І бөлім. Мектеп жасына дейінгі бала тілін дамыту әдістемесі



бет1/61
Дата10.05.2022
өлшемі155,4 Kb.
#33849
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   61
Байланысты:
тіл дамыту лекция


І БӨЛІМ.  МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛА ТІЛІН   ДАМЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ

 

1.1. Тіл дамыту әдістемесі пәні және курс  міндеттері.

         Мақсаты: Тіл дамыту әдістемесі курсының мазмұны мен міндеттерін таныстыру, теориялық түсініктерін  тереңдету, тіл дамыту әдістемесінің басқа ғылым салаларымен байланысын айқындап, ғылым жүйесіндегі орнын нақтылай білуге үйрету, ғылыми-зерттеу әдістерін   меңгерту.

Жоспар


  1. Тіл дамыту әдістемесінің методологиялық негізі.

  2. Тіл дамыту әдістемесінің мазмұны мен міндеттері.

  3. Тіл дамыту әдістемесінің басқа ғылымдармен байланысы.

  4. Тіл дамыту әдістемесінің ғылыми-зерттеу әдістері.

Мазмұны. 1. Шолу дәріс.  Бүгінде Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл құқығына ие болуы, “Білім беру Заңының”, “Орта білімді дамыту тұжырымдамасы”, “Үздіксіз тәрбиенің тұжырымдамасының” қабылдауы ұрпақ тәрбиесіне жаңаша көзқараспен қарауды талап етеді. Қазақстан Республикасының орта білімді дамыту тұжырымдамасының жобасында: “Білім берудің мектепке дейінгі сатысы дайындық кезең ретінде орта білім алудың үздіксіз жүйесіне кіреді. Мектепке дейінгі сатыда тәрбие жұмысының негізгі мақсаты қоғамда оқи және өмір сүре білетін баланың жалпы дамуы болып табылады. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемелерінің әр типтілігіне қарамастан ортақ негізгі функциялары бар”, — деп атап көрсете отырып, оларды:

  • баланың физикалық психикалық саулығын қорғау;

—   баланың ақыл-ойын және тұлғасының дамуын қамтамасыз ету деп бөледі.

Бұл сана сезімі ұлттық психология негізінде қалыптасқан, дені сау, білімге деген қызығушылығы жоғары, өздігінен іс-әрекет жасау дағдыларын менгерген тұлға даярлап шығару мектепке дейінгі мекеменің міндеті екенін білдіреді. Осы міндет балабақшаларда жүргізілетін тәрбие жұмыстары негізінде жүзеге асырылады. Баланы мектепке даярлауда олардың байланыстырып сөйлеу, сөздік қорын байыту, түсіндіре білу шеберлігіне көп көңіл бөлінеді.

Ал “Үздіксіз тәрбиенің тұжырымдамасының жобасында”, “Мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиенің мазмұны, түрлері” атты Ү тарауда: “Балабақшадағы тәрбиенің арқауы – ана тілі ” деп айрықша көрсеткен. Ана тілі – баланың ойлау қабілетін жетілдіріп, өзіндік іс-әрекетін дамыту, тәлімдік қарым-қатынас ұйымдастыру, эстетикалық сезімін қалыптастыру міндеттерін жүзеге асырудың ең басты құралы делінген.

Соңғы жылдары жарыққа шығып құжаттардың қай-қайсысында болмасын балабақшада берілетін тәрбиелеу мен білім беру ана тілі арқылы танылып, анық сөйлеу тілі арқылы жүзеге асады.

Тіл дамыту әдістемесі мектеп жасына дейінгі бала тілін қалыптастыруға бағытталған педагогикалық қызметтің заңдылықтарын зерттейтін ғылыми пән.

Әдістеменің басты міндеті ғылыми педагогикалық негізде бала тілін дамытудың тиімді әдістері мен тәсілдерін таңдай білу. Сондай-ақ бұл курстың тағы бір міндеті балалардың ауызша сөйлеу тілін өзінің жолдастарымен, үлкендермен сөйлесе білу дағдыларын қалыптастыру.

Тіл дамыту әдістемесі де басқа ғылымдар секілді қоғамдық ғылымдарға жатады. Адамның қоғамда өмір сүруі қанша қажет болса, олардың бірінің бірімен қарым-қатынас жасауы, пікір алысуы, түсінісуі соншалықты қажет болып табылады. Адамдардың бір-бірімен пікір алысу құралы болмаса, табиғаттың жасырын сырын ашып оны меңгеруден күресі, тұрмысқа қажетті материалдық игіліктерді өндірудегі іс-әрекеті де жолға қойылмаған болар еді. Сондықтан да тіл түсінісудің, алысудың құралы бола отырып, қоғамның барлық мүшелеріне түсінікті болуы керек. Яғни қоғамнан тыс тіл болмайды. Тіл сонымен қатар оймен тікелей байланысты. Адамның ойы қоғамның, өмірдегі адамдарды қоршаған айналадағы заттардың, құбылыстардың адам санасындағы көрінісі, сәулесі болып саналады. Яғни сол заттар, құбылыстар туралы адам санасында пайда болған ой тіл арқылы сыртқа шығады. Адам өз өмірінде таныған, түсінген, білген, сезген, терген нәрселерін тіл арқылы баяндайды. Сол себепті де “Тіл дегеніміз – ойдың тікелей шыңдығы”. Бала туғаннан-ақ дайын тілді пайдаланады. Сондықтан да: Ы.Алтынсарин “Өмірге қажетті ауызекі сөйлеу дағдыларына жаттықпайынша қай тілде болса да еркін сөйлеу мүмкін емес” – деп көрсетеді. Сондықтанда “Білім беру Заңының” 5 бабына сәйкес балабақшада тәрбиеленушілердің тіліміздегі сөздердің айтылу нормаларын дұрыс меңгерулеріне, өз ойын жүйелі түрде байланыстырып айта білуіне тіліміздегі дыбыстарды қатесіз, анық меңгеру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Бақшада бала әрбір тіл дамыту оқу іс-әрекетінде үйренген жаңа сөздердің мағынасын толық түсінетіндей, ол сөздерді тәуелдеп, жіктеп, септеп айта білетіндей қарама-қарсы мағыналы, мағыналас, теңеу сөздер арқылы түсіндіретіндей дәрежеде жеткізілуі қажет. Бұл аталған бағдарламалық  талаптар балабақшада әр топта өткізілетін тіл дамытудан ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті мен  одан тыс кездегі ойын, еңбек жұмыстары арқылы іске асырылады. Тіл дамыту оқу іс-әрекеттерінде тәрбиешінің тағы бір ескеретін жағдайы әр топтағы балалардың өздерінің жас ерекшеліктеріне сай сөздік қорларын молайту болып табылады.

Ал баланың сөздік қорының дамуы оның қоршаған ортадан алған әсерімен тығыз байланысты. Олай болса, баланың тілін дамытуда адамдардың еңбек процесін, табиғат құбылыстарын бақылату және белгілі бір объектілерде топсаяхатқа апаруда басты роль атқарады.



Тіл дамыту әдістемесінің басқа ғылымдармен байланысы

Тіл дамыту әдістемесі қазақ тілімен тығыз байланысты мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорын дамыту қазақ тілінің лексика тарауының ережелеріне сүйенеді. Сонымен қатар балабақшада мектепке барғанға дейін бала ана тіліміздің барлық грамматикалық формаларын мысал түрінде меңгеріп баруы қажет. Сондықтан тіл дамыту әдістемесі қазақ тілінің грамматика тарауыменен тығыз байланыста дамиды.

Мектеп жасына дейінгі балалардың жай және құрмалас сөйлемдердің түрлерін толық ажырата алатындай дәрежеге жеткізілуі қажет. Бала бұл сөйлемдерді мысал түрінде меңгергенмен тәрбиеші құрмалас, жай сөйлемдердің қолданылу ерекшеліктерін, ережелерін өзі толық меңгеруі тиіс. олай болса тіл дамыту әдістемесі қазақ тілінің синтаксис саласында да сүйенеді. Бақшада бала тілінің дыбыстық мәдениетін қалыптастыру, тіліміздегі дыбыстарды толық айтуға үйрету, жеке сөздерді буындарға бөліп үйрету жұмыстары да тіл дамыту сабақтарының басты бөлігі болып саналады. Олай болса тіл дамыту әдістемесі қазақ тілінің фонетика тарауының ережелерімен тығыз байланысты. Әрбір топты балаларға сөздердің дұрыс айтылуын меңгерту тәрбиеші алдына қойылатын басты міндеттердің бірі. Олай болса тіл дамыту әдістемесі қазақ тілінің орфоэпия тарауының заңдылықтарына да сүйенеді.

Тіл дамыту әдістемесі психологиямен тығыз  байланыста дамиды. Психология – психикалық құбылыстарды атап айтқанда түйсік пен қабылдау, елес пен ой, сезім мен тілек, бейімділік пен қабілет, ерік сапалары мен мінез белгілерін зерттейді. Осы аталған психикалық құбылыстардың, мысалы түйсік пен қабылдаудың, елес пен ойдың сөйлеу процесіне тікелей қатысы бар. Сөйлеу арқылы қарым-қатынас жасау, пікір алысу, басқаның сөзін ұғыну психологияның жәрдемін керек етеді. Өйткені тілдік жүйе адамның санасында сақталады. Заттың біздің санамызда сақталған атауымен байланысты психологияның байланысты болып табылады. Адам ауызекі тіл арқылы қарым-қатынас жасағанда да немесе жазба тіл арқылы қатынас жасағанда да белгілі бір мазмұнды білдіріп қана қоймайды. Сонымен бірге сол мазмұнға өзінің қатынасын да білдіреді. Сонда тіл ойды білдірудің құралы ғана емес, көңіл-күйді білдіретін де құралы болып есептелінеді. Сондықтан мектеп жасына дейінгі бала тілін дамыту оның санасына, сезіміне, еркіне, есте сақтауына, қабылдауына байланысты жүргізіледі. Яғни тіл дамыту әдістемесі психологиямен тығыз бірлікте жүргізгенде ғана мектеп жасына дейінгі бала тілінің дұрыс жетілуіне ықпал етеді.

Тіл дамыту әдістемесі адам анатомиясы және физиологиямен тығыз байланысты. Сөйлеу әдетте тіл дыбыстарынсыз және олардың айтылу, қабылдау процестерінен тыс болуы мүмкін емес. Ал процестерді сөйлеу аппаратында тіл дыбыстарының жасалу жағынан да сөйлеген сөздерді, есту мүшелері арқылы қабылдау жағынан да анатомиямен физиология зерттейді.

Тіл дамыту әдістемесі мектепте дейінгі педагогикамен тығыз байланысты. Мектепке дейінгі  педагогика мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу, білім беру, дамыту туралы және оның негізгі заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Тіл дамытудан ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде балаларда үйретілетін көркем шығармалардың әрқайсысының тәрбиелік мәні бар. Сол көркем туындылар арқылы берілетін тәрбие мектепке дейінгі педагогика қамтитын тәрбиенің түрлеріне байланысты болады. Олай болса тіл дамыту әдістемесі бала тілін дамытуда педагогиканың негізгі заңдылықтарын ескереді.

Тіл дамыту әдістемесі мектепке дейінгі педагогика тарихымен тығыз бірлікте дамиды. Өйткені педагогикада бір күнде пайда болған ғылым емес, оның да өзіндік даму тарихы бар. Сол педагогиканың әр кезеңдегі оқыту, тәрбиелеу әдістерінің ішінен мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуға әсер ететіндерін таңдап алып, оқу іс-әрекетінде пайдалану тәрбиешіден үлкен шеберлікті қажет етеді.

Тіл дамыту әдістемесі көркем әдебиетпен тығыз бірлікте дамиды. Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуда қолданылатын әдіс-тәсілдердің барлығы көркем әдебиет мысалдары арқылы жүргізіледі. Яғни тәрбиеші қай топта болмасын тіл дамытудан ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін өткізгенде негізгі құрал ретінде сабақ мазмұнына сай ертегілерді, әңгімелерді, мақал-мәтелдерді, жаңылтпаштарды, жұмбақтарды, тақпақтарды кеңінен пайдаланылды.

Тіл дамыту әдістемесі бастауыш сыныпта ана тілін оқыту әдістемесі мен бірлікте дамиды. Өйткені балабақшада сөздік қоры дамыған, байланыстырып сөйлеуге үйренген, дағдыланған, грамматикалық формаларды мысал түрінде меңгерген әріптерменен буындарды ажыратуға үйренген бала мектепке келгеннен кейін сол алған түсініктерін ережелер арқылы толықтырып әрі қарай кеңейтеді. Сондықтан бастауыш сыныпта ана тілін оқыту әдістемесі балабақшадағы тіл дамыту әдістемесінің жалғасы болуы қажет.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   61




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет