Этнолингвистика – «этностаным» мен «тілтаным» ғылымдарының тоғысуы нәтижесіндегі тіл білімінің жаңа саласы



бет1/3
Дата05.02.2023
өлшемі31,41 Kb.
#65231
  1   2   3

Этнолингвистика – «этностаным» мен «тілтаным» ғылымдарының тоғысуы нәтижесіндегі тіл білімінің жаңа саласы
Жоспар:
1. Этнолингвистика-тіл білімінің жаңа саласы
2. Этнолингвистиканың зерттелу тарихы
3. Қазақ этнолингвистикасы
Тіл білімі соңғы кезеңдерде жаңа салалармен толығып отырды: әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, когнитивті лингвистика, нейролингвистика, т.б. Осы қатарда жаңадан дамып келе жатқан сала ретінде этнолингвистика саласы да бар. Аталған салалар тіл білімінің жан-жақты қарастырылып, іштей жіктеліп, зерттелу нәтижесінде пайда болған.
Этнолингвистика – «этностаным» мен «тілтаным» ғылымдарының тоғысуы нәтижесінде олардың ортақ проблемаларын шешу мақсатында туындаған тіл білімінің жаңа саласы. Ол этностың болмысын танып білу үшін басқа емес, тілді негізге алады. Этностың балаң кезінен өскенге дейінгі уақыт аралығында дамуын, тарихын, тұрмыс-салтын, тіршілігін, әдет-ғұрпын, ең алдымен, оның негізгі «ұлттық коды» - тілі арқылы білуге болады. Сондықтан белгілі бір этностың жай-күйімен танысу үшін оның тіліне үңілу жетіп жатыр. Тіл – тұнып тұрған тарих. Бастан кешкен барлық құбылыс тілде сақталады. «Тіл – халықтың жаны» деп бекер айтылмаса керек-ті. Осы себептен де «этнолингвистика» саласының маңызы зор.
Этнолингвистика халықтың этногенезін тұрмыс-салты мен әдеп- ғұрпын, мекен-жайын, басқа халықтармен тарихи-мәдени байланысын, күнделікті тұрмысын, материалдық және рухани мәдениетін зерттейді. Халықтың тарихы мен мәдениетін тілмен байланыстыра зерттеу өткен ғасырдың 20-70 жылдар аралығынан басталды. Аталған салада қалыптасқан екі бағыт бар. Оның бірі Америкада дамыса, екіншісі Германияда бастау алды. Этнолингвистикаға қатысты жарық көрген алғашқы еңбектер қатарына Эдуар Сепирдің 1921 жылы шыққан «Тіл», 1929 жылы шыққан «Лингвистиканың жайы», Б.Уорфтың «Тіл, ойлау және шындық» (1959) жинақтарын жатқызуға болады. Э.Сепир көптеген үнді тайпаларының тілдерін зерттесе, неміс лингвисі Л.Вайсгербер «Неміс тілінің күші» туралы төрт томдық еңбек жазды. Америка мектебі тіл мен мәдениет арасындағы байланысты негіз етіп алса, Германия мектебі тіл мен халықты алдыңғы орынға қойды. Яғни, тіл құрылымын, оның міндеттерін, қоғамдағы даму рөлін асыра сөз етеді. Тіл адам санасы мен объективтік шындық арасындағы бірыңғай қатынас тізбегіне ене отыра, өзі сол санадан, объективтік шындықтан туған туынды болып табылады деген көзқарасты ұстанады.
Этнолингвистикалық ізденістерді мазмұны жағынан қарастырсақ, зерттелуі тілдердің туыстық қатынасын анықтау идеясынан туындаған деп көрсетеді ғалымдар. Демек, оның зерттеу нысаны әуел бастан-ақ тілдердің туыстығы, тарихы, ішкі мазмұны, тілдік таным мәселелері екенін аңғаруға болады. Бұл жөнінде алғашқылардың бірі болып пікір айтқан Э.Сепир өзгеше ұлттық феноменді түсіндіруде оның уәжінің тарихын ашуға тырысады, сол арқылы мәдениетті танытудың жолы – тіл, тіл мәдениетсіз өмір сүре алмайды деген түйінге келеді [1, 185].
Э. Сепирдің бұл тұжырымы И.Г. Гердердің дүниені танудың құралы – тіл, оның ішкі мазмұны идеясымен үндестік табады деген ұстанымымен сәйкес келеді. И.Г. Гердердің философиялық ұстанымының өзегі – халықтың өмір сүруіндегі тарихи кезеңдерінің ерекшелігін, олардың дүниетаным әрекеті арқылы жасаған құндылықтарын мойындау болып табылады. И.Г. Гердердің түсіндіруінше, жеке ұлт – адамзаттың өзіндік ерекшелікке ие бір бөлігі, ал ұлттық мәдениет – адамзат мәдениетінің сол өзіндік ерекшеліктерін танытатын формасы [2, 123].
И.Г.Гердер ұстанған теорияны дамытушы В. Гумбольдтың пайымдауынша «тіл – адам мен қоршаған ортаны жалғастырушы буын, тілге «халықтық рух» пен мәдениеттің белгісі – ішкі форма тән», бұл қағида оның философиялық лингвистикалық бағдарламасының негізін құрайды. Осыдан халық тілін зерттеу халықтың рухын, табиғатын, болмысын танып білу құралы тіл екені ғылымда маңызды бола бастайды.
Уорф, оның алдындағы Боас пен Сапир тұжырымдамалары лингвистикалық және мәдени релятивизмді абсолюттендірмеді. Керісінше, олар этнолингвистика үшін әртүрлі тілдердегі және мәдениеттердегі әлем суреттерінің ұқсастықтарын емес, айырмашылықтарын зерттеуді - адамның тілдік және психикалық мүмкіндіктерінің ортақ биологиялық және психологиялық негіздерін мойындауды басты міндет деп санады.
Этнолингвистика -этнографиямен тоғысқан тіл білімінің саласы. Ол тілдің мәдениетпен және өзіндік санамен байланысы мен әрекеттесуін зерттейді, халықтың әдет-ғұрыптар мен түсініктері арқылы қалыптасады. Шетелдік ғылымда этнолингвистиканың екі тәуелсіз бағыты пайда болғаны айтылды. Біреуі немістің идеяларын дамытатын неогумбольдтизм. Тіл мен мәдениеттің байланысы туралы ойды алғаш айтқан филолог В.Гумбольдт болатын. Заманауи шығармаларда Нео-Гумбольдтықтардың жетекшілері идеалистік көзқарасты ұстанады. Тілдің өзінде белгілі бір дүниетаным бар және оны сол тілде сөйлейтіндердің барлығына қатысты деген идеяны ұстанады. Екіншісі – американдық Э. Сепир, Б. Уорф, олар мәдениетке қатысты тілге жетекші рөлді берумен сипатталады. Қазіргі заманғы лингвистер тапсырмасы салыстырмалы генетикалық этнолингвистиканың дамуын қамтиды. Тілдердегі халықтардың жақындығы, олардың өзара ықпал ету дәрежесі, олардың алшақтық дәрежесі мен мүмкін болатын уақыты (лексикостатистика әдістері, глоттохронология және т.б.).
Бастапқыда Сепирдің зерттеу аясына семантика мәселелері кірді. Ф.Боас грамматикалық категориялардың семантикасын (1915), Э.Сепир - ноотка тіліндегі сөйлеудің анормальды түрлерін (вакаш тілдеріне жатады; 1915), дыбыстық символизмді (1929), концептуалды өрістерді зерттеді. 1920 – 1930 жылдары Боас шәкірттерінің екінші буынының шығармалары пайда болды: Х.Хойер (апачи тілдері, тонкава тілдері), Дж.Л.Трейжер (үнділік даос) т.б. Осы кезеңде дамыған сипаттамалық тіл білімі семантиканы тіл білімі шеңберінен шығарып тастады. Америкалық ғалымдардың еңбектерінде «этнолингвистика» терминінің орнына көбіне «антрополингвистика», «этносемантика» атаулары қолданылады. Осы бағытта зерттеулер жүргізген Ресей этнолингвистикасының өкілдері Н.И.Толстой, В.В.Иванов, В.Н.Топоров т.б. бар. Олар тілдің тарихы арқылы этнолингвистикалық атластар жасап, тілдегі және халық мәдениетіндегі аумақтық және әлеуметтік диалектілерді зерттеген.
Этностың басынан кешкен сан ғасырлық тарихы қазіргі күнге тасқа қашалған жазулар, ескерткіштер не жәдігерлер арқылы жетуі мүмкін. Алайда олар этнос өмірінің бір бөлігі ғана болып қалмақ. Десе де этностың рухани өмірі, оның дүниетанымы, даналығы тілінде ғана сақталады. Әр дәуірде пайдаланған құрал-сайман, қару-жарақтың, киім мен ішер тамақтың, тұрмыстық заттар мен салт-санаға, әдет-ғұрып, наным-сенімге, ойын-күлкі, той-домалаққа байланысты ұғымдардың аты-жөні, сыр-сипаты тілдік факторлар ретінде, яғни сөздер мен сөз тіркестері, мақал-мәтелдер мен фразеологизмдер арқылы бізге жетеді.
Қазақ этнолингвистикасы қазірде қарқынмен дамып келе жатқан, өзіндік ерешеліктері айқындалған, болашағы зор қазақ тіл білімінің жеке де дербес саласы. Бұл белгілі профессор М.М.Копыленконың «Этнолингвистикасының негіздері» деп аталатын еңбегінде айқын көрсетіліп отыр. Зерттеу еңбекте проффесор М.М. Копыленко: «Этностың тұрмыс-тіршілігі, қазіргі болмысы мен тарихы, оның материалдық жəне рухани мəдениетінің тілдік көріністері айқындалады жəне жете зерттеледі», – деп анықтайды.
Қазақ этнолингвистикасының дамуына ерекше үлес қосқан академиктер қатарында Ә.Қайдар да бар. Оның пікірінше «адамзат қауымының этностық деңгейдегі балаң, бастау тұсындағы тек-тамырын, мекен-жайын, өмір тәжірибесін, салт-санасын, кәсібін жеке этностық топтардың алғашқы анайылық қалпындағы дүниетанымын, мифтік танымын, киімін, ішкен тамағын т.б. яғни мәдениетін тілі арқылы зерттейтін тіл білімінің саласы»[3]. Берілген анықтама бойынша халқымыздың материалдық, өндірістік деңгейі мен рухани өрісін бейнелейтін ана тіліміздің ұшан-теңіз байлығын, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып беріліп келе жатқан асыл қазынасын барынша толық жиып көрсетіп, қыр-сырын анықтау – этнолингвистиканың міндеті. Академик Ә.Қайдар этнолингвистика атауының құрамындағы «этно» және «лингвистика» компоненттерін былайша жіктейді: «этно» компонентінің мәнін «этнография» ұғымымен шектемей, одан кеңірек қарайды: «Өткен бір дәуірлерде дүниеге келіп, белгілі бір географиялық ортада қалыптасқан, шұғылданған тіршілік-тірлігі бірыңғай, мінез-құлқы ұқсас, діні де, тілі де бір, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ортақ, өзінің ортақ тегін, туыстығын, тұтастығын сезіне білетін, сатылап даму барысында аналық, аталық, рулық, тайпалық, ұлыстық және халықтық дәуірлерді басынан кешіріп, бүгінде дербес ел болып отырған адамдар қауымы»[3]. Жалпы тіл біліміндегі этнолингвистиканың даму барысына шолу жасап, оның жеке сала ретіндегі негіздерін анықтауға арналған еңбегінде проф. М.М. Копыленко қазақ тіл біліміндегі академик Ә.Қайдар бастаған этнолингвитикалық мектепті «қазіргі этнолингвитикадағы жаңа бағыт» деп бағалап, оның негізгі ерекшелігін «этносты тіл айнасында анықтау» деп атап көрсетеді. Байқап отырғанымыздай, аталмыш зерттеу саласында негізгі салмақ лингвистикаға жүктеледі. Оның себебі мен мәнін нақты түсіну үшін академик Ә.Қайдардың төмендегі пікірін келтірейік: «Этностың басып өткен сан ғасырлық даму жолы, оның белгі-бейнелері біздерге тас мүсіндер мен жартастарға қашалған сына жазулар арқылы, мәдени ескерткіштер мен әртүрлі ғимараттар түрінде жетуі мүмкін. Бірақ бұлардың бәрі этнос өмірінің мың да бір елесі ғана. Оның шын мәнісіндегі даналығы мен дүниетанымы тек тілінде ғана сақталады. Әрбір дәуірде өмірге қажет болған құрал-сайманның, қару- жарақтың, киер киім мен ішер тамақтың, тұрмыстық заттар мен салт-санаға, әдет-ғұрып, наным-сенімге, ойын-күлкі, той-томалаққа байланысты ұғымдардың аты-жөні, сыр-сипаты т.б. тек тіл фактілері ретінде ғана, яғни жеке сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтел арқылы ғана бізге жетуі мүмкін»[3].
Академик «этнос» терминін «этнос болмысы» ұғымымен, ал «тіл» дегенді «тіл әлемі» терминдерімен атауды ұсынады. Ол мұнда этнолингвистикалық зерттеулер этностың жеке мәселелері емес, оның тұтас бейнесін, барша болмысын анықтайды, ал осы этнос туралы толық мағлұмат оның тіл қазынасында сақталады деген ойды тілге тиек етеді. «Этнос болмысы – этностың ұлттық бейнесі, тарихи тұлғасы және ол туралы реальді шындық»[3]. «Этнос болмысы» - этностың сонау балаң кезінен бүгінгі есейген шағына дейінгі кешірген өмір тіршілігінің айнасы, оның тілі арқылы қалыптасып, жадында сақталып, ұрпақтан нәсілге мирас болып ауысып келе жатқан бай рухани-мәдени қазынасы»[3].
Е.Жанпейісов бұл жөнінде: «Тіл – этностың ең тұрақты, ең бір басы ашық негізгі көрсеткіші», - дейді[5, 3], ал өзгеруге бейім территориялық бірлік, экономикалық-шаруашылық және мәдениет тұтастығы т.б. этностың қосалқы белгілеріне жатады деп есептейді, сол себепті этнолингвистика тіл тағдыры мен этнос тағдырына қатысты зерделеулерді сабақтастыра, байланыстыра, үйлестіре жүргізуді талап етеді. Этнолингвистика – зерттеу аясы үлкен ғылым, Ә.Қайдар оны екі бөлек ғылым салаларымен байланыстыра қарастырады. Әуелгісі мәдениеттану, этнография, этнология, өлкетану, фольклористика, мифология, астрология, дінтану т.б. сияқты қоғамдық пәндер саласы болса, одан кейін этимология, диалектология, ономастика, фразеология, паремиология, терминология, лексикография тәрізді лингвистикалық пәндерді атап көрсетеді.
Этнолингвистиканың зерттеу арналары ретінде:
1. Баламалар;
2. Тұрақты теңеулер;
3. Фразеологизмдер;
4. Мақал-мəтелдер;
5. Жұмбақтар;
6. Халық ауыз əдебиет үлгілерін жатқызуға болады.
Тіл білімінде бұларды этнолингвизмдер деп атайды.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет