Жанрлар жүйесі, жанрлар теориясы (французша jenre – тек, түр) – әдебиет теориясы мен тарихының болмысы күрделі өзекті мәселесі. Жанр - бір жағынан, көремөнердегі, әдебиет пен фольклордағы әмбебап, көпқырлы, жалпы категория, екінші жағынан, ол - нақты категория. Көпқырлы болатыны онда әртүрлі әдістер мен тәсілдер жинақталады.
Әдебиеттану ғылымының тарихында жанр терминін анықтауда шартты пікірлер көп. Осы пікірлерді жинақтасақ, негізінен жанр екі тұрғыда: тек және түр мағыналарында қолданылады. «Әдеби тек» мағынасында жанр – кең мәнді құбылыс. Өмір шындығын бейнелеу тәсілінің ерекшелігіне байланысты әдебиет үш текке бөлінеді: эпос, лирика, драма. Әр әдеби тек бірнеше жанрлық түрлерді қамтиды. Осы мағынасында жанр ұғымы белгілі бір әдеби шығармалардың түрлерін - әңгіме, комедия, ода, роман, баллада т.б. көрсетіп, нақты қолданылады.
бар көркем шығармалар түрлерінің жүйесі. Бір түрге жататын шығармаларға ортақ белгілер болады. Мысалы, бір шығарманы роман десек, одан осы жанрдың табиғатымен жақындастыратын тұрақты қасиеттерді: сюжеттік, композициялық, көркемдік бейнелеу тәсілдерін іздейміз. Әдебиеттің әр тегі бір-бірінен кешенді белгілердің жүйесі арқылы: образ жасау ерекшелігі, кеңістіктік пен уақытты, адамның ішкі өмірін суреттеу, баяндаушы мен автор тұлғасының қатынасы тұрғысынан ерекшеленеді.Жанр - әдебиетте нақтылы бір дәуірде қалыптасқан, ортақ типологиялық т.б. белгілері
Жанр – мазмұндық мәні тарихи тұрғыдан өзгеріске ұшырап отыратын категория. Жанрлар генезисін (қалыптасу үрдісін) жанрлар жүйесі дамуының ішкі заңдылықтарымен ғана түсіндіре алмаймыз. 1920 жылдары жанр мәселелері бойынша орыс ғалымдары Ю.Н.Тынянов пен М.М.Бахтиннің айтысында үлкен мән бар. Ю.Тынянов тарихи дәуірлер алмасқанда барлық жанрлар жүйесінің де ауысатынын, жазушылар шығармашылығындағы жанрлық құрылымдардың даралық қасиетін жазды. Ал М.М.Бахтиннің пікірінше, әдебиет тарихы – жанрлар тарихы. Ол жанрдың тұрақты қасиетін баса айтады.
Орыс әдебиеттануында жанр мен көркемдік әдістің өзара терең байланысын айқындау басты жаңалықтардың бірі болды. «Жанр - әрқашан өзі, әрі өзі емес, әрқашан көне, әрі жаңа, жанр әдебиет дамуының әрбір жаңа кезеңінде, әрбір жаңа шығарма тұсында қайта туындап жасарады» – дейді М.М.Бахтин. Демек, әдеби үдерістің даму бағыттары жанрлардың өзгеріске түсуімен де байланысты. Жанрлардың табиғатын теориялық тұрғыдан айқындау - қазақ әдебиеттану ғылымында да күн тәртібінен түспей келе жатқан күрделі мәселелердің бірі.Көркемдік ойлаудың қай түрі болса да, жанрлық сипатқа ие. Жанр - өнердегі шарттылық принципін жүзеге асырудың тәсілі. Жанрлық даму – тірі процесс. Көркем шығармашылық жанрларға бөлінбей тұрған көне дәуірде әдеби туындыға тән сипат ежелгі дәуірдегі синкретизм болған. Синкретизм тұтастай ежелгі мәдениетті қамтиды. Синкретизмде барлық өнер түрлері: ән де, өлең де, би де аралас түсіп жатты. Ол, А.Н.Веселовскийдің пікірінше, дифференциялық, рефлексивті ойлау жүйесімен күрделенбеген, әлемге тұтасынан қарайтын архаикалық санаға тән. Ғылымның дамуы архаикалық сананың қазіргі санадан фундаменталды айырмашылығы оның бөлінбеген, жік-жікке айырылмаған, тұтас табиғатында, синкретизмінде екенін дәлелдеп отыр. Әдебиет бізді сананың жаңа деңгейіне көтеріп отырады, сондықтан синкретизм оның тарихи бастауы ғана емес, әр кезде жаңаша бейнеленіп отыратын, белгілі бір архетиптік сапасы да болып табылады. Өнердің кейінгі көркемдік ұстанымдары мен формалары қандай деңгейде болса да, алғашқы бастаумен сабақтас қаралады – сонымен салыстырылады, оған қарсы қойылады, оған түрлі бейнеде қайтадан оралып отырады. Синкретизм – «көркемдіктің барлық түрлеріндегі эстетикалық нысанның генетикалық коды, бөлінбеген, жіктелмеген тұтастық». Синкретизм феноменінің тарихи поэтика ашқан тарихтан тыс мәні осында [1, 19].
Жанрлар теориясында баяндаушының маңызы зор. Эпика жанрында баяндаушының өзін алыс ұстап, оқиғаларды бейтарап, салқынқандылықпен, мейлінше объективтілікпен баяндау тәсілі кеңірек тараған. Мысалы, Гомердің «Иллиадасы» мен «Одиссеясынан» бергі кезеңдегі шығармалардағы баяндау үлгісі, орыс әдебиетіндегі –Л.Толстой, Ф.Достоевский, И.Тургенев, А.Чехов шығармалары, қазақ әдебиетінде – М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ә.Нұрпейісов т.б қаламгерлер романдары. Сонымен қатар субъективті баяндау, яғни баяндаушының бір кейіпкерінің ойы мен әсеріне еніп, дүниеге соның көзімен қарауы да кездеседі. Мысалы, Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романында Бекболаттың, Мұқаштың өздеріне мінездеме беріп, оқиғаны өз көзқарастары тұрғысынан баяндауға тырысуы. 1970-90 жж. қазақ прозасында Д.Исабековтің «Гауһар тас» повесінде жеңгесі жайлы оқиға қайнысы Қайыркеннің көзімен әңгімеленеді. О.Бөкеевтің «Қайдасың, қасқа құлыным», С.Санбаевтың «Көп-ажал» повестеріндегі баяндаушылар осы санатта.
Жанр үнемі дамып, түлеп отырады. Әр жанр әдеби түр ретінде туып, даму барысында өз басынан өзгерістерді кешіреді: пайда болады, дамиды, кейде жоғалады. Ю.Н.Тынянов «дайын жанрлардың» болмайтынын, олардың әрқайсысы дәуірден дәуірге ауысу барысында маңызды мәнге ие болып, негізгі назарға іліксе, кейде, керісінше, кейінге қарай ысырылады, басқасына орын береді немесе тіпті мүлде жоғалып кетуі мүмкін екенін жазады [2, 27].
Жанр ұғымының мазмұны әдеби процесс барысында ұдайы өзгеріске түсіп, күрделеніп отыр, мұның өзі жанр туралы ғылыми түсініктердің әлі де бір ізге түсе қоймағанын көрсетеді. Классицизм тұсында жанрларды жіктеу айқын болса, модернистік әдебиет тұсында Батыс Еуропада кейбір жанрлардың құлдырауына байланысты жанрлық жіктеуді жоққа шығаратын көзқарастар да кездесті. Кез келген жанрдың өзінің өрістеу, өркендеу, құлдырау кезеңдері бар. Кейбір жанрлар белгілі бір тарихи дәуірлерде өркендеп, дамыса, кейбірі жоғалып отырды. Мысалы, классицизм тұсында – ода, трагедия, комедия, романтизм дәуірінде – драма, лирикалық поэзия, новелла, роман жанрлары қарқын алды. ХІХ ғасырға дейінгі қазақ әдебиетінде поэзия жанрлары басымдық танытса, ХХ ғасыр басында роман жанры туды. Кейбір жанрлар дәуірге сәйкес түрін өзгертіп, жаңа сипат алып отырды. Мысалы, ХХ ғасыр басындағы қазақ романында фольклордың әсері айқын болса, ХХІ ғасырда роман сюжеттік, композициялық тұрғыда күрделеніп, трансформацияға ұшырады. Соның нәтижесінде, роман-эссе, роман-миф т.б. пайда болды.