Кіріспе Дәріс 1 Жер планетасында бірінші адам пайда болған мезеттен бастап, ол үнемі және үздіксіз қоршаған ортамен және оның құраушыларымен өзара байланыста болады. Адам өркениеті қаншалықты дамыса, соншалықты қоршаған ортаға әсерін тигізуде, соншалықты қарқынды және кең ауқымда Жердегі табиғи ресурстарды пайдалануда.
Табиғатпен өзара байланыс адам тіршілік әрекетінің айырылмас бөлігі болып табылады. Адамдарға азық-түлік, жаңа заттар, киімдер, тұрғылықты мекен, өнеркәсіптік кәсіпорындарға шикізат пен материалдар, құрылғылар мен техникалар қажет. Мұның барлығын бізді қоршаған табиғи ортаға әсерін тигізбей және оның ресурстарын пайдаланбай іске асыру мүмкін емес. Қоршаған табиғи ортаға шамадан тыс әсер ету оның ластануына, табиғи ресурстарды пайдалану олардың сарқылуына әкеліп соғады. Ол өз ретінде экономикада, техникада дағдарысқа ұшыратады, әлеуметтік дүрлігуге, ауқымды экологиялық дағдарысқа әкеліп соғады.
Мұның барлығынан қалайша сақтануға болады? Қалыптасқан жағдайдан шығу жолы қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты ұтымды пайдалану болып табылады.
Табиғатқа деген жаңа пікірдің қалыптасуында, қоғамның индустриалдық дамуынан кейінгі мәселелерінің өзекті аспектілерінің бірі болып табылатын қоршаған табиғи ортаның жағдайына нақты баға беру және оны жақсарту, қорғау, табиғи ресурстарды қайта қалпына келтіруді зерделейтін «Экология және тұрақты даму» пәнінің маңызы зор.
«Экология және тұрақты даму» оқу құралы экологияға, оның негізгі бөлімдеріне қатысты сұрақтарды, тұрақты даму түсінігін және оның концепциясын, сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғауға қатысты сұрақтарды ашып түсіндіретін материалдардан құралған.
Оқу құралы «Экология және тұрақты даму» пәні бойынша оқу бағдарламасының талаптарына сәйкес құрастырылған дәрістер конспектісі болып табылады.
Оқу құралының жеке бөлімдері экология түсінігін, оның негізгі бөлімдерін (аутоэкология, демэкология, синэкология); тұрақты даму түсінігін және оның концепциясын; қоршаған ортаны қорғау тәсілдерін, әдістерін және міндеттерін қарастыруға арналған. Сонымен қатар, оқу құралында өздік бақылауға арналған сұрақтар, ұсынылатын әдебиеттер тізімі берілген.
Оқу құралы экология, тұрақты даму, қоршаған ортаны қорғау сұрақтарын зерделеумен айналысатын магистранттарға, оқытушыларға, жоғары оқу орнының студенттеріне арналған.
Осы оқу құралын сәтті меңгеру және оның барысында сәйкес білім мен ілімдерді алу мамандардың кәсіби дайындығының деңгейін арттыруға көмектесіп, оларға әрі қарай өздерінің басқармашылық және өндірістік қызметін тұрақты даму және экологиялық қауіпсіздік стратегияларының тұрғысында іске асыруға мүмкіндік береді.