Жақсылар түскен үй Жарқын бейнеңіз-жадымызда



Дата23.03.2023
өлшемі18,65 Kb.
#75789
Байланысты:
Шәмші Қалдаяқ мақала


Жақсылар түскен үй
Жарқын бейнеңіз-жадымызда
1986 жылдың тамылжыған тамыз айы болатын.Теріскей жеріне табан тіреген Шәмші аға сол сапарында киелі Құмкент ауылына да ат басын бұрған еді.Сол кездегі Құмкент ауылы кәсіподақ ұйымының төрағасы,жолдасым Алиакбар Қашқынбеков үйге ерекше көңіл-күймен кіріп келіп:
-Тез дастархан мәзіріне кіріс,біздің үйге бір тамаша мейман келетін болды.Қасында,әрине,нөкерлері бар.Енді барынша тездету керек,түсте үйде болады,-деді.
Әрине, тамаша мейманның Шәмші Қалдаяқовтай ұлы адам екенін біліп,қатты қуандық.Уақыт сәске болып қалған кез.Дереу достарымды шақырып,дастарқан қамына кірісіп кеттік.Өнер десе,ішкен асын жерге қояр халық емеспіз бе!Ол кісі үйге кіріп келгенде,бір әнін шырқап тұрып қарсы алсақ қайтер екен деп те ойлап қоям.Тетелес ұлдарым Ахмедиярым мен Асфандиярыма:
-Мейман машинадан түскенде алдынан шығып,сәлем беріңдер.Ыңғайы келіп жатса,«Ана туралы жырды», немесе «Менің Қазақстанымды» әдемілеп орындап беріңдер,-деп едім,олар «Ондай өлең білмейміз,«Алтын күн аспанын» айтамыз деді де,өздерінше репетиция жасауға кірісіп кетті.
Сонымен мейманымыз да келді.Қасында сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Тұрлыбек Жақсыбеков,белгілі сазгер ағамыз Пернебай Иманқұлов,аудандық пионерлер үйінің директоры(қазір марқұм болып кетті) Балатай Әуезова болды. Ауылдың партком хатшысы Жанәділ Талбаев пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жайлау Айтбаев ағаларымыз қонақтар жанынан табылды.
1970 жылдары Алматыда студент кезімізде журналистика,филология факультетінің студенттерін ақын жазушылармен ,өнер қайраткерлерімен жиі кездестіріп,тұратын жақсы үрдіс бар еді. Сондай бір кеш қазақтың суырып салма ақыны Иса Байзақовтың туғанына 70 жыл құрметіне арналған еді.Салтанатты кеште көрермендер қатарында отырған рең басы жүдеу , құлағы ерекше қалқиған қазақты маған Шәмші Қалдаяқов деп кқрсеткенін, кеш біткенше сол кісіге қарай бергенім әлі есімде.Содан кейінгі ұлы сазгермен бетпе-бет көрісудің сәті мені қатты толқытты.
Шәмші аға дастархан басында өте жайдары отырады екен.Әңгімесі ойлы,ұтқыр,әзілге бай,шешен кісі екен.Созақ жерінің өткен-кеткен тарихынан тәп-тәуір хабардар екен.Созақ көтерілісі,Аллаху оқиғасының тарихынан әңгімелер айтып отырды.Дастархан басында әңгіме арқауын желілеп,меймандардың көңілді,еркін отыруына ықпал жасап отырған Жанәділ ағаның өзі де көпті көрген,көрегендігі мол азамат екені аудан көлеміне мәлім.
Әңгіме арасында «Бұл шаңырақ иесі төре тұқымынан Әлиакбар Қашқынбеков деген жігіт, осы өңірдің төл перзенті.Жаңа осылай қарай келе жатқанда,оң жақта жатқан «Қызылкөл» деген ауыл,онда түгелдей тек төрелер тұрады» деп таныстырып жатыр.Сонда Шәмші аға:
-Төрелердің тарихы жер жәннаты Көкше өңірі болғанымен,араласып жатқан елміз ғой.Тек төрелер ауылы бар дегенді енді естіп отырмын.Ал,төре маған бөтен ел емес.Кейінгі жастарға кешеуілдеп болса да өзінің ақындығымен таныла бастаған Шәді Жәңгірұлы – менің нағашым.Анам Саұыпжамал Шәді төренің інісі Бұқарбайдың қызы.Анам суырыпсалма ақын,әнші болған кісі еді,-дей келіп,өзінің нағашы жұртын,анасын мақтаныш еткендей тебіреніп кетті.
Көпті көргендігінен болар,қонақ болу да,қонақ күту де шынайы пейілден бастау алар ұлағаты бөлек дүние екенін ескерткендей,шай үстінде бір қызық әңгіме айтып беріп еді.
-Өткен заманда дәулетті бір бай кісі болыпты.Өзі мырза,қонақжай,пейілі кең бай келген қонақты бай-кедей демей,мамыржай көңілмен күтіп алады екен.Бірақ,кетерде аттандырып тұрып,артынан бір теуіп қалатын көрінеді.Мұны естіп,сынамаққа алыстан бір кедей жігіт келеді.Бай оны да жақсы қарсы алып,мал сойып күтеді.Алайда,басқаларға көрсеткен «өнерін» бұған қайталамайды.Сойтсе кедей жігіт басқалардай мұның дәулетіне сұқтанбай,адал ниетпен келген көрінеді,-деп әзіл-шыны аралас әңгімесімен көңілімізді бір серпілтіп тастады.Әрбір айтқан сөзінде үлкен ұлағат бар екенін аңғартатын.
Соңына ғасырдан-ғасырға тасып төгілердей мол мұра,рухани қазына қалдырған Шәмші ағамыз ақыл-парасатқа да бай екенін бірер сағатта-ақ мойындатып үлгерді.Дастарқанға үлкен дәм әкелінер алдында қолға су құю керек болды.Бағанадан дайындалып жүрген балаларымыз Ахмедияр мен Асфандияр «суды мен құямын» деп таласып қалмасы бар ма?!Төргі бөлмеге бұлардың таласы естіліп қалса керек.Шәмші аға:
-Кел екеуіңде келіңдер,бірің сулықты ұстаңдар,бірің су әкеліңдер,-деп шақырып алды.Екеуі томпаңдап қолға су құйып жүр.Сондағы айтқаны әлі есімде.
-Бізде бір жат әдет бар.Үйге мейман келсе,баланы жолатпаймыз.Ол дұрыс емес ,қайта баланы кісімен араластыру керек.Сонда бала да кісі болуға қалыптасады.Оның пайдасы болмаса,зияны жоқ,-деп өзінің бала тәрбиесіне де ерекше мән беретінін аңғартты.
Сонымен үлкен дәм әкелініп,ағаның алдына бас қойылды.Шәмші аға алдындағы басқа таңырқай қарап;
-Мынаның бір құлағы қайда?-демесі бар ма!Қатты қысылдым.
-Бізде бір құлағын табақ жасаған кісі өз баласына алып қалады.Өз баласында бас ұстайтын азамат болсын деп ырымдайтын болар,-деп Жанәділ аға тігісін жатқызып жатыр.
-Жоқ,олай етуге болмайды.Бас деген үлкен дәм.Сол үлкен дәмді құрметтеп маған қойған екенсіңдер.Мен енді сол құрметті өзіме қызмет жасап жүрген мына балаларға осы бастан ауыз тигізумен өтемеймінбе?Бір құлақты екеуіне бөлемін енді,»бастан бармақтай деген» деп бастың әрбір бөлігін өте бір тапқыр айтылған тақпақтай етіп,әдемі әзілмен маймандарға үлестіріп берді.
Дастарханға арақ-шарап қойылған жоқ еді.Сол кездері сондай дәстүр аздап қалыптаса бастаған.Құрметті мейман болған соң үлкен дәм үстінде тілек айтылсын деді ме,отағасым әйтеуір шиша әкелудің лажын қарастырып жүріп;
-Шәмші аға,сонау алпысыншы жылы Мұхтар Әуезов ауылымызға ат басын бұрған екен.Сол кездегі ауылдық кеңестің басшысы Кенжеғұл деген ақсақалдың үйінде күтіп алыпты.Дастарқанға арақ-шарап әкелудің ретін таппай,ауыл азаматтары әжептәуір абыржыпты.Сөзге шешендігімен елге белгілі азамат,үй иесі Кенжекең;
-Мұха,сыртта бір-екі орыстың баласы сізге сәлем берсек деп келіп тұр екен,кірсін ба,-депті.Мұхаң шынтақтап жатқан қалпы;
-Иә,кірсін-кірсін,-депті.Сонда Кенжекең жігіттерге дереу ымдап арақ-шарап әкелініпті.Әлгі орыстың баласын енді түсінген Мұхаң рақаттана бір күлген екен,-деп күмілжіп тұрған Алиакбардың еміреуінен екі сөзден таныған ұлы сазгер;
-Иә,жігіттер,менің атым сазгерлікпен танылса,арақпен де шыққан.Оны елім өзі біледі.Кезінде Ойбай,Шәмші әнді тек арақ ішкенде ғана шығарады екен деп те,- бөскен жұртым.Уақытында іштік-жедік.Мұның сырын менен артық білетін жан жоқ шығар,мына фәни жалғанда.Қазір мұнымен достықты тоқтатқам.Бірақ,мен ішпеді екен деп,құр қалмаңыздар.Ішіңіздер, рұқсат,-деді
Ет желініп болып,сорпа ішіліп жатқанда;
-Алдағы жоспар қалай болады енді?-деп қалды Жанәділ аға.Сонда Шәмші аға тебіреніп кеткендей үнмен;
-Мен Созаққа ат басын бұрғанда,әуелі Баба Түкті Шашты Әзіз әулие еске түседі.Себебі,мен анамнан дүниеге келуге тиіс уақыттан асып кетсе де,дүниеге келмеппін.Сонда анам осы Шашты Әзіз әулиеге түнеп,тәу етіп,мені дүниеге әкелген екен.Сондықтан бұл әулиенің мен үшін қасиеті ерекше;Әйтеуір,Созақ жеріне келсем әулиеге соқпай кеткен кезім болған емес,-деп әулие туралы тарихи шежірелерді айтып берді.
Дастарқанға батаны төгілдіріп тұрып өзі берді.Сөз соңында;
-Айналайын келін,азаматтың атқа қонуы да,таққа отыруы да әуелі үйдегі әйеліңе байланысты болады.Азаматыңның атын атап келген әрбір мейманыңа қабағың осылай ашық болсын!Кісі табақ толы етіңе емес,қабағыңа,ниетіңе қарап келеді деуі мұң екен,Алиакбар іле-шала;
-Шәке,бұл кісі сіздің қарындасыңыз болады.Жағалбайлының қызы,атақты дирижер Алдаберген Мырзабековтың қарындасы,-деп таныстырды.
-Ә,бәсе,жүзі жарқын,жанары жылы менің қарындастарым осындай болуы керек еді,-деп арқамнан қағып жатты.Осы кезде балаларым;
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,-деп басталар киелі де керемет әнді айтып,келесі бөлмеде шуласып жатты.
Сөйтіп,ұлы сазгермен өзіміздің кішкене отауымызда үлкен ықыласпен,осылай бір есте қалар естелікке толы ыстық қимастықпен кездескенімізге биыл 34 жыл болыпты.Көзі тірісінде еңбегіне лайық құрмет-қолпаш көрмеген,қарапайым тұрмысты қанағат тұтқан қайран Шәмші аға уақыт өте келе өзінің азаматтық,ұлтжандылық сезімін сарқа төгіп жазған Менің Қазақстаным атты әйгілі әнінің туған елінің әнұраны болып асқақтай шырқалатынын сезді ме екен?!
Мен кейде Шәмші мен Мұқағали ақынның ұйқас тағдырына жүрегім сыздай отырып ой жіберем де,олардың өз заманынан озып туған асқақ тұлғалар екенін кеш те болса туған елі түгіл мойындағанына шүкіршілік еткендей,көңілім марқайып қалады.
Түркістан облысы
Шымкент қаласы
Ардагер-ұстаз Талпақова Гүлбағила Әбілдақызы

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет