Жоғары білім берудегі қазіргі парадигма. Білім берудің жаңа бағыттарының басты ерекшелігі – оқытудың нәтижесін алдын-ала болжап, оқушылардың қызығушылықтары мен ізденімпаздығы негізінде білімі мен біліктерін жетілдіріп, оны сана «сүзгісінен» терең зерделей отырып, шығармашылық әлеуетін үнемі дамытуға және рухани толысуға ұмтылысын қалыптастыруды бағдар тұтады. Білім беру процесін жаңаша ұйымдастыру оның философиялық, педагогикалық-психологиялық негіздерін, теориясы мен тәжірибесін тереңірек қайта қарауды қажет етеді. Бүгінгі философтар мен педагог - ғалымдар білім беру саласында жаңа оқыту технологиялары мен әдістерін енгізумен ғана шектелмей, білім берудегі дүниетанымдық ұстанымдарды қайта қарау, рухани-адамгершілік құндылықтарға бетбұрыс жасау қажеттігін дәлелдеуде. Білім беру саласындағы инновациялық процестердің күрделілігі мен қайшылықтары жаңа құбылыстармен әрекеттесу және жалпы орта білімді ізгілендірудің сапалы кезеңінде оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың мәселесін өзекті етуде. Соңғы жылдары оқу-тәрбие процесіндегі жеке тұлғаны дамытуға бағытталған оқытуға үлкен мән берудің өзі еліміздегі өзгерістердің маңыздылығын көрсетеді. Қазіргі кезеңдегі білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында жеке тұлғаның шығармашылық бағыттылығын қалыптастыру - оқушының оқу-танымдық іс-әрекеттегі шығармашылық қызығушылығына тікелей байланысты. Шығармашылық қызығушылық – тұлғаның ізденімпаздық қабілет сапасын дамытудың негізгі өзегі болып табылады. Себебі өмірдегі құндылықтардың барлығы да жаңашылдық бағыттар арқылы ғана іс-әрекетке тұрақты шығармашылық қызығушылық нәтижесінде танылып, болашақта өміршең дамуына мүмкіндік алады. Сондықтан шығармашылық қызығушылықты жеке тұлғаның дамуына, оның рухани жетілуінде мәні терең, мотивациялық, білімділік бағдар құндылығы ретінде танылуының маңызы зор. Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр. Себебі, білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуда. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі. Ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттық мәліметтер ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту білім беру мекемелерінің басты міндеті болып отыр. Ол бүгінгі білім беру кеңістігіндегі ауадай қажет жаңару оқытушының қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек. Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы қажет. Өйткені мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны ендіруді міндеттейді. Білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылып отырған міндеттердің бірі – оқытудың әдіс тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Қазіргі таңда оқытушылар инновациялық және интерактивтік әдістемелерін сабақ барысында пайдалана отырып сабақтың сапалы әрі қызықты өтуіне ықпалын тигізуде. Парадигма (латын тілінен аударғанда) үлгі немесе мысал, алгоритм, нобай дегенді білдіреді. Білім беру парадигмасы - білім берудің тұжырымдамалық нобайы. Бұл ұғымды Колесникова енгізген. Білім беру парадигмаларын қалыптастыру адамзаттың әлеммен өзара әрекеттесудің әр түрлі тәсілдерін игеру барысында жүзеге асып отырған. Әр парадигма дүниені, педагогикалық нысандарды қабылдаудың, олардың мәнін түсінудің әр түріне сай келеді. Мәдениетке деген үш амал және білім берудің тұжырымдамалық үш үлгісі бар. Мәдениетке деген үш амал: 1)аксиологиялық – мәдениет құндылық ретінде қарастырылады; 2)әрекеттік – материалдық немесе рухани құнылықтарды игеру, жасау бағытындағы белгілі бір іс-әрекет; 3)тұлғалық – мәдениет тұлғаның белгілі бір типтерінде, оның қасиеттерінде көрініс табады. Осы мәдениетке деген үш амалға сәйкес білім берудің тұжырымдамалық үш үлгісі немесе үш парадигма бар: 1.Дәстүрлі-консервативті (аксиологиялық амалға сай) білім беру арқылы мәдениетті сақтау, оң мәні бар. 2.Рационалистік (әрекеттік амал) – баты назарда білім емес, әрекет ету тәсілдері. 3.Феноменологиялық (тұлғалық амал) – мәдениет құбылысы, білім беру субъектісі ретінде адамға деген ізгілікті қарым-қатынас. Парадигмалар мыналар бойынша ерекшеленеді: -білім беру мақсаттары бойынша, -мектеп функцияларын түсіну бойынша; -мақсатқа жету жолдары бойынша; -педагогикалық әрекеттесу сипаты бойынша; -оқушының білім берудегі позициялары бойынша.
Негізгі құндылықтарды таңдау білім беру парадигмасын айқындайды. 1.Дәстүрлі-консервативті (білімдік) парадигма Дәстүрлі-консервативті парадигма негізін үш постулат құрайды: 1)білім беру негізінде базалық білімдер мен соларға сәйкесті икемділіктер мен дағдылар жатуы керек. 2)білім беру жүйесі академиялық сипатқа ие болып, ғылымның негізгі салаларына бағдарлануы керек. Мектеп уақыт сынынан өткен, білім беру негізін құрайтын мәселелерге баса назар аударауы тиіс. 3)Этикалық құндылықтарға ерекше орын беріледі. Бұл парадигма сақтаушылық функцияға негізделген. Мектеп мақсаты әлеуметтік реттілікті сақтауға ықпал ететін идеалдар мен құндылықтарды сақтау және кейінгі ұрпаққа беру болып табылады. Академиялық бағыттылық өмірмен байланысты жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Бұл парадигма Кеңестер Одағында өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін сақталып келді.
Технократиялық (аралық) парадигма Бұл парадигма ғылыми-техникалық революция құбылыстары мен деректерін қадағалау мен олардың салдарынан туындады. Оның негізінде ғылыми дәлелденген, тәжірибемен сынақтан өткен шындық туралы түсініктер жатыр. Технократтық парадигманың негізгі мақсаты – дәл ғылыми білімдер. «Білім - күш» адамды бағалау, оның білімі, мүмкіндіктерімен анықталады. Адамның қасиеті оның білімі, тәртібі және оны тасымалдаушы ретінде танылады. Технократиялық парадигмадағы мұғалім ұраны: «Күш - білімде!». Мұнда шынайылық өлшемі тәжірибе болып табылады. Бұл жағдайда білім нәтижесі «иә-жоқ», «біледі-білмейді», «меңгерген-меңгермеген» деп есепке алынады. Әрдайым белгілі бір эталон, үлгі, норматив болады да, білім деңгейі сонымен өлшенеді. Адамның сапасы белгілі бір әлеуметтік функцияларды орындауға дайындығын бағалау арқылы анықталады. Қажетті білім, тиісті құлық туралы түсінік мемлекеттік деңгейде анықталып, бекітіледі. Философиялық сана деңгейінде ғылым мен білімге деген «сүйіспеншілік» болады, бірақ балаға деген шынайы сүйіспеншілік артық нәрсе ретінде алынып тасталып, оның орнына талап пен құрмет назарға алынады. Ресми түрде Кеңестер Одағында 1958 жылы ендірілді. Оқулықтардан Конституция, Психология, Логика алынып тасталды. Орнына техникалық қызмет көрсету, әскери дайындық пәндері енгізілді. Қазіргі еңбек практикасы - сол парадигманың жаңғырығы.
Бихевиористік (құлық) парадигмасы Бихевиористік (құлық) парадигма негізінде психологиялық бағдарлану жатыр. Бихевиоризм – мінез-құлықты адамның сыртқы ортаның әсеріне реакциясы ретінде қарастыратын мінез-құлықтың психологиялық теориясы. Мұнда ішкі көңіл-күйге емес, сыртқы стимулға көбірек назар аударылады. Бұл үлгіде мектеп балалардың мінез-құлқын қалыптастыру мақсатында білім игеру жолы ретінде қарастырылады. Мектеп мақсаты: оқушыларды ортаға, белгілі бір ситуацияларға бейімделген мінез-құлық қалыптастыру және әлеуметтік нормаларға, мәдени талаптарға сай келетін белгілі бір әрекеттер жиынтығын беру. Құлық ұғымымен адамға тән (ойлар, сезімдер, әрекеттер сияқты) барлық реакция түрлері белгіленеді. «Әлеуметтік инженерия» терминін американ психологі Скиннер енгізген. Мұның бәрі нақты бір дағдылар мен реакцияларды қалыптастыруға бағытталады. Бұл парадигма Австралияда, Бельгияда, АҚШ-та қолданылған.
Гуманистік (Феноменологиялық) парадигма Басты назарда – оқушының дамуы, оның жеке мұқтаждықтары, тұлғааралық қарым-қатынастар. Түйіні: ізгілікті амал, тұлғалық өсуге көмек беру, өмірге дайындығына назар аудару.Бұл амалдың негізінде даму, өзіндік даму, өзін-өзі көрсету, шфғармашылық жатыр. Даму – оқушының берілген тапсырманы шешуде белсенділік пен дербестіктің жоғары деңгейіне өтуі. Выгодскийдің айтуынша, даму балаға берілетін көмек шамасымен анықталады. Выгодский бойынша, дамудың екі аймағы бар: Өзекті даму аймағы, яғни БИД (білім, икем, дағды) меңгеріп, оны өздігінен пайдалану аймағы. Жақын даму аймағы, яғни білім игеру үшін баланың ересектер көмегін пайдалану аймағы. Сонымен бірге, жалпы даму (әмбебап қабілеттер), арнайы даму (салалық қабілеттер, дарындылық), мәдени даму салалары бар.
Дамудың ең жоғары деңгейі – өзіндік даму. Бастысы: таным жолын әркімнің өздігінен табуы. Ұраны: «Таным – күш!». Педагогикалық процесс диалог немесе полилог бойынша жүзеге асады және импровизацияға толы, біржақты шындық болмайды. Негізгі ұстанымы: әркімнің дүниені тану құқығын шектемей балалар мен ересектердің құндылық-бағдарлы теңдігі. Бұл бағыт субъект-субъектілік қарым-қатынасты қалыптастырады. Мұғалім мен оқушылар іс-әрекеттің мақсатын, оның мазмұнын бірлесе жасап, оны ұйымдастыру мен бағалау формаларын ынтымақтастықта жұмыс жасай отырып, таңдайды. Негізгі өкілдері: Сократ; Коменский; Песталоцци; Руссо; Дьюи және тағы басқалар.
Феноменологиялық немесе гуманистік парадигмада жеке тұлғаның ішкі дүниесін дамыту, оны ерікті, рухани жеке адам ретінде тану және адамдармен тіл табысуында ерекшелену қабілеттерін жетілдіру қарастырылады. Білімнің гуманитарлық парадигмасының діңгегі - оқушы емес, дайын білімді меңгерудегі ақиқатты түсінуші адам. Мұнда оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас:ынтымақтастық, өзара жауапкершілік, өз позициясын еркін таңдау жағдайында диалогтік ұстанымда өрбиді Олардың көзқарастары бағыттас болғанымен, пікірлері бірдей бола бермейді. Парадигма аясында білім берудің алуан түрлі үлгі, нобайлары қатар жүзеге асырылуда. Бірақ олардың бір бағыттас екендігін балаға деген құндылық қатынас пен баланың дамуы мектептің басты мақсаты екендігін мойындауы көрсетеді. Парадигма 1991 жылы әр жерде мұғалімдер бастамасымен енгізілді. Осы уақытқа дейін өзектілігін жойған жоқ. Кейбіреулер бұл парадигманың уақытша құбылыс екенін, кейін менталитетке сай келетін білімдік парадигмаға қайта оралатынын айтады. Әрбір парадигма «не үшін тәрбиелеу керек, оқушыларды қандай мақсатқа дайындау керек, не үшін өмір сүреміз» деген сұрақтарға жауап береді.
Мәселен, дәстүрлі білімдік парадигмада білім берудің басты мақсаты: «Білім, білім, қандай жағдайда да тек білім». Мұнда өркениет пен мәдениетті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу негізгі мақсат болып саналады.
Рационалдық парадигмаға оқушыға білімнің түрлі тәсілдерінің тиімді жақтарын, ортаға бейімделу, оның ойы, сезімі және іс-әрекеттерімен санасу, оларды меңгерту жатады.Мұндағы басты қағида: «мектеп – бұл фабрика, ал оқушы – оның шикізаты». Бұлай оқытудың негізгі әдістері – тренинг, тестік бақылау, жекелеп оқыту және мәтінді түзету. Ғылымды тәртіп тіліне аударған Америка педагогы Р.Мейджер «Мұның бәрі оқушыны да, мұғалімді де дамытады. Егер мұғалім бәрін өзі атқарса да, оқушы еншісіне үйлестіру мен бақылау қалады» дейді. Эзотерикалық парадигма – оқушының табиғи күші. И.Колесниковтың пікірінше, адамның қоршаған әлеммен іс-әрекетінің жоғары деңгейі басым көрсетіледі. Мұнда адамныңақиқатқа мәңгілік өзгермейтін қатынгасы көрінуі тиіс. Бұл жерде оқушының дамуындағы мұғалімнің адамгершілік, психологиялық, физикалық функциялары ерекше ұғым болып табылады.
Қабілетсіз оқушы жоқ, бірақ оқушылардың дара қасиеттерін танып-білуде мүмкіндігі шектеулі үйлесімсіз әдістеме бар. Елбасымыз өз халқына жолдауында «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі. Бізге экономикалық және қоғамдық қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет»деп атап көрсетті. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми педагогикалық негіздерін меңгеруі – маңызды мәселе. Бала жанының бағбаны, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін мұғалім ары таза, әдепті, ой-өрісі кең, жан-жақты білімді, ұстамды, өз ойын шәкіртіне анық, дәл жеткізетін болуы тиіс. Ол үнемі ізденіп, білімін толықтырып отырса, оның өмірлік ұстанымы тұрақты, күш-қуаты, көңілі әрдайым жоғары, сабақ беру сапасы арта түсіп, еңбегі еленеді.Білім берудегі жаңалық пен қоғамдағы жаңалық бір мақсатты көздейді, олар даму мен прогрестің қабілетін арттыруы қажет. Білім беруді жетілдірудің жаңа парадигмаларына модульдік сабақ жатады. Ол мынадай артықшылықтарымен ерекшеленеді. Біріншіден, оқушыларға мұғалім алдын-ала дайындалған сабақтың жүру жоспарын таратып береді.Онда сабақтың әрбір элементінің нақты мақсаты көрсетіледі. Сондықтан оқушы өзінің не істеу керектігін, яғни сабақ соңында нені біліп шығуы керектігі жөнінде мағлұмат алады. Екіншіден, ұжым болып жұмыс істеу дағдысы қалыптасады. Онда оқушы өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеп, қателігін мойындап және жолдасының пікірінің дұрыстығын көрсетіп, ұжымдық шешім қабылдауға үйренеді. Ол өз білімін өзі бағалай алады. Үшіншіден, жеке басының қабілеті мен мүмкіндіктерін ескеріп, үлкен көлемдегі жазба жұмыстарын жасауды жоапарлайды. Төртіншіден, әр оқушының білім дәрежесіне қарай тапсырманы да түрлі деңгейде алуға болады. Қазіргі білім беру саласындағы басты мәселе – білім беру мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді жаңа әдістерін іздестіру және оларды жүзеге асыратын болашақ мамандарды даярлау. Қазіргі педагогиканың негізгі мақсаты – білімді сапалы ету, оқушының толыққан жеке тұлға болып қалыптасуына негіз қалау. Жалпы білімнің 3 міндеті бар, олар – баланың өзіндік жалпы дамуы, жан-жақты дүниетанымын қамтамасыз ету, оны болашақ белгілі бір кәсіпке даярлау.