті анықтау арқылы жетістіккке жетуге болатынын түсіндік.
Лессон Стади оқушыға саналы білім беруді көздеген, бір мақсатқа жұмылған ұстаздар шеберханасы деп айтсақ, артық айтпаған болар едік.
К. Ушинский: «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз жетілдіріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда, оның мұғалімдігі де жойылады» дегендей ізденісімізді тоқтатпайық. Осы жолда, алла сіздерге күш-қуат берсін!
Достарыңызбен бөлісу: |