"Керуен" ғылыми журналы №1 (74) 2022 ISSN: 2078-8134 | elSSN: 2790-7066
34
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты "Керуен" | 1 (74) 2022
ҒТАМР 17.07.29 https://doi.org/10.53871/2078-8134.2022.1-02
Омаров Б.Ж.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
Нұр-Сұлтан, Қазақстан
E-mail: b_om777@mail.ru
ORCID: 0000-0002-7750-2741
«ҚЫЗ КӨРЕЛІК», «АЙНА-ТАРАҚ» ЖӘНЕ «ТОТЫНАМА»:
ҮНДІ СЮЖЕТТЕРІМЕН ҮНДЕСТІК
Аңдатпа. Бұл мақала әлемге кең тараған «Тотынама» хикаялар жинағындағы сюжеттердің қазақ
және қырғыз ертегілерінде, сонымен қатар, біздің жазба әдебиетімізде қалай көрініс тапқанын зерттеп-
зерделеуге арналған. Автор қазақ ақын-жазушыларының бірқатар шығармаларына арқау болған, үнді
әдеби ескерткіштерінде жиі кездесетін бір қыздың үш күйеуі хақындағы хикаяның түп-негізін анықтауға
ден қояды. Сөз өнеріміздегі осындай шығармалар ретінде Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романы мен
Базар жырау Оңдасұлының «Айна-тарақ» дастаны, сондай-ақ қазақ ертегілерінің бірқатар нұсқалары
жан-жақты қарастырылады.
Мақалада белгілі шығыс сюжетінің тұтас шығармаға өзек болу немесе
туындының бір элементі
есебінде пайдаланылу мәселесіне жете назар аударылған. Қысқа сюжеттің көркем дүниеге айналу про-
цесі немесе бір сюжеттің бірнеше бөлігінің түрлі туындыларда ұшырасу деректері туралы ой-пікірлер
тиянақталған.
Ең бастысы, мақалаға өзек болған шығыс сюжетінің шығу тегі, бастау көздері, даму жолдары ту-
ралы деректер молынан ұсынылған. Сол сюжеттер баяндалатын әлемдік
әдебиеттің жәдігерліктері
– Зийа ад-Дин Нахшабидің «Тотынамасы», Сайид Хайдар Бахш Хайдаридің «Тотының әңгімелері»
(Тота Кахани) Имад ибн Мухаммад ан-Нааридің «Түнгі жауһарлары» (Жемчужины бесед) (Джавахир
ал-асмар), «Веталаның жиырма бес әңгімесі», Мухаммад аз-Захири ас-Самаркандидің «Синдбад-на-
ме» шығармаларына, сондай-ақ «Тотынаманың» өз елімізде және қытай қазақтары арасында тараған
бірқатар нұсқаларына нақты талдау жасалған.
Сонымен қатар, шығыс
сюжетінің табиғаты мен сипаты,
әлем халқына таралуы,
өзгерістерге
ұшырауы, ұлт менталитетіне бейімделуі, жаңа шығармаға сіңуі, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетіне
орнығу жолдары жөнінде жаңаша ой-тұжырымдар айтылады.
Автор сюжеттердің өзгеріске ұшырау процесіндегі бірде-бір
айырмашылықты назардан тыс
қалдырмайды. Сондай-ақ әр шығармаға түрленіп енген сюжеттердің өзіндік
ерекшеліктерін де атап
көрсетеді. Бір сюжеттен бірнеше сюжеттің туындауы, жиі қайталанатын дәстүрлі детальдардың орын
алуы, оқиғаның бастауы мен күрмелуіндегі ортақ заңдылықтардың болуы секілді байлам-байыптама-
лар көңіл аударуға тұрарлық.